- 18 жел. 2021 00:00
- 222
Дәрілік мелисса
Дәрілік мелисса (мелисса лекарственная, Melissa officinalis) — биіктігі 120 сантиметрге дейін жететін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабағы түзу әрі төрт қырлы, сыртын түк басқан, бұтақтары көп. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан, сабақтары ұзын, жұмыртқа тәрізді. Шеттері ара тісті, ұштары сүйір, жоғарғы жағы қою жасыл тусті, төменгі жағы ашық жасыл түсті, шеттерінде қызыл дақтары бар. Гүлдері майда, 6-10-нан жиналып, жоғарғы жағындағы жапырақтарының қуысына орналасқаи. Гүл тостағаншасы түтікше тәрізді, қос ерінді, жоғарғы ернінде 3 қалақшасы, төменгі ернінде 2 қалакшасы бар. Гүл тәжі де ұзынша келген түтікшеге ұқсайды. Ол қос ерінді, ақ түсті, 5 гүл жапырақшасынан тұрады, июль-август айларында гүлдейді, иісі лимонның иісіне ұқсас. Ол бұталардың арасында, орманның күн сәулесі көп түсетін жерлерінде, тұрғын үйлердің маңайында өседі.
Дәрі жасау үшін дәрілік мелиссаның жер бетіндегі бөлігін гүлдей бастаған кезінде жинап алады. Құрамында эфир майлары, аскорбин, кофеин, урсол қышқылдары, илік заттар, майлар бар.
Халық медицинасында дәрілік мелиссаның тұнбасын денедегі ауырған жерлерді тыныштандыратын және қолаяқтың бұлшық еттерінің жиырылуына қарсы әсер ететін дәрі ретінде қолданады. Сонымен қатар, бұл өсімдіктен жасалған дәрілер жүйкені тыныштандырып, жүректің жұмысын жақсартады. Осыған байланысты аурудың ентіккені, жүрек тұсының ауырғаны басылады. Жүрек қалыптан тыс жиі соқпайтын болады. Іш желденгенде, қан қысымы көтерілгенде, бас айналғанда, асқазан түйнеп ауырғанда, әйелдерде етеккір кешігіп келгенде осы өсімдіктен жасалған дәрілермен емдеуге болады. Ұйқы қашқанда, жүйке қажығанда, жүрек демікпесінде, қан азайғанда және кейде іш жүргізетін дәрі ретінде халық медицинасында кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар бұл өсімдікпен ревматизмді де емдейді.
Дәріні дайындау және қолдану тәсілі
15 грамм өсімдікті 1 стакан қайнап тұрган суға салып, 40 минут тұндырады да, 1 ас қасыктан 3 рет ішеді. Спиртті тұнба: 25 грамм өсімдікті 100 грамм спиртқе салып 8-10 күн тұндырады да, даяр болған дәріні подагра және ревматизм ауруларына байланысты сырқыраған буындарға жағады.