Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Бөкен жарғақ (І нұсқа)

Ертеде ағайынды екі жігіт болыпты. Әкелерінен жастай айырылып, шешесі үшеуі өмір сүреді екен. Алаңдары болмай өскен ағайынды екі жігіт жастайынан аң аулауды кәсіп етіпті. Бойлары өсіп, бұғаналары қата бастаған кезде бұлардың аңшылығы төңірегін тәнті ететін болыпты. Әсіресе түздің бөкен сияқты көп кездесетін аңын аулауға машықтанғаны сонша — үстілеріне бөкен терісінен тіккен жарғақтарын киіп алып, түз тағысымен араласып жүріп қалағанын атады екен.

Күндердің бір күнінде ағайынды екі жігіт тізе қосып, әдеттегідей бөкен аулауға шығады. Ен далада сынаптай сырғып жүрген бөкеннің бұрылып келіп су ішер орындарының болатыны белгілі. Сондай бір бұлақтың басына ертерек келген екі жігіт атуға ұрымтал орынға бекінбек болады. Сонда ағасы інісіне ақыл береді: «Екеуміз бұлақтың екі қабағын ала жайғасайық. Қаталап келіп суға бас қойған бөкенді екі жағынан қақпалап атсақ қарық боламыз», — дейді. Інісі ағасының айтқанына көніп, көрсеткен жеріне бекінеді.

Түс мезгілі болып, күн тас төбеге көтеріліп, тірі жанның аңқасын кептіргендей ыстық көтерілген кезде мүйізі жарқ етіп, бөкеннің шолғыншы текесі көрінеді. Іле даланың шаңын шүйкедей созып, артынан кимелей кеуделеген ешкі-лақтары жетеді. Сол бетінде қалың киік айналы астаудай жарқырап жатқан бұлаққа бас қояды ғой. Осы кезде, ұрымтал сәт келген шығар деп, ағасы садақ тартады. Дүр етіп кері серпілген
бөкеннің келесі шетінен уәде бойынша інісі де оқ жаудырады. Талай бөкен оққа ұшады. Аң қызығы ағайынды екі жігіттің делебесін қоздырып, одан сайын құныға атады.

Сөйтіп, екі ортада ұйлыға жөңкілген бөкеннің тұяғынан қалың шаң көтеріледі. Әлден уақытта аман қалған бөкендер шаң арасынан сытылып шығып, түзге бет алады. Әлі де болса шаң арасында ұйлыққан бірер бөкенді атып алып қалмақшы болған ағайынды екі жігіт қалың киікті өкшелей қуып, садақ тартады.

Бір мезгілде ағайынды жігіттердің үлкені шаң арасынан бөкеннің ойқастаған сүлдерін көргендей болады. Қылт еткенді құтқармай атып машықтанған жігіт садағын құлаштай керіп тартып жібереді. Бұл жолы да атқаны қапы кетпейді, көздегенін мұрттай ұшырады. Сол бетінде бауыздап ала қояйын деп жүгіріп келсе, бөкен деп атқаны өзінің жалғыз інісі екен дейді. Сол жерде бауырының басын құшып жылаған жігіттің зары кейін ел ішінде «Бөкен жарғақ» деген күй болып тараса керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама