Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Қызыл арай

БІРІНШІ БӨЛІМ

ӨЗЕН БҰЛАҚТАН ТАРАЙДЫ

Алпыс сегізінші жылғы он жетінші июль күні екі жолаушы Целиноград қаласынан таң желімен жарыса аттанған. Оның біреуі алматылық Сейілбек Тілемісов. Қасындағы жол серігі — ұшқыр газиктің айдаушысы, Целиноград тұрғыны Харитон Оспанов.

Таңертеңгі маужыраған тымық шақта жолаушылардың сапары көңілді де өнімді болды. Жүз қырық шақырым жерді екі жарым уақытта еңсеріп тастап, күн көтеріле бергенде Шалқар көліне жетті. Бұлар айналасы көкорай шалғын, бәйшешекке малынған көк жайқын көлдің күншығыс жағасына аялдаған.

Ақмола, Қорғалжын аймағында Шалқар атты төрт көл бар. Мынау Қорғалжын ауданындағы қос Шалқардың үлкені. Жолаушылар мана аудан орталығы Қорғалжын қалашығынан он шақырымдай бері шыққанда, Нұра өзенінің бір қылта жеріндегі солқылдақ ағаш көпірден өткен. Сол-ақ екен, Нұра машинаның оң жағына қапталдаса жарысып келіп, осы араға жеткенде пышақ кескендей үзілді де, айналасы ат шаптырым айна көлге жым-жылас еніп кетті. Енді осымен шаруасы біткен шығар десең, көлдің солтүстік-күнбатыс жақ иінінен сопаң етіп шыға келіп, әйгілі Қорғалжын көліне қарай атой салып жол тартты.

Сейілбек Нұра өзенінің оқыс өзгеріп, лезде қалпына түскен сиқырлы табиғатына қайран қалып, терең ойға шомып отыр еді. Көз жіберіп қараса, әлгі әзірде гүл теріп келем деп кеткен Харитон көл жағалап, недәуір жерге ұзаған екен.

Қорғалжын өңірі — Сейілбектің бұрын көрген жері. Жас шағында тұрмыстың әр қилы себептерімен бұл өңірді әлденеше аралап өткен. Бірақ Шалқарға келіп тұрғаны осы. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп болады. Осы сапар аралап танысып алса игі. Өткен-кеткенді еске түсіріп, сан-сапалақ естеліктердің бәріне беріліп отырғанда қызғалдағы, сарғалдағы, жауқазыны аралас әр түрінен қос уыс гүл ұстап Харитон да жетіп келді.

Харитон аса бір ізетті сыңаймен Сейілбекке иіліп келіп, қолындағы гүлінің тең жартысын оған бөліп берді. Өзі сахнада ән шырқап болып, көрермендердің қошемет-құрметіне бөленген әйгілі әншідей бұрыла қайқаң етіп, кейін шегініп кетті. Аса бір құмарпаз сезіммен гүлді мұрнын көме құшырлана иіскеді де, қос қолдап ұстап, кеудесіне басты. Терең ойлы пішінмен қара көзін төңкеріп, үнсіз тұра берді. Самайына түскен жып-жылмағай жасыл береті, тік жағалы, қынама сұр бешпенті, сыптығыр сұр шалбары, сүйір тұмсық жылтыр қара туфлиі тығыршықтай орта бойына құйып қойғандай. Харитонның дене бітімін Сейілбек жас еменге ұқсатты. Бала қалпы кетпеген балғын жастың қопал жүріс-тұрысы, гүлге елігіп, жаны елжіреп, сары майдай толықсып тұрған сыпайы мінезі көңіліне жағып кетті.

Харитон гүлін шумақтап алып, жерге қойды да, Сейілбектің алдына оң жамбасымен отыра беріп, жайраңдап тіл қатты:

— Аға десе... Табиғатты тамашалағымыз келсе, тілімізді тежей тұрайық та, көз бен көңілге бір мезгіл ерік берейік. — Маңғаздана күлгенде оймақ аузынан лағыл-маржандай тізілген аппақ тістері көрініс беріп, қағілез ақ құба жүзінен жас дәуреннің жарқын нұры ойнап шыға келді.

Сейілбектің сондағы бар айтқаны:

— Құп болады, көрейік қызығын...

Қорғалжын даласын Харитонның мақтағысы келіп еді. Өз жерінің бір бұтасын боталы түйеге бағалайтын жершілдердің қылығын істеп қайтем деп, іркіле берді. Қайнаған ойдың сарқынын басып, бар айтқаны:

— Жеріміз осы, аға! Сұлу дейтін сұлу емес! Тек қарапайым сүйкімділігімен сізге ұнаса болғаны...

Сейілбек қошеметшіл жігіттің биязы мінезіне жан-тәнімен ризалығын білдіре:

— Басқасын былай қойғанда, мына шалқыған көлін айтсайшы! Бұл да болса даланың ерекше бір көркі емес пе, шіркін!..  — деді.

Екеуі тағы да көз бен көңілге ерік беріп, кепке шейін көл мен жерге құныға қараумен болып еді.

Ұлан-байтақ даланың бетіне мың түрлі әсем өрнекті жасыл ала кілем төсеп қойғандай. Көлдің жайпақ жағалауына шоқ-шоқ боп сирек өскен бойшаң, үкілі сары қамыс, балауса жасыл құрақ баяу самалмен дел-сал ырғалады. Көлдің көгілдір суы ауа толқынымен болмашы дірілдейді. Табиғаты сарабдал болғанымен жазғы жасыл көркін әлі бере қоймаған көк ала дала көкжиекпен астасып, тұңғиық мөлдір аспан аясында күн сәулесімен мың құлпырып, туырыла толықсиды.

Көл бетінде бүгінгі тіршілік базары енді-енді қыза бастаған. Қаздар қаңқылдайды. Айналада үйір-үйір бозторғайлар біресе көкке ұшып, біресе жерге түсіп, тілдерін безеп ән салады. Көлдің күнбатыс жағалауындағы асқақтата салған әні құстар әнімен ұласа сорғалап кеп жүрегіңе бал құяды.

Сейілбек алыстан талмаусырап естілген ән әуеніне құлақ тосып, сөзін шамалады да, өзі де соған қосыла ыңылдай бастады.

Көгершін ән еркесі баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен тайса,
Ән болмас көгершіндей қайда барсаң,
Ән білем деген адам шынын айтса...

Алыстағы ән үзілді. Сонда да Сейілбектің әнге елігіп алып ұшқан көңілі байыз табар емес. Дала көркіне қанша қызыға қарағанымен көзі тояр емес.

Сейілбек жер мен көл суретін көкірегіне қондырып, рақаттана балқып отыр еді. Харитонда үн жоқ. Жаңа көргендей көлге тесіле қарап қапты. Қиығы мол отты қара көзінің жанарында балалық шақтың ерке мінезінен қалған ойнақы ұшқын жалтылдайды.

Сейілбек артына бір қарамай әлдеқашан өтіп кеткен жастық шағының асыл бейнесі алдына келіп тұрғандай осы бір алдамшы сезімге құлай елігіп, елжіреп отырғанда арманда кеткен ақын досы Абдолланың жастық шаққа арнаған сиқырлы жыры ойына өрши кетті.

Жастық шақ өтсе жалт беріп,
Деме қайта оралар.
Бейне бір жас сұлудай
Көтерер де орамал,
Күлкісіне көмер де,
Сылқ-сылқ күліп жоғалар.

Сейілбек жастық шаққа орайлас өкінішті ойдан әрең арылып, бәз-баяғы қалпында тағы да табиғат тамашасына беріліп кетті. Осы екі арада Харитон оған ұрлана назар аударған. Сейілбектің түр-тұлғасын, бітім - бейнесін оймен мүсіндеген. Алпысты қусырса да қырыққа шамалас кемел жігіт шағының сын-сипаты әлі кетті. Қайратты қалың қара шашына араласқан әредік ақ нысана жерден беріп, таң алдындағы күміс шықтай жылт-жылт етеді. Бас-аяғы тұтас сом денесі ортадан аз-ақ қалқыңқы бойынан жарасым тауып, Сейілбекті дембелше палуанға ұқсатады. Қыран қабақты, от жанарлы қара көзіне бар әлемнің суреті сыйып тұрғандай. Шалқақтау келген кең маңдайы, кеңсірігі қырлана біткен кертпеш мұрны ат жақты, қара торы бетіне арнап соққандай. Үстіне киген киімі де пәлендей сұлу емес. Күн өткізбейтін, шаң ұстайтын ашық жағалы жылтыр көк костюм, басында кең етекті қамыс қалпақ. Аяғына кигені қалың табанды, қонышты бұзау бас ботинка.

Аспан шайдай ашық. Сәскеліктен жоғары көтерілген күннің отты сәулесі Шалқар көлдің ал қара көк айдынында тылсымды шар айнадай жалтылдайды.

Сейілбек айнала атырапты жіті барлап, көзі жетпеген жерге қиялын жүгіртіп, тіпті әрбір сай-саласы мен соқпағына шейін көріп алды. Ойлап қараса, бұл жерге келмегеніне табандатқан қырық жыл өткен екен. Сол кезде әр қияға бір алып ұшқан жел көңілдің әуенімен жыр-судың парқын онша айыра бермесе керек. Жас жанға көрген нәрсесінің бәрі қызық, бәрі көркем. Сонда әуелгі көргендегі Қорғалжын мен бүгінгі Қорғалжынның арасында қандай айырма бар? Табиғат қаз-қалпында. Мынау көл, анау байтақ дала сондағы күйінде. Шағаладай ақ қала, төскейді алып жатқан жасыл егін! Иә, Сейілбек алғашқы көргенде дала көркі бұдан күйкілеу еді. Анда-санда бір бой көрсеткен бытыраңқы қыстаулар мен байлардың даланы қаптаған мыңғырған малынан басқа ол не көрді?

— Ерсі болса кешірерсің, қарағым, — деді Сейілбек серігіне тіктеп қарап, — сенен бір сауал сұрайын.

Харитон қобалжи қозғалып, іле-шала:

— Несі бар, сұраңыз, аға, — деді.

— Сен қазақ баласысың ғой... Осы сенің атыңның Харитон қойылу себебі не? Мүмкін болса, соны білгім келіп еді.

Харитон бұл төтен сұрақты ерсі көрмейтінін ақ жарқын қабағынан аңғартып күлді де:

— Харитон мәселесін кейінге қалдыра тұрайық... Жыл биылғы, күн бүгінгі емес қой, бір орайы келгенде кейін айтылар...

— Асығысы жоқ, оған да шыдайын...

— Күнде мұндай кеңшілік бола бермес. Иен далада емін-еркін рақаттанайыншы бір. — Харитон осыны айтты да, тып-тып басып, аулақта тұрған машинаға қарай жеделдетіп кетіп барады. Машинаның артқы есігін сарт еткізіп ашып тастады да, ішінен сала құлаш домбыраны сопаң еткізіп алып шықты. Домбыраны көлденең ұстап келіп, Сейілбектің алдына шарта жүгініп отыра қалды. Домбыраны оңтайлап ұстап, ең әуелі құлағын сытырлата бұрады. Пернелерін саусақтарымен қозғап көріп, орын-орнына жөндеп қойды. Енді бабына келді-ау дегенде тыңқылдата шертіп, әндетіп кетті.

Бір күй бар домбырада тартылмаған,
Бір сыр бар жүрегімде айтылмаған...

Харитонның даусы елден ерек жақсы болмаса да естір құлаққа сүйкімсіз де емес екен.

Әнге көңілі толып, шын пейілмен риза болған Сейілбек шыдай алмай:

— Ой, пәлі-ай! Мына сабаз не дейді, әй? — деп көтермелеп қойды.

Ән домбыра ырғағымен қанаттаса шарықтап барып, қайырыла төмен сорғалап, баяулап тынды. Енді бұл әннің ізін суытпай «Кербез сұлу» сылаңдап шыға келді.

Алтайдың кербез сұлу азат қызы,
Шырқатып ән салғанда жайнап жүзі,
Қайысқан қара орман құлақ түріп,
Жымыңдай масайрайды көк жұлдызы...
Ән бірінен соң бірі туындап кетіп жатыр.

Сейілбек әншіге риза болып, өзі де бір елден ерек жақсы ән шырқап жібергісі келді. Бірақ талай жасқа келіп, шау тартқан адамның кәрі қораздың қырылдақ даусына ұқсаған анайы даусына Харитон місе тұта қояр ма екен? Осы бір ой себелеп жауған өткінші жауындай өкіндіріп өте шықты.

«Бір сыр бар жүрегімде айтылмаған...» Харитон осыны неменеге меңзеп айтты екен? Осы бір найзағайдай ұшқыр ой әнмен тайталасып Сейілбектің көкірегін жарып өтті.

Ән тынды. Тағы да айт деп әнші жігітті Сейілбек қыстаған жоқ. Домбыра машинадан орын алды. Харитон мойнындағы қарызын өтеп тастап, көңілі тынған кісіше, нәзік жанды мүләйім кейпінен әлдеқандай терең сыр аңғартып, ерке-наз пішінмен Сейілбекке қарап отырды. Адамның көзі қылдан нәзік сезімінің айнасы емес пе? Жігіттің әлденеге алабұртқан алмағайып көңіл күшін Сейілбек оның қарашығы ойнаған көзінен танып еді. Бір ғажабы, осы бір сәтте жүрегі лүпілдеп, денесі дуылдап жүре берген. Бір жаңалық хабар естірде, не болмаса жанына балаған сүйіктісімен қауышарда адамның осындай күйге түсетіні бар.

Басқа біреудің жанына терең бойлап, сезіміне зер салуға машықтанған Сейілбек бұл сапар жігіттің аужайын бағып, оның ойлы сыңайына қарап, енді айтылмаған сырын қалайда ақтарар деген үмітке ден қойған.

Харитон шапшаң барып, машинадан шағын қара қол чемоданын әкеп ашты да, одан алақандай екі суретті ала салып, Сейілбекке ұсынды. Мына суреттерден бір оқиға туып кетпесе неғылсын! Сейілбек көзі мен ойын жарыстырып, суретті көре берді. Үстіңгі суретте офицердің жазғы киімін киген, көзілдірікті қазақ жігіті отыр. Бірақ офицердің дәреже белгісі сурет көлеңкесінен көрінбейді. Жігіттің оң жағында басына тақия іспеттендіріп орамал байлаған, үстіне ашық жағалы кеудеше киген, көркем жүзді жас әйел бейнеленіпті. Әйелдің бет әлпетіне қарағанда нәсілі орыс болса керек.

Суреттегі қос бейне көрген жерден Сейілбектің көзіне жылы ұшырап барады. Байыптап қараса, бұл екеуін бір жерде көрген сияқты. Қайда, қашан көргені қапелімде есіне түсе қоймады. Бірінші суретті жерге қоя салды да, екіншісіне назар аударды. Басында қоқырайған жұлдызды шапағы бар, шинелінің омырауын әскери белдіктің аспалы бауымен айқыш-ұйқыш шырмап тастаған, ұзын мұртын екі жақ миығынан қайқайта қайырған еңгезердей солдат отыр. Киім киіс жоралғысына қарағанда, ең бері салғанда Азамат соғысы кезінде түсірілген сурет. Солдаттың кескіні орысқа келеді. Оның сол жағында тойған қозыдай монтиып, үш-төрт жасар қазақ баласы отыр.

Әдетте үйіне келген сыйлы қонағына, жаңа танысына альбомдағы ескерткіш суреттерді көрсеткенде үй иесі суреттегі адамдардың әрқайсысын таныстыратыны қайда? Сейілбектің жаңа танысы Харитон болса, суреттегі мына адамдардың кім екенін әулие болсаң өзің тап дегендей, олар жайынан мүлде сөз қатпай қойды. Сейілбек екінші суретті өз жайына тастады. Оның ендігі бар ынтызары алғашқы суреттегі көзілдірікті жігіт пен көркем жүзді жас әйелге ауды. Оларды қай уақытта, қай жерде көргенін есіне түсіре алмай тынышы кетті. Зейін-зердесінің қат-қабат астарын астан-кестен ақтара берді. Қым-қиғаш майдан жолдарында көш-жөнекей кездесіп қалып, тез ажырап кеткен сан қилы адамдарды біртіндеп зерде назарынан өткізді. Жер мен көктің арасын оймен шарлап, іздеген адамдарын ақыры нобайлап тапқан сияқты... Жігіт пен жас әйелдің суретін жансар көзіне жақын ұстаған күйінде ой тоқтатып, мәселенің басы ашылғанша олар жайынан ләм-мим демеуге бекініп алды. Шала шырамытқан суретте тап басар тиянақ жоқ. Танимын деп құр бет алды жабыса кетудің жөні қайсы? Харитонның көңілін тапқалы суреттегі қос бейнені мақтап ала жөнелді: «Түсі игіден түңілме» дегендей, жүздерінен нұр төгіліп тұрған сүйкімді адамдар екен», — деп, олардың мәртебесін көтеріп тастады. Мақтағанды кім жек көреді дейсіз, Сейілбектің жаңағы жылы лебізі Харитонның жанына жағып кетті. «Амандық болса папам мен мамамды көрерсіз, қолдарынан дәм татарсыз», — деп Харитон гүл-гүл жайнап, алдағы достық дәнекеріне меңзеп тоқтады. «Бұйырса көрерміз, танысармыз», — деумен тынды Сейілбек.

— Мен де майданның от пен суын кешкен офицермін, — Сейілбек сөзінің бір шетін әлгі суретке тіреді. Харитон оның сөз төркінін бірден аңғарса да тіс жарып үн қатқан жоқ. Майдан өмірінен әлдеқандай қызықты әңгіме айтып беретін шығар деген үмітпен Сейілбектің аузына қарай қалды. Анау жан-жақтан андыздаған сан-сапалақ естеліктердің қайсысын бастауын білмей, дағдарып қалды ма, әлде жаңағы тосын суреттің әсерінен арыла алмай отыр ма, әйтеуір, үндемей Харитонның сілесін қатырды.

Сейілбек әңгіме арнасынан әдейі тайқып шығып, Қорғалжынның шүйгін өңірін, еңсесі биік бақытты елін мақтады. Сонда әлгі бір қос суреттен пайда болған күңгірт те болса күрделі астары бар, бейнеттеніп қазып алған қалың кен арасынан жылт-жылт еткен алтын ұнтағындай қызғылықты жайлар көңіліне ұялап қалып еді. Тілі бөгде бір рауаяттарды айтып сайрағанымен, ынта-ықыласы алыстан елес беріп, есін алған сол бір керемет күндердің бел-белестеріне қулаған. Сөз арасында бала шағында өз көзімен көрген азапты ескі өмірдің кейбір аянышты емен-жарқын көріністеріне бой ұрып кетті.

Сейілбек манадан бері айтылып жатқан бытыраңқы әңгімелерді қоғамдап тастап, негізгі мақсат аңғарына түсті.

— Мәселе былай болсын, — деді ол бір қиын іске төрелік айтқалы отырғандай салиқалы рай көрсете. — Осы арада майданның ұзақ сүресін айтып басыңды қатырмай-ақ қояйын, оның үстіне, ауызша әңгімеге шорқақ едім. Отан соғысы тақырыбына жазған бір шағын шығармам бар еді, соны саған берейін, бүгін кешке оқып шық, бірінші сыншым бол...

— Сыншы болам деп айта алмаймын, оқушы ретінде азды-көпті пікір айтармын, аға...

— Суреттен мені таныдыңыз ба? — деп сұрады Харитон әлден кейін.

Шынына келгенде кішкентай бала кезіндегі суретінен Сейілбек оны қайдан тани қойсын. Әлгі суреттегі жас бала осы Харитонның өзі екенін жаңағы сөзінен білді де:

— Шырамытып едім, — деді.

— Жаңағы көргеніңіз менің үш жастағы суретім. Қасымда отырған әкем... Харитон.

Міне қызық! Кешеден бері елдегі әке-шешесін сан рет ауызға алып, өліп-өшіп жүрген Харитон бүгін келіп, басқа біреудің баласымын дейді. Сейілбек осы сәттегі тымырсық үнсіздікті майдаланып, Харитонның кескін-келбетінен орыс нәсіліне ұқсастық іздеді. Түстеп қараған кісіге қас-қабағында, бет ажарында орыс сипатының нышандары бар сияқты. Бірақ табиғи тұтас бітімінде қазақтан пәлендей айырмасы байқалмайды.

Сейілбектің бейжай күйін байқаған Харитон кінәлі пішінмен кішілік көрсете:

— Сурет көрсетіп, сізді қайдағы бір шытырманға апарып салдым-ау, аға! — деді.

— Маған салсаң, соныңның өзі жақсы, — деді Сейілбек, қандай қиын жағдайға салса да қыңбайтынын білдіре. — Өзен бұлақтан тарайды... Шынымды айтайын, осы суреттен бір зор оқиға туып кете ме деген үміттен де құр емеспін.

Харитон қолындағы суретті аударып, Сейілбекке ұсынды.

— Жазуын оқыңыз.

Сейілбек суретті алған бойда сыртындағы інжу-маржандай тізілген қазақша жазуға көз жүгіртті: «Әкемнің өмірлік аяулы досы Харитон Карпович. Сіздің қасиетті есіміңізді мәңгілікке есте қалдыру мақсатымен тұңғыш ұлымның атын Харитон қойдым. Ұзақ өрісті, ұлы достықтың өшпес белгісі болсын деп, сіздің жарқын бейнеңізді кішкентай Харитонның бейнесімен жалғастырдым.

Алмас Оспанов.

18 июнь, 1946 жыл».

Сейілбек суретті Харитонға қайтарып берді де:

— Бір есептен бұ да маған түсінікті болды, — деді. Қараса Харитонның қабағына жұқалаң көлеңке жүгірген екен. Қаны бетіне шапшып, ішкі толқын сыртқа теуіпті. Осы суреттің астарында да бір керемет уақиға жатқанын шоласыз сезген Сейілбектің жүрегі май ішкендей қобалжып жүре берді. Сурет сыртындағы жазу телегей-теңіз тарихтың беташарындай көрінді оған. Мұны жазған Алмас — Харитонның әкесі екен. Харитон Алмастың әкесі Оспанның өмірлік досы екені де айдан айқын болды.

Сейілбек бұл орайда әзірге сөз қозғамауға бекінді де, сұлу-сыпайы қалпында тым-тырыс отырып қалды. Қузап сұрай қоймаған соң Харитон да сурет жайына өз білігімен бара қойған жоқ. Несі бар, реті келгенде кейін айтылар. Бітегене танысып, біліспей жатып бар сырын айтып берсе, мынаның өз жақсылығы өз басынан артылмайтын-үркөппе жігіт екен деп, көңіліне кірбің алуы да кәдік.

Бұлар үнсіз ұзақ отырды. «Айтылмаған сырын» бастар ма екен деп, Сейілбек Харитонның аузына қарайды. Уәде еткен шығармасын қашан берер ме екен деп, Харитон асыға күтулі.

— Ал, Харитон бауырым! — деп бастады Сейілбек қозғалақтап, — ойнасақ та недәуір жерге бардық білем, түс ауып барады, ұзақ отырып қалдық, совхоз орталығына жетейік...

— Мен де сіздің аужайыңызға қарап отыр едім, — деп, Харитон оң қолымен жер тіреп атып тұрды.

— Айтқаным айтқан, — деді Сейілбек, орнынан созалаң көтеріле беріп, — шығармам чемоданда. Барған жерде қолыңа беремін...

Харитон сөз қайтармай машинаның кабинасына жып етіп кірді де, рульге жармасты. Сейілбек те кабинадағы орнына жайғасты.

Харитонның кеудесінде Сейілбектің: «Өзен бұлақтан тарайды» деген кестелі сөзі күмбірлейді. Лыпылдап тұрған ұшқыр газик шалқар көлінің оңтүстік жағалауын қапталдай орналасқан ақ қалашыққа қарай ағыза жөнелді.

МАЙДАН ЖОЛЫНДА

Күн ыстық. Аспан айналып жерге түскендей. Вагон іші қапырық. Шаңқай түс. Жанымды қоярға жер таппай, дәлізде ерсілі-қарсылы жүрумен болдым. Ыстыққа шыдай алмай әбден берекем кетіп, зықым шықты. Ең болмағанда шамалы желпініп келейін деп, артқы тамбурға қарай өте бергенімде, есігі жартылай ашық тұрған шеткі купеден біреу:

— Әй, жігіт! Бері кіре кет! — деп қазақша дыбыстады. Мен оған таңдана қойған жоқпын. Азар болса майдандағы сан қазақтың біреуі шығар, тілдесіп, танысып шығайын деген оймен купеге сұраусыз кіріп бардым. Оң жақтағы қызыл шұбар көрпе жабылған төсекте тықыр қара шашты, көзіне қара көзілдірік киген, қыр мұрынды қара торы жігіт отыр екен. Купеге кірген бойда иіліп барып, сәлем беріп едім, жігіт маған тура қарамай, оң қолын қырындата созды. Қолын ұстай алдым. Қысқа-қысқа сөз қағысып, амандық айтыстық.

Жігіттің қарсы алдындағы төсекте шабдар шашты, көкшіл көзді, ашаң ақ сары жүзді жас әйел отыр. Ол ақ жаймаға шымқап ораған нәрестені қапсыра құшақтап алыпты. Иіліп барып, онымен де қол алысып амандастым. Сөйлесе келе, жігіттің аты Алмас, келіншектің аты Елена екені мәлім болды маған. Мен өзімнің аты-жөнімді әдепкі амандасқанда-ақ айтқанмын. Алмас екеуміз бастапқы кезде тосын кездескен бөгде адамдардың жосығымен сарабдал сөйлесіп, салқындау отырдық. Үйренісе келе кем-кемнен шүйіркелесе бастадық. «Госпитальдан шықтым, еліме қайтып бара жатырмын», — дегеннен басқа, өзі туралы бөтен-бастақ сөзге Алмас бірден бара қойған жоқ. Мен де таныспай жатып, бұлардың жай-жапсарын қазбалап сұрамадым. Алмас сөз арасында менің әдебиетші-журналист екенімді біліп алған соң, құлшынып кетті.

— Қаламыңызға татыса көрерсіз, менде талай әңгімелер бар, — деді. Аз сөзбен көп жайларды аңғартты. Кез келген жерден қызық уақиғалар, тамаша деректер іздейтін басым, маған да керегі осы деп жабыса кеттім. Сонда Алмас қырын қарап, баласын емізіп отырған көркем жүзді ақ сары келіншекке бетін түзеді:

— Елена! Мына жігіт маған майдандағы өміріңнің бір елеулі кезеңдерін айтып бер деп өтініп отыр, әдебиетші екен, жазғысы келеді білем, — деді. Өтіл сұрағандай қиылып айтты. Сәлден кейін сөзін жалғап әкетті. — Бұл жігіт екеуміз қазақша сөйлесеміз, біздің тілімізге сен түсінбейсің ғой, ренжіме, жаным, жарай ма?..

Келіншек сұлу-сыпайы пішінмен бізге бетін бұрып, тіл қатты:

— Қайтер дейсің... Оның несі айып? Өз тілдеріңде еркін сөйлесе беріңдер...

Келіншек шыр ете қалған нәрестенің бетін аймалады да, оны ақ мамық жастыққа салып, тербете бастады.

— Ұйықтай ғой, бөпем, ұйықтай ғой!

Мен көзілдірікті жігіттің зағип екенін мана алғашқы көргенде-ақ біліп едім. Сонда да ол туралы жұмған аузымды ашқан жоқпын. Қан майданда көзінен айырылған жандар аз ба? Пақырдың тірі қалғанына шүкір. Госпитальдан сауығып шығып, туған еліне қайтып бара жатқанының өзі бір ғанибет емес пе? Ендеше ана құндақтаулы нәресте де осы екеуінікі болғаны. Бұлардың майдан жағдайында табысып, үйлі-баранды бола қалуына да пәлендей таңдана қойған жоқпын. Әйткенмен, себепсіз салдар болмайды. Менің ойымның үстінен түскендей осы жайттың тетігін Алмастың өзі басты.

— Елена екеуміздің қалай табысқанымыз өз алдына бір ұзақ хикая, — дей беріп, Алмас қиян-қияға созылып жатқан ұзақ өмір жолына түсіп алғысы келгендей, созалаңдап барып тоқтады. Терең тебіреніп, толқып отырып, сөзін жалғап әкетті. — Елена екеуміздің ойда жоқта кездесуімізге, мына бөбегіміздің дүниеге келуіне соғыс себепкер болды... Әңгімені рет-ретімен майдан өмірінің әуел басынан айта бастасам, тым ұзаққа кетермін. Орайы келгенде шегініп кетіп, әр тұста толықтыра жатармын. Бір кезеңді жерінен килігейін... Менің осы пікіріме сіз қалай қарайсыз?..

— Қалай айтам десеңіз де ықтияр өзіңізде, — дедім мен, — айтатын әңгімеңіз арабтың «Мың бір түніндей» ұзақ болса да, мені тыңдауға жалығады екен деп ойламаңыз.

— Ал, ендеше, мен айта берейін, сіз тыңдай беріңіз, қолайыңызға жақса қабыл аларсыз, жілігі татымайтын көк жасық екен десеңіз, далаға тастарсыз.

Алмас пен Елена хикаясы осылай басталған.

Аумалы-төкпелі, аласапыран майдан өмірі сәт сайын сан құбылып, жиі өзгереді. Соғыс даласында қас қаққанша зым-зия құрып кетуің де оңай. Аузын арандай ашып, жалақтап төніп келген сұм ажалды алып ұрып, жерге таптап тастауың да ғажап емес. Адам тағдырын соғыста бір минут, тіпті бір секунд шешеді...

Майданға Алмас қырық екінші жылы жазға салым келген-ді.

Содан бері талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, аман келе жатыр. Анығырақ айтқанда, соғыстың оты мен суын кешкен кемел офицер. Ақыл-ойы, шама-шарқы жеткенше аянып қалған жері жоқ. Ол ел қатарында ербеңдеп жүрген ер қара да емес, басқалардан қара үзіп, үздік шыққан ересен ер де емес. Аспанға да өрлеп шықпаған, жерде қалып қоймаған, жедеғабыл қиын іске келгенде жанын аямайтын, қорқып кейін шегінбейтін жауынгер.

Екі жылға тарта майданның алдыңғы шебінде болып, екі рет жеңіл жараланды. Екі рет госпитальға түсіп, тез сауығып шықты. Майданға қайта оралды. Ақырында соғыстың әмірімен, майдан тағдырының айдауымен жолды іске қосу батальонына қызметке ауысты.

Біздің әскерлер қырық үшінші жылы январь айының бас кезінде Курск қаласын фашист басқыншыларынан азат еткенде, олардың ішінде Алмас та болған. Біздің қаһарман армия Курск облысының қалалары мен селоларын бірінен соң бірін жаудан босатып, үрдіс алға басып барады. Әскерлердің алдыңғы лектері бұл күнде Белгород қаласының деңгейіне жеткен. Неміс фашистерінің әскерлері осы жерге күшін шоғырландырып, табан тіресіп тұрып алған. Біздің бөлімдер өз күшін қайта жасақтап алып, жаудың қалың қолына бүйідей тиген.

Орталық майданның екінші эшелоны Курск мен Белгоград арасындағы ЭН темір жол станциясының маңайындағы селолар мен деревняларға бытырап орналасқан-ды.

Алмас қызмет істейтін батальон штабы темір жол станциясындағы жүк-тасымал конторының екі бөлмелі аласа кірпіш үйінде. Батальонның бұл жерге келіп аялдағанына бүгін алтыншы күн. Тәртіп бойынша жолды іске қосу батальондары үнемі майданның соңынан ілесіп, ілгері жүріп отыруға тиіс. Әсіресе, қысқы уақытта майдан жолдарының мінсіз болуы, кейіннен келген әскерлердің кідіріссіз ілгері асуы осы батальондарға байланысты. Жолды іске қосу батальондары генерал К. К. Рокоссовский басқарған Орталық майдан штабына тікелей бағынады.

Алмас — батальон командирінің көмекшісі. Бөлімшенің бүкіл ішкі жұмыстары соның қолынан өтеді.

Өткен апта бойына күні-түні тынбай түтеген сұрапыл боранда «Үлкен жолды» қар басып қалған. Алмастар батальонның міндеті өзіне бөлініп берілген жиырма километр жол танабының қарын аршып, кейіннен қауырт келе жатқан әскер бөлімдерінің бөгелмей ілгері асуына жағдай туғызу.

Кебеже қарын темір пештің түтінімен ысталған тар бөлмеде батальон командирі майор Капустин Петр Герасимович оның саяси істер жөніндегі орынбасары капитан Кәрім Ғилажиев, штаб начальнигі аға лейтенант Алмас Оспанов отыр.

Капустин жер ортаға жақындап қалған кексе кісі. Азамат соғысының ардагері. Майданға алынғанға шейін әлденеше жыл бойына Москвада Бауман аудандық оқу бөлімін меңгеріпті. Одан бұрын өмір бойы орта мектепте орыс тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып істепті.

Ал Ғилажиев болса отызға жақындап қалған татар жігіті. Түпкі тұрағы Уфа шаһары. Соғысқа шейін Ақ Еділ пароход басқармасында комсомол қызметінде болыпты. Өзінің сөзімен айтқанда: «кәрі комсомолец».

Ал енді Алмас Оспановқа келсек, ол Қазақстанның Ақмола облысынан. Негізгі мамандығы орта мектепте тіл-әдебиет пәнінің оқытушысы.

Капустин күліп:«біздің гуманитарлық үштік» деп атайтын. Бұл жігіттер күндегі дағдылары бойынша кешегі атқарылған жұмыстарды қорытып, келесі істелетін шаруаның нақтылы жоспарын жасап алып, енді бір ауық жайбарақат қалыпқа көшкен. Кәкір-шүкір әңгімемен өз ара жолдастық сұхбат құрып отырған.

Жуынып, шайынып, реттеліп алсын деп бүгін роталарға демалыс берілген. Ертең бозбала таңнан тағы да қауырт жұмысқа жұмылады, тағы да қысылшаң қыстың қарымен алысады, тағы да осы төңіректегі елдің адамдарын басқарып, іске қосады...

Аспан мұнарта шаңытып, қытымыр сары аяз үскіріп тұр. Отынды аямай жаққан темір пештің жылуы көңірсіп, жаныңды рақаттандырады. Бір заманда жылтырауық сары сырмен боялған тақтай еден сан-сапалақ адам аяғымен сыны кетіп, сиқынан айырылыпты.

Майор Капустин жатаған бойлы толық денесін бекем ұстап, дөңгелек көк көзі жайнап, лепіре сөйлеп отыр. «Ешкі сирақ» махорка шылымының шілбиген сабағын жиі-жиі сорғылап, көк түтінді құштарлана жұтады.

— Ертеңгі міндетіміз — жолдың ендігі қалған төрт километрін қардан арылту, — деді ол әлгі әзірде өршіп барып аяқси берген дүнияуй әңгімеден ауытқып.

Ғилажиев тұңғиық қара көзін төңкеріп, қалыпқа соққандай шымыр денесін қозғап:

— Несі бар, майор жолдас, міндеттің көбі орындалып, азы қалған жоқ па? — дегенде, оны Алмас қостай кетті:

— Міндет орындалады, майдан штабынан алғыс аламыз әлі, майор жолдас...

Ғилажиев пен Оспановқа құдайдай сенетінін көңілді, жарқын қабағынан аңғартып, майор оларға күлімдеп қарай берді. Бір қиын істің түйінін шешіп, тетігін үйлестірерде тереңнен ой толғап, түнере қалатын мінезі бар еді. Майор Капустин қазіргі сәтте де көңілді қалпын оқыс өзгертіп, сол тымырсық күйін бастады. Әрі-беріден кейін бұлт арасынан жарқ етіп шыға келген күндей жайнап, екі жағындағы екі серігіне алма-кезек қарай берді: «Сен менің оң қанатымсың», — дегендей оң жағындағы Ғилажиевқа. Сен менің сол қанатымсың», — дегендей Оспановқа қолын артты "Командир ақылды болса солдат алмайтын қиын қамал жоқ» Ападағы штаб қызметкерлерінің майдандық жиынында мұны атақты қолбасы Константин Рокоссовский айтқан. Қаһарман генералдың нақылы осы майор Капустинге арналып айтылғандай көрінді Алмасқа. «Нендей артықша қасиетінің бар екенін білмеймін, — деп ойлады Алмас, — әйтеуір, осы бір шымыр денелі, өткір көзді, мейірбан жүзді кексе кісі менің жүрегіме үнемі жақын тұрады. Құдды өмір бойы бірге өсіп, бірге жүрген бауырымдай көремін».

Сол екі арада майор өзінің шашыранды ойларын құрап алды да, салиқалы пішінде баппен сөйледі:

— Жалпы жол жұмысына бұдан былай жергілікті халықты молырақ тартатын боламыз. Мұның бір нәзік жағы да бар. Әскери тәртіптің жөні осы екен деп, елді үркітіп алмайық.

Майор осыны айтып аузын жия бергенде шегір сары, ұзын тұра сержант есіктен жып етіп кіріп келді де, қолын құлақ шекесіне жанастыра ұстап, Капустинге бетін түзеді.

— Жолдас майор! Сізге келіп тұрған сержант Васильев! Мәлімдеуге рұқсат етіңіз!

— Баяндаңыз!

— Жаңа, көшеде патрульде жүргенімізде бір күдікті адам ұстап алдық. Соны сіздің құзырыңызға әкеп тапсыруға рұқсат етіңіз!..

— Әкеліңіз!

— Орындауға рұқсат етіңіз!

— Орындаңыз!

Сержант Васильев оң жағына жалт бұрылғанда шолақ тонының етегі жарқылдап, кең қоныш кирза етігінің өкшесі сарт етті. Оң қолын шекесінен темен түсіре бере сілкіп тастады да, кере адымдап үйден шығып кетті.

Офицерлер бір-біріне үнсіз қарасты. Бұл не пәле тағы да? Сержант лездің арасында солбырайған біреуді алдына салып айдап әкелді де, командирден рұқсат сұрап, дереу кері шығып кетті. Офицерлер бейтаныс адамды көздерімен ішіп-жеп, оған ызбарлана қарай қалысты. Сиқынан адам шошығандай. Қауқиған сақалы, сабалақ мұрты бетін жауып кетіпті. Көзі жылтырайды. Тарлан шашы самайы мен желкесін жауып тұр. Ұзын бойлы, жалпақ жауырынды, ашаң тұлғасынан жас шамасы елуден асып кеткен адам дерлік. Үстіне неміс солдатының күлгін көк түсті жұқа шинелін киіпті. Басындағы лыпасы да осы шинель түстес, күнқағарлы жұқа бөрік. Аяғында көстиген қайқы бас қара ботинка.

Бейтаныс адам офицерлерге тура қарауға батылы бармай, қипақтай берді. Майор оған зілдене үн қатты:

— Сіз кім боласыз?

Анау әдепкіде күмілжіп қалып, таза орыс тілінде жауап берді.

— Мен, мен қашқынмын. — Қанталаған көк көзі жыпылықтап төмен қарады.

Мұның осынша қиналып тұрғанына қарағанда «күдікті адам» екеніне Алмастың күмәні қалмады. Майор қанын ішіне тартып, қатулана зекіріп қалды:

— Мен сізден жөніңізді сұрап тұрмын ғой, неге дұрыстап жауап қатпайсыз?

Анау сақау кісіше тұтыға:

— Мен... Мен фашистердің тұтқынынан қашып шыққан мадиярмын, — деді.

Майор онан сайын зілдене:

— Қайдағы мадияр? — деп сұрады.

Бір жақтан Ғилажиев дүрсе қоя берді:

— Қай жақтан қаңғырып жүрген мадиярсың?

Мыналардың сөзін еселеп жібергісі келіп Алмас та үн қатты: Тыңшы шығарсың?

Бейтаныс адам бұларға сүзіле қарап, тісін шықырлатып, басын шайқады.

— Жоқ, мен тыңшы емеспін...

Майор ақырында тергеушінің ресми сипатын тауып, айбын көрсете:

— Тұтқыннан қашқаныңды, адал екеніңді немен дәлелдейсің? — деді.

Анау ауа жетпей тынысы тарылып бара жатқандай, қылғына ыңыранды шинелінің түймесін ағытты. Бөркін шешіп қолтығына қысып алды. Ұйпаланған сабалақ шашын добалдай саусақтарымен умаждап тұрып қиыла сөйледі:

— Мен совет еліне, екінші Отаныма келдім... Неміс армиясының тылында қызмет істедім...

Осы сәтте майордың жүзіне емен-жарқын жылы леп жүгірді. Мына кісінің ақтығына кәміл көзі жетпесе де, жанарынан мейірім ұшқыны жалт етті. Жолдастары майордың ыңғайына бейімделіп, иман — таразы қалпына ауысты.

«Шындығында мұның өзі тұтқыннан қашқан солдат шығар», — деген салдарлы ой келді Алмасқа.

— Адал адам екеніңді немен дәлелдейсің? — Ғилажиевтің тікелей сұрағына мадияр жауап қатпай, қырындай берді де, еденге жалп етіп отыра кетті. Ыңырана қозғалып, оң аяғының ботинкасын шешіп тастады. Ботинканың қатпар-қатпар ұзын қонышына қолын сұғып жіберіп, адам көргісіз қара ұлтарағын сопаң еткізіп суырып тастады. Енді ботинканың ішінен әмиян тәрізді қара қалтаны уыстап ұстаған күйінде «менің бар сырым осының ішінде шығар», — дегендей офицерлерге жалбарына қарады. Енді бір сәтте ұлтарағын орнына салып қойды да, ботинкасын киіп алды. Орнынан созалаңдай көтеріліп, жаңағы қалтадан бір жапырақ қағазды алды да, аяғын бір басып, екі басып, офицерлерге жақындай бере, қағазын майорға ұсынды.

— Құрметті офицер! Мына қағазымды көріңіз!

Майор қағазды алған бойда көзіне жақын ұстап тұрып, күбірлеп оқыды да, сәлден кейін бейтаныс адамға әрі-сәрі пішінмен көз жүгіртті.

— Сіз шынында да Венгрия компартиясының мүшесісіз бе?

— Офицер жолдас! Кешіріңіз! Сізді жолдас деп атауға менің хақым бар. Мен Венгрия компартиясының мүшесімін...

Мадиярдың сөзінде де, көзінде де алдар деген бір кәдік жоқ сияқты. Ақ пейіл, адал жанмын, шын сырым осы қағазда деп, ақ жанын совет офицерлерінің алдына жайып салғандай.

Қалай дегенмен Алмастың көңілінен күдік кетпей қойды. Мұның бір ұртында қаны бар жырынды тыңшы емес екеніне кім кепіл?

Майор Капустин қағазды бес саусағының ұшымен бүріп ұстап, шошайта көтерді. «Өтірік айтсаң жаның шықсын, шын болса, нұр үстіне нұр», — деп тұр жайнаған көздері. Ол енді қағазды алақанына жайып, тағы да жазуын бір шолып өтті.

— Мына суретке қашан түстіңіз? — Қағаздың оң жақ бұрышындағы кішкентай суретті сұқ саусағымен нұқып көрсетті.

— Бұл суретке түскеніме үш жыл болды, — деді Мадияр жайымен.

Майор қолындағы қағазды оң жағында тұрған Ғилажиевқа беріп еді, ол тез-тез оқып көрді де, Алмасқа ұстатты. Алмас қағазды дереу оқып көрсе, мына адамның Венгрия компартиясының байырғы мүшесі екенін растайтын куәлік екен. Қағаздың бұрышына жапсырылып, етек жағына мөр басқан сурет те осыныкі.

— Партия билетіңіз қайда? — деп сұрады Ғилажиев.

Менің партия билетім Будапештегі астыртын аудандық комитетте сақтаулы, — деді Мадияр саспай. Жағдайы айқындалған сайын және де совет офицерлерінің қатал қалыптан «сіз-бізге» ауысып, сыпайырақ сөйлескеніне көңілі жайлана бастаған. — Бұл куәлік қағазды маған венгер коммунистерінің майдандағы астыртын штабы берген...

Майор оның сөзін бөліп жіберді:

— Куәліктің орыс тілінде жазылуы қалай?

— Мен, түбінде фашистер біржола талқандалғанда советтік Россияда қалып қоюды ертеде мақсат еттім. Сол себептен астыртын штабтан өтініп, осы куәлікті күні бұрын орысша жаздырып алдым.

Мадиярдың орыс тілін мұншалық жетік білгеніне шүбаланып тұрған Алмас бір жақтан дік ете қалды:

— Сіз орыс тілін қайдан білесіз?

Мадияр маған да керегі осы сұрағың еді дегендей қылаң ұрып, құлшына жауап берді:

— Білгілеріңіз келсе, оны да мәлімдейін. Мен он тоғызыншы жылдан жиырма төртінші жылға шейін Советтік Россияда тұрғанмын. Әуел баста екі жыл Атбасар қаласында, кейін үш жылға жуық Петропавловск қаласында тұрдым. — Ол осыны айтты да қаз-қатар тізіліп тұрған үш офицерді түстеп біліп келгендей, оларға бастан-аяқ мұқият көз жүгіртіп өтті. Әсіресе ежелгі досын тапқандай Алмасқа көзінің сұғын тігіп, ұзақ тұрды. Штаб кеңсесінің көлденеңі мен биіктігі бірдей бәкене екі терезесінен қырын түскен аязды күннің самарқау сәулесі мадиярдың алба-жұлба күлгін көк шинелінде ойнайды.

Алмас қолындағы қағазды майорға қайырды.

Майор жылы шыраймен оң жақ шеттегі орындықты мадиярға нұсқады.

— Отырыңыз.

Мадияр қорбаңдап барып, боялмаған орындыққа бар салмағымен сықырлата отырды. Енді жаны жай тапқандай тұмсығын көтеріп, екі қолымен тізесін тіреп, жеңіл күрсінді. Осы сәтте офицерлер де өз орындарына жайғасқан еді.

Майор мадиярға зілсіз пішінмен қарады:

— Ал кәні сөйлеңіз. Жағдайыңызды бізге толық баяндап беріңіз. Мына куәлігіңіз әзірше менде бола тұрсын...

Мадияр құптап бас изеді де, сәлден кейін қоңыр дауыспен жайлап сөйлей бастады:

— Фашистердің тұтқынынан қашып шыққаныма сеніңіздер! — Үйдің күнбатыс тараптағы бітеу қабырғасына қарай оң қолын сілтеп қалды. — Қазір Гитлер әскерлері Белгород қаласының түбінде...

Майор оның жалпыға белгілі жағдайды қайталап айтқанын ұнатпай:

— Сіз өз басыңызға байланысты жағдайларды айтыңыз, деді.

Мадияр Капустиннің жаңағы айтқанына түсінбей қалды ма, әлде естімегенге салынды ма, әйтеуір, бұрынғы қалпымен қоңырлатып сөзін соза берді:

— Әр түрлі ұлттардың адамдарынан құралған мың қаралы тұтқындар майдан жолының қарын тазалап жүр едік... Аһ! Осы кейінгі айда көрген азабымыз ересен болды. Суықта үсіп өлгендер қанша!.. Тірі қалғандарымызды осыдан үш күн бұрын эшелонмен күнбатысқа жөнелткен. Кейбір сыбысқа қарағанда бізді Германияға апарады екен дегенді естігенбіз. Қараңғы түнде поезд станциядан жылжып жүре бастады. Мен сонда қызыл вагоннан жерге секірдім. Өлсем өліп-ақ қалайын, тірі қалсам, совет еліне өтейін деп тәуекелге бел байладым.

Ғилажиев мадиярдың сөзінен жарықшақ тапқысы келіп оған көлденең сауал қойды:

— Ашыңқырап айтыңызшы. Совет жеріне не мақсатпен өттіңіз? Сізді бұл тәуекелге итермелеген себептер қандай?

«Осы сауалды дер кезінде қойғаның мұндай жақсы болар ма, өзім де соны айтуға асығып отыр едім», — дегендей құлшынып, құлдыраңдап кетті мадияр.

— Екінші Отанымда қалып қойғым келді. Одан басқа мақсат жоқ менде.

— Сіз баяғыда совет еліне қалай өттіңіз? Соны айтып бересіз бе? — Майор Капустин әңгіме желісін алысқа тартты.

— Менің советтік Россияға өтуіме себеп болған бірінші жиһан соғысы, — деді Мадияр, — соғыста тұтқынға түстім. Бір топ тұтқынды ішкі Россиядан жылжыта-жылжыта, ақырында Атбасар қаласынан бір-ақ шығарды. Революциядан кейін өз ықтиярыммен сонда қалып қойдым.

— Революциядан кейін қандай кәсіп істедіңіз? — деп сұрап қалды Алмас.

— Оны да айтып берейін: ең алдымен, майданнан қайтқан солдаттарға қосылып, он тоғызыншы жылы Мариновка көтерілісіне қатыстым. Мұның өзі айта берсем, өз алдына бір ұзақ хикая. Біліп қойыңыздар! — Мадияр отырғыштан көтеріліп, офицерлердің қарсы алдына сіресіп тұра қалды. — Сіздердің құзырыңыздағы Венгрия коммунистік партиясының байырғы мүшесі, ежелгі жұмысшы әулеті Габриш Пали!.. — Осыны айтқанда мадиярдың жүдеу жүзіне нұр жүгірді. Әріптестерімен қауышып тұрғандай-ақ, мұртын сылап, гүл-гүл жайнап жүре берді.

— Отырыңыз! — деді майор Мадиярға. Анау отыра бергенде сөзін еселеп жіберді.

— Жарайды, сөзіңізге иланайық... Біздің елімізде сіздің ет жақын адамдарыңыз бар ма?

Өтіп кеткен өкінішті өмірі есіне түсті ме, яки болмаса, көңілінде басқа бір кілтеңі бар ма, Габриш Пали мұңая қалып, терең күрсінді.

— Петропавл қаласында орыс қызына үйленіп, семья құрған едім. Зайыбым Надежда Федоровна жиырма үшінші жылы қайтыс болған. Бір жасар қызым нағашы әжесінің қолында қалып еді. Мен болсам, туған еліме пайдалы қызмет істейін деген игі мақсатпен жиырма төртінші жылы Венгрияға кеттім... — Осыны айтты да аузынан отты леп шығара ауыр күрсінді. Өлген зайыбын, жетім қалған қызын ойлап, түнеріп кетті. Сәлден кейін қайта серпілді. — Қызым аман болса осы күні жиырма екі жаста. Қайда жүрсем де, қандай қиындық көрсем де қызымды әсте естен шығарған емеспін... Екінші рет үйленген жоқпын. — Екі қолын кеудесіне айқастырып, офицерлерге еміне қарады. — Шөлдеп кеттім, мүмкіндігі болса, су беріңіздер!

Алмас босағада быжылдап жанып тұрған темір пештің қасындағы дәу қара шайнектен бір кружка қайнаған су әкеп беріп еді, Пали оны басына бір-ақ көтерді. Көзі шырадай жанып, көндей құрысқан маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Алғыс жаудырып жатыр. Алмас оның қолынан кружканы алып орнына апарып қойды.

— Біздің елден кеткеннен бері қайын жұртыңыздан не хабарыңыз бар? — деп сұрады майор.

Пали оң қолының сұқ саусағымен маңдайын шұқып сәл ойланып қалды.

— Қайын жұртымнан хабарсызбын, — деді ол. — Олар Петропавл қаласы, Хлебников көшесі, 12 үйде тұратын. Осы адрес бойынша әлденеше рет хат жаздым. Менің хатым оларға жетпей ме, не болмаса, басқа бір киын себептері бар ма, әйтеуір еш хабар ала алмай түңіліп қойып едім.

Пали айтқан жаңағы адресті Алмас білдірмей қойын дәптеріне түртіп алды да:

— Қызыңыздың аты кім еді? — деп сұрады.

— Венгерше аты Илона еді, кейін өзгертіп жібермесе... Өзгерген болса, Елена Федоровна Швецова болуы да ықтимал. — Пали көмекейін сылқ еткізе күрсініп, жетім балаша жаутаңдай қарағанда, тақа бір тас жүрек біреу болмасаң, аямасқа әддің жоқ.

Алмас мадияр қызының есімін қойын дәптеріне жазып алды. Майор Капустин бұл сапар өте сыпайы келді:

— Неміс армиясына өз еркіңізбен кірдіңіз бе? Немесе зорлықпен алындыңыз ба?

Пали сұрақтарың қандай қиын болса да тиянақты жауабын беруге әзірмін дегендей пішінмен әріден бастады.

Талай жылдан бері Будапештегі селикат заводында қатардағы жұмысшы екен. Заводтың үш жүзге тарта жұмысшысы, мамандары қырық екінші жылдың көктемінде майданға алыныпты, қара жұмысқа қатысыпты. Содан бері олардың бармағын жерлері, баспаған таулары қалмапты. Чехословакияда, Польшада, Украинада болыпты. Палидің серіктерінің көпшілігі түрлі індеттен, аштан өліпті. Бұлардың құрама жұмысшы полкі осыдан он күн бұрын Белгород қаласына келіпті...

Палидің әңгімесін байыппен тыңдап отырған майор Капустин осы тұста бір сөз айтты:

— Өлмешінің күнін көріп жүре бердіңдер ме? Не болмаса, астыртын әрекет істедіңдер ме?

Пали орнынан тік көтеріліп, офицерлер алдында сіресіп тұрып қалды.

— Компартия бізге аса қиын міндетті жүктеген, — деді.

— Қандай міндет? Анықтап айтыңызшы!..

Пали домбығып, ісініп кеткен саусақтарын айқастыра сытырлатып, табан астында бойына ересен қайрат біткендей құлдыраңдап кетті.

— Компартия бізге Венгрияны фашистердің тепкісінен азат ету міндетін жүктеген, -— дегенде көгеріңкі жүзі күреңітіп, көкшіл көзі нұр жайнап кетті. — Ол күн енді алыс емес...

— Астыртын жүргізген жұмыстарыңыздың кейбір аса маңызды деректерін айтыңызшы, — деді Ғилажиев.

— Шамамыз келгенше, қолайлы жағдайдың бәрін пайдаланып жау тылына іріткі салдық, — деді Пали, — қайсыбірін айтарсың. Орайы келіп, сәті түссе кейін бәрін де баяндармын.

— Біздің армияда қызмет істеуге қалайсыз? — деп қалды Алмас төтеннен.

Пали қолтығына қысқан бөркін дереу киіп алды да, оң қолын шекесіне жанастыра көтеріп, бойын тік ұстап тұра қалды.

— Совет Одағына қызмет етуге әрқашанда дайынмын! — деді.

Майор оған бір табан жақындап, «еркін тұра бер!» — дегенді ишаратпен білдірді. — Оны кезінде көрерміз, — деді майор, — тәртіп бойынша біз сізді әуелі тексеріс елегінен өткіземіз. — Ол енді Алмасқа мойын бұрды. — Жолдас аға лейтенант, сіз мына кісіні тиісті жерге табыс етесіз.

Майордың айтып тұрған «тиісті жері» майдан штабының контрразведка бөлімі. Алмас мұны бірден біле қойды да, әскери атағы бір-екі саты төмен бағынышты офицердің жөн-жосығымен лып ете қалды:

— Жолдас майор! Әміріңізді орындаймын!

— Орындаңыз!..

Алмас апыл-құпыл киінді де, шоферлікке сержант Гурген Мурадянды алып, жатаған бобик машинасымен Горчаково селосына жөнеп кетті. Палиді майдандық контрразведка бөліміне табыс етіп, штабтағы әр түрлі шаруаларын қоса тындырып, қонаға қайта оралмақ. Жылпос Мурадян қолды-аяққа тұрмай, Алмастың тез қайтамыз дегенін құптап қойды да, тіпті одан асырып жіберді: «Амандық болса төрт сағатта зулатып қайта келеміз», — дейді.

Бұлар темір жолдың солтүстік жақ іргесін бөктерлеп, қалың қар құрсанған дүлей орман арасындағы борпылдақ бұраң жолмен күншығысқа қарай тартып келеді. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында». Алмас қайда жүрсе де қазақ атасының осы қағидасын әсте жадынан тастамайтын. Әрдайым сергек те сақ жүруге тырысатын... Өз қарауындағы солдаттарды да қырағылыққа, сақтыққа баулитын.

Ақ желек жамылған орман іші құлаққа ұрған танадай. Аязды күнгі жалтаң аспан көк тайғақ мұзға ұқсайды. Қарағайлардың жалбыр жапырақтарына қонған боз қырау тас төбеден мұңая төнген қысқы күннің ысқаяқ сәулесімен күміс ұнтағындай жылт-жылт етеді.

Алмас оқтын-оқтын артына қарап қояды. Палида үн жоқ. Жайлы, жұмсақ орында жаны рақаттанып, бесіктегі жас баладай маужырап қалған.

Бұлар орманның темір жолға ұрымтал бір алаңқы жеріне қиыстап шыға беріп еді, әлдеқайдан алыстан жау самолеттерінің үйреншікті мотор гуілі еміс-еміс естіле бастады. Алмас шаншудай қадалған самолет гуілінен секем алып, Мурадянды ақырын бүйірге түртті:

— Әне, қара! Миссерлер ескі әніне басты...

Сержант жау самолеттерін елемеді ме, әлде қауіптенгенін командиріне білдіргісі келмей ме, кім білсін, баз баяғы жинақы, бекем қалпында машинаның рулін ұршықтай үйіріп, жеделдете айдай берді. Алмас артына тағы да бір айналып қарап еді, Пали қобалжып отыр екен. Оң қолын ербеңдетіп, Алмасқа сасқалақтап үн қатты:

— Офицер! Фашист самолеттері!..

Алмас Палиге сөз қайырмай, тығындалып отыра берді. Қанша қорықпайын десе де ет жүрегі ерікке қоймайды. Анау сәт сайын жақындап келе жатқан жау самолеттері оған біздің адамдарға төнген ажалдай көрінді. Мұның өзі Алмаста сирек болатын сезім. Рас-ау, қасақы жау нені тыңдайды? Қазір келе салып, мына станцияға бомба төгеді. Тегінде өлімнен, қауіп-қатерден сескенбейтін, көзсіз көбелектей жанған отқа барып түсе қалатын адам болмайды. Сонда Алмасқа мынадай бір ой келген: «Қорқу, сескену дегеніміз қорқақтық емес. Ол — жүрек тебіренісі, өзін-өзі сақтау сезімі. Қорқақтық — ол қиын жерден бас сауғалап, шегіну, қашқақтау, алда тұрған асыл міндеттен өз қара басын жоғары ұстау. Ал енді, батырлық, ерлік дегеніміз — болаттай берік күш-қайрат пен алғыр ақыл-ойдың, ұтымды амал-айла берік сенімнің бір жерге тоғысып, топталып, сомдалып шыққан, жауға қарсы жұмсалған ең жоғарғы қару-жарақ...»

Бұлар Горчаково селосының солтүстік өкпе тұсындағы темір жол станциясына жақындай бергенде бір топ жау самолеті лездің арасында дәл үстерінен өтіп, ілгері қарай асып кетті. Сол-ақ екен, станцияның әр тұсынан зенит зеңбіректері гүрсілдеп қоя берді. Сәт сайын сан атылып, келген самолеттерге айбар көрсетіп жатыр.

Алмастар орманнан шығып, солтүстік тараптан кесе-көлденең кездесе кеткен тас жолдың сорабына түсті. Бұл жол станцияның күншығыс беткейіндегі будканың тұсынан қиып өтіп, Горчаково селосына қарай — күншығыс-түстікке тура тартады.

Сол екі арада жау самолеттері станцияға бомба жаудыра бастады. Енді Алмастар станцияның солтүстік жақ іргесін жағалап өтіп, шлагбаумды будкаға жетіп еді. Алты қызыл вагон тіркеген ең дәу паровоз күнбатыс тараптан будкаға жете бере тоқтап қалыпты. Мұржасынан бу атқылап, пыс-пыс етеді. Қарға адым жер мұң болып, бір қадам ілгері баса алмай, әлсін-әлсін өкіріп бебеу қағады.

Будканың тұсынан зып етіп өтіп кетеміз деп, зулатып келгенде Алмастың машинасы паровозға тіреліп, төбеге ұрғандай тұрып қалды. Темір жолдан әрі қарай өтуге болмай қалды. Енді не істеу керек? Машинаны осы жерге тастап, бас сауғалап жаяу жетуге болар еді. Алмас ойланды, толғанды. Сайып келгенде, қолақпандай екі жігіттің мұнысы нағыз қоян жүрек қорқақтың ісі болмай ма? «Өлімнен ұят күшті». Ар-намыстан аттап өтіп, қарақан бастарын алып қашқанда не барқадар таппақ? Не де болса көппен бірге көрген ұлы той емес пе? Машинадан түсіп, айналаға барлап қарағанда Алмасқа осындай тиянақты ойлар келген. Ол енді машинаны темір жолдың төменгі жағын, жүз метрдей жерге шегіндіріп қойғызды да, сержантқа бұйырды:

— Мен барып эшелонды барлап келейін, сен осы арада машинаны күтіп тұра тұр. Ана кісіні машинадан шығарма. Ұқтың ба?

— Құп болады, жолдас аға лейтенант!

Алмас эшелонға қарай жүгіре жөнелгенде артқы вагонға бір бомбаның жарқ етіп түскенін көрді. Ол паровоздан секіріп түскен, үсті-басы май-май машинист жігіттен:

— Бұл не қылған эшелон? — деп сұрап еді, анау сасқалақтап, тез-тез жауап берді:

— Майданның алғы шебінен тылға көшірілген біздің адамдар.

— Неге тоқтап қалдыңдар?

— Жолдың рельсі жарылыпты...

— Қап! Мына сорлылар қырылды-ау!..

Келесі сәтте Алмас қараса, кемпір, шалдар, әйелдер, балалар вагондардан жапа-тармағай секіріп түсіп жатыр екен. Ел жолдың екі жағына босып барады. Айнала ию-қию. Біреуді біреу біліп болар емес. Темір жолдың екі жағындағы оппа қарға көміле құлап жатқан адамдардан көз тұнады.

Өртеніп жатқан артқы вагоннан біреу жерге домалап түсті де, жан дәрмен тұра салып, тонының етегі жерге сүйретіліп, бет алды құла түзге безе жөнеліп еді. Оны Алмас етегінен тартып тоқтатып алды да:

— Вагонда адам қалды ма? — деп сұрады.

Қауға сақал, шегір көз, сары шал абыржып:

— Медсестра қалды... Жүрегі жаман екен, талып жатыр, — дей берді.

Алмас шалға зекіріп тастады:

— Талып жатыр дегенше алып шықпайсың ба?

— Құдайға сенсең, алып шығайын деп едім, шамам келмеді, — деді шал қалшылдап. — Баршы, құтқаршы бишараны... — Шал осыны айтты да ай-түйге қарамай ілгері кетті.

Алмастың зығырданы қайнап, көзіне қан толды. Вагондарға топылдап бомба түсіп жатыр. «Бір туыппын, бір өліппін» деді де, өртеніп жатқан артқы вагонның есігіне ырғып шықты. Оң жақ босағада ыңырсып жатқан әйел бірден көзіне шалынды. Әйелді жалма-жан есікке сүйреп әкеп, аяғын сыртқа шығарып оңтайлап қойды да, өзі жерге секіріп түсті. Енді бір сәтте әйелді аяғынан сүйреп алып, жұмарлай құшақтап, жерге түсірді. Енді киімімен қаусыра көтеріп алып, машинаға қарай дедектеп ала жөнелді. Машинаға жете бергенде жан даусымен сержантқа айқайлай берді:

— Машинаның артқы есігін аш шапшаң!..

Сержант құстай ұшып барып, машинаның артқы есігін ашып жіберді. Алмас алқынған бойымен әйелдің басын есіктен сұға беріп еді. Бұларды көре сала Пали қорбаңдап келіп әйел де Алмастың қолынан қақшып алды да, машинаның артқы орындығына көлденең жатқызып қойды. Өзі етек-жеңін жинап, әйелдің алдыңғы жағына жанаса отырып, оның басын сүйей берді.

Алмас жаңа әйелді көтеріп әкеле жатқанда және бір әйелдің жолда құлап жатқанын көрген. Енді соны құтқарғалы жан ұшырып бара бергенде, дәл қасынан бір бомба жарқ етіп жарылды.да, Алмас оның толқын екпінімен қан-көбелек ойнап, анадай жерге ұшып түсті. Содан кейін не болып, не қойғанын білген жоқ...

Әуел баста Алмас өзінің не пәлеге ұшырап қалғанын, қай жерде жатқанын білген жоқ. Басы-көзін дәкемен тас қып таңып тастапты. Тұңғиық тылсым дүниенің ортасында жалғыз қалғандай, теңіздің көк ала толқындарына батып бара жатқандай болады. «Көзім аман болар, басымның жарасына бола көзімді қоса таңып тастаған?» Дөңбекшіп жатқанда Алмасқа осындай бір бұлыңғыр ой келген. О да болса ауру жанына бір сәтке алданыш болып, көңіліне емен-жарқын үміт сәулесін түсіріп еді:

Әлдебіреу қасына келіп отыра беріп:

— Жолдас аға лейтенант, хәліңіз қалай? — деп сыпайы тіл қатқанда, Алмас оның әйел екенін даусынан білді де, іле-шала:

— Халім жақсы, — деді жайымен, — сіз кім боласыз? Дәрігермін... Медицина қызметінің капитаны Сандомиронова... Мария Ивановна.

Алмас оң жақ жамбасына аунап жатты. Басын шырмаған дәкені сыпырып тастағысы келді, көзін кең ашып, жарық дүниені көргісі келді. Ойлап қараса, айналып келгенде, мұнысы барып тұрған сорақылық болады екен. Егер де өткінші ашудың жетегіне еріп, дауа болсын деп дәрігерлер таңған дәкені алып тастаса, не болар еді? Мынаның өзі қолақпандай жігіт басымен есін білмейтін жас баланың ісін істегені несі? Ақыл бар ма басыңда?» — деп дәрігерлер күстаналамай ма? «Шыда, шыда, Алмас! — дейді жан түкпірінен бір дауыс. — Болған іске болаттай бол!».

Әйел сөзді осымен қысқартты да, Алмастың оң қолын өзіне қарай бейімдеп алып, тамырын ұстай бастады.

— Менің көзіме не болған, жолдас капитан? — деп сұрады Алмас толқынып.

Дәрігер әйел кінәлы жандай қымсына, жасық дауыспен:

— Сабыр етіңіз! Соғыста не болмайды... Тірі қалғаныңызға қуаныңыз, — деді.

Алмас қарысып қалған жақ сүйектерін, шықшытын әрең дегенде қозғап, өзінің маңдайы мен бетін сыпыра сипап өтті де, аузынан жалын ата күрсінді:

— Түсінікті! Қош бол, жарық дүние!..

Көзімен қоса айналдыра таңып тастаған маңдайынан ыстық Тер білінді. Тұла бойы оттай ысып жүре берді. Іштен лықсып келген удай ащы жас көмейінде тастай түйіліп тұрып қалды. Тынысы тарылып, әлсіреп барады. Алмас сонда жан дәрмен күшін жинап, ішін тарта дем алды да, дәрігердің ендігі әрекетін күтіп, тым-тырыс жата берді.

— Уайымға берілмеңіз, сабырлы болыңыз, жолдас аға лейтенант! — деді Мария Ивановна нәзік даусын нәштей созып. — Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмірдің бар қызығы көзде ғана болғаны ма?..

Алмас оған үн қатпады. Дәрігердің жаңағы айтқанын көлденең адамның атөтті жұбанышындай көріп, оған пәлендей мән бере қойған жоқ. Бұрынғы қалпында, қара тастай қатқан күйінде жата берді.

— Тамырларыңыз әйбәт соғады, денеңіздің қызуы да азайыпты, — деді дәрігер әйел Алмастың маңдайына алақанын төсеп. Көйлегін түріп, трубкамен кеудесін тыңдай бастады.

Сәлден кейін дәрігер тағы да Алмастың маңдайына алақанын төсеп, үнсіз отырып қалғанда, оның қолының қызуы қос қабат дәкеден өтіп, бойына шымырлап жайылып бара жатты. Осы сәтте талмаусырап соққан қан тамырлары Мария Ивановнаның адуын қан тамырларымен қосыла лүпілдеп соғып еді. Дәрігер әйел бір мезетте Алмастың маңдайынан қолын ала беріп, күбірлей сөйледі:

— Сабырлы болыңыз, жігіт! Ештеңе етпейді, тән жарасы әлі-ақ жазылады...

— Рақмет сізге, Мария Ивановна! Өркеніңіз өссін...

— Жағдайыңыз жақсарады, тез сауығасыз, көрген бейнетіңіз бір күнгідей болмай ұмытылады, — дегенде Мария Ивановнаның үнінен берік сенім, тасқынды қуаныш сарыны сезіліп еді. Осы сәтте мейірімді дәрігер Алмасқа аянышты жағдайға душар болған сүйікті ұлын аялап отырған ана бейнесінде елестеп кетіп еді. Оның жылы — тәтті жұбанышы ауру жанына шипалы ғажап судай сорғалап, жүрегін шымырлата берген.

— Мен осы, қай жерде жатырмын? — деп сұрады Алмас.

— Майдан тылындағы көшпелі госпитальда жатырсыз, — деді Мария Ивановна жайымен. — Әзірше осында бола тұрасыз. Денсаулығыңыз шамалы жақсарған соң тылдағы госпитальға жібереміз.

Мария Ивановнаның сезіне қарағанда, Алмас бұл госпитальға бұрнағы күні түсіпті. Демек, содан бері ессіз жатқан. Бомба толқынымен ұшып түскенде екі көзінің жанары зақымдалыпты. Қарашығы жарылып, шырағы сөніпті.

Бір аптадан кейін Алмасты Рязань қаласындағы тұрақты госпитальға жөнелткен. Мұнда келгеннен бергі әр сағаты жылмен тең болған бір айда Алмас қандай күйрек сезімдерді басынан кешірмеді дейсіз? Кейде тіпті өмірге тигізер көк тиындық пайдасы жоқ тірі аруақтай сезінеді. «Шіркін-ай, басқа біреуге масыл болғаннан қиын не бар екен!..» Алмас оңаша палатада жатқанда осылай налып, күңіренетін кездері болған. Екі көзінен айырылып, тірідей кәріп болған мүгедек жанның жағдайы белгілі ғой. Әлдебір зілмауыр салмақ еңсесін тұқыртып, үстінен жаншады да тұрады. Көңіл көгін торлап алған қара түнек қалың бұлт әсте тарқамайды. Алмасқа күн де қараңғы, түн де қараңғы. Енді жарық дүниені көруден үміт жоқ. Осыны ойлағанда ұйқысы қашады, ішкен асы бойына тарамайды. Кейде тіпті айсыз қараңғы түнде жол таба алмай, жөн-жосықсыз құр беталды қаңғырып жүргендей болады. Дәрігерлер мен медсестралардың, госпиталда емделіп жатқан жаралы жігіттердің құдайдың құтты күні сан рет қайталам айтатын достық жұбаныштарына да Алмастың бойы үйреніп алған. Айтылған сәттерінде қам көңіліне бір ауық демеу болса да, әп-сәтте жел қуған тозаңдай зым-зия жоғалады.

Адам табиғаттың аса күрделі жаратылысы. Оның ең теп титімдей бір бөлшегі, тетігі шетінесе не болмақ? Қанаты қиылған құстай қиралаңдап қалмай ма? Бәрінен де адамды жарық дүниемен жалғастырған ғажайып терезе — қос шырақты айтсайшы.

Сіз қиялмен күнді бір-екі минутке сөндіріп көріңізші! Сонда әлем не күйге түсер екен? Әлем кеңістігін ғаламат сұмдық қара түнек қаптап, қас қаққанша бар тіршілік сап болар еді... Адам ұшы-қиыры жоқ кең дүниенің құртақандай бейнесі. Демек, Алмас та қарасыны иненің жасуындай бір әлем. Оның күні екі көзі еді. Қапияда шам-шырағы сөніп, дүлей қара түнектің астында қалды.

Бір ғажабы, адамның көз жанары сөнгенде қиялына қанат бітіп, көкірегі кереметтей көреген боп кетеді екен. Дүниені тынымсыз көре беруге, ондағы жақсылы-жаманды сан алуан көріністерді зейін-зердеге тапжылдырмай қондыра беруге жаралған көздің қызметі әлгі екеуіне ауысады екен. Зағип жанды адастырмай сұмдық қара түнектен алып шығатын, ел санатына қосатын солар екен...

Алмас бара-бара тағдырдың тәлкегіне көнді де, басына не салса да шыдады. Бәрінен де тірлік артық... Уақыт өткен сайын көңілі орнығып, өмірге деген құштар сезімі құланиек таң сәулесіндей молая бастады. Бұрын жер мен көктің арасына жіпсіз ілінген мұғаллақ секілді еді. Бұл күнде дүниеге жаңа келген нәрестедей жер-ананың алтын бесігінде тербеледі. Көңіліне қайғы бұлты үйіріле бастаса, оны асқақ арман мен жарқын үмітке жеңдіріп, лездің арасында серпіліп сала береді. Өткен біржарым айда жанын жегідей жеген қайғы-зарын, шымбайына батқан қабақат бейнет - азабын ауру шақта көрген шытырман ауыр түске теңейді де, ұйқысынан жаңа оянып, тіршіліктің думанды базарына қайта ендім ғой деген сезімді қолдан жасап алады. Ажалдан арашалап алып қалған мейірбан дәрігерлер, үнемі қасында болып, талай түндерді ұйқысыз өткізген сүйкімді медсестралар бейнесі санасында сайрап тұрады. Алмас олардың бірде-біреуінің дидарын көрген жоқ қой. Шарапатты дәрігерлерге, мейірімді медсестраларға бұдан бұрын өзінен басқа ешбір адам айтып көрмеген, жалғанда теңдесі жоқ керемет алғыс айтқысы келеді. Бірақ қанша ойланса да ондай керемет алғысқа татитын сөз таба алмай қинала береді. Осыған көңілі кәміл жеткенімен илі жетпейді.

Алмас осы күймен госпитальда жата берді. Күндер, апталар баяу жылжып өтіп жатыр. Госпитальға түскеннен кейін есін жиып, өзіне-өзі келген соң елдегі туысқандарына хат жазған, хатты госпитальдағы бір қазақ жігітіне жаздырып алған): «Жараланып госпитальға түстім» дегеннен басқа бөтен-бастақ ештеңе де айтқан жоқ-ты. Әлі күнге шейін елінен хабар келмей, қатты зарықтырды. Елде Алмастың ет жақын туысы да жоқ. Қолы хат білетін бас көтерер ер-азаматтардың бәрі майданда. Ендеше елде оған хат жаза қоятын кім бар?

Баяғы тұлдыр жетімдігі есіне түсіп, онан сайын налытады. Қай-қайдағы беймаза ойлар жан-жақтан андыздап миын ашытады.

Жақында батальон командирі майор Капустин мен оның саяси істер жөніндегі орынбасары капитан Ғилажиевтен хат алып, қатты қуанған-ды. «Аманбыз, күнбатысқа қарай үрдіс кетіп барамыз. Госпитальдан тез сауығып шығып, аман-есен еліңе қайтуыңа тілектеспіз. Қатерлі жерде өзіңмен бірге болған сержант Мурадян аман жүріп жатыр...» Олардың Алмасқа жазған қысқаша хаттарының ұзын-ырғасы осындай. Бұ да болса дәтке қуат. Жеңіл жаралы бір орыс жігітіне жаздырып алып, жолдастарына жауап хат жолдаған. Хатында өз жағдайын қысқаш баяндай келіп, олардан анадағы мадияр мен өзі өлімнен құтқарам алған жас әйел жайын сұраған. Неліктен кешігіп жатқанын кім білсін, жолдастарынан екінші рет хат келмей қойды.

Госпитальда Алмасты күтетін Валя Ермолова деген әдеміше медсестра бар. Бұл да әке-шешеден ерте айырылған тұлдыр жетім екен. Соғыс басталған жылы Рязань қаласындағы дәрігерлік техникумын бітіріпті. Сол жылы әскери комиссариаттың шақыруы бойынша осы госпитальға медсестра болып орналасыпты. Жаңа қосылған күйеуі соғыс басталысымен майданға кетіпті. Валяның өмір тарихынан Алмастың бар білгені осы.

Валя үнемі Алмастың қасында болып, газет-журнал, кітап оқып береді, жылы — тәтті сөзімен көңілін ашады. Қашанда болса жас баладай мәпелеп, бәйек болып жүргені.

Валя бір күні түс әлетінде Алмастың қасына жетіп келіп:

— Саған бір қыз келіп тұр, — деді.

Алмастың жүрегі бүлкілдеп, денесі ысып жүре берді.

— Қайдағы қыз?!

— Кәдімгі бойжеткен! Сені іздеп келіпті... Нанбасаң міне, қасымда тұр...

Алмастың құлағына бейтаныс қыздың сызылған нәзік даусы келді:

— Сәлемет болдыңыз ба? — Мақпалдай жұп-жұмсақ ыстық алақан Алмастың алақанына жабыса кетті.

— Есенсіз бе? — Алмас төсектен басын көтеріп, сыпайы сөз қатты да, қыздың қолын қысты. Қыз Алмастың парықсыз қобырап жатқан мамық жастығын күрпілдете жөндеп қойды.

— Сіздерді оңаша қалдырайын, еркін сөйлесіңіздер, — деді де, Валя еденнің тақтайын тық-тық басып кете бастады.

Алмас кереуетіне жөнделіп отырып, жайымен сөз бастады.

— Сіз кім боласыз? Мені қайдан білесіз?

Қыз аһ ұра күрсінгенде, оның ыстық лебі Алмастың бетіне шалынды.

— Сіз мені білмейсіз...

— Сіз әлде біздің госпитальді қамқорлыққа алған ұйымнан келдіңіз бе?

— Жоқ, тіпті олай емес... Менің жөнім одан басқарақ...

— Онда ашығырақ айтыңызшы?..

— Осындай қиын халге душар болғаныңызды естіп, сізді өзім іздеп келдім, — дегенде қыздың даусынан діріл білінді.

Алмас қызға қолын созды.

— Танысып қояйық! Алмас!

— Елена! — Алмастың маңдайынан шып-шып шыққан ыстық терді орамалымен сыпыра сүртіп, бетін желпіді.

Қыз сөзі Алмастың өзек-қолқасын қуалап, шым-шымдап бойына тарап барады. Аяулысының бұл халден құтыла алмайтындай күйініп, жаны қиналған шарасыз жанның жүрегінен жарып шыққан мұңындай:

— Иә, Елена! Талай ұрыстан аман шығып едім. Жоқ жерде көзден айырылып, мүгедек боп қалдым.

— Қыз қинала дем алып, терең күрсінді.

— Қиын жағдайда шыдамдылық керек...

— Көнбеске, шыдамасқа амалым қайсы?..

— Сіздей кәріп болған адамға жаным ашиды.

— Елена! — деді Алмас қыздың көңілін аулағалы. — Қапа болмаңыз. Соғыста мүгедек болған мендейлер аз ба?

— Қиналмасқа шарам жоқ, — деді қыз толқынды дауыспен. — Әттең, қу соғыс, талай қыршынды жалмады ғой. Небір арулар жесір қалды, сан мыңдаған балалар жетім қалды...

— Солай, Елена! Соғыстың аты соғыс...

— Адамға тіршіліктен артық не бар? — деді Елена Алмастың тіршілігіне шүкірлік еткендей. — Аман қалғаныңызды айтсаңызшы! Сонда өліп кетсеңіз...

Жақсы сөзге жан семіреді. Кім болса, ол болсын, қайдан келсе, одан келсін, әйтеуір осы бір жібек мінезді, ізгі ниетті қыз Алмастың жүрегіне жол тартып, жанын баурап барады. Келбеті қандай екен өзінің?

— Ал, Алмас! Көп отырып қалдым, рұқсат болса кетейін, деді қыз. — Тағы да келермін, жағдайыңызды біліп тұрармын...

— Жарайды, мені ұмытпа, әзірге қош сау бол, Елена!..

Елена Алмасқа келіп кеткелі арада бір апта уақыт өткен.

— Келермін, жағдайыңды біліп тұрармын» дегені қайда. Мұнша неге кешікті екен? Сол қыз келгенімен қоймай, Алмастың жүрегіне от тастап кетті. Сол Еленаның әдейі іздеп келіп тұрып, жөнді ештеңе айтпай, томаға-тұйық кетіп қалғанына қайран. Сол келуінің әлдебір түбегейлі себебі бар болса, бәлкім, Валяға айтқан ойлар. Осыны Валядан жақауратып сұрайын десе, жігіт басын кеміткісі келмейді, тартыншақтай береді.

— Ойлап кетсе адам ой түбіне жете ме? Алмас сол бір ойда.

— Халің қалай, сұңқарым?

— Халдің несін сұрайсың? Үштік бағадан аспай тұр.

— Мен бестіктен басқа бағаны қабылдамаймын.

— Қалжыңды қоя тұр, Валя! — деді Алмас. — Мен саған өкпелімін.

Валя көңіліне дық алып, ыңғайсызданып қалды да:

— Мен саған не жазып қалдым? — деді.

— Есіңде болсын, Валя. — Алмас әр сөзін салмақтап айтты. — Жазықты адамға өкпе жүрмейді. Қашанда болса жаныңа балаған жақыныңа өкпелейсің, наз айтасың...

— Айт өкпеңді. Орынды болса құп алайын, дәлелсіз болса аяқсыз қалдырайын.

Алмас ойлап қараса, әңгімені жалған өкпеден бастағаны әбестік болған екен. Бұ да болса асығыс, албырт мінездің кесірі. Шыбын жанын пида етіп, қызғыштай қорып жүрген елгезек, мейірімді бикештің ақ көңіліне сәл де болса қаяу түсіргеніне кейін қатты өкінді. Енді сол қателігін табанда жөндеп жібергісі келіп:

— Қалжыңдап айтамын, саған ешқандай өкпем жоқ, — деді.

— Қателессем түзетерсің, — деді Валя сындарлы сарын аңғартып, — қалжыңдап айтып едім деп жалтармай-ақ қой... Сенің өкпең әнеугі жалт етіп жоғалып кеткен қызға байланысты шығар?..

Мына Валяның сұңғыласын қара! Сол бір елжіреп келіп, елегізітіп кеткен жұмбақ қыздан өзі де көңіліне күдік сақтап жүр екен ғой. Алмас жерден жеті қоян тапқандай жайраңдап, сақ-сақ күлді.

— Айса пайғамбардың әулетісің ғой, нағыз әулиенің өзі екенсің, менің ойымның дәл үстінен түстің, — деді.

— Сен ол қызды зым-зия жоғалып кетті деп ойлаған шығарсың, — деді Валя әлдебір қиын істі тындырып келгендей-ақ мардамсып, — баяндауға мәулет бер, Жолдас аға лейтенант! Елена біздің госпитальға қызметке ауысатын болды.

— Елена қайда істейтін еді?

— Осы қаладағы дербес хирургиялық госпитальда медсестра екен...

— Еленаның мынасы қызық екен! — деді Алмас әсерле не. — Істеп жүрген қызметін тастап, біздің госпитальға ауысуы қалай?

— Не ойының бар екенін кім біліпті, әйтеуір осы қыз біздің госпитальға өлгенше құмар.

— Еленаның біздің госпитальға ауысуында бір үлкен себеп бар ғой деп ойлайсың ба?

— Кім білсін, бар да шығар. Екі арада сол қыздың айырбасына мен кететін болдым, — дегенінде Валяның үнінен қынжылыс аңғарылып еді.

Алмас тосын жаңалыққа селт ете қалып, сестене:

— Бұл қалай? Еленаның орнына сені жіберетін болды ма? — деп еді, Валя немқұрайды сыңаймен сыңқ етті.

— Иә, кәдімгі баспа-бас айырбас... Қуана бер, аспаннан бір періште түсе қалды. Қайдан білесің, ол саған бақыт әкелген шығар...

— Еленаның маған қандай байланысы бар?

— Жақсылыққа ырым болсын деген достық тілегім ғой.

— Ендеше тілегің қабыл болсын.

— Есіңде болсын, Алмас, — деді Валя наздана, — адал достың ақ тілегі әрқашанда қабыл болады.

— Сенің-ақ осындай бір бұралқы қалжыңың қалмайды, Валя, — деді Алмас жорта қынжылған болып. — Осы бір Елена болмады, пәле болды ғой әбден...

— Қашан айттың деме, Алмас! Осы қыз түбінде сенің басыңа бақыт құсы боп қонады.

— Ұзын сөздің қысқасы, — деді Алмас сөзді тұжырып. — Елена екеуің өзара келісіп, орын алмастыратын болғансыңдар ғой тәрізі...

— Тауып айттың, бір қатесі жоқ. Жалынып қоймаған соң көңілін қимадым.

— Кәріп жаннан түңілдім, зерігіп кеттім десейші.

— Қойшы, мен сенен неге түңілемін, — деді Валя кірбеңдеп. — Нақтылы жағдайға бағындым да, келісім беруге мәжбүр болдым.

Валя өз білігімен «нақтылы жағдайды» ашып айта қоймаған ғой, Алмас енді жорта қоқан-лоқыға басты:

— Біздің қазақта «соқырға сот жоқ» деген мәтел бар, — деді ол сұстанып. — Егер де шыныңды айтпасаң, госпиталь начальнигін шақырып аламын да, жанжал шығарамын, сені басқа госпитальға жібертпей қоямын, Еленаңды қызметке қабылдамаймын.

— Кешігіп қалдың, — деді Валя саспай, — киіміміз пішілді де, тігілді, жарлыққа қол қойылды... Әне, Еленаның өзі де келіп қалды.

— Сәлем сіздерге! — деген таныс дауыс естілді саңқылдап.

— Қадамың қайырлы болсын, Елена! Қызметің жемісті болсын! — деп Валя сайрады.

— Жолдас аға лейтенант! Сіздің құзырыңызға келіп қалдым, жаңа қамқоршыңызды қабыл алыңыз! — Елена сұңқылдап келіп, Алмастың қолын қысты.

— Хош келіпсің! — Алмас қолын босатып алып, жөнделіп отырды.

— Басы артық үшінші адамға не тұрыс бар, мен кеттім, деді де, Валя сырғақтап жөнеле берді.

— Валя, келесің ғой, тағы да сөйлесерміз, — деп Алмас келіншектің артынан дыбыстап қалды.

— Келемін, қоштаспай кетпеймін! — деді де, Валя есікті тарс еткізіп жауып шығып кетті.

Бір ғажабы, келген бетінде Елена бөтен-бастақ сөзге бармай, осы палатада талай уақыттан бері жұмыс істеген байырғы медсестрадай еркін қимылдап, әуелі Алмастың төсек-орнын қағып сілкіп, жөндеп салып, тиісті дәрілерін ішкізді. Терезенің желдеткішін ашып, палатаның қапырық ауасын тазартты.

Алмас әлден уақытта аса бір қунақ пішінмен серпіліп, Еленаны қасына отырғызып қойып, жайлап сөз бастады. Еленаның осы госпитальға не себептен қызметке ауысып келгенін сұрап еді. Анау осы орайдағы өз дәлелін айтып, тиянақты жауап берді: оның сөзіне қарағанда, бұл госпитальға ауысуында пәлендей себеп жоқ екен. Бір жерде ұзақ қызмет істегендіктен зерігіп кеттім, жұрт жаңалағым келді дейді. Валямен көптен бері дос екен. Екеуі өзара сөйлесіп, қызмет орындарын алмастыруға келісіпті.

Қалай дегенмен де Алмас Валяның басқа госпитальға көшуіне пұшайман болып, қобалжи берді. Оған деген қалтқысыз көңілі құлазып, бір қимас адамынан айырылғандай, әлден-ақ сағыныш сезімі тасқындап кетті. Қара қошқыл түк басқан палуан білектерінің жуан тамырлары көгере долырып, алпамсадай қара көзілдірігінің көлеңкесі жапқан жүдеу жүзінен ішкі сезім толқынының ыстық лебі қалқып шыға келді. Сонда да Валя тұрысынан қапелімде сыр бермеске бекініп алды да, ұстамды кейпінде Еленаға сыпайы тіл қатты:

— Неге үндемейсің? Мені жатырқап отырсың ба?

— Неге жатырқайын? — деді Елена елпілдеп. Мен сені жек көрсем, өз еркіммен осы госпитальға ауысам ба?..

«Міне қызық? Сонда Еленаның осы госпитальға ауысуына мен себеп болғаным ба? Осы қыздың сөзінде логикаға сыятын қисын жоқ қой. Бірақ онымен келмей жатып сөз таластырудың не керегі бар?» Осы ой Алмастың жан сарайына үйіріле беріп еді.

— Мен бейнеті көп масыл адаммын, Елена! — деді Алмас. — Болса-болмаса да өзің сұранып келген екенсің, қиыншылығыма көнесің, шыдайсың.

— Мен қиындықтан именбеймін, көнбіс адаммын, — деді Елена ақырын.

— Еңбегің зая кетпес, тірлік болса жақсылығыңның есесін қайтарармын... — Алмас осыны айтып, тынып қалды. Елена кейіп тұрып, оның бетіне үңілді. Зағип жігіттің айсыз қараңғы түндей көзілдірігінен өзінің бұлыңғыр бет бейнесін көрді. Жүрегі шымырлап, буындарына діріл кірді. Елена көзілдіріктен көзін тайдыра беріп, бір түрлі қылықты дауыспен:

— Қызмет бабымен де, былайша жолдастық ретінен де бұдан былай етене араласатын болдық қой, пұрсат берсең маған бекітілген басқа палаталармен танысайын, — деді.

— Барсаң бар, — деді Алмас, оны іші қимай. — Кешікпей келесің ғой.

— Келмегенде қайда кетер дейсің.

— Қайта айналып келгенше аман бол, күтемін.

Елена ыстық алақанымен Алмастың шашын сипады.

— Келемін, күт мені.

Еленаның бұл госпитальға қызметке ауысып келгеніне бір айдан асып барады. Валя болса оның орнына осы қаладағы хирургиялық дербес госпитальға кеткен-ді. Елена көбінесе Алмастың қасында болады да, ем-домын, күтімін жіті қадағалайды. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында болып дегендей, зағип жігіттің қас-қабағына қарайды.

Осылайша күндер жылжып өте берді. Госпитальдың дағдылы тірлігі кейде тасыған дариядай бұрқан-талқан бола қалып, шеңберінен асып кетеді де, құйындатып өте шыққан сұрапыл дауылдай бәсеңдей қалады. Әсіресе, майданның алғы шебінен жаралы жауынгерлерді әкеліп, «дәрігерлік өңдеуден» өткізгенде, денсаулық жағдайына -жарақатының түр-түріне қарай әрқайсысын тиісті палаталарға бөліп орналастырғанда госпитальдің үлкен-кіші қызметкерлері күнді күнге, түнді түнге ұластырып, шетінен зыр жүгіріп жүргені. Елена осындай қарбалас жұмысты түні бойы атқарысып тастап, таң ата үйіне келген. Үш сағаттай тыныстап алып, төсегінен ыршып тұрды да, тез жуынып, шайын шала-пұла ішіп, госпитальға жеткен бойда, тура Алмастың палатасына келді.

Алмас Еленаны еркелей қарсы алды:

— Кешеден бері келмей кеттің ғой, құлазып қалдым, — деді. Елена оған кешеден бергі қауырт жұмыстың жағдайын түсіндіріп, майданның алғы шебінен әкелінген жаралы жауынгерлер жайынан хабар беріп еді. Осы бір дүрбелең жағдайды Алмастың өзі де білген жоқ. Госпитальға түскен жаралы жауынгерлер жайын Еленадан естігенде жаны жабырқап, мұңайып қалды. Кешегі бір күн ішінде ұрыс даласында қанша адам қаза тапты. Қанша адам мүгедек боп қалды екен?» Осы бір сарсаң ойдан арыла беріп, Еленаға өзімсіне бір сөз айтты:

— Қасыма жақын отыршы, Елена! Бір жақсы әңгімең бар ма? Сен жоқта мүлде жалғызсырап қалдым...

— Бүгін менің демалыс күнім ғой, — деді Елена баяу ғана, сонда да сенің қасыңда болайын деп әдейі келдім.

Алмас көтеріңкі көңіл күйінің тасқынды әсерімен жайраңдап отырып:

— Мен бүгін тамаша түс көрдім, түсімде қызық іс көрдім, — деді.

— Түсіңде не көрдің? Айтшы, жорып берейін.

— Уа, ғажап! Түсімде баяғы сау қалпыма түсіппін... Құс болып аспанға ұштым, биік асқар таулардан, қатпар-қатпар қалың бұлттардан асып күнге жеттім.

— Сосын не көрдің?

— Күн астынан бір сұлу қыз жарқ етіп шыға келді. Қызды дереу қағып алдым да, қанатыма мінгізіп, аққан бойыммен жерге түстім.

— Көрген түсің ғажап екен, жақсылыққа ырым екен, елден сүйген қызыңмен қауышады екенсің. — Елена сыңқылдап күліп сәл тоқтады да, сөзін жалғап жіберді. — Енді мен саған өңімде көрген қызықтарымды айтып берейін.

— Менің ойдан шығарған қияли түсіме нанып отырсың ба? Енді шынайы дүниеге көшейік. Өңіңде көрген қызықтарыңды айтшы.

— Көрген қызықтарымды қағазға түсіріп едім, соны оқып берсем деймін...

— Сенің ондай да өнерің бар ма еді?

— Жазушылық өмір маған қайдан келсін. Өзімше жазған болып едім.

— Мұны осы күнге шейін маған неге айтпадың?

— Мақтанайын ба? Көбейгенде кейін бір-ақ білсін деп айтпай жүр едім.

Еленаның бұл айтып отырғаны шынында да әдеби еңбек болар, ол күні бұрын күмпілдемейін деп, кішіпейілдік көрсетіп отырған шығар.

— Шығарманың аты не? Қандай тақырыпқа жазып едің? деп сұрады Алмас.

— Қайдағы шығарма? Әшейін күнделік сияқты бірдеме. Саған оқып бергелі үйден әдейі ала келіп едім.

— Ал, ендеше, бастап жібер.

ЕЛЕНАНЫҢ КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРІНДЕГІ ЖАЗУЛАР

Осы жасымның ішінде анда-санда қабырға газетіне шығып мақала жазғаным болмаса, күнделік жазып көрген жан емес едім.

Госпитальдың қым-ғуыт жұмысына мидай араласқаныма екі жылдан асып барады. Содан бері сан мың жаралыларды қолымыздан өткіздік. Қилы-қилы уақиғаларды көзбен көріп, қолымызбен атқардық. Соғыс лаңы бүкіл елімізді шарпыды. Бірақ соғыс соғыс қаһарлы болғанымен сүйікті Ұлы Отанымыздың өмір өзегін үзе алмайды. Оған мен кәміл сенемін.

Кейінгі кезде мен қиялшыл болып кеттім. Өмір туралы, өмірдің қилы-қилы сырлары туралы көп ойланамын. Өткінші жауындай өкіндіріп кеткен жастық шағым, күз болғанда жылы мекеніне қайтқан құстай жан-жаққа бытырап кеткен құрбы-құрдастарым еске түскенде күйінемін, мұңға батамын.

Туып-өскен атамекенім — Есілімді аңсап сағынамын. Тірлік болса қыз сипатты Қызылжарымды, жас баладай момақан Есілімді көрермін, саясында емін-еркін сайрандармын...

Мен Есілді, Қызылжарды, бірге өскен құрбы-құрдастарымды, мамам марқұмды кейінгі кезде түсімде жиі көремін.

Аты тыл демесең, соғыстың неше түрлі тауқыметін біз де өрудей-ақ көріп келеміз. Орта құрсақ, шала ұйқы бола жүріп, ең ақыры күтуші санитаркаға шейін әрқайсымыз үш-төрт адамның қызметін атқарамыз. Жан рақаты, ойын-күлкі дегендеріңізді келешектегі бейбіт дәуірдің үлесіне қалдырдық. Госпитальға түскен бір жаралы жауынгерді шамалы тиландырып, қашық тылдағы госпитальға аман-есен жөнелтсек, ұрыс түзінде әлденеше жүз фашисті жамсатқандай қуанып қаламыз.

Госпитальдың сырттан қарағанда жұмыртқадай жып-жылмағай, біркелкі тұрмысына араласып жүргенде, уақыт өткен сайын көңілімнің көкжиегі кеңейіп, есте қалар елеулі уақиғалардың қолайын келе жатқанын сезінемін.

Госпитальда көрген - білгенім, көкірекке ұялаған әр алуан айларым қанша көбейсе де, күнделік жазайын деген ойым жоқ еді. Мені Алмастың палатасына тағайындаған сәттен бастап-ақ мүлде мазам кетті. Қапылыста мерт болған осы бір қазақ жігітінің госпитальдағы өміріне орайлас елеулі деректерді және соған байланысты туған әр кездегі ой-пікірімді ара-тұра қағаз бетіне түсіре жүрейін деп ниет еттім. Бірақ бұл талабымды жан адамға сездірген жоқпын.

1 май 1943 жыл.

Я, сәт! Менің күнделігім бір қадірлі күннен басталды. Бүгін жер жүзі еңбекшілерінің ынтымақ мейрамы, адамзат көктемінің күні. Асқар таулар, құз-қия, терең шатқалдар, асау өзендер, айдын-шалқар көлдер, әмбе табиғат жаңарып, жасарып, гүл жайнаған шағы.

Ойлап қарасам, табиғат та қызық қой! Өмірде неше түрлі аумалы-төкпелі қиын-қиын өзгерістер болып жатса да өзінің негізгі заңынан әсте айнымайды. Лайсаң соғыс қанша айтқанмен табиғаттың бетіне дақ түсіреді, тәнін жаралайды. Бірақ оным түпкілікті заңын ешқашанда өзгерте алмайды...

Күндегі дағдым бойынша бүгін таңертең дәл сағат сегізді Алмастың палатасына кірдім. Ол жуынып, таранып, мұздай киініп, таңертеңгі асты ішуге қамданып отыр екен. Алмас мені қуанып қарсы алды.

— Алмас! Сені көктем мейрамымен құттықтаймын! Тұрмыста бақытты бол, өмір-жасың ұзақ болсын, — деп қолын қатты қыстым да, гүл шоғын ұстаттым.

— Мен де сені Бірінші май мерекесімен құттықтаймын, Елена! Саған айнымас бақыт, ұзақ өрісті, мерейлі тұрмыс тілеймін, дегенде Алмастың қоңырқай жүзіне қуаныш нұры жүгірді. Орнынан құмарта ширақ тұрды. Мен берген раушан гүлді көзінің нобайына жақындатып ұстап, иіскеді. Байқаймын, гүлді көргісі келеді, оның әсем көркінен жанына ләззат алғысы келеді.

Алмасты аяп кеттім. Ішім қыж-қыж қайнайды. Алмас менің жүзімді көрген жоқ, мен әкеп берген мына әдемі гүлді де көрмейді. Ол енді болашақ жарын да, нәсіп болса, дүниеге келетін тұңғыш перзентін де көрмейді.

Бәлкім, осынау тымырсық сәтте Алмас та осыны ойлаған шығар. Қарманып барып гүлді жастығының үстіне қойды да, тамырлары көгере білеуленген түкті сом білегін маған бейімдей берді:

— Білегімді қысшы, Елена! Қанымның серпінін байқашы, — деді.

Мырс етіп күліп жібердім. Оның бұл әрекеті маған әлденені абайламай айта салған аңғырт жігіттің оғаш мінезіндей көрінді, Күш сынағаны несі! Менімен әзілдескісі келе ме екен? Әлде еркелегені ме?

— Мен сенің күшіңді сынайтын палуан дейсің бе? — Осыны айтуын айтсам да, артынан қатты өкіндім. «Осыны да дәтке қуат көреді ғой, міскін!» Бар күшімді салып екі білегін кезек-кезек қыса бердім. Қан тамырлары серіппедей шиыршық атады.

— Қаның тасып, қайратың қалпына келген екен, — деп едім, Алмас қалбалақтай қуанып қалды.

— Рас айтасың ба? — деді.

Түстеп қарасам, Алмастың өңі күндегіден бүгін өзгеше түлеген екен. Тебіренген терең ойдың әуезесімен елжіреп отырып, сыпайы тіл қаттым:

— Бүгін өзің май күніндей жайнап кетіпсің, — дегенімде, Алмас ұзақ жылап, әлдеқандай әлекей-шүлекей ойыншыққа алданып, мауқы басылған жас баладай жеңіл ғана күрсінді.

— Қақаған аяздар, түтеген борандар, бір күнгідей де болмай етіп те кетті, — деді ол, — өлмеген жанға көктем де келді.

Тағы да сары уайымға беріліп кетер дедім де, мұңмен бастаған сөзін әдейі басқа жаққа бұрып жібердім:

Дайым менің ойлайтыным сенің қамың, сенің көңіл күйің болса, мен де көңілденіп жүремін, — дедім.

Алмас қырлы кеңсірігіне сырғып түскен қара көзілдірігін жөндеп қойып, кенет серпіле:

— Маған істеген жақсылығыңды өмірі ұмытпаспын, мейірімді орыс қызы! — деді.

Маған бұдан артық қандай сыйлық керек. Жаралы жігіттің жүрегінен жарып шыққан риясыз алғысына кенеліп, бір жасап қалдым. Көзімнен қуаныштың ыстық жасы ыршып кетті.

— Сонша мен саған елден ерек не жақсылық істедім? — дедім күрек толқынын баса беріп. — Жұрттың бәріне бірдей қарап, күнделікті қызметімді дұрыс атқарғаннан басқа....

— Елена! Мен сенен бір сұрақ сұрайын, — деді Алмас тебіреніп.

— Қиын болмаса жауап беруге тырысып көрейін, сұра, — дедім.

— Сен осы, шынайы махаббат дегенді қалай түсінесің? Оның қандай сипаттары болады?

— Менің білуімше, нағыз кіршіксіз махаббат сыртқы әдемілікті таңдамайды, ақыл-парасатқа, ішкі дүниенің көркіне қарайды, — дедім.

— Мен де осылай ойлаймын, енді бұл тақырыпты кейінге қалдырайық, — деді Алмас.

Алмас күн өткен сайын ширап келеді. Бұрын екі сөзінің бірінде сары уайымға салынып, өмірден түңіліп отыратын еді. Кейінгі кезде көңіл күйі күрт өзгерді. «Өршіл үміт», «асыл арман» шықты асқақ сөздерді көбірек ауызға алатын болып жүр. Демек, тән жарасы жазылған сайын жан жарасының да беті бері қарағаны. Бірақ, менің ойымша, осының өзі де уайым-қайғыға жеңдіртпей, әсіресе зарыққан шағында өзін-өзі жұбатқан жанның көлденең көзге бірден шалына кететін сыртқы әсері. Анада бір күні Алмастың қамығып отырып маған айтқан бір сөзі есімнен кетпейді: «Екі көзімнен айырылғаннан, екі аяғымның қара санынан кесілгені жақсы еді...» Қайтсын, байғұс! Қос шыраққа не жетсін! Аяқ-қолын матап, қараңғы қапасқа қамап тастаған тұтқын жан секілді ғой.

«Асылып өлген адамның үйінде кендір арқан туралы сөз қозғамас болар». Осында келгелі Алмасқа мен соқыр адам жайында бір сөз айтып көрген емеспін. Қайта, ол зәусайтан өзінің кем-кетігін айта бастаса, ретін тауып басқа тақырыпқа бұрып кетемін. Қашан да болса елден ерек өміршең, өршіл әңгімелермен алдандырамын.

— Елена? — деді Алмас менен бір зор тілегі бардай-ақ қиыла. — Сенен тағы да бір сұрақ сұрайын.

— Сұра.

— Майдандағы жігітіңді жақсы көресің бе?

Жігітіммен екеуміздің арамызда мұның не жұмысы бар? Қитығып барып, шаққа шыдап қалдым. «Кемтар адам ғой, айта берсін, оған менің нем кетеді?» — деп көңіліне қарадым. Сәлден кейін сабырлы қалпымда:

— Сен оны айтасың, мен Викторымның жолына шыбын жанымды садаға етуге де бармын, — дедім.

— Менің жаңағы сұрағым ерсі болды ғой, Елена!

— Түк те ерсілігі жоқ... Азар болса менің жігітіме деген сүйіспеншілік сезімімнің бағдарын білгің келген шығар.

— Ондай ойым жоқ еді, — деді Алмас, менен қаймыққандай көзілдірігін қолымен көлегейлеп. — Саған балаша еркелеймін деп, бір әбес сөз абайсызда аузымнан шығып кетті. Кешір, айналайын!..

— Кешіргені несі? Сен менің алдымда не қылмыс істедің?

— Байқаған шығарсың, — деді Алмас иман таразы қалыпқа ауысып. — Ұялғанымнан не дерімді білмей қиналып қалдым. Біздің қазақта «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақал бар.

— Сен енді сол бір әзіл тектес жеңіл сөзді айыпқа балан, құлдырай берме, Алмас, — дедім. — Есіңде болсын, мен Викторымды ешбір жанға теңгермеймін.

— Өте жақсы! Айнымас махаббат сондай болмаққа керек, деді Алмас сүйсініп.

— Мен де саған сондай айнымас мөлдір махаббат иесі адал жар тілеймін, — дедім. Менің бұл айтқаным көпті көрген ақылгөй қарияның тілек-батасы сияқты болып шықты.

— Айтқаның келсін! — деді Алмас.

11 май.

Бүгін біздің госпитальда бір елеулі уақиға болды. Қазақстанның Шымкент қаласынан Алмастың атына посылка келді. Қол чемодан тәрізді кішкене жәшікті ашып көрсем, іші толған өрік-мейіз, анар екен. Айнала шетіне өрнектеп кесте шеккен ақ жібек орамалдың арасынан хат шықты. Хат орысша жазылыпты.

Посылканы Алмасқа табыс еттім де, хатты табанда оқып бердім.

«Ардақты Алмас аға! Сізге күн шуақты, бау-бақшалы Шымкент қаласынан сәлем.

Есіміңізге сырттан қанықпыз. Менің үлкен ағам Дүйсенқұл Әлімбетов Орталық майданның газетінде істейді әскери атағы кіші лейтенант. Сіздің ерлік ісіңіз бүкіл майданға паш болыпты. Совет адамын от ішінен аман алып шығып, өзіңіз бомба астында қалыпсыз. Сіздің осы отаншылдық керемет ісіңізді Дүйсенқұл ағатайым майдан газетіне жариялапты, газетін бізге жіберіпті. Газетке сау кезіңіздегі суретіңіз басылған екен. Ағатайым сіз емделіп жатқан госпитальдың адресін жазыпты, осы жігітке хат жаз, сәлем-сауқат жібер, қуант депті.

Газеттегі сіз туралы мақаланы үй ішімізбен оқып, сізге қатты риза болдық. Жарайсыз, аға!

Біздің қолымыздан дәм татсын деп, сізге аз ғана сауқат жібердік. Мына бір кішкентай орамалды менен ескерткіш етіп қабылдаңыз, аға!

Сізге қарт әкем мен шешемнен дұғай сәлем. Өзім қызмет істейтін қалалық аурухананың қызметшілерінен сізге көп-көп сәлем (мен ауруханада медсестра болып істеймін).

Тез сауығып шығып, өмірде бақытты болуыңызға тілектеспін. Маған хат жазсаңыз, адресім:, Шымкент қаласы, Совет көшесі, 5-үй.

Алыстағы қарындасыңыз

Жауһар Әлімбетова.

2 май, 1943 жыл».

— Апыр-ай, Қазақстаным көшіп келгендей болды ғой, — дей берді Алмас.

Орамалды қолына ұстаттым да:

— Қарындасың, саған арнап жіберіпті, әйбәт екен, төңірегіне әдемі кесте шегіпті, бір бұрышына «Алмас ағаға ескерткішім, Жауһардан» деп өрнектеп жазыпты, — дедім.

— Орамалға менің атымды жазып па? Ескерткіш болсын деп не? — Алмас орамалды ерсілі-қарсылы желбіретіп, бетін желпи берді. Көзілдірігін шамырқана суырып алды да, көзінің үңірейген орнын орамалмен бүркеп қойды. Қара түнек түн арасынан шашырап шыққан ай сәулесін көргендей, орамалды алақанымен жауып, балқып отырып қалды. Бір мезетте орамалды төрткілдеп бүктеп алып кеудесіне басты. — Қасиетті орамалдың ересен әсерінен жүрегім лүпілдеп, бойым балқып кетті.

Алмас екеуміз мәре-сәре боп отырып, осыдан бір ай бұрын біздің госпитальға майдан газетінен келіп кеткен қазақ жігітін еске түсірдік. Ол жігіт Алмаспен күні бойы оңаша әңгімелескен. Мына хат иесі Жауһар Әлімбетованың ағасы Дүйсенқұл сол жігіт.

— Ертең Жауһарға хат жазып берші!.. — деді Алмас.

— Құп болады.

— Мен қарындасыма жазатын хаттың нобайын бүгіннен бастап ойлана берейін...

— Ойлан, Алмас! Жауһар қарындасыңа оңдап хат жазайық.

12 май.

Негізгі шаруаларымды тындырып тастадым да, Алмастың палатасына қайта айналып келдім. Бір ғажабы, қашан келсем де, Алмас мені жайраңдап қарсы алады.

— Ал, Елена! Жауһарға жазылатын хаттың нұсқасын мен саған орысша айта берейін, сен қағаз бетіне өңдеп түсіре бер, — деді.

Әкелген қағаз бен қалам-сияны тумбочканың үстіне сайлап қойдым да, Алмасқа құлақ тостым.

— Сен айта бер, мен жаза берейін, — дедім.

Алмастың Жауһарға маған жаздырған хаты төмендегідей болып шықты.

«Қымбатты қарындасым, Жауһар! Алыстағы ағаңның ынтық жүректен жолдаған сәлемін қабыл ал! Мені елеп хат жазыпсың, оңтүстіктің миуасын жіберіпсің, көп рақмет саған! Әсіресе сенің ескерткіш орамалың мені қатты толқытты. Бұл орамал қасиетті Қазақстанымнан, Оңтүстік өлкесінен маған әдейі ұшып келген ақ қанатты бақыт құсындай болды.

Ардақты Жауһар! Сен өзіңнің маған деген туысқандық ілтифатыңмен өмірге сенімімді, құштар сезімімді арттырдың, жүрегіме нұр құйдың.

Ел — Отаным барда, сендер сияқты қамқоршы, туысқандарым тұрғанда мен көзімнен айырылып, көр соқыр болдым деп өкінбеймін, қапаланбаймын.

Өмірде бақытты бол, еңбекте зор табысқа жет. Қарияларыңа, қызметтес жолдастарыңа менен сәлем айт!

Сау күнімдегі суретімді газеттен көрген екенсің, мүгедек кезімдегі кескінімді көрсін деп, саған госпитальда түскен суретімді жібердім.

Қолың тисе хат жаз!

Зор құрметпен, ағаң Алмас».

Хатты почтаға тапсырар алдында күнделік дәптеріме көшіріп жазып алдым.

20 май.

Өмірдің қызығы мен шыжығы көп болады екен. Бейбіт заманда оны кім ойлаған? Ұсынсаң қол жететін жерде күндей жарқырап тұрған арманың тағдырдың қатал әмірімен қиял жетпес қияға алыстап кетеді екен. Жайшылықта тыныштық шақта жолдас-жораларыңның арасында жайраңдап бейқам жүре бересің. Тұрмыстың анау-мынау кем-кетігін елемейсің. Осындай мұңсыз өмірді сенің пешенеңе жазып қойғандай көресің.

Жастық шағым жылыстап өтіп барады. Оған несіне өкінейін. Жастық шақ әркімнің-ақ басынан өтеді. Өлгенде қабіріңе бірге кіретін айнымас махаббатты айтсайшы. Осыдан мақрұм қалмасам екен!

Тегінде, адам өмірінде ақылға сыймайтын таңғажайып құбылыстар болмайды. Адам туады, өледі, өмірдің ұзақ жол-сапарында қызыққа да, қиындыққа да кездеседі, қартаяды, ақыры дүниеден кетеді. Осының бәрі заңды құбылыс.

Дүниеге келгенімде өмір мені суық шыраймен қарсы алыпты. Екі жасқа келгенімде шешем өліпті... Шешем өлісімен әкем мені нағашыларыма тастап зым-зия жоғалыпты. Оның қайда кеткенін, өлі-тірісін күні бүгінге дейін ешкім білмейді... Нағашыларымның арқасында тұрмыстан таршылық көрген жоқпын. Сонда да болса әке-шешеге не жетсін. Кейде тіпті ойлап кетсем, жапырақсыз, бұтақсыз қу ағаш сияқты екенмін. Өмірімнің осынау кем-кетігі үйлі-баранды болып, өз алдыма тұрмыс құрғанда толығатындай көруші едім. Оның да сәті түспей қойды.

Виктордың соңғы жазған хатын оқығанда маған осындай ойлар келіп еді. Сызықты дәптер қағазының үш бетін толтырып жазыпты. Бұрынғы хаттары сарабдал болатын еді. Осы жолы соның есесін толтырғысы келгендей ұзаққа сілтепті. Хатты сол қалпында күнделік дәптеріме әйбәттап желіммен жапсырып қойдым. Оның оң жақ шекесіне Виктордың майданнан жіберген соңғы суретін қоса жапсырдым. Суреттің астына «Майдангер кіші лейтенант Виктор Хрусталев» деп ірі әріппен әдемілеп жазып қойдым.

Иә, Виктор менің алыстап кеткен асыл арманым! Көктем шыққанда мекеніне қайтқан кербез аққудай жарқылдап ораласың ба? Әлде қатал тағдырдың соққысына ұшырап, майдан даласында мәңгі-бақи қаласың ба?

Қойшы, күйрек сезімге беріліп кеттім білем. Қайдасың, жарқын үмітім? Жастық шағымның ақ құсы болып көкірегіме қайта келіп қонсайшы! Мен сені алыстан аңсап келген Викторыма балайын да, мейірімді қандырайын.

Күнделік дәптер бетіндегі Виктордың суретіне табындым.

— Сөйлеші, жаным! Тым болмаса, бір ауыз сөз қатшы маған!

Сурет орнына хат сөйлейді:

«Сүйіктім Елена! Хатыңды алдым. Көп рақмет саған. Бүгін соғыстың бір алақаншық тыныштау күні еді.

Хатымды молырақ жазайын. Блиндажда отырмыз. Соғыстың үйреншікті қатал тұрмысы. Қатыгез соғыстың қаһарына бойымыз үйреніп, әбден көндігіп алдық қой. Мұндай қиын жағдайда асқан шыдамдылық, өзіңді-өзің басқалардан жоғары санайтын тәкаппар мінез, болаттай берік қайрат керек...

Кіші пейіл мінездің шеңберінен шығып кеткеніме кешірім ет, сәулем! Жаңағы айтып өткен қасиеттерімнің арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, қадарихал атақ-абыройға ие болып, жүріп жатырмын.

Иә, соғыстың сұмдық сұрапыл дауылы бір мезгіл толастап, лаулаған қалың өрттің жалыны бәсеңдейтін осындай алаңқы кездер болады. Мұндай кезде анда-санда әр жерде гүрс етіп жарылып жатқан зеңбірек снарядтарын, айналада тарсылдап атылып жатқан пулеметтерді елең қылмаймыз.

Ұмытпай тұрғанда міндетімді атқарып қояйын, «Сүйген қызыңа бізден сәлем айт», — деп қасымдағы жолдастарым қылқылдап отыр.

Бұл күнде біз туған жерден алыстап кеттік. Елден қанша алыстап, ілгері басқан сайын ұлы жеңістің жақындағанын сезінеміз. «Қапаланба, қайғырма, мені жеңіспен күт», — дегенді екінің бірі хатында жазады. Мен де осыны саған талай жазған болатынмын. Осы бір өлең жолы айтыла-айтыла әбден тозды ғой деймін. Енді оның орнына «Ұлы жеңіс мерекесі күні қауышайық», — дегім келеді. Бұл барша халықтың ұлы үміті мен тілегі. Біз сол күнді жақындату жолында жаумен аянбай алысып жатырмыз.

Несін жасырайын, адам болғасын, оның аумалы-төкпелі жағдайлары көп болады. Кей-кейде қажисың, қайғырасың, қапылыста оққа ұшып жазым боп кетем бе деп те ойлайсың. Түптеп келгенде, қайғыны үмітке, сенімге жеңдіресің де, өмірге құлаш сермейсің. Хатымның негізгі арнасына қайта түсейін. Ендігі бір жаңалығым дивизия командирі кеше омырауыма «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» орденін қадады. Бұл менің майдандағы екінші орденім.

Тылда жүрмін демесең, сен де Отан соғысының қатардағы жауынгерісің. Отан қорғау жолында қанын төккен жаралы жауынгерлерді бағып-қағу оңай жұмыс емес. Мен мұнда, сен онда жауға өлтіре соққы беріп жүрміз деп сана, жаным! Барша жолдастарыңа, әсіресе қамқорлығыңдағы қазақ жігіті Алмасқа көрмесем де менен сәлем айт.

Хат жаз.

Виктор».

2 июнь.

Бүгінгі күн менің өмірімдегі ең бір қаралы күн. Викторымнан айырылдым. Виктордың азалы хабарын естідім. Нанар-нанбасымды білмей, есімнен тандым.

«Қымбатты Елена! Бұл хатты сізге жазып отырған Виктордың өзіңізге мағлұм жолдасы грузин жігіті Камо Валиашвили деп білерсіз.

Айтпасқа амалым жоқ. Ардақты досым, майдандас серігім Виктордан айырылдық. Жаумен кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапты.

Орны толмайтын ауыр қаза! Бекініңіз де қайраттаныңыз. Жолдастық қарызымды өтегелі әдейі сізге хабарлап отырмын.

Виктордың мүрдесін Украинаның Солочино деревнясына әскери құрметпен жерледік. Зиратының сурет-бейнесі мен Виктор екеуміздің ең соңғы рет бірге түскен суретімізді жібердім. Көріңіз де мауқыңызды басыңыз.

Неміс басқыншыларына өлім келсін! Ұлы Отанымыз жасасын!

К. Валиашвили».

Хат сөзі қанша дәлелді болғанымен Викторды өлді дегенге көңілім сенбейді. Көзімнің жасы тас боп қатып қалды. Хатты жерге тастай бердім де, Виктор мен Камоның иін тіресіп қатар түскен суретін бетіме бастым. Көзімді тарс жұмып алдым. Бұл дүниеден баз кештім, әлдебір қап-қараңғы тұңғиыққа құлдырап батып бара жатырмын... Меңіреу түнек арасынан найзағай жарқылдайды. Көзімді ашып ағыл-тегіл жылай бердім.

Камоға хат жазайын десем, қолым қалтырап, қаламға жуыспайды. Қызметтес серіктеріме, Алмасқа Виктордың өлімін білдірмеуге бекіндім.

6 ИЮНЬ.

Ой тоқтатып, ақыл таразысына салып қарасам, Камоға хат жазбауым ағаттық болады екен. Адамгершілік ұжданыма кір келеді екен.

Дес берісі, бүгін госпиталь бойынша кезекші дәрігердің көмекшісі едім. Елдің бәрі ұйықтап жатқанда оңаша бөлмеде хат жазуға кірістім. Көпке шейін жазайын деген пікірімнің басын біріктіре алмай, қатты қиналдым. Әлден уақытта әйтеуір бірдеңені домбайлап жазған болдым.

«Ардақты Камо! Сізге Отан үшін қаза болған досыңыз Виктордың сүйген қызы, бұл күндегі қайғылы Еленадан сәлем! Менің қайғыма ортақтасып, жақсы сөзіңізбен көңілімді жұбатқаныңыз үшін сізге көп-көп рақмет айтамын.

Енді өзіңіз жіберген қу моланың суретіне табынып, жылай да зарлай күн өткізгеннен басқа мен сорлыда не қалды. Өз көзіммен көрмеген өлімге көңілім сенбейді. Ол да болса маған алдамшы жұбаныш.

Виктор айтқан болар, жеті жасымыздан бір мектепте оқыдық.

Мұғалімдер институтында бірге оқып жүргенімізде фин соғысы басталып кетіп, Виктор армияға алынды. Ол соғыстан енді құтыла бергенде мына соғысқа тап болды. Сөйтіп, тағдырдың қатал әмірі бойынша екі жаққа бөлініп кете бардық.

1941 жылдың жазында Қазақстанның Петропавл қаласындағы медсестралар даярлайтын курсты бітіріп, майданға аттандым. Бір жыл алдыңғы шептегі санитарлық батальонда істедім. Оң аяғымнан жеңіл жараланып госпитальға түстім. Сауыққаннан кейін Рязань қаласындағы хирургиялық госпитальға қызметке қалдырды. Қазіргі күнде сол қаладағы терапия-хирургиялық аралас госпитальда істеймін.

Виктордың кәрі әке-шешесі Петропавл қаласында тұрады. Ол бишараларға да Виктордың өлімі жайлы қаралы хабар жеткен шығар.

Сау болыңыз. Еліңізге зор жеңіспен оралыңыз.

Құрметпен Елена».

10 июнь.

Палаталарды аралап шығып, аурулардың дәрі-дәрмегін беріп, хал-жағдайларын білгеннен кейін Алмастың қасына келдім. Қажеті болмаса да төсек-орнын қағып, сілкіп, жөндеп қойдым. Мен келгенде Алмас кереуетінің қасындағы арқалы жұмсақ орындықта отыр еді. Кереуеттің қалқанын сипалап ұстап, тік түрегелді де, үздіге тіл қатты:

— Елена!..

— Не айтайын деп едің?

— Сенен бір сұрағым бар еді.

— Қандай сұрақ?

— Кейінгі кезде сен осы жасып кеткенбісің, қалай?

— Оны қайдан білдің? — дедім жорта қынжылған болып. — Баяғы қалпымдамын. Мүмкін, шаршаған шығармын.

— Бұрын маған келгенде қызық әңгімелер айтып, күлдіріп көңілімді көтеретін едің, — деді Алмас кереуеттің қалқанына арқасын сүйеп тұра қалып. — Кейінгі кезде соның бірі жоқ. Қолың босағанда кітап оқып беретін едің, оны да қойып кеттің...

Мына қара! Менің қайғырып жүргенімді Алмас ұшқыр сезімінің күшімен аңғарып қалыпты. Қанша білдірмейін десем де кейінгі кезде құлдырап кеткен көңіл күйім мені ұстап берген екен.

Алмас менің жаңағы айтқан қисынсыз уәжіме илана қоймады. Кейінгі кезде күрт өзгеріп, жүнжіп кетуімнің түпкі себебін білгісі келеді. Әйтеуір, не де болса сыр білдірмейін деп қалай жалтарсам да, айнала ұтылап ұстап ала берді. Тіпті болмай бара жатқан соң, майдандағы жігітімнен хат келмей қойып, соған қапа болып жүрмін деп, жалған сылтау айттым.

— Бұл дәлеліңе ден қоямын, — деді Алмас, — ондай-ондай үзілістер бола береді. Қолы тимей жүрген шығар.

Үнсіз қан жылап тұрмын. «Бұл дүниенің тірлік күйбеңінен Виктордың қолы біржола босаған. Енді оған ештеңенің де керегі жоқ... Оған бұйырған мәңгілік жайлы орын Украинаның екі метр жері...»

— Қамықпа, Елена! Сүйікті Викторың сахараның ақ маралындай ойнақтап келер әлі-ақ...  — деді де, Алмас мені қаумалап, арқаға қақты.

— Жоқ, Виктор келмейді, — дедім тіксіне.

Сол-ақ екен, Алмас шиыршық ата тұра қалып, қара көзілдірігін маған төндіре:

— Сен не деп тұрсың? — деді.

Еңкілдеп жылап жібердім.

— Мен бақытсыз жанмын, Алмас...

— Қайдағы жоқ сұмдықты айтпашы, Елена! Немене? Виктордан жаманат хабар алдың ба?

Викторды өлді деуге аузым бармай, тілім күрмеле берді. Жүрегім қысылып, тынысым тарылып барады. Ағыл-тегіл жылай бердім. Ішімдегі лаулаған жалын лып етіп сыртқа шықты. Иығым бүлкілдеп, іші-бауырым солқылдап әкетіп барады. Алмас менің дірілдеген қолымды ұстап, қолтығымнан демей берді.

— Сабыр ет, шыда, Елена!..

— Шыдамасқа шарам бар ма?! — дедім.

Алмас мені тәтті сөзімен жұбатып, көпке шейін қасынан жібермеді.

Шын көңілден шыққан сөз қара тасты да жібітеді, қаптаған қалың қара тұмандай қайғыны да тарқатады. Қам көңілді дос көтереді. Әйтсе де, әттең не керек, мына сұм соғыс жас дәуренімнің жаңа гүлденіп келе жатқан бау-бақшасын өртеп кетті.

20 июнь.

Қайғы мені жеңемін дейді, мен жеңдірмеймін деймін. Спорт алаңында күреске түскен палуандаймыз. Тіресеміз де сіресеміз. Түбінде қайсымыздың күш асырарымызды кім білсін, әйтеуір, осы жекпе-жек айқаспен күндер өтіп жатыр.

Өмірге қыңыр қарасам, одан ат-тонымды ала қашып түңілсем, өле-өлгенше арылмайтын қырсыққа душар болатынымды да білемін. Оның керісінше, өмірге ақ көңілмен, ақ жарқын назармен қарасам, бақыт атты биік шыңның басына құс болып қонатынымды да білемін...

Осы бір келелі ойларды жаныма медеу етіп, қанша бекем болайын десем де, өзімді-өзім қанша жұбатсам да, Виктордың өлімі қабырғамды қайыстыра береді. Қолдан шаттық жасап, серіктерімнің алдында жайраңдап жүрсем де, іштегі қайғы-қасірет ортаятын емес.

Алмас маған кеше бір жақсы пікір айтқан. Соны дәптеріме жазып алдым: «Шындыққа жүгінсең, адаспайсың, өмірдің не түрлі болмыстарына әділ көзбен қарасаң, ақылмен пайымдасаң, әсте қателеспейсің. Қайғы деген бір теңіз, ырқына көне берсең, батасың да кетесің, тәуекел деген бір кеме, мінесің де өтесің...»

Осы жігіт бара-бара ойшыл болып кетті. Жаңағы пікірді Алмас кілең маған меңзеп айтты. «Қайғыға берілме, нағыз адам бол!» — дегені.

— Күнделік дәптерімдегі жазулар осымен тамам болды, — деді Елена.

— Апыр-ай, өзің не деген жазымпазсың? — деп Алмас үйіріле, таңдана берді.

«Қысылғанда соқыр көзден жас шығады». Осы мәтелді Елена Алмастан естіген. Осыны айтып қала жаздап, тілін тыя қойды.

— Қысылғанда шыққан көңілімнің күйлері ғой, — дей салды.

Күнделік дәптердегі ақ жүректен туған ой-пікірлерді көкірегіне тоқып, рақатқа батып, өзгеше әсерленіп отырғанда Алмасты әлдеқандай отты сезім билеп әкетіп еді. Қармалап жүріп, тумбочкадан өзінің бармақтай қойын дәптерін тауып алды да, оны Еленаға ұсынды.

— Мына дәптерден маған бір адрес тауып берші... Петропавл қаласында бір танысым бар еді, соған хат жаздырып алайын саған, — деді.

— Мақұл, — деді де Елена сұр мұқабасының түте-түтесі шыққан кішкентай қойын дәптердің бетін ашты.

— Ұмытпасам, адресі дәптердің алғашқы беттерінің бірінде болса керек еді, — деп Алмас кереуеттің жиегіне отыра берді.

— Таптым! — деді Елена қуанып.

— Анықтап алайық, осы ма?.. Оқышы!..

— Қазақстан, Петропавл қаласы, Хлебников көшесі, 12 үй... — Кілт тоқтап қалды. — Пали Илона... Аты өзгертілсе, нағашысының фамилиясына көшсе Швецова Елена Федоровна болуы да ықтимал...

— Дәл өзі, осы, — деді Алмас.

Елена ышқына ішін тартып, үнсіз тұрып қалды. Оның жойқын сезім толқынымен теңселіп тұрғанын Алмас қайдан білсін. Әлде ол мына дәптерге аты жазылған қыздан Алмасты қызғана ма? Қой, қызғануға хақысы да, дәлелі де жоқ. Әйтеуір Алмастың мазасы кете бастап еді.

— Пали Илонаны сен қайдан білесің? — деп сұрады қыз.

Бәсе, қарға тамырлы халық емес пе! Бір қаланың адамдары болғандықтан бұл екі қыз бірін-бірі біледі екен ғой.

Алмас оған қарсы сұрақ берді:

— Илонаны сен білуші ме едің?

— Ең әуелі, менің сұрағыма жауап бер. — Бұл сапар Еленаның даусынан өзгеше бір жігерлі екпін аңғарылады.

— Мен Илонаның әкесін білетін едім.

— Ол кісімен қай жерде кездесіп жүрсің?

— Ол жағын қазір сұрап қинама, — деді Алмас тұнжырап, — әуелі, сен маған осы адресте аты-жөнің көрсетілген әйелге әйбәттап хат жазып бер.

Елена аз үнсіздіктен кейін қиыла сөйледі:

— Кешірерсің, Алмас! Сен мені жоқтан өзгені білуге құмартып тұратын жеңілтек екен деп ойлама. Илонаның әкесімен қай жерде кездестің? Соны білгім келеді.

Мына қыз қайда қашсам да құтқаратын емес, қадам бастырмауын көрдің бе, Палимен қай жерде, қандай жағдайда кездескенін, мына дәптердегі адрестің қалай пайда болғанын Еленаға айтып берсе, оған Алмастың несі кетеді?

Алмас енді ағынан жарылды:

— Менің бомба астында қалып, осындай зағип болуыма, ең алдымен, Габриш Пали деген мадияр себепкер болған.

— Сол мадиярдың осы күні қайда екенін білесің бе?

— Адал адам болса, жарық дүниеге шыққан шығар.

— Арам ойлы тыңшы болса, сазайын тартуы хақ...

Бөлмені тымырсық үнсіздік басты. Алмас көңіліне жаққан адамдарымен шүйіркелескенде кем-кетігін бір мезгіл есінен шығарып, жарық дүниеде алшаңдай басып жүргендей жарылқанып қалатын. Оңаша бөлмеде жалғыз қалса, не болмаса, қасында отырған адамы үндемей тымырайып қалса, төбесінен қара түнек қайта басатын. Қазіргі сәтте де Алмас осындай күйге түсті.

Елена қоңырлатып сөйлей бастады:

— Темір жол станциясын неміс самолеттері бомбалағанда сен бір әйелді өртеніп жатқан вагон нан алып шығып, өлімнен құтқардың. Соның салдарынан өзің бомба астында қалдың...

— Сен оны қайдан білесің?

— Сонда сенің машинаңда көк киімді неміс солдаты бар еді... Сені табанда санбатқа алып кетті. Шофер жігітің солдат пен әйелді майдан штабына апарып табыс етті...

— Бәрін де біліп тұрсың ғой? — деді Алмас бір ғажайып жаңалық хабар естігендей есі кетіп. — Еміндірмей, шыныңды айтшы? Соның бәрін қайдан білесің?

Елена үнсіз қалды. Өзі байқаусызда сырғып кетіп қалмаса жарар еді? Алмас оны қармалап іздей бастады. Саусақтары Еленаның ыстық маңдайына барып тиді. Одан қолын төмен түсіре бергенде жасқа шыланған көзін жанап өтті. Бет-аузы бүлкілдеп, жылап отырғанын сонда білді.

— Саған не болды, Елена? Неге жылайсың?

— Мен жылауық адаммын, — деді қыз толқынды дауыспен. — Сенің жоқ жерде осындай қиын жағдайға ұшырап қалғаныңа көңілім босап кетті.

— Өйтіп жалтармай-ақ қой, — деді Алмас өктем дауыспен, — одан да шыныңды айт. Бұл жолы жылауыңның жөні жаңағы айтқан ескі әніңнен басқа болса керек.

— Айтшы, Алмас! Мына адресті сол Габриш Палидың өзінен жазып алдың ба?

— Иә, сол кісіден жазып алдым.

— Біздің үйдің көшесін де, номерін де ұмытпаған екен...

— Біздің үйдің?!!

— Иә, солай, — деді Елена, — сенің дәптеріңдегі біздің үйдің адресі. Көшеміздің аты да, үйіміздің номері де кейін өзгеріп кеткен. — Кемсеңдеп жылай бастады да, бой тоқтатып, бекіне қойды. — Біздің өміріміздегі өзгерістерді байғұс қайдан білсін...

— Сонда қалай? Илона сенбісің?

— Илонаң да, станция басында өзің өлімнен құтқарып алатын жас әйел де мен болармын.

— Габриш Палидың қызы Илона?!

— Иә, Алмас! Әкеден тірідей жетім қалған мадияр қызы Илона мен боламын.

Алмастың тұла бойына от жүгірді, ыстық тер сорғалап қоя берді. Жүрегі шымырлап, буыны босап кетті.

— Дүниеде адам айтса нанғысыз мұндай ғажап уақиғалар бола береді екен ғой!

— Осыны маған басқа біреу айтса, ақы берсе нанбас едім.

— Станция басында бомба астында қалғаныңды, офицердің көмегімен аман құтылғаныңды осы уақытқа шейін маған неге айтпадың?

— Сен оны айтасың, — деді Илона, — мені өлімнен құтқарып алған сенбісің, болмаса басқа біреу ме, осының өзін бүгінге шейін анықтай алмай әуре-сарсаң болып жүрген жоқпын ба?

— Осы госпиталға сұранып келгенде менің кім екенімді білген жоқсың ба?

— Рас айтам, білген жоқпын, — деді Илона сендіре. — Әйтеуір, сондай бір әйелді өлімнен құтқарып, көзінен айырылған бір жігіт госпитальда жатыр дегеннен басқа дерегіңді білсем бұйырмасын... Майдан өмірінде мұндай ұқсас уақиғалар көп болмай ма? Қайдан білейін. Сонда да бір жылы сезім осы госпитальға жетелеп тарта беріп еді...

— Ендеше, шындықты таптың ақыр. — Алмас Илонаны маңдайынан сүйіп алғысы келіп, екі қолын алға созып, оңтайлана берді де, өзін-өзі ұстап қалды.

Илона жан-жүрегі елжіреп, Алмастың қара көзілдірік бүркеген көз нобайына жасты жанарының сұғын қадап:

— Сондағы мейірімді қамқоршым, құтқарушым сен екенсің ғой? — дей берді. Оттай ыстық алақанымен Алмастың көмірдей Қалың қара шашың, тарам-тарам сызат басқан шалқақ маңдайын сақтана сипады.

— Амандық болса жоғалған әкеңді табатын болдың, Илона. Менің Мурадян дейтін сержант шоферімнің сенімен бірге майдан штабына апарып тапсырған неміс солдаты» өз әкең екенін сен білмедің ғой...

— Қайдан білейін.

— Тумбочканың ішіндегі газетке ораулы хаттардың арасынан Мурадяннан келген үш бұрышты хатты тауып алшы.

— Мақұл іздейін.

Илона тумбочканың қақпағын тарс еткізіп ашты да, ізінше қайта жауып қойды.

— Таптым, мінеки.

— Даусыңды шығарып оқышы.

— Жазуы өте ұсақ екен. Әуелі бір рет ішімнен оқып алмасам...

Бір мезетте Илона мұғалім алдында емтихан беріп тұрған ұялшақ қыздай даусы дірілдеп, қымсына оқи бастады: «Ардақты аға лейтенант! Сізге майданның алғы шебінен жауынгерлік сәлем қолдап отырған өзіңізге белгілі сержант Гурген Мурадян. Сіздің хал-жағдайыңызды батальон командирі майор Капустин мен замполит капитан Ғилажиевке жолдаған жауап хатыңыздан біліп, өте қуандым.

Тегіс аманбыз. Сіздің тез сауығуыңызға жан-тәніммен тілектеспін. Күнбатысқа қарай шабуылдап кетіп барамыз. Немістерді дүркіретіп қуып барамыз.

Сізге анадағы мадиярдан сәлем. Ол кісі қазір біздің батальонда взвод командирі. Майдан штабы оны тексерістен өткізіп, өзінің тілегі бойынша біздің батальонға жіберген.

Сондағы өзіңіз өлімнен құтқаратын жас әйелден хабарымыз жоқ. Майдан штабы оны тылдағы қызмет орнына жөнелтіпті дегенді майор Капустиннен естіп едім.

Габриш Пали айтады, баяғыда Петропавл қаласында кішкентай қызым қалып еді дейді. Қызының адресін сұрап сол қаланың милициясына хат жазып еді, одан хабар болмай тұр. «Басқа жаққа көшіп кетті ме, яки болмаса өліп қалды ма?» — деп қатты уайымдайды. «Аты-жөні, фамилиясы өзгеріп кетуі де ықтимал», — дейді.

Сіз бізге өз қолыңызбен хат жаза алмайсыз. Басқа біреулерге жаздырып аласыз. Қандай қиын, қандай өкінішті!

Неміс басқыншыларына өлім келсін!

Сержант Г. Мурадян.

14 март, 1943 ж.».

— Хат сөзі осымен тамам болды, — деді Илона толқына, — япыр-ай, мұндай да керемет бола береді екен!..

— Бұл хаттан сен қандай керемет уақиға таптың? — деп сұрады Алмас.

Илона күрсінді.

— Мен қазір екі түрлі керемет уақиғаның куәсі болып отырған жоқпын ба? — деді ол алқынған демін әрең басып. — Мені от ішінен алып шығып өлімнен құтқарған мейірімді жігітті таптым. Жиырма жыл жоғалып кеткен әкемнің амандық хабарым білдім...

— Бұдан артық керемет бола ма? — деп Алмас жас баладай жайраңдап, қолын шапалақтай берді. — Жұмбақ шешілді. Осы өмір-жасымның ішінде ойда жоқта үйлесім тапқан мұндай ғажап уақиғаны мен көрген де емеспін, естіген де емеспін. Егер осыны маған басқа біреу айтса, «ертегіңді қой, шырағым, өзің бір ағып тұрған суайт екенсің», -деп бет бақтырмай ұрсып тастар едім...

— Солай Алмас! — деді Илона сабасына түсіп, — Тентек тағдыр кейде адам баласын осылай тәлкек етеді... Сондағы сенің машинаңдағы жүдеубас «неміс солдаты» менің әкем деп ойлаппын ба? Орысша шүлдірлеп сөйлеп, маған аяушылық көрсетіп, шашымнан сипағаны, «шыда, қызым, аман қалдың, сен үшін офицер құрбан болды» дегені әлі есімде.

Алмастың іші әлем-жәлем. Сонда да Илонаға сыр білдірмей, жауға қарсы шапқан қас батырдай өршеленіп кетті.

— Сонымен, үш адамның тағдыры осы госпитальдың тар бөлмесінде тоғысты де...

Илона жылай-жылай әлсіреп қалған қайғылы жандай даусын зорға шығарып:

— Шаршап қалдың ғой, Алмас! Бір мезгіл жатып тыныстап алшы, — деді.

Алмас енді қайтып Илонаға тіл қатқан жоқ. Ол Алмастың сырт киімін шешіп, төсегіне жатқызды да, бесіктегі нәрестедей аялап, көрпесін қымтап, мамықтай жұмсақ алақанымен маңдайын сипады, көзілдірігін суырып алып тастады.

— Ұйықтай ғой, күнім, ұйықтай ғой!

Алмас жаңағы ғажайып уақиғадан пайда болған асқақ әсерге бөгіп жатқан қалпында, жаны рақат тауып, көп уақыттан бері болып көрмеген өзгеше бір тәтті ұйқының құшағына кірді.

Жайнаған жаздың тамылжыған бір күнінде, таңертеңгі қоңыр салқын шақта Илона Алмасты Ока өзенінің іргесіндегі жасыл ну орманға алып шыққан. Жас баладай жетектеп жүріп, орман ішін ұзақ аралатты. Бір алаңқылау көкорай шалғынға келгенде Алмасты тоқтатып, отырғызып қойып, өзі де оның қасына жақын отырып, жаны елжірей:

— Зеріккен жоқсың ба, айналайын? — деп еді. Осыны айтты да, торғын орамалымен Алмастың бетін желпи берді.

— Неге зерігейін, — деді Алмас, — бүгін тіпті көңілденіп кеттім.

— Мен сенің көңіліңді көтергелі орманға әдейі алып шыққан жоқпын ба? Бұл бар ғой, Сергей Есениннің өлеңдеріне арқау болған ғажап орман!

— Иә, білемін, — деді Алмас күрсініп. — Қайтейін, көзіммен көруге бұйыртпады ғой... Енді орыс орманының табиғатын жүрегіммен, жаныммен сезінейін.

— Госпитальдың қаңқиған төрт қабырғасында сарылып жата бергенше, бір мезгіл дем алсын, даланың жұпар ауасын жұтсын деп едім.

— Рақмет саған, айналайын. Ал, енді жаныма нәр алайын, орыстың бір әнін шырқап жіберші...

Елена сөз қайтарған жоқ. Біркелкі қоңыр даусын созып, «Рябина» әнін шырқап жіберді. Сонда Илона Алмастың зердесінде айдын көлде, саңқылдаған кербез аққу сипатында елестеп і етті. Орманды жаңғырықтырып ән салғысы келді. Аққуға меңзес «Гәкку» әні көмейіне үйіріліп кетті.

Илона осыны білгендей-ақ оған қиылып қолқа салды:

— Қазақтың бір әнін айтып берші, Алмас!..

Алмас сөзге келмей шырқай бастады.

Таранған айдын көлде сен бір аққу,

Мұндай сөз естіп пе едің бек ләззат алу.

Сырнай мен домбыраның арасында,

Балқыған қорғасындай қайран гәкку...

— Әніңнің әуені қандай әдемі еді! — деп Илона Алмасты арқаға қақты.

Петропавл қаласында жүрген кезінде радиодан талай естіген әсем ән қыз қуанышын шалқытып жіберді. Алмас та күлім қағып, жазғы күндей жайнап сала берді. Жанын жадыратып, жүрегін қуанышқа бөлеген осы бір қайырлы сағатта Алмастың бойы да, ойы да биіктеп кеткендей. Басында мін жоқтай, көкірегінде мұң жоқтай алшаңдай басып, Илонамен қатарласа ілгері аттады.

Бұлар тағы да орман ішін ұзақ аралады. Терек, қайың, қарағай аралас орманды Елена тілі жеткенше суреттеп, Алмастың көкірегіне құя берді.

Көкорай шалғынды бір жерге жайғасып отырғанда Алмас көзінің нобайын Илонаға бағыттап:

— Аспанда бұлт жоқ па? Күн көріне ме? — деп сұрады.

— Күн жайнап тұр! — дегенде Илонаның үнінен қуаныш серпіні білінді.

Екеуі дүнияуй әңгімелермен алданып, бір жағынан табиғатты тамашалап ұзақ отырды. Даладағы алуан гүлдердің хош иісі аңқиды. Орманда неше түрлі құстар сайрайды. Алмастың екі кезі су қараңғы болса да, жан сарайы күндей жарқырайды. Бар әлемнің жарық сәулесін, әмбе әдемі нақыш-өрнектерін көкірегіне Илона қондырып бергендей. Осының бәрі де жақсы! Әттең, не керек, жалғанның жарығын айтсайшы! Бала кезінен есінде қалған соқыр ақынның мұңлы өлеңі болушы еді. «Жай қоңыр» әнінің әуеніне қосып, соны айта бастады:

Аққайран су ішінде тоңбайды екен,

Айырылған екі көзден оңбайды екен,

Қаншама сауық-сайран құрсаң-дағы,

Жалғанның жарығындай болмайды екен...

Алмас ән аяғын мұңдана баяулатып барып тоқтағанда Илона осы бір өзіне түсініксіз жағдайда да сыр білдірмей, Алмасқа орайластырып қазақ халқын мақтай ала жөнелді:

— Неткен жақсы ән еді, шіркін, қазақ әнші халық қой, өнер үшін жаралған ел ғой, — дей берді.

Алмас оны үнсіз құптай берді. Илонаның көңіліне қаяу түсірмейін деп, әлгі ән өлеңінің дәл мағынасын айтпады.

Илона мұңы мен қуанышы алалас неғайбыл сүреңмен үздіге сөйледі:

— Алмас! Ока орманының бүгін өзгеше құлпыруын қарашы! Бірақ.. бірақ сен оны көрмейсің ғой... — Осыны айтты да, қос қолымен Алмастың басын кеудесіне бейімдеп алып, құша берді. Қыздың ыстық лебі Алмастың бетіне шалынды. Алмастың үні шықпай қалды. Осы бір қуанышты сәтте әуелгі кездескен күннен бастап қиял құдіретімен жасап алған Илонаның сүйкімді бейнесі аққан жұлдыздай бір жалт етті де, тез ғайып болды. Ол енді маған қайта айналып келмейді-ау деген жалған сезімге бір сәт беріліп кетті де, Илонаның жібектей үлбіреген қалың шашын бипаздап сипай берді, сипай берді.

— Қайран, өмір-ай, — деді Алмас жігерлене, — бәрінен де тіршілік артық екен. Мен мұны бүгін, сенімен бірге мына табиғат саясында серуендеп жүргенде жан жүрегіммен сездім.

Илона Алмастың төмен сырғып түскен көзілдірігін орнына үйлестіріп қойып, көйлегінің жағасын жөндеді.

— Саған екі көзімді ойып беріп, етегіңнен ұстап жүрер едім, — деді Илона емірене. — Әттең, не керек, бір адамның көзін екінші адамға сол қалпында ауыстырып орнатып беретін құдірет жоқ қой біздің медицинада...

Осы мезетте Алмастың қаны қызып, бойы балқып, Илона екеуі біртұтас бейнеге айналғандай ғажап сезім билеп алды. Сонда да жан тебіренісін білдірмеуге тырысып, байсалмен үн қатты:

— Саған ризамын, күнім!..

— Алмас! — Илона әлдебір керемет тосын жаңалық көргендей үздіге тамсанып қойды. — Әне бір қоңыр үйрек бір топ балапанын шұбыртып кетіп барады.

— Қай жерде?

— Әне! Көлшімекке қарай кетіп барады.

Илона орнынан лып етіп тұрып кетті де, сәлден кейін абыржи сөйледі:

— Қап! Күшіген болса керек, бір дәу қара құс аспаннан шүйлігіп келеді. Аналық үйрек оны көріп қалды-ау деймін, бейшара балапандарын қорғаштап жаны шығып жүр.

— Бар, шапшаң! Күшігенді үркітіп жібер, — дегенде, Илона төтеннен жау тиіскендей жанталаса айқайлап безектей жөнелді. Алмастан алыстаған сайын ащы даусы шығады. Алмас орнынан ытқып тұрып, Илона кеткен тарапқа бетін түзеп тұра қалды. Бешпентін шешіп алып, басынан асыра желпілдете бұлғап, бар даусымен айқай салды.

Арада бес минуттай уақыт өткенде Илона аяғының сыбдыры естілді. Ол тамағын кенеп, дыбыс берді.

— Күшіген кетті ме? — деп Алмас абыржып сұрап еді, Илона оның иығына қолын артып тұрып, алқына:

— Үркітіп жібердім, балапандар аман қалды, — деді.

— Шіркін, өмір-ай! — деді Алмас емешесі құрып, — құс екеш құс та өз баласын желге, күнге тигізбей тәрбиелеп өсіреді, бойындағы қасиеттерін дарытады, олардың басына қатер төнгенде шыбын жанын пида етіп қорғайды.

— Отырсайшы, — деді Илона, — дем алайық.

— Отырайық...

Илона Алмастың үстіне жабысқан шөп-шаламды тірнектеп теріп алып тастап, бешпентінің шалғайын, жағасын жөндеді де:

— Алмас, сен кейінгі кезде әдемі сөйлейтін боп кеттің, — деді.

— Көзім соқыр болса да, күннен-күнге көкірегім көргіш боп барады, — деді Алмас кеудесін кере күлімсіреп. — Зерде дегеніңіз мына орыс орманындай далиып кетті.

— Өзің де сезетін шығарсың? — деді Илона масайрап. — Осы күні орысша еркін сөйлейтін болдың.

— Сезгенде қандай, — деді Алмас мақтағанға мардамсып, — не нәрсе тіршілігінің ең бірінші қажетіне айналса, адам соны қайткенде де тез игеріп алады.

— Олай болғанда қазақ тілі менің де тіршілігімнің негізгі қажетіне айналатын шығар?

— Менің ана тілімді үйренгің келе ме?

— Егер сен қарсы болмасаң?..

Сөзінің астарында терең мән-мағына жатыр.

— Құптаймын, құттықтаймын.

Илона ішінде тұнып жатқан шер-шемені қозғалғандай қинала күрсінді.

— Менің бір ғана өкінішім бар, — деді.

— Не өкініш?..

— Мектепте он жыл оқыдым, үш жыл өмірім мұғалімдер институтында өтті. Жас ұрпаққа білім берем деген арманымды соғыс үзіп кетті...

Өкініші орынды. Оған не айтарсың? Бұл орайда Алмас пен Илонаның тағдыры егіз қозыдай ұқсас екен. Ол қырқыншы жылы Алматыдағы педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінің үш курсын бітірген. Білімінің жиынтық жемісін өзі де жөнді татқан жоқ, өзгелерге де тинақтай шарапаты тиген жоқ. Бұл Алмастың күні осы уақытқа шейін Илонаға айтпаған сыры. Алмастың анкеталық мағлұматтарын білуге оның өзі де құмарта қоймаған. Илонаның институттағы оқуы соғыс салдарынан үзіліп қалғанын анадағы күнделік дәптерінен Алмас ептеп аңғарып қалса да, егжей-тегжейін сұрай қоймаған.

Сөз реті келіп қалғанда Алмас өз білімі турасынан хабар беріп еді, Илона есі кете таңданып:

— Мұндай да ұқсас тағдыр бола береді екен! — деді.

Илонаның қазіргі сәттегі беймаза көңілін сергіткісі келіп, Алмас іле-шала:

— Әлі де кешіккен жоқсың, басың жас, он екі мүшең түгел, соғыс бітеді, бейбіт заман туады, тұрмыс құрасың, оқуыңды аяқтайсың, — деді.

Осыны айтуын айтса да, Алмастың ішкі дүниесі жалындай бастады. «Екі көзден айырылып, кәріп болған мені айтсайшы», — дей жаздап. Илонаның онсыз да ойран-топаны шығып отырған ішкі дүниесінің отын өршітпейін деп, тілін тежей қойды.

— Мені қойшы, — деді Илона мұңайып, — сені айтсайшы...

— Менің мұғалімдік қызметімді сен қоса атқарарсың, — деді Алмас турасынан. Осыны айтты да Илонаны қолпаштап арқаға қақты. Бұл оның «менің жаңағы пікіріме сен қалай қарайсың?» — дегені.

— Несі бар, атқарамын... Сен де қарап отырмайсың, халқыңа пайдалы еңбек істейсің...

«Жоқ, мұның жөні жоқ. Соқыр жігітке басыңды байлап әуре болмай-ақ қой. Он екі мүшесі түгел, тұрпатына ақылы сай келген теңіңді тап, бақытты бол!» Алмас осыны айтқалы оқтала беріп, кілт тыйылып қалды.

— Сенен бір сұрақ сұрайын, — деді Илона бір мезетте.

— Сұра...

— Жүйрік қиялыңның құдіретімен көргіш көкірегіңе орнаған менің бейнем қандай екен?

Бұ да бір қызық сұрақ. Әзілі ме, шыны ма? Ойын сөзге шын жауап берген жөн. Осы ойға бекінген Алмас салиқалы пішінімен сөйледі:

— Ояу кезімде мен сені таң алдыңдағы , Шолпан жұлдызға ұқсататын едім, түсімде көргенде, Шолпаннан да асып кеттің.

— Қандай екенмін?

— Ақ маңдайың айдай, бетің жаңа жауған қардай екен...

Илона ән бастайтын әншідей тамағын кенеп, Алмасқа естірте мырс етті.

— Мен сен ойлағандай елден асқан сұлу емеспін, әлім-керім көркі бар қара дүрсін қызбын...

Илонаның бұл сөзіне Алмас торыға қойған жоқ. Қайта, бұл қыз түсінде көрген тамаша қалпынан әлдеқайда ересен сұлу боп көрінді.

— Сен қалай десең де, жадымдағы асыл бейнең өзгермейді, — деді.

Илона Алмастың оң иығына басып салып, еркелеп:

— Қалжыңдап айтам, онша кескінсіз де емеспін... ылайым жадыңдағы бейнем өзгермесін... — деді.

Алмас бұл қызға енді не айтсын? Қымс етсе бірін-бірі ауыз жаппай мақтай беретін жеңілтек жастардай қашанғы сайрай берсін.

— Сен осы арада дамылдап отыра тұр, — деді Илона. — Мен орманнан жидек, гүл теріп әкелейін.

— Мейлің, бара ғой.

Илона жылыстап кете берді. Алмас жалғыз қалып, өзімен-өзі сырласа бастады.

«Мен ылғи түнді асыға күтемін. Тезірек тәтті ұйқыға батсам екен деп ынтызарым құриды да тұрады. Жарық дүниені, Илонаны түсімде көре бергім келеді. Түс дегеніңіз, ақыл-ой қызметінің үздіксіз жалғасы екен, мұрат-арманның, өршіл қиялдың айнасы екен. Жайшылықта төрт құбылаң түгел тұрғанда мұны кім ойлаған.

Жайнаған жарық дүниені, Илонаны түсімде көргенде аспандағы айға қолым жеткендей жаным жадырап, қуанышқа бөленемін, рақатқа батамын. Ояна келсем, соның бәрі көріне түсіп жалт берген алдамшы сағымдай өкіндіріп, еміндіріп кете барады. Қысқасы, түс дегеніңіз, ондағы қат-қабат сырларға толы қияли дүние менің өмірімнің түбегейлі саласына айналғаны қашан!..

Менің өмірімнің ендігі тірегі, бақыт құсым — Мадияр қызы Илона! Менің тағдырымның кілті енді соның қолында. Илонаның ажар-көркін, асыл бейнесін жібек мінезінен, биік ақыл-парасатынан танимын да, оны ақыл-көркі бірдей келген сүйіктім деп білемін».

...Илона әлгі әзірде орманнан жидек, гүл теріп әкелуге кетті ғой.

— Алмас!.. Ұзаған жоқпын, осы төңіректе жүрмін! — деген дауысқа Алмас құлағы елең етіп еді. Ендігі бір сәтте Илонаның орманды жаңғырықтыра салған асқақ әні жетті құлағына.

«Калина» әні! Бұйра шашты, жасыл желекті бүрген ағашын, қырмызы қызыл шиені мадақтайды. Әннің тәтті сөзі, сүйкімді әуені құлақтан кіріп, бойды алып, көңілге алуан түрлі ой салғандай. Ормандағы мақұлық біткен Илона әнін ұйып тыңдап қалғандай. Ән бірте-бірте алыстап барады, әнмен бірге Илона да алыстап барады...

Алмастың көңілі құлазып, көкірегіне мұң үйіріле берді. Айсыз қараңғы түнде Илонадан бөлініп, адасып қалғандай. Алмастың күн мен айы Илона емес пе? Сүйіктісі қасынан ұзап кеткенде күні батып, айы сөнгендей болды. Жасыл жазирадан таңдап үзіп алған райхан гүлін сумақай жел қағып әкеткендей қолын ербеңдетіп, Илона кеткен тарапқа бетін бағыттай берді.

«Келші сәулем, тезірек келші! Наздана еркелеп отыршы қасымда. Сонда менің көңілімнің көзі жарқырап, көкірегім ашылсын!»

ӘҢГІМЕНІҢ ТҮЙІНІ

Сейілбек Төлемісов пен Харитон Оспанов «Қорғалжын» совхозының бухгалтері, әуесқой композитор, жас ақын Жәлел Нұржановтың үйіне қонып шыққан. Бұлар таңертеңгілік шайды ішкен соң қастарына Жәлелді ертіп, совхоз қалашығын емін-еркін аралаған. Совхоздың шаруашылығымен армансыз танысып, даңғайыр орта мектебін, зәулім мәдениет сарайын көрген. Содан екеуі түске тарта Жәлелді кеңседегі қызметінде қалдырып, Шалқар көліне сейіл құрып кеткен.

Бұлар совхоз қалашығының солтүстік іргесінде шалқып жатқан айна көлдің күнбатыс жағалауын шарлап, әңгімелесе жүріп, недәуір жерге ұзап кетіп еді.

Бүгін күн ала бұлттанып, желкемдеу болып тұрған. Айнала атырап бұлыңғыр тартып, бір түрлі көңілсіз күйге түскендей.

Көл жағасындағы көк майсалы ойдым жерге жеткенде Харитон кілт тоқтап, Сейілбекке қиыла қарап тұрып тіл қатты:

— Осы араға отырып, тыныстап алсақ қайтеді, аға?..

— Құп болады.

Көгалға жайғасып отырған соң Харитон айналаға тамашалап қарап үнсіз қалды да, әлден уақытта жарқылдай сөйлеп кетті:

— Өткен түнде сіз жастыққа басыңыз тиісімен қорылдап ұйықтап кеттіңіз. Мен болсам, Жәлелдің бос тұрған кішкентай бөлмесіне кірдім де, кешегі өзіңіз берген хикаяны электрдің жарығымен оқып шықтым. Содан таң алдында жатып едім, бәрібір жөнді ұйықтай алған жоқпын.

— Қалай екен? Ұнады ма?

— Мақтауымды да, сынымды да кейін айтайын, — деді Харитон толқына. — Ол жағы қайда қашар дейсіз. Қазіргі мәселе басқаша...

— Қандай мәселе?

— Бәлкім, сіздің бұл жазғандарыңыз бір-біріне айна-қатесіз ұқсас уақиғалардың жиынтық тұлғасы шығар? — деді Харитон көзінің қарашығын төңкеріп. — Ең әуелі, осы бір жайтты ашып алғым келіп еді.

— Есіңде болсын, бауырым, — деді Сейілбек әлдебір ересен өнеге айтқалы отырғандай маңыздана. — Дарының жетсе, сөз өнерінің құдіретімен өрнегін сала білсең, сенің әлденеше жиынтық бейнеңе бергісіз керемет жалқы уақиғалар болады.

Харитон аға алдында кішілік көрсете:

— Мен сіздің бұл пікіріңізге қарсы дау айта алмаймын, — деп еді, Сейілбек тұңғыш оқушысының хикая турасындағы берер бағасын білгенше сабыр таппай:

— Жақсысын құптарсың, ұнамаған жерлерін сынай бер, ұялма, — деді.

— Сіз оны айтасыз, — деді Харитон, менің көңілім басқа жақта дегенді бірден аңғарта. — Мен сіздің осы хикаяңыздың түпкі төркінін таныған сияқтымын.

— Танысаң айта ғой, төбесінен дәл түстің бе, әлде...

— «Шешінген судан тайынбайды» демей ме? Айтайын. Сіз бұл хикаяңызда біздің үйдің бір пара өмір шежіресін суреттеп берсеңіз керек... — Осыны айтқанда Харитонның бидай өңді ақ құба жүзіне қан ойнап шыға келді. Жанарынан таңданысы мен қуанышы тоғыса жалт еткендей.

— Сен не дедің? Сонда қалай? — Сейілбек қылмысы әшкереленіп, қолға түскен тентек балаша бұлқынды. — Менің кейіпкерлерім сенің әкең мен шешең бе?

Харитон қос жұдырығымен жер тіреп отырған күйінде миығынан күлді.

— Тағдыр солай қосқан болса, Сейілбек аға, оны көркем сөздің құдіретімен келістіріп суреттеп берсе, осылай болмағанда қайтетін еді...

Сейілбек мәселенің шындығына көзі жетіп отырса да, әдейі анықтаңқырай түсейін деген мақсатпен:

— Сен осыны ойнап айтып отырған шығарсың? — деді.

— Ендеше, шындық атты төрешіге жүгінейік, аға! — деді жігіт салиқалы пішінмен. — Алдыңызда отырған Харитон Оспанов Алмастың бел баласы, Мадияр қызы Илонаның тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен тұла бойы тұңғышы...

Сейілбек тұтқиыл жаңалық әсерімен жүйкесі босап, тебіреніп кетті де, әп-сәтте бойын жинап алды. Алдында отырған сұңғыла жас жігітке бадырая қарай қалған. Қырық төртінші жылдың жазында, майдан жолындағы санитарлық поезда кездескен көзілдірікті жігіт пен нәресте құшақтаған ақ сары көркем келіншек көзінің алдына тұра қалды. Сондағы ақ сейсепке оралған үлпершектей ақ бала шынымен-ақ осы отырған Харитон болғаны ма? Иә, соның дәл өзі!..

— Алмас қайда? Илона қайда? — деп Сейілбек үздіге сұрай берді.

— Өзіміздің ежелгі ата мекенімізде — Мариновка селосында тұрады, — деді Харитон, — бәлкім, білетін боларсыз, ол селоны қазақтар Амантай қаласы деп атайды.

— Білемін, білемін...

— Иә, мәселенің басы ашылды, — деді Харитон көңілі көншіп. — Сіз кейіпкерлеріңіздің түпкілікті мекен-тұрағын білмейтін бе едіңіз?..

— Шынымды айтайын, — деді Сейілбек кінәсін мойындап, — солардың адресі жазылған дәптерімді майданда жүргенде жоғалтып алып едім. Алмастың Ақмола облысыныкі екені есімде қалыпты.

— Кейіпкерлеріңізді соғыстан кейін іздемедіңіз бе?

— Оларды қайдан табасың? Ақмола облысының қай ауданынан тентіреп іздейсің?.. Нәсіп болып, еңбегім жарыққа шықса, мені өздері хат арқылы іздеп табар деп үміттеніп жүр едім.

— Сізден тағы да бір сұрағым бар, — деді Харитон. — Айыпқа бұйырмаңыз. Менің көкем мен мамамды кеше мен көрсеткен суретінен танымадыңыз ба?

— Шырамытқандай болып едім, бірақ...

— Сонда қалай? Қарт Харитон мен кішкентай Харитонның суретінің сыртындағы жазудың соңында «Алмас Оспанов» деген жазуды байқамадыңыз ба?

— Қайдан білейін, — деді Сейілбек, — қазақта не көп, Омар, Оспан көп...

— Таныстарыңыз табылды, сүйіншісін маған бересіз. Олармен қауышасыз, өткенді еске түсіресіз.

— Бұ да бір адам айтқысыз қызық іс болды.

— Мен соның бәрінен де көкем мен мамамның әдеби кейіпкерге айналғанына шаттанамын, — деді Харитон күлімдеп.

— Бірақ олардың бейнелері әлі толық мүсінделген жоқ, — деді Сейілбек назырқанған пішінмен, — амандық болса...

— Амандық болса осы шығармаңыздың жалғасын жазасыз ғой.

— «Бітер істің басына жақсы келсін қасына» дегендей, менің бағыма сен кездестің. Сүйікті кейіпкерлеріммен дидарласатын болдым... Онан арғысын көре жатармыз.

— Қадамыңыз қайырлы болсын, қаламыңыз қарымды болсын. — Харитон осыны айтып тынып қалды. Осы әңгімені сағыздай соза берсек дәмін кетіріп алармыз деген ой келген оған. Сейілбек осы сәтте қуаныш құшағында әр түрлі қияли елестерге беріліп кеткен.

— Мына Шалқар киелі көл! — Харитон сөзді осылай бастады. — Сейілбек аға! Мен сізге ата-бабамның шежіресінен бір пара әңгіме айтып берейін, бәлкім, Оспановтар жайынан жазатын шығармаңыздың бір кәдесіне жарап қалар... Осы бастан айтып қояйын, қар суындай тез суалатын дерексіз бірдеңе болса, басыңызды қатырмай-ақ қояр едім...

— Қиыннан қиыстырып, мәнісіне келтіріп айта білсе, біреудің айтқанын көркемдеп, кемелдендіріп суреттей білсе, өмірде керексіз дерек болмайды. — Сейілбек осыны айтты да, «ал, сөйле, бұлбұлдай сайра, жігітім!» дегенді күлімдеген көзінен танытып, тынып қалған еді.

Харитон Шалқардың таңғажайып шар айнадай жарқыраған айдынына өзгеше бір ыстық шыраймен қарап отырып, бір қалыпты қоңыр дауыспен әңгімесін бастады:

— Мен Жаманбайдың үшінші ұрпағымын. Ол кісіден Оспан, одан менің әкем Алмас... Енді мен сізге Жаманбай бабамның азаппен өткен өмірінің бір кезеңін баяндап берейін.

— Құп болады, айта бер...

ЖАМАНБАЙ ШЕЖІРЕСІ

Жаманбай көп жасады. Оның бейнетпен болаттай шыныққан палуан денесін бай-кулактардың тепкісі қайыстыра алған жоқ.

Жаманбай өлерінен бір ай бұрын жалғыз Оспанды қасына отырғызып қойып, аянышты қиянатпен бір сөз бастаған.

— Осы күнге шейін тірі жанға айтылмаған бір сырым бар еді, балам! Өлім бар да, қаза бар. Есімнен танбай тұрғанымда, көзімнің тірісінде соны саған аманат етейін. — Ол күңірене бастап, күрсіне бір тоқтады.

Әкесінің жоқ жерде өлім шақырғанынан Оспан секем алып, бір жағынан таңданып қалып еді. Қапсағай денелі, жалпақ бет, қара сұр шалдың аузына қарай қалды. «Бұдан бұрын бұлай тереңнен сөз қозғамайтын еді, әлде ғұмырының ақтық шағы жақындап қалғанын сезе ме екен?»

— Ал, тыңда, балам! Бұл уақиға мың да сегіз жүз тоқсан төртінші жылы болған. — Жаманбай сөзін баяу жалғағанда Оспан тағат таппай:

— Онда мен туып па едім? — деп сұрады.

— Сен сол жылдың сүмбілесінде туғансың. — Ол ұзақ өмірінің биік өрі мен шалғай жолын бір шолып өткісі келгендей, бадана көздерін қиян-қияға жүгіртіп, арқардың құлжасындай адырая қарай берді. Енді бір мезетте қою қара қас жапқан қалың қабағы жауар бұлттай түнере қалды. Оспан түстеп қараса, әкесінің етжеңді қара сұр беті өртенген жердің түбіртегіндей қара қошқыл рең алған екен. Ол енді Оспанға бетін түзеп отырып, әңгімесінің арнасына түсті:

— Айшуақтың есігінде жалшылықта жүргенімде шеккен азабымды, көрген қорлығымды айтып несіне басынды қатырайын, Оспанжан! Саған бүгін айтайын дегенім басқа еді. Ал, енді осы бастан келісіп қояйық, балам: менің саған айтар сырымды шашау шығармай, кейінгі балаларыңа жеткізгейсің. Бейбақ бабасының қалай өмір сүргенін олар да біліп қойсын. Ең болмағанда, сондай бір сорлы бабамыз дүниеден өткен екен, артына ұрпақ тастап кеткен екен деп, мені есіркеп еске алар. Құдайдың құдіреті, өзім де бір сөзге сараң томаға-тұйық пендемін. Осынша жасқа келгенше сол бір ішкі сырымды саған айтпаппын ғой. Жарайды, оқасы жоқ, әлі де кеш емес...

Оспан осы арада әкесін көтермелеп жіберді:

— Айта бер, әке! Ұғып алайын, көңіліме тоқып алайын, — деп еді, Жаманбай шамырқана бойын жазып, қолын қусырып, бір қалыпты сыңаймен сөйлеп кетті:

— Біреулер туа жалғыз болса, бағзы біреулер жүре жалғыз болады. Сен туа жалғыз едің, Оспанжан! Болжалым онша қате кетпейтін еді, иншалла, ұрпақсыз болмассың. Бақталайлы болсын, мерейің үстем болсын деп тілеп едім. «Әке балаға сыншы» демей ме, менің байқауымша, ақылдан жарлы емессің. Жә, қойшы, ойға алған сөзіме көшейін...

Әңгіме желісі осылай тартылған.

Күнбала Айшуақтың өгей қызы, кіші тоқалы Жұмабикенің соңынан еріп келген. Суреті хор қызымен таласқандай сұлу болмаса да, ажар-көркі бір қыздан кем емес-ті.

Жұмабике мен Күнбаланың көрген күнін итке бермесін. Айшуақтың отымен кіріп, күлімен шығып, ертеден қара кешке шейін бір дамыл көрмейді. Денесі түйенің жарты етіндей, беті сиырдың қарнындай күж-күж Анар бәйбіше «шұнақ тоқал» мен «көйлекшең қызға» аюдай ақырып, тасқаяқтай қағыстырады.

Жаманбай болса, Айшуақтың құлақкесті құлы есепті. Арғы тегі өлімге айдаса да қыңқ етпей бара береді. Барар жері, басар тауы жоқ болғасын көнбеске, шыдамасқа амалы қайсы. Ел Жаманбайды «жарлы болса да арлы жігіт» деп мадақтайтын. Осы күймен, осы жосықпен айлар, жылдар өте берген. Сонымен, Жаманбай, Айшуақтың есігінде табаны күректей он жылды өт көріп, жиырманың бел ортасынан асып та кеткен.

Айшуақ үйінде Жаманбайға оң қабағымен қарап, тонның ішкі бауындай жақын тартатын жалғыз Жұмабике. Жабырқап жүргенде жақсы сөзімен медет беріп, орайы келіп қалғанда жылы-жұмсақ тамағын соның аузына тосады. Жоқ-жітік, кем-кетікке мейірімді жайсаң әйел. «Ақ көңіл адамның аты арымайды, тоны тозбайды» деген бар. Әттең, не керек, Жұмабике байғұс бақ-талайдан жұрдай. Әйтпесе өзі де, қызы да кімнен кем?

Жаманбай мен Күнбаланың бір-біріне құштар екенінен Айшуақ та, Анар бәйбіше де бейхабар. Екі жастың бір-біріне соншалықты ыстық ықыласпен қарайтынын, бірін-бірі тым жақын тартатынын олар білсе де, бұларын бір үй ішінде үйреніскен жастардың дағдылы тірлігіне санайтын. Оның бер жағында, күң есепті өгей қыздың күнделік тұрмыс қаракетіне, ошаң еткен жүріс-тұрысына оспадар шал мен ожар бәйбіше елеп назар аудара қоймайтын.

Жаманбай мен Күнбала жария қосылуға аюдай ақырған Айшуақтан сескенеді, елдің өсегінен именеді. Жаманбай тағдырдың тосқауылын бұзамын, құдайдың бермесін тартып аламын деп жүргенде, өмірдің бұралаң жолында, қиын құз-шатқалында мықтап сүрінді. Күні осы уақытқа шейін өңі түгіл, түсінде де ойына келмеген ұят іске қадам ұрды. Жаны, ары таза Күнбаланы бармақ басты, көз қысты әрекетке итермеледі. Отқа салған темірдің екі басы бірдей ыстық. Оның қай жағынан ұстасаң да, қолың күйеді. Жаманбайдың осы көз жұмбай тәуекелге баруына тағы да бір уәжі бар-тын. Күнбала екеуінің қосылуға біржола бел байлағандарына Айшуақтың көзі жетсе, тулап-тулап басылар, ақырында қызының екіқабат болып қалғанын білгенде ел-жұрттан ұялар да, түптеп келгенде, лажы құрып, амалсыздан рұқсат берер деген ішкі есебі бар.

Қанша жасырғанмен жаманат шіркін жата ма? Күндердің бір күнінде Күнбаланың іші білініп, күмәні ашылып қалды. Жұмабике байғұс қызының жүкті боп қалғанын білгенде әуел баста егіле қайғырып, оңашада ағыл-тегіл жылады да, сабасына түсіп, қызына өз ойын жеткізді.

— Жаманбаймен көңіл қосқаныңды әуелден-ақ бөтен көрмейтін едім, бірақ енді мына масқараға ұшырап қалдың... Мұныңды әкең білсе, екеумізді де оңдырмайды, Жаманбайдың да қарасын өшіреді.

Күнбала сонда көзінің жасын көлдетіп, шешесіне жалынды:

— Бір амалын өзің тапшы, апа!

Жұмабике елжіреп кетіп, өз көңілінің дүрбелеңін білдірді.

— Бейбақ-ау, құрсағыңдағы шарананы елден қалай жасырайын? Оған енді не амал бар?..

Жұмабике мен Күнбала желі басында ұзақ отырып, іштеріндегі шер-шермендерін емін-еркін шығарып еді. Болар іс болып қалған екен. Енді сор маңдай қызды осы қырсықтан құтқарудың жолы қайсы? Ана ойы осы сұмдықты қайткен күнде де Айшуақ Анарға білдірмеу керек деген байламға сая береді. Олар зәу-сайтан біліп қалған күнде де Жаманбайды атамай, Күнбала жастықтың әсерімен осындағы бір желбас жігітке алданып қалып, абайсызда жүкті болыпты демек... Жұмабике осы бір солқылдақ пәтуасын Күнбалаға айтып еді, ол «өзің білесің» дегеннен басқа сөзге бармай, бар салмақты шешесіне тастаған. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде Жұмабике, қанша жасырғанмен бәрібір Айшуақ пен Анар бәйбіше бұл сұмдықты білмей қоймайды, одан да алдын ала өзім жеткізейін деген тұрлаулы ойға бекінген. Оның бұл шешімін Күнбала да теріс көрген жоқ.

Ертеңіне Жұмабике анда-санда бір айналып соғатын төсек кезегін пайдаланып, Айшуаққа шындықты айтуға бел байлап еді.

Киіз үйдің іргесінен таң сәулесі білінген кезде, Жұмабике қорылдап ұйықтап жатқан Айшуақты бүйірге түртіп оятты.

— Шошып кеттім ғой не боп қалды? — деді. Жұмабике Айшуақтың сұсынан сескене қойған жоқ. Бұдан бұрын әсте болып көрмеген еркін жосықпен шалды ажуалап тастады:

— Қасында жатқан тоқалының оятқанына шошынғаны несі екен-ау, мұның? — Осыны айтты да, көйлегін киіп, қобыраған шашын жөндеп алды. — Құттыхана үйіңде, таң атып келе жатқанда саған айтатын бір сөзім бар еді, отағасы!

Айшуақ секем алып, елеңдей берген.

— Не айтайын деп едің? Немене, өзің түсіңнен шошынғаннан амансың ба?

— Мен сорлы түсімде емес, өңімде шошып жүрмін, отағасы...

— Көп былшылдамай, айтатыныңды айтып тыншы...

— Айтуға сенен қорқып жүр едім, — деді Жұмабике төсектен шетке сырғып отырып. — Күнбала масқара боп қалыпты.

Шал тамаққа өкпелеген балаша бұртия қарап, лездің арасында басына үймелеген бұлыңғыр ойларға бір сәт беріліп кетті. Бұрқан-тарқан түрегеліп, ала көлеңкеде Жұмабикені обып жіберетіндей — ақ ежірейе:

— Әй, өзің не оттап отырсың? Ашып айтпайсың ба, не боп қалды? — деді.

Жұмабике осы мезетте Айшуақтың қолынан өліп кетуге де бақыл болып, шамырқана:

— Күнбала жүкті боп қалыпты, өлтірсең де өзің білесің! — деп еді, анау буырқана жұдырығын түйіп, тоқалын жан алқымға ала бастады:

— Кіммен шатысыпты ол албасты? Шыныңды айтпасаң сенің де құртамын көзіңді.

— Осындағы бір желбас бозбалаға алданып қалыпты.

— Ойбай-ау, бұл елде не көп, бозбала көп, олардың қайсысына құрық саламыз? — деп буырқанды шал. Сол бір жазықты жігіттегі өшін Жұмабикеден алғысы келгендей, оны тепкісінің астына ала бастады. Басы қалтылдап, көзі аларып, добалдай жұдырығымен басқа-көзге түйгіштей берді. «Сені де, қызыңды да мойындарыңа тас байлап, суға тастаймын», — деп сыбап жатыр. Ақырында Айшуақ шамалы сабасына түсіп, Жұмабикені қасына отырғызып қойды.

— Мен ол сұмды бәрібір таппай қоймаймын, сен бұл сұмдықты елге тісіңнен шығарушы болма! — деді.

Жұмабике енді қайтып сөз қатпастан, сазарып отыра берді...

Осыдан кейін арада бір апта өткен. Кенеттен қатты науқастанып қалды деген сылтаумен алдына қызыл патсайы шымылдық құрып, сегіз қанат ақбоз үйдің оң жағына Күнбаланы жатқызып қойған. Күнбала айы-күніне жетіп босанса, сыртқы елге білдірмей баласын табанда құртып жібермек. Елсіз далада тезек теріп жүргенінде жын шалыпты, тірі жанға көрсетпей қараңғы жерге екі-үш ай сақтаса, құлантаза жазылады деп Өскенбай молда елге өтірік лақап таратқан. Ауыз бастырыққа Айшуақтан екі ту қой алып, жоқ жерде Өскенбайдың құдайы жарылқады да қалды.

Айшуақтың ақ ордасына өздерінен басқа жан кірмейді. Тіпті, Жұмабике де анда-санда бір болмаса, қызының қасына бара бермейді... Бұл үйге Жаманбай да бас сұғудан қалғалы қашан. Көбінесе мал соңында жүреді. Түн баласында жатар орны қараша үйдің қу босағасы. Күні-түні ойлайтыны тірідей тұтқын болған Күнбаланың қамы. Енді не істеу керек? Осылай бейқам жүре берсе, Күнбала сорлының көрген күні не болмақ? Айшуақ зұлымның құртып жібермесіне кім кепіл? Осы жайды Жаманбай қанша ойланса да дәйекті амал таба алмай, тұйыққа тіреле береді. Бұл ретте Жұмабикемен ақылдасайын десе, оған да батылы бармайды.

Осы кезде ел Әшекей-Мөнек жайлауынан іргесін аударып, екі ортасы түстік жол Сарша көлге келіп қонған. Айшуақ үйі Күнбаланың ауруын сылтауратып, жеті қараңғы түнде елден бөлініп көшкен. Күнбаланы күймелі арбаға салып, жан көзіне көрсетпей қойған. Дәл қасындағы сүйіктісінің жүзін бір көруге зар болып, Жаманбай қатты күйінген.

Таң сіберлеп атып келе жатқанда Айшуақтың үш үйі Сарша көлдің күнбатыс көк желкесіне бөлек қонған. Атам заманнан бері үнемі бір ауыл боп қонатын ағайын-туыстары осы сапар Айшуақтың әмірімен одан араларын недәуір аулақ салып, көлдің күншығыс жақ шетіне бөлек қонған.

Айшуақ пен Анар бәйбіше шайға қанып алып, ортаншы үйдің түндігін жауып қойып, дамылдап жатқан. Бұл кезде Жұмабике мен Жаманбай бие саууға желі басына кеткен. Бүгінгі байланған он бес шақты биені сауып болып, екеуі осы араға шамалы кідірістеп қалып еді.

Жаманбай сүтке шып толы екі дәу көнекті жерге қоя салып, отыра бергенде, одан бұрын отырып үлгірген Жұмабике мұңды қияпатпен:

— Сенің не ойлаған ойың бар, Жаманбай? Осылай болжырап жүре бересің бе? — дей берді. Жүзі сарғайып, көзі бозарып кетіпті. Жылауға шақ отыр.

— Менде не ой болсын, апа? Ақылын өзіңіз таппасаңыз, менің қолымнан не келеді?

Жұмабике Жаманбайға бір түрлі аянышты әлпетпен қарап отырып, қынжыла сөйледі:

— Сорлы қыздың қараңғы қапаста кәріп боп жатқаны анау, сенің солбырайып жүрген түрің мынау, көрінер көзге отқа салып қоясың ба, жарқыным, тірлік қып бір айласын таппайсың ба?

Жаманбай енді осы екі арада өзінше ой түйген. Соны айтты:

— Маған салсаңыз, аман күнінде Күнбаланы алыс жаққа алып кетейін.

Жұмабике маған да керегі осы еді дегендей қабағы жадырап:

— «Жақсы ит те өлімтігін көрсетпейді», осы айтқаның дұрыс, көп кешікпей көздеріңді жоғалтыңдар, — деді.

— Тәуекелге бел байлап біз кетерміз-ау, сонда мұндағы сіздің көрген күніңіз не болады? — деп Жаманбай уайым айтып еді, Жұмабике қолын бір-ақ сілтеді.

— Сендер үшін не болса да көріп алайын, азар болса ит қорлықпен өлермін, — деді.

— Сізге жаным ашиды, апа! Әйтпесе Күнбала екеуміз күні бүгін қол ұстасып кете берер едік. — Жұмабикенің күзгі жапырақтай сарғайған сұрқай жүзіне аянышпен қарай берді.

— Аман күндеріңде кетпесеңдер екеуің де құрисыңдар, — деді Жұмабике жыламсырап. — Ақмоланың ар жағында, Есіл бойында нағашым бар дейтін едің, соған кетіңдер.

Осыны айтқанда Жұмабикенің көзі жайнап, бет әлпетінде әлдеқандай нұр пайда болды.

Жаманбай тастай түйілген қос жұдырығын сүзістіріп, жігерлене:

— Күнбаланы алып кетейін, сол өзіңіз айтқан нағашыларыма апарайын, — деді.

— Сен саспа, — деді Жұмабике сөзінің ақтығында, — хабар өзімнен болсын.

Бұлар желі басында осылай уәде байласқан. Күнбала қапаста жатқалы айдан асқан. Ұйқы беріп, қайғы алып, іш құса боп Жаманбай жүр. Бір жақсы жері, Айшуақ оған күдіктенбейтін сияқты. Енді екі жасты қалай құтқарам деп Жұмабике әуре.

Бір күні Жаманбай жеті қараңғы түнде оянып, қотандағы қойларды, үй айналасындағы сиырларды байқап келейін деп тысқа шықса, үлкен ақ ордаға қанаттастыра тігілген алты қанат қоңыр үйдің іргесінен от көрінді. Аяғының ұшынан басып, тықырын білдірмей келіп, сол үйдің іргесіне етпетінен жата қалды. Іргеден сығалап қараса, Айшуақ, Анар бәйбіше, Жұмабике үшеуі керосин шамның жарығымен төр алдында күбір-күбір сөйлесіп отыр екен. Сөз әлпеттеріне қарағанда әңгімелері Күнбала жайы.

— Оттама! — Айшуақ арс ете қалды. Жұмабикеге айбар көрсете. — Өскенбай өтірік айтпайды. Пәленің бәрі Жаманбайда, бүлдіріп жүрген сол ит.

Айшуаққа ілесе Анар шарылдады.

— Айтқаным келді ме, шал! Көресіңді осы Жаманбайдан көресің демедім бе? Ойбай, масқара, елге не бетімізді айтамыз?..

Жұмабике Жаманбайды қорғап, қызының осындай масқарашылыққа ұшырағанына осындағы басқа бір әумесер бозбала кінәлы екенін, оны Күнбала ұялып айтпай қойғанын дәлелдеп көріп еді. Айшуақ оның аузын аштырмай қойды.

Айшуақтың ендігі сөз әлпетіне қарағанда, Күнбала босанысымен елге білдірмей баласын құртып жібермек. Қызды емдетеміз деген сылтаумен басқа бір жерге жөнелтпек. Ал енді Жаманбайға не істейтіні айтылған жоқ.

Үй ішіндегі жайсыз әңгіменің аужайын біліп алған соң Жаманбай Күнбала жатқан үлкен ақ орданың оң жақ іргесіне қырынан жата қалып, құлақ тосты. Күнбала дәл осы тұста аһ ұрып дөңбекшіп жатыр екен. Жаманбайдың көңілі босап, кезіне жас келді. «Қайран сәулем, жүзіңді көрем бе? Әлде осылай қайғымен өліп кетесің бе? — деді ішінен. Жаны қинала, ықылық ата күрсінді. Бұл үйде Күнбаладан басқа жан жоқ. Бұған Жаманбайдың сенімі кәміл. Ол енді үйдің туырлығын ептеп түрді де, өрнекті қалың шидің балағын бір қарыстай жыртып жіберіп, керегенің көзінен Күнбалаға ақырын дыбыс берді.

— Күнбала! Мен, Жаманбаймын...

Күнбала Жаманбайдың даусынан таныса керек, бірден жауап қатты:

— Құримын ғой, өлемін ғой, неге құтқармайсың? — дей беріп, көз жасына булықты.

Жаманбай керегенің көзіне аузын өбістіріп:

— Шыда, шыда, жаным! Құтқарамын... — деді.

Күнбала да керегенің көзіне аузын жанастыра, үздіге бір сөз айтты:

— Апам айтыпты ғой саған, осы елден тез кетейікші, құриықшы...

— Кетеміз... — Енді Жаманбай кіші үйдегілер келіп қалып, масқара болармын деп, сырғып жүре берді.

Жаманбай орнына келіп жатқанымен, ұйықтау қайда? Айшуақ бәрін де білген екен. Жаманбай мен Күнбаланың сырлары әшкереленген екен. Өскенбай молда айнала тіміскілеп жүріп, түптеріне жеткен екен. Дәу де болса, бұлардың сырын паш еткен Өскенбайдың қызы Қадиша. Соның өзі Күнбаланың қатар-құрбы досы емес пе еді? «Абайсызда Қадишаға шынымды айтып қойып едім, түбінде осы бәлекет елге жайып жібермесе болар еді», — деп анада Күнбала Жаманбайға өкініш білдірген.

Жаманбай сан-сапалақ қарбалас ойларға шырмалып, таң атқанша көзі ілінбей-ақ қойды. «Мен де тірі жанмын ғой, қармайын, қарекет істейін, қапылыста Күнбала екеуміз бірдей Айшуақтың қолынан жазым болсақ, бәрінен де сол жаман, аман күнімізде құтылайық». Ақырында ой түйіні осылай шешілді.

Аспан бүркеу. Көзге түртсе түк көрінбейтін меңіреу түн. Күндізгі күйбең шаруадан өлердей қалжыраған Жаманбай үстіне қой жүні шоқпыт шекпенін жамылып, қараша үйдің босағасына құлай кеткен. Сонда да ұйқы қайда? Дөңбекшумен көзі бақырайды да жатты.

Бүгін Айшуақ үйде жоқ. Жуырда ұрланған бес жылқының дауымен іргелес Темеш еліне кеткен. Дес берісі, Анар бәйбіше кеудесінің ауруы ұстап, бір аптадан бері төсек тартып жатып қалған. Бұл күнде қақ-соқ шаруамен айналысып, сөз аулайтын шамасы да жоқ, жанымен қайғы.

Жаманбай түннің бір уағында тұрып, киініп алды. Күнбала мен Жұмабикені күтіп тұр. Келеміз деген уәделері бар. Сәті түссе бүгін Күнбаланы алып кетпек. Жүрегі тулайды. Бұлар неге кешікті екен? Серттерінен айнып қалды ма?

Әлден уақытта киіз үйдің есігі сықырлап ашылды. Біреулер ішке кіре берді. Екі адамның басы қараңдайды. Жаманбай оларға қарсы жүрді.

Жұмабике сыбырлай сөйледі:

— Жаманбай! Ұйықтап қала жаздаппыз, тез жөнеліңдер...

Жаманбай сасқалақтай берді.

— Күнбала қайда?

— Міне, келіп тұр...

Күнбала Жаманбайға жақындай түсіп, сыбырлап жатыр:

— Осындамын...

Жаманбайдың денесі дірілдейді. Күнбаланы қармайды. Бірдеңе айтқысы келеді. Бірақ тілі күрмеліп, ішкі толқын кеудесінде дірілдеп тұрып қалды. Нұрлы жүзі жайнап, құралай көзі күлімдеп, қолаң шашы арқасына төгіліп, қасында Күнбала тұр... Әлдебір алдамшы елес пе? Шынында да Күнбала осында. Қараңғы түнде сүйіктісінің жүзін анық көрмесе де, ажар — көркі көкірегінде сайрап тұр.

Жұмабике Күнбала мен Жаманбайды қараңғы үйде құшағына қысып, кезек-кезек сүйе берді.

— Жолдарың болсын, бақыттарың ашылсын, — дейді. Тілек-батасын қараңғыда құлақтарына құйып жатыр. — Мынаны ала кет, жолда керегі болар. — Шүберекке түюлі төрт оғы мен бытыра мылтықты Жаманбайдың қолына ұстатты. Иығы бүлкілдейді. Үн шығармай жылап тұр. Үшеуі ұмар-жұмар боп үйден шықты.

Жаманбай мен Күнбала қараңғы түнде қол ұстасып, ауыл сыртындағы терең сайға қарай жөнеп кетті. Жұмабике олардың сырттарынан қарайды. Сай ішінде матап қойған ерттеулі екі ат бар. Оларды мана іңір әлетінде Жаманбай өрістегі жылқыдан ұстап әкелген. Бүгінгі жылқы күзетінің кезегінде — Жаманбайдың құрбысы, жақын досы Қалтай. Қалтай — көршілес ауылдағы Меңдібек байдың жалшысы. Екі ауылдың жылқышылары жылқыны кезектесіп бағатын. Жаманбай жылқы күзетінің кезегін кеше атқарған. Қалтай еті тірі, анау-мынаудан сескенбейтін өжет жігіт. Өзі Жұмабикенің туысы. Бұлармен ымы-жымы да бір. Аттың екеуі де Айшуақтікі.

Ертең екі атты иесі жоқтағанда Қалтайдың оған айтар дәлелі де дайын. Не ойы болғанын қайдан білейін, Жаманбай кешқұрым екі атты жылқыдан бөліп алып қалып, арқандап қойған. Айшуақ қысқанда осыны айтады.

Жаманбай мен Күнбала терең сайдың қабағына сәл аялдап, ендігі жүрер жолдарын бағдарлап алды. Жұмабикенің мәслихаты бойынша бұлар осы арадан күнбатыс тарапқа қиыстай тартып, шалқар көлін басып, елсізбен Егіндікөлге асады. Содан әрі сұрай-сұрай Таскешу қаласына барады. Таскешуден әрі асқан соң жол жағдайы оңайланады. Ұзын аққан Есілді жағалап барып, Жаманбайдың Қаратүбектегі нағашыларына жетеді. Осы екі ара ең бері салғанда екі жүз шақырым жер.

Екі жас тәуекел деп көз жұмып, түн жарымы ауғанда атқа қонды. Күнбатысты сол жақтарына ала, Шіркейліден басталған сүрлеу жолдың жобасымен сау желдіріп, аңыратып келеді.

Елден шалғай кеткенде бұларды кім біліп жатыр. Киген киімдері де жұпыны. Құдай жолдарын оңғарып, Есілдің шетіне бір ілінсе, бір елден бір елге жылжып кете бермей ме?

Жаманбайдың шамалауынша, осы арадан атты адамға түстік жердегі Шалқар көліне жеткенде, сол арадан тура Ақмолаға асатын даңғыл қара жол кездеседі. Сол жолды оң жаққа тастап, Шалқардың теріскей бағдарын бетке ала тура тартсаң, Егіндікөл жайлауына барасың.

Екі қашқын суыт жүріп кетті. Әлде бірдеңе қыбыр етсе айналаға үрке қарайды. Жол таба алмай бет алды құла түзге адасып шығып кетулері де кәдік-ау. Осы бір алақұйын ой Жаманбайдың миын тырнап, мазасын ала берген. Сонда да еркін далаға шыққан ер жігіт беймаза ойға дес бермей, өзін-өзі іштей қайрап, қайратқа жеңдірген.

Күнбала көпке шейін ләм-мим демей, ат үстінде томсарумен келеді. Ойы онға, санасы санға бөлініп, алдағы күндерінің не боларын, артта қалған бейбақ шешенің ендігі тағдырын толғайды.

Аттардың жүрісі бәсеңдеп, бұлаң құйрық бүлкіл желіске түскенде, Күнбала жұмсақ қоңыр даусымен үн қатты:

— Енді біреуге кіріптар ете көрме, жасаған!..

Жаманбай сүйіктісін аяп кетті ме, бір түрлі жанашыр бейнемен назар аударды.

— Енді ешкімге кіріптар болмаймыз, сәулем! — деді.

Күншығыс көкжиектен рауандап таң атып келеді. Таң кезінде ұйқысынан оянған даланың бейқам бозторғайлары төмен қалқып, шырылдай бастаған. Байтақ жазираның сан алуан өсімдіктерінен жұпар иісі аңқиды. Ішпей-жемей мас қылады.

Айыр құйрығы шошаңдап, бауыры ағараңдап алдарынан бір қарлығаш жалт етіп өте шықты. Қарлығаш қайта айналып келіп, алдарынан тағы да суылдап өтті.

Аттар аяң жүріске ауысты.

— Сенің не ойлағаныңды білмеймін, — деді Жаманбай, Күнбалаға елжірей назар аударып. — Мына қарлығашты мен жақсылыққа ырым көрдім.

— Мен де солай ойлап едім, екеуміздің ойымыз бір жерден шықты ғой, — дегенде Күнбаланың даусынан қуаныш толқыны сезіліп еді.

Бұлар енді желдіртіп кетті. Даланың тұнып тұрған көкорай шалғыны жасыл ала биқасап секілді. Топырағы ат тұяғына бейне мақпалдай. Кей жерде сынаптай сусып аққан бұлақ кездесіп қалады. Керілген кербез дала таң кезінде қошқылдана толықсып, төңкеріле құбылып, өзгеше сүйкімді бітімімен көңілге түрлі ой салады.

Осы қырлық даладан Шалқар көліне жеткенше екі арада ел жоқ. Бұл күнде сол, Шалқардың өзі де сары жұрт боп шаңы шығып иесіз қалған шағы.

Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Еттері қызып, бусанып алған қос саңлақ сыдыртып келеді. Бір мезетте көз ұшынан күнмен шағылысып, көл көрінді. Көлді көргенде Жаманбайдың көңілі сергіп, қабағы жадырап кетті. Астындағы күдіре жал, тобылғы торының басын ірке берді. Күнбала да орақ мойын, қапсағай күрең төбелдің жүрісін іркіп, Жаманбайдың ыңғайына бейімделген.

— Ана қарашы, жаным! — Жаманбай күлімдеп айтты. — Анау көл ғой жарқырап жатқан.

— Қайдан білейін, көл ме, әлде көл боп көрінген сортаң жер ме?

— Мен білсем бұл Шалқар көлі, соның дәл өзі, — деді Жаманбай. Өрден тік көтеріле беріп, қайта қонды.

Күнбала алдан бір жақсылық елесін көргендей кенет қабағын шытып, бойын жазды.

— Ылайым көл болсын, — деді де, іле-шала өкіне сөйледі. — Ойбай-ау, Жаманбай-ау, сен не білдің? Сасып жүргенде шамның жолға берген азығын ұмытып кетіппіз ғой?

— Қап, әттегене-ай! — Арқасына асынған мылтығын қозғап қойды. — Сасып жүргенде ұмыт қала берген ғой. Ашығамыз-ау!.. — Тісін шықырлатып, басын шайқады.

Тобылғы торы мен күрең төбел шерте аяңдайды. Көңіл күйі асып тұрмаса да Жаманбай өзін-өзі қамшылап, өлеңдете бастады:

Жер шалғай, ауыл алыс көрмегенге,

Сілекей сірне татыр шөлдегенде,

Жолда ғой ер қорегі, бөрі азығы,

Кездесер өлі балық өлмегенге...

Өлең көңіліне жағып кетсе керек, Күнбала езу тартты.

— Өлеңіңді қайта айтшы, үйреніп алайын, — деп еді, Жаманбай даусын көтере қайта айтты.

Бұлар енді аңсап іздеп келе жатқан еліне жетуге асыққандай аттарын текірек желіске салды. Көл бағдарын оң қанаттарына ала төпеп келеді. Енді бір мезетте дәл оң жақ бүйірлерінен даңғайыр қара жол кездесе кетті. Ел мен елдің арасын байланыстыратын, алыс жерді де жүрегіңе жақын сездіретін, қасқайған қара жол!.. Жолға киліккенде екеуінің де көңіліне қуаныш оты жүгіре бастаған.

— Ақмола қаласына апаратын үлкен жол осы, — деді Жаманбай көңілденіп.

Күнбала үн қатқан жоқ. Көлге жеткенше екі көзі төрт болып, ынтызары құрып келеді. Бұлар қара жолды қапталдап келіп, шаңқай түс шағында айнадай сәуле шашып жарқыраған айдын иілдің күнбатыс жақ шетіне ілікті.

Өмірі көрмеген таңғажайып жаңа дүниеге, жақсы жайға тап болғандай, Жаманбай ат үстінде тамашалап қарап қалған.

— Біз сорлыға бұл көл не бере қояр дейсің?.. — Күнбала мұңды көзінің меруерт қарашығын төңкеріп, көлге үмітсіз пішінмен қарайды.

— Кім біледі, түңілмейік. — Жаманбай үнінде сенім бар.

Жел тымық. Көл суы қазандағы қайнауы басылған судай болмашы жыбырлайды. Әр жерден әредік-әредік қаз-үйректер көрініп қалады.

Жаманбайдың арқасында Жұмабике берген бытыра мылтық. Қонышында төрт оқ, бір қорап сіріңке бар. Құс атып алып, отқа қақтап жейміз деген үмітін еселей түскен.

Жаманбай өзі аттан түсіп, Күнбаланы сүйемелдеп түсірді. Жалма-жан екі аттың тізгінін ердің қасына қаңтарып қойды. Біраз солығын басып, бой суытсын дегені. Сыралғы жуас жануарлар тыншыға қалған.

— Осы араға дамылдап алайық. — Жаманбай шөптесін жерге шекпенін төсеп жата қалды. — Ал, Күнім, мына жерге жантайып, біраз тынысташы, ат соғып шаршап қалдың ғой, — дей берді.

Күнбала сөз қатпастан Жаманбайдың бауырына басын салып, созыла жатып еді. Жігіт бауыры үлпілдек мамық жастықтай жайлы екен.

Жаманбайда ұйқы жоқ. Аш адамды, ойлы адамды өмірі ұйықтата алармысың.

Күнбала көзін жұмып жатып, талып ұйықтап кетті. Оянып кетпесін деп, қыбыр етпей Жаманбай жатыр. Көзі де, көңілі де иесіз Шалқарда. Шіркін-ай, тым болмаса, нысанаға бір құс ілінсе... «Кездесер өлі балық өлмегенге». Халық аузы дуалы. Бұлардың бағына қарай бір несібе кездесіп те қалар.

Күнбала ыңырсып оянды.

— Жаманбай! — деді жаны қиналып, — көлге барсайшы, құс іздесейші. — Кескінінде адам айтқысыз кейістік бар.

Жаманбай үн қатпады. Үстіндегі ақ шыт көйлегін, жұқа тері шалбарын, қайқы бас көн етігін шешіп тастады. Дамбалының балағын қара санына жеткізе түріп алды. Бытыра мылтықты оқтап, қалған үш оқты, қындағы кездік пышақты дамбалының ышқырына шиыршықтап қыстырып алды.

Көлдің күнбатысы мен солтүстік тұсының арасы жайпақ жарлауыт. Бұл жерден қарағанда көл беті айнадай жарқырап, күміс көбік шашып, сынаптай толықсиды. Көлдің солтүстік жақ жиегінің қамысы селдір, құрағы да жер мен жексен аласа. Күнбатысы мен солтүстігі айнала ит тұмсығы өтпейтін нар қамыс, оның ішкі жағында кісі бойы жасыл құрақ. Көл суы онша , терең де емес. Шет жары мықтағанда кісінің белуарынан келеді.

Жаманбай көл бетіндегі ығы-жығы құстарға қызыға қарап, жиекте тұрып қалған. Байқап қараса, көлдегі құстардың көпшілігі үйректер. Әр жерден бірлі-жарым аққу-қаздар көрініп қалады. Құстар көл бетінде қаннен қаперсіз жүзіп жүр. Біреулері тұмсығымен суды бұрқ еткізіп сүңгіп кетеді де, енді біреулері мойнын арқасына қайырып, маужырап отырып қалған. Бағзы бір үйректер үйір-үйір балапандарын соңдарынан ертіп, жайбарақат жүзіп жүр. Оларды атуға қимады... Сонда Күнбаланың жан даусы шықты. Жүгіріп келді жалма-жан.

— Түсің бұзылып кетіпті ғой, жаным? Саған не болды?

Жаманбай мұны айтқанда Күнбала қинала аунақшып, қырын қарай берді. Үн қатпады. Жаманбай оның басын сүйеп, құшағына бейімдеп алды. Анау ыңқылы күшейіп, ықылық атады, ышқынады. Екі қолымен ішін басып тікесінен отыра қалады да, төңкеріле домалайды.

— Толғақ! — Осыны Күнбала күйзеліп айтты.

Жаманбай қатты састы. Толғақ! Енді не істеу керек? Сабыр сақтап, ақырғы тынымын күткеннен басқа, оның қолынан не келеді? Аман-есен босанар. Көкірегінде игі үміт сәулесі жарқ етті. Сонда да одан арғы тіршіліктері не болмақ? Өзінің де өзегі талып, ішек-қарны шұрылдайды.

Күнбаланы толғақ қысып жатыр. Жаманбай ғайыптан жәрдем күткендей айналаға алақтай қарайды. Маужыраған көгілдір аспанға емінеді. Осы мезетте әлдеқайда алыстан қоңырау сылдыры еміс-еміс құлағына шалынды. Елеңдеп қарай қалды. О, жасаған, жан иесін кездестір, жәрдем бер!

Қоңырау сылдыры арт жақтан, Ақмолаға баратын үлкен қара жол бағдарынан шығады. Бірте-бірте жақындағандай.

— Дәуде болса, бұл келе жатқан лау тартқан жәмшік шығар, — деді Жаманбай. Содан бір жақсылық күтетіндей үміт лебі бар үнінде. — Ел аралап жүрген ұлықтар шығар.

— Немене, қоңырау сылдырай ма? — Күнбаланың қабағы қатыңқы. Көзінде азапты мұң бар.

Сол екі арада алыстан арба қылаң берген. Біреулер жолдың шаңын бұрқыратып, жосылтып келеді.

— Не де болса, жолға жақындап барып, алдарынан тосайын, — деді Жаманбай. Келе жатқан арбалылардан рақым күтетінін аңғартты.

Күнбала толғақты қайратқа, үмітке жеңдіргендей енді бір сәт тыншығып қалған. Ернін тістеп, екі қолымен ішін басады. Күмбірлеген қоңырау даусына құлақ тосады.

— Баршы, жаным! Алдынан шықшы, тоқтатшы, мейірімді жандар болса қарайлар, — деп тынды.

Жаманбай жолға қарай жүгіре жөнелді. Үлкен қара жол көлдің күншығыс жағын жанап өтеді. Бұлар аялдаған жермен екі арасы көп дегенде жарты шақырым. Жаманбай екі өкпесін қолына алып, жүгірген бойымен барып, жолдың жүлгесінде қалтиып тұрып қалды. Мына келе жатқан арбалыларды тоқтатып алмақ. Жалынып көмек сұрамақ. Мүбада жөні келсе Күнбаланы солардың арбасына салып, өзі салт атпен ілесіп кетпек. Осы екі арада Күнбала толғағы жиілеп босанып қалса не істейді?

Арбалылар әудем жерге келіп те қалды. Олар жақындаған сайын Жаманбайдан тағат кетті. Бір жағынан әлдеқалай болады деп қорқып та тұр... Қос күрең ат жеккен қара пәуеске айбынды.

Алдымызда жан иесі бар болсаң, жолдан аулақ кет, әйтпесе таптап кетемін деп айбар көрсеткендей.үсті-үстіне сылдырлайды қоңырау.

Пәуеске солқылдатып келіп өте берді. Жаманбай ышқына айқайлап жіберді. Козлада қоқайып отырған көшір делбегесін шалқая тартып, аттардың басын бөгей берді. Жаманбай көшірге жақындай беріп, орысша мен қазақшаны араластырып, шүлдірлеп еді, жалаң бас сары ыржия күлді.

— Қазақша сөйлей бер, — деді таза қазақ тілінде. Сонда Жаманбайдың іші жылып жүре берді.

— Жолаушы едім, көл жағасында әйелім өлгелі жатыр, — деді Жаманбай жыламсырап. Бейтаныс адамнан құдай үшін көмек сұрағандай алақанын жайды.

Көшір артына жалт бұрылып үн қатты:

— Сергей Павлович!..

— Немене? — Күймеден ұйқылы-ояу адамның салғырт даусы шықты.

— Мына бір жолаушы қазақ әйелім өлгелі жатыр дейді, көмек сұрайды.

Әлгі дауыс берген адам пәуеске күймесінің шашақты жасыл барқыт пердесін серпіп ашып тастап, көшірге мойнын соза:

— Қайда өзі?.. — деп сұрады.

Көшір жігіт қолына шумақтап ұстаған ұзын сапты бишігін Жаманбай тұрған жаққа шошайта қойды.

— Міне, міне...

Сол-ақ екен, Сергей Павлович пәуескенің күймесінен шыға келіп, жерге жеңіл секіріп түсті. Оның артынан көшір жігіт аттарының делебегесін козланың артқы таянышына қаңтарып қойып, жерге шапшаң секірді. Жаманбай абыржып тұр. Әлгі Сергей Павлович Жаманбайға қарсы жүрді., Шамасы орта жастағы сары кісі. Кәрі дейтін кәрі емес. Шоқша сары сақалынан қолын алмайды. Қырлана біткен имек мұрнының үстінде итиген қыстырма көзілдірігі алтындай жалтырайды. Жырық етекті ұзын қара шапаны, басындағы төбесі шелектей, етегі жып-жылмағай қоқайма қалпағы, аяғындағы жылтырауық қара кебісі Жаманбайдың тумысында көрмеген киімдері.

Жаманбай оған қазақша сәлем бергелі екі қолын жая ұмтыла берді де, батылы бармай кідіріп қалды.

— Сәлемет боларсыз, — деп тіл қатты Сергей Павлович, — кімсіз, қайдан жүрген адамсыз? — Үні жұмсақ шықты.

Жаманбай басын шайқады. Тіліңізге түсінбеймін дегені.

— Бұл кісі сенің жөніңді сұрап тұр, — деді көшір жігіт келген бетінде.

— Жолаушымын, алыстан келе жатырмын, әйелім ана жақта өлгелі жатыр, сіздерден бір рақым болар ма екен? — Жаманбай мұны қипақтап, қысылып айтты.

Мына көшір жігіттің қазағуар болғанын айтсайшы. Жаманбайдың сөзін сартылдатып қағып алып, ана кісіге түсіндіріп берді.

— Сен оған айт, — деді Сергей Павлович көшіріне, — бізден қауіптенбесін, шынын айтсын, әйелі ауру ма екен, яки болмаса, басқа бір себебі бар ма?

Көшір жігіт Сергей Павловичтің соңғы сөзін Жаманбайға айтпады. Оның орнына өз тарапынан бір сөз қосты:

— Бізді саған құдай кездестірген шығар, — деді ол. Жаманбайға бір табан жақындай түсті. — Сен мына кісіні біліп қой, ол дәрігер. Дәрігер болғанда бай екен, кедей екен деп адам таңдамайды!

— Отыр арбаға! — Сергей Павлович козланы нұсқады. Осыны айтты да өзі пәуескеге қонды. Сол екі арада Жаманбай да көшір жігіттің соңынан іле-шала қозғала ырғып шығып, оның оң жағына қонжиған.

— Ал, Захаров! Бұр аттарыңның басын... Мына жігіттің сілтеген жағына тура тарт.

Көшір жігіт Жаманбайдан сұрап біліп алып, жолсызбен көлге қарай қиыстай тартты. Бұлар Күнбаланың қасына келген бетте пәуескеден түсе-түсе қалып еді. Домалап жатқан Күнбаланы көрсетіп, алқына сөйледі Жаманбай:

— Бала, бәрәншик бойдит.

Оның сөзіне жөнді түсінбей қалған Сергей Павлович көшір жігіттен қайталап сұрады.

— Мынау не дейді?

— Толғатып жатыр дейді.

Сергей Павлович аң-таң. Жалма-жан қалпағын, шапанын шешіп тастады. Екі білегін сыбанып алды. Дөңбекшіп жатқан Күнбаланың қасына тізерлеп отыра кетті. Тамырын ұстап көріп, жүрегінің тұсына қолын салып, айналдыра қарай берді. Күнбала нe болғанын білген жоқ. Өң мен түс ортасындағы елестей азан-қазан, арпалыс дүниенің ортасында қалған. Өзін айнала аялап отырған мейірімді дәрігер де, тіпті жан жолдасы Жаманбай да, қаққан қазықтай сіресіп тұрған бұйра шашты, ұзын бойлы ақ сары көшір жігіт те оған көрген түстей...

Сергей Павлович Күнбаланы шалқасынан жөндеп жатқызып қойып, көйлегінің сыртынан ішін сипады. Бұлқынған баланын басына кездесіп қалғанда, қолын кейін ала беріп, аппақ күрек тістерін ақсита күлімсіреді. Күлкісінде қуаныш лебі бар.

— Дүниеге жаңа адам келеді, дала перзенті келеді, оны құрметтеп қарсы алайық! — деді.

Сергей Павловичтің әмірі бойынша, Күнбаланың үстіне ақ шатыр тігілген. Енді дәрігер Жаманбай мен Захаровты сыртқа қалдырып, өзі толғақ қысып жатқан тұмса әйелдің қасында отыр. Минут сайын сағатымен уақыт санап, жаңа адамды қарсы алуға асығады. Сырттағылар да тықыршулы. Әсіресе Жаманбай тағатсыз. Ақ шатырды көзімен ішіп-жеп барады.

Жаманбай осы арада Захаровқа бар шынын айтты. Амандық болып келіншегім босанса, осының бәрін дәрігерге түсіндіріп айт деп өтінді. Жалшы тұрмысының не түрлі уын татқан Захаров Жаманбайдың бастан кешірген уақиғаларына таңдана қойған жоқ.

Көшір жігіт өз жайларынан хабар берген.

Сергей Павлович Кантемиров — Ақмола ауруханасының дәрігері. Атақты бай Сонарбектің Жақиясы қатты науқастанып қалып, дәрігер шақыртып, дуанға шапқыншы жіберген екен. Уезд бастығының әмірімен Сергей Павлович соған барып қайтып келе жатқан көрінеді. Жақия — Айшуақтарға көршілес Тінәлі елінің болысы. Оны Жаманбай білетін. Жақияның қандай науқасқа шалдыққанын, оған дәрігердің не ем жасағанын Захаров айтқан жоқ. Жаманбай одан көңіл қойып сұрамады да.

Василий Захаров — Есіл бойындағы Амантай қаласының орысы. Ақмоланың атақты саудагер байы Николай Ганшиннің көшірі. Он жыл бойында малшысы болған екен, кейінгі екі жылда көшірлікке қолы жетіпті. Ганшин Сонарбектің Жақиясымен сауда-саттығы араласқан, жан аяспайтын дос екен. Мына дәрігерді уезд бастығынан сұрап алып, өзінің пәуескесімен Жақияға сол жіберіпті.

Захаров бір сөздің ретінен Жаманбайға шынын айтты: «Осыдан барған соң Ганшинмен есеп айырысамын, туған қалама көшемін», — деді.

Аспанның батыс белдеуінен күн төмендеп барады. Сергей Павлович шатырдағы Күнбаланың қасында. Жаманбай мен Захаров тықыршып тұр.

Бір жақсы жері, Жаманбай әлгі әзірде тамақтанып алған. Мына жолаушылардың елден жолға ала шыққан бір торсық қымызынан қанғанша ішіп, ақ тоқаш жеген. Сергей Павлович Күнбалаға да бір кесе қымыз ішкізген.

Әлден уақытта нәресте даусы шырылдап шықты. Жаманбай сонда шыдай алмай шатырға енуге оңтайлана беріп еді, оны Захаров етегінен тартып тоқтатып қойды.

— Кірмеңдер, тоқтай тұрыңдар, өзім шақырып аламын, — деді іштегі Сергей Павлович.

Дәрігер осыны айтты да баланың кіндігін кесуге кірісті. Шешесі мен екеуін табанда спиртпен жуындырып, белгілі дәрежеде тазалық шарттарын сақтады. Нәрестені дәріленген дәкеге орап құндақтап тастады. Күнбалаға кіл таза ақ халат кигізді. Ана мен баланы шатыр ішіне жайлап жатқызып қойды да өзі сыртқа шыға келді.

— Біздің жолымыз жақсы болды, дүниеге дала батыры келді, — деді де, күліп келіп, Жаманбайдың күсті қолын жымқыра қысты. Захаров дәрігердің жаңағы айтқанын іліп алып жеткізгенде Жаманбай есі кете қуанып, жылап жіберді. Аман-есен босанған жан жары, дүниеге айқайлап келген нәресте, жолда кездескен мейірімді дәрігер, сөзуар көшір жігіт, — бәрі оған ғайыптан пайда болған таңғажайып кереметтей көрінді.

Енді Жаманбай бұларға ағынан жарылып, бар шындықты алдарына жайып салды. Сонда Сергей Павлович күліп тұрып:

— Аманыңда жыртқыштың тырнағынан құтылғаның жақсы болған екен, — деді.

Дәрігердің сөзін Захаров түсіндіріп бергенде Жаманбай басын төмен иіп, қолын қусырып елпілдей сөйледі:

— Өркеніңіз өссін, жақсы тамыр, бала-шағаңыздың игілігін көріңіз...

Күнбала шатырда дамылдап жатыр. Дәрігердің рұқсатымен Жаманбай шатырға кіріп, жан жарымен бір-екі ауыз сөз қағысты. Ол шыға бергенде Сергей Павлович жайраңдап қарсы алды.

— Захаров! Сен бұл жігітке әйбаттап айтып бер. Бір қызық іс жасайық. Ежелгі тәртіпті шамалы бұзайық та, нәрестеге қазір ат қояйық. Менің бұл пікіріме қалай қарайды екен? Сұрашы.

Мұндайда Захаров бөгелген бе? Желді көріктей лып етті. Үлкен ұлық пен шонжар болыс арасындағы пысық тілмаштай жылпылдап, Сергей Павловичтің жаңағы айтқанын Жаманбайға айнытпай жеткізді.

— Жақсы тамырға айтыңыз, — деді Жаманбай бөгелмей, — ол кісінің пікіріне тәнтімін. Баланың атын өзі қойсын.

— Мен қазақша ат қоя білмеймін ғой, өзі қойсын, — деді дәрігер. Захаров оның бұл сөзін іле-шала айтып бергенде Жаманбай басын шайқады.

— Маған бәрібір, онда баланың атын орысша қойыңыз...

— Баланың атын орысша қойсын, әйтпесе өкпелеймін дейді, — деп өсіріңкіреп жеткізді Захаров.

Дәрігер ризалық білдіріп басын изеді. Көзі күлімдеп ойланып қалған. Саусақтарын біріндеп санайды. Күрек тістерінің арасынан әлдебір түсініксіз дыбыстар шығарады. Қалай дегенмен балаға есім таңдап тұрған сыңайы бар секілді. Ол Захаровқа күлімсірей қарап тұрды.

— «О» дыбысына «с» дыбысын қосқанда не болады?

— «Ос» болады...

— «Ос» болады екен. Осы екі дыбысқа «п», «а», «н» дыбыстарын қосайық, сонда тұтас алғанда не болар екен?..

Захаров тоқталатын емес.

— Оспан болады, — деді.

— Ендеше, сен жігітке айт, баласының есімі Оспан болсын...

Захаров әлгі айтылған сөздерді түгел түсіндіріп бергенде, Жаманбай қуанғанынан миығынан күлді.

— Сенің балаңның есімі тура қазақша қойылды, — деді Захаров, — Сергей Павловичке алғыс айт.

— Жақсы, корошо, — дей берді. Баласының аты ойламаған жерден Оспан қойылғанына қайран болып тұр.

Сергей Павлович өзі білетін қазақша аттардың ішінен осыны әдейі таңдап алған екен ғой деп ойлаған.

Жаманбай мен Захаровтың жаңа қазақша не сөйлескендерін Сергей Павлович қайдан білсін. Оспан деген есімнің ойда жоқта қазақша есіммен үйлесе кеткенін де ол білмейді.

— Василий! — деді ол даусын соза. — Сен мына жігітке айт, түсіндір. Мен нәрестеге қойған есімді біздің үйдің бес адамының есімдерінен құрадым, әрқайсысының бас әрпін алдым. Әлбетте, ішінде өзім де бармын. Ольга ханымға мына Сергей пақырыңызды қосқанда Ос болады дейік. Үшіншісі әкем марқұм Павелдың бас әрпі, төртіншісін менің Анна деген қызы деп біліңдер. Ең соңғысы, ұлым Николайдың есімінің бас әрпі. Сонымен, бір үйлі жанның есімі дала перзентінің есіміне түгел сыйып кетті. Тағдырдың әмірімен Ақмола қаласына Россиядан қоныс аударып келген Сергей Павлович Кантемиров және де сол тағдырдың бұйрығы бойынша, елсіз далада дүниеге келген жалшы қазақтың баласына кіндік әке болды... Жаманбай ұлы Оспанның өмір-жасы ұзақ болсын, бақытты болсын!

Үшеуі де мәре-сәре. Ақырында Сергей Павлович Жаманбайға өз ойын білдірген: Ақмолаға барысымен Күнбаланы қалалық аурухананың қасындағы әйелдер босанатын бөлмеге орналастырмақ. Мұнда бір аптадай жатқызып, әйелді сауықтырып, баланы ширатқаннан кейінгісін Жаманбайдың өзі біледі.

Жолаушылар қас қарая жолға шықты. Күнбала мен нәресте пәуескенің күймесінде. Сергей Павлович кешірдің қасынан орын алған. Қара жолмен ілби жүріп келеді. Екі аттың біреуіне салт мініп, біреуін жетектеп Жаманбай пәуескеге ілесіп келеді. Бұлар осы баяу жүрістен бір айныған жоқ. Шалқар көлінен 140 шақырым жердегі Ақмола қаласына ертеңіне бесін кезінде жетті. Жолшыбай Сабынды көлдегі бір ауылға аз ғана аялдап, өздері тамақтанып алған. Пәуескедегі «адам көзіне көрсетуге болмайтын науқас әйелді» тамақтандырған.

Осыдан кейін арада екі апта өткен. Күнбала аурухананың әйелдер босанатын үйінде екі аптадай жатып қалған (тегінде, Сергей Павлович әдейі шығартпаған болуы керек). Ол кезде Жаманбай Василий Захаровтың қала шетіндегі жеркепе үйінде аялдаған.

Бір айдан кейін Жаманбай Василий Захаровпен бірге Амантай қаласына көшіп кетті.

Өмір теңізінің асау толқыны Жаманбайды Амантай қаласына қуып әкелген. Осыдан былай қарай оның ұзаққа созылған бақташылық өмірі басталған.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

СӨЗ БАСЫ

«Өмірдің өрі биік, жолы шалғай». Бұл Харитонның пікірі. Ендеше Харитонның өтіп кеткен бабасымен бірге өмірдің асқар асуларынан асып, ұзақ жолдарынан өтейік. Алмас қайда? Мадияр қызы Илона не күйде? Харитонның тірлігі қандай? Менің қиялдағы оқырмандарым осы тәрізді жөн сұрақтарды жан-жақтан жаудырады. Айтар жауап қысқаша: Алмас Арқаның апай төсіндегі әйгілі Амантай селосында. Халқының сый-құрметіне бөленіп, бақытқа кенелген ардақты азамат. Мадияр қызы Илона сол совхоздағы орта мектепте орыс тілінен сабақ береді. Харитонымыз да осал-оңтағай жігіт емес. Жоғары білім иесі. Тіл — әдебиет маманы, жас талап журналист.

Алмас пен Илонаның бір пара өмірі, оған қоса Габриш Пали жайы кейінгі хикаяның үлесі. Енді біз Харитонның бабасы Оспан Жаманбай ұлының шежіресін шертейік.

ӨТКЕН ӨМІР ХИКАЯСЫ

Жаманбайдың Оспаны мың да сегіз жүз тоқсан төртінші жылы сүмбіле айында, Шалқар көлінің жағасында дүниеге келген. Без бүйрек өмір нәрестені безеріп қарсы алған. Оспан туғанда жас анасы терлеп қалжа жеген жоқ, нәрестесін қойдың құйрық майымен ауыздандырған жоқ. Ең тегі, қыз-бозбала жиналып сауық құратын тегін шілдехана да бұйырмады.

Оспан есін біліп, етегін жапқалы қара түнек, қапас өмірдің қабағат азап-машақатынан басқа не көрді? Қаршадайынан әкесінің соңына еріп, Амантай (Мариновка) қаласының сиырын бақты, қыс болса күн көрістің қамымен кулактарға жалданып, мал қарады, от жақты, өзеннен су тасыды. Арқа еті арса, борбай еті борша болып, алты ай қыста, ала жазда бір күн тыным тапқан емес. «Кедейге сор мінгеседі» дегендей, енді-енді көзін ашып, оң қол, сол қолын танығанда кенет жабысқан ауыр науқастан әкесі қайтыс болды. Шешесі Күнбала болса, тұрмыстың ауыр азабына төтеп бере алмай, елуге жетпей кәрілік шеңгеліне ілінді. Бір үйдің бар ауыртпалығы он сегіз жасар Оспанның мойнына түсті.

Жаманбай өлерінде жалғыз ұлына аталық өсиетін айтып кеткен: «Өле-өлгенше шешеңді сыйла, адам бол, ақылды бол, тұрмыстан қандай қиындық көрсең де мойыма, дұшпаныңның алдында бас име, орыс, қазақ демей, жанашыр досыңды көбейт. Жақсы дос тарықсаң тамақ, қиналсаң пана болар», — деген-ді. Сұңғыла Оспан әке өсиетін көңілге тоқып алған. Ата қарызын, ана парызын тірлікте бұлжытпай орындауды өзіне міндет етіп жүргенде Оспан жиырманың бел-белесіне шығып та қалар еді.

Тірі кезінде әкесіне арқа сүйеп, балалық шолжаң мінезден, жастық шақтың тойпаңынан арыла қоймаған Оспан кейінгі үш-төрт жыл ішінде хас болаттай тез шынықты. Бертінірек келгенде ел оны «Орыс Оспан» атап кеткен. Оспанға мұндай қосалқы ат тағылуының түбегейлі себебі де бар. Осы жасының ішінде өзінің қатар-құрбыларындай дін — шариғат жолына түсіп, тым құрығанда, сәждаға басын тигізіп көрген жан емес. Бұл қалада ұсақ-түйек кәсіппен күн көрген бес-алты жатақ қазақтар болмаса, Мұхаммет пайғамбардың дінін күйттейтін, алланың әміріне беріле бой ұсына қоятын кім бар? Кейбір жатақ шалдардың күн сайын бозала таңнан тұрып алып, шоқандап намаз оқығаны Оспанға сұмдық ерсі көрінеді де тұрады. Отыз күн оразаны, күнделікті бес уақыт намазды әлдеқашан жылы жауып қойған ауру шешесі Күнбала да дініңді берік ұста деп оны қыстамайды.

Орыс арасынан оңай олжа іздеп қалаға жиі қатынайтын кейбір пайдакүнем шолақ молдалар анда-санда Оспан үйіне соғып, дін, шариғат орайынан ұзақ-ұзақ рауаяттар айтатыны бар. «Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын ұмытып, ислам дінінің тура жолынан тайған адам қиямет-махшар күнінде жаһаннамнан жай табады, мың түрлі азапқа душар болады. Біржола кәпір болып, азып кетпей тұрғаныңда тәубаға кел, кәлимаға тіліңді келтір, намазға жығыл», — деген бірде Қаржасбай молда. Оған Оспанның қайтарған жауабы тым қатал: «Құдайыңмен, құраныңмен өзіңді жарылқа, Қаржасбай! Құдай бар болса, әділ болса, елдің бәрін неге бірдей көрмейді? Неге біреулерді жарылқап, біреулерді қарғайды? Ондай алақол құдайдан маған не пайда?» Молданы осылай тойтарып тастаған. «Оңбассың кәпір, оңбассың, сенің қырсығың көрде жатқан әкеңе тиеді», — дейтін Қаржасбай түңіліп, теріс батасын берген. Содан бері қарай жан адам Оспанға дін жайынан ауыз ашпайтын болған.

Жас басынан тағдырдың ауыр соққысына ұшыраған жанның сана-сезімі ерте оянып, шұғыл өседі. Оның бер жағында, айдын-шалқар көлдей шалқыған жас дәурен ерікке қойсын ба? Оспан машақатты тұрмыстан қанша қорлық көріп, басқа түскен зілмауыр салмақты қинала көтеріп жүрсе де өмірінің шырын шағын аңсайды. Кейде бір ауық арман теңізіне сүңгіп кетеді де, сүйікті жар құшуды, бала сүюді көксейді. Таудан құлап көгал қуған бұлақтай тұнық үміт көкірегінде мөлтілдейді де тұрады.

Өлмелі Күнбаланың жатса, тұрса құдайдан тілейтіні жалғызының амандығы. Көзімнің тірісінде балама бір шүйкебас алып беріп, қызығын көрсем-ау деп, емешесі құриды. Бірақ сіңірі шыққан кедей баласына, «шоқындыға» таңдаған қызын кім бере қояды. Осы бір қиын-қыстау жағдайды ойлап кетсе, Күнбаланың шерлі көкірегі қарс айырылып, ойсырап жүдеп қалатын. Оспанға айттыруға осы қолайлы-ау деп, елдегі көңілдес адамдардың бойжеткен қыздарын құрттай санап, түгендеп шыққанда Күнбаланың құрығы Жәукенің Қанипасына ойыса берген. Жәукенің бұл үймен үйек шатыс жақындығы бар. Оның әйелі Күлжекей Күнбаланың екі атадан қосылатын сіңлісі. Жәуке Амантай қаласына зәу-сайтан келе қалса, Оспандікіне соқпай кетпейтін. Кейде тіпті әдейі арнап келіп үш-төрт күн қонақтап қайтатын.

Күнбала Жәукеге де, Күлжекейге де құдалық жайынан күні осы уақытқа шейін тіс жарған емес-ті. Оқта-текте әкесіне еріп, қалаға келіп, осы үйге бірер күн қонақтап кеткеніңде Қанипаның Оспанға тонның ішкі бауындай жуық жүретінін, қас-қабақтары ұрлана табысып қалатынын, өзара сөздері де жарасымды екенін Күнбала сезетін де, бұларына іштей қуанатын.

Қанипа тал шыбықтай бұралған қыпша бел, құралай көздің нағыз өзі. Одан дәмелі бай балалары да бар. Кейінгі кезде әркімдер Жәукеге сөз салып, Қанипаны балаларына айттыруға талаптанып жүр деген суық сөз Күнбаланың құлағына шалынған.

Қанипадан үміттілердің ішіндегі ең бір қатерлісі — Сатыбай. Отызға келгенше үйленбеген жалғыз ұлы-ұстамалы желікпе ауруы бар Әлиіне Қанипаны айттырам деп, Жәукенің мазасын алып жүргенін Күнбала есіткен.

Күнбала бірде оңаша отырғанда Оспанға тұтқиылдан сөз тастады:

— Балам, мен дімкәс аурумын, төрімнен көрім жуық, аман күнімде келін түсіріп, қызығын көрсем деп едім, — деді.

— Сонда қалай, апа, ойға алған кімің бар? — деді Оспан.

— Жәукемен сүйек жаңартқым келеді, соған қолқа салайын деген ойым бар, — деді Күнбала.

Оспан оның ойын үнсіз мақұлдап, тас-түйін отырған қалпынан айныған жоқ. Оспанның көңілі әлдеқашан Қанипаны таңдағанын, онымен ішінара пікірлесіп, ниет білдіргенін Күнбала қайдан білсін?

Оспан кейде жұмыстан сәл қолы босай қалғанда бірер күн елге барып, ондағы ағайын-туыстарына қонақтап қайтатын. Әсіресе, жаздыгүні, мал кезегінен шола кездерінде ауылға жиі қатынап, алтыбақан, қыз ойнақтарға, жастардың бас қосқан мағишат мәжілістеріне араласып, көңіл көтеретін. Ауылға барғанда көбінесе Жәуке үйіне қона жатып, рақаттанып қалатын. Оспан келгенде Күлжекей нағашы апасы өліп-өшіп бар дәмді тамағын аузына тосатын.

Күнбала осы жаз басында ауылға әдейі барып, қазақшылық жолымен Жәукеге қолқа салды.

Оспан мен Қанипа бірін-бірі жастай ұнатып, жанындай жақсы көретінін Жәуке мен Күлжекей көптен білетін. Әттең кедейлігі, жалғыздығы демесең. Оспан тең-құрбысынан кем жігіт емес. Бір жағынан Күнбала да өлердегі сөзін айтып, қиылып отырып алды. «Екі бала бірін-бірі ұнатады екен, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайық, сүйек жаңғыртайық. Қанипаны маған қиыңдар», — деп, ұзақ өрісті достығын, қандас жақындығын міндет қып, ерікке қоймады. Жәуке әрі ойлап, бері ойлап, тіпті ағайын-туысқандарының ешқайсысымен ақылдаспай-ақ Күлжекей екеуі оңаша шүңкілдесіп, Күнбаламен оңай бітісті.

Құда болды деген атағы демесең, Жәуке Күнбаладан кесімді қалың мал сұрап шіренген жоқ. Әйтеуір, сыртқы елге дақпырт болсын, қызын қалыңсыз берді демесін деп, он бес қараға келіскен. Айтылмыш қалың малынды төрт аяғынан тік бастырып айдап әкеп бер деп Күнбаланы қыстаған жоқ. «Ыңғайың келгенде біртіндеп төлей берерсің, тіпті болмай бара жатса, қапаланбай-ақ қой, жақын адамдармыз ғой, түбінде ауыса жатармыз», — деп, ұзын арқан, кең тұсауға салып, Күнбаланың көңілін аулап жіберген.

Оның бер жағында, Қанипа Жәукенің жан дегенде жалғыз қызы. Түбінде бұлар бізден бөлініп кете қоймас, асырап сақтар, далаға тастамас деп Оспанды сыртынан малданады. Кейін бір үй боп бірігіп кетерміз деп үміттенеді.

Жәукемен құда боп қайтқалы Күнбаланың көңілі жай тауып, мерейі өсіп қалып еді. Оспан да өз қуанышын сыртқы елге білдірмесе де, көздеген мұрат-арманына жеткендей, аршындай аяңдап, алшаңдай басатын болған.

Екі жақ өздерінше құдалық ырымын істеп, көңіл жетер ақсақалдардың батасын алғаннан бері арада алты ай өткен. Қыс өтіп, жаз да келді.

Бір жақсы жері, Оспанның елдегі ағайындары өзара ақыл қосып, орталарынан үш бұзаулы сиыр, екі өгізше, бір торпақ бөліп шығарып, Жәукеге төленетін қалың малды недәуір жеңілдетіп тастап еді. Жәуке қалай десе де елдің ежелгі жөн-жоралғысын бұзғысы келмеген. Күнбала тірі жанбыз ғой, қарызданып, қауғалансақ та бір жөнін істерміз, сөйте-сөйте айтылмыш қалың малдан құтылармыз деп өзінше намысқа тартатын. Елдегі ағайындардың ауған түйенің жүгін басқандай қолғабыс тигізгеніне дән риза болып, есі кете қуанған.

Көңілі аулансын, жақсылыққа ырым болсын деген оймен Күнбала анада бір келгенінде екі бұзаулы сиырының біреуін Жәукеге беріп жіберген. Мал бағуға мініп жүрген жалғыз атты жетектетіп жіберіп жаяу қалудың ретін таба алмай, қиналып қалған.

Қанипаны айттырғаннан бері ел арасында Оспан жайында гу-гу өсек көбейіп кетті. Біреулер оны «шіркеуге кіріп шоқынып, шошқаның етін жейді екен» деп күстәналайды. Енді біреулер орыс қыздармен ойнап-күледі екен, жексенбі сайын шіркеуге кіріп, орыстармен бірге намаз оқиды екен», — деп соғады. Әйтеуір не керек. Оспанға жабылмаған жала, жағылмаған күйе қалған жоқ. Бұл өсектің түпкі тамыры Аралбай сұмда жатқанын Оспан жақсы біледі.

Аралбай осы қалаға ұрымтал жердегі тінібек руының қу мүйіз атқамінері. Ел арасындағы көтеріп соқпа шолақ билікке келгенде алдына жан салмайды. Сөйлегенде мұзға салған шанадай сырғанайды. Жасынан қаламен араласқандықтан, орыс тілін бір кісіден кем білмейді. Орыс арасына келсе тастай батып, судай сіңіп кетеді. Сауда-саттық, қақпа-соқпа пайдаға епті-ақ. Жасы елуден асқанда гүрілдеп байып кеткен. Алдына төрт үйір жылқы, жүз қаралы қой, елу шақты қара мал салған. Лақтырған тасы өрге домалап, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп, тамам елді аузына қаратып алған. Екі жүз үйлі тінібек елінде Аралбай араласпайтын іс жоқ. Қыз беріп, келін түсіргенде, яки болмаса, басқа бір қиын дау-жанжалды шешкенде кім де болса Аралбайдың алдынан бір өтпей қойған емес.

Жәуке қызын Оспанға атастырғанда Аралбайды көзіне де ілген жоқ. Өз билігімен құдалық келісімін жасап, көрінер көзге қыңыр кетті. Жәукенің бұл оқыс әрекеті Аралбайға шаншудай қадалып, намысына тиіп еді. «Әп, бәлем, шеңгелімді салармын, өшімді мықтап алармын», — деп кіжініп жүретін. Сонда да бірден тарпа бас салмай, аяқтан шалар оңтайлы кезеңін күтетін.

Аралбайдың Оспанмен жаны қас. «Шоқынып кетті, ақыл айтсам бетімнен ала түседі, сөгеді», — деп өлердей жек көретін. Жәукенің қызын айттырғалы бері Аралбай Оспанға да қатты өшігулі. Аралбай шәлкем-шалыс қарайтынын, орайы келсе тобықтан қағуға әзір екенін Оспан да біледі. Күндердің күнінде Қанипа орайынан бір шатақ шықса, осы Аралбайдан шығатынын Оспан сезетін. Оның қиратамын, құртамын деген пыш-пышын сырттан талай естіген. Айта берсін, кімнің аузына қақпақ қояды.

Қанипаның бір көрмеге сұлу көркі әке-шешесіне де, Оспанға да жайлы тиген жоқ. Бұрын да қыздың із-өкшесіне түсіп, көрінген жерде жармаса кететін желаяқ бозбалалар, Оспанның айттырып қойғанын білген соң одан бетер құтырып кетті. Қанипадан бұрыннан дәмелі жігіттің біреуі Сатыбайдың Әлиі. Сатыбай — тінібек еліндегі дәулетті адамның бірі. Ал Әли болса, бос белбеу, бота тірсек, қарпылмаған киіздей былжыраған, бір жағынан шалық ауруы бар кемтар жігіт.

Әли осы жаздан бері Қанипаның қыр соңынан қалмай, кездесе кеткенде шатты-бұтты бірдеңелерді күйсеп, мазалай беретін болған. Қанипа оған жылы шырай бермей, беті-жүзің демей, талай сөгіп тастаған. Әли машықты әулекі мінезіне бағып, Қанипаны қайтсе де көндіріп алмақ. Ал Сатыбай болса, қыздың анау-мынауына қарамай, бір жағынан Жәукеге күш көрсетіп, сайып келгенде, қалың малмен жығып алмаққа ниет еткен. Сондағы, ең алдымен, арқа сүйер ақылшысы өзінің немерелес туысы Аралбай.

Денесі түйенің жарты етіндей, беті айран құйған торсықтай былшиған, бадырақ көз, жынды Әлиге Қанипа түгіл осы елдің тырнақ атар шүйке бас қыздары да пысқырып қарамайды, абжыландай көріп, көрген жерден үрке қашады.

Қанипадан жылы сөз ести алмай, оның беті біржола әрі қарағанын білгенде Әли іш құса боп жүр еді. «Ұялма, әкеңе айт, Жәукемен мықтап сөйлессін, қырық жетіні матап беремін. Оспанды қойып, қызыңды менің балама бер десін, алда-жалда көнбей бара жатса күш көрсетіп қорқытсын», — деп, кейбір сумақай жігіттер Әлиге жел берген.

Сатыбай Аралбайға өлердегі сөзін айтып, осы шаруадан аянып қалма, Жәукені қайтсең де жығып бер депті. Жаманат жата ма, бұл суық хабар Күнбала мен Оспанның да құлағына шалынған.

Осы хабардан кейін Күнбала мен Оспанның тынышы кетті. Күнбаланың ендігі мақсаты — қайткен күнде Жәукемен келісіп, Қанипаны алып келу. Елге өзі барып, құдасымен көзбе-көз сөйлесуге тайқақтай береді. «Ұрын барып, есік аттап, сән түзеп, салтанат құратын менің балам сылқылдаған бай баласы емес қой, жақын арада бір жөнін істейік, Қанипаны ұзатуды тездетсін», — деп, бір туысынан Жәукеге сәлем айтты. Хабаршының айтып келген сөзіне қарағанда, Күнбаланың сәлемін Жәуке былайша құп алғанымен, қызының ұзатылуын тездету жағына келгенде сырғақтай беріпті. «Несіне асығады, көбіне шыдағанда азына шыдамай ма, әзір үйі иесіз тұрған жоқ қой, ұлым да, қызым да жалғыз Қанипа еді, әзірше үйде бола тұрсын, тым болмаса, осы қысқа тоқтасын», — депті. Күнбала Жәукенің екі ұшты бітуәнәсінен секем алып, осының өзі айнып қалғаннан аман ба? — деп, күдіктеніп қалып еді.

Атышулы жауларының қарастырып жүрген қастандығын біле тұра, Жәукенің осынша шіреніп, кешеуілдетіп, үздіктіріп қойғанынан Оспанның жүрегі сескенеді. Сол Жәуке Аралбайлардың қысымына шыдай алмай, қорыққанынан қызын Әлиге беріп құтылғысы келетін шығар деген күйрек жорамалға да барып қарады. Бір есептеп Қанипамен астыртын келісіп, үн дегізіп бір күнде алып қашып кетсем қайтеді деп те ойлайды. Ақылға салып, байыптап қарағанда бұл ойы қисынға келмейді екен. Түптеп келгенде бұған Қанипа көне қоя ма? Әке-шешесін қиып кете ала ма?

Күндердің бір күнінде Күнбала Оспанмен ақылдасты да, Жәукені арнайы шақырып алып, ашық сөйлесуге, қызының ұзатылар мерзімін үзілді-кесілді келісуге бел байлады.

Он алтыншы жылдың найзағайлы жаңбырымен сай-саланы, жалпақ даланы көгерткен жайдары жазы.

Тінібек, құлтай рулары — түбі бір, ежелден іргелері ажыраспаған, төскейде малы, төсекте басы қосылған тату-тәтті егіз ел. Старшындары басқа болғанымен, қыс қыстауы, жаз жайлауы жапсарлас. Бұлардың алыс-беріс, ауыс-түйіс жасайтын жері көбінесе іргесінде тиіп тұрған Амантай қаласы. Бір мыңға тарта түтіннен құралған ірі қала. Осы төңіректегі бықып жатқан ұсақ деревнялар мен сонау Ақмоланың бер жағындағы Таскешу қаласынан бермен қарай Есіл, Құлғұтан өзендерінің екі жағын мекендеген қалың қазақ елінің астанасы іспетті.

Ел солтүстікте Көкшетау уезінің жерімен шектесіп жатқан Ащылыкөл жайлауына келіп қонғалы екі аптадан асқан. Ығы-жығы қалың ауылдар айналасы ат шаптырым айна көлдің жасыл алқабына жиі жайғасқан. Араларын жақын сала, иін тіресе алқа-қотан тігілген шағаладай ақ боз үйлер мен үлкенді-кішілі қоңыр үйлер, итиген қара домалақ лашықтар өрістегі ақтылы-қаралы ылаң қойдай жыпырлайды. Әр ауылдың сыртында, таяқ тастам жерде қатар-қатар тартып тастаған желі басында үйір-үйір жылқылар шаңқай түс шағында ыстықтан үйездейді.

Ежелгі дағдысы бойынша Жәукенің қырық жамаулы төрт қанат қараша үйі Сандыбай аулының оң жақ босағасынан орын алған. Жел тұрса, дауыл соқса, құлап қалмасын деп, шаңырағынан төмен қарай қыл арқанмен айнала шандып, төрт жердегі қазыққа бекітіп тастапты. Күншығысқа қараған екі ашпалы дөрекі ағаш есік алдына екі жерге қақтаған сиыр жапасын күркелеп үйіп қойыпты. Жетегін көкке қаратып, көтерме қайыспен керіп қойған жадағай ескі тәрішпенкенің артқы доңғалағында екі қызыл бұзау байлаулы жатыр.

Үй іші жадау. Айнала керегелері тұттай жалаңаш. Тек қана оң жақтағы жайпақ төсек ағаштың тұсына айнала шетін қара матамен әдіптеген шағын қызыл ала алаша тұтқан.

Төр алдында көнетоз екі кішкене сары әбдірені текшелеп жинаған сырсыз аласа жүкаяқ. Оның алдында қошқар мүйіз өрнекті, әр жері шұрық-шұрық қара ала сырмақ жатыр.

Жәуке түйе жүн шекпенін жамылып, төсекте қорылдап ұйықтап жатыр. Таңертең арба жегіп, Амантайға барған сапарынан түс қайта оралған. Жолда күннің ыстық аптабы соғып, қалжырап келген. Айранды шалаптап ішіп, сусындап жатысымен талығып ұйықтап кеткен...

Жәуке алпыстың бел ортасынан асқанша белі бүгілмеген, қабырғасы қайыспаған, кесек денелі, ер тұлғалы, қайратты кісі. Тұрмыстың азап — қорлығына қыңқ етіп мойыған жан емес.

Жәукенің қырық жыл киген жалшылық қамытын сыпырып тастағанына бес жылдың жүзі болған. Маңдайына біткен екі бұзаулы сиыр, жалғыз көк шолақ атын қанағат тұтып, қарны асқа, иіні киімге жарымаса да, қартайған шағында байларға басыбайлы болмағанына мың шүкірлік ететін. Тек егін, пішен, күзгі жиын-терім маусымдарында ғана қолайына жақса кесімді күнге байларға жалданатын. Бір жағынан өзінің азын-аулақ егінін, шенді басты малына алты ай қысқа жетерлік пішенін қол шалғымен шауып алатын. Өткен қыстан бері сұқпа дертке шалдығып, шықпа жаным шықпамен қалқиып жүріп, осы көктемде ағайындарымен телімдесіп, жарты десятина егінін әрең салып алған.

«Алпыстан асқанда жалшылықты серпіп тастап, сері болдың», — деп қалжыңдаған Өткелбай құрдасына Жәукенің қайтарған жауабы қызық: «Келіншектей уылжыған кемпірім бар, ай мен күндей жалғыз қызым бар, аз да болса сайдың тасындай малым бар, жаман да болса жазғы, қысқы баспанам бар, мен сері болмағанда кім сері болады», — деген.

Жәуке тәтті ұйқы құшағында неше түрлі қызық түс көріп жатқан. Ол Күнбаламен оңаша сөйлесіп, Амантайдың сентябрь базары өтісімен Қанипаны ұзатуға келісіп қайтқан. Адамның өңіндегі арманы, көңілдегі көздеген мақсаты ұйықтағанда түсіне кіретін әдеті емес пе? Манағы Күнбаламен сөйлескендегі екеуінің бірі құда, бірі құдағи дәстүрін құрмаса да, жақын адамдардың жоралғысымен оңай бітіскен жайттары өз қалпынан әлдеқайда көркейіп түсіне кірді. Көңіл жетер ағайынның үлкен-кішісі бас қосқан қыз ұзату тойын түсінде есте қалар қызық думанмен өткізіп үлгірді. Бір уақытта бұл дүниенің сауық-сайранын, сән-салтанатын мейірі қанғанша көріп алған соң құс болып аспанға самғап кетті. Қанатқа айналған екі қолын жан-жаққа сермеп, жерге қайта түсе бергенде кенеттен шошып оянды.

Күлжекей оны бүйірге түртті:

— Тұр деймін, үйге кісі келді.

— Қайдағы кісі? — Жәуке көзін уқалап түрегеліп, айналаға елегізи қараса, төбесімен шаңырақ тіреп Аралбай келіп тұр екен. Алпамсадай алқа-салқа денесін әрең қозғап, танауы лақа балықтың желбезегіндей делдиіп, екі иінінен дем алады. Омырауын жапқан тарлан сақалын дамылсыз умаждап, көзі адырайып Жәукеге тесіле қарайды. Жәуке Аралбайға оқшырая қарап тұрды да, жүкаяқ жақты қолымен нұсқады.

— Төрге шық, Аралбай!

Аралбай ырсылдап барып, төр алдына ыңырана отыра кетті. Ұстарамен жалтыратып қырғызған илеген терідей былжыраған рабайсыз жалпақ басы адам бейнесін нобайлап соққан қара тасқа қондырып қойған дәу қарбыз секілді.

— Келші, Жәуке! Қасыма отыршы! — деп, сол қолының балғадай жуан саусақтарын қара ала текеметке төсеп, Жәукеге сол жағынан орын көрсетті.

Жәуке оның көрсеткен жеріне отырмай сырдақтап барып, оң жақтағы төсек ағаштың алдына шалқия жайғасты.

Жәуке Аралбайдың тегін келмегенін бірден біліп, кірпідей жиырыла қалып еді. Аралбай үй иесінің ұнатпай отырған салқын сыңайын қабағынан танып, абжыландай арбай бастады.

— Күйің қалай, құрдас? Кейінгі кезде ыңқыл-сыңқылың көбейіп кетті ме, немене, үйіңнен сирек шығатын болып алдың ғой? — деді.

Аралбай осы сәтте Жәукеге ала келген әзірейілдей көрінді. «Маған қайбір жаның ашып отыр дейсің, қу зұлым. Тышқан аңдыған әккі мысықтай арбайсың ғой», — деп, зығырданы қайнап, кектеніп қалды. Сонда да салған жерден тайталаса кетуге батылы бармай бұйығы қалпында:

— Кәрілік шіркіннің келіп-ақ қалғаны ма, болмаса өмір бойы шеккен бейнеттің зардабы ма, әйтеуір, бас ауырады, балтыр сыздайды дегендей, неше түрлі пәле көбейіп жатыр ғой, — деді.

Аралбай аяғын көсіліп жіберіп, қайқы бас кебісін қос қабаттап ұстап, босаға жаққа ытқыта лақтырып тастады. Қолбыраған тібін шалбарының кең балағын тізесіне шейін түріп алып, шомбал сирағы кернеген көзел мәсісінің қонышын қымти тартып, аяғына үйлестіріп қойды. Осы үйге түнеп шыққалы келгендей-ақ желбегей қара мақпал шапанын иығынан кейін сырып тастады.

— Сөзіме құлақ сал, Жәуке! Айран сұрай келіп, шелегімді қалай жасырайын, — деп кеңкілдеп күлді Аралбай.

Жәукенің жүрегі бүлк ете қалды. «Бәсе, бұл қу біздің үйге тегін келген жоқ деп едім ғой».

— Бұйымтайыңды айта отыр, Аралбай! — Жәуке мойнын созып, есік жаққа қарады. — Әй, Күлжекей, қайдасың? Бері кел!

— Мені қайтейін деп едің? — деген Күлжекейдің қытымыр даусы шықты сырттан. Күлжекей ентелей басып, үйге кірді де, Жәукеден сәл төменірек барып, төсек ағаштың аяқ жағына бір қырын отырды.

Аралбай Күлжекейге көз жіберді.

— Сенің де келгенің жақсы болды, құрдас, сөзіміздің ішінде боларсың.

— Шал екеумізді әсте құрдас деп атап көрген жоқ едің, Аралбай! Құдай бірдеңе берер, — Күлжекей зіл тастады.

— Анау Әлидің жайын өзің де білесің, Жәуке! Атаң қайсы, анаң қайсы дейтін емес, — деп Аралбай қоңырсыта бастады. — Басы десең басы, дәулет десең дәулеті ешкімнен кем емес. Мәймөңкелейтін несі бар, бұрыннан айтылып жүрген белгілі шаруа ғой. Сатыбай болса, жасы келген өлмелі шал, төсек тартып жатқанына жылдан асып барады. Сенен бір тиянақты сөз алып бер деген соң әдейі келіп отырмын. Осы жолы нағыса да бір тынымын істесін, пәтуасын айтсын деп Сатыбай аға саған сәлем айтты.

— Сәлем айтса несі бар, қисынды сөз. Сатыбайдың орнын, Әлидің басын кемітпеймін, — дей беріп Жәуке сөзінің аяғын жылдырмалатып жіберді. Астындағы ала сырмақта өші бардай қапсыра жұлмалап, келесі сезін оқпандап алып, қайта сөйледі. — Бата бұзған оңа ма?.. Өзің білесің, анау Оспан да маңдайының соры арылмаған жетім бала еді. Құдай десіп, құйрық-бауыр жесіп, аз да болса қалың мал алып қойдық...

Жәукенің бер жағы босаң көрінгенімен ішінде зіл жатқанын жаңағы сөз әлпетінен аңғарған Аралбай қу құлашты кең тастап, ағайындық базынаға ауысты.

— Ағайын — қарындас едік, Жәуке! Осы жасқа келгенше ешкімнен меселім қайтып көрген жоқ еді... Қатар-құрбы едік, сөзімді жерге тастамас деп саған сеніп келдім. Әкесі өлгенде де естіртеді, алда-жалда реті келмейді десең, ішіңе бүкпе сақтамай ашық айт. Дүниеде құрдас қарызы ауыр дейді, біле-білсең оны да ойла...

Жәукенің ат жақты жұқалтаң қара торы жүзі қуарып, әредік ақ кірген қалың қара қасы түксиіп, мол қиықты қиғаш қара көзі жыпылықтап, үнсіз қалды. Таласып келген бірі тым қатал, бірі тым сылбыр қос жауаптың қайсысын ағытарын білмей, дағдара берді. Бет-жүзіне қарамай қатты айтайын десе Аралбайды қитықтырып алады, сыпайылап айтса ақысы кетеді. Қипақтап отыр. Бір жағынан қиын істің кейінгі залал-зардабын осы бастан ескермесе және болмайды. Байбалам салып, күні бұрын қыр көрсеткенмен, түбінде айқаса кетер күш қайсы? Манадан бері сөзге араласпай сазарып отырған Күлжекей бір бүйірден дүрсе қоя берді.

— Әй, құрдас! Буынсыз жерге неге пышақ ұрасың? Баяғыдан бері астымызға ат, аузымызға ас болсаңдар, қайда жүрсіңдер? Бүгін келіп жанашыр туыс бола қапсың...

Аралбай қараса, Күлжекейдің қызыл шырайлы көркем жүзі әп-сәтте тозған шүберектей қуара қалып, құралай көзі жасаурап кеткен екен. Жайшылықта ажарына мінәсәр жарасып тұратын сүйкімді шұқыр ұрты суала қалыпты. Бет әлпетінде кек ызғары бар. Қанын қайнатып, ызасын өршіткен осы бір қысталаң сәтте Аралбай оған еркін таудың ерке елігін аямай атқалы қанды ауыз мылтығын кезеніп тұрған тас жүрек есер мергендей көрінді. «Бұл итке не десем де рәуә еді», — деп, іші қыж-қыж қайнап, түйткілдене берген.

Аралбай осы арада әккілігіне бағып, ашу-ызаны іркіп тастап, жасанды жайдары пішінмен әзіл-қалжыңға басты. Қолын беталы ербеңдетіп, ырқылдап күлді де:

— «Ұлы тұрып, қызы сөйлегеннен без, байы тұрып, қатыны сөйлегеннен без» деп еді, Жәукенің аузына сөз салып, мені жыққың келген екен, Тілеукенің данышпан қызы...

— Көрде жатқан Тілеукенің аруағын тербетпей-ақ қой, мұндағы біз де тақияңа тар келмеспіз.

«Осылар ұстасып қала ма, қайтеді» деп, қауіптеніп отырған Жәуке Аралбайдың әуселесін басқалы әдейі Күлжекейге өктемдік көрсете бастады:

— Сөзді көбейтпей тыныш отыр, қатын. Менің білуімше, осы Аралбай бізге қастық ойламайды. Неге бет алды аптығасың, көнбесең сенің қызыңды Сатыбайдың баласына зорлап қосар дейсің бе?

Күлжекей морт кетті.

— Сөйлеме, ауызға қақпай жайыңа отыр әрі. Кім көрінгеннің саудасына салатын далада жатқан қызым жоқ. Ибай-ау, аузыңнан сөзің түсіп, қойныңнан бөзің түсіп, былжырай қалғаның не сенің? Аралбай сенің басыңды қағып алады дейсің бе? Неге тура айтпайсың? Құдайдың маңдайымызға жазғаны Оспан шығар. Бата бұзып, жексұрын болар жайымыз жоқ.

Аралбай Күлжекейдің жаңағы адуын әрекетін қатар-құрбы арасындағы өкпе-назға сайған болып, бүкіл денесімен селкілдеп, ырқылдап күлді.

— Сап, сап, Күлжекей! Ә дегенде айдалаға ала қашатын осындай бір шәлкес мінезің бар-ау сенің. Сөзге қонақ бер, құр бет алды кінәлай бермесейші мені. Керісті қойып, келіскеніміз жон болар. Менің ойлайтыным сендердің қамың...

Күлжекей қабағын зілдене тыжырып ақ маржандай тізілген ұсақ тістерін көрсете, ытырына сөйледі:

— Әбден мезі ғып болдыңдар ғой, түге. Қит етсе басымызға әңгіртаяқ ойнатасыңдар. Жетер енді тәлкектерің.

Мұндай екіталай егес шақта әйеліңнің уытты болғаны да жақсы екен. Күлжекейдің бетің бар, жүзің бар демей Аралбайға ауыз салған батыл қимылына Жәукенің айызы қанып, еңсесі көтеріліп қалды. «Айта түссе екен, жанына батырып, тұқыртып қойса екен», — дейді ішінен. Аралбай әйелмен салғыласа кетудің қисынын таба алмай қайткенде жақсы сөзбен бұлардың жүрегін жібітіп, көңілдендірейін деген бекер оймен жорта түсін жылытып, екі қолын омырауына айқастыра қусырып, басын төмен салып, монтаны пішінмен көлгірси сөйледі.

— Сендерге иненің жасуындай жамандық ойласам, құдай төбемнен ұрсын. Қанипа асып туған асыл бала еді. Әйтеуір жат-жұртқа жаралған соң, орынды, дәулетті жерге барса бәрімізге де ғанибет. Күні ертең ана сіңірі шыққан тақыр кедейге барса, ішсе асқа, кисе киімге жарымай жылап жүрсе, көзінің жасына сендер қаласыңдар.

Жәуке Аралбайдың мекер мінезін байқап қалған екен, әуелі сұлу-сыпайы келейін, одан арғысын тағы да көре жатармыз деген ішкі есеппен қабағын сәл ашып:

— Мұның жөн-ақ, Аралбай! Бірақ әр нәрсенің реті болады ғой, — дей бергенде Күлжекей оны киіп әкетті:

— Ойбай-ау, құрдас-ау! Мұның не сенің? «Ашылғанды қымтайды, бүлінгенді түзейді» деген сенің сөзіңнің сиқы мынау, енді кімнен жақсылық күтеміз? Қой әрі, бізге жаның ашығансып құйрығыңды бұлаңдатпа! Елдің қыздарын сыртынан сатып болып, енді біздің Қанипаға ауыз салайын дедің бе?

Жәуке төмен қараған күйінде күңк етті:

— Біздің қатын дұрыс айтады, жөні солай...

Енді бұлардың тиянақты сөз бере қоймайтынына көзі жеткен Аралбай ашуға булығып, қораздай қоқырайып шыға келді.

— Бір айттық көнбедіңдер, екі айттық ерегісіп кеттіңдер кезегі үшке шейін деген, көндірермін деп-ақ келіп едім, жалдарыңа қол тигізбей қойдыңдар. Қашан айттың демеңдер, Қанипаны Сатыбайдың жалғызына бермесеңдер, осы істің арты насырға шабады, ағайын арасы бүлінеді. Айналып келгенде сен сорлайсың, Жәуке. Басыңа күн туғанда шірік Оспанның сені қорғап алып қалғанын көрерміз.

Жәуке мен Күлжекей жарыса сөйлеп, бет бақтырмай қойып еді. Аралбай қолымен кес-кестеп, ақырып әрең тоқтатты.

— Әй, сендерге не болған? Мен сөзімді айтып болайын да. Сатыбай — менің ет жақыным. Ақиқатын айтайын, жамбасым жерге тигенше мен соның намысын жыртып, сойылын соғамын. Осыдан бар ғой, айтқаныма көнбесеңдер түбінде адасқан күшіктей айдалада ұлып қаласыңдар. Сонда, Аралбай айтып еді-ау, адастық, ақымақ болдық, деп, ең алдымен, сен тіліңді шайнайсың, Жәуке. Ел ішіндегі аз санды нашар атаның баласы деп сені шетке қаққан жеріміз бар ма еді, сірә? Қатыныңа билік беріп, мылқаудай міңгірлеп отырған сиқың мынау. Қатын айтты деп кішірейе бермесейші.

Жәуке түнере қалып, Аралбайды оқты көзімен ата:

— Сонда маған неғыл дейсің? — деді.

— Неғыл дейін. Әлі де болса ашуыңды арқандап ұста да, ақылыңа ырық бер... Сатыбайдан тілегеніңше қалың мал ал.

Қанипаның бағын байлама. Оспан мейлі орыс қызын ала ма, шүршіт қызын ала ма, өзіне тең біреуді табар. Сол оңбаған шоқындыға періштедей қыздың басын байлап жүрген сендер де әбден ақылдарыңнан адасқан екенсіңдер.

— Айттық қой, реті келмейді дедік қой, сөзді несіне көбейте бересің. — Жәуке қырын қарап күңк еткенде Күлжекей қолындағы ұршығын төсек үстіне лақтырып тастап, бұрқана түрегелді.

— Әй, Аралбай! Айтарыңды айттың ғой, көп сөздің керегі не? Өкпелесең, көшке берген тайыңды қайтып ал; Болмайды екен, басымызға тыныштық бер. Маған десең жарылып кет. Жалғыз қыздың билігін бермейміз саған. Сатыбайдың жынды баласына бергенше, Қанипаны жер алсын...

Аралбай ырық бермей, тепсініп отырған Күлжекейге қарсы дау айтуға батылы бармай, енді бірдеңе десем, тілдеп тастар деп, болдырған аттай сілейе қалды. Жәуке болса әйелінің батыр еркекке бергісіз ересен әрекетіне көзі шырадай жанып, шыңға шыққандай шығандап кетті.

— Көп сөзің керек емес, Аралбай! Сатыбайдың мырзасын кедей Жәукенің қызына қосақтап қайтесің? Оған өзімен тең байдың сұлу қызын алып бер...

Аралбай ызалана сөйледі:

— «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені» дейін десем, ерлігіңді көрген жоқпын, «Емен ағаштың иілгені — сынғаны» дейін десем, емендей қаттылығыңды көрген жоқпын, Жәуке! Неге осынша шіренесің?..

Аралбай ыңырана қозғалып, шапанын киіп алды. Түймесін салып, етек-жеңін жиып, кететін ыңғай корсетті. Орнынан сиыршылап тұрып, құлап кете жаздап барып, әрең жөнделіп кетті. Күлжекейді көзіне ілмей, Жәукеге ентелеп барып, таусыла сөйледі:

— Үлкен басымды кішірейтіп әдейі келгенде, меселімді қайтарып, сағымды сындырдың. Есіңде болсын, Жәуке! Осы қылығың өлгенде сүйегіммен бірге кетер. Түстім шырақ алып соңыңа! Мықты болсаң шыдап бақ. Өкініп жүрме түбінде...

Жәуке «қиратып ал, аяма!» — дегендей, көзін алартып, қолын сілтегенде, саусақтары Аралбайдың қоңқақ мұрнына тиіп кетіп еді, анау от басқан мысықтай шар ете қалды:

— Қол жұмсайын дедің бе? Әкеңді танытармын, құдайыңды ұмытқан екенсің. — Жәукенің жағасынан ала түсті. Жәуке оны бар пәрменімен қос қолдап кеудесінен итеріп жіберді. Аралбай ышқына ұмтылып келіп, Жәукеге қолын сілтей бергенде, Күлжекей атылып келіп, араға түсе кетті. Жәуке екеуі қатар түзеп, Аралбайдың алдын бөгей берді. Алда-жалда тайталасып қол жұмсаса, тіл тигізсе, екеуі жүндей түткелі тұр. Қара күшке келгенде Жәукенің бір өзі-ақ Аралбайды алып ұрып, жаныштап тастауға бар. Күлжекейдің де бір әулетті жігіттен қайраты кем емес. Аралбай қаймығып кейін ойыса бергенде, Күлжекей сыздана бір сөз айтты:

— Сүйегі жоқ, намысы жоқ, қорғансыз деп басынасыңдар ғой бізді. Әй, Аралбай! Әдіре қал! Аспанның тірегі қолыңда тұрса төбемізге құлатып-ақ жіберші. Құдай өзі берген жанын өзі алар азар болса... Аянатын неміз қалды? Алынды бітеу жараның аузы. Барлық үйден, жеңген жеріңде қиратып ал...

Аралбай жараланған арыстандай арқасын күжірейтіп, кейін шегініп кетті де, есік алдынан екі қолын парықсыз ербеңдетіп, бажылдай берді:

— Ендігі ісім сенімен түссін, жарымаған кедей! Мейманаң тасыған екен, аяқ астынан желік пайда болған екен! Осыдан бар-ау, Қанипаны ат көтіне салып, Сатыбайдың баласына алып бермесем Аралбай атым құрысын, жер басып тірі жүрмей-ақ қояйын. — Осыны айтты да аузынан көбігі бұрқырап үйден шыға жөнелді.

Анадағы шырғалаңнан кейін арада алты күн өткен. Аралбай болса, Жәукенің соңына шырақ алып түскен. Ендігі мақсаты қалайда Қанипаны қапылыста қолға түсіріп, Әлиге алып беру. Жәукені бір көндірсе осылар көндірер деген үмітті адамдарды араға салып көріп еді, одан да түк өндіре алмады.

Жәукенің де бұл елде арқа сүйер адамдары шамалы. Аз санды қақсал руының тінібек ішіндегі Жәукеге қараған екі-үш үйі қаңғырып келген келімсек-кірме іспетті. Шынтуайтқа келгенде тінібектің Аралбай бастаған жітікке саяқ өңкей қулары, шынжыр балақ, шұбар төстері бірігіп кетсе, Жәукені құртып жіберуге де бар. Осы бір қатерлі жағдайды ойлағанда бір есептен сонау Ақмола дуанына қарайтын Орындықты қаласының түбіндегі қалың Қыпшақ елімен аралас-құралас жатқан бір старшын Қақсалға көшіп кеткісі де келеді. Оңашада Күлжекеймен ақылдасып еді, ол: «Бізге сонша не күн туды, іннен қашқан суырдай сүмірейіп, талай жыл орын теуіп, үйреніскен елімізден, жерімізден қаша жөнелгеніміз жөн емес, олай еткенде де Аралбай бізді бәрібір тегіндікпен жібермейді», — деп тоқтатып тастады.

Ашыққан мен ашынғаннан ақыл сұрама. Осы кезде Жәуке сіркесі су көтермей, жоқ нәрсеге шырт ете қалатын бір бөтен мінез тапқан. Елдің бәрі оған жасанып келген жаудай көрінеді де тұрады. Осы күні Күлжекейде де тыныштық жоқ. Жүзі күзгі жапырақтай сарғайып, көзінің төңірегіндегі әжімі көбейіп, ойсырап жүдеп кеткен.

Қанипа да кейінгі кезде ойға шырмалулы. Іштен тынады. Әке мен шешенің уайымы оны да қаусатып барады. Оның бер жағында, жан-жақтан анталаған көп дұшпан әке-шешемді масқаралайды, өзімді Әлиге матап береді деп қайғырады. Қанипа кейінгі кезде қатар-құрбы қыздардан оқшауланып, қаралы арудай үйден шығудан қалған.

Жәуке Оспан үйінің амандығын біліп қайтайын, орыс арасынан шамалы үн қағыстырып әкелейін деп, жалғыз көк шолақ атын жадағай тәрішпенкеге жегіп, бүгін бозала таңнан Амантай қаласына кеткен. Таң атқалы біркелкі ақ жауын сылбырап жауып тұр. Айнала атырап көгере құлпырып, Ащылыкөл басы өзгеше, жасарып, жайнап кеткен. Жанға жайлы ақжауынның жайбарақат өсерімен жайлаудағы қалың ел самарқау тартып, желідегі жылқы да, өрістегі қара мал мен қаптаған қойлар да бұйығулы.

Киіз үйлердің шаңырақтарынан бұрқыраған тезек отынның түтіні аспаннан төгілген ұсақ ақ моншақ жаңбырмен араласып, ауаға мұнарланып сіңіп жатыр.

Жәукенің төрт қанат қараша үйінің түндігі бүгін кеш ашылды. Мана таң сәріде екі сиырын жебей сауып, өріске жібергеннен кейін Күлжекей де шықпаған. «Денем, — күйіп, басым зеңіп барады», — деп Қанипа төсегінен тұрмаған.

Үстіне ала-шұбар құрақ көрпе жамылып, астына жұмсақ бөстек төсеп, басына кестелі мамық жастық жастанып, төрде бүрісіп жатқан Қанипаның қасына бір тізелеп отыра қалып, маңдайын сипап отырып, шешесі емірене тіл қатты:

— Осы күн түске жақындап қалды білем, басыңды көтерші, жаным!

Қанипа көйлекшең созалаңдап түрегелді де, жүк-аяқтың оң жағындағы керегенің қарында ілулі тұрған әкесінің шидем күпісін арқасына жамылып, қорбиған шашын жөндеді. Төр жақтан келіп, үй ортасында шалқи жанған тезек отына жақындап, төсеулі қой терісіне қымтана отырды. Күлжекей оттың бір шетінде қақпағы бүлкілдеп қайнап жатқан қара қожалақ шайнекті алып, екі жерінен қаңылтырмен құрсаулап жамаған кәрлен кесеге шай құйып берді. Сөйтті де босағадағы ши ішінен сары ала тостағанмен кепкен ірімшік, шыны аяқ табағымен сары май әкеліп, Қанипаның алдына қойды.

