Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Байеке әнші

(дерек)

Ертеде Қызылжар өңірінде өмір сүрген, Сегіз серіге ілесе шығып оның сал-серілік жолын қуған арқаға есімі мәлім қырықтан аса әнші, жыршы, ақын композитор болғанын білеміз. Солардың бірі әрі бірегейі — Байеке ақын Айдаболұлы (1838-1918 ж. ж.). Байеке он үш жасынан бастап ән айта бастайды. Он төрт жасқа шыққанында ел ішінде суырып салма ақын, әнші ретінде белгілі болады. Ал он жеті ж.асында әншілік өнері теріскей Сарыарқаға жайылады. Байеке алдымен Біржан сал, Шәрке сал, Нияз сері, Көрпе ақын, Тоғжан ақын, Мұратбек әнші Нұрке, Байеке Бабасұлы секілді ақындарға талапкер шәкірт болып еріп. оларды өзіне ұстаз тұтып, әншілік - ақындық өнер үйренеді. Байеке бұлардан бұрынырақ осы өңірде ертерек өткен аса ірі енер иелері — Қожаберген жырау, Алдабек, Жанкісі, Жанақ, Салғара, Зілғара, Шопан, Шағырай, Жанақ, Шал ақын, Сегіз сері, Имамғабит, Көрпеш, Құшан сері, Сейтжан сал секілді сал-сері, әнші - ақындардың әндерін, жырларын жатқа айтып, солардан өзіне нәр алады.

Ал Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әнін, Салғараның «Жиырма бес», «Тоқсан бес», Сегіз серінің «Гауһартас», «Мақпал», «Бес - қарагер», «Топқараған», Нияз серінің «Маң -маңгер», «Ақ саусақ», Сейтжан салдың «Қанатталды», «Апайкөк», Шәрке салдың «Базар қыз», «Қоғалы», Біржан салдың «Бір бала», «Жалғыз арша», Жаяу Мұсаның «Гүлхаш»», «Шәпибаяу» әндерін гамаша орындаушылығымен елге танылады. Байеке тамаша әншілігімен қоса өзі де жанынан ән шығаратын композитор болған. Ол жас кезінде ауылда жылқы баққан екен, сол себепті жылқышының еңбегін жоғары бағалаған. Оның алғашқы әні «Жылқышы» деп аталады. Сол әннің сөзі былай:

Жылқысы еліміздің шұбар мен боз,
Тігеміз әр отарға ақ үйден қос.
Желдіртіп ақ боз атпен барғанымда,
Жан қалқа айтылмышты орында тос.
Аттары ауылымыздың ала мойын,
Су ішіп айдын көлде салады ойын.
Сүйеніп құрығыма тұрғанымда,
Әрқашан сұлу қызда болады ойын.
Қажымай жылқы бақтым қысы, жазы,
Қалқамның құлағымда айтқан назы.
Жасынан гөзелдерге ғашық болған,
Мен едім бозбаланың өнерпазы.

Байекенің Біржан салға еріп жүрген кезінде Кіші жүздің Мөңке Табын еліндегі Жәмила Сейілбек қызына ғашық болып шығарған «Жәмила» атты әні де сол кезде халық арасына кеңінен тараған.

Қасың қара болғанда, шашың сүмбіл,
Көктемде шешек атып, ашылар гүл.
Иранның бағындағы тоты құстай,
Сайраған Жәмилажан сен бір бұлбұл.

Қайырмасы:

Ой-хой, дүние, сүйген жар,
Сөзің алуа — шекер бал.

Шашың жібек болғанда, қасың құндыз,
Қатарыңның ішінде сен бір жұлдыз.
Хордың қызы секілді пейіштегі,
Көріндің топтан асқан шын сұлу қыз.

Қасың қара болғанда шашың сүмбіл,
Дүрия көйлек үстінде жайнар гүл-гүл.
Қайтсем саған қолымды жеткіземін,
Құйқылжыта ән салған қайран бұлбұл.

Байеке әнші Жәмила сұлуға арнап, сол 1856 жылы күзде тағы да өзінің «Бір бидай — арпа» атты белгілі әнін шығарады.

Ұшады аққу көлден байпаңдаған,
Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған.
Су құйып сырлы аяққа тұндырғандай,
Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.

Қайырмасы:

Бір бидай — арпа,
Өзің біл, қалқа.

Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың желге қарсы.
Кеткенде ауылың шалғай, сүйген қалқам,
Төгілер орамалға көздің жасы.

Қайырмасы:
Бір бидай — әнім,
Сенсіз жоқ сәнім.

Жәмила, он сегізде биыл жасың,
Сен едің үміт еткен қиғаш қасың.
Сөз байлап, уағада — серт айтысалық,
Жаманға қор болмасын алтын басың.

Байекенің жас жігіт кезінде Қызылжар шаһарының қазақ дәстүрімен жайлауға шығып, көшіп-қонып жүретін тұрғыны — Фахрудденнің қызы Рәуияға ғашық болып, шығарған «Рауан» әні көп зерттеушіге әлі күнге дейін белгісіз. Осы әннің бірінші нұсқасы Сегіз серінікі, ол «Кертөбел» деп аталады.

Көшкенде жылқы айдаймын кертөбелмен,
Көктемнің таңы атқанда сары белден.
Жаңғырта жол - жөнекей ән салғанда,—
Көңілі қыз-бозбала көтерілген.
Қыстаудан жайлау жаққа шықтық жырақ,
Кертөбел астымдағы бейне пырақ.
Бота көз, аққұба өңді Рәуияжан,
Көзіме көрінесің болып шырақ.
Көшкенде жылқы айдаймын кер кекілмен,
Аймалап ауық-ауық жел бетімнен.
Сызылтып жол-жөнекей ән салғанда,—
Шаттанып Рауанжап тербетілген.

Байеке Шәрке салға еріп, салдық құрыр жүргенінде Кіші жүздің Алшын еліндегі Жәнипа Меңдіқұлқызымен танысып, уәде байласады, бірақ Байеке қызға уақытылы бара алмайды да, жолаушылар арқылы сәлем жолдап, «Үридай» әнін шығарады. Сол әннің сөзі мынау:

Қыз мұңды қосылмаса теңін тауып,
Сатылса қалыңмалға төнер қауіп.
Алшында бір ардақты Жәнипа қыз,
Осылай ән салыпты ауық - ауық.
Бәйге атты баптап - күтіп мінген қандай,
Қалқаға кездеспек боп жүрген қандай.
Ауылыңа осы жолы бармақ едім.
Қайтейін бара алмадым. жерің шалғай.
Жаттық жоқ, жақсы адамда деуші едіңіз.
Жаманды жақсы десе, болар семіз.
Жолаушы ауылына бұрын барсақ,
Қалқаға үш қайтара сәлем деңіз.

Байеке ақын Сыр бойын аралап жүріп, 1857 жылы жазда Айжан сұлу Тілеубердіқызымен танысады да, уәде байласып, сол қызды алмақшы болады. Талантты өнерпаз жігіт Айжанға арнап, әуелі өзінің «Топ шеңгел» әнін шығарады. (Бұл әнді кім шығарғаны соңғы кезге дейін белгісіз болып келген еді.)

Екеуімізде кемдік жоқ ақыл. есте,
Екі он сегіз қосылса, тең келмес пе!
Жеңгетайдың бергені жалғыз мейіз,
Бөліп жесек екеуіміз олжа емес пе!

Қайырмасы:

Есік алды топ шеңгел.
Топ шеңгелге келсең кел.
Топ шеңгелге келуге,
Өзіңе-өзің сенсең кел.

Жүрсем де бүркіт салып, тау қиялап,

Хат жаздым ішкі сырды құпиялап.
Жапан дүзге сен біткен бір бәйтерек,
Бұтағына жүрмесін қарға ұялап.

Байеке Айжанға арнап «Айжан» әнін де шығарады.

Дарияның арғы жағы, бергі жағы,
Жайқалған тоғайының жапырағы.
Жігіттің еш арманы болмас еді,
Жайраңдап шықса алдынан алғаш жары.

Қайырмасы:

Ахау, сәулем Айжан - ай,
Жас дәурен екі айналып.
Келмес енді саған - ай.

Дүниеде әркім жүрер кең болған соң,
Ойнайды қыз бен жігіт тең болған соң.
Сырымды саған айтпай кімге айтайын,
Сүйгенім Айжан сұлу сен болған соң.

Қайырмасы:

Айжан қыз Сырдың сұлу құралайы,
Аяулы ата-ананың күн мен айы.
Үш мезгіл торы жорға атпен сейіл құрар,
Болашақ Байекеңнің қалқатайы.

Байеке Айжан сұлумен сол жылы күзде қосылады. Екеуі он бір жыл тұрмыс құрған, екеуінен туған ұл да, қыз да тұрмай, жастай қайтыс бола берген. Айжан сұлудың өзі де 1867 жылы қайтыс болады.

Байеке Орта жүз Қыпшақ еліндегі Айша Мергенбайқызымен алтыбақан басында кездесіп танысады. Оған арнап әнші «Ақ Айша» әнін шығарады:

Кім қуанбас көркем қыз құшақ жайса,
Ақыл-ойын түйіндеп бірден сайса.
Салдық құрып жүргенде таныс болып,
Тобылда сүйген қызым сұлу Айша.

Қайырмасы:

Мінген атым көк ала-ай,
Жалтарады қояндай.
Татулықтың белгісі.
Қозы Көрпеш — Баяндай.

Аяңда, сәулем, аяңда-ай.
Айналайын жан қалқа күн мен айым.
Айтар сөзді несіне жасырайын.
Ақиқат көңіліңді бұрсаң маған,
Мәпелеп аққу-қаздай асырайын.

Сен қалайсың Айшажан мен дегенде,
Ұшар қанат менде жоқ сен дегенде.
Тигізетін жарыңа пайдаң бар ма,—
Сізді ойлаймын күндіз - түн шөлдегенде.

Байеке сол Айша қызға сөз сала жүріп тағы да «Сәулем - ай» әнін шығарады.

Әлі-ақ өтер зымырап жастық дәурен,
Соны ескеріп сайранда, құрып серуен.
Арқаны олай-бұлай кезіп жүріп,
Тобылдан ұнатқаным сенсің сәулем.

Қайырмасы:

Екі ғана жирен-ай,
Өңшең манат киген-ай.
Оймақ ауыз, бота көз,
Ер жігіттің сүйгені-ай.

Айдап салдым жылқымды Аққауданға,
Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға.
Қуанғаннан жүрегім оттай жанар,
Ақ білегің сыбанып қой сауғанға.

Қайырмасы:

Сары белден сарғайып таң атады,
Аққұбаша, бидай өң түн қатады.
Ұзақ таңға ер жігіт қайтіп шыдар,
Сары майдай толықсып қыз жатады.

Осы арада көптен ойда жүрген мынадай өкінішті жайды айта кетейік. Бізде қазақ әндерінің тарихын зерттеушілер жоқтың қасы. Соның салдарынан осы секілді белгілі иесі бар көптеген тамаша әндеріміз халық әні болып айтылып жүр. Халық ән шығармайды, әнді халықтан шыққан үздік дарын иелері шығаратыны белгілі. 1980 жылы шыққан «Ән көңілдің ажары» атты жинақта осы Байеке әншінің жоғарыдағы әндері «халық әні» делінген. Ол «Сәулем-ай», «Айжан-ай», «Үридай», «Жылқышы әні». «Бір бидай — арпа», «Ақ Айша», «Қарғам-ау», «Топ шеңгел», «Кер кекіл», «Уа, жастық», «Жеңеше» тағы басқа әндері. Осы әннің әрқайсысының жоғарыда өзіміз сөз еткендей өзіндік шығу тарихы бар. Жалғыз Байеке емес ертеде өткен өзге де композиторлардың әндерінің иесі бола тұра жаңсақ жазылып жүр. Ән жинақтарын құрастырушылар мұны ескере бермейді. Оларға әнді кім шығарғаны бәрі бір секілді, ән авторларын іздестіріп, зерттеп жатқан жоқ. Жинақтан жинаққа өзгеріссіз баяғы қалпынша осылай басылып келеді.

1986 жылы шыққан «Ауыл кеші көңілді» жинағының (құрастырған X. Тілемісов) 217-бетіндегі «Уа, жастық» Өтеғали әні деп, қате берілген.

Уа, жастық, мені қайда бастамадың,
Көңіліңді сенің қиып тастамадым.
Дөңінде жиырма бестің жүрген шақта,
Жат етпей еш нәрсеге аспаладың,—

деп Байеке Айдаболұлының «Жас даурен» әнінің сөздері өзгертіліп, осындай мағынасыз күйде берілген. Мұндай бұрмалаушылықтар осы ән жинағында көп. Мәселен, Сегіз серінің «Соқпай-ақ, соқ» әні Құлтуманыкі делінген.

Ал Байекенің қартайған шағында шығарған әлгі айтқан «Жас дәурен» әнінің дұрыс сөзі мынау:

Өткенін жастық дәурен есіме алып,
Өзіме ұлғайған соң, тоқтау салып,
Бір кезде Байеке сері болсам - дағы.
Мен жүрмін осы күнде сөзден қалып.

Қайырмасы:

Ахау, қайран, күндерім - ай,

Жас дәурен өтеріңді білмедім - ай.
Мен шықтым кешке қарай самалдарға,
Сөз айтпай ақылы кем надандарға.
Жас күнде арыстандай айбарлы едім,
Бұл күнде кәрілік жеңді амал бар ма?

Қайырмасы:

Ахау, сауық құрғаным - ай,

Жастық шақ қайтып мойын бұрмадың - ай.
Жас дәурен мені қайда бастамадың,
Қай кезде ілгері айдап баспаладың.
Отырмын кәрілік жеңіп нардай шөгіп,
Басымнан өткеннен соң жастық шағым.

Қайырмасы:

Ахау, шіркін, күндерім - ай,
Жігіттік қадіріңді білмедім - ай.

Байеке әнші осындай жетпіске тарта ғажап әндер шығарған үлкен өнер иесі. Оның әндері көзінің тірісінде-ақ қазақ даласына кеңінен тарап, қой бағатын қойшының, сиыршы мен түйешінің, жылқышының, қолөнерші мен диханның, аңшы - саятшының күнделікті айтып жүретін сүйікті әніне айналғаны белгілі. Ол жөнінде қолымызда көп деректер бар.

Байеке жан-жақты бесаспап өнерпаз адам болған. Ол өзінің Тоқпанбет - керейден шыққан ел қамқоры, ел ардагері Құнияз Итаяқұлы Жәнібеков секілді өнерпаз адамға 1894 жылдың — жылқы жылының тамыз айында шығарған жоқтау өлеңінде былай дейді:

Дарияда еркін жүзген аққу қаздай,
Тіліне әзәзілдің жүрген азбай.
Атадан енді қайтып ұл туар ма,
Кешегі өтіп кеткен Құнияздай.
Құнияз өтіп кеттің базарым - ай.
Жолықтың әлде кімнің назарына - ай.
Дүниеден сіздей асыл өткеннен соң,
Кез болды ел Торсан иттің азабына - ай!..

Торсан — патша өкіметі әкімдерінің ел ішіндегі қолшоқпары, Аққусақ елінің болысы болған. Сибан мен Уақ елінің қонысын тартып алып, оларға көп қиянат жасаған адам екен. Сол Торсан елдің ардақтысы Қозыбай шешенді жала жауып, патша түрмесіне айдатып жібереді. Қозыбай кейін абақтыдан аман-есен босанып Семейде тұрып жатқан шақта Байеке арнайы сәлем бере барады. Сонда Байекенің Қозыбай шешенге айтқаны:

Аман ба, Қозыбай аға, хош ба уақытың,
Орнаған бір жері едің, дәулет - бақтың.
Тұрады сыры кетсе, сыны кетпей,
Белгісі ер салдырған ғимараттың.
Баласын көп қазақтың шөлдеттің ғой,
Суаты құлағандай шығанақтың.
Өзенді ағыны қатты лайлады,
Көз салсаң негізіне қиянаттың.
Қазақтан асып туған сұңқарым-ау,
Қарғаға жүнді балақ қуалаттың.
Белгілі күшігенге жем болары,
Бөлінген өз тобынан дуадақтың.
Оралып туған елге қайтпайсыз ба,
Қажеті сізге қанша бөтен жақтың.
Күншілдер, пасық - надан көре алмайды,
Қонғанын кемеңгерге дәулет, бақтың...

Сол ел қанағыш Торсан Тілемісұлы бір жазда Мәшік деген шаруаның үйінде түстеніп қонақ болып отырады. Сол үйге ел аралап ән айтып,. сал-серілік құрып жүрген Байеке әнші келеді. Мәшік үйінде меймандар қымыз, шұбат ішеді, онан соң шай келеді. Торсан болысқа арнап қой сойылған екен. Шай артынан ет келіп, табақ тартылады. Ет жеп болған соң, дастарқанға дәстүр бойынша бата беру керек болады. Торсан болыс табаққа бата беруден бас тартады. Сонда Торсан болыстың қылығына ыза болған Байеке ақын дастарқанға былай деп бата береді:

Үш ай тоқсан болғанда,
Шаруа қонар қонысқа.
Бата тілеп бас қойдық,
Торсан деген болысқа.
Тілесе бата бермейтін,
Торсанның есі дұрыс па?
Басқаны жақсы көрмейтін,
Туғаннан жолы бұрыс па?
Қылығың заңға сыя ма,
Сөз салдырдың қиянға.
Неге бата бермейсің.
Бай болса, бұл үй зиян ба?
Жоқ болса тоқты соя ма,
Алдыңа басты қоя ма?
Табақтап ет тартпаса,
Қарның сенің тоя ма?
Мұны неге білмейсің,
Тілесе бата бермейсің.
Болыспын деп шіреніп,
Көзіңе жанды ілмейсің.
Сен бермесең берейік,
Ықыласпен біз бата.
Мәдинада молдалар,
Азан айтар таң ата.
Біз фатиха бергенде,
Жәрдемші болсын Қиуа ана!
Батам менің дөп болсын,
Бұрынғының сөзінде.
Айтсам болмас eш қата,
Перзент, дәулет, бақ, ата
Осы үйге келіп орнауға,
Асығып жетсін түн қата!

Байекенің батасынан қатты ұялған Торсан төмен қарап, жер шұқып қалыпты. Мәшік ағасы Байеке әншіге өте разы болып аттанарда оның иығына қасқыр ішік жауып, астына ат мінгізіпті дейді.

Байеке перзентке зар болған адам екен. Оның бәйбішесі Айжаннан туған балалары тұрмай жастай өле берген. Бірде сол Айжан қыз туып, атын Гүлбаршын қояды. Сонда әйелі мұңайып жылайды. Байеке Айжанның көңілін аулау үшін, қолына домбыра алып, әндетіп былай депті:

Жат бала тыңдамайды жалынғанды,
Өз балаң талғамайды табылғанды.
Бір перзент зарыққанда жаңа көріп,
Жапқандай болып тұрмақ қабырғамды.
Құдайым ұл сұрасам, қыз береді,
Пендесі ұлсыз қайтып күн көреді.
Алланың мұнысына да мың шүкірлік,
Біреуден қыз сұрасаң кім береді.

Байеке әншінің Сегіз сері дәстүрін жалғастырып, Біржан салдың шәкірті болғанын жоғарыда айттық. Ол көп жылдар бойы Біржан салдың қасына еріп жүріп, Жетісу өңірін аралағанда, оның ең жақын серігі болған. Мәселен, Біржан Сарамен айтысқанда . 1871 жылдың тамыз айында ол екеуінің қасында болып, сол айтысты қағазға түсірушілердің бірі осы Байеке ақын екен. Сонымен бірге ол «Біржан — Сара» жырын таратуға да көп еңбек сіңірген әнші. Байеке «Ер Тоқымбет», «Ер Сәтбек», «Тарғыл төбет», «Дотан батыр», «Ер Жасыбай», «Жайнақ батыр» атты белгілі дастандар жазған жан-жақты талант иесі. Ол «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырының, «Бозжігіт», «Сейфүлмәлік-Бәдіғұлжамал», «Зылиха — Жүсіп» қиссаларының жана вариантын өзіндік мәнермен, өзіндік шеберлікпен жырлаған, өзі де көптеген әнші, ақынға ұстаз болған. Ақан сері, Қылыш, Мұстафа, Ахметжан, Үкілі ЬІбрай, Доскей, Намаз, Нұржан, Мәшһүр - Жүсіп, Мақыш, Мұқан, Нұрқожа, Ысмағүл, Тұрғын, Нұрке, Ермек, Сәлімгерей секілді әнші - ақындар, сондай - ақ Балуан Шолақ, Иманжүсіп Байекені өздеріне ұстаз тұтып, одан үлгі-өнеге алған. Байекенің жасы келіп қартайған шақта, оған ерген сал - серілер трбын үкілі Ыбырай басқарып, жетекшілік етеді.

Үлкен талант иесі белгілі композитор Байеке әнші 1918 жылы тамыз айында сексенге келген шағында ақ гвардияшыл жендеттердің қолынан қапияда қаза табады. Оның денесі Преснов ауданының Айымжан ауылының маңындағы «Кәрікөң» деген мекенге жерленген. Байекенің ағасы Құдайберген мен інісі Жөлкенің ұрпақтары осы аудандағы «Преснов» совхозының Майбасар бөлімшесінде тұрады. Жөлкенің немересі Бекен Бейсенбіұлы, осы бөлімшедегі сегіз жылдық мектептің директоры болып істейді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама