Байғыз
Сүлеймен патшаның нақсүйері томсарып отыр екен. — Сен, бүгін неге кейіп отырсың? – деп сұрапты одан әрі. — Мен кейімей қайтейін, осында жұрт патшаның нақсүйерін көреміз деп келген екен. Ойым – жұрттың ойынан артық, өзім сендей жер-дүниені билейтін патшаның зайыбымын. Ал дәрежем өзге жұрттан артық болмады, – деді. Сонда Сүлеймен патша:
— Ендеше сенің дәрежең қайтсе артық болады? – депті.
— Түзге отыратын жерім алтыннан болса, үйімнің іші-сырты шаңқан болса, сонда менің дәрежем де асар еді, – депті әйелі.
— Мұның ағартуы неден болар? – деді Сүлеймен.
— Менің үйімді түрлі құстың сүйегінен жасатсаң қиямет қайымға* дейін кір баспас еді, – деді патшайым
Сүлеймен зайыбының айтуымен, құстардың барлығын жиып алды. Байғыз деген бір құс келмей қалды. Байғызға келмеген соң, Сүлеймен ашуланып, зорлықпен әкел деп бүркітті жіберді. Бүркіт барып байғызға:
— Ей, байғыз! Жүр, патша алып кел деді, – дейді. Оған байғыз:
— Ей, бүркіт, сенің қаһарың көп, ақылың жоқ еді, қатынның тілін алған патшаның әмірімен маған келіп неге «жүр» деп діңкілдейсің, азырақ сабыр қыл, мен саған бір насихат айтайын, – дейді. — Рум патшасы деген бір үлкен патша бар екен, оның жалғыз баласы болған екен, патша өлген соң баласы патша болып тұрыпты. Өзінің қол астынан лайықты қыз таба алмай қатынсыз тұрыпты. Бір күні Қырым патшасынан бір саудагер келіп патшадан сауда қылуға бұйрық алайын деп, патшаның үйіне келіпті, сөйлесіп отырып саудагер патшаға айтты.
— Осы күнге шейін жамағатсыз отырғаныңыз қалай, тақсыр? – депті.
Сонда патша:
— Өзімнің қол астымдағы жұрттан лайықты қыз таба алмадым, сен талай жерді аралап жүрсің, маған лайықты қыз көрген жерің бар ма? – деп, патша саудагерден сұрады. Саудагер:
— Бар, тақсыр, біздің Қырым патшасының ұлы жоқ, бір қызы бар, ол қызының алтыннан салған сарайы, қырық қыз күзетшісі бар. Неше патшалар айттыруға кісі келсе де қайтара береді, менсінбейді. Сізге лайық сол, – деді. Ол қыздың нұр сипатын патшаға жеткізіп айтады, патша соған ғашық болады. Патша:
— Сенің артыңнан мен барамын, сол қыздан маған жауап әпер деп мың ділда берді. Саудагер қайтып кетті. Артынан көп әскермен жарақтанып салтанатпен Рум патшасы Қырым патшасына барды. Келген соң манағы ділда берген саудагерді тапқызып шақырып алды. Саудагерден сұрады:
— Мені қызға айттың ба? – деді. Саудагер:
— Қызға жеткіздім, – деді.
— Енді менің келгенімді патшаға білдір, – деді. Саудагер патшаға барып айтты.
— Қызыңды айттырам деп, Рум патшасы келіп жатыр, – деді.
Патша:
— Мұны қызыма білдір, – деп, саудагерді қызына жіберді. Саудагер қызына келіп айтып еді, қызы:
— Жарайды, патшаны мұнда келтір, көрейін, – деді.
Патша әдемі киініп қызға келді. Патша үйіне кіріп келгенде, қыз алтын тағынан ұшып тұра келіп орын берді. Қыз патшаны жаратты, патша қызды жаратты. Сонан соң қыз әкесіне «іздегенім табылды», деп хабар берді. Әкесі ұнатып баласын бермекші болды. Бір жұма той қылып, неше мың гауһар, алтын, күміс беріп, көп күң беріп қызын жөнелтті. Патша қызды үйіне алып келді, екеуі бек тату болып тұрды. Бір күні патшаға қатыны айтты.
— Сен өлсең мен қабіріңнін басында өлгенше шырақ жағып отырар едім, – деді. Патша:
— Ей, қатын, сен отыра алмайсын, сенің атың әйел емес пе, уағдаға жете алмайсың. Отырсам мен отырар едім, – деді.
— Қай бұрын өлгеніміз шырақшы болып отырайық, – деп екеуі уағда қылысты. Бір уақытта қатыны өлді. Патша қабірінің басына үй тіккізіп шырақшы болып отырады. Он екі жыл күтті. Мұса пайғамбар бір күні қабірлерге дұға қылып жүріп, патшаға кез болды. Оны көріп:
— Сен, бұл жерде не қылып отырсың? – деп сұрады. Қатынымен уағда қылғанын айтып, «сол себепті қабірдің басында отырмын», – деді.
— Сіз, бір надан, ақымақ екенсіз, өліп қалған кісіні осынша жыл күзетіп отыра ма? Таста мұны, өміріңді қор қылмай, – деді.
— Жоқ тастамаймын, қалған өмірімді де осында өткіземін, – деді Сүлеймен.
— Ендеше сенің қырық жыл өмірің қалды, соның жиырма жылын өзіңе, жиырма жылын қатыныңа беріп, қатыныңды тірілтсем риза боласың ба? – деді Мұса.
— Тақсыр, ризамын, бір күнге тірілтсең де, – деді. Мұса дұға қылды, қабір қақ айрылып қатын түрегелді. Екеуі көрісті. Мұса қайтып кетті. Патша қатынының жанында отырды.
Бір ханның баласының әйелі өліп бойдақ қалады. Бір күні құс салып жүргенде лашыны қашып, соны іздеп келе жатып әлгі әйел мен патшаға кездеседі. Сұлу әйелге көңілі ауған жігіт:
— Бір жақсы әдемі келіншек екенсің, сен неғып отырсың бұл кісінің қасында? – деді әлгі жігіт.
— Мен бейшара адам едім, абайсызда мына бір залымның қолына түстім, – деді қатын.
— Ендеше менің де қатыным өліп еді, мен бір әдемі қыз іздеп таба алмай жүр едім, маған тиесің бе? – деді жігіт. Сонда әйел.
— Бұл залымнан мені айырсаң, менің жаным сенің жолыңа садаға, – деді. Жігіт патшаға:
— Мына кісіні еркіне жібер, – деді. Патша:
— Жібермеймін, – деді. Сонда екеулеп патшаны байлап тастап әйел мен жігіт жүре берді. Екеуі келе жатыр еді, екеуінің алдынан Мұса шықты.
— Ей, мені танимысың, мен кім? – деді ол.
— Танимын, сен Мұсасың, – деді жігіт.
— Танысаң құлағыңды салып тыңда, мен бұл қатынның мәнісін бастан-аяқ айтайын, – дейді.
— Бұл әйел бір патшаның қатыны еді, ол ерінен бұрын өлген соң күйеуі өзара уәдесі бойынша мұның қабірінің басында он екі жыл шырақшы болып отырған екен. Мен патшамен кеңесіп: «Қабір күзеткеніңді қойып, үйіңе қайт дегенде, өлгенше отырамын деп, қайтпап еді. Сонан соң мен қатынын тірілтіп, екеуін қосып кетіп едім. Сондай адал еріне опа қылмаған әйел саған опа қылар дейсің бе?» – деді. Сонда жігіт:
— Мен ендеше мұндай залымды алмаймын, – деп, жігіт қатынды тастап жүре берді, Мұса қатынмен бірге байлаулы жатқан патшаға келді.
— Ей, сен мұнда байлаулы неғып отырсың? – деді.
Патша жылап қоя берді:
— Мен ақымақ болған екенмін. Сенің тіліңді алмап едім, тақсыр. Енді бұл залымнан құтқара көр, маған керегі жоқ. Өмірімді өзіме қайта әпер, – деді.Мұса қайтадан дұға қылды: қатын өлді.
Қатыны өлген соң патша жаңадан қатын алды, – дейді байғыз. Және:
— Азар болса Сүлеймен патшаның қатыны сондай-ақ шығар, – деп бүркітке үлгі айтты.
Және:
— Сенің қаһарың көп еді, ақылың жоқ еді, қатынның тілін алған патшаның тілімен маған келіп жүрсің. «Қайт патшаға», – деді. Бүркіт қайтып кетті.
Барып естігенін Сүлейменге айтты. Сүлеймен қатты ашуланып қаршығаны жібереді.
— Барып алып кел, қиямет қайымға шейін қасынан кетпе, қызыл шақа қылып жүнін жұлып, мұрнын тесіп, жіп өткізіп алып кел, – деді. Қаршыға байғызға келді. Келіп:
Сүлеймен патшаның жарлығымен келермін,
Байғыз-ау, жүніңді жұлып, етіңді жермін.
Сен жаман қиқарланбай баршы топқа
Сені алмай тіпті кетпен осы жерден,—деді қаршыға.
Қаршыға көзі шегір қоймайды екен,
Барлық құсты жесе де тоймайды екен.
Енді жатып қор болып өлгенімше
Жайлаған топқа бармай болмайды екен, – деп байғыз Сүлейменге келді. Сүлеймен айтты:
— Қаршығам арықтады саған барып,
Қызыл шақа қылыпты жүніңді алып,
Тұла бойың шегенің қалғасындай
Кімге тұтқа боласың келмей қалып.
Байғыз:
— Мен кішкене болсам да батыр едім,
Төрт нәрсені теңгеріп жатыр едім.
— Ол теңгеріп жатқан нәрсең немене еді, айтшы, – деді Сүлеймен.
— Таулы, төбелі жер көп пе, жадағай жер көп пе, соны есептеп жатыр едім, – деді байғыз.
— Қайсысы көп екен?
— Жадағай жер көп екен.
— Неге? Төбе көп еді ғой, – деді Сүлеймен.
— Басына шығып күндік жерді көрмеген төбені жадағайға қойдым, – деді.
— Екінші – сулы жер көп пе екен, сусыз жер көп пе екен? – деп жатыр едім.
— Қайсысы көп екен?
— Сусыз жер көп екен, – деді байғыз. Сүлеймен:
— Неге, сулы жер көп еді ғой, – деді. Байғыз:
— Мал сусап келгенде, еркімен су ішпеген жерді шөлге қойдым, – деді.
— Үшінші – өлі көп пе, тірі көп пе, – деп жатыр едім. Сүлеймен:
— Қайсысы көп екен? – деді. Байғыз:
— Өлі көп екен, – деді. Сүлеймен:
— Тірі кісі көп емес пе, не себепті өлі кісі көп? – деді.
— Күн шыққанша ұйықтаған кісіні өлі кісіге қойдым, – деді.
— Төртінші – еркек көп пе, ұрғашы көп пе, – деп ойлап едім.
— Қайсысы көп екен?
— Ұрғашы көп екен.
— Не үшін ұрғашы көп болды, еркектің біреуі артық емес пе еді, – деді Сүлеймен.
— Мен қатын тілін алған жігітті ұрғашыға қойдым, – деді. Сүлеймен сонда санын бір-ақ соқты. — Мен надан болған екенмін ғой, – деп құстын бәрін қоя берді. Байғыздың ақылымен құстың бәрі босанады. Сол себепті байғызды «киелі құс» деп қазақтар өлтіруге обал көреді және басқа құстардай байғыздың мұрны тесілмей қалады.
* Қиямет қайым — мәңгілік ғұмыр деген мағынада.