— Кешеден бері жөнді тамақ жеген жоқсың, іше ғой, құлыным! — Күлжекей айналып, толғанып жатыр. — Ауырғанда қара шай жақсы, терлетеді. Қуарған құдай бізге бір түйір қантты да бұйыртпай қойды ғой... Әлгінде Сандыбайдың шұнақ тоқалы Жәмилаға барып. Қанипа науқастанып жатыр еді, аузының дәмін алсын, бір шағым қант бер десем, «бұйырмасын, артымда, қалсын», — деп ант-су ішті құрыған.

Қанипа тостағандағы ірімшікті шымшып жеп, қара шайды самарқау ұрттап отырып, шешесіне мұңдана қарап қойды. Оның қайғылы бет әлпеті, ауру күйі ана жүрегін қанжардай тілімдеп, жанын жегідей жеп барады.

— Апа, сен түк те білген жоқсың. — Қанипа баяулата сөз бастады. Шайдан босаған кесені жерге қойып, төмен қарай берді.

— Айтпасаң, мен не білейін.

Қанипа үнсіз томсарып төмен қарай берді. Оны алуан ой мазалайды. Кешегі сұмдық оқиғаны айтайын десе, шешесін уайым-қайғыға батырады. Айтпайын десе, іші удай ашып көкірегін ыза-кек кернеп барады. Қандай қиын болса да ішкі сырын шешесіне айтпағанда кімге айтады?

— Құлыным-ау, кешеден бері сұмдық өзгеріп кетіп едің, тағы не пәлеге ұшырадың, айтсайшы? — деп Күлжекей қузай берді.

— Бір ажалдан аман қалдым, апа! — Қанипа мөлтілдеген көз жасын іркіп, екі оттың арасында қалған шарасыз жандай үрейлі пішінмен тік тұрып, өкіріп жылаған бойымен шешесін құшақтай алды.

Бір сұмдықтың болғанын енді шоласыз сезген бейбақ ана еңіреп жылап, Қанипаны бауырына қысып, басын сүйей берді.

— Не болды? Айтшы, жаным?..

Қанипа ана құшағынан босап, жүрек тоқтатып, буынын бекітіп алды да, кешегі лайсаң оқиғаны айтып берді.

...Қанипа кешегі шуақ күнде қасына Тоңбайдың Күләшін ертіп, итарба сүйретіп тезек теруге шыққан. Ауылға ұрымтал жерден жөнді тезек табылмай, екі қыр асып, алыстағы мал өрісіне қарай ұзап шығып кеткен. Түске тарта тезекке сықап төрт қапты итарбаға тиеп алып, ауылға қайтып келе жатыр еді. Екі қыздың алдынан сайтандай Әли кездесе кетті. Әли келген бетіне бет алды ыржаңдап, қыздардың алдын орап, тоқтатып қойды. Ай-түйге қарамай итарбадағы қаптарды сүйреп алып, тезегін жан-жаққа шашып тастады. Екі көзі қанталап кетіпті. Аузынан ақ көбігі бұрқырап, қойға шапқан аш қасқырдай жалақтайды. Үстіне киген алабажақ ақ көйлегінің омырауы ит талағандай пара-пара.

— Мен сені іздеп келдім, кеткеніңді көріп келдім. — Қанипаның екі қолын шап беріп ұстап алды. — Көнбесең өлесің.

Қанипа олай-бұлай жұлқынып еді. Әли онан сайын еліріп кетті. Құрбысына болысқалы араға түсе кеткен Күләшті кеудесінен итеріп жіберді де, екі жұдырығын тастай түйіп алып, Қанипаға айбар-қоқай көрсете бастады.

Күләш кейіп жатыр.

— Ойбай-ау, Әли-ау, мұның не сенің? Адамша сөйлеспейсің бе?..

Қанипа Күләштің қасына сытылып шыға беріп еді, Әли көзі жайнап атылып келді де, екі қолымен қаусыра көтеріп алды. Дік еткізіп жерге түсірді де, екі білегінен мықтап ұстап, үйіріп-үйіріп жіберді.

Қанипа ышқына бақырып, Әлидің қолынан жұлқынып шыға берем дегенде омақата құлап еді, тұра бергенде Әли үстінен баса қалып, жұмарлай берді. Сонда Күләш атылып келіп Әлидің үстіне қона түсті. Сол мезетте Қанипа шиыршық ата түрегеліп, Әлидің жон арқасына жармаса кетті. Екі қыз қанша алысқанымен Әлидің орасан күшіне қайдан төтеп берсін. Ес-түсін білмей, дүлей қимылға басқан жынды екеуін екі жаққа лақтырып тастап, ту-талақайларын шығарды. Шарасыздан жеңіліп қалып, жігерлері құм болған қыздар енді Әлиге жалына бастады.

Әли арасына апта салып, ай салып жыны ұстағанда айдалаға шығып кететін. Оның қазіргі есірік қалпынан қыздар осыны аңғарды да, енді алдауға кірісті.

Қанипа Әлидің мойнынан құшақтай алды.

— Айналайын, Әлиім! Қойшы, тоқташы!

Күләш Әлиді басынан сипап алдарқата берді.

— Біздің Әли жақсы ғой, ашуыңды тасташы, отыршы, сөйлесейік.

Әли ентігін баса алмай, тәлтіректеп тұрып, имантаразы қалпына келгендей болды да, суық суға сүңгіп шыққандай жиіркене басын шайқады.

— Әй, Қанипа! Маған тиесің бе? Мен сені білемін, алдайсың. Менен құтылып кетейін дейсің ғой, ә?.. Сен орыс Оспанның қатынысың, ә?..

— Қанипа Оспанға бармайды, оның сүйгені сенсің. — Күләш Әлиді арқаға қақты.

«Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады». Қыздардың айла-шарғы жылы сөзіне бара-бара Әлидің буыны босап, көңілденіп қалған. Қыздардың қасында өзін салдарлы жігітке санап, әлгі әзірдегі жайсаң қимылын біржола ұмытқандай. Денесінің қызуы да су сепкендей басылып, басы да айыға бастаған. Әли жыны ұстағанда шындық шеңберінен шығып кетіп еді. Есінен айырылып, қаны қайнаған кезінде не істеп, не қойғанын білген жоқ. Тіпті қызу үстінде қолына түскен кісіні өлтіріп жіберуден де тайынбаған. Дес берісі, мына екі қыз соны дер кезінде ескеріп, тез арбап алды. Әйтпегенде бұлардың жоқ жерде Әли қолынан жазым болуы да кәдік еді.

Қыздар Әлиге қай-қайдағы қызық әңгімелерді айтып, арбай берді. Әли сұлық тыңдайды. Ұстамалы ауруының арпалыс кезеңі өтіп, алдыр- бұлдыр есі кіргенде, осының алдындағы лайсаң істерінің бәрі оған жайсыз ұйықтаған науқас адамның дерексіз, берекесіз бұлдыр түсіндей жер мен көк арасынан шанда бір елес беріп, зердесіне қайта оралмай зым-зия өшіп жатыр. Кешеден бергі өз үйіне салған лаңы, бүгін бозала таңнан үйінен шығып кетіп, дала кезіп жүргенінде мына қыздарға кездескені, оларға көрсеткен сұмдық азабы қазіргі шала сауыққан дел-сал күйінде жым-жылас құрыды. Қазіргі сәтте күні-түні ұзақ ұйықтап тұрғандай бойы байсал тартып, басы жеңіл шыңылдайды. Төсегінен тұра сала, оразасын ашпастан Қанипа мен Күләшқа тап болғандай.

Әли енді жібі түзу жігіт сипатына түскендей бір дұрыс жосықпен сөз қатты:

— Ал, қыздар, сөйлеңдер, қайдан жүрсіңдер?..

— Сені іздеп шығып ек, — деп Қанипа сөз қатқанда, оның сөзін бітіртпей Күләш қағып әкетті:

— Мен саған ғашығыңды алып келдім...

Әли көңілденді. Алдында бұрала еркелеп тұрған екі қыз оған ғайыптан пайда болған ақ қанатты періштедей бойын балқытып, онсыз да шала-жансар ақыл-есін алады. Қанша жынды болса да жүрегіне балдай тәтті сезім шырыны сорғалап құйылғанда бір ауық ала құйын мінезінен арылып, әлдеқандай албырт жігіт сипатын тапқандай. Күні кеше көз алдында бір жарқ етіп, алдырмай асқар шыңға шарықтап кеткен ақ құсы айналып келіп қолына қонғандай Қанипаға өлгенше құлап тұр.

Ол Қанипаны қолынан тартып, өзіне қарай бейімдеп алды.

— Келші, жаным! Оңаша сөйлесейікші, сен менің ғашығымсың ғой. — Құшып сүйе берді. — Сен тұра тұр, — деп Күләшті қолымен жасқап қалып еді, ол жұмған аузын ашпай, селтең етіп, аулаққа бөлініп шықты. Мына Әли жынды Қанипаны тағы да бір сұмдыққа ұшырата ма, қайтеді деп өрекпіп тұр. Әлидің аужайын сырттан бағып, абыржи берген.

Қанипа сызыла тіл қатты:

— Маған не айтасың. Әли?..

Әли екі иығы бүлкілдеп ыржыңдап күлді де:

— Өзің білмейсің бе? — деді.

Қанипа оған мүләйім құралай көзін қадап, ішіндегі қайнаған өшпенділік толқынын ірке берді. Жасанды жайдары шыраймен:

— Сенің маған не айтатыныңды білемін, баяғы белгілі әңгіме ғой, солай емес пе? — дегенде, Әли қолын шапалақтап, сүйек аңдыған кәрі төбетше көзін ойнақшытып, шекесінен қарады.

— Білесің, ә, білсең де айтпайсың, ә? — Жалаңаш кеудесін жұдырығымен ұрғылай берді. — Мен кіммін, білесің бе? Мен Сатыбайдың Әлиімін. Елде менен асатын қандай жігіт бар? Оспан кім? Тфу, шошқа, шоқынды...

Қанипа жорта қабақ шытып, қолын сермеді.

— Оспанды айтпа маған. Оның не керегі бар. Менің көңілім сенде...

Әли қыз сөзіне нанып қалды. Оның шашын сипап, иығына қолын артты.

— Мен сені алып қашамын да, Тасөткелдегі нағашыма бір-ақ тартамын, көрсетейін оларға...

Қанипаның көңіліне түйткіл кірді. Осы жынды әке-шешесінің, туыстарының пәтуасын айтып тұрған шығар. Енді алдап-сулап бар шынын айтқызу керек.

— Сенің осы ойыңды әкең мен шешең, туыстарың біле ме? — деп сұрады.

Әли ағынан жарылды:

— Неге білмесін, өздері айтқан. Аралбай ағам айтады: «Жәуке мен Күлжекейді арқанмен буып тастаймыз да, Қанипаны алып кетеміз» — дейді.

— Саған өзім-ақ еріп кетейін, елді шулатып қайтесіңдер, — деді Қанипа жайымен. -Сен шешеңе айт, Қанипамен уәделестім, қуық арада білдірмей алып кететін болдым де...

— Қашан кетеміз? — деді Әли шын көріп.

— Сен маған аз күнге пұрсат бер, киім-кешегімді сайлап алайын.

— Сенің әкең де, шешең де оңбаған иттер, — деді Әли тісін қайрап. — Аралбай ағамды боқтап, қуып жіберген.

Жәуке мен Аралбай арасындағы шатақтан Қанипа әдейі жалтарып кетті.

— Мен ештеңе де білген жоқпын, көкем мен апам маған түк те айтқан жоқ, — деді.

Аралбай әдейі барғанда Жәуке мен Күлжекейдің аяқ-қолдарына отырғызбай қуып жібергені есіне түскенде Әли алағызып, желіккен көңілдің әсерімен масаң күйіне қайта түсті.

— Білмеймін дейсің... Сен мені алдайсың.

— Алдамаймын, шын айтам, мен сендікпін.

Әли елеуреп, Қанипаны сілкіп-сілкіп жіберді. Ерсілі-қарсылы жұлмалап есін шығарды.

— Жәукені де, шешеңді де өлтіріп кетемін, барып тұрған зұлымдар, — деді Әли кіжіне, — Сен менің сөзімді ешкімге айтпа.

— Тісімнен шығармаймын, Күләш та айтпайды.

— Мен сені алып кетемін, — деді Әли ежірейе. — Жай кетеді екен деп ойлама сен, Оспанды құртып кетемін.

— Мұны да саған Аралбай ағаң айтты ма?

Енді Әли бет алды сөйлеп кетті. Тіпті оның ендігі сөзінен тұрлаулы бір түйін ұстауға болмай қалды.

Аулақта жалғыз тұрып зерігіп кеткен Күләш ерсілі-қарсылы ойқастап жүрді де, тіпті болмай бара жатқан соң анадайдан қынжыла сампылдады:

— Сөйлесіп болдыңдар ма? Әй, Қанипа, ауылға қайтпаймыз ба? — деді.

Әли тыржың етіп, қолын сілтеді.

— Жаның шығып бара ма, албасты! Тоқтай тұр деймін.

Күләш жым болды. Әли Қанипаны тағы да қапсыра құшақтап алды. Бет-аузын аймалап жатыр. Осы бір ашу-ыза, өшпенділік белең алып, жан күйзелісінің ақырғы шегіне жеткен шақта Қанипаның бет әлпеті, тұрпат-тұлғасы тілмен айтып жеткізе алмайтын аянышты да әлем-тапырық күйге түскен. Ол аяғын әлтек-әлтек басып, талмаусырап тұрған қалпында әлсіз қолын созып, ауыл жақты нұсқады да, жасық дауыспен:

— Айналайын, Әли! Ауылға қайт, бізді көргеніңді ешкімге айтпа, жарай ма? — деді.

Әли сонда шамырқана басын шайқады.

— Кетпеймін, сендермен бірге барамын, — деді.

Енді Қанипа Әлиді сылап-сипап, алдай бастап еді. Қалайда оны ауылға қайтарғысы келіп, жорта өліп-өшіп тұр. Таң арайындай нұр жайнап, жасыл ала биқасаптай алуан түрлі бояуымен құлпырған кең дала осы қысылшаң сәтте Қанипаға қусырылып, тарылып бара жатқан секілді. Шаңқай түсте әуелеп ұшқан бозторғайлардың шартарапты тербеткен әсем қоңыр әні де құлағына түрпідей тиеді. Жер астынан шыға келген дәу перідей жалаңдап, қит етсе жаныштап тастағалы тұрған Әли мынау. «Осы сапар бұл пәледен аман-есен құтылып кетсем, одан арғысын көре жатар едім», — деп іштей жан сауғалап тұр.

Кетер алдында көңілдендірейін деген оймен:

— Бір өлең айтшы, Әли! Маған шығарған өлеңің бар дейді ғой, соны естиін, — деді.

Әли әлденеше өлеңнен құрастырып, Қанипаға арнап шығарған бір ауыз өлеңін бақырып айта бастады.

Дауысым қарлығады ән салғанда, Қанипа, сен де арманда, мен де арманда. Жасымнан ғашық болдым саған, сәулем, Бар ма екен сенен сорлы бұл жалғанда...

Қанипа оны қолпаштағансып маңдайынан сипады.

— Кім білген, өзің ақын екенсің ғой, — деп еді, анау мақтанғанға бөркі қара қазандай болып кетті. Аузын арандай ашын, құшағын жая ұмтыла бергенде, Қанипа оны қолымен кес-кестеп, бөгей берді:

— Мұның жарамайды, Әли! Некеміз қиылмай, тойымыз жасалмай тұрып, әдепсіздік істеме, ұят болады, обал болады, — деді.

Осының бәрін сырттан байқаған Күләш тағаты таусылып, келейін десе, Әлиден қорқып пұшайман болып тұра берді.

— Сен маған тиетін болдың ғой? — Әли ыржақтай күліп, Қанипаның жасыл мақпал қамзолының қалтасынан шеті шығып тұрған кестелі ақ орамалын сопаң еткізіп суырып алды. — Орамалыңды, қолыңдағы жүзігіңді маған белгіге бер.

— Белгі бер деп қазір қинама, Әли! — Қанипа орамалды жұлып алды. — Ұят болады, ел өсек қылады. Мұны білсе, алдымен анау Күләшқа мазақ боламыз. Мен саған үйге барған сән кестелеп, атыңды жазып, әдемі орамал тігіп берейін, үйде тас орнатқан әйбәт жүзігім бар, соны да саған берейін.

Әли ошаң етіп оқшау шықты да, анадай жерде үріккен киіктей өңдеп тұрған Күләшті дауыстап шақырып алды.

Күләш келе бере жасқана тіл қатты:

— Немене, Әли?..

Әли оны жауырынға бір соған, тісін ақсита:

— Ауылға барғанда сен мені көрдім деп айтпа... Айтатын болсаң... — Тоқпақтай қос бұрымынан бүріп алды. — Өлтіремін, ұқтың ба?

— Айтпаймын, ағатай! Қолың батып кетті ғой, жіберші! — Күләш шыжалақтап жұлқынып шыға бергенде, Әли оның карынан бір мытыды.

— Мен ауылға жеткенше сендер осы жерден қозғалмаңдар, — деді де Әли ауылға қарай жүгіре жөнелді. Артына жалт-жалт қарап безіп барады.

— Кет бәлекет, осымен кет! — Қанипа екі дүркін жерге түкірді.

— Құдай сақтады ғой, жыны күшейгенде бізді өлтіріп те і астауы кәдік еді, — деді Күләш күрсініп.

Әлидің қарасыны үзілгенде барып қыздар бір шөптесін жерге отырып, естерін жинады. Жаңа ғана бастарынан өткен сұмдық оқиғаны еске алып, Әли жындыға нәлет айтқан. Осы күйде біраз отырған соң, Қанипа орнынан атып тұрды. Қолынан тартып Күләшті тұрғызып алды.

Күләш бәденді ақ құба жүзі құбылып, жұқалтаң қиғаш қасын керіп, қарақат көзі мөлдіреп, құрбысына бір түрлі аянышты түрімен қарай берді. Қаршадайынан ай-шай деспей бірге өскен сырлас, мұңдас досының басындағы тақсіретке жаны күйзеліп, қайғырған сыңайы бар.

— Саған не болды? Әлде маған айтатын бір жайсыз хабарың бар ма? — деді Қанипа.

— Мықты бол, қорықпа? — дегенінде Күләштің көзінен әлдеқандай қорқыныш ұшқыны жалт етіп, жүзі сұрлана қалды. — Бір сұмдық хабар естіп едім, қорқар деп саған айтпап едім...

Күләштің айтқалы тұрған сұмдық хабарынан қауіп-қатерін күні бұрын сезіп, жүрегі суылдай бастаған Қанипа тағат таппай:

— Айтшы, бауырым! Тағы да не сұмдық естіп едің? — дей берді. Емешесі құрып Күләштің аузына қарай қалды.

— Айтайын, бірақ оған бола сасатын дәнеңе де жоқ. — Күләш бастан жеңілге сайды. — Барлық пәлені шығарып жүрген Аралбай. Әйтпесе Әли жындының қолынан не келеді? Оспанды өлтіреміз, Қанипаның қол-аяғын байлап бір түнде алып кетеміз, көлденең Есілге асырып жібереміз дейтін көрінеді.

— Мұны сен кімнен естідің?

— Сатыбайдың кемпірі Күнжанға айтыпты. Күнжан менің әжеме айтыпты. Қанипаға айт, қамсыз болмасын деп кеше әжем әдейі маған тапсырған... Осыдан барған соң көкең мен апаңа айт та, елге білдірмей басқа бір жерге кете тұр.

Қанипа түсі бұзылып, қинала сөйледі:

— Қайда кетем? Кеткен күнде мұнда қалған көкем мен апамның көрген күні не болады? — деді.

— Қойшы, олар қайтер дейсің... Қашан айттың деме елден тез кетіп қалмасаң, құрисың.

Әлгі Әлидің балдыр-батпағы мен мына Күләштің жаңағы сөзі бірдей шығуына қарағанда осы сұмдықтың шын болғаны. Қанипа ойы осыған тоқыраған. Күләштан естіген жайсыз сыбысын әуелі шешесіне, содан кейін шешесі арқылы көкесіне жеткізуге байлады. Олар не дер екен?

— Осы арада еркіндеп отырып, азырақ ән салайықшы, тезекті содан кейін жинап алармыз, — деді Күләш. Қанипа оның пікірін мақұлдап, бір мұңды әнді іле-шала бастап жіберді. Екеуі қосылып, кең даланы жаңғырықтырды.

Қаз қайтар, аққу қайтар жайлауына,

Биенің шыбын қонар байлауына,

Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма екен,

Кетеді мал бергеннің айдауына.

Асқақтата ән шырқап, баяулата тоқтап, екінші бір зар әуеніне ауысты.

Бұл дүние ойлап тұрсам - ау, жалған екен

Адамның іші толған арман екен — ау — ей!

Мұратқа жанның бәрі жете бермес.

Бұл мирас бұрынғыдан қалған екен.

Әнмен сергіп қалған қыздар шашылып жатқан тезекті қаптарына жинап салып, итарбаға тиеп алды да, күн бесіндікке тырмысқанда ауылға қарай беттеді.

ДҮРБЕЛЕҢ

Ел пішенге шығар алдында Ащылы көлден жылжи көшіп, Амантай қаласына, қыстауларына бір табан жақын жердегі Жөншілік томарына келіп қонған. Жылдағы әдеттері бойынша дәулетті үйлер пішен машиналарын, кедейлері қол шалғыларын, пішен орағына керекті құрал-саймандарын осы арада сақадай сайлап алып, өзен өңіріндегі иірім-иірім түбектердегі тұнып тұрған шабындыққа тез арада аттанбақ.

Биылғы жаңбырлы жазда егін, шөп бітік шыққан. Елдің ендігі бар арманы соны дер кезінде жинап алып, күні ертең қылышын сүйретіп келетін қысылшаң қыстың кәрін тойтаруға осы бастан қамдану. Қыс алапатына қамсыз болсаң қапы соқтырады, күйедей сыпырып жұтатып кетеді.

Қан жайлаудың қызық-думаны қожырап, әсем сыры мен сынынан даланың айырылған шағы. Ауылдар да баяғы Ащылы көлдегідей жиын емес, араларын алшақ салып, әрқайсысы жайлы қоныс ыңғайымен иірім-иірім томарлы қара суларды сағалап қонған. Сырттан абайлап қараған кісіге әр жердегі шоқ-шоқ ауылдар ел жайлап кеткен шиыр өрісте бытырай жайылған қалың қой секілді.

Күннің аптабы қайтып, көлеңке басы ұзарған кез еді. Жәуке өз үйінің көлеңкесіне шарық қайрақпен қол шалғы қайрап отырған. Шалғының біреуін қайрап, сабын, тұтқасын жөндеп болып, енді екінші шалғыны қолға ала бергенде алқына басып Күлжекей келді.

— Бұзауларды таптың ба? Осы біздің Қанипа қайда жүр? — Жәуке қолындағы шалғыны туырлыққа сүйеп қойып, үсті-басын сілкіп түрегелді.

— Бұзаулар томарда жайылып жүр. — Күлжекей айналаға алақтай қарады. -Қызыңның қайда жүргенін білмедім... Қолды болмаса келер...

Жәуке екі бүйірін таянып, таңдана таңдай қағып:

— Тәйт әрі, қолды болғаны несі-әй, айтып тұрған сөзінің түрін қарашы мұның?..

— Қызыңды қоя тұр, отағасы, аман болса келер... Жаңа бір сұмдық хабар естіп келдім...

— Не сұмдық тағы да?

— Елге Бойков келеді дейді.

Бойковтың ертең-бүрсігүні осы елге келетін хабарын Жәуке әлдеқашан естіген.

— Мейлі, келе берсін, елді шетінен қырып тастамаса бопты, — деді де Жәуке тұқыраңдап шалғы қайрауға қайта кірісіп кетті. — Шөлдеп отырмын, шайыңды қайнатшы, бәйбіше.

Күлжекей жерошаққа от жағып, дәу қара шайнекті мосыға іліп, шай қойды. «Бұзауларды айдап келейін, Қанипаны іздеп тауып әкелейін, шайға өзің қарай тұр», — деді де асығыс кетіп қалды. Жәуке қол шалғыны жалақтатып қайрай отырып, терең ойға шомып кетті. Оның ойынша бұл Бойков бір сойқанды шығарғалы келеді. Жәукенің осындай күйрек жорамалға ден қоюында түбегейлі себеп бар.

Атбасар дуанына қарасты үш болыс қозған елінің тінібек, құлтай рулары Амантай қаласының оңтүстік іргесін қапталдай қатар аққан Есіл, Қалғұтан өзендерінің бойында. Арасында тұқыл-тұқыл кемшін тұрмыспен күн кешірген, қалт-құлт тіршіліктің тақсіретін тартқан кедей-кепшігі, жарлы-жақыбайы көп, қақ-соқпен, дау-далабамен ісі жоқ, қоңыр тымақты момын тінібектің ежелгі ата қонысы жылдан-жылға тарыла түскен. Ең шұрайлы егіндік, шабындық жерлерінің ден көпшілігін Амантай қаласының қу мүйіз құлақтары талай жылдан бері меншіктеніп алған. Әуел баста емен-жарқы құн төлеген болып, бертін келгенде ебін тауып біржола иемденіп кеткен. Ойдағы орысты, қырдағы қазақты бір шыбықпен айдаған, бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан алатын көкжал Семен Бойковтың үлесіне тиген жер мөлшері қазақтардан басқа кулактар пайдаланған жердің тең жартысына жуығы.

Амантай түгіл, осы төңіректегі қыруар орыс-украин қалаларында Бойковтан асқан бай жоқ. Бір өзі елу нар өгіз, екі жүз бұзаулы сиыр, ұш жүз жылқы, мың қаралы қой, бес жүз бас шошқа айдап өргізіп, мыңғырған малын қаладан аулақтағы заемкада бағатын. Жыл сайын екі жүз десятина егін егіп, жүздеген мая пішен шауып алады. Бойков бір жағынан сауданы судай сапырып, осы маңайдағы орыс, қазақтың тиын-тебенін қидай сыпырып алады. Екі Қалғұтан, Митровановка, Байғара қалаларындағы приказщик ұстаған шағын-шағын дүкендері өз алдына. Амантайдағы мата, керек-жарақ дүкені, осы қаланың мыңнан астам үйін былай қойғанда, ұрымтал жердегі үш болыс қазақ елін әмбе нәрсе-қарамен, күнделік тұрмысқа керекті бұйымдармен қамтамасыз етеді. Ең тегі ине-жіп, айна-тараққа шейін ел қазақтарына екі бағасына сатылады да, түптеп келгенде Бойковтың жалмауыз қалтасына ай сайын көл-көсір пайда құйылып жатады. Бойковтың сауда жөнінен кейінгі жылдарда тапқан бір тиімді тәсілі бар: қадау-қадау таныс қазақтарға қант-шай, кездемені мерзімге қарызға береді де, кейін борышын екі есе өсімімен өндіріп алады.

Қазақтар: «Бойков айтты болды», — деп аяғынан тік тұрады. Оны қазақтардың «қылышынан қан тамған қаһар» атап кетулері де тегін емес. Қиянатына көнбей, бетіне келіп егесе кеткен талай адамды жер жастандырған-ды. Кейінгі он бес жыл ішінде нақақтан жазықты болып, қайдағы жоқ қисынсыз жаламен Бойков жендеттерінің қолынан өлген алты қазақтың қаны осы күнге шейін сұраусыз кетіп барады.

Табыннан жоғалған екі аттың жаласы жабылып, Бойковтың қолынан ит қорлықпен өлген Жәукенің жалғыз інісі Сағалбайдың құнын іздеген жан болған жоқ. Ағасына тірек -таяныш болған Сағалбайдың жиырма алты жасында Бойковтың қанды қанжары желкесін қиған. Сол себептен Жәукенің Бойковқа қаны қас. Сырттан тісін қайрайды, іші қазандай қайнайды, Бойков қолына түссе бауыздап тастайтындай-ақ кіжінеді.

Өткен айда, ораза айты өтісімен иісі тінібектің кедей-жалшы, орта дәулетті қауымы ішінара бас қосып: «Биылдан бастап Бойковқа да, басқа жуан жұдырық байларға да ұлтарақтай жер бермейік, алда-жалда күш көрсетіп қоқаңдаса, қаймықпай жұмыла қарсы тұрайық, тіпті болмай бара жатса, түндік басы қол қойғызып арыз жазайық та, ортамыздан пысық жігіттерден уәкіл сайлап, уезд бастығына жіберейік», — деп пәтуаласқан-ды. «Аралбай әдейі барып, осы жайсыз хабарды жеткізісімен Бойков аттана шауып, келе жатқан болар», — деп түйді Жәуке. Бойков осы жолы бұрынғыдай әкіреңдеп жұдырық көрсетсе, қиян-кескі жанжал басталады дей бер.

Жер дауында Бойковты Сандыбай қажы мен Аралбай өлгенше қолдайды. Бір жағынан қолтығына су бүркіп, оны желіктіріп жүрген де солар екені Жәукеге айдай аян. Елдің орта дәулетті адамдары мен қара дүрсін байлары Бойковтарға тегін жер берілмесін деген оқыс пәтуаны сөзсіз қолдайды. Неге десеңіз, олардың жер-судан шекелері шылқылдап тұрған жоқ. Көпшілік қауымының ауқымына еріп, сайып келгенде өздеріне тиесілі жер танаптарын молайтып алса, тақияларына тар келе ме? Осыны ерте бастан ойлап, Жәуке қатарлас азаматтар кедей демей, бай демей, әр атаның әулетін алдын ала ұйымдастырып қойған.

«Бойков келгенше қамсыз болмайық, сайланып тұрайық», — деп, Жәуке өзінің көңіл жетер жақын-жуық адамдарына барып хабар айтуға бекінді. Күлжекей мен Қанипа келген соң қайнап тұрған шайды апыл-құпыл ішті де, жеңіл киініп, ауыл аралап кетті.

Бір жақсы жері, Жәуке ауылдарды елеусіз қыдырып жүріп, сенімді деген отыз шақты адаммен тілдесті. «Айтқанымыз айтқан, бізді шетімізден қырып тастамайды, көпке топырақ шашпайды. Бойковқа қасарып қарсы тұрайық, бір ауыз болып, түріп айдап шығайық», — деп әрқайсысына шегелеп айтып, күні бұрын қайрап қойды. Кейбір қоян жүрек қорқақтары мен табансыз солқылдақтары болмаса, көпшілігі ауыз бірлік уәдеге ден қойып, олардың ішіндегі ақылы мен қайраты бірдей келген өрендері, жатпай-тұрмай ел азаматтарын сайлап қоюға, Бойков келіп, ең әуелі, осы елдің байлары мен қу мүйіз атқамінерлерін жинап мәжіліс құрса, шақырмай-ақ жан-жақтан киіп-жарып, айнала кернеп кетейік деп уәде байласты. Ел арасындағы кейбір саққұлақ қырағы жігіттердің айтуына қарағанда, жерден басы бүтін айырылып қалатын болған соң Бойков, ең алдымен, шынжыр балақ, шұбар тос байлардың аузын алмақ көрінеді. Оның бір жағында, Есіл, Қалғұтан өзендерінің бойындағы қалың орыс, украин поселкаларының әлекедей жалаңдаған байлары мен орта ауқатты шаруалары алдағы заман қандай, заң қандай болады, Герман соғысы бұдан әрі созыла берсе, титықтатып тастар деген сақтықты ерте ойлап, биылғы егін-шөптің жиын-теріміне қазақтарды мол жалдамақ көрінеді. Орыс арасында жасы асқан кәрі-құртаңдар мен қатын-қалаш, жас өспірім жастар болмаса, қару ұстауға жарайтын естияр еркектің бәрі майданда.

Маусымды жұмысқа адам жалдау, шұрайлы пішендік жерлерді арзан бағамен молырақ қамтып алу мақсатымен Бойков қатарлас әккі қулар ат аяғы жетер жердегі қазақ ауылдарына барып, ерте бастан сөйлесіп жатқан көрінеді.

Өткен түнде Жәуке көрер таңды көзімен атқызды. Ашыққан, ашынған адамда маза бола ма? Екі алуан ересен уақиға миын тырнап, жанын жегідей жеп барады. Жер дауына келгенде Бойков лаңын көпшілікпен бірге көріп алар еді. Ал, енді бәрінен бұрын Қанипа басына байланысты Аралбайлармен екі арадағы қым-қиғаш егесті айтсайшы!

Екі бірдей ауыр салмақ басыңа түскенде ез болсаң құлайсың, жаншылып қаласың. Ақылың кемел, қайратың мол болса, осы екі түрлі асыл қасиетті дұрыс жұмсауға бағыттайтын батыр жүрегің болса, оның бер жағында, арка сүйер ақылды да айбынды азаматтарың болса, сөзсіз жеңіп шығасың. Боркемік жасық жанның ыза-кегі де май қоғадай майысқақ болмақ. Онда ыза-кек дәрменсіз қайғы-қасіретпен мидай араласып, онсыз да жақсы жанның өмірін қысқартады, ақырында құртып тынады... Ал қайғы-қасіреттен тұрғысы жоғары алғыр ақылмен суарылған ыза-кек лыпылдаған наркескенмен тең. Ол сенің қаныңды да, жаныңды да әуелгі бұйығы қалпынан өзгертіп, өркендетіп жібермек.

Жәуке соңғы кезде дәрменсіз уайым-қайғыны серпіп тастап, жауларына деген өршіл өшпенділік пен алғыр кекке ден қойған-ды.

Кейінгі кезде Аралбай Жәукемен күреске шешініп кіріскен. «Қызыңды берсең қолыңнан аламыз, бермесең жолыңнан аламыз», — деп ашықтан-ашық қиғылық салып жүр. Оспанның шешесі Күнбала болса, «Қанипаны тез ұзататын болсын, кесімді күнін айтсын», — деп, өткен-кеткеннен үсті-үстіне хабар айтып жатыр. Көз жұмып қызын апас-қапас ұзатып жіберейін десе, Аралбайлар араға тосқауыл құрып, тартып әкете ме деп қауіптене береді.

Тінібектің бас көтерер ер-азаматы күн екінділікке еңкейген зауал шақта Сандыбай аулының сыртындағы биік төбенің басына жиналған. Жиынға әр ауылдың атқамінерлерін іріктеп шақырған екен. Сонда да томаға-тұйық жұпыны байлары бар, кедей-жалшылары бар, тайлы таяғына шейін бірі қалмай самсап келіпті.

Жиналған жұрт Бойков, Сандыбай қажы, Аралбайларды ортаға алып, үш қатар боп алқа-қотан отырған. Бойков сөзді неден бастар екен, не лаң салар екен деп соның аузына телміре қарап қапты.

Аралбай қолымен жер таянып, ырсылдай ұмтылып қалып, орнынан ауыр көтерілді. Желбегей салған қара мақпал шапанын шешіп тастады. Кәрі мысықтың сирақ жүніндей үрпиген шошақ төбелі пұшпақ бөркін желкесіне түсіре киіп, әуелі қалың топқа айнала бір қарап алып, қайыр-садақа тілегендей, екі қолын жайып, сүзіліп аз ғана тұрды да, тамағын кенеп, сөз бастады:

— Уә, үлкен-кіші халайық! Сөзге құлақ салыңдар! Мынау отырған Семен тамырды бәрің де жақсы білесіңдер. — Бойковқа бастан-аяқ көз жүгіртіп, ишан алдындағы мүриттей басын кіндігіне шейін иіп, тәжім етті. Қайқаң етіп қалпына қайта түсті де, сөзін соза берді. — Семен тамыр біздің елге бір үлкен бұйымтаймен арнайы келіпті. Енді тынышталып отырыңдар да, сол кісінің сөзін тыңдаңдар!.. - Қолын кеудесіне қойып, Бойковқа құрмет көрсетті де, иек қағып ишарат білдірді.

Бойков айран құйған сабадай іркілдеген ауыр денесін әрең қозғап, орнынан ырсылдай көтерілді. Көнтек болған қойдың жабағысындай ұйысып, кеңірдегін жапқан қалың жирен сақалын оң қолымен умаждап тұрған күйінде сілейе қалды. Ойланып тұрған қалпы бар. «Бұл сапар бұларға әкіреңдеп, жұдырық көрсетпейін, баяғыдан бергі етене тамыр-таныстығымды сатып, қолқа салайын. Мына қаптаған қара таяқ көпшілік алда-жалда жер бермейміз деп, қарысып отырып алса, не болмаса, шабындық жеріміздің толық құнын төле десе, қоқан-лоқы көрсетіп, өздерін қорқытайын», — деп іштей бекініп алды.

Керсеңдей теңкиген бөксесінен төмен түсіре етегін бос қоя беріп, жіңішке қызыл күрең көн белдікпен ортан белінен босаң буған ақ дабы көйлегінің қызыл кестелі қисық жағасын ағытты. Белдігінің жез қапсырмасын сұқ саусағымен әлсін-әлсін төңкере жалтылдатып, қоян жон тарлан мұрты мен қалың қаба сақалы жымдаса біткен ебедейсіз аузын кең ашып, сөзін бастай бергенде, қиқылдап жөтеліп қалды. Жөтелі тыйыла бергенде аузына жабысқан қалың мұртының суын бас бармағының қырымен сүйкей түртіп, сөзін қазақша бастады:

— Қазір ерігетін, дау қуатын заман емес, ағайындар! Біздің Ұлы Россия империясы мен Германия арасында қырғын соғыс басталғалы екі жыл болды. Мұның өзі бүкіл патшалығымыздың басына түскен ауыр сын. Соғыстың әлемет қиыншылығын біздің орыстар көріп жатыр. — Сан миллион орыстың бір құдайы мына мен боламын дегендей қапсағай кеудесін жұдырығымен нұқып-нұқып қойды. Ол енді соғыс орайында, ел басына түскен қабағат ауыртпалық жайында өзі білетін қазақ мақал-мәтелдері мен сырлы сөздерін төкпелеп, алысқа шығандап кетті.

Топтың артқы жағынан бір дауыс саңқылдап шықты.

— Әй, Бойков! Көп мылжыңдамай, келген шаруаңды айт...

Отырған жұрт араның ұясындай гуілдеп кетті де, жарға соққан толқындай өрекпіп басыла қалды. Бойков үзілген сөзін жалғай алмай, алақтап тұрды да, енді соғыс мәселесін доғарып, негізгі мақсатты шаруасына көшті.

— Құдай бірге, заң басқа, оллаһи, Айсаның киелі есімімен алдарыңда ант етемін! Кең пейіл, меймандос қазақ халқын жанымдай жақсы көремін. Қазақтың басқа халықтардан ерекше асыл қасиеттерін, мен түгіл, осы аймақты ежелден мекендеп келе жатқан барша орыстар аса қадір тұтады. Бері салғанда, сонау он тоғызыншы ғасырдың соңғы жартысынан бермен қарай ішек-қарнымыз араласып, бір-біріміздің дәм-тұзымызды татқан, алыс-беріс жасасқан, жер-суымыз араласқан, тату-тәтті елдерміз. Қазақ халқына біз өлгенше қатты ризамыз. Бір заманда алыстағы Россиядан, Украинадан бір қарыс жер таба алмай, келімсек боп көшіп келген ата-бабаларымызға өзінің атамекенін бөліп беріп, құдайдай жарылқаған сендер едіңдер! Жаман бергенін айтады деп, айыпқа бұйырмаңыздар. Біле білсеңдер сендерге біздің істеген жақсылығымыз да аз емес.

Мақсатты шаруасына көшер алдында жұрттың аужайын байқап алғысы келіп, тымырая тына қалды. Жалпақ табан жылтыр қара етігінің сыртына түсіре киген кең балақ қара мәуіт шалбарының оң жақ қалтасынан етектей ақ орамалын шұбата суырып алып, іркілдек май басқан қызыл бетінен шұбырған айғыз-айғыз терді қапсыра сүртті. Содан кейін шалбарының сол жақ қалтасынан алақандай қызыл-күрең барқыт темекі дорбасын, қаралдымы ортан қолдай, жез бунақты күрең трубкасын алып, оған қолдан еккен көк темекісін сықап толтырды да, үстінен бас бармағымен нығарлап басып қойды. Әдемі жез қауашақты оттығын шарт еткізіп тұтатты да, трубкасының имек сабағын құмарлана сорып, күлімсі көк түтінді аузы мен танауынан жарыстыра будақтата бастады. Сәлден кейін менің ендігі пікіріме қалай қарар екенсіңдер дегендей, алқа топты көзімен айнала бір қыдырып өтті. Қолындағы трубкасын солқылдата сорып, сөйлеуге оңтайлана бергенде түтінге шашалып, екі иығы бүлкілдеп, булығып барып, әрең басылды. Сөзін қиналып тұтқыр бастады.

— Тінібек елінің кәрі-жасы түгел жиналыпсыңдар. Бұ да болса, осы атыраптағы орыс пен қазақтың ақсақалы еді деп, мені сыйлағандарың... — Екі қолын кеудесіне айқастыра қойып, басын төмен иді. — Мен сендерге бір мұқтаж шаруамен келіп тұрмын. Сендерден ішетін ас сұрамаймын, мінетін ат сұрамаймын, өздерің білесіңдер, мен дүние-мүлікке дәркер адам емеспін. Алла тағала әзәлдә дүниені жаратып, әр халыққа жер-суды бөліп бергенде біздің орысқа сыбағаны аз беріпті. Құдіреті күшті иеміздің сондағы оң қабағына қазақ ілініпті. Сол себептен қазақ еліне осынша ұлан-байтақ жер тиіпті. — Бойков осыны өзінше ажуамен айттым деп, жұрт күлмесе де, өзі екі иығы селкілдеп, кеңкілдеп күліп алды. — Оны қойшы, мәселенің тоқ етеріне тоқтайын.

Көп ішінен тағы да бір дауыс саңқылдап шықты:

— Мынаның осынша қоқытып тұрғанын қарашы! Одан да жер керек деп неге турасын айтпайды әй, бұл қу?.. — Сандыбай қажы аяғын шошаң еткізіп, басы кекеңдеп зекіріп тастады:

— Бу қайсың-ай, шырық бұзып отырған? Тыныш отырыңдар, Бойков тамыр көңілдегі сөзін айтып бітірсін.

Бойков әуелде жасанды сабырлы салауатты сипатынан айнып, не де болса алдамшы айла-шарғыдан әрі аспауға бекінген. Жиналып отырған түсі суық, көңілдері сынық көпшіліктің қатал сыңайын көргенде, енді оның көкірегінде әлдебір қара тас қазылып, сыртқа шыққалы жылдам жылжып келе жатқандай. «Жүзе білмесең, терең, саязын білмей тұрып, кез келген суға көз жұмып қойып кетпе. Ең ақыры нан жеуге де әдіс керек. Күшін байқап алмай жауыңмен бірден айқаса кетсең мерт боласың». Ашуын ирең іркіп, түйлігіп тұрғанда Бойков басына осы бір ой тізбектері оралып еді. Осы елге бірдеңесі күйе кетіп бара жатқандай-ақ ашыла сөйледі:

— Менің есебім бойынша екі жүз үйлі тінібек сендерде ең дегенде бір мың десятина шабындық жер бар. Соның тең жартысы өздеріңе мол жетеді. Айталық, сонда қыруар шабындық жердің шөбі қардың астында нейбет қалады екен... — Оң жағында отырған Сандыбай қажыға аса бір мейірімді пішінмен назар аударды. — Өздеріңе мәлім, сіздің елдің басы артық егіндік, шабындық жерлерін осы уақытқа шейін мына аса құрметті Сандыбай тамырмен телімдесіп пайдаланып келдім. Өтірік десе, айтсын, осы кісі не сұраса да, қолын қаққан жерім жоқ. Қартайғанда екі тамыр араздасып, дауласса, масқараның көкесі сонда болады... Сендер ескі дәстүрді бұзамыз, бұдан былай маған бір аршын жер бермейміз дейтін көрінесіңдер. Бұл қалай? Мейілдерің, солай-ақ болсын. Өткенді қазбай-ақ қояйық. Мен сендерге жерлеріңді құдай үшін бер демеймін, аз ғана ақысын алыңдар... Жақын адамдармыз ғой, келісерміз. — Бойков осыны айтып, ыңырана тоқтады да, Сандыбайды бүйіріне түртіп қалып, өзіне қаратып алды. «Мына халқыңа бірдеңе десейші!» — деп құлағына сыбырлады.

Сандыбай таяғына сүйене ауыр көтеріліп, бүкшиіп тұрып, қырылдай сөйледі:

— Ал, халайық! Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады. Мына Бойков діні басқа да, көңілі, ниеті бір, пиғылы түзу, жақсы дос еді. Баяғыдан бері бос жатқан жеріңді пайдаланып, игілігін көрсе, мұнда сенің де ақың кеткен жоқ. Арзанға бер дейміз, қарызға бер дейміз, нәрсесін де, астығын да аламыз, қысылып қалғанда мая-мая шөбін де аямайды. Семен тамыр қолқалап жер сұрап отыр. Неғыса да мұны риза қып жіберейік. — Осында отырған қалың жұрттың бәрін құшағына қаусырып алатындай-ақ қолын екі жаққа кере жайып, күмістей аппақ шоқша сақалы шошаңдап, көзі бозарып, жамандат тиген мәстектей сілейе қалды.

Орта бойлы, қыр мұрынды шапаты қара сұр кісі топтың сол жақ шетінен кимелеп шығып, алдыңғы лекке келгенде Бойков оған жаман көзімен оқшырая қарап, «мынауың кім тағы да?» — деген кінәмшыл пішінмен Аралбайға мойын бұрды. Аралбай оның өңменінен өтіп бара жатқан ашулы көзінен қаймығып, сасқанынан:

— Шөлдедіңіз бе? Қымыз алдырайын ба? — дей берді.

Әлгі кісі сол екі арада ортаға шығып тұрып, күреске түсетін палуандай көйлегінің жеңін шынтағына шейін түріп алды. Бойковты оқты көзімен атты да, оған тура қарап тұрып, лекіте сөйледі:

— Танымасаң, біліп қой, Бойков! Атым Жәуке, әкем аты Сармантай! Тумысымнан қара қасқа кедеймін... Құдайдың маған берген мінезі, жайшылықта қойдан да жуаспын, өз бетіммен жан адамға тимеймін... Ал, бар ғой, біреу өзі келіп тиіссе, қытығыма тисе, қағынып кетемін... Оттан да, судан да, оқтан да қорқу дегенді білмеймін... Мына отырған жұрт айтар, әкесі өлгенде де естіртеді, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Ендігі жерде өзімізден артылып қалған шабындық, егіндік танапты алам деген кісіге, кім болса да, толық бағасына сатып, түсімін пышақ үстінен үй басына бөліп аламыз деп келіскенбіз. Баяғыдан бері шұрайлы жерімізді тегін пайдаланып, шылқымайға баттың ғой, Бойков! Жетер енді, тарт аяғыңды, қысқарт зорлығыңды.

Сандыбай біреу арқасына біз сұғып алғандай шар ете қалды.

— Әй, Жәуке, не былшылдап тұрсың? Қысқарт!..

Бір бүйірден Аралбай арс ете қалды:

— Саған не жоқ, әй? Есің дұрыс па өзіңнің? Не оттап тұрсың? Тый тіліңді!.. Әй, Жәуке, сен жеті атаңнан жарымаған, қу ауыз кедей едің, бүгін келіп, аузы-мұрның қисаймай тамам ел атынан билік айтасың. Ал кәні, белсеніп шығып, сенің соңыңнан еріп кеткен ел болса, онда да көріп алайық...

Сұңғақ бойлы ат жақты, жалаң бас қара сұр жігіт ентелеп шыға келгенде Жәуке қалың топтың арасына сіңіп кетті. Әлгі жігіт ашына сөйледі:

— Мені да танып қой, Бойков! Қожан баласы Қасенбаймын... Мен де Жәуке сияқты сіңірі шыққан кедеймін... — Аралбайға тесірейе бетін бұрды. — Әй, Аралбай! Сонша қорлағандай Жәуке сенің әкеңді өлтірген жоқ. Қолыңнан келсе, басымды кесіп ал. Жәукенің пікірін мен де қостаймын. Сен Бойковты айтасың, ол түгіл, дуаннан қару-жарақты әскер келсе де, бұдан былай жеріміздің бір тал шөбін қидырмаймыз. — Бойковқа ашулы көзін қадады. — Айтқанымыз айтқан, осы істің, арты насырға шаппай тұрғанда, табаныңды жалтырат, Бойков.

Ел Қасенбайды қостап гуілдеп кетті. Қит етсе жарылғалы отырған қалың кедей, Жәуке мен Қасенбайдың батыл әрекетінен белең алып, күндей күркіреп кетті. Бойков түгіл сарбаздарын самсатып, ат патшаның өзі келсе де тайсалатын түрлері жоқ. Көптің айбарлы ауқымына төтеп бере алмай жасып қалған Аралбай Бойков алдында құрдай жорғалап, оған өзінше басалқы айтқан болды. Жаңағы Жәуке мен Қасенбайдың күстәналап, оларға ел ермейді, бұлар қайдағы бір қыңыр, тентек адамдар, әншейін сандалып отыр деп, көңілін аулаған болып еді. Осы кезде Жәукенің немере інісі Қасболат жалаңдап шыға келді. Ол Аралбайдың қолымен жасқап, алдынан кес-кестегенін тыңдамай, киіп-жарып, алдыңғы лектен бері өтті. Ел назары орта бойлы, төртпақ денелі, қияқ қара торы жас жігітке ауды.

— Бойковқа неге жағымпазданасың, Аралбай? Бүйтіп көрген күнің құрысын сенің... Жаңа Жәуке аға мен Қасенбай осында отырған көген көз кедейлердің мүддесін айтты. Жер көпшіліктің меншігі. Немене, біздің шұрайлы жерімізді Бойковтың маңдайына жазып қойып па? Керек десеңдер, өзімізден артылған жерімізді Амантай қаласының кедей мұжықтарына тегін үлестіріп береміз, сонда қайтер екенсіңдер!

Сол-ақ екен, жұрт тағы да шулай бастады. Қасболат қайқаң етіп, жалт бұрылды да, қалың көпке араласып кетті.

— Жетер, жетер! Жерімізді бермейміз!..

— Аулақ жүріңдер! Қойыңдар зорлықты!..

— Бірдеңе көрейін демесеңдер, кетіңдер осы арадан!..

— Аянатын неміз қалды, бетіміз ашылды, өліспей беріспейміз!..

Бойковтың көзі шарасынан шығып, жылы күнде тісі тісіне тимей қалшылдап кетті. Ашуын тәк-тәкпен әрең ұстап, Сандыбай қажы мен Аралбайда өші бардай оқшырая қарап қапты. Аралбай қолын жайып, еліре түрегелді.

— Сендерге не болған, түге? Осынша өрекпитіндей бастарыңа не күн туды? Сендерге жер дауын шешіп бер деген кім бар? Шақырмай өз беттеріңмен келген екенсіңдер, тыныш отырып, сөзге құлақ қоймайсыңдар ма?

Алдыңғы лектің ортасынан тапал бойлы, жылмағай көсе кісі шыға келді. «Ехе! Мына Қаңтарбайға не жоқ? — деп Сандыбай тыжырына басын шайқады. — Мынау да желігіп алыпты, түрін қара?».

Қаңтарбай көтерілген жерінде тұрған қалпында ортадағы Бойков, Сандыбай, Аралбайларды ала көзімен бір-бір шолып өтіп, зілдене сөз бастады.

— Кедей-жалшы сөйлесе, жер астынан жік шықты дейсіңдер. Кірпідей жиырылып, өліп кете жаздайсыңдар. Ал мен болсам, өз еңбегіммен мал жинап, ел қатарлы дәулетке кейін қолым жеткен момын адаммын... — дей бергенде Аралбай оны қолымен жасқап бөгеп тастады.

— Әй, Қаңтарбай! Саған қалған сөз бар ма? Неге мыңқылдап тұрсың?

Қаңтарбай көп сөйлемейтін, қашан шеннен шығып кеткенше анау-мынауға қыза қоймайтын. Дәл осы жолы Бойковқа да, топ ағаларына да тиісе қояйын деген ойы жоқ еді. Аралбайдың жаңағы қорсынып тоқтатып тастағаны шымбайына батып, намысын қоздырып жіберді. Долдана буырқанып, бұрқырай сөйледі:

— Әй, Аралбай! Сен жұрттың аузына қақпақ қоя алмайсың, қырып тастай алмайсың. Атаңнан қалған жерің болса, Бойковқа бөліп бер. Елді иттей аздырып, бордай тоздырып құрттың ғой. Осы сенің ақылыңа түсетін болған жоқ па? Ал қалың көпшілік! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып біріксек, бізді Бойков түгіл, құдай келсе де қорқыта алмайды. Біз көппіз, қорқытамыз, біз тереңбіз, батырамыз... — Ызаға булығып, терісіне сыймай отырған Бойковқа ызғарлы жүзін аударды, — Әй, Бойков! Сенің де оңып тұрған жерің жоқ. Бай байға құяды, сай сайға құяды. Жарылқасаң өзіңмен терезесі тең байларды жарылқайсың. Осындағы қай кедейге жақсылық істеп едің? Соны айтшы.

Жұрт тағы да гулеп кетті.

— Жетер енді тәлкектерің!..

— Не керек өздеріңе?..

— Қорлықтарың өтті ғой әбден, қашанғы шыдаймыз?

— Атаңа нәлет, қу Бойков, жерімізді алдың, жазықсыз талай адамдарымыздың қанын іштің, енді келіп аузыңды қу шөппен сүртіп, мүләйімсіп қалыпсың. — Қаңтарбай Бойковқа жұдырығын түйіп, қоқай көрсетті де, жалт етіп отыра кетті.

Бойков бұған да шыдап бақты. Қайнаған ашуын іркіп, «бәлем кейін қиратармын, ойран салармын» — деп, іштей кіжінді.

— Сандыбай! Аралбай! Мына тентектеріңді тыйыңдар! Түбінде шатақ шығып жүрмесін. — Бойков мұны елге естірте айтты.

Аралбай көзі алақтап, тыпыршып отыр.

— Бір жөні болар, қояр, бітісерміз, — деп бет алды бірдеңелерді айтып, жәреукелене берді.

Жынын алдырған бақсыдай сұлық отырған Сандыбай Аралбайға қосарланып Бойковқа басын иіп, бастырмалата:

— Иншалла, халқым менің сөзімді жерге тастамас, қобалжыр да басылар... Әнебір оңбаған найсаптар ғой елге іріткі салып жүрген, — деді.

Көп ішінде жылы шырай көрсеткендері кемде-кем. Байлар жағы, оларға қарайлас некен-саяқ пысық орта дәулеттілер мұқым кедейдің ауқымына көріне еріп кетпесе де, аяқ астынан бұрқ ете қалған осы шатақ-шырғалаңның арты қалай болар екен деген есепті сақтықпен бейтарап қалып еді. Көпшілік қауымының барған сайын өршеленіп бара жатқанын көрген соң, соларға бейімделе бастаған. Мұны Бойков зымиян шоласыз біліп отыр.

Бойков найзағайлы қара бұлттай түнерген қалың қабағы салбырап, Сандыбай мен Аралбайға алма-кезек қарай берді.

— Тұра тұрсын, құдайларын танытармын.

Етек-жеңін түріп, Жәуке түрегелді.

— Сөз біткен жоқ па, жамағат! Тарайық! — Осыны айтып кеп ішінен шетке бөлініп шыға бергенде, алқа-қотан жиынның іргесі сөгіліп, Қасболат, Қасенбайлар бастаған бір қалың топ Жәукенің соңынан ере жөнелді. Қалғандары ошарылып барып, әр жерге шоғырланып тұрып қалып еді. Енді қайтер екен деп Бойков, Сандыбай, Аралбайлардың аужайын баққан сыңайлары бар. Біреуді біреу қақпайлап, біртін-біртін әкетіп жатыр. Сөйте-сөйте төбешік басы ел көшкен жұрттай қаңырап қалды.

Елден оп-оңай жер аламыз деп жүргенде, ауыз біріктіріп, ұйымдасқан қауымның сілесіне ұшырап, шерменде болған Сандыбай, Аралбай, Бойковтар қоңыр төбенің басында сөмпиіп қала берді. Бұл үшеуі жаңағы дүрбелең жиынның жайын еске алып, сампылдап жатқанда, ел адамдары тарап, айнала құлаққа ұрған танадай жым-жырт бола қалған.

Бойков бұрқылдап сөйлеп жатыр. Екі шонжарды жерден алып, жерге салып, орысша, қазақша араластыра сыбай берді. «Аз ғана елге ие бола алмайтындарың бар, несіне адам боп жүрсіңдер! Бұдан да өлгендерің жақсы емес пе? — деп, ит сілікпесін шығарды.

Бойковтың бетіне қарсы келіп, сөз таластырайын десе, яки болмаса, әзірге құрғақ уәдемен шығарып салайын десе, оған батылдары бармайды. Бір жағынан ашуға булығып, еліріп алған тентек Бойков ай-түйге қарамай, тепкінің астына ала бастаса, сірә, сұмдық сонда болар деп, пысып отыр. Жаураған жапалақтай көздері бақырайып, Бойковтың сұсты жүзіне жалбарына қарайды. Бойков болса барған сайын дәсерлеп, Сандыбай мен Аралбайға бүкіл тінібек елін қосақтап, тілі жеткенше сылқита боқтады.

Тіпті болмай бара жатқан соң Сандыбай қажы тілі жеткенше жалынып, Бойковты бір шама иман таразы қалыпқа келтіріп алғандай болды да, өзінше кісімси сөйледі:

— Тамыр, сен, ақылды адамсың ғой, сабыр ет, — деді ол Бойковтың күдіс жауырынына қағып. — Ел деген далада жайылған хайуан емес пе. Дауыл тұрса, нөсер жауын жауса болды, бет алды ығады да кетеді. Оларды қайырып алып, тықсырып әкеп орнына қамау Аралбай екеуміздің қолымыздан келеді. Елдің шырқын бұзған әлгі сұмдардың сазайын тартқызамыз. Сонда ел бұғалық түскен асаудай қолға тұратын болады.

Бойков әкесі тіріліп келсе де қарайтын емес. Езуінен ақ көбігі бұрқырап, көзі жасаурап дәуірлеп кетті.

— Қазақтар, көргенсізсіңдер, опасызсыңдар, сендермен қылыштың жүзі, мылтықтың оғы арқылы сөйлеспесе, сөз ұқпайтын тоғышарсыңдар, — деп тепсініп жерге түкірді.

Аралбай жәреукелене:

— Сабыр ет, тамыр! Жаңағы бір оңбаған бүлікшілердің былшылын көңіліңе алма, айналып келгенде ел біздің ырқымыздан шықпайды, — деп мөнтеңдеп еді, Бойков оны жебедей жерге кіргізіп, аузын аштырмай қойды.

— Кет аулақ, сенің де жайың белгілі болды. Еліңе бір тиындық беделің жоқ, сорлы екенсің.

Бойковтың манадан бері іркіп отырған бір жаман ойы бар еді. Ашу үстінде соны айтып салды:

— Сендер маған осы шатақтың түпкі тамырын тауып беріңдер, — деді де тымырайып ойланып қалды.

Жаңағы жиында елге бас болып, теріс пікір айтып, шатақ шығарған жігіттердің аты-жөндерін Бойков сол екі арада ұмытып қалған екен. Аралбайдан сұрап, дәптеріне түртіп алды. Сармантайдың Жәукесі, Қожанның Қасенбайы, Имантайдың Қасболаты ілікті Бойковтың қаламына.

— Мен бір жағдайға түсінбей отырмын — деді ол, анау екеуінен жауап тоспай. — Осынша ашынуларына қарағанда ел арасына мықтап іріткі салып жүрген бір сұмпайылар бар ғой, сірә?.. Менің білуімше, осы пәленің тамыры біздің қалада жатыр ма деймін...

Аралбайдың ар-намысына нұқсан келді, жан тыныштығынан айырылды. Оның қазіргі жағдайы көшкен жұртта қаңғырып қалған бұралқы иттен де жаман. Өстіп отырғанда тілеуіңді бергір Бойковтың жаңағы сөзі жанына медет бергендей құлдыраңдап шыға келді.

— Өзің айтқандай, менің де бір сезігім бар еді, — деді ол, — анығына әбден көзімді жеткізіп алайын деп айтпай жүретін едім.

— Қандай сезік? — деп сұрады Бойков. Көзі оттай жайнап кетті. — Біздің елдің кедейлері арасында кейінгі кезде жыбыр-жыбыр әңгіме көбейіп кетіп еді, — деді Аралбай, — сіздің қаладағы кекеш Бәселейдің Микайласы көктемде солдаттан жараланып келіпті ғой. Сол көк соққан біздің елге қайта-қайта келгіштей береді. Дәу де болса, Жәукелерді желіктіріп жүрген сол қу...

Аралбайдың жаңағы сөзі Бойковтың онсыз да шеннен шығып, шеңбер атқан ашу-ызасын еселеп жіберді. Іші өртеніп барады. Оның ендігі ой ауқымы өз қаласының солдаттан қайтқан мұжықтарына, олардың арасында кекеш Василийдің пысық баласына ойысып барып, оларды бүгін таңда жер дауын желеу етіп, көрінеу қарсылық білдірген мына кедей-кепшікке қосқанда, ендігі айқасар жауының қарасыны әлдеқайда зорайып кеткендей болып еді. Осы күнге шейін дүние-мүлік, оңай олжа, тегін пайда, шіркеу ғибадаты, масайраған жан тыныштық секілді өзімшіл сезімнен басқаны ойламайтын Бойков көңіліне қатерлі түйткіл кірген. Мына аяқ астынан бұрқ ете қалған жер дауы, өз қаласындағы солдаттан қайтқан мұжықтардың ел арасындағы бұққандай әрекеті жан өзегіне сұқпа дерттей жабыса кеткенін енді айқын сезінгендей.

Бойков әр алуан беймаза ойға шырмалып отырған күйінде етігінің қайқы тұмсығын тық еткізе бір шертіп қойып, ыңырана сөз бастады:

— Солдаттан қайтқан мұжықтарды осы күні көрсең, құдайға сәлем бермейді. Қарап тұрсың өздеріне бір желік пайда болған. — Бойков енді сол солдаттардың халық арасына қайдағы бір сыбыс таратып жүретінін, Россия жақтан үйреніп келген бір жаңа сөздерін айта беретінін іркіп қалды. Ішін кернеп бара жатқан ызаға булығып, тілі күрмеле берді. Қансонарда қасқырдың ізін кескендей кірпік қақпай қияға көз жіберді. Бір мезетте оның ой толқыны өз қаласындағы «бүлікшіл» солдаттарға қарай ойысты. Олардың ішінен Михаил Захаровқа елден ала бөтен шүйіліп кетті: «Қап бәлем, мұныңды қоймасаң, көресіңді көрсетермін, қыршыныңнан қиярмын».

Бойков сырын ішке түйіп, сілейе қалды. Сандыбай мен Аралбай суға малшынған қаптесер тышқандай қара терге түсіп, сүмірейіп отырғанда етек-жеңін қағынып, орнынан созалаң көтерілді. Сандыбайдың сегіз қанат ақ ордасының сыртындағы қорапты тарантастың қасында жантайып жатқан атшысына анадайдан қатты дауыстады:

— Петя! Жек аттарыңды!..

Күн батуға айналған. Айнала бұлыңғыр тартып, аспанда қара барқын бұлт қоюланып, теріскейден дауыл суылдап келе жатыр. Осы апақ-сапақ зауал шақта Бойков арбасына қонды.

— Мына күннің түрі жаман, — деді Бойков қораптың ернеуіне сүйеніп тұрған Сандыбай мен Аралбайға назар аудармай. - Желдетіп кетті, қалаға тез жетейік. — Анау екеуіне ала көзімен қарап қойды. — Мен жоқ жерде ел адамдарымен мықтап сөйлесіңдер, көндіріңдер... Ендігі хабарды, Аралбай, сенен күтемін...

Аралбай иіліп тұрып бас изеді. Оған ілесе Сандыбай да сақалын шошаңдатып басын сілкіп қалды. Бұл екеуінің осы сәттегі дәрменсіз де тәуелді бет әлпеттерінен Бойков құрмалдыққа шалғалы байлап қойған қойдың сиқын аңғарды да:

— Әзірге қош болыңдар, — деп қолын көтерді. — Ал, Петя, кеттік!..

ҚАНДЫ СОЙҚАН

Сүмбіле айы басталған. Ел Жөншілік жайлауынан әр жаққа бытырай көшіп, қыстауларына таяу жердегі күздіктеріне бөлініп қонған. Тінібектің бірсыпыра кедей-кепшік ауылдары Амантай қаласының солтүстік жағына тұспа-тұс Ойқұдық басында. Енді бір пара ел мал жайылымының ыңғайымен Жөншіліктің бергі жағындағы Қайнарбұлақ саласында қалып қойған. Әр ауыл өзінің меншікті құдығына бөліне, араларын алшақ сала жайғасқан. Елдің бас көтерер ер-азаматы пішен шауып, шошаққа салынған пішенді қора басына тасып, бір жағынан сарыбалақтанып пісіп қалған егін орағына қамданып, қызыл танау болып жатқан қауырт шақ.

Биыл ел жайлаудан қайтқанда Жәуке бір жаңа жосық бастап, өзінің екі-үш үй жарлы туыстарымен қыстау маңындағы Аралбоз түбегіне жеке қонған. Бұлардың қалың елден бөлініп шығып, ерте бастан қыстауға жақын барып қонуына Аралбайлардың өшпенді қыжылы, құлақ сарсытқан неше түрлі қаңқу-өсегі қамшы болып еді. Жәуке үйінің туыс көршілері Қасболат, Қасенбайлар бүгін аз ғана малдарына қол шалғымен пішен шабуға қатын-балаларын ертіп, қыстауға кеткен. Бүгін таңда үркердей осы үш үйде Жәукеден басқа бас көтерер адам қалмаған.

Жәуке талмау түсте азырақ ұйықтап алып, қарғаның ұясындай қалқиған төрт қанат қараша лашығының көлеңкесінде етік тігіп отыр еді. Етікшілік Жәукенің басқа шаруадан қолы босай қалғанда тиіп-қашып айналысатын қосалқы өнері. Қарап отырғанша ара-тұра жұрттың етігін тігіп, пайда табатын дағдысы бар.

Күлжекей жерошаққа от жағып, арбиған ағаш мосыға шайнек іліп, шай қайнатып жатқан. Күн ұзаққа етік тігіп, көзі талған, қолы қалжыраған Жәуке қарлығаштың қанатындай қиылған сұлу тарлан мұртын ширатып, бір ауық тыныстап отырған. Дымқыл тезекті жөндеп жандыра алмай, отпен алысып, діңкесі құрып жүрген Күлжекейге анадайдан:

— Осы сенің шайың қашан қайнайды, отыңа су құйылды ма? — деп қынжыла тіл қатты.

Күлжекей Жәукенің жоқ жерде мін таққанын ұнатпай тыржың етті.

— Беу, көкесі-ай, шыдамсызсың-ау! Мына су тезегі құрып кеткір, жанбай зықымды шығарып жатса, сен де бір жағынан...

— Сусап отырмын. — Жәуке тарамысын ысқылап, егеумен бізін ұштап алды да, іске шұғыл кірісіп кетті. Енді бір мезетте бүгін таңертең Көкталдағы нағашыларына жаяу кеткен Қанипа есіне түсіп, елеңдеп басын көтерді.

— Япыр-ау, осы Қанипа неге кешікті екен? — Үздіге тамсанды.

— Келіп қалар, ауылдан шыға алмай жатқан шығар. — Күлжекей жерошақ басынан тік түрегеліп, құбыла тарапта алыстан мұнартып көрінген Көктал жаққа қобалжи қарап тұрды.

Күн бесіндіктен ауып барады. Жәуке мен Күлжекей терлеп-тепшіп шайға қанып алған. Өз ара шүңкілдесіп отырған.

Бұларды бәрінен бұрын Қанипа жайы мазалайды. Аман күнінде осы қызды құтты жеріне қондырсақ жақсы болар еді деп, ерлі-зайыпты екі мұңдық арманға бір ауық беріліп кетеді.

Қанипаны ерте бастан ұзатып жіберейін десе, бере қоятын азды-көпті жасауы да жоқ. Қалаға барып киім-кешек, көрпе-жастық сатып әкелуге ақшаны қайдан алады? Қалған қалың малыңа шағып аз ғана сома бере қой деуге Оспан қайбір ақшаға жарыған кісі. Қанипаның соқа басын Оспанға жетектетіп жіберуге елден ұялады.

Аралбайлардың Қанипаны қалайда Әлиге алып беруге жанталасып жатқаны да бұларға аян. Ана жолы әдейі келіп сөйлесіп кеткеннен кейін тауы шағылып қалған Аралбай Жәуке үйіне қайта айналып соқпаған. Соған қарағанда өз күшіне сеніп, күмпиіп жатқаны да ақиқат. Жәуке басынан осындай ұйтқымалы ой кетпейді. Күлжекейге салсаң, ағайыннан жылу жинаса да шамалы жасау-жабдық қамдап, қызды тез арада ұзатуды қалайды.

Қанипаны ұзату жайы пәтуасыз қалды. Ерлі-зайыпты екеуі ұрысқан кісіше екі жерде томсарып отырып қалған. Жәуке қалың ойға шырмалды. «Өмірі дау-жанжалдың не екенін білмейтін күнделікті күйбең тіршіліктің дағуасын қуып, өз еңбегімен күн көріп жатқан момын жан едім. Қызыңды Әлиге бермедің деп із-өкшеме түсіп алған қызыл көз пәле Аралбайға енді Бойков қосылды. Енді шатақ белгілі жер дауынан басталды. Осы екі даудың арты насырға шабатын түрі бар. Мейлі, қорыққанмен жан қала ма? Мен жалғыз емеспін. Тілеулес азаматтарым бар, наркескендей қылшылдаған ер жүрек жігіттер бар. Солармен бірге болармын. Қара басым қара жерге кіргенше жауыма беріспеуге бекіндім. Нар тәуекел...».

Қалай дегенмен, жер дауы барша елді шарпулы. Алыстағы қалың өрттей лаулап келе жатқандай болады. Жер дауына бас болған Жәуке, Қасенбай қатарлас адамдарды қырамын да жоямын деп аш бөрідей жалақтап жүрген Бойков жайы да белгілі. Осы кезде ел иесі Сандыбай қажы мен Аралбайда да маза жоқ. Әнеугі Бойков келіп кеткеннен кейін бұлар осы қалай деген пысықтарды жеке-жеке қолға алып, Бойковтың жер жөнінен арнайы тапсырып кеткен тілегін орындаттыруға жанталаса кіріскен. Бірақ Сандыбай мен Аралбайдың бұл секілді бұқпантай әрекетінен иненің жасуындай нәтиже шыққан жоқ. Елдің өзен өңіріндегі басы артық шабындық жерлерін баса көктеп Бойковқа алып берейін десе, қантөгіс төбелес шығып кетеді деп сескенеді. Дәл осындай бір қырғын төбелес бір мың тоғыз жүз оныншы жылы екі жақтан әлденеше кісінің өлімінен аяқталған. Бойковтың өзі де қазақ пен орыстың жерге таласқан осы қанды жанжалының жуан ортасында болған. Жәукенің нағашысы Серкебай осы ұрыста қаза тапқан...

Жәукенің ендігі ойы бір тың жайтқа ауысып кетті. Сандыбай қыстауының іргесіндегі шүйгін түбектен шауып алған Бойковтың үш мая пішені бұрнағы күні өртеніп кеткен. Ол ол ма, жуырда Бойковтың Аралбайға майын берген екі аты бір түнде ұшты-күйді жоғалған. Нағыз пәле енді басталды дей бер! Жәуке, Қасболат, Қасенбайлар оңаша кеңес құрып, осы өрт жайын ойластырғанда, олардың тұжырымы Аралбайға сайған. Дәу де болса, бізге жала жапқалы Бойковтың пішенін өртеген Аралбайдың өзі деген пәтуаға келген.

Ерлі-зайыпты екеуі әр қилы жайттардан ой толғап, оңаша сөйлесіп отырғанда күн екінділікке тырмыса қалған. Өзен басы, айнала атырап жым-жырт. Осы мезетте Амантай қаласы жақтан келетін үлкен қара жолдан шаң көрінді. Шаңның тез ұйтқып кетіп, кейін серпіле бұрқырағанына қарағанда келе жатқан арбалы біреу. Жәуке мен Күлжекей түйдек-түйдек қалың шаңға елеңдей қарап тұрды. Беймезгіл келе жатқан бұл кім болды екен? Жәукенің көңіліне түйткіл кірді. Осы қалың шаңның арасында бір сұрапыл пәле келе жатқандай болады.

Тарантасқа қос ат жеккен біреулер әне-міне дегенше салып ұрып, үлкен жолдан тура Жәуке үйіне қарай қиыстай бұрылды. Жолсыз жермен солқылдатып айдап келеді. Арбада екі адамның басы көрінеді. Олар текіректетіп келіп аттарының басын Жәуке үйінің алдына тіреді.

Ең алдымен, ауыр денесін ыңырана қозғап, арбадан Бойков сүйретіле түсті. Урядникше киінген шикіл сары жігіт делбені козланың артқы қалқанына қаңтара салып, сары ала қылышын сүйретіп, арбадан секіріп түсті. Жәуке мұны көрген жерден тани кетті. Имиген шүңірек көз шабдары Николай Мардашкин. Бойковтың қол шоқпары. Бұ да Бойковтың сарқытын ішкен бұзық. Әлі кісі өлтірмесе де, енді-енді ауызданып келе. жатқан, қан аңсаған жас бөрі. Өзі Бойковтың туған жиені. Бұрнағы жылы солдатқа адам алатын аймақтық комиссияның бастығына жең ұшынан пара беріп, денсаулық жағдайынан армияға жарамайды, жергілікті становой қарамағында урядник қызметін атқарады деген сылтаумен Бойков оны алып қалған. Мардашкиннің жайы көбінесе Жәукеге Оспан арқылы көптен мәлім.

— Үйге бар! — деп Жәуке Күлжекейге иегімен ым қатты. Күлжекей зәресі ұшып, Бойковтарға жалтақтай қарап, аз ғана кідірді де, зып беріп үйге кіріп кетті. Есіктің саңылауынан сығалап қарап тұр. «Құдай-ау, мына сұмдар тағы да қайдан келді?» — деп қан жылайды. Жәуке болса, «басыма не салса да шыдаймын» дегендей сабырлы келбетпен Бойковтың қарсы алдына қасқайып тұрып қалған.

Бойков Жәукені оқты көзімен атып тұрды да, бір мезетте тістене сөйледі:

— Құдай-ау, бұл не деген масқара? Осы жаман қазақтарым мені басынып кетті... Малымды ұрлайды, пішенімді өртейді. Түксиіп Мардашкинге мойын бұрды. — Бетімен қоя берсең, бұлар әлі бау-шарбағыңды өртейді, басыңды кеседі...

Мардашкин оны үнсіз құптап, қылышының жез тұтқасын жалт еткізіп, бас изеді.

Жәуке шыдай алмай Бойковқа бір сөз айтты:

— Сізге қиянат істеп жүрген қай қазақ?

Бойков ілгері ұмтылып барып, шалқая тұрып қалды да, ақыра бастады.

— Көлгірсіп тұрғанын қарашы, бұл зымиянның! Түк көрмесіндей бола қалғанын көрдің бе?..

Бойковтың шатақ шығарғалы арам пиғылымен келгенін Жәукенді білді. Кенеттен бұрқ ете қалған ашу-ызаны іркіп, салған жерден жанжалдаспауға бекініп алды. Сабырлы, момақан қалпында:

— Сіздің малыңызды ұрлап, пішеніңізді өртеп жүрген қай ит? — деп еді, Бойков жын қаққандай бет-аузы жыбырлап, басы қалтылдап, көзі аларып, тісін шықырлатып Жәукеге шүйілді.

— Танып кеткің келеді, ә! Оңбаған иттің баласы! Жояйын көзіңді. Ішейін қаныңды...

— Сусап келсең, іш қанымды, — Жәуке қанын ішіне тартып, сазара қалды. Боқтап жібере жаздап, аузын тыя қойды. Бойков тепсініп сыбай берді. Сонда Жәукеге бір ой келіп еді: «Қасымда жан адам жоқ. Мына сұмдар иттей талап өлтіріп кетеді-ау». Бойков барған сайын дәуірлеп, қыза берді. Задында жанына тиіп, балағаттай берсем, Жәуке шыдай алмай, төбелес шығарсын деп, қанды сойқанға сылтау іздеген сыңайы бар секілді.

— Әй, Бойков! — Жәуке үні шықты. — Манадан бері аузы-басымнан түк қоймай боқтап жатырсың. Саған менің сонша не жазығым бар еді? Неге ашып айтпайсың?

— Малымды ұрладың, пішенімді өртедің. — Опырып жіберетіндей-ақ жер тепті. — Бұдан артық менің әкемді өлтірейін деп пе едің?..

— Сөзге тоқта, Бойков! — Жәуке оны шамалы мәмлеге келтірем бе деген үмітпен бұл сапар сыпайы келді. — Елдің шабындық жерінен сізді құр қалдыруға себепші болғандардың бірі екенім рас. Одан қайда барсам да танбаймын. Бірақ малымды ұрладың, пішенімді өртедің деген жалаңды менен аулақ әкет.

Қанына қарайып алған Бойков ықты-жарды тыңдамай, аюдай ақырды:

— Ах! Иттің баласы! Жала жаптың дейсің ә?.. Көрсетейін мен саған жаланы... — Бойков қолындағы екі бүктеп ұстаған дырау қамшыны Жәукеге бір сілтеп қалып, қасындағы Мардашкинге бұйыра сөйледі:

— Дереу тұтқында мына иттің баласын!.. Мен бұл ұрымен тиісті жерде сөйлесемін, басын абақтыда шірітемін.

Сол-ақ екен, Мардашкин қызыл көрген құзғындай атылып барып, қылышының ұшымен Жәукені кеудеге нұқып қалды.

— Әйдә, мін арбаға! — Қолынан тартты.

Жәуке шегіне беріп, Мардашкиннің қолын қағып жіберді. Сілтідей тұнып, ашына сөйледі:

— Мал ұрлап, кісі өлтірген жоқпын. Мұндай нақақ қиянатқа өлтірсеңдер де көне алмаймын.

Бойков мысқылдап, қорсылдай күлді:

— Адалмын дейді, ақпын дейді... Қара мұның батырсынып тұрғанын. — Мардашкинге иек қақты. Ол Жәукенің жон арқасына қылыштың қырымен соғып жіберді.

— Өшір үніңді, иттің баласы! Давай отыр арбаға!..

Жәуке ытқып кейін шегініп кетті.

— Бармаймын, өлтіріп кетіңдер...

Бойков Жәукеге төніп барып, қолындағы дырау қамшысымен көйлекшең жон арқасына бар пәрменімен осып-осып жіберді. Ата-баба, зәу- затынан түк қоймай боқтап, сыбай берді. Бір жағынан Мардашкин қылыштың астына алып, соғып жатыр. Бойков жаңағы соққысы аз болғандай Жәукенің бел омыртқасы тұсынан орағыта осқылай берді. Жәуке сонда қайқаң етіп, бір шетке ойысып шыға берді де, көз ілестірмей қайта айналып келіп, Бойковтың жағасынан ала түсті. Әйтеуір бір өлім! Аянатын несі қалды. Бойков жан дәрмен жұлқынып босап шығып, енді соғуға оңтайлана бергенде, Жәуке оның қолынан қамшыны жұлып алып, өзіне қарсы сілтеп-сілтеп жіберді.

Мардашкин Бойковты айнала қорғаштап жүргенде Жәуке оның қолынан қылышын қағып алып, анадай жерге лақтырып жіберді. Мардашкин жүгіріп барып, қылышты алып келгенше Жәуке қамшыны ырғыта сермеп қалғанда, Бойков екі қолымен бетін басып, тізерлеп отыра кетті. Бетінен қан жосып қоя берді. Сол екі арада Мардашкин қылышын арбаның қорабына лақтырып тастап, енді Жәукені қорқытқалы алтатарының құлағын қайырып алып, алдына жақын барып, қасқая қалды. Сонда Жәуке сәл тайқып кетіп, Мардашкинді жон арқасынан қапсыра ұстай алды. Қолындағы мылтығын жұлып ала бергенде, Бойков қорсылдап келіп, мылтықты Жәукенің қолынан қағып жіберді. Енді Мардашкин екеуі Жәукеге жабыла кетті. Екеуі екі жақтан керіп әкетті. Жәуке бастапқы кездегідей емес, қалжырайын деген екен. Екі жендеттің ересен қимылына төтеп бере алмай талмаусырай берген. Анау екеуі оны жығып салып, басың демей, көзің демей, кез келген жеріне мылтықтың дүмімен соққылай берді, тепкілей берді. Жәуке шиыршық атып түрегелді де, екі жендетті екі жаққа доптай лақтырды. Олар тұра салып,тағы да айқасты, тағы да қашқақтай түсті. Жәукенің ту сыртынан, алдынан қапсыра құшақтап алып қусырып тастады. Жиып салып тепкілей берді.

Күлжекей келіп араға түсе кетін еді, екі жендет оны кеудесінен итеріп, кейін ығыстырып жіберді. Күлжекей қайта ұмтылып келіп:

Неге ұрасыңдар, сорлының сендерге не жазығы бар еді? Аясаңдаршы, — деп шыжалақтағанда, Бойков оны бөксеге теуіп жіберіп, бір шетке қуып шықты. Күлжекей көзі қарауытып, есеңгіреп қалып, бетін басып, өкіріп отыра кетті.

Манадан бергі соққысы аз болғандай, Бойков сұлап жатқан Жәукені қамшысының темір өзекті өрімімен үсті-үстіне сабалай берді. Мардашкин ұра-ұра қолы талып, мезі болды ма, әлде азырақ тыныстап алғысы келді ме, бір шетке шығып, сілейе қалған.

Соққыға жығылып, шала есті боп жатқан Жәукені анау екеуі үйінің алдына сүйреп апарып тастады да, бүйірлерін таянып, қызығына қарап тұрды. Бойков темекісін бұрқыратып, сазарып тұрды да, Жәукенің өлі-тірісін байқағалы аяғының ұшымен бүйірге түртіп, қолын жұлқылап қозғап көрді. Дал-дал жараланған бетінің қаны судай ағып жатыр. Көзі тоқпақтай боп ісіп кетіпті. Көйлегінің сыртына шып-шып шыққан қан термен араласып, қара қошқыл рең алыпты.

Жаяулап шаршап келген Қанипа сұмдықтың үстінен шықты. Аузы-мұрны қан болып жатқан әкесін көргенде көзі шарасынан шығып, есінен танып қалды. Сонда да қара түнек басып қарауытып жүре берген дүлей дүниенің арасынан жан дәрмен атылып барып, әкесінің басын құшақтап, қан жапқан жаралы бетін алақанымен аялай беріп еді. Осы мезетте Мардашкин оны қос бұрымынан сүйреп, талып жатқан Күлжекейдің қасына апарып тастады. Қанипа шала есті күйінде шешесінің басын сүйеп, бетіне бетін таяп өкіріп жылап жіберді.

Күлжекей қолын ербеңдетіп, әлсіз тіл қатты:

— Қанипа! Өлтірді ғой мыналар!..

— Апа! Апажаным! — Қанипа көрген түстей елестеп кеткен Күлжекейді құша берді.

Мардашкин Бойковтың әмірімен жерошақ қасында жатқан темір күректі алып, Жәукенің қаны төгілген жерлердің қыртысын қыршып, қапқа жинап салды да, дереу өзенге шашып жіберді.

Жәуке ішегін тарта, ышқына қозғалып, бүктеле аунап түсті.

— Оңбаған ит, саған, осы керек! — Бойков өкпесін соғып, талып жатқан Жәукені етігінің тақасымен тепкілеп, қолы шаршағанша жаныштап тастады. Мардашкин екеуі оны сүйретіп апарып, тарантастың қорабына көтеріп ұрды.

Қанипа атылып барып, әкесінің үстіне түсе кетті. Осы кезде есі кірген Күлжекей де ойбайлап келіп, қан-жоса боп арбада жатқан жан жарының мойнынан құшып, дауыс қып жылай берді.

Екі жендет Күлжекей мен Қанипаны Жәукеден бөліп алып, арбаға қонды да, шүу деп жүріп кетті. Бұлар қозғалып кете бергенде Қанипа құлындағы даусы құраққа шығып, айдалаға безе жөнелді.

БҰЗЫЛҒАН TOP

Әли бір күні қасына екі жігіт жолдас ертіп, апақ-сапақта салып ұрып жетіп келді. Екі ауылдың арасы жақын болса да өзі күйеу кәдесін сақтап, жолдастары құда салтын құрып, атқа мініп, сән түзеп келіпті.

Әдетте күйеу жігіт қасындағы жолдастарымен күні бұрын сайлап қойған отау үйге түсетін еді. Ал, Әли болса, қыз алуға келген күйеу жігіттің ежелден келе жатқан жөн-жоралғысын белінен басып, Жәукенің жапырайған жер үйіне баса-көктеп кіріп кетті. Кейбір сұңғыла әйелдер Әлидің бұл ерсі қылығына назаланып, беттерін жыртып, ауыздарын сылп еткізіп, естірте құстаналап жатыр: «Ибай-ау, мынау ұятсыз шіркіннің мұнысы несі, әй? Әкесінің үйіндей еркін тайраңдауын қарашы!», «Өзімен терезесі тең болмаған соң басынады ғой», «Тым болмаса, күйеушілеп есік алдына кідіріп те тұрмады-ау бұл құрыған».

Қанипаны зорлықпен жеңіп алатын болған соң әбден көкіп кеткен Әли алдында тау тұрса қарайтын емес. Айтылып жатқан қытымыр кінә бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан ағып кетіп жатыр. Нақұрыстың ендігі есіл-дерті ертең Қанипаны үйіне апарып, арманына жету. Бір ғажабы, күйеу келді екен деп ошаң етіп қызықтап келіп жатқан бірде-бір қыз-бозбала жоқ. Әли екі жолдасымен оң жақта шошайып отырып қалған.

Шақыртумен келген бірен-саран қыз-келіншектер күйеулермен бас қосып, өздерінше сұхбат құрып, шай ішіп отырғанда, Қанипа басым ауырды деп ауыз үйдегі төсегіне бүк түсіп жатып алған. Күлжекей қорада мал сойғызып, қонақасы әзірлеп жүрген. Аһ ұрғанда аузынан жалын атады. Сорлының шүйкедей басы әңкі-тәңкі.

Осы кезде Қасболат өз үйінен шықпай қойған. «Ағаң үйіне барсайшы, кісілермен бірге болсайшы» деген келіншегі Жібектің өтінішін елең қылмай, назаланып тас бүркеніп жатып алған. Қасболат бәрінен бұрын Аралбайдың қармағына оңай түсті, қызын Әлиге беруге тез көнді деп, Күлжекей жеңгесіне наразы. Жәукенің топырағы жасырынбай жатып қанқұйлы жаулардың белең алғанына күйінеді.

Қасболат Жәукенің немере інісі, қаршадайында әке-шешеден жетім қалып, шая боп өскен. Қарақойындағы салт атты, сабау қамшылы, елден асқан әнші, домбырашы. Нағашысы Олжабайдың арқасында адам санатына қосылған. Әншілік, домбырашылық өнерін осы нағашысынан үйренген.

Қасболат есейіп, өз қолы өз аузына жеткенде, жиырмадан аса бере, осыдан он шақты жыл бұрын жан дегенде жақын туысы Жәукені сағалап көшіп келіп, соның қасынан мекен тепкен.

Қасболат терең ойға шомып, Жәуке өліміне байланысты қанды уақиғаны тағы да көзінің алдынан өткізді.

Жәуке болса, зым-зия жоғалды. Атып тастады ма, ұрып өлтірді ме, — оншасын жан адам білмейді. Тірі болса приставтың тас сарайында жатыр ма, әлде Атбасар абақтысына жөнелтті ме, одан да ешкімнің хабары жоқ.

Осылай күндер ете берген. Қайғыменен қан жұтып жүргенде бір күні Михаил Захаров түн ішінде әдейі келіп, бір сұмдық хабар айтып кеткен. Михаилдың жаралы боп майданнан бірге қайтқан досы Иван Марченко приставтың тұтқындар сарайында күзетші екен. Бойковтың жиені — урядник Мардашкин Жәукені бір түнде сарай ішінде атып өлтіріпті, денесін арбаға салып апарып, Амантай адырының арғы бөктеріндегі сайға көміпті...

Осы суық хабар ел арасына найзағайдай тез тарап кеткен. Қасболат әдейі барып біліп еді, пристав кеңсесіндегі чиновниктердің оған берген жауабы тым сорақы. «Қамаудан қашты, күзетшіні өлтірмек болған жерінен қолға түсті, атылды» деген олар. «Сүйегін неге бермедіңдер?» — дегенде, «онда сенің жұмысың болмасын, ол жергілікті өкімет орнының әміріндегі мәселе», — деп аяқ-қолдарына отырғызбаған. Қасболат үміті кесіліп, жылап қайтқан.

Жәукенің өлімі жалғыз тінібек түгіл, ұрымтал жердегі қалың қыпшақ, қарауыл, қақсал елдерін дүр сілкіндіріп, қатты толқытқан. Сандыбай қажы мен Аралбай, олардың шылауындағы сорпаға шығар пысықтар өздерінше өзара ақылдасқан болып, Жәуке өліміне орайлас дау-жанжалды ушықтырмайық, бірдің құнын даулаймыз деп жүріп, мың түрлі пәлеге ұшырап қалармыз деп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырған. Тіпті өтірік дұшпан көзі болса да Бойковқа барып, жазықсыз адамымызды тапа тал түсте ұстап әкетіп, құртып жібергенің қалай? — деп, ат өтті кінә таққан біреуі болсайшы. Қасболат осыған күйінеді.

Қасболат Жәукенің өлгенін білген соң, аттана шауып Атбасарға барған. Қазағуар жазымпаз бір орыс адвокатын тауып алып, оған бар дәлелдері мен деректерін тәптіштеп айтып, Бойков пен Аралбайдың үстінен уездік сотқа шағым жаздырып алған. Сол шағымы да күні осы уақытқа шейін дерексіз кетіп барады.

Осы қанды сойқанның түпкі сабағы Аралбайда жатқанында титімдей күмән жоқ дейді әркімдер сырттан. Бойковтың Аралбай қолынан жоғалды деген екі аты ен-таңбасына, түсі-түгіне шейін бесенеден белгілі. Осы аттар діні аман Бойковтың өз заемкасында жүргенін бірде Оспан өз көзімен көріпті. Демек, Жәукеге жала жабу үшін Бойковтың үш мая пішенін өртеген де Аралбайдың езі. Бірақ сырттан қанша күңкілдегенмен, көзге шұқып турасын айта қоятын кім бар? Қасболат белсеніп шығайын десе, оның өзін құртып жібермесіне кім кепіл?..

Жәуке өлгеннен бері Аралбай белең алып, мүлде құтырып кеткен. Қанипаны қалайда Әлидің қармағына іліндірем деп, еркін қимылға басқан. Қаралы Күлжекейге көңіл айтып, жұбатқалы қазақшылық жолымен үйіне кіріп шыққаны да Қасболатқа белгілі.

Қасболат терең күрсініп, оң жағына аунап жатты: «Айналдырған ауру алмай қоймайды. Аңдыған жау аяқтан шалды. Ағатайымды мерт қылды. Ақырында, сорлы қызды Әли жындыға қосақтап бермек». Енді осы жуық арадағы Аралбай екеуінің арасында болған бір шырғалаң оқиғаны есіне алды.

...Қасболат шам жаға Жәуке үйіне кіріп келсе, төрдің алдында Аралбай қақшиып отыр екен. Қасболат кіре беріп, төргі бөлменің босағасына тоқтай қалды. Аралбайға ежірейе қарап тұрды. Іші қыж-қыж қайнап, буындары дірілдейді. Оны көргенде Аралбай сасқалақтап тіл қатты:

— Е, аманбысың, Қасболат? Жоғары шық, отыр...

— Менің амандығымның саған не керегі бар? — Қасболат ернін жымырып, қайнаған ашуын ішіне жинап алды. Оң жақтағы төсек алдында шөкеттей боп тізесін құшақтап отырған Күлжекей, басындағы құба төбел кимешегінің сыртынан маңдайын айналдыра таңған қара орамалын сыпырып тастап, күңірене бастады:

— Жалғыз ағасынан айырылып, қанатынан қайырылған мұңдық сорлыдан не амандық сұрайсың?

Аралбай оң жамбасына жантайып жата беріп еді, Қасболат қырыңдап барып, төсек ағаштың аяқ жақ шетіне отыра кетті де, оны оқты көзімен атып:

— Осы үйге не бетіңмен келдің? Тағы да не пәлемен келдің? — дегенде анау тіктеліп отырып, күмілжи берді.

— Күлжекей құрдасымды жұбатқалы келдім, оның не айып — шамы бар екен? — деді.

— Ағатайымның көзін жойғызып, мұратыңа жеттің ғой, — деді Қасболат едірейіп, — енді келіп өп-өтірік жұбатқан боласың...

Аралбай сілкіне басын шайқап, өңешін соза:

— Астапыралда, күнәкар болма, Қасболат! Осыған қалай аузың барады? — дей бергенде, екі ортадан Күлжекей киіп әкетті.

— Сені қиратам деп жүрген ешкім жоқ, оған бола саспай-ақ қой, бізді зарлатсаң, сені құдай зарлатсын, аруақ атсын...

— Осы үйге неге келдің? Соны айтшы! — деді Қасболат зілденіп.

— Айттым ғой, — деді Аралбай алақтап.

— Оның әдейі келген шаруасын мен айтайын, — деді Күлжекей, — қызыңды Әлиге бер дейді... О, сары майдан дәметкен кеудең құрысын-ау сенің, — дей берді де жүзіне ызғар жинап, бөгеліп қалды. — Айтуға аузым бармайды.

Бір сұмдықтың болғанын жеңгесінің сөз саптауынан сезген Қасболат тіксіне:

— Айта берсейші, жеңеше, — деді.

Күлжекей Аралбайға жаман көзімен қарап, қалың қара қасын жиырып, зіркілдей бастады:

— Сен екі дүниеде де оңбайсың, Аралбай! Құдай төбеңнен ұрғыр-ау, қалай ғана аузың барады соған?.. Қосағымның күйігі аз болғандай, бүгін келіп, аузы-мұның қисаймай, маған ти дедің-ау, сен көк төбет.

— Бәсе, ондай иттік шығады бұдан. — Қасболат екі жұдырығын түйін алып, Аралбайға тұра ұмтылғанда, Күлжекей шыжалақтап араға түсе кетті. Қасболаттың кеудесіне екі қолын төсеп тұра қалып бөгеп тастады. Аралбай бір тықырдың таянғанын сезіп, алақтай түрегелген. Аманымда осы үйден кетейін деп есікке қарай қорбаңдап жылжи бергенде, Қасболат ұшқан бойымен барып бөлменің есігін арқасымен басып тұра қалды. — Атака нәлет, қу сұмырай!

— Әй, Қасболат, байқап сөйле!.. — Күлжекейге оқшырая қарады. — Әй, Күлжекей, ушықтырма жанжалды... Жалаңды жаппа маған...

— Мен саған жала жаптым ба?

— Әй, Қасболат, сөзге қонақ бер! — деп міңгірледі Аралбай. — Аңдысқан ауыл болмайды, егескен ел болмайды. Ұзыннан өшіміз, қысқадан кегіміз жоқ. Жәукенің өлімі бәріміздің де қабырғамызға батты.

— Осы сен мазағыңды қашан қоясың? — Қасболат шақырайып тұр. Көзі шарасынан шығып, беті біресе қызарып, біресе қуарып, енді болмаса Аралбайды түтіп жегісі кеп тұр. Ақылға не бола алмай, қалшылдайды. Қан-жосасын шығаруға шақ қалған. Аралбай енді бірдеңе десе тура жемге түскен бүркіттей бүре түспек. Демін ішіне тартып, бой тоқтатып алды да: — Ағамның қанын жоқтаусыз қалдырмаспын, кегін қайтарармын, — деді.

Аралбай қолын ербеңдетіп, қипақтай қарап тұрды да, қабаған иттей арс етті:

— Мықты болсаң ағаңның кегін Бойковтан ал, менде не жұмысың бар?

Қасболат жұмарланып келіп Аралбайға тап бергенде Күлжекей араға түсе кетті. Қасболатты құшақтай алып, ілгері бастырмай қойды.

— Қой деймін, Кенжем, сен мұны бәрібір жеңе алмайсың, кете берсін, — деп еді, Қасболат жұлқынып барып Аралбайдың кеудесінен қос қолдап итеріп жібергенде, ол ыңқ етіп, шегініп кетті, үйдің қабырғасына арқасын сүйеп тұра қалды. Екі иығы бүлкілдеп, делбе болған жылқыдай теңселіп түр. Қасболат қолының тегеуріні батқан кеудесінің қатты ауырғанын, төс сүйегі шымырлап шаншып тұрғанын енді сезді. Құлақ шекесі зіркілдеп барады. Көзінің түбі суырып, алқымына тас тығылғандай булыға қиқылдайды. Сояда оның құлағына Қасболаттың:

— Кет осы үйден жаныңның барында! — деген зілді сөзі жетіп еді.

Аралбай аяғын әлтек-тәлтек басып үйден шығып кетті. Күлжекей ақылының арқасында Қасболаттың соққысынан аман құтылды. Әйтпегенде бір балаған болатын еді.

Осы оқиғадан кейін Аралбай Қасболаттың соңына шырақ алып түскен. Жәукенің орнына дұға оқығалы барған жерімде балағаттады, қол жұмсады деп елге лақап таратқан.

Қасболат ойы енді Қанипа тағдырына ойысты. Аралбайдың қоқан-лоқысына Күлжекей қалай көне қалды? Жігіт басымен Қасболаттың өзі жау алдында неге тізе бүкті? Осы бір өткен істің өкінішін ойлағанда Қасболат тал шыбықтай майыса беріп еді. Болар іс болды. Өкінгенмен не пайда? «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса, құдіреттің еркі бар тастан бұлақ шығарса».

...Жел тымық. Күз бен қыстың бір-біріне беріспей, ит жығыс түскен неғайбыл шағы. Шыңылтыр жалтаң аспанда самсаған қалың жұлдыздар гауһар тастай жалтылдайды. Меңіреу ымыртта ауылдар жым-жырт. Өзеннің екі жағын қуалай, араларын алшақ сала, екі-үш жерге жайғасқан үйлердің сықсима терезелерінен оттар жылтырайды.

— «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды». Қанша айтқанмен қыз ұзатады деген атағы бар. Күні ертең Сатыбайдың босағасын аттағанда Қанипаның бетіне шіркеу болмасын деп, Күлжекей қоярда-қоймай қыз ойынын Қасболат үйіне көшірген.

Аяқ жетер жердегі ауылдардың қыз-бозбаласы тегіс жиналыпты. Арқалы пешпен бөлген шым үйдің екі терезелі төргі бөлмесі адамға лық толы. Үй ішінен орын тимеген бірқыдыру жас өспірімдер терезе, есік алдында топырлап жүр. Кейбір өжеттері ауыз бөлмеге кіріп алып, ортадағы есікті шалқасынан ашып тастап, төргі үйдегі ойыншыларға иін тіресе қарайды. Аядай ауыз бөлмеде сығылысып отырған кексе әйелдер, бірен-саран сауықшыл кемпір-шалдар жастардың енді-енді қыза бастаған қыз ойнағына еліге құлақ түріп, төргі үйге елеңдей қарасады. Құлақтарынан кіріп, бойларын алған әсем әнге делебелері қозып, ара-арасында: «Ой, пәлі-ай, жасаңдар!» — десіп, қошеметтеп қояды.

Қыз-бозбала араласып, сыбырласып, сыңқылдасып, кезек-кезегімен әрқайсысы өз әлінше айтып жатыр. Ойын біршама қып бергенде ән кезегі Қанипаға жетін еді. Ол үнсіз басын шайқап, «не бетіммен ән шырқаймын, неменеге жетісемін» дегендей, түйлігіп отырып қалып еді. Даяшы жігіт Өсербай ерікке қоймай, сампылдай берген соң шарасыздан Күләш досын қасына шақырып алып, екеуі қосылып бастап жіберді. Ең әуелі, Ақан серінің «Балқадишасын», Біржан салдың «Асыл-Ақығын» аса бір серпінді дауыспен шырқап, тыңдаушы жұрттың құлақ құрышын қандырып, тынып қалып еді. «Тағы айтыңдар!», «Шырқаңдар!» — десіп, жұрт жан-жақтан кеу-кеулеп қоймаған соң екі қыз әнді еселеп жіберді. Әнші қыздардың желді күнгі сыбызғыдай сыңсыған зарлы сазы түнек түнде қиян-қияға шығандап кетіп жатты. Жаңа ғана дуылдасып, айналадағы тіршілік атаулыдан баз кешіп, сауық-сайранмен желігіп отырған жастар су сепкендей басыла қалыпты. Әнші қыздар ендігі бір сәтте көпшіліктің қалауымен «Елім-ай» әнін күңірентіп кетті. Қыздар осы әнді аяқтап, тына бергенде коп ішінен бір жігіт «Көлмекөлді» айтыңдар!» — деп қолқалады. Сол екі арада терезе алдындағы екі қыздың арасында отырған Әли қоқиланып шыға келді.

— Әй, өздерің қызық екенсіңдер, маған неге өлең айтқызбайсыңдар?

Жұрт ду күлді. Даяшы жігіт Әлиге төніп барып, отырғызып қойды.

— Ұят болады, Әли! — деді ол, — сен күйеусің... Саған мұнда ән айтуға болмайды.

Әли елеуреп кетті:

— Әкел домбыраны, айтамын...

Жұрт жан-жақтан күстаналай берген соң, Әли амалсыз басылды. Даяшы жігіт Қанипа мен Күләшқа барып, жұрт қалаған «Көлмекөл» әнін айтып беруін сұрады. Қыздар іркілген жоқ. Баяғы заманда елімізді қаусатып кеткен Ақтабан шұбырындыдан сыр шертетін қайғылы әнді еңірете бастады.

Ауылым көшсе қонар-ай, Көлмекөлге,

Көлмекөл алыс дейді-ау көрмегенге,

Жетерміз өліп-талып Қаратауға,

Жаз шығып, күн күркірер өлмегенге...

Қыздар егілте шырқай берді. Зар заманда, бейуақта өмір сүрген сан мың қазақтың қылдан нәзік сезімін тербетіп, теңіздей терең ой-санасын толқытқан, мұңға толы қам көңілінің күмбірлеген күйін бар қырымен, әмбе сыр-сипатымен бейнелеген сырлы да әсерлі ән бұдан бұрын да талай кейінгі жас қауымның сай сүйегін сырқыратып, жүрегін елжіреткен. Адам өлімі шыбын өлімімен бірдей болған сол бір кенеусіз, тұрлаусыз кер заманға нәлет айтып түнере қалды, бәрі. Табаны тасқа тілініп, өзек-қолқадан қан кетіп, денеден әл кетіп, көздің нұры таусылып, өлім халіне таянғанда, кеудесін сүйретіп киелі Қаратауға, айдын шалқар Көлмекөлге жеткен, көбі артта, ұзақ жолда көмусіз қалған бейбақ ата-баба, ғазиз аналардың киелі аруағына табынып, іштен дұға оқып, тұнжырап төмен қарап қалған.

Бір шетте оқшау отырған Қасболат дыбысын шығара қатты күрсінді. «Қайран дүние-ай! Небір желқабыз, жез таңдай әншілер қазақ атамның қос ішекті, тоғыз пернелі домбырасын құйқылжыта шертіп, «Елім-ай» мен «Көлмекөлді» зар еңіреткенде егіліп, көзінің жасын кім төкпеген». Осы ойдан арыла алмай, әуре-сарсаң боп отырғанда даяшы жігіт сампылдап жетіп келіп:

— Ал, сөйле, Қасболат аға! Ендігі ән кезегі сенікі, — деді.

Қасболат даяшы ұсынған қара домбыраны селқос қабылдап, көңілсіз пішінмен көлденең ұстап отырды.

— Өй, сен бүгін неге көңілсіз отырсың? Жігіт деген той үстінде есте ме екен?

— Қой әрі, аш қабағыңды, көтер еңсеңді.

— Ойын-той сенікі емес пе, көрсет өнеріңді.

Осы тәрізді назы мен қалжыңы аралас қалыпта сөздер жан-жақтан Қасболатты қаумалап әкетті. Ол бидай өңді ақ құба жүзі құбылып, мөлдір қара көзі жасаурап, тым жүдеп отыр еді. Тас қамаудағы ақ тұйғындай мұңды қарақат көзі жаудырап, ақ торғындай үлбіреген дөңгелек аппақ жүзін бұлт шалып, ересен жабығып отырған қарындасы Қанипаға көзінің астымен қарай берген. Сорлы қыздың келешек тағдырын ойлап, іші жарылып кете жаздап, әрең шыдап отыр еді. Шынымен-ақ бишараның жайнаған жас дауыл соққан гүлдей семгені ме? Әлде бақ-талайын сынайтын қиын-қыстау өткелден аман өтіп, мұратына жете ме? Бір жағынан анау қанаты сынған ата қаздай қоқиып, қарадай лепіріп, жынданып отырған нақұрыс Әлиге қаны қайнап, пұшайман. Көпшіліктің өтінішін орындайын десе де, көңілінде самсап тұрған көрікті әндер жеме-жемге келгенде көмекейінен бері шықпай қойды. Домбыраға қолы жүрмей, кібіртіктей берді. Жастар жік-жапар боп тағы да жалынды. Сонда барып домбыраны самарқау шертіп, тамағын кенеп алып, қоңыр дауыспен ән бастап жіберді:

Қыс болса кәдірі өтер кеткен жаздың,

Әр ісі машқа келер өнерпаздың,

Шөлге ұшып, томар қонған күні құрсын,

Бұрынғы көл жайлаған қоңыр қаздың...

Әнді бір шумақпен қайыртып тоқтағанда, жұрт араның ұясындай ду ете қалды. «Тағы да бір ән айт!» — десіп, гулеп кетті. Қасболат бұл жолы бәлсінген жоқ.

— Қоймадыңдар ғой, сендерден айтып құтылмасам болмас, деді де, домбыраны күмбірлете шертіп даусын сәл жоғары алып «Жай қоңыр» әнін бастап жіберді.

Қайран көз өтеріңде жаудырарсың.

Аларда ақыл-естен тандырарсың.

Қаламға аттай желген он саусағым,

Астында қара жердің саудырарсың...

Елдің бәрі көңілсіз, күйрек өлеңнің әсерімен құйын соққан келіншектей үрпие қалып еді. Жер астында саудырап шіріп жатқан өліктің денесін көзге елестеткен сары уайым сарыны жандарын жабырқатып, өзектеріне от түсіргендей, әр жерден күрсініс білінді.

Қасболаттың оң тізесін басып, жанаса отырған келіншегі Жібек елдің сұлық түсіп, мұңая қалғанын көріп, ерке назбен ызыла тіл қатты:

— Бәтір-ау, жөні түзу басқа ән таппағандай, қайдағы бір жылауық бірдеңені сарнағаның не? — деді.

Қасболат оған көзінің қырымен қарап, кеудесін солқ еткізе күрсінді де, көңілсіз күйінде баяу ғана:

— Өлімнен кім қашып құтылар дейсің... Тірлікте соны еске сақтап, тәубаға келген де жақсы, — деді де домбыраны даяшы жігіттің қолына ұстатты.

— Жұрттың бәріне ән айтқызып болдың ғой, енді өзің бірдеңе демейсің бе? — деген Жібектің сөзінен тосылып, Өсербай даяшы екі-үш ауыз өлең айтып құтылды.

Әннен кейін әр алуан кәделі ойындар ойналып, ең ақыр аяғы «Жүзік тықпақ», «Орамал тастамақ», «Балтам тап» ойындарына келгенде ойын-сауық бірте-бірте аяқси бастаған. Қасболат елден бұрын орнынан көтеріліп кетуге айналды. Жібек одан «қайда барасың?» — деп сұрап еді, «басым ауырып, күйім болмай тұр, ел аяғы басылғанша ағатайым үйіне барып мызғып алайын», — деп шығып кетті.

Ойын аяғы күбір-күбір әңгіме, жігіт пен қыздың екеу ара сыңқыл күлкісіне айналған. Осында жақсы мен жаманның парқын білмей, ойсыз елеуреп отырған жалғыз Әли ғана. Көңге өскен сасық саңырауқұлақтай сыртын қомпайтып бет алды күле береді. Дөрекі әзілмен тіл тигізіп, екі қолын сумаңдатып, екі жағында отырған қыз балдыздарының зықысын шығарып еді. Әли ойынға жиналған жастардың үйді-үйлеріне тарқауын асыға күтіп, айналаға алақ-жұлақ қараумен болды. Осы қызды-қызды ойынмен отырғанда таң атып қалса, қалыңдығы бүгін қолына тимейді... Әлидің жаман ойы осыған сая берген. Шапшаң қозғалып, қасындағы қыздарды мытып қойып, далия сөйлеп отыр еді. Жібек анадайдан Әлиді көзімен атып тұр. Қасындағы Мәкен абысынының құлағын алақанымен қалқалап, естірте сөйлеп жатыр:

— Алла тағала махпузда әр адамға ақылды жеке-жеке бөліп бергенде, Әлиге келгенде сараңдығы ұстап кеткен ғой деймін. Жексұрынның бетінде иненің жасуындай ұят болсайшы.

— Бұл жындыға ұятты кім берсін, — деп Мәкен сыңқ етті. — Анаң қара, қыздарды әурелеп отырғанын...

Жібек пен Мәкен қынжылып отырып, Қанипа жайын ұзақ әңгімеледі. Жібек оймақ ауыз, күлім көз, қалам қас, алма мойып қара торының дәл өзі. Ділмәр, пысық келіншек. Қарақойындағы байдалы елінің қызы. Әкесі Жәментік өмірі шыр бітпеген тақыр кедей еді деседі. Жібектің әке-шешесі жасында өліп, он алты-он жетіге келгенше кім көрінгеннің есігінде күң есепті жүріпті.

Қасболат байдалы еліндегі Олжабай нағашысының қолында он жыл тұрып, бертін келгенде, ер жетіп, ес білгенде Жібекпен көңіл қосқан-ды. Жездідегі Қареке бай Жібекті тоқалдыққа әкеткелі жатқан жерінен Қасболат бір түнде үп дегізіп алып қашып, туған еліне тайып тұрған. Содан бері арада бес жыл өткен. Бірақ Жібектің артынан жан адам іздеп келген жоқ. Жібекті алып қашқанда Қасболаттың сол елден мініп кеткен білдей екі аты да бойына сіңіп кетті. Жібек бір ауық мұңға батып, өзінің өткен өмірін Мәкен алдында еске алып еді.

Елдің алды тарап, қалғандары кетер қызды аяп, әр әңгімемен айналақтап отыр еді. Тағы бір жеңіл ұйқы қалғанда мылтық асынған төрт адам сау етіп үйге кіріп келді. Жұрт оларды көргенде үрпиісе түрегелді. Алдында белгілі Михаил Захаров, одан кейін Оспан, оған ілесе екі орыс жігіті. Түстері суық, қабақтары қатыңқы.

Оспан апыр-топыр араласып кеткен жастардың арасынан кимелеп өтіп, бір жақ шетте абыржып тұрған Қанипаға жақындап барды да, оған жедеғабыл тіл қатты:

— Кәне, жүр!..

Қанипа ләм-мим деместен, ауыз үйге шықты да, күні бұрын әзірлеп қойған киімін тез-тез киіп, есікке қарай жылжып кете бергенде бір жігіт шыжалақтап алдына тұра қалды. Михаил ол жігітті мылтығымен жасқап қалып, зекіріп тастады:

— Босат жолды, былай тұр, араласпа! — деді.

Оспанның басқа серіктері осы кезде үйме-жүйме болып, есікке қарай ойыса берген қыз-бозбалалар мен қатын-қалашты айнала жайқап, кейін ығыстырып жіберіп, Қанипа мен Оспанға жол ашты.

Әли сонда еліре айқайлап барып, Қанипаға жармасып еді, Оспан оны мылтығының дүмімен арқаға бір түйіп қалып, қан қақсатты. Әли ойбайлап отыра кетті.

Көп ішінен суытылып шығып, бұларға белсене қарсылық көрсеткен біреуі жоқ. Сен тимесең, мен тимеймін деп, бәрі де бас сауғалап қала берді. Оспан бастаған қарулы топ Қанипаны үйден алып шығып кеткенде, мұндағылар оқиғаның байыбына жетіп, өзара дабырласа бастаған. Әли есі кетіп, құр бет алды барқылдап боқтап жатыр: «Ойбай-ай, мынау Оспан әкеңнің аузын...» Сонда «ойпыр-ай, мынау Оспан көзімізді бақырайтып, тотитып кетті-ау!» — деп күйеу жолдасы Кәрібай жау кеткен соң қылышын жалаңдатумен болып еді.

Мұндағы жұрт апыр-топыры шығып, аяқ астынан жыны ұстап қиқылдап жатқан Әлимен әуреленгенде, Оспандар қаладан сайлап әкелген бос салт атқа Қанипаны мінгізіп алып, Амантайға жөнеп кеткен.

ЖАҢА БЕТАЛЫС

Есіл өзені Амантай қаласының оңтүстік іргесінен өте бергенде, оның сол жақ бүйірінен Балдырған өзені ирелеңдеп келіп, қосыла кетеді. Атағы өзен демесең жазғытұрымға қар суынан пайда болған жылға-жыра секілді. Көлденеңі бір-ақ аттам. Екі жағы туырылып, тұнып тұрған шабындық. Шөбін шауып алған өзекті өңірдің сүмбіле жаңбырымен қайта өрбіген балауса бетегесі бейне шымқай жасыл кілемдей.

Балдырған өзенінің оң жақ жағасында қарғаның ұясындай итиіп үш қара лашық тұр. Екі үйдің ортасындағы қарасыны әнтек қомақтылау, еңсесі биіктеу төрт қанат қарашасы Оспан үйі. Амантай қаласымен бақташы-табыншылар аулының екі арасы төрт шақырым жер. Олар қалаға көбінесе жаяу қатынайды. Ежелгі әдеттері бойынша күзге салым сиырды екі өзеннің айырығындағы шөбі шүйгін, кең байтақ түбекке жаяды да, сауын сиырларды күнде кешкісін қалаға айдап апарып, иелеріне табыс етеді. Бойдақ сиырлар мен бұзау-таналарды сауын сиырдан бөліп алып, үйлерінің қасына иіріп тастайды да, күн сайын кезектесіп күзетеді. Бақташылар күндізгі малды үшеу ара кезекпен бағады. Кезегі жеткені елең - алаңнан тұрып, салт атпен қалаға барады да, сауын сиырларды өріске айдап әкеледі. Мұнда қалған екі бақташы да төсегінде қаннен-қаперсіз көсіліп жатпайды: үй қасындағы бойдақ қара мал мен бұзау-таналарды түгендеп, табынға қосу солардың міндеті. Оның бер жағында, сиырдың жапасын күндегісін күнде қидай сыпырып алып, қақтау және бар.

Үшеуінің біреуі ауырып-сырқап қалса, не болмаса, күнделікті күйбең тіршіліктің әуресімен басқа бір жерге барып қайтатын болса, қыңқ етпей, бірінің орнына бірі кете береді. Күшім ауысты, ақым кетті деп есептесіп жатқан бұлар жоқ.

Оспан үйінің оң жағындағы домалақ қара лашық — Сәтмағамбет бақташыныкі. Сол жағындағы қырық жамаулы құрым лашықтың иесі — Далабай шал. Бұл екеуі Оспан үйінің талай жылдан бергі сенімді серіктері, айнымас адал көршілері. Ширек ғасырдан бері іргелері бөлінбеген, аяқ-табақтары араласып, бір үзім нанға шейін бөле жескен, бір-біріне туыстан да артық боп кеткен татаусыз достар. Далабай — бойы тоқпақтай, шымыр денелі, қара сұр кісі. Қазақтар оның ересен күшіне риза болып, «тапал палуан» атап кеткен. Ел екіұдай күреске түскенде басынан күш алғызған күні жоқ. Далабай осы кезде елуден асып кеткен.

Сәтмағамбеттің де шекесі шылқылдап тұрған жоқ. Осы үш үйлі табыншылардың ең бас көтерер азаматы демесең, көрген күнін итке берсін. Арғы түбі Алтай ішіндегі еспембет руынан. Әке-шешеден жастай жетім қалған. Бір мінәйі себеппен он жеті жасында Атбасар қаласына барып, сондағы Паутов дейтін бай казак орыста атшы, сушы болған. Бертін келгенде, одан құтылып шығып, Амантай қаласына бақташылыққа жалданған.

Сәтмағамбет — мал мен басқа жарымаған бейбақ жан. Өзі осы кезде қырықтан асып кеткен. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, жалпақ бет, шот маңдай, тас қара. Қара күшке келгенде мүйізі қарағайдай атан өгізді бұрап жығатын, тепсе темір үзетін лайсаң қарулы жігіт.

Далабай мен Сәтмағамбет — Жаманбай марқұм сияқты өмір бойы кедейліктің тақсіретін тартқан, жоқ-жітік тұрмыстың азабын шеккен бейнетқор жандар. Далабай он бес жасынан Қопабай шонжарда жалшылықта жүріп, отыздан асқанда Бағила дейтін жалғыз басты жесір әйелге үйленіп, өз алдына түтін түтеткен. Байдың есігінен құтылып шығып, Амантай қаласына көшіп келіп, бақташылар шаңырағының санын көбейткен.

Үш үйлі бақташылардың ең жасы, өткір мінезді, өршіл қайратты пысығы — Оспан. Үш үйдің ортасындағы еркесі де, көңіл көтерер көркі де сол. Қаладағы мал иелерімен есеп айырысып, тиісті ақыларын бір тиынын қалдырмай тасқаяқтай қағыстырып, жинап алатын да сол. Оспанның шешесі Күнбала салиқалы мінезімен, көршілеріне деген тақайырсыз қамқорлығымен ауыл иесі бәйбіше іспетті. Қысылтаяң іс туып қалғанда, бастарына көлденең бір қиыншылық түскенде ақыл сұрап, бәрі соның аузына қарайды. Қашан да болса «Ақ бәйбіше» не айтса да, үш үйлі жан шетінен тәнті болып, аяқтарынан тік тұрады.

Осы қалыппен өлмеші өмір сүріп келе жатқан бақташылар аулы ойда жоқта бір тосын жаңалыққа тап болды. Жүрек жұтқан Оспан Амантай қаласының Михаил Захаров бастаған бір топ қарулы жігіттерін ертіп апарып, ұзатылғалы жатқан жерінен Қанипаны алып келген. Оспан Қанипаны әкеле жатқан бетінде ауылға азырақ аялдап, Амантайға асып кеткен.

Күнбала жаңа ғана Оспандарды құтты жолына шығарып салып, малды байқастап тыста тұрған. Бұл кезде таң саз беріп, жер жүзіне ақ сәуле тарай бастаған. Жер бетіндегі қалың шық күмістей жалтылдайды.

Үш үйдің айналасындағы теңкиіп-теңкиіп жатқан сиырдан аяқ алып жүргісіз. Әр үйдің алдына, бес-алты жерге күркелеп үйген сиыр жапасы жылқышының кішігірім қосына ұқсайды. Әр жерде үйір, үйірімен иіріліп жатқан бойдақ сиырлар мен бұзау-тана бырт-бырт күйіс қайырады. Ит-құстан, бөрі-қарыдан қоруға машықтанған әккі маң төбеттер қыбыр еткен сыбдырды сезіп, анда-санда бір дүңк ете қалады да, алып-жұлып бара жатқан қауіп-қатер жоғына көздері жеткендей, тұмсықтарын жерге төсеп, керіле ыңырсып барып, жым бола қалады.

Мұның бәрі Күнбаланың қанына араласып, сүйегіне сіңген, әсте бір қалыптан өзгермейтін етене көрініс. Мына рауандап атып келе жатқан таң да, анау сынаптай сусып аққан өзен де оның жүрегін селт еткізбейді. Ана көңілі әлгі әзірде Амантайға асып кеткен Оспандарда. Күнбала таңмен таласып, Оспан мен Қанипаның амандығын тілеп тұр. Ол екі қолын жайып, жасағанға мінажат айта бастады: «О, жаратқан ием! Екі жастың тілеуін бер, мұраттарына жеткіз!».

Оспан Қанипаны алып келіп, Михаил досының үйіне паналап жатқанынан бері арада бес күн өткен. Бір жақсы жері, Қанипаның артынан қуғыншы да келген жоқ, елде не болып жатқанынан да хабарсыз. Жаңа қосылған екі жас іштері пысқан соң бір мезгіл бой сергітіп қайтайық деп, өзен жағасына сейілге шыққан. Екеуі Есілдің жайпақ жағасында түн жамылып отырғанда Оспан бір сөздің орайынан кешегі той мәжілісін еске алды. Қанипаны Оспан қалаға алып келген соң Сәтмағамбет пен Далабай өлгенше қуанысып, үй іштерімен жандары қалмай, Михаил үйіне келген. Екеуі бір-бір қойын сойып, іргелес Құлтай елінен бір саба қымыз алдырып, қадарихал той ырымын жасаған. Той мәжесіне өздерінің және Оспанның қаладағы көңілдес орыс, украин жігіттерін әйелдерімен шақырған. Оның үстіне бірнеше қыз-бозбалалар да келген. Тойға арнап шақырылған ерлі-зайыпты жастар, жігіттер мен қыздар, орыс-украин халықтарының ежелгі салты бойынша біреулері тәтті қалашын, енді біреулері қаз, үйрек, тауық етін, қолдан ашытқан бал шарап әкелген. Оспанның Михаил қатарлас жақын достары жас келіннің басына орайтын әлеміш өрнекті орамалға бір-бір уыс күміс ақша түйіп берген. Той дастарқанының үстінде Михаил екі жасқа дос көңілімен енші мал атаған-ды. «Біздің үйдің қызыл торпағы, бақташылар қаладағы қысқы үйлеріне көшіп келісімен қолыңа табыс етіледі», — деген Михаил. Жиналған жұрт сонда екі досты қошеметтеп бір-бір дуылдасып, тостаған толы бал шарапты бастарына бір-ақ көтерген.

— Сол тойда Михаил не деп еді? — Оспан жан жарының зейін-зерде қабілетін сынағысы келгендей, оған кенет сұрақ қойды.

Сол күнгі жүрек толқытқан қызық — рақаты, сары уайымы мен қуаныш-шаттығы мидай араласып кеткен сан-сапалақ жайттер арасынан әрі іздеп, бері іздеп, сол бір сауықшыл, әнші, ақ жарқын жігіттің той үстінде нендей аталы сөз айтқанын Қанипа есіне түсіре алмай-ақ қойды.

— Есімде жоқ, не деп еді? — Назды пішінмен Оспанның өзінен сұрады.

— Ондай жақсы сөзді әсте ұмытуға болмайды, жаным, — деп, келіншегін зілсіз кінәлап, мырс етті де, Оспан қойдың жабағысындай туырылған қазотыны қолымен көсіп алып, өзенге лақтырып жіберді. — Менің Михаил досым ер жігіт қой. «Қорықпаңдар, қаймықпаңдар, достарым, мен тұрғанда менің достарым тұрғанда сендерге ешбір жау тие алмайды. Даланың бүкіл қасқырлары жиналып келіп, сендерді қоршап алса, бірін қалдырмай қырып берейін» дегені қайда? Михаил мұны бізге сырттан тісін қайрап жүрген елдегі дұшпандарға орайлас айтқан жоқ па?

Қабағы салыңқы, түсі салқын отырған Қанипа өкінішті үнмен:

— Михаил досың жанашырлық білдірген екен, сенімді серігіңнің айнымас берік серті ғой бұл, оның не айтқанын ойын-той үстінде байқамай қалыппын, — деді.

Екеуі қызуы басылмаған ерлі-зайыпты жастар арасындағы балдай тәтті сүйіспеншілік сезімге бөленіп, айқаса құшақтасып, бірін-бірі оттай ыстық еріндерімен аймалап, үнсіз ұзақ отырысты. Әрнеге алабұртып, алаң болған албырт жүректер бір мезгіл байыз тауып, алаңсыз жастық шақтың, мөлдір махаббаттың тасқынды әсеріне беріліп кетіп еді.

Оспан жар сүюдің, жарына сүйікті болудың бал-шәрбәтін, қызық-рақатын жан-тәнімен сезініп, тілмен айтып жеткізе алмайтын бір ғажайып дүниенің иен ортасына еніп кеткен. Қанипа емешесі құрып, сүйікті жарына бір түрлі сүйкімді шыраймен қарақат көзін қадап отыр. Оған деген кіршіксіз махаббатын өзінің осы айлы түндегі бар болмысымен, жанымен тілсіз ұқтырғандай. Екі жасты бесіктегі нәрестедей тербеткен осынау түн құшағындағы ұзақ үнсіздік тұсында неше түрлі тәтті ойлар Қанипа басына бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Ол жалаң аяқ, жалаң бас дала кезіп, көбелек қуып, гүл терген балалық шақтарын, Оспанның сол кездегі не түрлі жағымды қылықтарын бір ауық еске алды. Ойлап отырса, сондағы аңғал мінезді бала Оспан мен бүгінгі ақылы, қайраты кемеліне келген, дос пен қастың парқын айыра білетін, тиіскен жауына қаймықпай қарсы тұруға жарап қалған жігіт Оспанның екі арасында талай жылдардың бел-белестері жатыр екен. Қанипаның өзі де онда тұлымшағы салбыраған ерке қыз емес пе еді? Енді міне, екеуі де ер жетті, адам болды, көңіл қосты, аңсаған армандарының асқар шыңына шықты. Осыны ойлағанда Қанипаның бойы балқып, қаны қызып, тасқынды қуанышқа шомып кеткен.

Қанипа Оспанның жүзінен көз алмай, ойға батты: мен сенің басыңа дән ризамын, жаным. Сенің кейінгі кезде шұғыл өзгеріп, жаңа сипат, соны жөн-жосық тапқан, болаттай шыныққан қалпында, атың бақташы демесең, анау-мынау оқыған азаматқа бергісіз ұшқыр сана-сезіміңе, әдемі тұрпатыңа көңілім тояды. Таудай талабыңа сүйінемін. Қаланың малын бағып, отын жағып, суын тасып жүріп, соншама қиындыққа мойымай, кейінгі үш жыл бойына ала қыстай орысша сабақ оқыдың.

Оспанның кейінгі үш жылда бүкіл болмысымен өзгеріп, қаладағы өзі теңдес сауатты жастар деңгейіне жетіп қалған себептерін Қанипа осы арада тағы да зейін-зерде айнасынан өткізді. Тұнық ой мөлдіреп сыртқа шықты.

— Өзің біраз орысша оқыдың ғой, амандық болса мені де оқыт, — деді.

— Оқытамын, әкел қолыңды! — Оспан Қанипаның алақанына қолын шарт еткізді.

Оспан енді Амантайдағы бастауыш мектептің мейірімді қарт мұғалімі Арсентий Гаврилович Кирсановты аса бір ыстық сүйіспеншілік сезіммен еске алды.

— Орысша жазу-сызуды Арсентий Гавриловичтің арқасында үйрендім ғой, — деп сүйсіне сөйлеп кетті. — Неткен ғажап адам еді. Үш жыл бойына, ала қыстай түнгі шақтарда ерінбей оқытты ғой. Бір тиын ақы алған жоқ. «Адам бол, оқы!» — дейді.

Ендігі әңгіме сарыны тұрмыс құру, үй болу жайына ауытқып өтіп еді. Оспан бүгін жиған-терген ақшасына дүкеннен бір темір кереует, екі құс жастық, екі мақталы көрпе сатып әкелген. Бір жастық, бір көрпені Михаилдың шешесі Мария Ивановна өз ақшасына сатып әперген. Күні ертең қысқы үйге көшіп келгенде, дау-жанжал суынып, бейбіт тұрмысқа көшер күн болса, осы бастан төсек-орын, керек-жарақ нәрселерді шама келгенше әзірге қоймаса болмайды. Сол жабдыққа кірісе бастағандары мұндай жақсы болар ма? Оспанның қаладағы достары да көмектесеміз депті. Бұған Қанипа әрі қуанды, әрі назаланды. «Елдің қыздарындай қолда бар азды-көпті жасау-жабдығыммен жөні түзу ұзатылсам бір сәрі еді, артымнан шешем іздеп келіп, үйдегі аз ғана нәрселерімді адам сияқты әкеп бере ме, ел қатарлы қызығымды көріп, қуанып қайта ма, әлде Аралбайлардың табанында ит қорлықпен құрып кете ме?» Осы бір аласапыран уайым Қанипаның өзегін өртей бастады. Бір жағынан қара жүрек сойқандар бізді осы қалпымызбен тиыш қояр дейсің бе, тағы да бір сұмдықты шығармаса, неғылсын, — деп өрепки берген.

— Әкелген нәрселерің оңды екен, әсіресе болыскей кереует маған қатты ұнайды, қайырлы болсын, өзіміз тоздырайық, — деп, көңіл хошын білдіріп, Оспанның мерейін өсіріп тастады.

— Нәрсені бірте-бірте құрастырып алармыз-ау, — деді Оспан күрсініп, — бәрінен бұрын бас амандығын айтсайшы. — Оның бұл сөзінен әлдеқандай уайым сарынын аңғарған Қанипа үнсіз қалды. Оспан әлгі бастаған әңгімесін соза берді.

— Бүгінгі естіген жаңалығымды айтайын, — деп, кілт тоқтады. Қанипаның әке өлімінен, қанқұйлы дұшпандардың лаңынан шайлығып қалған жаралы жүрегі суылдап, тұла бойына от жүгірді. Оспанға бетін бере, дірілді дауыспен:

— Қандай хабар естіп едің? Неге айтпайсың? — деді.

— Қырып бара жатқан ештеңе де жоқ, — деп Оспан әдейі жеңілге сайды. — Аралбайлар аласұрып жүрген көрінеді... — Осы сөздің астарында неше алуан сұмдықтар бар. Бірақ соны Оспан Қанипаның зәресін алмайын деп әдейі іркіп отыр. Адамның ішіндегі қат-қабат сырларын ернінің емеурінінен танитын сұңғыла келіншек мұны шоласыз біліп отыр. Қанипа үнсіз отырып қалды. Жайпақ жарқабаққа өрмелей біткен құба талдардың арасынан өзенге сығалап қарай берді. Есілдің ат қара көк айдынынан ақылына арқау, жанына тірек іздегендей еміне қалған. Ұсақ толқын басқан момақан өзен желсіз айлы түнде болмашы дірілдейді. Әлдеқандай балықтар жағаға жақын тұстан әлсін-әлсін шолп етіп шоршып кетеді де, өзен бетін шайқап, жым бола қалады.

Қанипа басына үймелеген беймаза ойларды бір сәтке серпіп тастап, өзеннен көзін ала беріп, Оспанның бастай беріп, тастай салған жайсыз хабарын ежіктеп сұрады.

— Айтсайшы, не боп қапты?

Оспан онсыз да қыл үстінде қылпылдап отырған уайымшыл келіншегінің жанына от түсірмейін деген салдарлы оймен бүгінгі естіген жайсыз хабарының негізгі аңғарынан әдейі ауытқып, жұқалап жеткізді.

— Әли жындының қолынан не келетін еді, тәйірі, үріп-үріп қояр, — деп, өзінің бақас жауын адам санатынан біржола шығарып тастағандай, қолын бір сілтеп қалып, жерге жиіркене түкіріп тастады. — Әлидің жарасы жеңіл ғой, бәрінен бұрын Аралбай сұмды айтсайшы! Бір бүлдірсе бүлдіретін сол. Сақтану керек.

Қанипа қабағына салбырап түскен бір шоқ маңдай шашын бас орамалының жиегіне қыстырып, секем ала:

— Қу қақбас, тағы да бүлдіргелі жатыр десеңші, қорқады деп естігеніңді маған түгел айтпай отырсаң ғой, — деді.

Оспан енді Қанипаның шындықты түгел естімей көңілі тынбайтынын білген соң, бастаған әңгімесінің түпкі пәле-сұмдықтарын шегеріп тастап, бір пара шынайы жайттардың үстін қалпын өтті.

— Әйтеуір дүрлігіп жатыр дейді ғой. Әсіресе Аралбайда маза жоқ дейді. Жеті атасынан жарымаған Жаманбайдың баласы жесірімізді баса-көктеп алып кетті, сүйегімізге таңба салды, ендігі ісім сонымен түссін деп қоқиятын көрінеді.

— Жесіріміз деуге қалай ауыздары барады екен? — дегенде Қанипаның үнінен ыза екпіні білінді. — Одан басқа не айтыпты?

— Не айтсын? — деді Оспан, — олар бізді аяп жатыр ғой деймісің? Қалаға келіп лаң салуға, сені тартып әкетуге батылдары бармайды... Михаилдардың өліспей беріспейтінін де біледі олар. Солардан қорқады.

...Елең-алаңда Қасболат жетіп келген. Астына мінген шал құйрық көк дөнен қара терге түсіпті. Өзінде өң жоқ, түс жоқ. Сүзектен тұрғандай құп-қу. Көзі бозарып, ұрты солып, ойсырап жүдеп кетіпті. Маңдайын айналдыра қасының шетін бастыра ақ шүберекпен таңып алыпты. Қара мақпалмен тыстаған қоңыр елтірі бөркін оң жақ шекесіне баса киіпті.

Есілдің жағасына жайғасқаннан кейін Оспан, ең әуелі, Қасболаттың жүдеу жүзіне бір түрлі аяушылық сезіммен қарап отырып:

— Басыңа не болған? — деп сұрады.

— Жай, әшейін... Басымның сақинасы ұстап...

— Осы қалада бір таныс дәрігерім бар еді, соған көрсетейін, дәрі алып іш, емдел, — деп, Оспан жанашырлық білдіріп еді, Қасболат оның мәслихатына мән бере қоймай, болмашы жымиып күлді де:

— Бастың сақинасы қайтер дейсің, бірде ауырып, бірде басылып, осылай кетеді — дағы... Ата-бабамыз дәрігер көрмей-ақ дүниеден өткен жоқпа, — деді. Мына түріне қарағанда ертең өлесің десе де дәрігердің есігін аттайтын емес. Жасынан қала тұрмысына бейімделіп, орыстармен етене араласып кеткен Оспанға Қасболаттың дәрігер жөніндегі кереғар пікірі тым ерсі көрінсе де, «мұның қалай?» деп тіс жарып үндеген жоқ.

Қасболат ел-жұрттың амандығын айтып, Оспанның жағдайын сұрап аз ғана отырғаннан кейін, бір жайсыз хабарды жеткізді. Аралбайлар ең алдымен Күлжекейге лаң салып жатыр екен. Оспанмен ымы-жымың бір, әдейі хабар айтып, ұзатылғалы жатқан қызыңды соған өзің шығарып бердің деп, онсыз да сорлап жүрген жесір қатынның шаңырағына қобыз ойнатыпты. Қасболат мұны күйзелтіп жеткізгенде Оспанның жынын жалын шалып, Аралбайларға деген ашу-кегі өршіп кетіп еді. Бір үйде шошайып жалғыз қалған қайғылы Күлжекей басындағы әлемет ауыртпалық өз үстінен зілбатпандай басып, күйретіп бара жатқандай.

Оспан тісін қайрап, кектене:

— Қанипа маған өз ықтиярымен еріп кеткен жоқ па? Нағашы апамның не жазығы бар? — деді.

Қасболат жұдырығымен ауаны жайқап, көкірегі қарс айырыла уһіледі де:

— Ел ішіне жік түсті, Оспан! Қым-ғуыт боп қырылысып жатырмыз... Осы шатақтың неге апарып соқтыратынын бір құдайдың өзі білсін, — деп күрсіне тоқтады да, аз үнсіздіктен кейін елдегі жаңалықты бажайлап айтып берді.

Оспандар Қанипаны алып кетісімен бүкіл ел дүрліккен. Аралбай бір топ қарулы жігіт алып, Оспандардың артынан қуып келмек болып еді. Мұндай жанжалдың талайын көрген жырынды қулар өзара кеңес құрып, бұл ойдан тез айныған. Топтанып қуып барғанмен Оспанның қаладағы қара таяқ орыс достары бәрібір теңдік бермейді, әрі-беріден кейін өзімізге пәле жауып, мұрнымыздан тізіп приставқа ұстап береді деп бой тартқан. Ендігі ойлары қалайда есебін тауып, алдымен Оспанның көзін құртып, қайткен күнде де Қанипаны қайтып алу.

— Сақ болыңдар, аңдыған жау аямайды, — деді Қасболат жақындап келе жатқан қауіп-қатер көзіне елестегендей елеңдеп. — Есіңде болсын, Аралбайлар сендерді бір тықырға таямай тынбайды. Тілімді алсаң, бір алыс жерге кетіп, дау-жанжал аяқсығанша бой тасалай тұрыңдар.

Оспан көңіліне түйткіл кірген. Жүрегі өрекпи беріп еді, сонда да қайынағасына сыр білдірмей, сабырлы қалпын сақтап, бекем пішінмен:

— Қорыққанмен жан қала ма, ешқайда да кетпейміз, — деп, өз шешімін айтты. Қаны қашып, сұрлана қалып, тас-түйін отырған қалпында Қасболаттан сөз тосты.

— Әй, білмеймін-ау, байқа, Оспан! — Қасболат қамығып айтты. — Жауың осал емес... Қашан айттың деме, осы бастан сақтанбасаңдар, екеуің де мерт боласыңдар...

Оспан тіксіне қолын сілтеп қалып, сергек пішінмен:

— Біздің де осал жау емес екенімізді олар біліп қойсын, — деді.

Қасболат Оспанның қалада қыруар серіктері барын білсе де, сырын айтқызғалы әдейі:

— Кімге сенесің, жеме-жемге келгенде сені қорғайтын кімің бар? — деп еді, Оспан бойына орасан күш біткендей буырқана сөйледі:

— Қалада мен дегенде жандарын қиятын достарым бар, елде бізді қорғап алуға жарайтын сендер барсыңдар, ендеше мен неден қорқамын?

Оспанның жаңағы мығым байлауына көңілі тоғайып, мерейі есіп қалған Қасболат оның жүзіне сүйсіне қарап отырып, ой j толғады. Екі жақтың айқаса кеткендегі арасалмағын таразыға тартып көріп еді, шынында да Оспанның жақтастары сан жағынан да, ақыл-айла жөнінен де Аралбайды екі бүктеп тастауға шамалары мол жетеді екен. Ел ішіндегі дау-жанжалға келгенде, Аралбайлар алдына жан салмайды. Ал, мына Оспан жөні одан бір басқа. Оны тіл мен жағына сүйенген қазақ байлары түгіл, қылышынан қан тамған қала алпауыттарына бой бермейтін, екіталай күн туғанда мылтық кезеніп шыға келетін орыс достары қолдайды. Қасболат осы бір жайтты ішіне берік түйіп алған. Артында асқар тау пайда болғандай, күшейе сөйлеп кетті.

— Мұндағы достарың сені қолдап шықса, елдегі біз де аянып қалмаспыз, қасыңда болармыз. — Қозғалақтап, көйлегінің жағасын ағытып, желпініп алды да, бетінің мөлдіреген терін алақанымен сыпыра сүртті. Екеуі де үнсіз отырып қалды.

Кеше өзара оңаша кеңескенде Михаил айтқан соны пікірлерді Қасболатқа өз атынан меншіктеніп айтуға Оспанның көңілі кетті де, бұл ойынан тез айныды. Ойлап қараса, мұндай жат ұғымға Қасболат бірден түсіне қоймайды. Ол түгіл Оспанның өзі де соның көбіне түсіне бермейді. «Айтуын айтар едім, аузың берік қой, елге жайып та жібере қоймассың, — деп ойлады Оспан, — біздің көздеген түпкі мақсатымызға түсінесің бе? Не болмаса, қайдағы бір солқылдақ тәуекелге басынды байлап несіне әуре боласың, неге тыныш жүрмейсің, бір басыңа шатағың аз болды ма? — деп жолыма тосқауыл боласың ба?»

Қасболат кенет түнере қалды.

— Ағатайымның өлімі осылай жоқтаусыз кете бере ме? — деді.

— Өзің қалай ойлайсың?..

— Қалай ойлайын? — Қасболат Оспанның қайырып сұрақ бергенін ұнатпай қалды. — Достарыңмен ақылдаспайсың ба?

Оспан төмен қарап ойланып қалды: оны маған не қыл дейді? Жәукеге жаны аши ма екен, әлде онда менің нем бар, әуелі өз басымды қорғап алайын дер ме екен деп, сынағалы айтып отыр ма? Не де болса Қасболаттың көңілін аулайын деген оймен:

— Менің білуімше, жоқтаушысы табылса, ол кісінің өлімі аяқсыз қалмайды, — деді.

Қасболат Оспанның бұл сөзін немқұрайды жұбанышқа сайып, қайнаған кектің әсерімен лып ете қалды:

— Не Бойков тұрар, не мен тұрармын. Аянатын нем қалды, ағатайымның кегіне басымды тігемін, өшімді алмай тынбаймын...

Қасболат мұны Бойковқа деген өшпенділік ықпалымен айтып отыр ма, әлде жауынан кек алуға белін бекем байлағандығынан айтты ма? Оспан тұрлаулы пікір білдірді.

— Сабыр ет, Қасболат! Жөнсіз аптығудың керегі не? Сен жалғызсың ғой, көпке топырақ шашасың ба?

«Сен жалғызсың ғой». Осы бір сөз Қасболатқа ауыр тиді. Ол төмен қарап мұңая берді: «Әттең Жалғыздық! Жапандағы жапырақсыз, бұтақсыз жалғыз ағаш сияқты екенмін». Оспанның түпкі ойын анықтап алғысы келіп, сындарлы пішінмен сыр тартты:

— Сен жаңа не дедің? Мен неге жалғыз боламын? Сен бар емессің бе, елдегі ағайын-туыстарым бар емес пе? — деді.

— Сөзіме құлақ қой, Қасболат, — деді Оспан, — бір жағынан сен осы арада ұшқары кетіп отырсың... Біле-білсең. Бойков сықылды көкжал қасқырдан кек алу оңай іс емес, — дей беріп, сөзін үзіп тастады. Сәлден кейін Қасболаттың қазіргі сәттегі ажар-көркін бастан-аяқ бір шолып өтті де, даусын бәсең алып сөзін жалғады: — Мен саған бір әңгіме айтайын, тісіңнен шығарушы болма. Әзірге айтпай-ақ қоя тұрайын деп отыр едім, реті келіп қалды...

Қасболат екі қолын кеудесіне айқастырып, өңешін соза:

— Айтқаныңды тісімнен шығарсам ит болайын! — деді.

Қасболаттың қалбалақтаған бала мінезіне сүйсініп, жымия күлді де:

— Біздің Михаил Захаров солдаттан керемет жігіт боп оралды, — деп бастады Оспан, — бұрынғы кім көрінгенмен төбелесіп, аузы-мұрны қан боп жүретін тентек Миша қайда?

Қасболат байыз таппай:

— Михаил болмағанда, Қанипа саған жоқ еді, бүгін күпсіп отырғаның соның арқасы... — деді.

— Оны қоя тұр. Михаил айтады: «Жәуке тамырдың кегін жалпы еңбекші халықтың кегіне қоса қайырамыз», — дейді.

— Түсінбей қалдым, анықтаңқырап айтшы, ұғындыршы.

Оспан серпінді сергек пішінмен жаңағы қиын сөздің түпкі мағынасын өзінше түсіндіріп берді:

— Мен де әуел баста осы сөздің мәнісіне түсіне алмай, Михаилдан қайта-қайта сұрап біліп едім, — деді Оспан, — енді саған үйрететін болдым. Жалпы еңбекші халық дегеніміз, патшадан, байлардан зорлық көрген, қаналған жұмысшылар, мұжықтар, кедей — жалшылар. Демек, солардың арасында екеуіміз де бармыз.

— Түсіндім, ұқтым, — деді Қасболат басын шұлғып, — демек, сол өзің айтқан еңбекші халықтың ішінде мен де бармын.

Оспан айналаға сақтана қарап қойып, бәсең дауыспен:

— Бойковтардан кек алу үшін, Аралбайдың қарасын өшіру үшін осы төңіректегі орыс, қазақтың талапты, жігерлі кедей-жалшылары бірігуіміз керек, — деді.

— Саған мұны да Михаил айтты ма? — дегенде Қасболаттың үнінен жігер екпіні білінді.

— Михаил жалғыз емес, — деді Оспан, — біздің қалада да, басқа қалаларда да оның серіктері бар.

— Сен өзің маған дұрыстап түсіндірші. Олар не істейді?

Оспан шәкірт алдындағы білімдар ұстаздай маңғаздана сөйледі:

— Михаил айтады, сонау ішкі Ресейдегі жұмысшылар мен кедей-жалшылар бірігіп, байларға қарсы күреске аттанды дейді.

Қасболат лып ете қалып, Оспанның сөзін бөліп жіберді.

— Сонда қалай? Олар кәдуілгі қол төбелеске шығып па?

— Қайдағы төбелес? Сонша көп байларды құр қолмен қалай құртады деп едің? Қолдарына қару алып, соғысатын болса керек, — деді Оспан, осы бір қиын істің тәсілін өзі де жете біле қоймаса да Қасболат алдында сыр алдырғысы келмей. Осылай десем түзу жобасынан онша қиыс кете қоймаспын деп, шамалап айтты.

Оспанның жаңағы айтқандары алты ай қыс бойына сіресіп жатқан мұз айдынының жиегінен жүгірген жылмық суындай Қасболат жүрегіне бір түрлі жылы тиіп еді. Әсіресе Оспанның кедей, жалшылар бірігіп, жауына қарсы аттанды дегені қатты ұнап кетті.

— Жөн-жөн, қисыны бар әңгіме, — Қасболат айналаға сақтана қарады. — Енді сен маған мына бір жағдайды ұғындыршы!.. Мәселенки, біз орыс, қазақтың кедей-жалшылары біріксек, сонда сенің Михаил досың бізді бастай ма?

— Мұның егжей-тегжейін дәл қазір айт деп қыстама мені. — Оспан қабағына кірбің алды. — Амандық болса кейін, кезінде бәрін де білерсің, көрерсің... — Қасболаттың күшін сынағысы келгендей жалпақ алақанымен жауырынына сарт еткізді. — Сен, ең әуелі, мынаны мықтап ұғып ал: біз енді көп ұзамай Бойковтарға қарсы күреске аттанамыз...

— Біз енді көп ұзамай Бойковтарға қарсы күреске аттанамыз, — деп даусын соза қайталады Қасболат. Жүрегі аттай тулап, тұла бойына ыстық қан шапши бастады. Бір түйін қит етсе жарылып кететіндей көкірегін кернеп барады.

— Менің жаңағы айтқандарыма сен қалай қарайсың? Бізбен бірге боласың ба? — деді Оспан.

— Аянатын нем бар? — деді Қасболат, — сендермен бірге боламын, елдегі өзім деген кедей-жалшыларды қасыма ертіп, уәде айтқан жерлеріңе жетемін. — Осыны айтты да, жауға шабатын батырдай буырқана түрегеліп, басындағы бөркін жерге алып ұрды. Сонда оның басына шырмап ораған шүберегіндегі баттасып қатып қалған қанды көргенде Оспан есі кетіп:

— Ойбай-ау, мына басыңдағы қаның не? — деді.

— Көңіліңе жарықшақ түсер деп саған айтпай отыр едім, — деді Қасболат көзі жайнап. — Сендер Қанипаны алып кеткен күні Аралбайдың қол шоқпарлары жиналып келіп, мені соққыға жыққан... Маған Қасенбай, Қаңтарбай, Рамазан, Бәжендер болысып еді, оларды түріп айдап шықты.

Оспан өкінішті пішінмен тістене басын шайқады.

— Қап! Қорлығын-ай мына иттердің...

— Ұрынуға қара таба алмай жүрген сұмдар емес пе түге, — деп, Қасболат тебірене күрсінді. Жерде жатқан бөркін алып, басына баса киді.

Елдегі лаңның егжей-тегжейіне қанып алған соң Оспан Қасболатқа шынайы жағдайды ашып айтты. Амантай, Байғара, Метрофановка, Мойнақ селоларының майданнан қайтқан сегіз жігіті бұрнағы күні түнде Михаил үйінде бас қосқан. Олар Атбасар қаласындағы астыртын большевиктік ұйыммен байланыс жасайтын Үштік топ құрған. Топты басқаруға Михаил Захаров тағайындалған. Бұлардың түпкі мақсаты — осы төңіректегі орыс қалаларында, іргелес қазақ ауылдарында сенімді жігіттердің басын біріктіріп, келешек зор күреске әзірлеу. Бірте-бірте қомақты топ құрып алған соң, Амантайда большевиктік ұйымның тірек-орталығын құру. Михаил осы бір жаңалықты Оспанға оңашада түсіндіріп айтып, сен де бізбен бірге бол, мен сенің қаржымды қайратыңа, алғыр ақылыңа сенемін деген еді. Оспан Михаил досының пікірін құп алып, дәйім сенің қасында боламын, егер қажеті бола қалса, елдегі көңіл жетер жігіттерді де осы іске араластырамын деп уәде берген.

— Өзімнен хабар болмай, осыны тісіңнен шығарма, — Оспан етек-жеңін жинап, үстінің шаңын қаға түрегелді. — Ең әуелі, осы істің мән-жайына өзім жете түсініп алайын, кейін мықтап сөйлесерміз.

— Бұдан былай өзіңмен жиі-жиі хабарласып тұрайын. — Қасболат сол қолының бес саусағымен жаралы маңдайын сыпыра сипады. — Сендердің бастарыңа екіталай күн туса, жандарын аямай алысатын, жаудан арашалап алатын, сенімді кедей жігіттерді ат-тұрманымен сайлап шығарамын...

Осы арада Михаилдың бір сөзі есіне түсіп, Оспан соны шып-шырғасын шығармай өз атынан айтты.

— Есіңде болсын, Қасболат, қайратымыз бен әдіс-айламыз бірдей болмаса, құр бет алды даурығып, кім көрінгенге сыр шашсақ, құримыз... Құр талаппен түк өндіре алмайсың. Ақыл-айламен абайлап әрекет істеуіміз керек.

— Сен өзің ақылды боп кетіпсің, — деді Қасболат күлімсіреп. — Сенімен сөз таластыратын қауқар жоқ менде. Сен не айтсаң бәріне тәнтімін. Тәуекелге бел байладым, сендер бастай беріңдер, өзіме қараған кедей-жалшыларды соңыма ертіп, мен қостай берейін.

Оспан енді әңгіменің бетін бүгін таңда төніп тұрған қауіп-қатерге қарай бұрып жіберді. Қанша айтқанмен, өз басындағы әлі тынымын таппаған сойқанды дау қобалжыта береді. Оның үстіне елдегі қайын енесіне, мына жалғыз қайнағасына күн көрсетпей, бастарына әңгіртаяқ ойнатып жатқан дұшпандар анау. Осыны ойлап кеткенде көңілі бейжай болып, тынысы тарыла берген.

Оспан қайнағасына бір сөз тастады:

Солардың күйін көргенше, нағашы апам мен екі үйің біздің қалаға неге көшіп келмейсіңдер?

Қасболат мұны Оспаннан бұрын ойлаған екен.

— Жеңешем екеуміз қалаға кешсек қайтеді деп ақылдасып едік, — деді ол, — жұртқа қашқан бұзаудай, қыздың артынан кеткеніміз тіріде ұят болар деп қойғанбыз.

Оспан алыстағы ноқаттай қарасыннан көзін ала беріп, Қасболатқа мойын бұрды. Жанашыр, қамқор көңілдің байлауын жеткізді.

— Өзің де айтып отырсың, олар бізді аямайды, ең болмағанда, тағы да бір рет жанталасып әрекет істейді. — «Шамалары келсе бізді құртудан да тайынбайды» деген жерін әдейі іркіп алып қалды.

Қасболат жауабын сайлап отыр еді.

— Бізге бола уайымдамай-ақ қой, қашанғы қудалай берер дейсің — деді. «Қиын істің бар салмағы сенде жатыр» дегенді қабағынан аңғартты. Оның емеурініне түсіне қойған Оспан іркілместен:

— Бізге бола сендер де саспаңдар, Михаилдар тұрғанда мен жауымнан ықпаймын, — деді.

Қасболат арқан бойы көтеріліп, буалдыр бұлт арасынан аспан шоқтығына өрмелей бастаған сұрқай күнге мойын соза қарап, мезгілді ойша мөлшерлеп алды да:

— Мен кетейін, айтатын басқа нең бар? — деді. Оспан да оның ел көзіне түсіп қалмай тұрғанда ауылына қайтқанын қалап отыр еді.

— Екеуміздің арамызда болған бүгінгі әңгімені, ең тегі, әйеліңе де айтпа, — деп ескертті Оспан.

— Жарайды, айтылған сөз осы арада қалсын... Аралбайлар жақтан жаман сыбыс естілсе, тез хабарлаймын...

— Сақ бол...

АРПАЛЫС

Октябрь айы басталған. Аспан бұлыңғыр. Түн суық. Алғашқы жауған ақша қар жер бетін бүркеп алған. Табиғаттың талаурап, қара барқын тартқан көңілсіз шағы.

Аяқ аузындай екі бөлмелі жер үйде, сықсима керосин шамның жарығымен Оспан мен Қанипа оңаша сұқпаттасып отырған. Күнбала мана ауырып жатқан Сәтмағамбеттің көңілін сұрап келейін деп, сол үйге кеткен. Жас жұбайлардың көптен бері өз үйлерінде бас қосып, оңаша емін-еркін отырғандары осы еді. Екеуі де сырттан аңдыған жауынан сақтанып, түн баласында.

Михаил үйінде болатын. Абыржып, алаңдаумен, тымырсық қорқынышпен талай күндер өтіп кеткен. Не де болса бүгін бір адам құсап, өз үйімізде отырайықшы деп, екеуі мана күндіз уәделескен-ді.

Бұлар төргі бөлмеде. Қанипа орнынан шапшаң тұрып барып, ендігі мен биіктігі бірдей аласа терезенің ернеуіндегі қоқайма жетілік шамның шөлмегін сулық орамалмен ұстап, ептеп суырып алды. Шамның білтесін молырақ шығарып, ортайып қалған керосинін шайқап-шайқап, шөлмекті қайта кигізді. Сонда бөлме ішінің жарығы молайып, әлдеқандай көңілді көрік пайда болғандай. Қанипа найқала басып, төрде түнеріп отырған Оспанға еңкейе жақындай берді.

Оспанның алдына қаққан қазықтай қақшиып отыра қалды. Екі білегін қысып, наздана тіл қатты:

— Неге жүдеп отырсың? Бір жерің ауыра ма?..

Оспан жабырқаңқы түсін сәл жылытып, болар-болмас жымия күлді. Сүйікті жарының көңіліне қаяу түсірмейін деген оймен келер-кетері жоқ бір сылтау айта салды:

— Жай әшейін, ойланып отырмын...

— Нені ойладың?..

— Осы жалшылық иттен қашан құтылар екен деп, соны ойлап отырмын.

— Қойшы, тәйірі, жалшылыққа үйренген адамсың ғой, бәрінен де басымыз аман болсын десейші. — Қанипа қолда барға қанағат тұтып, маңдайға біткен бақ-дәулетке салауат дейтін көндім кейіп көрсете, ыстық алақанымен Оспанның жазық маңдайын аялап сипай берді. Сүйкімді қылығымен, балдай тәтті лебізімен жігіттің жадау жанын сергітіп жіберді. Қашанда осылай. Дәйім Оспанның қас-қабағына қарап, мүбәдә ол мұңая қалса, тіпті көкірегіңе қайғы-қасірет уын құятын қайдағы бір жақсы әңгіме айта бастаса, ебін тауып, сол ауыр күйден құтқарып жіберетін. Тегінде, басына әлемет қауіп-қатер төнгенде, тұтқиыл пәле-қырсыққа ұшырап қалғанда қорықпайтын, қайғырмайтын адам болмайды. Бірақ көп адамдар мұндай қысылшаң шақта өзінің көңіл күйін білдіре бермейді, іштен тынып, жан сезімім сыртқы елге көрсетпейді. Қанипа мінезі осындай. Ал кей адамдар қит етсе ішкі сезім толқынына ие бола алмай, жоқ нәрседен секем алып, өзінің қуанышын да, ренішін де, қайғы-мұңын да табанды паш етіп алады. Бұл — Оспанға тән мінез.

Қанипа енді баяғы балалық шақтарынан, алаңсыз бірге жүрін, қатар өскен қызғылықты албырт дәуреннен сөз қозғап, уайым ұялаған от басынан Оспанды бір ауық аулаққа алып кетіп еді, Оны қайтсем көңілдендіремін деп, берекетті бейбіт тұрмыс көшірген мұңсыз жас жандардың жайдары жаз секілді ғанибет дағуасын қуып, біраз шалқып алған. Қалай дегенмен, Оспан жүрегін түйткілдендіре беретін бір қамшау жайт бар. Мана көз байлана бергенде елден Қасенбай келіп қайтқан. Ол келгенде Қанипа үйде жоқ еді. Мария Ивановна екеуі жадағай арбаға мініп, жел диірменге үн тартқызуға кеткен.

Қасенбайды әдейі Қасболат жіберіпті. Аралбайлар қаладағы Бойковтармен ауыз біріктіріп, Оспанның көзін жоюға, Қанипаны қайтып алуға неше түрлі амал-айла қарастырып жатқандарын Қасенбай Оспанға қынжылып жеткізген. Ел арасындағы ұзын құлақ сыбысқа қарағанда Аралбайлар «қызымды зорлықпен тартып әкетті, қалаға апарып, үй астынан қазған суық апанға қамап қойды» дегізген болып, Күлжекейдің атынан уездік сотқа арыз беріпті... Мұнымен қоймай, олар Қасболатты да жылыдай қолға алыпты. Оспанның бір топ қарулы жігіттерді ертіп әкеліп, Қанипаны еріксіз әкеткеніне сот алдында куә бол, біздің бұл ісімізден бас тартсаң Оспанға қоса сені де құртамыз, — деп Арылбай ашық айтыпты... Осының бәрі әзірге тұрлау-түйіні, дәлел-дәйегі жоқ құр лақап сияқты. Қансырап қалған ызалы жаудың әйтеуір түбінде бір қиратып алам деп, алыстан шабынған байбаламы секілді... Оспан ойы бір мезет осы бір жұқана медеуге қорғалай берген. Әр нәрсенің парқына көз жіберіп, пайымдап қараса, бұл ойы түбірімен қате екен. Қасенбай айтып кеткен дақпырт-лақаптың тұңғиық тереңінде, қат-қабат қалтарысында өшпенді жаудың шат-шәлекей пәлесі жатқандай. Оспанның әлгі бір әдетте жауар күндей түнере қалуының түпкі себебі де осы. Бейуақта бей-жай отырған жар көңілін ашайын деп, Қанипаның әсем дауыспен нәшіне келтіре салған әні де Оспанға пәлендей әсер ете қоймаған. Сұры қашып, жанарынан әлдеқандай уайым аңғартып, тұнжырай берген. Ұсынса қол жететін жерде атойлап, арпалысып жүрген қанқұйлы жау қатерінен пайда болған жымысқы қорқыныш жүрегін сыздатады. Оспан бара-бара әлдебір жүйрік ойға беріліп кетті. Бүкіл жер-дүниені түгел құрсап алған қара түнек түн құшағында ыңырсып, ышқына толқын атқан шексіз-шексіз қара көк теңіз бетінде Қанипа екеуі қалтылдап ағып бара жатқан қос жаңқаға ұқсап кетті. Өлімсіреп жанған қоқайма шамның күңгірт сәулесіне бөленген тәбенек терезенің ар жағында, Есілдің жағасында ажалдың жексұрын көлеңкесі көлбеңдеп жүргендей болады. Ер қорғаны нар тәуекелді дәтке қуат тұтып, қанша қайраттанайын десе де шынтуайтқа келгенде күші басым, амал-айласы асқан зымиян жауларының қамдап жатқан сұмдық ойран-топанын ойлап кеткенде, ет жүрегі өрепки береді.

Қанипа болса, Оспанның аужайына қарап, барған сайын ойсырай түскен көңіл күйінің құбылысын қас қақпай бағып отырды. Бүгін Оспанның неге осынша налып отырғанын білгісі келіп, ынтызары құриды. Сонда да, «Саған не болды? Маған неге айтпайсың?» — деп өкпе-наз білдіруді жөн көрмеген. «Менен жасыратын не сыры бар дейсің, өзі де айтар», — деген үмітпен ыңғайына қарап, іркіле берген. Бірақ бүгінгі орасан ренішінің түпкі себебін өз білігімен айта қоятын Оспан жоқ. Тымырсық үнсіздік ұзаққа созылып бара жатқан соң Қанипа шыдай алмай:

— Мына түріңе қарағанда, сірә, бір сұмдық хабар естігенсің ғой, қорқады деп, маған айтпай отырсың ғой, — деді. Оймақ аузы бұртиып, қарақат көзінің қарашығы тұна қалып, сұрланып кетті.

Оспан кенет өзгерді: бұлт арасынан жарқ етіп шыға келген күндей жайнаң қағып, қарсы дәлел айтты:

— Түк те естіген жоқпын... Анадағы Михаилға байланысты шаруа түбінде қалай болар екен деп, соны ойлап, мазам кетіп отыр...

«Михаилға байланысты шаруа» Қанипаға көптен бері мәлім. Оспанның Михаил Захаровпен сөз байласып, олардың астыртын тобына араласуға уәде бергенін де білетін. Енді Оспан сол уәдесінен айнып қалған ба, қалай — деген, дүдамал күдікпен әдейі оған қарғаша салды:

— Жігіт адам не көрсе де берген сертінен айни ма екен? — деді.

Өзі тілеп алған өткінші кінәны Оспан ауырлай қойған жоқ. Енді ішкі сарайына ойран салған бір шынайы гәптің түйінін тарқатты.

— Әнеугі келгенінде осы іс жайын Қасболатқа айтып едім, соным әнтек ағаттық болды білем, — деп, бүгінгі көңілсіздігінің себебін осыған сайды. — Елге жайылып кетпесе игі еді...

Қанипаның жүрегі дір ете қалды. Шынында да Қасболат байқаусызда біреуге айтып қойса, елге тарап кетіп, сырлары ашылып қалмаса нағысын!

— Қап, асығыстық істеген екенсің, әбден реттеліп алғанша ағатайыма соны айтпай-ақ қоя тұрсаң да болатын еді ғой, — деді.

Оспан өткен іске өкінгеннен не пайда деген тәуекелшіл сыңаймен жуып-шайып:

— Қанша айтқанмен, Қасболат ұстамды жігіт қой, біздің құпия сырымызды шаша қоймас, — деді.

Екеуі болмыстың құз-қия, мұзарт шыңдарын бұзып өтіп, өз бастарындағы әлі аяғы жерге тимеген, қауіп-қатерінің жалыны сөнбеген, лайсаң оқиғамен қабаттасып, өршіп, өріліп келіп, саналарына тастай орнап қалған осы бір жаңа беталыс жайын кеңесіп, ұзақ отырды. Михаилдар қолға алған қиын істің неден басталатынын, қалай өрістейтінін, сайып келгенде, ақыры немен тынатынын Қанипа түгіл, Оспанның өзі де айқын біле бермейді. Оның әйтеуір, түбінде осылай болар-ау дейтін жорамалы біреу-ақ: кедей-жалшылар, жұмысшылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып біріксе, саналы азаматтардың басқаруымен жұмыла күреске аттанса, теңдікке қолы жетуі хақ. Атбасар қаласында дәрігер Әділбек Майкотов басқарған астыртын ұйым бар екенін, мына Амантайдағы енді ұйымдасқан топ соның басшылығымен жұмыс істейтінін Михаил Оспанға мұқият ұғындырған. Қанша айтқанмен, мұның өзі де Оспанға әлі алыстан елес берген сағым секілді.

Михаилдан естіген жаңалықтарын Оспан әнеукүні Қанипаға өз әлінше түсіндіріп берген. Майданнан қайтқан Михаил қатарлас он шақты жігіт Амантайдағы жаңа ұйымдасқан топтың негізгі ұйтқысы екен. Топқа кірген жігіттердің жеке-жеке аты-жөндерін әзірге Оспанның өзі де білмейді. Оның ойынша анау-мынау ұсақ іске Михаил араласпайды. Ол жүрген жерде береке бар, ынтымақ-бірлік бар. Өз жүрегінің осы бір айнымас сенімін Оспан осы сапар Қанипаға аз созбен жеткізіп, оның жан сарайына там-тұмдап жарық сәуле түсіре бастаған. Бұл орайда Қанипа да ойсыз емес екен. Оспан айтқан ересен жаңалықты тасқа басқан жазудай самсатып көңіліне тоқып алмаса да, түйсігі жеткенше ұққан жайларын долбармен аңғартып, жан жарының көздеген мұрат-мақсатын жанымен құптай берді.

Оспан Қанипаға бетін түзеп, мүләйім пішінмен:

— Керек уағында біздің елден бір топ сенімді жігіт сайлап алсақ, ерлер едік, — деді де, орнынан шапшаң тұрып барып, жарығы қарауытып бара жатқан шамның шөлмегін суырып алып, білтесін еселеп шығарды. Бір қолымен терезеге сүйеніп тұрып қалды.

Қанипа үй ішінің жарығы молайған көңілді сәтті күтіп отырғандай-ақ, лып етіп, Оспан қасына бара бере, ынтық ықыласпен үзіле тіл қатты:

— Он бірінші жігітіңнің есебіне мені де қосып қой, — деді. Көмекейі бүлкілдеп, ар жағынан қабындап келген түйдек-түйдек пікірін әдейі тастап, Оспанға сынай қарады.

Оспан келіншегінің аспаннан түскендей болған жаңағы тосын әрекетін әу баста қалжыңға бұрғысы келіп, күлімсірей оқтала беріп еді, меселін қайтарып, сағын сындырармын деп, тілін тарта қойды. Енді бір есептен: «Әйел жолы жіңішке ғой біздің азапты ісімізге араласпай-ақ қой, бір үйден мен де жетермін», — дегісі келді. Қанипаның көңілі қалар деп, бұл ойынан да тез бас тартты.

— Талабың қайырлы болсын, жаным! Сәті түсіп, екеуміз бірдей Михаилдардың соңынан ерсек, елдегі әйел жынысынан қолына қару ұстап, жауға шапқан түңғыш батыр әйел сен боларсың, —  деді.

— Болса несі бар, қолымнан қару түсіп қалар дейсің бе?

Мұны Қанипа: «Әйелдің қолынан не келеді деп, мені ажуалап тұрсың ғой», — деген өкпе-назға меңзеп айтты. Сонда Қанипа есіне әкесі марқұмның бір сөзі түсе кетті: «Аман болса менің қызым ер жігіттен кем болмайды».

Оспан үнсіз. Қанипа оның аузын бағып түр. Енді не айтар екен? Шынында да Қанипа мұны әшейін жел көңілдің әсерімен, жастық шақтың ет қызуымен айтуын айтса да, жеме-жемге келгенде белсеніп шыға алмас. Осындай бір буалдыр ой келді Оспанға. Осы жағдаяттан тағы да бір-екі ауыз сөз қағысып, Қанипаның осы жолға шын көңілмен құлай берілген сенімді қалпына көзі жеткен соң жаңағы күдігінен табанда безіп шықты. Қанипаның қазіргі мығым да бекем сыңайы, айнымас серт айнасындай жалтылдаған отты мөлдір қара көздері керек уағында жау жарағын асынып, ер азаматтармен бірге қандай да болса қиын жорыққа аттануға әзірмін деп тұрғандай. Оспан Қанипаның аузы беріктігіне, ұстамдылығына кәміл сеніп, әйтеуір, түбінде білмей қоймайды ғой, осы бастан құлағы қана берсін деп, осы қиын іс жайынан хабар бергені болмаса, Қанипа дәл осындай батыл әрекетке бара қояр деп ойламаған. Енді келіншегінің ойда Жоқта найзағайдай жарқ еткізген батыл талабына риза болып, қуана күлімсіреп, азырақ отырды да:

— Мен саған сенемін, жаным! Талабыңа ризамын, қайда барсақ та, қайда жүрсек те бірге болайық, — деді.

Қанипа Оспанды қапсыра құшақтап алып, сүйе берді.

— Тірі болсақ бір төбеде өлсек бір шұқырда болайық...

Бағыт-бағдары, ойы-қыры, бел-белесі әлі айқындалмаған тәуекелшіл жорыққа күндердің күнінде Оспандармен бірге аттанатынын жан-тәнімен сезініп, Қанипа тас мүсіндей қатты да қалды. Енді бір мезетте кенет жан біткендей, тұтқиыл кереметімен Оспанды таң қалдырып, есін алғысы келгендей, бүкіл денесімен ырғала қозғалды. Жанары оттай жалт етіп, сұрғылт жүзіне алтын арай нұр ойнап шыға келді. Оспанның көңілі де, көзі де жарының жан тебіренткен отты жанарында. Қанипа оның көзіне ала қыстай еміндіріп, аңсатып келген жыл құсындай көрініп кетті. Қанипа да осы мезетте Оспанды ежелден бірге жасасып келе жатқан кәрі серігіндей, асқаралы панасындай көріп, оған деген құмар -құшақтары тасқындай берген.

Қанипаның ішкі дүниесіне дайым асыр салып, кейінгі кезде сәл баяу тартқан әке кегі осы арада найзағай оғындай сыртқа атылып шықты. Еңіреген ер қайратына бергісіз бір ересен қимылмен сілкіне қозғалып, шамырқана үн қатты:

— Шіркін-ай, Бойков пен Аралбайдың сендердің қолдарыңнан жайрағанын көрсем арманым болмас еді-ау!..

Оспан Қанипа шешімінің сырына енді түсініп, оның кекті жүзіне таңырқай қарай берді. «Ә, осылай ма еді? Жаңа білдім ғой», — деді ішінен. Қанипаның түсі суық, қабағы қатулы. Дәл осы арада Бойков пен Аралбай қолына түссе, түтіп жеп қоятындай қаны қайнап, көңілін алдым қып-қызыл от жапты. «Тәуекел деп Оспандардың соңынан ер, қызым! Жауыңнан менің кегімді ал!» — деп жан түкпірінен әке даусы сампылдайды.

«Мен сендермен бірге әкемнің кегі үшін жауға қарсы аттанамын» десем қайтеді деген бір ой келді Қанипаға. «Жоқ, болмайды, сөзді көбейте берсем, шаруаны бүлдіріп алармын. Тілім мен жағыма сүйеніп, құр бет алды сайрай бергенше, не көрсем де осылармен бірге көрейін». Қанипаның сынаптай сусыған жүйрік ойы осыған тоқыраған. Ол енді бір қиын істің тетігін тапқандай, ішіндегі шер-шемені бір ауық орта түскендей, байсал тауып, сұлық түсе берді.

Енді екеуі қиын істі түйіп, машықты дүнияуи кеңеске көшкенде, Күнбала келді. Баласы мен келінін айналып-толғанып шұрқырады да қалды.

Күнбала айтып отырса, Сәтмағамбет науқасының әлпеті жаман екен. Іші күптей боп ісіп кетіпті. Кеудесі сырылдап, тынысы ауырлай бастапты. Қара шайдан басқа нәр татпайтын көрінеді.

Оспан мен Қанипа кеше кешкісін Сәтмағамбеттің көңілін қарап шыққан. Онда біршама тәуірлеу сияқты көрініп еді. Төсегіне шалқасынан жатқан күйінде бұлармен недәуір сөйлескен-ді. Бүгін нашарлап қалыпты дейді. Оспан Сәтмағамбеттің кешегі айтқан бір сөзін есіне түсіріп, оның енді адам болмайтынына көзі жеткендей басын шайқап, қамыға берді. Әкесі марқұммен талай жыл жолдас болған, жақын туысындай боп кеткен Сәтмағамбеттің мүшкіл хәлі Оспанды неше түрлі ойға қалдырды. Шынымен-ақ, мына кісі осы аурудан өліп кете ме? Сонда қалай? Емдетпей, дәнеңе етпей, осы күйінде қалдырамыз ба? Осы мәселе жөнінде Михаилмен ақылдасса қайтер еді. Не айтар екен?

— Сәтмағамбет аға саған не айтты? — деп сұрады шешесінен.

— Не айтсың? — Күнбала мөлтілдеген көз жасын көйлегінің жеңімен сүртті. — Осы аурудан аман қалмаспын дейді бишара... Бақыл бол, жаман айтқан жерім болса, кеш, жалғыз балаң мен келініңнің қызығын көр деп, қиналып, көзіне жас алды.

— Бұл кісі бұрыннан ауру ма еді? — Қанипаға Күнбала жауап берді.

— Құлындай ойнап жүрген пілдей жігіт емес пе еді, бір төтен ауруға кездесті ғой... Баяғыдан бергі шеккен бейнеті шығар шығып жатқан...

— Осындағы дәрігерге көрсетейік, емдел деп осында құдайдың зарын қылдым, — деді Оспан қабақ шытып. — «Ажалыма тура келген ауру болса оған дәрігер не істейді», — деп көнбейді.

Жазмыш солай болса, оған сенің дәрігерің не істейді? — Күнбала Сәтмағамбетті бастан өлімге бейімдеп қойды.

Оспан ұршықтай үйіріп, ішкі толқын әсерімен ексімдене сөйледі:

— Қара да тұр, апа! Сәтмағамбет ағаны мен құдайдың тырнағынан арашалап алып қаламын.

Күнбала қасындағы Қанипаға мойын бұрып, тіксіне:

— Мына Оспанға не болған, әй! Құдайда мұның не жұмысы бар? Қой десейші мынаған, — деді де, Оспанға қынжыла қарады. — Неге осынша желіктің, балам? Тәубаға кел!..

— Апа! Мен әлдеқашан тәубамнан жаңылып, құдайдан безген қазақпын.

— Қойсайшы, Оспан! Немене, осы арада шешеңмен салғыласайың деп пе ең? — деді Қанипа.

Оспан жеңілген әлпет көрсетті:

— Сөзден сөз шығып кетті ғой...

— Апа! — Қанипа Күнбаланы құшақтай алды. — Не дер екен деп, сізге әдейі айтқан болар, осының іші құдайды жек көреді ғой дейсіз бе? Сіз оның Сәтмағамбет ағаны дәрігерге емдетем дегеніне қарсы тұрмаңыз, жарай ма?

Күнбала ойлы: бір есептен Оспан мен Қанипаның пікірі теріс емес сияқты. Өсер жастарға өшер кәрінің қырсығы тимесін. Айналып келгенде Сәтмағамбетті дәрігерге көрсетіп, емдетсе ешкім де құдайға күнәкар бола қоймас. Күнбала енді түсін жылытып, ымыраға келді.

— Әй, Оспанжан-ай! Әкеңе тартқан бір бет мінезің бар-ау сенің. Бір қисайған жағыңнан өлсең де тұрмайсың. Жарайды, «сабақты ине сәтімен» деген, дәрігеріңе көрсет Сәтмағамбетті.

Бұл әңгіме осымен тынып, Қанипа мен Оспан күндегі әдеттері бойынша Михаил үйіне түнеуге кетті.

ҚҰТҚАРУ

Дәрігер Евгений Павлович Полетаевтың Амантай қаласына келгеніне сегіз айдың жүзі болған. Шоқша күміс сақалды, ұзын бойлы, қырыққа шамалас шегір сары кісі осы өткен көктемдегі көк салпақта пайда болған. Ол кісінің ит арқасы қияндағы сонау Петроградтан не қылмыспен айдалып келгенін становой приставтан басқа ешкім білмейді. Осындағы кейбіреулердің сөзіне қарағанда, пристав оның қолынан міндет хат алып, осы қаладан басқа жаққа шықпайсың, ай сайын үш дүркін келіп көрініп тұрасың деп, қоя беріпті.

Евгений Павлович қаланың күншығыс жақ шетіндегі Горбенко Мария дейтін жалғыз басты кемпірдің үйіне орналасқан. Марияның жалғыз баласы Микола бұрнағы жылы солдатқа алынған. Майданға кірісімен оққа ұшты деген қара қағаз келген. Жетпістен асып кеткен өлмелі кемпір қарақан басы қуарып, жалғыз қалған.

Әуелгі көргіш бір бұзаулы сиыры мен азын-аулақ құсынан басқа малы да жоқ.

Әуелгі келген кезінде жылы қабақпен қарсы алып, бар тамағын аузына тосқан меймандос үйлерге қонақтап жүргенінде Евгений Павлович бір күні ойда жоқта болмашы бір себеппен Михаил Захаровқа кездескен. Ұдайымен үш күн жатып, бітегене танысып алғаннан кейін Михаил оны Мария кемпірдің үйіне орналастырғанды. Тамағың өзіңнен болсын, пәтер ақы алмаймын деп, Мария кемпір тәу баста кешірім жасаған. Мария Акимовнаның ұғымында Петроград киелі шаһар. Өзі шіркеуге барып, ғибадат қылғанда жұрттың бәрі «Уа, құдайым, патшамызды сақтай көр!» — деп мінажат айтатын, соның амандығын тілейтін патша ағзам Петроградта тұрады ғой. Сүйікті ұлы Микола сол патшаны германнан қорғаймын деп опат болған жоқ па? Мына Евгений Павлович осы киелі шаһардан келіпті. Мүмкін ол жаратушының бұйрығымен шарапатын тигізгелі келген шығар. Киелі шаһардың адамдары да шетінен киелі болмаққа керек. Михаил Захаров әдейі барып Евгений Павловичті үйіне тұрғызуды өтінгенде діншіл кемпірдің басына осы тәрізді ойлар келген. Сол себептен ол Михаилдың өтінішін бірден құп алған.

Үйренісе келе Евгений Павловичты ел «жер ауған доктор» деп атап кеткен. Арада бір ай өткенде қарап жүріп, әбден іші пысқан соң, Евгений Павлович приставқа өтініш айтып, осындағы дәрігерлік пунктке қызметке қоюын сұраған. Пристав үш күн ойланып, ақырында, «бұ да бір халыққа деген қамқоршылығымның нышаны болсын» деп, Евгений Павловичтың өтінішін құп алып, сұраған қызметіне қойған. «Бір жылға шейін бір тиын жалақы төлемейміз, — деп ескерткен пристав. — Осы уақыттың ішінде бізге қызметің жақса, жақсы дәрігер екеніңді танытсаң, айлық жалақы тағайындаймыз да, оны халық ортасынан староста арқылы жинап береміз». Сонымен «жер ауған доктор» жасынан жаны сүйген, өмірден таңдап алған машықты кәсіп-харекетін қайта тапқан. Әйтеуір, екі қолға бір жұмыс деп, іске немқұрайды қарамай, халыққа адал қызмет істеуді алдына бірінші мақсат етіп қойған-ды.

Октябрь айы тең ортадан ауған. Мария Акимовнаның құлазыған кішкентай үйіне Евгений Павлович келгелі жарқын нұр кірген. Осы бір «құдай айдап әкелген» қауқылдақ кісі жетім кемпірге жақсы сөзімен дем беріп, қамқоршы болған. Күннен күн асқан сайын осы үйдің тұрмыс күйіне әлдеқандай әсем көрік біткендей, өзгеше көңілді бола бастаған. Бұрын бұрыштағы Мариям ана мен Айсаның жансыз бейнесіне табынып, солардан ғана жадау жанына медет алатын Мария Акимовна енді «патша шаһарынан келген мейірімді докторды» Миколаның көзін көрген жолдасындай көретін.

Евгений Павлович кешкі тамағын ішіп, аспалы домалақ шамның жарығымен, жадағай тақтай төсекте кітап оқып жатыр еді. Ауыз үйдің есігін сықырлата ашып, екі адам кіріп келгенде төсегінен атып тұрып, соларға қарай берді, алдыңғысын бірден таныды: өзінің таныс жігіті Михаил Захаров. Оның артындағы қазақ жігітін еркін тани қойған жоқ. Анада Михаилмен бірге жүргенін бірер көргені бар. Осындай бір көңілі сергек, еті тірі қазақ досым бар деп, Михаилдың бірде сыртынан таныстырғаны есіне түсе қалды. Аты-жөні жадында қалмаған екен. Дәу де болса, Михаилдың сол жігіті осы шығар деп шамалайды.

Михаил иіліп келіп, Евгений Павловичқа қолын ұсынды.

— Сәлеметсіз бе, құрметті доктор!..

— Өзің де аман-есен жүрмісің, Михаил Васильевич!..

Оспан Михаилмен қатарласа беріп, екі қолын бірдей созды.

— Ассалаумағалайкум, құрметті доктор!.. — Евгений Павловичтың салалы саусақтарын қаусыра қысты. Анау Оспанның тіліне түсінбесе де, әйтеуір, қазақша сәлемдескені шығар деп шамалаған.

— Амансың ба, жігіт! — Ол ізетпен тіл қатты.

— Танысып қойыңыз, Евгений Павлович! Бұл жігіт менің бала жасымнан бергі досым, жеті атасынан бақташы, Оспан Жаманбаев...

— Тіпті жақсы, бек әйбәт! — Евгений Павлович Оспанның түр-тұлғасын бастан-аяқ шолып өтті. — Иә, сыртыңнан білетін едім, Михаил Васильевич айтқан... Осы сағатта жүздесіп, танысқаныма қуаныштымын...

Оспан жылы жүзді, ақ жарқын дәрігердің биязы лебізіне ынта-ықыласымен құлай риза болып, сүйсіне жауап қатты:

— Мен де сізбен танысуға құштар едім, Евгений Павлович! Өз бетіммен келіп жұғысуға батылым жетпеді. Сәті бүгін түсті.

Евгений Павлович орысша мүлтіксіз сөйлеген бақташы жігітке қайран қалып, оның ақыл-парасатын жайнаған жанарынан көргендей жоталы ақ сары мұртын сұқ саусағымен сыпыра сипап, алтын жырғалы қыстырма көзілдірігінің астынан күлімсірей қарай берді. «Отырыңдар!» — деп, екі жігітке екі жерден орындық нұсқады. Өзі жайдақ төсек ағаштың шетіне отырды. Үлкендігі түйенің көзіндей дөп-дөңгелек қара мауытымен көзілдірігін ысқылап сүртіп, ойлы пішінмен үнсіз отырды да, көзілдірігін жарқылдата киіп алды. Қасында жақын отырған Михаилға көз жіберді.

— Қалай, Михаил? Жігіттер аман ба? Шаруалары жақсы ма? — деді.

— Жігіттер тегіс аман, — деді Михаил іркілмей, — шаруалары өте жақсы, анау-мынау ауру-сырқауды маңайларына жуытатын емес.

«Мұның сұрап отырғаны қайдағы жігіттер? Неге тұспалдап сөйлейді?» Осы арасына Оспан түсінбей қалған. «Бұл екеуінің арасына сынадай қыстырылудың жөні қайсы? Азар болса, кейін осы үйден шыққанда Михаилдан сұрап білермін».

— Айтпақшы, сен жаңа үйленген жігітсің ғой? — деп Евгений Павлович Оспанға назар аударды, — Алған жарың құтты болсын, бақытты болыңдар! — Жалпақ алақанымен Оспанның қолын қармап алып, сілкіп қойды.

— Рақмет, Евгений Павлович!.. — Оспанның беті қызара қалды.

Евгений Павлович иегін көтеріп, дыбыстап қойды.

— Мария Акимовна!..

Бүрмелі қара белдемше байлаған, басына ақ орамал жамылған күдіс жауырынды арық сары кемпір жорғалай басып келіп докторға сыпайы тіл қатты:

— Неге шақырдыңыз, Евгений Павлович?..

— Мына жігіттерге кофе беріңізші!..

— Құп болады. — Кемпір ауыз үйге барып, лездің арасында Оспан мен Михаилға екі стакан кофе әкеп берді де, өзі іле-шала қайта шығып кетті.

— Суыңқырап қалған шығар, сонда да біздің Петроградтың дәмін татыңдар! — Евгений Павлович мұртын сылап, бүйірін таянып, жігіттерге құрмет көрсетті. Михаил мен Оспан жайраң қабақтарынан ризалық танытып, қола сауытты жұқа стакандағы жылы кофені сыздықтап ұрттай бастап еді, доктор осы мезетте әлдене есіне түскендей қабағын шытып, жүзі қуарып мұңая сөйлеп кетті.

— Ішіңдер, ішіңдер, жігіттер! Әзірге қолда барымыз осы... Петербургтен ала келген кофе де таусылар, киіп келген киімдерім де тозар... Оны қойшы, олардың иесі де...

Доктордың сарғылт жүзінде туған жерін, сүйікті қаласын, онда қалған жақын-жарандарын аңсаған жалқы жанның сағынышы бар. Сұңғыла Михаил мұны көрген жерден аңғара қойды. «Жер ауған доктордың» қалтқысыз сый-құрметіне мейлінше риза болып, торқалы той төрінде отырғандай есі кеткен Оспан оның әлгі мұңлы сөзін торыққан адамның кейде өлімді ойлап, бар дүниеден түңіле қалатын ескілік әдетіне сайып, кофені сарқып ішті.

Оспан стакандарды ауыз үйдегі Мария кемпірге апарып беріп, дереу қайта оралды. Сол екі арада Михаил кететін ыңғай көрсетіп, тықырши бастаған.

— Сізде бір шаруамыз бар еді, — деді ол.

— Айтыңыздар...

— Мына жеті атасынан бері қарай тұқым қуалаған бақташының әкесі марқұмның жан серігі, осы қаладағы сиыр атаулының қамқоршысы Сәтмағамбет деген кісі қатты науқастанып жатыр еді.

— Науқасы қатты, — деп Оспан күңк етті.

— Қандай науқас екен? — деп сұрады доктор.

Оспанның орнына Михаил жауап берді:

— Оншасын кім біледі, әйтеуір іші-бауыры ісіп кетіпті, нәр татпайды, дем ала алмайды.

— Оны бұдан бұрын маған неге айтпағансыңдар?! — деп қынжылды доктор.

— Былай да жазылар деп ек, ауруы асқынып кетіп, өлім халіне жетті, енді сізден бір қайыр болмаса, бишара бұл дүниемен біржола қоштасатын шығар, — деді Михаил.

— Өркеніңіз өссін, құрметті доктор! Елуден асқанда көрген бір жасар ұл баласы бар еді, әйелі дімкәс еді, мүмкіндігі болса, емдеп көріңізші!..

— Өте бір асқынып кеткен ауру болмаса, мен білетін дәрігерлік өнердің шыңынан асып кетпеген болса... — дегенде Евгений Павловичтің үні селқос шықты. «Көрерміз, шартыма келсе емдермін» деген сияқты немқұрайды сыңайы бар. Бәлкім, ол науқас адамды көрмей тұрып, жарылқаймын, жазамын деп, құрғақ уәде қоюға тартынып отырған шығар. Немесе тіпті зәу-сайтан өліп қалса, пәлесіне қалармын деп сақтана ма екен? Әлде еміне ақы дәмете ме екен? Доктордың тұтқырланып қалғанын аңғарғанда Оспанға осы тақілеттес ойлар келген.

Осы доктордың өзі біздің тілегімізге немқұрайды қарады ғой, жә бәсе дей қоймады ғой, осы бір бақташы қазақты емдегенде, одан не абырой табамын деп, кергіп отыр-ау... Михаил ойы осы жорамалға ойысқан. Енді Евгений Павловичтың іш пікірін білейін, соған қарай әрекет істеп, қыбын табайын деп, Михаил қиыла бір сөз айтты:

— Осы кісіні ажалдан арашалап алып қалсаңыз, мың сан қазақ кедейлерінің алғысына бөленесіз, Евгений Павлович! — деді.

— Ауру адамды көрмей тұрып, науқасының не екенін анықтап алмай тұрып, мен не дейін, — деді Евгений Павлович, — оның бер жағында, мен болсам, айдалып келген күдікті адаммын. — Қабақ шытып түксие қалды. — Патша ағзамға қастандық жасады, патшалық тәртіпке қарсы шықты деген айыппен айдалып келгенде, енді қасақана теріс емдеп, адам өлтірді деп, мүлде құртып жіберсе...

Оспан Михаилды барлап көріп еді. Ол Евгений Павловичтің жаңағы сөзіне таңдана қоймаған сияқты. Бет әлпетінде де шұғыл өзгеріс, бөтен құбылыс көрінбейді. Демек, доктордың айтқан сөзі оған түсінікті болғаны. Оспан ой жүгіртіп қараса, доктордың жаңағы айтқандарын абайласаң, шынында да мұның өзі осал кісі емес екен. Патшаға қастандық жасап, патшалық тәртіпке қарсы шыққан нағыз батыр адам осы екен. Ендеше, бір қазақты өлімнен құтқарып алуға қалай шамасы келмейді?..

— Сендер маған таң-тамаша болып отырсыңдар ма? — деп, доктор қоңыр дауыспен сөз бастады, — Оларыңның жөні де бар. Жарайды кейін ұғысармыз... Оны қойшы. Мен сендерге бір дәлелді дерек айтайын: біздің дәрігерлік пункттегі анықталған санақ мәліметі бойынша кейінгі екі жылда осы Амантай қаласының бір өзінде әр түрлі науқастан қырық екі ересек адам, жетпіс бала өліпті. Ал енді, неше алуан жұқпалы аурулардың шығу, жайылу себептері, халықтың тұрмыс күйі осы екі жыл ішінде бірде-бір тексерілмеген. — Евгений Павлович қолының ұшымен маңдайын тіреп, үнсіз отырып қалды. — Еңбекші халық өмірінің сан қилы әлеуметтік сыр-сипатын бұл арада бажайлап айтып керегі не? Жаңағы келтірілген екі санның өзінен де көп жайлар аңғарылмай ма? Білген кісіге соның өзі де жүрек тебірентер дерек емес пе? Бір қазақ жалшысы өлім аузында жатыр дейді. Надандық құрбаны болған одан басқа адам қаншама?

Евгений Павловичтың түйдек-түйдегімен туындап, өрши бастаған ойын кенет Михаил бөліп жіберді.

— Сіз оны айтасыз, Евгений Павлович! Дәрігері, дәрі-дәрмегі бар, аз да болса өкімет қамқорлығымен пайдаланып отырған орыс қаласының халі осындай болғанда, өмірі дәрігер көрмеген, дәрінің не екенін білмейтін қазақ елінің жағдайы қандай деп неге сұрамайсыз?

— Қазақ елінің жағдайымен аз да болса танысқаным бар, — деп, доктор Михаил мен Оспанға беймәлім бір сырын ашты.

Өткен жаздың орта шенінде уездік өкімет орындарының нұсқауымен санитарлық отрядтар құрылып, барлық болыстарды аралаған, індет ауруларын тексеріп, балаларға шешек еккен. Ұзаққа созылған соғыс жағдайына байланысты ел арасында жұқпалы аурулар көбейіп бара жатқан соң, өкімет орындары бүкіл Ақмола губерниясында осындай бір «төтенше шара» қолданған болатын. Осындай бір отрядтың құрамында Евгений Павлович Атбасар, Амантай болыстарына қарасты қазақ ауылдарын аралаған. Сол сапарында патша ағзам тарапынан қандай да болса қамқорлық, игі шарапат дегеннің бәрінен де мақрұм қалған бұратана халықтың өмірімен, тұрмыс күйімен танысқан. Бір жағынан ресми түрде ешкім арнап тапсырмаса да" соңғы үш жылда әр старшин елде қанша адам өлгенін анықтап, оларды жасына, әлеуметтік күйіне қарай айырым-айырым есепке алған. Доктор төсек астындағы алпамсадай қара чемоданынан бір күрең сақтиян тысты дәптерін алып, енді соған үңіліп кетті.

— Біз аралаған екі болыста он алты старшин ел бар екен, — деді ол дәптерден көзін ала беріп. — Әрқайсысын бөлек-бөлек айтып жатпай-ақ қояйын... Әр болыста соңғы үш жылда өлген адамның санын айтсам да, елдің жағдайы содан айқын көрінсе керек. Қайдағы жоқты мылжыңдап, жолдарыңнан қалдырдым білем. — Жігіттерге кезек қарап, кідірістей берді.

— Асықпаймыз, айта беріңіз, — деді Михаил.

— Асығып отырған жоқпыз, айтыңыз, — деп, оны Оспан қостады.

Евгений Павлович мұрнының ұшына сырғып түскен көзілдірігін жөндеп киіп, тағы да дәптеріне сүзіле көз жүгіртті. Дәптер бетіндегі ығы-жығы жазулардың арасынан әлдебір ересен асыл зат тапқандай, соны алдында отырған жас достарымен бөліскісі келгендей таңдайын құштарлана шырт еткізді.

— Ел өміріне байланысты айтарым көп еді, — деді ол, — солардың ішінен, әлгі, өздерің бастаған мәселеге орайлас және менің кәсіп- харекетіме сәйкес халықтың денсаулығы жайында қысқаша мысал келтірсем деймін. Естеріңде болсын, достарым, денсаулық, тазалық дегеніңіз, халық өмірінің айнасы. Мына бір жайтты пайымдаңдар: халықтың өсуі, яки болмаса, өшуі осы тұрмыс мәдениетіне тікелей байланысты... Айта берсек, мұның өзі жуық маңда таусылмайтын тақырып. Сонымен...

— Иә, сонымен. — Михаил доктордың үзілген ойын жалғап жіберді.

— Әр болыстан жыл он екі айда орта мөлшермен екі жүз елу ересек адам, үш жүз бала өлген... Осы өткен үш жыл ішінде біз тексерген елдердің бірде-бір ауру адамы дәрігер бетін көрмепті... Бұл әңгіме жаңағы сендердің өтініштеріңнен шығып кетті-ау. Айдалып келген доктор қазақ елінің мүшкіл халін зерттеп жүр екен, оларды содан құтқарудың жолын қарастырады екен деп, әлдебіреулер ойранымды шығарып жүрер. Осы арада қалсын.

Жігіттер бастарын изеп, «сырыңызды жан баласына айтпаймыз, бізге сеніңіз» — дегенді қабақтарынан білдіріп, үнсіз елпең қақты.

— Мен елге барғанда бір ғажап жағдайды пайымдадым, — деді Евгений Павлович қабағын ашып, — болса-болмаса да елде тазалық жағы нашар ғой. Кір-қоқыс, бит-бүрге дегендеріңіз нақ Николай патшадай әмір жүргізеді екен. Түрлі аурудың көп болуы да осыдан. Бірақ осы, мен бір нәрсеге қайран қаламын. Табиғаттың тапжылмайтын бір заңды құбылысы бар. Ұлы мәртебелі табиғат жарықтық адам баласына әлемет пәле-сұмдығын аямай жібергенде, олардың уытын қайтарып, бәсеңдетіп тастайтын шипа-дауасын да белгілі мөлшерде қоса жібереді... Осындай кең жазирада көшпелі өмір сүрмесе, қымыз ішіп, ет жемесе, қазақ халқы әлдеқашан қырылып біткен болар еді деген ой келді маған. Әйткенмен де... — дей беріп, бір сөзді көмейіне таяп қойды.

Осы арада Михаил есебін тауып, сөз қыстырды.

— Айтқандарыңыздың бір қатесі жоқ, Евгений Павлович. Бұл жердің орысын да, қазағын да бұл күнде неше түрлі дерт жайлап алды.

Оспан қамыға сөзге араласты:

— Елде не көп, ауру көп, өлім көп...

— Менің білуімше, — деді доктор шамырқанып, — халықты әлеуметтік дерттен, тұрмыс ауыртпалығынан құтқаратын бірден-бір жол — революция!

Үшеуі бір-біріне үнсіз қарасып, тым-тырыс отырып қалды. Михаилдың ұғымтал сыңайына қарағанда «революция», — деген сөз оған жат емес сияқты. Оны айтқан докторға аузын ашып, көзін жұмып, сүйсініп қалыпты. Оспан болса, мына доктордың айтып отырғаны Михаилдың анада айтқан сөзімен айна-қатесіз бірдей шыққанына таңданады. Михаил да кейінгі кезде екі сөзінің бірінде «кедей-жалшыларды революция құлдықтан құтқарады, теңдікке жеткізеді» дейтіні қайда. Демек, осы екеуінің пікірі бір жерден шықты. «Әйтеуір, осы соғысқа барып келген жігіттер де, Петроградтан келген мына доктор да көп нәрсені біледі екен. Демек, олар енді революцияның қандай болатынын, қалай жасалатынын мына мен секілді жалаңаш кедейлерге жете түсіндіріп беретін шығар», — деп түйді Оспан.

— Ендігі мәселе, сендердің өтініштерің жайында, — Евгений Павлович орта жолда үзіліп қалған әңгіме желісін қайта тартты. — Былай келісейік, жігіттер. Ол кісіні мен ешкімге білдірмей көрейін де, ыңғайыма келсе, емдейін... Ал егер, науқасы асқынып кеткен болса, қолымнан келмейтін іске ұмтылмаймын... — Оның жүзінде сенім нышаны бар. Түсініксіз бірдеңені ыңылдап айтты да, шоқша күрең сақалын шошаң еткізіп, мұрнын көтере, сергек пішінмен сөзін соза түсті. — Иә, үміт, арман жақсы нәрсе... Күні бұрын түңілмейік. Әр нәрсеге ықылас керек, ыждаһат керек.

— Мен сізге бір жағдайды ескертіп қояйын, — деді Оспан қипақтап. — Ауру адам пәлендей діншіл болмаса да, құдайға сенеді, ажалға мойынсұнғыш... Сіз барғанда бірден құп ала қоймаса, оған қарамаңыз...

Михаил Оспанның сөзін еселеп жіберді:

— Қазақтар орыстың дәрігерінен кәрі өздерінің өтірікші молдаларына және тәуіптеріне көбірек сенеді.

— О дүниеге барғанда жарылқанасың, ұжмаққа барасың деп, кедейлерді тірі күнінде құдайдай байытып қойса, оларға сенбегенде кімге сенесің. — Доктор танауының астынан мырс етті. — Сонымен, жігіттер, талаптанып, тырысып көрейік. — Жылтыр қара желеткесінің жан қалтасынан күміс баулы дөңгелек сағатын суырып алды да, тырнағының ұшымен қақпағын сырт еткізіп ашып, көзіне жақындатып ұстап отырып:

— Біраз уақыт өтіп кеткен екен, сағат тоғыздан асыпты, — деді. Сағатын сырт еткізіп жауып, қалтасына салып қойды. Қорбаңдап киіне бастады. — Сол үйге барайық, көрейік...

Бұлар Сәтмағамбет үйіне бет алғанда, көшеде қыбыр еткен жан жоқ екен. Қаланың күншығыс жақ шетінен солтүстікке айналып, Амантай адырының бергі баурайындағы шеткі шолақ көшеге ойысты. Сәтмағамбет пен Далабай үйі қаланың солтүстік жақ шетінде болатын. Екеуінің үйі бір қораның ішінде. Ежелден іргесі бөлінбей, бір жерді мекендеп келеді.

Бұларды аяқ аузындай албар-қорада шынжырлы көк төбет арсылдап қарсы алды. Бейуақытта әлдекімдердің келгенін шабаланған ит даусынан білсе керек, үйден Далабай дауыстай шықты:

— Бұл қайсың, әй?

— Біз ғой! — Оған Оспан жауап қатты.

— Қасыңдағыларың кім?

— Көрмей тұрсың ба, мынау — Михаил, мына кісі — доктор.

— Доктор!.. — Қолындағы шырағдан шамның көмескі жарығын дәрігердің бетіне жақындатты. — Здрасти, доктор!..

