Зауқайыр
ПРОЛОГ
Алматы. Тау қыраты
Сағат 22.38
Сырт... сырт... сырт...
Сиферблаттағы сояудай тiл бiр қалыпты ырғақтан танбайды. Бара-бара оның әрбiр сыртылының үнi зорайып, солқ-солқ еткiзiп миына күрзiдей тидi... Жойқын соққыдан басы шағылды...
Кiрпiгiн әзер қимылдатады. Жұмылған жанарының «тігісін сөгу» үлкен қиындық туғызды. Көзiн ашса шарасы қос шекесiмен қоса ду етiп, одан арыға шамасы жетпей қарашығы лажсыз қайтадан жасырынады.
Болмашы жылт еткен жарық сөнісімен маңдайының алды қызыл борыққа айналып, бiр сәт мына әлем қанға малынғандай қошқылданып тұна қалады. Бiрте-бiрте әлгi әлемiштенген шымқай дүниенiң үстiнен, қаңбақтай салмағы жоқ беймәлiм денелер қалқи бастайды. Кенет, аяқ астынан осынау жұмбақ тылсымның реңi өзгерiп, еңсеңдi басып, тынысыңды тарылтқан тастай түнекке ұласады.
Сол-ақ екен дүние шақ-шәлекейi шығып, астаң-кестең төңкерiле жөнеледi. Миы аузына түсiп, шыбын жанын қоярға жер таппай қыстығып, демi бiтеледi. Екi бетi албырай күйiп-жанып, мөрi тамады.
Ауа жетпеген соң қимылын бағып, бағдарлай алмай жантәсiлiм қолдарын айқұш-ұйқыш сермейді. Кейде сояудай тырнақтарымен өзiн-өзi жұлып тастайды. Ештеменi екшемейді, дәнеменi қажет етпейдi. Тек булыққан қайран жаны алқымына келiп сығымдалып, айналмасы асқынған тұсақтай сереңдей шоршып, гүрс етiп құлайды. Қол-аяғын ербеңдетiп, дөңбекшiп, жарты сағаттай шүберекке түйген жанын қоярға жер таппай аласұрады. Әбден қара терге шомып, қалшылдай қалтырайды да дiрiлдеп барып басылады.
Жыны қайтарда аузынан ақ көбiгi ағып, көк желкесi тартып, қарашығы теріс айналады. Езуінен шұбырған сiлекейi көлдей боп жайылып, қимылдан айырылады. Ұйықтап кеткенiн иәки үзiлiп кеткенiн бiлмейсiң. Сол қалпы ұза-а-ақ мизiмей серейiп жатқаны.
...Тағы да үрейдi ұшырар ышқынған дауыс. Ит талағандай аһ ұра тыпырлап, өзiн-өзi сiлкiлеп лақтыра бастады. Айқайлайды, шыңғырады. Кейде бiр нәрселердi айтып, балдырлайды. Бiрақ, сөзiн адам баласы ұғынбайды. Басқа галлактиканың тiлiнде сөйлейтiндей.
Оң-солын бағдарлай алмайтын халде бырш етiп бiр нәрсеге соғылды. Соқтығысқан бұйымы құмығыңқы мылқау дыбыс шығарды. Iзiнше шатқаяқтап, қайыра тұрған сияқтанды. Жас баладай апыл-тапыл басқаны аңғарылды, дiзесi дiрiлдей адымдағаны бiлiндi. Сөйткенше-ақ, кескен теректей қайтадан омырыла құлады. Сәл өтпей ашқарақ бiреу әлдебір сұйықты оптыға iшкендей сылпылдаған сүйкiмсiз үн құлаққа шалынды. Ақыры оның соңы жан түршiгерлiк қорылға ұласты. Қы-ыр-р, қо-ор-р, қы-ыр-р... Кеңiрдегi орылып, бауыздауынан қан атқалақтай жандәрмен тыпырлаған мал сияқты.
Әйткенмен, осынау сойқанды әбiлетке төңірегiндегi ешкiм назар аудармады, әуелi жан шыдамас үндi ести тұра селт етпедi. Өз тiрлiктерiмен, беймарал.
Бөлмеде өлi тыныштық орнады. Меңiреу дүние зiлмауыр батпанын иыққа артады. Тек қабырғадағы көне сағат қана тынбай сырт-сырт етiп, тіршілік секундтарын санап тұр. Сертшіл сояудай тiлдерi әрбiр пендешiлiктi қалт жiбермей жадына түйiп, тынымсыз күйі құпиялы шеңбердi шырқ айналады... Әлде, «пәтуасыз жалғанның тағы нендей бәлесі бар?» деп, соған жетуге байызсыздана сумаң қағатындай. Әйтеуiр, дамылсыз сыртыл.
Сырт... сырт... сырт...
1-ТАРАУ
Қоңыр «Хонда» машиналарды сыналап, асығыс заулайды. Бұлтың-бұлтыңға басып, қатарласа жүйткiген сан түрлi көлiктердiң арасынан мүдiрмей өтедi. Кей тұстарда қызыл жануға айналған бағдаршамның көзiне қарамай, көше қиылыстарында жол тәртiбiн өрескел бұзуда. Ондайда байбалам салып, күлiн шашқан көкайыл қатындардай машина бiткен бепiлдей жөнеледi. Қайсыбірiнiң жүрегi аузына тығылып, шамын жарқ еткiзетiнi бар. Бiрақ олардың бiрiне назар аударып, бүйрегi бүлк етер түрі көрiнбейдi. Жолындағының бәрiн мүйiзiмен жайқап, науадағы жемге табынның арасынан батыл ұмтылатын қақсал қоңыр сиырдай топ iшiнен суырылып, сумаңдай түседi. Дәп бiр ажалына асығатындай.
Алған бетi — әуежай.
Салып-ұрып Әбдiрахмандар әуежайға жеттi. Әлеңкедей жаланған сырқындылар сақадай сай. Нөкерлерi мұның қабарған қабағын көрiп, «саспа, бәрiн қалағаныңдай жасаймыз» дегендi аңғартқысы келдi ме, бiрi:
— Әлi бiздiң рейс қонған жоқ, — дедi гүр етiп.
Оның сөзiн естiмегендей көсемдерi ызбарлана, ошарыла қалған жандайшаптарының жүзiне уытты көзiмен қарады. Сосын, мойынын созып, өз жендеттерiнiң таныс машиналарын барлап қойды. Бiрi қалмай бәрiнiң осында жиналғанын бағамдады.
— Гүжаан! — Кемеңгердiң үнi қатқыл, пәрмендi. — Қазiр мылқау адамша қарап тұрмай, Гүлмираны қалай да көндiр! — Ту сыртына желкесiн күжiрейтiп, бетiн сәл бұрып, үйiрiндегi жақамағандарға бiр езулеп ыр етер көкжалша аса ұнатпай өктем тiл қатты.
— Мақұл.
Әншейiнде сыпсыңдап аттыға — жол, жаяулыға — сөз бермейтiн келiншек мүләйiм кепте. Дауысы дiрiлдей, құмықты.
— Әйтпесе қарныңды жарып, алты жыл бала деп аңқаң кепкен арманыңа табанда жеткiзем!
Бiлеу-бiлеу бетi бүлк етпестен айызы қана тiстенiп сөйледi де, қалтасынан темекiсiн шығарды. Жанындағы қаумалаған тәйкүшiктер жапа-тармағай оттық iздедi. Сығыр көз сарысы бiрiншi боп шылымын тұтатып бердi. Осының өзiн мәртебе көрiп, насаттанғаны жәреуке жүзiнен анық бiлiнедi.
— Жаңағы жол бойындағы әңгiменi ұмытқан жоқсың ғой?
Әбдiрахманның қасынан бiр елi қалмайтын Сұлтан сұңғылалық танытып, шаруаның илеуiн қандырмақ ниетпен келiншектiң міндетін тағы да пысықтады. Оң қолын оның жаурынан асыра иығына артып, сол қолымен шермиген қарнынан сипады. Әбден етi өлiп кеткен бе, әлде қарсыласудың соңы өзiне таяқ боп тие ме, Гүлжан селт етпедi. Сумақай саусақтар сыпсыңдап төмендеп барады, қымсынар келiншек көрiнбейдi.
— Соны тағы да жадыңа салғым келедi. — Бетi шарық табақтай қап-қара неме аярлана езу тартты. — Гүлмираға батылырақ бол. Мә, ол үшiн мынаны қылғыта сал!
Бас бармағы мен сұқ саусағының арасындағы түйiр дәрiні шүленси ұсынды. Гүлжан тартынбай аузына апара бердi. Iзiнше енді бiрi ашылған қалбырдағы сырасын ұстатты. Әйелдің саусақтары мен ерiндерi дiр-дiр етiп, қара құмда шөлден кенезесi кепкен кiсiдей жабысты. Сусынын қолынан әлдекiм жұлып әкететiндей асығыс жұтқаны сонша, екi езуiнен сiлекей аралас сыра тамды.
— Жаңа құлындаған биедей шөлден өлген бе, мына қаншық? — деп, бұйра басты, бойы сорайған Бiдiрәлi төтесiнен орысшалай боқтады. Бiреу сыртынан жақсы сөз айтқандай Гүлжан оған да ләм деп тiс жармады. Балағат-боқтыққа әбден құлағы үйренiп, етi өлгенi сонша, олардың ерсi қылығы мен сөздерiне назар да аудармады. Шамданбайды да, намыстанбайды да.
«Мәскеу — Алматы, 505-шi рейс келiп қонды» деген диктордың репродуктордан саңқылдаған дауысы есерлердiң есiн жиғызды. Бәрi бiр кiсiдей дүрк көтерiлiп, күту залына шұбай жөнелдi. Негiзгi лектен алдыда екi-үш қадам озық — Әбдiрахман, Сұлтан, Серiктер. Соңдарында бiр ұрғашыны орталарына алған жендеттер. Әр нәрсенi сөз ғылып, өз ара әзiлдесiп барады. Әйтеуiр, ненi айтса да Гүлжанға бағыштап, қағытып тиседi. Бәрi былайғы көзге әшейiн достарын қарсы алуға келген көңiлдi топ сияқты. Ешкiм ештеңе аңғара алмайды. Жаңағыдай емес Гүлжан да томсармай, бұларға iш тарта жымиятындай. Сәт сайын оның күлкiсi түзеліп, айыл жыймайды. Бiреу келеке, әжуа етсе де ол үшiн — күлкi. Өмiр секунд санап ажарланып, ғажайыптанып барады.
Көп сарғайтпай перроннан жолаушыларды алып, маңғолдың жылқысындай ұзын бел автобус iргеге кеп тежелдi. Артынша, төңкерiлген қоржынның аузынан төгiлген қызылды-жасылды зергерлiк бұйымдай, қос есiгiнен лақ етiп әртүрлi бұлдан киiм киген адамдар ентелей сыртқа атылды. Сол лектiң арасынан Дайрабайлардың да төбесi көрiндi, жандарында Гүлмира бар.
Азаматтардың «адал еңбегiне» Әбдiрахманның ризашылық пейiлi оянды. Қиыннан қиюын табар мәттақамдықтарына іштей сүйсiндi де, бірақ қитұрқы астармен онысын байырқалатпады. Ең бiрiншi өзiнiң осы сойдауылдарға көсем екенiн жадынан шығармады. Сәл ғана жылы қабақ танытса, алақанындағылар ауаша жайылып, мөртi келгенде сырт айнала жөнелуi ықтимал.
Жауырыны қақпақтай, қасқа маңдай, гүжбан денелi Дайрабай iшке енген бетте қалбалақтап, әмiршiсiне ұмтылды. Қос қолын берiп, төстерiмен қоса сол жақ шекелерiн де түйiстiрдi. Нөкердiң омырауы ашық жейдесiнен ұйпа-тұйпа жүндес кеудесi «бұрқырап», бiрден назарға тұрпайы боп iлiгедi.
— Бәрi ойдағыдай.
Атан түйенiң тұрқындай сүйегi iрi алпауыт, ырғайдай тiп-тiк сыйдаң жiгiттiң алдында жасық балаша бүгежектей тiл қатты.
— Кеше, барған бетте мекен-жай бойынша тауып алдық. Сосын, шаруаны тындырып, өздерiңе телефон шалдық.
Осы әредiкте Гүлмира жандарына екпiндей жетiп:
— Нұрмира қайда?! — дедi тепсiнiп, әрi ашу қысқандықтан көзi шатынаған.
— Келуiңiзбен...
Жағына пышақ жанығандай, шашы кiрпiнiң тiкенегiндей тiкiрейген шикiл сары ғаярлана жымиды.
Мына мысқыл онысыз да терiсiне сыймай тұрған Гүлмираның жүрегiн шабақтады. Жасай қоятын лажы жоқ, дiңкелеген күйде «рахмет» дедi. Бiрақ, шарасыздығын жан баласына сездiрмеуге тырысып, iштей өзiн боркемiкше үгiтiлуден сақтандырды.
— Нұрмира қайда?
Қайыра сұрады.
2-ТАРАУ
Алып Алатаудың ақшүлен шыңдары Алматыға төбесiнен төнiп қарап тұрғалы қашан. Сүреңсiз тiрлiктiң аңысын бағудан әсте жалығар емес. Кейде екi аяқты пенденiң iсiне шамдана ма, мұз қабақтарын шытынып, қанаты ауыр қара бұлтын төбесiне үйiреді. Әншейiнде сәл-пәл десi жүрген тұсында құдайдың өзi қарсы келсе қақ маңдайдан салып қалудан тайынбайтын пақырлар мұны қайдан ұқсын. «Е-е, күн жауғалы тұр екен» деп топшылайды да қояды. Сосын қу құлқынның соңынан сөлкектеп, жөней бередi. Өз жанына ауыртпалық батып, қарақан басына қатер төнбесе — Алакөлдiң суын асығынан келтiрмейдi. Емеурiнiмен ғана көп жайды аңғартатын тұңғиық абыз Алатаудың iшкi әлемiн, өресiз мәстекiлер қалай пайымдасын?
Осынау ұзақ-сонар ойдың сүресiнен шыға алмаған қалпы Жасарал аялдамаға тез-ақ іліктi. Сол жерде көлiк күтiп тұрып толғамын одан ары созбақшы едi, әншейiнде қасарысқандай кешiгетiн неме екi иiнiнен дем ала пысылдай кеп есiгiн ашты. Бiреулер андыздап сыртқа ұмтылып жатса, жердегiлер иiн-тiресiп, «сыймай қаламыз ба?» деген күдiкпен автобусқа мiнгенше асық. Сонадайдан жүгiре басып, ентелеп келе жатқандардың да қарасы мол.
Жасарал автобусқа мiнуге асыға қоймады. Аяқ арта алмаса, көлiктiң келесiсiн күтуге де құлықты.
Бар екпiнiмен құйындатқан бiр қыз беймарал тұрған жiгiттiң дәп алдында кенеттен мұрттай ұшты. Екпетiнен құлаған қалпы көк тайғақ мұздың үстiнде бiраз жерге дейiн сырғанап барды. Қарына ілген кiшкене сөмкесi бiр жақта қалды.
Мұны көргендер шу етiп, жамырасып қоя берiстi. Жiгiт оқыс қимылдап, бейтаныс жанның қолтығынан сүйемелдедi. Оңбай жығылса керек, сүйретiле зорға орынынан көтерiлдi. Сосын жасаң жүзбен Жасаралға қарады, жiгiт те оның бет-әлпетiне болмашы бөгелді. Суық шалғаннан ба, ұялғаннан ба екi бетiнiң ұшы қызарыс тауыпты.
Аялдамадағы шам жарығы қыз дидарын ап-анық көрсетедi. Ақша маңдайы, алаулаған өңi, албыраған ерiнi бәрi-бәрi қас сұлуға ғана тән. Әйткенмен, мойылдай мөлдiреген қарашықтарында әлдебiр кiрбiңдiктiң ұштығы кiлегейленедi. Көзінің аясын торлаған болмашы жас бар, бiрақ осы жас — нұр байлап, жанарын әрлендiрiп жіберген тәрiздi. Бұған сояудай қайқайған кiрпiктерi әндем жарасып, үйлесім тапқан. Қабағының асты сәл нiлденiп, ажарын одан бетер аша түскен. Қаламмен салғандай қиылған қасы сырт көзге тым әдемi. Әйткенмен, мүсiншiнiң қолынан шыққандай қыр мұрыны жаңағы соққыны ауырсына болмашы тыжырынатын сыңайлы.
— Еш жерiңiз ауырған жоқ па? Оңбай жығылдыңыз ғой. — Жасарал жанашырлықпен абдырай сұрады.
— Жоқ. — Үнiнде сынықсулық бар.
Жаны қыстықса да сөз аялғысы болған соң осылай жауап бергенін бұл ұқты.
Қыз алдыға адымдап едi, сол жақ жамбасы қозғалтпай қалыпты. Тiптi, баса алар емес.
— Жүрiңiз, орындыққа отырыңыз.
— Рахмет! — Жiгiттiң жеңiнен ұстап, iлбiп барып жайғасты.
Бұл кезде жаңағы автобус әлдеқашан жүрiп кеткен. Ендi оның келесiсi келгенше қай заман. Және де мына қалпында нөпiр халықпен таласып, мiне де алмас. Қазiр адам қарасы көбейетін кез, жұмыс аяқталған шақ.
Осыны ойлаған жiгiт:
— Қайда тұрасыз? Таксимен апарып салайын, — дедi.
— Әуре болып қайтесiз, өзiм барамын.
— Мына күйіңізбен бе?
— Иә...
— Ешқандай қысылмаңыз, апарып салайын.
Әйел келiсерiн де, келiспесiн де бiлмей екiұдай халде тызақтады. Бiрақ, үйде жалғыз ұйықтап жатқан сәбиi есiне оралып едi, жүрегi бұлқына жөнелдi. «Оянып кетiп, шошып, жылап жүрер» деп ойлап, көңiлiне қыпыл кiре бастады. Қайткенде де тезiрек жетуi керек. Жаңа нәрестесiне бола асығам деп мұрттай ұшпады ма? Әйтпесе көк тайғақта шалт қимылдың оқыс екенiн бiле тұра, жын қуғандай жүгiрiп несi бар.
— «Самалда», — дедi баяу ғана.
Олар таксиде келе жатып танысты.
— Есiмiң кiм, қарындас? — Әрине, ең бiрiншi сөз бастау ретi жігіттікi едi.
— Нұрмира.
— Ал, менiң атым — Жасарал. — Қолын ұсынды. Ол да жiбектей алақанын соза бердi. — Өте қуаныштымын сiзбен танысқаныма, — дедi Жасарал дағдылы айтылатын лепесті қайталап.
Әне-мiне дегенше зулаған машина межелi жерге әкелiп те үлгердi. Жерге түскен соң жiгiт:
— Хабарласып тұрыңыз, — деп, бiр жапырақ аты-жөнi жазылған қатырма қағазын ұстатты.
— Сiзге көп-көп рахмет.
Аяғын сылти басып подъезге енiп бара жатты.
Арқасына аязын батыра пенде атаулыны кирелеңдетiп, қыстың бiраз күнi мимырттықпен алдыға жылжыды. Ығыр қылған ақпанның тағы бiр таңы атып едi. Жасарал ертеңгiлiк жұмысқа келiп, кабинетiне жақындағанда әрiректе тұрған әйел адамның қылпын аңғарды. Назар тоқтатып қадалып қарауды әбес санап, iшке ене берген. Сырт киiмiн шешiп, жайғасып отырғаны сол едi, табалдырыққа жақындаған аяқ дыбысы сезiлдi. Iзiнше есiк ашылып, жаңағы адамның бейнесi анық көрiндi.
— Сәлеметсiз бе? — Босаға жақта жасқаншақтана бөгелiп, iркiлдi.
— Сәлемет... — Мына жүзi таныс жанды қайдан көргенiн жадына түсiре алмай, «кiм болды екен?» деген сұраулы кейiпте амандасты. Әйтсе де үнсiз томсыраюды мiн санап:
— Келiңiз, отырыңыз, — дедi қарсы алдындағы орындықты нұсқап.
Осы сөзден кейiн ғана бейсауат кісі iлгерi бiр-екi аттап басты. Қимылынан именудiң, сынықтықтың нышаны сезiледi. Әлдекiмдердей баса-көктеуге дәтi жетпейтiн тәрiздi.
Көзi көзiне қадалғанда Жасарал әлдене есiне түскендей бойын тiктеді. Мынандай мұңлы да шерлi жанардың табы санасында көмескілене сілем беріп, қылауытатындай. Оның ерек бiтiмiн, зипа бойын бiреуге ұқсатып, әлдекіммен шатастырып тұрған да жоқ. Әрi бейтаныс, әрi таныс жұмбақ жанды өзінің білетінін табан астында зерделеуі қиын. Ол аз дегендей сыпайы, биязы үнiн де бiр жерде естiген. Бiрақ қайда, қашан?..
Дүдәмал сезiммен жанарын сырғанатып, қыздың жабырқау жамалына жүздiрдi. «Е-е, мiне, мiне таптым» деп, iштей қуанып кеттi. Қапелiмде аузына жiбi түзу сөз ілікпей:
— Аяғыңыздың ауырғаны қойды ма? — дедi абдырай. Тура бұлай кабинетiне iздеп келедi деген ой қаперiне де кiрмеген. Әуелi содан берi арада бiраз күн аралап, өткендегi оқиғаны ұмыта да бастапты.
— Қойды. — Саусақтарын мән-мағынасыз шұқылап, жүзiн төмен төңкердi.
— Иә, нендей шаруамен? — Бас-көз жоқ төтелей салды. Бұл біржағы қызды әңгiмеге тартқан сықпыты. Десе де, сөзiнiң орынсыздау болғанын бағамдады.
3-ТАРАУ
— «Нұрмира қайда?» деймін!
Әбдiрахман маңғазданған пiшiнде тiс жармай, мысқылмен езу тартты. Ал одан озып жөн айта қояр, дәп мына ортада ешкiм жоқ. Бәрi ауыздарына құм құйылғандай жақ ашпайды.
— Мен кеткен бiр-екi күнде қалай үйлене қалдың?
Тағы да сауалы жауапсыз. Кейпiн өзгертпеген күйi келеке етiп, мұның өзiн жынды санады.
— Сен ғой осының бәрiн ұйымдастырып жүрген!
Асау арын жетелеп Гүлжанның қасына әкелдi. Кескiн-пiшiнi ашынған жаралы жолбарыстай ма, бәленбай жылғы құрбысы тiксiнiп, бір басып, екі басып артқа шегiндi. Кенет, қашқақтап бара жатқан оның жағына шапалақ шарт етiп тиiп, мән-мағынасыз жанарының ойнақшыған қарашығы байыз тауып, осы мезет бағзы бiр көзқарасымен қарады да, қарқылдап әуежайды басына көтере күлдi. Соңғы кезде қилы-қилы қиянатын көрсе де, оның дәл мынандай жүгенсiз шектен шыққанына айран-асыр. Құтырған түлкiдей көз алдында мың құбылып, сан өзгерiске енгенiне зиыны жетпедi. Өзiнде сынық күреш сана қалмаған тәрiздi.
— Қайынбике, болды, ашулана бермеңiз. — Күйеу балаға тән төменшiктеуден жұрқана жоқ, батыл, зiлмен кесетiп сөйледi. — Сыңарыңыз сенiмдi жерде. — Сөз әлпетiнде әжуа басым. — Сағат үштен кейiн «Әуезов» пен «Төле би» көшелерiнiң қиылысында кездесеміз. Бiрақ, — үнiн қатқылдаңқырап, сәл бөгелдi, — өзiңізсiз дәнеңе шешiлмейтiн түрi бар. Сiзбен жолығып сөйлесiп барып, маған күйеуге шықпақ.
Гүлмира түкке түсiнбедi. Жанарының қарасынан ағы басым, мына ала көздi Нұрмира иттiң етiнен жек көретiн. «Қарашығы боп-боз ешқандай сезiм де, нұр да жоқ жексұрынның ендi қойнында жатпақ па?» Әйтеуiр, қанша келеге салып қараса да миына ештеме қонбайды. Мыналар бұл ұғатындай жарытып дәнеңе айтпады. Салы суға кетiп, тезiрек Жасаралға хабарласуға асықты. Осы ойдың жетегiмен сыртқа қарай бет алғаны сол едi, бiреу бiлегiнен шап берiп ұстады.
— Сiз, бiзсiз ешқайда аттап баспайсыз.
Әлдекiмдердiң қасқа тiсiнiң арасынан сыздықтатып түкiретiнiндей, әлгi жәреуке осы сөздердi баптана, кiсiмси ежіктеді.
— Тiптi, дәретке барсаңыз да қасыңызда күзет жүредi.
Мырс-мырс етiп мұрынынан күлдi.
— Кешiрiңiз, әзiрше мiндетiм кiсiге қараған жоқ. Сондықтан дәрет суды да, жәрдемшiнi де қажет етпеймiн. Кiшiпейiлдiлiкпен танытқан қызметтерiңiзге алда разы. — Гүлмира да кекете ләм қайырды. Жүзiнен суықтықтың ызғары еседi. — Сiз айтпасаңыз да сойдауылдай-сойдауылдай үш қарақшы күзетiп, кешеден берi қасымнан қарға адым ажырамады. Ол, жарайды — сырт жерде, бөгде елде жүргенде жарасымды. Нөкерiн ерткен ханшадай, айбынымды асырды.
Аршындай адымдап сыртқа ұмтылды. Өзiне жүктелген шаруа ендi есiне түскендей, аулақтау тұрған Гүлжан соңынан жүгiре жөнелдi. Олардың өкшесiн басып қол-аяғы жеңiл бiрi тұра атырылмақ едi, әмiршiлерi тоқтатып тастады.
— Қайда барады дейсiң... көз жазбай бақылаңдар. Бұл жерден ешқайда кетпесін! Не айту керек екенiн ана қаншыққа мықтап тапсырыңдар, — деп, иегiмен дедек қаққан Гүлжанды нұсқады.
— Гүлмира, Гүлмира!
Шеңбiрек атқан iшi қолапайсыздық жасап, жете алмай Гүлжан қыстыға дауыстады.
— Тоқташы, дұрыстап сөйлеселiк. Екеумiз бiр-бiрiмiздi түсiнбейтiн кез жоқ едi ғой. Гүлмира, жаным, бөгелшi...
Гүлжанға қайырылмауға тас түйiн бекiнсе де, кiшкентайларынан бiрге өскендiгi жадына оралғанда ерiксiз iркiлдi. Әйткенмен, жүрегi жыли қоймады.
— Екеуiң бiр күнде тудыңдар. Бiлем, ешкiмге қиғың келмейдi, өзi ұнатқан адамына барсын дейсiң. — Жүрiп келедi, сөйлеп келедi. Оның мұнысына, бейберекет мантығанына, аярлығына ашуы қозды. — Бiрақ, әйелдiң махаббаты көп жағыдайда өз басын бақыт биiгiне апара алмайды. Керiсiнше, еркектердiң құлай сүюi, өмiрде кез-келген жолы жiңiшкеге жолыға бермейтiн бақ.
Шiңгiр-шiңгiр шарқая дауысымен миды пiскiлеп, зыпылдақтығымен бел алып барады. Бетiн қайырып тастамаса жуық арада айылын жиып, өз еркiмен тежелетiн нышан байқатпайды.
— Аузыңды жапшы! — Ашынғаннан айқайлап жiбердi. Өз терiсiне өзi сыймай, жарылуға шақ. — Мен сенен ақыл сұрай келген жоқпын. Көсемси қалыпсың... Оның бiр рет жаңылысып, «сүйген жiгiттiң» жетегiнде кеткенi жетедi. Кәне, сондағы шыққан ұшпағы? — Самайына түскен шашын құлағына қарай ысырып, уытты көзiнiң сұғын Гүлжанға қадады.
Келiншек мұның ашу айғыздаған жүзiнен именсе де, әпербақандардың дөңайбаттарынан қатты сескендi. Өзiне жүктелген жұмысты орындауға тырысып бақты.
— Айқайлай бермей менi тыңдашы. — Мағынасыз сылқ-сылқ күлiп, иығынан қапсыра құшақтады. — Ол Әбдiрахманды бүгiн жақсы көрмесе, уақыт өте әбден бауыр басады. «Нұрмира не боп қалды?» деп, алаңдамайсың, жанымызда жүредi. Бүкiл жағдайы жасаулы, барлығы ас та төк, аткөпiр. Әбдiрахман: делдалшы-бедекшi.
— Бiз сонда, сенiң ойыңша, үйі-күйi жоқ көшеде қайыр тiлеп жүргендер екенбiз ғой. — Екiлене дауыстап, сөзiн бөле кимеледi. — Әке-шешемiз жоқ болғанмен, олар қалдырған дүние Нұрмира екеумiзге жетiп артылады. Жаның ашып, бiздi бай-дәулеттіге тигiзiп, олай мүсiркемей-ақ қой. Жақсылығыңды өзiңе жаса!
Гүлжанды итерiп жiберiп, ұзай бердi. Бiрақ, ұзын да кең көйлегi сөлеңдеп, ол Гүлмираның қыр соңынан қалмады. Автомат-телефонның дүңбiршегiне кiргенде де баспалап таянған.
— Аулақ тұр, мен сөйлесiп алайын!
Сонда ғана ол артқа екi-үш адым шегiнiп, әрменiрек жылжыды. Кеспiрiнде әбiржудiң де, жапа шегудiң де iзi жоқ, жайраң қағады. Жанарының қарашықтары шыныдай мөлдiреп, тұрақ таппай тынымсыз тайғанақтайды. Бағанағы дәрi дiттеген жерiне ендi жеткендей...
Бебеулеген телефон сiлтiдей тынған бөлмедегi тыныштықтың өзегiн тiле шырылдады. Онысыз да екi оттың ортасында алағызған қалпы тұтқаны жұлып алып:
— Тыңдап тұрмын, — дедi өзiн барынша сабырлылыққа шақырып.
— Жасарал, сенсiң бе?
Жігіт дауысынан бiрден тани қойды.
— Қашан келдiң, Гүлмира?
— Осы әлгiнде. — Үнiнде әбiржу мен абдырау басым. — Мына жерде бәрi менi қоршап тұр, ешқайда шығармайды. Нұрмира қайда, ештеме ұғынсам — бұйырмасын!
4-ТАРАУ
Әппақ жүзi қызарып, оқыстан келiп қалғанына қысылатындай. Сөздi неден бастарын бiлмей, әңгiменiң жөнiн таба алмай дал. Албыраған қып-қызыл ерiнi болымсыз саңылауланып, маржандай тiстерi көрінедi.
— Мен сiздерге Жастар iсi жөнiндегi комитет болған соң келiп едiм... — Әр сөзiн іркіп-іркiп айтты. — Мүмкiн, көмектесерсiздер. Жұмыс таба алмай жүрмiн. Жалғыз болсам бiр сәрi, кiшкентай сәбиiм бар.
Осыны айтқанша өңi нарттай жанып, сан алаулап, сан басылды.
Жiгiт те қапелiмде мына уәжге не дерiн бiлмей тұйыққа тірелді. Жұмыс жөніне келгенде қайласының жоқтығына қысылды. Қыстықса да онысын сездiрмеуге тырысып, болмашы бөгелiп барып:
— Сiздiң мамандығыңыз не? — дедi бәсең.
— Тiс дәрiгерi.
— Шынымен осындай үлкен қалада стоматолгтарға да жұмыс жоқ па?
Жасарал расында таңданысын жасырмады. Бұрын қаперiне кiрмеген шаруасы.
— Иә. — Жәбiр көрiп, жапа шеккендей жанарының аясын торлаған мөлтiлдеген мөлдiр жас, қоюлана кiлегейлендi. Кiрпiгiн қағып қалса, онысыз да әзер тұрған тамшылар тырс-тырс таматындай. — Айтсам, сенер ме екенсiз? — Жаңағы үзiлген сөзiн қайта жалғады. — Күллi тiс емханасында жұмыс сұрағандардың тiзiмi бар. Әркiм өз кезегi келгенде ғана орналасады. Ондағылардың саны мүлде көп, маған жеткенше қай заман.
— Сонда тiс дәрiгерлерi елден-ерекше көп болғаны ма?
— Алматыда солай. Басқа, бiрқатар шет аудандарда олар емге табылмайды.
Жасарал медициналық институттағы студенттердiң денi астаналық екенiн, олардың оқу бiтiргеннен кейiн ата-аналарының қасынан ұзап шықпай осында қалып қоятынын мына уәжден кейiн топшылады. Әйтпесе, стоматологтардың ырғын екенiн, жұмыссыз сенделiп жүргенiн бұған дейін бiлмеген.
Нұрмираны аяп кеттi. Әйелді емес-ау, кiшкентай бөбегiне жаны ашыды.
— Сәбиiңдi қайда тастадың? Балабақшаға барушы ма едi?
— Бармайды. Таныс апай бар, сол кiсiнiкiне қалдырдым.
Жiгiт «қандай амалын қарастырсам екен?» деген оймен бiраз үнсiз қалды. Сосын онша көп қатынасы жоқ, бiрақ жақсы бiлетiн бiр мықтыға телефон соқты. Тiс емханасының бастығы.
— Алло!
Арғы беттегi адам бипаздана «иә-ә, құлағым сізде» деген ишаратын жасады.
— Сәлеметсiз бе?
— Аманбыз...
— Қожахмет Қасымовичтi бола ма екен?
— Мен тыңдап тұрмын...
— Ассалаумағалейкүм! — Өзiне арнайы нақтылап қайта амандасты. — Жасаралмын ғой.
— Әлiкiмсалам.
— Үй-iшi аман ба, аға?
— Жақсы.
— Сiзге бiр бұйымтаймен хабарласып ...
— Сендер жөн-жосықсыз звондаушы ма едiңдер... — Өз салмағын әйгiлеп, көп кiсiге қажет адам екенiн аңғартты. — Иә, айт.
— Сiздердiң салаларыңыз бойынша бiр бiлгiр маманға жұмыс керек. Қол астыңыздан бос орын шықпас па екен? — Iсi түскеннен кейiн бе дауысы көмескi. — Жолдасымыз жұмыс таба алмай, қыжалат көрiп жүргенi.
— Жалпы, сен менiң жақсы көретiн iнiлерiмнiң бiрiсiң, — деп бiр қойды. — Әйткенмен, дәл қазiр бос орын жоқ. — Жасаралдың дымы құрып, iшкi дүниесi азынап сала бердi. — Бiзде тiс дәрiгерлерi жұмысқа орналасу үшiн кезекте тұрады. — Нұрмираның сөзiн бұл да бұлжытпай қайталады. — Бiрақ, жақын арада бiр орын босайды, ол ертең түстен кейiн белгiлi болады. Сен маған ертең сол уақытта телефон шалшы... — Сәл іркіліп, сөзiн қайта сабақтады. — Кезектен тыс орналастыруға тырысамын.
— Рахмет, Қожахмет Қасымович!
Телефонның құлағын жауып қойды да, тұтқадан қолын айырмаған қалпы Нұрмираға қарады.
— Ертең кешке бiр хабары болып қалар.
Көрер көзге тап салар әдемi келiншектiң сиқырлы жанарына назарын аударды. Оның сиқырлылығы — қаяу мұңда жатса керек. Кез-келген жанның ет-жүрегiн ерiтiп, иiтiп жiбередi.
— Үйде телефон бар ма?
— Жоқ.
— Онда қайттiк? — Столды саусағымен тықылдатып отырды да, — жарайды, өзiм барып жауабын айтармын. Пәтердiң нөмiрi қанша едi? — дедi келiншектi соңындағы баласына көңiлiн алаңдатып, ары-берi сабылта бергiсi келмей.
— Жетпiс бiр.
Осыдан соң Нұрмира көп бөгелмей, алғысын білдіріп шығып кеттi. Жiгiт әлдебiр аласұрған ойдың жүлгесiмен кабинетiнде қала бердi.
Нұрмира секiлдi қаншама қыз-жiгiттер жүр. Не жұмыс, не баспана жоқ. Содан, лажсыз, өмiрдiң өзi оларды қылмысқа итермелейдi. Не бiр жақсылар мен жайсаңдар iстi болып, түрмеде құрып кеттi-ау. Ал тек қана жастардың тұрмыс-тiршiлiгiмен, проблемаларымен айналысатын екi бiрдей мекеме бар. Бiрi — Қазақстан Жастар одағы, екiншiсi — Жастар iсi жөнiндегi мемлекеттiк комитет. Аттары жер жарады, әйткенмен қамқорсыздарға септiгi тидi ме екен?..
Бiр түрлi өз-өзiнен ұялғандығынан Жасарал орынынан атып тұрып, кабинеттi тастай лаға безуге бейіл. Сыртқы жүнiн күмпитiп бұлай отырғанына арланды. Бiреулер пана тұтып, көрген жәбiр-жапасын айта келедi. Бұлар болса дәнеменi шеше алмай, көздерiмен жер шұқитынына күйiндi.
Ертесiнде Қожахметке телефон шалып, қуанышты хабар болмаса да қылаң еткен жақсылықтың нышаны барын аңғарды. Сосын, «бекер алаңдатып қоймайын» деп қорытып, жұмыстан соң Нұрмираға соға кетпекке «Самал» жаққа бетке алды.
Өткенде өзi көрген үйдi жазбай таныды. 71-шi пәтердi де қиналмай тапты. Келiп, қоңырауды басып едi, жөпелдемеде есiктi ешкiм аша қоймады. Сосын сәл iркiлiп, қара түйменi қайта басты. Бәрiбiр, тым-тырыс. Есiктiң ноқаттай көз тесiгiнен iште шам жарығы байқалды. Бiрақ, адамның бары, жоғы беймәлiм. Сонда да дүдәмалданған қалпы үшiншi рет қоңырауды шырылдатты. Мелшиген тұтқа сылдырлап дыбыс бермей сол қалпы бедiрейдi.
Амалы құри керi бұрылып, баспалдақпен жайлап төмендедi. Сөйткенше, подъезге енген әлдекiмнiң асығыс адымдағаны естiлдi. «Осы болар» деп ойлады жiгiт, бiртүрлi сенiмдi түрде.
Аяқ дыбысы бiрте-бiрте жақындады. Мiне, адамның да сұлбасы көрiндi. Айтқандай түйсiгi алдамапты, іздеген кісісі өзiне қарсы жолықты.
— Сәлем! — Арнайы ат басын бұрғанына орай кездескендеріне Жасаралдың қоңырқай үнi жарқын шықты.
— Амансыз ба? — Әдеттегi ұяң қалпы. Өзiнiң үйде болмай қалғанына қысылды ма, екi бетiнiң ұшы алаулап басылды.
— Ұзақ күтiп қалдыңыз ба?
— Келгенiм жаңа ғана.
— Ұлым оянып кеткен жоқ па екен? Ұйықтата салып, дүкенге нан алуға жүгiрiп кетiп ем, — деп, өз жайынан мағұлым еттi.
Есiктi ашқан бетте арғы бөлмеге өтiп, нәрестесiн байырқалап, оның қапысыз ұйқыда екенiн бiлген соң босағада бөгелген жiгiтке «кiрiңiз» деді. Мөлiдей қарашықтарында сейiлмес нала мұңның шарбысы бар. «Мүмкiн көңiлiне айықпас алғау түскен шығар» деп жүптеді Жасарал.
— «Нүркен оянып, жылап қалды ма?» деп алаң боп кеп, сiзге «үйге кiрiңiз» деп айтпай өзiм бiрiншi кимелеп кетiппiн. — Сөз ләмiнен ғафу өтiнгендiгi аңғарылады.
— Ештеме етпейді.
Беймәлiм баспананы жанарымен шолды. Аса бәлендей бұйымы жоқ, жұпыны да емес үйiнiң iшi орта шарқы. Лоджысы бар екi бөлмелi пәтер, жалғызбасты әйелге былайынан жетiп жатыр. «Қайта бұның бағы бар екен».
Жасарал состиып тұрып қалып едi, «отырыңыз» дедi Нұрмира төр жақтағы креслоны нұсқап.
Жiгiт аяғын еппен басып кеп жайғасты. Астына көрпеше төселген кiшкене нәресте жерде танауы пысылдап, ұйықтап жатыр. Келiншек ас үй жақта ыдыс-аяқтарды сылдырлатып, әлденеге әбігерлене кірісті. «Ештемеге әуре болма, қазiр кетемiн. Кешегi шаруаның бабымен келiп едiм» деп дауыстауды әбес санады. Қасына барудың ретiн тағы таппады. Дiңкесi құрып, көгенделдi де қалды. Абұйыр болғанда сәби бiр қырына аунап түсiп, жөн-жосықсыз тебiнiп, кiшкентай бiлегiмен бет-аузын бiр-екi сүйкеп, қыңсылап жылай бастады. Сол-ақ екен үстiне жеңiл халат киген Нұрмира ас үйден шыға келдi. «Ұйықтай ғой, ботам, ұйықта» деп, сөйлей жетiп ұлының жамбасынан қақты. Ұйқысын аша алмай көзiн тырмалап жатқан балақай оған көне қоятын көрiнбейдi. Жылауын үдетiп, жастықтан басын жұлып ап, шоқиып отырды.
— Нүркентай, құлыным, қоя ғой. Жылама. Тұрасың ба? — Баласын көтерiп алдына алды. Бөбешік бай-баламын басып, саябырлатты. Жiгiт осы тұсты пайдаланып:
— Кешегi кiсiмен сөйлестiм, айтқан адамы жуық арада кетпек. «Байланысты үзбей, хабарласып тұрыңдар» дедi. Бiр лажы болар.
Келiншек үндемедi. Екiұштылау жауап, жабырқау жанын жадырата қоймаса керек.
Ендi бұл арада омалып отыра берудiң артықтығын ұғынған Жасарал:
— Мен жүрейiн, осы шаруамен ғана келiп едiм, — деп, тысқа бет алмақ ниетпен қозғалақтады.
— Қайда асықтыңыз, шай iшiп кетпедiңiз бе?
— Рахмет.
Орынынан тұрды. Келесi креслоға жайғасқан келiншек те баласын көтере түрегелдi.
Жаңа алғаш кiрiп келгендегi қылпы қылаң етiп, жүрегiн шымырлатқан-тұғын. Ал, мына бейнесi мүлде сұлу. Теректей түзу тұрқы, балғын аққайыңдай бiлегi, топ-толық бұрымы ерiксiз естен тандырды. Әсiресе, жұп-жұмыр әппақ тамағы, кеудесiн тырсылдатқан қаз омырауы, үзiлуге шақ қыпша белi көз бен құлқынның құртын қоздырады. Бұрын сырт киiмнiң астынан мынандай мүсiндi байқамапты.
— Маған телефон шалып тұрыңыз.
Әйел үнсіз басын иезді.
Жігіт баспалдақпен төмен құлдилап, сыртқа беттедi.
5-ТАРАУ
Кеше Жасарал әдеттегiдей жұмыста отырған. Түске қарай Нұрмира телефон соқты. Әншейiндегiдей емес, сөз ләмiнен мазасыздық байқалады.
— Менi бүгiн әкетпекшi.
— Қайда? Кiм? — Ерiктен тыс дауысы қатқыл шықты.
— Әбдiрахман деген жігіт! Талдықорғанға.
— Өзiң келiстiң бе?
— Жоқ, алып қашып барады.
Жiгiт қараптан-қарап шамданды
— Қазiр қайдасың?
— Бiлмеймiн...
— Бiлмейтiнiң қалай?
Жасарал одан бетер айран-асыр.
— Солай... Машинаға зорлап мiнгiзген соң көзiмдi қара матамен байлап тастады. — Үнi дiрiлдеп, жылауға шақ. — Тура подъездiң аузына тоқтап, алды-артыма қаратпай бiрден iшке енгiздi. Бесiншi қабатқа көтерiлiп, 32-шi пәтерге кiрдiк. Бар бiлетiнiм — осы.
Олардың панасызды басынған қарау тiрлiктерiне ит жыны қозды. Ыстық қаны миына шауып, қашырлата азу тiсiн қайрады.
— Сен оған қалай тап болып жүрсiң?
Көкейiнде дүдәмалдана бой көтерген сауалын ірікпеді.
— Гүлжан ғой алдап алып шыққан.
Бұдан арыға шыдамай жылап жiбердi. Жiгiттiң де қайраны таусылып, екi көзiне ерiк берген жанның солқылдауын тыңдаудан басқа шарасы қалмады. Әйткенмен, әйелмен қосылып әйелше жасуды жөн көрмей, тез есiн жиды.
— Ал-ло, ал-ло! Сен менi естiп тұрсың ба?
— Иә... — Құмыға әзер сөйледi.
— Оның күйеуi қайда?
— «Бiтiмнен бiр жола ажырастым» деп, өзiмен шабадандарын қоса алып жүр ғой.
— Ым-м... — Жiгiт сәл-пәл ой селiне шомды. — Қазiр кiммен жүр?
— Серiк деген инелiк тәрiздi...
Кенет, қолынан бiреу тұтқаны жұлып алып, сөзi шорт үзiлдi. Дыңылдаған мембранада шәуiлдеген қанденнiң ащы шарқая дауысындай шәңкiлдек әрi зуылдақ үн пайда болды. Жасарал бiрден таныды.
— Иә, қалың қалай? — Келемеждегенi анық бiлiнеді. — Телефонмен болса да соңғы рет сөйлесiп қалсын деп, мүмкiндiк бердiк. Мауықтарың басылған шығар. Ендi оны көремiн деп ойламай-ақ қой.
Қияңқы сөздер шамына тисе де, қызбалыққа бой ұрмауға тырысты.
— Неге көрмеймiн?
— Алматыдан бiр жола әкетсек, қалай көрмекшiсiң?
— Қайда?
— Үйгентасқа.
— Менi ол жаққа жете алмайды деп кiм айтты саған?
— Әбден Әбдiрахманға қатын боп қойғаннан кейiн барғаның түктi де өзгертпейді.
Бiреу құлақ шекесiнен қойып жiбергендей, миы зың ете қалды.
— Оның баласы бар екенiн бiле ме?
— Неге бiлмесiн, «баланың ешқандай кiнәсi жоқ, туған әкесiнен әрмен боламын» деп отыр.
Жұдырық үстiне жұдырық тигендей сансырады. Қапелімде тіліне ештеме оралмай қара тұяқтан хал кетіп, ұзақ шабыстан қалжыраған жылқыша сенделдi.
— Қашан жүресiңдер?
— Ертең. Бүгiн үш жiгiт Мәскеуге Гүлмираны алып келуге ұшып кеттi. Солар оралысымен жолға шығамыз. Ол жақтағылар «келiн түседi» деп күтiнiп, даяр отыр. Хабарлап қойғанбыз.
Мыстан сияқты зымиянның сөз мақамында табалау басым. Өзiнiң жасаған ерлiгiне насаттанатын тәрiздi.
— Көресiң әлi менiң қолымнан не келетiнiн!
Оның соңғы сөзi жiгiттiң қитығына тидi.
— Гүлжан!
Бағанағыдай мәйпездемей, мысасына мiнiп қатты кеттi.
— Алты жыл бір шикі өкпе деп аңырап, биыл ғана үмітіңнің шырағы жанды. Ол қуанышты күнге де алла жазса, санаулы ғана тәулiктер қалды. Осындай жақсы тiлеудiң алдында тұрып, мынандай қиянатқа барудан құдайдан қорықпайсың ба? Жiбер. Жiберткiз Нұрмираны! Сенiң он төрт-он бес жыл дос болғаныңның өтеуi осы ма? Ол аз десең марқұм әке-шешесiнiң алдын көрiп, бесiншi сыныптан институтты бiтiргенше үйiнде тұрмадың ба? Қайырымдылыққа жасаған жақсылығың осы ма? Ең құрымағанда аруақтарды сыйласаңшы.
— Мен ештемеден қорықпаймын, содан келетiн кердi көрiп алдым. Бар мақсатым — жанашыр қамқоршысы сенен Нұрмираның iргесiн аулақтату.
Қыбы қанып, жiгiттiң опынғанын қызықтайтындай.
— Сонда не болмақ?
— Саған да, маған да, оған да жақсы болады. Осы менiң жасағаныма әлi талай алғыс айтасыңдар.
Жасарал әңгiме әлпетiн әдейi басқа арнаға бұрды.
— Бiтiм қайда?
— Балаларына кеттi.
— Неге «балалары» дейсiң, «балаларымыз» деушi едiң ғой.
— Мен онымен ендi бiрге тұрмаймын. Төрт баласын алты жыл бағып-қақтым, сол да жетер.
— Кетуiңе не себеп?
— Оның саған қажеті шамалы.
— Серiктiң ашынасы екенiңдi бiлген шығар?
— Қабырғаңа батып бара ма?
«Ар-иманнан жұрдай, жойдасыз немеде не келбет бар?» деп ойлады Жасарал тек телефонмен ғана тiлдесiп жүрген, өмiрi бет-жүзiн көрмеген Гүлжан туралы iштей топшылап. Онымен бұлай сөйлесудiң өзi күнә сияқты. Соңғы пайымын сезе қойғандай ол да арғы жақтан:
— Тергеп бiттiң бе? — деп сұрады.
— Нұрмираны шақыршы.
— Жоқ! Ендi сөйлеспейсiңдер дедiм ғой.
Телефонның тұтқасын жаба қойды.
6-ТАРАУ
Әлгi жiгiттiң кеткенiне де бiраз мезгiл болды. Далаң үйдегi жалғыздық әйел жанын қыжыртып, жай таптырмай шыжғырады. Төр көрпенiң үстiнде ары аунады, берi аунады. Мезi етсе де далдасында кете беретiн әдеттегі мазаң ойлар да жақсы екен. Соған алданып, күн жұбатып уақыт өткiзетiн. Қазiр одан да сарсылып, шаршаған, қажыған мүскiн хал кешуде. Көкiрегiн көрiктей етiп уайым, шер кернеп әкетiп барады. Мұңға тұншыққан жүрегiнiң солығы да, әптiгi де басылар емес. Дерт-дербезенiң уыты санасын тұтқырландырып, қаңырығын түтетедi. Бiр кезде қандай едi ...
Нұрмира оң жақ жамбасына қарай аунап түсiп, ауыр күрсiндi. Сол күйiндi қалпында ырғын ойдың ырқында жөней берген.
...Элмира, Гүлмира, Нұрмира, Гүлжан төртеуi мәре-сәре қалпы қақпадан аулаға ендi. Қуаныштарында шек жоқ. Мектептi бiтiргендерi өз алдына, жаңа соңғы эмтиханнан алған бестiктерiнiң буы бар, лекiген көңiлдерi тым асқақ.
Олардың осы салтанатты шақтарын одан әрмен әрлендiрiп, шаштарындағы ақ бантиктерi ерке желдiң еркiмен елегiзе қалады. Нұр жайнаған өңдерiнде балауса қыздарға тән болмашы ғана алаулаған қызылдың табы бiлiнедi.
Төртеуi де әсем, төртеуi де сұлу. Гүлжан оқшау да, қалған үшеуiнiң ұқсастығы сондай, бiрiнен-бiрiн айыру мүмкiн емес. Бойлары да, қылтиған қылпы да бiрдей. Сыңғырлаған күлкiлерiне, нәзiк үндерiне дейiн айна қатесiз. Аңғары кең нәркес көздерi де тым ұқсас, қою қастары да айнымайды. Үшеуi де қордың үр қызындай үлбiреп тұр. Елiктiң лағындай аса нәзiк. Бiрақ, нәуетек жүректерiнде асқақ арманның мұзарт шыңы бар-тұғын.
Үйге кiре берер тұста оларды әжелерi қарсы алды.
— Ботақандарым менiң, келдiңдер ме?
Құшағын жая әлде толқудан, әлде мейманасының тасығандығынан саусақтары дiрiлдей қалт-құлт етiп, немерелерiне қарсы бiр-екi адымдады. Олар да дамылсыз «былдырлап», адамды шыр көбелек айнала ұшатын ақ тамақ қарлығаштардай, әжелерiн шұрқырай кеп қаумалады.
— Тәуба, құдай, тәуба! Осыларды көрсеткенiңе шүкiр.
Маңдайларынан кезек-кезек сүйді.
— Апа, бәрiмiз де бес алдық!
Нұрмираның шаттық кернеген үнi ойнақы әрі көздері күлім қағады.
— Құлындарым-ай... Құдая құлдық, құдая құлдық. Үлкен жiгiт болыңдар!
Таласып-тармасып әжелерiнiң қолтығына тығылған қалпы, төртеуі өлмелi кемпiрдi сүйрелей үйге беттедi. Әжелерi балапандарын қанатының астына алған құдды бiр күрiк болған мекиеннен аумайды. Әлденелердi балдырлап, тынбай сөйлеп келедi.
— Ендi әлгi «отаудың баласы» қайда жүр екен? — деп, ұлына алаңдады. — Тамағы суып қалмай жылдамырақ келсе көрiм.
Бұларды сырттай босағадан байқап, назарын аудармаған Ыдыханның жүрегi елжiреп, емешегi езiлдi. Бiр сәт қыздарына тұра жүгiруге ұмсынды да енесiнен именiп, өзiн тежеді. Езуiнде балаларының бақытты шағын көргендіктен үйірілген риясыз күлкi.
Анасын ең бiрiншi аңдаған Элмира:
— Мама, бiз ақырғы эмтиханды да тапсырдық! — дедi барынша айқайлап, кеудесiнде атқалақтаған шаттығын iрке алмай.
— Қанша алдыңдар?!
— Бес!
Төртеуi уағдаласқандай бiр мезетте шу етіп, қолдарын көтере саусақтарын тарбитты.
Ыдыхан қыздарына өбектей жетіп, беттерiнен шөп-шөп сүйдi. Әрине, Гүлжанды да өз қыздарынан биттәй да алалай алмайды. Ол да iшi-бауырына кiрiп тұр.
— Мен алаңдап, сендердiң жолдарыңа қараумен жүрдім. Дастарханды жасап қойдым да, байыз таба алмай үйде сенделдiм де қалдым. Бәрi жақсы болған екен, иығымды басып, еңсемдi езген батпанның салмағы жеңiлдеді.
Ана шiркiн ағынан жарылып, өзiнiң қалай қиналғанын қысқаша айтып түсiндiрдi. Бебеу қағып қыстыққан сәт артта қалып, енді жайбырахат қалпы күлкі араластыра сөйлейді.
— Тамақ дайын, тез-тез киiмдерiңдi ауыстырып, дастарханға жайғасыңдар. Қазiр әкелерiң де екi өкпесiн қолына алып жетер, — дедi Ыдыхан.
— Мама, ендi бiз мына мектеп формасын ешқашан кимеймiз ғой. Бүгiн шешiнбей осы қалпымызбен отырайықшы, — дедi Нұрмира аузы бұртия сөйлеп, еркелiгiн танытып.
— Жарайды, күнiм, жарайды. — Шешелерi бiрден келiстi. — Бүгiнше киiңдер, сосын тығып қоямын. Кейiн тұрмыс құрып, үй болғандарыңда жасауларыңа қосып апарамын, — дедi қыздарын еркелете әзiлдеп.
— Соны ғана көруге асығып жүрсiң бе, мама?
Элмира көзiн алайтып, зiлсiз тiл қатты.
— Әрине. Баласының ер жеткенін көргiсi келмейтiн ата-ана бола ма?
Осы кезде Құсан үйге ендi. Қолында бiр құшақ қызғалдақ. Көзiнде шаттықтың нұры еседі. Қуаныштан жүрегi атқалақтап тұрғаны айпарадай анық.
Әкесіне қарай өрiм қыздар құралайдай қылпымен тұра ұмтылды. Алғаш жеткен Нұрмира мен Гүлжан әке бауырына күмп берiп кiрдi де Элмира мен Гүлмира екi қолтығына тығылып, жабыса қалды.
Шырайлы, мәре-сәре қалыпты бiр сәт болса да ұзарта түскiсi келгендей Құсан, балаларының бетiне мейiрiмiн төге бажайлай қарады. Езуiнде күлкi. Мейманасы тасып, көңiлi асқақтады. Балапандарын құшағынан шығарғысы жоқ, өмiрiнiң шұрайлы қалпы қолайына жағып барады.
Райыс ыстық сәтте ең бiрiншi Элмираның бетiнен сүйiп, қолындағы гүлiн бердi.
— Дәу жiгiт бол, қошақаным!
Арқасынан қағып, қайыра маңдайынан иiскедi. Сосын Гүлмираға өбектей үйірілді. Гүлжанға жүрек жарды ләмiнiң легiн ағытты. Ең соңында Нұрмираға емiрене әздектеді.
— Құдай алдарыңнан жарылқасын! — Маңдайынан өбіп, басынан сипады. Бiрақ, әке тiлегi бәрiне бiрдей арналып айтылып жатыр едi. — Азамат болды деген осы, кәмлетке толдыңдар.
— Балаларың бес алыпты! — Әйелiнiң үні сөзiн бөлді.
— О-о, алтындарым! — Құсан кеңкiлдей күлiп, бөбектерiнiң бетiнен алма-кезек тағы бiр сүйдi.
— Жүрiңдер ендi, тамақтарыңды iшiңдер, — дедi Ыдыхан қиыла тiл қатып.
Төрт құбыласы сай, төрт көзi түгел кең дастарханға жайғасқан соң Құсан шешесiне:
— Апа, немерелерiңiздiң мектеп бiтiрiп, үлкен жiгiт болуы құтты болсын! — дедi.
— Айтсын, күнiм! Қағанағым — қарқ, сағанағым — сарқ, Алакөлдiң суы асығымнан келмей отыр. Осы қарғаларым аман-есен боп, мынау сығанақтар ғана сыр сауып iшкен сырдақ жалғаннан марқадам тапса екен.
Сол күнi олар бақыт құшағында тербеле шайды да, тамақты да сiреп iштi. Өмiрi шөлi қанбайтын қарияның да сарығы басылғандай.
... Түн жарымынан ауса да кiрпiгi айқаспады. Қоянның жымындай шыйырланған көргендерi мен естiгендерi әбден сарсаңға салды. «Шуақты күндер әлдеқашан өтiп кеткен екен ғой...»
7-ТАРАУ
Мына бетбақ келіншектің сонша қорлағаны жанын күйдiрiп, қайраны жоқтық — өңезi туырылған өзегiн тiлгiледi. Орынында байыз тауып отыра алмай, кабинетiнде ерсiлi-қарсылы жүрдi. Қалтасынан темекiсiн алып тұтатты. Қас қылғандай әншейiнде дамылсыз бебеулейтiн телефон да безерленiп, үндемейдi.
Зәузадада «осының бәрiн әйелiм бiлсе, қайтедi?» деген сұрақ санасында жарқ етiп, ұшқын бердi. Сол-ақ екен жүрегiнде суыл пайда боп, өне-бойы шымырлай жөнелдi. Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ етті. Бiреуге қамқорсимын деп жүрiп, өзiнiң iстеген iсiне есеп беруден қалғанына қатты опынды.
Сыбағасын ит жегендей терең күрсiндi. «Шуағым менің, осының бәрiнен бейхабар, үйде баланы ойнатып жүр ғой».
Бiр сәт зайыбына жаны ашып, өзiн жексұрынның жексұрыны көрдi. Әрi-берiден кейiн осыншама былғанып, оның қасына жақындауды үлкен мiн санады. Ұзақты күн мұны күтiп, жолына қарайлаған көгенкөзге емешегi езiле, жаны ауырды.
Пәруана күйден арылтып, селк еткiзiп телефон шырылдай жөнелдi. Асығыс тұтқаны жұлып ап, «иә» дедi.
— Нұрмирамен сөйлесесiң бе?
Сұқсұр үйректей сумаңдай тiл қатты.
Мынаның аяқ асты құйындай өзгергеніне Жасарал таң-тамаша.
— Бер...
— Қазiр.
Бiр минуттай шамасында тұтқаны жан баласы ала қоймады. Сосын, желі бойында қытырлаған дыбыс жүгіріп, бiреудiң көтергенi бiлiндi.
— Ал-ло, Жасарал! — Тағы да Гүлжан. — Қазiр келедi, сөйлесiп тұр. Жаным ашығандықтан тiлдестiрейiн дедiм, әйтпесе...
Бұны қоя ғойып, арғы беттегi бiреуге «жiбершi, болды ендi» деп, кейiй тiл қатты.
Аз үзiлiстен соң Нұрмираның үнi естiлдi.
— Ана айуандар күш көрсетiп жатқан жоқ па? — дедi дегбiрi қашқан бұл.
— Тиiспек ниет байқатты, бiрақ, «осыдан маған жақындасаң, терезеден секiремін» деп, бар шынымды айттым. Жанындағылары «кешке де үлгересiң ғой» деп, тоқтатқан болды.
— Андағы үйдiң телефонының номерiн бiлмейсiң бе?
— Бiлсем милицияға хабарламаймын ба? Гүлжан ары баршы! — дедi. Шамасы қылқиып жанында анау тұрса керек. Там-тұм үзiлiстен соң:
— Гүлжанмен дұрыстап сөйлесшi, алдаусыратып. Жiберетiн шығар, ең құрымағанда жарты сағатқа.
— Ұрланып шығып кетудiң мүлде жолы жоқ па?
— Үш-төртеуi менiң қасымда, аңдып отыр. Әлгiнде жатын бөлмеге жалғыз өзiмдi жауып тастады.
Жағдайдың тым шиеленісіп бара жатқанын бағамдады.
— Мақұл, жұмсағырақ сөйлесуге, тiл табысуға тырысамын. Шақыршы оны.
Гүлжанның қылығы зығырданын қайнатса да жігіт мейлiнше өзiн тежедi, ашуына сабыр суын септi. Көп кешiкпей шiңкiлдек үн мембранадан құлағына шаншудай қадалды.
— Неменеге маған құштар бола қалдың?
Салған жерден шаптықты.
— Гүлжан, менi түсiншi. Тек жарты сағатқа ғана босатшы Нұрмираны. Содан кейiн қайта оралады. Оның баратын жерiнiң бәрiн бiлесiң, қашып кеткен күнде де құтқармайсыңдар.
— Олай, сен ойлағандай нәрсенi жасай алмаймыз.
— Мiне, Гүлжан, ана болғалы отырсың. Шапағат-мейiрiмiң, жанашырлық сезiмiң қайда?
Мұны естiген одан сәл-пәл жауап болмай, екi ортада үнсiздiк орнады.
— Мен бiлмеймiн. — Құты қаша, абыржи сөйлейтiн тәрiздi. — Оны жiберген кезде аналар келiп қалса, не жасамақпын? — Қолында дәнеңе тұрмағанын жасырып-жаппады. — Мында бiреуi бар, сонымен сөйлесейiн. Қазiр, телефонды өзiм соғамын.
Бұл күтпеген жағдайы, шаптыққан неме елп етiп бiрдемде өзгердi.
Жасарал дiңкелеген қалыпта, орындығының арқалығына шалқайды. Өне-бойы дел-сал, миында мыңғырған ой. Енді, Нұрмираны жiбере қалса оны қайда апарарын бiлмей сарсылды. Ана шетi мен мына шетiне ат шауып жете алмас Алматыдан, бiр адамға бiр күнге оңтайлы орын табылмады. Барлық қуыс-қуысты көздерi шатынаған адам-аждаһа жайлағандай. Егер бұйымтай айтқан күнде өзiнiң таныстары мұның тiрлiгiн қалай түсiнiп, қай саққа жүгiртетiнiн топшылағанда, топшысы қиылған қара құстай олшиды да қалды.
Апалақтап ойша әркiмге бiр тоқтайды, ешқайсының жөнi келмейдi. Ақыры тапты-ау. Сырттай сыйлас, онша қарым-қатынасы жоқ Оразбек дейтiн жiгiтке өтініш білдіруге бекiндi. Тәуекелге бел буғанымен сонда да телефон құлағына қолы сан барып, сан қайтты. Бәрiбiр iшкi күштiң әуселесiнен асып, ындыны шығарған шешiмге құлдығы тегеурiндiк танытпады.
Түйсiгi алдамапты. Жанын қуырған қысталаңда Оразбек қол ұшын берiп, көмек көрсеттi. «Онда тұрған не бар, келiп қонсын. Ешқандай сөкеттiгi жоқ» дедi жайбарақат. Осыны естiгеннен кейiн Жасаралдың сәл де болса тынысы ашылып, арқасын кеңге салды.
Бұл — бiр сәттiк қана әсер екен, әйтпесе дызақтап, уақыт өткен сайын байыз таппай барады. Ендi «Гүлжан телефон соға ма?», «Нұрмираны босата ма?» деген түйткiлдi күмәндар омырауын сығымдап, тынысын тарылтты. Сәл болмағанда қайткендей едi, өтi жарылуға шақ қалғанда мылқау телефонға тiл бiттi. Апыл-ғұпыл тұтқаны жұлып алды.
— Жасарал!
Гүлжанның шiңкiлдек үнiн суқаны сүймесе де, барынша жұмсағырақ, сыпайырақ көрiнуге тырысып бақты.
— Не болды?
— Сен алдамайсың ғой? Оны қайыра жiбересiң бе?
— Қашан көрiп едiң алдағанымды? Оның менде заттары бар, алады да кетедi. Жiберемiн!
— Онда жарты сағатқа ғана босата аламын. Қазiр үштен қырық минут өтiптi. Төрт онда қайта осында болуы тиiс.
— Мақұл, келiстiк.
Бағанағыдай машинаны подъездiң алдына тақап қойыпты. Мiнгеннен кейiн бiрден Нұрмираның көзiн таңып, содан соң бiрақ жылжыды. Өздерi қап-қара көзiлдiрiк таққан. Жалпы, шуақты күндi әдейi күңгiрт етiп көргiлерi келетiн iспеттi.
Көп ұзамай музыка қосылды. Өз ара даурығыса сөйлеп, қарқылдаса күлiседi. Бiрақ, олардың әңгiмелерiне ден қойып, құлақ түрiп отырған Нұрмира жоқ. Ой теңiзiнде малтып, миын қатыруда.
Гүлжанның сонша жексұрындыққа барып, ата жауы жасамайтын қаскөйлiгiне зиыны жетпедi. Бiр сәт Бiтiмге жаны ашыды. Мiнезiнiң шайпаулығынан бiр шаңырақтың астында бейбiт от түтетiп тұра алмай, алғашқы әйелiмен ажырасты. Бастапқыда төрт баласының бiрiн де тастамай өз соңынан әкетiп едi, соңыра үлкенi кiшкенелерiн жетелеп, әкелерiне қайтып келген. Шамасы, екiншi күйеуi ешқандай жазығы жоқ сәбилерге жайсыз болса керек.
Содан, әке қарашықтарынан жан жылуын аямай әлпештеп, ақ таңнан қара кешке дейін тырбынумен болды. Қайтсе де көп балалы еркекке жалғызбастылық ауыр соқты. Үй-iштi күтiп ұстау, кiр-қоңды жуу оңайшылыққа түспедi. Ақыры бұйрық солай шығар Гүлжанға жолығып, екеуi созбаққа салмай ерлi-зайыпты ғұмыр кешкен. Оның балаларына деген мейiрмандығы Бiтiмнiң ет жүрегін елжiреттi. Бiрiншi әйелiнен әлдеқайда жас, қылықты келiншек те үй-ішті баурай бiлдi. Тек бiр әттеген-айы, құрсақ көтере қоймады. Мұның себебiн де бiлетiн. Аңғал қыз кезiнде от басып, алдауға түсiптi. Абыройдан айырылып, оң босағада отырып жүктi болу — әке-шешесiн тiрiдей жерлеумен тең. Ар азабымен қатар жан азабымен арпалысып жүріп, iшiндегi сегiз айлық баланы жасырын жолдармен алдырған.
Сол ендi өкiнiшке ұрындырып, өзiнiң де, ерiнiң де бармағын шайнатуда. Бiрақ Бiтiм жақсылыққа ұйғарып қойған. Асыл арманы алдамапты, арада алты жыл өткенде зарықтырып барып, әйелi бала көтердi. Жақсы тiлеудiң үстiнде жүрген. Әйткенмен, бақыт алыстан бiр қылаң берiп, қайта тасаланғандай.
Ал қазiргi Гүлжанның тiрлiгi болса мынау. Өңшең терiс азу арланның ортасына дара түскен қаншықтай, саусылдаған үртiс еркектiң арасында жадыланып жалғыз жүр. Адам абыройсыздыққа ұшырап, ақымақ болайын десе аяқ асты.
Бiрдi ойлап, бiрге кеттi.
Әбдiрахманның мына тiрлiгiне де түсiнбейдi. «Басымды ауыртпай, менi жайыма жiбершi. Көздегенiң — үйiм бе, бердiм оны» деген шамданып. «Өзiң керексiң, дүние-мүлiкке жарымай қаңғып жүрген емеспiн, үй — өзiмде де бар. Мә, керек пе, ақшаны мен саған берейiн!» деп, бұрышта тұрған жәшiктi аяғының астына төңкере салды. Қызылды-жасылды бума-бума ақша тау боп үйiлiп қалды. «Мен мынаған тағы да үй, тағы да машина сатып алуға құдiретiм жетедi. Кез-келген қызбен ойнап-күлуiме жарайды. Әйткенмен, ондайға барғым келмейдi. Тек сен қажетсiң маған». Қабағын түйiп, қабаған иттiң ырылдағанындай тамағы қырылдады.
— Қалқатай, кеп қалдық.
Оң жағында отырған басы қазандай, бетi жап-жалпақ, көзi доп-домалақ, өзiнiң етжеңдiлiгiне қарамай зуылдақ, ұшып-қонған бiреу-тiн. Сол келемеждей тiл қатты.
— Көзiңiздi ашуға ұлықсат етiңiз.
8-ТАРАУ
Құйымыр өмiр шұғылалы шаққа тым сараң. Кеше ғана қуаныш пен шаттықты емiздiктетiп, үйiп-төктi. Онысы бiр сәттiк екен. Бүгiн суы тартылып, табаны айғызданған iркiндiнiң орынындай көңiл де, тiрлiк те сүреңсiз — айғыз-айғыз.
Мектептi бiтiрiсiмен жоғарғы оқу орындарының бiрiне көштен қалыспай, жұртпен қатар түсетiндей сезiнетiн. Әттең, жазымыш бұлардың ойлағанынан әлдеқайда басқаша. Ендi, мiне, дестерi қайтып, салы суға кетiп, көңiлдерi пәстенiп, жер тезек болып қалғаны. Қалап барған жоғарғы оқу орынынан дәрiс алуды құдай бұлардың пешенесiне жазбапты. Бұйрық солай ма...
Бұған Ыдыхан қатты опынып жүрдi. Үш қарғасының тағдыры қабырғасына батты. Қолдан келер қайран қайсы? Әлдекiмдерге арқа сүйейтiн жал-құйрығы жоқ, өзi бiреудiң жалғызы. Қас қылғандай ерi де әке кiндiгiнен жалқы. Сөйтiп, екi жарты бiр бүтiнге айналған. Екеуi де үбiрлi-шүбiрлi болуды армандайтын, оған тәңiр жiбердi ме?..
— Уһ-һ, — деп терең дем алды. Күрсiнiп едi көкiрегi қарс айырылып жеңiлдегендей сезiндi. Бiрақ, түйсiгiн ой бунаған қалпынан арыла алмады.
... Ыдыхан Ленинградта дүниеге келдi.
Шешесi Зибаш Қазақстанның оңтүстiк өңiрiнен. Ол, қызыл мен ақ арпалысқан қалаймақан заманда ата-анадан ертелей айырылып, балалар үйiнде тәрбиелендi. Жетiмханаға не бары төрт-ақ жасында барды, алды-артында бауырларының бар-жоғы беймәлiм. Өзiнен кейiн бiр iнiсi болған сияқты, кейде онысы түске ұқсаңқырап кетедi. Аты қаперінде жоқ. Ақыры осы сауалдың ұштығына жете алмай, шаршап қойған. Әйтеуiр, ес бiлгелi соқа басы сопиып жалғыз келедi.
Сөйтiп жүрiп, балалар үйiнен 7 сыныптық бiлiм алғаннан кейiн, Алматыдан жарты жылдық медициналық курсты бiтiрдi. Одан Бiшкекке санитарлық жұмысқа жiбердi. Ол жерде де тағдыр оны байыздатып тұрақтатпай, еңбек еткенiне бiр жылдай уақыт таянғанда Ресейден бiр-ақ шығарды. Анау-мынау қала емес, Ленинградқа топ ете түстi. Әрi, медициналық училищеге жолдамамен келдi. Екi жарым жылдай сол жерде бiлiм алды. Училищенi өте үздiк бағамен аяқтап, педагоктар ұйымының шешiмiмен медициналық институтқа қалдырылды.
Бiлiм қуып жүрiп, тұрмыс құрып, от түтету жағын ойламапты. Әбден отызға таянғанда барып, Алматыдан арнайы жолдамамен Ленинградтағы медициналық аспирантураға қабылданған Санжар деген жiгiтпен отасты. Содан Ыдыхан дүниеге келдi. Балалары үшке таянып құлдыраңдап жүгiрiп жүрген... Зибаш үшiн өмiрдiң тiлмен айтып жеткiзе алмас керiм тұсы едi ол. Бiрақ бұл жазғанның салғанына көнбеске амал бар ма? Шұғылалы шағының шақшәлекейі шығып, тұтқиылдан соғыс басталды. Санжар iле-шала Кеңес армиясы қатарына шақырылып, туған жерiне де бармастан майданға аттанды. Iзiнше, екi ай өтер-өтпесте қолына қара қағаз тидi. Сөйтiп, ері — Зибашты жесiр, Ыдыханды жетiм етiп бақилық дүниеге жөней бердi.
Зибаш ең бiр асыл да абзал жанын жоғалтқаннан кейiн бұл өмiрден түңiлдi. Көңiлiнiң құлазығаны сондай, бiр кездегi әсем Ленинградтан жұрын ғана қалғандай. Санасын мазасыз мұң кеуледi. Тiрлiктiң мына жалғандығына күйiндi. Нойыс тағдырмен арпалысып «жер басып жүрмiн» деп күнелтудiң қара судай кенеуi жоқ, бос сөз екенiн әбден ұғынды. Бiрақ, бiр ғана көз қуанышы Ыдыханды ойласа немесе еркелетсе уыты күштi уайымның iргесi сөгiлiп, шамалы уақытқа ыдырайтын. Осы кiшкентай құлыншағын көзтүрткi етiп, ешкiмге тұрмысқа шықпай-ақ қояйын деген шешiмге тоқтады. Әрi, Санжарының шаңырағын көзiнiң тiрiсiнде ортасына ойран етiп түсiргiсi жоқ.
Сұрапыл соғыстың өртi күн өткен сайын өршiп, басқыншылардың қарулы қолы Ленинградтың қызыл өңешiне таянды. Жаны мұрынының ұшына тақалған Зибаш жалғыз қарғасын қайда жiберерiн бiлмедi. Өзi өлсе де болашақ өренiн сақтап қалғысы келдi. Әбден шарасы таусылғандықтан эвакуацияланғандарға қосып, төртке әлi еркiн жете қоймаған Ыдыханды Қазақстанға аттандырды. Өзiмен бiрге қызметтес болған фельдшер келiншектiң қолына бауыр етiнiң бiр түйiрiн тапсырып тұрып, егiле:
— Катя, Алматыдағы балалар үйiнiң бiрiне орналастыр, егер мүмкiндiгiң келсе, — дедi екi көзiнен аққан шым-шым жасқа ерiк-жiгерi жетпей кемсеңдеп. — Сосын мекен-жайын маған жазып жiбер немесе қайтып келетiндей жағыдайың болса, алармын. Өтiнемiн сенен... құлынымның тағдырын бiрiншi — құдайға, екiншi — саған тапсырдым.
Одан әрiге шыдамы жетпей, солқылдап жылады. Ыдыхан да шырылдап, шешесiнен айырылғысы жоқ. «Мама! Мама-тай...» Зибаш көзiнен аққан жасты қоса жұтып, құлындағы дауысы құраққа ұрып шырқыраған қызының бетiнен сүйiп, өлiп барады. Осы арада отарба гудок берiп, орынынан жылжитын ыңғай танытты. Жұдырықтай түйiншектi нәрестенiң мойынына асып, бода-бодасы шыға өз қолымен тамбурға көтерiп мiнгiздi. Шашы үрпиiп, үрейi ұшқан нәресте керi қарай домалаңдайды. Бiрақ, тыпыршыған кiшкентай үрпек басты Катя бауырына қысып, икемге көндiрмей ажыратып барады. Фельдшердiң көзiнде жас, көкiрегiнде шер: ет-жүрегi езiлiп, өзiн нәрестеге қиянат жасаған күнәһардай сезiндi.
Сол сәт пойыз да жылжыды. Зибаш шорттасы үзiлген малдай бiр уақ қимылсыз қалшиып қалды да, кенет қолын ербеңдетiп вагонмен қатарласа тұра ұмтылды. Екi көзi қызында, қызы бұған қолын соза шырқырайды. Амал қанша қайран жоқ, дiңкелерi құрығандықтан iргелерi сөгiлді. Сонда да болса көзiнiң қиығында осы сәтiн сәл ұзартқысы келгендей жан ұшыра жүгiредi. Өкпесiнiң өшiп, сiлесi қата ентiккенiн де аңғармады. Әйткенмен, темiр тажал iлестiре ме, бiрте-бiрте жанынан жылыстап ұзай бердi, ұзай бердi. Ақыры соңғы тiркеме де қасынан сырғи өттi. Ендi бiрде ұзыннан ұзақ созылған шойын сүйреткi көзден ғайып та болды.
Қайғысы қабындаған қалпы жалғыз қарашығын бiреуге аманаттап, көзiнiң жасын шыра етiп ызы-қию шудың ортасында қала бердi. Ештеменi естiмейдi, тек құлағында Ыдыханның шырқыраған дауысы. Сосын «алаңдама, қолымнан келгеннiң бәрiн жасаймын» деген фельдшердiң сөзi ғана.
Вокзалдың басында қаншама тұрғаны белгiсiз, басырқып кеткен көңiлi қабыржып әзер өз-өзiне келдi. Қаяу мұң Зибашты шемiршектетiп, сенделтiп тастады. Аяғын iлби басып, өзi жұмыс жасайтын госпиталға қарай аяңдады. Iшi алай-түлей. Ыдыханын ендi көре ме, көрмей ме белгiсiз. Оның бәрi бiр аллаға аян болмаса, екi аяқты пенденiң зиыны жететiн дүние ме?
Қара батпан қайғы қабырғасын қайыстырғанмен, Ыдыханын тылға жiбергенiне қуанды. Ленинград содан бiр-екi күн өтпей түгелдей қоршауда қалды. Әйткенмен, дәрiгер Зибаш бiр үмiтiн бiр үмiтке жалғап, дәргейiндегi жаралыларды емдеумен әуре. Қанша өзiн-өзi жұбатып, шаруаға алданғанымен, жүрегi қолқылдап, iшi қан жылайды. Соғыс болса бiтер түрi жоқ, сарқылған төзiмiн одан сайын түгесе түсейiн дегендей ұшы-қиырсыз ұзап барады. Тым болмаса Ыдыханын сенiп тапсырған әлгi фельдшерден хат та, хабар да тимедi. Соны ойласа көмейi күлкiлдеп, тамағына өксiк тығылады. Кеңсiрiгi удай ашып, жанарынан ерiксiз жас шығады. Бiрақ, жалғыз қарашығының аман екендiгiне қу жүрегi бiртүрлi, сенiмдi сияқты.
Зибаштың көптен жазылмай жүрген шилi жарасы — қызының үштi-күйлi кеткендiгi-тiн. Соны уайымдап, мүскiн күй кешкелi екi жылдан асып барады. Бейшара өзi әбден жүдеп, адам танығысыздай азған. Ауыр бейнеттiң зорығы былай тұрсын, аштық титықтата буып, жүйке мен шыдамды тобақазығына жеткiзген.
Ең әуелi немiстер «Бадаев» қоймасын атқылап, өртеп тынды. Күллi азық-түлiк сонда. Соңыра халық оның орынын тiлмен жалағандай еттi. Күл мен топырақ арасынан дәндi терiп жедi. Көп ұзамай әлгi жер тышқандар қорығына айналды. Тышқан аулағыштар да табылды...
Қатал өмiр мысасына мiнiп, үйелменiңмен ұйпаймын дегендей ел сүрепетiн ұшырып жiберген. Ленинградтың көшелерiнде кiрпiшше жиналған мәйiттер. Ал, үйлерiнен шыға алмай аштан қырылған отбасы қаншама, жаның түршiгедi. Қайда барсаң да қоршаған өлiк, құдай көртышқандардың тiлеуiн бiр бердi. Үлкендiктерi тура мысықтай, ешкiмнен, ештемеден қорықпайды. Сол өлiктiң арасында сiңiрлерiне iлiнiп, жыбыр-жыбыр тiршiлiк нышанын танытқан адамдарға ысылдап айбат шегедi. Бiрақ, бұқара сөйтiп жыбырлап жүрiп фашистерге қаланың қамалын алдырар түрлерi жоқ, қақылары да жоқ. Ашынған, ашынғаннан халық әбден қайсарланып алған. Санаға қайсарлық құсы ұя салғаннан кейiн, ажалдың үрейi түкке тұрғысыз. Ажалды ұмытқан адам, алланың өзiне тура бетпе-бет барып сәлем бере алады. Ақыры блокаданың бүйiрi сетiнедi.
Сөйтiп, iлдебайлап күн кешiп жатқанда фельдшер келiншектен хат алды. Жүрегi жарыла жаздап қуанды. Арада үш жылға тақау уақыт өтiп кеткен. Ол осымен төртiншi рет хат жазыпты, ешқандай жауап болмаған. Әрине, тұтастай қоршауда қалған қаламен қайдағы байланыс, қайдағы қатынасы? Әйтсе де, өле кетсем мойнымда қарыз болар деп, бейшара тiршiлiгiнде парызын өтеуден тынбапты. Қазiр өзi Курскi доғасында дала госпиталында екен. Талай майдан шебiнде жүрсе де Ыдыханның мекен-жайы жазылған қағазды жоғалтпай сақтағаны — бөлек ерлік.
Бұл хабар кешiгiп жетсе де Зибаштың айдыны асып, топаны толып сала бердi. Бiрден балалар үйiнiң басшысына хат жолдады. Бар ойы қызының сол жетiмдер үйiнде бар-жоғынан мағлұмат алу. Дегенмен, тағы да әбден сарсылтып, кемiнде және бiр жиырма жылға қартайтып барып жауап тиді. Ыдыханы аман-есен екен, құлыншағы бар екен әйтеуiр. Сарабдал сағыныштың салдарынан ал кеп жыла, көкiрегi қаздай шулап, көңiлi әлдеқайда алып қашады. Кеудесiнде күмбiрлеген қуаныштың лебi басым сияқты. Бiр жағынан қуанғанымен «торғай жаңбыр жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» деген сөз жадына оралып, қоңырайып қалды. Перзентiне аналық мейiрiмiн төгiп, сары ауыз үрпек кезінде қанатының астына ала алмағанына өкiндi. Өкiнгенмен, қолдан келер қайран бар ма, жазымыш солай шығар. «Әйтеуiр, тәңiр бiздi кездесуге жазса ...»
9-ТАРАУ
— Көзiңiздi ашуға ұлықсат етiңiз.
Қара матаны шешкенде жарықты тосырқап, жанары жасыды. Біртінбіртін үйреніп, төңірегіне бажайлағанында «Арман» кинотеатрының қасында тұр екен. Ештеме болмағандай, дәнеңемен шаруасы жоқ адамдар ары-берi қаперсiз қайшалыса өтуде. Кәдiмгi күндегiдей беймарал тiрлiк. Олар мына жауыздарды да өздерi секiлдi әшейiн жандарға балайтындай, бiреуi селт етiп мойын бұрсашы.
— Неғып бөгелiп қалдың? — Әлгi айран бет айылын жияр емес. — Мынау бiздi қимай тұр-ей, жiгiттер! Бар, бар сүйiктiңе. Берiлген уақыт та шамалы. Әйтпесе, қазiр осы жерден керi алып кетемiз.
Ендi ғана есiн жинаған келiншек жүгiре басып, iлгерi оза берген.
— Әй-и! — деп айқайлады әлгi, — он бес минуттан кейiн «Қазақстан» қонақ үйiнiң алдында күтемiз. Қайныларыңды ұмытып кетпе. Жердiң тесiгiне кiрсең де табатынымызды бiлесiң.
Сөзiнiң соңын кесетiп, мық шегесiн мықтап қағып, айбармен бiтiрдi.
Жасарал Нұрмираны келiсiмен сыртқа ала жөнелдi. Орталық есiктен шықпай, қақпақылы көп үлкен үйдiң басқа тұсынан далаға беттедi. Көшеге бiрден ұмтылмай, ең бiрiншi төңіректi баспалап қарап алды. Күдiктi ешкiм назарға iлiкпеген соң, жолдың арғы бетiне өттi. Асыққанда ал кәне такси тоқтай қойсашы. Алуға ниет бiлдiргендерiнiң өзi, бұлар баратын бағыттан мүлде қиыс кететiн болады. Бiреу-мiреу бас сала ма деп, екеуiнiң де шыбын жаны шырқырады. Сағат тiлi сыпылдап, байыз таппайды. Олар айтқан он бес минуттың он үшi жайдақтық танытып, жайына жөнедi. Астында көлiктерi бар озбырлар, әне-мiне осы маңды шарқ ұрып iздеу салуы ықтимал. Үлкен корпустың мына бетiне шыға келсе, бұқпантайлап, сытылып бара жатқан екеудiң төбесiнен дөп түспек.
Жасаралдың қабағы қабарып, өрт сөндiргендей түтiктi. Нұрмираның мұңлы жанарының аңғарын жас торлап, саусақтары әлсiз дiрiлдейдi. Осы сықпыты, қапылыста мертiккен киiктiң құралайына ұқсайды. Ол үстiне төнген қатерден биiк шөптiң арасына жасырына бұқпантайлағанда, құлағының ұшына дейiн қалтыраушы едi.
Төзiмдi түгесiп, сабырды сарқып барып такси бұларды мiнгiздi. Әлгi, уәделi мерзiм де тәмамдалып, қабырғасы сөгiлдi, машина да жылжыды. Қабыланды аралдан кездейсоқ құтылған жандардай соңдарына ұрлана қарап, алыстаған сайын өңдерiне нұр жүгірдi.
Ертеңiнде жұмысқа келген бетте Гүлжан телефон соғып, шабына шоқ түскендей шарқая дауысымен баж-бұж айқайлады.
— Қайда тығып қойдың? — Кәдiмгi айбар шеккен сұр жыландай ыс-ыс етедi. Қолына түссең, дәл осы сәт — бiз тығып өлтiруден тайынбайды. — Кеше «қайта жiберемiн» деп, басың жерге жеткенше иiлiп, жалына мүләйiмсiп ең.
Мына диiрменнiң тасындай салмағы бар ауыр сөз, бiрден лыпылдатып, шеке тамырында қан ойнатты.
— Әй! — Майлы қасықша ерiнi-ерiнiне тимей зыпылдаған неменi ақырып тоқтатты. — Қорасына үрiп жүрген жалғыз қаншығы сен болсаң да, еркек пен еркекше сөйлесетiн бiр сiлiмтiктерiң табыла ма? Кездесетiн жерiн айтсын, әйтпесе келсiн. Ал, сенiмен, сөйлеспеймін.
Ашудан жақ жүндерi үрпиiп, бетiнiң ұшы түктенiп апты. Телефонның тұтқасын тастай салды. Өз терiсiне өзi сыймай, тордағы арыстанша кабинетiнде ерсiлi-қарсылы сенделдi де қойды. Сәлден соң тағы да телефон шырылдады.
— Тыңдап тұрмын.
Лоқсыған ашу толқынын әрең тежеп, байсалды қалыпқа енуге тырысты. Ойлағанындай бұл басқа адам екен, iштей бiрден қатқыл сөйлемегенiне қуанды. Бейтаныс жан жұмыс бабымен мазалап, күнделiктi шаруаға қатысты мәселелердi сұрады. Әңгiме қысқаша аяқталды, шамасы ашу ызғары бәрiбiр сезiлсе керек.
Iзiнше жылауық балаша шар етiп, телефон қайта шарылдады. Тағы да Гүлжан.
— Сен қанша айлаңды асырдым деп оны жасырғаныңмен, Нұрмираның өзi хабарласты. Әбдiрахманға еркiмен, ықтиярымен күйеуге тиетiн болды. — Жұлдызы жоғары, мейманасы тасыған қалып танытады. — Айттым ғой мен саған, «ол өзiнен-өзi келедi» деп. Сағат үште кездесеміз. Жiгiттерiмiз де Гүлмираны тауып, Мәскеуден ұшып шықты.
Мына жай Жасаралдың төбесiнен жай түсірдi. Өз құлағына өзi сенбедi, ұйқысын аша алмаған нәрестедей манаурап, дәнеңенiң байыбына жетiп, ұғынбады.
— Қай жерде жолығасыңдар? — Жүнi жығылып, айбыны кемiп мiңгiрледi.
— Саған оның қажетi қанша!
— Ол кiмдерге телефон соғыпты? — Салбырап кеткен иiнiн түзеуге тырысып, қатқылдау сөйлеуге талпынды.
— Жанна деген құрбы қызына. Әйтпесе, ол бiздiң телефонды, бiз оныкiн бiлмеймiз ғой. Бәрiмiздi жалғастырушы — Жанна.
Сықылықтап, ғаярлана күле жөнелдi. Мына сайқымазаққа шыдамаған жiгiт, тұтқаны басты да Оразбектiң үйiнiң нөмiрiн тере бастады.
— Ал-ло.
Үй иелерінен ешкiм жоқ екен, Нұрмира көтердi.
— Сен не жасағалы жүрсiң?! — Жiгiттiң үнi ызбарлы. — Өзiң кеше жылап тұрып, олардан құтылудың жолын iздеп ең... Бүгiнгiң не?
— Түнi бойы ойландым. Ешкiмнiң басын қатырмай, осындай шешiмге келген дұрыс сияқты. Әуре-сарсаңға салғаным үшiн, сен менi, кешiр.
— Әбдiрахманды жақсы көрмесең, бiр шаңырақтың астында ғұмыр бақи қалай бiрге күнелтпекшiсiң? — Осы сауалға ақылы шын жетпей, айран-асыр қалыпта сұрады.
— Ендi не жасаймын?.. Қайда барсам да бәрi менi ғана көрiп тұрғандай, қыр соңымнан қалмайды. Бүйтiп, қашып-пысып үреймен өмiр сүргенше, жауыз болса да бәрiне көнiп, бәрiн көргенiм дұрыс сыңайлы. Бәрiбiр, обырлар мен озбырлардың бiрiне тұтыламын.
Ұяң үнiнде қасiрет мұңның қара табы бар. Асықпай-саспай күллi ойын баяндай бердi. Мұнысынан пешенесiне жазылған тағдырға мойынсұнғандық бiлiнедi.
— Қайтемiн, шыдаймын да. Баламның есі кірмей тұрып, «әке» деп үйретейiн. Оның үстiне нақұрыс болса да, бөбегiмдi «бөтенсiмеймiн» деп отыр.
Зың етiп, жүйкесiне бiреу ши жүгiрткендей жiгiттiң миы солқылдады.
Осы келiншектiң азапты өмiрiн естiп, жаны ашығандықтан тiрлiгiне араласқалы берi, оны ешқандай жаманшылыққа қимайтын. Ендi, мiне, тағы да аңдаусызда от баса ма деп, iштей шыж-быжы шығуда.
Ол осылай екiұдай сезiмнiң арасында арпалысып, мүдiре тiл қатты.
— Соңынан опынып жүрмесең жарады. Саған бәлендей уәж айта қоюға ықтиярсызбын. Өз тағдырың үшiн өзiң жауап бересiң, мен iшкi әлемiңе, жеке өмiрiңе қол сұға алмаймын. Оған қақым да жоқ. Тек сағат қаншада, қай жерде жолығатындарыңды айтсаң жетедi. Гүлжанды, Гүлмираны көрейiн, Әбдiрахманмен танысайын.
— Саған үлкен өтiнiш, — қиыла тiл қатты, — ендiгi жағдайға араласпай-ақ қойшы. Бәрi бiттi... Осыдан соң олармен танысып, сөйлесудiң де қажетi жоқ. Тағы да ғафу өтiнемiн, бұдан былай екеумiздiң де кездесуiмiз мағынасыз. Сау бол...
Басын көтере алмай жерде ширатылып жататын топыраққа тойынбаған көлбар жыландай, жантәсiлiмдiкпен көкiрегiнде алай-түлей бiр нәрсе қым-қуыт араласты да кеттi. Сонша жанын жалдап, жанкештiлiкпен жауыздыққа қарсы тұрған еңбегі әп сәтте желге ұшты. Қаншама жiгер, қаншама уақыт тектен-текке рәсуә болғанына iшi күйдi. Ол өздiгiнен барамын десе құй өл, құй тiрiл — қолдан келер дәрмен жоқ. Әсiресе, ақшаның буына мас болған қара ниеттiң алдында тiзе бүккенiне опынды.
10-ТАРАУ
Әбден адамзат атаулыны зәрезап етiп, соғыс аяқталды. Бiрден бәрiн тастап, Зибаш Алматыға құс боп ұшпақшы едi. Қасақы жаудың қолынан қираған қаланы қалпына келтiру басталды да, барғызбасы барғызбай жiпсiз байланды. Өзi Ленинградта жүргенiмен бүкiл ой, қиялы қызын iздеп шарқ ұрып, Қазақстанның астанасын кезедi.
1946-шы жылдың күзiнде қолы қалт еткенде сытылып шығып, Алматыға тартты. Шабан-шардақ отарбамен жарты айдан артық сабылып, әзер жеттi. Бiрден қолындағы мекен-жай бойынша Ыдыханға жөнедi. Еш қиналмай балалар үйiн де тапты.
Үлкен дуалдың алдында жүрегi атқалақтап, аузынан шығып кете жаздап тұр. Iшке енуге бiртүрлi, дауаламайды, дәтi жетпейдi. «Мүмкiн, әлдебiр себептермен басқа жаққа ауыстырып жiберiп, Ыдыхан мұнда жоқ болса қайтемiн?» деген сауал санасында саңылауланды. Сол-ақ екен денесi дiр етiп, өз дүдәмалынан өзi түршiктi.
Кенет, келiншектi беймаза ойдан арашалап, шұрқырай жүгiрген бiр топ бүлдiршiндердiң үнi елең еткiздi. Одан арыға шыдай алмады, батылданып, екпiндете iлгерi басты. Екi көзi анадайда жыпырлаған балаларда, солардың арасынан аласұрып Ыдыханды iздейдi. Балалар да шуылды доғарып, өздеріне қарсы беттеген әскери киiмді Зибашқа аңтарыла қарайды. Жәутең-жәутең еткен көгенкөздердiң мына аянышты ұсқыны, ет-жүректi шымырлатады.
Зибаш бұдан арыға шыдамай:
— Ыдыханды бiлесiңдер ме? — дедi баршасына бажайлай назар аударып.
Ештеме естiмегендей барлығы да үн-түнсiз, ешқайсысы ләм деп тiл қатпады. Бiрақ, өңменiңнен өтер сүлесоқ сұғын қадап, жабырқау жанарларын адамнан айырар емес.
— Ыдыхан Айнабекованы танисыңдар ма?
Тағы да сауал жауапсыз қалды. Сосын лажсыз iшке ендi. Бiрден директордың кабинетiн сұрастырды.
Директор егде тартқан әйел адам екен. Жылы қарсы алды. Мән-жайға қанғаннан кейiн, ескiлеу қоңыр дәптердi парақтап, шұбалған тiзiмге үңiлдi.
— Мен сiздерге майданнан хат жазып едiм. Жауап та алдым, мiнекейiңiз. — Қойынынан ақ жем боп тозығы жеткен қағазды шығарып, ұсынды. — Мұнда, Айнабекова Ыдыханның осында екендiгi туралы айтылған.
Директор хатты алып алдына қойды, үндемедi. Қолындағы қоңыр дәптердегi бөлек-бөлек тiзiмдердi мұқият көзiмен сүзiп бiраз отырып барып, басын көтердi.
— Бiзге майданның әр қиырынан хаттар ағылды, мейлінше барлығына жауап та берілді. Бiрақ солардың иелерiнiң аты-жөнi жадымызда сақтала бермептi. Қорықпаңыз, балаңыз осында. Жүрiңiз.
Мына сөздi естiп Зибаштың жүрегi шым етті. Аңқасын кептiрген сағыныш аптабы, одан сайын буа түстi.
Мұғалiмдер бөлмесiне ертiп әкелдi. Бөлмеде көзi шүңiрейген, жағы суалған әйел адам отыр. Басқа ешкiм жоқ. Сүлесоқ назар тоқтатты.
— Қалекеңдi көрмедiңiз бе? — дедi директор.
— Жоқ. Сыныбында шығар...
— Жүрiңiз. — Зибашқа соңымнан ерiңiз деген ишара бiлдiрдi. Ұзын дәлiзбен асыға адымдады. Бүйтiп ары-берi жүрiп қалғандарының өзiне ана жүрегi атқалақтап, дегбiрсiздене кеудесiн түймештейдi. Перзентiн көргенше байыз табар шамасы жоқ. «Қандай болды? Кiмге ұқсады екен? Менi тани ма?» деген тақылеттес алып қашпа сауалдар көмейiне тығылып, одан сайын тағатын тауысты.
Осындай аласапыран күй үстiнде келе жатқанында қарсы беттен цемент еденге таяқтың тарсылдай тиген дыбысы естiлдi. Көп ұзамай қапталдағы есiктiң бiрiнен шыққан ер адамның төбесi көрiндi. Омырауында орден, медальдары бар. Бiр аяғын сылтып басады. Тура бетпе-бет ұшырасқанында:
— Қалеке, — дедi директор оған. Мұғалiм бұлармен сыпайы ғана амандасты. — Сiздердiң сыныптарыңызда Айнабекова Ыдыхан деген оқушы бар ғой?
— Иә.
Бұдан соң тiптен Зибаштың көз алдында төрткүл дүние дөңгеленiп, шыр айналып бара жатты. Көкiрегiнде лекiген қуаныштың лебi, дөйдалаға лаға безетiн сағымның толқынындай лықсыды. Не күлерiн, не жыларын бiлмейдi. Әйтеуiр, ағыл-тегiл жас омырауын жуып, бетi-жүзiн айғыздады. Қызының осында екенiне ендi нақты көзi жеттi.
— Жүрiңiз онда, сыныбыңызға баралық.
Директордың тәрбиешiге айтқан бұл сөзiн егiл-тегiл егiлген әйел естiмедi. Тек екеуiне iлесiп, iлби берді. Солға бұрылып тағы да шұбалған дәлiзбен ілгері ілбіді. Бiр кезде есiк ашылып, шүпiрлеген бүлдiршiндерге назары тоқтады. Сол сәт басы айналды. Шуылдаған балалардың бұларды көрiп, сап тиылғанын да аңғармады. Ұстаздың «Айнабекова Ыдыхан» деген үнiн де құлағы шалмады. Тек, шашы қиылған ақ сары қыз отырған партасынан көтерiлгенде «Ыдыхан!» деп айқайлап жiбердi.
— Ыдыхан! — Дауысы түйсiз құзда самғаған ұябасардың үнiндей саңқ еттi. Сосын тұра ұмтылды.
Арада алты жылға жуық уақыт өтсе де қыз да шешесiн ұмытпапты. «Мама» деп, құйындай ұшып кеп бауырына кiрдi.
Перзентi мен анасы осылай табысқан-тұғын.
Ыдыхан мектептi Ленинградтан бiтiрдi де, әкесiнiң туған жерi Алматыда жоғары бiлiм алды. Соңыра Құсанмен тұрмыс құрып, бiр жола табан тiреп осында тұрып қалды.
Өзi жалғыз болғаннан кейiн бе ағаны, iнiнi, сiңiлiнi көксейтiн. Сосын оған екi дүниеде қолы жетпейтiнiн ұғынған соң, баласының дәл өзiндей жалғыздықтан жапа шекпеуiн тiледi. Көп балалы болуды армандады. Әттең, құдай маңдайға жазбаған соң, адам қанша мүмкiндiгiм бар дегенмен қолдан ештеме жасай алмайды екен. Ыдыханның кiшкентай кезiнде, соғыс ә деп басталғанда қатты қорыққаннан жүрек қабы кеңiген едi. Ол дiмкәстiк өмiрi қалпына келмейтiнiн кiм бiлген. Содан талма ауруына ұшырады. Тiптi, мұндай денсаулықпен бала көтеруге де дәрiгерлер ұлықсат етпедi. Қайсар келiншек бәрiбiр өзiнiң көкейiне түйгенiн жасаған.
Ай-күнi жақындаған сайын дәрiгерлердiң құты қашып, матқапыда мүлт кетемiз бе деп бәйек. Айтқандай-ақ толғақ тәулiкке созылды. Ыдыхан қатты қиналды: есi бiрде бар, бiрде жоқ. Әйтеуiр, аман-есен қол-аяғын бауырына алды. Тәуекелге барғанына орай, үш сәбидi қатар босанды. Бұған қатты қуанды әрі үшемнің дүниеге келгенін ақылына сыйдыра алмайды. Соңыра жаны қалғаннан кейiн пендешiлiкпен «тым құрымағанда бiреуi ұл болсашы» деп, кейiгенi бар. Бұдан соң дәрiгерлер құрсақ көтеруге үзiлдi-кесiлдi тиым салды. Өйткенi, ендігi ерлiгi өзiнiң жанына қатер едi.
Сол, көзiн ашып көрген, аузын ашып сүйген үш қарғасы оқуға түсе алмай, солардың татасы жанын жегiдей жеді. Енесi Пәрзананың да қабағы салыңқы. Күннен-күнге «құдай-айы» көбейiп барады. Оңаша қалса өз-өзiнен күбiрлеп, әлдекiмдердiң тiлеуiн тiлеп жүргенi. Бiрақ, немерелерi барда олармен бiрге мәре-сәре боп, «шолжаң» кемпiрге айналады. Мұны көрген Құсан мен Ыдыхан да бiр сергiп, көздерiне тұнған кiреуке шамалы уақытқа жоғалады. Ұлдарының жоқтығынан ғана өмiрге болмашы өкпелi едi.
Сұр-әлпетi қашқан сүркей күн мимырт жылжуда. Шуағын шашқан жаз да ылдым-жылдым өте шықты. Қабағы салыңқы күз келдi. Нұрмира дәруханаға санитар боп орналасты. Гүлмира мен Элмира ыңғайлы жұмыс таба алмай бiраз әурешiлiк көрдi де, ақыры олар да тиянақты тұрақ тапты. Сөйтiп, Дүйiмбаевтар әулетi қариядан басқасының бәрi түгелiмен шаруаға араласты да кеттi.
Көңiл мұны мiсе тұтпаса да, тiрлiктерi бiр қалыпқа түскен тәрiздi едi.
11-ТАРАУ
— Нұрмира қайда, ештеме ұғынсам — бұйырмасын!
Кешелі бергі оқиғаның ұзын ырғасын Жасарал байланыс желісінің арғы бетіндегі Гүлмираға қысқаша жеткiздi. Ол да бiрге туған сыңарының не iстеп жүргенiн ұғына алмай, сарсаң. Үнi таңданудан әлде кеюден мың құбылып, мың өзгердi.
— Маған Нұрмира отырған үйдiң телефонын бершi, өзiм сөйлесiп көрейiн. Әйтпесе мынау адам нанатын жағдай емес. Мен кеткен алдыңғы күнi ғана Әбдiрахманның бет-жүзiн көрмек түгiлi, басқан iзiнен шошынатын. Бiр-екi тәулiкте кiсi сенгiсiздей өзгере қалуы, көңiлге қонбайды.
— Қасыңда ешкiм жоқ па?
Үрейден дауысы тарғылданып, үні ысылдай жарықшақтанды.
— Үш-төрт қадам жерде Гүлжан тұр. Аналар әрменiректе, сырттан бақылауда.
— Онда жазба, жаттап ал: 21-01-77.
Гүлмира iшiнен әлденеше қайталады да:
— Иә, жаттап алдым. Қазiр онымен сөйлесемiн де, қайыра сенiмен хабарласам, — дедi шұғыл шешiм жасап. Бұл үн-түнсiз келiсе бердi.
Араға бiр қауым мезгiл аралатып, Гүлмира қайта телефон шалды. Әлгiндегi әбiржуi әбiржу ме, тұтқадан еңкiлдеп жылады. Булыққаны сонша, кейде сөздерiн ұғыну қиын.
— Анау өзi «барамын» деп, кетпекке бiр жола бел байлапты. — Мұрынын әлсiн-әлсiн пыс-пыс тартады. Сыңарына деген өкпесi қара қазандай, сөз ләмiнен ашу-ызасы да бiлiнедi. — Былай айтсам да, былай айтсам да көнбейдi. Бұдан бұрын да «сүйемiн, күйемiн» деген бiреуге тұрмысқа шығып, көрсеткен «опасын» ұмытқандай. Тағы да екi көзiн тарс жұмып, кетiп барады. Бiрдемеге ұрынады. Не жасасам екен? Сен бiр нәрсе деп ренжiткен жоқсың ба?
Арғы жағында бой көтерген шалажансар дүдәмалын да ірікпеді.
— Жоқ!
Жасарал араларында ренжитiндей ештеме болмағанын айтты.
— «Кешегi күш көрсетiп үйде қамап ұстағанын, алып қашпақ ниетте жүргенiн» бәрiн тізіп жазып, милицияға арызданалық десем, маңына жуытпайды. «Сен оны жақсы көрмейсiң ғой» дегенiме, «Бәрiбiр маған күйеуге шығу керек қой. Еркектердiң бiр-бiрiнен айырмашылығы жоқ. Сүйдiң не, сүймедiң не жалған тiрлiкте пенде атаулының бәрi жасанды ғұмыр кешедi екен. Кешеден берi осыған көзiм жеткендей. Сондықтан, несiне тайынамын? Бағым ба — мен ғана ләззатына шомылып, сорым ба — мен ғана татасын тартатын. Ойлап, жаның ауырып, еш қиналма» деп тұтқаны тастай салды. Бiр қыңырайса, ешкiмге көнбей қисаяды. Амалым құрыды. Әйтпесе, милицияға хабарлап, жемтiкке үймелеген күшiгендей тобымен жүргендерiнде ұстатып берер ем. Оған анау «өз ықтиярыммен бара жатырмын» десе, екi ортада мен жынды боп қаламын ғой.
— Араларында танитының бар ма?
— Бiр-екеуiнiң жүзi таныс, iлгерiректе Әбдiрахманның жанынан көргенмiн.
— Талдықорғанға қашан жүрмек?
— Ол жағы белгiсiз. Бiресе кешке, бiресе ертең таңертең, бiресе түстен кейiн деп нақты айтпайды. Шамасы, қауiптенетiн шығар. Бәрi менi табалап, «бұлқан-талқан тулағаныңда, қане шауып алғаның?» дейтiндей. Көз қарастары, сөздерi соны аңғартады.
— Гүлжан не дейді?
— Ол не деушi едi, мәз. Ыржаң-ыржаң күлiп, сайтанымды қоздырды. Ендi қайтсiн, ойына алған шаруасы тынып жатса бейшараның. Ештеме қаперіне кірмейді, шермең-шермең етiп, жiгiттермен бiрге сыра iшiп жүр. Сыртынан қарап тұрып жиiркендiм.
Жасаралдың өне-бойы тырысып, оның бет-жүзiн әлi көрмесе де, жүрегiнде оған деген өшпендiлiк оты тұтанды. Әттең қолына түссе, қоң етiнен кесiп ап, отқа қақтағысы-ақ бар. Бiрақ, құдай оған жеткiзбейдi-ау. Астында көлiгi болса дәл қазiр әуежайға тартар едi. Бәрi жабылып қуырдақ қып жесе де, жексұрындарды бiр көретiн. Ал, автобуспен iлiнiп-салынып барғанша қай заман, текке әуреленетiнi анық.
Қараптан-қарап өзiнiң қайыршының сәл-ақ алдындағы тiрлiгiне күйiндi. Қалың елдi алдап, ақша тауып, жылпостықпен күн көре алмаған ынжықтығына осы жолы опына бармақ шайнады. Егер, жұрт жапа-тармағай алыпсатарлыққа ауысқан кезде, көштен қалмай етi тiрiлiк танытқанда, осы уақытқа дейiн бiр жөнi болып қалар ма едi? Ендi, мiне, екi аяқтының бәрi бiр-бiр мотордың үстiне қонжиғанда, бұл салпақтап жаяу жүргенi. Әншейiнде түк емес, осындайда мысы құрып, қу кедейшiлiктен көлiксiз көстеңдегенiне жүнi жығылады.
— Маған адам келiп тұр. Мүмкiндiк болса соңыра телефон соғамын.
Гүлмира аяқ жағын шолақ қайырды.
— Мән-жайдың бәрiн мағлұм етiп, шамаң жетсе, менi байланыста ұста.
Лажы жоқ жігіттің қайрансыз үні мембрана кернеуінде жаңғырыққа ұласып барып өшті.
12-ТАРАУ
Қақпаның алды ызы-қию шу. Балалар шұрқырап, ортаға түспек ойнап жүр. Екi жақтан кезекпе-кезек лақтырылған допты Нұрмира денесiне дарытпай, кілт жалтарады. Ретi келсе, шап берiп ұстап алу да ойында жоқ емес. Ондай жағыдайда ұпайы артып, ұзақ уақыт «додадан» шықпайды.
Бұ қызық думанға келесi көшеде тұратын Ерасыл анадайдан көзін сатып, аңсары құлайды. «Сықылықтаған қызбен бірге күліп, төмпештеген доптан бірге шұрқырай қашса...» деп елітеді. Тәтті қиялдың уытына малтып, жақынырақ таянбай, әдейi сыртынан қас қақпай бақылайды. Нәп-нәзiк тал бойы тым сүйкiмдi. Мың бұралып, дөп тиюге тақау доптан жалтарып үлгередi. Сол сәт тоқпақтай бұрымы құлаштай жердi орағытып кеп, қиылған белiне оратылады. Осы бiр қас-қағым кездегi оның бейнесi мүлде ешкiмге ұқсамайды. Перiште ме, перi ме дерсiң. Үстiндегі киiмi де құлын мүсiнiн айпарадай айқындап көрсетедi.
Ерасыл бiр-екi жас үлкен әрі Нұрмиралармен бiр мектепте оқиды. Сонау жетіншi сыныптан бастап бұл қызға өлердей ғашық. Бiрақ ешқашан онысын ешкiмге бiлдiрген емес. Уыты күштi ынтызарлық дертпен ауырған жүрегiн, асыл арманымен алдаусырататын.
Әсiресе, Нұрмираның билегендегi қылпы, көз алдына көгiлдiрдiң көл бетiнде еркелей жүзген бұла сәтiн елестетедi. Оны, мектептегi солардың сыныбы дайындаған бiр салтанатты кеште көрген. Ол айдын толқынында тербелсе, бұл әртүрлi қиялға басы айналып, аспан мен жердiң арасындағы мұғаллақ тылсым дүниеде дәйексiздене дөңгелейтiндей. Мойылдай қарашықтары жәудiреп, жел шайқаған бидайдың сабағындай майысқанда, «тәңiрiсi адам баласын осыншама сұлу, осыншама керiм етiп жарата бередi екен-ау» деп, тамсанатын. Аяғының ұшымен жүрiп, екi қолын екi жағына қанат тәрiздендiрiп қаққанда, әне-мiне ұшып кететiндей сезiнесiң. Әуеге қалықтаған сол бетi, жетi қат көктiң қатпарына сiңiп жоғалатындай. Сосын, сосын... аяулы да ардақты жаныңды емiне iздеп, селдей тасыған сезiмiңдi баса алмаған қалпы, аһ ұрып өтетiндейсiң.
Ерасыл талай-талай алыстан бағып, жанына жақындауға батылы бармай сан мәрте состиып тұрған шығар. Қыз жай өзiнше отырса да, жүрсе де бұл үшiн тым әсерлi. Оның әрбiр қимылы байқұс баланың жүрегiн шым-шым еткiзетiн.
Бүгiн де араларына тартылған әлдебір шырғадан аса алмай, сонадайдан көзiн сата телмiредi. Қаншама өжеттенiп, намысын жаныса да бiр жасық ойы: «Барма, құралайдай құлдыраңдаған қызды үркiтiп аларсың. Сабыр, сабыр!..» деп, тежейтiн. Қазiр де жүрегi дауаламай діңкесі құрыды.
Нұрмира ештемеден бейхабар, өзiнен бес-алты жас кiшi балалармен ойнап, арсалаң қағады. Сөйлегендегi жiбектей сызылған дауысы қандай. Күмiс қоңыраудай сыңғырлаған күлкiсi ше...
Бiрде қызық болды. «Мектептегiм, жарайды — мектептегi. Қазір атпалдай азаматпын, университеттiң бiлдей бiр студентiмiн. Қашанғы өз-өзiмдi қинап, сезiмiмдi iркiп, жүректiң дегенiн жасырамын. Барамын да ағымнан ақтарыламын. Құй — құп алар, құй — құп алмас. Асатыннан абындырған азаптан арылармын» деп ойлады.
Бiр жола кескектi үзбек боп, Нұрмиралардың үйiне таянды. Сол екен, күнде бiрге ойнап жүрген көршiлердiң кiшкене қыздарын шұбыртып, iздеген жанның өзi қарсы алдынан ұшырасты. Қапелiмде аузына сөз түспей, бас изесiп амандасты да, бұрылып кетудiң де ретiн таппай iлгерi озды. Бетi дуылдап, құлағының ұшына дейiн қызарған шығар, құдай бiледi. Ешқандай бұйым жоқ, тайым жоқ қақпадан iшке ендi. Өйтпесе «мынау неге келдi, неге кеттi, жынды ма?» деп ойлайтындай көрді.
Қалт-қалт етiп аяғын зорға басып, алдыға адымдады. Өзiнiң құты қашып келе жатқанында, одан бетер сасқалақтатып, қара ит шынжырды үзiп кете жаздап, өршелене арпылдайды.
— Кет-ей! Жат! — деген дауыстан есiн жиды.
Қарсы алдында бойы сұңғақ, ақ маңдайлы келген ажарлы әйел тұрды. Бұл Нұрмиралардың анасы едi, жiгiт бұрыннан танитын. Әрi шешесiмен екеуi бiр мекемеде жұмыс iстейдi. Анда-санда бұл кiсi үйлерiне де бас сұғатын, мұның шешесі бұлардiкiне де қатынайтын.
— Ә-ә, Ерасыл сен екенсiң ғой. — Байырғы ашық-жарқын әдетімен күле тiл қатты. — Халiң қалай?
Балаң жiгiт болмашы дыбыс шығарып:
— Жақсы, — дедi.
— Үйге кiр.
Ендi халi мүлде мүшкiлдендi. Ешқандай шаруасы жоқ, ет қызулықпен қақпаға енiп кеткенiне өкiнiп тұр. «Не бұйымтаймен жүрсiң?» десе, «не демекпiн?» деп, iштей толқулы.
— Мамаң не істеп жатыр? — Мейiрiмi мол жұп-жұмсақ дауысымен iшi-бауырын елжіретiп барады. — Ағаң науқастанып, екi-үш күн жұмысқа бара алмап едiм... — Сөзiнiң соңын аяқтамай iркiлдi.
— Дүкенге кеткен. — Жаңағы еңсесiн басқан салмақтан сәл де болса арылғандай. Әлде, бойы үйренiп қалды ма, әйтеуiр, өзiн еркiн сезiне бастады. Үйдiң iшi сап-салқын сияқтанды.
— Теледидарды ермек ете отыр. — Жанына жақындап барып, кiшкентай бедерiн басты. Сосын бөгелмей сыртқа беттедi.
Атшаптырым бөлмеде жалғыз қалғаннан кейiн арқасы кеңiп, төңiрегiне батылдана назар аударды. Бiр қабырғаны тұтас сурет алыпты. Орынынан ептеп көтерiлiп, солай қарай ерiксiз қозғалды. Ең жоғарыда көнелеу портрет iлiнiптi. Онда осы үй-iш әулетiмен бар. Мөлдiреген жап-жас келiншек екi апаның ортасында. Үшеуiнiң алдында бiрiнен-бiрi аумайтын бүлдiршiндер. Бөбектердi айыру мүмкiн емес, кiмнiң кiм екенiн бiлу қиын. Сәбилер, нобаймен екi жас шамасында. Төбелерiнде гүлдей жайнаған бантиктерi бар. Ал, әкелері ту сырттарынан құшақтап, екi әженің иығына қолын артқан қалпы риясыз күлiп қалыпты. Керемет, табиғилық.
Одан кейiн көңiлiн аударған портрет — әппақ фартук киген, қолдарына гүл ұстаған, селтиген бұрымдары бар қыздар. Бастарынан бантиктерi үлкен. Тостағандай жанарларында еркелiк, жасын ойнайды. Езулерiне пәк күлкiнiң ұштығы үйiрiлiптi. Ендi сәл болмаса, сықылықтай жөнелетiндей.
Мұнда да бiрiнен-бiрiн айырғысыз. Жiгiт бар зейiнiн сала қадалып, жүрегiне жақын жанын iздедi. Мынау ғой деп ортасындағыға төнсе, оның қасындағы қыз көбiрек ұқсап кететiн тәрiздi. Ендi соған бар назарын қадай үңілсе, мына жақ шетiндегiсi аңсары ауған адамы сияқтанып көрiнедi.
Сөйтiп, үшеуiне кезекпе-кезек қарап, ақыры болмаған соң қойған.
Төменiректе қолмен салынған үлкен-үлкен суреттер. Мына бiреусiнде құлай сүйген ғашығы үшiн тәуекелге барып, тау қопарып жатқан Фархат. Алып болат сүйменмен қара тасты қақырата шабады. Шатқалдың етек жағында ақ боз арғымаққа мiнген Шырын. Желегi желбiреп, төзiмдiлiк пен қажырлықтың тәңiрiсiне бар ынта-шынтасымен берiле, сүзіліп қалыпты. Жанарында сағыныш сарығы, қарашығында ғашықтықтың ұлы қасiретi бар.
Жiгiт осыны аңғарғанда жүрегi дiр еттi. Мұны кескіндеп жүрген — Нұрмира. Ол мектепте сурет салудан талай жеңiмпаз атанған. Бiрақ оларының тақырыбы басқа едi, мынау — махаббат тәңiрлерi. «Сонда, — дейдi зәузада алабұртып Ерасыл, — ғашық жанның iшкi жан-дүниесiн суретте дәл беру, кез-келгеннiң қолынан келе бермейдi. Тек... — Өз ойынан өзi шошыды. — Әлдебiреуге ынтызар ма?»
Сең соққан балықтай мең-зең күй кешiп, ешқандай мақсатсыз бетiн қабырғаға берiп тұрған. «Ә-ә, Нұрмираның шимайлаған суреттерi ғой» деген дауыстан селк ете қалды. Тез есiн жиып ала қойды. Әйткенмен, көкейiндегi жаңағы сұрақ жан әлемiнiң апай-топайын шығарып барады.
— Жүре ғой, Ерасыл, шай дайын, — дедi Ыдыхан тәте.
Бұл аяғын сылбыр басып, солай беттедi.
Ас үйдегі дастархан ырысты. Бәрi бар. Әлде күндегi мәзiрi осылай ма, әйтеуiр, көзiң тұнады. Төрде, өзi бiр шөкiм болса да шарқатын қарқарадай етiп тартқан осы үйдiң әжелерi отырды.
— Сәлеметсiз бе? — дедi бозбала сәл қысылыс тауып.
— Есенсің бе, қарағым? Қай баласың? — дедi кейуана нұры тайған жанарын бұған қадап. Мұның орнына ақсақалдың келiнi жауап бердi.
— Көршi келiншектiң ұлы, шешесi Күлпәш менiмен бiрге жұмыс істейді. Осында келiп жүредi, көргенсiз.
Әйтеуiр кiм болса да онша жақтырған ыңғай танытпады.
— Қайдан бiлейiн, қарақтарым. Осы күнi жастарды танып боласың ба? Көрсем, көрген шығармын...
Қаймақ қатқан қою күрең шай келдi. Бiрiншi қарияның алдына қалыңдау шыны қойылды. Сосын келесi кесенi бұған ұсынып жатып:
— Қуырдақтан салып же, — дедi әйел ілтипатпен. — Ұялма. Әлгi осы үйдiң қыздары қайда кеттi екен, тамақтарын iшпей. — Босаға жаққа қарап қойды.
Сол жолы Ерасыл Ыдыхан тәтеден етенелікті сезінді. Бастапқыда қысылған. Сосын бойы үйренiп, ештемеден қымсынбады. Ол кісі де бауырмал екен, шамалы уақытта-ақ баурап ала жөнелдi. Ерасылдың сабағын сұрады, кiшкентай кезiндегi қиқарлау қылықтарын айтты.
Сол жолы өте-мөте көңiлдi шықты. Содан кейiн-ақ бұл босағадан именбей аттайтын халге жеттi. Әйткенмен, көздеп келетiнi Нұрмира болғанымен, мамасы Ыдыханмен сөйлесiп, түк бiтiрмей қайтатын. Салы суға кетiп, үйге жеткен соң төсегiне құлайды. Содан тамақ та iшпейдi, түнi бойы көзiн де iлмейдi. Өз жанын өзi мүжiп, сарсыла шаршайды.
Ағаштың қалтарысында тұрып, көзiн сатып қанша қарағаны белгiсiз. Егер қас қарайып, ойыншыл балалар жан-жаққа тым-тырақай тарамағанда, осы күйiнде тұра берер ме едi. Әр жаққа бытыраған солармен бiрге Нұрмира да жүгiре басып, қашасына кiрiп, үштi-күйлi жоғалды. Бұл бiраз байыздап, соңын байырқалады. Қайта далаға шыға қоймады. Кенет, жүрегiн шым еткiзiп, қыз бөлмесiнiң шамы жарқырай жанды. Күллi еңсесiн салып, самаладай терезеге телмiрдi. Мiскiн күйге түскен қалпы ұза-а-ақ бадалды. Әбден дiңкелеген кезде барып, мұң-батпанды арқалаған қалпы, аяғын санамалап басып, үйге оралды. Шешесiнiң жасаған тамағын iшуге де мұршасы жетпедi.
— Әй, сол, Құсанның қызы-ақ сенi өлтiретiн болды, — дедi ана байқұс.
— Қайдағы. Менi сол үйге барды дейсiң бе, кiтапханадан келдiм, — дедi өп-өтiрiк бұрқылдап.
— Бiлмеймiн, бiлмеймiн... Қойшы соның ерке-шолжаңын.
Естiсе де бұл үндемедi.
13-ТАРАУ
Сағат екiден кете ұйлыққан топ әуежайдан ошарыла көтерiлiп, қалаға заулады. Бәрi мәз. Құдай жеткiзсе қуанышты алаңсыз тойлайтын уақыт жақын. Мiне, соның тезiрек орындалуы үшiн асығып, аптығады.
Ылыққан иттің тобырындай үздiк-создық шұбырған бiлеуiттердiң машиналары бiрiн-бiрi басып озып, жарысып барады. Бiрақ, ешқайсысы қоңыр «Хондадан» ұшқырлық танытып, жолын кес-кестеп алдыға түсе алмайды. Зулатып жүйткiп жеткенiмен мысы құрып, тұмсығы бiр бәлеге тiрелгендей қибыжықтай жөнеледi.
Межелi жерге бiрдемнiң арасында аңыратып келiп те қалды. Бәрi көліктерін екi-үштен оңтайлы тұстарға қаңтарып тастап, негiзгi-негiзгi адамдар ғана Нұрмираны күттi.
Гүлмираның Гүлжанды атарға оғы жоқ. Оның шектен тыс ыржақтауы, жиiркенiштi сезiмдерiн оятты. Оған деген көкiрегiнде қылаудай жақсы көру ниетi табылмас. Түлкiнi сойып қаптап қойғандай, таусылмайтын жыртың. Қаперiнде дәнеңе жоқ, төрт құбыласы тең пендедей айбыны тым асқақ.
Кек, өшпендiлiк өрши түстi. Шамырқанған ашу-ызадан Гүлмираның қабағы қабарып, өрт сөндiргендей түтiккен. Теңiз бетiнде қаңғалақтата толқын айдаған жаңқадай дәрменсiздiгiне, сорлылығына күйiнiп, кеңсiрiгi ашып, өндiршегiне өксiк тығылып, жылағысы келдi. Көзiнiң қарашығын буалдырландырған жас тамшылары одан бетер мөлдiретiп барып, тамбай-тамбай кеттi. Боркемiкше үгiтiлген жасықтығын ешкiмге көрсетпеуге тырысып, тез қатайды. Мына, жанындағы жетi бас жалмауыздарға назарын аударса, ашуы қозып, бiрдемде айбат жинайды. Кек, қатыгездiк жалыны өзегiн шарпып, жауыздыққа қарсы өршелендiрiп жiбередi.
Аз-кем алаңдатып барып, Нұрмираның анандайдан қылпы бiлiндi. Асыға күтушiлердiң жүзiнде қан ойнап, бiр-бiрiне жымың қақты.
Бәрiнен Гүлжанда ес жоқ. «Мақсатым орындалып, менiң айтқаным келдi ме?» деген табалауы басым әрi кескінінен қыбы қанғандық байқалады. Ноқта түсiп, қарақошқылданған бетi бiр қызармай, елден ерек масайрайды. Әмбе орынында байыз таппай Әбдiрахман мен Сұлтанға кезек жүгiрiп, қуаныштарына «құтты болсын» айтатындай. Онысы жат көзге тым ерсi: шартаң-шартаң етiп, тай күнiндегi желiгi басыла қоймаған дөнежін секiлдi.
Нұрмира зымияндықпен күле қарсы алған Әбдiрахмандардың тобымен сүлесоқ, ерiнiнiң ұшымен амандасты.
— Сенi көлденең көк аттыға жем етпеймiн, бiздiң қолға түсiрмеймiн деп шыжық боп жүрген анауыңның сөзiн қайда тастадың? — Салған жерден кешегi жер соғып қалғанының қаржуын қайтармақ ниетпен Гүлжан шаптыға тiл қатты. — Айттым ғой өзiң келесiң деп, ит құсап жетiпсiң ғой...
— Гүлжан, тiлiңдi тарта сөйле! — Қос жанары шатынап, қалшылдаған Гүлмира айқайлап жiбердi. — Папам мен мамамның саған жасаған жақсылығын ұмытқан екенсiң. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сенi, туған балалары бiзден кем көрмей бiрдей iшiндiрiп, бiрдей киiндiрiп едi. Құдайдан жетсiн, құдай тапсын... Аруақ атсын сенi! — Арыға шыдамай еңiреп тұрып жылап, Нұрмираны бас салды. — Жетiмдiгiмiздi пайдаланып, басынды. Ағамыз, ең құрымағанда iнiмiз болғанда мұндай сор кешiп, көрiнгеннің таптауына түспес пе ек?
Екеуiнiң де иiнi селкiлдеп, бiр сәт қос жанардың жасына ерiк бердi.
Небiр жауыздықты қолымен жасап, небiр аянышты сәттi көз алдынан талай өткiзген Әбдiрахман мына мұңлықтардың обал-сауабынан тайынбады. Қайта, жiгерлерi қайтып, иi жұмсағандарына қуанып, осыдан өзiнше бiр ләззат алуда. Әрi сақтанудың да қажеттiгiн жадынан шығармай:
— Бар, мынаның соңында «леспесі» жоқ па екен, бақылаңдар! — деген төңiрегiндегi сөлеңдеген сарбаздарының бiрiне. Сөйтсе олар оның бәрiн айтқызбай алдын-ала тындырып қойыпты.
— Жан-жағымыздың бәрiнде жiгiттер қарауылда, биттей бiр нәрседен секемденсе: бiрден рациямен хабарламақ. Сондықтан, алаңдауымыз ретсiз, — дедi мықыр ежiрейi.
Осыдан соң тiптен арқаны кеңге салып, жайдарыланды. Мына үшеудiң өз ара ырылдасқаны, жанын сүйiндiрiп барады.
— Көзiңнен қара қан ақсын! Сонша тәлiмсiп жылағаның не? — Гүлжан өзiне жүктелген мiндетке қызу кiрiстi. — Көрiсiп болсаңдар: кеттiк, аттанамыз! Көшенiң ортасында сендердiң сыңсуларыңды тамашалап тұра берер жайымыз жоқ, жер мойыны қашық — жол жүруiмiз керек.
Егiздер одырая қарасты.
— Жау қуып келе жатқандай дiкеңдемешi. — Нұрмира келгелi берi алғаш рет тiл қатты. — Тiптi сенiң бәйек боп, шыж-быжың шығатын жөнiң жоқ... Iздегендерiң — мен ғой, мiне орталарыңдамын. Анау-мынау арам пиғылмен бiреу-мiреудi ертiп келген емеспiн. — Дауысы қатқылданып, барған сайын екпiн ала бердi. — Сәл-пәл бөгелсеңдер олжаларыңды бөктерiп, қалаған жақтарыңа тартасыңдар. Тек, жолай, басымды тағы да саудаға салып жүрмесеңдер болды.
Сыңарының сөзiн Гүлмира iлiп әкеттi.
— Гүлжан, — үнi сондай шаршаңқы, бәсең, — мына қасыңдағы төбеттерiңе айт, былай шығып бес-он минут оңаша сөйлесейiк.
— Сен, тантыма! — Ежелгi құрбысы зәрiн бетiнен төгiп, мамырлы қаздай құдия шүйлiктi. — Туған күйеу балаңнан жасыратындай не сыр, не жұмбақ?.. Айта бер осында, ендiгi құпияларыңның бәрi ортақ.
— Жоқ, қателесесiң! Ол әлi менiң күйеу балам емес, мүмкiн болмайды да. Жаңағың — сенiң сасық пиғылың ғана. Тәңiр — жақсылықты да, жамандықты да тiлеуге бередi. Бiр сәт iзгi ой ойлап, игiлiктi iс iстеуге ұмтылшы!
Гүлмира қатуланып, ақпандағы ақбас бурадай мысасына мiне тапап сөйледi.
Бағанадан берi үшеуiнiң әрекетiн сырттай бақылап, кезек-кезек шайнасқан құрбылардың қылығын келемеждеген Әбдiрахман сөзге араласты.
— Жә-ә.., үш-төрт минут жекеше сөйлесiп, мауықтарын басып қалсын. Әйтпесе әйелiм арманда кетiп, құсадан бала көтермей қалар. Көзден тасаланып, қаша қоймас. Қашқанда қайда барар дейсiң?
Маңғаздана төңірегiне назар аударды. Онысы — жан-жағымыз қаумалаған қарауыл, «құтыламыз» деп бекер әуреге түспеңдер дегендi байқатқандай.
— Сен ақылыңнан алжастың ба? — дедi былай ұзаған соң Гүлмира кейiп. — Өз қалауыңмен баратының қалай?
Сыңары үндемедi.
— Шының ба?
— Бағана бәрiн түсiндiрген сияқты едiм ғой. Өзiңдi де, менi де шаршатпашы. Кетік арамен ағаш кескендей жанымды ауыртып, жүйкемдi қажаламашы. Еркектердiң бәрi бiрдей, сыртқы сұлбасы ғана өзгеше. Әйтпесе, айырмашылық жоқ. Махаббат, сүйiспеншiлiк дегенiңнiң өзi жалған, бос әурешiлiк. Ұрсын, соқсын. Әуелi басқамен ойнап-күлсiн, есесiне — күйеуiң боп есептеледi. Сосын, ешкiм қыдыңдап, жолыңды кес-кестеп мазаңды алып, шамыңа тимейдi.
— Сонша таусылатындай саған не болған, жаным? Бәрiн басынан дұрыстап, ой елегiнен қайта бiр өткiзiп көршi. Сен қызбалықпен бiр ғана шешiм қабылдап, «осым дұрыс» деген соқыр сенiмнiң аясынан шыға алмай қалғансың. Әйтпесе ақылсыз емес едiң ғой. — Азын-аулақ бөгелiп, сыңарынан иә құптаған, иә келiспеген ишара бiлiнбеген соң, тағы да сөзiн сабақтады. — Ана жақта Iлияс пен Айна күтiп отыр. Үйдi айырбастайтын адам тауып үлгере алмадым. Бiрақ, iздей бер деп Iлиясқа табыстадым. — Тағы iркiлдi, бiрдеме дер деген үмiтпен Нұрмираға дәмете қарады. — Күйеусіз қалсаң да, осыны қойшы. Бай дегеннiң бәлесiн көрдiң ғой, басыңа тимедi ме? Егер сен арыз жазатын болсаң, бұларды үйiрiмен қазiр-ақ милицияға ұстатып берер едiк. Байламға келшi, — жалбарына жаутаңдайды, — саған бiрдеме көрiнген шығар?
Дiңкесi құрып, жүрелеп отыра кеттi.
— Бiрге туып, бір емшекті таласа емсек те өрiсiмiз бөлек-бөлек болған соң не шара... — Көрер көзге тап салар жамалында қасiрет қаймағы кiлкiп, тәлейдiң бодауында бұйдаланып кетiп бара жатқанын мұңлы да ойлы жанары әйгiлеп тұрды. — Ең құрымағанда екеумiздiң бiрiмiз ұл боп туғанда, осындай халдi бастан кешер ме ек? Бiреудiң бөктерiншегiн тоқ етiп, оп-оңай қанжығасына байлана салар мен бе едiм? Жазмыш, тағдыр илеуiне көндiрмек... Көндiрдi...
Иегi кемсеңдеп, Нұрмира алақанымен бетiн баса бердi.
— Жыламашы, күнiм! Бiр лажын қарастыралық. — Өзiнiң он бес минут бұрын туғанын үнемi жадында ұстап, қашан да Гүлмира үлкендiк таныта сөйлейтiн. — Бұл, бiздiң үйiмiзге бола қыр соңымызға түскен шығар. Садақа, бiреуiн берейiкшi.
— Оны мен әлдеқашан айтқам, көнбейдi. «Ондай үй өзiмде де бар» деп, тепсiндi.
Өксiгiн баса алмай, екi иығы солқылдап әзер сөйледi.
— Уақыттарың бiттi-ей! — дедi әлдекiм жуан дауысымен жүректi зырқ еткiзiп. — Берi келiңдер, жүремiз!
Бұлар қозғала қоймаған соң, өздерi iлби жақындады.
— Сендерге бiздiң сөзiмiз әсер етпей ме, немене мiз бақпай тұрсыңдар?! — Шықшыты шытына, көзi ежiрейiп Әбдiрахман дүңк еттi. — Болды, ауандарыңа көне берсек — төбемiзге шығатын түрлерiң бар. Жеттi, мыналарды машинаға отырғызыңдар!
Сөзiнiң соңын қасындағыларға бағыштап, өжелене бiтiрдi.
Кенет, «тұра тұр!» деген дауыс саңқ етiп естiлдi. Бәрi де мүлгiп кеткен ұйқысынан оянғандай еңселерiн тiктеп, бастарын көтерiстi.
14-ТАРАУ
— Мән-жайдың бәрiн мағлұм етiп, шамаң жетсе, менi байланыста ұста.
Байланыс шорт үзіліп, қысқа «туттут» деген дыбыс бәйек қақты.
Мембранадағы дамылсыз дыңыл, Жасаралдың басына балғамен үстi-үстiне соққандай әсер еттi. Қайда барып, кiмге барып жәрдем сұрарын бiлмедi. Мұны адам құрлы санамай, төбесiне тайраңдаған аналардың қылығы жанын қыжыртты. Мұнша қорланып, мұнша намыстанбаған шығар. Дәл қазiргi жағдайда өзi де бiр, iшi қуыс қурай да бiр — айырмашылық жоқ. Дәтi жетсе, өле салғысы бар. Мынандай, адам санатында жоқ, қаңғыбас иттей Алматының көшесiнде ары-берi жортақтағанша, сол — дұрыс.
Бiр байқағанында орнынан тұрып, ерсiлi-қарсылы жүрiп кетiптi. Күбiр-күбiр сөйлейдi. Кенет, қалт тоқтап, есiн жиып алды. Сосын, жан қалтасын сипалап, темекi iздедi. Саусағы боларболмас қалтырап, сигаретiн ерiнiне қыстырды да оттық тұтатты.
Күндегi малағамның машақатынан үйге сүлесоқ күйде, басырқып тасталған тайдай дiңкелеп жеттi. Бiлеуiттердiң бiлек көрсеткенi жiгерiн де, қажырын да мұқалтқандай. Тек, iшке кiргенде бiрден ендi асқан, жаңа-жаңа апыл-тапыл жүре бастаған жәудiр көз ұлын көрiп, бiр сәтке серпiлiп сала бердi. Тұғырда ұзақ отырып қалған қырандай дүр сiлкiнiп, санасында салдау ағаштай сұлап жатып алған алғауды айдалаға атып жiбердi. Езуiнен сiлекейi шұбырып, ерiнi жалбырай риясыз сәбилiк пәк қалыппен күлген бөпесiнiң бетiнен сүйiп, еркелете төбесiне көтерген. Ай-шаймен шаруасы жоқ нәресте әкесiн көргенiне жетiсiп, сықылықтай iшегiн тартады. Сосын, балапанын бауырына басып, астың қамымен жүрген әйелiне беттедi. Ештемеден секем алмаған, жартастың далдасында күн шуаққа елтiген бейуаз маралдай, жұбайы жайдарылықпен қарсы жүрдi. Жәудiреген перiште жанарында селкеулiктiң ұшқыны бiлiнбейдi. Сүп-сүйiр әппақ саусақтарын тарбита жайып, аялы алақанын айқара ашып келдi де, ұлы мен ерiн қабат құшақтады.
— Қабағың салыңқы, шаршағансың-ау? — Келiншек еркелей тiл қатты.
— Аздап... Күнi бойы қағаз ақтарамын деп... — Күйеуiнiң iшi қылп еттi, абұйыр болғанда зайыбы ары қазбаламай әкесi көтерiп, шешесi құшақтап — айбыны асқақтаған кiшкентай немесiне өбектей сөйлеп кеттi.
— Папа келдi ме? Сенi әу-уп еттi ме? Сен папа жоқта жыладың ба? — деп, кәдiмгiдей, ол ұға қоятындай еңсесiн сала сұрайды. Онысы бәрiн түсiнiп тұрғандай, одан бетер шалықтап, мәз-мәйрам. Кейде үкiнiң баласындай жалт қарап, қос қолын қанат тәрiздендiрiп қағып-қағып жiбередi... Көз алдыңа сары ауыз мамырдың су жиегiндегi қылпы елестейдi.
Жүзiн жайлаған жабыңқылықты жарынан жасырып бақса да, сезiмтал әйел жүрегi ерiнiң жанына түскен қаяуды қалт жiбермедi. Жұмыста әлеуеттiлердiң ырқымен анда-мында қағылып-соғылғаннан iшiнде қамырығы бар шығар деп қорыды. Содан төсекке жатқасын бiрақ:
— Саған не болған, жайшылық па? — деді. — Көңiлiнiң қошы қашқан шақта, шамына тиiп қалмайын дегендей имене сұраған. — Соңғы уақыттарда ылғи күйгелектенiп жүресiң, жұмысыңда бiр жайсыздықтар ұшырасты ма?
— Оны қайдан шығардың тағы да?
Пәкизатқа қарай қырындап, жақындай түстi.
— Бiлмеймiн, бiр түрлi суықсың.
Сүлесоқ күйде, мұңая сөйледi.
Жандүниесiндегi үргiн жел үстемелетiп, одан сайын ызғарымен өңiн боп-боз етiп сүлелендiрiп тастады. Құдай қолдағанда шам сөнулi-тiн, әйтпесе әйелi өңiнiң құбылғанын анық көретiн. Ана шаруа жүрегiн қыжыртып, еңсесiн басса, мынау төбеден бiр қойғандай есiнен тандырды. Үнсiз қалуды жөнсiз көрiп, ал сөздi неден бастаудың бопасын және таппады.
— Суық болатындай, — абдыраңқырады, — қай қылығым ұнамады?
Әдейi қаттырақ сөйлеп, бетiн қайтарып тастаудың амалы.
— Бұрынғы Жасарал жоқ. Үйге өзiң емес, құр сүлдерiң ғана келетiн сияқты.
Бұл тәрiздi тыз етiп тұтанып, тез ақылын ашуға жеңдiрмедi. Көңiлiндегi күмәндi дауысын көтермей жеткiздi.
Жаңағы жаңағы ма, мына сөзден кейiн әлiп боп түскен. «Жетек соққандай» үн-түнсiз тiлi байланып бiраз жатты да, «ұялған тек тұрмастың» амалымен:
— Сен де қайдағыны табасың? — деген кейiген нышан бiлдiрiп. — Көңiлсiз келсем, шаршағамын да. — Iшiне қыпыл кiрген соң, аузынан сөзi сенiмсiздеу өрбіді. — «Тырнақ астынан кiр iздеп», болмайтын нәстеден шыршу шығара бермешi. — Өкпелеген адамдай терiс аунады.
Зайыбы да бұдан кейiн тiс жармады. Ерiнiң бетiнен алып, төсiне шауып әулiкпедi. Ендi оның қолайына жақпаған әңгiменi қоздыруды, жөн санамады. Көмекейiне тығылған өксiгiн жасырып, көрпемен тас бүркендi. Сол шақ өзiн бұл дүниеге керексiз, тiптi жанындай жақсы көретiн күйеуiне де қажетсiз артық адамдай, жұртта қалған жұрын күшiктей көрдi. Жанарынан ып-ыстық жас тамшылары боталап, екi-үшеуi жүзiне күйдiре тап салып, төмен қарай үзiлдi.
Жасаралдың да жанын қуырған өкiнiш жай таптырмады. Ешқандай кiнәсi жоқ қосағына қатқыл сөйлеп, қарадай көңiлiне нала жамағанына өзiн-өзi алғай қоймады. «Сөзiме есеп берiп, кепердей аузымды теткiп ұстамай...» деп, өкiнумен-ақ, iшi у iшкендей уылжыды.
Әйелiне бiлдiртпей дәмiл-дәмiл терең дем алады. Кеудесiн қара тас басқандай, өкпесi сығымдалып, тынысы ауырлады. «Осының бәрiн Пәкизат бiлсе...» Миына қан құйылғандай құлақ шекесi шың етiп, ұят алауынан денесi шiмiрiгiп, қараңғы бөлменiң iшiнен тұңғиық iздеп, соқыр меңiреулiкке тығыла бердi. Дем арасында маңдайынан мұздай тер шып-шып шығып, тұла бойы ақпалап қоза жөнелдi. Бiрiншiден, екi оттың ортасында жүрiп көсеуден оңбай таяқ жейтiнiн бiлсе, екiншiден, бата бұзып, ешқашан барқадар таппайтынын түйсiгiне мықтап түйдi.
Өзiнiң ынжықтығымен қоймай, соншама тексiздiгiне бүгiн нақты көзi жеттi. Осы уақытқа дейiн пәруейiне қалай ештеме кiрiп-шықпағанына қайран. Мына пәтуасыз дүниеде парықсыз тiрлiк кешiп, тағдырдың аяқ лауына айналғанына опынды. Ашқан алақанға да, жұмған қолға да тоқтамайтын сағым сияқты елес, бiр мезгiлдерде апарып жарға ұрар ма деп секемалданды. Әйтеуiр, қалай бұлтарса да олпатандай, ала көз қара бәле тым жақын iспеттi. Тек, әбүйiрi айрандай ақтарылып, пәруана кепте жерге бас ұру ғана қалды.
Iшi қалтырап, ертеңгi күннiң атуынан қорықты. Жауыздардың қанжарынан иәки қаруынан қаймықпайды, бесiгi бейбiт тербелген төл отбасына деген қарамдығы сыртқа бiлiнiп қала ма деп, өзiн-өзi жеп қан жылады. Жансебiл бейшара басы перзентiнiң, зайыбының, туған шаңырағының қасында, саудагердiң қолындағы мәлiш бұйымдай жан үшiн — көзсiз көбелектей отқа түсiптi. Бәрiн азаматтық, адалдық деген ақ жолмен iстесе, мұнша мүсәпiр халге душар болмас па едi...
Шiлденiң шолақ түнi шымырлап атып, шолпан туыпты. Бөлменiң iшiне себезгiлеп, ақ сәуле тарай бастады. Терезеден жымыңдаған жұлдыздар көрiнедi. Ара-кiдiк қаңғыбас иттердiң де үргенi естiлiп қалады.
Кiшкентай сәбиiнiң танауы пысылдап, тәттi ұйқы құшағында балбырап жатыр. Әлгiнде бiр қыңқылдап оянғанда анасы тосып, жылы көрпеге қайта қымтап қойған. Ендi өзi де ұлын бауырына тығып, алаңсыз қалың ұйқыға енген.
Жасарал екеуiн де шошытып алмауға тырысып, жәймен зайыбына қарай аунады. Ақырын, әппақ жастықты жауып кеткен ұзын шашынан иiскедi. Сосын, көрпесiнiң сыртынан құшақтап, өзiне қарай тартып қойды. Баппен басын көтерiп, бөбегiне назар аударды. Оның тәттi сәби түрi әке жүрегiн иiтiп, елжiретiп жiбердi. Зәузада да көкiрегiн жайлаған қайғы-шер, өкiнiш, кiнәлау сезiмдерi ақ едiл нөсерге шайылғандай, ыдырап жүре бердi.
15-ТАРАУ
— Тұра тұр!
Екi қолын сәл көтере, ажарынан айбат шаша Нұрмира жебедей суырылды.
— Бүгiн мен жолға дайындаламын, оны-пұнымды реттеймiн. Қайда апарсаң да, ертең таңертең жүремiн. Қазiр, үйге жеткiзiп салыңдар!
Әбдiрахманның өзiндей өктем, әмiрмен сөйледi.
— Тағы да сынаптай сырғып, iзiңдi жасырмақшысың ғой! — Гүлжан көсемiне бiр қарап ап, жәреукелене тiл қатты. — Кiмдi ақымаққа санап тұрсың? Кеше — құтылдың, бүгiн ол қулығың жүзеге аспайды.
— Сен, бiзге қарсы айдап сап, шаптап қойғанға шабалана берме! Мен «иә» деп айтқан соң, қашан уәдемнен тайғанымды көрiп ең? Сен сияқты азғырынды сөзге тез ерiп, шешiмiмдi мың құбылта алмаймын. «Барам» десем — барам, «күйеуге шығам» десем — шығам. Шынымен де маған әзiрлену қажет.
Ер мiнездi тiк сөйлегенiн ұнатты ма, Әбдiрахман:
— Жарайды, келiстiк, — дедi сыздана, сонда да iшкi әлемiнен сыр бермей. — Бiрақ, сыңарың бiзбен бiрге болады. Сенi құтты орынына қондырып, бiрақ қайтады. Қазiр, дәл қазiр, — дауысын нығарлап, айтар ойын нақтылай түсейiн дегендей сәл бөгелдi, — дүкенге барамыз. Тойға қандай көйлек киесiң, не керек — бәрiн алып ал. Ауылда түгелi бiздi күтiп отыр, той жасаймыз.
Бұжыр-бұжыр сарғыш өңiне нұр жүгiрiп, насаттанғандай қалып байқатты.
— Айтқаның-ақ болсын, бүгiн ұзақ сапарға қамдан. Қалыңдықсың ғой, қалыңдықтың көңiлiн қалдырған жарамайды. — Мысқылмен жымиды. — Сен де бiздiң көңiлiмiздi қалдырмассың, орыныңды сипалап қап жүрмелiк. Бiрақ, — қабағын шытына мүдiрдi, жаңағы аздаған жайдарылығы үштi-күйлi жоғалды, — ертеңгiлiк тоғызда сақадай-сай отыр. Ұқтың ба?! — Үнi қатқыл, тегеурiндi.
Нұрмира жаймен басын изедi.
— Ұқсаң — сол! Ал онда кеттiк!
Әр қалтарыста бiр-екiден тұрған машиналар лезде сап құрап, көшеде қайшалысқан қалың лекке сiңiп, iзiм-ғайым жоғалды.
Дөңгеленiп, жаздың алып күнi етек-жеңiн жинай бастағанда бұлар, бiрiншi Алматыдағы жер үйге келiп жеттi. Арқа-жарқа әңгiме айтып, бүгiнгi толағай табысқа көңiлдерi көншiп, ризашылықпен бiрiнен соң бiрi жетiстiктерiн сөз етiседi. Сөйтiп даурығыса, көшеде бiраз бөгелдi.
Бiр-екi машина дарбазаға енiп, бүгiнгi түнде iшiп-жейтiн нәпақаларын iшке тасыды. Әйелдер жағы айтқызбай-ақ бiрден ауқаттың қамымен, жең сыбана шаруаға кiрiскен. Екi жiгiт ет турап, кәуап пiсiрмек боп өздерiнше әуре. Әбдiрахман, Сұлтан, Дайрабай, Бiдiрәлi, Серiктер гүлден тәж тәрiздендiрiп жасаған жаздық көлеңкелi саяға жайғасты. Ешкiм ештеме деп айтпаса да алдыларына шетелдiк сыра, арақ, жеңiл-желпi тiске басар дәм әкелiндi. Әлгi қызметшi екi жiгiттiң бiрi зыр жүгiрiп, арақ-шараптарын құйып, құрмет көрсетуде. Оған қабаттаса, қайшалыса шапқылаушы баяғы Гүлжан. Екпiндей сөйлеп, екпiндей жүредi. Ешкiмнен тайынбай, ай-түй жоқ келеге түсер iнгендей қайта-қайта Серiкке артыла бередi. Шермиген iшiнен де қысылмайды, аяғы ауыр келiншектер сияқты «белiм айналып тұр» деген тақылеттес әңгiме айтып, сырқаттанған тұсы да жоқ. Ылғи осылай шапқылау үстiнде. Не деген жаны берiк екенi де ұғынықсыз. «Әлде дәрiнiң күшiмен, өлген-тiрiлгенiн бiлмей сабыла бере ме?..»
Қоғам күрделi. Сан қабат қыртыстардан тұрады. Мiне, мына отырғандар сол қоғамның өркениеттiлiгiмен жарақтанған, жабайы өкiлдерi. Қарақан басының қамы үшiн, жолындағы кездескен кедергiнiң бәрiн құрбандыққа шалатын есiрткiбедекшiлiктiң-нашабизнестiң соңындағы жанкештiлер.
Кәдiмгi бал арасының табиғаты өте қызық. Олар жұмысшы, күзетшi және патшалықтың ақсүйек арасы боп үш топқа бөлiнедi. Бiрақ, бiр омартада — бiр ортада өмiр сүредi. Таңертеңгiлiк күн сыздықтап атысымен жұмысшы ара шөп пен гүлдi қуалап, бал жинауға кетедi. Кешкiлiк омартаға құр қайтса — алдынан мiндеттi түрде өлiм күтiп тұрмақ. Күзетшi ара басын қырқады да тастайды. Оларда кешiрiм сезiммен қарау жоқ, табиғат о баста солай жаратқан. Ал, патша ара — бәрiне қожа. Егер үйiрiмен бiр жаққа қоныс аударатын болса, патшасы түзу ұшады да, қалғаны шаңырақтай аумақты алып, оны қаумалап, қоршай гуілдейді. Өздерiнше көсемдерiн бәле-жаладан қорғаштағаны.
Олар — жәндiк. Ал, адам санатындағы апиынкештер де дәл сондай жүйемен, айуандық әрекетпен тiрлiк кешедi. Бiр тобы — жағдай жасап, сенiмдi үй тауып берiп, қызметшi араның тiрлiгiн атқарса, ендiгi келесi тобы — сол баспананы қорып, ортақ «ырыздықтың» шашау шықпауын қадағалайды. Әрi сырт пен iштi байланыстырып, хабардар етiп тұратын да солар.
Бәрiнiң төбесiнен қарайтын бассалдарының* жайы басқа. Ол — көңiл-қошы не қаласа, соны жасамақ. Келер-кетер күндi ойлап, басын ауыртпайды. Жөн деп тапса мейрамханаға барады, одан қалып бара жатса казиноларға тоқтап, карта, бильярд тақылеттес ойындарға құмары қанғанша басады. Дегенмен, кешкi ордасындағы өз думанына оралуы тиiс. Өйткенi, түнгi «сауық» — жалғандағы барлық нәрседен қызық, рахат, тым ләззатты... Бiр жағы, мұнысыз үйiрлi қорқаулардың ортасы тола қоймайды.
Бассал — құмар мен апиынға біржола тәуелді, басқа ештемені ойламайтын әрі дәргейіне өзі сияқтыларды жинаған, оларға үстемдігін жүргізетін адам.
Әбдiрахмандар қызметшi араның мiндетiн атқаратын. Өкiл-инелерiн, дәрi-дәрмектерiн, қорқорларын құпия жолдармен тауып, жеткiзiп береді. Бұлардың қаракетiн жан баласы сезбеуi үшiн жиi-жиi ауыстырар тұрақ-жайды да осылар әзiрлейдi. Үйдiң саны молыққан сайын, арқаларын да кеңге салады. Әрі, тек қонып жатар қатерлi құжыраны ғана көбейтiп қоймай, қатыбастардың қатарларының молығуын да қадағалайды. Себебi, жаңа адам жабайыларды жаңа қызыққа кенемек. Сондықтан да еркек, әйел болсын «таза» бiреудiң орталарына түсуiн әлгiлер асыға күтедi. Әмбе, iргелерiнiң кеңейiп, қара ормандарының ұлғаюын кiм жек көрсiн.
Мiне, мұндай жаңа адамдарды да Әбдiрахманның әпербақандары әр қуыстан тiмiскiленiп жүрiп, әдiс-айламен әкеледi. Құрбандарды тұзақтау тәсiлдерi көп: бiрiн ұрлап, зорлықпен күштеп жеткiзсе, келесi бiреуiн дүниеге қызықтырып, қатарларына қосады да, ретi келгенде ордалы жыланның апанына құлатып жiбередi. Әйтеуiр, ойлаған мүдделерiне жетпей қалған кездерi некен-саяқ.
Бiрер жүз грамм қызыл өңештен өткен соң, әңгiменiң лебi әдемiрек есiлдi. Әбдiрахманды бiрiнен соң бiрi құттықтап, болашақ шаңырақтың босағасына бақыт тiлеуде. Әсiресе, Гүлжанның айы оңынан туып, мейманасы тасып, қуанышын айпарадай әлемге асқақтата паш етуде. Қайта-қайта: «Әбдiрахман, Нұрмира екеуiң бақытты боласыңдар, оған сенiмдiмiн! Менiң Нұрмирашым жыламайтын жерге барды...» деген сөзiн сан мәрте қайталап, отырғандардың зықысын шығарды.
Оның мұнысына Гүлмираның зығырданы қайнады. Қабағы — сәл, iшi — алай-түлей. Әттең, қолдан келер қайран жоқ, дымы құрып, жат ортада кiрпiше жиырылды. Дастархандағы дәмнен бiр түйiрiн де аузына салмады. Түнi бойы ұйқы көрмей, жол жүрiп шаршаса да, бойын сiрестiрген ыза, кек қажырын қатайтып, мысасына мiнгiздi. Кiмдi жазғырып, кiмдi кiнәлайтынын бiлмей, тасмаңдай жетiмдiгiн қарғады, әкенi де, шешенi де жалмаған өздерiнiң жетiбастығына назаланды...
Шiлденiң тымық түнi. Лүп еткен лебi бiлiнбейдi. Қайың, теректер сәл көз шырымын ала қояйын дегендей жапырақтарын салбыратып, мүлги қалыпты. Ара-тұра гүжiлдеп өтетiн машиналардың дыбысына, шабалана шәуiлдеген қандендердiң шарқая дауысына селт етпейдi. Мизiмей мелшиген күйде. Бәлкiм, бұл — ұсақ-түйек, күлдi-көмеш тәукеншiк тiрлiктiң шыршуынан өзiн биiк ұстайтын тәкәпарлығы, тектiлiгi шығар.
Дәл осындай өздерiн сұңғыла санайтын нойыс немелер талтаңдай басып, сыртқа беттедi. Көшеге сыймай кердеңдей жүрдi. Қара ниеттен тапқан бопыр ақшаларының буынан кеуделерiне нан пiсiп, қара бастарын он сегiз тармақты саңмүйiздiлердiң қатарына қосты. Мардымси сөйлеп, пенде атаулылардың кез-келгенiн мiсе тұтпады. Олардың осынау тыраш, әулiкпе әрекеттерiне зәулiм-зәулiм терек, қайыңдар аянышпен қарайтындай. Дүмдi құйрық тиiп кетсе — қоға секiлдi пора-порасы шығып, ешкiмге қажетсiз мамығы бұрқырай ұша жөнелетiн бәкенелердiң бәтуасыздығына мысқылмен мұрын шүйiретiндей. Сондықтан да жапырақтары ерке самалға судыр қағып, елiккен көңiлге желiк қоспайтын сыңайлы. Әйтеуiр, мұңлы. Тым-тырыс. Гүлмираны шемiршектеткен шер, бұлардың да тамырын барып бунайтындай...
— Серiк! — Сардардың саңқ еткен үнi қатқыл естiлдi. Сол-ақ екен, өз ара әңгiмеге көшкен бiлеуiттер «бiзге де қатысты бiр нәрсе айтар» дегендей тына қалды. — Екеумiз ананы барып байқап келелiк. Шаруаны шалқайтпай, тезiрек нүкте қойған да дұрыс. Сұлтан, сендер Бiдiрәлi екеуiң, — тереңде жатқан шүңет көзi жылт етiп, соңындағыларды шолып өттi, — «қонақтардың» жайын бiлiп қайтыңдар. Бүгiнге бәрi жеткiлiктi, сонда да қадалаған жөн. — Темекiсiн ұртын толтыра сорды да тұқылын жерге тастай салды. Iзiнше жалпақ табанымен жанын шығара жаныштады.
— Дайрабай, сендер, — төмен тұқиған басын сөйлей көтердi, — осында бас-көз болыңдар. Бiз тез барып қайтамыз. Жүр, Серiк!
Шығаннан шығып безетiн қашағандай қоңыр «Хонда» асфальтқа бауырын төсей жатып ап, жермен-жексен боп зымырайды. Кей тұстарда бұлталаңға басып, ойнақтағандай қалып танытады. Жүрiсi сондай жеңiл, жылдам. Жанға жайлы супер салонның iшiнде әсем әуен еркелей әуелейдi. Машинадағы екеу соған зейiн қойып мәужірегендей, үн-түнсiз. Әлдебiр уақыттарда Әбдiрахман:
— Сен мынаны уысыңнан шығармауың тиiс, — дедi сыздана, алдыға тура қараған қалпы. — Әлi талай қажетке жарайтын тұстары ұшырасады.
Әңгiме Гүлжан жайлы екенiн түсiндi.
— Иә, өзiм де солай ойлағам. — Серiк қозғалақтап, нығарланып отырды. — Тiптi, болмаған күнде «қонақтарға» тарту-таралғы ретiнде ұсынармыз. — Атымтай жомарттығын танытпақ боп едi:
— Бәрiнiң баратын жерi — сол! — деп, сардар алдын ала кесiп-пiшiп тастағанын аңғартты. — Дәрi берiп жүрсiңдер ме?
— Мiндеттi түрде! — Үнi нық, қатқылдау. — Күнiне үш мезгiл.
— Дұры-ы-ыс. — Риза қалпын аңғартып, сөзiн созып айтты. — Ес жиғызбай, қайта қалпына келтiрмей құртыңдар. Әйтпесе, жеп отырған нандарыңнан айырылатындарыңды ұмытпаңдар.
— Оны бiлемiз ғой, бiлемiз ...
Толғақ қысқан ешкiдей шыжбың қақты.
16-ТАРАУ
... Гүлжан бақытты едi. Сор мен бағы қабат жүрсе де, маңдайы жарқырап ашылып келе жатқан. Бар арманы — шикi өкпе-тiн. Ол қуаныштың да ауылы алыс емес-тi. Жазмыш солай шығар. Әлде баладай аңғал, сенгiштiгiнен тапқан «опасы» ма?
Дәл қазiр тағдырының жайын ойлай қоятын онда сана да, түйсiк те тапшы ...
Күйеуi Бiтiм — делдал-бедекшi. Бәлендей үлкен олжамен жүрген бедекшi-бизнесмен болмаса да, тапқан-таянғаны отбасын, әке-шешесiн, қайын-жұртын асырауға молынан жететiн. Гүлжан осы ырыздықты қалай шашса да, қолынан ешкiм қақпады.
Қыз кезiнде аңғырттықпен от басқанымен тым бағы зор едi, шынайы бақытты едi. Өзiнен тумаса да құдай берген алтын асықтай төрт ұлы бар. Бiрде-бiреуi өгейсiнiп, бойын аулақ сап мұны жатсынған емес. «Мама» деп құрақ ұшады, бұл да бөбектерiне әздектеп, туған анасындай аялайтын. Ұрсып-жекiмей алты жыл адал баққандығынан ба, олар өз шешелерiн қойып, Гүлжанға бiржола берiлген. Жүрегiнiң кеңдiгi мен мейiрмандығы да сол: «туған шешелерiңдi ұмытпаңдар» деп, әлдеқашан басқамен тұрмыс құрған күндесiнiң үйiне жiберiп тұрды. Бала көңiлi еркелету мен аялауды қалайтыны белгiлi, аналары iшiнен жарып шыққан шұбар жыландарын айналып-толғана алмаса керек. Бейшара ерiнен имендi ме, әлде қағынан жерiген құландай тасбауырлығы ересен бе, әйтеуiр, балалар алғашқы кезде барғанмен, кейiн тартыншақтана бердi. Бiрде ұлдарының үлкенi:
— Мама, ол үйге ендi бармайықшы. Бiздiң бiр-ақ мамамыз болсыншы, — дедi жанары жасаурап. Гүлжанның жүрегi езiлiп, төбе құйқасынан қара табанына дейiн шымырлай жөнелдi. Бала тұрмақ өзiнiң көңiлi босап, жылап жiберуге сәл-ақ қалды. Сосын, төртеуiн кезек-кезек аймалап, бауырына басты. Тамақтарын iшiп, балаларымен ұйлығыса ұйықтап кеттi.
Жақында қайынсiңiлiсiне төсек-орын беретiн боп, шетелдiк жиһаздар iздеп дүкеннен дүкен кезiп жүрген-тiн. Қолайына жағатын, ұнамды ештеме кезiкпедi. «Өзiмiздiң де бұйымдарды көре салайын» деп, «Қызыл гвардияның» тұсындағы сауда орнына бас сұққан. Шығарылған бұйымдар әдемi-ақ, бәрiбiр көңiлiне олқы соқты. Тартымдылау бiреуiне ұзағырақ қадалды, кенет:
— Қарындас, ұнамай тұр ма? — деген дауысқа жалт қарады. Ұзын бойлы сары жiгiт назарын тiктеп, бейкүнә жымияды. — Қажет болса, арзан бағаға импортныйын тауып берейiн.
Гүлжанның қышыған жерiне дәл тиiп, келіншек қолқ ете қалды.
— Қайдан? Қай жақтiкi?..
— Қайдан табатынымның керегi қанша, табамын.
Гүлжанның жүзi бал-бұл жанып, ойланбай қойған ерсi сұрағынан екi бетi дуылдай жөнелдi. Қапелiмде аузына сөз де түспей, күмiлжи бердi.
— Сiзге қай жақтiкi қажет?
— Соңғы үлгiдегi ең әдемiсi, ең арзаны... — Әзiлге сүйеп айтты.
Жiгiт бұған жайдарылана күлдi.
— Жарайды, бикеш. Алмания, Чехия, Швеция тәрiздi айтулы бес-алты мемлекеттiң жиһаздары бар. Өздерiңiз көрiп, қалағандарыңызды аларсыздар.
— Ой, керемет! Адресін айтсаңыз.
— Телефоныңызды қалдырыңыз. Бәрiн сақадай сайлап, ертеңдер хабарласамын.
Уәде байласып, сыртқа беттегенiнде әлгi бейтаныс жiгiт ту сыртынан шүйлiгiп, көзiнiң сұғын телмiре қадап тұрған болатын. Қазiргi кезде өте-мөте сирек ұшырасатын топ-толық әрi мөлiдей қап-қара ұзын бұрым, сайтандай сезiмiн қытықтап, жанына жай түсiрдi. Жүрегi әлдебiр күштiң ырқымен апалақтап, аузына тығылды. Ерiксiз қолындағы бiр жапырақ қағазға жапақ-жапақ қарай бердi...
Бұл оқиғаны Бiтiмге айтып барған.
— Несiне асықтың, өзiмiзге де жақында шетелдiк тауарлар келетiн едi ғой, — дедi ерi жай ғана баяу үнмен, болмашы кейiстiк бiлдiрiп. Соңыра, — жарайды, барсақ барып көре салайық, — деп жөнге көштi.
Айтқандай ертеңiнде түске қарай бейтаныс жiгiт телефон соқты. Ерi жұмыста, тұтқаны Гүлжанның өзi алды.
— Сәлеметсiз бе!
— Сәлемет...
— Гүлжансыз ба?
Дауысы сондай майда.
— Иә.
— Мен кешегі сiздiң бұйымтайыңыз бойынша... уәде еткен едiм... — Кiбiртiктеп, мүдiре сөйледi.
— Иә, иә... — Мынандай ыждаһаттылық пен мұқияттылыққа сүйiндi.
— Соны қашан кеп көресiздер, бәрi дайын.
— Кешiрiңiз, есiмiңiз кiм едi? Мен әуелi сұрамаппын да.
Келiншек ұяң тiл қатты.
— Әбдiрахман. Сөзiме сенiңкiремеп пе едiңiз?
— Жо-ға. Әйел басыммен бiр көре сап көр-жердi сұрап, тергеп жатуым әбестеу шығар деп ойлап едiм... Бiз онда қай жерге баралық? Сағат екi-үштердiң маңайында болмаса, дәл қазiр жолдасым жоқ.
Әбдiрахман бәрiн тәптiштеп түсiндiрдi, күтетiнiн қайта-қайта таптап айтты.
Екi жақтың да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Польшаның ас үйге қоятын жиһазын, Италияның қонақ күтетiн залға, Алманияның жатын бөлмеге орналастыратын көздi арбар бұйымдарын тым арзан бағаға әрi Ресей ақшасына алғанына Бiтiм мәз. Әбдiрахманның жомарт мiнезiне сүйсiнiп, үйiне шақырды. Ол да көп қолқа салдырмай жанына Серiктi ертiп, мейман боп келген. Сонда дастархан басында өзiнiң Стамбулдан оқып таяуда оралғанын, делдал-коммерциялық жүйеде жұмыс жасайтынынан мағлұм еттi. Серiктi жолдасым деп таныстырды. Әуелi, Бiтiмдi ендiгi тұста бiрге, бедекшiлік жолды жалғастыруға шақырды. Ол мынаның ауқымы кең, биiк межеде жүргенiне қызықты ма, бiрден келiсiмiн бердi.
— Ең бастысы, жақсы жолдас болайық, — дедi ағынан жарылып.
Сөйтiп, аралас-құраластары артып, тiрлiктерi де әуелгiден тезiрек оңға басып, үлкен табыстарға кенелiп жүрдi. Тiптi, ежелгi жолдастардан да көбiрек қарым-қатынасқа көшкен. Бiр-бiрiнiң сырларына да бойлап, арғы-бергi өткен жағдайларға да қаныға бастады. Әбдiрахман сонда алғаш Нұрмира жөнiнде естiдi. Естiдi де есi кеттi. Бiр көруге ынтызарланды. Көп ынтықтырмай Гүлжан оның ретiн келтiрдi. Әрi, «бағы ашылмаған сорлы мынандай жiгiтпен жарасып кетсе...» — деген жаман ойы да жоқ емес. «Бiтiмнiң жақын жолдасы, жұбымыз жазылмай бiрге жүрер ек».
Осылай қиялдап, онысы iске асатындай-ақ қуанатын. Бiрақ, бiрден лақ еткiзiп құрбысына дәнеңе айтпады. Байырқалап, арғы-бергi ау-жайды безбендеп барып бопасын таппаса, мiнезi тiк Нұрмира шарт ете қалуы ықтимал. Бiр бұртиса бiрмойын неме жуық арада жiбiмей қояды.
Алғашқы жүздесiп, танысулары ойдағыдай өттi. Бәрi өз ауанымен, өз ықтиярымен тәрiздендi.
Әбдiрахман Гүлмираны бұдан бұрынырақ бiлдi. Өйткенi ол сыңарына қарағанда Гүлжанды көбiрек iздейтiн, Бiтiмдердiкiне жиiрек баратын. Сондай мiнәйi себептермен онымен ұшырасудың, сөйлесудiң жөнi, жолы тезiрек түстi. Ал, Нұрмира мүлде бөлек. Оған қарағанда салмақты, көп сөйлемейдi. Бірақ, шырайы шыт жаңа көйлектей адамды бiрден өзiне тартады.
Бұлардың әке-шешелерi өлгенiн, сопайып екеуден-екеу қалғанын Әбдiрахман iлкiде естiген. Тұрмыстары жаман емес — бастарында екi бөлмелi бiр-бiрден пәтерлері, әкелерiнен бұларға ауған сая жайлары бар. Мәскеудегi үш бөлмелi үй және тұр. Ол әмбе Нұрмираның атында. Осыны естiгеннен кейiн-ақ Әбдiрахманның аңсары ауып, аяқ астынан «ауырды». Қалайда Нұрмираның осал тұсын тауып, көңiлiн өзiне аударуы тиiс. Алайда, ол ойы жүзеге аса қоюы қиын сияқты. Олай дейтiнi — адам баласына тым салқын, жастыққа, әйелге тән ұшып-қонған мiнезi байқалмайды. Алдаусыратып анда-мында шақырсаң: «уақытым жоқ» деп, келiспейдi. Үйiнің табалдырығын аттауға еркек атаулыға қатаң тиым салған. Ұрғашының көзiн жаулап, ақылын арбайтын жылтырақ асыл тас — алтындар да тура жолынан тайдыра алмады. Ешкiмге көнбейтiн, ешкiмге көзiн сүзбейтiн тәкәпар.
Араға Гүлжанды жеңгелiкке жүргiзбек едi, ол:
— Баяғы заман емес, өзiң сөйлесiп жауабын ал. Бар мiндетiм — таныстырудан құтылдым. Арғы жағына, бiреудiң жеке шаруасына араласпаймын, — деп, шолақ қайырған. Ал, Гүлмира мүлдем ат-тонын ала қашты. Илiкпедi.
Бұл әдiстiң iске аспайтынын бiлген әккi, басқа айлаға баруды жөн деп ұқты. Небiр қитұрқы қулықты игерген найсап, жаңа шешiмге бел буды. Алғашқы Гүлжанға деген нәпсiқұмарлықпен жылт еткен обыр сезiмiн тежеп, аяғын саясатпен басты. Өзi күндiз-түнi Бiтiмнен қарыс сүйем ажырамай, Серiктi оның әйелiне шүйлеп салып қойды. Құдай тiлеуiн бергенде, мектептегi ұлдары үш айлық жазғы каникулға шығып, ауылға апарып тастаған. Онда да енесi қоярда қоймай, «өзiң көр мен жердiң ортасында жүрсiң, бiр азырақ дем ал» деп, немерелерiн алдыртқан. Сондағысы құрсағы ендi-ендi бiлiне бастаған. Әйтеуiр шикiөкпенiң зары өткен соң, ана байқұстың алдын-ала әздек қаққаны.
Гүлжан көбiне үйде жалғыз. Серiк сондайда сытылып шығып, тура Бiтiмдікіне тартатын. Көкейiндегi пиғылдан дәнеңенi аңғартпайды.
— Сендердiкiне Әбдiрахман келмедi ме? Шаруам боп тұрғаны. — Өп-өтiрiк сылтау айтып, бөгеледі.
— Олар Бiтiм екеуi кетiп едi. — Ойында ештеңе жоқ келiншек ағынан жарылады.
— Онда, кеп қалар, мен күте тұрайын. — Еш саспастан сабазың мүләйім жауап қайырады.
Сонымен, үйде адам отырған соң Гүлжан шай әзiрлеп, дастархан жаяды. Шай iшiледi. Оны-мұныны сөз етiп, оңаша, екеуден-екеу уақыт өткiзедi. Содан бiр мезеттерде «қой, кетейiн, Әбдiрахман келсе менiң iздегенiмдi айта сал» деп, өп-өтiрiк маңызданып сыртқа беттейдi.
Бара-бара табан аударып, тапжылмайтынды әдетке айналдырды. Бiрақ оған секемденген, шамданған пенде болмады. Үй иесi келгенде, «әбден күтiп сарылғандығын, тағаты таусылғандығын» мұңая баяндап, «шұғыл шаруа бар» деп, Әбдiрахманды ертiп жөнейдi. Ұзай бере:
— Не, қиюын келтiрдiң бе? — дейдi әмiршiсi.
— Жоқ. Бұл тұста асығу жеңiске жеткiзбейдi, жөнi — сабырлылық. — Көшелiлiк таныта уәж айтты.
Мұның пiкiрi Әбдiрахманның көкейiне қонып, ол өзінің сәл қызбалыққа ұрынғанын байыптады.
— Иә-ә, бiрiншi жолы-ақ тырапай асыру — оқиғаны тез аяқтағанымен, өзiңнiң де тамырыңа балта шабылуы ықтимал. — Көкжиекке көз тiгiп, ойланған пiшiнде сөйледi. — Сондықтан асықпағанымыз жөн. Әйткенмен, тiзгiн-шылбырды бос қойып, арқаны кеңге салу және жарамас.
— Ол да жадымда. Аса ұзатудың да тиiмсiз екенiн бiлемiн.
Түпкi арам пиғылдарын iске асыру үшiн, қарау мақсаттарын алдыға нығарлап қойды. Осы мүдденi көздеген екеу, жымын бiлдiртпей жұмысқа кiрiстi. Жөнi жоқ нәстелердi сылтауратып, Серiк бөгденiң үйiне ұрланып баруын жиiлеттi. Әбдiрахман баяғыша коммерциялық серiктестiгiн бетке шырға етiп тартып, Бiтiмдi қасынан қарыс сүйем ажыратпады. Күндiз-түнi бiрге қосанжарласа шапты, шаптырды. Орайын тауып Нұрмира мен Гүлмираларды да ұшырастырып, сөйлесiп қалып жүрдi. Осындай ұрымтал тұстардың бiрiнде Серiк те жүктелген тапсырманы орындады.
Әбден бойлары үйренiсiп, бiр-бiрiн жақын адамдардың қатарына санағаны сондай, бара-бара Серiктiң сумақай жүрiсiнен ешкiм секемденбедi. Ол әшейiн-ақ келiп-кетiп, Гүлжанның қолын ұзартып, машинасымен оны-пұны жұмысына апарып немесе өзi-ақ тындырып беретiн болды. Ашық-жарқын мiнезiнен Бiтiм де ештеме аңғара алмай қалды. Бәрi шынайы, достық рәуiште екен деп ойлады.
Серiк осы үйдiң тағы бiр шаруасын тындырып қайтқан жолында, сырттан сусын ала келдi. Оны екi шыныға құйып, Гүлжан басқа бөлмеде жүргенiнде бiрiне дәрi салып жiбердi. Тез-тез араластырып, әппақ түйiрдi ұнтақтап тастады. Iзiнше ұнтақтың да түгi қалмай ерiп, дәнеңе сезiлмес қалыпқа ендi.
— Гүлжан, сусын iшпейсiң бе?!
Әдеттегiдей қалып танытып, көңiлдi дауыстады.
— Қазiр.
Жексұрынның iшi қылмыңдап, «тезiрек келсе екен» деп дiңкесi құрып барады. Арам ниетiне мастанған неменi селк еткiзiп:
— О-о, «Кола»! — деп келiншек балаша масайрап, шаттана үн қатты. — Салқын шығар, әә?!
17-ТАРАУ
... Күйiндi көңiл алас ұрып, қабағы нарау тартып, баяу күрсiндi. Әуелден-ақ жүйкесiн мүжiген ой тасқыны, мүлдем басын қатырды. Шабаданға оны-пұнысын қаттап салса да, киiм-кешегiн жуса да санасында сартаптанған уайым жалғызсыратпады. Кейде ерiксiз жанарының аясы жасқа шыланып, мүбәрақ қарашықтары мөлiдей мөлдiреп, ақық тамшылар үзiледi. Қай жаққа мойын бұрса да — қорқаулардың мекенi, көң-қоқысқа өсетiн барақы, биiк қау тәрiздi айуандардың ордасы. Бiр ашылмаған бақ сорға тартып, соларға қарай итермелейдi де тұрады. Ең құрымағанда нағыз ақсүйек ағзамдар ұстайтын алтын құндақты қылыштың қыны болмай, жұрын өмiрдiң жентегiне айналғанына опынды. Айналдырып отырған: озбырлар — адамдар — айуандар. Әлде, атом ғасырына қадам басқан сайын түйсiк төмендеп, парасаттылық түгесiле ме? Сөйтетiн тәрiздi. Өйткенi, улы, аса зиянды химикаттар әлемдiк деңгеймен алғанда құмырсқадай ғана адам тұрмақ, планеталардың өзiн жарымжан етедi. Оған жердiң өзi нақты дәлел. Атом дәуірі узәрiн көң итерген қоңыздай домалатып, сәт сайын межесіне жақындайтындай. Адам өркениеттiң шыңырауына жетiп қалған сияқты. Себебi, өзi ойлап тапқан заһар — өзiн жұтуға әзiр. Ең бiрiншi, ибалы қоғам — имансыздыққа айналып барады. Адами мiнез-құлық — айуандықпен алмасқандай.
Ой дарбазаның iшiнде дал-дұлы шыққан Нұрмираның миы шыңылдап, дүние қарауытты. Жадында сақталған әне бiр оқиға елес берiп, қылаң етiп едi — жаны түршiктi.
Үшiншi курста оқитын кезi. Адам ақзасының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ота жасап, көрiп, танысып, мәйiтхана мен оқу корпусының арасында сабылып жүрген шақ. Бiр күнi лекцияда отырғанда студенттер мырс-мырс күледi. Бастапқыда мән бермеген, сөйтсе, артқы партадағы Қайрат дейтiн жiгiт, айтуға ауыз бармайды, қағазға оралған беймәлім затты қыздарға ұсыныпты. Олар қайдан бiлсiн, ашпай ма... Сұмдық, ер адамның жыныс мүшесi... Соған бәрi қарық, жыртың-жыртың...
Әлгiлердiң аруақты қорлаған айуандық әрекеттерiн әзер ауыздықтаған. Өлiктi мазақ етiп ойнаған әумесерлердiң қылығы, аза бойын қаза тұрғызған... Мүмкiн, саналарын сыналап, атом салқыны жүгiрiп өткен шығар. Ертеңгі зиялы қауымның түрi. Ойнайтын нәрсенi тапқан екен.
Зұлмат ойдың ойсырата соққан сілемінен ауыр күрсінді.
Бағана ұлымен сөйлескен.
— Мама, сағындым. Қашан келесiң? — дейдi құлыншағы.
Өзiнiң де емешегi езiлiп зорға жүргенiнде мынау, тiптi, жанын уiлжiттi.
— Сәл шыда, жақында барамын, — дедi амалы таусылып.
— Тез кел, тез!
Жүрегi шым-шым еттi.
Студент кезінде дәруханада бiрге жұмыс жасаған Жамал апайдың үйiне бiр-екi күн бұрын апарып тастап едi. Оның үстiне балажан қария өзi жабысып, айырылмай қойды. Сәби де сол шақта көп ойыншыққа алданып, кеткiсi келмей қалған. «Аласапыран уақытта осында болса бола тұрсын» деп едi Нұрмира iштей.
Кенет, бейуақытта есiктiң қоңырауы соғылды. Ащы үн селқос жанды селк еткiздi. Әп сәтте балдай тәтті ойы пышырай жөнелді. Бәйек таппай шырқырауына қарағанда мынау, шұғыл шаруамен жеткен шапқыншыға көбiрек ұқсайды.
— Кiм бұл?! — дедi, көзтесiктен қарағанымен ар жағы қараңғы, бәрiбiр көрiнбейтiнiн бiлгендiктен.
— Мен ғой!.. — Әбдiрахманның дауысын бiрден таныды. — «Құдай бұйыртса күйеуiңiз боламыз», ашыңыз.
Өп-өтiрiк ыздиды.
«Бұлар қайдан жүр?» деп қынжыла, суқаны сүймесе де шарасының жоқтығынан құлыптың қара құлағын бұрады.
— Әзiрленiп жатырсың ба?
Табалдырықтан аттасымен ертеңгi жолдың қамын сұрады.
— «Тәңертеңге дейiн дайын боламын» деп айттым ғой!
— А-а, олай болса жақсы екен... Ертеңгiлiк құмға сiңген су сияқты үштi-күйлi жоғалып, бiздер орныңды сипап қалмайық.
— Мен айттым — бiттi, сөзiмде селкеулiк жоқ! Сүрепеттерiңнен үрейiм ұшса да, барайын. Қу жаныма тыныштық берiңдершi.
Әбден таусылғандықтан көкейiндегiсiн лоқ еткiзiп, ақтара салды.
— Шамданба, бәйбiше! — Әйелдiң мына екпiнi қытығына тидi ме, әзiл араластырғансып, қатқылдау сөйледi. — Одан да шалыңа бiр-екi шыны шай бер, шөлдедiк. Кел, Серiк, отыр мында! — деп, ас столының жанындағы орындықты нұсқады. Өзi де қасына жайғасып, болмашы уақыт басына қонар бақыттың буына малтыды. Мынаған заңды түрде үйленiп алса, Мәскеудегi, осындағы пәтерлердi ретiн тауып, өз атына аудартар едi, шiркiн... Қосылмай — оған жол жоқ. Мәскеудегi пәтер Гүлмираның емес, осының атына жазылған. Өткенде, «үйдi ала» бер дегенде алмағаны, құлқынының табанда ашылып қалатынынан қашқақтаған. Әзiрше күллi жақсылықты басына үйiп-төгiп, «сүйем-күйем» деуден жаңылмау. Сосын бәрi оңтайына келер. Осыншама жанын жалдап жүгiрiп жүргенi де сондықтан. Әйтпесе, соншама ақ тер, қара тер болмас та едi.
Еңселi екi бөлмелi пәтердi көзiмен сүзiп, Мәскеудегi үш бөлмелi үйдi елестеттi. «Құрғыр, сол уақ тезiрек келсе екен. Тiрлiк жасауына да өрiс ашылып, дайын олжаға кенелетiн».
— Кесеңдi алсаңшы!
Нұрмираның жұмсақ үнi ұйқысынан оятып, ләззатты қиялының бетiн қайтарды.
— Алам, қоя бер!
Бiрден есiн жиды. «Дүние жаман-ау, қаһарын төккен патшаның да иiн жұмсартып жiбередi. Сырдан сығанақ өткен қулардың ортасында сыр бермейтiн басым, тәттiге көзiн сатқан жетiм баладай телмiрiп, арбалып қалыппын ғой...»
18-ТАРАУ
— О-о, «Кола»! — деп келiншек балаша масайрап, шаттана үн қатты. — Салқын шығар, әә?!
Нәзiк саусақтарымен ыдысты лып еткiзiп ап, қаперiнде дәнеңе жоқ Гүлжан екi-үш бөлiп iшiп салды.
Оның дымын қалдырмағанын көзiнiң астымен бақылаған бiлеуiт неме, басқа бөлмеге қарай жылыстай бердi. Залға барып, теледидар қарады. Тартымды онша ештеме болмағандай бейнемагнитафонды қосты. Экранға жұлқынған еуропалық өнерпаздар шыға келдi. Өп-өтiрiк соларды тамашалағандай түр байқатқанмен, күллi сана-сезiмi келiншектiң аяқ дыбысын аңдуда. Қалай жүрiп, қалай қозғалғанын көрмесе де топшылайды. Ол бұл отырған бөлмеге бiр-екi рет таяп келдi де, қайта әрмен қайтты. Оның дыбысы алыстаған сайын аңқасы кеуiп, ынтызарлана бердi. Өн-бойы тыз-тыз етiп, бүйiрiн күн қыздырған жыландай әлдебiр құмарлыққа елтiген масаң неғайбiл халге оранды.
Келiншектiң аяқ астынан денесiн лыпыған жалын шарпып, ыстығы буынына түскендей дел-сал күй кештi. Басы зеңiп, тұла бойы ақпалап қозып, өз уынан өзi өлетiн шаяндай, өз ұятынан өзi жарылатындай. Қайдағы құйынға ұласқан соқыр сезiм жетелеп, Серiкке қарай екi-үш рет апарды. Мына ала-құйын мүшкiл әлiне есеп берiп, ек-үш рет өзiн бөгедi. Дегенмен, өзегi мен жүрегiн жайлаған мiскiн халi ноқталағанға көнбей, арсыз жағалауға атып ұрды. Көзiн бiр ашқанында айқара құшаққа көмiлiп кетiптi. Қалт етiп қарсы тұруға дәрмен жоқ.
— Маған қазiр болмайды ғой, — дедi отты демi жiгiттiң жүзiн шарпып, үздiге аһылап. Бар көрсеткен қайраты осы ғана.
— Неге?
Шыбын жаны үзiлердей алқынып, сырылдай сұрады.
— Аяғым ауыр...
Жынды сүрей мұны естiсе де естiгiсi келмедi. Өршелене өңмеңдедi. Өң мен түстiң арасында жатқан жәдiгердi қызыл өңешке салып, тезiрек жәукемдеудi мақсат тұтты. Баяғыдан тiлегенi мен көксегенi де осы едi. Бiр рет тәнiн тамашалап, таңын айырса әйел деген, әсiресе бөгде әйел айтқанын орындап, еркектiң уысынан шыға алмай қалатын әдетi. Мына қараулардың да аңсағаны сол, бетiн бiр ашып ап, өздерiне тәуелдi, бағынышты етiп ұстау. Сөйтiп, Нұрмира мен Гүлмираға қарсы өз мүдделерi үшiн шаптап, айдап салу. Осындай жексұрындықпен жеңiске жетiп, байлықты иемденбесе — басқа төте жолды көрiп тұрған жоқ.
Бойынан бейұят ләззатқа батырған дәрiнiң дәрменi қайтты да, солығы басылған соң бiртiндеп есiн жия бастады. Бiр кездерде барып қасқыр тартып жайратып кеткен байталдай қалпын көрiп, осыншама шектен шыққан айуандық iсiне қапалана солқылдап жылап жiбердi. Серiктiң бетiне қарауға дәтi жетпей, анайылықтың жастығынан басын сүйрете көтердi де екi иiнi дiрiлдеп, бөлмеден жауырыны қушиған қалпы шыға бердi. Бiр кездерде барып қайтып оралды.
— Серiк, бар кетшi... Мен саған қарағым келмейдi...
Топ толық бұрымы тарқатылып, тым мұңлы көрсетедi. Қасiреттiң қаймағы қарашығына кiлегейленiптi.
Жөпелдемеде жiгiттiң аузына жөндемдi сөз ілікпей:
— Немене, ренжiп қалдың ба? — дедi келеңсiздеу кескiнмен.
— Өзiмдi-өзiм атарға оғым жоқ! — Жұлып алғандай тақ еткiзiп айтты. — Бiздiң арамызда ештеме болмады деп есептерсiң!
Сүлесоқ бұрылып алып жүре барды. Жiгiтке де керегi осы-тын. Ендi бөгелсе ши шығып кетер деп, ылдым-жылдым жиналып, асығыс сыртқа ұмтылды.
Бұдан кейiн жағдай басқаша өрбiдi. Аңысын аңдыса, Бiтiмнiң тарапынан көңiлге секемал алатын ештеңе бiлiнбейдi. Гүлжан да жыртылған көңiлiн iштей тепшiп, бөгде көзге кiлбиген қылпын сездiрмедi. Мұнысы, тiптi, оқиғаның тiгiсiн жатқызып, ың-жыңсыз тiрлiктерiн жалғастыруға мүмкiндiктi молынан туғызды. Осыны анық бағамдаған Әбдiрахман қасына бiр-екi жiгiт қосып, Бiтiмдi бiрер күндiк шаруамен Нарынқолға жұмсап жiбердi. «Серiк екеумiздiң тындыратын iсiмiз бар» деп, өздерi қалып қойды. Ештемеден күмәнданбаған аңғал жiгiт, Сұлтандарға ерiп ит арқасы қияға кете барды. Қасындағыларға Әбдiрахман әдейi кешеуiлдетудi тапсырған.
Олар аттанысымен Серiк екеуi салып ұрып, иен үйдегi Гүлжанға келдi. Келiншек ештемеден сыр бермей, әңгiмесiн айта жүрiп, шайын жасады. Серiкпен араларындағы болған оқиғадан Әбдiрахман бейхабар деп ойлайтындай. Өзiн еркiн ұстауға тырысты. Талай кербездердiң сырын алған сырқынды немелер, онысының көрер көзге жасанды екенiн бiрден байқады.
— Нұрмираға дұрыстап түсiндiршi, маған тұрмысқа шықсын.
Ешқандай жасқанып, жәреукеленбей Әбдiрахман мәселенi қабырғасынан қойды. Мағынасыз да сезiмсiз бозғылт жанарын келiншекке қадады.
— Өзiң сөйлеспейсiң бе? — Тiксiнген Гүлжан мына қолқаны ерсi көрдi. — Кедергi жасап, жолыңды кес-кестеп тұрған ешкiм жоқ қой.
Оның сөзiн Әбдiрахман киiп кеттi.
— Мен онымен сөйлеспедi дейсiң бе?.. Ғашық екенiмдi, ессiз-түссiз сүйетiнiмдi талай мәрте барып айттым. Баласына да нағыз әкесiндей қамқор, пана болатынымды қаншама рет қайталадым. Көнбейдi, «сүймеймiн» дейдi.
— Әрине, ұнатпаса қалай тұрмысқа шықпақ? Соны бiле тұра, буынсыз жерден пышақ салуым — жанашырдың iсi емес. Жолдастықтан кететiн адам ғана ердiң артқы қасын сұрайды.
— Сен жолдастықтан кетпейсiң, қайта одан сайын iргемiздi нығайта түсемiз. Он жылдан астам бiрге тұрып, бiрге жүрсеңдер, ол маған күйеуге шықса — мүлде ғанибет ғұмыр кешер еңдер. Мен — Бiтiмнiң жолдасы, Нұрмира — бала күннен бергi құрбың, қандай тату-тәттi отбасына айналар ек. Қайта, осыны дұрыс түсiндiру — сенiң жолдастық парызың.
Сөзiнiң соңын нығарлап, салмақты Гүлжанның өзiне аудара сөйледi. Қарам пиғылдан туындаған ойын тiлiн емiзе отырып, санасына сақаға құйған қорғасындай сiңiрдi. Келiншек жеңiлiс тауып, бұдан кейiн абдырап қалды.
— Қарап тұрсаң бәрi көңiлге қонымды, миға сыйымды сияқты. Жаңағы сенiң айтқандарыңның түгелiне дерлiк өз басым келiсер ем.
Серiк бос шынысын ұсынды. Гүлжан шай құймақшы боп едi, қатып отырған сүтi таусыла қалыпты. Дастархан басынан тұрып, тоңазытқыштың есiгiн ашты. Осы орайы келген сәттi қалт жiбермей Серiк, келiншектiң кесесiне күнi бұрын әзiрленген әппақ ұнтақ затты сеуiп жiбердi. Ол қайта орнына жайғасқанша, әлгi нәсте iзiм-ғайым ерiп те үлгерген.
— Бiрақ, емешегiм езiлiп, жаным ашығанымен, мұндай мәселенi өзiнiң ықтиярына қойғанды мақұл көремiн. Ертеңгi күнi менiң айтуым бойынша саған ерге шығып, жылап жүрсе — өмiр бақи обалын, күнәсiн мен көтермекпiн. — Ара-тұра шайын ұрттап отырды. — Осы жағынан қорқамын. Тағдырдың азабын мәңгi тартса да жаны қалаған, көңілі соққан жолын таңдасын.
— Сонда екi жартыны қосып, бiр бүтiн жасау сауабынан бойыңды аулақ салғың келедi ғой.
— Жо-оқ. Араларыңа бiреу түсiп, ынтық көңiлдерiңдi ынтызарландырып, үйленулерiңе кедергi болған жағдайда, мен сендердiң от түтетулерiңе селбесiп, себепшiлiк етсем — сауаптарыңды алған болар ем. Ол базынаң бұл арада жүрмейдi, орынсыз. Өзiң көңiлiн тауып, қыз ықтиярын берiп жатса — мен қуанбасам, сонда кiнә тақсаң жарасар.
Ас iшiлiп, жiгiттер зал үйге жайғасты. Жымын бiлдiрмей жымитқан әрекеттерiне сүйiнiп, бiр-бiрiне жымысқылықпен қутың қағады.
— Қазiр, қазiр... — Серiк қыстыға сыбырлады. — Басын айналдырып, алып ұрар. Әуселесiн содан кейiн көрермiз. Ол бiзге бұйымтай айтатын шығар әлi.
Тағы да өткендегiдей жанына жасын түскендей халге ұрынуын, тағатсыздана тосуда. Әйел ыдыс-аяқты сылдырлатып бiраз жүрдi де, аңдушыларға дыбысы бiлiнбей қалды. Оның қимыл-қозғалысынан тын алып, жырындылар елегiзумен жiпсiз байлануда. Ақыры шыдамы түгесiлдi ме Әбдiрахман:
— Бар, байқап көршi, — дедi.
Серiк те осындай пәрмендi күтiп тұрса керек, апыл-ғұпыл қозғалды. Жұлқына ұмтылғанымен мысықтабандап басады.
Ас үйде қылпы бiлiнбедi. Балалар бөлмесi де бос. «Дәу де болса жатын үйде».
Өткендегiден де мөлшерi көп кесел жүрегiн шабақтап, жанын тызақтатып, байыз таптырмады. Өн бойынан тоқ жүгiрiп өтiп жатқандай, он екi мүшесi сырқырап, бiрте-бiрте сүйек-сүйегi балқып қанағат табар қаракет iздедi. Бастапқыда «мынандай кеселге қайдан ұшырадым, бөгделер барда құмарлық деген иттiң көк өңезi бөксерiлгенi несi? Қайманалардың алдында дәрменсiздiгiмнен абыройым және бiр ақтарылмақ па?» деп, екi күйдiң ортасында өзiн сабырға шақырып, алқымынан сығымдаған әлеуеттi күштi қажырына жеңдiрмек болған. Әйткенмен, бұл әрекетiнiң бәрi кеш едi. Қуаты мен зымияндығы уақыт өткен сайын бой алған дәрi, дiңкесiн құртты. Дiңкесi құрығаны сол — иба, ұят дегендi ұмытты. Нәпсісі қозды. Әуелi өзiнiң қам-қаракетін бiлмедi.
Серiк бас сұққанда төсекте шашы белiн ораған, дөңбекши аласұрған келiншектi көрдi. Көрдi де нағыз бұлар тiлеген бабында екенiне қуанып кеттi. Әй-шай жоқ, қорегiне ұмтылған аш арыстандай атылды. Барды да бiрден әйелдiң ернiне сүлiкше қадалды. Бейшараның әбден сiлесi қатқаны сонша, қапсыра құшақтап, аңсап, ғашығына әзер жолыққандай құныға аймалайды. Оның ес-түссiз сәтiнде тағы бiр түйiр дәрiнi жойыт неме таңдайына салып жiбердi. Жанкештiлiкте болар-болмас нәрсенi бiр-екi талғады да, жұта салды. Не iстеп, не қойғанын айыра алмайтын, бұл дүниеде жоқ келiншек жаңағы жабайы, жиiркенiштi тiрлiгiн әрмен жалғастырды...
Мұның бәрiн күн iлгерiдегi жоспар бойынша қамданғанындай Әбдiрахман бейнетаспаға жазып жатыр едi...
Сiлесi қатқан келiншек аяқ-қолын жинай алмай, буын-буыны жоқ, әл-қуаттан ада халде. Жаңағының бәрi түс сияқты. Түс дейiн десе мына жалған — өңiне көбiрек ұқсайды. Бiрте-бiрте кәдiмгi тiршiлiк екенiне әбден иланды. Иланды да егiл-тегiл жылады. Күл-қоқыста қала берер қаз-тауықтың жұмыртқасындай, көрiнген жерде тырапай асатын төмен етектiлiгiне күйiндi. «Өмiр неткен жиiркенiштi... адам — айуан. Аулақ, талақ бәрi...» Ерiнiң алтын басын қорлап, намысын таптатқан өзiн ұрып өлтiретiн пенде жоқ. Неткен тұрпайылық, сорақылық. Кеше ғана үмiтiне жiп тағып, тәттi қиялдарға шоматыны. Алты жыл арман еткен, құрсақ көтеру есесi еншiсiне тигенде тағы да... тағы да абыройсыздық. Сорлап қалғанда, имансыздыққа соқтыққаны жанына батты.
Кенеттен шекесiне бiреу соғып жiбергендей миы шың еттi. Ауырсынып, жанарын жұмды. Қайта ашқанында көз алды мас адамдiкiндей буалдырланып, жаңа ғана айқындалған дүние әрiн жоғалта бастады. Басы айналды, жүрегi лоблиды. «Аяғымның ауырлығынан шығар» деп жорамалдады. Ұзын кiрпiктерiн қайта бiр-бiрiне түйiстiрдi, сәл-пәл үн-түнсiз қимылсыз жатты. Тұңғиыққа батып-батып барып, қайта жарыққа көтерiлгендей әсердi өткердi. Жаңағы, жебедей қадалған шаншу да жұмсарып, миына түскен қорғасындай салмақ ыдырап, жеңiлдедi. Жалғыз басы ғана емес, күллi тұла бойы серпiлiп сала бердi. Әлгiндегi уайым, шер, ойдан да құтылғандай. Көңiлi де, денесi де сергек тәрiздендi.
Бұл — екiншi дәрiнiң сиқыры. Онда апиынның құдiретi басымдау. Әрi оны iшкен адам, берген адамның айтқанынан шықпайтын, жалпы үстемдiк танытып дәргейiне кiргiзген пенденiң алдында жадыбасқа айналады. Бағзы заманда оқып, дуалап соңынан жетекке алған тайлақтай сөлкектетiп қойса, қазiр осылай-ақ салпақтатуға, әдiсi жетсе, шара бар.
Есiк ашылып, Серiктiң сұлбасы көрiндi. Сондай сүйкiмдi.
— Тұр, әлi жатырсың ба? — дедi.
Дауысы да әдемi, майда қоңыр үн құлаққа жағымды, бiртүрлi наз, еркелiк бiлiнедi. Сонысының өзi сезiмге әсер етiп, сананы қытықтайды.
Гүлжан риясыз жымиды. Серiк жанына таяп, қолын ұсынды. Әйел де қылықтана саусақтарын дiрiлдете созды.
Екеуi қонақ күтер бөлмеге беттедi. Әбдiрахман бар екен. Күлімдей қарсы алды.
— Басың ауырып тұр ма?
— Иә, бiлмеймiн не болғанын.
Алпыс екi тамырын қуалаған апиын, ақылының апшысын қуырып, дәнеңенi байыптатпады.
— Гүлжан! — Ендi Серiк тiл қатты. — Нұрмираны көндiресiң ғой.
— Иә...
Бiлеуiттер бiр-бiрiне қулана қутыңдады. Иi қанбаған терiнi жерiне жеткiзе илегендерiне мәз. Мұның ендiгi тiрлiгi ашса — алақандарында, жұмса — жұдырықтарында.
— Видик көресiң бе?
Әккi Әбдiрахман әйелдiң саудасы бiткенiн бiлген соң қужаңдап, ғаярлықпен лепiре ұсыныс жасады.
— Мен мұндағы касеталардың бәрiн көрiп бiткем.
— Бiз әкелген бiреуі бар, ала салып ек...
— Жақсы ма?
— Тәуiр шығар деп ойлаймын.
Екi еркек тағы да күле көздерiн түйiстiрдi.
— Онда көрелiк...
Iзiнше-ақ, экранға таныс бейнелер шыға келдi. Алғашында Гүлжан түсiнбей еңсесiн сала қадалып қарады да, мырс етiп күлiп жiбердi.
— Жынды-ы-лар, мұны қай уақытта жазып жүрсiңдер? Ұят емес пе..?
Құр аузы айтқаны болмаса, ешқандай қарсылық танытпады. Үшеуi қатар жайғасып, мына мәнсiз де арсыз малағамды тамашалады.
Серiк пен екеуi одан бетер жақындаса түскендей. «Кино» бiткенше аймаласып, өбiстi де отырды. Тек ең соңында әйел: «Бiтiм көрiп қалмасын» деп өтiнiш жасады.
— Жүр, Нұрмираға баралық, — дедi өктем тiл қатып Әбдiрахман.
— Жүрiңдер!
Бастапқыда келiспеген Гүлжан, бұл ұсынысқа өзi қосшы боп, жiгiттердi ертiп сыртқа беттедi.
Айтақтаумен, шала мас етер дәрiнiң буымен небiр сұрқиялықтардан тайынбады. Осы екi арада Гүлжанның сiңiлiсi институттан шығып қалатын боп, оқу орынындағы оқпаны үлкен обырларға тықпалау үшiн екi миллион сомды Әбдiрахман берген. Ылғи шаруамен шапқылап жүрген Бiтiм, бұдан мүлде бейхабар. Осылай iстетiп отырған да жырынды сұмдар. Әдейi, бәрi — саясат. Әйелдi тәуелдi еткен үстiне кіріптарлыққа итермелеу.
Жалғандықтың ғұмыры қысқа, ақыры әшкерелендi де ерлi-зайыптылар айырылысып тынды. Күйеуi бар пәле — әйелден деп ойлады. Бұл тұста да Серiктер жымын бiлдiрмей сыртқары қала бердi. Бәрiнен, тумаса да туғандай болған төрт бала анасынан тағы да ажырап, жетiмдiктiң жағалауымен жылай жүгiрдi.
19-ТАРАУ
Тым-тым ары, құзы мен шатқалына әкеткен сан-сапалақ сауалдардың сүйрелеуiмен сабылып, жүйкесi жұқарды, қаңырығы түтедi. Тымырсық iңiрдiң ауасы да еңсесiн езiп, қайраны таусылып, дiңкесi құрып отырғанда шиеленiскен малағам одан сайын алқымынан сығымдады. Мына жанындағы ереңбайлардың дарақы күлкiлерi, даурығысқан үндерi бұланып-таланған мұның зығырданын қайнатып, жынын қоздырды. Олар — мәз, бұл — құсаның құшағында. Әлдебiр жаққа сенделiп, беталбатты лағып кеткiсi бар. Бiрақ, дәл қазiр оған мұршасы жетер емес — басқан iзi аңдулы. Аквариумдағы май шабақша, қасiреттi қапастан құтылуға қауқар жоқ. Адам жейтiн арландай, әне, аналар арсалаңдап жүр. Артық қимыл жасай қалсаң тарпа бас салмақ. Сонда да өлi жандай қаракетсiз жатпай, тығырықтан шығар жол iздедi. Қайткенде де Нұрмираны «өз ықтиярыммен барамын» десе де, мыналарға — жiнiккен жөлiктерге бөктерiп қоя бермеуi тиiс. Сыңарының алды-артын ойламайтын бiрмойындығы ұшпаққа апара қоймас, тоқтату керек. Ал оны бүгiн таң атқанша тежемесе, арғы жағы — кеш, қылышыңды боққа шап.
Осындай ой легi көкiрегiне емiздiктетiп құйылғанда, жанын қоярға жер таппай тыпыршиды. Әлгiнде «жүр, билейiк» деп, Гүлжан жеткен — қуып шықты. Қазiр самбыр-самбыр сөйлеп, елден ерекше думанды қыздыруда. Соңғы кезде құрбысының мiнез-құлқына түсiне алмады. Бәлен жыл бiр үйде тұрып, бiрге оқыған адам осыншама қиянатқа барады деп кiм ойлаған.
Гүлжан мен Нұрмира мұның айтқанынан айнымай, тiлiн алушы едi. Қазiр екеуi де екi жаққа сәңкиiп, Гүлмираны от пен судың ортасына тастап отыр. Әне, Гүлжанның дауысы тағы да жарқын-жарқын естiлдi:
— Жiгiттер, қыздар! Ертең жолымыздың жеңiл болуы үшiн iшiп жiберелiк! Бәрi дүрк етiп, «ура-а!» деп, қостай жөнелдi.
Олар шаттанған сайын, Гүлмираның апшысы қуырылып, тордағы тиындай аласұрды. Iшiндегi жалын шыдатпай ала жөнелдi. Әлгi атан түйедей құтырғандардың арасымен сыналап өте берген, «қайда барасың?!» деген қаһарлы дауыс кiлт бөгедi.
— Сыртқа шығамын.
Дайрабай қасындағы жiгiттерге ым қақты. Олар әйелдi өкшелей iлесе жөнелдi. Гүлмира аулаға табаны тиісімен еш сезiк тудырмай, бақшаға қарай бұрылды. Еркектер онымен бiрге әжетханаға қосанжарласа өңмеңдеуге именiп, берiрек iркiлдi. «Қайда қашар дейсiң? Биiк пiскек темiрмен қоршалған бақшадан шығып көрсiн» деген пиғылдың сүресiне малданып, екеуі асықпай темекi тартуға кiрiстi. Ойлағандарындай-ақ, «тұтқын» аса сарылтпай бой көрсеттi.
— Басқан iзiмдi аңдып, сарыған жерiмдi тiмiскiлегендерiң азамат бастарыңа жараспайды.
Артық ауыз сөз айтуға құқылары жоқ барып кел, алып келдiң адамдары ма, әлде жетесiз дүмбiлез немелер ме тiс жарып, ләм демедi. Соңынан сөлпектеп ерiп, iшке ендi.
Тағы да ырду-дырду. Тұс-тұсынан жел саулаған желкөз киiзүйдiң туырлығы тәрiздi, санасының сан қырынан сауалдар пiспектейдi. Әл үстiндегі зәрурет науқастай бозарып-сазарып, сiлейді. Жаңағы құлақты жарардай әулекi әуеннiң үнi де әсер етпедi. Бiр сәт меңiреудiң күйiн кешiп, мелшидi де қалды. Әлгiлер тағы да дастарханның басына шақырып көрiп едi, мизімеді. Қайтып оралып келген Әбдiрахман да қанша қолқа салғанымен, орынынан қозғай алмады. Сосын төрт бөлмелi үйдi өздерi басына көтерiп, әлгiнде басталған «тойдың» беташарын әрмен жалғастырды. Ас та төк тамақ, ақтарылған арақ-шарап, лепiрме лебiздер үстемелете бiрiн-бiрi басып озып жатты. Әбден зар күйiне енген көсемдерi көлгiрси стол басынан көтерiлдi. Қолына екi рюмька ұстаған қалпы, «қайынбикесi» отырған бөлмеге беттедi. Есiктен жымысқылана жымиып аттады.
— Гүлмира, бiздiң қуанышымызға қарсысың ба? — Теңселе басып жанына таянды. — Неге үндемейсiң? Нұрмира екеумiз бiр-бiрiмiздi сүйемiз.
Шүңет көздерi қылмың қағып, нан дәмете босағадан қараған күшiктей басын бiр жағына қисайта қапты.
— Ол саған күйеуге тимейдi!
Ашуға булығып, жаны ышқына айқайлады.
— Тигенде қайта-қайта! — Бiрден жүзiне уыт жүгiрiп, бұжыр-бұжыр беттерiнiң түгiне дейiн тiкiрейдi. — Керек болса сенi де қатын қыламын!
— Салдақыны тарамысша тырыстыра бермей, қатпарын жазшы!
Жап-жалпақ бетi одан сайын жайылып, арақтың күшiнен қап-қара реңi күреңiтiп алған Сұлтан қыбы қана дауыстады.
— Мен сенi құрметтеп, мына коньякты iшемiз бе деп алып келсем, — тiстене сазарған қалпы әйелдің бетiне шашып жiбердi, — оған татымайды екенсiң.
Кенет, аузын жиып үлгергенше жiгiттiң жағына шапалақ шарт ете қалды. Ешкiм бетiне келiп көрмеген құйрығы қайқы дүрегей төбет, мынандай оқыс қимыл күтпесе керек, сәл бөгелiп барып, алдындағы киiктiң лағындай әлжуаз неменi тарпа бас салды. Желке шашынан бүрiп ұстап, бар екпiнiмен диванға сiлкiп жiбердi.
— Мен — Әбдiрахманмын! — Тiсiн қатыр-құтыр қайрады. — Қатын қол көтермек түгiлi, еркектер айбарыма төтеп, жанарыма тура қараған емес. Қаншық, сен, құдай екенсiң, көрейiн әуселеңдi!
Бойын қайта тiктей берген Гүлмираны дәл көзiнiң алдынан жуан жұдырығымен қонжитты. Әйел қалпақтай ұшты.
— Әбдiрахман, оны олай емес, «кәдiмгiдей» жөнге салмайсың ба?!
Сұлтан айқұлақтана айқайлады.
— Асықпа, пістең қақтырармын әлi...
Осы сөздi айтып болғанша, тағы бiр ұрып үлгердi. Шалқасынан түскен жемтiгiнiң омырауын қақырата айырып жiбердi. Бейшара лажсыздан шыңғырып, құлындағы дауысы құраққа жеттi. Оны елең етер есiрiк тентектiң түйсiгiнде саңылау жоқ. Жалаңаш дененi, тырсиған қос анарды көргенде, қызылға құныққан қасқырдай өршелендi. Ендiгi тұста аршылған жұмыртқадай әппақ тән көзiн қызықтырып, көңілінің құртын қоздырды. Асығыс, құлқынын құртқан құштарлықпен ұрғашының үстiне қонжия кеттi...
Сұлтан әлімжеттік әрекеттен көз айырмай есiктiң аузында тұр. Арғы бетiнде азған топ. Жалбарына шыңғырған әйел үнiн құлақтары шалса да, бiреуi қозғалмады. Қайта қуанатындай арақтарын iшiп, ырдудудумен мәз.
Күтпеген тұста сыртқы есiк тарсылдап ала жөнелдi. Тұтқиылдан шыққан тосын да батыл сартылдан кәйiпке бөленген әлгiлер селт етiп еңселерiн тiктеп, бiр-бiрiне алақ-жұлақ қарасты. Ең бiрiншi мән-жайды нобайлаған Серiк қасындағы аузы-басын жалап манаураған мұңлығын тастай сала, тексiз сасық текедей басын сауғалай атырылды. Ойы — қалтарыстағы бөлменің терезесінен секіріп түсіп, бой тасалау. Оның бұл пиғылын ұғынған Бiдiрәлi мен Дайрабай да алды-арттарына қарамай әңгiнiң соңынан арбаңдай салды. Бiрақ саңылау табу оңайға соқпады, терезенiң бәрi ұры кiрмеуi үшiн темiр тормен бiтелген. Сонда да атпалдай жiгiттер қойсын ба, сынасымен қоса бiреуiн қопарып, опыр-топыр қарғыды. Серiк мына бәледен қашып бара жатып, әлгi екі қызметшi жiгiтке «бар, Әбдiрахмандарға ескерт!» деп, әмiр берiп үлгердi.
Олар атамандарына жетіп хабарлағанша, сырттағылар есiктiң топсасын мық шегесiмен бiрге суырып алып iшке енген болатын. Ал, әбден қызық пен рахатқа бөленген екеуi мына тарсылды да, үстiлерiне үйiрiлген алапат әбiлеттi де аңғармады. Тек үрейi ұшқан қос қызметшiнiң төбесiн көргенде ғана көңiлдерiне қыпыл енген. Бiрақ, кеш едi. Әлеңкедей жаланған iске шұғыл араласатын жасақ, тырп еткiзбедi. Сау етiп кiрген бетте көздерi айранданып, өздерi мәңгiрген үш төмен етектiнi көрдi. Одан арғы бөлмеге сұғынғанда бәйек боп құты қашқан екi еркектi, жемтiгiн жәукемдеген қорқаудай күжiрейген тағы екеудi, сосын, жайраған бейшараны аңдады. Әйел тыр жалаңаш тәнiн бүркей, солығын баса алмай жылайды.
Құдайдың атқанын ұғысымен, Әбдірахмен әрекетке көштi. Қызметшiлерiнiң алдында еш қарсылықсыз берілуге арланды, шартпа-шұрт төбелесе кеттi. Әйткенмен, сақадай сай милиция тобы жанын қойсын ба, қолына кiсен салып тұтқындады. Әлгi жандайшаптардың да халдерi осындай.
Үйдi сүзiп шыққан бiр бөлегi, жойыттардың түгел дерлiк тұзаққа түспегенiн топшылады. «Әлi де ұзай қоймаған шығар» деп iз кесiп, барлағанымен күдiктi ешкiм назарларына iлiкпеді.
Шұғыл топтың командирi төсекте бүк түсiп солқылдаған Гүлмираның қасына таянып:
— Азаматша, кiшкене сабыр сақтаңыз, жыламаңыз. Тұрып киiнiңiз, әлi-ақ олар сазайын тартады, — деп жұбатты. — Бiз сiздi күтемiз.
Бөлмеден шыға бердi.
Ана жақта Әбдiрахманның өжелене өкiргенi құлағына жеттi. «Бәрiбiр құртамын, менi түрмеде отырады деп тұрсың ба? Ертең-ақ жолдастарым сатып алады, мыналардың бәрi ақшаның құлы...»
Кiмге айбат шеккенiн түсiне алмады, әйтеуiр, үй iргесiнде артқы сирақтарымен топырақ шашып, қыр көрсететiн ауыл итiндей қалып танытты.
20-ТАРАУ
Есiк алдындағы Грета бай-баламға басып шабаланды. Бiреу дарбазаға тақалмаса, өткен-кеткен әлдекiмдерге бұлай арпылдамайтын.
Үйдегi Гүлмираның жүрегi атқалақтап, тайша тулайды. Бүгiн Жанат келемiн деп едi, мынау сол шығар деп ойлады. Тұра жүгiрiп, далаға атыла жөнелуге қыз ибасы жiбермейдi. Көңiлiнде қыпылы жоқ, алаңсыз жанға ұқсап, әлдебiр нәрсеге алданған боп, түртiншектенiп жүрiп алды.
Нұрмираға байқатпай көзiнiң астымен қарады. Ол тiптi қаперсіз, өзiмен-өзi. Сосын Гүлмира:
— Ит қатты үрiп кеттi ғой, — деп, сыртқа қарай жылыстай бердi. «Грета, жат болды. Жат!» деген үнi көмескiленiп естiлдi. Iзiнше шабаланған нойыс неменiң шарқая дауысы шанжау-шанжау шығып барып тиылды.
Айтқандайын Жанат қақпадан екi-үш қадам жерде ғана состиып тұр екен. Бұл тысқы есiктi қымқыра қойып, ілгері адымдады. Таянғаны сол-тұғын, әппақ жұмыр бiлегiне жігіттің жылы да аялы алақаны тидi. Өзiне қарай тартып, кең пiшiлген кеудесiне басты. Сезiмтал сұлудың құлағына жүректiң дүрс-дүрс соғысы естiлдi. Әлеуеттi қолдар қыпша белiне оратыла бердi. Өзi де оның мойынына асылып, жанарымен еркелей аймалады. Балғын денесi ләззаттың буына малти балқыды. Албыраған ерiнiне ып-ыстық ерiндер қадалды. Әлi қатая қоймаған жұп-жұмсақ балауса мұрт қыздың қытығын келтiрiп, өн-бойын шым-шым еткiзе шымырлатады.
Асатыннан асқан әбестiгiн кеш ұғынған бойжеткен, болмашы қарсылық танытты. Қашан да оның ырқына жығыла беретiн Жанат, бұл жолы да сол әдетiнен танбады. Қанша құшағынан шығарғысы келмесе де, едел-жедел айқасқан қолын босатып жiбердi. Сосын өз iсiнен өзi қысылып, ақ маңдайлы арудың дидарына қарай алмай бiраз тұрды. Әйткенмен, сүйрiктей саусақтарын уысынан босатпады. Алақанының ыстық табын қалдыра сипалады.
Қымызмасы қалпынан арылғанда бойжеткеннің жүзi ду-ду етiп, бетiнiң мөрi төгiлдi. Жанарын жерден алмай, жөнсеу жандай еңсесiн көтермедi. Сезiмнiң райыс терең иiрiмiне қалай гүмп берiп, сүңгiп кеткенiне қайран.
— Гүлмира. — Оның ой желiсiн Жанаттың сыбыры үздi. — Қасымда жолдасым бар, әне, анау жерде тұр. — Қолымен қараңғылық тұмшалаған қалың талдың қойнауын нұсқады.
Жаңағы ұялғаны ұялған ба? Әрiректе әлдекiмнiң бар екенiн бiлгенде, кiрерге тесiк таппады. «Әлгiнiң бәрiн қаз-қалпынша көрген шығар» деп, қысыла тапалып барады.
— Жүрiңдер киноға. Билет ала келдiк.
— Сағат қаншаға?
— Тоғыз жарымға.
Қыз қабағын тыжырып, бiраз бөгелдi. Шамасы жағыдайды iштей екшесе керек.
— Қазiр Нұрмирамен ақылдасып көрейiн. — Әрбiр сөзiн үзiп-үзiп айтты. Бiрден бәрiн кесiп-пiшiп өзi ұйғара салуға, үй-iштiң қалай қабылдайтынынан беймәлiм. — Элимара бүгiн түнгi кезекте. Гүлжан ауылына кеткен. Ал, Нұрмираның келiсе қоюы екiталай. Бiр жаққа жосықсыз баруды, қыдыруды, жалпы, бейсауат жүрудi ұнатпайды.
— Сонда да айтып көршi. — Жанат қиыла тiл қатты. Сосын, жолдасым тұр деген тастай қараңғылыққа үйелменiмен бұрылып:
— Ұлан! — деп дауыстады.
Көзге түртсе көргiсiз түнектен аяқ тыпылы естiлiп, қылаңдаған сұлба байқалды. Оның тұрқы бiрте-бiрте айқындалып, таянды. Екi-үш адым жер қалғанда тоқтап, «сәлеметсiз бе» дедi. Үнiнен сыпайылықтың лебi еседi.
— Танысып қой, менiң досым — Ұлан. — Құрбысына бағыттап сөйледi. — Ал, мынау — саған жиi айтатын — Гүлмира.
Бейтаныс жiгiт қолын бойжеткенге ұсына бердi.
— Өте қуаныштымын...
Сәлден соң қыз:
— Бiз қазiр мамама ескертiп, сұранып шығалық. Күте тұрыңдар, — дедi де, дүрия көйлегiнiң етегi делеңдеп, қақпаға қарай тұра жүгiрдi.
Жанат пен Гүлмира осы жаздан берi таныс. Алғаш көргеннен-ақ нәуетек жүректер байыз таба алмай, әдеттегiден өзгеше лүпiлдей жөнелген. Бопыр сезiм құйындай ұйытқып, жандүниесiнiң бода-бодасын шығарса да қыз жiгiтке сыртқы бет-әлпетiнен ештеменiң ұштығын аңғартпай кеткен. Әйтсе де, Жанаттың алтын құндақты қылыштай өткiр жанарының нұры, көз алдында көлбеңдеп жоғалар емес. Қап-қара көмiрдей толқынды шашы, ақ құба өңi, қыр мұрыны нағыз бекзатты елестетедi.
Жігіттің де ақыл-есін алып арбаған — арудың күмiс шатыралы кеседей үлкен жайнаған аялы көздерi. Мөлiдей мөлдiреген қарашықтарында, қазiр лап етiп жана қалатындай сыйқырлықтың шалығы бар. Кең де әппақ маңдайы жадыраңқы, қабағына ешқашан кiреуке тұрмайтындай ашық. Албыраған шиедей ерiнiнiң арасынан көрiнген маржандай тiзiлген тiстерi арда сұлулығын аңғартады. Әсiресе, топ-толық тiрсегiн қаққан бұрымы Гүлмираны перiштедей үлбiретiп көрсетедi.
Осы сұлулыққа сұғын қадап, Жанат албырт сезiмнiң далдасынан шыға алмаған. Қыздың сыңқып күлгенi де, тұтқырланған сарайын саңғырлатып жiберген.
Екеуi де арман қуып, медициналық институтқа құжат тапсырып, талапкер болып жүргендерiнде танысты. Әттең не керек, Гүлмираның бағы жанбады. Гүлмираның ғана емес, Элмира мен Нұрмираның да, Гүлжанның да соры қалың екен. Адымдарын ашқан сайын ұшырасатын сәтсiздiк серке көңiлдерiнiң күрiсiн түсiрдi.
Бiрақ, сол жолы Жанат оқуға iлiгiп кеткен едi. Екеуiнiң жол торабы екi айырылса да, перизаттан туған перiштедей қыздан жаны мүдуар жiгiт көз жазбады. Бүгiн де осында жетелеп әкеп тұрған, сондағы бір жола құлаған құлқы.
Алғаш Жанат Гүлмираны көргенде «сұлудың сұлуына ұшырастым» деп ойлаған. Күндер өте келе оның қос сыңарымен жолыққанда өзiн қор қыздарының ортасында жүргендей сезiнді. Әуелгіде Гүлмираны қасындағы екi қыздан ажырата алмай қиналды. Үшеуi де бiрдей үлбiреген әппақ көйлек киiп, ұзын да жуан бұрымдарын сол жақ иығынан асырып әкеп, салбыратып қойыпты. Түп-түзу, жұп-жұмыр ақ балтыр, қынама бел, қаз омырау қыздар сәулiм сұлулықтың нақ өзi. Қараса — көздерiнен нұр, күлсе — ауыздарынан дүр шашылады. Көрген жанның ындыны құрып, тамсана телмiретiнiне еш шүбәсіз.
Соңыра көзi әбден үйренгеннен кейiн бiр-бiрiне ұқсамайтын оқшау тұстарын байқады, ендi сонымен ғана ажырататындай халге жеттi.
Жанар оты күлiмдеп босағадан аттағанда Нұрмира қарсы алды.
— Кiм екен, көп бөгелдiң ғой? — дедi сыңарынан сыр тартып.
— Жанат. — Бетi нарттай қызарып, сыбыр ете қалды. Iркiлмей қасынан жылыстап өте бердi.
— Өзiм де солай ойлап едiм.
Сосын ымдап әрi саусағымен iлiп, Нұрмираны оңашаға шақырды. Сөйттi де жатын бөлмесiне кiрiп кеттi. Соңынан бұлданыңқырап Нұрмира жеттi.
— Не?..
— Менiмен бiрге киноға жүршi, — дедi Гүлмира өтiнiш айтып.
— Зауқым соқпай тұр. Ертең жұмыс, дайындалуым керек. Өзiң бара бермейсiң бе?
— Ол жалғыз емес, қасында тағы бiр жiгiт бар.
— Неменее, менi соның қолына апарып ұстатпақшысың ба? — Ашуланып, аузы бұртия ренжiдi.
— Жо-жоқ... — Ойланбай сөйлейтiн аңғалдығынан от басқанын Гүлмира кеш ұғып, қызарақтады. — Төртеумiз әңгiмелесiп, бiрге барып келе қояйық дегенiм ғой. Қайта көп боп жүрген көңiлдi емес пе?! — Сөзiнiң соңын екпiндете аяқтап, жаңағы әбестiгiн жуып-шайды.
Нұрмира үндемедi. Бiрдеме ұнамаса томсырая қалатынынан сыралғы Гүлмира да тырс етiп тiл қатпастан ас үйге қарай шықты. Ондағы бет алысы — бар мән-жайды анасына барып айтпақ.
Елп етіп серпiле қоймайтын Нұрмираның мiнез-құлқына шешесi де қайран қалатын. «Екi жыл оқуға түсе алмағанына қапалы ма?» деп уайымдайтын.
Гүлмирадан мағлұм алған соң, «екеуi бiрге барса барып келсiншi» деп, Нұрмираға өзi келдi.
— Күнiм-ау, күнде жұмыс-жұмыс деп, үйде отыра бересiңдер ме? Киноға барып қайтыңдар. Киiне ғой, — деп, иығынан қапсыра құшақтап, шашынан иiскедi. — Бiрақ, сағат он бiр жарымға дейiн келiңдер.
Нұрмираның сонда да құлқы болмай әкесіне барды. Мойынынан құшақтап, алдына отырды.
— Әй, құдай-ай, осы ботамды ұл ғып бермей. Жалғанда әкесiн дәл мұндай жақсы көретiн бала жоқ шығар. — Әжесi де ыңқылдап-гүрсiлдеп кеп, немересiнiң арқасынан қақты. Сосын iзiнше, — алла-алла, кешiре гөр! Құдай сақтасын, баланың ұлы не, қызы не? — деді.
Орынынан тұрып, терiс айналды. Ашамайға мiнгiзер немересiнiң болмағанына жүрегi қан жылап бара жатқандай. Әйткенмен, күпiрлiк еткенiне опынды. Опынумен қабат «сақалды басыммен келiнiмнiң көңiлiне қаяу түсiрiп алдым ба? — деген қыстығу бар.
— Қатарларыңнан қалмаңдар, қашанғы үй күшiк бола бересiңдер? — Әкесі де ықтияр танытты.
— Сен мен келгенше ұйықтап қалмайсың ба?
— Жоқ, күтемiн.
— Күт. Күтсең ғана барамын.
— Мақұл, мақұл.
21-ТАРАУ
Құқық қорғаушылардың ұрымтал тұста сап етіп жетіп келуін Гүлмира ұйымдастырған.
Әлгiнде сыртқа шыққанда түртiншектенiп, көршінің бақшалығында жүрген немiс шалына ау-жайды асығыс жеткiзген-тұғын. «Бiздi күштеп ұстап отыр, сiз милиция шақырыңызшы. Үйдi торуылдап жүрсiн, түнде бiр сойқан болады. Сол кезде жауыздардың үстiнен түсетiнi ақиқат» деп жалбарына, жалына өтiнген. Бейшара, сөзiн жерге тастамапты. Әрi, ертеңгi сапардың алдын алудың бiр-ақ тәсiлi осы-тын. Әбдiрахманның өзiне тарпа бас салғанына бiр жағы қуанды да, әйтпесе, оған ұрынудың жолын iздеп, қиюын таба алмай сарсаңға салынып едi.
Келiншек көң жамалған кеудесiн әзер көтердi. Қотиын неме қорласа да дәл бұлай азғындыққа барады деп күтпеген. Өне-бойы салдырап, өзегi өртенiп, қос жанарынан жас тоқтаусыз парлайды. Ашу, кек, сор бәрi жабылып басын мәңгiртiп жiбердi. Дал-дұлы шыққан киiмдерiн қалай киерiн бiлмей, амалы таусылды. Саусақтары дiр-дiр етiп, көйлек-көншегiн ары аударды, берi аударды. Иыққа iлуге жараудан қалыпты. Өзiнiң де ел бетiне қараудан қалғанына опынды. Әлгiндей айуанның тiрлiгi жанын қыжыртып, жүрегiн тiлгiледi. Әйткенмен, жауыздардың жолын кесiп, бiр сәт болса да тырапай асырғанына шүкір дедi. Нұрмирасының жақсы боп жүруi үшiн көрген азабы, тартқан тауқыметi де — бақыт...
Сол түннiң ендiгi қалған жартысын «көңiлдi топ» милиция бөлімшесiнде өткiздi. Төрт жiгiттi бiрден камераға қамады да, төрт қызды үйiрiп кабинетке әкелдi. Барлығына түсiнiктеме жаздырды. Жапа шегушiнiң айтуы, жазуы бойынша жауыздардың сотталмай тынбайтынына барлығының көзi жеттi. Әбден керектi құжатты толтыртқан соң қыздарды босатты.
Гүлмира Гүлжанды қасынан сұңқа адым алшақтатпай ертiп ап, бiрден Нұрмираға тартты. Қапысын тауып түндегi сытылып шыққандар, оны әлденендей жағдайға душар ете ме деген де күдiк бар. Көрген азабы мен намысының тапталғанын бiр сәтке ұмытқандай. Тек қасындағы Гүлжанның пырс-пырс жылағаны зығырданын қайнатты. Сосын, сол жақ көзiнiң жұмылып, бетiнiң көнектей боп iсiгенi көшедегi елден имендiреді. Дегенмен, одан да аса тартынып, қыстыға қоймады. Қайткенде де діттеген жеріне тезiрек жетуi тиiс.
Қолы қоңырауды қалт-құлт етiп басты. «Үйде болмаса, аналар алдап-сулап бiр жаққа алып кетсе қайтпекпiн?» деген үрей басым. Бiрақ, сарсаңға түскен жанын төзiмiне сорбақта етiп тартпай, есiк құлпы сықырлай ашылды. Iзiнше көзi кiлмиген Нұрмираның жүдеу сұры көрiндi. Аман-есен жолыққанына қуанды ма, әлде түндегi абыройының ақтарылғаны жадына оралды ма немесе мән-мағынасыз тағдырына күйiндi ме, сыңарын қапсыра құшақтап, солқылдап жылап жiбердi. Ол да мұның жұмылып кеткен көзiн, iсiнген алқара көк бетiн көрiп бiр бәлеге ұрынғанын айтпай-ақ топшылады. «Не болды?» деп сұрауға дәрменi жетпей, үн-түнсiз егiлдi.
Бұлардың айқара қабысқан құшақтарына тағы бiр құшақ қосылды. Ол — Гүлжан едi.
— Барлығына кiнәлi — мен. Қайтейiн, сорлы басым сорлап қалдым-ау. Өлтiрiңдершi менi! — Сай-сүйектi сырқырата дауыс сап жылады. Кеберсiген ерiнi, ноқта түсiп қара шыбарланған өңi, нұрсыз жанары бейшараны тым аянышты кепке енгізген. — Аруақ атқан шығар мен бейбақты. Түзу жолдан қалай ғана шатастым?..
Үш сорлының солығы басылып, әңгiмеге көшiп, оқиғаны естiгенде Нұрмираның төбе шашы тiк тұрды. Өзiнiң кешегi iстегенiнiң бәрi қате екенiн, көзжұмбайлықпен қанаты күйетiн отқа ұшып бара жатқанын безбендедi. Ақымақтығын iштей сезiндi, мойындады. Алды-артын екшеп, ойланбай, сыңарын сорлатқанына бармағын шайнады, өзiне-өзi лағнет айтты. Кiр-ластықтан арылмаған өмiрден жиiркендi.
Назары Гүлжанға тоқтағанда қанша жылап, сорасын сорып iшсе де жүрегi жiбiмей, безерлене қарады. Қара суды шемiршектете сiлемейлеген сиырға ұқсап қарыны шермиген, өзi сүлкиген неменi жағынан шапалақпен жанып жiберуге оқталды да, райынан тез қайтты. Оның үстiне Гүлмира да ұруға ыңғайланғанын көрiп, «Нұрмира, қой!» деп, тыйып тастаған. Сосын, сыңарын құшақтап, басқа бөлмеге апарды.
— Ботам, сен оған ренжiмешi. Кейбiр әйелдер ай-күнi таянғанда, аздап шамасынан ауытқиды екен. — Кешегi терiсiне сыймаған ашу-ызасын ұмытып, бүгiн Гүлжанға жаны аши сөйледi. Әрi жанын жалдап, Нұрмираға дұрыстап түсiндiрiп, араларындағы ыңғайсыздықтардың бәрiн жуып-шайғысы бар. — Кешiре салшы, шекесiнiң шылқып жүргенi шамалы.
— Қойшы соны, әбден көңiлiм қалды. — Жүзiн жайлаған уыт әлi тарамаған қалпы қыстыға сөйледi. — Басымыздан алтын құйса да, iргемiздi аулақ салайықшы осыдан. Ол — бiздi танымайды, бiз — оны бiлмеймiз. Жасаған иттiгiнiң бәрiн кештiк, көзiмiзге көрiнбесiн ендi.
— Сондай қатыгездiкке салынбайықшы. — Қиыла сыңарын ақылға шақырды. — Мен Мәскеуге барып пәтерді басқа ауданға ауыстырып келгенше қасымда жүредi. Әйтпесе тағы да саған бiр бәле ұйымдастырар... Содан соң бiз — кетемiз, ол — бір жола қалады.
— Қалайша? — Нұрмираның үнi ащы естiлдi. — Бәрiн бiлiп-көрiп кеп, соңымыздан жаушыларын қайта аттандырады ғой.
— Жоқ, мен оған ештеменi көрсетпеймiн. Айнаның қасына табжылтпай отырғызамыз да, баршасын Iлияс екеумiз тындырамыз. Ұқтың ба? Тек сен сол екi ортада бiр нәрсеге ұрынып қалмай, аман-есен болсаң... — Сәл бөгелiп барып, сөзiн қайта сабақтады. — Бәрiмiз бiрге кетсек қайтедi?..
— Оған сабағымды қалай жасаймын, ырың-жырыңмен онысыз да талай күндi қаза еттiм.
— Ол жағы тағы бар... Жарайды, құдайға тапсырдым сенi.
Бойды үрей жайлаған соң, адамның берекесi қашып, абдырай бередi. Әрбiр қалтарыста бұларды Серiктер аңдып тұрғандай, әне-мiне кеп ұстай алатындай қорқынышпен келедi. Әуежайдың да есiгiн қыпылмен ашты. Әзiрше ешкiм көздерiне шалына қойған жоқ. Жанында сүмеңдеген Гүлжан. Екеуi барып билеттерiн тiркеттi. Ізінше күту залына қарай алғашқы лекпен беттеді. Жол бастаушы Гүлмира шеп құрып тұрған кеден мен милиция қызметкеріне билетiн және бiр тексерттi. Рентген таспасына қол жүгін қойып, металл іздейтін турникеттен ары өтiп, артына бұрылды. Күтпеген қызық, Гүлжан үштi-күйлi. Тұра жүгiрiп едi, милициялар қайыра жiбермедi. Салы суға кетiп, санын соғып қала бердi. Дәл сол уақытқа шейiн «кешiршiнi» үстi-үстiне төпелетiп, мүләйiмси сөйлеген одан мұндай зымияндықты күтпеп едi. Ақымақ, аңқау басын түйгiштеп, адасқан қаздай Мәскеуге жападан-жалғыз ұша бердi.
22-ТАРАУ
Киноға барарда төртеуi жұбын жазбап едi, қайтқанда Гүлмира мен Жанат соңдарында қалып қоя бердi. Аралары алшақтаған сайын Нұрмира iштей тызақтайды. Тiптi, сол қызға қарайлап, аяғын санап басып iлбiп келедi. Ашуланып, қасындағы Ұланды тастай жөнелейiн десе, ретiн таппады. Бiр жағы екеуден екеу оңашаланғандарына ыңғайсызданды. Жiгiт атаулымен өмiрiнде бiрiншi рет бұлай назардан тысқары жеке қалып тұрғаннан кейiн бе, өзiн қолайсыз сезiндi. Бұдан арыға ибасы жiбермедi ме, «Гүлмира! — деп дауыстады, — жылдамдатып жүрсеңдершi ендi...»
Үнiнен кейiстiктiң нышаны аңғарылады.
— Сендерден жырылып, бөлек ешқайда кетiп бара жатқан жоқпыз. — Сөз ләмi екпiнді әйтсе де зiлсiз.
— Ешқайда кетпесеңдер, ендi қайдасыңдар? Мүлде, қараңғыға сiңiп, көрiнбей қалдыңдар ғой.
Гүлмираның есiне Жанатпен жолығысуы үшiн Нұрмираны әдейi ертiп шыққаны оралды. Әйтпесе, жалғыз өзiн мамасы жiбере ме? Тып-тыныш отырған адамды зауқы соқпаған жаққа сүйрелеп, әбiгерге салғанын ойлаған соң, бiрден ығына жығылды.
— Жарайды, өкпелемешi. Бәрiмiз бiрге жүремiз.
Аралары жақындағанымен, қатарласып жүрмедi. Ендi керiсiнше кепке түстi. Iлгерiде қолтықтасқан Жанат пен Гүлмира. Соңдарында — Нұрмира мен Ұлан. Әрi, екеуiнiң орталары алшақ. Тiлдерiн жұтқандай бiр-бiрiне ләм деп тiс жармайды. Жiгiт сөйлей қалса, қыз «иә» немесе «жоқ» деп шолақ жауап қайырады. Әңгiмелерi жараспады. Бұған Ұлан ыңғайсызданып, не десе қыздың қолайына жағатынын бiлмедi. Жүрегi де алып-ұшып, сұңғыла сұлудың шырқынан ескен шуаққа шырматыла берген. Сондықтан болар, аузына жiбi түзу сөз де түспедi. Әйтеуiр, көкiрегiнде беймәлiм күш бұлқынып, алақұйын сәтке душар еттi.
— Гүлмира!
Тосын үн Ұланды селк еткiздi. Қалай тiл қатудың жөнiн iздеймiн деп, өзiмен-өзi болып кеткен-тін.
— Тоқтай тұрсаңдаршы, ендi алыстап барасыңдар. — Нұрмира бәйек қаға шырылдады.
Қос ғашық шынында да тәмсiл-тәмсiл сыр айтып, бұл екеуiн жадыларынан шығарыпты. Сыңарының дауысын естiгеннен кейiн iркiлiп, күтiп тұрды. Бұлар жандарына жақындағанда Гүлмира:
— Көшеде соншама айқайлағаның не? Ұят емес пе?! — дедi болмашы тұлдана.
— Ендi, өздерiң ғой тастап бара жатқан.
— Жалғыз емессiң, қасыңда Ұлан бар.
— Мейлi, менiң сендермен бiрге жүргiм келедi.
Сыңарының қанша бой жетсе де сәбидей аңғалдығына Гүлмира күлiп жiбердi.
— Қызықсың, Нұрмира. Бiздiң өзiмiзге ғана ортақ құпиямыз бар. Сенiң көзiңше оны қалай айтамыз, — дедi бiлегiнен ұстап күлген қалпы.
Осы тұста сөзге Жанат араласты.
— Екеуiң де өз ара әңгiмелесiп жүрмейсiңдер ме? — дедi етенелiк танытып, батылдана.
— Менiң онымен сөйлескiм келмейдi. — Бұла бойжеткен ашулана бұртиды.
Олар осындай түрлi хикаямен қақпаның алдына жеттi. Бiрден үйге кiруге оқталған сыңарын Гүлмира тоқтатты. Сосын құлағына сыбырлап:
— Сендер осылай есiктiң алдында отыра тұрыңдаршы. Маған Жанаттың оңаша айтатын әңгiмесi бар екен. Ары кетсе, бiз, жарты сағатта ораламыз, — дедi қиылып.
Жаңа, жолда келе жатып Жанат «азын-аулақ қыдырсақ» деген тiлек бiлдiрген. Ол үшiн ең бiрiншi Нұрмираны ірку керек. Әйтпесе, бiрi кiрiп, бiрi далада қалса — үй-iштен ұят. Сондықтан осылай етуге тура келдi.
Қиналып барып, Нұрмира әзер келiстi.
— Тез келiңдер. — Жас баладай әлденеге шамданулы. — Ұзақ күттiрсең, үйге кiрiп кете беремiн.
— Оған алаңдама, көп бөгелмеймiз. — Айтуын айтқанмен әлде қайтер деп, Гүлмира iштей безек қағады. Сосын, — келiстiк қой, — деп, тағы да тәптiштеп сұрады.
Олар екеуi жылыстап барып, түн тұңғиығына сiңiсіп, көзден жасырынды.
Қойынынан бөзi, ауызынан сөзi түсiп, өрекпіген өктемнің көңiлiн аударарлық ештеме айта алмағанына Ұлан опынды. Ендiгi мына оңаша сәттi тектен-текке өткiзбеудiң амалын қарастыруда. Қыз алдында өзiн сырқынды серiлердей көрсетуге құштар. Әттең амал қайсы, сонысы қолдан келмей тұр ғой. Бар тапқаны «әңгiме айтсаңшы» деп қояды. Нұрмира оның бұл сауалын естiмегендей қасақылана жауап бермейдi. Ұланның қараптан-қарап дiңкесi құрыды. Әлдебір кезде орындықта отырған бикенің жанына жаймен жайғасты. Жiгiт қимылын да, өзiн де ерепайсыз сезiндi. Тағы да бiрдеме дейiн десе, ешқандай ретiн таппады. Бiрақ оң қолының қалай көтерiлiп барып, қыз иығындағы топ-толық бұрымын сипалағанын бiлмей де қалды. Сол-ақ екен, өжет жанның балғын бiлегi қолын қағып жiбердi. Осы кезде ғана Ұлан өзiнiң әбестiк жасағанын аңғарды. Бетi ду етiп, «елiктей ерке немені үркiтiп алмадым ба?» деп ойлады.
Әйткенмен сәл-пәл тайынғандығын ішкі қызылкөз ашқарақтығы ұмыттырып жiбердi. Үкiнiң балапанындай үлпiлдеген перiштенi кеудесiне басқысы келдi. Төтеннен лықсыған алақұйын сезiм, көрсеқызарды өз iсiне есеп беруден қалдырды. Шалт қимылдап, айым жоқ, тайым жоқ айқара құшақтай алды. Шеңгелдеп, құрсаулаған қалпы көкiрегiне қысты. Құралайдай ғана құртымдай қыздың әлжуаз бұлқынғаны, өкiреш қотиын немеге түк те болмады. Қара күшпен еңсерiп, албыраған ерiнiне төне бердi. Жаны қиналған бейшара ару, осы тұста жандәрмен ышқына шыңғырды. Жаңа тебiндеген балапан мұрты бет-аузын жыбырлатып барады.
Оқшау барып оңашаланған Жанат пен Гүлмира оқыстан шыққан айқайға елең етісті.
— Нұрмира емес пе? — Гүлмираның көңiлi алағызды.
— Жүр, баралық! — Жiгiт оның саусағынан ұстап тұрған қалпы, жүгiре жөнелдi.
Бұлар ентiге жеткендерiнде, ол екеуi екi бөлек состиып қалыпты.
— Не болды, Нұрмира? — Оптыға сыңары сауал тастады.
— Анау ғой менi құшақтап, сүйейiн деп жатыр. — Үнiне өксiк араласты, ендi болмаса жылап жiберуге шақ. — Сен менi киноға барамыз деп... — Дем алысы жиiлеп, сөзiн аяқтауға мұршасын келтiрмедi.
Гүлмира ерiнiн тiстелеп, не дерiн бiлмедi. Сыңарының ренжiгенiне өзiн кiнәлiдей сезiнiп, ләм деп тiл қата алмай бiраз іркілді. Сәлден соң Жанатқа:
— Сау болыңдар, — дедi де, Нұрмираны жетелеп қақпадан iшке ене бердi.
Ауызғы бөлмеден шешелері қарсы алды.
— Ботақандарым, кино жақсы ма екен? — Екеуiне аналық риясыз сезiммен, қабағы жадырай қарады.
— Жақсы мама, тамақ бар ма? Өзегіміз талды, шаршадық. — Гүлмира әңгiменiң бетiн басқаға аударып жiбердi.
Екеуi сыртқы киiмдерiн шешiп, асығыс өз бөлмелерiне беттедi.
— Ендi сенiмен ешқайда бармаймын. — Көзiнен кейiстiктiң торы ыдырамаған қалпы Нұрмира салқын тiл қатты. Гүлмира үндемедi.
Көп өтпей-ақ отанасы «шайға келiңдер» деп дауыстады. Екеуi ас үйге кiргенде әкелері де дастархан басында екен.
— Қарындарың ашқан шығар? — Мейiрiмдi жанары күлiмдеп, еркелете сөйледi.
Нұрмира жаңағы бұртиғанын ұмытып, жүгiрiп барып әкесiнiң мойынына асылды. — Сен менi күтiп отырсың ба?
— Иә, алтыным.
— Сенi ұйықтап қал ма деп асықтым.
— Жарайды ендi, қойыңдар. Шайларыңды төгесiңдер. — Ыдыхан ешқандай қаһарсыз, дауысын көтере сөйледi. Оны тыңдайтын күйеуi мен қызы жоқ.
— Папа, бар ғой, жаңа менi бiр танымайтын бала құшақтап, бетiмнен сүйiп алды. — Кәдiмгiдей ашуланып, таусыла сөйледі.
Ал, әкесi болса миығынан жымиған күйі жай тыңдаушы кейпінде қалды.
— Гүлмира ғой менi солармен бiрге киноға алып барған.
Енді бұл сөзіне шешесі мен сыңары қосыла сықылықтағаннан кейiн, Нұрмира бөгелiп төңірегiн байырқалады. Бұл бұлқан-талқан ашуланып отырса, мыналардың жойдасыз жырқылы шамына тиді.
— Неге күлесiңдер?! — Көзi боталап, жыларман халде айқай салды.
Ең бiрiншi сөзді Құсан бастады:
— Күнiм, оның сенi сүйгенiне мен қайта қуанамын. Жақсы көргендiгiнен шығар, — дедi әке шын көңiлiндегiсiн ақтарып.
Әрине, ұлы да, қызы да осы үшеуi болғандықтан, балаларының бойжетуi, бой түзеуi әке үшiн таңсық едi. Жаңағыдай деуi де сондықтан. Әрi, ештемкенi жасырып, бүкпелемегендiгi ет жүрегiн елжiретсе, сәбилiк аңғалдығы риясыз күлкiге кенелттi.
Сол күнi бұлар ұзақ әңгiмелесiп, түннiң бiр уағында жатты.
Осы оқиғадан кейiн Нұрмира Гүлмирамен ешқайда бармайды. Барса, Гүлжан мен Элмира барады. Бiрақ, есiктi ашатын Нұрмира. Оның осы қызметi үшiн жiгiттер сыйлаған шоколадтарын әдейi жемей, әкеп беретiн. Олар бұл жайды бiлiп алғаннан кейiн Нұрмираның өзiне арнап жеке, сәлем-сауқат ұстатып жiберетiн. Сол тәттiге бола көзi қызарса да ұйықтамай күтетiндi әдетке айналдырды. «Бүгiн балмұздақ әкелiңдер» деп бұйрық соғатынды да шығарды. Соны әншейiнде жемей жүрген жоқ емес, мынаның өзiнше бiр ләззаты бар.
Күндер зырқырап өтiп жатты. Ақпанның аяз қысқан сәттерi соңда қалып, сәуiрдiң самалы да естi. Iзiнше мамыр да көштi, маусым да туды. Шiлдеде үшеуi, үшеу емес төртеуi қаздай тiзiлiп, медициналық институтқа тағы да құжаттарын тапсырды.
Адамның десi жүрсе ештеме де қарсы тұра алмайды-ау. Төртеуi жұбын жазбаған қалпы оқуға қабылданды. Дәл сол күнгiдей қуаныш некен-саяқ, тәйірі. Үй-iштегiлер де, бұлар да мәре-сәре. Бiр жағы нанбайды. Нанбайтындары барлығы жалған, көрген түс сияқты.
Осыдан бастап сүреңсiз күндердiң iргесi сөгiлдi. Жиi науқастанып, қабағы кiлбиiп жүретiн әжелерiнiң де жүзi жадыраған. Қартайған кейуана да өмiрге көңiлi тоқ қалпымен қарайды. Ыдыханның да көзiнде нұр ойнап, қарашықтарының қуанышы меселдесiн тасытып жiберген. Iштей «осы жанған бақтарың сөнбесiн, әмсе мерейлерiң үстем болсын» деген сөздi сан мәрте қайталады.
Сабақ басталғанда Гүлмира мен Элмира жұмыс орындарымен бiржола есеп айырысты. Ал, Нұрмира сол санитарлығын тастамады. Араға екi күн аралатып түнгi кезекшiлiгiне барып тұрады. «Сабағыңа кесiрi тиедi, қойсаңшы» деген ата-ананың сөзiне де көнбедi.
— Түбi дәрiгерлiк қой мамандығым, құдай бұйыртса. Не де болса әлден жақынырақ жүрейiн. Алаңдамаңдар, сабағыма да үлгеремiн, — деп, бой бермедi. Содан оны үй-iшi де қыстамай өз еркiне қойған.
23-ТАРАУ
Кесірдің көлденеңдеп киліккенінен Серiктерден ажырап, уақыт озған сайын Гүлжанның халi мүшкiлдей бердi. Өне-бойы құрысып, буын-буыны сырқырап, әлдебiр құштарлық пен қомағайлықтың жетегiне ерiп, аңқасы кеуiп, ындыны құрыды. Минут сайын құлқыны әлде нәрсенi тiлеп, жаны қыстықты. Бұл не құдiрет екенiн өзi де бiлмей, әрi-сәрi берекесiз күй кештi. Аңсары беймәлім жаққа ауады да тұрады, сиқырлы дүлей күш өзiне ерiксiз тартады да тұрады. «Түндегi iшкен арақтан шығар» деп, сыра сатып ап көрдi. Бәрiбiр, еш септiгi тимедi. Жанындағы Гүлмираға айтуға сан мәрте оқталды да, сан мәрте ол бетiнен қайтты. Ештемеге зауқы жоқ, ештемеге көңiлi соқпайды. Құр сүлдерiн ғана сүйретiп, екi аяғын iлбiп, әзер басады. Ақыры, көкiрегiн қарақұрттай жайлаған пасық құмарлық дегенiне жеттi. Ұшаққа мiнейiн деп тұрған жерiнен жыны буған бақсыдай дедектетiп, алдына сап айдай жөнелдi. Өзiн әлдекiмнен қашып келе жатқандай, кейде әлдекiмдi қуып келе жатқандай сезiнедi.
Аялдамаға тоқтаған автобустың бiрiншiсiне-ақ аяқ артып, албатты пәңгiп жөнелді. Басы айналатын сыңайлы, бiреулерден үрейленетiн тәрiздi. Жүрегi өрекпи соғады. Жоқ, ендi аңдады — құрсағындағы сәби тыпырлап жатыр екен. Бiр қуаныш оты лып етiп, жүзiне қан боп жүгiрдi де тынды. Тағы да құлқыны құрып, жоқ затқа тамсанады. Жерiк асына бұлай ауаны құлап, әукесi салбырай iздемеп едi. Мынау бiр әбiлет, басын домалатып айдап барады. Қайда барады? Емiс-емiс көмескiленiп, көздеген мүддесi қылаң бергендей. Санасында әлдебiр сайтан сезiм «Серiк, Серiк» деп, атой салатындай. Мына жетек ұрғандай қалпынан құтқарар құдiрет, тек соның қолында тұрғандай. «Тезiрек барайыншы, — деп, асыға түседi, — әкем-ау, мен қайда лағып кеткенмiн?» Ендi-ендi есiн жиып, қаланың қай жерiнде тұрғанын бағамдады.
Серiк мұны жымия қарсы алды. Жүзiнде әскере зымияндықтың табы жатқан-тын.
— Бiз сенi елегiзiп күтiп отыр ек. — Дақ бiр кездесуге уағда байласқандай сенiмдi, нық. Өп-өтiрiк құшақтап, бетiнен сүйдi.
— Қажет болсам iздемейсiңдер ме! — Кәдiмгiдей бұлданды.
— Ашуланба... — Қараң ойлы жалпақтаған сыңай танытып, сабырға шақырды. — Жағыдайды өзiң бiлесiң — жартымыз қамалып, жартымыз... — Тiлi тұтқырланып, сөзiнiң соңын жеп қойды. — Бiреудi-бiреу iздейтiн уақыт емес, шамалы бой тасалап, iз жасыру қажет. Әйтпесе, бiрi тұзаққа түссе, бiрiнен соң бiрi құрулы торға жапа тармағай тұтылатын шiлдiң кебiн киемiз.
— Ә-ә, жыртық болса да өз терiңнiң аман қалуын күйттегенiң ғой.
— Неге бүгiн сонша қысымың көтерiлiп тұр? Мә, мына «витаминдi» жеп жiберiп, аптығыңды басшы.
Алақанына бiр түйiр дәрiнi домалатып, ұсына бердi. Танаурап, пәруана күй кешкендiктен бе, келiншек лып еткiзiп таңдайына тастап үлгердi. Сөйтiп, «мөртi келгенде iштiрiп жiберсем» деген қараң пиғылына жiгiт оп-оңай қол жеткiздi. Ендi ары қарай шаруасы дөңгеленбек. Дайрабайлардың да қатты табыс еткенi осы болатын. Алдап-сулап Гүлмираның қайда екенiн бiлiп, Әбдiрахманды босатып алу үшiн оған түндегісіне қарсы арыз жаздырту керек. Олай iстеу үшiн де Гүлжанды бұрынғы «бабына» апаруы тиiс. Мiне, құдай бұйыртса iс оңғарылатын түрi бар. Бұдан соң күлбiлтелемей ойындағысын ашып айтады.
Заһардiң құдiретi лездiң арасында маңдайының құрыс-тырысын жазып, ар жағында бой көтерген әбжыланның басын қайырды. Солғын тартқан жанарының нұры қайта ойнап, сай-сүйегiнiң сырқырағаны басылды. Әлгiнде өзегi талып, қатты оптығып жетiп едi, бiр демде мамыражай рахат күйге көштi.
Iзiнше-ақ Дайрабай мен Бiдiрәлi де төбе көрсетті. Үшеуi үш жақтап Гүлжанның аузына кiрiп кете жаздап, өздерi кеткеннен кейiнгi оқиғаны бастырмалата сұрады. Соңыра Гүлмираның қайда екенiн мағлұм еттi. Бипаздап отырып, Мәскеудегi Iлиястың мекен-жайын бiлдi. Сосын, Дайрабай «тез тауып алып келiңдер» деп, үш жiгiттi соңынан аттандырды.
Гүлжан телефон соққанда Нұрмира таң қалды.
— Үй, сен, бiрге ұшпап па едiң? — дедi абдырап.
— Ұшқым келмеді, бармадым. — Сыңқып сөйлеп, сылқ-сылқ күледi. — Сенi әкетемiз.
— Есiң дұрыс па? — Қаперге сыймайтын нәрсенi айтқанына қайран.
— Қайда, кiмге апармақшысыңдар?
— «Әбдiрахман қамауда, бiттi» деп отырсың ғой... бiр-екi күнде шығады. Тiптi, ол болмаған күнде де басқа еркектер құрып қалған жоқ. Ха-ха-ха...
— Мен сонда сендерге, қолжаулықпын ба қалаған жақтарыңа сүйрете жөнелетiн!
— Әй, жәлеп! — деген еркектiң күркіреген үнi сөзiн бөлiп жiбердi, — бiз ненi қалаймыз, соның бәрiн саған жасаймыз. Жеттi тайраңдағаның, бұдан ары шыдау мүмкiн емес.
Нұрмира онымен тәжiкелескiсi келмей, тұтқаны тастай салды. Ойланбастан Жасаралға телефон шалды. Одан басқа жанашыры да жоқ-тұғын.
Ол дауысынан Нұрмираны бiрден таныды.
— Қайдан жүрсiң? — Аң-таң қалып сұрады. Бiрақ онысын бiлдiртпеуге тырысты. — Әлi кетпедiңдер ме?
— Сен менi кешiр, мазаламаймын деп алып, тағы да әбiгерге салғаныма. Талай қол ұшын берiп едiң, ендi бiр-екi-үш күн көмектессең... Көмегiң қажет.
— Не боп қалды? — Салқын, құлықсыз тiл қатты.
— Әлгiлер де қыр соңымнан қалмай жүрген. Аман-есен Мәскеуге шығарып салсаң жетедi.
«Мәскеуге кеткенiң қалай?» дегiсi келдi. Әйткенмен үндемедi.
Жiгiт «барса ма, бармаса ма» — зиыны жетпей қиналды. Мыналардың қатыбас қирагездеу тағдырларын бiле тұра — жәрдем бермеу қиянат тәрiзденедi. Жасарал бiраз бөгелiп барып, қайтадан тiлге келдi.
— Сен Әбдiрахманмен кетпекке келiсiп ең ғой, аяқ астынан бұзылғаның қалай? — Таң-тамаша қалпын жасыра алмады.
Сәл күмiлжiген келiншек:
— Кешеден бергi оқиғаның бәрiн саған телефонмен жеткiзу қиын. — Күрсiндi. — Мен оған лажсыз баруға келiскенмiн... Әбдiрахман қамауда.
— Қалай?.. — Жасаралдың үнi қатты шықты.
— Оның бәрi телефонмен айтылатын әңгiме емес.
— Қазiр барамын, күт онда!
24-ТАРАУ
Үшем қыздардың тiрлiктерi тым тәттi-ақ едi. Бүгiн де солай өзiнiң шырайлылығымен шырмаған. Уыз шақтың күреңседей құлпырған кезеңi оларды әулетiмен масаттандырған. Тек, әкелерiнiң тағы да кезектi науқасы қабындап, мазаларын қашырды. Барлығы күптiгей көңiлмен жүргенiмен, бәлендей алаңдамады. Оның үстiне Құсан бүгiн басын көтерiп зайыбы да, анасы да, балалары да қабақтары жадырап, арсалаңдап қалып едi. Сосын көңiлi жайланған соң Ыдыхан, кешкiлiк жұмысына кеттi. Соңғы жылы әдейi жедел жәрдем жүйесiне ауысқан. Өңгесi төрт көзi түгел үйде.
Әдеттегi ашық қалпымен Гүлмира Нұрмираны қапсыра құшақтай алды.
— Жаным менiң, ботам, — деп бетiнен сүйдi. — Өздерiнен соң туғаннан кейiн бе, Элмира екеуi мұны осылай кiшкене көрiп еркелететiн. Оларға Гүлжан қосылады.
— Қойшы, жiбершi, — дедi Нұрмира оның бұл қылығын жақтыра қоймай тулап. Сол кезде Элмира келiп, Гүлмираны қытықтай бастады. Бұл — Нұрмираға болысқаны. Саусағы қолтығына болар-болмас тиiп едi, шыдамсыз, қытықшыл Гүлмира атып жөнелдi. Бұған үшеуi iшiн басып, сiлелерi қатқанша күлдi.
— Қалай екен? — Нұрмира өзiмсiне тiл қатты.
— Сендер маған жабылмаңдар. Бар жазығым — жақсы көргенiм бе? — Гүлмира наздана жауап бердi.
— Оны білмедік, — деп Элмира соңғы жағын жаймалады.
Бойжеткендер мәмiлеге келгендей төсекке жайғасты. Бiр сәт бөлменi үнсiздiк жайлады. Тыныштықты «ән тыңдайықшы» деген Элмираның сөзi бұзды. Сосын ол баппен көтерiлiп барып, магнитафонды қосты. Баяу, айшықты ауанымен тербететiн Дж. Одэсеннiң ғажайып үнi, әрбiр көкiректi керней ала жөнелдi.
Әуеннiң ғаламат сиқырлығына арбалып, үшеуi тағы да томсарды. Әр кiм өз ойымен.
— Мұқатайды көрдiң бе? — дедi Гүлмира бiр уақытта Элмираға.
— Иә. Бүгiн iздеп корпусқа келдi. — Айтуын айтқанмен екi бетi нарттай қызарып, жүзiн төмен сала бердi.
Әңгiмеге арқау боп отырған Мұқатай деген жiгiт, осыдан үш-төрт ай бұрын Элмирамен танысқан. Содан сөз айтып, ықылас, пейiл бiлдiрiп жүр. Әрине, ондай ғашықтық сезiмiн аңғартқан жандар аз емес. Бiрақ солардың iшiндегi Элмираның көңiлiне ұнағаны, бұған да шынайы, мөлдiр ынтызарлықпен жансебiл күй кештiрген адам — Мұқатай. Оның дөңгелек қара көздерi, қыр мұрыны, аққұба өңi — өңгелерге қарағанда бiтiмiн бөлектендiредi. Әсiресе, пәк сезiмi, қылаусыз көңiлi, ақ пейiлi қыз жанына жағатын. Әрi, өзi секiлдi студент, университеттiң философия-экономика факультетiнде III-шi курста оқиды.
Гүлмираның сұрап отырғаны осы жiгiт.
— Жанат көптен берi хабарласпады ғой. — Нұрмира сөзге араласты.
— Папам сырқаттанған соң ештемеге зауқым соқпады. Үйден ешқайда ұзап шыққым келмедi. Бүгiн төбе көрсетуi ықтимал. — Гүлмира ойын бүкпесiз айтты. Сосын iзiнше:
— Нұрмира, егер келсе, менi жiберiңдершi. Түнде сендердiң терезелерiңдi қағамын, есiк ашарсыңдар. — Көзiнiң нұры жасыңқырап, өтiне тiл қатты.
— Көрермiз. — Әдейi қуақылана жауап қайырған Нұрмира орынынан тұрып, магнитафонды сөндiрдi де пионинасының қақпағын ашты. Әп сәтте сүйрiктей әппақ саусақтары көз леспес шапшаңдықпен майыса, клавиштердiң үстiнде жорғалай жөнелдi. Күй сандықтың кеудесiнен күмбiрлеп, жүрек қылын шымырлата Огинскийдiң «Полонезi» ақтарылды. Орындаушы өзi болса музыканың құдiретiне жан-тәнiмен берiлiп, қабағын кейде шыта, кейде жазып құшырын төге екпiндетедi. Зәузада, «билеңдер!» деген үнi саңқ етiп, қилы-қилы қиялға шомған қос сыңары мен Гүлжанды селк еткiздi. Олар бiр-бiрiне жалт-жалт қарасты. Көп бөгелмей бiлек сыбана орындарынан көтерiлiп, сиқырлы толқынның иiрiмiне дүбiне кiрiстi.
Бұл кезде «Қазақ вальсi» әуеге шымыр-шымыр тарап жатқан едi.
Олардың шадыман шағын шорт үзiп, Грета шабалана жөнелдi. «Ит үрсе, қыз жүгiредiнiң» кебiмен үшеуi де бәрiн тастай сап, терезеге ұмтылды. Дуал биiк болғандықтан көшедегi тiрлiк көрiнбедi. Бiрақ, қара төбет адам келсе қақпаның саңылауынан тұмсығын тыға, мазасыздана арпылдайтын. Бұлар қарағанда дәл сөйтiп, байбаламды сала баяпарланған.
Бәрiнен жеңiлтек Гүлмира тысқа қарай құлдыраңдай жөнелдi. Гүлжанның ындыны құрып, тызақтап барады.
Ол сыртқа шығып едi, беймаз иттiң үнi сап тиылды. Сол кеткеннен қыз жуық арада қайта орала қоймай, Элмираны жақсылық хабарға дiлгiр ете булықтырды. Өзi далаға шыққанға қосанжарласқандай болмайын деп тоқтады. Әрi, Нұрмираның көзiнше не барудың, не отырудың бопасын таппады. Ал оған бәрiбiр секiлдi, бет-жүзiнен алаңдаудың нышаны бiлiнбейдi.
Бiр кезде зарықтырып барып Гүлмира қайта оралды. Оның бал-бұл жанған дидарына Гүлжан мен Элмира сұраулы пiшiнмен, «айтсаңшы» дегендей дегбiрсiздене қарайды. Одан сайын құмарын арттыра Гүлмира қуақылана күлiп, пұшайман сыңарының көңiлiн әлгiден де әрмен астаң-кестең жасады. Ақыры Элмира шыдамады:
— Ыржаңдап күле бермей айтсаңшы... Кiм келген?! — Өктемси тiл қатты.
— Жанат.
Элмираның алағызған жүрегi бiр бұлқынып барып басылды. Сосын, үмiтi үзiлгендей терiс бұрылды.
— Бiз сөйлесiп тұрғанда, — деп сабақтады сөзiн Гүлмира қайтадан, — Мұқатай да келдi.
Томсарып кетiп бара жатқан Элмира кiлт бұрылып, «шын ба?!» деп, өзi де ойламаған жерден дауыстап жіберді. Көзi гүл-гүл жайнап, жаңағы кiрпiгiне iлiнген кiреукенiң көлеңкесi бiрдемде өшiптi. Гүлжанның да бұл жаңалыққа қуанғаны аңғарылып, әппақ өңi бал-бұл жанады.
— Ботам-ау, шының ба?!
— Иә. Басында сенi қайтер екен деп әдейi ашуландырғаным ғой.
Аяқ астынан үшеуi мәре-сәре болды. Ал, Нұрмираның қаперiне дәнеме кiрер емес. Бiрақ бұлар үшiн Нұрмира қашан да керек. Әуелден тұзы жеңiл Гүлмира оның қасына бiрiншi боп жеттi.
— Нұрмира, келген Мұқатай мен Жанат екен...
— Естiп отырмын.
Гүлмира қипыжықтап, бұдан ары не дерiн бiлмей тосылыңқырады.
— Бiз үшеумiз киноға барып келсек, сен түнде есiк ашасың ба?
— Сендер ертең үлкен үзiлiсте шоколад алып бересiңдер ме?
Сырттай бақылап тұрған Элмира оның бұл сөзiне мырс етiп күлiп жiбердi. Сосын мұнымды естiп ашуланып қалар деп, бiрден аузын қос қолдап жаба қойды. Ал, Гүлмира ендiгi тұста жаңағыдай күмiлжiмей, мәселенiң басын ашып алмақ боп, асыға сөйлеуде.
— Иә, қандай шоколад алам десең де қарсы емеспiз, алып беремiз. Тек түнде бiз келгенде есiктi ашсаң болды. Әйтеуiр, папама сездiрмейiк. Жоқ екенiмiздi әжеме де бiлдiртпе.
Үшеуi бiрдемде киiндi де, әп сәтте кетiп те үлгердi. Оларды шығарып сап Нұрмира пионинаға отыра бергенi сол едi, бөлмесiне сып берiп Элмира кiрiп келдi.
— Мә, мынау саған. Өзiң бiрдеме алып жерсiң.
Алдына көк құлақтың бiреуiн тастай салды. Қимылы сондай шалт. Сол асып-сасқан қалпы қайта жөней бердi.
Үш сомдықты қолына ұстаған Нұрмира мәз. Ертең сабақ арасында буфетке барамыз деп ойлады. Сыртына әшекейленiп сурет салынған, iшiнен шытырлақ жылтыр қағазға оранған алақандай төрт бұрыш қоп-қоңыр шоколад елестедi. Өз-өзiнен тамсанып, сiлекейi шұбырып сала бердi.
Сосын семинарға дайындалды. Сабаққа киетiн төртеуiнiң әппақ халаттарын өтектедi. Әлден уақытта әжесi мен папасына шай бермек ниетпен ас үйге беттедi.
25-ТАРАУ
Үйдiң iшi құлазып, көрдей күңiренгенiне үшiншi тәулiк. Аядай бөлменiң қабырғасы уақыт озған сайын тарылып, ауасы ауырлап, тынысты бiтей түседi. Пәкизаттың күте-күте төзiмi сарқылып, әбден пiсуi қанған қымыздай жаны жiнiгiп, жүйкесiндегi шыңылтыр шырт-шырт сынады. Қызғалдақтың қауызындай үлбiреп тұрар жұқалтаң өңi домбығып, ұйықтамағандықтан бадана көздерi қызарған. Кiшкентай бөбегiн бiресе көтерiп, бiресе жетелеп далаға әлсiн-әлсiн шығады. Есiк алдында серуендеген боп ұзақ-ұзақ бөгеледi. Бәрiбiр Жасаралдың төбесi көрiнер емес. Көңiлi алабұртып, үй тұрмақ мына әлемге сыйятын түрi жоқ. Iшке қарай беттегiсi келмейдi. Сәбиi сүт, шай сұрағанда дiңкесi құрып, жоғары көтерiледi. Әсiресе, түн баласын жек көрiп кеттi. Нәрестесi екеуi жетімсіреген халде бiр бұрышта бүрiседi де жатады. Пәкизатты қажымас-талмас, ұшы-қиыры жоқ таусылмас ой тасқыны жетелейдi. Әншейiнде алып ұратын ұйқы жазғаныңның шамасы ондайда жетпейдi екен.
Үшiншi тәулiк. Не жасарын бiлмедi. «Әлдеқандай боп кеттi ме?» деген үрей де бар. Әйткенмен, бәрiн жақсылыққа жорып, онысынан тез тайқыйды. «Әлде, жолдастарына барып айтсам ба» деп, бiр оқталады да одан да табанда айниды. «Жасаралдың үйге қонбай жүргенiн бiлсе, ұят-тағы».
Осындай екiұдай күй не былай, не былай келiншектi тырп еткiзбедi. Бар тындырары — албыраған жұқа ерiнiн жақұт тiстерiмен аяусыз тiстелей бередi. Көңiлiне алаң кiргенi сондай, әуелi, жанына батқанын сезбедi.
Жасаралдың да жайы дәл осындай-тын. Iшкенi — iрiң, жегенi — желiм. Мына жерде тек сүлдерi ғана, әйтпесе баяғыда-ақ ой-қиялымен әйел-баласының қасына жетiп алған. Олардың бейшара мiскiн күйге түскен бейнелерi көз алдына елестеп едi, қолқа-жүрегi суырылып аузына тығылды. Өзiн де, бала-шағасын да азапқа салмай құстай ұшып кеткiсi бар, әттең, уәде — құдай сөзi. Жiпсiз байланып, арқанда қатқан сәуiрiктей аласұрады. Мұның төзiм шегiн сынайын дегендей, Гүлмира да кешеуiлдеуде.
Ертеңгiлiк Гүлжан телефон соғып, Нұрмира сөйлеспей тұтқаны тастай салған соң, бiр қора жiгiтпен келiп, есiктi тепкiлеп-тепкiлеп кеттi. Жасарал құлыпты ашуға бекiнiп едi, Нұрмира шыр-шыр қағып, босағаға жолатпай қойды.
— Жiнiккен жындылар мертiктiредi, олармен сөйлесiп береке таппаймыз, — дедi жанарына үрей мен жас қабат тығылып. Әңгүдiктер босағаны күзетiп сағат жарымдай табалдырықтың алдында тыпырлады да, бiр кезде iзiм-ғайым жоғалды.
— Әдейi далада аңдып тұр, шыға қалсақ бас салмақ, — деп, келiншек қорқыныштың қосын жақын маңайдан көтередi.
Бiраз уақыт өттi, тырс еткен дыбыс бiлiнбейдi. Мына меңiреу тыныштық жiгiттiң жағасынан алып, сығымдап барады. «Қап, не де болса бағана есiктi ашып, шайқасып бiр көру керек едi» деп, iштей өкiнiшке булығады. Қасарысқанда телефон да мелшиiп, меңiреулендi де қалды.
Таңертеңгілік Айна Iлияс пен Гүлмираның «Домодедовқа» кеткенiн хабарлады. Ал кеше Гүлмираның өзi сөйлесiп, пәтерді басқа аудандағы үйге ауыстырғанын, судай жаңа қап-қара сегiзiншi маркалы жигули сатып алғанын қуана жеткiзген. Сосын бүгiн тағы да Қостанайдан телефон шалды. «Қасымда Iлияс бар, әдейi ертiп алдым. Сағат күндiзгi бiрлерде Алматыда...» дегендi айтып, сөзiн жалғастыра бергенде байланыс шорт үзiлдi. Содан берi жым-жылас, келетiн уақыттары әлдеқашан болды. Бiрақ...
Үйден шықпай көтмалды боп жатқанына үшiншi тәулiк. Мына шиеленiскен жағыдай жанын бiр жаныштаса, өз отбасындағы беймәлiм, оба жайлағандай күй — қанын миына құйды. Риясыз күлiп, апыл-тапыл баса өзiне қарай жүгiретiн ұлы, екеуiне сүйсiне қарап тұрар қылықты келiншегi — қатты уайымдағандықтан ба кәдiмгiдей ап-айқын көрiнедi. Сосын жұпар иiсi аңқыған бөбегiн бауырына басады. Әжүк-күжiк әңгiмемен шай iшiледi. Соңыра әппақ төсекте үшеуi асыр салып, дiңкелерi қатқанша алысатын.
Тым шырайлы да шұрайлы сәт буын-буынын босатты. Сол райыс ыстық отанына жеткенше тағатынан — тағат, жүйкеден — жүйке қалмайтын сыңайлы.
Жасарал ауыр күрсiндi. Пәкизатын аяды, әкесiн iздеп жылаған ұлына жаны ашыды. Қайдағы бiр кегер аяқ бiреудiң күзетшiсiне айналған өзiне лағынет айтты. Осының бәрiне көнiп, шыдап жүрген әйелiне емешегi елжiредi. Әлдекiмдерше титтей де қараулыққа бара алмайтынына сүйсiндi.
Кейбiр жесiр немесе басы бос әйелдер дүние-мүлiкке құл боп, шетелдiк мейманасы тасығандарға бiр шаңырақтың астында тұрмаса да, заңды түрде некелеседі. Олар әлгi әумесерлерге алдап-сулап там-тұм қаражатпен көмектеседi де, өздерi қазақ топырағының азаматы болып алған соң, момын жұрттың көкiрек несiбесiн жырып жейдi. Былайша айтқанда: тонайды, қалтасы қалың, ақшаның құдiретi жаман — бiреулердi тәуелдi, кiрiптар етуге дейiн барады. Ал, әлгi ақымақ әйелдер, бiр күнгi тiрлiгi үшiн келiмсектерге бала-шағасын ата-анасымен қосып, туған жерiн, отанын да сатып жiбергендерiн бiлмейдi.
Осындай жағыдайларды талай айтып, санасыз салдақылармен сырттай жауласып жүретiн Пәкизаттың дәл қазiр қандай халде екендiгiнен ерi бейхабар-тын.
Шар ете қалған телефонның үнi селқос отырған жiгiттi селк еткiздi. Ана бөлмеде жүрген Нұрмира апыр-тапыр тұра жүгiрдi.
— Қала аралық байланыс! — Қуана дауыстады. Оны ұза-а-ақ дамыл таппай шырылдауынан Жасарал да байқады.
— Ал-ло, ал-ло! Айна сен бе?!
Қазiр байланыс үзiлiп кетер ме деген дүдәмалмен үздiге тiл қатады.
— Иә... Олар келген жоқ әлi. Алаңдап отырмыз.
Жiгiт те елегiзе құлақ тiктi. Бәрiбiр жарытып дәнеңе ұға алмады. Бәрiн соңыра бiлдi.
Iлияс пен Гүлмира кеткен соң көп ұзамай үйге бейтаныс бiр жiгiт кеп, Гүлмираны сұрапты. Қаперiне ештеме алмаған Айна, әлдебiр жолдасы шығар деп, оның үстiне қазақ болған соң есiк ашады. Сөйтсе, ай-шай жоқ баса-көктеп, бөлмелердi аралап, тiнти бастапты. Оның мына жүрiсiнен үрейi ұшып кеткен келiншек, ештеменi жасырмай, олардың әуежайға кеткенiн айтып берген. Соны бiлгенде барып, әлгi адам сыртқа беттеген. Мына сұмдықтан соң Айна балаларын киiндiрiп, такси шақырып, әке-шешесiнiң үйiне келедi. Бiр минут иен үйде қалуға қорыққан. Бағанадан берi Нұрмира телефон соққанда ешкiм көтермей жатқаны сол екен. Айна да көп әуреленiп, Алматыны әзер алыпты.
Мына күтпеген жағыдай төбеден жай түскендей еттi. «Ол барған кiм болуы тиiс? Мекен-жайды кiмнен алды?» деген сұрақтар екеуiн де сарсаңға салды.
— Бар бәле Гүлжаннан, — дедi диванның үстiнде дiзесiн құшақтап отырған Нұрмира. — Ол Iлиястарды жақсы таниды, қайда тұратынын бiледi, үйiне талай барған.
Тағы да үнсiздiк жайлады, бiр-бiрiне бәлен деп уәж айтуға шарасыз. Жiгiт те, келiншек те ештемеге жiп таға алмай дал. Бiр кезде қалың ойды серпiп тастап Жасарал:
— Аналар бiр нәрсе ұйымдастырды, — дедi нық. — Әйтпесе келетiн уақыттары әлдеқашан өттi.
— Мен де соған жоримын. Гүлмира ешқайда бұрылып, бөгелмеуi тиiс...
Жасарал бiр жарым жыл телефонмен ғана сөйлескен Гүлмираны бүгiн көретiнiне қатты нанып едi. Ендi ол үмiтi күмәнға айналғандай. Онымен жүздесу үшiн жамбасы сарғайып, осында бекiнiп жата бермек пе? Бұдан арыға төзу мүмкiн емес.
Iшi қолқылдап кеткiсi келдi. Бiрақ, үш күнгi iз-түзсiз жоғалғанын әйелiне не деп түсiндiретiнiн бiлмедi. Бiр жағы мына бейбақты қайда тастайтынының ретiн таппай, басы қатты. Бұдан арыға байлап қойса да тұрғысы жоқ.
— Сен, мүмкiн, Викторлардiкiне барарсың?..
Сүлесоқ күйдi бұзып, өлi тыныштыққа жан бiтiрдi.
Виктор — Нұрмиралармен институтта бiрге оқыған Светлана дейтiн құрбыларының күйеуi. Ерлi-зайыпты ол екеуiнің бұлармен аралас-құраласы жиi.
Ол үнсiз басын шайқады. Қабағы салыңқы, үш күнгi танталдан сөйлеуге халi жоқ. Сол, аяғын тобығынан құшақтап, дiзесiне жағын таянған қалпын әлi бұзбады.
— Иә-ә... Саған да обал жасадым. — Тiлге келуi құлықсыз. — Үйiңде шарқ ұрып iздеп жатқан шығар?
Жiгiт үндемедi. Айтпаса да бәрiн бiлiп отыр.
— Мен ешқайда бармаймын. — Үнiнде күңгiрттiк басым. — Аналар Гүлмираны өлтiрсе де, осында телефон соғып, бiр хабарын әйтеуiр бередi.
Сөздерi iрiген сүттей жентектелiп, қабыса сабақтаспайды. Мiне, қайтадан үзiлдi. Бөлмеде миғұла тыныштық. Дүние атаулының бәрi мүлгiп кеткендей. Екеуi де қор-қордың құрбанындай меңiрейiп, екi бұрышта шошаяды. Жаңағы пiкiрге Жасарал бәлен деп ақыл қоса алмады. «Бiр есептен үйiнен кетпегенi де дұрыс».
— Одан да оларды осында шақырайық. — Тиянақсыз ойымен арпалысқан жiгiттiң көңiлiн әйел өзiне аударды. — Осынымыз қолайлырақ.
Жасарал бұған үн-түнсiз келiстi.
26-ТАРАУ
Қызылды-жасылды айшықты лента мен шар тағылған төрт машина, есiктiң алдына пепiлдете кеп тоқтады. Қатын-қалаштары бар қақпаның аузына жиналған үйме-жүйме топ, шұрқырай жас келiнге ошарылды. Шашу шашылды. Бiреулер жүгiрiп барып, Жанат пен Гүлмираның бетiнен сүюде.
— Әй, Шолпан, келiн құтты болсын! Үрiп ауызға салғандай бала екен. — Бидай өңді әйел ағынан жарылды.
— Айтқаның келсiн, бәйбiше! — Жанаттың шешесі өрекпiген жүрегiн әзер басып, өзi де екi рет қана көрген келiнiне алақанын жая ұмтылды. Құда түсуге барғандағыдан да әлдеқайда әдемi. Бұл елпiлдеп жанына таянғанда сәл қысылыс тауып, келiн жанарын төмен салды.
Ахмет те қалбалақтап, әйелi Шолпаннан қалыспай алғашқы қуанышының маңдайынан өптi.
— Бақытты болыңдар, құлындарым! — Әке аузына одан басқа сөз оралмай, қатты толқығандықтан апалақтады.
Кiшкене қайынсiңлiлерi жеңгелерiнiң жерге сүйретiлген етегiн көтерiп, iлгерi жылжыған лекпен отау үйге беттедi. Соңындағы машинадан түскен Элмира, Мұқатай, Iлиястар да осында. Гүлжан болса Гүлмираның жанында — қыз жолдас, қарақат көздерiнде жасын бар. Анықтап қараған адамға мұңның ұштығы да бiлiнiп қалар ма едi... Бәрi, осыдан бiраз уақыт бұрын басынан өткен ыңғайсыз жайттың сызы тәрізді.
Жастар түгел мәре-сәре.
Қыркүйектiң жазға бергiсiз тамылжыған бiр кешi. Үп еткен самал желге аққайыңның алақандай сары алтын жапырағы бiр сыбдыр етедi де, қыз күнiмен қоштасып сыңсу айтар ұзатылған бойжеткендей болмашы ғана сусыл тастап жерге құлайды. Сәмбiдей сұлу теректер одан бiрер жыл бұрын отау үй боп, ертерек кимешек киген жас келiншектей ересек қалып танытады. Әйтеуiр, шуақ пен шапаққа мастанған Талғардың бүгiнгi кешкi сиқы бөлек. Әдеттегiден көңiлдiрек сияқты.
Сол лекiген қуанышқа лепiре үйлену тойдың шаттығы үстемелей қосылды. Халықтық нақышпен тау шатқалында әуенiн әуелеткен жiгiт, үлбiреген келiннiң бетiн домбыраның алақанымен iлiп, жайлап ашты. Сол-ақ екен, дамыл таппай тұрған қауым жапа-тармағай жас жұбайларға жүгiрдi. Екеуінің бетiнен сүйiп, тілектерін білдіруде. Алуан түрлі гүл келіннің құшағын керді.
Төрдегi жас жұбайларға арналған дастарханға жайғасысымен Гүлмира, анасы отырған тұсты жанарымен шолды. Нұрмираны таба алмай әлек. Бұлармен бiрге серуендеуге бармады. «Тойға келедi» деп қорытқан. Жаңа да беташардан соң елдер құттықтап жатқанда мұның көңiлi алағызып, Нұрмирасын күткен. Жоқ. Ендi дүдәмалы шынға айналды. «Мұның тойында расында да бiр сыңарының болмағаны ма? Айналдырған үшеуi, тәңiрдiң рахымымен үшен жаратыла тұра бiрiнiң қуанышына бiрi қатыса алмағаны ма?»
— Нұрмира келмеген бе? — Қасындағы Гүлжанға ақырын күйеуiнiң алдынан асыра сыбырлады. Мұның әр қимылын қалт жiбермей бақылаған Жанат:
— Жол үстінде шығар, — деп, алағызған келіншегінің көңілін басуға тырысты.
Шаттығы мол эстрада әуезi есе жөнелдi. Саңқылдаған асабаның асқақ үнi қоса қабаттасты.
— Құрметтi жас жұбайлар! Құда-құдағилар!
Әбден той басқарып әккiленген сырқынды небiр шұрайлы сөздердi шұбыртып, қыз берiп, келін алып отырғандарды ортаға шақырды. Жанаттың әкесі мен шешесі, келiннiң шешесi дастарханнан тұрып, көпшiлiктiң алдына шықты. Алғашқы сөз той иесi Ахметке тидi. Парасатты адамның ойы парыққа толы, нағыз аталық тілегін көкiрегiнен өргiзді.
— Досты — пайғамбар, құданы — құдай қосады дейдi. Мың жылдық адамға айналып, сүйек iлiктiк болып жатырмыз. Көзiңiздiң қарашығындай сақтаған, әлпештеген қызыңызды баламыз орнына көремiз. — Жұртшылықтың бәрi ұйып тыңдап, бiр сәт мүлгiп кеткендей әсер қалдырды. — Бақыттымыз, айырықша тотының балапанын қолымызға қондырып отырмыз. Тәңiрдiң сiзге рахымы ауып берген үш тал әппақ гүлiңіздің бiрi, бiздiң шаңыраққа бұйырғанына шексiз қуаныш сезiміне бөленемiз. Сол гүлдi одан ары қарай да әлпештейтiнiмiзге кәмiл сенiңiз.
Гүлмираның әке сөзiне, тебiрене айтқан ылғалсыз ниетiне өзегi оттай жанып, жанарына ыстық жас iркiлдi. Ерiксiз есiне өзiнiң әкесi оралды. Тез шамасын шақырып, бойын игергенде жұртшылық ду қол шапалақтап, дабырласып кеткен екен.
— Гүлмира, саған не болды? Фужерiңдi қолыңа ұста! — Жанат мұның жүзiне жымия үңiлiп, ақырын сыбырлады.
— Жай, әшейiн. — Жалма-жан бәденi бұлтиған, сирағы ұзын мөп-мөлдiр хрусталь ыдысты саусағымен iлiп алып, күле тұрып күйеуiмен сыңғыр еткiздi. Iзiнше Ұланның, Гүлжанның бокалдары да шарап пен шаттық меймiлдеген қалпы, бұлардыкiмен күмiс үнiн шаша өбiсiп өттi.
Жиналған қауымның абыр-дабыры саябыр таба бере, қара суды терiс ағызып, қара сөздi сапыра андыздатқан асаба Ыдыханға сөз тiзгiнiн бердi. Елдiң бәрi әп сәтте тынышталып, еңсесiн сала аңтарылды.
Ыдыхан толқу үстiнде сәл күмiлжiді. Көмейiне қуанышқа толы да, мұңға меймiлдеген де күй қат-қабат кептелдi. Ерiн ойлады, енесi есіне оралды. Лықсып, лықсып кеп қалған алау сезiмнiң шарпуына сабыр суын сеуiп, байыздады.
— Құлындарым Жанат, Гүлмира! Өмiрден ешқандай жаманшылық көрмей бақытты болыңдар! Ахмет құда, Шолпан құдағи! Уысыма ұстаған үш қана асыл, жақұт тасым бар едi. Күндердiң күнiнде жақсылықтың нышанымен олардың шашылатынын аңдағам. Соның бiрi сiздердiң айдындарыңызға шолп етiп түстi. Марқұм әкесi, қарғаларының осы сәтiн көрсем деп армандаушы едi. Бiрақ, бұйрық солай шығар, дегенiне жетпедi. Әйткенмен, аманаттап кеткен бұйымтайы бар, сол аманатты мына қауымның алдында иесiне табыс еткiм келедi. Папалары Жанат пен Гүлмираға Алматыдағы екi бөлмелi пәтердiң кiлтiн қалдырған.
Тып-тыныш ұйыған көпшiлiк, әскере сүйсiнгендiктен шу етiп даурығысып барып басылды. Осы қапылыста сәл бөгелген Ыдыхан дүрк көтерiлген дабыр саябырлағанда қайта сөзiн жалғады.
— Мiне, сол пәтердiң кiлтiн жас отау иелерiнiң қолына табыстайын.
Төрдегi қос қарғасына қарай дедектей жүрiп барып, қайыра тағы да беттерiнен сүйiп, Жанаттың алақанына алқызыл лента тағылған кiлт пен конверттi салды. Дүркiрете қол соққан ел орындарынан түрегеп кетті. Ыдыхан дастархан басына жайғасқанда да шанжау-шанжау шапалақ сартылы басылмап едi.
Өрекпiген музыка ексiмдене қанатын қақты. Тойдың салтанаты одан сайын әрлене бердi.
Ыдыханның иығынан ауыр жүк түсіп, өне-бойын жеңiлдегендей сезiндi. Құдай бұйыртса, екi қызын құтты орындарына қондырды. Ендi Нұрмирасы қалды. Оның да уақтысы таяу сияқты.
Қыста қояр да қоймай «өндiрiстiк тәжiрибенi Арқалықта өткiземiн» деп, сол жаққа ай жарымға аттанған. Күнде жаны қалмай қызымен телефонмен сөйлесетін. Екi жұма уақыт араламай жатып, төбесiнен жай түскендей етiп Нұрмирасы бiр нәрсенi қойыртпақтатып тұр.
— Мама, сен ренжiмейсiң бе?
Шешесiнiң iшi қылп ете қалды.
— Жоқ.
— Мен тұрмысқа шығамын.
Ыдыханның әлсiз жүрегi тоқтап қала жаздады.
— Өй, оны үйде жүргенде неғып айтпадың?
— Ол кезде мүлде бұл туралы ойланбап едiм.
— Қай жақтың баласы?
— Осы жақтың...
Ыдыхан айран-асыр күй кешiп, дiңкесi таусылды.
— Қай уақыттан берi танисың?
— Арқалыққа келгеннен берi.
«Мына қыз жынданған шығар» деп ойлады. Сосын ештемеге қарамай ертеңiнде-ақ, ұшақпен Торғайдың төрiнен бiрақ шықты.
Нұрмира әуежайдан қарсы алды. Баяғыдай емес, күле бередi. Ептеп ашылған тәрiздендi, қабағындағы мұңның бұлты сейiлген сияқтанды. Мұны байқаған ана көңiлi әжептәуiр көтерiлдi. Бiрақ, болашақ күйеу баласын көргенде қоңырайды, ол межелеген шамадан олқы соқты. Орта бойлыдан ұзындау, кеспелтек тығыншықтай қара. Аз ғана мезетте мұның қай жерiне қызығып, шырқ үйiрiлiп қалғанына қайран. Амал қанша, өз қолын өзi кесе алмайды. Көкейiндегiсiн бiлдiртпеуге тырысып, керi аттанды. Алматыға келген соң уайымнан қажып, сүлеленiп ауырып жүрдi. Оны естiген Нұрмира алағызып әрi үй-iштi сағынып, мезгiлiнен бiр жұма бұрын қайтты. Iзiнше-ақ, жан-пенде бейсауат телефон соқпайтын Нұрмираға Арқалықтан дамылдамай қоңырау шылдырлайтын әдетке айналды. Айға жетер-жетпесте соңынан қуып Қаңтарбай да келдi. Қызы «осы жiгiтке тиемiн» деп тұрғаннан кейiн амалсыз, үйге кiргiзген. «Құда жiбертейiн» деп айтыпты. Бөгеген — өзi.
— Әлi үш жылдай оқуы бар. Арқалыққа кетсе сабағынан қол үзеді.
— Жоқ, институтты бiтiрiп дипломын алғанша Алматыда тұрамыз.
Ыдыхан үндемей қойды. Әлi балалығы басымдау Нұрмирасын алысқа жiбергiсi жоқ, жанында жүргенiн қалайды. Әйткенмен оған бұйрық, дәм-тұз қарай ма? Осыдан барып ес жинап алған соң, жаңа құдаларының алдынан өтуiне ықтияр бiлдiрер.
Нұрмирасы тойға да келе алмады. Сабағымен қосанжарласып жүрген жұмысындағы кезегi дәл бүгiнгi күнге дөп түсiптi. Басында бiреулермен келiсiп ауыспақ боп жүр едi, жеме-жемде ол ұйғарымы да iске аспаса керек.
— Жұмысы бар болсын, тасташы осыны! — деген кейiп кеше. — Сенiң жұмысың — сабақ. Сабағыңды оқы. Үйiң бар, күйiң бар, сонша азаптанып не көрiндi?
— Мама, олай жасау жарамайды. Мен бiрге iстеп жүрген кiсiлерден 200 сом қарыз алдым.
— Оны қайтейiн деп едiң?
— Гүлмира мен Жанатқа сыйлық ретiнде беремiн. Өзiмнiң жинаған ақшаларым бар, барлығы 500 болады екен.
Бауырмалдығына шешесiнiң ет жүрегi езiлдi. Амалы таусылып, басқадай ләм қата алмаған. Жаңа кiлтпен қоса берген конвертi сол. Онда Нұрмираның тойға жазған тiлегi бар.
«Ленинградтан келген үлкен құдағи, батыр құдағи!» — деген асабаның айқайы Ыдыханды шомып кеткен ойынан арылтты. Жалма-жан ешкiмнiң жәрдемiн қажет етпейтiн тiк тұрып, тiк жүрiп үйренген шешесiнің қолтығынан демеп, перзенттiк көңiлiн аңғартты.
Аса думанға толы қалпында серпiн алған той таңға жақын тарады.
Үйдегi Гүлмираның орыны үңiрейдi де қалды. Екi күннiң бiрiнде қатынасқанымен, аралары алшақтап кеткен сияқтанды. Ыдыхан сол уақ шешесiнiң өмiрбақи жалғызiлiктi тағдырына тағы да таңданды. Тойдан кейiн ол бiр-ер күн ғана аялдады да, әбден бауыр басқан қаласына аттанды. Жүрердiң алдында Нұрмираға Ленинградтағы бүкiл дүниесiн мұрагерлiкке қалдыратыны жөніндегі құжатын ұстатты.
— Оқу бiтiргеннен кейiн менiң қолыма кел, қызметтi сол жақта iстейсiң, — дедi немересіне.
— Жарайды, апа! — Жиен қызы мейiрлене бетiнен сүйдi.
Бес бірдей жан бірге тұрса да, үйдің іші олқы.
Элмира қазiр онша жүргендi жаратпайды, бөлмесiне тығылып ап жата бередi. Соңғы кезде ұйқышыл. Мұқатай да соның ықтиярында, өздерiмен өздерi.
Гүлжан мен Нұрмира бiр ыңғай.
Ыдыхан соқа басы сопиып, жалғыз қалғандай күй кештi. «Қой, менiң мұным не? Қайта осы құлындарымның бөлек-бөлек үй болғанын тiлемеймiн бе?»
Өз-өзiн қайрап, пендешiлiк кейпiн жеңуге тырысты.
27-ТАРАУ
Жансыздар Гүлмиралармен «Домодедовта» жолықты. Қырсық қылғанда Гүлмира бұлардың бiреуiн де танымайтын, ал керiсiнше әлгiлердiң үшеуi де оны сырттай жақсы бiледi. Ол аз дегендей қолдарында суретi бар. Ұрланып жансыз бейнемен салғастырып, әбден көздерi жеткен соң барып iске кiрiстi. Ешқандай сезiк тудырмай елеңсiз бiреуi жандарынан шықпай қойды. Кассада кезекте тұрғанда аңғарғандары — сөз саптастары да, әйелдің бетіндегі енді тарап бара жатқан көгілжім соққының орыны да бұлардың iздеп жүрген адамдары дәл осылар екенiн айқындады.
Солар алған рейске Алматыға билет сұрады. Оңтайы келейiн десе оп-оңай, кассир үш билеттi ұстата салды. Әйтпесе Дайрабайларға «осындай рейспен ұшады» деп, телефон соқпақшы боп түйген. Бiрақ, бәрiбiр хабарласып, мән-жайды егжей-тегжейлi баяндап, құлағдар етiп қоюлары тиiс. Олар іздеген жандарын күтiп алулары қажет. Мыналарды әуежайда тарпа бас салмаса, қалаға енсе iзiм-ғайым жоғалмақ. Қолдан қоя беру деген — сол, ол қателiк — бұлар үшiн кешiрiлмейтiн күнә. Өйткенi ақылары мықтап тұрып төленген.
Ұшақ Қостанайға кеп қонғанда да әлгi жансыз Гүлмираның басқан ізінен ажырамады. Бейшара келiншек қыр соңынан қалмай жүрген «көлеңкесiнен» байланыс бөлiмшесiне кiргенде ғана дүдәмалданды. Дегенмен, үркек пиғылын жақсылыққа жеңдiрiп, сыртқа секемденгенiн бiлдiртпеуге тырысты. Сонда да абдыраса керек, нәзiк саусақтары болымсыз дiрiлдеп, iшкi әлемi қалтырайтындай. Байызы қаша Алматыны алып, Нұрмирамен тiлдескенi сол-тұғын, байланыс қылышпен шапқандай үзiлдi. Нөмiрдi қайта теруге құлқы соқпай, «ендi екі сағатта өзiмiз де барамыз ғой» деген ниетке малданды. Буфеттен таңдай жiбiтерлiк кофе, оны-пұны ала беруге кеткен Iлиясқа беттеді.
Ол жерден қайта шыққанша ұшаққа отырғызу жайы мағлұмданып та үлгерген.
Астана аман-есен қарсы алды. Тек бәле, сыртқы есiктен аттағанда басталды.
Әлгiнде Қостанай әуежайындағы көңiлге секем тастаған адам туралы айтып, бұрын да жағасын ұстап, «сондай бiр нәрсеге ұрынып жүрер ме екем, әлде қайтедiмен» әр адымын сақтықпен басып келе жатқан жiгiттiң жүрегiн қозғаса керек, көзi жапақ-жапақ етiп, алдыға сенiмсiздiкпен аттайды. Оның үстiне қолындағы дипломатта Ресей ақшасымен жетi миллион сомы бар-тұғын, содан да қауiптенген.
Iшкi ойы ақиқатқа айналып, аялдамаға таяй бергенде-ақ бейтаныс бесеу қаумалай алды. Бәрi Гүлмираға құдия назар аударып анталағанда, ұрымтал тұсы осы шығар деп әуелден-ақ тұла бойын үрей жайлаған Iлияс сытылып, қаша жөнелдi.
Бiрақ, бiлеуiттер де бекем екен, ойланбастан үшеуi тұра қуды. Сирақтары ұзын-ұзын алпауыттар көп әуреленбедi, әп дегенше-ақ тақымдап кеп бiреуi өкшесiнен шала, теуiп кеп жiбердi. Бар пәрменiмен зымырап бара жатқан Iлияс, сол екпiнiмен жалбайдай жалп еттi. Дипломаты айдалаға ұшып, өзi күзендей бүктетiлді. Оң жақ тiзесiнiң көзi асфальт жиегіндегі цемент жақтауға қатты соғылды, жаны мұрынының ұшына келдi. Әйткенмен, мұның мүсәпiр халiн елейтiн ешкiм жоқ, желкесiнен бүрiп ап, қапталдағы машинаның бiрiне сүңгiтiп жiбердi. Сол-ақ екен, әлгi бәле атырыла жөнелдi.
Бұл — қас пен көздiң арасында болғандығы сондай, қаптап жүрген милицияның бiреуi де бiлмей қалды. Әрi, тапа-тал түс. Былайғы адамдар бiреудi бiреу өлтiрiп жатсын, шаруасы шамалы. Маңқиып меңiреудей қасынан өте бередi. «Жай кісіше киiнiп ап, қылмыскердi тұтқындаған органның адамдары» деп жорамалдауы да ықтимал. Бұған негiз де бар, әлгiлердiң бәрiнiң үстi-бастары мұнтаздай, сәнi келiскен.
Iлиястың екi жағынан екi жiгiт жайғасты. «Қашқан олай емес, былай» деп, қос өкпесiнен түйiп-түйiп жiбередi. Тiзесiнiң сырқырағаны аздай, әлеуеттi жұдырықтың түймешi сүйегiнен өттi.
— Саған мына жарық әлемдi көрсетуге болмайды, күнәһарсың!
Бiреуi тепсiне гүр етiп, көзiн қара матамен шарт буып тастады. Сәл қарсылық танытып едi, алақанның етек жағымен маңдайынан тағы бiрдi қонжитты. Лажсыз айдауына жүрiп, айтқанына көндi.
Қап-қараңғы тұңғиық, дәнеңенi байырқай алмай зырқырап барады. Тiптi сарсылтып ұзақ жүрдi. Мұндайда қараптан-қарап тыныс тарылады екен. Самайы быршып терледi, көкiрегi қыстығып ауыр дем алады. Жаңағы үрейден де ада, жалғанда жан шындап қысылса адам ештемеден тайынбайды екен.
— Қазiр түсемiз! — дедi бiреуi кесетiп. — Машинадан шыққан соң жан-жағыңа қараушы болма! Ұқтың ба?!
Тұтқын үндемедi.
— Ұқтың ба деймiн мен саған?! — Аузымен қоса қолы қатар жүгiрдi. Күрзiдей жұдырық жағының кірісiн сықырлатып жiбердi.
— Ұқтым... — Үнi пәс.
— Ұқсаң — жақсы! Артық-ауыс қимыл жасасаң, мойныңды үземiз! — Ежелден алты — аласы, бес — бересi бардай соңын тiстенiп, ышқына бiтiрдi.
Жылдамдығын азайтып, арыбері бұлтаңдай жүрген машина тоқтады. Тұс-тұсында шуылы көп бағдаршамның бiрi емес, тыныш маң. «Не де болса өлтiретiн жерлерi — осы» деп тұспалдады. Ойын айғақтағандай нойыстардың бiрi:
— Мырза, келдiк, қашанғы отыра бересiз? — деп келемеждедi. Бiреуi көзiн шештi. Алғашында ештеменi байыптай алмай, сосын барып, машинаның тура кіре беріске сұғына іркілгенін бiлдi. Жан-жағына қарауға мұрша қайда, айдады да жөнелдi. Осы облыстың аумағында туғанмен жат жерлiк едi, көргенімен де түсiне алмайды.
Оғар-шоғар шұбырып, үшiншi қабатқа көтерiлдi.
Гүлмираны бұдан бұрын жеткiзiп қойыпты. Сойдауылдай-сойдауылдай өңкей терісазулардың арасынан қылпы бiр қылаң еттi де, қайтып көрiнбедi.
— Мыр-р-за-а!
Келеке сөздiң иесiне назар аударып, бет-жүзiне туралап қараған.
— Қош кеп қалдыңыз! — Ырқ-ырқ күледi. Ықылық атқан сайын гүжбан кеудесi ылқ-ылқ етедi. — Қонаққа сыбағамыз әзiр. Айтқандай өзiң Мәскеуде тұратын қазақ екенсiң. Батыр-р-сың. «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң жүрсiн» деген... Сен әуелi солардың iшiне сiңiсiп кетiпсiң... Бiрақ, ол жүрек жұтқандығың бiзге жарамайды. Қоғадай жапырып, шырпыдай сындырамыз.
Қол шоқпардай жұдырығымен кеудесiнен қойып кеп жiбердi. Салмағын сол аяғына салып, бiреусiн әйеншектенiп басып тұрған Iлияс қалпақтай ұшты. Қас қылғандай жаралы дiзесi есіктің босағасына барып тағы соғылды. Жүрегi солқ етiп орнынан қозғалып кеткендей... Өне-бойы ып-ыстық жалынға шарпылып, көзiнiң алды жанып-сөндi. Тез тұрып кетуге мертiккен аяқ икемге көнбей, ышқына қиралаңдады.
— Апарыңдар өлексенi, қамаңдар!
28-ТАРАУ
Самаладай жарқыраған күннiң жарығынан оянды. Көзiн ашып ап жанына қарап едi, Жанат та шалқасынан түскен қалпы тәттi ұйқы құшағында екен. «Сабақ қайда қалды?» деп ойлады. Сосын, күйеуiнiң сүп-сүйкiмдi бейнесi қызықтырып, еркелегiсi келдi. Сұқ саусағымен ақырын мұрынының ұшынан басты. Ол бетiн тыржитып, басын ақырын қозғады. Жас келiншек жымиды. Қызық көрiп балалық әрекетiн одан сайын үдеттi. Ендi ерi басын әлгiдегiден де қаттырақ шайқап, сол қолымен қыр мұрынын сүйкеп-сүйкеп өттi. Сөйттi де көзiн аша қойды. Өзiне төне қарап, жымиған әйелiн көрдi. Бұл да ерiксiз күлдi. Әйелiнiң әжуалағанын түсiндi. Түсiндi де оң қолымен мойынынан құшақтай бауырына қарай тартты. Гүлмира сүп-сүйiр саусақтарын мұның қолтығына тығып жiберiп, қытықтай бастады. Жiгiт ыршып түстi. Екеуi сықылықтай ұмар-жұмар алыса кеттi.
— Қызғаншақ, қызғаншақ! — Булыға күліп, келiншек шашала тiл қатады.
— Қойдым, қойдым! — Күйеуi қарқылдай мұның ықтиярына жығылды. Солықтарын баса алмай ентiккен қалпы екеуi бiраз үнсiз жатты. Сөздi Жанат бастады.
— Тағы да ұйықтайық.
— Сабақ қайда?
— Сенi құшақтап жатсам, ештеменiң қажетi болмай қалады.
— Қазiр ақымақтықпен айтқаның.
— Жоқ, сен керемет әдемiсiң.
— Мен олай ойламаймын.
— Алғаш танысқанымызда, ұзақты күн сенiмен бiр жаққа кетудi армандаушы ем... Өзiңдi армансыз кеудеме қысқым келетiн.
— Онда, ол — сенiң тарапыңнан ожарлық болған екен.
— Бiз ешқайда барған жоқпыз ғой.
— Арамыздағы айырмашылықты байқадың ба? Ондай ересектер ойлайтын нәрсенiң дәнеңесi санама кірмепті.
— Мүлде ешқашан дейсiң бе? — Шалқасынан жатқан Жанат, бiр жақ қабырғасына аунап, оң қолымен әйелiн құшақтады. Жүзiне телмiре қарады.
— Иә, ептеп дүдәмалды нәрселер болды.
— Ах, менiң көгершiнiм. — Келiншектiң бетiнен шөп еткiзiп сүйдi.
— Екеумiздiң осы сәтiмiз қандай ғанибет. — Гүлмира да ерiне қарай аунап түсiп, мойынынан қапсыра құшақтады. Жiгiттiң шаттықтан сарайы саңғырап ашылды. Болашақ тұрмыстары жайлы сөйлескiсi келдi.
— Сенiң қай жерде босанбақ ойың бар?
— Бiлмеймiн. — Әйел күлдi. — Үйленбей жатып па?.. Әрине, ең керемет жерде.
— Иәә... — Соңын созып айтты да, ойланып қалды.
— Сен менi қай жерге орналастырасың, сонда...
— Алаңдама, ең керемет жағыдайы бар туыт үйiне апарамын.
— Бiздiң тұратын уақытымыз болды. Тым құрығанда үшiншi сабаққа барайық.
— Менiң өзiмiзге ғана тиесiлi отауымыздан шыққым келмейдi.
— Маған да солай, жаным. Бiрақ, баруымыз керек. Сондай қатал Ольга Поминованың сабағын ұмыттың ба? — дедi әйелi.
— Бiз, екеуден-екеу оңаша отбасы боп, ендi ғана өмiр кеше бастадық.
— Әлi болашағымыз алдымызда.
— Мен саған, көресiң, даңғарадай етiп үй салып беремiн.
— Әбден мүмкiн, бәрi ықтимал нәрсе.
— Иә, солай. Өзiмше жоспарым көп.
— Қымбаттым, бiздiң баруымыз керек шығар.
— Қайда?
— Сабаққа!
— Жақсы, онда сен бiрiншi түрегелшi. Шай қоя бер, мен жата тұрайын.
— Кәдiмгi толыққанды еркек. — Гүлмира сыңғырлай күлiп, жiбек iш көйлегiн сусылдата төсегiнен көтерiлдi. Қап-қара шашы арқасын жапқан. Келiншегiнiң жұпары мен әтiр исiне көмiлiп, масаң қалпында Жанат талмаусырап жылы көрпенiң астында қала бердi.
«Қайтып келемiн» деген Жанат кешiктi. Уақыт өткен сайын Гүлмира тағатсыздана бердi.
— Қазiр келеді. — Сәл жымиып, Мұқатай оны сабырға шақырды.
— Қап, бағана бiрге бармағаным-ай, — деп өкiндi.
— Алаңдама, аяқ астынан тағы бiр шаруа шыққан шығар, — дедi Элмира да елегiзуiнiң жөнсiз екенiн бiлдiрiп.
— Жақсы болды, бүгiн бiздiң қасымызға қонасың. — Нұрмира мен Гүлжан да мұның өз шаңырағында түнеуiне сондай бейiл. Осыны естiген Ыдыханның да сәл әбiржiгенi болмаса, балаларының бауырмалдығына iшi елжiредi.
Таң атты. Гүлмира түнiмен мазасы қашып, ұйықтай алмады. Тұрмыс құрғалы бергi төрт айдың iшiнде екеуiнiң бөлек түнегенi осы. Ертеңгiлiк асқа да зауқы соқпады. Дастархан жиналып, ыдыс-аяқ жуылып бітіп ендi не жасарын бiлмей отырғанында телефон шырылдады. Елден бұрын жүгiрiп барып тұтқаны алды.
— Аллоу, аллоу! — дедi арғы беттен ер адамның дауысы апыл-құпыл асығып. Бiрақ, үнi сондай етене.
— Иә, иә.
— Ыдыхан құдағисыз ба? — Гүлмира ендi жыға таныды.
— Папа, мен ғой бұл, Гүлмира. Сәлеметсiз бе?
— Сәлемет, сәлемет. Құдағи үйде ме? — Үнінде әбіржу бар.
— Міне қазір, папа, шақырайын.
Шешесi де айран-асыр қалпы қасына таянған екен, тұтқаны ұстата бердi. Сосын аң-таң қалып, сөздерiне зейiн қойды.
Қысқа ғана амандықтан соң шешесiнiң реңi өзгерiп, сауалдарды үдеттi.
— Қашан? — Көздерi бағжаң ете қалды.
— Ойбай, сұмдық-ай, аман ба өзі?
Мұны естiген соң Гүлмираның төбе құйқасына дейiн шымырлап, буын-буынынан әл қашып бара жатты.
— Қазiр қайда ендi? — Тағы да бөгелдi. — Сiздер қайда тұрсыздар?
Дәрменi таусылған жас келiншек, қалтыраған қалпы орындыққа отыра бердi. Дегбiрi қашып, мына малағамның сырын бiлуге мұстақ.
— Қазiр барамын! — Шешесi тұтқаны қойды да бұған жалт қарап, кiнәлi адамдай тез жүзiн тайдырып әкеттi.
— Мама, ол кiсi неге телефон шалып тұр? Не дейдi?
Ана байқұс ләм қата алмады. Ылдым-жылдым өз бөлмесiне барып, апыл-құпыл киiне бастады. Соңынан Гүлмира кiрдi.
— Жүр, киiн. Жанат апатқа ұшырап, ауруханаға түсiптi. — Шегiнерге жерi қалмай әрі дәл бұған өзi кiнәлiдей қызына қарамаған қалпы, селқостау жеткізді. Бiрақ жүрегi құрғыр атқалақтап, басы зеңiп барады.
— Не дейдi? — Гүлмираның үнi қапелiмде ышқына естiлдi. — Аман ба екен? — Көкейін қамалаған үрейлi сауалдан көзi бақжиып апты.
— Аман, аман. — Бейшара шешесi де жарытып ештеме бiлмей, әр алуан алыпқашты сауалдан дүдәмалданса да, өз-өзiн басып, сабырға шақырды.
Апаш-құпаш бұлардың әңгiмесiнен үй iшi дүрлiгiп, қастарына жиналып үлгердi. Барлығы екеуiнiң айранданған өңдерiн көрiп, сұрауға әлденеден дәттерi жетпей ұйлығыса үдерді. Лажсыз Ыдыхан олардың көмейлерiне тығылған не кiлтипан екенiн ұққандықтан тағы да әлгі сөзін қайталады. Осы кезде жылт етiп Гүлмираның жанарынан жас та бiлiнді.
Барлық жайға қаныққан соң:
— Мен такси шақырайын, — деп, Мұқатай телефонға жүгiрдi. Қыздар Гүлмираның жанына ошарылды.
Бұлар жан сақтау палатасына кiргенде ондағы жатқан адамды таныған жоқ.
29-ТАРАУ
Екi жiгiт ышқырынан сүйреткен қалпы аядай бөлмеге әкеп, лақтырып тастады. Есiктi тарс жауып, арғы бетiнен құлыптады. «Жапса жаба берсiн, — деп ойлады жаралы дiзесiн құшақтаған қалпы, — әйтеуiр, мазамды алмаса екен». Жан — қай жер ауырса, сол жерде тұратын әдетi, аяғы қақсап — жетi насырын жерге кiргiздi. Дөңбекшiп, кiрпiдей домаланды. Ептеп балағын көтерiп едi, дiзесi күлкiлдеп iсiп үлгерiптi. Демнiң арасында осыншама быржиып шыға келгенiнен, дәрiгер жiгiт бiр қатердiң болғанын өзi-ақ топшылады.
Гүлмираны басқа бөлмеге жеке отырғызып қойды. Көрiнгенi бiр кiрiп тымақ серi, пысықтығын аңғартып қылжалақтайды. «Қой» деп, тектеп жатқан ешкiм жоқ. Бұлар бiрiнiң қолын бiрi қағып, бiрiнiң бетiнен бiрi алмайтын сияқты.
Байқағаны, жабыла кеп Гүлжанға кезек-кезек бұйрық бередi. Пәрмендi дауыстары Гүлмираға ап-анық естiлуде. Ол зыр жүгiретiн сыңайлы «қазiр, қазiр» деп бәйек қаққан үнi шығады. Оған мұның зығырданы қайнады. «Әттең еркiне бермейдi-ау, берсе ана салдақының көзiне көк шыбын үймелетер едi. Шашын бiр талдап жұлса да обалсыз. Осыншама қаскөйлiкке баратын бiз не жасаптық?»
Iлезде бұл ойынан тайқыды. «Бейшара, айы-күнi жетiп қалғанда мұншама еркектiң тепкiсiне түсу — тым-ақ қиын. Қайбiр жетiскенiнен жүр дейсiң, бiр нәрсе боп тұзаққа тұтылып қалған-ау».
Төбесi маңдайшаға тие жаздап, өткен жұмадан таныс қасқа бас дәу бұл отырған бөлмеге ендi. Алғаш Мәскеуден өзiн әкелген де осы едi. Сүйегiнiң iрiлiгi аздай, жұнттай.
— Ханым, бiраз бел шешiп, аяқ суытып деген сияқты... Тынығып қалған шығарсыз? — Әбдiрахман ұсталатын күнi тым-тырыс жүрген едi, ендi айдынын сыртқа салып, өзiн еркiн сезiнедi. — Ренжiмесеңiз, тыныштығыңызды бұзып, бiраз мазалауға тура келедi.
Төс қалтасынан темекiсiн алып, ерiнiне баппен қыстырды да келiншектiң жанына жайғасты. Гүлмира әрiрек ысырылды.
— Қорықпаңыз, адам жемеймiз. — Көк түтiндi ерiнiн шүйiре бұрқ еткiздi. — Сiзге қоятын талап — жалғыз. — Көзiн аларта төңкерiп болмашы бөгелдi. — Өткендегi шағымыңызға жаздым-жаңылдым деген тұрғыда қарама-қарсы арыз жазсаңыз.
— Сонда бiздi босатасыңдар ма?! — Тақ ете қалды.
— Әрине. Азаматымыз ортамызға оралса — боссыңдар.
— Жазамын. Бiрақ бiр ғана шартым бар.
Айта бер дегендей Дайрабай иегiн қақты.
— Бiздi қайтып мазаламайсыңдар!
— Әлбетте, тек Әбдiрахман бостандыққа шықса бітті. — Темекiсiнiң тұқылын быртық саусақтарымен күлсалғышқа нығарлай басып өшiрдi.
— Онда қазiр жiбер, ертең айтқан жерiңе келейiн. — Үмiт пен күдiктiң оты шарпысқан сезiм жанарында қылаң бердi.
Бұл сөзге керiскедей дәу жiгiт кеңкiлдей күлдi.
— Оныңыз жарамайды. Шаруаны біржола тындырасыз — бас бостандығыңызды аласыз.
Бәлен деп айтуға уәж таппай, қанаты қайырылған құстай шарасыз қалды. Араларында үнсiздiк орнады. Осы бұйығылықты бұзып, зәумен «аһ-һ» деген үн шықты. Гүлмира Iлиястың дауысын бiрден танып, ұмтыла берiп едi, Дайрабай шалғайынан шап берiп ұстай алды.
— Барғаныңызбен кiре алмайсыз.
— Жiберiңiзшi, байқап келейiн, бағана оңбай құлап едi.
— Өзi ғой тырағайлап... Әйтпесе ешкiм оны аранның аузына айдап апарған жоқ. Қоянжүрек екен — тартсын сазайын.
— Андағайлаған жаудың ортасына жалғыз түссең, сенi де көрер едiм.
Мына сөз жанына жақпады ма, алайып бiр қарады.
— Сен тiлiңдi тартпасаң — сорлайсың. Абайлап сөйлесең ғана, абыройың сақталмақ. — Соңына зiл тастап, шыға бердi.
Әуелдегi үрейдiң iргесi сөгiлгендей. «Арызын жазып берiп, ертең-ақ бұлардан құтыламыз, құдай бұйыртса» деп топшылады. Бәрiнен Нұрмираның алаңдап отырғаны арқасына аяздай батты. Айна телефон соғып қап, бұлардың келмегенiн естiсе, тiптен iс насырға шабатынын тұспалдағанда — шарасыздықтың инесiмен санасы шабақталады.
Ақырын орынынан тұрып барып терезеден сыртқа көз тастады, құдай атқанда — қаптаған үй, ештеменi болжай алмады. Қанша Алматыда туып өссе де, бұл бiлмейтiн беймәлiм жақ. Бағана мұның да көзiн байлап әкелген, әйтпесе қайдан келiп, қайда тұрғанын ажыратар едi.
Зауқайырда ойын бөлiп, тағы да Iлиястың ыңырсығаны құлағына шалынды. Аяныш сезiм жүрегiн суырып, көкiрегiн дуылдатты. Әй-түйге қарамай жаралы жолдасына ұмтылды. Айтқанындай-ақ, есiгi тарс бекiтулi. Ар жағынан жарақатын ауырсынған адамның жанын шүберекке түйе бебеулегенi естiледi.
— Әй! — деп айқайлап жiбергенiн келiншектiң өзi де байқамады. Сол-ақ екен, саудырап қуыс-қуыстан «даяшылар» төбе көрсетті. — Есiктi ашыңдар, мына жiгiт қиналып жатыр ғой.
— Бiз не iстейiк ендi? — Сидаң, сiрiңкедей қатқан қара өзiне тарпа бас салды.
— Апарыңдар ауруханаға! — Арғы жағы қолқылдап тұрса да, бұйыра тiл қатты.
— Өті жарылды дейсiң бе, аһылағаны — жасаған айласы да.
Шегiр көз, бiтiк мойын, төрт бұрыш тапал бiреуi көлгiрси сөйледi. Оның iзiнше:
— Арамызда санструктор жоқ. Әрi, бiз адамдарды емделуге әкелмеймiз. — Әлгi сiрiңке қара шүленсiп, шорт айтты. — Әрi-берiден кейiн сен өз орныңа кiр! Артық жүрiсiңдi қоймасаң — тойға жыртқан жыртыстай, мына жiгiттер жұлма-жұлмаңды шығарады. — Өзi жақындай бердi. Тепсiнген сұсынан имендi ме, Гүлмира шегiншектей жылжыды. — Қара мұны, дәсердей ғып отырғызып қойса... Жонынан таспа тiлiп, жұмысқа жегу керек.
Қай-қайдағы шабан-шардақ қара тобырдың мұнша кiсiмсiнiп басынуы, сылаң қаққан ерке басын қатты қорлады. Қанша құдайдың баласы болса да, маңдайға бармақтай бақ бермеген соң — байлық та, дәулет те бақытқа бастай алмайды екен. Мiне, ендi, тойтиып отырғаны... Көрiнгені дiкеңдейдi.
Дүбiнген дүлейлер ар, ұят дегендi бiлмейтiндей — ауыздарынан ақ ит кiрiп, көк ит шығады. Мұның жүйкесін әдейi түйте арамен ағаш кескендей қажағылары келгендей, барған сайын дарақы дабырлары үдеп, күшеюде.
Әншейiнде жылмаң етiп жетер Гүлжан да тырс етпей қалды, бiржола жерге сiңiп, құрығандай.
...Аждаһа дүниенi тылсым түн әлдеқашан бауырына басқан едi. Ай қорғалап, жалмауыз кемпiрдiң жаулығындай жиегi жұлым-жұлым бұлттардың арасында жүзiп барады. Жалғыз. Оның да көңiлiне қаяу түсiп, құсаның құрығынан құтылмаққа амал iздеп, беталбатты қаңғып, ләйлiп жүргендей.
Әулiкпе тобырдың әуенi асқақтап, даңғаза дүние орнағанда ерiксiз дабырға құлақ тiктi. Бiреулер келген тәрiздi, жамыраса кеу-кеулесе жөнелдi. Әне, Гүлжанның дауысы шығатындай.
«Бiрi келiп-бiрi кетсiн, сонша елегiзiп не болды?» деп, өзiне тоқтау салды. Бiрақ кеудесiне қыпыл енген: үрей, қорқыныш бойын қанша нық ұстаймын дегенмен қалтырататындай. «Мына бәлелер көбейдi, iшiп ап содыр бiреуi Iлиясқа тисiп жүрмес пе екен?»
Осы ой қылаң бергелi тiптi, дегбiрi қашты. «Ертеңгi күнi Айнаның бетiне қалай қарамақ?»
Селк еткiзiп нығыз жабылған есiк шалқасынан ашылды. Қасқа маңдайы шамның жарығына шағылысып, гүжбан қара Дайрабай жымысқы жымия босағадан аттады.
— Таңдайыңыз кеуiп қалған шығар, жүрiңiз, шай iшелiк. — Бөлменi арақтың исi жайлады.
Келiншек басын шайқады.
— «Қонақ — қойдан жуас», онда қой сияқты айдап апарамыз.
Бiлегiнен ұстады да жұлқып тұрғызды.
— Әуектеткенге әудиесiнiп барасың, ортамызда жүрген кезiңде — құдайың мен. Не айтылады, соны жасауың керек.
Жауырынынан алып сыртқа итерiп шығарды.
30-ТАРАУ
Жаңа шешесi екеуi де ақ халаттары мен қалпақтарын әдейi ала шыққан. Соны кидi де ешкiмнiң бөгеуiнсiз дiттеген межелi жерлерiне жетті. Әрi, Ыдыханның мойынына iлiнген танометрi бар.
Келдi де абдырап тұрды да қалды. Басы ақ дәкемен таңылған бiреу жатыр. Мұрыны мен көзiнiң тұсына ғана саңылау қалдырыпты. Оң жақ аяғын аспанға асып тастаған. Шоқпардай бөтелкедегi сұйықты әкеп, бiлегiне тамшылатып қойыпты. Көздерi жұмулы, кiрпiктерi ендi қайтара ашылмайтындай. Бас жағында отырған мейiрбике ауық-ауық суға малынған дәкемен науқастың ерiнiн сүртеді.
Жанына таянып, бетiне төнгенде барып бұлар Жанат екенiн бiлдi. Гүлмираның иегi кемсеңдеп, шешесiн бас салды да солқылдап жылап жiбердi. Үнiн шығармауға тырысып, булыға еңк-еңк етедi.
— Қой, күнiм, сабыр, сабыр, — дедi көптi көрген Ыдыхан мына жайт қабырғасын күйретсе де мығымдық танытып. Сосын кәдімгі медиктерше киiнген мына адамдардың жайын ұғына алмаған кезекшi бикеге:
— Қарағым, көрiп тұрсың бiз де дәрiгерлермiз, бiрақ басқа дәруханада жұмыс жасаймыз. Мына науқастың жайы қандай? — деп сұрады.
— Мен ертеңгiлiк 8-де ғана кезекшiлiктi қабылдап алдым. Науқастың сырқатының жайы жазылған қағазға қарағанда, жағыдайы онша мәз емес. Басы жарылып, миы шайқалған. Қабырғасы сынып, өкпесін тескен. Оң жақ жамбасы да қираған, оған түнде операция жасалыпты. Бел омыртқасы шытынап, жұлын зақымданған. Денесiнiң қызуы 39-40-тан түспейді, қан қысымы бiр қалыпты.
— Рахмет, қызым. Доғыдыр ендi қандай амал жасамақ?
— Жаңа ғана емдеушi хирург келiп көрiп кеттi, ол кiсi шешiмiн әлi айтқан жоқ.
— Аты-жөнi кiм?
— Мұрат Сейiлбекұлы.
Иығына басын қойған Гүлмираны құшақтаған қалпы жетелеп, тысқа беттедi. Өзiнiң де құр сүлдерi сүйретiлiп, өзегi астаң-кестең.
— Қой, жылама, күнiм. Көз жасыңмен көмектесе алмайсың, оданша сәл ес тоқтатып, басқа амалын қарастыралық.
Бұлар дәлiзге таянғанда алдыларынан Ахмет жақсы лепестен дәме етiп, жапақ-жапақ қараған күйi төбе көрсеттi. Құдай дiңкелеткенде құдасына бiр ауыз, жарым ырыс әкелерлiк ештеме айта алмады.
Кiм бiлген, әсем шақтың әрi тез таяды екен. Зауқайыр, бақытты жас жанұяның шуақты кезеңiнiң шақ-шәлекейi шықты.
Жанат кеше Талғарға кетiп бара жатқан. Кешқұрым уақыт. Алакөлеңке. Машинада өзi ғана. Гүлмира «Барнауыл» көшесіндегі үйде қалды. Онда да өзi «сен осында бол» деп, әдейі қалдырды. Тығыз шаруамен әке-шешесiне барып қайтпақ.
«Қызыл қайраттың» тұсына таянғанда жын соққандай бiр машина қарсы алдынан шыға кеп, мұның оң тарапқа қашқақтап жалтарғанына қарамай, бiр жақ тұмсығынан пердi де жiбердi. Дүние астаң-кестең қопарылып, әп сәтте тұңғиыққа айналып жүре бердi. Әйтеуiр, қара жолдың бойында қара түтiн бұрқ етiп, қиқылдаған-шиқылдаған үрейлi дыбыстар өне бойды тiтiрендiрдi де басылды.
Зәумен зулаған машиналар ошарыла тоқтады. Сәлден соң бақырып-шақырып, қызылды-жасылды жарығын құйқылжытып МАИ-дiң инспекторлары жеттi. Iзiнше, өкпесiн соғып ентiккен қалпы «жедел жәрдем» көлденеңдей тоқтады. Апатқа ұшыраған көлiктердiң адамын арашалауға барша қауым әлдеқашан кiрiскен.
Төрт дөңгелегi көктен кеп, консервiнiң қалбырындай умаждалған машинадан Жанатты шығарғанда онда тiл жоқ едi. МАИ қызметкерлерi болған апат жайында тек оның төлқұжатындағы мекен-жайы бойынша iздеп барып, үй-iшiн хабардар етiптi. Соңғы Алматыдағы көрсетiлген әдiрiске бармай, оның алдындағы мөртабанда жазылған Талғардағы үйлерiне келгендерi оң бопты. Сонда да үй-iшi кеш, әбден таң атқанда құлақтанған.
Соқтыққан машинаның iшiнде үш адам бар екен. Екеуi әл үстiнде, шопыр жаралы. Оның айтуынша алдынан жылқы шыға келген, содан қашамын деп кесiрге киліккен.
— Жазым, жазым ғой төтеннен, — дейдi басын соққылап.
Жанат он күннен асқанда барып, көзiн ашты. Бiрақ сөйлеуге мұршасы жетпедi, дәрiгерлер де тиым салды.
Осы уақыт аралығында Гүлмираның жақ етi суалып, онысыз да бадырақ көзi шажырқайдың безiндей ежiрейдi. Үнемi күлкi үйiрiлiп тұрар ашық жүзiн мұңның кiлегейi басты. Өйткені, ерiнiң халi нашар, есiн жинаған күнде де аяғына мiнiп кетуi екiталай.
Ендi көздерiн ашып, адам боламыз ба дегенде тағдырдың бастарына салғаны тым ауыр тидi. Жалғыз оған емес, екi жақтың да қабақтары сүлкиiп, кiрпiктерiне қасiрет байланды.
Доғыдырлардың да жасаған болжаулары дәйек таппай, ешқайсысы жарытып ештеме айта алмады. Бар тындырғандары Жанатты оңаша палатаға шығарды. Әлi сөйлеуiне, сөйлесуге лұқсат жоқ. Бейберекет кiргiзе де бермейдi.
Өмiрлерi ұйқы-тұйқылыққа ұрынғаннан берi де бiр айдан астам уақыт өттi. Осы шақта Арқалықтан тағы да қайыра «бiз алдыларыңыздан өтейiк деп едiк» деген хабар тиді. Ыдыхан қатты ойланды. Екi мәрте өзi тоқтатып едi, бұйрықтан артып ештеме болмайтын сыңайлы. Пешенесiне жазылып тұрған шығар, «келсiн» деп ықтиярын бердi. Оның үстiне Гүлмира да «Мама, бiздiң жағыдайымызға қарама. Әркiмнiң тағдыры өзiне, маған бола Нұрмираның бағын байлайсың ба?» деп, ендiгi қарсылық танытуының ретi жоқ екенiн тәптiштеп айтқан. Осыдан соң амалсыз келiстi. Содан көп ұзамай үш адам Нұрмираға құда түсiп, үкi тағып қайтты.
— Құдай қосып жатыр, — деген сонда, — үшiншi қарғама бұйымтай айтып келiп отырсыздар. Балалар солай шешсе, бiз қарсы боп қайда барамыз. Тек, Нұрмирамның оқу бiтiруiне кедергi келтiрмеңiздер, дипломын алғанша күйеу бала екеуi осында тұрады.
Бұл жөн уәжге ешкiм қарсылық танытпады. Әрi қостап та кете қоймады. Үшеуiнiң не ойлағандары iшiнде. Кiм бiлсiн, құдағидың басына түскен зауалды естiгеннен кейiн, батып ештеме айтпады ма, әйтеуiр, тiс жармады.
Олар елдеріне қайтып, арада бiр жұма өтiсiмен Қаңтарбай солаң етiп төбе көрсеттi. Аса жарқылдап та, аса салқын да қарсы алмады — қарақаскелең байып аңғартты. Нұрмираның да қуаныштан елп еткенiн ешкiм көрмедi. Жалпы, үйдiң iшiнде баяғыдағыдай ерке тайлақтай асыр салған шаттықтың шадыман шырқы бiлiнбейдi. Бәрi Гүлмираның қас-қабағына қарап, соның ығына жығылып, соның айтқанын iстеп бәйек. Қаңтарбайдың келуi онша айтулы оқиға боп көрiнбегенi де сондықтан.
31-ТАРАУ
Аждаһаның ордасы мүлде құжынап алыпты. Түрлерi қорқынышты, өңшең сойдауылдай-сойдауылдай жiгiттер. Ұсқындары әртүрлi: бiреуiнiң шашы бiлте-бiлте иығын жапқан, келесiсi жүн-жүн сандарын көрсетiп шорти киген. Масқара, ендi бiрiнде абұйырын қымтап, етiмен ет тырысып тұрған лыпасынан басқа дәнеңе жоқ, бет-аузы жүн-жүн — кержақтары да ұшырасады. Барлығының жанарында арамдық, бұзақылық тұнып жатқандай.
Бұл — ас үйге жеткенше ғана көргендерi едi.
Төрге керiскедей бiреуi жайғасыпты. Шамасы, жасы жер ортасына келiп қалған. Әдемiлеп қойған сақал-мұрты бар. Үстi — жалаңаш. Өз денесiн өзi аямай айқұш-ұйқыш сурет салған — татуировка. Иығында пагон, кеудесiне айқасып түскен партупей, белiнде белдiк. Онысынан қылаудай қымсынбайтын тәрiздi, арқа-жарқа. Қасындағы жап-жас қызды аш белiнен қапсыра құшақтаған. Ол да жалаңаш, қос анарын көлегейлеген тартпасы ғана бар.
Ендi байқады, әлгiнiң екi жақ қапталындағы жiгiттер де, қыздар да белуарларына дейiн шешiнiп тастапты. Қасындағы дүңбiршектейi де кемеңгерiнен қалғысы келмегендей, дәл емшек тұсына торына жабысқан өрмекшiнiң сұлбасын бейнелептi.
Бұлардың кiргенiн көрсе де ешқайсысы елп етпедi. Тым салқын, бiрақ жандарындағы қыздарға қызуы күштi сияқты, үшеуi де айырылып қалатындай жабысып апты.
— Отыр, — деп, Дайрабай төменгi жақтағы орындықты нұсқады. Өзi жанына жайғасты. Сөйтiп, бұлар төрт еркек, төрт әйел болды.
Әбден орнығысқан соң көзiнiң қиығымен Гүлжанды iздедi. Қалтарыста суды шылпылдатып, ыдыс жуып тұр. Мұның келiп-кеткенiнде шаруасы жоқ. Әуелi бөгде жандай ләм деместен алдына таза қасық, шанышқы қойды. Назар тоқтатып қарамады да.
Өңешiнен бiр түйiр нәрсе өтсешi. Дайрабайдың қыстауымен таңдайына дәмнен бiрер қасық салып едi, зорға жұтты. Мына ортада өзiн сондай артық, қораш санады. Ешқайсысы тiс жарып, тырс етпейдi. Балықты аулап-аулап әбден тойып, бiр аяғын бауырына, тұмсығын қанатының астына тығып мүлгiп кеткен қоқи қаздардай қаз-қатар жайғасқан бәлелердiң көздерi кiлгiрулi. Әйткенмен, өз рахаты өздерiнде: аса бiр ынтызарлықпен аймаласа өбіседi. Жүз дуылдатарлық қылық жасаса да бiр-бiрiн тектейтiн шама ада-күде. Бас айналдырар бақытқа белшелерiнен батқандай. Жанарларын ашып, мына әлемге құлық қойып қарайтын болса — шұрайлы да шуақты, жұмақты сәттен айырылып қалатындай. Сондықтан да көздерiн ашудан қорқады. Әрi-берiден соң көздi-соқырлардың әйелдері ауысып кеттi. Бiрақ, бағанағы ыстық ықылас пен отты құшақтың қызуы сол қалпы. Құлқыны құрыған ынсапсыз ындынның ынтызарлығы өршiмесе, басылмады. Салдамалар — дөкірлердi, олар — шөткірлердi жатсынып, аймаласуды аяқсыратпады. Бастапқысына қалай етенелiк танытса, мынаған да сондай құштарлықпен қабыса түстi. Төмен етектiлер де «жаңа ғана ананың кеудесiне бас қойып едiм, көпе-көрнеу көзiнше мынаның құшағына ауысқаным — арсыздық-ау?» деп ойламайтындай. Мұның бәрi олар үшiн үйреншiктi, сiңiстi көрiндi.
Қараптан-қарап Гүлмираның iшкi әлемi қалтырады. Мына сорақылықты санасына сыйғыза алмады. Ұрланып қайта-қайта Гүлжанға назар аударады. Ол — селт етпейдi. Анайылықты әбден көрiп, бойы үйренiп алғандай. Бiр қайран қалдырғаны — әншейiндегi жұлқынып тұратын мiнезi үштi-күйлi. Иiнi салбырап, осы үйдiң бәйбiшесiндей қарыны шермиiп, ас құйып, аяқ жуып, қызмет жасап жүр. «Қасынан бiр елi шықпайтын Серiк қайда екен?.. Мұны неге сонша көңiлсiздiк жайлаған?» деп ойлады. Сөйлескiсi келдi. Бiрақ, омартаның шелегiндей мына мүлгiген малғұндардан қаймықты. Кенет, бiлегiнiң жоғарғы жағы көкпеңбек боп көгергенiн байқап, iшi қылп ете қалды. Көңiлi астаң-кестең: «апыр-ау... қорқау қасқырдай сүлкиген сұмырайлар нашаның құлы емес пе екен?.. Гүлжанның қолына не болған? Әлде, жауыздар бiрдеңе жасады ма?..»
Абдыраған қалпы қайта Гүлжанға барлай көз тоқтатты. Ойламаған тұста газ плитасының үстiне назары ауды. Әдетте дәруханаларда ұшырасар, медициналық аспаптағы микроптарды залалсыздандыратын дәрiгерлердiң төрт бұрышты стерилдегіш жап-жалтыр темiр қобдишасы бұрқ-сарқ етiп жатты. Оған нендей затты салып қайнататыны миына бiрден сақ еттi.
Айуандардың апанына ұшырасқанын сонда бiлдi.
32-ТАРАУ
Ары аунап түстi. Сол қалпында қимылсыз бiраз жатты. Бәрiбiр кiрпiгi айқасар емес. Өзiн-өзi зорлап көзiн ашпауға тырысты. Әр түрлi ой онысыз да зықысы шыққан санасын сабылтып, әлдебiр жақтарға iлестiрiп әкетедi. Еңсесiн езген қыжалаттан ба, әлде төсегi жайсыз ба бiрқауым мезеттен соң Ыдыханның кеудесi қысылды. Бөлменiң ауасы тарылғандай тынысы ауырлады. Лажсыз келесi бүйiрiне аунағанын байқамай да қалды. Терең күрсiнгенiн де аңдамады.
Қабырғасына аяздай батқан нәрсе, Гүлмирасының жайы. Он екi де бiр гүлi ашылмай-ақ тағдыры бейнеттiң бұйдасына байланғаны ма? Бiр кездерi Ленинградта жалғыз қалған шешесiн уайымдаушы едi. Соңғы уақыттарда барлық жауапкершiлiк өзiне ауғаннан кейiн бе балаларының болашағы қатты алаңдатады. Күндiз де, түнде де Гүлмирасы есiнен кетпейді.
Кеудесiнде жарым-жартылай жаны бар Жанатты дәрiгерлер үйiне шығарды. Байқұс бала аяғы тұрмақ башпайларын да қозғалта алмай ұзыннан түсiп, шалқадан төсекке таңылған. Бас жағында шошайып Гүлмира отырады. Осы кесiрге ұшырағалы сабағына да дұрыс көңiл бөлмей жүргенiн ана жүрегi сезедi. Сезедi де тiлiн тiсiне қойып, «әттеген-ай» деп, дiңкесi құрып тынады.
Элмирасының да халi жанын шүберекке түюде. Сорлының ай-күнi тақау. Бiр аяғы — көрде, бiр аяғы — жерде. Бүгiн, ертең деп-ақ әбден мазасы қашты. Күйеу баласы да бiр жүрген қой аузынан шөп алмас мойыны жуан момынның өзi. Әйтеуiр, дәтке қуат етерi гинеколг дәрiгерлердiң ауызы жақсы. Сол жарым ырыс жақсы лепестi көңiлiне тоқ санап, күнде құдайына жалбарынады.
Ал мына болашақ күйеу баланың келiсi қызық, жатқанына жарты айға жуықтады. Мұның жаны жай табарлықтай жарытып ештеме айтпайды. Қызы онымен сөйлеспек түгiлi қасына жоламайды. Бұрынғыдан бетер тұйықталып, бiр жарқ етiп серпiлмедi. Әуелi, мұны тіксіндіріп, «мама, анаған «қайт» деп айтшы, кетсiн» дегенi.
— Күнiм-ау, менiң оған қалай бетiм дауаласын?! Бөтен бiреу емес... — Қалай бұлтарудың жөнін таппай абдырады. — Құда түсiп, саған үкi тағып кеткен. Ықтиярымызды бергенбiз, бергенсiң...
Әңгiме әрiге созылмады. Нұрмираның өзi қузамады, әйтпесе шешесi бұл тақырыпқа ашылып сөйлеуге ынтық едi. Ақыры көкейiн қаумалаған сауалдар маза бергiзбей Гүлжаннан ептеп сыр тартқан. Ол да мандытып, ештеме айтпады.
— Бiлмеймiн, iргеге қарап жатады да қояды. Бiзбен сөйлеспейдi. Тiптi, Қаңтарбайды да жан тартпайды. Әлде сiздiң көңiлiңiзге қыпыл кiргенiн аңдап, әрi Гүлмираның жайын ойлап, өзiн еркiн ұстауға ыңғайсыздана ма?
Бұл iштей «е-е» деген де қойған. Шешеге жақын келетiн қыздарының өзiмен ашылып сөйлесе алмаған пышаналығына күйзелдi. Қыз баланың соншама сорлылығына жыны келдi. Сотқар болса да осы үшеуiнiң бiрi ұл боп тумағанына опынды. Бiр атаның әулетiнен жалғыз еркек кiндiктi Құсанның өренi үзiлгенiне ендi шындап көзi жеттi. Әйелдiк бетпақтықпен ерi жастау кезiнде мұны бiле тұра мойындамап едi. Ендi өзiнiң қатыгездiгiне нали, бiр рулы елге қиянат жасағанын ұғынып, өзегi аязды үскiрiктей аңырады.
Ерiксiз «у-уһ» деген үнi шығып кеттi. Кең төсектен тарлықты сезiнiп, шалқасынан түстi. Сосын тағы да етек-жеңi жиылмас ойының соңынан ербеңдей ере берер ме едi, кездейсоқ келесi бөлмелердiң бiрiнiң есiгi ашылды. Көңiлi солай қарай ауды. Бiреу жыбырлай жүрiп, ас үйге өткендей болды. Қазiр керi қайтар деп күтiп жатқанында, есiк қайыра ашылды. Тағы да бiреудiң аяқ дыбыры бiлiндi. Жалма-жан iзiнен атып шыққанға бала емес, шаға емес — ыңғайсызданды. Аңысын аңдып құлағын түрдi: күбiр-күбiр сөйлестi. Мұқатайдың дауысын айнытпай таныды. Қасындағы Элмира екенiн топшылады. Сосын, бұдан арыға шыдамай жамылғысын иығына iлiп, дәлiзге беттеді. Қабырғадағы дәу сағат екiге таяныпты. Ас бөлмеге қарай жылжыды. Мұның келе жатқанын аңдап, күйеу баласы босағадан басын қылтита қарады.
— Не болды, неғып ұйықтамай жүрсiңдер?
— Ауырып, Элмираның мазасы қашты.
Өзiнiң топшылауы дәл келгенiне iшi қылп етiп, «толғақ емес пе екен?» деген үрей аралас сауал санасында жүгiрiп өттi.
Элмира столдың шетiндегi орындыққа отырып, қолымен бүйiрiн басып алыпты. Астыңғы ерiнiн жымқыра тiстеп, науқасының жанына батып күйзелгенiн аңғартады. Онысыз да бозарған өңi одан сайын ажарынан ажырағандай.
— Iшiң ауырып тұр ма? — Жанына таянған шешесi сәл әбiржiңкiрей сұрады.
— Иә. — Қинала тiл қатты.
— Қашаннан берi?
— Кеш бата ептеп сыздағандай қалып танытып едi. — Оқыстан шаншу қадалғандай «у-уһ» деп ауаны көкірегін кере жұтып, әйеншектене бетiн тыржитты. — Уақыт өткен сайын үдетiп, қазiр жанымды көкеме көрсетiп барады.
— Онда жедел жәрдем шақырайық.
— Оған Элмира көнбейдi. — Мұқатай бiрдемеге өкпелеген баладай қомпылдай тiл қатты.
— Керек емес, қазiр басылар.
— Керек емесi қалай? — Ыдыхан шоршып түстi. — Шақырту керек! Ауруханаға барғанда жазылып кетсең, ешкiм сенi ол үшiн сөкпес.
Осындай нақты шешiмдi күтiп тұрса керек, Мұқатай телефонның құлағын бұрай бастады.
— Киiнiңдер!
Шешесi айтса айтқандай, Элмираның iшi одан сайын бүрiлiп, белiн жаза алмай қалды. Құрсағы түйiлiп, осы табанда жаны шығып кететiндей қинала қыстықты. Ендi тезiрек туыт үйiне жетiп, сол жерден ғана араша табатындай асықты.
Дыбырдан оянған Гүлжан мен Нұрмира да мына қапылысты естiп, ас бөлмеге жүгiрдi. Екеуi Элмираны екi жағынан қолтықтап, демедi.
— Кеудем қысылып барады, желдеткiштi ашыңдаршы, — деп өтiндi Элмира.
— Қой, суық тиедi. — Гүлжан келiспедi. Нұрмира орамалдың бiрiн суық суға малып сықты да, iш көйлегiнiң омырауын ашып Элмираның кеудесiне басты.
Осы екi ортада бiр машинаның жарығы бұлардың дуалдарына тiреле тоқтады.
— Халатын, оның үстiнен пальтосын кидiрiңдер, — дедi Ыдыхан етiгiнiң суырмасын салып жатып.
Ауладағы Грета шәуiлдей жөнелдi. Iзiнше сыртқы есiк ашылып, екi-үш адамның iшке енген дыбысы бiлiндi.
Әлгiнде Мұқатай «жедел жәрдем» үйдi дәл тауып келуi қиындау» деп, көлiк көбiрек жүретiн көшенiң бұрылысына барып тұрмақ боп жөнелген.
Дәлiзге екi дәрiгердi ертiп күйеу баласы кiрдi. Салқын ғана амандаса сап, олар науқастың қайда екенiн сұрады. Сосын Ыдыханның бастауымен ас бөлмесiндегi Элмираны көрiп:
— Ой, бәрi түсiнiктi, толғақ қой басталған, — дедi етжеңдiлеу көзiлдiрiктiсi. — Жиi-жиi iшiң бүрiп ауыра ма? — Ендi Элмираға көз тоқтатты.
— Иә. — Келiншектiң дауысы бәсең естiлдi.
— Киiнiңiз, алып кетемiз. — Соны айтты да келген iздерiмен керi бұрылып, есiкке беттедi.
Соңын ала көп бөгелмей Ыдыхандар да шықты. Қызын қолтықтап, жазатайым тайып кетпеуiн қадағалауда. Ақырын iлбiте бастырып, машинаға таянды. Элмираны сүйеп iшке енгiздi. Қасына шешесi жайғасты. Мұқатай тырмысып басын сұға берген:
— Сiз қайда барасыз? Бұл, жалпы жұрт топырлап мiне беретін бағытты такси емес, — дедi әлгi толық әйел.
— Қыздар, мен де жедел жәрдем қызметiнде жұмыс жасаймын, ала кетiңдер. — Ыдыхан өтiне тiл қатты.
— Онда, тiптi жақсы, бiздiң халiмiздi жете бiлетiн шығарсыз.
Ендi оларға тiл қатудың ерсi екенiн топшылап:
— Үйде қала бер. Қазiр барған соң телефон шаламын, таксимен келерсiң, — деді қайраны жоқ қалпы.
— Жарайды.
Есiк тарс жабылды да, машина орынынан жылжыды.
33-ТАРАУ
«Қонақтардың» мамыражай, бейуаз тiрлiктерiне соңғы күндерi қапылыс енiп, ауанынан сәл ауытқығаны бар. Бәрi, Әбдiрахманның қолға түсiп тұтылғанына байланысты. Әуелден келiскендерiндей керек-жарақтарын басшысы бiр жаққа кетсе де, оның дәргейiндегiлер тап-тұйнақтай етiп әкеп, алдыларына қоюлары тиiс. Өйткенi, әлдеқашан ақысы төленiп, «қызметшiлер» қажет нәстелермен қамтамасыз етуге уәде байласқан. Сөздерiнде тұрмайды екен, қатал жазаланбақ. «Қонақтарға» бәлен-бәштүген деп, тауардың тиiстi уақтысында жеткiзiлмеуiн түсiндiрiп жату — бекер әурешiлiк. Қатаң сақталған тәртiп бұзылса, араларындағы уағда ғана емес, «меймандардың» рахат, тәттi, шуақты шақтарының шақ-шәлекейi шықпақ. Олар «тұтынып» отырған дүниелерiнен тапшылық көрiп, тарықса — бәленiң басталғаны. Көздерi шатынап, құтырған иттей ай-шай жоқ тарпа бас салуы ықтимал. Ең абзалы — ашуландырмаған ләзiм. Ал, бiр қаһарланды ма, ордалы жыландай түбiне жетпей тынбайды. Кәрiне iлiккен негізгі себепшi адам — өздерi секiлдi құбыжық-аждаһаға оп-оңай айналып шыға бередi.
Сондай айуандықтың соңғы құрбаны — Серiк. Өткенде әзер қашып құтылғаннан жүрегi шайлықты ма, шаруасына ынта-шынтасымен кiрiсе алмады. Жан-жағындағы екi аяқтының бәрiнен қаймығып, сыртқа шықса құрулы қақпанды қабатындай бой тасалаған.
Былай тартса — арба сынып, былай тартса — өгiз өледiнiң керiмен бәрiбiр қатерден алысқа ұзамады.
Әбдiрахманды жоқтатпай, оның көлеңкесi ретiнде асыранды жалмауыздарға кәйiп дәрi-дәрмегi мен құралдарын жеткiзiп беру — өзiнiң мойнында-тын. Ол мiндетiн орындауға шамасы жетпедi — жазалы.
Ал, басқа бiреуге жөнiн айтып, жол сiлтеуге мүлде болмайды. Тауарды «қойма орындарынан» алатын сардары екеуi ғана. Басқа жан пенде тосыннан есiрткiбедекшiлiкпен айналысатындарды бiлмеуi керек. Әлгiндей, бөгде көз «Серiк жiбердi» деп барса, құпияны ашқаны үшiн тағы да бұлар кiнәлi боп қалады. Онда да айыбына жай ғана ақша төлеп құтыла салса бiр сәрi, алпауыттардан таңы айырылады.
Мiне, өкiмет орынының тұзағына емес, құбыжықтардың қармағына iлiндi. Iлiнгенде де iргесiн аулақ салып кетпейтiндей халге жеттi. Уәдесiн орындамағаны үшiн аяусыз қаһарға ұшырап, наркомандар «инеге отырғызды». Екiншi тәулiк, ес-түссiз күйде улы да зәрлi дәрi-дәрмекпен егiлуде. Бұл — бiрiншiден жазалау болса, екiншiден, «қонақтардың» өз қатарын көбейту мүдделерiн жүзеге асыруы. Ендi, мына, Дайрабайды уыстарынан шығармай шегендеп ұстауларының сыры, қарымы қайтпаған ақшаның есесiн алу. Өлсiн-тiрiлсiн «өтелмеген парызды» орындату.
Гүлмираның бетiн шым-шым еткiзе, төрдегi дәу олпатанымен ошарыла қасындағы қыздың дiзесiне ауып түсiп, қос анарының арасындағы жықпылданған «сайтан сайына» емiне тұмсығын тықты. Ана, жүзi қара пәтшағар да талмаусырап, сүйсiне дыбыс шығарады...
«Пагонды» қудың мұншама тағылық табиғатпен жүгенсiздiк көрсетуi — орынды. Себебi, «мен өкiмет органын, әлеуеттi билiгiн мойындамаймын» деп үстiне офицер шенiнiң суретiн салып алған. Портактың* мәнi осы-тын. Тұтастай бiр мемлекеттiң қасында Гүлмира кiм? Ол аяғын тартып, айылын жиятын әлi ешкiм туған жоқ. Төрт рет түрмеге түскенде де кеңес заңы мен тәртiбiне илiкпеген. Қайта, қызыл жағалылардың өзi бұдан ығып жүретiн.
Портак — татуировка.
Ал, мына қапталындағы жiгiттiң кеудесiндегi тордағы өрмекшiнiң мағынасы — құмарпаздар құжырасынан, құмарпаздар қатарынан мәңгi кетпеймiн деген серттi бiлдiредi. Егер, бұлардың iшiнен бiреусi қызығушылықпен үстi-басына татуировка салдырып, сосын iстi боп, сотталғандардың арасына түссе — әлгi суретiнiң ненi меңзейтiнiн айтып бере алмаса, онда құрығаны. Алда-жалда қаны бұзылғандар бостандықта жолығысса, танысқанда аты-жөнiн, қайдан екенiн сұрауы мүмкiн, бiрақ, не үшiн, қандай баппен, қанша жыл отырғанын сұрамайды. Денесiндегi шимайлардан, саусақтарындағы сақина-айшықтардан-ақ арғы-бергiнi екшей бередi. Оларда жөнсiз ештеме бедерленбейдi.
Бассалдың бойынан ләззатты шырынның буы қайта бастады ма, оқыс қыз кеудесiндегi басын көтерiп:
— Шмаль* дайын болды ма-ей?! — деп гүрілдей үн қатып, үйелменімен үңірейе қадалды.
Шмаль — есiрткi.
— Әзiр, әзiр. — Бiр аяғы — көрде, бiр аяғы — жердегi бейшара құлдық ұра жапақ-жапақ қарады.
— Шақыр шәдиярларымды!
Дайрабай лып етiп, орынынан тез тұрды. Босағадан басын шығарып, әлеңкедей жаланған жендеттерге хабар бердi. Сол-ақ екен суға құлаған киiктей ұбап-шұбап, небiр мәукiлбастар есiктiң аузына кеп кептеле тоқтады.
Осы әредiкте Гүлжан стерилдегіштегі қайнап жатқан затты түсiрiп, стол үстiне қойды да, шкафтың суырмасынан зымысқы дәрi-дәрмектi шығара бастады. Құдды бiр науқастарды қабылдайтын медбикедей шымшуырмен иненi баппен алды. Сосын, кезекпе-кезек келген адамдардың бiлегiне өкілін сұққылады. Тұщы етiне ащы бәле қадалғанға тыжырынып, әйеншектенген бiреуi ұшырассашы.
Бөлменi дәрiнiң исi жайлады. Көп ұзамай қоңырсыған шөптің күйiгі де мүңкіп, бықсыған әбілет қолқаны қапты. Анаша түтіні сыздықтай жендеттер жүрген бөлме жақтан қабаттаса кеулейтiн тәрiздi.
Бағанағы Гүлмира көрген ұсқындары қайта ибалы екен. Қазiр басым көпшiлiгi жалаңаш. Үстi-бастары көк ала қойдай — шимай. Араларында жап-жас орыстың бiр қызы бар. Ақ матаға оранып алыпты, көзi-басы ұйқы-тұйқы, жалаңаяқ. Ол да бiлегiн тоса бердi. Кенет, Гүлмираның жүрегiн тас төбесiне шығарып, анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш, шашы дудыраған көк көз жiгiт ендi. Омырауы құж-құж жүн. Ар, ұят дегеннен ада. Қымсыну — мүлде қаперiне кiрмейдi. Керiскедей кейпiмен өңмеңдей таянып, «уколын» алды. Мына отырғандар бұл жайтқа әбден қанық па, бiреуi селт етсешi. Гүлжанның да өңiнен құбылыс байқалмады.
Тұтқын әйелдiң жүрегi атқалақтап аузына тығылды. Ұсқынсыз өмiр, жалдаптарды көргеннен кейiн тiптен жұрынға айналды. Қазiр ана заһарлы ине өз бiлегiне қадалатындай, жаны түршiктi. Орынынан тұрып кетуге, жолындағы жалмауыз кемпiрдiң «сүйкiмдi» баласындай сұмпайылардан қорықты. Олар мұны өз бөлмесiне жеткiзбей ұйпай салатындай. Оданша аз да болса бойы үйрене бастаған осы жексұрын топтың арасында отыра берудi ұйғарды.
Жабыңқы жамалында жасықтықтың жайлауы орнай қапты. Зәуменде алыстан солқ, солқ соққан шойын балғаның үнi естiлдi. Бiртiн-бiртiн дыбысы жақындап, бұған таянғандай. Рас, тiптi табанының астын солқылдатты. Әуелi, сол тегеурiндi күштiң ырқына күллi өн-бойы бағынып, қалш-қалш етедi. Ендi тарсыл көкiрегiн кернеп бара жатқандай.
Миына бiреу күрзiмен шеге қаққандай, шеке тамырлары лық-лық атқалақтап, көзi қарауытты. Басы айналып, жандәрмен жанарын жұма қойды. Сонда ғана жүрегiнiң аттай тулап, зеңбiрекше гүрсiлдегенiн ұғынды.
«А-аһ-һ» деп, ышқынған нәзiк дауыс ерiксiз назарын өзiне аударды. Жалт қарағанында өз көзiне өзi иланбады. Дайрабай Гүлжанның үстiне еңсесiн сала төнiп алыпты. Оның қалтыраған әппақ бiлегiне өкiл зәрiн жiберуде. Гүлжан қарсыласқан қалып танытпайды, аз-кем ауырсынғаны болмаса — осы тiрлiкке бейiл.
Жаңағы жаңағы ма, қаны миына құйылуға шақ қалды. Ашуланды ма, қорықты ма қалш-қалш етiп, бiрдеме деп айтқысы кеп едi, көмейiнен үнi шықпады. Көзi атыздай бақжиып, үрейден өлi мен тiрiнiң арасында күй кештi. Зәуде, зәресiн зәр түбiне жiберiп, Дайрабай керi бұрылды. Тура бұған тапап келе жатқандай, қолында шприцi.
—А-а-а-и-й!
Үрейi ұшқандықтан жаны мұрынының ұшына кеп, ышқына айқайлады. Мүлгiген мәжүндер селк етiп ұйқысынан оянғандай бастарын көтерiп-көтерiп алды. Бассал тәлiмсiген келiншектi уытты жанарымен ата бақжия қарап тұрды да:
— Фраер* әлi перiште қалпында ма едi? — деп, ырқ етiп мағынасыз күле салды.
Фраер — шым-шытырық әлемге ешқандай қатынасы жоқ адам.
Үрейi ұшқан Дайрабай мұны бiлегiнен ұстап жұлқи тартып, сүйрей жөнелдi.
34-ТАРАУ
Далада саз біліндi. Таң атып қалды.
Элмираның бағанағы бебеу қаққаны жай екен. Әр он-он бес минутта қолқа-жүрегiн суырып, бiр ғаламат сәт басталады. Осы шақта арнайы креслода жатқан ол бар қуатын сала тістенедi. Жанындағы ақ халаттылар да «күшен, күшен!» деп, әбден зықысын алды. Сөйтiп, әлгi әбiлет бес-он минут келiге сап түйгендей түймiштейдi де, жер сiлкiнiп өткендей мұны ышқынтып барып басылады. Сол уақта дел-сал қалпы өнебойы салдырап, әбден әлі қашты. «Шамам жетпедi-ау, ендiгiсiнде қапы қалмайыншы» деп ойлады.
Есiне шешесi түстi. Үйден ақ халатын ала шығыпты. Бастапқыда осында бiрге кiрген. Сосын Элмираның өзi:
— Мама, сен бара тұршы. Мен бiр түрлi өзiмдi ыңғайсыз сезiнемін. Үйге қайта бер, — деген. Бұл уәждi дәрiгер де қуаттап, шешесi ерiксiз шеттедi. «Байқұс, босағаны күзетiп әлi тұрған шығар? Осы уақытқа дейiн Мұқатай да келген болар? Әуреленбей қуанышты хабарды үйде отырып күтсе жарар едi...»
Тағы да басталды. Белi айналып, үзілуге шақ. Жүрегi қысылып, алқымына кептелдi. Ышқына келiп, бар күшiн сала булығады. Жиi-жиi тереңiнен дем алғаннан ба, тынысы тарылып барады. Ауа жетпеген сайын әлсiрегендей сезiндi. Әрi ышқына-ышқына тамағы жыртылды, таңдайы кептi. Сонда да ендi тағы бiр рет қалған күшiн сарқа жинап, әрекетке көштi. Мейiрбике де бүйiрiнен ұстап, сәл басып, сығымдады. Оның алақаны жанына сондай жайлы тидi. Он екi мүшесi қорғасындай балқып, ерiп бара жатқандай қалыпқа ендi. Бiрақ, дәтке қуат етерлiк дәнеме өнбедi. Аласұрған келiншек тағы да бiреу әдейiлеп жұлма-жұлмасын шығарып тастағандай, шаршаңқы қалпы қимылсыз сұлқ жатты. Есiне күйеуiнiң әңгiмесi оралды.
— Ұл туасың ғой? — Баладай аңғал қалпы, көмейiне келген сауалын бүркей алмады.
— Бұйыртқаны болар.
— Иә... — Сөзiнiң соңын жұтып, үнсiз қалды. Сосын қайта жалғады. — Сонда да ұлдың орыны бөлек сияқты, аяулым. Бiрақ, сен ештемеден қорықпа.
— Неден қорқамын?
— Толғақтан.
— Оның несiнен тайынайын, бүкiл әйел баласының маңдайына жазылған жайт.
— Қайдан бiлейiн, күн өткен сайын дегбiрiм қашып барады.
— Ақымағым менiң, маған дем берудiң орынына күн жаумай су болғаның не?
— Алаңдағаным ғой. — Бауырына тартып, күректей алақанымен әйелiнiң құрсағынан сипады.
— Мен саған қазiр ұнамайтын шығармын?
— Неге?
— Сыра құйылған шербек сияқтымын.
Күйеуi қарқылдап күлдi.
— Қай-қайдағыны айтасың. Маған сенiң барлық кездегi қалпың ұнайды, өйткенi жаныммен сүйемiн.
— Мамам сияқты егiз бөпе босансам қайтесiң?
— Шәпкiмдi аспанға атып қуанамын.
— Қиын ғой.
— Тәңір берсе еш қиындығы жоқ.
— Менiң тезiрек ана болғым келедi.
— Боласың құдай бұйыртса.
— Бала емiзген әйелдi ұнатамын.
— Несiн?
— Жұпары сарайыңды жарады. Сүт пен сәби исi қосылып, бақыт шарапатына басыңды айналдырады.
— Әлi талай мас боларсың.
Күйеуiнiң осы сөзiне дәл қазiр күлкiсi келдi. Болмашы жымиды да. Себебi, бүкiл алпыс екi тамыры шымырлап, буыннан айырылып масаң күй кешiп жатыр. Сәбидей шалықтап жатыр.
Амалы таусылған доғыдыр сыртқа беттедi. Табалдырықтан аттағаны сол едi, таңертеңнен берi өзiне таныс ақ халатты әйел адам қарсы жолықты.
— Жағдайы қалай қызымның, дәрiгер? — Үздiге тiл қатты.
— Қазiр ештеме айта алмаймын.
— Неге?
— Өзiңiз де медиксіз, түсiнетiн шығарсыз. Уақыт өткен сайын әлсiреп барады... Бiр ұйғарымға келе алмай тұрмын. Оның үстiне тұңғыш рет мұндай кепке түскенi, тұмсаның аты тұмса.
— Ендi бiрдеме жасаңызшы...
Дәрiгер үндемедi. Бет алған бағытымен жүре бердi.
— Менiң кiруiме бола ма?
— Кiрiңiз, бiрақ тез шығуға тырысыңыз. — Соңына мойын да бұрмады, бiр нәрсенiң июiн келтiре алмай қапа болып қиналғаны оның сыртқы сиқынан-ақ аңғарылды.
Ана жүрегi атқалақтап, табалдырықтан жүрексiне аттады. Ең бiрiншi көзiне шалынғаны сүлкиген медбике болды. Содан кейiн барып назарына қызы iлiктi. Қимылсыз сұлқ. Асыға басып жанына таянды. Өңi әппақ қудай бозарыпты, әбден әлi құрыған. Мұның келгенiн аңғарды ма, сояудай кiрпiгiн әзер көтердi.
— Мама...
— Күнiмай, қиналдың-ау. — Дауысына дiрiл араласты. — Әбiржiме, ендi сәл ғана шыдасаң, қол-аяғыңды бауырыңа аласың.
— Иә, мен дәл солай жасаймын.
— Ой, кiшкентай ғана қуатым менiң. — Еңкейiп барып маңдайынан өптi.
— Сен жылап тұрсың ба, мама?
— Жо-жоқ, несiне жылайын?
— Жылама, бүкiл әйел баласы осындай тантал азабына ұшырайды. Барлығы ана деген қасиеттi атқа жетiп, ұрпақ қалдыру үшiн.
— Ой, менiң құйтақандай қайтпас қайсарым. Не дейiн, аруақ жар болсын!
— Мама, бiрақ мен күйреп қалдым. Мына қолдарым, аяқтарым өзiмдiкi емес сияқты. Қозғалуға шамам жетпейдi.
— Ендi, сүйектен сүйек бөлiнiп шығу оңай дейсiң бе? Ептеп қиналасың, бiрақ шыдау керек.
— Басқа салған соң шыдамай қайда барасың? Төзсең де, төзбесең де — көнесiң. Сен әбден шаршадың, үйге қайт. Түс болып қалған шығар, осы уақытқа дейiн сабылып жүре бергенiң не?
Бұл кезде түс ауып, кеш те таянған-тын. Дәрiгер қасына және бiр адамды ертiп, туыт бөлмесiне ендi. «Сiз шыға тұрыңыз» дегендi ыммен бiлдiрдi. Лажы таусылған Ыдыхан көзiнен жасы тамбай-тамбай дәлiзге беттедi.
Үш-төрт минуттан кейiн-ақ есiк ашылып, дәрiгердiң төбесi көрiндi. Қасындағы адам iште қалды.
— Жағыдайы қалай?
— Түк өнбей тұр.
— Ендi не жасайсыздар?
— Операция.
Ыдыханның төбесiнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей болды.
— Басқадай жолы жоқ па?
— Одан несiне қорықтыңыз? Маман ретінде бар жағыдайды бiлесiз ғой. Ешқандай қатер-қаупi жоқ. Әрi, бұл бiздiң тәжiрибемiздегi ұшырасатын жайттың бiрiншiсi немесе соңғысы емес.
— Өз қолыңды өзiң кесе алмайтының сияқты, бауыр етiң балаң пышаққа түскенi қиын.
— Қорықпаңыз, қорықпаңыз. — Жүгiре басып дәрiгер ұзын дәлiзбен ұзай бердi.
Әл-дәрменi құрып, орындыққа сылқ етiп отыра кеттi. Басы айналып, көзi қарауытты. Онысыз да әлжуаз жүрегi атқалақтай жөнелдi. Бiр кезде өзiнiң кешкен азабын Элмирасы басынан өткермек. «Иә, сәт, оңтайына келтiре көр, тәңiрiм! Апасы мен әкесiнiң аруағы жар болсын, қарағыма».
— Мама, неғып отырсың, не болды?
Селк етiп еңсесiн көтерiп алды. Мына үн Элмирасының дауысынан аумайды. Қызы зәумен бiр дәлiзге шыға келгендей. Сөйтсе, Нұрмирасы келе жатыр екен, қасында Гүлжан. Бастарында медициналық қалпақ, үстiлерiнде әппақ халат.
— Түрiң не болып кеткен, мама? Сен ауырып қалған жоқсың ба?
— Жоқ, күндерiм.
Екеуi екi жағына келiп жайғасты.
— Өңiң қашып кетiптi ғой.
— Элмираның халi нашар.
— Әлi босанған жоқ па?
— Жоқ.
— Бiз ендеше кiшкентай жиенiмiздi көремiз бе деп келсек.
— Үйге телефон шалып ек, ешкiм алмады. Бiрақ, сiздi мұнда деп ойлаған жоқпыз, мама. — Сөзге Гүлжан араласты.
— Қазiр операция жасайды.
— Шын ба? — Екеуi де үрейленді.
— Басқа қайлалары таусылды.
— Қайда жатыр, кiрiп шығайын, — дедi Нұрмира.
— Онда дәрiгерлер бар, қазiр кiргiзбейдi.
Осы кезде доғыдыр қайтып оралды. Қасында екi әйел, доңғалақты зембiл сүйретiп алған.
— Сiз үйге барсаңызшы, шаршадыңыз. Әуелi, менiң байқауымша әлi нәр сызған жоқсыз. — Қарсы келе жатқан бетi дәрiгер осыны айтты да туыт бөлмесiне тоқталмастан енiп кеттi.
— Шынында да, мама, үйге қайт. Әбден шалдықтың, ендi Элмираның қасында бiз боламыз.
— Жоқ, кiшкене отыра тұрайын.
— Мама, алаңдама, үйге бар. Төменде Мұқатай тұр, сенi үйге алып барсын.
Ізінше есiк шалқасынан ашылды да, сүйретпеге жатқызып Элмираны алып шықты. Оның жамылғыдан бетi ғана әппақ боп көрiнiп, сұлқ жатты. Ауыздары мен мұрындарын қымтап маска тағып алған адамдар көпе-көрнеу сыңарын көз алдыларында алыстатып, ұзатып әкетiп барады.
Гүлжан мен Нұрмира дәлiзбен лифтiге дейiн бiрге iлесе қапталдасты да, олар мiнiп кеткенде сол жерден керi оралды. Қайтып шешелерiнiң қасына келiп, әбден титықтаған Ыдыханды қолтықтаған қалпы сыртқа бет алды.
Операция аяқталды. Элмираны жан сақтау палатасына әкелiсiмен Гүлжан мен Нұрмира алып-ұшып жеткен. Өне-бойын жинай алмаған былқ-сылқ еткен қалпы, ақырындап сыбырлап қана сөйлейді. Екеуi оның кезек-кезек бетiнен сүйдi.
— Жағыдайың қалай?
— Қалжырадым, шөлдеп барамын, — дедi Элмира сылбыр. — Бүкiл тұла бойым ауырып тұр.
— Шыда, қазiр басылады.
— Мамам қайда?
— Ш-шш, сөйлеме, одан сайын шаршайсың, — дедi мейiрбике.
Бұлар да дәл қазiр оған тыныштық керек екенiн түсiндi.
— Сен алаңдама, бiз осындамыз. — Екеуi бұрыла беріп қолдарын сәл көтерiп, бұған саусақтарының ұшын жыбырлатты.
Дереу дәрiгердi iздедi. Оны ординатор бөлмесiнен тапты. Киiнiп, үйiне қайтуға бет алыпты, ендi сәл болғанда кездеспей қалулары ықтимал екен.
— Сәлеметсiз бе?
— Сәлеметсiздер! — Дәрiгер аңтарыла қарады.
— Бiз Қаңлыбаева жайлы бiлейiк деп едiк.
— Сiз, кiмi боласыз, сiңiлiсiсiз бе? — Назарын Нұрмираға тоқтатты.
— Жоқ, сыңарымын.
— Бәсе, бәсе... Бiр-бiрлерiңiзден аумайды екенсiздер. Үй-iштерiңiзбен медиксіздер ғой деймiн?
— Иә.
— Олай болса жағыдай былай: операция сәттi аяқталды ғой деп ойлаймын. Тым кеш қимылдаппыз, сәбидi құтқара алмадық. Су ағып кетiп, бала iште тұншығып өлген. Анасының дер кезiнде босанбай сонша қиналғаны, нәрестенiң мойынына кiндiгi оралып қалыпты. Ұл, төрт килограмға жуық. Амал қанша, өкiнiштi-ақ. Бiрақ, әлi жас қой, болашағы алдында.
Дәрiгер қозғалуға ыңғай танытты. Сiлесi қата болдырғаны кiртиген көзiнен ап-айқын бiлiнедi.
— Рахмет, сiзге! Сау болыңыз!
— Есендікте тұрайық. — Ординатор бөлмесiнен шықты да, дәлiзбен адымдай басып ұзай берді.
Бұлар төмен түсiп, Мұқатай мен Қаңтарбайды iздедi. Айран-асыр күй кешкен Мұқатайға бар жайды айтып, көңiлiн бiрлемек. Сосын Нұрмира екi жiгiттi қосып, Гүлжанды мамасының қасына үйге жiбергiсi келдi.
Дәл өзiнiң көкейiне түйгенiндей шаруаны жайғап, реанимацияға оралғанында Элмира танауы сәл қусырыла, ұйықтап жатыр екен. Әбден сiлiкпесi шыққаны, ауырлықтың жанына батқаны суалған жағы мен тiлiнiп-тiлiнiп жарылған ерiнiнен бiрден көзге ұрды.
Осыны бақылады да ауаны тарылтпайын деп, дәлiзге беттеді. Оның үстiне әр қимылын қалт жiбермей жанында мейiрбике отыр. Төменге барып, телефонмен барлық жайды Гүлмираға айтуды ұйғарды. Әрі шешесінің халін білмек.
Жарты сағаттай осы шаруалармен айналып, қайырыла үшiншi қабатқа көтерiлгенiнде абыр-сабырдың үстiнен түстi.
— Не боп қалды? — деп сұрады үрейлене, ұсқыны қашқан мейiрбикеден.
— Қан жүрiп жатыр!
Оқша атылып Элмираның қасына барды. Әлгiндегi ұйықтаған қалпында, көзi жұмулы. Көрпесiн ептеп ашып едi, ақ жайма шылқыған қызыл күрең қан.
— Кезекшi дәрiгердi шақырдың ба?!
— Қазiр келедi! Айтылды!
Нұрмираның сасқалақтағаннан қол-аяғы дiрiлдеп, өзiн-өзi бақылауды жоғалтты. Осы кезде оны бөлiмнiң кезекшi мейiрбикесi қолтықтап, жан сақтау палатасынан алып шығып кеттi.
Дәрiгерлердiң бәрi жабылып, дамылсыз жүрген қызылды тоқтатуға дәрменсіздік танытты. Элмира қайта есiн жинай алмай әу бастағы қалпы сол үнсіз халде, мәңгiлiк ұйқы құшағына бiр жола берiлген едi.
35-ТАРАУ
Сауық-сайран түннiң бiр уағында басталды. Бәрi алас ұрып, екi иығын жұлып жеп, ұрынарға қара таппай жүр. Бағанағы уколдың хайуандар қызығатын ләззатты шағы да осы, шамасы. Әлгiндегi кемеңгерлері құшып отырған «арулар» жендеттердiң ортасына түсiптi. Бассалдар өздерi де жын ойнақтың белуарында. Ақсүйектiгi, тектi-тексiздiгi ұмытылғандай. Қалың текенiң арасында қалған шiбiштей, төменетектiлер кiм артылса соның ырқына көнiп, әлгiлердiң аяқ лауына айналды. Мамырдағы мауыққан мысықтардай түрлi-түрлi дыбыстар шығарып, былапытқа батуда. Бiрiнен бiрi именбейдi, дәл қазiр еркегi де, әйелi де тыр жалаңаш. Бiрi нәпсiнiң қызуынан тоят ап жатса, қалғандары тамашалап, аңтарыла қарайды. Төрт әйелдi қаумалаған «нояндардың» кейбiр қылықтарына даурығыса күледi. Аса бiр қызу қандылары текелiк жасағанның сәл әлжуаздығын байқаса, атылып барып әлгiнi әйелдiң үстiнен аударып тастайды. Сосын өзi рахаттана шаруасын тындырады. Бұған әңгi әумесер ренжiмейдi. Таң ұзақ, қанша қимылдар дерсiң, бiр уақта қалжырап жығылады. Сол кезде қарымын қайтарады. Әйтеуiр, есебi түгел.
Осындай жын ойнақ басталғанда жаны қысылғаннан бiреу шыңғырып, бiреу жыламаса кәнiгi қулар дұрыс қызыққа елітiп, құшыры қанбайды. Мынандай ит қорлыққа шыдамай, шыңғырғанда — жетi насырыңды жерге кiргiзетiн жаңа адамдарды iздейтiнi сондықтан.
Күнделiктi ескi тiрлiктiң бетiн бiр қайырып тастап, қарыны шермисе де Гүлжанға аңсарлары ауа бердi. Ол да бастапқыдағыдай сынық емес, уколдың құдiретiмен жарқын-жарқын күлiп, анайы топтың арасында сауық құрған. Қапелiмде дүлейлердің бiрi жолбарысша атырылып, бас салды. Жаңағының бәрiн көрiп, албыраған дене аймалағанына тез илікті. Бiрақ, шермиген қарын қолайсыздыққа ұрындырды. Оның да ретiн тауып, қиюын келтiрдi. «Жаңа бұйым» көз тартты ма, келесiсi өңмеңдеп жеттi.
— Сауабын алыңдар!
Танауы делиген бассал бағанадан бергi думанды олқысынды ма, әлде әйелдiң қинала шыңғыруының өзiнен жанына сая табатын қанқұйлылығы қозды ма, пәрмендi әмiр бердi. Бұдан соң алғашында арланнан тартынған ағайындары буаз келiншектi жең сыбана жәукемдедi. Бiрi — өрiлген ұзын бұрымын мойнына орап тұқыртты да, келесiлерi кезекпе-кезек кергiлей жөнелді. Басында жеңiл, құйын сезiмнiң жетегiмен жетесiздiкке жол берген бейшара, бара-бара бәденiндегi пiнәсi тынымсыз қозғалып, iшi түйiлiп, құлындағы дауысы құраққа жеттi.
«Оның осы сықпытын көрсетiп үрейiн ұшырайын, айтқанымнан шықпай жүрсiн» деген пиғылмен Дайрабай Гүлмираны дедектете әкеп босағадан бiр сәт қаратып қойып едi. Жан түршіктірер сұмдықты көруге жүзi шыдамай тайсақтаса да, күшпен мойын бұрғызған. Бала кезден бірге асыр сап өскен құрбысының мына жайы тамағына өксiк, жанарына жас тықты. Iштей мүжiлiп, ебiл-дебiлi шыға солқылдады.
Мұның татасы аздай келесі бөлмеде уһiлеп Iлияс жатыр. Оның қасына барып, хал сұраған жан пенде жоқ. Аяғы сынды ма, әйтпесе дәл осынша азаптанбас едi. Ана жақта пұшайман күйде Нұрмира отыр. Хабарласып, бiр белгi беруге мұрша қайда? Мына бәлелер назардан тыс ешқайда аяқ бастырмайды. Айна да Мәскеуден шыр-пыр қағып, қайта-қайта телефон шалып әуреге түскен шығар. Ол, әлi бұлардың үйге келмегенiн естiсе не болмақ?..
— Қалай, әсерлi ме?
Төбеге тiреу, ұстын боларлықтай екi иiнi селк-селк күлдi. Оның сауалына уәж қайтаруға шама қайда, басын төмен салды. Еркiне бағынбай жанарынан жас тамып, булыға жылады.
— Жүр онда көрiп болсаң. — Иығына қолын артты. — Есiңе салайын, титтей қарсылық танытсаң — тура бар ғой, құрбыңның кебiн киесiң. Ұқтың ба?! — Жетi атасынан берi кегi кеткендей дiгiрледi.
Жауап орынына лажсыз әйел басын изедi.
Iлияс қамалған бөлменiң қасынан өтiп бара жатып, тағы да аянышты үнiн құлағы шалды. Iшi уылжып, мiскiн күйдегi оған жүрегi ауырды. «Ең құрымаса келгелi таңдайын жiбiтерлiк өлi су да бермедi-ау. Не деген қаныпезерлер едi» деп, одан бетер ағыл-тегiл егілдi. Күтпеген тұста бойына батылдық қайдан бiткенiн кiм бiлсiн, ездiк пен әйелдiк әлжуаздықты ысырып тастап, аяқ астынан кiлт тоқтады.
— Менiмен бірге келген жiгiттi қинап өлтiрмекшiсiңдер ме?!
Дауысы нық, жүзiнен ызбар шаша айқайлады.
— Қымбаттым, оны емес, қарақан басыңның амандығын ойласаңшы. — Келiншек ашуланса, ол тым жайдарылық танытты. — Кезi келгенде барлық жағыдай жасалады. Сен — қарама-қарсы арыз жазасың, Әбдiрахман — құтылады, содан кейiн... — Бiр езулеп таңдайын тiлiмен қақты да, сөзiнiң соңын жұтып қойды.
— Ашшы есiгiн, тым болмағанда су ұрттасын.
Дайрабай өңкиген үйелменiмен бұрылып, бақжия қарап тұрды.
— Еметайың езiлiп, өлiп бара жатсаң, мә! — Қалтасынан кiлтiн суырып, құлыпты сылдырлата бұрады. — Егер, қойнына түнесең ғана бет-жүзiн көрсетемiн, әйтпесе, әшейiн әурелесең — қызықсыз, — дедi келемеждеп.
36-ТАРАУ
Қатыгез тағдырдың аямай қасiреттi малағамға ұшыратқанын бiлгенде, дiмкәс жүрек шыдамай Ыдыхан есiнен танып қалды. Кеудесi қысылып, алқынады. Болмашы ақылына аялдаса: «Элмирам-ай! Элмирам-ай! Өмiрден ештеме көрмей кете салғаның қалай?!» деп, жоқтауға басады. Тамағы әбден қарлыққан, үнi де шықпайды. Көзi бұлаудай iсiп, бет-аузы быржия домбыққан.
Екi қызының да халi шешесiне жете қабыл. Бұдан бұрынырақ сордың сырғауылы төбесiне құлаған Гүлмираның бақырайып көзi ғана қалыпты. Екi ұрты суалып, жағы iшiне кiрген. Бүйiрiн таянып, еңкiлдеп кеп жылайды. Басына орамал тартып, белiн шарт буыныпты.
Ең алғаш соққыны қабылдаған Нұрмира бiр-екi рет талып барып, дәрiгерлердiң жәрдемiмен қайта есіне оралған. Жылай-жылай көзi қанталап, бетi қабына албыраған. Тұруға дәрменi шамалы, орынында отырған қалпы егiле екi көзiнен жасын шыра етедi. Көкiрек несiбесiн таласа емiп, бiр қағанақты жарып шыққан құлын-тайдай тебiскен сыңары — өзегiн өртеп, қолқа-жүрегiн қоса суырып әкетiп барады.
Бәрiнiң ортасында шыжбақ боп Гүлжан жүгiрiп жүр. Еңiрегенде жасы етегiне толады. Бiресе барып Ыдыхан шешелерiнiң басын сүйейдi, бiресе Ленинградтан келген Зибаш әжейдiң алдында бәйекке түседi. Батпан қасiрет қабырғасын қайыстырса да өзiнiң бекем болуын көкейiне мықтап түйген. Әйтпесе, мына бейбақтардың дәл қазiргi күйiнде ес тоқтатулары қиындау. Азамат деген Мұқатайдың өзi қайғыны көтере алмай, күйреген. Екi иығы салбырап, басын төмен салған қалпы жарын жоқтап ағыл-тегiл. Қайта, мына әлем шайқалып кеткен уақытта Қаңтарбай оған көп септік танытты.
Жағыдайды естiген Жанаттың күйi мүлде өзгеше едi. Төсекте таңылған қалпы, қимылдауға дәрменi жоқ булыға жылайды. Көзiнен аққан жастан жастығы су болды. Өзiнiң жайына бiр өкiнсе, қам көңiл бейшара, Элмираның сорлылығына торыға солқылдайды. Онысыз да тамағынан өтпейтiн ас, үш күннен берi мүлде тоқтады. Гүлмира қазаға кеткеннен бергi қасындағы қарындасы шыр-пыры шығып, дәмiл-дәмiл жанына келедi. Бiрақ, ағасын еш сабырға шақыра алмады. Дәрiгерлердiң «онша көп уайымға салынуына, шамдануына жол бермеңдер» деп айтқан кеңесi қаперiне оралған сайын, тұла бойы қалтырайды.
Жұрт Элмираны ең соңғы сапарына шығарып салып, жерлеп қайтты. Қызынан ендi шындап айырылғанын томпайып үйiлген жас топырақты көргенде барып ұғынды ма, Ыдыхан тiл айтып жеткiзгiсiз күй кештi. Талып кетiп есiне жылдамырақ келушi едi, бұл жолы онысынан да айырылды.
Қайта қызметтес адамдар Ыдыханның денсаулығын бiлгендiктен, қасына дәрiгерлердi алмастырып, күндiз-түнi кезекшiлiкке қойған. Солары дұрыс болды, қаралы мүскіннің жағыдайы әбден тығырыққа тiрелгенде ауруханаға алды да жөнелдi. Содан Элмираның жетiсiне қарай шықты.
Жүрекке түскен батпан салмақ сүлелендiрiп, кiлмиттi де қойды. Жанарынан жас ағып, бода-бода жылайды. Қайта, шешесi Зибаш өзiнен әлдеқайда мықты екен.
— Әй, Ыдыхан! Бәрi алланың iсi, белiңдi бекем бу ендi. Менiң де көкiрегiм қақырап, сенен кем қайғырып отырған жоқпын. Элмирамыздың орыны толмайды, — «у-уһ» деп, өзi де тереңiнен бiр күрсiндi, — бiрақ, ендiгi қалған мына екi қарғаңның тiлеуiн тiле. Бұлар саған қарап уайым жеп, көңiлдерi жарым бейшаралар одан сайын жүнжiп кетедi. Бiлем, өзегiңдi жарып шыққан қу бала, қатты опындырады. Әйткенмен, жазмыштан озмыш жоқ, құдайға қарсы келе алмайсың. Болды, тиыл! Басыңды көтер!
Осыны айтты да қария тысқа беттедi. Сәл аялдаса, мығымдық танытып тұрған қаршадай кемпiрдiң өзi егiл-тегiл жылап жiберердей. Сонысын аңғартпау үшiн сыртқа жүнiн қампайтып, қасқайып кетiп бара жатқан сыңайы.
Осы сөзден кейiн Ыдыхан расында да бiраз әл жинап, тағдырдың салғанына бейiлдiк танытқандай рай бiлдiрдi. Әйткенмен, қызын еске түсiретiн үйдегi әрбiр нәрсе көзiне шалынған сайын бәрiбiр, сабырынан айырылады. Iшi у iшкендей ашып, қасiреттен екi бүктетiлiп қалады. Әсiресе, адасқан қаздай соқа басы сопиып жалғыз жүрген Мұқатайды көргенде, көз жасын тежеуге еркi жетпейдi. Ол да ендiгi бұл үйге келуiнiң өзi еш мақсатсыз екенiн бiлсе де, әйелiнiң қырқына дейiн осында тұруға бекiндi. Әрi, «кетiп қалуым — шерменде шешемiзге ауыр соққы болар» деген қауiптiң қақпасынан шыға алмады. Бiрақ, өзiнiң сұрықсыз сиқын көру де, ол кiсiге оңай тимесін топшылады.
Қаңтарбай Элмираның жетiсiн бергеннен кейiн елiне қайтты. «Қырқына дейiн боламын» деп, үйде Зибаш қария қалды. Қабындаған қайғының таудай қанарын арқалаған Нұрмира жарым жан шешесiнiң жанынан бiр елi ұзамады. Бүкiл шаруашылықты ешкiм айтпаса да Гүлжан мойынына алды. Әншейiнде iстемегенiн iстеп, осы үйдiң отымен кiрiп, күлiмен шықты.
Әйтеуiр, еңсенi басқан азапты күнге бәрiнiң төтеп берулерi керек.
— Ой, қу жаным-ай, — деп күрсiндi Ыдыхан. — Қайран қарғам, қара жердiң астында қалай қорықпай жатыр екен? — Көз аясына ыстық жас лықсып кеп, шүпiлдей үйiрiлдi. Көп бөгелмей тырс етiп дiзесiне тамды.
— Мама, тағдыр ғой тағдыр. Бiр уақ өз денсаулығыңды ойлашы. — Нұрмира бәйек боп, шыр-пыр қаға тiл қатты. — Саған дәрiгерлер бұлай қатты таусылуға үзiлдi-кесiлдi тиым салған.
— Қу құдайға не жазып едiм? — иегi кемсеңдеп, жылаңқы үнi дiрiлдеді, — тiптi, бiр жылдың iшiнде осынша шыр айналдыратын? Қатарынан қатар үшеуiн жұтып, бiреуiн татаға тас бекiтiп салды да қойды. — Еңкiлдей дауысын созды. — Қалай жыламайын, ботам? Iшiм өртенiп барады, өрте-е-нi-iп. — Үдете түстi.
— Әй, Ыдыхан! — Шынтақтай кемпiрдiң дауысы саңқ еттi. — Жарымжан болып қаласың, онысыз да сенiң жүрегiң осал. Таусыл-таусылма, қолдан келер қайран жоқ, доғар ендi!
Осы пәрмен кәрлене естiлдi ме, запыран жұтқан көкiрек шерлi үнiн құмыға iшiне тартты. Әйткенмен, шарасына мөлт-мөлт етiп iркiлген жас жуық арада сарқыла қоймады. Өзегiне байланған қамырық iшi-бауырын езiп, уылжытып барады. Басы айналды. Мына жалған бiрте-бiрте қарауытып, тұтыла тұмшаланды.
Ертеңiнде Ыдыхан төсегiнен тұра алмады. Өңi күн жеп оңған шүберектей қуарып, арса-арса адам үрейленерлiк қалыпқа ендi. Дәмiл-дәмiл қан қысымы төмендеп, бозарып-сазарып талмаусырай бердi.
Дертiнiң ақыры үрей үйiрген соң, доғыдырлар дәруханаға әкеттi. Әбден уайым жеп, жанын қажағандықтан ба бетi берi қарамады. Жастықтан басын көтермей, төсекте ұзыннан түсiп жатады да қояды. Тiлден де қалғандай, сөйлеспейдi. Бiреу келдi ғой, кеттi ғой деген ой санасында жоқ сияқты. Әбден саркебiр тартқан жүйке, қайғы-қасiрет батпанынан болдырған. Сәт сайын халi сәл бола бердi. Ақыры дәм-тұзы таусылып тұр екен, Элмираның қырқына екi күн қалғанда бақилыққа бет түзедi. Сөйтiп, қызының қырқына құран бағышталғанда, шешесiнiң жаназасы шығарылды.
Даңғарадай екi қабатты оңаша салынған жер үйде, төбелерi шошайып үш-ақ адам қалды. Жетпiстен асқан Зибаш пен екi қыз — Гүлжан, Нұрмира. Үшеуi үш бөлмеге қамалып алады да уайым сауып, iлдебайлап күн өткередi. Әсiресе, соңғы соққы қарияға қатты тидi. Көзi шүңiрейiп iшiне кiрiп, жасыңқы қарашық сонау шүңеттен сығыраяды. Жүрегi де, жүрiсi де мығым сияқты едi, қалтаң-қалтаң етедi. Қайта, осынша тағдырдың зауалына төтеп берiп, қара нардай қабырғалылық танытып жүрген — сүйегi асыл.
Үшеуi бiр-бiрiмен өкпелескендей сөйлеспейдi. Айтатындай да дәнемелерi жоқ. Тек ара-тұра сараң қалыпта сұхбаттасады.
— Мен қайтайын, — дедi қария. — Ыдыхан күнiмнiң де жетiсiн өткердiк. Мында жүре бергенде не бiтiрейiн, уайымға салынып, сендердiң онысыз да жүдеген көңiлдерiңдi жетiмсiреткеннен басқа.
Ешкiм үндемедi. Екi қыз «әлi бола тұрыңыз» деген де, «мақұл» деген де ишара танытпады. Бiр ауыз ақыл айта қоярлықтай қайсысында аужал бар едi? Қария да бұлардан жауап та, кеңес те күтпедi.
— Қарағымның қырқына келемiн ендi, өлiп қалмасам. — Шай iшiп отырған кесесiн шеткерiрек ысырып қойды.
Сұрықсыз күйде дастархан жиналды. Үшеуi үш бөлек бөлмеге iндеп, арпалысқан ой арланын жеңе алмай, ұйқы қашып, жамбастары сарғайып жатты да қойды. Таң атпайды. Түрмеге қамалғандай өз отандары өздерiне тым жат, көрдей суық боп көрiндi.
37-ТАРАУ
Iлияс төсекке шалқасынан түсiптi. Бұлар кiргенде кеудесiн әзер көтердi. Өңi — қан жоқ, сөл жоқ құп-қу. Қарашығының әрi қашып, нұры тайған. Болмашы уақыттың iшiнде жүдеп, азып-тозып шыға кептi. Кiлмиген кейпi тым қораш. Оң аяғы кесiлген дөңбектей қоқиып, икемге көнбейдi. Қимылдаса бiттi — жарасы жанын табаға сап шыжғыра ма, тiстене, езуін тыржитты.
Ләм-мим демей Гүлмира жанына, төменiрек жайғасты. Үйiнен аман-есен алып шығып, Алматыға әкеп арандатқанына күйзелдi. Әрi бос емес, басы — байлауда. Оны бұл зынданнан құтқару қолынан келетiн iс пе? Кiм бiлсiн, у iшкен сiлiмтiктер әлi ит қорлықты көрсетпесе.
Бажайлап, басынан төмен сүзе қарады. Дiзесi көнектей, қуық-балақ шалбарды керiп, жарылуға шақ тұр. Жiбектей саусақтарымен аялай сипады, iсiк жайлап көлкiлдеп алыпты. Бейшараның жаны қыстығып жатқанын айтпай бiлдi. Сонда да көңiлiн ауламақ боп:
— Ауыра ма? — дедi пәс.
Iлияс Гүлмираның күнге оңған шүберектей сықпытын көрiп, іштей тiксiндi. Қудай бопбоз өңінде соққыдан көгерген көзінің асты ғана көгілжім тартады.
Бағанадан берi ызы-қиу дыбыстарды естiп, ол не малағам екенiн бiле алмай сарсылған. Оның үстiне дiзесi жанын суырып солқылдатады. Екi жақтан қысқан қыспақ, төзiмiн де, ақыл-есiн де күл-парша еттi. Iсiк уақыт озған сайын кеулеп, тар балақ бунап барады. Бiрақ, жүйке мен сезiмнiң сынға түсетiн шағында жасықтық танытып, онысыз да бордай үгiлген келiншектi тапалтып жiбергiсi келмедi.
— Жоқ.
— Онда, тұр орныңнан! — Дайрабай қаһарға мiнiп, тепсiне тiл қатты. — Саған жатқызып қойып қызмет жасайтын жағдай жоқ. Суыңды iш, әжетханаңа бар!
— Тиiспешi, мен әкелемiн!
Гүлмира шар ете қалды. Әйткенмен оның сөзiн анау елең етпедi. Жағасынан алып жұлқып тұрғызды. Шықпа жаным, шықпамен отырған жiгiттi оқыс қимыл қаңғалақ қақтырды. Көкесi көзiне көрiндi ме, ышқына айқайлады. Айқай естiсе делебесi қозатын дүрегейлер дүрлiктi бiлем, бірдемде үш-төртеуi «жау қайдалап» жетті. Көздерi ойнақшып, келбеттерiнен ешқандай ой, адамилық аңғарылмайды. У жеген иттей қиралаң-қиралаң етедi. Денелерi қандай лыпасыз болса, өздерi сондай опасыз. Тiмiскiленiп, жанарларымен тiнткiлеп Iлияс пен Гүлмираны iшiп-жеп барады. Дайрабайдың тарапынан «әйт» деген айтақ шықса, қазiр-ақ жәукемдемек. Әйткенмен, ондай «жақсы нышан» бiлiнбедi. Дайрабай да жынды емес, ертеңгi арызды жаздырып алғанша бұл екеуiн, әсiресе, Гүлмираны тұмсықтыға шоқыттырмауы тиiс.
Гүлмира Iлиясты құшақтай алды. Қолтығынан демеп, сүйемелдеп қайта отырғызды. Сүмеңдеп жеткен алжыған қасқырдай ана бәлелердi көргенде, «тағы да бiр қитұрқыны ойлап табатын шығар» деп, досын қорғаштай:
— Тимеңдершi оған, тимеңдершi! Не жасасаңдар да маған жасаңдар! — деп, бәйек қақты.
— Бiр тал шашына да тиiспеуiмiздi қаласаң, қойнына жат! — Қабағын тас түйген гүжбан Дайрабай күндей күркіреді. — Ерлi-байлылар сияқты...
Мына қатал да арсыз үкiм жүзiн шымырлатты. Қалай бұлтарып жол табарын бiлмей абдырады.
— Бiздiң көзiмiзше шешiнесiң, сосын көрпеге кiресiң.
Келiншектiң ықтияр, ықтияр еместiгiнде шаруасы жоқ, лыпасыздарға «төсек салыңдар» деп әмiр бердi. Олар Iлиясты бақырта-шақырта жұлып ап, қос төсектiң бетiндегi жапқыны ысырып тастады. Көрпенi айқара ашып, «мәртебелі меймандарын» қайта көтерiп жатқызды. Шаруаны жайғап, барлығы Гүлмираға көздерiн сата қарады. Ол жөпелдемеде қозғала қоймады.
— Бол! — Қасқа маңдайы тершiп, Дайрабай ашулы ақырды. — Әйтпесе, жаңағы Гүлжан сияқты мыналардың ортасына додаға түсесiң.
«Ендi бөгелсем жағыдайды ушықтырып алармын» деп, көйлегiнiң түймелерiн ағыта бастады. Сүйрiк саусақтары дiрiлдеп, жүзi жанып барады.
Сезiмдi арбап сыртқа тепкен қос анарды ешбiр көлегейсiз көретiндерiне әумесерлер мәре-сәре. Жұп-жұмыр ақ тамақтың өзi көңiлдi қытықтап, көкейлерiн тестi.
Ұяттан ар күштi. Бiрақ, досы ретінде қасына ерiп шыққан, өздерiне қамқор боп жүрген, бiреудiң — жары, бiреудiң — әкесi, бiреудiң — баласы Iлияс үшiн нар тәуекелге бел буды. Шыбын жаны мен қарақан басына бола бүйтпес едi. Ұяттан өртенсе де көйлегiн етегiнен жоғары қарай түрiп, басынан сыпырып алды. Қыпша белi қиылып, бәденi бөксерiлiп, арасынан қыл өтпес бiрiне-бiрi жабыса қалған мүсiндей сандары мұрын шүйiртiп, сиқырлығымен нәпсiнiң сiлесiн қатырады. Кеудесiндегi тартпасы мен екi елi ғана iш киiмi абыройына қамсау.
Мұңлықтың көзі мұнартып, дәл алдындағыны көруден қалды. Аяқ асты су соқырға айналды. Құлағы да дәнеңенi естiмей, шыңылдай жөнелдi. Астыңғы ерiнiн қымқыра тiстелеп, үнсiз егiлдi. Нәркес жанарынан мүбәрәк жас тамшылары нәуетек кiрпiгiн қуалай алма бетiне сырғыды. Алау боп орынын күйдiре аққан күмiс моншақтар мәрмәрдан соққандай жұп-жұмыр, тып-тығыз омырауына құлады.
Қас шебердiң шапқан мүсініндей қылпын көрiп, Дайрабай сәл-пәл тамсанып тұрып қалғанын ендi бағамдады. Сонда ғана құзыры күштi әмiршi екенi жадына түскендей селк етiп есiн жиып, торғайды арбаған әбжыландай ызбарланып шыға келдi.
— Ұйықтап кеттiң бе, шешiн!
Өзiнiң де сәулiм сұлулықтың сәулесiне шомылып, аз-кем маужырағанын бiлдiртiп алды.
Албастының аңсызда ойлап тапқан тәсiлi Iлиясты да айран-асырға салған. Жанына салмақ түскенде тәнiнiң ауырғанын ұмытып, панасыз тотыға ара ағайынға жүрген. Әттең, жалбарынғаны да, айқайы да ақымақтың «ақылына» аужал бола алмады. Ақи неме айтқанынан қайтпады. Ендi, құдай атқанда қарындасындай боп кеткен адамның жалаңаш етiне қолы тимек. Осындайда оңай жерде қару тұрса, жетесiз жексұрындардың жанын жаһанамға жөнелтер едi. Барлығы ындыны құрып, сұлулықтың сұсынан iшiн тарта қалыпты. Мiне, көрмейiн десе — көзi бар. Төңкерiлген кеседей анарын жасырған қусырма да сыпырылып, әдiрам қалды...
Дайрабай iлгерiге бiр адым аттағанын өзi де байқамады. Тiп-тiк, тып-тығыз тайдың тұяғындай қос анары дегбiрiн алды. Дәл ұшына барып кене жабысқандай, оймақтай қара барқын тұсынан болымсыз бедер бiлiнедi. Қыз емшек таудың кiп-кiшкентай сұлу, әлдеқайда әсем көрiнiсi iспеттi...
Демi үздiгiп, өкпесi делдiрлей әзер тыныстайды. Шыдам шынысы сынуға шақ. «Әттең-ай, осыны бекер жасадым-ау. Бiреудi азаптаймын деп, өзiмнiң қиналатынымды пайымдамағаным-ай».
Ілгеріндікейінді жетелеген алашапқын оймен алысып, айтқанын тезiрек орындатып кетуге асықты. Болмашы бөгелсе сыр берiп қоятындай. Талап еткенiн жарым-жартылай iстетсе — ол да бос белбеу болбырлығын бiлдiредi.
Тәжiкелесу ұзаққа созылған сайын әтүйiрi қашты.
— Қылымсымай, қойылған шартты орында да, кiр қойнына! — Шүленсiп, шаптыға сөйледi. — Әйтпесе екеуiңдi де тыр жалаңаш итке талатамын. — Бастапқыдай емес өңi бұзылып, топаны толып, айдыны асып барады.
Дегдардың денесi дiрiлдеп, сөкеттеу сөдегей қимылына көкiрегi қыжылдады. Таңдайы қан татып кеткен тәрiздендi. Мақаупестерге өшпендiлiк оты өршiдi. Бiрақ, дәл қазiр ерегесiп марқадам таба алмайсың. Досыңның басын аман сақтап қалу үшiн, арыңа алғау түссе де — кешiрiмдi. Телi мен тентектiң құлқынына құм құйып, күмiс шытыралы күнтимесiн жарқ еткiздi. Бұтының екi ортасында мөлiдей қап-қара құндыздың баласы ұйықтап жатқандай...
Барынша шапшаңдықпен лып етiп, көрпенiң астына сүңгiдi. Жетек соққан жетесiздер «о-о-о!» деп, даурығыса айқайлап, мастана алақандарын шапаттады. Сең-сең бөрiк киген түркiменге ұқсас шашы бар бiреуi:
— Неғып жатырсың, қойныңда теңдессiз сұлу, — деп, Iлиясқа ұрынды. Иығынан жұлқылап, келiншектiң үстiне қарай икемдедi. Ол әрекетке дәнекүс дiзе одан сайын зар қақсап, өзегiнен өрттi дауысын шығарды.
— Арымды да, жанымды да қорламаңдар! Бағанадан берi көрсетпегендерiң жоқ. Ырақайласқан ынсапсыздар, абыройды ақтарғанша — қарынымды ақтарып, өлтiре салғандарың жақсы едi. — Ашуға булығып, сөзiнiң соңы өксiкке ұқсас дiрiлге ұласты. — Бiр мысқал миы жоқ, айуандықтың құлы екенсiңдер.
— Iлияс, қойшы! — Гүлмира құлағының түбiнен булыға сыбырлады. Сосын, бiлеуiттерге керегi осы шығар деп, Iлиясты аймалап, сүйе бастады. Әуелден шилi боп жүрген жан жарасы шимайдай қып-қызыл қанға бөктi. Анайылардың мазақ қып даурығыса күлгенiн, келемеждегенiн де бiлмедi, көрмедi, сезбедi. Бiр уақ шамасында солқылдап жылап жатқанын аңдады. Тұла бойы ысынып, суынып өртенiп барады. Көзi тырсылдап аясына сыймай ағып түсiп қалардай, ашып-жұмдырмайды. Бұлаудай боп iсiнген. Сүйек-сүйегi салдырап, табаны дуылдайды — шаршағанын топшылады. Бәрiнен, бейұят тiрлiк жасағанына жаны күйредi. Iлияс жаққа назар аударуға арланды. Бiрақ, қойынында тыр жалаңаш жатқанын жадына алғанда, алма жүзi алаулап жанды. Оқыс көрпеге оранып ап атып тұрып, киiмдерiн iздей бастады. Әбден киiнiп, мынау үйге сыйя алмай күпсiген Iлиястың жанына таянды. Көзi шырадай жанып, ояу екенiн бiлдiредi.
— Аяғың қалай?
Үнi сынық, тапалған көңiлмен тiл қатты.
— Балағымды жыртшы. — Жауап орынына, өтiнiш бiлдiрдi. — Қанша әуреленсем де шамам жетпедi. — Мүскiн халiне қамықты ма, ауыр күрсiндi.
Гүлмира оның оң балағын тiгiсiнен жоғары қарай дар еткiзiп сөгiп жiбердi. Киiмдi өлген адамның ғана үстiнен жыртып алушы едi, өзiнiң мынасына тәңiрден мың мәрте жалбарына кешiрiм сұрады. «Ешқандай жаманшылық шақырып, ешқандай жаманшылыққа бастамаса екен...»
Бұл кезде жаздың қысқа да ұзақ таңы сiбiрлеп, қылаңытқан.
38-ТАРАУ
Гүлмираның да тек iлiнген сүлдерi. Шешесi мен Элмираның қайғысы еңiрете еңсесiн басса, Жанаттың жайы арқасын аяздай қарып барады. Әншейiндегi сабырлы жiгiт күн өткен сайын беймазданып, жатып ап маңдайына жазылған жайтпен жауығатынды шығарды. Қитығына тиген қияметпен арпалыса-арпалыса тiрi аруаққа айналған. Кеудесiнде құр жаны. Кiндiгiнен төменгi жағы ештеменi сезбейдi. Соған налығандықтан өзiнiң насырын өзi қасып, жындана айқайлап, мына әлемге сыймай кетедi. Жалғыз қалған кезi жоқ, соның өзiнде осындай шыдамсыз бая-шая халге жеттi.
Байқұстың шешесiнiң де есi ауысты. Күн құрғатпай сонау Талғардан осында қатынап, ұлының жанында дәп бiр өзi кiнәлiдей басы салбырап отырғаны. Кейде сорлы ана таусылып:
— Қайтейiн-ай, қайтейiн-ай! Алақанға салып бағып ер жеткiзгенiмде... атпалдай азамат болғаныңда адамға қарап қалғаның-ай, — деп, кеудесiн шер қысып, жанарын қына басады. Сөйтiп, күнде соры қайнап келiп, соры қайнап қайтады. Бүгiн де сол дағдысынан жаңылмай, жаңа ғана босағадан сыртқа аттаған.
— Гүлмира!
Күйеуi ышқына айқай салды. Ас үйде ерiне ауқат әзiрлеп жүрген әйелi «қазiр, қазiр!» деп, тызақ қақты. Үнiнен бұрын төбесi де көрiндi. Жанат ұзыннан түскен қалпынша, сұлқ. Сазарып алыпты. Бiр нәрсенi айтуға ыңғайланып, соны көкiрегiнде қорытып, елекке салатын сыңайлы.
— Не, жаным, бiр жерiң ауырып жатыр ма? — дедi әйелi өңі сынық күйі, ерiнiң аңысын аңдып.
— Сен, бүгiннен бастап боссың! — Шаңыраққа қарап бедірейген қалпы зiлмен айтты. Әйелдiң төбесiнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей болды.
— О не дегенiң?
— Басыңа бостандық бердім.
— Мен тұтқында жүрген жоқпын.
— Азапта жүрсің.
— Қайдағы азап, қайдағы бәлені айтқаның не?
— Сен сонда өмiр бақи мүгедектiң қасында байланып, қор боп өтпекшiсiң бе? — Мойынын әйелiне қарай сәл бұрды. — Жастығымды көтершi, кеудем басылып кеттi. Гүлмира лып етiп арқасынан демеп, екiншi құс жастықты иығының астына тастады. Сосын төсектiң қасында жүрелеп отырған күйi:
— Жаным, Жанат, бүгiн болмаса ертең, ертең болмаса бiр айдан кейiн аяғыңа мiнесiң. Тағдырдың болмашы ауыртпашылығына шыдамағаның ба? Мен ендi сенен тiрiдей айырылғым келмейдi, — дедi жанарына жас iркiп. Көзiнiң сілбісін көрсетпеуге тырысып, күйеуiн құшақтады да бетiн кеудесiне төседi. Дәл құлағының түбiнен Жанаттың атқалақтаған жүрегiнiң дүрсiлi дамылсыз естiлдi.
— Бәрiн бiлемiн, ботам. — Ерiнiң үнi жұмсақтау шықты. — Ендiгi тұста мен сенiң мойыныңа масыл болып, бағыңды байлаймын. Одан басқа түк емес. Әлi онша бауыр баспай тұрып, ажырасып кетсек, кiшкене, оңайырақ соға ма дегенiм ғой. — Бiраз үнсiз жатып қалды. — Сен өзiңдi де, менi де алдама. Сыңған омыртқаның ортасында езiлген жұлын қайта қалпына келмейдi. Бұған нейрохирургияның қайласы жоқ. Бес жыл медициналық институтты бекер оқыды дейсiң бе?.. Бiлiп жатырмын бәрiн... Әлi басың жас...
Осы тұсқа жеткенде Гүлмираның шыдамы таусылып, солқылдап тұрып жылай жөнелдi.
Жанат жұбатпады. Одан әрмен:
— Мен адам емеспiн, дүңбiршекпiн. Кiндiгiме дейiн жаным бар, белiмнен төмен қарай қара тас! — дедi қайта нығайып.
— Маған сонда кет дегенiң бе?
— Иә. Менi өз үйiме апарып таста.
— Сенi қалай тастаймын, жарты жүрегiм сенiң кеудеңде орналасқан.
— Жалған романтиканы айтпашы, бiр мезгiл реалист болу керек.
— Әлi-ақ осы сөзiңе күлерсiң. Жүрiп кетесiң. Бүгiн-ертең Iлияс коляска алып келедi. Одан ары қарай аяғыңа мiнесiң.
— Алдама, алданба да! — Ауыр күрсiндi. — Ертең шешеме айтамын, менi алып кетедi.
— Барғанда қайда барамын, жаным, айтшы? — Кемсеңдеп тағы да жылай бастады. — Элмира анау, өмірден өткен, шешем тiрi тұрған жоқ. Менiң де алды-артым ор. Дәл қазiр сен — маған, мен — саған керекпiн. — Отағасының омырауында жатқан қалпы сорасын жұта еңкілдеді. Өз-өзiнен жиренiп, жүрегi әбден берiшке айналған жiгiт селт етпедi. Қасiрет сыйған дал-дал кеудесiне, жанындай жақсы көретiн адамының зары сыймады, арман-тiлегi жетпедi. Сондықтан да оны құлай сүйiп тұрса да, емiренбедi.
Екеуi сол күнi бiр төсекте екi әлем болып ұйықтады.
... Iлияс әкелген арбаға Жанат қуанды. Оның елп еткен көңiл-күйiне үй-iшi де аса насаттанып, әдеттегiден өзгеше реңге бөлендi. Гүлмира жүгiрiп ас бөлмеге барды. Ойы, тез-тез дастархан әзiрлеп жiбермек.
— Мен асығыспын, бiр кісілермен кездесуге уағда байласып қойып едiм, — дедi Iлияс сағатына қарап.
— Шай iшiп кет, дайын. — Гүлмира қиыла өтiнiш жасады. Бөлменiң iшiнде арбамен ары-берi жылжып жүрген Жанат та, отыра тұрғанын қалайтынын бiлдiрдi.
— Жәке, көңiлiңе рахмет! Өзiңмен асықпай әңгiмелесуге ертең келемiн. Бүгiн...
— Жарайды онда, жолыңнан қалма. Тек менi балконға шығарып кетшi. «Тiрi» көшенi көрмегелi көп болды.
— Мақұл. — Ілияс арбаны итерiп апарды да, балконның табалдырығынан бiрiншi алдын, екiншi артқы дөңгелектерiн көтерiп өткiздi.
— Туһ, дала қандай рахат едi! — Омырауын кере жан-жағына тойымсыздықпен қарады.
— Ал, Жәке, сау бол!
— Жақсы, рахмет! — Екеуi қол алысты. Сосын Iлияс сыртқа беттедi. Шыға берiсте Гүлмирамен аман-сау айтысты. Әйел сол ас бөлмеде әбiгерленiп қала бердi.
Шамамен арада бес минут өттi ме, өтпедi ме гүрс еткен тосын дыбыс естілді. Әлдекім үрей шақыра шыңғырды. Жүрегi әбден шайлыққан келiншек, шоршып түсті.
Сол заматта есіріктене күйеуiне ұмтылды. Құдай атқанда ашық тұрған балконның есiгiнен үңiрейген бос арбаның өзi ғана көрiндi. Табанда жанұшыра бақыра дауыс салғанын байқамады.
39-ТАРАУ
Жұмысқа жеткенше жол-жөнекей абынтқан нәсте — ізтүзсіз жоғалған Гүлмиралардың жайы. Қилы-қилы ой жүлгелерi сан-салалы сiлемдерге шығандайды. Бас бермейтiн асаудай айдалаға алып қашып, тықырды таяп, әбден қажытты.
Жаңа хабарға соншалықты ынтызарлықпен ындыны құласа да, Нұрмирамен бiрден байланысуға мөртi келмедi. Басшылар тарапынан айтылған ұсақ-түйек шаруа қолбайлау бола берген. Әншейiнде бәлендей жұмыстың шетi көрiнбейдi де, осындайда қапылысып кететiнiне зығырданы қайнады. Зәумен, ғайыптың iсiндей телефон безектей жөнелдi.
— Жасарал! — Арғы беттегi адам әптiгiн баса алмай оптыға тiл қатты. Бiрден таныды.
— Не хабар бар?
— Гүлмира телефон соқты.
— Ммм... — Қапелімде тұтыға тілі байланды.
— Қайдан келiп, қайда тұрғанын бiлмейдi. Үшiншi Орбитаға ұқсатады. Үй бiр қалтарысқа орналасқан, көзiне таныс ештеме шалынбапты. — Күйiсi кетiп, күңiрене күрсiндi.
— Өздерi аман ба?..
— Iлиястың дiзесi сыныпты, шырқырап жатқан көрінеді.
— Дiзесi сынғаан?!. Ауруханаға апармап па?
— Жоқ.
— Әй, иттер-ай!.. — Жiгiт шындап қиналды. — Қалай қолдарына түсiп қалған?
— Әуежайдан ұстаған.
Онысыз да сiркесi су көтермей отырған жiгiттiң ызадан қаңырығы түтеп сала бердi. Қотиын немелерге зығырданы қайнап, қарадай өшікті.
— Сосын, — дойырлықпен түтiккен Жасаралдың көңiлiн әйел үнi өзiне аударды, — бiр жiгiт хабарласты, Дайрабаймын дейдi.
— Оған не керек екен?
— Бәрiбiр сенi әкетемiз, өш алмай қоймаймыз деп қорқытты.
— Солай де. — Тiсiн шықырлата қайрады. — Жарайды, үйден шықпа. Жағыдайдың барысынан мағұлым етiп, менiмен жиi-жиi байланысып тұр.
Мәңгүрттей меңiреуленiп, мизiмей орындыққа байланды да, тығырықтан шығар жол iздедi. «Милицияға хабарласса... Жоқ. Оларға күнәһарды көрсетiп соңына салмасаң, ештеме өндіре алмайды. Не iстеу керек?» Лажы таусылды, қол қусырып қарап отыру — ездiктiң iсi. Ана жақта екi бiрдей адам бодандыққа айналып, тәлкекке түсуде.
Бұл малағамды жолдастарына айтуға бекiндi, бiрақ ол пиғылынан да тез тайқыды. Ақыры жақын iнiсiне мәселенiң шет жағасын бiлдiрудi ұйғарды. Сол-ақ екен, телефон нөмiрiн қалай тере бастағанын аңдамады. Бағына орай Асығат үйiнен табылды. Қысқаша амандық-саулықтан соң:
— Асығат, маған тездетiп келші, шұғыл шаруа шығып тұрғаны, — деп, негiзгi бұйымтайына көштi.
— Қазiр барамын.
Бiрден келiсе кеттi.
— Күтемiн онда.
«Ендi не жасау керек?» деген сауалдың етек-жеңiн жиып болғанша Асығат та төбе көрсеттi.
Шаруаның ұңғыл-шұңғылына егжей-тегжейлi қаныққан соң, сыртқа беттедi. Үш-төрт жiгiт машинаның жанында бұларды күтiп тұр екен. Араларында Жасарал танитын, жүзiн шырамытатындар да бар. Iшiндегi қағiлез Алмас қос қолын қусыра ұсынып, төс түйiстiрiп амандасты. Қалғандары да жапа-тармағай тура соны қайталады. Өзiнiң бiр табан болса да жақынырақ танитынын бiлдiрiп, Алмас хал-жағдайды тәптiштеп сұрап жатыр.
Күмiс түстi судай жаңа 600-ші «Мерседес» күн шұғыласымен шағылысады. Машинаға отырып жатып Асығат:
— Жақын маңнан телефон-анықтағыш көргендерiң бар ма? — деп, жолдастарына қарады. Ешкiм үндей қойған жоқ. — Онда үйге соғамыз.
Жұтынып тұрған жеңiл автокөлiк лып етiп орынынан қозғалды.
Былай шыға бере ұялы телефонмен әлдекiмдермен хабарласып, «жiгiттердi жинастыра бер» деп тапсырды. Жол-жөнекей Алмасты түсiрiп, «Тайырды ертiп шық» деп табыстады.
— Пистолетiн ала салсын. Бiр сағаттан соң «Алтынсарин» мен «Абай» даңғылдарының қиылысында жолығамыз.
Салған бетте Асығат үйiне кеп тоқтады. Жазираның шайы дайын екен. Апыл-ғұпыл бiрер шыны iшiп, бұлар асығыс «аллауәкпар» айтты.
Межелi жерге Алмастар бұрын жетiптi. Ал қара көк «БМВ»-ның қасында төрт жiгiт ұйлығыса қапты. Асығаттар өтiп барып тоқтады. Әлгiлер бұларға қарай жүрдi. Жасарал ешқайсысын танымайды екен. Келiп төс қағыстырып, шекелерiн түйiстiрiп амандасты. Қысқаша таныстықтан соң Асығат мән-жайды баяндады.
— Қазiр апарып анықтағышты орнатамыз, бiреуi телефон соға қалса, нөмiрi бойынша мекен-жайын тауып алу оңай, — деп, өз ұйғарымын бiлдiрдi. — Жүрiңдер, сонда баралық, олар кез-келген уақытта сол жерге келуi ықтимал. Аужайын байырқалап, үш-төрт жiгiттi қарауылға қоямыз.
Тiзгiн ұшымен Нұрмираның үйiне жеттi. Асығат бiрден анықтағышты iске қосуға кiрiстi.
Бұлардың алдында ғана Гүлжан қайдан болса да ұстайтындарын айтып, үрейін үйірген. Шынында да бұл бірыңғай баспанада қамалып отыра бермейдi әрi тапсыратын эмтихандары бар. Аспирантураның екiншi курсын тәмәмдауда. Ұрымтал тұсын аңдып, қапысын тапса мұның қолға түсуі оп-оңай.
Үш жiгiттi пәтерде, бiр машинаны есiктiң аузында қалдырып, оқиғаның ауанынан үзбей хабардар етiп отыруды жүктедi. Алда-жалда әлдеқандай түйткiлдер туындап, оқиға шиеленiссе жедел шақыруларын құнттады.
Асығат шығып бара жатып:
— Егер автоматтан телефон шалса, үйде анықтағыш тұрғанын бiрден бiледi, — дедi оңай ашылатын кiлтипанға қынжылып. — Онда бiздiң әрекетiмiз — далбаса. Мынаның дыбысы әдеттегiден бөлек, телефон соғушыға ту-ут - ту-ут демей, сыңғырлап естiледi. Бiрақ кiм бiледi, әуелгiдегiдей екен деп үйлерiнен хабарласуы мүмкiн.
Қапырық аптапқа шыңылтыр айнадай жарқыраған асфальтта шымқап барады. Жан-жақтарынан сынаптай сырғыған машинадағы жұмыр бастылар, көшедегi қаптап жүргендердің бәрi Жасаралға өтiрiк тымырайған қаныпезерлер сияқтанды. Күллiсiнiң iшiне бүккен зәндемiлiгi, зымияндығы бар тәрiздендi. Барлығы әлгi әңгүдiктермен сыбайлас, бiрақ бұлардан онысын жасыратындай. «Әттең, ең құрымағанда бiреуiнiң түрiн танысақ қой. Уысымызға түссе үйелменiмен ұйпайтын». Әлгiнде Асығат:
— Олардың адамдарымен сөйлесiп, мәмiлеге келуiмiз керек, — деген.
— Ал, көнбесе ше? Айылын жимаса ше?
— Алматыда бiзден асып, жолымызды кесе көлденең өтер әзiрше ешкiм болмауы тиiс. Тiптi, көнбей бара жатса басқа жолдарын қарастырамыз. Әйткенмен, бiр қайран қалдыратыны — бұл қыздарға сонша неге қадалып алды? Не керек оларға? Осы жағы ойландырады.
— Қорғансыз немелердiң әлдебiр нәрселерi қызықтырған шығар. Мәскеудегi, осындағы үй, саяжай құлқындарына құрт түсiрдi ме?
Бiраз уақыт ешкiм үндемеді. Iштей әртүрлi жорамал жасап, тиянақсыз тұспалдардан тайғанақтай бередi. Зулап келе жатқан машина зауқайыр кiлт бөгелдi.
— Ана «бродягалардан» сұрап көрелiк. — Қаладағы жиі ұшырасар орта шарқы базардың бір шетіндегі ұйлыққан жiгiттердi Асығат иегiмен нұсқады, сірә таниды. — Мүмкiн, солар бiрдеме бiлер.
Тез барып, тез қайтқан Асығат өкiнiшке орай олардың ештемеден бейхабар екенiн айтты.
— Ендi мықтылардан — «вышибалдардан» сұрастыру керек. Өздерi тiкелей араласпаса да қалада қандай оқиға болып жатыр, бәрiнен құлақдар.
40-ТАРАУ
Жанаттан бiржола айырылып, отбасына оралғанда далаға келгендей болды. Қара орманның алтын дiңгегi — әжелерi, арқа сүйер асқар тауы — әкелерi, әулеттiң құт-берекесi — шешелерi, құлын-тайдай тебiсiп өскен — Элмиралары жоқ. Жұртта сүмеңдеген жұрын күшiктей үшеуi бүрсең-бүрсең қағып, даңғарадай үйде жетiм көңiлдерiн жарым-жан жүректерiне салып әлдилейдi. Бiр жылдың ар жақ, бер жағында осыншама қымбат адамдарынан айырыламыз деп кiм ойлаған. Зауал шақ әлi қаншаға созылатынын тағы кiм бiлсiн? Әйтеуiр, тұл жамылған үшеу төбелерiне қара тас түсiп, есеңгiредi де қалды.
Әйтсе де Гүлмира әлдебір апталардан соң қайғыны сапырғаннан ештеме өнбейтiнiн түсiніп, белiн бекем буды. Әсiресе, осы ақылыңды апшып, еңсеңдi езген қиын уақытта ең арқа сүйерлерi Гүлжан болды. Бұлар қамықса, бiрге торығып жүрiп тоқтау айтты. Бұлар жыласа, бiрге еңiреп жүрiп бекемдікке шақырды. Ақыры, бәрiне уақыт емшi, шешесi мен Элмираның асын бергеннен кейiн еңселерiн ептеп жазғандай қалыпқа ендi. Сол уақытта Арқалықтан құдалар келiп, Нұрмираны ұзатып әкеттi. Қанша қат-қабат қиыншылық қамаласа да Гүлмира қарсы тұрмады. «Бiздер көрмеген жар қызығын осы көрсе екен» деген игi тiлекпен құтты орынына аттандырды.
Олар кеткен күнi-ақ iшi қолқылдап, мына жаһанда жалғыз қалғандай ал жыласын. Өз-өзiн игерiп, тежей алмады. Жылай бергiсi келедi, жылай бергiсi келедi. Есiне кешегi шұрайлы шағы оралады. Көкейiнде бәрi қаз-қалпынша сайрап тұр. Бiрақ соның бiрi де жоқ. Елi көшкен қара жұрт, жұртта жетiмдiктi де, жесiрлiктi де жамылып қалған қаралы әйел — қара басы. Тек қасында бөргөз iлiп етегiнiң жырым-жырымы шыққан көнетоз көйлектей кептегi, жаны жырмыш-жырмыш бiр адам бар. Ол — Гүлжан. Оның басындағы өзiне лайық қайғы да бұныкiнен артық болмаса, еш кем емес. Әйтсе де зілмеауыр қасiретті көтере алмай қайқаңдап екеуден-екеу қалғанда, шайқала булыққан жан досының жапасына құрбысы арқасын тосты.
— Гүлмира, жаным, қуаныш бар жерде көз жасы да қоса жүредi. Әрине, төрт көзiмiз түгел шуақты шақтар саған да, маған да ыстық. Амал қанша, адамды ынтық етiп, бiр күнгiдей болмай көз алдымыздан бұл-бұл ұшты да кеттi. Бiрақ, күнiне мың түрлi бәле көрсең де, болашаққа деген үмiттi жоғалтпайық. Әлi де шуақты шақтың шапағына шомыламыз. — Жанарының жасы моншақ-моншақ тамып, Гүлмираны құшақтап бетiнен сүйдi. Үнiн шығармай пырс-пырс тұншыға жылаған ол ауыр күрсiндi.
— Өткеннiң бәрiне мойынсұндық, көндiктiм. Ендiгi Нұрмираның алшақтап кеткенiн ауырсынып, қимай жылаймын да. Әйтеуiр сол, кiрпiгiне ешқашан мұңның тозаңы iлiнбей бақытты болса екен. Осындай жақсылық тiлеудi тiлей тұра, iшi-бауырым елжiреп барады, Гүлжан.
Мойынынан тас қып құшақтап ап, тағы да еңкiлдеді.
Мезгіл өлі қонадан ауған шақта екеуi саябыр тапты. Жабырқау түн бауырының ұйпа-тұйпа барағы жүнiн одан сайын қоюлатқандай.
Өмiр бiр сыдырғы қалыпта өтiп жатты. Екеуi Нұрмираның Торғайдағы тойына да барып қайтты. Одан берi де араға жарты жыл түсiп кетiптi. Құдай бұйыртса, келесi көктемде дипломдарын алады. Соңғы мынау өндiрiстiк-тәжiрибелiк курс. Одан ары қарай толыққанды дәрiгерлер: Гипократтың антын қабылдайды.
Сүркей тiрлiк. Екi қабатты үйде кейде екеуден екеу елегiзетiндi шығарды. Iлияс келiп тұратын едi, ол оқуды бiтiргеннен кейiн Мәскеу мемлекеттiк медициналық институтының аспирантурасына түстi. Сол жақта дисертациясын жазуға кiрiстi. Содан кейiн-ақ тiптi, бойкүйездiк жайлады. Оның үстiне Нұрмираның аяғы ауырлағанын естiп, мазасы әбден қашты. Жүрегi — дiмкәс.
Медицинада дәлелденгенiндей шешесiнiң көп әлжуаз тұстары қыз балаларына берiледi екен де, әкесiнiң әлсiз тұстары ұлдарына бейiм келедi. Мәселен, анасының көру қабiлетi төмен болса, қызының да сондай әурешiлiкпен машақаттануы әбден ықтимал. Нұрмира бұған нақты мысал. Марқұм, шешелерiнiң жүрегiнiң осалдығы айна қатесiз соған ауған. Саулығын жете тексерген дәрiгерлер, оның босануына үзiлдi-кесiлдi тиым салған. Бiрақ, бұл ұйғарымға көнбедi. Гүлмира да шыр-пыр қаға қарсы тұрған.
— Жоқ, — дедi ол бiрде мұнымен телефонмен сөйлескенінде, — мен оған келiсе алмаймын. Ұрпақсыз, қандай шаңырақ болмақ. Босанамын, ары кетсе жарып алар.
Мұны естiген Гүлмираның арқасынан сұп-суық тер бұрқ етті. Көзiне үрей елестедi. Элмираның опатқа баладан ұшырағаны кiлкiлдеп көкейiнен ыдырамады. Соның кебiн ендi Нұрмира киер ме деген сұмпайы да сумақай сауал пiстеңдедi.
— Оның дұрыс қой. — Әрiден орағытып, ұғынықты жеткiзуге тырысты. — Әйткенмен, денсаулықты түзеп ап, содан кейiн қарастырсаңдар қайтедi?
— Дiмкәс жүрек бiр-екi жылда бәрiбiр қалпына келмейдi, одан да ағзаның әлi жас кезiнде тәуекелге бел байлаған жөн.
— Баладан бұрын маған сен қымбатсың. Екеумiзде бiр-бiрiмiзден басқа туған бауырдың, тіпті, қандас туыстың жоқтығын ұмытпа.
— Оны бiлемiн. Құдай бар болса, ендiгi тұста бәрi жақсы болуы тиiс. Бiздiң шаңырақта ұлдың жоқтығы басымызға оңбай таяқ боп тимедi ме? Сәтiн салса, екеумiз үшеу болармыз.
Гүлмираның амалы таусылды. Iшiнен қанша келiспесе де сырттай:
— Жарайды, ақылыңа салып, салмақтап көр. Ақылды едiң ғой, — дедi.
Нұрмира бiр байламға тоқтапты. Көп ұзамай оның екi қабат екенiн бiлдi. Содан берi секамал көңiлiне кiдi кiрiп, алаңдаумен жүрдi. Ендiгi тұста жатса-тұрса соны ойлайтынды шығарды. Күн табандап жылжыған сайын, кежiр мұңға кептеле бередi. Еңсесiн де, санасын да салмағы қорғасындай уайым жаныштайды келiп, жаныштайды келiп.
Кенет, мимырт мезеттiң көбесі сөгiлiп, кеше бiр серпiлiп қалды. Ойламаған жерден Жанаттың досы Ұлан есiктi қағып тұр. Үш жылдан астам уақыт кездеспеп едi, бiраз өзгерген. Оны көрiп Гүлмира бiр жағынан қуанса, бiр жағынан сондай тұңғиық мұңға малшынды. Есiне ғаріптіктен көз жұмған күйеуі оралды.
Досының жоқтығы қабырғасына батқандықтан ба Ұланның қабағы пәс, ұнжырғасы салбыраңқы.
— Үш жылдай сыртта жүрдiм. Басыңа үйiрiлген қайғы-қасiреттi естiп, бiлiп жатырмын. — Гүлмираға қарап, терең күрсiндi. — Уағында хабарласа алмадым, қазаның арты қайырлы болсын. Құдай бәрiнiң алдынан жарылқасын, иман-байлығын берсiн.
Екi әйел ерiксiз көздерiне жас үйiрдi. Сосын үшеуi отырып, әжiк-күжiк тiлдесе шай iштi. Ұлан Таллиннен оқу бiтiрiп қайтыпты. Әлi үйленбеген. Сөз арасында Нұрмираны сұрады. Не керек бiраз отырып, көңiлдерiне кiрбiң байланған әйелдердi сергiтiп тастады.
— Қайтайын мен. Сенi көрiп, марқұм Жанатпен жүздескендей болдым, — дедi Ұлан.
— Ара-тұра мүмкiндiгiне қарай хабарласарсың.
— Әлбетте.
Басын изеп қоштасты да, жайлап басып ұзай бердi.
41-ТАРАУ
Асығат сауда-саттық салада да тәжiрибесi мол, сөйлей де, тыңдай да алатын зерделi жiгiт. Алматыдағы алпауыттардың арасында орыны бар, жұдырығы жуан мен көмекейi кеңдердiң бәрi танитын тарлан. Сондықтан да жүрiсi нық, ұйғарған нәрсесiн аяқсытпайтын бiрбеткей.
Қасқыр ниеттiлер қаптаған мына заманда арыстан тектес айбатты сырттанның нағыз өзi болмасаң, бас сүйегiңдi иттiң итақайына дейiн кершеулеп, айдалаға тастайды. Қажыр-қайрат, бiреудiң мысын басатын айбыныңды ел көрiп ықпаса, үлкен коммерциялық жолға түсiп, iрi-iрi бедекшiлiкпен айналыса алмайсың. Жиған-тергенiңдi саңмүйiздердiң сарбаздары келiп, көзiңдi бақырайтып қойып қақшып ап кетедi. Әлгiлердiң тырнағы бiр батқан соң, одан кейiн өзiң-ақ соларға ай сайын тәуелдiлiгiңдi танытып, салық төлеп тұруға келiсесiң. Немесе «бас панаңа» жарар басқа бiлеуiттердiң қолына бұйдаңды ұстатасың.
Бұл, сауда үстемдiк құрған қоғамның барлығына тән табиғат-ау. Ал, Алматыда аузын айға бiлеген iргелi-iргелi алты топ обырлана оптыға асауда. Жалпы, делдалдық алым-берiм жүйедегi тiрлiктi мемлекет әлдеқашан уысынан шығарған. Меншiк фирмалар, шағын кәсiпорындар, акционерлiк қоғамдар, тiптi, ірі корпорациялар, қыл аяғы сөлкiлдеп сауданың соңында сүмеңдегендер де өкiметтiң құрығынан алысырақ жүруге құмар. Өйткенi кез-келгенiн қазымырлап тексеретiн болсаң, былық-шылыққа белшеңнен батасың. Сондықтан шамалары жеткенше билік органынан тысқары өмiр сүруге ынтық.
Егер бiреуi тауар беретiн боп, келесiсi бәленбай миллиондаған қаржы аударып, келiсiлген шарт бойынша, көрсетiлген мерзiм iшiнде уағда орындалмаса, ақша берiп алданған мекеме, заңды түрде сотқа арызданып, мемлекет тарапынан құқықтық мәселелердi айтып жәрдем сұрамайды. Себебi, жеп қойғандары, iшiп қойғандары бар. Оданда әлгiндей, өздерi «қорған» санайтын, ай сайын салық төлеп тұратын жойыттарын бiтiм жасап келуге жөнелтедi.
Әлгiлер де ештеме тындыра алмаса, Алматыдағы айтулы алты топтың алдына жүгiнедi. Олардың iшiнде «бедел» дегенi бар. Ол — кәдуескi бұрынғы қазақ хандығындағы төбе бидiң мiндетiн атқаратын ағзам. Оның ақ дегенi — алғыс, қара дегенi — қарғыс. Шилi нәрселердiң бәрiн шешедi де, қандай қорытындыға келiп үкiм шығарады, сонысы бұлтарыссыз орындалады.
Оның үкiмiн бұзуға ешкiмнiң құдiретi жетпейдi. Бұған ақша берiп алданған да, тауарды дер кезiнде жеткiзбеген айыпкер де разы. Бiр сөзбен айтқанда, нарықтың алдында заң орындары да, үкiмет те ешқандай қауқары жоқ қуыс қурай. Бiрдеме жасай қояйын десе бәрi сатылады, шындық та сатылады. Ақшаны көргенде айбыны қайтып, ашуы басылып, құлқынның алдында дәрменсiздiк танытады. Сөйтiп, өзiнiң де сатылып мәлiш бұйым ретiнде саудаға түскенiн аңдай алмайды.
Обыр топ басқалармен қарым-қатынасты қалай жасауды, бiрiнен-бiрi қайткенде басым түсемiн деп шайнасқан капиталистiк елдерден үйренеді. Әбілет басқырлар өзгенi жұтып жiберуге, дүниені шақ-шәлекей етіп монополиялауға құштар. Түптiң-түбiнде алпауыттар ауылы бесеуге, одан төртеуге кемір, әйтеуiр, нарық тұрғанда санының қысқаратыны қақ. Бiрақ, мүлде жойылып кетпейдi, осы жемiрлiгi — жемiрлiк. Айдаһардың басы алтау болды не, төртеу болды не — қарынның көлемi кiшiреймей, қомағайлығы бәсеңдемейдi.
Билiк басындағылар озбырлықты бұқараның атынан сөйлеп, «халқым» деп қойып, қой терiсiн жамылып алдарқатып жасайды. Бұлар, аярлықпен ешкiмдi алдап-арбамай, ашықтан-ашық қанқұйлылыққа барады. Бiр жағынан дұрыс та шығар, шамаң жетсе сен де алпауытқа айнал.
Екеуi де ел үстiнен күн көруде. Екеуi де аспаннан аяғы салбырап түскендей. Әйткенмен алпауыттар — мемлекеттік жемір топтың жабайы, шағын көшiрмесi iспеттi.
42-ТАРАУ
Неше күн албарынды боп сабылған көңiлi бүгiн ғана дамылдар дәйек тапқандай. Төңірегiне жiгiттер жиналғанына кәдiмгiдей марқайып, Жасарал қанаттанып қалды. Бұрындары салы суға кеткендей еңсесi салбырап, ұнжырғасы түсiп жүретiн. Қазiр зар күйiне келген қырандай, қойыртпақ қотиындардың қарасы көрiнсе бiттi, жанын жәннаттан шығармақ.
Бiр өкiнетiнi, кеше Iлиястарды әуежайдан күтiп алғанда мұнша шабылмас та едi. Онда мына безбүйректердiң дәл осындай қараулыққа дейiн баратынын алдын ала топшыламады.
Екiншiден, iнiсiнiң алдында шаруа айтып тым әлжуаз, бос белбеу боп көрiнгiсi келмеген — әбден қателесiптi. Ақыры, жағыдай соған итермеледi. Ендi, мiне, тып-тыныш бiтiре салатын нәрсенi ушықтырып, айшалықтай абынған түрi мынау.
Ұзақты күн бекер сандалыс болды. Қаланың атмосферасын бiлiп отыратын барометрi тәрiздi алпауыттардың бiрi орынынан табылсашы? Бәрi уағдаласқандай әлдебiр сапарларға кетiп-кетiп қалыпты. Бiреуi осыдан екi-үш күн бұрын Өскеменге ұшыпты, екеуi шет елде жүр екен. Қалған үшеуiн жан баласы бiлмейдi. Беймәлiм шаруамен беймәлiм жақтарға аттанған. Бiрақ, Алматыда.
Үш жiгiт кешке дейiн үйден шықпай омалғанымен, суық жүрiстiлерден сезiктi ештеме байқалмады. Тек бiр-ақ рет әлдекім телефон соқты да Нұрмира ұзақ сөйлеспей, қатқылдау орамдармен тұтқаны қойды. Содан-ақ қарсы топтың бiреуi шамына тиiп, жүйкесін қажағанын Алмастар түсінген. Айтқандай-ақ, өздерi атына сырттай қаныға бастаған Гүлжан екенiн естiдi.
— Қандай әйел екен, ә-ә, өзi? — Зығырданы қайнай, ұзақ күн зарыққанының азары өттi ме, боқтап жiбердi. — Ақшаға құныққан бәле шығар, қолыма бiр түссе ақша жегiзер едiм салдақыға!
Оның әлi аңғырттығы басым, балаға тән бұл сөзiне жымия қараған Жасаралға одан бетер айдынын сыртқа салып:
— Рас, екi ұйғырдың жiгiтiне кәдiмгi ақша жегiзгенбiз. Бірде Асығаттың «тоғызыншысы» ұрланды, ештеменің ұштығын таппадық — жым-жылас. Сол екi ортада әне-мiнемен бiр ай аралап кеткен соң, «ендi табылмайдыға» ұйғарып қойғанбыз. — Баптанып отырып, әңгiмесiн әрiден бастады. — Тiптi, екiншi ай толды. Бiр күнi қара базарға бардық, бұйрық дегенге дауа жоқ, тiз қатар қойылған машиналарды аралап жүргенде орыстың бiр жiгiтi соңымыздан жүгiрiп кеп Асығатқа:
— Мынау, бауырым, сен емессiң бе? — деп, машина жүргiзуге құқық берiлген куәлiгiн көрсеттi.
— Иә.
— Қайдан алдың?! — деп шу ете қалдық.
— Анда бiр жiгiттер «иесi бiз» деп тоғызыншы маркалы жигулидi сатып тұр. Сендер қасымыздан өтiп бара жатқанда мен куәлiктегi суретке үңілген ем. Мындағы суретке сен тым қатты ұқсап кеттiң. Мынаны солардан алдым. — Абдырай сөйледi.
— Кәне, қайсы олар?
— Жүрiңдер, анда!
Жүгiрiп-жүгiрiп жетiп бардық. Машинаны бiрден тани кеттiк. Жайбырахат тұрған екi ұйғырдың жiгiтi секемденді ме, қанын ішіне тарта қойды. Тарпа бас сап, тырп еткiзбей үйге алып келдiк. Мойнына шынжыр тағып, екi күн ит орынына ұстадық. «Сендердiң құлқындарыңды құртқан ақша ғой — мә, жеңдер!» деп, аузына өңшең бiр сом, үш сомдықтарды тықтық. Ара-арасында үртiс «ет» боп кеттi деп, жылтыңқырақ «майы» бар елу сомдықты сүңгiттiк. Басында ауыздарын ашпай қарсыласып бағып едi, қаттырақ таяқ тиген соң жалмаң қағып кәдуескiдей жейтiн болды.
Өзiнiң әңгiмесiне өзi рахаттанып күлдi. Жасарал да тұрпайылау тiрлiкке езу тартпай қала алмады.
— Содан жанымыз ашып, шынжырды жiпке айырбастадық. Қалай шешiп алғандарын бiлмеймiз, түнде ұйықтап жатқанымызда босанып, тайып отырыпты. Екi күнгi көрген азабы жетер деп, бiз де iздемедiк...
Қызық оқиға, бірақ бүгінгі тірліктері мандымайтын сияқты.
Үш жiгiт аңысын аңдып, табан аудармай осында түнеп шығатын болды. Таң атқанша бiр сыбыс бiлiнбесе, ертең күндiзгi онда мединституттың корпусына барады. Өйткені, Нұрмираның эмтиханы. Оны апарып, сырттай бақыламақ. Әкетушiлер оған әдеттегiдей жалғыз екен деп ұрынса, тура сол жерде үстiлерiнен тарпа бас салмақ.
Асығаттар әлгіндей ұйғарым жасап әрі байланысты үзбеуiн тапсырып, үйлерiне қайтты.
Өз отбасына жақындаған сайын Жасаралдың әтүйiрi қашып, онысыз да сансыраған санасы үргiн ойлардың өтiнде қалды. «Пәкизат қалай қарсы алады екен?» Жанына қаяу салып, үш күн үй бетiн көрмегенi аздай, тағы да бүгiн түн жарымында бейшараны сарылтып, зарығын асырып келе жатыр.
Кеше түнiмен солқылдап жылап, солығын баса алмаған. Бәрi жадында, жұбайының ақ едiл көңiлiне қылаудай алғау түсiргiсi жоқ. Әйткенмен өзiнiң басы салындыдай арқырап аққан судың ауанымен ығып барады. Қайда апарады, қай межеде жағаға шығады — бiр құдайға болмаса, ешкiмге беймағұлым. Аңдаусыз жасаған қадамы өзегiн қыжыртып, ақылын апшып азайтып, ақымаққа айналдыруда. Бiреу үшiн жiберген күллi уақытын, апыл-тапыл басқан ұлының қасында, жантайып жұбайының жанында өткiзсе мұншама безерленген үй iшiлiк шыршуға шырмалмас па едi? Қарашықтарына деген жүрегiнде титтей сызат болса — қара жер тартсын. Өзегi туырылып, сұңқа адым ұзаса — сағынады. Шаңырақтың ымырасы мен ырысы үшiн қанатымен су сепкен қарлығаштай шыжбақ боп шырқыраған сәулiм сұлуына сезiм иiрiмi таяздамайды. Ұрысса да, жыласа да, ренжiсе де барлығы — баянды ғұмыр кешсек деген ниеттiң аясында.
Есiктi ашқан Пәкизаттың тана көздерi ұшқын шаша бiр жалт еттi де, ерiне қайта тiктеп қарамады. Сояудай кiрпiктерiн төмен салып, қапа мен мұңның далдасында жамау-жамау көңiлiн бүтiндей алмаған күйi терiс айналды. Тым-тырыс. Ботақаны әлдеқашан ұйықтап қалыпты. Аңсары ауып, құшырлана иiскедi. Танауды жарып, сүт исi мен жөргек жұпары сарайын саңғыратып ашып жiбердi. Еңсесiн езген бiр батпан иығынан сыпырылып жерге құлағандай, аяқ астынан жеңiлдедi. Қанша көңiлi қалса да әйелi төсектi бiрге салыпты — жүрегi жiбiп, алпыс екi тамыры иiп жүре бердi. Бара сап ас үйде жүрген келiншегiнiң аяғын құшып иттiгiне, мерездiгiне жалбарына кешiрiм сұрағысы келдi. Бiрақ, шыжымдай бiр бәле кежегесiнен керi тартып, ойлағанын iстетпедi.
Үн-түнсiз тамақ iшiлдi. Дастархандағы дәмнiң бәрi қатықсыз қара шайдай, тұшындыра алмады. Әйел — әйел ғана боп мiндетiн атқарса, ештеменiң сәнi мен әрi кiрмейтiнiн ендi ғана ұғынды. Ол да — бiр, дөкейлердiң үйiндегi қызметшi де — бiр. Жарға тән жарасымдылық бойынан бiлiнбесе — жалғанды жалпағынан басып жүрсең де бәтуәсiз.
Шам сөнiп, қатар жатқанда араларының алшақтағанын аңғарды. Қанша бауырына басқысы келсе де, әлгiндей әңгүдiктiктен кейiн дәтi жетпедi. Былғанған қарам қолын асыл затқа созудың өзi — күнәһарлық. Дегенмен жаны жараланған жәдiгерге бiр ауыз жылы сөз айтпаса, құдайдай сенiп, барша ғұмырын осының жолына бағыштаған мүсәдiраның бiр жола тауы шағылмай ма? Әрi еркек емес пе, iсiмнен дәнекүс шықты екен деп төменшiктей беруі жарамас.
— Пәки... — Қанша өзiн-өзi шаптап қайраса да үнiнде дiрiл бар-тын. Жасықтығын жеңген түрi.
— Не? — Мұң мұхитына малтыққаннан ба сөзiнiң өзi сынық. Әуелгiдегiдей ашық емес, көмескi естiлдi.
— Маған қарашы. — Айтуын айтып алса да, «кәзiр не дейдi екен» деп қуыстанған. Жоқ, әйелi өзiне қарай аунап түстi. Бұл да құшағын аша берiптi. Кеудесiне маңдайын сүйедi, ып-ыстық тамшылар омырауын орып, өртке орады.
Үн-түнсiз iштен тынып, жасын жастыққа шыра етiп төгiп жатқанын сонда ғана бiлдi...
43-ТАРАУ
Алматы. Тау қыраты
Сағат 09.44
Сырт... сырт... сырт...
Сиферблат тынымсыз безектейді. Жүйкесiне зың-зың тиiп, алапат соққыдан ми қауашағы қабына түседi.
Әлдебiр жалмауыз желкесiнен төнiп, болар-болмас қалған уақытты саусағын бүгiп санап тұрғандай.
Тас қараңғылықтан тынысы тарылды. Көзiн аша алмай бiр жылт еткен сәулеге мұстақ боп қиналды. Зәрурет науқастан ыстығы артып, еңбегi солқылдаған сәбидей ылқылдады. Құлақ шекесiндегi тамырлардың тарылып, лүп-лүп еткенi ап-айқын аңғарылды. Аңқасы кеуiп, шөлдегендей қаңырығы түтедi.
Бұл, адам айтса түсiнгiсiз бәледен құтылуға ұмтылып тырбынса, кеудесiн қара тас басқандай тапжылтпайды. Ары бұлқынды, берi бұлқынды. Буынынан әл қашып, зығырданын қайнатты. Зақорлығы ұстап, өзiн-өзi жұла бастады.
Ыңырсып барып бiр жақ қабырғасына аунап, алақанымен едендi тарс-тарс соқты. Жаны үзiлерде жантәсiлiм тұяқ серпкен малға ұқсайды. Қолы езуiнен шұбырып ағып, көлкемедей ауқымды былапыттаған қоймалжың сiлекейiне бырш-бырш тидi. Бiрақ оны тұспалдайтын түйсiк мұнда жоқтығы айқын. Өз жынына өзi шомылып, доңыздық лат кепке енген.
Аузын ашып, домбыққан қара қошқыл тiлiн болар-болмас қозғалтады. Тiлiм-тiлiмi шыққан ерiнiн дымдағысы келетiн сыңайлы. Ақыл-есiн жоғалтқан, әйткенмен, тiршiлiк атаулыға тән шарттылық: қиыншылықпен арпалысуда. Түпсiз шыңырауға құлап кеткен сияқты. Жер-әлем ми батпақ. Содан шыға алмай жетi насыры жерге кiрiп, лахатқа қамалып, тозақты тiрiдей кешуде. Бұған жанашырлық танытар бiр пенденiң жоқтығы және аян.
Қабырғадағы үлкен сағаттың сыртылы бишiктей шықпыртып, күрзiдей санасындағы там-тұмдаған сәуленi быт-шыт етiп күлдей уатуда. Оның не дабыл екенiн де ұға алмайды. Әбiлет бiр қара жалды бәле көкiрегiнен жанын сығымдап алу үшiн үстiне төнiп келе жатқандай.
— Су, су-у, — деп ыңырсыды. Бәленбай мезгiлден берi сөзге келуi де осы. Жылт-жылт етiп шыны толы кәусар мөлдiреп көрiндi. Көзiн ашпаса да сол тұңғиықтың iшiнен елестеген дүние су болды.
Қайраңға шығып қалған шортандай жансыз дене кенет, шоршып, еденге келiп тарс-тарс соғылады. Әлеуеттi күш оны тоқты-торымдай көрмей, көтерiп алып аяусыз бырш еткiзетiн сияқты. Ырс-ырс дыбыс шығарып, тарс-тарс жерге құлайды... Бiр кездерде барып жын буған бақсыдай болған неме саябыр тауып, көрiктей кеудесi ырсылдап көтерiлiп-басылып, жел алып қашқан түңiлiкше желпiлдеп тұрып алды. Аузынан ақ көбiгi атып, кеңiрдегi қорылдай бастады. «Қор... қыр-қыр...»
Сиферблат онысыз да қысқа ғұмырды есептеп, одан бетер сырт-сырт етуiн үдеттi...
Сырт... сырт...
44-ТАРАУ
Жаздың қысқа да ұзақ таңы сiбiрлеп, қылаңыта саз берді.
Шамалы уақыт мүлгіген әлгіндегі өлi тыныштық қайта бұзылды. Бiреулер арлы-берлi жүре бастады. Күбiр-күбiр сөйлеседi. Басы зеңгiген Гүлмира құлақ түбi күңгiрлеп, дыбыс атаулыны әзер естидi. Iлиясқа да бәрiбiр iспеттi, етiн тiрiдей тiлгiлесе де — мизiмейдi. Қорқып, үрку ада-күде жоғалған. Бұлай жанын қинағанша, өлтiре салғандары әлдеқайда жеңiл тәрiздендi. Аққұла азаптан, тозақ отына шыжғырылған сауап. Шырпыдай бiр быж етесiң де, қиыншылық атаулының бәрiнен арыласың. Арыласың да иманды, қулық-сұмдығы жоқ қоғамға мәңгiлiк тұрақтанасың.
Есiк сықырлап ашыла бастады. Ар жағынан Дайрабайдың қасқа маңдайы жарқырап көрiндi. Оның жиiркенiштi ұсқынынан екеуi де түрпiдей жиырылды. Сызданып кiрген ол:
— Сен, шық берi! — деп, келiншекке пәрмендi иек қақты. Айтқанын шапшаң орындап, бұғаудан тезiрек құтылуды көздеген әйел қарсылық танытпай, сөлбiрейiп iлесе бердi.
Дәлiзде қорқорды құныға сорған бiр-екеу отыр. Сықпыттары сұмырайдай, мәужiреген мәукiлбастарға қарағысы келмедi.
— Жуынып-шайынып әзiрлен. Қазiр РОВД-ға барамыз. — Кiлт тежелiп, атан жiлiктей өңкиген неме мұның бетiне бажайлай қарады. — Андағы көзiңнiң iсiгiн құрт.
Ләм деместен кетеуi кеткен көңiлмен ваннаға ендi. Iштен бекiтiп, салбыраған күйi немқұрайлы айнаға үңілді. Жайнаң қағып тұратын жамалы, жауыннан кейiнгi ащылы батпақтың бетiндей боп-боз. Көз сүрiндiретiн сүйкiмдiлiгi солған гүлдей семiп, жанарының аясына ұялаған кiреуке өңiн кiлбитiп көрсетедi. Сәнiнен ажыраған шашын салалы саусақтарымен түзеген болды. Ерiндерi де қаймыжықтанып, албыраған реңiн жоғалтқандай.
Қораш кейпiне қынжылған сүлесоқ қалпымен кранның құлағын бұрады. Ваннаның iшiн шайып, «тола берсiн» деп суды ағызып қойды. Көйлегiн шешiп, ілгішекке апара бергенде назары әлдебiр нәрсеге ауды. «Құдайым-ау, шын ба, өтiрiк пе?» дегендей абдырап, бiр орынында қатты да қалды. Кенет, шалт қимылдап, қолын созды. Жалма-жан алып тыңдап көрiп едi — iстейдi, ту-у-у-т деген мембрананың дыбысы жүрегiн тайдай тулатты. «Шамасы, апиынкештердiң арланы ваннаға түсiп жатып әлдекiммен сөйлесiп, телефонды со күйi осында ұмытып кеткен ғой» деп топшылады.
— Ал-ло!
Сыңарының тоса-тоса зарыққан үнiн естiп, бiр құрсақтан шыққан егiзiнiң алағызған тынысын тыңдап көмекейiне өксiк тығылды. Кешеден бергi теперiшi жас болып саулады. Булығып отырып әзер, қандай күйге ұшырағанын айтты. Iлияс, Гүлжандар туралы там-тұмдап мағлұмат бердi. Өзiнiң қалай телефон соғып отырғанына келгенде байланыс шорт үзiлдi. Iзiнше есiк қағылып, «сөйлесiп, көңiлiң жай тапты ма?!» деп, диюдай Дайрабай күркiрей айқайлады. Ұрлығының үстiнен түскенiне зәресi зәр түбiне кетiп едi, тез өзiн өзi игере қойды.
— Ендi, көз алдыңда тұрған телефонды қалай қажетiңе жаратпайсың?
— Тезiрек басы-көзiңдi ретке келтiр!
Тепсiнiп сөйлеп, есiктi бiр дүрс еткiзiп әрмен кеттi. Гүлмира оның ұзағанын топшылап, телефонның тұтқасын көтерiп едi сым жүлгесiнде — өлi тыныштық, жаңа ғана қалпындағы нәрсе iстен шығыпты. Бiр күрсiнiп, бiраз су жиналған ваннаның ернеуiне қарады. Дегенмен, әлгіден соң iштей өзiнде қунақылық барын сезiндi. Телефонды әдейi қойғанын бағамдады. «Бiр дерегi ашылып қала ма, не сөйлеседi екен?» деп, басқа параллель телефоннан тыңдаған шығар».
Оның жорамалы ақиқатында солай-тын. Қулық-сұмдықты ұйымдастырып жүрген де Дайрабай. Өзiне қажеттi бәтуәлi дәнеңе естiмеген соң, жүйеден жұлғызып тастаған. Сосын, мекиеннiң қоразындай қыдиып, келемеждей тiл қатты.
Ваннадан шыққан соң жанын жалдап, Iлиясты әжетханаға апарып келдi. Байғұс дiр-дiр етiп қалтырап, барған құрлы шыбын жаны көзiне көрiндi. Сыртынан жылмысқы жанардың сұғын қадаған сүрейлердiң алдында, жарақаты жүрегiн төмен суырса да намысқа тырысты. Тiстенiп, сiңiрiне iлiне төсекке жеткен бетте құлай кеттi. Оңшап жатқызды да, «қашанғы қаймыға беремiн?» деп жүгiрiп ас үйге барып, бiр шыны шай, сары май жағылған бiр тiлiм нан әкелдi. Онда кешегiдей «аспазшы» Гүлжан жүр, өңге ешкiм болмады.
— Жүрегiңдi жалғашы, екiншi тәулiк нәр сызған жоқсың, — деп, қарсыласқанына қоймай кеудесiн көтертiп әлгi дәмдi iштiрген.
Тағы да тықақтап Дайрабай «бол, болдың» астына алды. Жанына ұзын бойлы, бұйра бас өткендегi сойқан түнiнде көзi шалған жiгiт пайда болыпты. Екеуi қатар жүрiп, қатар тұрады. Мына сидаң сорлысы кейде Дайрабайға құрақ ұшып, оны бiр керемет әтуер тұтатындай.
Әбден жасанып, таранып дәлiзге шыққанында өз көзiне өзi сенбей қалды. Сорайып-сорайып екi милиционер тұр. Дәп бiр өзi қылмыскердей жүрегi атқалақтай жөнелдi. Бiртүрлi көкiрегiнде қуаныш ұшқыны қылаңытып, қапелiмде, қозғалмай қалт тоқтады. Сөйлейiн десе тiлi таңдайына жабысып, тұтқырланып, икемге көнбедi. «Жүр, жүр!» деп, иығынан әлгi бұйра бас итергенде барып, аңқиған аузын жапты. Мойынын сәл бұрып, назарын ту сыртындағы әумесерге аударып едi, тым еркiн, айылын жияр көрiнбейдi. Ана қызыл жағалы екеу состиып-состиып мына әбiлет атқырларға ләм демейдi. Қайта осылардың ығына жығылып, iшкi ойларын ерiн емеурiндерiнен танитын сияқты. Жаңағы болар-болмас бой көтерген үмiт сәулесi лап сөндi. Ымы-жымы бiр, сұрқиялықтарына сырық бойламайтын ысқаяқ сырқындылар екенiн сонда барып топшылады.
Шығар ауызда көзiн кешегiдей қара матамен таңып, содан кейiн барып сыртқа алып жүрдi. Машинаға мiнгiздi де әлдебiр жақтарға суыт тарта жөнелдi. Келiншек өзiн долы дауылдың ырқымен дөңгелеген ебелекпiн деп ойлады. Ендi бiрде ауасыз әлемде тартылыс заңынан шығып кетiп ұшып жүретiн әлдебiр нәрсеге ұқсатты. Мiне-мiне, қазiр, өзi секiлдi ерiк-күшiн билеуден қалған қаңғалақтың бiрiмен соқтығысады да, бәленбай бөлшекке ұнтақталады. Бiрақ өлмейдi, жаны да бәленбай бөлшекке бөлiнiп, әрмен қарай өмiр сүредi. Әйткенмен, ол өзi емес, мұның ғұмыры алғашқы соқтығыста тоқтайды. Өйткенi көзге көрiнбейдi, қолға ұсталмайды. Мынандай сұрқиялар жалаңаш тақымына қыл бұрау да сала алмайды. Еһ, шiркiн.
Ауыр күрсiндi. Тәттi қиялдың шуағына талығып барып, есiн жиды. Машина қанша жүргенi белгiсiз.
— «Ханым», соқыр теке ойыны аяқталды.
Оң жақ жамбасын баса отырған тiлiн сұға, көзiндегi шүберектi шештi. Гүлмираның бiрден тынысы кеңiп, сарайы ашылып сала бердi. Күн шуағына малынып, тамылжыған көше. Жол жиегiндегi тротуармен ары-берi қайшалысқан адам, аузы-мұрынынан шыққан көлiктер, зулаған қызылды-жасылды «Волвалар», «Мерседестер» — бәрi бәз баяғысынша. Ештемемен шаруасы жоқ, барлығы әлдебiр жақтарға асығып барады.
Томағасы сыпырылған ұябасардай көзiнiң құрышы қанғанша сыртқа құныға қарады. Содан кейiн барып өзiмен бiрге келе жатқан «серiктерiне» назар аударды. Алдыға қос «милиционер» жайғасыпты, екi жағында Дайрабай мен ұзынтұра. Тақымдарындағы «Жигули» ылпылдап, «Сейфуллин» даңғылымен төмен құлдилап барады. Салонның iшiн жанға жiбектей тиер музыка жайлаған. Жанындағылар сыбызғының сазына елтiген әбжыландай тым-тырыс ұйлығып қалыпты. Намазға ұйыған пiрәдарша бұл дүниенi ұмытқан. Шопырдың қалай жолдан тайқып кетпей дүзу зымғытатынына қайран. Келiншектiң жадына «Битлс» өлең айтқанда көрермендердiң кейбiреулерi жылап, талып, өзiнен-өзi бода-бода егілетіні оралды. Оларды дәрiгерлер зембiлге салып көтерiп әкетiп жатады. Ал, ар-ұяттан аттаған шәрмеңкелер iш киiмiн шешiп ап, сахнаға лақтырады. Қарап отырсаң Еуропа музыкасының анайылыққа аңдаусыз апаратын албасты тұстары бар. Жан мен тәннiң қытығына тиiп, тынысын тарылтып, ақпалап адам денесiн қоздырады. Алабұртқан көңiлдi алашапқынға түсiрiп, сезiмдi құйындай үйiредi, сананы улайды, нәпсiнiң құштарлығын қоздатады. Сосын, жетек ұрғандар ләззатқа батып, тоят тапқысы келедi. Бәрi содан басталады: жылау-сықтау... Әсiресе, рок музыкасының мұндайға құдiретi басым. Емiрене айқайлап, күңiрене ыңырсығаннан өздерi адам айтқысыз шапағатқа бөленедi. Содан да шығар, көпшiлiгi апиынкеш, қорқорға әуес.
Қоршаған қорқаулар қозғалақтап кеттi. Сөйтсе, иманын қамшылап, дауылпаздарын жарып жiберердей екiлене тарсылдатқан музыка басталыпты. Барлығы жан қалталарынан темекiлерiн суырып, көк түтiндi танауларынан будақ-будақ атады.
— Дантик, — рульдегiсi мойынын артына бiр қырындай бұрып, сөз бастады, — арызды қазiр жаздырып алғанымыз дұрыс. Әйтпесе, барған соң әуре, бір жағы уақытты ұттырып жүрермiз.
— Иә. — Дайрабай да бұл ұсынысты мақұл көрдi. Ерсiлеу қимылдап, басын шұлғып-шұлғып жiбердi.
Өз араларында антұрғандар Дайрабайды «Дантик» дейтiнiн әйел сонда бiлдi.
— Онда тоқтайық.
Қызыл «Жигули» көзден тасалау бiр қалтарысқа енiп, тiзгiн тартты. «Милициялар» папкiлерiнен қағаз-қаламсап шығарып, Гүлмираға ұсынды. Мына сықпыттарына қарап құдды бiр заң орындарында iстейтiн адам екен деп қаласың. Кәдуескiдей үстiлерiнде — форма, белдерiнде — пистолет. Бiрақ, оның бәрi сезiк тудырмас үшiн iстелген — көзбояушылық. Әйтпесе, нәтiнде құмарпаздардың қатарындағы жыртқыштар. Керек кезiнде осылай киiнiп ап, шаруаларын оңай тындырады. Екеуi де «сержант», бұдан артық шеннiң қажетi де шамалы. Жандарында өздерiн куәландыратын жасанды құжаттары да бар. Оны органға апарып көрсетiп жатқан жоқ, қарапайым халықты алдауға жарап тұр. Қазiр Гүлмираны РОВД-ға кiргiзiп шығады. Табалдырыққа дейiн бұлар, есiктен ары қарай Дайрабайлар жауапты.
Қанша тыраштанғанымен қарама-қарсы жазылған арызды заң орыны қабылдамай қойды. Гүлмира жанын салып түсiндiруге тырысса да, өткендегi инспектор жiгiт көнбедi.
— Бәрiн түсiндiм, ұқтым, — дедi ол таусыла, — сен жаның ашып, «болары — болды, бояуы — сiңдiмен» кешiрiммен қарап, айыпкерлердi арашалағың келеді. Ол — дұрыс емес, жүгенсiз кеткендердi желкелеп бас бiлдiруiмiз керек. Сен «таныс ек, бұрыннан көңiл қосып жүрушi едiк» деп қанша әуектеткенiңмен, бiз оларды қылмыс үстiнде қолға түсiрдiк. Менi тоқтатқаныңмен, оперативтi топтағы жiгiттердiң көзiн байлай алмайсың. Оның үстiне материал тергеушiнiң қолына өтiп кеттi. Қазiр бұл iспен аудандық прокуратура айналысуда.
Ешқандай жәрдем бере алмайтынын ашық жеткiздi. Мұны «бiздердi танып қоймас па екен?» деп, лыпылдаған пышақ жүзiнiң үстiндегі қылпылдаған қарақшылар да естiдi.
Инспектор жiгiттiң сөзi көңiлiн қотарған әйел бар шындықты жайып салуға әлденеше оқталды да, әлденеше ол райынан қайтты. Қауiптенгенi, дәл қазiр бұларды ұстатып бергенмен, Iлиястың басы қатерге тiгiле ме деп имендi. Әлдебiр үркек пиғыл бой көтерiп, кежегесiнен керi тартты да қойды. Қанша байлам жасағанымен, небiр сұрқиялықты көрген үркек көңiл еркiне жiбермедi. Екiұдай толғаныс пен екі оттың ортасында қалып, қанша жалбарынғанымен жұмысына бекем жiгiт жiбiмедi.
Амалдың жоқтығынан салы суға кетiп, керi оралды. Араның омартасындай апиынкештер құж-құж қайнаған құжыраға әуелгiдегiдей көзi байланып, «соқыр» күйiнде жеттi.
45-ТАРАУ
Гүлмира үшiн азапты күндер Гүлжан тұрмыс құрғанда басталды. Өзi жалғыз тұра алмайтын болған соң, «Барнауыл» көшесiндегi үйдi тастап, қаланың ортасындағы екi бөлмелi пәтерiне келiп қоныстанды. Әр нәрсе марқұм Жанатты есiне салып, қаяу мұңнан көзiнiң жасын төгiп-төгiп алады. Бiрақ адам ит жанды, кеудеңнен шыбының шықпаған соң сүйретiлiп жүресiң де қояды екенсiң. Сырты бүтiн, iшi түтiн жидiген қалпы уайымға малшынып, тiрмiзiктiкпен күнелте бердi.
Бiрiнен-бiрi аумайтын сүреңсiз тәулiктер кезекпе-кезек қайталануда. Жұмысқа барады, сол iзiмен керi қайтады. Тiрлiгi де әбден үйреншікті сарынға түскен. Тек соның ырғағы жақында бұзылғандай болды. Араға айлар салып, ара-тұра қатынайтын Ұлан соңғы бiр келгенiнде бұл күтпеген әңгiменiң шетiн қылтитты.
— Гүлмира, — дедi томсарып отырып, — менi екi адам жақсы бiлсе, соның бiрi — сенсiң. Ал жалғыз адам бiлсе, онда да — сенсiң.
Бастапқыда немқұрайлы тыңдаған әйел, бiр сәт елең ете қап, мұның сөзiне ден қойды.
— Өмiрдiң бiраз ұңғыл-шұңғылын көрдiк. Жазымыштан асып, ешқайда бара алмайды екенбiз. Бала кезден бергi досым Жанаттан айырылдым. — Ауыр күрсiндi. Сөзі үзіліс тапты. Жан қалтасынан темекiсiн шығарып, бір талын ерiнiне қыстырды. — Сен жарыңнан көз жаздың. Басың — жас. Бүгін болмаса ертең тұрмыс құратының, бiр құдайға аян. Өлгеннiң артынан өлмек жоқ. Ол үшiн сенi ешкiм сөге де алмайды. Жыл уағына дейiн артын тостың, асын бердiңдер. Ендi тұрмысқа шықсаң, маған шық.
Бұл Гүлмираның үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн нәрсесi. Мына сөздiң уытынан басы мең-зең боп, есеңгiреген қалпы сұлқ қалды. «Осы бәтiрдің шыны ма?» дегендей бажайлап Ұланға зер салып едi, ол көк түтiндi құныға жұтып, қаперсiз кейiпке енiптi.
— Жо-оқ. — Кекештенiп барып сөзiн бастады. — Мен қайтара тұрмыс құру жайын ойланбаппын. Жүрегiме түскен қасiреттi қайғының зәрi әлi қайта қойған жоқ. Бiрақ, бiр еркектiң етегiнен түбi ұстармын. Әйткенмен, ол еркек сен емес сияқтысың...
Бұдан ары қарай Ұлан да қузап дәнеме сұрамады, әдеттегiдей кәкүр-шүкiр әңгiмелерi де жарасым таппады. Жiгiт орынынан тұрып киiндi де, сыртқа беттедi. Табалдырыққа таянғанда артына бұрылып, жай ғана «сау бол» дедi. Гүлмира сыпайы басын изеп, босағаның аузында қала бердi.
Кездейсоқ ұсыныс көңiлiн күтпеген жерден дал-дал еттi. Ақыры шыдамай бұл жайтты Гүлжанға бiлдiргенде, ол да қапелiмде мандытып дұрыс байлам жасай алмады. Ендiгi тұста екеуi бiрдей осы мәселенiң төңірегiнде бас қатыратынды қадетке айналдырды.
— Бiр жағынан Ұландiкi дұрыс та шығар, — деп бастады бiрде екеуден-екеу шай iшiп, шүйiркелесе сыр ақтарғанда, — ол сенi жақсы бiледi... Әрi, ешкiммен шатасқан қақ-соғын естiген жоқпыз. Дұрыс жiгiт сияқты.
Бұл уәжға Гүлмира не дей қойсын? Сапырылысқан ойының ешбiрiне жiп таға алмай, дiңкесi құрыды. Бiр байқағаны, өмiрге деген қызығушылығы қайта артқандай. Қара түнектi шымылдық ысырылып, томағасын алған ұябасардай айналасына сергек назармен ден қойды.
Осындай серпiлiстiң самалы лүп еткенiнде, «Нұрмира босанды» деген хабар тидi. Сондағы қуанышын айтып жеткiзу қиын. «Әлде қайтедi?» деп қорқып жүр едi. Шаттықтан ебiл-дебiл жылады. Есiне Элмираны алды. Көз алдына әжесi, әкесi, шешесi оралды. Бiр тұсынан жүрегi ауырды. Дегенмен, қасiреттi бiрте-бiрте қуаныштың салмағы баса бердi. Сөйтiп, әзер байыз тауып, ертеңiнде-ақ Торғайға ұшты.
Ол жақта бiр жұмадай аялдап, айдыны тiптен тасып қайтты.
Қаңтарбай мен Нұрмиралардың кiшкентайлары ұл екен. Мұның келгенiне екеуi мәз боп, әсiресе туыт үйiндегі Нұрмира айырықша масаттанды. Әбден сағыныпты, мойынынан тас қып құшақтап айырылмай бiраз тұрды. Сосын барып, шөпiлдетiп бетiнен сүйе бердi. Жанарларынан аққан моншақ-моншақ жас қойындарына құйылды.
Айырылысу да сондай қиыншылығына шомылдырды. Ұшақ жерден қайқаң етiп көтерiлгенiнде, бетiн сызып келiп бiр түйiр жас тырс етiп тiзесiне тамды. Қалған дымды сұқ саусағының ұшымен iлiп алып тастады. Дегенмен, сыңарының тұрмыс жайын көзiмен көрiп, тоғайып қалды. «Сағынармын. Сағыныштан адам өлмес. Нұрмирашым жыламай, бақытты ғұмыр кешсе екен» деп қорыды.
Ұшақ Алматыға келiп қонғанда Бiтiмдер қарсы алды. Дегбiрi қалмай Гүлжан бастырмалатып, Нұрмираның жайын сұрап жатыр.
— Бәрi жақсы, — дедi Гүлмира жайраң қағып. — Саған дұғай-дұғай сәлем айтты.
— Жүдемеп пе?
— Кiшкене азғаны байқалады. Қол-аяғын бауырына аларда бiраз қиналғаны аңғарылды. Әлсiз. Дәрiгерлер бiр айға дейiн күнде үйіне келiп тұрады.
— Аман болса екен, күнiм! Кiшкентайы қалай?
— Қап-қара. Қолдың басындай ғана.
Гүлжан сықылықтап күлдi.
— Өмiрi күйеуге тимейтіндей жүрушi едi, кiшкентай да сүйдi.
— Өзiңде не жаңалық?
— Ұлан келiп кетiптi. Бiз үлкен үй мен Нұрмира екеуiңнiң пәтерлерiңдi аралап шыққанбыз. Сенiң есiгiңнен бiр түйiртек қағаз тауып алдық. Осыдан үш күн бұрын жазыпты. Мiне, — деп, кiшкене ақ сөмкесiн ақтарып, тiлдей ғана шиыршықталған қағазды бұған ұстатты.
Жалма-жан бүктеуiн жазды. «Сәлем, Гүлмира! Бүгiннiң өзiнде осымен екi келдiм, жоқсың. Талғарға кетiп барамын. Бiр-екi күнде хабарласамын. Сәлеммен: Ұлан. 16.03.90 ж.» деген екi-үш ауыз сөздi ғана оқыды да жүрегi аунап түскендей әсердi басынан кештi.
Әп дегенше Бiтiм бұларды үйге де алып жеттi. Үшеуi шай iшкен соң, олар балаларына асығып үйлерiне қайтты. Гүлмира қоңырайып, тағы да жалғыз қалды. Қанша ойламайын десе де ерiксiз жадында Ұлан жайлы жайт көлбеңдей бердi. Бiр түрлi оған аяныш сезiмi оянды. Сосын жалғыздықтың жырасында жабыққан өзiнiң жетiмсүрей жайына жаны ашыды. «Байқұстың сары ізіне түсіп, соңынан жүргенiне де екi жыл таяныпты. Осы аралықта көкейiндегiсiн мәлiмдеуге батылы жетпей булықса керек. Қалай оның жүрiс-тұрысынан iшкi ойын аңдай алмадым? Бiрақ, ол кезде ондайды байырқалай қоятын менде сана болды ма? Әбден сырын өзi «әшкерелемейiнше» бұл бейбақта арғы-бергiге түйiн жасайтын түйсiк те қалмапты. Рас, от түтету керек. Әйткенмен, кiмнiң қолына бұйдасын сенiп тапсырмақ? Ондай пиғыл бiлдiрген еркектер көп, бәрiнiң бетiн қайтарып тастаған. Ал, Ұлан, олардың қатарында емес. Оған деген мұның көкiрегiнде, өзiне де беймағұлым бiр үргедек сезiмнiң бой көтергені мәлім».
Сансырап жатып ұйықтап кеткенiн де аңғармады. Тек бiлетiнi, сол кешкi ойы, бiрыңғай Ұлан жайлы ғана. Түнде түс көрдi. Түсiнде де Ұлан екеуi туралы шым-шытырық бiр бәлелердi былықтырды. Алыстан Жанатының да бейнесi көзiне шалынды. Ол бұған тiл қатпады. Соған жүрегi ауырып жатып оянды. Сосын бүгiнгi күн жұма екенi есiне оралды. «Мешiтке барып құран оқытып, садақа берейiншi» деп түйдi.
46-ТАРАУ
Ойлағандары iске аспаған қотиындар тым ашулы-тын.
Жығылған үстiне жұдырық боп, сол күні бесінде Нұрмираға барғандар қырағы сақшыларға тап кеп, ештеме өндiре алмады. Әлгiлердi көрген соң сыртынан торуылдап, шарасыздықтан бармақтарын шайнайды. Ақырында дәрмендері таусылып, қыңсылама қасқырдың тұқымындай қыңсылап-қыңсылап қайтады.
Мұны естiгенде Дайрабайдың тiптен қабағынан қар жауып, өрт сөндiргендей түтiктi. Әмбе, анау-мынау емес, Алматыға айпарадай атағы мәлiм Асығаттың өзi, сойдауылдай жiгiттерi сапқа тұрған. Оларды киiп-жарып кету, бұлардың қолынан келе қоятын оңай-оспақ шаруа емес. Бiтiмдесу үшiн де батылдық қажет. Кiпараттары жай адам тұрмақ соқырға анық бiлiнген соң, құйрықтарын бұтына қысып, артынан пысып лақпаға ұшырады.
Өткенде ана сөлпеңбайдың Талдықорғаннан екенiн естігеннен кейін, әдейi бағыттан жаңылдыру үшiн Үйгентастың атын атаған. Әйтпесе, Әбдiрахманның ауылы — Үңгiртас. Солары, ендi байқаса, әбден дұрыс болыпты. Бiр жерден титтей кiнәрат кетсе, үлкен кесiрлiкке соқтырары қақ.
Асығат қолына түскендi аяай қоятын иi жұмсақтардың қатарынан табылмайды, қабырғасын сөгiп, қажырын қақырататын қайсар. Сонда да Дайрабай Бiдiрәлiнi бас етiп, көздеген нысанаға кiрiп-шыққан адамды назардан таса қылмауды қатаң табыстады. Оны жiбермес бұрын алдымен айбат танытып, Гүлжанға телефон соқтырды. «Үйге анықтағыш қойылуы мүмкін» деп жорамал жасаған. Көшеден хабарласып едi, айтқандай нөмірді жаза қоятын бәлесi сыңғырлай жөнелді. Аңғырттыққа ұрынғанында, бiрi кiрiп-бiрi шыққан қорқор қызықтаушылар қотанын баса көктеп, Асығаттың жiгiттерi төпейтiн едi. Сауысқандай сақтығынан ол бәледен құтылды. Арғы жақтары тұрысуға шыдамай қаймықса да, оларға iз-түзi беймәлiм болған соң, ауылдың iргесiнде құйрықтары қайқайған дүрегей төбетше айбаттанып сөз сөйледi. Гүлжанға айтқызып бiр қорқытса, Дайрабайдың өзi өкiреңдеп және бiр қыр көрсеттi.
— Бәрi-бiр сенi әкетемiз. Әрi-берiден кейiн Әбдiрахман жоғалса да, басқа жiгiттер құрып қалған жоқ. Әмбе түрмеде отырғанымен де саған үйленбекшi, үйленетiн адамға ол жерде де мұрсат бар. Тiптi, бiз оны қаңсытып қаматып қоймаймыз, ертең-ақ ортамызға оралады. Сол кезде көкеңдi көзiңе танытады. — Онысыз да көңiлiне қыпыл енген бәтiрдiң зәре-құтын алды. — Ана жаныңа үйiрiлген жасауылдарды тарат! — деп те тепсiне ақырды.
Бiрақ, мұнысының бәрi баланың ойыны, бос әурешiлiк екенiн бағамдаған жайсаң — жаңа, басқа қулыққа көштi. Iшкi iстер бөлiмiнен сапары оңғарылмай қайтқан, оның үстiне мына бәле жолына көлденеңдеп маңдайы тырысқан тазқарадай таңқы неме, қолындағы жетiмсiреген жәдiгерге шүйлiктi.
— Ана қаншығыңа ескерт, жанындағы жендеттерiн таратсын! — Кiшкентай қарашығы ойнақшып, байыз таппады. Сұсты сұғымен iшiп-жеп, жүзiндегi ызбарын аяздай батырады. — Әйтпесе, мұның соңы жақсылыққа апармайды.
— Оның қасында жан пенде болуы тиiс емес, жаны ашитын ешкiмiмiз жоқ. — Дәнеңеге түсiнбеген дегдар ағынан жарылды.
— Ой, шикiн-ай, ә-ә, жаман қатты панасызсыңдар... — Жүзiн жымысқы күлкi жайлаған қалпы сәл мүдiрдi. Аузына қайдан түскенiн кiм бiлсiн, «әкең қайда iстеп едi?» дедi жақсылықтың нышанын танытпай.
— Түрмеде... Алматы түрмесінiң бастығы болған...
— Мiне, мiне. Шындыққа ендi келе жатқан сияқтымыз. Бәсе, бас-басыңа пәтер қайдан бiткен десек, — сұп-сұр кейiпке енiп, сұрлана қалды, — халықты тонаған, қорқытып-үркiткен сыпайы мемлекеттiк қарақшының қызы екенсiңдер ғой.
Осылай зәрiн төктi де, бөлмеде ерсiлi-қарсылы сенделді. Бос теңселмейтiн тәрiздi, ой мен болжалы тиянақ таппай салқар сауалдың жетегiнде жүргендей. Бiр кезде барып:
— Әкеңнiң досы бар ма? — дедi шүйлiгiп.
— Бар.
— Қайда iстейдi?
— Iшкi iстер министрлiгiнде.
Осы сөздi естiген соң ғана сұмпайының бетiне қан жүгiрдi. Лекiген қуанышын бiрден сыртқа атқалақтатпай, дiзесiн батырған қорғансыз екеудiң қасында шайқалақтады. Тығырықтан шығар жол тапты ма, қызыққа кекiрелеп тойған сәуiрiктей дүбiне дүркiредi.
— Қазiр Нұрмирамен хабарласасың. Осылай да осылай, қапысын тауып телефон соғып тұрмын. Папамның жолдасы... аты кiм едi? — Бiр-ақ қарпып асайтын арыстандай ақыра түйiлдi.
— Алмасбек...
— Папамның жолдасы, Алмасбек ағамен байланыс, — сөзiн әрмен қарай сабақтады. — Барша жағдайды түсiндiрiп айт, бiздi құтқарсын деп қатты табыста. Телефоны мынау деп, мына нөмiрдi бер: 39-64-72. Айтқандайын, — қан түленген кескiнiн өзгертпей бедiрейе қадалып, сәл бөгелдi, — ол адаммен жиi хабарласып тұрушы ма едi?
— Нақты бiлмедiм... — Бұл неменеге қажет болды деген ұшқалақ ойына дәйектi дәнеңе таба алмай, дағдара Дайрабайдың сауалдарына жауап қайырды. — Оның бiреудi iздей қоюы қиын.
— Iм-м... — Мекiренген саулықтай ыңыранды. — Жарайды, оған онша бас қатырудың қажетi шамалы. Егер, «телефоны бұлай емес басқа едi ғой» десе, «өзгерген» деп жауап бересiң. Менiң үйреткенiмнен артық-ауыс сөз айтсаң, желкеңдi қиямын.
Қызыл iңiрде құмарпаздардың қағандығы қотарыла көштi. Олар ешқашан бiр жерде бiр күн, ары кетсе екi тәулiктен артық тұрақтамайды. Келiп қоныстанулары қандай тез болса, iзiм-ғайым жоғалып кетулерi де сондай аяқ асты. Өйтетіні — бiреу болмаса бiреу ызы-қию шудан сезiктенiп жүрер деген сақтықтары. Құдайға шүкiр, жағдайлары жаман емес, Алматыда өздерiне тән тоғыз үйлерi бар. Бұл — ешкiмнiң көзiне түспей, сауық-сайранды кеңiнен салуға мүмкiндiк бередi.
Құзырындағы тұтқындардың көзiн бұрынғы әдiс бойынша таңып алып шықты. Содан жаңа қонысқа жеткенше, «су соқыр» күй кештi. Бiлеуiттер жiнiгiп бiр түн ат көпiрiн шығарған төрт бөлмелi үй, жау шапқан соғыс даласындай ойран асыр боп, төбесi ортасына түсiп, азынап қалды.
Гүлмираның көңiлiн алабұртып, мазасын қашырған нәрсе — Iлиястың жайы. Оң тiзесiн кеулеген iсiк шоқпардай жасады. Етi ал қызыл реңге енiп, алаулап жанып тұр. Төмен, тобығына шейiн быттиып, саны — ашыған қамырдай быржиған. Сәл бүгiлiп қабынған аяқ, ешқандай қозғалысқа көнбейдi — шошқаның мойынындай.
Мына үй кешегiден де үлкен, даңғыраған бес бөлме. Жиһаздары да жұтынып, қарамасыңа қоймай мен мұндалайды.
Нәумез немелер жем жеп үйренген малдай, қараңғылықты жамылып, жинала бастады. Сiлiмтiктердiң сүрепеттерi сүйкiмсiз-ақ: бiрi шашын алу-далу жiберсе, бiрi төбесiне айбалтаға ұқсас айдар қойған, қайсiбiрi басын ұстарамен жылтыратып алып, тура шүйдесiне бiр шөкiмiн қалдырыпты. Онысының ұзындығы қарыстай. Әлгiсiн әспеттеп, резеңкемен түбiн түймiштеп тастаған. Бәйгеге қосылатын аттың кекiлiндей едiрейедi. Киiмдерi де сан алуан.
Жын ойнақ басталып кеттi. Сайтандар сәңкiнi салмас бұрын Гүлмираны дедек қақтырып көшеге апарып, Бiдiрәлiлер Дайрабайдың тапсырмасын орындатқан. Қайтып кеп, iшке кiрiп көзiн шешкенде — қиямпұрыс, тентек топты көрдi. Өткен түндегiден бүгiнгi беттерi тiптi жаман, жүрегi жарылса да ылыққан ыбылыстардың ортасында түнемеуге әддiсi жоқ. Үргедек сезiмi алып қашып, көзi бақырайып, iлгерi жасқана аттады. Қыңсылаған, айқайлаған, бақырған-шақырған әңгүдiк дауыстар. Бәрi ғайыптан тайып жан бiтiп, көрден тұрған аруақтардай — тыр жалаңаш. Дегенмен ұсқындарына бойы үйренiп, жүзi кешегiдей өртене жанбады. Араларынан асығыс Гүлжанды iздедi. Ол — залдағы қалыңның ортасында екен, сiлесi қата тырқылдап күледi. Гүлмира тез жанарын тайдыра қойды. Өзегi аяздай шытынап, борандай ұлыды. Уәсуәлi, азғырынды сөзге ерiп, қайран құрбысының қор болғанына жүрегi жырым-жырымы шығып жыртылды.
47-ТАРАУ
... Жүйрiк уақыт қашағандай құрық салдырмай араға тағы бiр жарты жылды тастады. Осы мезет пендесіне көп шешiмдердi қабылдатып, бiраз ұйғарымды өзгерттi. Солардың бiрi Гүлмира мен Ұлан едi. Екеуi ендiгi қалған ғұмырда қол ұстасып қатар жүруге уағдаласты. Сөйтiп, қос тағдыр бiр шаңырақтың астында, бiр арнада түйiстi.
Ұлан бұрын байқамапты, байқаса да ден қоймағаны ма — бөлме толы Жанаттың суретi екен. Бастапқы кезде соның бақшасына ұрлана қол салғандай, тым ыңғайсыз халге ұшырады. Осындай күй кешiп тұрып, Гүлмирамен бiр төсекте жату ауыр соқты. Бiрақ, шариғат жолында да бiр жылдан кейiн жесiр әйелге тұрмыс құруға ұлықсат берiлетiнi есiне оралып, өз-өзiн тиыштандырды.
Әрі осындай секамал халде жүрiп, келiншектiң көңiлiнде кiдi барын аңғарды. Ол беймазасыздық мұныкiнен әлдеқайда терең, әлдеқайда ауыр едi. Өзiнiң пендешiлiк елп еткен сезiмiнiң ырқынан шыға алмай, топанның толқынымен кеткенiне Жанатқа деген мүбәрак ары жанын қыстап, буындыратын тәрiздi.
— Сен тым жүдеусiң, — деп бастады сөздi диванда отырған Ұлан, шашын тарап тұрған әйелiне қарап. — Ол, әсiресе, бұрымыңды тарқатып жiберсең қатты байқалады.
— Саған менiң шашым ұнамай ма?
— Неге олай дейсiң? Қайта осы көмірдей қара шашың ең алғаш сенiмен жүздескен адамның көзiне түсiп, көкiрегiнен жанын суырып алады. Тек айтайын дегенiм, шашың тарқатылып арқаңды жапса, әсте нәзiк көрiнедi екенсiң.
— Онда, келесi жолы сенiң алдыңда шашымды тарамаймын.
— Жо-жоқ, сүйiктi әйелдiң барлық қылығын назарыңнан таса еткiң келмейдi. Қайта осы бейнең әсерлi. Маған ұнайды.
— Рахмет. Бiрақ өмiрдi көрiктi келiншектiң қасыңда болғандығыңмен өлшеме.
— Сен бұл жалғанды бағаламайсың ба?
— Бiлмеймiн... — Әйел мойынын қисайтқан қалпы шашын екi қарыстай өрiп кеп, сол жақ омырауына түсiрiп, креслоға жайғасты да күйеуiне қараған қалпы шаруасын жалғастырды. — Соңғы жылдарда шектiрген жапасы жүрегiмдi әбден шайлықтырды.
— Ол сондай бiр кесiрлi кезеңдер шығар. Мен сенi бақытты етуге тырысамын.
Әйел мына сөзге мейiрлене жымиды. Бiр уақ мейманасы тасыған кепке ендi.
— Сен — сұлусың. — Ұлан ойын әрмен сабақтады. — Ақылға салса сұлу қыздар, өзiнiң сымбатты әрiн болашағы үшiн ұтымды пайдаланады.
— Сонда, бетiнiң мөрiн күйеуiне езiп iштiре ме?
— Жоқ. Сол сұлулыққа сай қылық көрсете бiледi.
— Оны көретiн күйеуiңде көз болса?
— Сен соқырға тиюге ұмтылма.
— Ешкiм ондай саппасты қаламас. Бiрақ, алғашқы албырт, алып қашпа ақылына ешқандай кедергі аужал бола алмайды. — Орынынан лып етiп тұрып, ас үйдегі «қайнадым» деп сарнай жөнелген шәугiмнiң астын өшiруге беттедi. Барды да тез оралды. Сосын ерінің қасына отырды.
— Сен құдайшылыққа сенесiң бе? — Ұлан әңгiменi басқа арнаға бұрды.
— Сенемiн. Әсiресе соңғы кезде.
— Дiни наным дұрыс. Мұсылмандар суреттi онша ұната қоймаған.
— Оны неге айттың? — Гүлмира Ұланға жалт қарады.
— Анау, марқұмның бейнесiн алып тастайық.
— Сен не, аруақтан қызғана бастадың ба?
— Жо-жоқ. Ол менiң досым ғой, бiзге бiртүрлi қарап тұрған тәрізді. — Абдырай тiл қатты. — Екеумiз де оның алдында кiнәлi сияқтымыз...
— Олай десең дұрыс. Мен оны мәңгi сүйемiн...
Екеуi бiрдей күрсiндi. Әйел сүйiктiсiмен қатар жүрген күнiн аңсап, жiгiт соңғы сөздiң өзi үшiн ауырлығынан күрсiнгендей.
— Мен сенен шариғатқа көз қарасыңды сұрағаным да сол. Ендiгi тұста екеумiз ерлi-байлымыз, марқұмды мазаламай-ақ қояйық.
Гүлмира орынынан түрегелдi де қабырғадағы, теледидардың үстiндегі, серванттың сөресiндегi суреттердi жинап, суырманың бiрiне тастай салды.
— Сен ренжiп қалдың ба, жаным? — Ұлан қасына таянып, ту сыртынан құшақтап, бетiнен сүйдi. — Әлi-ақ екеумiз үйренiсiп кетемiз. Кiшкентайымыз болғанда тiптi ол туралы ұмытарсың.
Келіншек мейірлене күлді.
Өңi кiрiп, жаймашуақтанған өмiрлерiн тiтiрендiрiп, тағы да суық хабар бұрқ ете қалды. Ленинградтағы нағашы әжелерi дүниеден озыпты. Гүлмираның тұрмысқа шыққанын, Нұрмираның босанғанын естiгенде қатты қуанып едi, жарықтық. Сыртта жүрсе де ол кiсiнi Гүлмира үлкен арқа сүйер адамы тұтатын. Ендi, мiне...
Торғайға телефон шалып, ақылдасты. Ол жақтан Қаңтарбай мен әкесi Ленинградқа ұшатын болды. Бұл екеуi Алматыдан ұшаққа мiнбек.
Зибаш әжелерiн де қара жердiң қойынына тапсырып қайтты. Сол жақта жетiсiн өткiздi де, үйдi жауып көршiлерге тапсырып, керi оралды. Содан берi Гүлмираны бiртүрлi бойкүйездiк жайлады. Құдай жаратқан ашық мiнезiнен айырылып, еңсесін жазбай иiнi салбырады. Бастапқы кезде қазаның қасiретiнен бе деп топшылаған Ұлан оның жарқ етiп серпiлгенiн көрмедi. Қаншама көңiлiн аулап, барын салса да бәрi нәтижесiз аяқталды.
Апталар өтіп, айлар жылжыды. Ендi оған Ұлан шамдана бастады. Бiр кездегi құмарта жақсы көрген сезiмi сарқылып, тартылып бара жатқандай. Ептеп арақ iшудi шығарды. Қоңырауды кешiгiп қағатын болды. Келе қақтығатынды әдетке айналдырды. Бүгiн де сөйттi.
— Сен менi жақсы көрмепсiң, аяушылықпен ғана тұрмысқа шыққан сыңайлысың.
— Ұлан, сабырға келшi. Менiң қайбiр шекем қызып жүр? Әйел, еркектен жылу мен қамқорлық iздейдi. Сол мейiрбандықты сенiң жүрегiңнен табамын деп, өзiңмен қол ұстасуға бейiлдiк таныттым ғой. Мен әбден қасiреттiң қамытынан ерғашты болған адаммын, сынық көңiлiмдi жамауға шыдамың жетпедi ме? Жаралы жүрек екi-үш жылсыз, гүл жармас.
Ұлан алайып қарап тұрды да, сенделе басып жатын бөлмеге өтiп кеттi. Бiраздан кейiн соңынан кiрген келiншегi, оның қорылдап ұйықтап жатқанын көрдi. Күлiмсi арақ пен темекi исi мұрынына жеттi.
Осыдан бiр-екi күннен кейін Гүлмира жұмыстан келе жатып, тролебуста басы айналып, құлап қала жаздады. Жанындағы егде орыс әйелi болмағанда, еденге былш ете түсер едi. Буынынан айырылып, сырғып жығыла бергенінде мұны қапелiмде сүйеп үлгердi. Сосын:
— Мына келiншек нашарлап қалды. Сiз, орын босатпас па екенсiз? — деді.
Онысыз да бар жайды сырттай көргендер сөзге келмеді.
Шамалы уақыттан соң кiшкене жеңiлдендi. Осыдан соң байыпқа салып, арғы-бергiнi екшедi. Бәрiн жақсылыққа жорыған. Бiр жағынан жүрегi лүп етiп қуаныш сезiмi жүгiрiп өтсе, екiншi жағынан үрейдiң әп жыланы айыр тiлiн сумаңдатты. Ертеңiнде жұмысына барып қаралып едi, таныс дәрiгер әйел күле тіл қатты.
— Ендi жетi айдың ар жақ, бер жағында шiлдехана жасайсың. Сонда менi ұмытып кетпе.
— Жо-оқ, несiне ұмытайын. Рахмет, жақсы лепесiңiзге, — деп, Гүлмира шығып кеттi. Сосын үйге жеткенше асықты. Жаңалығын тезiрек күйеуiне айтпақ. Әттең-ай, бұл алып-ұшып жеткенiнде iздеген адамы орынынан табылмады. Әне-мiне кеп қалады деп, көңiлi алаңдап, iстеген шаруасы өнбедi. Ештеме тындырмаса да күйбең-күйбең жүрiспен түнгi 11-ге жеттi. Ұланның төбесi көрiнер емес. «Шаруам бар» деп те айтпап едi. Бiр кезде селк еткiзiп, мылқау қоңырау сарнай жөнелдi. Атып тұрып есiкке жүгiрдi.
Табалдырықтан күйеуiнен бұрын арақтың исi бiрiншi iшке ендi. Мұны көрiп масаң қалыптағы ол, бетi көлдей боп ыржиды.
— Менi ойладың ба?
— Иә. «Қайда жүр екен?» деп ойладым.
— Жоқ, сен менi қаперiңе де алмаған шығарсың. Сол бiр асыл арманыңды кеудеңе бесiк қып бөлеп, қызықты шағыңа елітiп отырған шығарсың, аһа-һа-һа! — Үйдi басына көтерiп қарқылдай күлдi. — Әдейi сенiң уыз сәтiңдi бұзғым келмей, бөгелдiм.
Гүлмираның өңi құбылып, ашаң жүзі күреңітті. Бағанадан бергi айтпақ боп асыққан қуанышты жаңалығы жайлы, ендi, тiс жарғысы келмедi.
— Ұлан, кел шешiндiрейiн. — Пальтосын иығынан сыпырып ап, киiм iлгiшке iлдi. Малақайын ол өзi жоғарыға қойды.
— Киiмiңдi ауыстыр. Тамақ та, шай да дайын.
Күйеуi түк те естiмегендей iшкерiге өте бердi. Келiншек ас бөлмесiне беттедi.
Екеуi ауқатты көңiлсiз iштi. Гүлмираның көкейiнен жаңағы ауыр сөздiң салмағы кетер емес. «Жайымды бес саусағындай бiледi ғой. Неге менiң азалы жанымды ұңғуырлай бередi? Етегiнен айырылмай жабысқан мен бе екем? «Жанаттың досы, бiреу басымды құрметтесе осы құрметтер» деп ойлап, ұйғарым жасауға бұл сөзiмен де, iсiмен де мәжбүрлемедi ме?»
— Тағы да кiм туралы ойлап кеттiң?
Әйел селк етiп, тез есiн жиып алды.
— Екеумiз туралы. Соңғы кезде сен неге бұлай өзгергеніңе қайранмын.
— Мен не болыппын?
Әйел үндемедi. Өйткенi Ұлан бұған жиренiштi жанарының қиығын төңкердi. Сосын, тiлiнiң ұшына үйiрiлгенiн айтқысы келмей ірікті.
— Жаман қатты екеумiздiң жайымызды ойлап отырған шығарсың? — Алдындағы табағын ысырып тастады да, дастархан басынан түрегеле бердi. — Өлсе де сенi бiржола оқытып кеткен екен.
Гүлмира жалт қарады. Ыстық жастың көзiнен ыршып түскенін де байқамады.
Сол түнi екеуi екi бөлек ұйықтады.
48-ТАРАУ
Секемал қалпы iлгерi жасқана аттады.
Қыңсылаған, айқайлаған, бақырған-шақырған әңгүдiк дауыстар. Әмбесі зауқайыр жан бiтiп, көрден тұрған аруақтардай — лыпасыз.
Тез-тез басып Iлияс жатқан түпкi бөлмеге асықты. Кенет, жол-жөнекей ашық тұрған есіктің арғы жағынан таныс бiреудiң бейнесi көзiне оттай басылды. Назарын тiктегенде бiрден бiлдi — Серiк. Шойын креслоға шандып тастапты, анадан жаңа туғандай. Басы бiр жақ иығына қарай құлап, төмен салбыраған. Аузынан ақ көбiгi бұрқырап, сiлекейi жалаңаш қарынын жалтыратып жiберген. Бетi тыржыңдап қозғалады, әлденәрселердi айтып сөйлейтiндей... Көзiнiң қарашығы тоқтамай, шарасынан атып кетердей шыр көбелек айналып, алақ-жұлақ етедi. Мұрты едiрейiп, у жеп өлiп бара жатқан тышқанның езуіндегі жыбыр-жыбыр қылын елестетедi...
Онысыз да әбден зәрезап болған әйелдiң төбе құйқасы шымырлады. «Осылар Iлиясқа ұрынып, шұрқан шығармаса жарады» деген екiұдай үрейдiң жетегiмен ыпыл-жыпыл жүгiре басты. Зәтте бейшара жолдасын орынынан тауып, аптыққан жүрегi саябырлағандай. Сонда да жаңағы сурет, оңайшылықпен естен кете қояр көрiнiс емес. Өз-өзiне келе алмай, басы зеңгiдi.
Бiр кезде Серiк те осы үйiрдегi апиынкештердiң талайын «инеге отырғызып» едi. Нашақорлардың қатары көбейгенiне, құмарпаздардың өздерi қатты қуанады. Әрi, әлгiндей жаңа адамның кекiрелеген бұларды ләззатқа кенелтер тұстары да бар, сондықтан да құштар.
«Қонақтардың» құрыған ындынын жабуға қызметшiлерi мiндеттi. Әсiресе олар уыстарына байлардың, үлкен бастықтардың балаларын түсiргендi қалайды. Өйткенi, көп мәселе солардың қолымен от көсеу арқылы шешiлiп те қалады. Оның мәнiсi: бардың аты — бар, бұлардың қалтасындағы қаржыға салмақ салмай, өзiнiң құрыған құлқыны үшiн көп жағыдайда әлгiлердiң айтуымен үйiнен ақша әкелiп тұрады. Бiрдеме бола қалса, заң орынына солар арқылы тойтарыс бергенге де жақсы.
Қара пиғылды көкейлерiне мықтап түйген мәттақам екi-үш жiгiт машинаға мiнiп, көше кезедi. Қол көтерiп, таксидiң зары өткен бiрлi-жарым адамның қасына тоқтай қалады. Онда да жас-кәрiсiне қарайды, керегi — жастар. Қайда апар десе де келiсе кетедi. «Мен қазiр жолдан түсетiн едiм» деп, арттағы екеудiң бiреуi шетке отырады. Асыққан жолаушы оған мән бере ме, ортаға жайғаса салады. Былай шыға бере екеуi екi жағынан пистолеттің ұңғысын тірейді. Жасыту үшiн жанына батыра бес-алты рет түйгiлеп, ұрып та жiбередi. «Айтқанымызды iстемесең — өлтiремiз» деп, тепсiне ақырып, сағын сындырып, керек жағына тартады. Әдеттегiдей, мекендерiне таянғанда көзiн байлап, ештеменi көрсетпей әкеледi. Әкеледi де жұдырықпен түймiштеп, креслоға таңады. Қол-аяғы маталған соң зәрлi сұйықтың мөлшерiн көп етiп жiбередi. Бiр-екi күн есiнен тандырып ұстаса бiтiп жатыр, бас бiлген асаудай көндiгiп, өзiнен-өзi «шырықты» топтан шыға алмай қалады. Өйткенi адам ағзасы жаманшылықты тез қабылдап, тез мойынсұнады. Бiр жұмадан кейiн еркiне жiберсе де, ордалы жыландай ордасын табады. Серiктер сөйтiп, ит ататын орыстардай адамдарды талай аулап едi.
Бұл — бiр ғана жолы, алуан-алуан айласын тапқан.
Анау апиынкештердiң бассалы — «пагонды» бiлеуiттiң құшағындағы қара шашты орыс қызының жiгiтi де осында. Ныспысы — Федор, әуелi Ирина екеуi әне-мiне оңаша от түтеткелi жүрген. Ол кез тым шуақты-тын. Жаздың ай қорғалаған түнiнде қол ұстасып қыдырған — бiр керiм. Екеуi салтанатты да сүйкiмдi шақты қалай қисын, сол түнi де риясыз сыр ақтарысып келе жатты. Адам аяғы сирек, ну тоғайға бойлап енгендерiн байқамады. Байқаса да мән бермедi. Кенет, ағаштардың арасынан бес-алты кісі атырылып шығып, қаумалай алды. Ай-шай жоқ жабыла кетiп, сейіл құрған екеуін үн шығаруға шамасын жеткiзбей жәукемдеп тастады. Ауыздарын бiтеп, көздерiн таңып қалтарыстағы машинаға салды.
Түн қараңғы, тоғайдың ортасы одан да қоюлау — ешкiм бiлмедi.
«Үр жаңаларды» әкелдi де ынсапсыз ашылған аранға тығын жасады. Қазiр Ирина Федорға, Федор Иринаға көптiң бiрi секiлдi. Бiр кездегi араларындағы шынайы махаббат, мөлдiр сезiм атымен ұмытылған. Қыз — ар-ұяттан ада, көрiнгеннiң аяқ лауы. Жiгiт — «жауыр мен жауыр қасынысып табысатын» жұрынға, тексiз тұғырға айналды.
Екеуінің обалына Әбдiрахмандар қалды.
Тек қана бұлар емес талай ашық ауыздарды саудалап, шетелге өткiзiп те жiбердi. Әуелгіде туристiк фирмалар арқылы Түркия, Пәкiстан, Үнді, Тай, Малай елдерiне апарып, азын-аулақ жұмыс істетіп, алғашқы кезде қомақты олжамен оралтқызды. Келесi жолы олардың өздерi құлық танытып, тағы да ақша табуға ықылас бiлдiрдi. Демін ішіне тартып, осы шақты қанқұйлылар да асыға күтулi едi. Күмәнсіз бәтiрлер бұлардың ордалы жылан сияқты бiтiсiп жататын, әлемдi жаулаған сұрқиялар үйiрiнен екенiн қайдан бiлсiн. Екiншi қайыра барғандардың көбісі қайтпай қалатыны сондықтан да заңды-тын. Соңыра, араны айлар аралағанда барып газеттерде iздеу салған құлақтандырулар жүрдi.
Өзiм бiлемдiкпен әке-шешенi тыңдамай бетiмен кеткен бойжеткендер, сол жақта бiр жола апиынкештердiң ашынасына айналып қала бердi. Қазiр соры қайнаған сол бейшаралар қайдан тұрып, қайдан келгенiн де ұмытып кеткен. Ендiгi тұста әлгiлерге бауыр да, бала да қажет емес. Өйткенi, оны ойлайтын түйсiктiң бәрiн тажалды заһар уландырып, шайып бiтiрген.
Бiрақ, кісі тағдырымен ойнағандар да оңбады. Азды-көптi дүние жинап, барлықтың арқасында жырғағанымен, байлығы баянды болмады. Ол уақтарда Серiк есiрткiбедекшiлiкпен айналысып, пайдаға белшеден мелдектеудi көздегенiмен, нашақорлықтың ноқтасын киемiн деп ойлады ма?.. Ендi бiрге тұрып, бiрге жүрген жолдастары Дайрабайларға да қажет емес. Бұл — басқа адам. Адам емес-ау, құбыжық. Жол айырығы оларды екiге бөлдi. Серiктi қажетсiнiп iздесе — «пагондылар» iздейдi. Алда-жалда босанып шықса, қасынан көлеңкесiндей бiр елi ажырамай жүрген Әбдiрахманға да керексiз.
Өмiр мұны, ол өмiрдi мазақ қылғандай бетiн тыржың-тыржың еткiздi...
49-ТАРАУ
Күңгiрт күндер бiрiнен соң бiрi сүйретiлiп өтiп жатты. Баяғыдағы Ұланның өбектегенi әшейiн болды да қалды. Неге жанып өшкен елес сияқты, оның сезiмi тез арада суынғанын Гүлмира түсiне алмай әлденеше рет басын қатырды. Рас, өзiнiң жасаған шешiмiне жаны қыстығып, аруақтың алдында күнаһардай бетiмен жер басқан. Шет жағасын Ұланға да аңғартты. Қам көңiл бейшараның қансоқты халiн ары қарай жақсартып әкету соның өзiнiң қолында едi ғой. «От түтетейiк» деп ұсыныс жасағанда, осындай ыңғайсыздықтың кесе көлденеңдейтінін бiлмедi ме екен? Бiлдi. Соны алдын ала тұспалдай байыптағандықтан да Гүлмира тiзгiнiн ұстатпай, ұзақ уақыт әр қилы тығырыққа тiреген ой қамалына қамалды. Ақыры, әйелдiк әлсiздiк жеңiп тынды. Бiр кезгi қаралы да, назалы да жетiмшiлiгiнен құтыламын ба деп пайымдап едi, керiсiнше, Қараспан тауының қара тасын иығына артыпты. Көз жасым құрғай ма деп едi...
Уайымы үдеген сайын құрсағы да томпайып бiлiне бердi. Соры сопақ астай қайнағанда санасын сәт сайын үрей де биледi. Баяғы жалғыз жүрiп жүдегенi жүдеген бе, қазiр тiптi тiрi аруаққа айналғандай. Өмiрге қанша лағнет айтса да, өле қалу қиын. Небiр сұрқия сұрақтар иектеп, ұзақты күнге жалғызсыратпайды. Бастапқыда Ұлан маған сөйлесе екен, бiрдеме айтса екен деп дәме ететiн. Ендiгi тұста оның бар-жоғы да бәрiбiр.
Ол қызмет ететiн республикалық есептеу орталығында жұмыс көп пе, соңғы уақытта жиi түнделетiп келетiндi шығарды. Гүлмира оған да мән бермеуге тырысты. Тек «тiлiмен тiстелеп, адам жанын қажамаса» деп тiлейдi.
Қоңырау шарылдады. Гүлмира «кiм?» деп сұрамастан есiктi аша салды. Табалдырықтан iшке аттамай жатып, Ұланның дауысы қатаң шықты.
— Әуелi кім екенін біліп алмай, неге есiктi ашасың? — Қабағы да кiржиiңкi.
— Сен екенiңдi бiлiп тұрмын ғой, — дедi абдырай, «аяқ астынан не жазып қалдым?» деген сауалға бой ұрып.
— Мен келсем, өзiмнiң кiлтiм бар, сонымен ашып кiремiн.
— Сонда не айтпақшысың?
— Бiреумен телефон арқылы уағда байласқансың ғой, сол екен деп есiктi...
— Қара бет!
— Не дедiң?
— Не естiсең, сол! — Одан ары онымен тәжiкелесуге зауқы соқпай, ашуына қыстығып, бұрылып жүре берген. Кенет, иығынан әлеуеттi қол тартып алды да, жағынан шапалақпен жонып өттi. Көзiнiң алды жарқ ете қап, мұрттай ұшты. Ас үйдiң босағасына бiр жақ бүйiрiмен барып соғылды.
— Оңбаған, мен сенiң күйеуiңмiн! Оқпаның толмай жүрсе, ашылған араныңа болсын... — Барқырай айқайлап, жұдырығын түйе бұған тап-тап бердi де, қалшылдаған бетi iшкергi бөлмеге өтiп кеттi.
Жапа шегiп бүкiл денесi де, жаны да салдыраған әйел орынынан салбырай көтерiлдi. Iштегi қамырығы бунап, тұншыға жылады. Аққұла азапқа ақiретше оранды. Ықыласты ынтымақтастықта күн кешу үшiн, не жасаса рауа екенiн бiлмей қапылды.
Уақыт озған сайын келiншек тұйықтала бердi, тұйықтала бердi. Күйеуi «менi сүймейсiң, басқаны ғана ойлайсың» деп, жоқ дегенде жұмасына бiр рет жұдырық жұмсайтынды әдетке айналдырды. Бiреуге, әуелi Гүлжанға бұл жайында бiлдiруге ыңғайсызданды. Сол тұста Нұрмираның да тұрмысы мәз емесiн телефон арқылы сөйлескенде әңгiме әлпетiнен топшылады. Қаңтарбай бұрын әйел шығарған екен. Онда қызы кетiптi. Осыны есту Гүлмираға үлкен соққы боп тидi. «Бағымыз ашылмаған сорлылар екенбiз-ау» деп, сонда бiр көкiрегi қарс айырылып жылады. Содан берi көзiне торта, санасына шырға байланып, жатса-тұрса не бiр қаумалаған қапас қайғының қамауында қалды.
Тағы да тылсымымен тұншықтырған түн құшағы қаланы қапсырып алған. Әдеттегiдей үйде өзi жалғыз. Бүгiн жаны ғана ауырып қоймай, құрсағы бүрiп әкетiп барады. Басылатын шығар деп түс ауғаннан берi күтiп едi, болмады. Бұрын оңашаланғанды қалайтын тәрiздi едi, ендi жалғыздығынан үрейлендi. «Тезiрек Ұлан келсе екен» деп тiледi. Бiрақ оның төбесi жуық арада көрiнетiн сыңай байқалмайды. Сосын, лажы таусылғандықтан қолы телефонға жүгiрдi. Көп ұзамай-ақ жедел жәрдем жеттi. Әбден жаны қиналып, реңi қашқан әйелдi олар бiр сәт те мұнда қалдырмайтындарын мәлiмдеп, дәруханаға алды да жөнелдi. Кетерінде Ұланға тiлдей хат жазуды да ұмытпады.
Ауруханаға барысымен-ақ бұл қыстығудың толғақ екенi анықталды. Мерзiмiнен бұрын басталған жайттың секамал көңiлге күдiк ұялатқанымен, жетi айлық баланың да адам болып кететiнiн бiлгендiктен бiр түрлi өзiн сабырға жеңдiрдi. Маңдайынан терi бұршақ-бұршақ ағып, қиналып жатып марқұм Элмираны ойлады. «Қарғам-ай, қасыңда бәрiмiз бiр қора боп жүрiп, айырылып қалдық-ау» деп, күрсiне торықты.
Мұның жайын бақылап, қадағалаушы дәрiгер медбикеге науқасты туыт бөлмесiне апаруды тапсырды. Iзiнше-ақ, жаңағы айтылған орындалып, бұл арнайы столдың үстiнен бiр-ақ шықты. Қасында айналшықтап, әлдебiр нәрселердi түртпектеген бикеге жәутеңдей назар салды.
— Әбiржiмеңiз, бәрi жақсы болады, — дедi бүлдiршiндей қыз мұның беймазданғанын аңдағандай, — әмбе өзiңiз дәрiгерсiз... — Бұған қарап жымиып күлiп қойды.
Осы сөздiң өзi бiраз қуат берген тәрiздендi. «Нұрмирам да менiң кiп-кiшкентай боп, түнгi кезегiнде өстiп жүрдi-ау» деп ойлады iшi-бауыры езiле.
— Рахмет, айтқаның келсiн.
— Тұңғыш нәресте деп қорқу қате.
— Қорқып жатқан жоқпын, сонда да алаңның бары рас.
— Ол барлық әйелде болады.
— Сен оны қайдан бiлесiң?
— Күнде көрiп жүрмiн ғой.
— Саған бiр өтiнiшiм бар.
Өз қаракетiмен күйбеңдеген ол бөгелiп, назарын ауыр аяқ келiншекке тоқтатты.
— Айтыңыз.
— Бiздiң үйге телефон шалып, менiң жағыдайым жайында күйеуiме ескерте салсаң.
— Мақұл.
— Сен деп сөйлегенiме ренжiме, он бес-он алтыда шығарсың мықтаса.
— Иә, он алтыға толамын.
— Мен сенен бақандай он жас үлкен екенмiн.
— Телефоныңызды айтыңыз.
— Аты — Ұлан. Менi жедел жәрдем әкеткенде ол үйде болмады. Бұл жайдан бейхабар. Бiр жапырақ қағазға жазып кетiп едiм, оны көрдi ме, көрмедi ме бiлмеймiн.
— Жақсы, алаңдамаңыз. Бәрiн мұқияттап айтамын.
Медбике шыға салысымен дәрiгер iшке ендi. Әдейi осы кiсiнi күткендей толғақ та бұрай жөнелдi. Астыңғы ерiнiн тiстеп, сазарды да қалды. Өзiн тiрiдей iшi-бауырын үңгiп, қасқыр жеп жатқандай сезiндi. Жан дауысы шырқырап ышқына айқайлады. Айқайламауға мына тантал азаптан әддiсi қалмады. Тiптi, келе-келе қимылының да, iсiнiң де байыбына бара алмайтын халге жеттi. Әуелi, баланың жерге түскенiн де сезбедi.
Шала туған нәрестенiң екi-ақ күндiк жарығы бар екен. Үшiншi тәулiкке қарағанда шетiнедi. Шешесiнiң де жайы мәз емес, көзi қарауытып, басы зеңiп айналады да тұрады. Жатақ ұрғандай үн-түнсiз төсегiнде жата бергендi ұнатады.
Ұлан ертеңiнде кiшкентайлы болғанын естiген. Одан келесi күнi келгенiнде сәбидiң шетiнегенiнен құлақтанды. Әйелiне айран, сүт, тоқаш сияқты әкелген оны-пұнысын бердi де, содан кейiн қайыра төбе көрсетпеді. Әйтеуiр, Гүлжан байқұс шыр-пыры шығып, күнiне екi мәрте қатынайды. Уақыт тауып кешкiлiк Ұланды iздеп үйлерiне соғып едi, есiк жабық. Бiрақ, бұл жөнiнде құрбысына ләм-мим демедi.
50-ТАРАУ
Бүгiнгi түннiң әлпетi жаман. Шашын жайып жiберiп, мысасына мiнген жалмауыз мыстанға ұқсайды. Әне-мiне қоянның көжегiндей бүрiскен бұларға қанды шеңгелiн салатын сияқты. Қараңғылықтың қойыны тым сұсты. Үрейдi алып, құтты қашырып бекiтулi есiктiң арғы жағында басқа әлемнiң адамдары ұлыған бөрiдей небiр азарлы үн шығарады. Қыңсылайды, шыңғырады. Бiрте-бiрте жер бауырлап бұларға қарай жылжып, жақындай түсетiн сыңайлы. Көгенкөздердiң қорыққанын мазақ қылғандай, шәрмеңкелердiң бiреуi сақ-сақ күлдi. Қу қардың күлкiсiнiң өзi жанға түрпiдей тиедi.
Әбден малғұндардың машахатынан жүрегi жентектелген әйел, «бiздiң бар-жоғымызды жадыларынан шығарып алса екен» деген үрей аралас үмiтпен шамды сөндiрген. Қараңғылықтан зәре-құты қалмай қорықса да, сая iздеп тас түнектiң қойнына тығылды. Ана өмiрдегi әбiлеттердiң дүсiрi күллi денесiн дiрiлдетсе, мына жердегi жаралы жiгiттiң ыңқылы өзегiн суырады. Екi оттың ортасында шыр-пыры шықты. «Құдай-ай, қасарысқанда арызымды да алмай қойғаны-ай. Алғанда, дәл бүгiн құбыжықтардың қорымына түнемес едiк» деп, ана бiр инспектор жiгiтке де кейiдi.
Санасы сарабдал тартып, шибөрiдей ұйлыққандардың қасында қараптан-қарап миғұлаға айналды. Мамыра уақыт мизiмей, мұртын балта шаппайтын қалып танытады. Әншейiнде, бiр жаққа қапыла асыққанда, сынаптай сырғып үлгертпейтiн. Қазiр керiсiнше, жылжысашы.
Iлияс та бұл таңның тезiрек атуын құдайдан жалбарына сұрайды. Жайшылықта жөпшеңдiге бой алдырмайтын басы, бүгiн берекетi ұшып, ар жағы азар да безер қалтырайды. Қай-қайдағы сұрқия суреттер көзiне елестеп, бейамал күйге ерiксiз ұшыратады. Қаншама күнгi тебiнгiлерi терге малынған сабылыстан титықтаса да, ұйқы атымен жоғалған. Зорлап кiрпiктерiн айқастырғанмен сәлден кейiн көздерi бақырайып жатқанын бiр-ақ аңдайды. Онда да жалғанның бәдәуи үзiрiнен, бiрiн-бiрi алқымнан алып шайнасып таласқан қаскөйлердiң абыр-дабыр қаракетi молайғанда бағжаң етедi.
Мiне сондай дауылдай долы дүсiр миды солқылдатып кеп, есiкке тiрелдi. Төсектiң аяқ жағында солбырайып отырған әйел басын жұлып алды. Қимылдауға мұршасы жоқ Iлияс та иегiн кекжең еткiздi. Атқалақтаған жүректерiн ауыздарына тығып, құлып шықырлап бұрала бастады. Ергенегi шалқалай ашылған есiктен әдеттегiдей Дайрабай диюдың қасқа маңдайы жарқырап көрiндi. Соңында опыр-топыр адамы бар. Барлығы жыны буған бурадай жiнiгiп апты, жалаң қағып, көсегенi көгертпес апиыннан әлде арақтан кiсәпiрлiктiң көрiгiн көбiрек басады. Қалың додадан шыққан көкпаршылардай қызара бөртiп, екi иiнiнен дем алады. Болмашы байыздап бөгелдi де, желден өршiген өрттей лап қойды. Арадай құжынап жабылған күйi, сал боп қалған бәтiрдi қопаң еткiзiп жылы орынынан суырып тұрғызды. Қапелiмде жансебiлдiкпен аһ ұрған дауысы шыңнан шыңға ұрылады. Адасқан ақымақтардың тобына шыр-пыр қағып Гүлмира жүгiрдi.
— Ағатайлар! Ағатайлар! Күңдерiң боп кетейiн, тиiспеңдершi оған!
Дауысы тарғылданып, ебiл-дебiл жылай айқайлады.
Бiлеуiттердiң бiреуi омырауынан алып итерiп кеп жiбердi. Әлгiнде өзi отырған бұрышқа шалқасынан құлады. Өлермендiкпен, атып тұрып қайта ұмтылды.
— Бiзге тиiспеңдершi! Мiне, ақша, ақша! — Қабырғаға сүйелген қара дипломатты алды. — Бәрi сендердiкi, Ресейдiң жетi миллионы. Тек, мазаламай босатыңдаршы бiздi.
Аузын арандай ашып, көмекейiндегi бөбежiгiн көрсете Дайрабай қарқылдай күлдi.
— Ақша, ақымақ, бiзге керегi жоқ! — Шақұр-шұқыр тiстерiн қайрады. — Қажет болса оны екi күннен берi сұрамай-ақ алатын ек. Бiзге қажеттiсі — адам! — Басқа сөз айтпастан жаралы неменi жағасынан ап, иығына бiр-ақ атты. Мұны көрген келiншек шырқырап, көпейді арқасына сап әкетiп бара жатқан көкжалдай неменiң алдын кес-кестедi.
— Жiбершi, оны! Апаратын жағыңа менi апар!
— Гүлмира, ақымақ болма, жолдан тұр былай! — Алқымы сығымдалған Iлияс қырылдай сөйледi. — Маған не жасар дейсiң? Азар болса ұрар, соғар...
— Жоқ, жоқ! Сен бұлардың iсiн көрген жоқсың. Мен үшiн басыңды татаға салма. Сенi жарым жан ғып қойып, ертең Айнаның бетiне қалай қараймын?!
Бода-бодасы шыға, еңiреп жылады. Бұған есерлер есi кете күлдi, даурығыса мәре-сәре қарық күй кештi. Осы тұста Дайрабай иығындағы жалбайға ұқсаған жiгiттi, оп-оңай бiр қолымен-ақ төсекке атып кеп жiбердi.
— Сен барамын дедiң бе оның орнына?! — Бiр аттап, екi аттап жаймен қарсы жылжыды.
— Иә... — Екi иiнi қушиып, солқ-солқ жылайды. — Қайда жүр десең де барайын, тек Iлиясты босатшы. Оның бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ. Үйiнде бала-шағасы, әйелi алаңдап күтiп отыр. — Әстеәсте бойын жинап, қатулана сөйледi. — Менi пiсiрiп жесеңдер де, өздерiң бiлiңдер. Жалғыз сұрайтыным, Iлиястың мертiккен аяғын таңдырып, Мәскеуге ұшырыңдар.
— Не деп тұрсың, сенi тастап қалай кетемiн? — деп, байбалам салған оның сөзiн Гүлмира естiмедi. Құлағы тас бiтеулi, назары нақты кесiмiн айтар Дайрабайда. Дыю кейпіндегі дүлейдің безерген бетiн сiлбi басып, бедiрейiп бiраз аялдады.
— Нұрмираны осында алдырасың ғой?!
«Таңғы нәсiп тәңiрден», ертеңгi iстi көрiп алдым деген ойдың сүресiмен «иә» деп, лақсаланып жауап бердi.
— Сыңарыңды қолға түсiрiп, өзiң бiздiң айтқанымызды айнытпай жасайтын болсаң ғана, ол шартыңды орындаймын.
— Келiстiм... — Мұрыны пырс-пырс етiп, сұңқылдап жылады.
— Онда жарайды, тұра бара опынып, от асап жүрме.
Керi бұрылып, әлдекiмге «әй!» деп айқайлады. Сол-ақ екен керуенде тiзiлген түйелердей үш жiгiт ұбақ-шұбақ жеттi. — Қазiр мына бакланды* өзiмiздiң дәрiгерге апарып, жарақатын көрсетiңдер де Мәскеуге таңға жақын ұшатын рейске мiнгiзiңдер!
Баклан — ештеме өнбейтiн адам.
Құзырына құлдық ұрған ишара танытып, үшеуi құрдай жорғалады. Сол заматында Iлиясты қаңбақша дедектетiп, сыртқа беттедi. Дәлiзге шыға берiсiмен-ақ көзiн шарт буып тастады. Оның «ешқайда бармаймын, Гүлмира... Гүлмира!» деп, барқырағанына қарайтын қара жүректiлер жоқ. Құзғындар бұйрықты қалтқысыз орындап, сүйрелеп барады.
51-ТАРАУ
Үш күннен соң Гүлмираны туыт үйiнен басқа дәруханаға ауыстырды. Сол бір мең-зең науқас күйiнен арыла алмай, сүлесоқ қалпы сонда барды. Ара-тұра доғыдырлардан «менiң нәрестем қайда, емiзбеймiн бе?» деп сұрайды.
— Сiздiң кiшкентайыңыз, шала туған сәбилер қалыпты жағыдайға жетiп, ширағанға дейiнгi болатын арнайы инкубаторлық орталықта. Өзiңiз емделiп, жазылып шыққанда аласыз, — дейдi жыртық көңiлiн жамап.
— Ы-ым-м... — Тереңiнен тыныстап, сырқат келiншек басын изедi. Сосын төсегiне қисайып, бүк түсiп мұңлы пiшiнде тiлсiз қалды.
Ал сыртта Гүлжан аласұруда. Бiрге тумаса да туғандай Гүлмираның халi оған әбден сарсаң күй кештiрдi. Доғыдырлардың соңғы тоқтаған байламы әрi-сәрi мүскiндiкке ұшыратты. «Қилы-қилы уайым, зар, зарығу, әсiресе, ет жақын адамдарының өлiмi, жүйкесiне қатты салмақ салған. Соған шыдамай ағза қажыған, оның үстiне ауыр аяқ келiншек бұрлыға батпандарға бата берген, бата берген. Ептеп шалық ұрып, ақылының аздап ауытқушылығы да байқалады» дедi бiлгiр профессор. Өзi де дәрiгер Гүлжан жасалған зерттеулердiң қорытындысын жiтi қарап, басқадай тоқтамның еш жөнi жоқтығына көзi жеттi. Ендi Гүлмираны жүйке жүйесi дiмкәстенгендер емделетiн дәруханаға ауыстыру жөнiнде әңгiме қозғала бастады.
Бұдан соң хайласы таусылған келіншек Мәскеуге, Iлиясқа телефон шалды. Барлық жайды мәлімдеп, оның Алматыға келiп қол ұшын беруiн өтiндi. Кішкентайларынан бірге өскен жігіт көп айналмай, ары кетсе үш-төрт күнде баратынын айтты. Әйелдiң иығындағы жүк бiраз жеңiлдегендей көрiндi. Сөйттi де Торғайдағы Қаңтарбайлардың үйінің нөмiрiн тере бастады. Нұрмираға бұл жайтты қалай да білдіру керек. Бiрақ, шошытып алмай жаймен жеткiзудiң жолын қарастырды.
Тұтқаны құрбысының өзi көтердi.
— Халдерiң қалай? — Кібіртіктей бастады. — Айбек өсiп жатыр ма?
— Ой, Гүлжан! — Арғы жақтағы адам елп етті. — Амансыңдар ма?
— Жақсы, жақсы. Қаңтарбай қайда?
— Ол бiр коммерциялық жұмыстармен Ресейге кеткен.
— Бiз де есенбіз. Гүлмираның өзiң бiлесiң... — сәл күмiлжiп, мүдiрiңкiредi, — аяғы ауыр ғой. — Оның түсiк тастағанын әдейi жасырды. — Дәрiгерлер «дәруханада қаралмасаң, болмайды» деп, жатқызып қойған.
— Халi жақсы ма ендi?! — Нұрмира жұлып алғандай тақ ете қалды.
— Жақсы.
— Бәсе, мен звондасам ешкiм көтермейдi. Ұлан қайда?
— Ол жұмысында.
— Бiтiм аман-есен бе? Балалар қалай? — Нұрмира балаларды сұрауын сұрап алды да, бiр түрлi қолайсыздықты сезiндi. Бетi дуылдап, жүзі жанды.
— Аман.
— Онда мен ертең-бүрсiкүндерi барамын, құдай бұйыртса. Өзiм де сендердi қатты сағындым
— Кел, күтiп аламыз.
— Кездескенше...
Тұтқаны орынына iлдi. Көп жайтты жасырғанына қарадай ыңғайсызданды. Дел-сал қалпы сылқ етiп креслоға отыра кеттi. Әйтеуiр, Нұрмираның келетiнiне, жағыдайды көзiмен көретiнiне ептеп жеңiлдендi.
Ертеңiнде Гүлмира жүйкесi дiмкәстердiң емделетiн ауруханасынан бiр-ақ шықты. Гүлжан шыр-пыр қағып жүгiрiп жүрiп, бар шамасының жеткенi — оны оңаша палатаға жатқызды. Үйлерiне алып кетуге, үзiлдi-кесiлдi тиым салды.
Қайран құрбысы сол қалпы, тентек болған малдай меңiрейiп, адамға еш мақсатсыз қарайды. Отбасының, шаңырағының барын ұмытқан. Әйтеуiр Гүлжанды таныды.
— Менi неге ауыстыра бередi? — Өңiнде меңiреулiктен басқа ешқандай рең байқалмайды.
— Денсаулығың кiшкене дұрысталсын дейдi ғой...
— Басым айналады. Еңкейсем екi көзiм ұясынан түсiп қалатын сияқты.
— Оған қам жеме, жазыласың.
— Кiшкентайым қайда? Неге оны маған емiзуге әкелмейдi?
— Ол шала туды, вакумның iшiнде жатыр. Күнде барып бiлiп тұрмын. Жазылып шыққан соң, аласың. Қазiр кiшкене тамақ iшшi. — Гүлжан пiсiрiп әкеген ауқатын оған қарай тағы да жақындатты. Ол екi қолының алақанын бiрiне бiрiн шаптап, дiзесiнiң арасына қойып отырған қалпы, басын шайқады.
— Гүлмираш, ботам, маған қарашы. Тым құрымаса сүттен ауыз тишi.
Ендiгi әңгiменi естiмейтiн сияқты. Мелшиiп отырған қалпы көзiн жұмды. Басы салбырап, иегі омырауына тиді.
— Гүлмира, жатасың ба?
Тiл жоқ. Гүлжан орынынан сасқалақтай атып түрегеп, оны иығынан демеп жастыққа қисайтты. Сосын, ординатор бөлмесiне жүгiрдi. Қас қылғандай дәрiгер жоқ. Мейiрбикенi ертiп әкелiп, қан қысымын тексердi. Қалыпты мөлшерден төмендеген. Жалма-жан көзiн ашып қарап едi, қарашығы айналып кетiптi. Кенет, ептеп тұла бойының дiрiлдегенi байқалды. Ол сәт сайын үдеп бара жатқан тәрiздендi. Былқ-сылқ еткен дененiң қалшылдағаны Гүлжанның жанын түршiктiрдi.
— Ә-ә, жүйкедегi сызат қабынып, дертi қоза бастады.
Көзiне жас үйiрiлген келiншек тосын дауысқа жалт қарады. Дәрiгер палатаға енiптi.
— Сiз онша көп әбiржiмеңiз, қазiр жарты сағаттың ар жақ, бер жағында басылады. — Гүлжанға қаратып сөйледi. — Одан да, үйге қайтқаныңыз дұрыс. Бәрiбiр ешқандай жәрдем бере алмайсыз. Қолымыздан келсе жүрмiз ғой, бәрiн бiр минут ұстамай қалпына келтiрер едiк.
Аулада күтiп тұрған Бiтiмнiң қасына сүйретiлiп әзер жеттi. Ол да мұның сықпытын анандайдан аңдап, қарсы жүрген. Жанына таянғаны сол едi, көзiнен жасы саулаған әйелi сылқ етiп мойнына асыла кеттi. Сосын еңкiлдеп жылап жiбердi.
— Қорқынышты, Бiтiм, қорқынышты... Ендi ол жазыла ма, жазылмай ма бiлмеймiн.
— Қой, жылама. — Әйелiн жауырынын ала құшақтады. Жұбатқаны. — Жақсы нәрседен үмiттенейiк. Сауығатын шығар.
— Ертең Нұрмираға не деймiн?
— Не деймiз... — Өзi де бопасын таппай iштей толқып, мүдiрдi. Онысын аңғартпауға тырысып, әрi әйелiнiң жамау көңiлiне қамсау болмақ ниетпен жұмсарта сөйледi. — Ептеп, шошытып алмай айтармыз. Сосын өзi де көредi ғой. Қолымыздан келгеннiң бәрiн жасадық, әлi де жасай беремiз.
Әртүрлi мұң қажап, үйлерiне әзер жеттi.
52-ТАРАУ
Айуандардың арасында жападан-жалғыз қалғанына күйзелсе де бiр жағы еңсесiн басқан зiл батпаннан құтылғандай. Ендiгi тағдырының қандай тығырыққа тiрелiп, қандай тезге түсетiнiн бiле алмай аңыруда. Тарам-тарам аққан ыстық жасы бетiн жуып, омырауына тамады.
Тұс-тұстан андыздаған албастылар.
Әйел болса уайымның уысында тыпыршыған сүлiңкi халде.
— «Түлкi түрiнен, адам тiлiнен тартады». Жүр, «сұрап алған аурудың емi жоқ», анда азаматтар күтiп қалды. — Мысқылдап, онысыз да жаралы жанына бiздей тiлiн сұққылауда. — Ертең сенiң уәдең бойынша Нұрмираны әкелемiз. Ал ана жiгiтiңе алаңдама, бiздiң сарбаздар шаруаға мұқият. Сенбесең, таң атсын, Мәскеуге телефон шалып, барған-бармағанын бiлесiң. Дәрiгерiмiз жарасын да таңып бередi.
Айтып отырған сөзiнiң жаны бар. Әрбiр басбұзарлар тобы жеке-жеке жалдамалы дәрiгерлер ұстауды әдетке айналдырған. Жауапты операциялардың үстiнде жойыттардың бiреуi мертiксе ауруханаға барып, тiркелiп, өздерiнiң iсiн өздерi әшкерелемейдi. Бiрден әлгi адамды алдыртады немесе соның клиникасына апарады. Ол, мұнысы кiсi өлтiрiп, мойынына қан жүктеп келсе де тiсiнен бiр сыбыс шығармайды. Өйткенi, құпияны сақтағаны әрі жанына ара түскенi үшiн ай сайын олардан өз несiбесiн алып отыр.
Iлиясты сондай «жадыланған» хирургтың бiрiне әкеттi.
Бiрде алпауыттардың арасында әлдебiр нәрсеге наразылық туып, сол әбден ушығып, тапа-тал түсте оқ атылды. Байбалам салып милицияның шұғыл тобы жеткенше алды-алдына қашып, iздерiн жасырып та үлгерген. «Сонша атыстан, құрығанда бiр жаралы болуы ықтимал» деп тұспалдаған органның адамдары күллi ауруханалармен байланысып, оқ тиiп немесе пышаққа арандап, жедел жәрдем қажет еткендер ұшырасса, бiрден милицияға хабарлауларын онысыз да мiндеттi болса да қатаң талап еткен. Бiрақ ол әурешiлiктерiнен ештеме өнбедi, бәрiбiр әлгi сойқанға қатысқан ешкiмдi де ұстай алмады. Өйткенi, дәрiгерлердiң бiразы жалданып «қызмет» жасай бастаған тұс. Сондай-ақ, білеуіттер «iскер» деген атты жамылып, әуе кассаларын да жаулаған. Бәрiнiң бiр-бiр танысы отыр. Қалаған уақытында қалаған жағына сапарға аттануға құдiреттерi жетедi. Дайрабайдың нығыз сөйлеп тұрғаны да сондықтан.
— Жүр.
Иығынан құшақтап сүйрегендей етiп алып шықты. Айпарадай кең, даңғыраған залға әкелдi. Бөлменiң кеңдiгi қандай болса, ауасы сондай тар. Тер мен күлiмсi түтiннiң исi қолқаны қабады. Ақ борықтай жалаңаш денелер кескен теректей сұлап-сұлап жатыр. Быж-быж еткен құрт-құмырсқадай барлығы қозғалыс үстiнде, небiр жан түршiктiрер дыбыстар естіледі.
Ендi байқады, бөлменiң бiр жақ тұсы тұтасымен айна. Кiрiп келгенде өзi даңғарадай неме одан сайын ұзынан-ұзақ созылып, ханның ат шаптырым сарайына ұқсайды. Кейбiр моншалардың қабырғалары бірбеткей айна болады дегендi құлағы шалғаны бар едi, мынандай тұрғын үйдiң керегесiнiң айнамен әшекейленуiн бiрiншi рет көргенi. Өмiрi мұндайды естiмеген де. Үрейлене тұрып, таң қалды. Мынау өңi емес түсi сияқты. Бiресе, әлдебiр анайы фильмдi кинотеатрдың ауқымы кең экранынан көрiп отырған жоқпын ба деп дүдәмалданды. Бiрақ, олай дейiн десе, ана беттегi адам мына бетте де бар. Бұл жақтағысы қалай қозғалса, ол да тура солай бұлжытпай, қалыспай қайталайды. Әне, босағадағы бiреудiң сүлкиген сықпыты бiлiндi, соған сүлесоқ назар аударды. Ол да қабағы салбыраған күйi бұған зейiн қойған. Сонда ғана топшылады, ербиген өзiнiң ұсқыны.
Алдында адамның есiн тандырып, басын айналдыратын алып айна... Мынандай жойдасыз құпияға ештеме жасамай-ақ жападан-жалғыз кеп ұзақ қарап тұрсаң, өзiнен-өзi көзiң қарауытып, жүрегiң лоблыйтын шығар. Ал, бергi беттегi мен арғы беттегi тұрпайы топтың хайуандық тiрлiгiн танбай «тамашаласаң», кеудеңдегi жұдырықтай дүрсiлдiң иесi аяғыңның басына түсер.
Айна, жалпы, құпиялы да тылсым әлем. Әлi есiнде әжесiнiң жатар алдында айнаның бетiн орамалмен жауып, қымтап жүргенiн талай көрген. Содан бiр күнi, «апа, осы сен неге айнаның бетiн жауып қоясың?» деп сұрады балалық қызығушылықпен.
— Кiшкене балалар сияқты түнде айна да ұйықтауы керек. Солай, ботам, — деп, мұның түйсiгiне сай, еркелете жауап қайырды.
— Айна деген ұйықтай ма екен, әже?! — Үшеуi үш жақтан жапа-тармағай шулайды.
— Неге ұйықтамасын, ұйықтайды, құлындарым. Ал, ендi мен сендерге ертегi айтып берейiн, — деп, әңгiменiң әлпетiн басқа арнаға бұрып әкететiн. Кiшкентай немелер тез көнiп, келiсе кететiн. Содан арада жылдар өткен соң барып, немерелерi ес тоқтатқан кезде қария бұлардың санасына көп жайтты сiңiре бастады.
— Кешке ұйықтарда «бiссiмiлларахымаллахи» деп жату керек, сонда ұйқың бұзылмайды. Ең әуелi айнаның бетiн бүркеудi ұмытпауға тырыс. Осы мөлдiр шара өте сертшiл, көрген нәрсесiн жақсылық болсын, жамандық болсын жадынан әсте шығармайды. Сондықтан оның жүзiне жиiркенiштi көрiнiстердi шалдырмауға тырысқан ләзiм. Мәселен, оған қарап тұрып жылауға болмайды. Сенiң сол уақыттағы сұрықсыз кескiнiң оның жадында мәңгiлiк қалып қояды да, түн баласында беймәлiм қуат-күштiң әсерiмен айна бетiнде сол көрiнiс әлдекiмдерге көрiнуi мүмкiн.
Ол кезде оныншы сыныпта оқып жүрген, Гүлжан бар. Төртеуiнiң де көздерi бақырайып, ауыздары ашылып, мына жайтты ынтызарлана тыңдады. Бiр жағы әлденеден үрпиiсе үрейленетiн сияқты. Тiптi Нұрмира:
— Мен ендi айнаға мүлде қарамаймын, — дедi тiксiнiп.
— Жоқ, күнiм, айна жақсы нәрсе. Тек оның бетiне күлiп қана қарау керек, алдында тұрған кезде жақсы сөздер ғана айтуың тиiс. Сонда ғана ол саған жәрдемшiң, ақылшың, нұсқаушың. Ал, үйде тек айқай-шу, ұрыс-жанжал, төбелес болса, оны көзiнiң қиығы шалған айнаның жүзiнен түнге қарай адам баласының жүйкесiне жағымсыз әсер ететiн қуат бөлiнедi.
Кейiн медициналық институттың жоғарғы курсында жүргенiнде осы мәселеге ғылыми тұрғыдан зер салған бiр мақаланы оқығаны бар. Психиатрия пәнiнiң мұғалiмi лекциясында аталмыш жайтқа қатысты мәселелердi шамасы жеткенiнше талқылады. Негiзiнен бәрiнiң саятын жүлгесi — бiреу. Айнаның түнде адам баласына керi әсерiн тигiзетiн тұстары болады. Әсiресе, сүттей жарық түндегi толған айдың сұлбасы дәлме-дәл шарайнаға келiп қалғанында, соның сәулесiнен ұйықтап жатып түс көрiп, шошынуың ықтимал. Оянған соң да үрейден қайта кiрпiгiңдi айқастыра алмай, мазалануың кәдiк. Ал, таңертеңiнде басың ауырады.
Сөйтсе, бәрi тұрмысты түзу салдарынан екен. Жарықтық, әжесi медицинадан ешқандай хабары жоқ, соны қайдан бiлдi десеңшi. Шарайнаға күндiз жиналған энергия, түнде ұйқыдағыларды шалыққа ұшырататыны, ақыры, айқын боп табылды.
Мәселен, үйден өлiк шықса, аруақты қара жер қойынына жөнелткенше үлкен айналарды қабырғаға қаратып керi бұрып, немесе бетiн қымтап жабу рәсiмi көп жерлерде кездеседi екен. Кей елдер әуелi айнаны о дүниенiң есiгi деп те атайды. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен бiраз адамдар, әлгіндей үйдiң айнасынан жылдар өткеннен кейiн де, марқұмды көргендерiн айтқан. Көбiне үрейлi мәйiт ұзыннан түсiп төсекте сұлқ жатқан. Ол силует айна ғаламатының түпсiз кеңiстiгiне сiңiп, сонау тұңғиықтың түбiнен аратұра қылаң береді. Бұл, пенденің мәңгiлiк өлмейтiн жаны.
Дәуiрiн терiс салып, бақилыққа жөнелтердiң алдында мәйiттi оң босағада түнетеді. Туған-туысқандарының артын күтедi, тағысын тағы оның толып жатқан себептерi бар. Ал ымырт үйiрiле наным, сенiм бойынша марқұмның басына шырақ жағылады. Терезенiң арғы жағы қараңғы, бөлмеде күңгiрттеу селеуке. Шырақтан шашыраған болмашы жарықтың әсерiмен бетi жабылмаған айна осы көрiнiстi, әлi жаназасы шықпаған иесiнiң болмыс-бiтiмiн сол қалпы көшiрiп, сақтап қалады. Далада — түн. Түн — жұмбақ шыныны әртүрлi сиқырлылыққа бөлейтiнi пендеге мәлiм де беймәлім. Адам ақылы жетпейтін құпиясы мол.
Мынандай көзқарастар бар: айна әлдебiр белгісіз магниттiң күшiмен жағымсыз көрiнiстiң көшiрмесiн өзiне тез тартып алады. Өйткенi ол жұмыр бастылардың қуатынан нәр iздеп, сусындайтын құпиялы «тiршiлiк иесi». Оған қандай қылықтарды көп көрсетсең, сондай шамада шарапатқа шомыласың. Мәселен, қатыгездiкке жиi «үңiлген» айнаның алдынан, пенде атаулы өзiне қажет қаншама биотогын сарқып алатынын бiлмейді. Ал керiсiнше, жақсылықты молынан шарасында жалтыратқан шыныдан, бойыңа жағымды қуат-жiгер құйылады. Соңғы кезде медициналық салада аномальдi құбылыстарды зерттеп жүрген ғалымдардың әдiстемелерiнде де химиялық талдау жасалынып, осы жайт шындыққа бiр табан жақын екенi расталған.
Әсiресе, көне айнаның кесiрi мол. Себебi ол өз ғұмырында көп нәрсеге «куә» болған. Әрi, соны жадында өшпестей сақтап қалған. Онда қаншама көз жасы, жалдаптардың төсек сайқалдығы, әумесерлердiң айқай-шуы, обырлардың зорлау көрiнiсi, тiптi, қанiшерлердiң адам өлтiру әрекеттерi де көшiрiлiп басылған шығар. Мұндай «көптi көрген» айналар шынында да адам мiнез-құлқына әсер етуге ықпалды, бейiм. Әуелi, шалығы барларды ақылынан алжастыруы мүмкiн.
Жатын бөлмеде сонау атадан балаға мұра боп келе жатқан айна тұрып, түнiмен ұйықтай алмай, шым-шытырық түс көрсең, таңданба — бәрi әлгi көнекөз жиһаздың әсерi. Сондықтан бiреулер айна сыйласа, алуға ұмтылу қате. Қиылып қоймай қойса, үйге әкеп алдына шырақ жақ. Шырақ өшiп қала берсе, онда оны аулаққа апарып шағып тастауың тиiс.
Себебi, үлкендердiң ұғымында айна, «сайтандардың сыйлығы» ретiнде қалыптасқан. Өзiң бiлмейтiн мөп-мөлдiр шыны шайтанның шарапат шапағымен қуаттанып, басқадай таза адамдарды былғауы мүмкiн. Сондықтан да әйелдерге етегi сынып жүргенде, айы-күнi толғанда, жас босанған соң баланың қырқына дейiн айнаға қарауға рұқсат етiлмеген. Әуелi ауыр аяқ келiншектiң бөлмесiнде айна тұруы — ана мен баланы қатерге апарып соқтыруы ықтимал.
Кейде айна қалпыңды қатесiз көрсетпейдi. Ми қан айналымының жеткiлiксiздiгiнен науқас адамдар өз бейнесiн керiсiнше көредi. Жүдеу болса — толық, сиқы қашып тұрса — әп-әдемi сұлбасын аңғарады. Әсiресе мұны, шалық ұрып, қалпынан ауытқи бастағандар бастарынан көп кешедi. Мамандардың анықтауынша мұндай дiмкәстiк тұқым қуалауы да әбден мүмкiн.
Ал, бiр жақ қабырғаны тұтастай жайлаған мына алып айна, нағыз зұлматтың көзi. Кәдiмгi о дүние қақпасының аузы... шайтандар мекенiнiң алтын сарайы... Ғалымдар зерттесе осы айнаны зерттеуi тиiс, бiрақ бiлмей жүр-ау...
Ол аз дегендей бейнемагнитафоннан өздерi секiлдi тым тұрпайы, жиiркенiштi, саудайы қылықты жандырып жiберер бәленi көрсетiп қойыпты. Оған қарап жатқан бiрi жоқ, әркiм ләззатты шағының буынан ажырағысы келмейдi. Тек құлағына ыңырсыған, ыңқылдаған үнi жетiп тұрса жарайды.
Әлгiнде, Гүлмиралардың бөлмелерiне Дайрабайдың соңынан сөлкектей енгендер де есiрiктен ес-түссiз. Бiр әредiкте Дайрабай иек қаққанда табандарын жалтыратып отырған. Ендi сатқа ұрып, дертi ұстаған делқұлы зәлiттес жер дөңбекшiп, ауруы асқан баладай ылқылдайды. Нағыз зар күйiне келген шақтары осы шығар, әне бiр салдама шалқасынан түскен шойын қараның бақайын сорпылдата соруда. Ол кәззап басқа бiр жалаңаш дененi құшып, ырғын кәйiпке шомуда.
Мына сықпыттары уылдырық шашардағы қызыл балықтың ес-түссiз шоршып ойнайтынына ұқсайды. Олар ағысқа қарсы жүзiп, одан әрi бара алмайтын кедергiге кептелген тұста судың бетiне ойран-асыр салып, бық-бық ететiн. Әрi сол уақытта бекiре аса жыртқыштардың қатарына қосылады. Жеп, талап жан таптырмайды. Қапияда суға құлап кетсе, адамның өзiне шабуыл жасайды.
Мiне, сеңдей соғысып, қидай қираған найсаптар да сондай нәпсiнiң қызуына құштар, әрi көздерiне қан құйылғанда тасбауыр, қатыгез.
Қонақтардың ендiгi бас қызметшiсi, ыңғайы мен ебiн тауып қапысыз жағыдайын жасайтын жүн кеуделi қасқа бұқаға көбiрек ұқсайтын Дайрабай, көзiн қылмитып бiр сәт ой соқты болғандай тұрып
қалды. Жаңа, бассалдары ереуiлдей сөйлеп, «Сенiң мартышкаң* қайда? Әкел, салмаңа iлiнген қызылыңды!» деген, Гүлмираны оқпаны үлкен өңешiне жытырмақ ниетпен. Онысы тойымсыз құлқынының әуселесі екен, қазір шербек кескен қарағайдай сұлап, «тамашаны» таңдайына талқан етiп талығып жатыр. Мұндайда қызығынан ажыратып, «ұйқысынан оятсаң» тағы бәле. Өз ауанымен ысып-суынғаны, талмаусырағаны басылу керек.
Мартышка* — жезөкеше.
Осылай қорыған қотиын неме, мына жексұрындықты көрiп жүрегi тайдай тулаған әйелдi қайта қайыра қамап тастады. Әзірейiлдердiң алдынан өлмей тiрi қайтқандай, үрейден бөлек-салақ боп қалған өн-бойын жинай алмай шығасылы-кiресiлi күй кештi. «Неге апарды, неге алып қайтты?» — осының ұшығына жете алмады. Жететiндей де ақыл-ойы жоқ-тын. Неше күнгi қуғын-сүргiн, уайым-қайғы, ойсоқтылық әбден лауқи етiп жiберген. Онысыз да дәзi бар бас ауруы қайта қозғандай құлағы шыңылдады, көз алды қарауытты. Айуандықтың бәрiнен жанарын жұмса ғана құтылатындай, жасқа шыланған кiрпiктерiн айқастыра бердi...
53-ТАРАУ
Сыңарының сырқаттанғанын естіген соң араға екi күн аралатып, Алматыға Нұрмира келдi. Үш жылдан астам уақыт шамасында бiраз есейгендiк пошымы байқалады. Бұрынғыдан да әдемiленiп, таралып өскен сыңайлы. Шоқтай жанып тұратын алақандай жанарының төңірегi болмашы нiлденген. Әппақ жүзiне онысы тiптен әр берiп, көрер көзге одан бетер тап салады. Топ-толық бұрымы сол баяғысынша тiрсегiн қағады. Өзiне ұқсамайтын бiр ғана өзгешелiгi, қасында жетелеген кiшкентайы бар.
Гүлжан оларды көре салысымен тұра жүгiрiп барып, сәл іркіле абдырады. Сәбидiң немесе аяулы жанының қайсысының бетiнен бiрiншi сүйерiн бiлмей, қыстықты. Сосын еңкейiп кiшкентайдың бетiнен шөп-шөп еткiзiп өптi де, Нұрмираны тас қып мойынынан құшақтай алды. Қос кеуде атқалақтап, екеуiнiң де ауыздарына сөз түспей бiр сәт тiлсiз құшақтасқан қалпы бөгелдi.
— Жаным, жеттiң бе? — Бiрiншi боп Гүлжан сөз бастады. Одан соң қайыра бетiнен сүйдi. Нұрмира да құрбысын құшағынан босатқысы жоқ. Жуық арада сағыныш мауқы басылар көрiнбейдi. Сояудай қайқайған кiрпiктерiнде баданадай-баданадай жас тамшылары түйiр-түйiр қалпы iлiне-iлiне дiрiлдейдi. Бiр-екеуi үзiлiп түсiп, әрлi дидарымен төмен жосылды.
— Сағындырдың ғой, Нұрмираш. — Гүлжан бет орамалымен жүзiн сүрттi.
— Сендер де сағындырдыңдар.
Бұл уақытта Бiтiм кiшкентайды көтерiп, бұлардан көз айырмай тұр едi. Сәби де мына жайтқа ұғына алмай шешесiне жапақ-жапақ қарайды.
— Келуiңiзбен! — Нұрмира өзiне бiр назар тоқтатып қалғанында Бiтiм жүздескенiне қуаныш бiлдiрген ишарасын аңғартты.
— Танысып қой, мынау — Бiтiм.
Келiншек өңiн берiп бұрылды да, «Нұрмира» деп атын атады. Сосын Гүлжанға:
— Бақытты болыңдар! Мен қуаныштымын, — дедi қылаусыз көңiлiндегiсiн бүкпей.
— Рахмет, рахмет!
Әп дегенше Бiтiмнiң машинасына мініп, әуежайдан қалаға қарай ұзай бердi.
Құрбысыныкіне тоқтап, демін басып шәй iшісімен, Гүлмираға барғысы келетiнiн дегбiрсiздене белдiрдi. Осыны қашан айтады деп күткен Гүлжан iшi қалтырап, өзiн әзер ұстады. Сонда да жанарының бақжаң ете қалғанын аңғармады.
— Бүгiн кештеу болып кеттi, ертең баралық.
Үнi пәс әрi діріл араласты. Сондағысы Гүлмираның қазiргi кейпiн Нұрмираға қалай көрсетемiн деп сасқаны. Уақыт ұтпақ ниетi бар. Сәл шыдай тұрса, Iлияс түнгi рейспен келмек. Ертең бiр лажы болар. Ең жақсысы, қыспаққа жалғыз қамалмайды. Екi жақтап бiр нәрсенi түсiндiре алар.
— Дәл iргесiнде тұрып, тапжылмай жатуға қалай дәтiм шыдайды? — Ойлы жанарын Гүлжанға аударды.
Бұл ләмдi естiгенде Бiтiмнiң айдаладан құты қашты.
— Сенiң уақытың болмаса, — Нұрмира сөзiн әрмен сабақтады, — өзiм барып келе қояйын.
Мұның бiрбеткейлiгiн бiлетiн құрбысы жаны мұрынының ұшына келiп, бiр қызарып, бiр бозарды.
— Адресi қалай дедiң? — Демi тарылған әйелдi Нұрмира тақымдап, одан сайын тұншықтыра түстi.
— Бiрге барамын ғой. — Дәп бiр өзi кiнәлiдей жаны тызақтады. Айыбы ашылып қалатындай әбiржи ерiндерiн мақсатсыз тiстеледi.
Көп ұзамай машина «Каблуков» көшесiне бұрылды. Бұған дейiн әркім өз ойымен бұйығы едi, қапелiмде Нұрмираның дауысы ышқына шықты.
— Бiз қайда келе жатырмыз?!
Ешкiм тiс жармады. Салмағы батпан сауалға жөн тауып тiл қату, қиынның-қиыны.
— Мына ауруханада ма?! — Жындыхананың осы көшеде орналасқанын бiлетiн келiншек, күйгелектене күбiрледi.
— Сабыр сақта! — Оның өңiнiң бұзылып сала бергенiн аңдаған құрбысы, бұдан ары үнсiз қалуға дәті бармады. — Осында жатыр.
Нұрмира жалт қарады. Демде мұздай тоңды құрсана қалған суық жанарының сұғы, өңменiнен өттi.
— Онша мазасызданба, Гүлмираның жағыдайы нашар емес... бiрақ дәрiгерлер осылай ұйғарды. — «Есi дұрыс» деп айтуға тағы батылы жетпеді.
Нұрмираның баданадай жанарынан ып-ыстық жас бұршақ-бұршақ атқылады. Иегi кемсеңдеп, ерiндерi дiрiлдей бастады... Бетiн алақанымен баса қойып, солқылдай жөнелдi.
— Жыламашы, ботам! — Гүлжанның дауысы үздiге, Нұрмираны өзіне тартты. Ол ерiксiз иығына сүйене бердi. Мұндай жат адамдардың ортасындағы тосындықты көрiп, кiшкентай сәби үрейлене шырқырады. — Қойшы, Нұрмира, әне Айбек қорқып жатыр.
— Сорлаған қарғам-ай... — Баласын бауырына басып, одан сайын еңкiлдей түстi. — Одан бетер сорлаған екенсiң ғой...
Бұлардың келулерi шынында да бекер әурешiлiк болды. Беймезгiл уақытта iшке ешкiмдi кiргiзбедi. Қанша Гүлжан мен Нұрмира жалбарынғанымен тасбауыр күзетшi биiк тас дуалдың арғы жағынан, жүрегi шiмiрiкпестен зiркiлдей жауап қатты.
— Бұл, кейде тәртiптi бұзса да дәнеме етпес жай ауруханалардың бiрi емес. Мұнда ақылы кемдер жатыр. Режимдегі нысан. Алда-жалда бiреуi шығып кетсе, мен басыммен жауап беремiн. Сондықтан, сендерге бола ондай зауалға ұрынғым келмейдi.
Алу-далу келіншекті екi жақтап жүрiп, зорға машинаға отыруға көндiрдi.
— Мiне, осындайын бiлгендiктен бүгiн сенi мұнда әкелуге қашқақтап едiм. — Әлi де тiлi күрмелiп, ойын бүгежектей білдірді. — Аманшылық болса, түнгi сағат 2.50-дiң ұшағымен Мәскеуден Iлияс келедi.
Көзi қызарып, бет-аузы домбығып iскен Нұрмира киiктiң лағындай жалт қарады.
— Жайша ма? — Ықылық ата сұрады.
— Жоқ. Тiкелей осы шаруаға қатысты.
— Ол қайдан бiлдi?
— Мен хабарлағанмын...
Бұдан кейiн әңгiме үзiлдi. Әркiм өз ойымен арпалысып, үнсiздiктiң тұлыбын жамылған. Сөйтiп, қара тастай қайғы арқалап, үйлерiне әзер жеттi.
Уақыт өтсешi... Ешкiмнiң жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Дәмiл-дәмiл қабырға сағатқа қарап, анықтама бюросына кезек-кезек телефон шалады. Ұшақтың кестеде көрсетілген мезетінде қонатынын қадағалауда. Құдай сәтiн салғанда әзiрше көлденең кесiрден ада.
Гүлжан зыр жүгiрiп жасаған кешкi ауқат iшiлмей сол күйiнде қалды. Бұлардың қас-қабағын баққан балалар да онша еңселерiн сала қоймады.
Осы үйдiң төрт ұлы өздерiнiң қалжаларына қарамай Айбектi кiшкентайсынып, соған жапа-тармағай иектеген. Оның жүрiсiн, қимылын, тiлiн қызықтап, ойыншықтарын ұстатып, бiраз мәре-сәре болды. Ендi қазiр төртеуi бұйыға ұйқы құшағына енген.
Нұрмира ұлын өздерi жататын бөлмеге әкеп ұйықтатқан. Содан кейiн үйдегi абыр-дабыр басылып, өлі тыныштықтан, тiптен ауасы ауырлай түскендей.
— Iлиясты бiз барып күтiп алайық, — дедi бiр кезде тұнжырап, қалың уайымға берiлген Нұрмираға құрбысы. — Сен үйде балалардың қасында бол.
Нұрмира үндемедi. Мынандай тығырыққа тiрелген тұста ары-берi жүрiс те ойын сергiтер едi, оған амал қанша, мұршасы тағы жоқ. Бiрiншiден, Айбек ұйықтап қалды. Жетi түнде баласын сүйрелей шапқылағаны жарамас. Екiншiден, Бiтiммен мұның кетiп бара жатуы, ешқандай көңiлге сыймайды. Одан да ерлi-байлы екеуi барып Iлиясты қарсы алғандары ұнамды. Миы шағылып, аласапыран ойдан көкiрегi жарылып кетсе де бiрер сағат жалғыз қалғаны дұрыс. Жалғыз емес-ау, балалардың қасында. Кiшкентай немелер оянып кетiп, шошып жүрер.
— Жарайды. — Сүреңсіз сыбырлады. — Iлияс осында келетiн шығар?
— Үйге жүр деймiз ғой. Таңертең пышырамай, бiр жерден шығып кеткенге...
— Мен де солай ойлаймын.
Сағат түнгi бiрден кеттi. Төзiм әбден түгесiлген. Бiтiм мен Гүлжан жинала бастады. Тызақтаған олар да демнiң арасында сыртқа беттедi.
— Жақсы, ботам, көп уайымға салына берме. Бәрi дұрысталады. Гүлмира әлi-ақ құлан-таза жазылып, шапқылап ортамызда жүредi. Амандық болса, кідірмей тез ораламыз. — Гүлжан табалдырықтан ары аттай бере мұны сабырға шақырып, осыны айтты.
— Жолдарыңды оңғартсын.
54-ТАРАУ
Жұмысына қарай көк базардың алдынан Жасарал асығыс өтiп бара жатты.
Құмырсқаның илеуiндей құжынаған халық. Бәрiнiң аранын ашқан ақша. Түкке тұрғысыз қолындағы ұсақ-түйегiн қымбатырақ өткiзгiсi келедi. Мына жалғанның парқы iшiп-жеу ғана сияқты. Бiр қарынын күйттеген хайуаннан айырмашылығы — үстiнде лыпасы бар.
Әне, қайыршылар да дiзесiне қалпағын қойып, өткен-кеткенге жақсылық тiлеп шоқына бередi. Әп-әдемi киiнген тәжік шалы таяғына сүйенiп, тасбиығы саусақтарына iлiнген сол алақанымен сақалын сипалап, дамылсыз «аллауәкпарын» әндете қайталайды.
Бiр жақтан әлгiмен жарыса сырнайдың сұңқылдаған үнi шығады. Не бiр қазақтың әндерiн тамылжытады. Жасарал ерiксiз сол тұсқа мойынын бұрған, кәдуескi орыстың қаба сақал мұжығы сазды музыканы көйiтiп отыр. Қазақстанда тұратыны бүгiн есiне түскендей, қазақша әндердiң әуенiн бiрiнен соң бiрiн құйқылжытады. Алдындағы гармонның қабы сары, көк, қызыл құлақ ақшаға белуарынан кеп қапты.
Айлаға басып, қулығын асырған шалдың сықпытына ерiксiз мырс еттi. Кенет, дабыл қағылып, түрлi шылдырмақтар шылдырлай жөнелдi. Iзiнше хормен айтылған «кришнайттардың» әуенi естiлдi. Ендi сол жаққа назар аударды. Әлемiштенiп киiнген өңшең жастар. Көзқұмарлығымен ерiксiз қасына таянды. Маңдайларына қызыл бояу жағып апты. Ұзын-ұзын көйлек киген қыздар, шапанды жiгiттер екiлене құдайға жалбарынуда. Оларды әп дегенше-ақ ары-берi өткен ел жапа-тармағай қоршап үлгiрдi. Ортадағы картон жәшiкке бiрiнен соң бiрi ақша атады.
Жасаралдың көзi әлгiлердiң мойындарына iлген кiшкене дорбаларына түстi. Бәрiнде бар. Кейбiрi бiр қолдарына қалта киiп алыпты. Мынасы пiрәдарлықтан гөрi көкнәршыларға, апиынкештерге көбiрек ұқсайды. Ол пәтшағарлардың саусақтары адам жанын тiтiрентерлiктей әппақ болушы едi. Қан-сөлсiз сумақай саусақтар құдды бiр қан сорғыш жалмауызды елестететiн. Мыналардың қолын әп дегеннен байқау қиынға соқты.
Ондай әппақ болатын себебi, олар мойындарына iлген көкнәрi бар дорбаларын ыстық суға салып, саусағының басымен езетiн. Күнделiктi тiрлiктерi сол. Әлбетте, қайнақ суға малына берген саусақ ағарады.
Сосын әбден иі қанғанда езіндіні сiлемейлеп сiмiредi. Аптап пен аңызақтан кенезесi кепкендей әлгiлерге одан кейiн қайнақ су шақ келсешi. Отынның соры әрi олар аяқтың ұшымен жүретiн тыныштықты қажет етедi. Тамыртамырын қуалап, буынбуынын апиынның уы жайлап, мәңгiре бастаған немелер қатты айқай, тарсыл-гүрсiлдi жек көредi. Өйтетiнi, бойы байсал тарта бастаған кәйiптiктi бұзады. Рахатынан аластайтын даң-дұңды кiм жақсы көрсiн?
Көкнәршілерге ұқсас мына бөрінің үйіріндей ұйлыға ұлыған топтың арасында ұялмай-қызармай қазақтың қыз-жiгiттерi тұр. Имандылықтың атасы Мұхаммед пайғамбарды, Мұхаммедке үмбеттiгiн ұмытқан... «Әлде ақша табудың бұл да бiр соны көзi ме? — деп ойлады Жасарал. — Бәрiбiр, мұсылмандықты қойып, зорлап-қыстамай-ақ басқа дiнге итше қыңсылап барып мойынсұнған сүмелектердi құрту қажет. Олар құдайшылығын, иманшылығын сатқандар, жоғалтқандар. Төмен етектiлердi бiлмеймiн, басқамен шағылысып, бөгдемен будандасып шiрiген жұмыртқадай iз-түзсiз құрыр. Ал, қазақ деп ұрпақ қалдырып, оны шыр етiп дүниеге келiсiмен шоқыншық жасамас үшiн, әлгiлердiң арасындағы еркек кiндiктiлердiң безiн сылдырып, әтек етiп жiберу керек. Мұндай кәпiрлiктiң етек алуы, байсын жерiмiздiң былыққа шаш-етектен батқандығынан, сірә».
Базардың iшiнде өрiк, мейiзiн саудалап өзбектер жалаң қағады. «Орыс болам десең, ең бiрiншi қазақ бол» деген сөздi айтқан солар-тын. Дүниенi ақшаға айналдыру жеңсiгi жеңген жояндар орыстарға ең бiрiншi сүзгi болған қазақтардың күйiн кешсiншi, сауда жасамақ түгiлi — өз бастары саудаға түсiп кетер. Жаңағыдай келемеждеп күлмек түгiлi, бүгiннiң өзiнде лақсаланған тiрлiк кешкен найсаптар бөрiнiң боғындай тозып тынар.
Рас, қазақ жұрты — батысы да, солтүстiгi де, шығысы да қалың барағы қурайдай қаптаған немелердiң қыспағында қалды. Олар Қазақстанды басып, қазақ даласы арқылы ғана Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстанға өтетiн, одан басқа жол жоқ. Алғашқы жосылып берген босқын әрі басқыншы нөпiрге кеудесiн тосқан қазақ даласы. Қазақстанмен салыстырғанда қырғыз, өзбекте орыс аз, Өзбекстанға қарағанда Тәжік, Түркiмен елінде орекеңнiң кем болатын себебi сол.
Бiр кездегi ырғалып-жырғалған салт-дәстүрi, имандылығы бар тектi елiнiң сойына сойыл жұмсаған саудайылардың қылығы арқасына аяздай батқан Жасарал өзiнiң ауыр күрсiнгенiн аңдамады да. Елi — жүдеу, жерi — жаралы... ит тiршiлiктiң соңында сөлкектеген бас. Әкеңнiң құны емес, жетi атаңның құнын сұрайтын жекеменшiк дүкендер. Қуыстар мен қалтарыстар — қалтыраған қайыршылар.
Осы көрiнiс аяушылық сезiмi бар кезкелген пенденiң емешегiн езедi. «Қайткенде әл-ауқатымыз дұрысталып, өркениеттiлiкке iлгерлеймiз?» деп ойлады.
Үкiмет байи қоямын деп бедекшiлiк қуып, делдалдық сауда-саттықпен айналысатындарға, түскен пайдасының жалпы 55 пайызын салық ретiнде ортақ қоржынға құясың деп тоқтады. Биттiң еркек-ұрғашысын ажырататын қулық сауып үйренген әккiлер, табысының тең жарымынан астамын мемлекетке бермеудiң амалын тапты. Талаптың орындалуын қадағалайтын жоғары құзіретті органдардағы адамдарды заңгер-кеңесшi етiп жұмысқа алды. Әлгiлер екi жерде қызмет етедi, бiрi — тегеурiндi тұғырында, келесiсi — осындай ырғынға батырған былқыған орында. Олар бұралаңы мен бұлтарысы көп кетеуi кеткен кеңес заңының әлжуаз тұстарын дөп басып, жауапкершiлiктен жалтарып, сырт беруге көмектесті. Ал қайсыбiр шағын кәсiпорындар тексеруге келген салық инспекциясы адамдарының қалтасын бопыр ақшаға толтырып, астына судай жаңа машина мiнгiзiп қайтарды. Мөлшерлi салықты төлегенше, мына шығын әлдеқайда арзанға түспек. Сосын, өз құлқынын күйттеген арамтамақтар да құжаттың барлығын келiстiрiп жасап бердi.
Қазiр нағыз пара беру мен алудың ұшқындап өскен заманы. Үкiмет салықты арттырғанымен бәлендей пайда таппады, қайта зардап шегуде. Бұл, жоғарыдағылардың қатесi. Түрлі әлеуметтік, қосымша құн, табыс салықтарының жиынтығын 55 емес 10 пайыздан асырмаса, ешкiм де бұлтарып-жалтармай тиесiлi қаржыны мемлекет бюджетiне құяр едi. Мұны көрiп-бiлiп отырған басқа республикадағы бедекшi Қазақстаннан есеп-шот ашуға ынтығады. Сөйтедi де салық төлеушiлердiң қатары көбейiп, мемлекет қаржысы қорлана бастайды. Соған орай қарапайым халықтың тұрмысы да қоттана түспек. Сонда ғана дүкендегi дүниелер арзандайды.
Небiр ойлардың жүлгесiне iлесiп, жүйкесi жұқарып жұмысына жеттi. Өне-бойы дел-сал, ештемеге зауқы шаппады. Бiр-екi қағазды ары-берi аударып қарады да, креслосының арқалығына шалқая жайғасты. Асығаттар уәде бойынша тоғыз жарымда Жасаралға келмек. Одан кейiн Нұрмираны алып, мединституттың корпусына тартады.
Сүлесоқ тұрған телефон бебеу қақты.
— Жасарал, халiң қалай?
Сыңсыған дауысынан бiрден кiм екенiн тани қойды. Қаны миына атқалақтап, ашуы табанда қозды.
— Иә, неменеге мүләйiмси қалғансың? — Тамыры бiлеуленiп, маңдайы құрысты.
— Өздерiңше бiздi қолға түсiре қоятындай телефон-анықтағыш орнатыпсыңдар... — Гүлжан сыңқып күлдi.
Құпиясы оп-оңай ашылғанын сезсе де жеңiлмеуге тырысып:
— Бұрынғы аппарат абайсызда құлап сынған соң, басқасына алмастырған, — дедi дауысын нық шығаруға ұмтылып.
— Өтiрiк судырақтатпашы! Ал неменеге үйдi күзеттiрiп, жiгiттердi қарауылға тастап кеттiңдер?
Қапелiмде аузына жөндемді сөз ілікпей Жасарал сасқалақтады.
— Сенiң қай уақытта кеткенiңдi, машиналарыңның нөмiрiне дейiн бiлемiз.
— Қандай киiм кигенiме шейiн бiлетiн шығарсың?
— Бiлемiн.
Олардың мына қырағылығына құмарлығы мен қызығушылығы артты.
— Бiлсең, айтшы.
Жасаралды одан бетер айран-асыр қалдырып, бәрiн қаз-қалпынша түстеп, жығып бердi.
— Ана Асығатты жақсы танимыз.
Iнiсiнiң атын естiгенде төбесiнен жай түскендей әсер еттi. «Қайдан?» деген сөздi қалай айтқанын да аңдамады.
— Ылғи орталық базарда жүредi. Бәрiбiр қанша тыраштанғандарыңмен бiз Нұрмираны алып кетемiз.
— Уақыт көрсетеді. — Зығырданы қайнаған ол тұтқаны жаба салды.
Көп зарықтырмай Асығат телефон шалып, келгенін хабарлады. Тез жиналып сыртқа шыққанында ол iнiсiнiң кешегi емес, басқа машинаның қасында тұрғанын көрдi. Бiрден жорғадай найқалған «Ниссан патролға» жайғасып, нысаналы жақты бетке алды. Жол-жөнекей Жасарал Гүлжанның хабарласқанын, олардың Асығатты танитындарын, машинаның нөмiрiне дейiн бiлетiндiктерiн айтқанын мағлұмдады.
— Соны өзiмiз де солай жүптесiп, бүгiн бәрiмiз көлікті ауыстырдық.
— Жiгiттер қайда?
— Олар әзiр. — Сөйлей отырып, телефонның бедерлерiн тере бастады. — Ал-ло, Алмас, дайынсыңдар ма? Бiз жақындап қалдық. Есiктiң алдына барып тағы да звондаймын, сол кезде шығыңдар. — Құйтақандай қара тұтқаның қақпағын жауып, — жiгiттер сақадай-сай, бiздi күтiп тұр. Ертпей әдейi тастап кеттiм. Ұбап-шұбап жетсек, аңдушылар iз кесiп жүргенiмiздi бiрден бiледi. Сосын жоспарымыз iске аспай қалуы ықтимал, — дедi.
Әне-мiне дегенше діттеген тұсқа да ат басын тіреді. Көп ұзамай Алмастар төбе көрсетті. Нұрмира үлбiреген ақ қалпақ киiп, қара көзiлдiрiк тағыпты. Сыртқа ешқандай сезiк тудырмауға тырысып, баппен кеп есiктi ашты. Мiнiп ап шүу деп кеткен соң Алмас «соңымызға iлескен құйрық-жалымыз жоқ па?» деп, арт жақты барлай қарады.
Бұл кезде Асығат байланысқа көшкен.
— Тайыр, дайынсыңдар ғой? Қазiр жетемiз.
55-ТАРАУ
Есiктi жауып, оңаша залға келiп жайғасты. Әлденәрсеге алағызып алып қашқан көңiлi әрқиырларға жетелеп, небiр соқпақтармен сүйреледi. Жар дегенде жалғызы Гүлмирадан көз жазса, бұл өмiрдiң ешқандай мәнi қалмайды. «Қарғам, қаптаған делқұлылардың ортасында қайтiп қана жатыр екен? Соншама осындай санасына сызат түсетiндей не теперiш көрдi? Ұлан басына пана емес, сор болып жабысқан-ау. Ары таза болса неге ұрымтал тұста қорымның iшiне жападан-жалғыз жанарын жәудiретiп тастап кетедi. Бағана-ақ, Гүлжан оны жұмысында деп қашыртып жауап бергенiнен-ақ қу iшi бiр нәрсенi сезген. Ендiгi осы уақытқа дейiн тым құрымаса бiр телефон шалуына болар едi ғой. Алматыда Гүлжаннан басқа Гүлмираның жақын туысы жоқ екенiн бiледi. Қайткенде де жұлын құрт Ұлан оның түбiне жеттi».
Бадана жас бота көздерiнен үзiлiп-үзiлiп түстi. Ауыр күрсiнгенiн аңғармады. Отау құрып, өзiнiң де опа таппағанына қабырғасы күйредi. «Әкемiз бе, шешемiз бе қайсысы екен халықтан қарғыс алған? Әйтпесе, құдайдың бiздi осынша сорлататын жөнi жоқ едi ғой».
... Қырсық айдап Арқалыққа қайдан тап келдi? Бiрбеткейлiк адамға еш жақсылық әкелмесе тиiс. Сол жолғы әйелдiк әлсiздiгi жеңбегенде Торғайға торға түспес пе едi. Бәрiне балалық, шалалық қылығы шығар кiнәлi. Әйтпесе Алматыда-ақ оқу-тәжiрибелiк мерзiмiн өткiзуге әбден мүмкiндiк бар-тұғын. Болары — болды, бояуы — сiңдi. Әсiресе, қабырғасы күйреп, өзiн пенде атаулының iшiндегi ең қорашы, сорлысы санаған уағы — Қаңтарбайдың бiр қызымен әйелiн шығарғанын бiлген кезi. Iшiнен таусылды, iшiнен үгiлдi. Оның алдында да бiр-екi рет қолы тигенде мұндай қапаланбаған. Сонда да жаман әйелдерге ұқсап, баласын көтерiп тұра қашпады. Ылғи бедекшiлiкпен безiп жүретiн ерi үйiне келгенде сол жайында сөйлесуге, ұғынысуға шақыратын. Бiрақ, Қаңтарбайдың бұл тақырыпқа аттап басқысы жоқ.
— Екеумiз түсiнiспедiк, ажырастық. Болған-бiткенi осы.
Бетi шiмiрiкпестен бедiрейе айтты.
— Әу баста ол туралы маған неге тiс жармадың?
— «Сенi жоғалтып аламын ба?» деп қорықтым.
— Егер, өзiм бiлмегенде ләм-мимсiз жүре беретiн бе едiң? — Күйеуiне аялы жанарын төңкердi. Ері қысылыс табатын сыңай байқатпады. — Ол жайында ертеректе естiгенмiн, — Нұрмира сөзiн әрмен сабақтады, — бiрақ, нанған жоқпын. Алып-қашпаны ақиқатқа айналдырып, әйелдiң өзi келдi. Қызың сенiң аузыңнан түсiп қалғандай екен.
Қаңтарбай жалт қарады.
— Қай уақытта келiп жүр?
— Осыдан бiр жарым ай бұрын.
— Одан берi маған ол туралы неге айтпадың?
— Сен менiң сөзiм тұрмақ, өзiмдi адам құрлы көрiп жүрсiң бе?
Күйеуi бетi сазарған қалпы әйелiне бедiрейе қарады.
— Неге үйге кiргiзесiң?
— Әуелгіде, ауылдағы мен танымайтын туыстардың бiрi шығар деп жорамалдадым. Жалпы, үйге келген адамды кiргiзбеу деген не сұмдық?
— Ендi келсе, үйге кiргiзбек түгiлi маңына жолатпа. — Тепсiнiп, пәрменмен бұйырды да ас бөлмесiнен шығып, залға қарай беттедi. Нұрмираның iшкi жандүниесi шағылда өскен жалғыз тал қурайдай қалтырап, дел-сал халде қала бердi. Бауыр етi баласына да жүрегi бүлк етпеген қатiгездiгiне қайран. Қайта бұл, былдырлап сөйлейтiн кiшкентай сол қызды Айбегiнен кем көрмей, етенелiк танытып едi. Бiрiншi рет табалдырығын аттаған нәрестеге көйлегiн кигiзiп, шешесiнiң қолына «кәмпит алып берерсiң» деп, қашқақтағанына қарамай ақша ұстатқан. Әңгiме барысында ол бейшара:
— Ойбұй-у, сiңiлiм, қай сорың қайнаған күнi мұның қолына түстiң екен? Сенiң кiшiпейiлдiгiң мен көркiңдi елден естiп, соны көзiммен көрейiн деп келiп едiм... Айтқандары рас екен. Аузының салымы бар иттiң. Бұйрық қой, бұйрық. Ендi мықты бол, — дедi кетерiнде.
Кiшкентайын жетектеген қалпы ұзай бердi. Тұлымы желбiреген қыз, қаперiнде ештеме жоқ қалпы, нәресте көңiлмен бұған бұрылып, нәзiк саусақтарын жыбырлатты. «Хош бол» дегенi. Бұл да ерiксiз жүрегi елжiреп кетiп, қолын көтердi.
Оған дейiн де Қаңтарбайдың талай тасбауырлығын көрген-тiн. Бұл шаруаға айналып, қолы тимей, бала шырқырап көгерiп-сазара жылап жатса, селт етпестен темекiсiн тартып отыра бередi. Iшегi түйiледi деген жанашырлық сезiм, өз қағына да табылмай тұр-ау. Қайта, оларға жасаған аналық iлтипаттық ниетiн, гүжбан неме айтқызып үлгертпедi. Кiшкентайға көйлек кигiзiп, ақша ұстатқанын естiсе өтi жарылып кетер ме едi?
Күйеуiнiң бұрынғы әйелi келгеннен кейiн жүдеп, жаман бiр баз кешкен күйдi басынан өткерiп, көңiлi қоңылтақсып жүрдi. Қайғы сауып, уайым iштi. Бiрақ, мұнысын жан-пендеге бiлдiртпеуге тырысты. Әсiресе, жаманшылығын, онысыз да жалғыздықтан жүдеп жүрген Гүлмирасына аңғартпауға бекiндi. Ешкiмге өкпелейтiн қақысы жоқ, өз ұйғарымы. Әттеңi сол, бәленбай жыл кiр шалдырмаған әппақ арын аңдаусызда бiр қотиынға қор еткенiне қиналады. Қанша асқан сұлулығына насаттанып, шалқақ басып жүрсе де, перiштелiк жалғыз ғана бұлдайтын нәстеден адаланған соң, құның бақыр тиын екенiн мойындауың ләзiм. «Кiммен қарайсаң — сонымен ағар» дейтiн қазақтың пәлсапалық сөзi де, өмiрдiң осынау негiзгi шешушi түйiнi әбден зиында зерделенгеннен кейiн барып айтылса керек. Өйткенi, бұдан былай ешкiмге қажет емессiң. Қажет болғанда да аңқасы кеуiп шөлдеп кеп, сiмiре салатын «сусын» орынына ғана жүрерсiң. Одан да ит те болса ақтығыңды ойрандаған, пәктiгiңдi паршалаған пенденiң етегiнен ұстауға көнесiң. Ертеңгi күнi тым құрмаса көз жасыңды бұлдап, оның алдында жылауға да батылың барады.
Осындай иманды ой мен қыз ибасы алдында құрбан болып, бiреудiң қолына тағдырын сенiп тапсырыпты. Әйтпесе Ерасылдың iшкi сезiмiн түсiнбедi ме, түсiндi. Өзi де өлердей ынтық едi, амал қанша. Екеуi де шектен шыққан бұйығы, әсiресе көршiлес тұрып Ерасыл тым момын екен. Басында бағасын асырмақ боп әдейi сынай түсейiн деп мойын бұрмап едi, соңында сол қателiгiн кешiре алмай бармағын шайнап өкiндi. Әмбе ол үшiншi курстан соң Мәскеулiк университетке үн-түнсiз ауысты да, Алматыға келуi сиредi. Әлгi уақтарда Нұрмираның басында қалаймақан уақиғалар басталды. Әйтсе де оны сағынды, iштей аласұрып iздедi... Төңірегiндегi ешкiммен сөйлескiсi келмедi. Өз уайымын өзi сауып iшiп, тұңғиыққа бата бердi, бата бердi. Ақыры, бiр кездерде сол бейненi осындай биiктен көрсем-ау деп салған суреттерiн парша-парша етiп жыртып тастады...
Тәңiрдiң сорлатқанда тап келгенi, ащылы жердiң сортаңындай жұғымсыз кебiрi. Жаны қаламаса да құдайдың салғанына көнген, Айбегi бар. Тексiздiгiн танытып, бiрiншi, Гүлмирасын күйзелтуге беті дауаламады. Екiншi, ұлын әке бауырынан алшақтатуға дәтi бармады.
Қоңырау зыр ете қалды. Ұшып түрегеліп, есiкке жүгiрдi. Ілгектi ағытты. Бiрден көзiне шалынғаны, сұңғақ бойлы ақ құба жiгiт қарсы алдында күлiмдеп тұрды.
— Ой-бай, Нұрмирасың ба?! Күнiм, халiң қалай? — Иiлiп кеп, бетiнен сүйдi. — Тура мамаңнан айнымай қалыпсың!
— Келуiңмен! Төрлет!
Iлияс iшке ендi.
— Әйтеуiр, ұшақ көрсетiлген кесте бойынша кешікпей қонды. — Гүлжан өз жайлары туралы баяндады. — Iлиясты көргендегi қуанышымызды айтсаңшы...
— Иә, халдерiң қалай? — дедi Iлияс төргi бөлмеге өткен соң Нұрмираға қарап.
— Шет жағасын естiген шығарсың, жағдайымыз мәз емес. — Баяу сөйлеп, ауыр күрсiндi.
— Алғашында қайран қалдым. Уайым мүжiген ғой әбден. Оны ол жерде қалдырмай, қайткенде де алып шығуымыз керек.
— Мен де сөйтiп ойлаймын.
— Осыны топшылаған соң, Мәскеудiң ауруханасынан Гүлмираны ары қарай емдеуге шақырған қағаз ала келдiм.
— Қандай дұрыс жасағансың, Iлияс. Әйтпесе, бей-берекет ондай диагнозбен науқастарды босата бермес. — Нұрмираның өңiне жылт етiп, қуаныштың нұры жүгiрдi. Мұны естiген Бiтiм мен Гүлжан да мәре-сәре.
— Айтқандайын, — дедi қысылыс тауып Нұрмира, — бақытты болыңдар! Үш-төрт ай бұрын үйлендi деп естiп едiм. Өз шаруамызбен басымыз қатып, қуанышты ұмытып кетiппiз, ғафу өтiнемiн.
— Оқасы жоқ, рахмет. — Iлияс риясыз күлдi.
— Жүрiңдер шайға! — Ас бөлмеден Гүлжан дауыстады.
— Ой, шайы несi, жатайық та.
— Бiр-бiр шыны шай iшкеннен кейiн демалайық.
56-ТАРАУ
«Жебе» дүкенiнiң алдында оғар-шоғар жиналған елдiң арасынан жiгiттер қылаңытты. Асығат олардың қасына тоқтамай, «Байзақов» көшесiмен жоғары бұрылып кеттi. Аналар да мұның ізімен салды. Әудем жерден соң тағы да оңға бұрылып, көп қабатты үйдiң бiрiнiң алдына кеп тiзгiн тартты.
Соңындағылар да үш машинамен iркес-тiркес тақала тоқтады. Барлығы жапа-тармағай атып шығып, Асығатпен төс түйiстiре амандасып жатыр. Амандықтан соң Нұрмираны басқа машинаға ауыстырып, Гүлжандар танымайтын, корпусқа бiрге ерiп кiретiн жiгiттердiң қасына қосты. Бәрi қарулы. Жасаралды есептегенде — 17 жiгiт.
Аңыратқан бетте «Төле би» мен «Масанчидiң» қиылысына бiрдемде iлiктi. Машинаны елеусiз тұстарға шашыратып тастады да, өздерi бөлiнiп-бөлiнiп iшке беттедi. Нұрмира оқ бойы алдыда оңаша кетiп барады. Соңында өз беттерiмен әңгiмелескен үш жiгiт. Біреуі дәрігерлік институттың студенті секілді ақ халат киген, ешқандай күмән тудырмайтындай елеусiз. Ал қалғандары оларды алысырақтан бақыламақ.
Жасарал машинадан түспекке ыңғайланып едi, Асығат:
— Отыра бер, сенi бәрi таниды, көзге бiрiншi iлiгесiң, — деп салонда қалдырып, өзi асығыс жөнедi.
Олар екі сағатқа жуық айналып, зарықтырып барып оралды. Бәрiнiң иiндерi салбыраңқы, түр-әлпеттерiнен көңiлсiздiк бiлiнедi.
— Не болды? — Онысыз да дегбiрi қашқан Жасарал қарсы жүрiп, құрық салым таянғанда тықырши сауал тастады.
Жiгiттер жағы тым-тырыс, жауапты Нұрмира бердi.
— Ешкiм жоқ.
Жасаралдың да мынаны естiген соң шарасы таусылып, ендi не жасау керектiгiн бiле алмай алабұртты.
— Эмтиханыңды тапсырдың ба?
— Тапсырдым.
«Қандай баға алдың?» деп сұрауға жiгiттiң зауқы соқпады. Келiншек те суырылып айта қоймады. Екеуiн де қилы-қилы ой сүрелерi мазалауда. Сөйтiп, бiраз уақыт араларына үнсiздiк көлеңкесiн түсiрдi.
— Түнде Гүлмира телефон соғып едi. — Жасаралдың құлағы елең етті. Бұл кезде Асығаттар өз ара күңкiлдесiп тұрған. — Алмасбек деген папамның досына хабарлас дедi.
— Қайда iстеушi едi?
— МВД-да.
— Бiр бөлмеге қамап шығармай ұстап отырса, Гүлмира қалай хабарласып жүр?
— Бiлмеймiн, қапысын таптым дейдi. Асығыс, ол жағын сұрай алмадым.
— Iм-м... Ендеше сол кiсiмен сөйлесiп көр. Телефон нөмiрiн бiлушi ме едiң?
— Иә. Гүлмира айтқан.
Ол машинаға кiрiп, қажеттi сандарды тере бастады. Абырой болғанда әлгi адам үйiнен табылды. Арғы жақтан хал-жайды егжей-тегжейлi сұрап, басты бұйымтайды айтуға мүмкiндiк бермеді. Ақыры негiзгi шаруаға көшті-ау.
Осы тұста Алмас әңгiменiң барысын құлағы шалды ма, «кiммен сөйлесiп жатыр?» деп, иек қақты.
— Папасының милицияда жұмыс жасайтын Алмасбек деген жолдасы бар екен...
— Қап! — Түр-пiшiнiнен қиналыстың iзi бiлiндi. — Бiз араласқан жерге «минтовский вариантты» қоспау керек едi. Ол — бiздiң тарапымыздан минус боп есептелiнедi. Ең бiрiншi Асығатпен келiсiп алмай... — Салы суға кете, сөзiн желкесiн қаси аяқтады.
Осы кезде Нұрмира да салоннан тысқа шықты.
— Не дедi?
— Сол уақыттан берi неге хабарласпадың, хулигандарды әлдеқашан ұстайтын едiк деп менi жазғырды. Министрлiктен арнайы тапсырма берiп, шұғыл топ шығаратын болды.
Мұны естiген Алмастың тiптен қабағы салбырап кеттi. Бiр бәленi бүлдiрiп алғанын ендi аңдаған Жасарал болған жайды Асығатқа айтты. Ол тырс етiп тiс жармады: ренжiмедi де, кейiмедi де. Өңiнен ешқандай өзгерiс аңғартпады. Сол бұрынғы қалпы рульге отырып, жанындағыларды тиiстi жағына апарып салды.
Қанша дедек қағып, таңы айырылып жасаған әрекетiнен ештеме өнбей маңдайы тасқа соғылғандай хал кешкен Жасарал жұмысына шаршаңқы оралды.
Қайдағы бiр өнбес iстiң соңына түскенiне өкiндi.
Соған алаңдаймын деп жүрiп, тиянақты тұрмысының да бәтуасы қашқан. Iсi де iлгерiлеп, мандымады. Жұмысында да ыңғайсыздықтар жиi ұшырасып, селкеулiктер етек ала бастады. Байыптап қарап отырса өзiнiң мына жүрiсi тым күлкiлi — диюананың тiрлiгi. Сағымдай жылыстап, еш шапағатын тигiзбей өтiп кеткен уақытына iшi қан жылап, көк өзегi жидiдi. Ендi соның қаржуын қайтару қолынан келе ме, келмей ме — ол жағы беймәлiм. Әйтеуiр, жаны ашыған соң жансебiлдiлiкпен жүгiре берiптi, жүгiре берiптi. Қайдағы бiр су соқырлық жетелеген, қайдағы бiр мәңгүрттiк жайлаған.
Шарқая дауысты телефон оқыс шар ете қалды. Құлықсыз тұтқаны алып едi, таныс та бейтаныс Гүлжан сарнай жөнелдi.
— Көрдiк, шауып алдыңдар. — Сылқ-сылқ күледi. — Өздерiңше ұстай қоямыз дедiңдер ғой... Тапқан екенсiңдер ақымақты...
Сiркесi су көтермей тұрған бұл, зәндемiнiң сөзiн тыңдаудан жирендi, тұтқаны қоя салды. «Шiркiн қолыма бiр түссе, — деп ойлады, — ит терiсiн басына қаптап, көзiне көк шыбын үймелетер едiм». Бiрақ, қырсық қылғанда әбiлет басқырлар қармағына ілікпей, арам терге шомдырды.
Мөлiдей қара телефон қайыра шылдырлады.
— Неменеге тұтқаны тастай салдың?! — Бiрдемесiн өткiзiп қойғандай шаптыға айқайлады. Онысыз да құйқа терiсi тарылған Жасарал шыдамады:
— Әй, менiмен сөйлесетiн денi дұрыс бiр еркек кiндiктiлерiң бар ма? Кездесейiк, тұрысатын жерлерiңдi айтыңдар. Ешкiмдi ертпей-ақ жалғыз өзiм барайын. Әлде бәрi төмен етектi ме?! — Түтiгiп, ашудан қолдары дiр-дiр еттi.
— Сосын, милицияға ұстап берейiн деп тұрсың ғой.
— Жоқ, бетпе-бет сөйлесетiн адамдарың болса, қасыма жiгiттердi де алмаймын. — Ағынан жарылып, көкейiндегiсiн бүркемесiз жеткiздi.
— Оныңа нана қояды екенбiз, сенiмен бiздiң кісілердің тiлдесуге құлқы жоқ. Одан да мына шартты тыңдап, бiтiмге кел.
— Ол қандай шарт, айта бер...
— Қасыңдағы адамдарды жiбер, ана үйден күзеттi алдыр. Жолымызға кедергi жасама, осы үшiн Ресей рублiмен жетi миллион сом ақша беремiз.
Жiгiттiң iшi қылп ете қалды.
— Егер жолығысудан бас тартсаңдар, ол ақшаны қалай бересiңдер?
— Кәдiмгiдей, сол үйдiң почта жәшiгiне тастап кетемiз. Сендер аласыңдар, сонымен iс бiтедi.
— Мұныңа келiсе алмаймыз! — Айласын асырмақ алаяқтардың пасық ойларының түбiрiне балта шапты. — Бiреуiңнiң бет-жүздерiңдi көрелiк, ақшаны қолымызға әкеп берiңдер. Бiз де өз қолымызбен бұйымтайларыңды табыстаймыз. — Мұнысы жай араларына шырға тартқаны.
— Ондай келiсiм-шартқа бара алмаймыз. Бiздiң адамдар сендердiң ешқайсыларыңды көргiсi келмейдi. Осылай бiр-бiрiмiздi танымайтын күйде қалғанымыз жөн. Келiссеңдер, жаңағыдай уәде байласалық.
Бұдан арыға Жасаралдың төзiмi де, жүйкесi де шыдамады. Қайдағы бiр шажа байтал сияқты лақса қатынмен тәжiкелесiп сөз салғастырып тұруды бойына шақ санамады, телефонды баса салды.
57-ТАРАУ
... Төрт көзі түгелденгеннен кейін барып тым кеш жастыққа бас қойғандарымен, барлығы да ерте түрегелді. Сосын бiрден көкейге түйген шаруаларына тартты.
Әу дегеннен бас дәрiгерге жолығып, жай-жапсарды ұғындырды. Құдай бере салғанда ол — бес биенiң сабасындай етекжеңі кең болып ұшырасты. Бұлардың сөзiне, сиқына қарап, әрi бәрiнiң бiрдей дәрiгер екенiн бiлгеннен соң:
— Шамаларың жетсе науқасты үйде қаратқандарың дұрыс. Ол бiр қатты торығып, жаны қыстыға жапа шеккен кісі. Өткенiн есiне түсiру керек, ақылынан ендi-ендi алжаса бастаған, — деп, ағынан жарылды. — Күндiз-түнi ең жақыны жанында болғаны жөн.
— Қасында мен боламын. — Нұрмира шыр ете қалды.
— Сiз, сiңiлiсiсiз бе?
— Сыңарымын.
— Олай болса тiптi жақсы. Бұл жерде оған ықпал ете алатын адам — сiзсiз. Сондықтан көп жағыдай тiкелей сiзге байланысты.
— Түсiнiп тұрмын. Тезiрек көзiмiзге көрсетiңiзшi.
— Қазiр көресiздер. Бiрақ, оның алдында бекем болыңыздар. Әлжуаздық танытып, жылап-сықтап жүрмеңiздер. Оған жақсы сөз ғана айтылуы керек. Сiздiң, — назарын Iлиясқа аударды, — қағазыңыз бойынша Жақытованы бiз Мәскеуге жолдамамен жiберемiз. Бұл ауруханада жалпы есепте тұрады, бiрақ бақылаудың бәрi сiздердiң жауапкершiлiктерiңiзге ауады.
— Иә, иә.
— Құжаттарын дайындата беремiн. Жүрiңiздер. — Орынынан тұрып сыртқа беттедi. Ұзын дәлiзбен бұларды ертiп апарып, ординаторлық бөлмеге ендi. Ол жерде отырған ер адамға:
— Мына кiсiлер Жақытоваға келiп тұр. Науқасты Мәскеуге әкетпек. Жолдамалары бар. Бiздiң тарапымыздан тиiстi құжаттарды әзірлеп, қолдарына ұстатыңыз.
— Мақұл.
— Бұл кiсiлердi палатаға апарған соң, маған кiрiңiз.
— Жарайды.
— Киiмдерiн әкелiп пе едiңiздер? — Бас дәрiгер ендi бұларға бұрылды.
— Бұлай оңай шешiледi деп ойламадық. Қазiр алдыртамыз. — Гүлжан апыл-ғұпыл сыртқа ұмтылды.
— Жүрiңiздер.
Екеуі ақ халатты ер адамның соңынан ердi. Ұзын дәлiздiң тура тұйықталған тұсында, келесi сүреңсiздеу ғимаратқа өтер есiктiң аузында мейiрбикенiң посты бар екен. Ақ халатты қыздың қасында қолшоқпарлы милиция отыр. Көрер көзге тым қораш. Табалдырықтан аттап кiргенде-ақ жан түршiгерлiк дыбыстар құлаққа шалынды. Дәрiгерлiк ғұмырында Iлиястың да бiрiншi рет жындыхананың iшiне енуi. Бiртүрлi арқаң шымырлайды.
— Маған 15-шi палатаны ашып бершi, — дедi милицияға.
Ол қабырғада iлулi тұрған көп кiлттiң бiрiн алды да iлгерi жүрдi. Бәрi соның артынан iлестi.
Нұрмираның жүрегi аяғының басына қарай тартып, сыздап ауырды.
Есiк ашылғанда жалғыз өзi бүк түсiп, терiс қарап жатқан шүкиттей бiреудiң қылпы бiлiндi. Бұлардың кiргенiне тiптi көңiл де аудармады. Иығы ептеп дiрiлдейтiн сияқты. Мұздап қалған тәрiздендi.
— Гүлмира, — деп дыбыстады жаны шырқыраған Нұрмира.
Мiз бақпады.
Бетiне үңiлдi. Жағы суалып, сұп-сұр қалыпқа енiптi. Көзi сәл ашық. Саңылаудан қарасының нышаны байқалмай, ағы ғана қылаңытады. Алу-далу ұзын шашы жастығын көмiп, сұрын тым үрейлi көрсетедi.
— Гүлмира! — Үнi қалтырай шықты. — Гүл-ми-ра!
Ештеменi естiмейтiн сыңай байқатады.
— Қазiр бiраздан кейiн қалпына келедi. — Дәрiгер бос әуреленбеңiз дегендi аңғартты. — Өте жүдеу, асқа тәбетi мүлде жоқ. Дәрiнiң күшiмен ғана... Ептеп есi кірсе, баласын сұрайды.
Алғаш сiрiңкедей қатқан тұрқын көрiп, «аяғы ауыр дегенi қайда?» деген ұры ой Нұрмираның санасында жүгiрiп өткен. Ендi мына дәрiгердiң соңғы сөзi одан сайын айран-асыр еттi.
— Баласы қайда?
Дәрiгер Нұрмираның жүзiне қадала аңтарылды.
— Сiздер бiлмеушi ме едiңiздер?
— Бiз басқа қалада тұрамыз, түнде ғана келдiк. — Сөзге Iлияс араласты.
— Туыт үйiнен мында өткен науқастың жайы жазылатын кiтапшадағы мәлiмет бойынша, шала туған нәресте шетiнеген.
— Мұнда түскелi қанша уақыт болды?
— Ертең... — бейтаныс ер кісі ойланып барып, — бiр жұмаға толады, — дедi Iлиясқа бұрылып. — Мәскеуге апарып емдетесiздер ме?
— Иә.
— Бiр сәт назардан тысқары қалдырмай, жақсылап қараса, қайта қалпына келедi. Басқа науқастармен салыстырғанда, дiмкәсi әлi дендеп, қалыптаса қоймаған. Үмiт бар. Оның үстiне көрiп тұрғанымдай, сiздер сияқты жанашыр қамқоршысы табылды. Ал мұндағы басым көпшiлiгiнiң отбасы, бұларды қажетсiнбейді. Қайта машақатынан аулақ деп, осында жата бергенiн дұрыс көредi. Жалпы, бiр сөзбен айтқанда адам орнына санамайды. Бұл — ең бiрiншi, ең басты қателiк.
Ешкiм тiл қатпады. Әркiм өз ойымен арпалысып, бiр уақ үнсiздiк орнады. Нұрмира төсектiң шетiне жайғасты да, Гүлмираның өңiн өзiне қаратуға әрекет жасады.
— Жарайды, сiздер осында бола тұрыңыздар. Қазiр мейiрбике келедi. Мен, бас дәрiгерге кiрiп шығайын. — Жол бастап әкеген ер кісі сырт айналып, есікке беттеді.
Палатада үшеуi ғана қалды. Iлияс Нұрмираға жәрдемдесiп, Гүлмираны өздерiне қаратып жатқызды. Мойыны, қол-аяғы бәрi былқ-сылқ етiп, жансыз денеге көбiрек ұқсайды.
— Гүлмира! Гүлмира! Көзiңдi ашшы! — дедi сыңары бетiне болмашы шапаттап. Сезетiн көрiнбейдi.
— Тоқта, былай тұра тұршы.
Нұрмираның орнына Iлияс жайғасты. Ақырындап, маңдайынан тартып, басын аялы алақанымен уқалай бастады. Төбесi мен шүйдесiнен көк желкесiне ойысып, алқымы, иығын да қамтыды. Осы тәсiлдi екiншi қайтара жасағанда, сұлқ жатқан дене қозғалысқа ендi.
Сыңары iшiнен «иә, сәт» деп, қандасының ғана тiлеуiн тiлеп, үстіне төне түседi. Iлияс барын салып, бұл тiршiлiктi ұмытқан. Қолы-қолына жұқпайды. Науқас ыңырсыған дыбыс бiлдiрдi. Аяғын бауырына қарай жинап, қайта созды. Қолдарын мақсатсыз қозғай бастады. Денесiнiң құрыс-тырысын жаза алмай ауырсынғандай, астыңғы ерiнiн болмашы тiстеледi. Басын ары-берi шайқады. Осы тұста көзi болар-болмас ашылды да, жұмылды. Кенет, сыңары «Гүлмира!» деп, шыр еттi. Мұның үнiн естiгендей қозғалысқа енген дене, қалт тоқтады. Бiрақ, Iлияс қолданған дәрiгерлiк әдiсiн бәсеңдетпей, қайта үдеткендей қалып байқатты. Сырқат болмашы бөгелiстен соң, қол-аяқтары жиырылып-созылып қайыра қимылға көштi. Бұл жолы, саябыр жыбыр ширақтық танытты. Тыныс алғаны да анық аңғарылды. Қапелiмде қарақат жанар қайта ұшқын шашты. Бағжиып ашылған қалпы мағынасыз шаңыраққа қадалды. Әйелдiң өңiн меңiреулiк шәлiсi тұтаған. Жаңағы қыбыр-жыбыры сап тиылды. Бiрақ, Iлияс емдiк әрекетiн тоқтатпады. Танометрмен жүрек соғысын байқады, бiр қалыпты екенiн аңғарды. Қан қысымын өлшедi, мөлшерлi межеден тым төмен.
— Гүлмира! Сен менi естiп тұрсың ба?! — дедi сосын оның жүзiн қолымен өзiне бұрып. — Мен Iлияспын. Мiне, Нұрмира келiп тұр.
Науқас айранданған көзiн ендi ғана Iлиясқа тоқтатты.
— Кел, кеудеңдi көтершi. Бiр сәт басыңды көтерiп отырсаң, жақсы болып қаласың
Әйелдi иығынан орай құшақтап, аяғын төмен салбыратып, шынтағына жастық қойып жайғастырды.
Осы уақытта дәлiзден аяқ дыбыры бiлiндi де, iзiнше палатаға Гүлжан ендi. Науқастың шошайып отырғанын көрген ол:
— Гүлмираш, жаным, халiң қалай?! — дедi емен-жарқын.
— Басым зiл батпан.
Оның үнiн естісімен жанына Нұрмира таянды.
— Жаным менiң, амансың ба?!
Мақсатсыз, нұрсыз жанарын ендi оған аударды.
— Менiң кiшкентайым қайда?
— Қазiр үйге барамыз, кiшкентайыңды да аламыз. — Оның сауалына Гүлжан жауап қайырды.
— Сендер киiндiре берiңдер, мен құжаттарын реттейiн. — Осыны айтты да Iлияс сыртқа беттедi.
Ауруханадан шыға салысымен бұлар, Гүлмираның үйiне тура тартты. Ол жолда ешқандай сауал қоймай, Гүлжан мен Нұрмираның ортасында сiлейген қалпы келдi. Нұрмираны да, Iлиясты да, жалпы ешкiмдi танымайтын сияқты. Тек баспалдақтан көтерiлiп, өз пәтерiнiң есiгiне тақалғанда ептеп жүзiне нұр жүгiргендей нышан байқалды.
— Жанат жоқ па екен үйде?
Мұны естiген төртеуi де селк ете қалды. Тiлдерiн тiстеп, не деп жауап қайырарларын бiлмей састы. Бiрақ үнi кәдiмгiдей ап-анық шықты. Соған бола үмiттерiне жiп тағып, көкiректерiнде бiр жақсылықтың ұштығы қылаңытты.
Үйге келiсiмен екi келiншек ваннаны толтырып, екi жақтап Гүлмираны шомылдырды. Суға түсiп шыққан соң сергiгендей сыңай білдірді. Шашын өрiп, қуыршақтай құнтитып киiндiрді. Бiрақ, қунақылық байқатқанымен, нәтiнде әңгiмешiл әйел, үйге кiрерде айтқан бiр ауыз сөзден кейiн әлi тiс жармады.
Түскi асқа бәрi дастарханның басына жиналды. Ептеп өңдерiне қуаныштың лебi жүгiргендей.
— Ендi бiз көп кешiкпей Мәскеуге жүрiп кетелiк, — дедi Iлияс әңгiме арнасын негiзгi шаруаға ауыстырып. — Гүлмира үшiн бiр минуттың өзi қымбат, тездетiп бiлгiр маманға қараталық.
— Сол дұрыс. — Сөзге жоқ Бiтiм де iшкi пайымын аңғартты.
— Мен мынаны ойлап отырмын, — бәрi Нұрмираға қарады, — ана үлкен үйдi сатсақ. Бәрiбiр жолымызға, дәрi-дәрмекке қаражат керек. Бекерден-бекер бос тұрып, тозып барады. Сол шаруаны, Бiтiм сен, өзiң мойныңа алып, тындырсаң. Мен саған нотариалдық кеңседен сенiм құжатын бүгiн алып берсем. Содан кейiн бiз ертеңгi рейстердiң бiрiмен ұшып кетсек. Сен соңымыздан ақшаны алып келерсiң.
Бұлардың ешбiр сөзi Гүлмираның қаперiне кiрмей сүзiлiп отырды да қойды. Тағы бiр қуанғандары: ептеп тамақ iштi. Маңдайы жiпсiгендей болды.
Барлығы осы ұйғарымға тоқтап, Гүлжан Гүлмираның қасында қалды да, Бiтiм мен Нұрмира жаңағы шаруаның қамымен сыртқа беттедi. Iлияс осындағы жолдастарына кiрiп шықпақ ниетпен, ол да машинаға мiндi. Жол-жөнекей медициналық институттың қасынан түсiп қалды.
— Айбек жылап жатқан жоқ па екен? — Нұрмира ендi баласына алаңдады.
— Оған қам жеме, таңертең бiз қайыра барғанда менiң институтта оқитын қарындасым келiптi, — деді Бітім. — Кеше әдейi шақыртқанмын. Сол бүгiн балаларға қарап отыр.
— Жатсынып жүрмесе.
— Ұлдармен ойнап, алданып кетедi ғой.
— Жарайды, бүгiн мына шаруаны бiтiрiп алсақ... — Өзiн-өзi сабырға шақырды.
58-ТАРАУ
Қарам пиғылды дүлейлер Гүлмираны алып шығып, тағы да аудандық iшкi iстер бөлiмiне тартты. Дайрабай мен Бiдiрәлiнiң қасарысқанда жұлдыздары оңынан тумады. Кешегi аға лейтенант алған бетiнен қайтпайтын нағыз бiрмойын екен, сол сөзiн ұстап қатты да қалды. Әбден дегбiрi қашқан Гүлмира осы жолы да бар шындықты лоқ еткiзiп ақтарып салуға талай оқталды да, дерексіз кеткен Iлиясқа залалы тиедi екен деп тiлiн тiстедi. Бұлардың «ұшаққа мiнгiздiк» деген сөзiне әлi сенiп тұрған жоқ, әлдебiр беймәлiм тұста тұтқындап отырғандай көрінді.
— Өңiң қашып, әбiржулiсiң ғой, — дедi инспектор.
Келiншек жүзi төменшіктеп, басын шайқады.
— Ештемеден тайынба, оңбағандар сазайын тартсын! Әлде, бiреулер қорқытып жүр ме? — Әйелдiң бетiне еңсесiн сала, үйелменiмен бұрыла қарады.
— Жоқ.
— Ертеңдер сенi тергеушiлер шақыртар, болғанды болғандай айтып бер. Ал қазiр боссың.
Бұдан кейiн кабинеттен тек шығып кетудiң ғана ретi қалды.
Дөкiрлердiң ашуларының үстiне ашу жамалды.
Осы тұлан тұтқан қалыптарында қайтар жолда Нұрмираны ұстап алардай мединститутты торуылдаған. Қас қылғандай бұл әурешiлiктерiнен де ештеме өнбедi: мызғымайтын маң жiгiттердiң айбынынан ықты. Табаныңды әнтек шалыс бассаң, шап етiп етегiңнен қармамақ. Сосын тiрiдей құтылып көр, бұлар милициядан да тегеурiндi: көр-жерiңнiң бәрiн ақтарып, араның омартасындай құж-құж қайнаған ордаңның күлiн көкке ұшырады. Айып-анжыңды төлеп, аяғына құлдық ұра құтылмасаң, кешiрiмдiлiк танытып, маңдайыңнан сипай қоймайды. Өйткенi...
Асықпай ұйқысын қандырып, түске таман тұратын Асығаттың әдетi. Бүгiн де сөйткен. Шайын iшiп, бiр уақ теледидар қарауға отырған. Өзiнiң сүйсiне тамашалайтын хабарлары бар: «Криминальная Россия», «Дорожный патруль» тақылеттес дүниелер. Әсiресе, қазақша шығарылған киноларды, деректі фильмдерді зейiнiн сала көредi. Және сол көргендерiнiң бәрiн қорытып, ылғи да талдау жасайды. Сондай саралаудың өзiнен рахат алады. Басты рөлдегілердің қателiгi мен кемшiлiгiн тауып, жетiстiгiне сүйсiнудi ұнатады. Бұдан басқа да кәдiмгi өмiрдегi қала жұртшылығын елең еткiзген қылмысты оқиғаларды талдап, безбенге сала пайымдайды.
Сондай жайттың бірі — Қазақ телевизиясының елу бес миллион ақшасын алып кеткен оспадарлардың жiберген қателiктерiн тап басып тауып бердi: сыбайлас, телекомпанияның жүргiзушiсiн құр ғана сойылға жықпай, бiр-екi апта ауруханада нашар халде жататындай етiп, өлмес жерiне пышақ салу керек едi. Сонда ол тергеушiнiң фашистiк тәсiлмен көбесiне ине жүгiртiп, қинап, «тiл» алу тантал азабынан біржола құтылады. Өйткенi қарақшылардың қолынан пышақталып, әл үстiнде жатқан адамды — олжаға ортақ деп ешкiм ойламас.
Есiктiң қоңырауы сыңғырлады. Асығат оған елең етпедi. Бiреулер кiрiп, мұны сұрады. Өзiн iздеп кiм келiп, кiм кетпейдi. Бөлмеге денелерi құрыш болаттан құйылғандай шымыр екi жiгiт енгенде, орнынан қозғалып қол алған.
— Отырыңдар, — дедi жиегi қызыл ағашпен көмкерiлген борпылдақ креслоны иегiмен нұсқап.
Қос жігіт жайғасуын жайғасқанымен қопалақтап, асығыс екендiктерiн аңғартты. Бiрақ, үй иесi тырс етiп тiл қата қойған жоқ. Үнсіздікпен уақыт жылыстауда. Ана екеуiнiң тынысы тарылып барады. Әрi, әмiрлердiң ордасындай салтанатты жиһазға толы бөлме кiмнiң болсын, шүу дегенде әсем де сұсты айбынымен еңсесiн басып тастайтын. Оның үстiне келушiлердiң бiр түрлi түр-әлпеттерi де кетiңкiреп қалыпты, әшейіндегідей емес өздерiн рабайсыз сезiнуде. Осының бәрiн аңғарған Асығат өзi сөз бастады.
— Жайшылық па?
Сидаңдау сарысы қипақтай тiл қатты.
— Алаудың машинасы аударылыпты. — Айтуын айтып ап, өңi қуарды.
Асығаттың қабағы шытылды.
— Аман ба?
— Өзi аман... — күмiлжiп қалды.
— Қасындағы Тұрқан жүрiп кетiптi, — дедi екiншiсi.
— Иманды болсын! Аллауакпар. — Бетiн сипады.
Мән-жайдан мағлұм ап, шұғыл жолға жиналды. Өйткенi оқиғаның ендiгi барысын реттеу өзiне жүктелгенін түсiндi. Iшкi iстер органындағы ау-жайды пысықтап, мәйiттi қалай да бүгiн Алматыдан марқұмның туған жерi Өскеменге алып жүру керектiгiн топшылады.
Осындай мақсатпен сүлiктей қара «Мерседес» әлдебір жақты бетке алған.
Асығат сол кеткеннен үйiне ертеңiнде таңертең бiр-ақ оралды. Әйткенмен, шаруаның бәрiн тындырып қайтқан. Таңғы сағат төрттерде бiр топ жiгiттермен марқұм Тұрқанды ұшаққа сап, бүкiл қаражатымен, сыйытымен жөнелткен.
Сөйтiп, кездейсоқ апат жүректерiн ауырта жолдастарының бiрiн жалмады. Дәм-тұзы таусылып тұрса, амал қайсы, пенде маңдайға жазылғанын көредi де.
Апатқа ұшыраған екеудің бірі Алау — қазақ халқының мәртебесiн орыстардың алдында, шетел деп жүрген жат жұрттықтардың арасында сан мәрте көтерген. Әрине, бiлегiнiң күшiмен, спорттағы саңлақтығымен. Бұл, әлбетте, онша ерлiкке санала қоймас.
Алаудың алаулаған тұсы 1990 жылдардың iшi. Сол уақытта Шығыс Қазақстанда қазақтың төрт бiрдей жiгiтiн чешендер пышықтап өлтiрiп, ұлтаралық iлiк-шатыстар өрбiген. Ал, батыс жағымыз Жаңаөзенде чешендер мен қазақтардың арасында нағыз зарқұм соғысы жүрiп жатыр едi. Мiне, осындай қым-қуыт уақытта Талдықорғанның Қаратал ауданынан қазақтар бiр түнде 21 отбасын пойызға сап, көшiрiп жiбердi.
Әр нәрсенiң соңында бiр дүмпуi болатынындай, көп ұзамай сол кездегi бүкiл КСРО-дан чешендердiң атжалман жiгiттерi Талдықорғанға ат басын бұрды. Олар жай ғана бас қосу үшiн жиналмағаны түсiнiктi едi. Ойлары, жалдарын күжiрейтiп, момын халықты тағы бiр ықтырып алу.
Ендi-ендi тұтанайын деп тұрған осынау ұлтаралық шиеленiстi сол тұста не бары 23 жастағы Алау жiгiттерiмен барды да, пышақ кескендей тиып қайтты. Бұл оқиғаға азуын айға бiлеген бiрде-бiр саясаткер, сол тұста қаптап кеткен партиялар мен қозғалыстың өкiлдерi, тiптi, тiмiскiленiп жүретiн хауіпсіздік комитетінің адамдары, қала бердi, қалың милицияның арнайы бөлімшелерінің ешқайсысы да араласқан жоқ. Олардың килігуі иненің жасуындай жақсылыққа апарып соқтырмайтын еді.
Бұған кенеуi жоқ қызыл сөздiң иелерi емес, жан алып, жан бере алатын нағыз ерлер ғана бас қосты. Сондықтан да бұл жерде «минтовский вариант» жүрмейдi. Күнделiктi өмiрден көргендерi мен түйгендерi көп бiр-бiр халықтың туына айналған азаматтардың намысы — шетін жайт жөнiнде заң, құқық қорғау орындарына хабар беруге жiбермедi. Әрi, мүбәда ақирет үшiн де, қара халық үшiн де бiр игiлiктi iс iстеп кетуге талпынып, қатерге қарақан басын тiккен алғадайлардың түсiнiгiндегi әлемде, ондай iске бару — әйелдiкпен парапар. Өйтетінi бұлар — қалжа жегендей маужырап отырар мұғадарлар емес, қынапта жатқан алмас қылыш. Сол алдаспан кенеттен әуенi тiлiп, жарқ етсе, бiр қара жүректiң басын алып түседi. Не керiсiнше... Бiрақ, ол тектен-текке сермелмейдi. Бiрiншi, әлеуметтiк әдiлдiктi iздеген сөз жүредi. Мұндағы жан сүйсiнерлiк бiр нәрсе — болған жайтты «болды» деп мойындайды, айтылғанды «айтылды» деп тән алады. Себебi, хан, ханның уәзiрлерi о бастан-ақ екi сөйлемейдi. Құдай куә болған нәрсенi бұрмаламауы ақиқат. Мiне, осы қағида Дештi Қыпшақтан осыларға мирас боп қалғандай: ежелгi баба мен дала заңы бұлжымай орындалатын құран сүресiндей.
Ешкiм бұларды ақ киiзге көтерiп, алтын тақты әйгiлеп ұсынбаса да, өздерiн бiр халықтың, бiр ұлттың алаулаған намысымыз деп есептейдi. Тiрi тұрып ол намысқа дақ түсiруге қақысы жоқ. Екi сөйлеп, ел алдында сырдақтап сырт айналатындай мансап креслосындағы шенеунiктер емес. Сонысымен де айбынды, сонысымен де аңыз әңгiмеге ие.
Әлгіндей сын тұста әшейiндегi өзара шиманды үлпершек май талқысы ұмыт қалып, шилi тұстың бір бұрышын уысына ұстаған тегеурінді тентектерге ұлттық мәселелердi шешуге бетпе-бет барады. Қара бақырлық құны жоқ елтiрiден кiсi өлiп, серкештен ел бұзылмау жайын қозғайды. Бiтiмге келе алмаған тұста ғана алмас қылыш қынабынан бұлқына шығады. Бiрақ оның жаппай халыққа сiлтенуге қақысы жоқ, мәмiленiң мәнiсiн кетiргендердiң қара жүрегiне қадалмақ. Әрине, теке тіресте шамасы мен айласы жетсе ғана. Қапелiмде бата тимей, қате тиiп, өзiнiң де жайрап қалуы әбден ықтимал.
Мiне, осындай, шиеленiскен шилі кезде екi жақтан басын бәйгеге тiгiп, екi боздақ шығады. Оған дейiн iстелген айып, осы екеуiнiң бiрiнiң қанымен жуылады. Сонымен iс жабылуы тиiс. Онда да қиюын тауып, келiссөздi дұрыс жүргiзе алған жағдайда. Әйтпесе, шырпыдан тұтанған от жаппай бiр мемлекеттi өрт болып шарпуы мүмкiн.
Ол кезде аракiдiк қана кездесетiн шетелдiк керемет машиналар алдын-ала уағдаласқан жерде қайшалысып кеттi. Нөмiрiн ұққаныңмен, серияларын адам түсiнiп болмайды. Ондағы жиналушылардың да сұрқы сұсты, қанын iшiне тартып, әлдекiмге кектене бедiрейеді. Әмiрлерi «әйт» десе, ұңғысына кенжiр кигiзiлген қарумен жауыққандарын жусатып салмақ, өздiгiнен қимыл жасауға қақысы жоқ.
Қазақтар тарапынан келiссөзге келген тапалтақ, құрыш денелi жiгiттi көрiп, сұр қаракүлден папақ киген сақалды, мұрыны қоңқиған қара онша менсiнiңкiремедi. Онысын қанша сыртқа бiлдiрмеуге тырысқанымен, әлiк алған немқұрайлылығынан байқалды.
— Азу тiстерiң өсейiн деген бе?..
59-ТАРАУ
Мәскеуге келген соң бiрiншi алла, екiншi Iлиястың азаматтығының арқасында, Гүлмираны майталман мамандар айырықша қамқорлығына алды. Ғылыми зерттеу институттың бiрiнен жеке палата бөлiнiп, кәдiмгi денi дұрыс адамдармен қатар ем қабылдады. Бiрақ, табан аудармай кемiнде жарты жыл қаралуы керек екен. Алғашқы бiр айлық емдiк курсын стационарлық тәртiппен жүргiзсе, қалған уақыты амбулаториялық жүйе бойынша жалғаспақ.
Осыны естiген Нұрмира тағы да төтеннен шешiм қабылдады. Ленинградтағы үйдi Мәскеуге айырбастауға бекiндi. Өйткенi, Гүлмираға тыныштық керек. Пәтер жалдаса әтүйiрлерi қашар. Ең қолайлысы — тынышынан тыныш өз үйлерiнде тұрған.
Бұл ойын Iлиясқа білдіріп еді ол да қисынының дұрыстығын мақұлдап, құптады. Сөйттi де дереу газеттерге құлақтандыру бердi. Айналасы бiр-екi күннiң iшiнде-ақ пәтер айырбастаушылар табыла кеттi. Тағы да Iлиясты мазалап, Айна үшеуi шарқ ұрып Мәскеудi ақтап, пәтер таңдады.
Айна да Iлиястың ниетiне қарай құдай бере салған адам. Әппақ мәрмар өңi, аялы көзi, толқынды қысқа шашы бәрi бiр-бiрiмен құба-құп жарасып, айырықша әсемдiгiмен жүрегiңдi ерiксiз жiбiтедi. Әкесi ертеректе қызмет бабымен Мәскеуге келiп тұрақтап қалыпты. Бала кезiнен осында өскен, бiрақ, қазақы салт-дәстүрге сондай мүдуәрлығы әр iс-шарасынан аңғарылады.
Нұрмира мен Гүлмира турасынан сырттай қанық екен. Тiптi, олар жайлы айтылған әңгiмеге орай бетпебет жүздесуге, тілдесуге ынтызарлығы артқан. Бұл екеуi алғаш табалдырығын аттағанда үлкен қамқорлық танытып, қонақжайлылықпен қарсы алды. Содан берi жандарынан қарыс сүйем қалмай, қолынан келген жақсылығын аямауда. Құрығанда күнiне бiр мәрте Гүлмираның халiн бiлмек боп, дәруханаға бас сұғады.
Бiр байқағандары — Ленинградта тұрғысы келетiндердiң қатары жеткілікті екен. Көп қиналмай-ақ, қаланың ыңғайлы ауданы осы деген тұстан пәтер айырбастаушы адамды тапты. Сауда сақал сипағанша дегендей, бас-аяғы екi-үш күнде пәтерiн ауыстырып та үлгердi. Үш бөлмелi үйдi шаршы метрі дәл сондай баспанаға беріп, кейбір сәйкессіздігі мен артықшылығына байланысты үстiнен жеті мың доллар алды. Ендi алаңсыз Гүлмираның қасында отыруға мүмкiндiк туды.
Осы аласапыранда Нұрмира әжептәуiр жүдеп, сойқан шабылыстан бұрлығып та қалды. Күйiттiң қашқандығынан ұлының да басы гәукиiп, ұзақ сонар жолды көтере алмай азды. Сыңарының саулығы оңшалып, біраз шаруасы тынып, көңiлi сәл саябыр тапқан соң ғана барып, Арқалыққа телефон соқты. Мұның алдында үйлерiне үш-төрт рет қоңырау шалғанда ешкiм көтермеген. Ал, ата-енесі тұратын үлкен үйде телефон жоқ едi. Қырсық қылғанда әдеттегiдей тағы да ешкiм тұтқаны алмады. «Е-е, Қаңтарбай жолсапарларда жүрген болды» деп қорытты. Сосын, апасы мен атасына жеделхат жолдап, сөйлесу пунктіне тiлдесуге шақырды.
Бiр қуанарлық жай: күн санап Гүлмираның бетi берi қарап келедi. Мұны танып, «Нұрмирашым» деп, емешегi езiлетiн халге жеттi. Өткен-кеткен жайттар есiне орала бастады. Бұған айырықша насаттанған Нұрмира қолындағы тиын-тебенiн аямай, барынша дәрiгерлердiң көңiлiн тауып бақты. Әрқайсысына жеке-жеке сыйлықтар жасады. Әрине, бәрiн Iлияс өз атынан берiп, туыстығы жақын қарындасына қолдарының епсептiлiгiн, шипалылығын аямауды өтiндi. Осындай етенелiктiң арқасында Гүлмираға айырықша ықылас танытылды.
Әне-мiне дегенше бiр ай емдеу курс уақытының да зу етiп өткенi бiлiнбедi. Үйге оралғанда Гүлмираның өңiне ептеп нұр жүгiрiп, сырқатынан әжептәуiр айыққан. Соңынан күн құрғатпай дәрiгерi қатынап, жай-жапсарды бiлiп, ендiгi емдiк шараларды Нұрмираға тәптiштеп түсiндiрумен болды.
«Гүлмира дәруханадан шықты» дегендi естiп, апта аралатпай Бiтiм мен Гүлжан да жеттi. Мәз-мәйрам. Кiшi ұлдарын ертiп әкептi. Гүлмираның қуанышында шек жоқ. Ықылым заманғы қалпына енiп, ашылып бiр сөйледi. Барлығын сұрады. Тек Ұлан туралы тiс жармады. Ол жөнінде айтуды бұлар да қаламады.
Бiтiм Нұрмира тапсырған шаруаны бiтiрiп, шып-шырғасын шығармай ақшаны қолына ұстатты.
— Шамамның жеткенiнше дұрыс бағаға өткiзуге тырыстым. — Ұялыс тауып, қысылғандай сыңай танытты. Көңілі көншімеген кепте бiр нәрсе айтар ма деп ойласа керек.
— Жо-оқ, о не дегенiңiз? Көп-көп рахмет сiзге! Қиналғанда бiр жағына шығыстыңыз.
— Риза болсаңдар жарады.
— Әбден ризамын.
— Айтқандайын, — деп дауыстады Гүлжан Гүлмирамен әңгiмелесiп отырып Нұрмираға, — осыдан екi-үш күн бұрын Қаңтарбай телефон соққан. Бұл үйдiң телефон номерiн бiлмей, ұят та болса Iлиястың номерiн берiп едiк. Хабарласпады ма?
— Жоқ. Арқалықтан шыққалы онымен әлi сөйлескен емеспiн.
— Онда қиындау.
— Өзi ылғи жол үстінде. Атам мен апамды тiлдесу пунктiне шақырып, бiр мәрте әңгiмелескенбiз.
— Е-е, онда дұрыс.
Осымен бұл тақырыптағы әңгiме доғарылды.
Олар екi күн қонақ болды да, үшiншi тәулiкте Алматыға қайтты. Нұрмира ештемеден тарынбады. Бiтiмге костюм, Гүлжанға көйлек, ұлдарына жейде кигiзiп, қалтасына балмұздақ алып жесiн деп ақша салды. Сөйтiп Iлияс, Айна, Гүлмира, Айбек және Нұрмира бесеуi меймандарын әуежайдан шығарып салып, қала бердi.
— Егер Қаңтарбай тағы телефон шалса, бiздiң номерді бер, — дедi қоштасып жатып ақырын ғана Гүлжанға.
— Жақсы.
— Сау болып тұрыңдар, Iлеке! — Бiтiм қолын ұсынды.
— Жолдарың болсын!
— Кездескенше!
— Жайлы қонуларыңды тiлеймiз! — Айна жас балаша айқайлай қолын бұлғады.
Гүлжандар да бiр-екi рет қолдарын көтердi де, тексеру постарынан ары қарай өтiп, көзден тасаланды.
Нұрмира мен Гүлмираның бастары қосылып, оңаша қалғандары көңілді шуаққа толтырды. Бiр-бiрiне өткен-кеткендi айтып, тауса алмайды. Уақыттың қалай сынапша сырғығанын аңғармайды да. Ауыздары сөзден босаса, айналдыратындары Айбек. Ол бұрында да ерке едi, еркелiктi одан сайын үдеттi.
Тiптi iштерi пысып бара жатса, такси шақырып Iлияс пен Айналарға тартады. Олар да бұларға жиi қатынап, үнемi халдерiн бiлiп тұрады.
Бiтiмдер Алматыға қайтқан соң, арада бiр жұма аралады ма, араламады ма Қаңтарбай хабарласты. Дауысы қаһарлы.
— Қайда қаңғып жүрсiң?! — деп бастады. Бұл «өзiң қайда қаңғырып жүрсiң?» деп айтуға оқталды да ашуын тежеп, жұмсарта үн қатты.
— Гүлмира қатты ауырып... мен соның қасындамын
— Ендiгi жазылған шығар, қайтпайсың ба? Үйдiң бетiн көрмегеніңе екi айдан асты ғой.
— Неше мәрте телефон соғып, сенi де ала алмадым... — Нұрмира абдырай жауап қайырды.
— Ойнап жүр дейсiң бе менi! Жұмыс! — Күйеуi зiрк-зiрк еттi.
— Мән-жайды түсiндiрiп апаммен, атаммен сөйлескенмiн. Сенiмен сұхбаттасудың ретi түссе, осында кел деп айтайын деп едiм.
— Менiң көлкектеп жүретiн уақытым жоқ.
— Ендi Гүлмираны тастап кете алмаймын ғой, тым құрымағанда бiр апта уақытыңды қи. Кел.
— Бара алмаймын, артық ақшам жоқ. Қайт өзiң үйге!
— Ақша салайын ба?
— Сендегi қайдағы ақша?
— Алматыдағы жер үйдi сатқанбыз.
— Ә-ә, зәндемi, менiмен ақылдаспай әрекетке көшудi бастаған екенсiң ғой. — Тұтқаның арғы жағында қалшылдап кеттi.
— Жоқ болсаң сүлдерiңмен ақылдасамыз ба?
— Қайда тұрып жатырсыңдар?!
— Үйде.
— Қайдағы үй?!
— Ленинградтағы пәтердi осында айырбастадық.
— О-о, қыл құрт, зәнталақ! — Шабына шоқ түскендей қылғынып, боғын пышақтады. — Тiптi, алаңсыз қаракетке көшкен екенсiң ғой, оңбаған!
Байланыс шорт үзiлдi. Шамасы, шамданғаны сондай, тұтқаны лақтырып жiберсе керек. Iзiнше Нұрмира Арқалықты терiп едi, үйдегi телефонды ешкiм көтермедi. Салы суға кетiп, әп сәтте жетiмсiредi. Сосын, «Барсыншы ары, маған жалғыз сыңарым қымбат. Ол үшiн мен кезектi әйелдерiнiң бiрi шығармын?» — деп ойлады.
— Не болды, дауысың қатқылдау шықты ғой? — дедi Гүлмира әлi де өңiнде сынықтық басым қалпымен.
— Ештеме. Қаңтарбайға амандығымызды бiлдiрiп, жай-жапсарды ұғындырдым.
Ары қазбалап ол ештеме сұрай қоймады. Нұрмира оның мұнысына қуанды. Кәкүр-шүкiр әңгiмемен дәл осы жолы, өзiнiң денсаулығы нашар кезiнде басын қатырғысы келмедi.
60-ТАРАУ
— Азу тiстерiң өсейiн деген бе?..
Чешен қолбасшысының сөз ләмi осылай басталды. Қит етсе аспанды жерге тастап жiберетiндей, шiренiп-ақ тұр. Маңғаздана қалтасынан сигарын шығарып, күміс оттығымен баптана тұтатты. Екi жағында екi өңкиген нөкерi бар. Бұлардың жанында соғымға байланған қызыл қасқа өгiздiң порымы кiшiлеу сияқты.
Менмен сөзден Алаудың қабағы шытынды.
— Сондағы ойларың: момын, қонақжай елдi иесiз деп пе едiңдер?! — Ашудан жақ жүнi үрпиiп, тамырлары бiлеу-бiлеу боп көрiндi. — Баяғыдан азулы елдiң ұрпағымыз, бiрақ тiсiмiздi ешкiмге көрсетпеп едiк. Сосын басынып келесiңдер...
Қасына өндірдей қос жiгiт ерткен мына тапал қараның неден болса да тайынбайтын бетiн байқаған сақалды еріксіз iш жиды. Мұнда үш-үштен алтауы оңаша тұрғанымен, екi жақтың да сырттағы сыпайлары жетерлiк. Қазақтарды жөпелдемеде тiзе қосып, қарсыласуға қауқар көрсете қоймас деп топшылап едi. Ол тұжырымының мүлде қате екенiн папақты «елшi» ендi бағамдады.
— Сонда, әбден қоныстанып, жұртпен қатар бейбiт өмiр сүрiп отырған чешендердiң отбасын ұрып-соғып, үйренген мекенiнен көшiрiп жiберу — бiздi басынбағандарың ба? — Бастапқыдағыдай емес, кiшкене иiлiңкiреп тiл қатты.
— Ел iшiн ала тайдай етiп бүлдiрмей, тыныш отырса, бәрi жетедi. Жоқ, олар олай iстемедi: ұрлық-қарлық жасады. Момын жұрттың мазасын алды. — Нұр шашқан жанарын папақтыдан айырмай, бiраз бөгелiп барып қайта сөзiн сабақтады. — Кеңес өкiметiнiң тұсында да жұмыс iстеген чешендi көрмедiк. Ол кезде халықтың үстiнен күнелткен шығар, ендi олай болмайды... Салмақ мұқым жұртқа бiрдей түсiп тұр.
— Айыпты бiзге аудармақшысыңдар ма?! — Қабағы түксиiп, көзi ежiрейдi.
— Әрине! — Тастүлектей түйiнiп, Алаудың көзi қаршығаның қарасындай шақшия қалды. — Әрi-берiден кейiн, қай беттерiңмен келiп тұрсыңдар?!
Алдыға бiр адым аттады. Мұнысы «жер — менiкi, ел — менiкi» деген нағыз төл перзенттiк айбын едi. Әрi қасында ештемеден беттерi қайтып, именудi бiлмейтiн Асығат пен Тайыр барда топаны толмағанда қайтсiн. Соңындағы жiгiттерi өз алдына, мұны мұндай сұстандырып, айбат берiп артында қамсыз қазақ халқы жатыр.
— Жапа шеккен ағайындарымыздың мұң-зарын естiгеннен кейiн...
— Олар жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, қиянаттықтан қоныс аударған жоқ: ұрлық жасады, әлсiздерге зорлық-зомбылықпен тісін батырды. Қане, осыны жоққа шығаршы!
Алаудың тiкелей «сенге» көшiп, тепсiнгені тәлiмсiздiгiнен емес. Қарсыласының аяқ тастасына орай, бұл да сол мақамға әдейi ойысты. Болар-болмас биязылық танытса, өркөкiрек немелер айдынын сыртқа сап, айқұлақтанып кететiнi анық. Атамыздың «шалқайғанға шалқай, ол — құдайдың ұлы емес» деген ләмiн көкейге түйгендiктен, қасақана жасалынып жатқан әрекет.
Елшi үндемей қалды. Осы мәртi келiп тұрған орайды пайдаланып, Алау бастырмалатып жiбердi:
— Олар — опасыз. Сталиннiң заһарынан жер ауып келiп, қазақтың құшағын айқара ашқан ақ пейiлiн сыйламады. Суын iшiп, құдығына түкiрдi. Бiлместiкпен жасалған аңғырттықты кешiруге болар едi, опасыздыққа ешқандай рақым жоқ!
Кесiп айтылған мына сөзден папақтының өңi түнере күреңіттi.
— Сонда бiздiң қандас бауырларға «күн көрсетпеймiз» демекшiсiңдер ме?! — Тамағы қырылдап, сөздерi ысылдай жарықшақтанды.
— Аяқтарын аңдап баспаса, ендiгi тұста солай жасаймыз. Дандайсыдыңдар әбден, Жаңаөзенде қандай сойқан салып жатырсыңдар. Жетедi шектен шыққандарың! Ендi аянатын түгiмiз жоқ, бас кесуден де тайынбаймыз.
Бiтiмдесуге ең құрымағанда қырма сақалдының бiреуi келмегенге айдынын сыртқа салған. Өндiрдей шикі өкпелердің «қазiр-ақ екпiндерiн басып тастаймыз ғой» деп, папақты іштей қуанған. Байқаса әңгiменiң сыңайы басқаша. Барған сайын мына жiгiт айбаттанып, жалын күжiрейте түсуде. «Мұның тез арада бетiн қайтарып, сағын сындырып жiбермесе, ана соңындағы сыпайлары да азуларын ақситулары мүмкiн».
Осындай қорытынды жасап үлгерген «нохша» қасындағы жүн кеуде бiлеуiтiне «хау-хаулап», бiр нәрселердi айтты. Ол сүзетiн бұқадай көзi шатынап, орынында ырғала қозғалды. Елшiлiк басшысының бәлеге бастағалы тұрғанын түсiне қойып, Алау:
— Қане, кiмiң бар жан ашуыңды алғың келсе! — деп ақырды. — Мен дайын! Өскемендегi бауырларымның да қаны сендердiң мойындарыңда кетiп барады...
Папақтының қасындағы тастан құйғандай бiтеу дене алға адымдады. Былғары курткасының ноқаттарын жүре ағытты. Алау да ылдым-жылдым қимылдап, жеңiл спорт кеудешесiн сыпырып, жолдастарының бiрiне ұстата салды. Бойы аласалау болғанмен мығым жiгiттiң бұлшық еттерi ойнап шыға келдi. Еркiн күрестен халықаралық турнирлерде талай жұртты тамсандырған әккi палуанның өңiнде үрейдiң iзi де жоқ. «Қанша өңкигенiңмен, үйелменiңмен ұйпаймын» деген сенiм оты жанарында шам-шырақтай жанып тұрды.
Шынында да ол сол сәтте тасты да шайнап тастайтын айбатты едi.
Басы қазандай нар тұлғалы нойыс өзiнен әлдеқайда қалжасы шамалы қарсыласын, тiлi ғана сайраған шақар неме шығар деп топшылаған. Қолы бiр iлiксе, қағаздай умаждап-умаждап лақтырып жiберетiндей көрген. Бiрақ оған құдай жеткiзбедi, менсiнiңкiремеген шiркiннiң қасына таяна бергенi сол едi, табан астын бағдарлаған жанары қапелімде көкке қарады да қалды. Iзiнше бiр жақ шүйдесiмен қара жерге бұрқ ете түстi. Есiн жиып болғанша, құлақ шекесi зың етiп, көзi қарауытты.
Еркiн күрестiң тәсiлi бойынша Алау алдындағы аюының аяғына өтiп кетiп, иықтан асыра ап жерге ұрды. Түрегеп үлгергенше ту сыртына шыр көбелек айнала беріп, басынан бiрдi тептi. Миы аузына түскен қара әбілет у жеген итше қылжыраңдай, кеудесiн зорға көтердi.
Төбелес бастарда-ақ Алаудың соңына ерген сарбаздары өздерiнiң Матай стансаларында жасалып, соңыра бүкiл әлемдi жаулаған «Калашниковтың» затворларын шақұр-шұқыр тартты. Сол сияқты пистолеттердiң де шүрiппелерi тажал оғын шашуға даяр тұрды. Әйтпесе, кiм бiледi, Алаудың үстемдігін көрiп, дұшпандардың бiрi арыстарына қару жұмсауы да ықтимал.
Сондай ұрымтал тұста қапы қалмау үшiн әрқайсысы әрбiр күдiктi адамды қарауылға алған.
Құм салынған қапша илектелген алпауытты Алау омырауы мен ышқырынан қармап көтерiп ап, омыртқасымен әкеп тiзесiне бiрдi соқты. Ыңқ етiп ышқынған зор дауыс анталағандардың бәрiне естiлдi. Сосын жөйіттің қол-аяқтары икемге келмей, былқ-сылқ етiп домалап топырақ құшты.
Орынынан ытырылып, еңсесiн тiп-тiк ұстаған Алау сұқ саусағымен нұсқап:
— Анау «Гранд чероки», «Мерседес», «Карина»... осында қалсын, — деп, алты машинаны көрсеттi.
Сөзге тоқтамаған елшiлiктiң басшысы, маңдайына сойылдың дүмi оңбай тигенде барып, айылын жиды. Қарсыласса ту-талақайы шығатынын ұғып, аталған көлiктердi тастауға мәжбүр. Өйткенi мына қараталдай шапшаң да қайсар жiгiттiң қимылы соңына ерген сойылсоғарларын ержүректендiрiп, қуаттандырып жiбердi. Ендi жағының кiрiсi ашылса, отыз екi тiсiмен қоса уатылып түсетiнiн ұқты. Амалсыз сойылға жығылған, жекпе-жектен маңдайалды батырларын ыңырсыта көтерiп, көлiктерiне беттедi. Лездiң арасында мiнгесiп-ұшқасып, тайды. Тек жаңағы сұқ саусақпен шанши көрсеткен алты машина жан сауғалары ретiнде орындарынан тапжылмады. Кiлтi мен құжаттарын да орындықтың үстiне тастапты. «Әлi кездесемiз» немесе «бiздiкi қате бопты, кешiрiңдер» деген сөздерi де естілмеді.
Қарап тұрсаң бұл да мәрттiк, тау тағысының дүлей мiнезi айқын аңғарылды.
«Мәртебелі меймандар» бiр күн Талдықорғанда аялдады. Шамасы, күндiзгi жайды тағы да өзара талқыға салса керек. Ертеңiнде таңертең алды-алдыларына, бет-беттерiмен тарады. Мұның бәрiн қас қақпай Алаудың жiгiттерi бақылап, бiраз жерге дейiн шығарып салды. Бiр бөлегiнiң ұшаққа мiнгенiн де байқады. Бiрақ сол кеткеннен олар күнi бүгiнге дейiн Жетiсу өңiрiне аяқ басқан жоқ. Өйткенi, күллi орыс елi жеңе алмаған Жаһар Дудаевты жаратқан Талдықорған топырағының ұландары — Жетісу Алатауы жолбарыстарының — қайсар да қатыгез екенiн бiржола мойындап кеткен-тiн.
Сосын көп ұзамай бауырларының соңынан өз ықтиярларымен бiраз чешен әулеттерi атажұрттарына бет түзеген. Себебi, олар қазақ даласынан гөрi таулы Қавқаз чешен халқына аса қажет едi. Оны кейiн уақыт та нақты дәлелдеп бердi.
Мiне, Алау мемлекет қайраткерлерi шеше алмайтын шилi мәселенiң амалын таба бiлген. Бiрақ көзсiз батырлықтың да арандататын тұстары көп.
Асығаттың бойындағы қасиет — барша шаруаны ақыл-парасат елегiнен өткiзiп алмай, iске кiрiспейдi. Сондайақ, бетпе-бет келген кеудемсоқтарды күл-парша етiп күйретпей тынбайды. Осы табандылық оның есiмiн тез арада асқақтатып, әйгiлей түстi. Онысыз да сотқарлардың арасында аты мәшһүр болатын, шынашақтайынан-ақ Қазақстанның құрама командасына енген, кейiн КСРО-ның құрамасында жүрдi. Бiрнеше дүркiн халықаралық турнирлерде атой салды.
Бiрақ... спортты ерте тастады. Бұл — жасының ұлғайғандығынан немесе шеберлiгiнiң жетiмсiздiгiнен емес едi. Бәрi — спорт саласындағы әкiмшiлiк әдiлетсiздiктен.
Үлкен әлемдiк бәсекеге өзiнен әлдеқайда әлжуаз бозөкпе бiреудi алады да кетедi. Ал жаттығуларда Асығат оны қалай болса солай лақтырады. Ол барады да әлгi бәсекеден әзер дегенде үшiншi, төртiншi орынды иемденiп қайтады. Сөйтедi де, республикада аяқ асты атағы өсе бастайды.
Кейде жаттықтырушылар: «ана-оу бiр жiгiтке спорт шеберi атағын алу керек едi, осы турнирде жеңiле салсаң қайтедi» деген уәждi ашықтан-ашық айтады. Намыстан жарылып кете жаздаса да, сөзге тоқтайды...
Қара күштің иесі дөкейлерді емес, жылпостықпен жаққан көпейлерді қолпаштаған әдiлетсiздiк оның спортпен тезiрек қоштасуына себепкер. Қайда жүрсең де желеп-жебеушiң болмаса, жетi насырың жерге кiретiн өгейлiктiң бар екенiн сонда түсiндi. Түсiндi де өзіне төтелi өмiр жолын iздедi. Оны тапты да. Бiрақ қатер мен қауiптi басынан сан өткердi. Оған сол сәтте өмiрiнiң ұзақ-қысқалығы емес, ең әуелі әлеуметтiк әдiлдiк орнату керек боп көрiндi.
61-ТАРАУ
Күдiк пен күмәннiң далдасында ары сенделiп, берi сенделiп ақыры ындыны қаламаса да апанына оралды. Ашулы оралды. Келген бетте «Смирновтың» екi жүз граммын бiрiнiң артынан бiрiн жүдемдете жөнелттi. Темекiнiң көкшiл түтiнiн құныға сорды. Бiреу-мiреуге тiл қатуға зауқы соқпай, ұзақ уақыт тым-тырыс қалды. Бiр кезде қатулы айқайлады.
— Гүлжаан!
Тарғыл-тарғыл дауысы зәре-құтты алды. Кемеңгердiң алдында бәйек, бүгежек боп қалған бейшара демнiң арасында аяғының ұшымен басып жеттi. Көзi жаутаң қағып, «ләббайлаған» пәруана, құлшылық еткен күйдi бiлдiредi. Оның жапалақтай жарбиған ұсқынына немкеттi аларып бiр қарады да, алдындағы стақанға үшiншi жүздiктi толтырды.
— Сен ана cобачникке* звонда, жетi миллион сом Ресей рублiн беретiнiмiздi айт.
Собачник — мiндеттi, қарыздар адам.
Қару-қайраттан ада, қорғансыз қаңғажақтай шөп желкенi осынша уақыт қолға түсiре алмай азаптанғандықтан ба, өзегiнде өшпендiлiктiң оты өршiдi. Соған бола не бiр қалтарыс пен тығырықтан жол табар Әбдiрахман да темiр тордың арғы жағына өтiп тынды. Ендi қайтып бостандыққа шығатын сыңайы жоқ, ақша да ұсынып көрiп едi, без бүйрек қызыл жағалылар меселдерiн қайтарды, қолдарын қақты. Әншейiнде азын-аулақ тиын-тебенге сатыла беретін немелер, сара жолдан таймай қалыпты. Бәрi — қырсық.
Осының баршасын ойлап, қарадай қаны қайнады. Мың жолдының бағын байлаған бiр сорлы — Нұрмираға деген көкiрегiнде кек тұтанды. Қалай да алдына әкеп жолдастарының кеткен есесiн қайырып, қорлығы өткен қаншықты қаһарлы қара бүркiттей бүргiсi келдi. Сондықтан, оның жақтастары не сұраса да берiп, әлгi салдақыны сатып ап сазайын тартқызғысы бар. Көкейiне түйген тұжырымы, байламы — осы.
Аруақ атқанда бұл амалы да кәдеге жарамай, тағы да тауы шағылды. Күшпен баса-көктеп үйiне баруға атына да, затына да қанық Асығаттың айбарынан абынып, дiңкесi құрыды. Олардың да бұларға деген өшпендiлiгi жел тиген өрттей. Көзiнiң қиығы шалса бiттi, сары iзiне түсiп, сау тамтықтарын қалдырмай қаусатпақ. Сондықтан бойды аулақ салған дұрыс. Өшiн қайтарса, ендiгi тұста тек Гүлмира арқылы қайтарады. Асығыстық жасап, жанындағы төбетiн жiберiп қойғанына опына бармағын шайнады.
Ойлағаны орындалмай, жаны тырнағының ұшына кеп, тызақтап отырғаны мынау. Тезiрек табанын жалтыратпаса, өзiнiң де Серiктiң кебiн кимеуiне кiм кепiл? Сосын бүгiнгi тiрлiгiне зар боп қалмақ. Мәңгiлiк милау мен саудың арасында күн кешу — кәдуескi жындыға да ұнай қоймас.
Пайда, байлық, оңай олжа деп қорқаулардың үйiрiне кiргенi рас. Делдалдық сауда-саттықтың жазылмаған заңы — бiр iстi уақтысында бастап, уақтысында одан кетiп қалу. Кеткенде де басқа қойнауына, бiрақ, ешқашан обырлық әрекетті тоқтатпау керек.
Мiне, «қонақтарға» қызметшiлiктен дер кезiнде құтыла алмай, көк есектiң хамытын мойынына киiп ап отырған жайы жанын жаныштады.
Ақшаны жинауын жинады, ойы — осы қаржыға өз алдына кәсіп құрып, дербес тiрлiк кешу-тiн. Сығыр құдай ол мақсатына жеткiзбедi. Ендi тек аранын ашып, аждаһалар қылғыта салуға дайын тұр. Тез құтылудың жолын таппаса, қызыл өңештiң құрбаны.
Басын татаға салған жайттарды iштей талдаумен құсалыққа ұрынғанда, миына зың-зың ток желiсi жүгiргендей әлдебiр әлеуеттi күш аяусыз шаншылады. Бiр жақ шекесiн оң қолымен сипаған қалпы сағатына қарап едi, екiден асып барады екен. Шалт қозғалып, асығыс әзiрлендi.
— Бiдiрәлi!
Орыстың мәтушкесiн қызықтап жатқан жолдасы жырқылдай күлген қалпы, «әу» дедi.
— Ана қатынды жолға қамда, обязьянниктегiнi* де шығар.
Обязьянник — уақытша қамаққа алатын бөлме.
— Оны да бiрге апарамыз ба? — Аңтарыла қарады.
— Тегiн тамақ, тегiн жай берiп жатқызып қоямыз ба? Одан да алып кел, шауып келге салайық.
Басшысына қарсы уәж айта алмай, тапсырмасын орындауға кiрiстi.
Бұлар Әбдiрахман қамалып, Серiк анандай жағыдайға ұшыраған соң өз беттерімен басқа «кен» орынын тапқан. Ол — күнделiктi сағат үште келетiн отарба. Оның бесiншi вагонынан бұлардың адамдары түседi. Содан керек-жарақтарын алып, қолдарына ақшасын ұстатады.
Егер олар үштегiмен жете алмаса, алтыдағы рейстен мiндеттi түрде наша тасығыш гонцыдың* бiреуi бой көрсетедi. Соған Гүлжанды ара ағайындыққа салған. Өздерi баруға, жаман айтпай жақсы жоқ, ұсталып қалудан қорқады. Бiр рет әлгiлермен жолығысып, «бiздiң сенiмдi адам» деп Гүлжанды таныстырған. Сөзiнiң нақтылығын дәлелдеу үшiн, олардың көзiнше Гүлжан наша шеккен. Сонымен тауарды осы әйел алып тұрады, ақшаны да осы бередi деп келiсiп, уәде байласқан.
Гонцы* — наша тасымалдаушылар.
Әлгiлердiң кездесетiн сенiмдi де ұрымтал тұстары бар. Пойыздан түскен бес-алты «гонцылар» сол жерге барып отырады. Гүлжан өзгеге сезiктендiрмей «тасқын» деген парольдi айтуы тиiс. Арасында бұрын көрген адамы болса да, қасындағылар күдiктенбес үшiн «тасқынға» қызмет ететiнiн аңғартуы ләзiм.
Ендi сол жауапты да күрделi шаруаға Гүлмираны да шекпек.
Іс барысында әйелдер бақылаусыз қалмайды, назардан шығармай аңдып жүретiн жансыздар және бар. Әйтпесе, сеңдей соғысқан елдiң iшiнде бой тасалап, дәт дегiзiп қашып кетуi де ықтимал. Ондай алаңғасарлыққа әбден жырынды әккiлер жол бермейдi. Бiдiрәлiнiң өзi ара-тұра төбе көрсетiп, алыстан айбат шегедi.
Екеуiн сапаржайға әкеп қоя бердi. Әбден сенiмге кiрген Гүлжанға онша шүйлікпей, Гүлмираға қадала ескерттi.
— Қашамын деп ойлама, соңдарыңда екi-үштен адам бар. — Дайрабай ұрып жiберетiндей жұдырығын түйiп, тепсiне сөйледi. — Тауарды ала салысымен осында ораласыңдар, машина күтiп тұрады.
Құрбысының соңынан құлықсыз iлби басты. Бейқарар тiрлiгiнiң тұздығы татымағанына жан дүниесi шымыр-шымыр, солқ-солқ ауырады. Тағдырдың осыншама бейнақақ күйдiргенiне, құдайдың аяусыз жазалағанына зиыны жетпедi. Бәле-бәтердiң бәрi сыйып кеткен мынау мамырстан жазғанға бiр басының сыймай сенделгенiне, татаны әбден тартқанына қайран.
Ығы-жығы нөпiрдiң арасынан сытылып, баспалдақпен жоғары өрледi. Ендi бiр мәуiртте қатар-қатар тоқтаған отарбалардың үстiнде биiк көпiрмен жоғарыда кетiп бара жатты. Құмырсқаның салып алған сорабындай қылдай аспамен адамдар ары да, берi де сапырылысады.
Бұлар солтүстiктi бетке алған. Бiреулер асығып жандарынан бастырмалата өтедi. Екеуiнiң жүрiсi тым сылбыр, әншейiнде ауыз жаппайтын Гүлжанның да көмейiне құм құйылған. Ит сарығандай санасы ертеңгiлiк егiлген захардан арылған: өткен-кеткендi ойлап бiр жағы қысылса, бiртiндеп күннiң қызуы қайта бастағанда қылжыраңдайтын жыландай ми қабын дерт-дербезе керiп барады, сөйлеуге зауқы жоқ. Жағының кiрiсiн ашатындай да көкейiне жөндемдi ештеме түспедi.
Гүлмира да оған тіл қатуға құлықсыз. Жынды сүрейлерден қорыққандығынан, мұның жанынан бiр адым қалмай көлеңкесiндей сүйретiлiп келедi. Шатысқан санасында былыққан дәйексiз бiрдеңелер әбден қара тұяғынан хал кетiрiп, қалжыратты.
Арғы бетке өткен соң құдайдың жөнiне жүрмей, елден ерекше жалғыз аяқ соқпақпен батысқа салды. Шойын жолды жағалап бұлтарысы, қалтарысы мол тұсқа дендеп ендi. Бiр кездерде барып, қатталып жиналған цемент дуалдардың арасынан бес-алты жiгiттiң шоғыры көрiндi. Астыларына тақтай, тас, кiрпiштен орындық жасап, нық жайғасқан. Баппен шылымдарын шегiп, таянған бұларға шекелерiнен қарайды. Үрейдi ұшырар ұсқындарынан секемденген Гүлмира «тағы бiр шұрқан шығып кете ме?» деген қауiппен iштей алысып, лақатта қалғандай тынысы тарылды. Жоқ, «тасқын» деген сөздi естiгеннен кейiн, үрiккен тайыншадай едiреймей, икемге көнiп қалды. «Тасқын-21» дедi арасынан әлдекім. Сосын шеткергi бiреусi ылдым-жылдым қозғалып, дереу тауарды Гүлжанның қолына ұстатты. Қағазға оралып, пакетке салынған «бұйымды» әйел оларға бердi. Екi жақ та бiр-бiрiне сенiмсiздiк бiлдiрiп, айырбасталған нәстелердi ашып, тексерiп жатпады. Аналар тауарды келiсiлген мөлшерде әкелгенiне, бұлардың жарты миллион сом ақша бергенiне ешқайсысы күмәнданбайды. Тек айырылысарда тапалтақ, торсық шеке, жылтыр қарасы:
— Мына қасыңдағы «Мадонна» кiм? — деді. — Көзi ақшия Гүлмираны iшiп-жеп, өне-бойына тiмiскiлей қарады.
— Өзiмiздiң адам, қорықпаңдар. — Гүлжан ерiнi-ерiнiне жұқпай, сабырға шақырды.
— Байқаңдар, үйретiлген маймыл боп жүрмесiн. — Сонда да әлгi ежiрейiп, жазғанды жақамады.
— Бiраз күн iстес боп қалған бiзге иланбағаның ба?
— Мына заманда әр нәрсеге күмәнмен, күдiкпен қараған абзал. Өйтпесең, құпияңның бәрiн көзден таса етiп тұрған жон терiң оп-оңай сыпырылады. — Темекiсiнiң тұқылына шырт түкiрiп, табанымен мыжғылады. — Ал жарайды, келесi кездескенше.
Қорқаулардың үйiрi әп сәтте жым-жылас, үштi-күйлi жоғалды.
62-ТАРАУ
Асығат әлгi бiр ойының жүлгесiн үзе алмады. Теледидарды қосып едi, жаңа сайланған Чешенстан президентiнің тарихи антын қабылдауын көрсетіп жатты. Сұсты да айбатты Лебедь қасында тұрды. «Осының тұрақты досы да, тұрақты қасы да жоқ екен-ау» деп топшылады.
«Мемлекет қайраткерiмiн» деп есептейтiндер өзiнiң республикасын қалай да әлеуетті елге айналдыруды арман етедi. Солай болуы заңды. Ал бүгiнде билiктегiлер қарақан басының қалай баю жолын, атақ-даңқын қалай әйгiлеудi ғана ойлайтын сияқты. Қара халықтың еңсесi езiлiп бiттi. Тұтастай бiр ұлтты құрту үшiн соғыс ашудың қажетi жоқ, ұлттық кәсiбiнен айырса жетiп жатыр екен. Малдан айырылып қазақ халқының тағы да тоз-тозы шықты. Қайтадан құл базары пайда болды. Жұрт жалшы ретiнде Сiбiрге жосыла бастады. Бiраз бөлiгi Оңтүстiк Кореяда жүр. Жиырмасыншы ғасырдың кереметтiгi де сол, өркениет деген сөздiң аясымен «құл» деген нақты атаудың өңiн айналдырып жiбердi — «келiсiм-шарт» болып шыға келдi. Осыны көре тұрып Президенттiң Ақ үйiне — Ақ ордаға ие болу, билiкке қол жеткiзу үшiн ғана күресiп жүргендер бар. Ал, сол орданың өзге елдерге үстемдiгiн жүргiзу үшiн күресу — мүлде бөлек. Екеуi екi басқа дүние...
Бiр уақ соғыстан кейiнгi туған ұрпаққа жаны ашыды. Бiразы дәуiрлерiн терiс салып, татар дәмi таусылған соң қара жердiң қойынына да енді. Молда қайсыбiрiнiң әкесiнiң атын бiлмегендiктен, жаназа намазын оқырда әбден қиналды. Баласының әкесi тек шешеге ғана аян деген қағида бекер болып шықты. Марқұмның анасының өзi: «Құдайды алдап күнәһар болып қайтейiн, осы баланың әкесiнiң кiм екенiн бiлмей қалдым» деп, ағынан жарылды.
Өйткенi, фашистi жеңiп қайтқан қызыл армия — еркектiң бағасы әбден асқан әйелдердiң, бойжеткендердiң ортасына тоғытылып едi. Шүпiлдеген сезiм мен ып-ыстық махаббатқа әбден кекiрелеген олар бiрден-бiрге шүйгiп, есесi кеткен сайранның орынын мелдегiнен асыра толтырды-ау. «Отан үшiн, бiз үшiн қан төгiп, от кешiп келдi ғой» деп ешкiмнiң қолын қағып, көңiлiн жықпаған жаулықтылар үйiне түнеген ардагер азаматтардың санынан жаңылып қалса керек. Гитлердi iндеткен апайтөстер айға тақау бiр төменетектiні иектесе, келесi жаңасында басқа шүйкебастың қойынында жатты. Содан туған балалар «Мұсағалиассалам» ұлдары болды, жаназасы «Мұсағалиассаламұлы» деп шығарылды.
Олар түк те көрмептi: не уысын толтырып ақша, не бiлегiн талдырып қолына қару ұстамапты. Ондай ұрпақ өз тарапынан төтенше шешiмге бара алмайтыны да аян. Өйтетіні, туған елiнде өгей баладай көрiнiп, өзiн қуатты, айбарлы, ерiктi сезiнбеді. Санасы интернационалданып, дербес ойлау қабілетінен қағылды. Сондықтан болар, 1986-шы жылы жалаудай желбiреген желтоқсандағы жастарға iлесе алмады. Ал, азат мінезқұлық — тәуелсіздіктің тінімен несібесіне қарай біткен дәулетін меншіктенудің нәтижесінде қалыптасатыны, көп жұртқа беймағұлым қалпында еді.
Қазiр де солардың басым бөлігі басшы орында отырғанымен елiне игiлiктi бiр iс iстеуге қауқары жоқ. Ол үшiн оларға жоғарыдан нұсқау, пәрмен керек. Дербестіктен, өз бетінше ойлап, кесіппішуден ада, кейiптерi — жауынгердiң жетегiндегi қосалқы алған аты сияқты. Ең қатерлісі, көбінің көкейінде кеңестер одағы күйремей қалып қойды. Соның қауашағына құйып кеткен идеологиясын шамшырақ етіп өмір кешіп келеді. Бар жеткен жетiстiктерi — жұртты жүзге бөлу ауруына ұшырады. Біреу мен біреуді атыстырып, шабыстырып қою амалын меңгерді.
Заманында Алтын Орда хандары, әмiрлерi бiр кiндiктен тараған бауырларын қыру дертiне шалдығып едi. Соған қарағанда, бүгiнгi қазақтар бiртабан өркениетке ілгерлеген. Қыпшақтың Төре биi: «Тақ ажалы — ханда, ал хан ажалы — ұрпағында» деген сөздi сондықтан айтқан. Және халық — екi қолы бiрдей қанға батқан кiсiнiң алтын тақта ұзақ отырмайтынын да жақсы бiлген.
Арыстан қанша күштi, жүректi болса да, өзiн жұрт алдында ойнауға үйреткен қамшылы иесiне қарсы шығуға батпайды. Бұған Горбачевтың тағдыры дәлел. Оның өкiмет басына келуiне Америка мен Батыс Еуропа қатты ықпал жасады. Ол жақты жаулаған кiмдер едi, тұтастай жиджөйіттер болатын. Сергеевич бас хатшы тағына отырғаннан кейiн «иесiнiң» айтқанынан шыға алмады.
Батыстың мақсаты — соншама жыл үрей туғызып келген КСРО-ны күйрету едi. Күйреттi, Ресейдiң ендiгi жерде бұрынғыдай айбыны жоқ. «Құрамында ортаазиялық халықтардың даңқты ұлдары... болған Панфилов дивизиясы арқасында Мәскеу мызғымай қалды» деп, американдық Уильям М.Мандел айтқандай, кезiнде Мәскеудi қайқы қылышымен шапқан да, айпарадай омырауымен қорғап қалған да түркi тектес елдер, ендi, «ұлы орыс» армиясының сапында емес. Сондықтан да оның айбары қайтты. Бұған қынжыла қоймаймыз. Ал Батыс — тәуелсiздiктiң туын жаңадан тiккен бiз сияқты балғын мемлекеттерге кәмпит берiп алдаусыратқан баладай, АҚШ долларын тоғытып, мәңгi-бақи қарыздар, борыштар етiп қоюға ұмтылуда. Осы бетiмiзбен жүре берсек, тұра-бара орыс, украинымыз бар ана тілімізді қойып, үртіс «аққылшықтардың» тiлiнде сөйлеуге бейіл боламыз.
Сондағы байқағаны: ұлттық рухтың әлсіздігінен мемлекет қанша бай, мағыналы болса да тiлiңнiң қасиетi ұшады. Ешқашан да «су — басынан тұнады» деген қазақ пәлсапасын, бабалар iлiмiн жадымыздан шығармауымыз ләзiм.
Ұялы қалтафоны шырылдады. Шеткi креслода жатқан кiшкене ғана қара аппаратты қолына алды. Жұмыс барысынан хабардар еткен жiгiттер екен. «Жарайды». Телефонның қақпағын жапты да, борпылдақ диванның үстiндегi ақ жастыққа қисайды. Тағы да сол — басын қатырған республикамыздағы шилi мәселе. Ойламайын десе жетелеп, түбiне қарай тарта бередi.
... Асанқайғы Әз Жәнiбектің Сарай-Беркенi қайта салып жатқанын көрiп: «Астанаңды ел шетiне тұрғызып жатырсың» деп, қатты ренжiп аттанғанын оқығаны бар. Сол қателiктi бүгiнде бәленбай ғасыр өткеннен кейiн ендi түзеуге ұмтылғандаймыз. Бiрақ аталмыш жаңа орданың iшiне кiмдер қызметке барады? Тағы да Асанқайғының Жәнiбек ханға айтқан «жақсы менен жаманды хан айырмаса, маңына арам пейiл жын толады» дегенi оралды. Сосын соңғы жылдарда Премьерлердiң бiрден ауданнан келетiнiне қайран. «Суықта қатып қалған жыланды кiм қойынына алып жылытса, жан кiргенде ең алдымен соны шағады» деген ел мәтелi көкейiнде бой көтердi. Әлде, күллi батыстағыдай мемлекет саясатын бiзде де масондық дiни жөйіттер ұйымдары басқара ма?
«Мыңдаған әскерi бар қолбасшы өте алмаған бекiнiс-бөгеттен алтын тиеген есек не бетiнде азырақ ажары бар әйел өтедi» деп, бұрынғылар бекер айтпаса керек. Көптеген келiмсек инвесторлар қожалық жасап, көптеген дүниенi тақымына басып, ел экономикасын додаға салды. Бұл оқиға қазiрдiң өзiнде-ақ бұқараның ызасын қоздыруда. Көп тебiнсе жер сiлкiнедi. Қыпшақ, кейiн қазақ атанған халық арзан қол киiм кисе де, алтын жалатқан күмiс белбеу мен алтын балдақты қылыш ұстағанын, тiптi, найзасының ұшына дейiн алтын болғанын есiмiзден шығармауымыз тиiс. Орыстармен екi жылдан астам соғысқан чешендер: «құдай, құдайдан кейiн — бiз» деген сөздi айтса, қыпшақтар: «Бiздi құдай жаратқан жоқ, оған құлдық ниет көрсеткен бiз өзiмiз құдайды жараттық» дедi. Мұндай құдiреттi сөздi айтқан халық бiр серпiлiп кетсе, екi жарым жылда емес, екi жарым ғасырда зорға басылуы мүмкiн. Өйткенi «қарулы адам қарусыз кiсiге жасы үлкен болса да сәлем бермесiн; қарусыз адамға алқа-қотан топ-жиында сөз сөйлеуге рұқсат етiлмесiн; қарулы адам атсыз қалса, қара бұқара түсiп атын берсiн; қарулы адам ел үшiн жорыққа шықса, халқы жабылып қамсыз етсiн» деген баба заңы қаншама ғасыр өтсе де ұрпақтарының жүрегiнде. Ондай жағдайда бүгiнгi билiктiң төңірегiнде жүргендер елге тұлға бола алмайды. Талай батырлар мен көсемдердi тудырған халық әлi талай қол бастайтын кемеңгер мен көзсіз ержүректерді тудыра алады. Олар бүгiн де арамызда бар. Егер 1941 жылғы соғыс болмаса, Бауыржан қатардағы көп шалдың бiрi боп өмiрден өте салар едi. Себебi, батырды соғыс — қаһар бесiгiнде тербетiп, сомдап шығарады.
Шайын iшiп, сыртқа беттеді. Iзiнше 600-шi қара «Мерседес» асфальттың үстiнде құйғыта жөнелді. Өмiрi таусылмайтын қара жол өмiрi таусылмайтын тағы бiр күрделi мәселенi шешуге Асығатты алып келе жатыр...
63-ТАРАУ
Үйге таянғанда әдеттегiдей Гүлмираның көзiн тағы байлап тастады. Ендi бұған етi де үйренiп алған, осылай болуы тиiс сияқты. Әуелi iштей де қынжылудан қалды. Ақылынан адасып аңылжыған дүние, мұны да аусалға айналдырған. Бiр нәрсенi кәперлеуге мұршасы жоқ, соңғы зауалдан қара тұяқтан хал кетiп әбден титықтады. Нәркес жанарын сiлбi басып, нәуетек жүрегiн кiреуке торлады. Шығанға шығып шарықтаса да қызыл асықтан келетiн қырсықтан құтылмады. Нұрлы қаяттың суындай мөлдiр әлем тек қиялда ғана көрiнiс табады екен. Баяғыдағы бұла боташа айқұлақтана асыр салғаны, жыртық бұлттың қойынында жылт етiп сөнген күн сәулесi сыңайлы тым баянсыз бірдеңеге айналды.
Бір кездегі қызыққа толы думанды шағы, алаңсыз өмірі — бәрi әке-шешенiң арқасы. Солар қалдырған ибалы да иманды сүрлеудiң сорабынан әлдеқашан айырылған, ендiгi жүрiсiнiң нәшiнi не?.. Соны сыртқа сездiрмейiн деп қанша сүйекке қарысса да, керенау күйкi тiрлiгiнде ашықтан-ашық қасиеттiң қожырағаны қылаң бередi. Қатты қапаланатыны — соны өз бойынан көредi, тектiлiктiң тұғырынан табандары тайып кеткенiн iштей мойындайды. Тазалық атаулыны мұның тұстастары талақ етiп, тентiретiп жiберген тәрiздi. Қашан да адамилықтың ақ сәулесi құйылып келген машырықтың да мазасы жоқ, жұрым-жұрым...
Соңғы кезде тірлігі аласапыранға айналып, алып құйынның iшiнде шырқ үйiрiлген қуыс қурайдай қым-қуыт сапырылысқан оқиғаның сүресiмен сөлкiлдеп барады. Қанша өз өзiн арашалап алмаққа тырысса да, керiсiнше құйыққа батқандай сәт сайын тереңге сiңiп, мелдегiнен атқан мейiрiмсiздiкке малшынады. Ендi бұдан құтылар жол жоқ шығар. Ойлай-ойлай шақшадай басы шарадай болды. Әсiресе соңғы үш-төрт жылдың сойылы қатты тидi. Қайғы-қасiрет, жылау-сықтау.
Кеудесiнде құр жаны бар, мүгедек болса да Жанатының жанында жүрген кезiнiң пейiштiгiн қара басы әлдеқашан ұғынған. Оның мiндетi өзiне қарап қап, көтерiп тұрғызып, көтерiп жатқызып тағдырдың татасын тартса да — сүйген пендеңе адал пейiлiңмен қызмет жасау шынайы бақыт екен. Құдай сәл-пәл рахаты бар азапты да көпсiнiптi. Көзiн ашып — көргенi, аузын ашып — сүйгенi барша құсаны бұған аманаттап, алаңсыз бақилыққа аттана бердi. Бұл болса бағзыдан қалған жетiмдiк-жесiрлiктi жиырма үштен аса бере ажырамастай арқалап алды... Зарланғанда зарын засырықтан өткiзiп барып қайтаратын. Жеңi — желпi, етегi — елпi боп қатты құлдырады. Бiр уақтағы сезiмдi сүрiндiретiн сұлу сүдiнi жоғалып, алақандай көзi ғана тұла бойындағы қасiреттi әйгiлеп, жәудiреп қалды. Сосын... иә, сосын... жан жарының досы Ұлан басында жаны ашып, кейiн басқаша жағаттады. Мойынын бұрмай екi жыл соңынан сүмеңдеттi. Ақыры, «марқұмның көзiн көрген, арғы бергiмнiң бәрiне қанық қой» деп, ықтияр бiлдiрiп едi...
Безбүйрек тағдыр мұны жындыханадан бiр-ақ шығарды. Содан iлдәлдалап, денi дұрыстардың қатарына қосылып, жаңа, бұрынғысына ұқсамайтын басқаша тiрлiк кешуге бекiнген. Амал қанша, өмiр бедерi адам өзi ойлағанындай түзiлмейдi екен. Мiне, қырық темiрдiң қылауындай әр қиырдан қосылған сан-сапалақ апиынкештердiң арасында отыр. Бiр сапар мәңгүрт боп көрiп едi, мына айуандардың азабы қайтара миғұлаға айналдырмақ. Торығу, күрсiну, неше күнгi күдiк пен күмән, үрей аз ғана миын жеп қойды. Оның үстiне рахаттана демалған кезi жоқ, ұйқысы шала, тамағы дұрыс емес. Жүйкесi әбден үлдіреді. Шарасыздықтың өзi — мәңгүрттiкке итермелейді.
Өзiне тиесiлi қамақ бөлмесiнде уайым сауып, ары аунады-берi аунады. Қайғы-шерге толған ой боқшасын ары қотарды-берi қотарды. Бәрiбiр бәтуалы байлам таба алмай, күңiркеген көңiлдiң уәсуәлi кейкеңiмен төмен құлдилады. Қазiр қайда жүрiп, қайда тұрғаны басын ауыртпайды, өзiне де беймәлiм, түйсiне алмайтын түйткiлдер тынымсыз түйрейдi. Кейде, туып-өскен Алматысын жер бетiнен жоғалтып алған сыңайланады. Қайдағы бiр әлеуеттi жүндi қол алып алақанымен ысырып тастап, орынын тып-типыл жасағандай. Сосын барып қайтадан iндiнi қалаған қасiретке толы қала тұрғызғандай. Мына жүргендер соның қасиетсiз құйыршықтары iспеттi. Қырымнан қиқу таянса күш алып, жолындағының бәрiн қырып тастайтындай.
Күндiз құбыжықтардың қотаны өлiк шыққандай тым-тырыс. Шаңырағы желп-желп етiп аруағы асатыны — түн баласы. Өздерi түнде ғана пайда болып, күндiз онша көзге түсе қоймайтын жынды көбелек сияқты. Жынды көбелек таң атқанша талмай бозамық нұрға құныға, тiрмiзiктене ұмтылады да, жер әлемдi жарық сәуле жайлағанда сол құштарлықтарынан ада-күде айырылады. Апиынкештер де дәл солай қараңғылықтың қойынынан рахат iздеп, түнi бойы өздерi ғана сезiнiп, ұғына алатын шұғылаға алыстан қол созады. Ал ертеңгiлiк кәдуескi шапақ шырағын төккенде, әлгiнiң бәрi су сепкендей басылады. Сосын қарапайым адам кейпiне енедi де, ымырт үйiрiле қайтадан ыбылысқа айналады.
64-ТАРАУ
Көзқұмарлығымен тәттi нәрсенi сiреп iшiп алғандай, күн өткен сайын Гүлмираны бiр түйткiл қызыл өңешiне дейiн мелдектеп, қатты мазалады. Ол, бірге тумаса да туғанындай болып кеткен Гүлжанның басындағы бақытсыздық. Бес жылға таянды, әлi далиған дәменiң дiңкесi құрып-ақ келедi. Қайта, Бiтiмнiң кеңдiгiне сүйсiндi. «Құдай берейiн десе, бередi... Тәңiрге қарсы тұрып опа таппассың, шүкір» дейдi, әңгiменiң бет-әлпетi солай қарай ойысса алдын-ала ебедейсiздiктi орағытып. Сондықтан оның көзiнше бұл тақырыпқа қатысты болмашы ләм айтуды сөдегейлiк есептейдi. Бiрақ, осы үйге келсе көкейiне кептелiп кетпей қоятын дүдәмал — сол. Алла сонысына қарай етегінен өрмесе де төрт қарғасын иiп бере салған. «Мама» деп шұрқырап, құрақ ұшады. Гүлжанның да оларға өгей шешедей тарамысша тырысып, жекiргенiн Гүлмира көрген емес. «Менiң қоңыр қошақандарым» деп, емiренедi де отырады. Әйткенмен, әйел болған соң тас емшегiңдi иiтiп, тұла бойыңды жарып шыққан бiр шикi өкпенi әлдилемесең, нағыз соры сопақ астай қайнағандық — сол, тегі.
Күрделі мәселе көкiрегiн жұлып жеп, әбден мазасын алған соң Iлияспен ақылдасқан. Содан берi екеуi тынбай аласұруда. Ойлары, қайткенде де Гүлжанның өңiне шынайы аналық мейiрiм шапағын үйiру. Ақыры жолын тапты. Iлияс тапты. Мәскеудегi ғылыми зерттеу институтындағы атақты бiр профессордың келiсiмiн алды. Уағда байласа салысымен Iлияс Гүлмираға телефон соқты. Жақсылық хабарды естiсiмен, елгезек байқұс алып-ұшып Бiтiмдiкiне келген. Гүлжан ұлдарының тамағын жасап, шапқылап жүр екен. Мұны көрген соң одан сайын жайдарыланып, нәтiнде салдырлақ келiншек әңгiменiң тиегiн ағытты. Құрбысы «иә, иә» деп, жөнсеу қоштап, негiзгi мақсатын қалай жеткiзудiң ретiн таппай қиналуда. Жай адам емес, дәрiгер, алдай алмайсың. Ақыры тәуекелге бел байлады.
— Мен... — күмiлжiп қалды, — сенiмен ақылдаспай бiр шаруаның соңына түсiп едiм. — Ұрлық жасағандай жүзiн төмен салды.
— Ол нендей шаруа?
— Iлияс екеумiз...
Арада болар-болмас үнсiздiк орнады. Ыдыс-аяқ жуып тұрған Гүлжан қолын шалғысының етегiне сүрттi де, құрбысының алдына қарама-қарсы кеп жайғасты. Бiр жақ омырауына құлаған топ-толық бұрымын, арқасына қарай серпiп тастады. Шарадай қап-қара көздерiн төңкерiп, бағжия Гүлмираға қарады.
— Мәскеуден үлкен, бiлiмдi дәрiгер таптық...
— Оның не қажетi бар? — Келiншек одан бетер айран-асыр қалыпқа ендi.
— Сенi емдетемiз
— Менi..? — Дауысы бәсең шықты.
— Иә, сенi! Сен, ана болуға жаралғансың.
— Қалай? — Үнi одан бетер пәстенiп, соңы дiрiлдеңкiреген тәрiздендi. — Мен бәрiбiр ана болу бақытына жете алмаймын. — Ерiксiз ерiндерi кемсеңдедi.
— Жоқ. Өзiңдi ондай алынбас қамалмен қамама. Атом дәуiрiнде өмiр сүрiп отырмыз. Өркениет, прогресс бар емес пе...
Гүлмираның да iшкi жандүниесi астаң-кестең қотарылып барады.
... Құдай ақылдан алжастырайын десе оп-оңай, аяқ асты абыройың айрандай ақтарылады. Мараттың махаббатқа малтытқан ғашықтық түндерi, жалғандық жамылғысының астындағы жалтарма жай екен.
— Мен сенiң қарыныңды шермитiп, қалай ендi атаанама «келiн әкелдім» деп апарам? Көптiң бiрi болсам бiр сәрi, бiреудiң жалғызымын. «Жалғыз ұлы сөйтiптi» деген әңгiме жаман.
Мына көрсоқырлық пиғылдың құрбанына айналып, жеме-жемге келгенде жалтарған жiгiттiң жойдасыздығын көргенде, ып-ыстық жас омырауына тырс-тырс тамды.
— Мен саған бiреудiң қолымен аршылған жұмыртқа қалпымда кездесiп пе ем? — Еңкiлдей, сөзiн бөлiп-бөлiп әзер айтты. — Сонда сенiң сөзiңе иланбасам, ибамды бұлай шашпас та едiм. Қорлайтының бар, неге қойныма қол салдың? Қара басқанда әйелдiк әлсiздiкке жол берiппiн... — Сiлесi қата булықты.
— Гүлжан, жыламашы. — Мүләйiм тiл қатты. — Өзiң медик болған соң, бүкiл мән-жайды бiледi ғой деп едiм. Шаруаның тетiгi қолыңда-тын.
— Затым әйел болғанмен, бетiм ашылмаған едi ғой. Баланың бойға бiткенiн екi айдан асқанда аңдадым. Әдеттегi жаулықтыларда ұшырасатын қалып байқалып, жүрегiм айнып, бiр нәрсеге аңсарым аумады. — Ендi жылауын тоқтатып, екi көзi бұлаудай iсiген қалпы өзегiне от тастаған Маратына сырын ақтарды. — Сен де айтқаныма көнбей өзiмшiлдiгiңе басып, дәл сол уақыттарда менiң жағыдайымды ойламадың. Ақыры болары — болды, бояуы — сiңдi: үйленемiн деп алдап нең бар? Сөйтiп, құрсағым үлкеймей тұрғанда да сенiң сөзiңе нанып, қара басқанын қарашы. Әйтпесе, сол кезде-ақ бұл мәселенi шешетiн едiк. Уәдеңдi бұзып, әне-мiне деп уақытты соза бердiң, соза бердiң. Қарыным басымнан асқанда алмайтыныңды бiлгем.
Көркеуде неме ме басы салбырап, жанарын қара жерден көтермеді. Тiс жарып ләм-мим деуге мұршасы жоқ. Әншейiнде көңiлiңдегiнi тауып айтатыны, қырықаяқтың башпайын санаған аярлығы екен. Ендi ерi мойынына кеткен жаман шардақтай, сiлейдi де қалды.
— Әрi, медициналық тәртiп — тұңғыш баланы дәрiгерлiк жолмен жасанды түсiкке қиюға үзiлдi-кесiлдi қарсы. Осы ой да алдымнан көлденеңдеп, байлам жасай алмай көп толғандым. Тәңiрдiң салғанына көнем де, бұйыртса әлi некелi ұрпақ сүйермiн...
Отырған орынынан тұрып, «хош бол» дедi пәс. Сосын бұрылып жүре берген. Көзiне лықсып кеп ыстық жас құйылды. «Соңымнан жүгiретiн шығар» деп дәмеленген, «кешiрiм сұрайтын шығар» деп күткен. Оның бiрi де болмады. Ұзын, тiрсегiн қаққан бұрымының ұшы тарқатылған қалпы, такси тоқтатты. Үйге қалай жеткенiн аңғармады. Әйтеуiр, төсегiне құлағанын бiледi. Марқұм, Ыдыхан шешесi басын сүйеп, омырауына сулы орамал басқаны жадында. Ертеңiнде мең-зең боп оянғаны дәл бүгiнгiдей көкейiнде сайрап тұр. Сабағына бара алмады. Күн ұзақ ойланды. Қайта-қайта мұның ұйғарымын Ыдыханның сөзi бұзып кетедi.
— Жылама, ештеме етпейдi. Адам болған соң тағдырдың қилы-қилы кезеңдерi ұшырасады. Әлi-ақ көзiңе көрiнген соң бәрiн ұмытасың.
— Әкем мен шешеме не бетiмдi айтамын?
— Қорықпа, ешкiм ештеме демейдi. Қиналма да, саспа да. Элмира екеуiңнiң балаларыңды өзiм-ақ бағамын. Сабағыңнан қалма, әйтеуiр.
Сол тұста Элмира тұрмысқа шығып, оның да аяғының ауырлағаны сезiлiп едi. Мамасы соны айтып отыр.
Жанашырлық жылы сөз одан бетер иiн жұмсартты. Түстен кейiн үш құрбысы келген соң, өзiн кiшкене серпiлгендей сезiндi. Әйткенмен бiр бәле еңсесiн басты да тұрды.
Ертеңiнде институтқа кеп, пысықай әдіскер әйел бар едi, соны iздедi. Көп әуре-сарсаңға түспей, жылдам ұшырастырды. Бетiнiң оты дуылдап, оңашада бұйымтайын айтты.
— Ойпай, мынауыңның мерзiмi үлкен ғой, — дедi елеусiздеу мұның сықпытына көз жүгiрттi де, қынжылыңқырап. Мұнысы «өзi iздеп келiп тұрған ақша уысымнан шығып кетедi-ау» деген қынжылысы едi. — Ана адам жағыдайыңды естiген соң келiсiмiн берiп, iске кiрiссе жақсы. Мұндай уақыты таянған баланы алдырту, қара басыңа қатер. Қанша бiлгiш болса да, жазатайымдықтан сескенедi, олар да қорқады.
— Қорықпаңыз, өз ықтиярыммен көндiм, әрi-берiден кейiн операция жасауларын өтiнiп сұрадым деп, қолхат жазып беремiн.
— Ойбай-ау, — қыстыға сыбырлады, — заң бар емес пе? Жанданған баланы алуға, алдыртуға ешкiмнiң құқы жоқ. Сотқа тартылады. Бiрақ, дәрiгерлер өте-мөте қажет болса жолын табады. Бүгiн сөйлесемiн, ертең тоғызда хабарлас. Сенiң уақыт оздырмауың дұрыс, бәрi ойдағыдай реттелсе, ертең-ақ реанимацияға жатқызады. Ақша алуды ұмытпа. — Соңын жаймашуақтандырып жiбердi.
— Жарайды. — Нық жауап бердi. Алдыңғы күнгi Мараттың сүйкiмсiз сиқы елестедi. Сол-ақ екен, құрсағындағы нәрестеге де зығырданы қайнады. — Қайткенде де ол адамды көндiруге тырысыңызшы. — Не де болса бойындағы бәлекеттен тезiрек арылуға мүдуарланды.
— Мақұл. Дегенмен келешегiңдi ойламайсың ба, бала көтермей қалып жүрсең қайтесiң?
— Маңдайға жазғанын көремiз.
Үйге келiп ап бiлдiртпей оны-пұнысын жинастырды. Iшкi ойын ешкiмге сезiктендiрмеуге тырысып, сыртқа жайдарылық қалып байқатты. Әлдеқайтедi деген күдiкпен күні бұрын әзірлеген ақшасын да есептедi. 225 сомы бар екен, керегi — 300. Бiрақ, қалғанын кейiнiрек берсем де болар деп, өзiн-өзi тыныштандырды. Тек, ертең жолы оңғарылып, жабысқан бәледен құтылса.
Түнiмен ұйықтай алмады. Сәби мазасызданып, екi бүйiрiн тепкiлеп, дәмiл-дәмiл жанын мұрынының ұшына әкелдi. Бұл да онымен одан сайын ерегесiп, тiсiн тiсiне қойып қарысады. «Осы бәледен арылатын күн туар ма екен?» деп ойлады. Қараптан-қарап, жарық дүниеге келмеген нәрестенi жек көрдi. Қағанағын жарып шықпай жатып жерiдi.
Уағдалы тоғыз болмай, әдіскер отыратын кафедраның есiгiнiң алдында тұрды. Ол кесiмдi мезгiлден 15 минуттай кешiгiп, төбе көрсеттi. Бұны байқасымен одан сайын жүрiсiн ширатып, алыстан ыржақтай бердi. Оның мұндай көңiлдi сиқын аңдаған Гүлжан да жақсылықтан дәметтi.
— Сәлеметсiз бе?
— Сәлемет, сәлемет! Көп күтiп қалдың ба?
— Жоқ.
— Жолың болды. Сенi жақын сiңiлiм деп, ана кiсiнiң зорға дегенде ықтиярын алдым.
— Шын ба?! — Гүлжанның жанарында қуаныш оты жанып өштi.
— Иә.
Бұл, есiктi ашып үлгергенше айтқан әңгiмесi. Iшке кiргiзiп алып сыбырлап:
— Бүгiн жасайды. Қазiр телефон соғамыз, жедел жәрдем жiбередi. Сөйтiп...
Қыздың жүзi сұрланып кеттi.
— Немене мелшиiп қалдың? Әлде ырза емессiң бе?
— Жо-оқ, жо-оқ!
— Ақша әкелдiң бе?
— Иә.
— Әкел, маған бере сал.
Гүлжан 25 сомдықтарды қолына ұстатты.
— 75 сом жетпейдi.
Келiншектiң сәл өңi бұзылып барып, бөгелді де:
— Жарайды осындасың ғой... содан кейiн әкелерсiң, әзiрше сен үшiн мен қоса тұрайын, — дедi. Сосын көк телефонның құлағын бұрай бастады.
Операцияның алғашқы күнiнде есiн жия алмады. Басында жемтiктi аңдыған тексiз шағаланың тұқымындай әппақ боп мейiрбике отыр. Хирургтың өзi де дәмiл-дәмiл кiрiп, жағыдайын бiлiп кетедi. Бұдан соң мейiрбике тыныштансын ба, әлсiн-әлсiн қан қысымын, дене қызуын тексередi. Бiр жағы, әйелдiң тағдыры шынында да қыл үстiнде едi. Бiлгiр дәрiгерлердiң айтуынша бәденiндегi пiнә әлдебiр кездейсоқ қатты соққыдан мертiгiп, жарық дүниенi көруге бiр ай ғана қалғанда құрсақта жатып шапағатшы болған. Содан қан кетiп, мамандар тек ана өмiрiн арашалап қалу үшiн арпалысқан. Мiне, ендi, бәрi ойдағыдай аяқталған тәрiздi, алла жазса бір-екі күнде палатаға шығады. Ар жағында бiр жұмада үйiне де барады.
65-ТАРАУ
Батқан күнмен таласа омарталарына оралатын аралардай, бейұят бетсiздердiң алды жинала бастады. Дабұр-дұбыр көбейiп, арсыздау қарқ-қарқ күлкiлер анда-мұнда естiледi. Бүгiн Дайрабайдың да көңiлi көтерiңкi, бойы сергек сықылды. Әлде арақтың буы насаттандырды ма, әлде көкiрегiне түйген iсi оңға басты ма, әйтеуiр, қабағы күндегiден ашық. Елдiң алдымен келiп, «қонақтардың» ау-жайын бағып, мiнсiз қызмет жасамақ.
Оның бүйтiп далақтайтын да жөнi бар. Сұғанақ сарбаздары Алматыны адақтап, үптеп кететiн дүңгiршектердiң қайсысы қолайлы жерге орналасқан — соның жобасын картаға түсiрiп әкептi. Қайсысына қай күнi «шабуыл» жасайтынын белгiлеп, нобайлап қойды. Құдай қаласа кержақ «пагондының» алдында мiнсiз мiндетiн атқарады. Сөйтiп, Әбдiрахмандар алдын ала алып, жұмсап қойған ақшаның қарымын осындай төте жолмен қайырмақ. Өйтпейдi екен, Серiктiң кебiн киетiнi айдан анық. Сондықтан қамсыз, қаракетсiз қалу қауiптi. Бiрде жынды, бiрде сау — нашақор болғысы келмейдi. Қара шыбын сияқты қалтырап, өрмекшiнiң торына iлiнгенше қаракетке көшкенi абзал.
Тықақтап бiр-екi рет Гүлмираның бөлмесiне бас сұқты. Ана жақта Гүлжанға барып, оны мегежiнше шыңғыртты. Қытықтады ма, Иринаның сiлесiн қатырып күлдiрдi. Не керек, құнажынға мелдектеген бұқадай, қатындардың арасында кекiрелеп кердеңдей басты. Мына әумесерлердiң iшiнде «пагондыдан» өзге қолын қағатын ешкiм жоқ, әйел-мәйелдердiң кезкелгенiне ойындағысын жасауға құдiретi жетедi. Кәйiп құмар кәззаптардың бассалынан басқасының барлығына сөзi өтiп, айтқанын істетедi.
Бүгiнгi ырғын — ырықтан шығып, дәсердей боп жүрген Дайрабайдың өзiн иықтап барады.
— Әкел ана уыздай уылжығаныңды! — дедi жояндардың жуаны. Онысыз да қуанышқа кенелген шағында «пагондыға» Гүлмираны сыйға тартпақ ниетте болған. Ендiгi тұста қылмысты iске қарама-қарсы арыз жаздырып, Әбдiрахманды босатудың да қажеттiгi шамалы. Алла жар болса келiсiлген бiр жылды о ғып, бұ ғып өткiзсе — мына бәлелердi желкесiнiң шұқыры көрсiн. Оның үштен екiсiнен көбi сырғып, межеленген уақыт та таянған.
Елпең қағып қапаста жатқан «олжаны» орталарына тастады. Өңшең арыстанның қоршауына түскен қорғансыз көжектей әйел қос жанары боталап, дiрдек қағады. Әне, ана бәлелердiң ақсиған азулы тiстерi тұщы етiне гiрш-гiрш қадалмақ. Қорқаулар қазiр-ақ ту-талапайын шығарып, бiр-бiр кесектен бөлiп әкетпек. Адам жейтiн жабайылар сияқты жалаңаш жұрындар күледi, беттерiн тыржитады, қолдарын созып ондақ-мұндақ жерiн сыйпап қояды. Жаны да, тәнi де түршiгiп селк-селк ете жиырылады. Қайта оның осы үркек, асау қылығы қотиындарды қатты қызықтыратындай — көздерiн сатып, көмекейлерiнiң күлкiлi асқынып барады.
«Пагонды» пәтшағар анталаған арсыздардың арасынан шоқтығы күжiрейiп, iлгерi бiр адым аттады. Маңғаз, барлық-байлық жетi атасынан берi үзiлмеген нағыз қаракөк бегiзаттай паң, бiрақ иығында iлiнген ештемесi жоқ, тырдай жалаңаш. Танауын көкке шүйiрген қалпы Гүлмираның бетiне алақанын тигiздi. Онысы бақаның бауырындай ылғалданып, жиiркендiре жылбысқылана жұқты. Жұп-жұмыр мойынына апарды, сосын сұқ саусағымен иегiнен көтерiп, төмен салған жүзiн өзiне аударды.
— Сен бүгiн — менiкiсiң. — Ыстық та тәттi ләззатқа елтiдi ме, үнi жiбектей биязы. Демi әп сәтте жиiлеп, денесi ақпалап қозып тызақтатты. Тұла бойы шүкiрге боялғандай қып-қызыл, көзi құтырған көкжалдың жанарындай жап-жасыл. — Қандай жұмсақсың, денең жұмыртқадан кеше шыққан балапанның түгiндей. — Қомағайлана жұтынып қойды. Кенет, «әкел!» деп ақырып қалды. Сол-ақ екен демнiң арасында инесi шамның сәулесiне шағылысып, оның қолында шприц пайда болды. Жаңағы түр-әлпетiндегi ынтықтық, құштарлық iзiм-ғайым жоғалып, өшпендiлiкке ұқсас әлдебiр қатулықтың қамалы сұлба көрсеттi. Бiлегiнен шап берiп ұстап өзiне тартпақшы едi, Гүлмира «а-а-а!» деп, шыңғырған қалпы артқа шоршып түстi. Тұс-тұстан қарқылдаған күлкi көмiп кеттi.
Әйелдiң әлгi әрекетiнен ештеме өнбедi, жан-жағындағы әзірейілдей үйірілгендер еш жаққа тырп еткiзбедi. «Өрмекшiлi» өкiреш бастаған бiр-екi найсап тарпа бас сап, соғымға соятын малдай ғып жығып салды. Құлындағы дауысы құраққа жетiп, шырылдағанымен, құдайдың құлағына шалынбады. Зарын елеп-ескеретiн мыналар жоқ. Есiрiктердiң арасындағы үш-төрт ұрғашылар да ащы айқайға мастанып, жапырыла қол созды. Бiрi түймесiн ағытып, шешiндiре берді. Бiрi қолы тиген мұның денесiнiң тұсын сығымдап, мыжғылады.
Осы әредiкте қозғалтпай ұстап тұрған әппақ нәзiк бiлегiне зымияндықтың зәрi бар иненi «пагонды» бойлата сүңгiтiп жiбердi. Ышқынған, қиналған дауыстан өздерi — әңгүдiктер ғана рахатты сезiнiп, райыс ыстық ырғынға батты. Суырып алған иненiң орнынан бұрқ етiп білінген қара қанды бассалдары алақандай тiлiмен жалап алды. Одан кейiн қолына жабысып отырған келесі әңгi жасудай жараны сорпылдатып сора жөнелдi.
Ендi бiреулерi түймесi ағытылған көйлегiн оп-оңай сыпырып тастады... Қасқырлар ту-талапайын шығарған жабағының терiсiндей, бейшараның киiм-кешегi әр-әр жерде шашылып қала бердi.
Қанша дiзе мен күштiң астында бұлқынған дене, алпыс екi тамырмен әбжыландай сумаңдап захарлы зәр жүгiрген кезде сәт сайын босаңси бердi. Әбден титықтатқан, миына тұз боп байланған сауалдар да ыдырап, маңдайының құрыс-тырысы жазылып барады. Бiр көзiн ашқанда Гүлжанның сұлбасын шалды. Жымиятын сияқты, мұның да жымиғысы келдi. Ендi бiрде өмiрi басынан өткермеген, ауызбен айтып жеткiзе алмас нағыз ұжымақты шаққа шомп бердi. Қор қыздары лас пен былапытқа былғанған тұла-бойын аялы алақандарымен мәйпездеп сыйпайтындай.
Былқ-сылқ етiп, еш қарсылықсыз қалған уыздай әппақ дененi бұдан ары қызықтауға «пагонды» перiңнiң шыдамы жетпедi. Төңкерген кеседей анарына героиндi төгiп тастады да, құныға сiлемейлеп жалай бастады...
Айызы қанған Дайрабай жаңа бiр сойқанды көкейiне түйiп, iске асыруға бел байлады. Бәтiрдiң әбден салынды боп, сiлiкпесi шыққан таңға жақынғы уақытта алып кеп, соңғы айларда көңiлдерi жарасып, сөз байласып жүрген адамына телефон шалдырды. Қайырғали деген ол жiгiттi Әбдiрахмандардың айтуы бойынша сыртынан бiлетiн, жалғыз басына екi бөлмелi үйi бар.
Ақыл-есiн аждаһа апшып тұрған Гүлмираға «тез жет, осындай жерде тұрмын» деп айтасың деп, шегелеп түсiндiрген. Онысын жөнсеу жазған бұлжытпай орындады, Қайырғали алып-ұшып жететiн болды...
66-ТАРАУ
Гүлжанның үйге оралмауы, бәрiн дүр сiлкiндiрдi.
Ымырт үйiрiле түстi. Сәт сайын шырықтары қашып, беймаздана бердi.
— Әкем-ау, қастарыңда бiрге жүрген адамнан қалай көз жазып қаласыңдар? — дедi Ыдыхан қыздарына кейiп. Өңi бұзылып кетiптi. Жыл аралатпай екi бiрдей адамды шығарып салғаннан соң, тым қорқақ.
Бiрiншi, бәленбай жыл отасқан ері Құсан қайтты. Түбiне ескi сыралғы дiмкәстiгi — қантының көптігі жеттi. Екiншi, тумаса да туғандай болған енесi Пәрзана дәуірін теріс айналдырды. Жарықтық, ұлының қазасын көтере алмаса керек.
Осының бәрiн өз көзiмен көрiп, өз қолымен жөнелткен адам: әр нәрсеге күдiкпен қарап, секемденiп қалатыны анық. Жүзiн сондай бiр үрейдiң торы жайлаған. Мазасыз күй кешті.
— Мама, бiздiң қаперiмiзде ештеме жоқ, лекцияға бардық, — сөздi Элмира бастады, — ол сонда «қазiр бiр кiсiге жолығып келемiн» деп, аудиторияға кiрмеді. Содан кейiн көрмей қалдық. Әрi оның практикасы да, лабораториясы да бөлек. Сонда шығар деп, iздемедiк те.
— Ол қандай адам?
— Бiлсек айтпаймыз ба?
— Кiмдерге баруы ықтимал? Курстас, жолдас қыздарыңа телефон шалып iздестiрiңдер!
Бұлардың шарқ ұруы еш нәтиже бермедi. Ешкiм көрмеген, бiлмеген. Гүлмира:
— Маратты табу керек, — дедi аласұра.
Бәрiнiң көкейiнде осы сұрақ тұр едi, бiрақ қайдан iздемек. Қара басқанда ол жiгiттiң мекен-жайын, әңгiме арасында болса да сұрамапты.
Ешкiм дұрыстап ұйықтамады. Ыдыхан бiр-екi ауруханаға телефон шалып едi, ондай адам жоқ болып шықты. Ал көптеген дәруханалардың телефонына дөп түсу қиын, ылғи да жүлгесi босамайды «тут-тут-тут» деп, ашуыңды қоздырады. Сосын лажы таусылып, дiңкелеп барып қойған.
Түнiмен қилы-қилы сауалдар мазалады. Жан-пенде тұрмайтын беймәлiм аралда жападан-жалғыз қалғандай қыстықты. Осындайда үлкен ақылшысы, арқа сүйерi Пәрзана енесiнiң жоқтығы қатты білінеді. Марқұмды, Құсан екеуi үйленген соң екi жылдан кейiн қолдарына көшiрiп әкеген. Шалы Нұғыман соғыстан қайтпады. Армиядан оралған жалғыз ұлы Әмiрқазы аяқтанып үлгермей, машина қақтығысынан опат болды. Қызы Торша Батыс Қазақстан жаққа тұрмысқа шығып, қараорманда кемпiрдiң жалғыз соқа басы сопиып қалған еді.
Ескi, көнекөздердің соңы Пәрзәна шешесiн ойлағанда Құсанның көкiрегi қарс айырылатын. Сосын бiр демалысында ештемеге қарамай барды да, қолына әкелдi. Жарықтық, 24 жыл бұлармен бiрге, бiр үйде ғұмыр кешiптi. Тек, айналып-толғанып, мейiрiм шапағатын шашып қана отырушы едi. Ендi орыны ойсырай үңірейдi. Құсанын ерекше жақсы көретiн, үш немересi дегенде шығарға жаны. Ал, келiнiне көңiлi тiптi бөлек. Мұның шешесiне құлаған ықыласы да елде жоқ: «Зибаш құдағи» деп құрақ ұшатын.
Әйел ауыр күрсiндi.
Сондай үлкен ақылшысынан, жаулығы қарқарадай анасынан айырылғанда барып туқыметтiң табын сезiнiп жүр. Жалғыз өзi мына үш қарғасын қалай қарақанаттандыратынын бiлмей дал. Нұрмира тiптi тұңғиықтанып, бiреумен сөйлесудi бiр жола доғарды. Әжесi, әкесi барда еркелеп, бiрдемесiн айтатын едi. Оны сөйлетуге өзiнiң ықпалы жетпей-ақ қойды. Элмира болса анау, айы-күнi таянған. Қайта оған да тәуба, әжесi де, әкесi де тұрмысқа шыққан қызығын көрді. Әзiрше күйеу бала екеуi қолында, Мұқатай дипломын алса аралары алыстайды. Елдерiне Нүкiс қаласына барып тұрмақ. Қазiрше оқуларын бiтiргенше бөлек жібермей отырған өзi.
Ендi Гүлмира кетпек ыңғай танытады. «Оның баратын жерi қандай?» Шақшадай басы шарадай.
Ал, мына қаршадайынан берi қолында оқып келе жатқан Гүлжанның үштi-күйлi жоғалуы, арқасына аяздай батты. Қанша аялап бақса да бiреудiң баласы, ертеңгi күнi бiрдеме боп қалса, кiм жауап бередi. Байқұс қызға қараптан-қарап жүрегi ауырады.
Құсанның әуелден сыйлас, үнемі тірліктерінің бір жағынан шығысып жүретін ауылда тұратын Мұқаш деген жақын жолдасының қызы. Жоғарғы сыныпқа таянғанда «осы балам сендердiкiнде тұрып оқиды» деп әкелген едi. Бiр жағы — өзiмсiнгенi, бiр жағы — бұлардың үш қызымен түйдей жасты. Аракідік қатынасқандарында төртеуі бірбіріне үйірсек болып алған.
Содан бастап Ыдыханның қолында. Әуелгіде тәте деп едi, кейiн келе-келе қыздарымен бiрге «мама» деп кеттi. Бұл да оны өзiнiң балаларынан кем көрмедi.
Жазымыш солай ма, ол да оқуға түсе алмай жүрдi. Сосын, лажсыз Ыдыхан Гүлжанның да құжаттарын қыздарынiкiне қосып, медициналық институттың қабылдау комиссиясына өткiзген. Өз балаларына танытпаған ептiлiгiн аңғартып, әлдебiр адамдарға телефон да шалды. Бұйрық шығар, оқуға іліктi. Ендi, мiне, бақандай бесiншi курсқа келгенде құдайдың басын айналдырғаны. «Аман болса екен өзi, әйтеуiр».
Таңертеңiнде қыздарын сабақтарына жөнелте сап, Гүлжанды iздеуге бел байлап отырған. Сағат сегiзге таман телефон шар ете қалды. Онысыз да дегбiрсiз әйел тұра ұмтылды.
— Иә.
— Дүйiмбаевтардың үйi ме?
— Иә, иә...
— Гүлжан Қалиолдаева 12-шi қалалық клиникалық дәрухананың хирургия бөлiмiнде.
— Оған не болды? — Дауысы барқынданды.
— Қорықпаңыз, операция сәттi аяқталды, қазiр жағыдайы жақсы.
Ыдыханның аузына қапелiмде сөз түспей абдыраңқырап қалғанда, арғы беттегi адам байланысты шорт үздi. Қолы қалтырап барып бұл да телефонның тұтқасын орынына қойды. Жүрегi осал әйел, бiраз уақытқа дейiн өз-өзiне келе алмады.
— Мама, кiм ол?! — Гүлмира өз бөлмесiнде жүрiп үн қатты.
Шешесi жауап қайтармады.
— Ол кiм екен звондаған? — Гүлмира жаңағы сауалын қайыра қайталап, қасына таянды. Сонда ғана шешесiнiң түсiн байқап:
— Мама, не болды саған? — деп, үрейлене айқайлады.
Осы кезде кеудесiнiң атқалақтағаны сәл саябырлап:
— Гүлжанға операция жасапты, — дедi Ыдыхан.
Мұны естiген Гүлмираның да көзi бағжаң етiп, түрi өзгерiп сала бердi.
Бiраздан соң олар ауруханаға қарай таксимен асығыс аттанып бара жатты.
... Осы оқиға лездiң арасында Гүлмираның көз алдынан жүгiрiп өттi. Сол бiр қаралы күнi Гүлжанның болашағына балта шабылған екен.
Одан берi де бiраз уақыт жылыстады. Ғылым прогрестi түрде дамымаса да, медицина саласында жаңалықтар бары аян. Тууға қабiлетi жоқ әйелдердi де жасанды жүктi жасап, қарынын шермитiп қоюға дәрiгерлердiң дәрмендерi жетiптi. Ай-күнi тақалғанда ол кәдiмгiдей толғатып, «босанады» екен. Сол уақытта көкек аналардың тастап кеткен шаранасының бiреусiн, «мiне балаңыз» деп көрсетсе жетiп жатыр. Бала деп аңсап, зарығы асып жүргендер ет-жүрегiмен емiренiп, омырауынан сүт те шығады.
Мiне, қазiргi медицинаның алған бiр қамалы осы. Бiрақ, бұл қайырымдылық та кiм-көрiнгенге жасала бермейтiн үлкен сый.
Гүлмира мен Iлиястың тiрелген бекетi осы болды. Мәскеудегi ғылыми зерттеу институтында әлгі әдiстi қолданып, айы-күнi жеткенде Гүлжанды Алматыда босандыру. Сөйтiп, «бiр қыз» деп жүрген Бiтiмнiң көңiлiн бiрлеп, «бала» деп жүрген құрбыларының аңсарын басу. Бiрақ, жаңағы қитұрқысын шама жетсе Гүлжанға да бiлдiртпеу.
Бұл уәждi естiген келiншек, мұңайып отырып қалды.
— Қайткенде де Бiтiм екеуiңнiң араларыңда бiр дәнекер болуы керек. — Әрi-сәрi ой үстiнде тұрған құрбысының байламын мық шегемен мықтап қаға түсейiн деген оймен Гүлмира шаужайлай бердi.
— Мәскеуге қашан жүруiмiз керек? — Бағанағыдай емес, жанарына мұң үйiрiлген Гүлжан иегiн сылбыр көтерiп, тiл қатты.
— Ертең-бүрсүгiндерi ұшып кетсек жақсы болар едi. Тiптi, ыңғайсыздансаң, Бiтiмге өзiм айтайын. Әйтпесе, «доғыдырға қараламын» десең, қарсы болмас.
— Ол қуанбаса, қарсы болмайды. Өзi де талай «емдел, емдел» деп үгiттеген.
— Ендеше тiптi жақсы, ары кетсе бiр жұма, он күнде қайтып келемiз.
— Жарайды...
Гүлмира негiзгi жайтты бүгiп қалды.
Арада екi-үш ай өткенде, ауыр аяқ келiншектiң бойына тән белгiлерi Гүлжаннан да бiлiне бастады. Бұған елден-ерекше Бiтiм шәпкiсiн аспанға ата қуанып едi. Келiншегi де бақытқа мастанған-тын.
Ендi, мiне... Құдай ниеттi қабыл қылмаса, адам бәрiбiр қолымен ештеме iстей алмайды екен. Қаншама еңбек зая кетiп, қаншама арман аяққа тапталды...
67-ТАРАУ
Әлгiнде Жасаралға Нұрмира телефон соқты. Мәскеуден Iлияс хабарласыпты.
— Ол қай уақытта барып үлгерген? — деп, бұл таң-тамаша қап сұрады.
Бәрiн Нұрмира тәптiштеп түсiндiрдi, бар сұмдықты естiгенде аза бойы қаза тұрды.
Содан берi көңiлi бей-жай, талығып әртүрлi ғаламның қиырын оймен шарлап қайтады. Дәйектi бiр нәрсе ұшығына жеткiзер емес, мұншама қасақы жаулардың қаптап кеткенiне қайран. «Қырық темiрдiң қылауындай, тоқсан жолдың торабынан қосылған американдықтар неге анайы, жауыздар туралы фильмдердi көп көрсетедi?» деген сауал жиi мазалайтын. Сөйтсе, оның жауабын ендi тапқандай, қоғамның iрiп-шiрiгенiн жасыра алмай, ашынғандықтан әлгiлерiн айпарадай әлемге жайып салады екен. Ол үшiн оларды жазғыру да жарамас, ондағысы — өздерiн айуан кейпiнде көре отырып, ойлансын, тоқтасын, нәпсiге тежеу салсын деген жақсы пиғылдан туындаған игi iс.
Бiздегі бейәдеп, арсыз қылықтардың бәрi әрiден басталған сияқты. Қазiргi бедекшi, делдалдардың алым-берiмдегi тұрақты қатынасқа көшкен шетелдiк ірі кәсіпорыннан келген әріптестерінің қойнына қыз салып беруi, бұрынғы комсомолдан, партиядан қалған дәстүр. Олар жоғарыдан бiреу ауылдарына ат шалдырса, құрдай жорғалап, iшiп-жемiн, «рахатын», моншасын әзiрлетiп қойған. Мәселен, аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы облыста бiр-екi күнге конференция өтсе, мiндеттi түрде көңiлдесiн делегат етiп соған алып барған. Сондай-ақ, облыстың бiрiншi хатшысы съездерге әлгiндей көбелек бикештердi тастамай әкелген. Ана жақта алдын-ала жасалған сценарии бойынша үлкен форум жұмысын жүргiзiп жатады, ал бұлар қонақ үйде қызойнаққа батады. Немесе, көзі түзу болып жүрсе екен деп, көш бастаған көсеміндей көкесінің көңілін жайлауға «жаратады». Жезөкшелiктiң соңына алаңсыз түсiп кеткен бiр жертезек, кезектi ашынасымен төсекке жатпас бұрын комсомол билетiн столдың үстiне қойып, «мен — комсомолмын» деп өзiн таныстырады екен.
Жастардың ол ұйымы әлдеқашан тараса да, әлгi бәтiр, бетiн алғаш ашқан пәтшағарды ұмыта алмаса керек. Зинақорлыққа баулыған «үлкен мектептi» жадынан бір жола өшіруге шамасы да, құлқы да жоқ сияқты.
Темекi тұтатты. Бөлменiң ауасы қапырықтанып, алқымды сығымдайтындай. Тынысы тарылғандықтан, әлде, мазасыз ой еңсесiн басқандықтан ауыр күрсiндi. Жаймен барып терезенi ашты. Көшеде қыбыр-жыбыр адамдар ағыны толассыз сапырылысады. Сырттай бәрi де сыпайы, бәрi де мәдениеттi...
Әйел — қоғамның айнасы... — Ой жүлгесi жалғыз отырған адамды ырқына көндiрiп, әрмен қарай жетелей түстi. — Әйел қауымы тәрбиелi, көргендi, ибалы болғанда ғана, кез-келген қоғам парасаттылыққа бет түзейдi. «Сұлулық — әлемдi сақтап қалады» деген сөздiң төркiнi осыны меңзесе керек. Бұл жерде сұлулық сыртқы сүдiнде ғана емес, жан мен ардың тазалығында... иманда...
Әрбiр шеше өз баласына ие болса, әлеумет жаманшылықтан аласталады. Өйткенi, орта сол балалардан түзiледi. Әсiресе, қыздың тәрбиесi қайта-қайта қадағалауды қажетсінеді. Себебi, маңындағы жiгiттердi батырлыққа да, жауыздыққа да итермелейтiн оның қылығы: еркелiгi, назы, ақылдылығы. Көп жағдайда қыздың бойынан тектiлiк табылып жатса, тентектiкке жол жоқ. Қалай айтқанда да әйел — адамзаттың ғана емес, әлемнің анасы. Уақыт өткен сайын қоғамымызбен тұтас азып бара жатқанымыз, шешемiздiң тектіліктен, адамилықтан ауытқығанын бiлдiрмес пе екен?..
Қара телефон ой қуып марқадам таппаған жiгiттiң қабырғасын қақырата тағы да шырылдады.
— Жасарал.
Үнiнен, мәнерiнен бiрден тани қойды.
— Нұрмира, — дедi оның сөзiн киiп, — маған бұдан былай хабарласпай-ақ қой. Кешiр... — Келiншек бiрдеме айтып үлгергенше, тұтқаны қоя салды. Жiгiт өз-өзiнен бұлқан-талқан ашуланып, күйiп-пiстi. Осы уақытқа дейiн қажымай, талмай жетелеп әкеле жатқан жiгерi әп сәтте құмға айналған. Қолынан ештеме келмегенiне қорланып, ызадан жарылып кетуге шақ. Әр түйткiлдiң соңынан сабыла-сабыла санасы әбден сарабдал тартқан. Мақсат-мүддесi күйреп, қуыс қурайдай қалтырады да қалды.
Жiгiттiң басы зеңгiдi. Бiр нәрсенi азаматтарша шеше алмайтынына күйiндi. Мақсатсыз суырманы ашып, әлдебiр конверттi қолына алды. Бұл — Гүлмираның бұған жазған хаты едi.
«Сәлеметсiң бе, Жасарал! — деп басталған жазуларға көз сүздi. — Сiздi танымай жатып хат жазып отырғаныма, әрине, кешiрiм сұраймын. Менi сөкпессiз, түсiнерсiз деп ойлаймын. Нұрмира арқылы өзiңiздi сырттай білемін...
Жалғанда неше түрлi жағдайлар ұшырасады ғой. Сiзге өмiрбаянымызды қысқаша айтып өтейiн. Қызық та емес шығар, бiрақ айтуға тиiстiмiн.
Бiз үш қыз егiз едiк. 1982-де үшеумiз де мединститутқа түстiк. Екiншi курста оқып жүргенiмiзде әкемiз қайтыс болды. Мiне, содан бастап, Нұрмира қатты өзгердi. Кейде оның алдында өзiмдi кiнәлi сезiнемiн. Тұрмыс құрдым. Екiншi қыз менiң алдымда от түтеткен. Бәрiмiзге селбескен Нұрмира.
Эльмира туыттан қайтыс болды. Мамам қазаны көтере алмай төсек тартып жатып қалды. Онда да сабақтан сұранып, қасында Нұрмира отырды. Мен өз отбасымнан шыға алмадым. Ақырында, Эльмираның қырқына қарай шешемiз де мәңгiлiкке көз жұмды. Тағдырдың қаталдығы сонша, жалғыз анамызды алды да жөнедi.
Мен сiзге, Жасарал, сөзбен жеткiзе алмаспын. Қазiр неден қорқатынымды бiлесiз бе?
Осы сiзбен кездесiп жүргелi ғана оның көзіне нұр жүгірді. Мүмкiн сiзге сенiмсiз де, күлкiлi көрiнер. Мен Нұрмираның алдында көп қарыздармын. Ендiгi оның өмiрi тек қуанышпен өтсе деймiн... тағдырдың не даярлап тұрғанын қайдам. Ойдан өзiм де шаршадым. Өмiр қандай қиын. Неге бiр адамды қинай бередi екен.
Иә, сiз әлi көп нәрсенi бiлмейсiз, мен кейде өз-өзiмдi өлтiре салғым келеді. Әкенi, шешенi жұттым, Эльмираны... Бiз екеумiз ғанамыз, сiз түсiнесiз бе менi? Мен осы хатты сенсеңiз, егiле жылап жазып отырмын. Ол ұлын құшақтап ұйықтап жатыр. Түнгi сағат екi.
Кiм не сұраса да Нұрмира үшiн бәрiн қияр едiм, тек соның бақыты үшiн құрбан болар ем. Кеше кешке ол: «әуежайдан үйге, әке-шешемiзге кетiп бара жатырмыз дегендердi көрсем, өз-өзiмнен жылағым келедi» дейдi. Екеумiз қосылып жылайық сосын.
Сiзбен бiр кездесермiз. Осы жолы Алматыға асығып, менен ерте кеткенi де сiз үшiн. Бұрын керiсiнше, «Алматыға барғым келмейдi, көңiлсiз, күтiп тұрған ешкiм жоқ» дейтiн. «Мұның бәрiн маған неге айтып отыр?» деп ойлайтын шығарсыз. Не ойласаңыз да өзiңiз бiлесiз. Көптен берi кiмге шағынарымды бiлмей жүр едiм, сiзге ақтарылып, бiртүрлi жеңiл боп қалған сияқтымын. Сiздi оған аяқ астынан бiр құдай кездестiрген шығар...»
Ауыр күрсiндi. Темекiсiн алып тұтатты.
Жаңағы Жасаралдың сөзi әйелдiң төбесiнен жай түскендей еттi. Онысыз да ақыл-ойы кедiр тартып, мүскiн хал кешiп жүргенiнде мына жай — жығылғанға жұдырық боп тидi. Әсте күтпеген нәстесi. Мүрит баладай бүрiсiп отырды да, ал кеп жыласын. Неше күнгi тартқан бейнетiнiң зорығын ендi сезiндi. Құдай аямағанда адам аямайтынына ендi көзi жеттi.
Гүлмираны ойлап, сары уайымға салыну да әбден титықтатқан. Қашанғы оны күтедi, қай жерден iздейдi. Алмасбек ағасына ертеңiне қайыра телефон соғып орынынан таба алмады, ақыры болары болды ғой деп жұмысына iздеп барса, осыдан екi жетi бұрын демалысқа шығып кетiптi. Сонда өзiнiң кiммен сөйлескенiне қайран. Әдейi, әлгi қулардың ұйымдастырғанын сонда барып топшылады. Ендi ешқандай үмiт жоқ.
Көкiрегiн күмбiрлеп құса, шер керiп бара жатыр. Мына он сегiз мың ғалам сыйған жалғаннан бiр басына орын табылсашы, берген ит тiрлiгiнiң өзiн тәңiр бұлағандай.
Қолына қалам, қағаз алды. Жасын қағазға шыра ете отырып ақтарылсын. Көңiлiнде жүргенiн, көкейiне түйгенiнiң бәрiн бiр жапырақ парақта қалдырғысы бар.
Қотандай қотарылған ойын қойыртпақтата сүйкектеттi.
Әлденуақытта барып дәрi-дәрмек салынған қобдишадан бәле-бәтердiң бәрiн шығарып, бiр ыдысқа езе бастады. Әбден езiлдi-ау дегенде киiнiп, сыртқа беттедi.
68-ТАРАУ
Мұрынынан сiрге өткiзiлген тайлақтай кетпейтiнiне әбден көздерi жеткен соң бiлеуiттер, Гүлжанды бақылаусыз үй маңына жiберетiн. Жанының неткен сiрi екенiн кiм бiлсiн ондақ-мұндақ шаруаны iстеп, тынымсыз шапқылайды да жүредi. Бүгiн бассалдары бiр құшақ кiр киiмдерiн берiп, жуып, өтектеп қоюды тапсырған. Сол пәрмендi қалтқысыз орындап, таза суға шайған кiрдi сыртқа шермеңдей жайып жатыр едi. Ешқандай мақсатсыз көше бойындағы ары-берi ағылған адамдарға назыры ауды. Зауқайырда таныс бiр сүдiнге қадала қалды. Әлгiлердiң ортасында жападан-жалғыз Нұрмира келедi. Бұл өз көзiне өзi сенбедi. Күтпеген жайт. Иә, сол. Жүгiрiп барып Бiдiрәлiге айта қоюға бiр оқталды да, ол райынан тез қайтты. «Қайда барады?» Сұғанақтығы асып, соны бiлгiсi келдi. Екi көзiн сатып, әр қадамына тесiлдi де тұрды. Нұрмира бұлар бекiнген үйдiң тура алдынан өттi де, Кеңсайға көтерiлетiн қайқаңмен жоғары өрледi. Бара-бара назар ауқымынан жасырынып, жолды жағалай қаптаған ағаштың арасына сiңiп кеттi.
Баяғыда бақытты балалық шағы тура осы «Барнауыл» көшесiнде басталған. Онда папасы да, мамасы да тiрi. Әнеу, әне, өздерi туып-өскен үйлерi. Мұны көрiп туған шаңырақ алыстан еңсесiн сала елегiзетiндей. Нұрмираның да жүрегi делдiрлеп, кеңсiрiгi ашып, жанарының аясын жас торлады. Барғысы келдi. Ындыны құлап, ауған аусарына ау салып, қасақана бармады. Одан да әке-шешесiнiң қасына тезiрек жетiп, бiр жола тыным алғаны жөн.
Гүлжан Нұрмираны ары күттi-берi күттi. Бөтен жақпен қайтып кеттi дейтiндей, бұл маңда басқа жол жоқ. Бiр сағатқа айналып барады, төбесi көрiнер емес. Бағанадан берi мiз бақпай, ұясының аузында қос аяғын көтерiп ұзақ-ұзақ тұратын саршұнақтай, қақпаның маңынан кетпей мелшие соны аңдуда. Шыдамы таусылды. Сосын үйге әлденеше кiрiп, әлденеше шықты. Гүлмираның қамалып жатқан бөлмесiне таянып барып, бiрнеше қайтты.
Мұнда қотиындар қағандығы таңертең келiп орналасқан. Кезектi бұл тұрақтары, екi қабатты оңаша үй. Бақшасы, ат шаптырым ауласы бар. Гүлмира «жайғасқан» бөлменiң терезесi бақшаға қараған, әйтпесе мына көшенi әлдеқашан танып қояр едi. Әдейi, құбыжықтардың қолына түскен пенделердi қамауға алып, азапқа салу үшiн арналғандай бөлме. Бiр қызығы есiгi сыртынан iлiнедi.
Соны бiлгендiктен Гүлжан «Нұрмираны көрдiм» деп айтуға бiрнеше оқталды. Бiрнеше рет ол райынан қайтты. Екi дүдәмалға демiккен ойдың ортасында қақпақылға түсiп, ит рәсуасы шықты. Ақыры дiңкесi құрыған ындын, санаға бағынбай дегенiне жетелеп апарды. Мiскiн жатқан тозақ бөлмесi — «обязьянникке» кiрiп барып, қапелiмде сөздi неден бастарын бiлмей состиып тұрып қалды.
Мұны көрiп Гүлмира жастықтан басын сылбыр көтердi. Омырауы алу-далу ашылып-шашылған, оның үстiне езуiнен аққан көбiкке жағасы айғыз-айғыз сiлемейленген. Жанарлары қанталап, өңi құп-қу боп бозарған. Ұзын бұрымы тарқатылып, мөлiдей қара шашы дудырап, кәдуескi перiнi елестетедi. Аңғарсыз көзқарасын әлдебiр беймәлiмдiк жайлаған.
Диванға оңшалып отырды. Ызасы өткендей төрдегi үлкен сағатқа бiр қарап қойды. Ол тынымсыз сырт-сырт етедi. Сосын домбыққан қолымен езуiн сүрттi. Еденге назарын аударды, ат аунағандай орынды жалтыратып қоймалжың жын-сiлекей жайлапты. Көйлегi олпы-солпы, етегi қаққа айналған. Ұзын шашының тең жарымы жынмен былығып, былапыттана сiлемейленген.
Мына ұсқынынан көрген пенде тiксiнетiнi қақ. Жаңа ғана укол-зәрден меңдеген зәрурет науқасы қайтып, миы солқ-солқ етiп ептеп есiне келе бастаған.
Зәресi зәр түбiне жеткен Гүлжан абдырай, «Нұрмира... Нұрмираны» деп мiңгiрледi.
— Нұрмираны әкелдi ме, немене?..
Орнынан атып тұрды. Жанары бақжаң етті. Әлдекiмде өшпендiлiгi, қанын қарайтқан кегі кетiп бара жатқандықтан ба, жұдырығын түйiп, тiстене қарады. Жағының бұлшық еттерiнiң жиырылғаны бiлiндi. Көзiнiң алдындағы көгергенi әлi тарай қоймаған, көгiлжiм тартады. Аясына лықсып жас толды, бiрақ қарашығына лып етiп алау шоқтың нұры жүгiрдi. Орынынан көтеріліп, Iлгерi Гүлжанға қарай бiр адымдады. Оның үрейi тiптен ұшып, әбден әтүйiрi қашты. Артқа шегіне берді. Өмiрiнде мұндай қорықпаған шығар. Өне-бойы қалшылдап, кекештене тiл қатты.
— Жо... жооқ, Кеңсайға қарай кеттi...
Тордан босаған жолбарыстай атырыла жөнелдi. Сыртқа шығып, неше күнгi тұңғиыққа тұншыққан қарашығы жарыққа үйрене алмай сәл аңыра бөгелдi. Төңіректi байыптап көре алатындай жағыдайға жеткен соң, қайда тұрғанын зерделеп бiлiп алуға тырысты. Бiр жағынан үргедек сезiм де қыспаққа алып, «қазiр тұра жүгiрмесең соңыңдағы сойдауылдарға тағы да тұтыласың» дейтiндей. Әлдебiр түйсiктiң жетегiмен, ештеменiң байыбына барып та үлгермей беталбатты жанұшыра атылды.
Санасында бiр қылаң берген нәрсе «Кеңсай» деген сөз. Мұның бiлуiнше Кеңсай жотаға қарай орналасқан.
Осы қорытындысын бағдар етiп, жоғары жетелеген асфальт жолмен өршелене қайқаңға салды. Өр — өкпесiн өшiрдi. Сонда да тiрмiзiктене тырысады. Қаперінде ештеме жоқ, әйтеуiр, лағып барады. Сансыраған күй кешiп, биiкке ұмтылуда. Мiне, ендiендi зиынына бiрдеме барғандай. Кеңсай... зираттар...
Әлдебiр елестер көз алдынан жүгiрiп өттi. Iлгерiге мойынын соза қарады. Қабырғасына моланың кескiнi бедерленген алып дуалды жанары шалды. Беталысының дұрыс екенiн сонда топшылады. Әлдеқашан сүйегi қурап қалған әкесi мен шешесiнiң басына келе жатқанын ұғынды. Осыны түйсiнген сайын сағыныштың оты өзегiн кеулеп, жүрегiн тулатып, өкпесiн өрекпiттi. Көкiрегi қарс айырыла тартқан азабы мен қасiреттен, әсiресе екi аяқты пенделердiң басына қорлауынан булыға жылады. Өз-өзiн тоқтата, баса алмай сенделе сыңсыды.
Бiр байқағанында қалың қорымның iшiнде жүргенiн аңдады. Бiрақ, зар мен жапаға көмiлiп, шындап тұрып жылағандығынан бүкiл аруақтың сүйегiн сырқыратқанын екшей алмады.
Әкелерi мен шешелерi қатар жерленген едi. Нұрмира екеуiнiң арасына, анасының мазарына арқасын сүйеп, бiр жағына қисайып отырыпты. Болымсыз желдiң лебiмен самай шашы мен кекiлi дiрiлдейдi. Мұның келгенi қаперiне де кiрмейтiндей, көңiл бөлмедi. Ту сыртын салған қалпы, бейсауат дыбырға мойын да бұрмады.
— Нұрмира!
Жанына таянып дауыстады. Жауап жоқ. Ылдым-жылдым жүрелей жайғасып, «неғып отырсың?» деп иығына қолын созғаны сол едi, қиқайған оң жағына қарай сырғып құлай бердi. Жан түршiктiре Гүлмира баж ете қалды. Жанұшыра сiлкiледi, жұлмалады. Бiрақ, Нұрмира жұмулы жанарын ашпады. Ары жұлқыды, берi жұлқыды — ештеме өнбедi. Сосын тау шатқалын басына көтере өкiре жылады. Еңкiлдей еңiредi, көк өңезге айналып, қамырығы түтеген қасiретiне булыға тұншықты. Сұры қашқан түр-әлпетiнiң одан бетер айғыз-айғызы шығып, адам шошырлық кепке ендi.
— Өлгенiң бе шынымен?.. — Түкiрiгiне шашалып, үнi тарғылданып, тамағын жырта ессiздене айқайлады.
— Папа, мама! Менi де тастамаңдаршы! Ботам-ау, егiзiңдi қалай жападан-жалғыз тұлдыр қалдырдың?!
Ендi бiр сәт қимасын бала әлдилегендей алдына ала бебеу қағып, басын құшып еңкiлдедi.
— Жалғыз қалдым-ау, жалғыз! Не деген жұлыны құрттаған жетi бас едiм. — Дүние шыр көбелек айналып, тамұқ түнi орнағандай көз алды қарауытып барады.
Күш-қайрат бойына қайдан бiткенi белгiсiз, Нұрмираны қос қолына салып орынынан түрегелдi. Жанарынан ыстық жас құйылып, бiр аттап, екi аттап төменге құлдилады.
Өлi дененi Кеңсайдың қойнына қимай, аруақтардан алып қашып, қайтадан тiрiлердiң арасына апара жатқандай... Бәрiбiр осы жерге қайыра алып келетiнiн, дәл бiр сол шақ тұспалдайтын халде емес едi...
Мәйiттi көтерген мұның алдынан, iзiмен өкшелей қуған айуандар орта жолда ұшырасты. Андыздатқан әпербақандар мына суреттi көргенде аңтарыла тосылып, бөгелiп қалды. Өңдерiнен лып еткен адами сезiмнiң болмашы ұшқыны сезiлдi. Қапелiмде бiр сәт абдырап, естерiнен танғандай...
Кеңсайдың етегi күңiренген күйге енген...
Қалың қорымның қабырғасы қайысып, күллi аруақ бiткен төбелерiнен төнiп, тiрiлердiң тiршiлiгiне қынжыла қарап тұрғандай...
ЭПИЛОГ
Алматы. Кеңсай
Сағат 00.00
Сырт... сырт... сырт...
Сиферблаттың сояудай тiлі бiр қалыпты ырғақтан танбайды.
Сырт... сырт... сырт...
Ол — адамзат ғұмырының әрбір секундын қалтқысыз санайды.
Тіршілігінде пендеге мына жалған қадірсіз. Сондықтан сағаттың сыртылы оны үрейлендірмейді.
Бірақ әркімге де сәт сайын тықыр таянып келеді.
Бір кештік қана майшамдай қысқа ғұмыр баянды... баянсыз...
Сырт... сырт...
Соңы.