- 06 шіл. 2021 00:00
- 174
Дінтану мамандығының өзектілігі
Дін - адам мен қоғам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде тарих қатпарларымен жалғасып, әлі күнге дейін өркениетті адамзат әлеуметінде қасиетті рухани құбылыс болып отыр. Дін тақырыбы қай қоғамда болмасын өзектілігін ешқашан жоғалтпайтынын ескере отырсақ, дінді танып, оның мағынасын ұғынып, тарихына үңілу әр саналы адам үшін керек. Діни сана мен діни білімділік адамдардың оқып-білуі мен ізденпаздығы арқылы қалыптасады. Алайда, жеке адамның діни білімін, тек діни кітаптар арқылы не болмаса айналасындағы адамдардың мәліметін қабылдау арқылы жетілдіру жеткіліксіз. Діни сауаттың таяздығынан қаншама адамдар жат ағым құрбаны болып жатыр. Діни сауаттың төмендігінен, елімізде жүріп салафизм құрбанына айналып, деструктивті діни ағымдарға кіріп, дін атын жамылып терроризм мен экстремизмге жол беріп жатқан адамдар саны әлі күнге дейін азаймай отыр. Отанымызда 130-дан аса ұлт-өкілі, 4000-ға жуық діни бірлестіктер бар. Әрқайсыларының діни саналары сан түрлі, ұстанымдары мың түрлі. Зайырлы мемлекет болғандықтан әрбір жанның діни сеніміне құрметпен қараймыз, алайда діни сананың дұрыс жаққа шоғырлануына да мән беруіміз қажет. Осы мәселелерге тоқталып, күресу жолын қарастырып, дін мен діни сенімдерді ішкі жағынан толыққанды зерттеп, діндерге баға беретін маман – «дінтанушы».
Дінтанушы - дінді зерттейтін, саралайтын маман екені түсінікті, одан бөлек жай-жапсарына тоқталсақ. Дінтану - зерттеулік ізденіске негізделген діннің пайда болуын, дамуын, қызмет ету заңдылығын, діндердің құрылымы мен түрлі компоненттерін, көп қырлы феномендерін, қоғамдағы орнын, діндер мен мәдениет салаларын өзара байланысы мен әрекеттілігін зеттейтін мамандық.
Әлемдік деңгейдегі діни жағдай әлі тұрақталмай тұр. Сондықтан, дінтану мамандығында даярланатын дінтанушы мамандар, діни жаңалықтарға баға беру арқылы, елімізге тигізер залалдары мен жаңашылдықтарына баса назар аударуы керек. Діни жанжалдар мен қақтығыстарға қарсы тұруға әркет жасап, қоғам ортасында, әсіресе жастар арасында діни көзқарастарды дұрыстауға машықтануы талап етіледі. Еліміздегі діни ахуалға мойын бұрсақ, Қазақстандағы қазіргі жағдай тұрақты деуге келмейді, үнемі сандық және сапалық өзгерістер болып жатады. Жоғарыда айттып өткендей, еліміз зайырлы болғандықтан, сенімдері әртүрлі топтар шоғырланған. Дәстүрлі діндер, ислам мен христианнан бөлек, дәстүрлі емес діни ұйымдар қаншама. Одан бөлек шет елдерден келетін жат ағым миссионерлері, діни тұрғыда адамдардың бағыт – бағдарын бұрмалап, діни насихат жүргізіп, діни сананы улауы тоқталмай тұр. «Басқалардан өзгеше» болуға деген талпыныс діни сананың тез улануына алып соғуда. Әсіресе, елімізде салафиттік идеологияны насихаттаушы топтар, адам санасын әлеуметтік желілер арқылы өзгертіп, терроризм мен экстремизм құрбаны болуға итермелеуде. Осы аталған жайттарды өз уақытысында саралай отырып, шешу жолдарын қарастырып, алдын алу шараларын жасап, қарсы насихатты жүзеге асырушылар, еліміздегі дінтанушылар мен теологтар болып табылады. Дінтану мамандығы жоғары деңгейде білікті де білімді мамандар дайындап отырса, Қазақстанның діни жағдай тұрақтылық деңгейде болары сөзсіз. Алдын алу, қарсы насихат, тұрақтылық, қадағалау , заң аясында бірлесе іс арқару арқылы дінтану мамандары жұмыс күшін сапалы ете алады. Алған білімін, тәжірибе арқылы қолдана алатын, білімді де білікті дінтанушылар, әрқашан ұлт тынышты мен қоғам татулығын қадағалауға әзір.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Дінтану мамандығы, 3 курс Меліс Диана Оралқызы
Жетекші: аға оқытуш, PhD Мұқан Нұрзат