- 31 қаң. 2020 00:00
- 209
Білгендерің білмегендеріңе үйретіңдер
Бір күні Қожанасыр халықты жинап алып, өзі мінбеге шығып:
— Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме? — деп сұрайды.
— Жоқ, білмейміз, — деседі.
— Білмесеңдер, айтудың да қажеті жоқ. Бәрібір білмейсіздер, — деп мінбеден түсіп кетеді.
— Әттеген-ай, «білеміз» деп, әңгімесін естіп алуымыз керек екен-ау, — деседі біреулер.
Бір кезде Қожа мінбеге тағы шығып:
— Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме? — деп сұрайды. Халық:
— Білеміз, — дейді. Қожа:
— Білсеңдер, мен несіне айтып әуре болайын, — деп мінбеден тағы да түсіп кетеді.
— Қап, бекер болды-ау. «Білетініміз де, білмейтініміз де бар» деп, әңгімесін естіп алуымыз екен-ау, — деседі жұрт.
Әлден уақытта Қожа мінбеге үшінші рет шығып:
— Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме? — деп сұрайды. Отырғандар:
— Білетініміз де, білмейтініміз де бар, — дейді.
— Ендеше, білетіндеріңіз білмейтіндеріңізге үйретіңіздер, — деп Қожа мінбеден түсіп, кетіп қалады.