...Біз осылай табысып едік...
Дәл қай жылы және қай күні екені анық есімде жоқ. Әйтеуір менің Мұқағалимен тұңғыш рет кездесіп, жақсы таныс болғаным Қазақ радиосының музыка редакциясында еді. Мен туралы хабар берілмекші екен. Дауысымды жазып алатын болған соң келгем. Алдымнан арсалаңдап Әнуарбек Байжанбаев шықты. Ол осында бас диктор. Екеуміз бұрыннан жақсы таныспыз. Амандық сұрасын отырғанымызда біздің жанымызға кең жауырынды, бүркіт тұмсық, палуан денелі жас жігіт келді. Екі бетінен қаны тамып тур. Нұрлы екен. Батыл амандасты.
— Нұраға! Ассалаумағалейкум! Мен Мұқағали деген ініңіз боламын. Әдейі амандасайын деп келдім сізге. Райымбек бабаның ұрпағымын, аға.
— Бәрекелде, бауырым, бәрекелде!
Сұраса келіп оның осында диктор болып қызмет істейтінін білдім. Қарасаздан астанаға көшіп келгеніне де көп болмаған екен. Қарт шешесі, бала-шағасымен пәтер жалдап тұрып жатқан сыңайы бар.
Не керек, ол екеуміз аса коп сырласа алмасақ та біріміз жайлы біріміз әжептеуір хабардар болып қалдық. Мен осыдан бастап ақын інімнің газет-журналдарда жарияланған кейбір өлендерін оқып та жүрдім. Жас жігіттің өлеңдеріндегі қарапайымдылық, пен ойлылық, адам сезімін қозғап өтетін қуаттылық жақсы эсер ете бастады.
Мақатаев екеуміздің екінші рет бетпе-бет кездесуіміз Жазушылар Одағында болды. Ол жерге ақын Тұманбай Молдағалиевті іздеп барғам. Мұқағали Тұмаштың кабинетінде отыр екен. Мені өзіне аға санап, арсалаңдап қарсы алды. Біраз әңгіме дүкен құрдық. Өнер туралы, қазіргі кезеңдегі поэзия жөнінде, ән жайында өзімізше сырласып, біраз отырып қалдық. Тұмашқа өз басымда жүрген дайын әуенге сөз жаз деп қолқа салдым. Мұқағали болса анда-санда тау қыратындай мінезбен қозғалақтап қойын үнсіз тыңдап отыр. Байқаймын, ол Тұманбайды, ал Тұмаш оны жақсы сыйлайтын секілді. Сөйтіп, мені қосқанда үш бауыр — екі ақын мен бір композитор өз заманымыздың өнері жайлы көңілде көктеген біраз ойларды ортаға салып, өзара ой бөлісіп, сырласып тарастық.
Әлгі кездесуден соң Мұқағали маған етене жақын інім сияқты болып кетті. Енді оның шығармашылығына бұрынғыдан да баса назар аударатын болдым. Өзіме ерекше ұнаған өлеңдері туралы кездесе қалғанда оған қуана айтып та жүрдім. Оның шығармашылығында көп ақындарға ұқсай бермейтін ерекшелік, ер мінез бар екенін аңғара бастадым. Мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген көлемді дүниелері мен шағын өлендерін жас ақындардың жаттап алып айтып жүретінінен де хабардармын. Бірақ неге екенін кім білсін, сол жылдары Мұқағали поэзиясының табыстары туралы ешкім мандытып жаза қоймады-ау деймін. Иә, дәл солай. Тек Әбіш Кекілбаев ініміз тәуір дүние жазды дегенді естідім. Пендеміз ғой...
Мына тынымы жоқ тіршілікте әркім әр шаруамен байланып, таңның атысымен күннің батысына дейін тыпырлаймыз да жүреміз емес пе? Мәселен, мен композитормын. Ал Мұқағали ақын. Әсіресе жетпісінші жылдардың орта шенінде оның поэзиясы шарықтау шегіне жеткендей аспандады. Барлық ел, қалың оқырман Мұқағалидың өзгеге ұқсамайтын дара талант екенін мойындаса да қолында баспаның тізгіні, мансаптық билігі бар кейбір ағайындарымыз оған жабыққанда жанашыр бола қоймапты. Өскенді өшіруге тырысатын қазекемнің іштен шалып, сырттан айдақтайтыны бар емес пе. Мұқағали да осындай сорақы әрекеттердің тұзағына жиі түсті-ау шамасы. Мен оны ақын ініммен оңаша бір әңгімелескенде анық сездім. Бірақ таланттың аты талант қой. Кедергілер кездескен сайын ол жігеріне жігер қосып, қайраттанып, тамаша дүниелер жаза берді. Қырсыққанда сол жетпісінші жылдардың орта шенінде ақын ауыр сырқат еді... Өзінің айтуынша бауырына қатты күш түскен. Соның әсерінен басқа іш құрылысы да әлсірей бастаған. Жиі-жиі ауруханаға жатып, емделіп шығып жүрді. "Өлеңді өндіріп жазып жүрмін. Енді бұдан басқа маған не қалды" дегені әлі есімде. Неге айтты екен осыны?..
1975-жылдың күзі. Ол кезде Мұқағали еш жерде жұмыс істемей, үйде шығарма жазып жатқан. Неге екенін қайдам, інімді арнайы іздедім.
Ақыры таптым. Екеуара кең-мол әңгімелескен соң, мен оған аға ретінде қолқа салдым:
— Мұқаш батыр! Мен сенің өлеңдеріңнің қуаттылығын енді ғана толық түсініп, енді ғана танығандаймын. Әр сөзің халыққа жақын әрі ұғынықты, қарапайым. Ендеше неге өз халқың аузынан тастамай айтып жүретін әнге айналдырмасқа оны? Бұған қалай қарайсың.
— Мен бұрын-сонды әннің сөзін жазған ақын емес едім, аға... Осының өзі қалай болар екен...
Ол әжептәуір ойланып қалды. Мен қайталап қолқа салдым. Бұл жолы қарсылық көрсеткен жоқ. Тек ауыр күрсінді. Сонда не ойлады екен?..
Бұл кезде мен Алматы қаласының Коммунистический (қазіргі Абылай хан) көшесімен Гоголь көшелерінің қиылысындағы "Қаракөз" кафесінің үстінде тұратынмын. Келісім бойынша Мұқағали екеуміз үйге келдік. Сол күннен бастап біріміз композитор, біріміз ақын ретінде тапжылмай отырып жұмыс істеуге келістік. Мұқағалидың үйіндегі келін — Лашынға телефон арқылы хабар беріп, мән-жайды түсіндірдік. Кім білсін, алғашында келініміз ерке ақын мен "шатақ," композитор бірігіп жұмыс істейді дегенге сенбеген де шығар... Мейлі, наныңыз, мейлі, нанбаңыз, сол жолы Мұқағали екеуміз тура отыз күн бойы біздің үйде өндіре жұмыс істедік. Мен отыздан аса ән шығардым. Ал ол сол әндердің бәріне мөлдіретіп тұрын өлең жазып шықты.
Бұл күнде иісі қазақ аса жоғары бағалап, құрметпен айтатын "Сарыжайлау", "Сәлем берем Жетісуға", "Сөнбейді, әже, шырағың", "Есіңе мені алғайсың", "Болмасын соғыс, болмасын", "Кел еркем, Алатауыма", "Домбыра — досым" және басқа да көптеген әндер тура сол отыз күн ішінде әрі жедел әрі сәтті туған дүниелер еді. Ал енді әр әннің каштан және қалай жазылғаны өзінше бір-бір әңгімеге арқау бола алады. Мен соның бірнешеуіне ғана барынша қысқаша тоқталуды жон санап отырмын.
Мұқағали екеуміз айдан астам біздің үйде бірігіп жұмыс істедік дедім ғой. Сол күндердің бірінде ақын інім екеуміздің Бауыржан Момышұлына барын, сәлем беріп қайтуымыз керек болды. Бәукеңнің үйіндегі жеңешеміз қуана қарсы алды да бізге ескерту жасады.
— Ағаларың сендерді күтіп қалды. Айқайлап алуы әбден мүмкін, — деді. Жеңгеміздің айтқаны айдай келді. "Сөгісімізді" алдық. Сосын барып батыр ағамыз жазылып сала берді:
— Сендер білемісіңдер? Мен мына шылым деген бәлені неге жиі шегемін? Неге ана пәлені?.. Қан майданда көз жұмған есіл ерлерді, майдандастарымды іздеймін!.. Сағынамын соларды!.. — деп қалды Бәукең.
Мен Мұқағалиға, ол маған қарады. "Батырдың мына тебіренісімен бір ән жазарма еді" дедім іштей. Ақын інім менің бұл ойымды бірден аңғарғандай. Нанасыз ба, дәл сол жерде менің көмейіме белгісіз бір ән ырғағы, сағыныш сазы келгендей болды. Мазам кетті. Асығып отырмын. Бәукең бөлме ішін көкала тұман етіп әңгімесін сабақтайды.
Момышұлының үйінен шығып үйге жеткенше мен де, Мұқағали да тіс жармадық. Мен болашақ, ән туралы, ал ақын інім оның сөзі жайлы толғатып келеміз.
Үйге кіре күйсандыққа отырдым. Мұқағали болса Дариға жеңгесіне: "Маған асхананы бересіз бе? Жұмыс істеу керек", — деп өтінішін айтты да қағаз-қаламын алып отырып қалды. Сөйтіп дәл сол күні "Мен сендерді іздеймін" атты жаңа ән дүниеге келді. Сәтті шықты. Дереу әнші Нұрғали Нүсіпжановты іздедік. Нотаға енді ғана түскен жаңа әнді көріп ол да қуанып жатыр.
Кім білсін, сол күні Мұқағали екеуміз Бәукеңнің үйіне бармасақ, әлгі ән туар ма еді, жоқ па?..
Елдің сүйікті әніне айналған "Саржайлаудың" тууы да қызық. Ол да ақын інім екеуміз бірге жұмыс істеген 30 күннің ішінде дүниеге келген шығарма. Ілгері бір жылдарда Мұқағали екеуміз ақынның туған жерінде, жайлауда болғанымыз бар. Сол жолы ол арақ-шарапқа мойын бұрмай сары қымыз ішумен болды. Өзі білетін жер-су аттарын айтып, туған жерін, ағайын-туыстарын таныстырды. Жұрт айтатындай бөгде "еркелік" көрсеткен жоқ, Аз күн болса да жақсы демалып қайттық, Сол жолы бір малшы ағасы тамақ, үстінде бізге әзіл тастап еді:
— Екі бірдей тамаша талант иесі жайлау төрінде отыр. Бірі атақты композитор, бірі мықты ақын. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шығармасқа. Нағыз сарыжайлау дегеніңіз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе, — деп қалған.
Сол сөз менің көкейімде көптен жүретін. Мұқағали жанымда болған айта жуық уақыттың сәтті бір күнінде өмірге ән келді. Ал ақын інім лезде оның сөзін егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртын тудыра салды. Сөйтіп "Сарыжайлау" әні шықты.
...Жасыратыны жоқ, шынайы жүйріктер мен нағыз талант иелерінің артыңда әртүрлі сөздер қалады. Біреу қосып, біреу боямалап жеткізеді. Тіпті қайсыбірі көлеңкелі жақтарын теріп алып, сыр білдірмей таратып жүреді. Бүгінде арамызда жоқ Мұқағали жайлы аз білетіндер оны асып кеткен тентек, тек ішіп қана өмір кешкен деп былжырайды. Бұл — нағыз қиянат. Біріншіден, ол аса еңбекқор әрі ерекше талантты ақын болды. Еркелесе еліне, туған жеріне, қадірін білетін ағалары мен жеңгелеріне еркелеген шығар. Қайсыбір өсекшілер айтқандай тек ішіп ғұмыр кешсе, соңына бүгінгідей асыл мураларды қалай қалдыра алар еді?
Мен Мұқағалимен әсіресе оның өмірінің соңғы кезеңдерінде қоян-қолтық араластым. Ағасы ретінде ақылымды да айттым. Сонда аңғарғаным ол пәк сәби сияқты мөлдір тұлға еді. Кім біледі, ащы судың желігімен мінез өзгерген кездері де болған шығар. Ал мен үшін ол ұяң да нәзік, ақ, көңіл де көпшіл, әрі мейлінше қарапайым азамат болатын. Рас, әділетсіз мансапқорларға қырандай шүйілетін. Өзін сыйлаған адамға өзегін жарып беретін ақ, көңіл еді. Сезімі қандай ұшқыр десеңші?!
Бірлесіп жұмыс істеп жатқан күндердің бірінде қала ортасындағы Панфиловшылар паркін әйелім Дариға, Мұқағали үшеуміз әбден аралап келіп, қызыл күрең шайды ішіп алған соң мен Дариғаға:
— Дариға, домбырамды берші маған, — деппін ғой.
Осыны байқап қалған ақын інім қағаз-қаламын алып,
біздің шағын бөлменің біріне асығыс кіріп кетіп, ілезде "Домбыра — досым" деген өлең жазып келіпті.
— Осыған ән жаз, аға, — дейді өтініп.
Сөйтіп өмірге тағы да бір жаңа ән келді. Шығармашылық деген қызық қой.
Бір жолы біздің үйдің іші және Мұқағали бәріміз Медеу жаққа серуенге шықтық. Таудың аты тау ғой шіркін. Салқын самал. Таза ауа.
Асау бұлақ, Жасыл шыршалар мен қалың қарағайлар. Мұрынға жұпар иісі келеді. Көмейіме әдемі ырғақ — жаңа ән келгендей. "Жетісу қандай ғажап, сұлу өлке ә, бауырым", — деймін Мұқағалиға.
Ол сәл ойланған қалпында біраз турды да үлкен бір қой тастың үстіне шығып отырып, шұқшия қалды. Әжептәуір отырды. Мен әлі ыңылдап жүрмін.
— Аға, мынаны көріңізші. Буын саны келетіндей ме, — дейді Мұқағали. Екі адамның сезімі іштей қалай қабысады десеңші. Әннің ырғағымен сөзі сайма-сай келе қалды. Үйге асығыс оралып, дереу күйсандыққа отырдым. Сол күні "Сәлем берем Жетісуға" әні шықты.
Жә, әр әннің туған уақытын, оның себебін тізбелей берсек әңгіме ұзаққа кетер. Енді Мұқағалимен ақырғы рет кездесуімді көңіл көзімен бір шолын көрейінші.
Жаңылмасам, жоғарыда айтқанындай, ақын інім екеуміз біздің үйде тұп-тура отыз күн үздіксіз жұмыс істедік. Ара-арасында серуенге де баратынбыз. Бірақ, өндіртіп жұмыс істедік. Бүгінде ел арасында да шырқалып жүрген Мақатаев сөзіне жазылған менің әндерімнің көбі сол отыз күн ішінде менің шаңырағымда жазылған дүниелер екенін екінің бірі біле бермес, бәлкім.
Сол тұста қай әннің қалай жазылғанынан белгілі әнші Бақыт Әшімова мен Нұрғали Нүсіпжановтың және Қайрат Байбосыновтардың да хабарлары бар. Өйткені олар Мұқағали екеуміздің жаңа әндерімізді алғаш рет орындаған әншілер.
Кім білсін, былайғы жұрт әртүрлі ойлайтын да шығар. Нұрғиса мен Мұқағали қалайша ай бойы тәртіп бұзбай, тапжылмай, өндіре жұмыс істеді екен деушілер де табылар. Мейлі, айта берсін. Ал мен өз басымнан көшкен өмір кезенінің бір үзігін тана айтып отырмын.
Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып:
— Аға, мен үйге кетем. Енді босағыңыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жараса, онда бақыттымын. Бауырымның дерті қозғалып қалыпты, — деді. Ауыр күрсінді. Сонда мен оны бүл жалған дүниенің жарығында соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?!
Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпенттің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы... "Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін.
Мынаған назар аударып көрерсіз" депті.
Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі "Есіңе мені алғайсың" екен. Жаным күйзеліп отырын, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым.
Міне, аяулы Мұқағалиымды бүгін де есіме алып отырмын.