Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Берік отбасы  - есірткіден алыс!

ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына

АЛДАНОВТАР отбасы

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған- туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Н. Назарбаев

Отбасы –  қуаныштың, шаттықтың, мейірімділіктің, қамқорлықтың, сүйіспеншіліктің ортасы. Халықта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бала отбасында жақсы тәрбиеленсе, өскенде әдепті, ақылды, жат қылықтардан жаны таза нағыз  азамат болып шығады. Шындап келгенде, отбасының бақыты, ұрпағының бақытты болуы ата-ананың өз қолында. Бала ата-ананың ақылымен,  берер үлгі-өнегесімен өседі, адам болып қалыптасады. Халқымыз «Ағаш өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған ғой...

Ата-анасы балаларына тәрбие бергенде, ең алдымен, қызын болашақ адал жар, ардақты ана болуға тәрбиелеу керек. Ал ұлдарын намысты, жауапкершілігі жоғары, болашақ балаларына үлгі болатын әке болуға тәрбиелеу керек.

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп

Кешкенің өмір босқа тек - дегендей, баланың ыстық -суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол анаға қарап өседі, бойын түзейді. Журналист, тележүргізуші марқұм Б.Құранбектің отбасы туралы айтылған керемет ойларын оқысаңыздар, тәрбиеге талғау етерлік керемет дүниелерді білесіздер.

Отбасы мықты болу үшін оның іргетасы мықты қалануы керек. Мысалы, жаңа үй салған кезде, ең алдымен, оның бірінші қаланған кірпіші нық орнатылуы тиіс қой. Себебі, сапасыз заттардан тұрғызылған үйдің іргетесы ұзаққа бармайды. Құлап қалады. Дәл солай, отбасының іргетасы, яғни ата-ананың тәрбиесі мықты болса ғана отбасы бақыты ұзақ болады. Соңғы кездері ата-аналар арасында «Қазіргі балаларды тәрбиелеу қиын. Ғаламтордан бәрін біліп алады да өзімізге ақыл үйретеді» деген пікірлерді жиі естіп қаламыз. Бұл – бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарамайтын жалқау ата-аналардың теріс пікірі. Ата-ананың ақыл-кеңесін  тыңдамаған бала емес, ақыл-кеңесін айтып жеткізе алмаған ата-ананың өзі кінәлі. Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді» депті. Қандай керемет сөздер!

Біздің екі ұлымыз бар. Жас отбасымыз. Үлкен ұлымыз 6-сыныпта оқиды. Кішкентайынан бокспен үзбей айналысып келеді. Талай рет тартысқа түсіп жеңіс туын желбіретіп, мерейімізді асырды. Өзі - үздік оқушы. Бос уақытында әдеби шығармалар оқиды, қағаздан түрлі ойыншықтар жасайды, інісіне ертегі оқып береді. Кіші ұлымыз Алихан да ағасының жолымен боксқа қызығып жүр. Сурет салады, әкесімен, ағасымен тоғызқұмалақ, шахмат ойындарын ойнайды. Ұлдарымызға әрбір уақыттың қымбат екенін, сондықтан да оны тек пайдалы істерге арнау керектігін сөзімізбен де, ісімізбен де үйретіп келеміз.

Әлеуметтік желілерге тәуелділік, нашақорлық сияқты ғасыр дертіне айналған тажалдар туралы ғаламтордан түрлі бейнежазбаларды  таңдап көрсетіп, бірге талқылаймыз. Ғаламтордан кез келген ақпараттарды қарауға жол бермейміз. Телефонға тәуелді болмау үшін тек шектеулі уақыттарда ғана пайдалануға ұлдарымыз үйренген.

Біздің отбасымыздың іргетасы мызғымастай мықты, қабырғасы құрыштай қалың қорған, шаңырағы- шайқалмайтын шынардай биік, босағасы  - болаттай берік. Біз ғасыр дерті болған «есірткіден» қорықпаймыз, өйткені берік отбасымыз!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама