depositphotos.com
- 29 сәу. 2026 02:30
- 31
Бұл әлемдік нарықты дүрліктірді: БАӘ ОПЕК-тен шығатынын мәлімдеді
Әлемдік мұнай нарығында күтпеген жаңалық болды. Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) ОПЕК және ОПЕК+ ұйымдарынан шығатынын мәлімдеді. Бұл хабарламадан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы бірден құлдырады.
Лондондық ICE биржасының мәліметінше, маусым айындағы Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны бір кездері барреліне 112 долларға дейін көтерілгенімен, БАӘ-нің мәлімдемесінен кейін 110,12 долларға дейін төмендеді. WTI маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері де барреліне 101,79 доллардан 98,89 долларға дейін арзандады.
Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің екінші кезеңінің сәтсіз аяқталуына байланысты мұнай бағасы жалпы алғанда өсіп тұрған болатын.
Бұл жаңалық Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін. Мұнай бағасының өзгеруі бюджет кірістеріне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының жоғары болуы ел экономикасына оң әсер еткенімен, оның тұрақсыздығы инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына қауіп төндіреді.
Айта кетейік, 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте мұнай бағасының барреліне 60 доллар, ал доллар бағамының 540 теңге болатыны есептелген. Бұл көрсеткіштер экспорттан түсетін табысты, әлеуметтік төлемдерді және бюджеттік бағдарламаларға арналған шығындарды есептеу үшін қолданылады.