Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Дара және күрделі сан есімдер
Дара және күрделі сан есім
Сабақ мақсаты: а) сан есім туралы түсінік беру, дара және күрделі сан есімдерді ажырата білуге үйрету; ә) ойлау белсенділігі мен танымдылық қызығушылығын дамыту, ой қорытып нақты шешім жасата білу, шығармашылық ізденістерін арттыруга ықпал жасау; б) өмір құбылыстарын танып білуге, ұлттық өнегені бойына сіңіріп, туған халқының өнерін сүйіп өсуге баулу, еңбексүйгіштіккке тәрбиелеу.
Түрі: жаңа материалды түсіндіру.
Әдісі: сұрақ - жауап, ізденіс, баяндау, талдау.
Көрнекілік: 6 - сыныпқа арналған электронды оқулық, интерактивті тақта, суреттер, сауалнама.
Пәнаралық байланыс: математика, тарих, әдебиет, әдеп, география, сурет.
Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру.
Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру. Оқушыларды психологиялық дайындау.

Жаңа сабақ.
І. Мағынаны ашу:
Ребусты шешу.
8 - 1, 6 - 1, 10 - 2, 7 - 2, 8 - 1, 7 - 4, мен - 1.
ІІ. Қызығушылықты ояту.
Жаңа сабақтың құпиясы
- Балалар, бүгін қарашаның нешінші жұлдызы?
- Сендер неше жастасыңдар?
- Нешінші сыныпта оқисыңдар?
- Сыныпта қанша оқушы бар?
Бұл сандар заттардың қандай мағыналық белгілерін анықтап тұр?
Бұл сандар зат есіммен тіркесіп сан есім болып табылады. /кесте бойынша сабақ түсіндіру/

І. деңгей.
А) оқулықпен жұмыс
159 - жаттығу
а/ мәтін құрамындағы дара және күрделі сан есімдерді тауып, төмендегі сызбаға орналастырыңдар
дара: жүзінші, бесінші, үшінші, отыз, он, жиырма, алты
күрделі: мың тоғыз жүз қырық екі, жиырма бес, үш жүз он алты, жиырма екі, он үш

Ә) «Ең жақсы ойыншы»
- Балалар, ауыз әдебиеті дегеніміз не?
Қандай түрлерін білеміз?
(Мақал - мәтелдер, жұмбақтар, батырлар жыры, ертегілер т. б)
Мақал - мәтел, жаңылтпаш және жұмбақтарда да сан есімдер бар екен.
Бүгінгі біздің сабағымыздың ұраны
«Білікті бірді жығар
Білімді мыңды жығар» тағы қандай мақал - мәтел білесіңдер?
Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені
Жеті атасын білген ер жетпіс жұрттың қамын жер
Алтау ала болса ауыздағы кетеді
Төртеу түгел болса төбедегі келеді
Жеті атасын білмеген – жетесіз
- Келесі кезекті жұмбақтарға берейік
Мен сіздерге бірнеше жұмбақтар оқимын, сіздер шешуін тауып, сан есімдерін анықтаңдар.
Қос қазық екі желі сегіз ноқта
Сөйлейді шежіредей адам соқса /домбыра/
Көлемді, үлкен, алып аузын ашып
Жүреді он екі аяқ қадам басып
Әр бірінде отыздан бармағы бар
Құтылмас ешбір адам одан қашып /жыл он екі ай/
Екі тышқан бірлесіп кесіп - пішіп береді
Екеуі бірге жүрмесе, жоқ қой бізге керегі /қайшы/
Таңертең төрт аяқты
Түсте екі аяқты
Кешке үш аяқты /адамның сәбилік, жастық, кәрілік жасы/
Он көзі бар өзінде
Он саны бар көзінде
Көзіне саусақ саласың
Жырақтан хабар аласың /телефон/
- Ендігі кезекті жаңылтпаштарға берейік. Мен айтқан жаңылтпаштарды қайталап айтып, сөз ішіндегі сан есімдерді табыңдар.
1. Үш кіші ішік піштім
Бес үлкен ішік піштім
Неше кіші ішік піштім /үш кіші ішік піштім/
2. Оралдан оралған олардан
Омаржан оң көріп,
Он бөрік, тор беріп, тон алған
3. Қырық құлып
Қырық құрық
Құрықта қырық
Құлып та қырық

ІІ деңгей. Мәтінмен жұмыс (интертақта)
1) Артық болмас білгенің....
1. Ай – жердің серігі. Ай жер шарынан көп кіші: диаметрі жағынан 4 есе дерлік, көлемі жағынан 49 есе кіші. Ай бетінде ыстық күндіз 130 градусқа жетеді. Оның есесіне түнде минус 170 градус аяз болады.
2. Адам ағзасында 300 грамдай тұз бар. Ол тұздың қоры термен, тағы да басқа шығарылып, тағам құрамындағы тұзбен толықтырылып отырады.
Адамға тәулігіне 10 - 15 грамдай ғана тұз керек. Одан артық пайдалану зиян. Артық тұз
гипертония ауруын қоздырады.
Тапсырма. Осы мәтін ішіндегі сан есімдерді теріп жазып, дара сан есімдер мен күрделі сан есімдерді анықта.
2) «Білім мен дәстүр сыны» ойыны.
Халқымыз 1, 3, 5, 7, 9, 40 секілді сандардың бәрін бір ырымға негіздеп, киелі деп есептеген. Сондықтан да менің қоятын сұрағым осы төңіректі қамтиды.
1) Жеті атаңды ата. (ата, бергі ата, арғы ата, баба, ұлы ата, түп ата, тек ата(ата тек).
2) Халқымыздың кие тұтқан сандарын ата (7, 9).
3) Үш арсызды ата. (ұйқы, тамақ, күлкі)
4) Жігіттің үш жұрты (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты)
5) Төрт түлік (қой, сиыр, жылқы, түйе)
6) Ер қаруы – бес қару (найза, садақ, шоқпар, қылыш, айбалта)
7) Қонақтың төрт түрі (арнайы, қыдырма, құдайы, қылғыма)
8) Үш бәйтерек (Ілияс, Сәкен, Бейімбет)
9) Бес арыс (Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек).
10) Халқымыздың сан есімдерден басталып айтылатын ұлттық ойындары қалай аталады? (тоғызқұмалақ, алтыбақан).
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, біздің күнделікті тұрмысымызда, той - думандарда айтылып жүрген өлең тақырыптарының кейбірі санмен аталады.
Сол әндерді білесіңдерме?
(«Бір бала», «Жиырма бес», «Екі жирен», «Бір келіншек», «Он алты қыз»)

ІІІ деңгей (Эвристикалық).
1. Суретпен жұмыс.
Суретке қарап сан есімдерді қатыстыра бір - екі сөйлем жазыңдар.
2. Сауалнама сұрақтарымен жұмыс.
Сауалнама сұрақтарына жауап беріңдер.

1. Сан есім сөздің қай тобына жатады?
А. Көмекші есім; Ә. Атаушы сөз; Б. Одағай
2. Күрделі сан есім қалай жасалады?
А. Қосарлану арқылы; Ә. Тіркесу арқылы; Б. Қосарлану және тіркесу арқылы
3. Тіл туралы Заң 1997 жылы 11 шілде де қабылданды. Бұл сөйлемдегі сан есімдерді көрсет.
А. 11 шілде; Ә. 1997 жылы; Б. 1997 жылы 11 шілде.
4. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «... жылы Қазақстан ауасы таза, мөлдір сулы, жасыл желекті елге айналуы тиіс» деді. Көп нүктенің орнына тиісті сан есімді қойыңыз.
А. 2013; Ә. 2030; Б. 2035;
5. Биыл тәуелсіздігімізге 22 жыл толып отыр. Бұл сөйлемде сан есім қай сұраққа жауап береді?
А. Қандай? Ә. Неше? Қанша? Б. Нешеу

3. Жеке оқушылармен жұмыс.
1) Егер мен дәрігер болсам... (ойтолғау)
2) «Математика сабағында» деген тақырыпта әңгіме құрастыр.
3) «Біздің сынып» атты хабарлама жаса.
4) Төмендегі тірек сөздерді пайдаланып, сан есімі бар сөйлемдерден тұратын мәтін құрастыр.
Атам мен әжем. Жекеменшік мал. Кезектесіп бағу. Ауыл өмірі. Көңілді сәттер.

ІҮ деңгей (шығармашылық деңгей).
Балалар алда санаулы күндерден кейін қандай мереке бар? (16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні)
Биыл Тәуелсіз ел болғанымызға қанша жыл?
Енді «Менің тәуелсіз Отаным» тақырыбында диалог құрастырыңдар.
Қарға тамырлы қазақтың ұрпақ тәрбиесінде сан есім сөз табының да алатын орны ерекше. Мәселен, біз 5 – сыныпта «Шешендік сөздер» бөліміндегі «Қазыбектің тапқырлығын» білеміз Бұқар жыраудың қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қазыбек би келеді. Сонда Бұқар
«1 - ден 10 - ға дейінгі санның мағынасы ешкім айтып бере алмады, сен айтшы» дейді. Сонда Қазыбек айтып береді.
Ақындарымыздың осы секілді бірнеше санамақтары да бар. Ендеше бәріміз өзімізге арнап жазылған санамақты айтайық.
Бір дегенім - білім алу.
Екі дегенім – елін сүю.
Үш дегенім – үлгілі болу.
Төрт дегенім - төзімлді болу.
Бес дегенім – бірлікті болу.
Алты дегенім – ақылды болу.
Жеті дегенім - жетістікке жету.
Сегіз дегенім – сезіне білу.
Тоғыз дегенім – толғану.
Он дегенім – осының бәрін ойға алу.
Балалар, осындай қасиеттерді ойға алып қазақ деген қасиетті елдің бір перзенті болу үшін Қазыбектей, Төле бидей, Әйтекедей тұлғалары бар халықтың ізін жалғастырушы «Біз кімбіз?» деген сұрақұ туындайды.
Біз кімбіз?
Кеше 3 - 4 жасар Біз балдырған баламыз
Бүгін 6 – сынып оқушысы Білім қуған өренбіз
Ертең ХХІ ғасырдың болашақ барыстарымыз

Үйге тапсырма: 160 - жаттығу, дара және күрделі сан есім қатысқан мақал - мәтелдер жазып келу.
Білімді бағалау: Оқушылардың өзін - өзі бетшеге, білім ағашында бағалауы, топтар бірін - бірі смайликпен бағалауы.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама