Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
БҒМ төрт пәннің мұғалімдерін 2,5 айдың ішінде ағылшын тілінде сөйлетіп шықпақшы

Пилоттық жоба Астана, Алматы мен Қарағанды қалаларында қолға алынды. Әрбір қалада 25 мұғалім, жалпы 75 мектеп оқытушысы химия, физика, биология мен информатика пәндерін ағылшын тілінде түсіндіруге үйренеді. Олар үшін арнайы бағдарлама жасалды. Білім және ғылым министрлігінің осы тапсырысын Professional development centre алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған орталықтың департамент директоры Аида Уразаева тапсырыстың нақты сомасын ашқан жоқ. Алайда оқуға түскен 75 мұғалімді 2,5 айдың ішінде ағылшын тілінде еркін сөйлеуге, тіпті жазуға үйретіп шығамыз деп отыр.

«Осы уақыттың ішінде үш қалада білім алатын мұғалімдер күніне төрт жарым сағат ағылшын тілін үйренетін болады. Барлық сабақтар тек сол тілде ғана өтеді. Пилоттық жоба үшін біз арнайы бағдарламаны даярлап шықтық. Мұғалімдер сол бағдарлама бойынша тіл үйренетін болады. Шыны керек, бастапқыда олардың тарапынан бір қорқыныш болды. Алайда қазіргі кезде олардың бойында кәдімгідей құлшыныс, тілді үйренемін деген мақсат анық байқалады», - дейді А.Уразаева.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, мұғалімдердің тізімін министрлік білім беру басқармаларының ұсынысы негізінде әзірледі. Олардың барлығы - химия, физика, биология мен информатика оқытушылары. Әзірше, ағылшын тілін білмейді. Желтоқсан айына дейін олар Starter, яғни бастапқы кезеңнен бастап, А1-А2-В1 сияқты сатылардан өтуі тиіс. Ал курстың соңында олардың дайындықтарын тәуелсіз мамандар бағалайды. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама