- 03 жел. 2019 00:00
- 283
Бодау кеңес
Шыңжаң аймағында ғұмыр кешкен белгілі би, әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлының (1825-1898) «Бодау кеңес» деп аталатын күйі бар. Осы күйдің аңызын ақын Нүкеш Бәдіғұлұлы былай баяндайды:
«Алтайдағы абақ-керей елінің бодаусыз кеткен дау-шарын бітіру үшін үлкен жиын болады. Қаба деген жердегі Алқабек өзенінің көкорай шалғынына ақшаңқан үйлер тігіледі. Бұл оқиға 1853 жылы болып еді дейді. Бодау кеңесіне арғын, найман, керей, уақтың тізгін ұстаған игі жақсылары шақырылады. Ең бір еңселі ақ ордаға арнайы шақырылған аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы келіп түседі... Керейдің Маман биі өзі баулып жүрген жас жігіт Бейсенбіні ертіп келеді. Мұндай бас қосуға Бейсенбінің енді-енді араласа бастаған жаңа талап кезі болса керек.
Уәделі мерзім болғанда билікке араласатындар Құнанбай түскен үйге жиналып, еселі орындарына жайғаса бастайды. Жасы кіші Бейсенбіге босаға жақтан орын тиеді. Межелі кісілердің басы қосылды-ау дегенде, Құнанбай отырып:
— Кәне, дау-шарды неден бастаймыз? — деп сауал тастайды. Керей жағынан дау иесі болып отырған Шау би айнала отырған билерге салмақ салып, «сөз бастаңдар», — дейді. Алайда, аға сұлтан Құнанбайдың мысы басып, ешкім суырылып шыға қоймайды. Сонда, босаға жақта отырған Бейсенбі еңсесін тіктеп, жүгіне отырып тіл қатады:
— Сұлтан аға, біз сөзді қалай бастаймыз? — дейді Бейсенбі, — арғын, найман біздің ағамыз еді. Алайда әрідегі Сыр бойынан ауғанда арғын ағаның қамшысының жуандығынан, берідегі Қалбадан ауғанда найман ағаның қамшысының жуандығынан қоныс теппей келіп едік. Содан, ортамыз ойылғандай, ордамыз бұзылғандай болып, мекен қуып жүрген елміз. Қоныс аударып келген жеріміз қалың дүрбіт пен ұраңқайдың ортасы. Бұлардың бесік белгісі, төсек үлгісі жоқ ел, алса — бітім, берсе — итім дегенді ғана біледі екен. Сондықтан кеуделеуді көріп, ортасы
ойылмаған, саудалауды көріп ордасы бұзылмаған, жаны бір, заңы бір ағаның баласы өзі сөз бастамай ма?
Жаңа талап, жас жігіттің өр мінез, өжет сөзі, қиыннан қиыстырған орынды уәжі отырған жұртты өзіне ошарылата қаратады. Қос жастықты шынтақтаған әрі паң, әрі асқақ аға сұлтан Құнанбай да басын көтеріп, Бейсенбіге барлай бір қарап алады. Сонан соң сөйлеп кетеді:
— Болар, болар! — депті Құнанбай. — өзі де болғалы тұр екен ғой! Аузының жұрт иланар киесі, көмейінің жау жасқанар дуасы бар жігіт екен... Ау, ағайын, жиын өзі де басталып кетті емес пе?! Бала жігіт жөн сөз айтып отыр: сендер білгелі жуандардан басымдық көріп елден шеттедіңдер, жерден айырылдыңдар. Оған мен қамықпасам, қуанбаймын. Керейден сендей баланың туғаны исі қазаққа мақтаныш. Бұл реттегі биліктің тізгінін осы балаға беріп, біз тыңдаушы ғана болайық!
Құнанбайдың оң шырайы отырғандарды жадыратып, тілеу-қор ниеттерді тоғыстырғандай болады. Сол жолғы бодау кеңесте Бейсенбі төбе би болып, дау түйінін қалдырмай шешім айтады. Ағайын арасы келісімге келіп, жарасым табады. Мұның бәрін қалт жібермей сыннан өткізген Құнанбай жиын тарқар кезде Бейсенбіге «көмейінен бітімді сөз ақтарылған шешен, билігіне ел тоқтайтын көсем, аузы дуалы, ойы киелі жігіт екен» деп баға беріпті.
Сонда, Бейсенбі осы бас қосудың ұрпаққа үлгі болар бір белгісі болсын деп, өзінің «Бодау кеңес» атты күйін шерткен екен».