Мәңгілік сырласым
Мен Мұқағали туралы жазуды көптен-ақ, ойлап жүрсем де, бірақ батылым жетпеген. Қалай жазу, неден бастау керек екендігі маған жұмбақтау болды. Мұның бәрі бұрын-соңды жазып, төселмегендіктің әсері болар.
Менің ойым: әңгімені балалық шағынан бастағым келген, бірақ балалық шағы кейде жоқ, кейде тоқ жағдайда өтті. Ол тұрмысы орташа ғана семьядан шыққан еді. Сүйенер жалғыз тірегі — әкесі майданға кеткен. Ол сол кездегі бүкіл қазақ, ауылдарындағы соғыстың ауыр мұң-мұқтажын көріп, ерте ержеткен жастардың бірі ғой. Ұлы Отан соғысы жылдары кезіндегі ауыл балаларының өмірін, істеген қарекеттерін жазбаған қазақ жазушылары жоқ десем артық болмас. Олардан мен асырып та жазбаспын.
Ал, көз алдымда өткен ақындық өмірін, қуанышын, ренішін жазу қолымнан келе ме? Соны ойладым. Қолыма қалам алсам, ойым шашырап кететін сияқты. Мұқағали көзі тірісінде: "Жаз, жаз, қолыңнан бірдеңе келеді" — дегенде тыңдатпаған қайран мінез, енді кішіреюге, қайтсең де еңбектенуге, қиналуға әкеп соғып тұр.
Кейбір тілектестер: "Мұқаңның өмірін жазыңыз, оның сырын сізден артық білетін ешкім жоқ, жазыңыз" — деп қолқалап жүр. Жазу керек екенін, жазуға міндетті екенімді өзім де түсінетін сияқтымын, бірақ, оның қолымнан келу-келмеуі екіталай... Қалай болғанда да сол сырларды қалық оқырманға бір жеткізсем деген мақсат жетегіне жегілдім. Жеткіздім бе, жеткізбедім бе — оны еске алу жазбаларымен танысқан оқырмандар өздері саралай жатар.
1949-жылдың наурызында кейбір қиындықтарға қарамастан екеуміз үй болып, шаңырақ, көтердік. Мен қазір сол кезде Мұқағалидың тәуекелге бел байлаған азаматтығына, ақылына тәнті болам. Бұл өте ауыр жылдар — жоқшылық жылдары, сарғайған сағыныш жылдары еді ғой.
Алғашқы үйленген жылдары біздің ауылда — Шибұтта (қазіргі Нарынқол ауданы, Киров атындағы колхоз) тұрдық. Ол ауылсоветтің хатшысы, мен сегіз жылдық мектепте тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Екеуміздің де әдебиетке жақын болғандығымыздың, қасиетті ана тілімізді жақсы түсіне білгеніміздің бір-бірімізді түсінуге үлкен көмегі болды деп санаймын.
Қолымызда әжеміз — Тиын, енем — Нағиман, екі қайным — Тоқтарбай, Көрпеш бар. Соғыс жылдарында, қиыншылық жылдарда отбасының қамымен апамыз колхоз басшылары қайда жұмсаса, сонда барып, тау-таста қаңғып жүріп қой да баққан, сиыр да сауған, егін де жинаған, әйтеуір көрмеген бейнеті қалмаған. Балалар аш-жалаңаш, кәрі әжесімен ауылда қалып, олар да өлместің қамын істеген. Осындай отбасы жиналып, бір үйде ошарлы жан болып қалдық,
Отбасында жұмыс істейтін екеуміз ғана. Жаңа отауға титтей де болса көмегі тиер деп Нағиман апамызды мектепке үй сыпырушы етіп орналастырып қойдық, Ненің бар, ненің жоқ екені коп білінбейді, ол сол бір жастық жылдарының әсері болар. "Махаббат — ең ұлы сезім" деп ұлы педагог А.С.Макаренко айтқандай, өмір сәні махаббат екен. Төңірегің толған қуаныш, толған бақыт!
Біз қосылған жылғы мектептегі оқу аяқталды. Мен ҚазПИ-де сырттай оқушы едім. Институттан шақыру қағаз келді. Бірде Мұқағали маған: "Ренжімесең, биыл оқуға бармай-ақ қой. Ел іші ғой, қазақшылығы бар. Келін боп түсе сала оқуға кетіп қалыпты демесін. Биылша дем ал, менің жайлауда шопан боп жүрген Құшанбай (Ленин атындағы колхозда, Нағиман апамның туған ағасы) деген нағашым бар, соған барып қайтайық, Оқуды екеуміз бірге жалғастырамыз", — деді. Мен, әрине, қанша тулағаныммен мынандай келелі сөзге көндім. Сөйтіп, оқу жылы аяқталып, демалыс күндері өтіп жатты.
Бір күні мектеп директоры алам екеумізді шақырып келуге бала жіберіпті. Екеуміз де мектепке келдік. Мектептің іші опыр-топыр күйде екен. Директорымыз Тілесов деген орта жастағы адам. Ол кісі бізбен амандасты да:
— Нақа (Нағиман апамызды ауыл адамдары осылай атайтын), мына мектепті жөндеуіміз керек. Ол енді сіздің міндетіңіз. Жөндеуге бөлек қаржы төлейміз. Мектептің іші-сыртын ақтауымыз керек. Әк бар, жетеді. Лашын да көмектесер, әзір бос қой, — деді.
Енемнің қолынан үй ақтау келмейтін, не жауап айтарын білмей, маған жалтақ-жалтақ қарайды. Мен сасқалақтап қалған аламды аяғандықтан "көрерміз" деп үйге кеттім. Соңынан алам да жетті. Сол уақытта түстік ішуге Мұқағали да үйге келе қалды. Апам екеуміз мектеп директорының айтқанын Мұқағалиға да айттық, Ол да бізді қостады.
— Қорықпаңдар, мен де көмектесем. Бір жағынан біздей жас отауға нені болса да үйреніп, істеу артық болмайды. Екіншіден, шираймыз, — дегенде енеміз екеуміз де қуанып, жеңілденін қалдық,
Мектеп үйі аса үлкен емес. Үш-төрт класы, жіңішке дәлізі, кішкентай мұғалімдер бөлмесі бар. Бұл бөлмеге қойылған темір пешке қысты күні көбінесе мұғалімдер өздері әкелген отынын жағып, жылытып отыратын едік.
Ертесінде-ақ, жөндеу жұмысына кірісіп кеттік. Мектептің іші-сыртын ақтайтын Мұқағали екеуміз. Апамыз біз ақтаған кластардың еденін жуады. Балалар су тасиды, аздап сылағы түскен жеріне керек болғанда лай жасайтын да солар.
Мұқағали класты ақтай жүріп, бізге түрлі әңгіме айтып, күлдіріп, көңілдендіріп қояды. Сондай әңгіменің бірі есімде қалыпты.
— Біздің ауылда кейбір дыбыстарға тілі келмейтін Нұрсәли деген ағамыз бар. Өзі өте момын адам. Әйелінің аты — Раушан. Пысық, ер көкірек әйел. Бір күні Раушан жұмыстан келсе, күйеуі тапа-тал түсте төсекте ұйқтап жатыпты. Бұзау сиырды еміп қойған. Бірді-екілі қой-ешкілері келмей қалған. Балалар да көрінбейді. Бұл жайды көріп Раушан қатты ашуланады. Айқайлап, күйеуінің жанына жетіп келеді. Момын күйеуі шошып оянып, әйелінің айқайынан қорқып, бетін басып алыпты. Ұрып жібере ме десе керек.
— Ей, Расан, жетеді, ай, Расан, сандалма, ей, Расан! — деп шалбарының ышқырын бір қолымен ұстап алып, үй ішінде қашып жүр дейді, — деп әңгімесін қызықтыра айтып жатқанда бәріміз де жұмысты қойып, күлкіге бір кенелдік. Сөйтіп, күліп-ойнап жүріп екі жетіде мектептің іші-сыртын ақтап, жөндеп бітіргенімізді білмей де қалдық, Бір күні оқушы қыздарды шақырын, терезелерін жуғыздым. Келесі оқу жылында жұмыс істедік.
"Адам тек адамдар арасында ғана адам бола алады" деп бір данышпан адам айтқандай, Мұқағали қайын жұртына аса сыйлы болды. Оған ақкөңілділігі, жайдарлылығы, мінезінің ашықтығы да себеп болған шығар.
Ауылда екеуміз де қоғамдық жұмыстарға белсене араласамыз. Әйтеуір шаршау деген жоқ. Мұқағали көбінесе малшылар арасында. Екеуміз де үгітшіміз. Мен сабақ, беріп біткен соң дәптер тексеру, класс жетекшілікке қоса, педсоветтерде баяндама жасау, көркемөнерпаздар үйірмесін басқару, газет шығару сияқты бастан асып жатқан жұмыстарды да атқарамын. Бірақ бәріне де үлгерем. Екеу болған соң жүк те жеңіл.
Өзімнің ата-анам туралы бірер сөз. Әкем — Әзімжан, қарапайым колхозшы, етікші әрі ағаш шебері болатын. Ағаштан небір дүние жасай алатын. Арабша оқып, жаза білетін, қазақ газеттеріне де көз қырын салып жүретін табанды, сауатты адам еді. Күнделікті ел-елде болып жатқан саясаттарға да құлағы түрік. Бала кезіндегі өткен уақиғаларды ұмытпай айтып отырады. 1916-жылғы дүрбелеңде Қытайға аулымен өтіп кетіп, бөтен елді жерсінбей; келесі жазда қайта көшіп келгенін, алғашқы колхоздасу, одан кейінгі ашаршылық, асыра сілтеу, сталиндік репрессия жылдарын — бәр-бәрін де байыппен әңгімелеп отыратын. Әсіресе хат танымайтын сауатсыз, жазықсыз, момын азаматтарды топтап қамап: "Жапонияның, Қытайдың шпионы" — деп жалған айып таңып, көзін жоғалтқанын айтып, кейде ауыр ойға батып; ұзақ үнсіз отырып қалатын-ды. Сол бір ауыр жылдардағы қатыгездікті, имансыздықты әркез еске салатын.
Мұқағалидың өмірді түсіне білетініне риза болатын. Әкем де, шешем де күйеу баласын ұнатты. Мұқаң да оларды жанындай жақсы көрді. Әкем бүкіл ауылдың ақылшысы еді.
Шешем Мәшине (алғаш тігін машиналары ел ішінде пайда болғанда туса керек) баланы да, үлкенді де аяғын, кім не айтса соған сене беретін, барын ел аузына тосатын, әпенділеу адам еді. Өзі коп жылдар құрсақ көтермей жүріп, кейін егіз-егізден туыпты да, он үш перзентті дүниеге әкеліпті. Соның төртеуі тірі болды, үш қыз, бір ұл. Ұлы 1981-жылы қайтты. Апам кейде менің жаныма келіп:
— Ләсима, (ата-анам қойған есімім, кейін еркелетіп Лашын деп атап кеткен, бірақ әке-шешем өле-өлгенше Ләсима деп атап өтті), еркек шора ерке мінезіңді таста, Мұқағалиды сыйла. Еркек деген табынушы тәңірің болады, қалқам. Ажырайып алдына шықпа, бедірейіп бетіне қарама. Сен төмен етекті адамсың. "Ағаш айғайға құламайды" соны ұғын, — деп, жиі-жиі сыбырлап ақылын айтып қоятын-ды, бейне біреу естіп қоятындай. Адам баласы бір қалыпта тұра ма, кейінгі кездерде ашынғанда айтысып та, тартысып та кететін кездер болды ғой, алайда апамның айтқаны әр сәт есімде туратын. Мұқағали ақын емес пе, ондайға өте кешірімді болды, себебі айқайдың неден шыққанын өзі де сезінетін.
Туған апамыз да: "суыңды төккенім жоқ, желіңді сөккенім жоқ, Алла, балаларымды аман қыла гөр!" — деп құдайына табынын, мінәжат қып отырған заманның момын адамдары ғой. Сол апам айтады: "Ашаршылық жылдары Әбжаным он бес жасында ауданда қызмет істеді (1930 — 32 жылдары). Қалпақтай-қалпақтай құйма шай әкеп береді. Өкімет бар малымызды ортаға тартып алып қойған. Жейтін түгіміз қалмады. Балаларымды өлтіріп аламын ба деп қорыққандықтан, түн жарымда тұрып ортаның қойына барам да жан адамға көрінбей желіні толғанын сауып аламын. Сауылған сүтті біреудің көзіне түспестей етіп пісіріп, балаларға беремін. Құйма шайдан кесек-кесек қып салып, қойдың сүтін қатып, қою шай жасап, оны да балаларыма берем. Құр сүттен гөрі шай әрі тамақ, әрі жеңілдеу болады екен. Ертең ерте күн көтеріле қой саууға менен басқа әйелдер аттанады. Ол кезде малшысы да, белсенділері де қаптап жүретін, әйелдерді қойдың маңына да жуытпайтын. Сөйтіп, балаларымның жүрегін жалғаған күндер де өтті ғой", — дейді. Апамның айтқаны дәл келетін. Оған бір дәлел: 1937-жылы ағайым Кегенде Ораз Жандосовтың хатшысы болып істеп жүргенде, "Халық жауы Жандосовтың сырласы, секретары болған", деп ұстап кетіпті. Біз Шибұттамыз ғой. Әкем барып, жалғызын отырғызып қойғанын біліп келді. Кешікпей сол қамағаннан Алматыға, одан Красноярск өлкесіне апарып, ақыры Канск деген қаладан бірақ, шығарыпты. Біз Нарынқол ауданының Киров колхозында турамыз. Ахметқали деген жақын туысқан ағамыз Кегенге қысты күні арбамен астық тасиды. Бір кезекте Кегенге астық алып бара жатқан сол ағамызды көріп апам: "Ей, Ахметқали, Кегенге барасың ғой, Әбжаным ар жағынан Кегенге келіп турады. Соны тастамай ала кел, шырағым", — депті. Шынында да Ахаң астығын өткізіп, жолға шығып, арбасының бұзылған жерін қарап жатса, иығынан біреу тартты. Ахаң ұшып тұрып қараса, ағайым екен. Азған, қу шөп сықылды қурап кеткен, үстінде алба-жұлба көнетоз шекпені бар. Екеуі жан даусы шыға жылап көріседі. Сөйтіп, Ахметқали ағамыз апамның аманатын айтқанындай орындаған екен. Қазірге дейін осы оқиғаны өзіміздің ауыл аңыз ғып айтады. Апамның емшілік қасиеті де бар. Таң атпастан ауыл адамдары келіп:
— Кіші апа (менің апамды айтады), қайның тұмауратып қапты, немесе кішкентайым ауырып қалды, соны үшкіріп бер, — деп жетелеп кетеді. Апам олардың сөзін екі етпей, үшкіріп беріп, үйге кеп шайын қойып, солардың тілеуін тілеп жүргенін көріп, кейде намыстанып та қалатынбыз, бірақ ешкімнен жақсылығын аяғысы келмейтінін ойласақ қуанатынбыз.
Мұқағали ауылда әркіммен тіл табыса білді. Соғыс біткеннен кейінгі жылдардағы жоқшылық, тапшылық та халықты жүдетті, бірақ, Мұқаң ондай иі түсіп жүрген, адамдарды бірдемде тірілтіп жіберетін. Бірде Мұқағалиды Шадияр деген туысқанымыз қонаққа шақырды. Ол кездерде қызметкерлер отбасы болмаса, қарапайым ауыл адамдары сол үйдің ер адамын ғана шақыратын. Ол да соғыстан қалған жұтаңдық шығар. Коп кешікпей Мұқағали қонақтан келді. Қолында ораулы түйіншегі бар, оны үстел үстіне қойды да, өзі өрге шығып отырды.
Мен:
— Мұқағали, атамыз сенен басқа кімдерді шақырыпты? — деп сұрадым. Мұқаң өзіне-өзі дән риза. Былай деп жауап берді:
— Еһе, қонақта болған төрт еркекпіз. Екеуі — соқыр Ғали, екеуі — жынды Ғали, сонда төрт Ғалимыз, — деп күлді. Аяқ астынан мынандай жауапқа таңырқап қалып едік, өзі әрі қарай түсіндіре жөнелді:
— Екі соқыр Ғали дегенім: біреуі Мысығали (Шодияр атамның үлкен баласы, бір кезі шешек ауруынан майып болған), екіншісі — Әлімғали (Мысығалидың баласы, бір көзі қылилау болғандықтан, құрбылары мұқатып, өзінше "ат" береді ғой). Енді екі жынды Ғали дегенімнің біреуі Асқарғали (Асқарғали деген ағамыз соғыстан контузия алып келген, тоқтамай долырып сөйлей беретін, аңғалдау адам еді). Ал ең соңғы жынды Ғали міне, алдыңда отыр, перизадам, — деп газеттегі ораулы етті біздің алдымызға қойды. Осындай ойламаған жерден соз тапқыштығы сүйсінтетін. Әрі мұндай көңілді кездері аз емес еді. Тіпті, кейін қалаға келгенде де күндіз көшеде кіммен кездескенін, олардың қалай қарсы алғанын, қалай сөйлегендерін өздерінен бір айнытпай артистік қабілетпен ойнақылана, құбыла отырып, жыр ғып айтып берер еді.
Мектепте қабырға газетін шығару менің мойнымда. Әдебиеттен берген соң ба, жылда бір өзгермейді-ақ, Ол кезде сайлау деген үлкен науқан. Екеуміз де үгітшіміз. Сайлау біткенше жаның да қалмайды. Осындай бір кезекті сайлау науқанында газет шығаруға дайындалдым. Сайлаушыларды бір пионердің кұттықтауы керек болды. Сол пионердің атынан Мұқағалиға айтып, өлең жаздырып алдым. Өлеңнің аты — "Пионерлік сәлем".
Шын болаттай шыныққан жас шағынан,
Ләззат алып, білімнің асқарынан.
Сәлем сізге, ата-ана — сайлаушылар,
Бақытты өскен Отанның жастарынан!
Қарсы алайық сайлауды шын қызыға,
Әйгілі етіп, әлемнің шың-құзына.
Бір кісідей берейік даусымызды
Халық сүйген Отанның ұл-қызына!
Мұндай өлеңмен шыққан газеттер оқушылар арасында беделді-ақ, шұрқырасып оқып, өлендерін жаттап алады.
Бұл уақытқа дейін менің төркінімде жұмыс істеген едік, енді келесі оқу жылында Мұқағалидың ауылы — Қарасазға көшіп бардық. Біздің ауылда тұңғышымыз Ләззат деген қыз бала дүниеге келген. Ләззатқа суық тиіп ауырып, алты айлығында қайтыс болды. Мұқаң қатты қайғырды. Түнде оқып отырып, кейде өлең жазып тастайды. Оны менен басқа ешкімге көрсетпейді.
Мұқағали Қарасазға келген соң, жиналып, дайындалын Алматыға оқуға кетті Алғаш шет тілдер институтына (неміс тілі факультет!) түскен екен, соны ары жалғастырды. Жиі-жиі хат жазып тұрады. Ауылда пошта бар. Хат келмей қалса, телеграфпен сөйлесіп турамыз. Мен енді отбасына иемін. Бар, жоқтың бәрі менің мойнымда. Егер Мұқағалидан хат кешіксе болды, жұмысымда береке болмай кетеді. Бір орында отыра алмаймын. Сары жаздан келе жатқан машиналарға қарап қоямын. Машина Елшенбүйректі айналғанда дереу жарқырап жарығы көріне кетеді. Сол машиналар Мұқаңды әкеле жатқандай елестейді. Оны ойлай-ойлай, кейде өлең шығарғым келеді, кейде ән шығарғым келеді. Амал не, ондай талантты құдайым бермеген соң, ойыңмен жұбанып отырасың да қаласың. Ештеңе эсер етпейді. Мұқағалидан хат келген күн мен үшін үлкен қуаныш. Менің қабағыма қарап, Нағиман апам да жайланын қалады. Жүрегі өте жұмсақ адам ғой, дұшпанын да ренжіткісі келмейтін. Өлшеусіз ақ, еділ адам. Тиын әжем бүл кезде қайтыс болған. Ең бастысы Нағиман апам балаларға ие болады. Ол кісі болса, балалар мені іздемейді де. Апамыз екеуміз отандасып, Мұқағалидың түтінін түзу шығарып жатырмыз. Мұқағалидың Алматыдан жазған бір хатындағы:
Кім келіп, кім кетпеген көне өмірге;
Түсінгің ой-шұңқырын көре біл де.
Тағдырыңа қайтесің қарғыс айтпа,
Мойында, шыдап баққын көн өмірге!
деген жерлері мені талай толқытты. Кейде бұл өлеңді "ақылын айтып, шыдай тур дегені ғой" — деп ойлаймын да, кейде осыған қарсы жорып, оны сөге бастаймын. Олай ойласам да, бұлай ойласам да шыдам керек; шыдау керек, басқа не істей алам?!
"Шыдаудың өзі ащы болса да, жемісі тәтті" — депті ғой француз жазушысы Ж.Ж.Руссо.
Шыдадым да, жемісін де күттім.
Осылай жалғызілікті жүргеніңде жұмыста қандай қиындықтар кездессе, үйде де сондай қиындықтар деп келіп, есіңнен тандырады. Мен қазір ойласам, соның бәріне қалай төзгенмін. Мұқағалиды қалай күттім!!!
"Жалғанда күту деген қандай жаман" деп ақын өз өлеңінде айтып өткендей күту — барлық өміріме жазылған екен. Тіпті, бірге жүргенде де, бірге өмір сүргенде де — күттім, сарыла күттім. Сол үміт, сол күту 1976-жылы 27- наурызда шорт үзілді. Енді жаңаша күту басталды Әрбір газеттен, әрбір журналдан, әрбір ақынның өлеңінен, радио даусынан, теледидар көрінісінен, ақын-жазушылардың әңгімесінен Мұқағалиды іздейтін болдым. Есімінің айтылуын күттім.
Тірі кезінде көбінесе кешірімді болуды ойлайсың. "Әкім бір ұлттыкі, ақын бар жұрттыкі" деп, оған кір жуытқың келмейді, пенделік жасағың да келмейді, бірақ адам баласының өмірі тым қысқа екен, екі үзеңгіні теңестіре алмай-ақ кеттік.
Біз ауылда тұрғанда Мұқағали ақын Тоқаш Бердияровты жиі-жиі ертіп келетін. Екеуі дос болды. Поэзия туралы кең пікірлер айтысатын. Жасыратыны жоқ, мен Тоқанды сыйласам, тек Мұқағалидың көңілі үшін ғана сыйладым. Жалынды ақын, адал азамат, Мұқаңның досы деп қаншама өзімді-өзім үгіттегенмен оны шын жүрегіммен қабылдай алмадым. Оның себептері өзіме аян, оқырман қауымға да түсінікті болу керек деп ойлаймын. Кейде:— Тоқа, "алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді" деп Мұқағалиды өзіңе тіркеп алдың-ау. Оның жайын да ойласаң енді, ағасың ғой. "Алатауға шықтың ба, қарағайын жықтың ба" дегендей, сөзіңді екі етпейтін шын дос таптың, іс жүзінде де сондай адал дос болсаң етті, — деп тура айтып ренжісіп те қалдық, Ондайда Мұқағали жетіп келіп ортамызға түседі. Дереу бірдеңені айтып тастап, көңілін қалдырады-ау деп ойлайды ғой. Дегенмен Тоқаш ауыр мінезді, желікпесі жоқ ақын емес пе:
— Әй, Лашын, әй, Лашын, мінезің-ай! — деп даусын көтермей ақырын абайлап айтып отырып қалады. Мұқағали оқуын жалғастырумен бірге Алматыда радиода да қызмет істеп жүрді. Ертең ерте: Алматыдан сөйлеп тұрмыз! — деген даусын естігенде бір жадырап қаламыз.
Мұқағалидың дауыс ырғағына, ашықта айқын мәнеріне, өлең оқығандағы күмбірлеген қоңыраудай даусына таңданып, сүйсініп, тыңдап отырамын. Мұқағали оқып біткенше мен де радио қабылдағыштың жанынан кете алмаймын. Мәнеріне келтіре, әр сөздің бояуын жеткізе оқуды қайдан үйренді екен деп бір жағынан таңданғандай болам, бір жағынан даусына тәнті болам. Даусы керемет!
Мұқағалидың Алматыда жүріп қалуы қаншама өсектер әкелді. Оған да төзесің. Әсіресе, өсектер жалғыз жүргенде жаныңды қалай қариды! "Күйіп, жанын сүйген ғашығыңның саған селқос қарауынан ащы азап жоқ" деп ұлы жазушымыз А.М.Горький айтқандай, өсек сөздер өзегімді өртеді-ақ.
Өсектер... Өсектер... Өсек кімнің жүрегіне қанжар салмаған, өсектер кімді ажыратпаған. Осындай "қолмен қойған" өсектерге Мұқағали ермейтін, елемейтін. Мен әйел адам емеспін бе, тез ашуланып, күйіп-пісіп қалатынмын. "Мұқағали мұны баласымен жеңгедей алыпты" дегенді естігенде, тіпті жұмысқа бармай, жатып а^дым. Бүкіл ауыл мені қолдан өсірген, бүкіл аудан біледі ғой, солар куә.
Шәкірттерім де қаншама! Өсек дегеніңіз микробтар секілді өте тез өрбігіш. Ақиқатын көре тұра кей адамдар осыған маманданып та кететін сияқты. Бұл өсектер Мұқағали бұрқыратып өлеңдерін жазып жатқанда да, ауырып емханада бір тамшы су жұта алмай жатқанда да, тіпті өлгеннен кейін де, сумаңдап жатты. Өсек айтушылар көки берсін! "Жақсының артынан сөз ереді" деген. Өлеңдері өрттей, дарыны дауылды ақын Мұқағалидың кейбір тентек мінездеріне кешіріммен қарап, сарғая күткен, қазақтың қарапайым қызы, оның сүйікті балаларының анасы, адал жарына сол өсекшілердің бас июлеріне болады. Өсегін айта отырып, содан ләззат алатын, әңгімесіне ондай өтірікті қоспаса ас батпайтын адамдардың аузына қалай қақпақ болайын.
Менің өмірден бір тоқығаным: құдай, ең бірінші өтіріктен, өсек-аяңнан сақтасын деп тілеңіз! Мен ауылда жүргенде, Мұқағали Алматыдан қызыл жейдесімен алаулап келе жатқанда, "мен жеңушімін" дегендей ауылдағы барлық өсек-аяңды ысырып, маңдайы жарқырап, күлімсіреп бірден балаларын құшағына алатын. Өзі қызыл түсті ұнататын. Ол туралы Тоқаштың өлеңі де бар ғой.
Мұқағалидың қабілеті, таланты өте күшті еді. Алматыға келіп университеттің филология, философия факультеттеріне қиналмай түсіп, оқып кетіп жүрді. Ал мінезі өте күрделі. Бір оқытушысымен қарсы келіп қалса, оған кішіреймейді де, сол оқуды дереу тастап кетеді.
Мұқағали Алматыда болғанда, мен күнделік жазып жүрдім. Күнделікке кездескен қиындықты да, қызықты да жазып қоясың. Сол күнделікті Мұқаң оқып (1954 ж.), аяғына мынандай өлең жазып қойыпты:
Сен де өмірден көп жағдайды өткіздің.
Бізге бақыт әкелер-ау тек бір күн.
Жүрегімді жылытар да, жұбатар,
Үміт етер тентегім бар деп білгін.
Мейлі ғасыр, айлар өтсін, жыл өтсін,
Тек өмірім сеніменен бір өтсін.
Сен — байлығым, сен — бақытым, сен — досым,
Сен — тірегім, сен кеудемде жүрексің!
Міне, осы шумақтарды оқып отырын, қалай тебіренбессің, қалай сүймессің Мұқағалидай шын арысты! Оның анау-мынау артық мінездерін қалай кешпессің! Кейде жастар өлеңмен хат жазысып жатады. Мұндай өлеңді хаттар екеуміз үйленгенше жазылып тұрды. Оларды сақтай алмадым. Ал кейін бірімізден-біріміз шалғай жүргенде, кейде сөз арасында жүретін бірер шумақ болмаса, тұтастай өлеңмен жазылған хаттар болған емес. Сол бірер жүрек жарды сөздерін радиода дикторлық қызметте жүргенде бір хатыңда былай деп жазыпты:
"Прошу, не обвиняй меня?!
Умоляю, забудь все, что я творил?!
Прости, моя любимая!
Мой самый близкий жизненный друг! Может быть, я запачкал твою любовь, но уважение к тебе сохраняется до конца моей жизни! Верь, дорогая! Это истина.
"Так мало пройдено пути,
Так много сделано ошибок"
(С. Есенин)
Сол кезде болар-болмас бір жағдай болған, бірақ, оның қалай болғаны кеңінен шешілген. Одан Мұқаң ақталған. Осы жайды да кейбіреулер тіліне тиек етпекші. Осы хаттарды кезінде мән бермей, сырғыта оқып жүре беріппін. Ал қазір қарасам әрбір сөзі біздің өткен өмірімізді айтып сайрап тұрғандай. Кей кездегі ащылау өмір соқпақтары бізді алшақтатқандай болғанмен, негізгі кейіпкеріміз ақылды адам той.
Кей адамдар шала түсінігін өрбітіп айта жатар. Мен Мұқағалиды дүниені терең түсінген, кездескен қиындықтарды өз басымен, өз білігімен қорытқан, қиыншылықты жеңе білген данышпан адам деп білемін. Ол қандай ауыр халде жүрсе де, балаларын, алтын ұя отбасын ұмытып көрген жоқ, Қайда жүрсе де Қарасазына, отбасына жиі-жиі келіп жүрді.
Мүмкін, бұл да шын махаббаттың белгісі болар.
Кейін мұндай тасымал өмір өзін әбден қажытқандықтан, балаларын аса жақын көргендіктен, ұзап кетсе олар жоқтайтын болғандықтан ауылға келіп сегіз жылдық мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты.
Мұғалім болғанда жай мұғалім емес, оқушының психологиясын, көңіл-күйін жақсы білетін, оларды өзіне магниттей тарта білетін, әртүрлі әдістерді жетік.пайдаланатын білікті, жалынды мұғалім болды. Жалпы Мұқаң қай жерде жұмыс істесе де, өзіне сөз келтірмей беріле істейтін, сенімді ақтай білетін адам еді. Оның бір ғана осал жері бар-ды. Ол алыс командировкаға бір ай, жарым айта жібергенде, екі күн, үш күннен артыққа шыдай алмайтын-ды.
Оның Алматыда көп жүріп алу себебі: өзі ақын екенін біледі, бірақ ешкімге ашып ештеңе де айтпайтын. Ақындықтың кілті де, түйіні де, өрістеуі де астанамыз Алматыда өтіп жатты. Сондықтан қайда барса да осы алтын ордамызға жетуге асығып туратын еді.
Қарасазда қатардағы мұғалім болып істеумен шектелген жоқ. Өте көп оқыды. Атақты ақын, жазушылардың шығармаларын шұқшия оқыды, өмірін зерттеді. Оқып отырып, арасында өлеңдер жазып қоятын. Балаларына, жер-суға, ел ішіндегі кейбір келеңсіз көріністерге арналған өлеңдері көп-ақ, Мен кейде шыдамсызданын: "Өлеңдеріңді газет-журналдарға беріп, олардың пікірін түйіп, ел-жұртқа таныла бермейсің бе?" — деп қоямын.
— Жақсы жазу үшін жақсы білім керек, мен көп оқып, жан-жақты жетілгенім жон. Жақсы көретін жазушым Чехов: "Бармағыңнан бал тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан машықтан" — деген екен. Менің тіл құдіретіне түйсінуім, сөз құдіретіне сүйсінуім әжемнің әлдиінен, анамның ақ сүтінен, халқымның ертегі-дастандарынан дарыған. Енді құдай берген тырнақтай талантымды байытуым керек, ол үшін жатпай-тұрмай оқу керек, оқу керек! — дейтін.
Өзі жазудан, оқудан қолы босай қалған кездері қара суға барып, балық аулап келуді, бір уақ аңға шығып, тау-тасты кезіп қайтуды, шахмат ойнауды қатты ұнататын. Кейін балалар есейген кезде ойнауға ешкім табылмағанда ұлдары Айбармен, Жұлдызбен ойнайтын-ды.
Мұқағали қол жазбаларына өте ұқыпты болды. Жеті сайын жазғандарын қарап, тексеріп, жарыққа шыққанын бір бөлек, шықпағанын бір бөлек, айы, күніне қарай реттеп отыратын. Аса бір қиын кездерде жазғандарын жыртып, қақ айырып тастаған сәттері де болғаны маған мәлім.
Көңілді отырған кездерінде дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. "Аш еркек арыстаннан да айбарлы, сенің алдымен тамағың әзір болсын!" — дейді. Ал үлкен шығармалар жазуға отырғанда, тамақты да, басқаны да ұмытып кететін. Есіне салып, әлсін-әлсін шақырып, дастарқан басына әрең келтіретінмін.
Мұқағалидың болашағы — ақындық арманына қол жеткізу үшін 1962-жылы жазда, түк дайындығымыз болмаса да Алматыға көшіп келдік. Әбдібек деген бауырым колхозда механик болып істеуші еді. Сол екі машинамен көшіріп келді. Кейін де жиі келіп халімізді біліп тұрды. Әрине, қала ауыл емес, қайнап жатқан, шешуі жоқ, жұмбағы көп үлкен өмір екен. Өміріміз енді ғана басталған сияқтанды. Қалаға келген соң, ауылда басшы қызметтерде істеп жүрген, Москваның технологиялық институтын бітірген бауырым Әзімжанов Әбдімүтәліп бізге үнемі көмектесіп тұрды. Мұқағали қайтыс болғанда да, есеңгіреп, не істерін білмей есі шығып кеткен біздерді жинап басу айтып, бас болып өлімді жөнелтіскен кісі сол ағайым еді.
Қайран, жан ашыр, жалғыз бауырым! Мұқағали өмірден кеткеннен кейін де Кегеннен осында күнде телефон шалып, балалардың амандығын біліп турды. Сәл қиналсақ, жердің алыстығына қарамай, жетіп келетін еді.
Өзің үшін өзегі өртеніп, жаны ауыратын бірге туған бауыр деген осылай болады екен ғой. Сол ағайым 1981- жылы сәуір айында қайтыс болды. Енді хал сұрайтын адам шамалы. Мұқағалидың ең жақын туысынан ауылда жалғыз Асанов Әбдіке ғана бар. (Ол Нарынқол ауданындағы Ленин атындағы колхозда мектеп директоры).
Бүкіл ауылымыз, аға-жеңгелерім Мұқағалиды көргенше сағынып тұратын. Ол бара қалса қуаныш. Күйеу бала деп, жездесінің қалжыңдасын жатады. Өлеңдерінің тілі түсінікті, анық болғандықтан жеңгелерім Шәкен де, Сара да тез жаттап алады. Газет, журналға шыққан дүниелерін қиып алып, сақтап қояды. Мұқағали ауылға барғанда: "ана өлеңдегі ана бір сөзді, мына өлеңдегі мына бір сөзді қайдан таптың, қарағым-ау, қалаға барған сонда сол сөздер ұмыт болмайды екен-ау!" — деп дуылдасып жататын дәйім.
Алматыға келген соң 7-линияда пәтер жалдап тұрдық, Үй деген аты ғана. Апамыз, торт баламыз, екеуміз барлығы — жеті адамбыз. Қысылып-қымтырылып азаптанып екі жылдан аса сонда тұрдық. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің" — демекші, құдайдың біздің шаңыраққа әзірлеген қасіреті де бар екен. 1962-жылы қазанның аяғында он бір жарым жаста, алтыншы класс оқып жүрген қызым Майгүл жол апатынан қайтыс болды.
Бұл қайғы көпе-көрнеу мектептің алыстығынан, әрі ауылдан келген балара қалалары көшеде жүру тәртібін сол кезде мектептің жете түсіндіріп, қадағалап отырмағандығынан болса керек. Мектеп Киров көшесінде еді. Қазіргі N4 мектеп-интернат. Көп кешікпей "Социалистік Қазақстан" газетінде істеп жүрген Мұқағалиды жұмыстан босатты. Партиялық жарнаны уақытында төлемедің деп партиядан шығарды. "Бас ауырса, барша дене сыздайды" дегендей Мұқағалиға тиген сонау тоқыраудың тоқпақтары, қызымыздың өлімі бізді қатты есеңгіретті. Ес жия алмай қалдық, Ақын жаны айрықша нәзік, өте сезімтал ғой. Мұқанды уайымға жібермей, қаумалап, қайрат беруге тырыстық, Мен мұғалімдік орын жоқ болғандықтан, бір жыл бос отырдың да келесі жылы орыс мектебіне қазақ тілінен сабақ беретін болып, Октябрь ауданының N20 мектебіне орналастым. 1964-жылы Мұқағалидың "Ильич" поэмасы жұп-жұқа кітап болып шықты. Жазушылар Одағы ас үйі екі отбасына ортақ үш бөлмелі үй берді. Содан бастап екі жыл, үш жылда жұқа-жұқа кітаптары шығып тұрды. Ептеп қыбырлай бастадық. Санатқа енбесе де Мұқаң санның ішінде бар сықылды.
"Төс болғанында төзіп бақ, балға болғаныңда соғып бақ" деп француз жазушысы Р.Роллан айтқандай, Мұқағали қырық бес жастың ішінде, еңбегіне тиісті бағасын ала алмай, балға болып соға алмай, төс болумен дүниеден өтті. Мұқаңның тамаша еңбегін көре тура, түсіне тура көре алмаушылық, менсінбеушілік, жерлестік, рушылдық, ақынды ішуге итермеледі. Тіпті ең қорлығы — Мұқағали өлгеннен кейін дабырайтып мақтап-мақтап республикалық мемлекеттік сыйлыққа ұсынып, бірақ жеме-жемге келгенде сол сыйлықты да қимады ғой.
Мұқағали көзі тірісінде өлендерін "қатал" тексеруден өткізіп, көбін редакцияларға бермей жүрді. Себебі редакторлар жалбыр-жалбыр ғып "түзеп" қор қылатын.
Мұқағали тірі кезіндегіні былай қойғанда, 1979-жылы шыққан "Өмір-өзен" кітабындағы "Жан азасы" жырындағы "Жетімдер үні" бөлімін қандай мақсатпен редакторлар жұлын тастады.
"Райымбек, Райымбек" деген поэма 1970-жылы күзде жазылған. Сондай "тексерулерден" қорқып, оны өзі тірі кезінде кітаптарға ұсынбады. Тек 1981-жылы "Лениншіл жас" газеті жарыққа шығарды. Кей ақындар жазған өлеңінің сиясы кеппей, газет-журналдарға ала жөнеледі. Ал Мұқағали тез бастыруға асықпайтын. Өзі оқып, жолдастары алдында оқып, әбден өлеңінің ширақ, екеніне көзі жеткен соң ғана баспаларға ұсынып жүрді. Қайтыс болған соң жарық көрмеген, басылмаған өлеңдері бірнеше жинақ, болып, баспадан шықты. Олар газет-журналдардан да орын алды. Өмір сүрген аз ғана ғұмырының ішінде артына ұлан-ғайыр жыр жазып қалдырып кетті. Халқына қисапсыз рухани байлық, мол мұра қалдырды. Қазір кейбір жырларын оқысаң, алдағы өмірді болжағандай дәл келтіргеніне таңданасың. Әлі де жарық көрмеген өлеңдері бар.
1969-жылы, 14-маусымда Мұқағалидың бір топ өлеңдері "Қазақ, әдебиетінде" жарияланды. Жазылған өлеңнің бәрі де біздің басымыздағы ащы шындық еді. Сол жырлар жарияланысымен Жазушылар Одағы өзінің секретариатын шақырып (Бірінші секретары Ә.Шәріпов), өлеңдерді дереу талқыға салды. М.Мақатаев өлеңдері күңгірт, көмескі, жұмбақ пессимизмнен турады, күйректілік сарында жазылған деп бірінен соң бірі іліп әкетіп, Мұқағалидың басын көтертпей тастады да, газеттің басшылары Н.Ғабдуллинге, жауапты хатшы Ж.Тәшеновке материалға жауапсыз қараған деп тиісті шаралар қолданды. Осындай жаншу, жан-жақтан ши жүгірту, түрткілеу Мұқағалиды қатты жүдетіп жіберді. Бұл осындай жағдайдың біреуі ғана. Үйде отырып біздер қоса күйзелеміз, бірақ қолдан келер дәрменіміз жоқ, іштен тынамыз. Амал жоқ... Сондай мазасыз тартыстардың арасында жүріп денсаулығы да бұзылды. Жиі-жиі ауруханаға түсетін болды.
Жаратылысынан тік мінезді адам ғой, талайларға жақпады. Пенде болған соң оның да осал тұстары болады ғой. Қайта сол осал тұстарынан шырмап, нашар жақтарын термелеп, үстемелеп, қалыңдата түсіп, құздан құлатуға тырысқан адамдар да болды. "Ғалым болудан адам болу қиынырақ," депті ғой бір данышпан. Адам болып қалыптасуда біреу қисайғанда қол ұшын беру екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, өте күрделі дүние екенін мен Мұқағали өмірінен көріп, содан оқығандай болдым. Осы кездегі жоғарғы басшыларымыздың рухани мешелдігі, кертартпалығы, отбасының ауыр жағдайлары, тепсе темір үзетін тау тұлғалы жігіттің денсаулығын төмендете берді. Оның үстіне "жығылған үстіне жұдырық," дегендей 1969-жылы қараша айының 5-жұлдызында бір кітап болатыңдай, дайындап қойған жыр дәптерлері, аздаған прозалық шығармалары, әдеби сындары, газет қиындылары портфелімен жоғалын кетті. Бұл өлеңдер қайтып табылмады, қайта жазылмады. Күні бүгінге дейін одан еш дерек жоқ,
Қолымда билік болса, ең алдымен өнер адамдарына кешірімді болар едім. Оларға жылы жүзбен қарап, демеп отыру азаматтық парыз дер едім, халықтан шыққан талант сол халықтың әлемге атын шығаратыны әу бастан белгілі.
Мұқағали туралы ойлағанда көз алдыма екі түрлі Мұқағали тура қалады. Біреуі — күн шуақты, жайдары мінез, күлімдеп, жүзінен нұр шашын тұрған, үстіне тау құлатсаң да көтере беретін қайсар тұлға. Екіншісі — азуын қайрап атылуға әзір тұрған айбарлы арыстандай қаһарлы кескін. Ол кезде жүзіне тура қарай алмайсың. Ақырын жүріп, андап сөйлеп, жымиын жылы сөйлеуге әрекеттенесің.
Мұқағалидың әрқалай мінезі бар еді, соның ішінде әпенділік қылықтары да кездесіп қалатын.
Бір күні, жаз айының бір кешінде Мұқағали үйге келді де (Панфилов көшесіндеміз) шешініп, жуынып жатып қалды. Біраз уақыт өткен соң тамақ жасап, ол да балаларымен асын ішсін деп, жатын бөлмеге кірсем, ол ояу жатыр екен.
— Ей, Лашын, бері кел, кел бері! — деді шыдамай.
— Иә, мен өзім де келіп турмын, не айтпақшы едің?
— Қолыңа қағаз, қалам ал! Сүйт те жаз! Жаз! Ертең кеш болады! Бол! Бол! Бұл қағаз өз атыңнан түйгенің, менікі емес, — деді.
Қағаз алуға да мүмкіндік бермей, асықтырды. Үстелдің үстінде қалам және кішкентай балдырғандарға арналған үлкен сурет кітапша жатыр екен. Соның таза бетін ыңғайладым да:
— Ал, не жаз дейсің, мен дайынмын, — дедім.
— Алдымен бүгінгі күнді, айды, жылды қағазға түсір. Жаз! Жаз! Мен "а" десем "а" деп жаз, "б" десем "б" деп жаз, — деп сөзін әрі қарай сабақтады.
— Мен — Лашын Әзімжанқызы. Мұқағали Мақатаевтың заңды әйелі, некеміз қиылған. 1949-жылдың 30-наурызында қосылғамыз. Бірімізді-біріміз сүйіп қосылдық. Ешкімнің жең ұшын, жылуын керек еткеміз жоқ. Менің ерім Мұқағали Мақатаев адамдығы да, ақымақтығы да мол кісі еді. Оның бәрін құдай алдында кешіремін. Ей, жаңадан қосылған жарықтарым! Біріңе-бірің тіл тигізу — бақытсыздықтың басы. Сол үшін біріңді бірің алдама. Алдасаң бәрібір көзіңе көрінеді. Өмірінде "анау сезбейді" деп бірдеңе істей көрме. Ол бәрібір ашылады.
Кешегі өткен ер Мұқағалидың ақымақтығын бір поезд тартын жүре алмайтын. Дархандығы сонша, қалтасына екі сом түссе, арақ, сатын алсам ба екен, ат сатын алсам ба екен деп бүкіл Алматыны сүзіп шығатын, қалтасындағы екі-ақ, сом екенінде жұмысы болмайтын, бейбақтың. Арамдығы жоқ, ақымақтығы сондай, өзі ішіп жүрген арақтың да бағасын білмей бұл дүниеден өтті. Әлгі біздің үйдегі балалардың әкесі. Заманында арманына жетпеген кісі еді. Әй, бір есек, хайуан еді. Хайуандығы сондай, өзін-өзі сыйламай өтті. Оның ауырмайтын жері жоқ, он түрлі ауруы болушы еді, байғұстың, — деп сөзін аяқтады да, — осыны бір жерге тығып қой", — деді. Мен бұл қағазды өзінің жазу үстелінің тартпасына салын қойын, төсекке қарасам, сол екі ортада ұйықтап кетіпті. Осы қағазды 1973-жылы 28-сәуірде жаздырған екен марқұм. Өстіп жүріп дүниеден кетеді деп кім ойлаған. Сол кезде ойында бір күдіктің болғаны анық.
Мұқағали өлең жазарда үстелінің таза болуын, қойған заттары орын-орнында тұруын, балалардың тыныштық сақтауын қалайтын. Ештеңеге алаң болмай емін-еркін жазуға кірісіп кетуді көңілі қалайтын. Арнасынан асып төгілген шабыттан өлең-жырдың қайсысын бастарын білмей қалың ойға көміліп отыратын-ды.
Ол үнемі үй жиһаздарын ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп жиһазымыз да жоқ, Мен мектепке жұмысқа кетсем, Мұқаң балаларға үстелдерді сүрткізіп, орындарын ауыстырып-ауыстырып қойыпты. Бірде осындай ауыстырудан кейін бір жолдастың әйелі келіп еді:
— Немене, жиһаз алғансыңдар ма? — деп жан-жағына қарап, тұрып қалды.
— Жоқ, ә, бері өтіңіз, бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір спорттық жаттығуы ғой, — деп шынын айтып едім, Ғайни қатты таңданып қалды. Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де өте шебер еді. Майгүл деген қызымды қырқынан шығарып, сырттай оқуға келдік. Мұқағали, Майгүл үшеуміз. Мен оқудан келгенше Мұқағали оның тамағын беріп, жөргектерін құрғатып, ұйықтатып тастайды. Шолпанымыз туған соң да мен бір жылдан кейін мектепке кеттім. Сонда өзі үйге бас болып, балаларға көмектесіп, менің жоқтығымды білдірмеді. Сол кезде қайнымның әйелі қатты ауру болып, енем ауылға кеткен-ді.
Көңілі келсе Мұқаң көл-дария болатын. Кейде палау басатын. Оларды "Бұхар палауы", "Наманган палауы" деп ат қойып алады. Палау көңілдегідей болып шықпаса, оның кемшіліктерін сөзінің дәмділігімен, мінезінің жайдарлығымен толтырып жіберетін. Қалай пісірілсе де жемеске әбдің жоқ. Мұқағали анда-санда балаларына да, басқаларға да көрсетпей насыбай ататын-ды. Оны өзі алмайды, базардан мен алып келемін.
Үй болған соң аяқ-табақ, сылдырламай тұрмайды. Кей жағдайда бәріне де тиісесің. Мұқағалиға да, құдайына да тілің тиіп кетеді, бәріне сыбаға дайын. Дегенмен әйел адамбыз ғой. Мұқағалидай ақынға жар болу деген қиынның қиыны.
Сондай бір ренжігенімде: "Ей, ей, құдайда нең бар, мені-ақірей бер, жаратушыға тілінді тигізбе!" — деп кесіп тастады.
Өзі "бір жаратушы бар" деп отыратын. Ауылға жолымыз түскенде бейіт басына да баратын, таныс туыстардың зиратына дереу отыра қалып, дұғасын оқып кететін.
Ол 1970-жылы жазда қатты ауырды. Ауырса да Жазушылар одағына жұмысқа барып жүрді. Жұмекен Нәжімеденов екеуі бірге істейді. Жұмекеннен бірде: Мұқағали қатты ауырып жүр, онда жұмыста қалай шыдап отырады?" — деп сұрадым. Жұмекен: "Кешке дейін отырады, ешкіммен сөйлеспейді, өзімен-өзі" — деді. Үйде де көп үндемейді. Апамыз ауылдан келген. Мұқағали жұмыстан келген соң тамаққа да қарамайды, ештеңе жазбайды, оқымайды да, сондай бір үндеместік шаққа көшкендей. Өзім үй-ішіне білдірмесем де, іштей қатты қорқып жүрдім.
Сол күні Мұқаң ерте жатып қалған еді. Балаларға тамақ, беріп, жатқызып, жатын бөлмеге кірсем, ол ұйқтап жатыр екен. Ананы-мынаны ойлап ұйқым келмеді. Түннің жарымы болды-ау деймін. Бір уақытта ол айқайлап шошып оянды. Мен де ұшып тұрып жарықты жағып жібердім. Өзі сұп-сұр, терлеп кеткен. Ояна салып шошығанын біліп, аят оқып кетті. Жарық жанған соң, балалармен бірге жатқан апам да келді.
— Не болды, не болды, неге шошып ояндың? — деп екеуміз екі жақтан сұрап жатырмыз. Шөлдеп қалды ма деп ашыған көже әкеп бердім. Соны ішті де біраз отырып:
— Қатты ұйқтап кетіппін. Жаныма аққа оранған біреу келді де: "Балаларыңның біреуін құрбандыққа бер, оларыңды қимасаң, өзің жүр!" — деп сілкілеп жатыр. Содан шошып ояндым, Нақа. Қорқып турмын! — деді өңі қашып. Ары қарай не істерін білмеген, дағдарған қалпымен мелшиіп отырын қалды. Бәріміз де осы түстен шошып, үрпиісіп, болдық та қалдық. Сөйлерге дәрмен жоқ.
Өмірде жоқшылықтың неше түрін көрген апам байғұс көңілі өте бос адам.
— Сабыр ет, Мұқағалиым, Мұқашым, балаларың жас қой, құрбандық десе мен-ақ барайын, жасым келді ғой, қарағым. Сенің де, балаларыңның да садағасы болсам арманым жоқ! — деп жылап жіберді. Мен де жыладым. Мұқаң да өзін-өзі тоқтата алмай босап кетті. Біраздан кейін есін жиып.
— Ниетіміз қабыл болғай, біз тәңірінің құлымыз ғой, Жаратқанның жақсылығы көп, төсегіңе бар, дем ал, Нақа, — деді де төсегіне жантайды. Аздан соң апамыз да балалардың қасына кетті. Өстіп ауырып жүрген кезінің бірінде маған:
— Қағаз ал да, айтқанымды жазып қой, менің қалам ұстауға халім жоқ, — деді. Мен дайындалып, жанына кеп отырдым.
Оңға қара, солға қара, бәрібір,
Бұл фәнидің, жын фәнидің бәрі кір!
Мүлде жаңа жан-жағың,
Жақсылығын таңдағын,
Жамандығын алмағын!!!
Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Адам-ата өлмесін,
Ақырзаман келмесін.
Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар! —
деп өлең шумақтарын төгіп-төгіп жіберді. Мен жазуға әрең үлгердім. Осы өлеңдерді менің дәптерлеріме араластырмай, басқа бір жерге мұқият тығып қой, — деді. Кейініректе оны өзі қайта жазды.
Мұқағали 1974-75-жылдары жиі-жиі ауырып, емханаға түсіп жүрді. Емдеу орнында жатса да, сәл айыға бастаса қолына қаламын алып өлең жазуға кірісіп кетеді. Сондай кездерде алты, жеті, кейде сегіз өлең жазып тастаған күндері де бар екен.
— Өлеңді аурулар тынышталып, ұйқыға кеткен соң, асханаға барып жазам. Менің кабинетім — аурулардың асханасы — дейді.
— Өзіңді-өзің күштей бермесеңші, дем ал, алдымен науқасыңнан айық, өлең қайда қашар дейсің, — деймін емханаға барған сайын.
— Мен өлең жазумен, өлең оқумен ауруымды емдеймін. Өлеңге кіріскенде барлық ауруды ұмытқандай болам. Құдайым қолыма қалам ұстауға шамамды келтірсе, өлең өз-өзінен нөсерлеп төгіліп жатады, — дейтін. Мүмкін, өмірінің қысқарып келе жатқанын, әр сағаты есепте екенін білген де болар.
Мұқағали тағы бірде емханаға 1975-жылдың аяғында, қыста түсті. Үлкен баламыз Жұлдыз екеуміз жұмыстан кейін (бұл кезде N9 мектеп-интернатта істедім) тамақ, алып емханаға бардық. (Космонавт, Амангелді, Комсомол көшелерінің қиылысында) Жұлдыз ҚазМУ-дің заң факультетін бітіріп, Гурьевке жіберілген. Әкесі ауру болған соң, ол жұмысынан сұранып келіпті. Мұқағали жүдеу, нардай жігіт арықтап, шүйкедей боп, азып бара жатқан сықылды. Көздерінің еті сарғыш тартып шүңірейе түскен. Сондай жүдеу жүзіне көзім түсіп, қалай күрсініп жібергенімді білмей қалдым. Халі ауыр адамның алдында бұл қылығымның оны қандай күйге түсірері де белгілі. Дереу сөзге айналдырған болдым. Мұқаң да сезіп қалса керек, дереу Жұлдызбен сөйлесіп кетті.
— Енді келіп қалыпсың, келгенің дұрыс болды. Гурьевке бармай-ақ, қой. Осыңнан да бір жұмыс табармыз. Өзің ештеме ойлама! — деп баласының басынан сипады. Сонан, қоштасып, түнде үйге қайттық. Ертесіне кешке таман Жұлдыз екеуміз Мұқаңа тағы келдік. Кешегіден сәл көңілділеу екен. Үстел үстінде өлең жазған дәптері ашық жатыр. Сол беттен "Күрсінбеші" деген өлеңнің шет жағасын көріп қалдым. Осы өлеңді оқып, мені қалай шебер суреттегеніне таңдандым. Өлеңін оқып отырғанда, төбем көкке жетеді. Таңдап қосылған жарым осындай өзіме арнап өлең жазғаны үшін, еңбегімді бағалағаны үшін, айтар сөзін дәл тапқаны үшін, бір ақын өзінің жары туралы жазса, осындай-ақ өлең жазар, сол үшін мен бақыттымын ғой деген мақтаныш сезімге марқайдым.
1973-жылы Мұқағали Горький атындағы әдебиет институтында оқыды. Оны бітірмей, балаларын, Алматысын сағынып қайтып оралды. Кім біледі, өмірінің соңы тақалып келе жатқанын біліп, бір күн де болса ата мекеннің отының басында болайын деді ме, қайдам. Мұқағали әрқашан мекенін оқудан жоғары қойды. "Россия менсіз-ақ күн көрер-ау, ал менің Россиясыз күнім қараң" — деп Тургенев айтқандай, Москвада ұзақ тұра алмады. Алматысына жетуге асықты. Ол бұл өмірден ерте кететінін білетін (оны кейбір өлеңдерінде жазған да ғой). Кейде: "Мен елу жылдық тойымды көре алмаймын. Балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. Соған ие бол! Қысылмассың! Өзіңе-өзің мықты бол", — деп отыратын. "Қойшы, ертең кететіндей, қайдағы сұмдық ойды қайдан суырып аласың. Кім ауырмайды. Жаман ойлама! Әлі-ақ, атыңа мінесің!" — деп қоям, бірақ, артынан сезіктеніп жүрем. Уақытысында айтқандарына мән бермеген екенмін. Бұл сөздер менің есімді тез жинатқызды. Мұқаңның айтқаны айдай келді. Міне, қазір жаққаным Мұқағалидың оты, намазым соның аты.
Бала дегенде оның жан-дүниесі бөлек еді. "Таңертең бала-бақшаға жылатып-еңіретіп әкеле жатқан кішкентайларды көргенде, не істерімді білмей, ілгері басқан аяғым кері кетіп жүргім келмей қалады. Соларды көрген сайын балдырғандар өмірінен алынған "Таңғы ұйқының тәттісі-ай!" деген дастан жазуға дайындалып жүрмін, сәті келсе", — деп отыратын. Кейде дастанының жоспарын да, қалай жазатындығын да айтып қоятын. Амал не, бұл ойын орындай алмай кетті.
Мен жасымнан әдебиетті сүйіп өстім. Оған себепкер болған өз ағайым болса, немере ағам Әбдүйсін Әкімжанов (мұғалім, пенсияда) та коп әсерін тигізді. Кітап оқуға құмарлығым осы кісінің әсерімен басталған. Қазір өлеңге деген құмарлық бұрынғыдан да арта түскен. Мұқағалидың қайсы өлеңін алсаң да қандай әдемі, тілі жатық, Бір сөзі, ұйқасы шашау шықпай орын-орнында тізіліп, нөсерлеп, төгіліп турады. Адам баласының шыңырауда жатқан ойын, тұлабойындағы небір әдемі сезімдерін қозғайды, дәл басады. Мұқағали поэзиясы ерекше. Қартқа да, жасқа да, шопанға да, ғалымға да түсінікті. Өлеңдері — тұнып тұрған музыка.
Мұқағали поэзиясына тек шебер аудармашы мен терең талдайтын әділ сыншылар керек-ақ.
Мұқағали — үлкен ойдың адамы. Ол күрделі жұмыс бастарда алдын-ала оған көп дайындық жүргізетін, жан-жақты зерттейтін. "Бақыт — әрдайым батыл адам жағында" демекші, дайындықтан соң ісіне батыл кірісіп кетеді. Айналадағының бәрін ұмытады. Жазып біткен соң ғана "Жоспар орындалды!" — деп бір бой жазып, масайрап, көңілденіп қалады. Сондай бір кезде мінезі жылдам Алмагүл деген үлкен қызым:
— Папа, қанша өлең жаздың, — демесі бар ма. Сондай орынсыз сұраққа ашуланып қалған Мұқағали:
— Алма, сен ешуақытта маған мұндай сұрақ, берме. Мен тоқыма станогі емеспін ғой, қызым, — дегенде, Алмамыз орынсыз, әрі аңғалдықпен қойған сұрағына өкініп қалды. Қайтын мұндай сауалдарға жуымайтын болды.
Мұқағали педагогикалық еңбектерді, әдебиеттерді коп оқитын. Мен ауылда жиырма жыл, қалада он жеті жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Мұқағали екеуміз қосылғаннан кейінгі өмірімде, ол менің жұмыстарыма көп көмегін тигізді, ақылымен де, білімімен де. Әсіресе, қалада істеген жылдарда. Ашық сабақ өткізерде, тәрбие сағатыңда, класты безендіргенде, жиналыстарда баяндама жасағанда, тіпті кейбір күрделі сабақтарға жоспар жасағанда да міндетті түрде Мұқаңмен ақылдасып отырдым.
Біздің Айбар деген баламыз басқа балалардан тентектеу болды. Ол 12-қазақ орта мектебінде оқыды. Сол кезде өзімен бір оқитын Миша деген жолдасы бар-ды. Ол үйге келіп жүреді. Бір күні жұмыстан келсем үйдегі балалар: "Бір орыс қызы келіп кетті. Айбар сағатымды жоғалтты, соны тауып беріңіздер дейді", — деді. Ертесінде, әлгі қыз бәріміз үйде отырғанда тағы келді. Әкесі алдын ала Айбардың сағатты қалай жоғалтқанын сұрап білген. Сағат иесіне Мұқағали: "Сағатың қалай жоғалды, айтып бер?" — деді. Қыз былай деп баяндады:
— Мен КазПИ-дің соңғы курсында оқимын. Қазір мектепте практикадамын. Практикада сағатсыз қиын болғандықтан мамам осы қол сағатты сатып әперді. Үйде сабаққа дайындалып отыр едім, інім келді де: "Маған сағат өте керек боп тұр, сырғанаққа баратын едік, Миша деген досымыз екеуміз. (Айбардың досы қыздың інісінің де досы екен, екеулері көрші екен)" — деді. Мен ініме "Жоғалтып алма" деп ескертіп сағатты бердім. Інім көп кешікпей қайтып келді. Сағатты досы Мишаға тастап кетіпті. Содан Миша маған сағатты әкелген жоқ, ертесіне сабаққа кетіп қалыпты. Мектепте ол сағатты Айбар сұрап алады, бірақ класта мұғалімдерден қорқып тақпай, үзілісте партаның астына тығып қояды. Қоңыраудан кейін келіп қараса, сағат жоқ, Миша екеуі де іздеп таппайды. Сөйтіп сағатымды Айбар жоғалтты, төлеңіздер, егер төлемесеңіздер директорға барамын, — деп сес көрсете аяқтады сөзін әлгі қыз.
Мұқағали;
— Қызым, сағатың қанша тұрады? — деп сұрап еді:
— Отыз сом, — деп жауап берді қыз.
Енді Мұқағали қызға былай деп жауап берді.
— Қызым, сен сағатыңды сеніп ініңе бердің, ініңнің көңілін қалдырғың келмеді. Інің досының көңілін қалдырмай Мишаға берді. Миша Айбар досының көңілін жықпай соған берді. Айбар сағатты жоғалтып алды. Қарағым, сағаттың жоғалуына басты себепкер өзіңсің. Ал үш бала саған көмекші айыпкерлер. Мен сағаттың құнын төртеуіңе бөлем, бірақ өзіңді бұл төлемнен шығарып тастаймын. Себебі: біріншіден, ініңе жаның ашыды, екіншіден ертең мектеп есігін ашып, ұстаздық жолын бастайын деп турсың. Мұндай игілікті істі төлемнен бастауға болмайды. Келешегіңе дақ болар. Сондықтан, отыз сомды үш жігітке тең бөлеміз! — деді де қызға он сом бергізіп, — ендігі жиырма сомды екі баладан өндіріп ал, осы шешімге риза бол, қызым, — деді де кабинетіне кіріп кетті.
Қыз ренжірін де, риза боларын де білмей дағдарып турды да, рақмет айтып шығып кетті. Міне, Мұқаңның ұстаздық тәлімінің, әділдігінің арқасында дау-дамайдан осылайша оңай құтылдық.
Мұқағалидың балаларын өте жақсы көргенін жоғарыда айтып өттім ғой. Қандай қиындық, болса да балапандарының көңілін қалдырмауға тырысушы еді. Әйткенмен орынды жерінде оларға талап қоя білді. "Ей, бәтшағар, қазақ тілін дұрыс сөйле, көпшіл бол, бәлеңді құлаттым деп бөспе! Неше өлең жаздың деме, қалай жұмыс істедіңіз, әке? — деп сұра. Өмірде не нәрсенің де өз заңы бар, соны бұзбауға тырыс", — деп өз басынан кешкен қателерін балалары қайталамаса екен деуші еді-ау, жарықтық.
Қазақ тілі демекші, екі бала қазақ, екі бала орыс мектебін бітірді, бәрі таза қазақша сөйлейді.
Осы жерде Мұқағалидың балалары турасында бірер сөз айта кеткеннің артығы болмас. Ақынның өмірінің жалғасы ғой, олар.
Мұқаңнан төрт бала бар, екеуі — ұл, екеуі — қыз. Ең үлкені Жұлдыз ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген, қазір әскери прокуратурада тергеуші болып істейді. Айбар — құрылысшы. Алмагүл — ауылда, кітапханада істейді. Шолпан — шет тілінің мұғалімі. Бәрі де, құдайға шүкір, өмірден өз орнын тапқан тәрізді. Айбардан басқасы үйлі-баранды.
Егер Мұқаң тірі болса, байлығыңа да, шайлығыңа да қарамай Айман, Айжан, Роза, Әсел, Болат сынды немерелерінің қызығын қызықтап, өлендерін жазын, біздің де, халқының да ортасын толтырын жүрер еді-ау! Қайтейін, тағдыр өйтуге жазбапты... Ендігі жаратқан иемнен тілерім: Мұқаңның артыңда қалған тұяқтары өмірден қағажу көрмей, дендері сау, көңілдері тетік жүрсе екен.
Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы ауырып, төсек тартып жатып қалған соң, дәрілерін бердім де, Алмаға тапсырып, жұмысқа кеттім. Үйде бір адам ауырса ештеңенің берекесі болмайды ғой. Кешке келсем Мұқағали ұйықтағандай кейіпте, көзін жұмып жатыр екен. Өңі боп-боз. Жүрегім алай-түлей болып, ас әзірлейтін бөлмеге кірсем, Алмагүлім боздап отыр.
— Папам тіпті нашарлап жатыр ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп, әлсіреп қалды. Аздап сусын бердім, көп іше алмайды. Күндіз бір дәрі бергенімде: "Алма, анау балконный, бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып, кешке дейін зарлатты. Көріп жатып одан әрі қиналдым. Сол торды құртшы!" деген соң торды сыпырып тастадым, — деді Алмагүл көз жасын сүртіп. "Ақынның жаны не деген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара" — деп ойлап отырмын. Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай соны ойлап едім денем дірілдеп кетті. Түнге қалса сырқаты одан ары ауырлайтынын білем. Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші "сәт сапар" тілеген Әбділда ағамыздан көмек сұрадым. Әбекең қалалық денсаулық бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бір демде бір топ дәрігер машинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады, қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, уколын салып, дәрісін берді. "Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады", — деген соң Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханасына апардым. Дәрігерлер бірінен-бірі естіп дереу жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, Мұқаңның беті бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп, тәуір болып, емханадан шықты.
Сол бір жылдары үлкен үмітпен, ең болмаса бір жұмысқа орналастырар деген мақсатпен Мұқағали Қазақстандағы "ең мықты" ағамыздың атына бар жайды айтын хат жазды. Сол хаттан көп үміт күтіп жүрдік. "Ай соңынан ілессе, жұлдыз қайда қашар дейсің" дегендей "мықты ағамыз" бір хабар берсе, бәрі қалпына келеді деген ойдамыз. Біраз уақыт өткен соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитет! шақырын жатыр деген хабар алдық, Екеуміз де қатты қуандық. Барлық жағдайымыз дереу жақсарып кететіндей болып отырмыз. Мұқағалиға мен де ілестім. Сондағы жайды ойласам, күні бүгінгідей жүрегім қан жылайды. Үлкен үйге жақындап барғанда, кең дәлізде екі адам тур. Екеуі де мұздай киінген. Соның біреуі "Жұлдыз" журналына коп жыл редактор болған Бекежан Тілегенов. Өздері бізге қыр көрсетіп: "Сен кім едің, Мақатаев?" — деп тұрғандай. Мұқағалиды сол дәлізге шақырып алды, мен сыртта күтіп қалдым.
— Сіз үлкен кісіге арызданған екенсіз. Енді жұмысыңыздың бәрін де Жазушылар одағы бітіреді, соған барыңыз! — депті. Отыр деп айту да жоқ, сәлемдесу де жоқ, сонымен қайырымға келмей екі бейне жоқ болды.
Тіпті, жай қарапайым адамгершілік деген қайда?! Ең болмаса кабинеттеріне шақырып әңгімелеспей, адам қатарына есептемей, креслода отырғанына кісімсінген бюрократтар жерге тірідей тығып жібергендей болды. Осындай қорлау адам түгілі, хайуанды да ашындырады ғой.
Осы бір топас мінездер, келеңсіздіктер ақынның қанша ғұмырын қысқартып жіберді. Кейін Жазушылар одағы да бір сөз айтпай, "Баяғы жартас, бір жартас" деп Абай атамыз айтқандай, жылы жүзін көрсетпеді. Бірде академиядан бір кісі келіп, Қазақ, Кеңес энциклопедиясы үшін Мұқаңның, суретін, өмірбаянын жаздырып алып кетті. Онда өзі бар. Қарап жүрдік. 1975-жылы 7-том шықты. Бұл кезде Мұқағалидың сүйекті шығармаларының бәрі басылып, жарыққа шығын, халыққа танылған дарынды ақын атанған кезі. Ал энциклопедия Мұқағалидың суретін бермеген. Кітаптарының тізімін ғана берген. Энциклопедиядағылардың басқалармен салыстарғанда Мұқағалиға тарлық жасағанына қарның ашады. Беймәлім біреулерге суретіне қоса, мақалаға да етектей-етектей орын берген.
Көп адамдар осындай жүдеп жүрген кезінде қол ұшын берудің орнына, әйтеуір бір ләжін тауып, құздан құлатуға тырысты, бірақ Мұқағалидың қазақ халқы аман болса, атаусыз қалмасы хақ. Мұқағали еңбегі, дарыны, таланты, ақындығы арқасында ешкімге кіріптар да болған жоқ, ешкім оны құлата да алған жоқ. Қайта жыл өткен сайын әр қырынан жарқырай танылуда.
Мен кейде таңданам. Мұқағали жыр төккен жылдар тоқырау заманы болды. Дәл қазір сол тоқырау дүниесінен артылын тұрған өзгерісті көре алмадым. Миымызда соның тұқымы кетпестей ұя салып алған сықылды. Қайсыбір жазушылар тілі де бай, ойы да кең, болашақ ұрпаққа рухани тәрбие бере алатын, қай жағынан алса да жотасы биік шығармаларымен бағаланбай қалғанда, қайдағы бір жазушысымақтар "қыз мінезімен", хал-турасымен мемлекеттік сыйлықтарға ие болып, елінің "елеулісі" халқының "қалаулысы" боп өмірде шалқып жүр. Бұрын кімдер мықты өмір сүрсе, қазір де өмір солардікі. Қашан әділеттілікке қолымыз жетеді? Мұқағалидың ұлан-ғайыр еңбегі әлі өз бағасын алған жоқ, Біреулер шығармаларында Мұқағалидай көнбіске тау-тау жүгін көтертіп қойын, сол жүктің қалқасында жүріп, өзі мақталғанына, көзге түскеніне, өз қулығына өзі дән риза. Әлгі иттің арбаның көлеңкесінде келе жатын, мына арбаны мен сүйреп келе жатырмын, деп мардымситын мысал өлеңнің кері.
Теледидар көргенде де, кино көргенде де Мұқағали соның кейіпкерлерімен бірге қуанып, қайғырып отыратын. Бірде
Чилиде болып жатқан қайғылы оқиғаны көріп отырдық, Халқының ұлы суреткері Пабло Неруданың өлімін естіп, Мұқағали қатты түңілді, қиналды, жанын қоярға жер таппады. Сол хабар біте салып, Мұқаң дереу жазу үстеліне отырып "Чили — шуағым менің" деген поэмасын түнімен жазын, ертесіне газетке барып тапсырып келді. Екі-үш күн өткен соң Москва ақындарының Пабло Неруда туралы азалы өлендерін газеттерден оқыдық. "Ұлы ақынға жан күйзелісімді бірінші рет жеткізген мен екенмін!" — деп мұңайып отырды.
Мұқағали өзі қатарлы адамдармен тез тіл табысып, достасып кетіп жүрді. Бірде Қалжан Нұрмақановты, бірде Қажығұмар Қуандықовты ертіп келіп таныстырды. Бірі әдеби сыншы, жазушы, бірі қазақтың тұңғыш театр зерттеушісі еді.
Әнуарбек Дүйсенбиевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді. Әнуарбектің "Қаһарман қорған" деген кітабы баспадан шыққанда екеуі бізге келіп кітаптың қуанышын атап өтті. Кетерде Әнуарбек қолтаңба жазған кітабын сыйлады. Онда: "Мұқашқа! Бір-бірімізді өзімдей түсінетін ұлы туысыма! Алтын құрдасыма! Іздейтін жалғыз бауырыма! Ә.Дүйсенбиев", — деп жазылған алтын қолдарының таңбасы тұр. Өр кеуделі ардақты ақын, ол да қайтты дүниеден. Шәміл құрдасын да ұнататын. Араға бір жыл, екі жыл салып, үшеуі де кетті о дүниеге!
Орыс жолдастары да болушы еді. Геннадий Кругляков, Сергей Кисилев деген әрі жас, әрі талантты ақындар үйге келіп жүрді.
Үйде қолтаңба жазылған кітаптар бір кебеже! Оқып отырсаң бірінен бірі өтеді. Ерекше бір сөз өнері көрмесіне кірген сияқты боласың. Оның ішінде Андрей Вознесенский, Украин ақыны Е.Летюк те, А.Елков, т. б. бар.
Осы ақындардың бәрі де ақын жүрегінің дарқандығына, өлеңінің үнді, құдіреттілігіне, кеңдігіне, талантының биіктігіне, өзінің жеке басының адалдығына, азаматтығына бас иеді.
Мұқағали, әсіресе, өзінен кейінгі сөз қадірін білетін, жаңа ғана қаламын ұштай бастаған жас ақындарды, студенттерді топ-тобымен үйге ертіп келетін. Мен басқа ештеңе болмай қалса да, арпадан, тарыдан, күріштен көже салып ашытып қоям. Балалар да, Мұқағали да соны ішуге үйреніп кеткен. Менің уақытым болмаса, көжені өзі салып қояды. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатар-қатар отырғызып қояды да: "Мынау ашыған көже, атаңның асы, ішіңдер!" — деп шетінен үлестіре бастайды. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта, бәрін қуып шығам. Оны Мұқаң есептемейді де, кек тұтпайды. Ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар есік жақта "қалай болар екен?" деп тіреліп, маған қарап тұрады. "Ей, қызғалдақтар! Жоғары шығындар! Жеңешелерің оттай береді, оған қарамаңдар!" — деп ашыған көжесін үлестіріп жатады, дарханым. О да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой!!
Мұқағали Жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса сүйейтін, қысылса көмектесетін алдыңғы ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Бүгінге дейін сондай Одақты сүйетіндерді білмеймін. Жазушылар одағы есіне түссе "Одаққа барам!" деп жазып отырған дүниесін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Өстіп "Одағым, Одағым!" деп өтті өмірден.
Мұқағали кірпігі әрең қимылдап ауруханада ақырғы сағаттарын күтіп жатты. Әбден арыған, сөйлеуге шамасы жоқ, сол қалпымен жатып, ақырын күшін жинап, ақырғы рет тілге келді: "Лашын, такси әкел, Одаққа барайық,.. Балаларым жас еді. Бітпеген жұмыстарым бар еді..." деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет көзіме жаңа көрініп түр, көзім ештеңе көре алмайды, жас сорғалауда. "Мына сұмдықты, Мұқағалидың осындай халін көрген көзім, ештеңе көрмей соқыр боп қалсашы!" деп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді. Мұқаңның сөзін емдеуші дәрігерге айтып едім: "Сіздің есіңіз дұрыс па; мына халімен ауруды таксимен алып жүрмек екенсіз ғой. Онан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз!"дегені. Жылы жүзімен дем береді деп сенген дәрігерім, мына сөзімен жүрегіме қанжарды бір-ақ, салғандай болды. Сүмірейіп есім бірде бар, бірде жоқ, үйге әрең жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ боп қалды да, түн ауғанда қиналып жатып, қайтыс болды...
Мұқағалидың тілі бай, халық тілі еді ғой.
Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді. Оған — жырларына жазылып жатқан белгілі композиторлардың да, әуесқой композиторлардың да әсем әндері, қолына қалам алған ақындардың арнау өлеңдері, суретшілердің жасап жатқан бірінен-бірі өтетін Мұқағали портреттері, тағы басқа да дүниелері — бәрі-бәрі куә. Олардың қай-қайсысы да халық сүйіспеншілігінің белгісі болса керек. Лауреаттықты "жоғарғы топ", мықты ағалары қимаса да, ел-жұрты ыстық ықыласына бөлеп, әлдеқашан шын бағасын, зор құрметін беріп те қойған. Мұқаң халқына піріндей сенді. Сондықтан:
"Әрине суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқын, бірақ суытпайды.
Егерде халық өзін ұмытпаса,
Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды.
Қайырымсыз қағазға елің бас ұрмайды,
Саған деген сағыныш басылмайды.
Табытыңды жасырса, жер жасырар,
Ал, уақыт, өзіңді жасырмайды!"
деп тірі күнінде ол өзінің "Жан азасы" толғауында алтын әріппен жазып кетті емес пе!
Лашын Әзімжанова
Ақынның зайыбы