Бұлар аман-есен айтысып, қорада сәл кідіріп қалды. Доктордың не мақсатпен келгенін білгенде Далабай аңқалаңдап, мәз болып еді. «Мен үйге барып шығайын, айтайын», — деп, шырағданын Оспанға ұстатып, үйге кіріп кетті. Лездің арасында қайта оралды. Есікті шалқасынан ашып тұрып, келгендерге «Кіріңдер!» деп ишарат білдірді.

Сонда Михаил тұрып:

— Ал, Оспан, мен кетейін, көбейіп кетсек, аурудың мазасы кетер, — деді.

Евгений Павлович Михаилдың бұл өтінішіне қарсы бола қойған жоқ.

ТҰТҚЫНДА

Оспан мен Қанипа іңір әлетінде Сәтмағамбет үйінен қайтып келіп, енді Михаил үйіне кеткелі жатқан. Күндегі әдеттері бойынша сол үйге барып түнемек еді. Қылыштарын жарқылдатып, екі урядник кіріп келді. Жыландай ысқырған, түсі суық жендеттерді көргенде Қанипаның зәресі ұшып, буын-буыны дірілдеп кетті. Оспан екеуі бір-біріне үрейлене қарасып, қалшиып тұрып қалды. Көзі шарасынан шығып, келгендерге бажырая қарай берді. Алдыңғы ұзын сары урядник қойға шапқан қасқырдай жалақтайды.

Сәтмағамбеттің күзетінде болып, түн жарымында үйге келем деген Күнбаланы ұзақ күтіп, бұлар бүгін кешірек отырып қалған. Алда-жалда Күнбала келе қоймаса, үйді кілттеп кетпек еді.

— Азамат Жаманбаев! Жоғары уездік өкіметтің келісімі бойынша, становой приставтың әмірі бойынша қазірден бастап сіз тұтқындаласыз.

— Менің қандай қылмысым бар екен? — Оспан урядник алдында безере қалды.

Урядник аяғын сарт еткізіп, қолын шекесіне қойып, сұстана: Бізге берілген құқыққа сәйкес мен сізге қылмысыңызды бұл жерде мәлімдеуге тиісті емеспін... Киініңіз, жүріңіз! — деді.

Оған қатарласа берген шот маңдай, бадырақ көз, сүлік қара, кексе урядник шегіншектеп, тартына берген Оспанды көк желкеден түйіп - түйіп жіберді. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, Оспанды сыпыра балағаттай берді.

Оспан жендеттердің қолынан жан дәрмен бұлқынып шығып, ызалана сөйледі:

— Айтып өлтіріңдерші, не жазығым бар менің?..

Шегір сары, жас урядник Оспанның қолына жармасты.

— Қылмыскер, кәззәп... Әйдә жүр!..

Бір бұрышта торғайдай бүрісіп тұрған Қанипаның көзі бұлдырап, есеңгірей берген. Өң мен түс арасындағы бұлдыр елестей тұтқиыл оқиғаға сенер-сенбесін білмей, талмаусырап кеткен. Сол екі арада урядниктер Оспанды сүйреп ала жөнелді. Қанипа дауыс қылып үйден жүгіре шыққанда,екі жендет екі ат жеккен жадағай шанаға Оспанды жұмарлай көтеріп ұрды. Шана жылжи жөнелгенде Оспанның ащы даусы шықты: «Қош бол, Қанипа! Апама сәлем айт!» Қанипа, екі көзі бұлаудай боп жалғыз қала берді. Дауыстайын деп еді, булығып үні шықпай қалды. «Қош жаным! Сен қайта айналып келгенше кім бар, кім жоқ...» — дей берді ішінен. Шана артынан бір ұмтыла беріп, тоқтай бергенде аяғын шалыс басып сүрініп кетті, қайраттанып қайта тұрды. Есі кетіп, шана артынан қарап тұрды. Ол енді түн құшағындағы бейне өліктей жым-жырт қалаға, айнала атырапқа көз жіберді. Күншығыс беткейдегі Дүбірбай белінен жоғары өрлеп, қала үстіне, жұқа қар басқан жер бетіне самарқау сарғыш сәуле шашып, толған ай көтеріліп келеді. Шарбы бұлт бүркенген, қаралы сұлудай томсарған айдың оң жағында, бұлыңғыр аспанның биік шоқтығында кішкентай жарық жұлдыз басқа жұлдыздардан алабөтен ойнақшып жалтылдайды. Оспан сонда Қанипаға бұрынғы әдеті бойынша: «Әне, жұлдызды көресің бе, жалтылдауын қарашы! Бұл сенің жұлдызың!» — деп елжіреп тіл қатқандай болады.

Қанипа әлі тұр. Оспанды бұлар қайда апарады? Табанда атып тастай ма? Әлде абақтыға жаба ма? Бейкүнә жан осымен құрып-ақ кеткені ме? Шананың шиыршық қар үстінде бұдырлы қайраққа жаныған пышақтың жүзіндей табан сырылы бірте-бірте алыстап барып, бір мезетте жым болды. Қанипа сонда ғана тәлтіректеп үйге кіріп, сипалап жүріп, өшіп қалған шамды қайта тұтатты.

Оспан Атбасар абақтысында тергеусіз, жауапсыз жатқалы екінші айға айналған. Декабрь айы бұл өлкеге биыл үскірік аязы мен сұрапыл боран-шашынын ала келген. Тасболат абақтының іші-тысын бірдей қолдың саласындай жұмыр темірмен торлап тастаған алақандай жалғыз терезесінен жарық дүниенің сәулесін көрмейсің. Бір кісілік суық камерада азап шегіп, жаны күйзелген Оспан қу сүйектей қаусап қалды. Абақтының тұтқындарға беретін тамағы әрі тапшы, әрі кенеусіз. Күн өткен сайын Оспан әлсіреп, көтерем болуға айналған. Абақты тәртібі бойынша тұтқындарды он күн сайын дәрігер көреді екен. Ең соңғы көргенінде дәрігер Оспанға ұзақ аялдап, айналдыра қарап, денсаулығын мұқият зерттеген. Қағазға оралған ұнтақ сары дәрінің біреуін сол арада ішкізіп, бес күн бойына іш деп, бірнешеуін беріп кеткен. Дәрігер арада он күн өткенде Оспанды тағы да қараған. «Таза арық» деп тауып, үш кісілік камераға шығартқан. Оспан оңаша қараңғы камерада жатқанда, «тым болмаса, көпшіліктің арасында болмадым — ау, солармен бірге шеккен азабым онша білінбес еді», — деп қатты назаланатын. Енді мына үш кісілік камераға көшкен соң, жарық дүниеге шыққандай әжептәуір еркіндеп қалып еді.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ. Өмірінде біреудің ала жібін аттап көрген жан емес. Өңшең зұлымдардың жаптым жала, жақтым күйесімен жазықсыз тұтқындалды. Тіпті солардың не деп жала жапқандарын, не айып тағатынын осы күнге шейін ныспы білмейді. Аудара қарап, ақтара тексеріп, ақты-қарасын неге ашпайды екен? Қанипа не күйде? Аралбайлар ол сорлыны шырылдатып алып кетті ме екен? Шешесі қайда? Бишара қайғыға шыдай алмай өліп кетті ме? Сенімді жалғыз қайнағасы Қасболат та қарасын көрсетпей кетті. Аман болса ат ізін салатын кезі болып еді, төтеннен бір пәлеге ұшырап қалды ма, кім білсін. Бір келсе осы келер-ау деп көңіліне ток санайтын жанашыр досы Михаил Захаровтан да хабар-ошар болмай кетті. Осыны ойлағанда Оспан ұйқы беріп, қайғы алып, қатты қиналатын.

«Абақтыға не қылмысыңмен түстің?» — жаңа камерадағы екеудің алғашқы келген күні Оспанға қойған бірінші сұрағы осы. Әсіресе, жасы отыздар шамасындағы орта бойлы, дембелше, қысық көз, қара сұр жігіт Оспанды осы бір ілгешек сұрақпен мазалай берген. Бұл жігіт Оспан келген әзірде өзін: «Ұлтым шуваш, атым Тимофей, әкем аты Яков, фамилиям Елтизов» деп таныстырған. Айтып отырса өзінің әкетіп бара жатқан пәлендей қылмысы жоқ екен. Өз деревнясындағы бір бай адамның арғымағын өлтіріп қолға түсіпті. Оспанның «абақтыға жазықсыз түстім» — дегеніне Елтизов әсте нанбай-ақ қойды. Ол қайта-қайта қузап сұрап, ақырында Оспаннан бөтен жауап ала алмаған ғой, қолын бір-ақ сілтеп, көңіліндегі күдігін табанда айтып алды:

— Оһо, жігітім! От тұтанбаса түтін қайдан шығады, қалай десең де бір шатағың бар ғой, әшейін біздің алдымызда қойдан жуас бола қалдың ғой, — деді. Тимофейдің ойынша қылмыс істемеген адамға ешкім тимейді. Сонда оның қасындағы істік мұрын, сопақ бас, секпіл бет, мосқал сары Харитон Крылов дүрсе қоя берді:

— Тимофей, сен осы арада теріс кеттің. Сен мәселеге кіл өз биігіңнен қарайсың да, тым жеңіл пайымдайсың. Байқаймын, ген, біздің жаңа көршіге сенбейсің, оны қой терісін жамылған қасқыр дегің келеді. Қайдан білесің, бұл жігіт абақтыға жазықсыз-ақ түскен шығар. Сен сөзге тоқта, Тимофей. Православный дінінің пендесімін, Айсаның үмбетімін деп мұрныңды көтере берме. Діні басқа адамның тіліне сенбе, не айтса да мансұқ ете бер деген рауаятты сен Інжілдің қай жерінен оқып едің? Қылмыс істемеген адамға ешкім тимейді дейсің. Түбірімен қате. Осы заманда жазықсыз зәбір көргендер, айта берсең, құрып кеткендер аз ба?

— Сіз адасып кеттіңіз, Харитон ағай! — Елтизов оң қолының торт саусағын жұмып алып, шынашағын шошайта қойды. — Ең азы мынаның ұшындай қылмысы жоқ адамды ұстамайды. Біз мұны абақтыға жаламен түскен екен дейік, тіпті жеңіл-желпі қылмысы бар екен дейік, сонда өзіңіз ойлап қараңызшы, екі ай бойына мұны жеке камераға неге қамайды? Бұл жігіт бізден қылмысын жасырады. Кім біледі, бәлкім, саяси іске қатысқан себепті ұсталған шығар.

Крылов түксиіп, қолын сермеп қалды.

— Жап аузыңды, ондай сұмдықты айтпа. Менің адам танитыным рас болса, құдай біледі, осы жігіт, ондай қиын іс түгіл, басқа біреудің бір тілім нанын да тартып жемеген болар... — Осыны айтуын айтса да Крылов әлдеқандай сындарлы пішінмен Оспанды бастан-аяқ барлап өтті. Оның ойсыраған жүдеу кескінінен, жаудыр қара көзінен терең сыр іздеген әлпеті бар.

— Айталық, сені абақтыға жаламен түскен екен дейік. — Елтизов Оспанды онан әрі қузады. — Қалай дегенмен де, жала жабуға да бір себеп керек емес пе?

— Осы сөзіңіздің жаны бар, — деді Оспан. «Манадан бері осыны неге сұрамайсың?» — дегісі келіп, оны көмейіне таяп қойды. Ол енді Бойковтың Жәукені өлтіргенін, Қанипа басына байланысты шынайы жағдайларды қысқаша баяндап жаңа серіктерінің көзін жеткізгендей болып еді.

Бұл әңгіме осымен тынып, үш тұтқын ұйқыға кеткен.

Арада тағы да бірнеше күн өтті.

Крылов пен Елтизов камерада отырғанда қайдағы бір қиын сөздермен тұспалдап, жұмбақтап сөйлейді. Тимофейдің анадағы «саяси іске қатынасқан шығар» дегені жатса-тұрса Оспанның есінен кетпей қойған. Мұның өзі тегінде Оспанға жат ұғым. Әйткенмен, зердесіне шым-шымдап кіріп, санасына қона қалған осы бір қиын сөздердің түпкі төркінін жете ұқпаса да, осының өзінде Михаил досы айта беретін «астыртын топ», «патшаға, байларға қарсы күрес» деген сияқты құлағы қанған кәнігі сөздерге жанама ұқсастық бар секілді болады да тұрады. Сонда да сыралғы болмаған, мінез-құлықтарын біліп жетіспеген адамдарға бұл ойын қазір айта қоюдың жөні жоқ. Осы бір жаңа сөзге түсінбей жүрмін, соны маған ұғындырып беріңізші десе, әсіресе қуақы Елтизов оған сене қоймас. Жорта көлгірсисің деп, күстәналап тастауы да кәдік. Оңы мен солын танымайтын миғұла бола қалғанын қарашы деп ағаш аттың басына мінгізсе, Оспан оған не демек?

Дес берісі, бүгін түскі тамақтан ананы-мынаны айтып, серпіп отырып, осы әңгімені Елтизовтың бастағаны бар емес пе? Ол ұстараның жүзіндей қылпылдап, Оспанды тағы да жылыдай қолға алды.

— Дәйім тымыраясың да отырасың, — деді ол, — сенің ішіңде талай сырлар шіріп жатыр ғой, ә? — Добалдай сұқ саусағымен Оспанның кеудесін зілсіз нұқып қойды. — Мына жерді жарып кеп жіберсе, бұрқ етіп шығар еді-ау, ә?

Крылов қалың қабағын жиырып Елтизовты зекіп тастады:

— Сен өзің барып тұрғай қылжақ бас екенсің, Тимофей! Тоқтат деймін. Бұл байғұсты неге әурелей бересің?..

Анау тіпті әкесі айтса да тыңдайтын емес. Көзі жайнап, Оспанға шұқшиды.

— Сен бізден сырыңды жасырма, жігіт... Адал дос болғың келсе, ішек-қарныңды ақтар.

Оспан сабырлы сыңаймен байсалды жауап қайтарды:

— Тимофей, сен мені осы сұрағыңмен көптен бері мазалай бересің. Мені саяси іске қатынасып, қылмысты болған адам деп ойлайсың. Бар шынымды айтып едім ғой, қыз алып қашам деп, жазықсыз жазалы болдым дегенім қайда?..

Крылов Оспанды қостай кетті:

— Бәсе деймін-ау. Осы жігіт бар шынын айтып еді ғой. Бұл әңгімені неге доғармайсың, Тимофей?..

Оспанның өңі құбылып, көзі тұна қалды.

— Мен, сірә, жасымнан байлардың малын бағып, шаруасын істегеннен басқа түк көрмеген адаммын. Саяси іс деген немене өзі? Соны маған ұғындырып берші...

— Рас айтасың ба? Саяси істің не екенін білмейсің бе? Оны мен білмейтін едім. — Ол Крыловқа қуақылана қарап, аз-кем жымыңдап отырып қалды. Крылов оның қорғанып отырғанын аңғарып, «Мейлің айта бер!» — деп басын изеп, көзімен ишарат білдірді. Елтизов енді жер-дүниеде білмейтіні жоқ ғұлама ұстаз кейпіне кірді. Даусын төмен ала, байыппен сөйлеп кетті:

— Сол саяси іс дегеніңді осы абақтыға түскенге шейін кім білген. Байлардың малын бағып, шаруасын істегеннен басқа мен ие көрді дейсің? Оны маған мына Харитон ағай үйретті.

— Сен сөзді көбейте бергенше білгеніңді Оспанға түсіндіріп айтып бер, — деді Крылов.

Тимофей кір басқан қоңыр-сары түсті кең көйлегінің жағасын ағытып, екі жеңін білегінен асыра түріп алды. Оспанның қасына жүресінен отыра қалып, оның иығына қолын артып, бетіне тесіле қарап сөзге кірісті.

— Мәселен, патшаны, байларды құлату үшін екеуміз сияқты кілең кедей-шаруалар, екі қолының күшінен басқа түгі жоқ, мына Харитон ағай сияқты жұмысшылар бірігіп күреске шыққан екен дейік... Оларды білгіш азаматтар бастайды екен дейік... Саяси іс, саяси күрес дегеніміз сол... Мұны сен ұғып ал...

— Жігітім сен, Тимофейдің пікіріне қалай қарайсың? — Крылов маңыздана қозғалды. — Оның жаңағы айтқаны миыңа қонды ма, әлде бір құлағыңнан кіріп, екінші құлағыңнан ағып кетті ме?..

Оспан екі қолын айқастыра қусырып, тізерлеп отыра қалды.

— Түсіндім, ұқтым, құп аламын, — деді.

Оспанның «түсіндім, ұқтым» дегеніне күмән келтірді ме, не болмаса, нығырлай түскісі келді ме, кім білсін, Тимофей жып ете қалды:

— Түсінсең менің жаңағы айтқандарымды қайталап айтып берші...

Харитон сөзге араласты:

— Мезгілсіз шақырған әтештей қақылдамашы, Тимофей!.. Бұл жігітті бір күнде қып-қызыл революционер қып шығарғың келе ме?

Тимофей мұратына жеткендей күлім қағып, тынып қалды. Оспанның ойы онға, санасы санға бөлініп, лайсаң өкінішке тап болды. Тимофейдің саяси күрес, саяси іс жайындағы көңілге қона кеткен тартымды пікірі ой-қиялын тебірентіп, талай саққа жүгіріп еді. Бір кезде Михаил жан сала әрекеттенген астыртын топқа жөнді араласа алмай, сол қиын істің басы-қасында бола алмай, тұтқиылдан жабылған жаланың кесірінен абақтыға түскеніне өкінді. Енді жақауратып, өзінің Амантайдағы саяси іске жөнді қатынаса алмай, арманда кеткенін серіктеріне білдіруге көңілі кетті. Осылай етсем бұлар да өздерінің сырын ашар, ағынан жарылар деген шешімге тоқырай берді.

— Мен сендерге сыр шертейін, — деп бастады ол, — «саяси күрес», «саяси іс» дегеніңді көңілге тоқып алдым. Ал, енді осының өзі менің бір өкінішімді қозғап жібереді. Енді сендерге шынымды айтайын. Мен сол өздерің айтып отырған саяси күреске жөнді араласа алмай, жазықсыз күйіп кеттім.

Тимофей мына жігіттің сыры енді ашылды дегендей, қулана көзін қысып, Харитон ағайға ым қақты. Харитон ағай тышқан аңдыған мысықтай арқасын күжірейте, аспан түстес үлкен көк көздері оттай жайнап атылып тұрды. Алдында сұлық тұрған Оспанға ербиген түкті қолын созды.

— Нағыз шыншыл жігіт екенсің... — Күс басқан жалпақ алақанымен Оспанның алақанын шарт еткізіп, қолын қысып-қысып жіберді.

Бір жағынан Тимофей қауқылдап сөйлеп жатыр:

— Бәсе, осы жігіт тегін адам емес деп едім ғой... Бір есептен осының да дұрыс. Сырын білмеген адамдарға бірден лақ ете қалмағаның да жөн...

— Абақтыдан жаның қалса, сүйіп қосылған жарыңмен қауышарсың, саяси күреске де қатынасарсың, басың жас қой, бәріне де үлгересің, — деді Харитон ағай мұңайып. — Сен саяси іске қатынаса алмай кеттім деп өкінесің. Бастаған ісімді орта жолда қалдырып, суаттың жарығына ұмтылған балықтай қармаққа оңай түсіп қалған мені айтсаңшы...

Харитон ағай қармаққа оңай түсіп қалдым дейді. Демек, бұл кісінің патшаға, байларға қарсы ұйымдастырған астыртын тобы әшкерленіп қолға түскен екен. Ендігісін жата-жастана өзі де айтар деген ойға сайды Оспан.

Оспан Михаилдардың жағдайын бір шама жеткізе баяндап берді.

Харитон ағай атылатын арыстандай арқасын күжірейтіп, қос жұдырығын тастай түйіп алып, көзінен от шашып, түк басқан сопақ бетін жиыра:

— Ех! Сол иттің балаларын шетінен қырар ма еді, — деп еді, Тимофей Харитон ағайдың ыза-кегін еселеп, жігеріне жігер қосқысы келгендей, оның қимыл-әрекетін айнытпай қайталады.

— Атаңа нәлеттерді менің қолыма берсе, үстеріне керосин құйып өртер едім, — деді Тимофей, шиыршық ата ұмтылып барып, оймен бейнелеп алған Оспанның қанқұйлы жауларын көзінің алдына келтірді де, ерсілі-қарсылы қолын сермеп, біреуін олай, біреуін былай жайқап тастады.

Жаңа серіктерінің жау сыртынан жұдырық көрсетіп, босқа арам тер болғаны әдепкіде Оспанға бір түрлі одағай көрініп еді. Ақылға салып қараса, осының өзі тілегі бір, намысы бір, мұңдас жандардың дос ниетінен туған бейнелі әрекет екен.

Бұлар үнсіз отырып қалды. Күндіздің өзінде іңір қараңғылығындай бұлыңғыр сәуле басқан сұрқай камера іші өліктің табытындай, мына тымырсық ойға шомған үш тұтқын сол табытқа телмірген қаралы жандар секілді.

Сабасына түсіп, салдарлы қалпына келіп алған соң Харитон ағай Оспаннан:

— Хат танисың ба? — деп сұрады. Бұл да бір қызық сұрақ. Бер хат танитын болса, қиынырақ бірдемелерді айтқысы келе ме екенсің?

Орысша хат танимын, есептің төрт амалын білемін, — деді Оспан.

Тимофей сөзге килікті:

— Өзің жалшы, жасыңнан байлардың малын бақсаң, оқуды қайдан оқып жүрсің?

— Бұл ретте мен өзіміздің қаладағы мейірімді бір қарт мұғалімге борыштымын, — деді Оспан.

— Бұ да жөн, — деді Тимофей күрсініп.

— Мен сенен қазір емтихан аламын, — деді Харитон ағай күліп. Кенеп шалбарының қалтасынан бір қарындаштың тұқылы мен бір жапырақ кірлі қағазды алып, камераның қабырғасына төсеп тұра қалды. Тұқыраңдап жаза бастады. — Мә, сен сауатты болсаң, мынаны оқышы. Даусыңды шығарып оқы.

Оспан алған бойда қағазға бірден көз жүгіртіп етті де, тамағын кенеп, дауыстап оқи бастады:

— Пролетарий, всех стран, соединяйтесь!

Өлеңдей нәшіне келтіріп, салмақты оқығанына Харитон ағай сүйсініп, қолын шапалақтап:

— Міне, жігіт! — дегенде, оған ілесе Тимофей күмбірлете жөнелді:

— Пролетарий, всех стран, соединяйтесь!.. — Ол Оспанға жалт бұрылып, кеудесін кере, кердеңдей сөйледі: — Сен осының мағынасына түсінесің бе?..

— Түсінгенде қандай, — деді де, Оспан әлгі қағазды Харитон ағайға ұсына берді. — «Бүкіл жер жүзінің езілген жалшылары бірігіңдер, патшаға, байларға қарсы күреске аттаныңдар», — деп тұрған жоқ па?..

Сол екі арада камераның темір есігін салдырлатып ашып, надзиратель кіріп келді.

— Түскі тамаққа дайындалыңдар, ыдыс-аяқтарыңды әзірлеңдер! — деді ол, камераны көзімен тінтіп.

ДОС КӨТЕРЕР КӨҢІЛДІ

Он жетінші жыл басталған. Қысылшаң қыс қаһарына мініп, жан-жануар атаулыны қыспаққа алған шақ. Қар жамылып, мұз құрсанған шағын қала өзінің әлім-берім табиғи көркінен айырылып, бұйығып, бұғып қалған. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран басталғалы төрт күн.

Үйренісе келе Оспан Харитон ағайдың не себептен абақтыға түскенін, түпкі мекен-тұрағын анықтап біліп алған. Харитон Карпович Крылов Омбы қаласындағы кеме жөндейтін заводтың жұмысшысы екен. Осы заводта табан аудармай жиырма жыл жұмыс істепті. Патшаға, байларға қарсы күресу мақсатымен ұйымдасқан астыртын үйірмеге қатынасыпты. Бұл үйірмені саяси қылмыспен Сібірге жер аударылған, Москва жұмысшысы Корней Борисов басқарыпты. Оның бүркеншік аты Вася екен. Сондықтан да үйірме мүшелері ол кісіні Вася ағай деп атап кетіпті. Үйірмеге қатынасқан кезінде Вася ағайдан оқыған саяси сабақтарын, оның аузынан естіген қызық әңгімелерін Харитон ағай Оспанға жырдай әсемдеп айтып берген. Одан Оспан бірсыпыра жәйттерді көңіліне тоқып алған-ды.

Ленин бастаған большевиктер партиясы жайында, олардың патша өкіметін құлатып, жұмысшылар мен шаруаларға бостандық әперу жолындағы саяси күресі жайында Харитон ағай Оспанның көкірегіне құйып берген.

Күндердің бір күнінде, бір арандатқыш сұмның кесірінен Вася ағайдың саяси үйірмесі әшкереленіп, белсенді мүшелер түгел тұтқынға алыныпты. Харитон ағайды өткелектен өткізіп әкеліп, Атбасар абақтысына қамапты. Мұнда тергеусіз жатқанына табаны күректей төрт айдан асыпты.

Харитон ағайға: «Патшаға, патшалық тәртіпке қарсы болдың, жұмысшылар арасына іріткі салдың», — деген айып тағылыпты.

Тимофейдің жөн-жобасы, айыбы Харитон ағайдан мүлде басқа. Ол осы камерада Оспанмен алғашқы танысқанда «селодағы бір орыс байының арғымағын өлтіріп қолға түстім» деген жоқ па еді. Сол айтқаны шын екен. Тимофейдің анада Оспан алдында саяси күрес жайында суырыла сөйлеп, бұлбұлдай сайрағаны, білгішсініп ақыл айтқаны, — Харитон ағайдан үйреніп алған жаттанды сөздері екен. Елтизовтың мән-жайымен танысқанда Оспанның ұққаны мыналар: Атбасар қаласының оңтүстігінде тоқсан шақырым жерде Тілекей дейтін үлкен село бар. Мұның өзі бір жағы сонау оңтүстік-батыстағы итарқасы қиян алыста жатқан Қарсақпай, Ұлытау, күншығыс жағындағы әйгілі Теңіз, Қорғалжын көлдері, оңтүстігінде Қарақойын, Қашырлының жалпақ даласын мекендеген қалың қазақ елінің ортасындағы ат төбеліндей жалғыз село. Айтып отырса Тимофейдің түпкі мекен-тұрағы осы Тілекей екен. Әкесі марқұм Яков Гаврилович осыдан отыз жыл бұрын ішкі Россиядан қоныс аударып көшіп келіпті. Бұл жерге келген жылдың қысында, құдайдың әмірі бойынша Тимофей дүниеге келіпті. Сорлы Яковтың қолына қараған алты бірдей тамақ иесіне тағы да бір қолақпандай тамақ иесі қосылыпты. Әкесінің өмірі жалшылықта өтіпті. Тимофей мұны Оспанға қамығып отырып айтқан. Әкесі бұрнағы жылы алпыс бір жасында көкірек ауруынан қайтыс болыпты. «Артымда өлмелі кәрі шешем, әйелім, үйелмелі-сүйелмелі бес балам қалды». Осыны айтқанда Тимофей көзінің жасын төгіп-төгіп жіберген. Ол сонда байдың арғымағын не себептен өлтіргенін бажайлап айтып берген. Қожайыны Никанор Балашов барып тұрған қатыгез, сотқар адам екен. Тимофейдің әкесі осы байдың есігінде ұдайы отыз жыл жалшылықта жүріпті. Тимофейдің өзі де қарашадайынан әкесімен бірге Балашовтың малайы болыпты. Өмір бойы ауыздары асқа, иіндері киімге жарыған емес. Шықпа жаным шықпамен азап шеккен Тимофей кекшіл боп өскен. Әкесі өлгеннен кейін бір үйлі жанның бар ауыртпалығы өз мойнына түскен соң ашынып, арпалысып күн кешірген.

«Иттің баласы Балашов әкем қайтыс болғанда табытына жабатын бір көз шүберегін де қимады, үйімізге кіріп те шыққан жоқ», — дейді Тимофей. Оның Балашовқа деген нағыз өшпенділігі осыдан басталған екен. Балашов қит етсе Тимофейді жәбірлеп, таяқтың астына ала бастайды. Бір күні Балашов ат қораны оңдап тазаламадың, аттардың сұлысын ұрладың деген сылтаумен Тимофейді көк ала қойдай қып сабаған. Тимофей аузы-мұрны қан болып үйіне келіп, сылқия ішіп алған. Әкесінің болат пышағын лапылдатып қайрап алып, түн ортасы кезінде, шала есті күйінде байдың ат қорасына барған. Он екі аттың ішіндегі ең қадірлісі есік пен төрдей көк арғымақтың тірсектерін қиып жіберіп, тайып тұрған. Ертеңіне көк арғымақтың қан-жоса боп қиралаңдап жатқанын көргенде Балашов жынданып кете жаздаған. Ай-түйеге қарамай Тимофейді бас салып, соққыға жыққан. «Көк арғымақты құртқан сен, өлтіремін, көзіңді жоямын», — деп есін шығарған. Құдай атымен, Інжіл атымен ант-су ішіп, танып еді, оған Балашов қайдан илансын. Дереу акт жасап, Тимофейді приставқа ұстап берген. Ақырында бес айдан бері абақтыда сотсыз жатқаны мынау. «Әйтеуір қолымды былғаған соң сол Балашов иттің өзін өлтіріп-ақ сотталып кетпеген екем», — деп кіжінеді.

Басынан кешірген қысталаң оқиғаларды Оспанға баяндап бергенде Тимофей әлдеқандай ғажайып ертегі айтқандай аузының дәмін алып, тамсанып қойған. Оның бұл әңгімесіне бұрыннан құлағы қанған Харитон ағай оған пәлендей мән бере қоймай, көңіл қалмас, көйлек жыртпас. сыңаймен селқос тыңдаған. Оспан болса, Тимофейдің әңгімесіне аузын ашып, көзін жұмып, әр сөзін көкейіне құя берген.

Әңгіменің ақтығында Тимофейге Оспанның бар айтқаны:

— Кісі өлтірдің не, байдың атын өлтірдің не, бәрібір аямайды сені, байдың бір малын адам құнына балайды, тәуекел деп, сол Балашовтың өзін жамсатпаған екенсің...

Тимофей түсі бұзылып:

— Абақтыдан аман шықсам, Балашовтың көзін құртамын, осы Харитон ағай бірдеңе білетін болса, асықпай тұра тұр, патша мен байлардың құритын мезгілі онша алыс емес...

Харитон ағай қолын шапалақтап, дөңгелене билеп кетті:

— Азаттық күнін сабырмен күтейік, жолдастар!..

Абақтының ақпайтын қара судай кілкіген бір өңкей азапты өмірі баяу жылжып өтіп жатыр. Бара-бара, үйренісе келе жүректері жалғасып, тілек-мақсаттары үйлескен, бір әке, бір шешенің баласындай боп кеткен үш тұтқын бір үзім қара нанға шейін бөле жейтін болған.

Кейінгі аптада бір-екі рет шақырып, тергегені болмаса, Оспанды жуыр маңда соттай қоятын түрлері көрінбейді. Тергегенде де таққан айыптары өрескел: «Жәуке қызы Қанипаны зорлап алып қаштың, ауылдағы бұзықтарға бас болып, Семен Бойковтың пішенін өртедің, екі атын ұрлап, сіңіріп кеттің», — дейді. «Қылмысыңды мойныңа ал, тергеу қағазына қолыңды қой», — деп дікектеген. Тергеушінің таққан айыбына қарсы дау айтып, осының бәрі өшіккен жаулардың шылғи жаласы екенін дәлелдеп берген. Өлтірсеңдер де істедім деп мойныма алмаймын деп, қарысып отырып алған. Оспанның бұл батыл әрекетіне Харитон ағайдың өлсең де өтірік жалаға көнбе деген ақылы бір жағынан қамшы болған.

Абақтыда бір мезгіл көңіл көтеріп, уақыт өткізудің әр алуан тәсілі бар. Әрқайсысы өзінің бастан кешіргендерін, бала шағында, жігіт кезінде көрген-білгендерін өңдеп, үстемелеп, бірінен-бірін асырып айтады. Тұтқын жандар, әсіресе қанша айтсаң да бір тозбайтын, тыңдаушысын ғажайып бөтен дүниемен мидай араластырып жіберетін ертегілерге көбірек үйір. Ертегі айтуға Харитон ағай мейлінше шебер. Ол ертегіні қара жаяу қалпында айтпайды. Ертегі оқиғасына қатынасатын адам ба, құс па, жыртқыш хайуан ба — әрқайсысының қимыл-әрекетін, мінезін көзге елестетіп, солар болып өзі сөйлеп, ойнап кетеді. Сонда камера іші кіші-гірім циркке айналады.

Мұндайда білген адамға еліктей білген де жақсы. Жақсыға еліктесең, оның бойындағы асыл қасиеттерін өз бойыңа дарыта білсең, сенің де осал болмағаның. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді. Халық айтса қалт айтпайды. Тимофей мен Оспан да бара-бара Харитон ағайдың өнерін үйреніп, жақсы сөздерін қайталап айтатын болған. Тіпті өздері де ертегілердің кейіпкерлері болып ойнай бастаған. Харитон ағай бұлардың ұтқырлығына, ұғымдылығына есі кете қуанатын. Тимофейді Көкжал бөрі, Оспанды Иванушка деп атап кеткен.

Ертегі жайы бір басқа. Күндегі көрген түстерін бір-біріне жорыту қапастағы үш тұтқынның дағдысына айналған. Адам өмірі күрделі де қызық қой. Жақсы түс көрсең жаныңа қанат бітіп, кенеліп қаласың, барша мұратыңа жеткендей жадырайсың. Азап-машақаты, дүрбелең-арпалысы коп жайсыз түс керсең жаның жасып, мұқаласың, қарадай қажисың. Шартараптан тағдыр қосқан үш тұтқын бір-бірінің көрген түстерін көбінесе жақсылыққа, қуанышқа жориды да, соның өзінен қам көңілдеріне шарапат табады.

Камера іші қара көлеңке. Мезгіл бағдары белгісіз. Тұтқындардың ұзақ күнді шамалайтын үш түрлі белгісі — таңертеңгі ас, түстік ас, кешкі ас. Олар күні мен түні бірдей қапас өмір мөлшерін осылай шамалап үйренген.

Бұлар түскі тамақты ішіп, тас едендегі жалаң қабат төсектеріне қисайып жатыр еді. Бір мезгілде Оспан кенет селт етіп, төсектен басын көтерді де, өткен түнде көрген түсін серіктеріне айта бастады.

...Жаз мезгілі. Үшеуі осы қараңғы камерада жатыр екен. Тыста жаңбыр жауып тұрса керек. Күннің күркірегені, найзағайдың шатырлағаны құлаққа келеді. Айқыш-ұйқыш темір торлы кішкентай терезенің бір жақ тұсында биік темір басқыш пайда болды. Оспан жалма-жан тұра салып, сол басқышты камераның ішкі қабырғасына жанастыра сүйеп қойды да, үстіңгі жағына тез өрмелеп шығып, терезеден сығалап қарап тұрды. Темір тордың арасынан қолын тығып терезені итеріп қалып еді, әйнегі күл-күл болып сыңғырлап жерге түсті. Ендігі сәтте бар пәрменімен темір торды жұлқылап еді, сымдай майырылып, быт-шыт болды. Оспан енді терезенің үңірейген орнына басын сұғып, сыртқа еркін көз жіберді. Абақтының іргесінде әлдебіреу қараңдап жүр. Кей мезетте абақты іргесінен сәл алыстай бастағанда адам бейнесі үлкейіп көрініп қалады. Әрлі-берлі сенделіп жүргеніне қарағанда, абақтыдағы тұтқындардың біреуіне алыстан әдейі келіп, кездесе алмай әуре-сарсаң болған адам тәрізді.

Төменгі жақтан «Оспан!» — деген ащы дауыс шықты. Сол-ақ екен, Оспанның жүрегі алып ұшып, буындары дірілдей бастады. Камера іші жап-жарық боп жүре берді. Жаңағы дауыс Оспанның атын үш дүркін қайталады. Михаил досының даусы. Денесі бір қызып, бір суып, маңдайынан мұздай тер бұрқ етті.

— Оспан! Мен сені іздеп келдім. — Михаилдың даусы саңқылдап шыққанда Оспанның көзінен қос тамшы жерге домалап түсті.

Оспан мойнын созып сыртқа қарап еді, найзағай оты бір жарқ ете қалғанда Михаилдың бейнесі көрінді. Жаңағы бей не борай жауған нөсер жаңбырға көміліп, көрінбей кетті.

Оспан қатты дауыстады:

— Михаил! Мен осындамын.

Анадай жерден Тимофей сөйлеп жатыр:

— Әй, Оспан! Саған не болған? Немене, көзіңе сайтан елестеп тұр ма?

Харитон ағай оған ұрысып тастады:

— Өзің қызық екенсің, Тимофей... Сенің-ақ ойының тасып тұрады-ау, ылғи. Оспанда сенің нең бар? Сыртта бір жаным адамы келіп тұрған шығар...

Оспан бұларға ұн қатпады. Бұрылып қараған да жоқ. Есіл-дерті далада. Ол жаңа Михаил досының даусын естіді ғой. Енді оның жүзін анықтап көргісі келіп, ынтығып тұр. Ай-түйге қарамай қатты дауыстады:

— Михаил! Мен терезенің тұсында тұрмын. Бері кел... — Қолын созып сыртқа шығарды.

Михаил Оспан қолының бағдарымен үңірейген терезенің алдына келіп, абақтының іргесінен сәл әрірек барып тұра қалды.

— Мен сені көріп тұрмын, Оспан!

— Мен де сені көріп тұрмын! — Оспан терезеден басын сұғып, қол бұлғады.

— Мен сені абақтыдан шығарып алғалы келдім...

— Қашан шығамын?..

— Шыда, шыда, Оспан! Кешікпей құтыласың...

Оспан қорғасындай балқып кетті. Құстай ұшып келіп, орнына отыра қалды. Харитон ағай мен Тимофей оны айнала қоршап алып, көрген-білгендерін сұрай бастады...

Таңертеңгі асты ішіп болып, күндегі әдеттері бойынша әңгіме дүкенін құруға кіріскенде, Оспан, ең алдымен, өткен түнде керген осы түсін серіктеріне бастан-аяқ айтып беріп еді.

Тимофей Оспанды ажуалап жатыр.

— «Аш адамның түсіне өлі балық кіреді» деген емес пе...

— Сен олай деме, Елтизов, — деді Харитон ағай зілдене.

— Адам өңінде не ойласа, нені арман етсе, түсінде соны көреді...

— Ойнап айтам, — деді Тимофей, — мен жақсылықты Оспаннан аяйды ғой деймісің? Ылайым арманына жетсін.

— Арманыма жетермін, жетпеспін, әйтеуір, түсімде болса да досымды көріп бір жасап қалдым, — деді Оспан.

Камераның темір есігі сарт етіп ашылып, ар жағынан таныс күзетші шал көрінді. Тұтқындар оған телміре қарай қалды.

Күзетші қорбаңдап кіре бере:

— Тұтқын Жаманбаев! Бері кел! Мә, бір жігіт саған сәлемдеме беріп кетті, — деді де, ақ шүберекке ораған кішкентай түйіншекті қолына ұстатты. Есікті қатты жауып шығып кетті.

Оспан түйіншекті кеудесіне баса ұстап, камераның ортасында тұрып қалды. Серіктері оны айнала қаумалай берді.

— Сен бүгін олжалы болдың ғой, Жаманбаев, — деді Харитон ағай.

Бір жағынан Тимофей қылқылдады:

— Биле, Оспан!..

— Ой, Тимофей, биіңді қоя тұр сен, — деді Харитон ағай, — әуелі түйіншекті шешіп көрсін де... Ішінде не бар екен?..

Оспан жерден жеті қоян тапқандай жайнаңдап, түйіншекті шешті де тізерлеп отыра қалып, еденге жайып тастады.

Дөңгелек булка нанды алып былай қойды.

— Мынау орыстың қасиетті наны. — Кендір жіпке сабағынан тізген бір топ пиязды салмақтап ұстап отырып, құшырлана иіскеді де, нанның қасына тастады, — Мынауы асқа тәбетіңді келтіретін қышқыл зат. — Қос алақандай шошқаның майлы қыртысын нанның үстіне тастап, саусағының ұшымен нұқып қойды. — Мынау Айса пайғамбар үмбеттерінің сүйікті тамағы. Мұнымен мен де таныспын...

Харитон ағай Оспанға жымыңдай қарап:

— Бұл сәлемдемені кімнен келді деп білеміз? — деді.

Бір бүйірден Тимофей қылқылдай қалды:

— Бәсе деймін-ау, аты-жөні жоқ, томаға-тұйық, не қылған сәлемдеме?

Бұл сәлемдеменің иесі Михаил Захаров екенін Оспан бірден-ақ білген. Сонда да болса бұл орайда серіктеріне ләм-мим демей, булка нанды қолына алып, аударып, төңкере бастады. Әлдене іздегендей нанның әр жерін сұқ саусағымен түрткілеп, алақанымен басып көрді. Осы нанның ішінде хат бар шығар деген үміттен де құр емес.

— Нанды бері әкелші, бар болса, іздеген нәрсеңді дереу тауып берейін. — Тимофей нанды Оспанның қолынан жұлып алды.

— Байқа жігітім, сақ бол! — деді Харитон ағай қуланып, — нанның арасында бомбасы болып жарылып кетіп жүрмесін... Құдай сақтасын, онда осындағы барлық тұтқындармен қоса патша ағзам хазіретінің мына қасиетті алтын сарайы да көкке ұшады...

Тимофей Харитон ағайдың бұл сөзін шын көріп, тыржың етті.

— Сен де қайдағы жоқ сұмдықты айта береді екенсің, туысқан, нанның арасына бомбаны кім тығады? — Вулканы тізесіне қойып, ортасынан қақ бөлді. — Ойбай, мына қара, шикі ғой мынасы? — Шала тобырсыған қамырды езгілей берді. Екінші бөлігінің арасынан жұмырлап ораған қағазды сопаң еткізіп суырып алды. Ұнға шыланған қағазды Оспанға ұсына берді. — Көрдің бе, кім салса да шебер екен, айлакер екен, ішіндегі қағаз күймесін деп нанның сыртын шала тобырсытып қойыпты... Кәні, не жазған екен? Бізге естірте оқып бер... — Шашылып жатқан нанды жинап алып, умаждап біріктіріп қойды.

— Әй, Тимофей! Лыпылдамай тұра тұр, — деді Харитон ағай орнына отыра беріп. — Мазалама Оспанды. — Хатты әуелі өзі оқып, құмарынан шықсын... Егерде өте бір құпия хат болмаса, бізге де оқытар...

Тимофей жым болып, орнына отырды. Екі көзі Оспанда. Оның әр қас қағысынан, қыбыр еткен қимылын бағып отыр. Харитон ағай да Оспанның аужайын барлап, үнсіз қалған. Енді Оспан өз орнына барып, бұрышқа қырын қарап отырды да, нан арасынан табылған қағазды алақанына жайып, ішінен оқи бастады:

«Құрметті досым, Оспан! Саған сағынышты сәлем жолдаймын! Аман-есен жүріп жатырмыз. Сенің тұтқыннан аман құтылып шығып, елге оралуыңа тілектеспіз.

Енді мен саған бір өте ауыр жаманат хабар жеткізуге мәжбүрмін. Өткен январь айының жиырмасында анаң қайтыс болды. Ажалға не амал бар? Өздерің аман болыңдар. Қанипаның дені сау, бір қалыпта жүріп жатыр. Шешеңді Қорғалжындағы Нұрман нағашың мұсылман жолымен өз еліне апарып жерледі. Қанипаны ойлап қапаланба. Бір жақсы жері, оны екі рет жаудан аман алып қалдық. Жасанып келген Аралбайларды маңайына дарытпай қуып жібердік. Бар жағдайды бұл арада түгел айтпай-ақ қояйын. Келгеніңде бәрін де білерсің.

Ұзақ уақыт хабарсыз кеткеніме ренжіген боларсың. Мен саған осымен үш рет келіп тұрмын. Амал қанша, бұрын екі рет келгенімде не саған жолықтырмады, не әкелген сәлемдемемді бергізбеді. Күйініп кете бардым.

Енді, міне, осы жолы бұйырса саған жолығармын, ең болмағанда, әкелген сәлемдемемді табыс етермін деген үмітпен тағы да келіп тұрмын.

«Жеті ағайынды жігіттер» аман, жағдайлары өте жақсы, егіндері биыл мейлінше шығымды болды, енді ат-көліктері мен соқа-саймандарын келесі көктем егісіне сайлап қойды. Есепші қарттардың болжалына қарағанда биылғы көктем жылдағыдан ерте шығады деседі. Өзендер де биыл лайсаң күшті тасиды дегенді айтады. Демек, келесі жазда да егін-шөптің шығымы ересен бітік болады, ел дәулеті молаяды. Евгений Павловичтен саған арнайы сәлем.

Россиядағы туысқандардан хат-хабар жиі келіп тұрады. Тегіс аман көрінеді. Шаруамыз өте жақсы, тамағымыз тоқ деп жазады.

Сенің тез тұтқыннан босап, алдағы көктем егісіне бізбен бірге жұмыс істеуіңе ынтызармыз. Майданнан солдаттар лек-легімен келіп жатыр. Олар егіншілердің санын көбейтеді. Мұжықтардың тұрмысын жақсартады.

Ендігі бір айтарым мынау: ең болмағанда, соқаның құлағын ұстасын, көліктің басына ие болсын деген мақсатпен сенің келіншегіңді «Жеті ағайынды жігіттер» тобына қостық.

Михаил»

«Осы хат жазылғаннан кейін естіген бір қуанышты хабарымды қосайын: Ұзын құлақ хабарға қарағанда Петроградта төңкеріс болыпты. Николай патша тақтан түсіпті. Уақытша үкімет құралыпты. Еңбекші халыққа бостандық берілетін болыпты. Қуана бер!

Сәлеммен досың Михаил Захаров.

5 март, 1917 жыл».

Оспан мөлдіреген көз жасын көйлегінің жеңімен сүртіп тастап, серіктеріне мойын бұрды. Қолындағы хатты Харитон ағайға ұсынды. Ол іс-міс жоқ, хатты дауыстап оқи бастады. Тимофей ұйып тыңдап, әр сөзін бал шәрбаттай сіміре берген. " Николай патша тақтан түсіпті» деген жеріне келгенде қолын шапалақтап, орнынан атып тұрды:

— Патша тақтан түсті дей ме? Халыққа бостандық берілді дей ме? — Хат танымаса да, Харитон ағайдың қолындағы қағазға төнеді.

— Күні бұрын қарқылдамай тұра тұр, — Харитон ағай хатты түк қалдырмай оқып шықты.

Тимофей Харитон ағайды құшақтап алып, сақал-мұрт басқан бет-аузын шөпілдетіп сүйе берді. Ерсілі-қарсылы сілкілеп, сүйсіне сөйлеп жүр.

— Бәсе, осылай болса керек-ті. Түн артынан таң атпай қоймайды деуші едің, сабазым-ай, бірдеңені білген екенсің...

Оспан қуаныш пен қайғы араласқан әрі-сәрі пішінде кеудесін кере күрсініп қойды.

— Ылайым солай болсын.

Хаттағы тұтқиыл қуанышты хабардың әсерімен толқынған үш тұтқын өлгендері тіріліп, өшкендері жанғандай бірін-бірі құшақтап, сүйісіп, мәз-мейрам болды да қалды.

Бұлар енді дағдылы қоңыржай қалыптарына ауысып, сабасына түскен. Сонда Харитон ағай бастап, Тимофей қостап, шешесінің қайтыс болуына орай, Оспанға көңіл айтты.

— Осының кей сөздеріне түсінбедім, бәлкім, сен ұққан шығарсың, мүмкін болса, түсіндірсең қайтеді? — деді.

— Қандай сөздеріне түсінбедің? Сұра, білсем айтайын.

— «Жеті ағайынды жігіттер» туралы көп жазыпты. Осы жеріне түсінбей қалдым.

Тимофей сөзге араласты:

— Бір атадан өрбіген жеті ағайынды жігіттер шығар, оның түсінбейтін несі бар?

— Қоя тұр деймін, Тимофей! Өзің білмесең, сөзге қыстырылма...

— Қойдық, қойдық.

— Сол жерін дұрыс байқаған екенсің. — Оспан Харитон ағайға тура қарады. — «Жеті ағайынды жігіттер» дегені Михаил досымның өзі құрған астыртын тобы... Егін шығымды болды дегенде сол топтың шаруасы ойдағыдай болғанын айтады.

— Імм... түсінікті. Жә, сонымен егіншілерің ересен еңбек істеп жатыр екен... Ал, енді «келіншегіңді жеті ағайынды жігіттер тобына қостық» деуінде де, сірә, бір үлкен гәп бар...

— Оны да айтайын, — деді Оспан құлшына. — Демек, менің сүйікті келіншегім Қанипа астыртын саяси топқа араласып жүр екен...

— Бұ да айқындалды. — Харитон ағай ернін жымқырды. — Басқа тұспалдары енді өзінен-өзі түсінікті...

Тимофей көктен тілегені жерден табылғандай қағанағы қарық, сағанағы сарық болып, камераға сыймай дөңгеленіп жүр. Тіпті Оспан мен Харитон ағайдың өзара әңгімесінде де шаруасы болған жоқ. «Алақай, алақай! Николай патша тақтан түсті, халыққа бостандық беріледі!» - деп сампылдайды.

Оспан енді не айтар екен деп, ойланып-толғанып отырған ақылшы ағасына телміре қарай қалған. Жақсы хабар әкелген Михаил хаты Оспанға сағындырып келген көктемнің қырмызы бәйшешегіндей, айдын көлдің сұлу аққуындай көрінді осы сәтте. Харитон ағай кенет қалың ойдан серпіліп, өлеңдете бастағанда, серіктері ілесе қосылып кетті:

Сен, жолдас, өмір таңы атар жайнап,

Талқандар түнек бұлтты дауыл айдап...

Үшеуі қол ұстасып, дөңгелене билеп ала жөнелді.

БОСТАНДЫҚ

Ымырт үйіріліп, жер-дүниені түн пердесі айқара бүркеп алған. Ел аяғы басылған осынау жым-жырт шақта Оспан Амантай қаласының күнбатыс жақ шетіне ілініп еді. Шолақ тоны қаудырап, қайқы бас көн етегімен шиыршық қарды сықырлата осып келеді. Сабалақ жүнді қоңыр сеңсең құлақшынын көзіне түсіре киген. Қолындағы жұмыр тал таяғының ұшымен жолдың таптаурын қарын тық-тық соғып қояды. Қаланың оңтүстік жағындағы шеткі көшені бойлап, ширақ аяңдайды. Ілгері басқан сайын жүрегі лүпілдеп, денесінің қызуы күшейіп барады. Көзінің алдында бір ғажайып дүние пайда болғандай, енді соған қашан жетем деп емешесі құрып, ентігіп келеді.

Көшенің орта шеніне жеткенде Оспан кілт тоқтады. Жалтаң аспанның оңтүстік иінінде толықсып жүзіп бара жатқан алтын табақ айға қарады. Көк мөлдір тұңғиық айдында, адам ұғымына сыймайтын қиырдағы тылсым дүниенің төрінде жақұттай жалт-жұлт еткен сансыз жұлдыздарға көз жіберді. Анау аспан аруы ай да, самсаған қалың жұлдыздар да Оспанға жаудырап қарап тұрғандай, қошемет көрсеткендей.

Айлы түн! Оспан Амантайда, ерке Есілдің жағасында дәл осындай талай ғажайып түндерді өткізген жоқ па? Кішкентай кезінде, ес білмейтін сәби шағында аспандағы айды алып бер деп әкесіне талай қыңқылдағаны қайда? Абайлап қараса, түннің де өзіне тән қызық өмірі, сән-сәулеті бар екен. Адамның бойын балқытып, жанын жадырататын, қиялын тасытып, ақыл-ойын шалқытатын небір керемет суреттері бар екен. Тегінде, адам осыны жайшылықта аңғара бермейді. Күн мен түннің бір-біріне қарама-қарсы айырмасын пайымдауға келгенде ақылға сыймайтын бір оқшау сезім пайда болды Оспанға: жарқырап таң атып, күлімдеп күн шыққанда жаңа ғана өтіп кеткен түн лездің арасында есіңнен шығады. Түнгі аспанда ай барын, жұлдыздар барын мүлде ұмытасың.

Оспан ілгері жүріп кетті. Қадам басқан сайын, әр үйден асқан сайын өз үйіне жақындағанын сезініп, сергек аяңдайды. Міне, ол көшенің күншығыс жақ шетіне жақындап қалды. Әне, көшенің оң жағынан жайпақ төбелі аласа үй көрінді. Бұл жаман да болса Оспанның өз үйі. Әне, үйінің бақалтақ мұржасынан бозғылт түтін аспанға шаншыла ұшып жатыр, төргі жалғыз терезеден шам жарығы көрінеді. Ендеше Жаманбай шаңырағының құрымағаны, отының өшпегені. Оспан өмірде қайта айналып келмейтін осы бір тасқынды қуаныш сезімінің әсерімен есік алдында кідіріп қалып еді. Михаил мен Оспан үйінің арасында үй жоқ. Екеуінің саманнан соққан шағын үй-жайлары, арасына, текше тас араластырып шым кесектен соққан аяқ аузындай қоралар егіз қозы секілді. Оспан қатар екі үйге қызыға қарап тұрып, оларды екі ағайынды жігіттердің тіркес орнатқан отауына ұқсатты.

Оспан тапжылмай әлі тұр. Ол енді іштен киген бешпентінің төс қалтасынан бір қағазды алды да, бүктеулі қалпында тері биялаймен қоса қысып ұстады. Бұл — абақтыдан босағанда Атбасар совдепінің әкімшілік сот бөлімі берген куәлік. Бұл қағазда әр сөзі саф алтынға бергісіз асыл жазулар бар. Оны Оспан қалада әлденеше қайталап оқыған. Тасқа басқан жазулары көкірегінде самаладай сайрап тұр: «Осыны ұсынушы Жаманбаев Оспан жолдас Атбасар уездік совдепінің шешімі бойынша тұтқыннан босатылды. Бұл азаматты ешқандай негізсіз қылмыскер деп танып, жазаға кескен бұрынғы Уақытша үкімет сотының үкімі мансұқ етілді.

Жаманбаев жолдастың азаматтық хұқтарын қалпына келтіріп, оның қалыпты тұрмыс құруына, өзінің қажыр-қабілетін жұмсап, еңбекші халыққа пайдалы қызмет етуіне барынша көмектесу жергілікті совдептен талап етіледі. Сонымен қатар, Жаманбай жолдастың бір жыл бойы жазықсыз тұтқындалып, тұрмыстан қол үзгенін, қабағат зардап шеккенін ескеріп, оның бұл күйге ұшырауына себепкер болған айыпкерлерден ақшадай, заттай есесін өндіріп беру жергілікті өкімет орындарына арнайы тапсырылады...».

Оспан куәлік қағазды қалтасына салып қойды. Ол енді қазір үйіне кіреді. Сонда мына қасиетті қағазды әуелі Қанипаға, сосын Михаил досына көрсетеді. «Мұны сендер әшейін бір жай қағаз екен деп ойламаңдар, — дейді ол сонда. — Бұл құйындай ұйытқып, лездің арасында құрып кеткен Уақытша үкіметтің қағазы емес. Атама ол пәлені. Барғанынан келмесін, жатқанынан тұрмасын. Уақытша үкіметтен титімдей жақсылық көрсем бұйырмасын. Патша тақтан түсті, халыққа бостандық берілді дегенге қуанып, енді мені де абақтыдан босатады екен деп үміттеніп жүрсем, мәссаған керек болса, қайқайтып үш жыл берді... «Барып тұрған қылмыскер екенсің, халыққа зиян істепсің, Бойков сынды инабатты адамның малын ұрлапсың, дүниесін өртепсің» дейді. Қойшы, сонымен, көп сөздің керегі не? Өздерің де естіп, біліп жатқан шығарсыңдар. Атбасардағы уездік Уақытша үкімет пен Алашорданың уездік қазақ комитеті тырапай асты. Олардың орнына совдеп құрылды. Совдеп мені, мен сияқты жазықсыз сотталған адамдарды абақтыдан босатты. Маған осы куәлік қағазды уездік совдеп председателінің орынбасары Харитон Крылов жолдас берді... Харитои ағай екеуміз абақтыда бірге жатқанбыз. Сендер оны білмейсіңдер. Оның мән-жайын кейін айтармын...».

Оспан сыңар қақпаны таяғының ұшымен сырт еткізіп соғын қалды. Сол-ақ мұң екен, қақпаның астындағы үңірейген ашық жерінен шілбиген ақ қаншық шәуілдеп шыға келді. Оспанның аяғына жармасып, айнала безілдеп жүр. Қақырынып, түкірініп, үйден біреу сөйлей шықты. Ол қақпаның артына келе бере:

— Әй, бұл қайсың, түн ішінде ит абалатып жүрген? — деді.

— Мария Ивановна! Мен Оспанмын... Қақпаны ашыңыз.

— Оспан!.. Шын айтасың ба?..

Кемпір сонда қақпаның көлденең ағашын суырып тастап, сыртқа шықты да, айдың жарығымен Оспанның бетіне төне қарай тұрды. Бет-аузын түк басқан, киімі жалба-жұлба ұсқынсыз біреу Қалай қараса да оны Оспанға ұқсата алмай-ақ қойды.

Кемпір басын шайқады.

— Қой, кәрі кісіні алдама...

— Мен Оспанмын... Шынымен-ақ танымай тұрсыз ба? Тұтқыннан босап келдім.

Кемпір Оспанды даусынан енді танып, есі кете айқайлап жіберді.

— Оспан! Айналып кетейін-ау, қайдан келіп қалдың?.. — Ұмтылып келіп, құшақтай алды. Түк басқан қатқыл бетін аймалап сүйе берді. — Жүр, үйге кірейік...

Екеуі қатарласып үйге кіргенде алдарынан Қанипа қарсы шығып, көрген жерден Оспанды бас салды. Дауыс қылып, ағыл-тегіл жылай бастады. Қайтыс болған қайын енесін еске алып, оның өлердегі Оспанға айт деп тапсырып кеткен өсиетін, аманатын егіліп айтып, көпке шейін айырылмай қойды. Оспан қанша қиын болса да ер жігіт жосығын сақтап, ішіндегі ойран-топан сұрапыл қайғыға ырық бермей, көзінің жасын іркіп, Қанипаны жұбатып жатыр.

— Қой деймін, жаным! Осынша босағаның не? — Бауырына қысып, маңдайынан құмарлана сүйді. Қанипаның құшағынан босап шығып, шешіне бастады.

Мария Ивановна апы кіріп, күпі шығып, ауыз үйде жүрген. Арбиған қара пешке жалма-жан от жағып, күйелеш жез шайнекпен шай қойды. Енді бірде картоп толы қара құмыраны жалынға көміп жіберді.

— Тоңып келді ғой, тез жылынсын, тамақтансын, — деп естірте сөйлеп жүр.

Оспан шешініп, оң жақтағы болыскей кереуеттің аяқ жағына сүйеніп тұрған. Осы кезде Қанипа қобыраған шашын тарап, жөнделіп киініп алған. Көңілі тасып, Оспанға ынтыға қарап қояды. Екеуі кереуетке катар отырып, ерлі-зайыпты екі жастың жарастықты зияпатын бастаған. Әр түрлі әңгімемен, ел-жұрт жайын айтумен Қанипа Оспанның көңілін аулаған. Михаил осы қаладағы аудандық милицияның жұмсауымен кеше қазақ ауылдарына кетіпті. Ақиқатында оның елге не шаруамен кеткенін Қанипа білмейді екен. Әйтеуір, екі-үш күнде қайтамын депті.

Мария Ивановна дастарқан басында жайраңдап қуанып отырып, бір сөздің ретінен Оспан алдында мақтанып қойды.

— Бүгін сенің келетініңді білгендей үйімді бекітіп қойып, Қанипаның қасына келіп едім, — деді ол насаттанып. — Тегінде, менің өзім әулиеліктен де құр болмасам керек. Кешеден бері жүрегім лүпілдеп, өзімнен-өзім қуанып жүр едім.

— Тілегіміз бір ғой, — деді Оспан күлімсіреп.

Осы тұста орысша доғал тілімен Қанипа лебіз білдірді.

— Мария Ивановна шешемдей, Михаил бауырымдай болып кетті. Бұл кісілер болмағанда, мен әлдеқашан кім көрінгенге жем болып, құрып кететін едім... — Лып етіп орнынан тұрып, Мария Ивановнаны құшақтай алды. Көзінің жасын төгіп, сағынып көрген анасындай елжіреп, бауырына қыса берді. Кемпір оған ыстық мейірім төгіп, жанымен құлай берген.

Қанипа Оспан кеткеннен бергі бір жылда өз басынан кешірген қилы-қилы оқиғаларды айтып тауыса алмады. Оспанның Амантайдағы достары Михаил Захаровпен тізе қосып, Қанипаны қызғыштай қорыған. Оспан абақтыға түсісімен Қанипаны алып кетеміз деп сайланып келген төрт жігітті қуып жіберген.

Амантайда жуырда болыстық және селолық совдеп құрылған. Болыстық совдеп председательдігіне Петроградтан айдалып келген дәрігер Полетаев, селолық совдеп председательдігіне солдаттан қайтқан Ермолай Чумак сайланған. Болыстық совдепке сайланған жеті мүшенің ішінде Михаил Захаров та бар. Михаил совдептің жұмысына белсене араласып, құлшына кірісіп кеткен. Аяғын апыл-тапыл басып, енді-енді талпына бастаған сәби совдептің алғашқы қадамында кесел-кедергі де болмай қалған жоқ. Қаланың кулактары оған бағынбаймыз, заңды үкімет орны деп танымаймыз, алым-салық төлемейміз деп, ашықтан-ашық қарсы шыққан. Олар мұнымен қоймай, осындағы орта дәулетті кейбір мұжықтарды азғырып, шылауына ертіп, совдепке қарсы қойған.

Жалпылық ұлы өзгеріске орайлас қазақ елінде де зор жаңалықтар туған. Бұрынғы болыстар мен старшиндар орындарынан түсіп, олардың орнына болыстық, ауылдық совдептер құрылған. Совдеп басына кедей-жалшылар арасынан шыққан саналы, жігерлі азаматтар қойылған. Тінібек, құлтай, төлектемір, қақсал және қарауыл руларын қамтитын от диірменнің жүмысшысы, Әділбек Майкотовтың үзеңгілес серігі Шағбан Ермекбаев қойылған. Ал, енді тінібек елінің ауылдық совдепінің бастығына Қанипаның немере ағасы Қасболат сайланған.

Қанипа айтып отырса, ел ішінде талай-талай өзгерістер, таңданарлық жаңалықтар туыпты. Аралбайлар да бұрынғыдай емес, аяқтарын аңдап басатын болса керек. Кейінгі кезде сыбыстары естілмей кетіпті. Қасболат жақын арада Амантайға қатынасып, Қанипаға жолығып кеткен. Бұл жағдайды Қанипа содан естіген.

Осы жаңалықтарды тайға басқан таңбадай бадырайтып, кестедей нақыштап айтып бергеніне Оспан Қанипаға қайран қалды.

— Өзің өзгеріп кетіпсің ғой, — деп сүйсіне берді.

— Мен болсам, саған осындағы көрген-білгендерімді айтып, Михаилдан естігендерімді жеткіздім. — Қанипаның беті қызара қалды.

Бұл әңгіме таңертеңгі астан кейін болып еді. Екеуі әрнені айтысып, сұхбат құрып отырғанда Мария Ивановна жетіп келді. Ол қысқа-қысқа амандасқаннан кейін әлдеқандай ұсқынды пішінмен сөз бастады:

— Бүгін Петр Чумактың үйінде той бар, соған барасыңдар. Оспан, сен біліп қойшы. Петр болғанда, ана өзің білетін, жел диірмені бар Чумак емес. Әлгі, алдыңғы жылы жазғытұрым кіші баласы суға кетіп өлген қыли көз шал... Чумактың үлкен баласы Ермолай жақында солдаттан қайтып келген, осында төрелікке сайланған. — Кемпір басын сілкіп, қынжыла күрсінді. — Ермолай соғыста сол қолының саусақтарынан түгел айырылыпты.

Оспан Чумактармен әкей-үкей емес-ті. Былайша таныс-білістігі өз алдына, олармен араласып, дәмдес болмаған. Сол себептен тойға барғысы келмей, әр түрлі сылтау айтып, қашқақтап еді, Мария Ивановна оны еркіне қоймады.

— Сендер ұйықтап жатқанда шал өзі келіп, әдейі маған айтып кетті, екеуі де келсін деді, Қанипаны ала бар, көңілін көтерсін...

— Шақырған жерге бармауға болмайды, бармасаң олар өкпелейді, — деді Қанипа.

Бұлардың Чумак тойына баруға көнгенін білген соң, Мария Ивановна көңілі көншіп, үйден шығып кетті.

Қанипа осы тойға орайластырып, қала жаңалығынан бір әңгімені бастап кетті. Майдандағы солдаттар бұл күнде лек-легімен келіп жатыр. Олардың біреулері әр жағдайда жараланып, кемтар боп қайтса, енді біреулері діні аман күйінде келіп жатыр. Соған қарап, ішкі Россиядағы шынайы жағдайды біле бермейтін, көзінің алдындағысын ғана бағдарлайтын кейінгі қарапайым жұрт енді соғыс тоқталатын шығар, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» бейбіт заман орнайтын шығар деп үміттенеді. Соғыс, революция! Осы екі сөз әр адамның санасына берік орнаған. Бірақ олардың бар адам санасындағы маңызы бірдей емес. Соғыс дегеніңіз жалпы адамзатқа ортақ ұғым. Ажал, өлім, қырғын! Мынау бай, мынау кедей деп таңдамайтын, мылтықтың оғына, қылыштың жүзіне кім ілінсе, соны жайрата беретін топалаң. Революция ше? Патшаны, байларды құртамын, езілген еңбекші халыққа босандық әперемін, теңдікке қолдарын жеткіземін деп айқай-сүрең салып, ұран шақырған, айбарымен, қаһарлы екпінімен бүкіл Россияны сілкіндірген керемет!

Иә, майдандағы солдаттар лек-легімен қайтып келіп жатыр. Әр үй барымен базарлап, соғыстан аман келген солдаттың құрметіне той жасайды. Еркек — әйел, үлкен-кіші жиналып, сауық құрады, сайран салады. Солдаттар сонау алыстағы майдан шебінен, Россияның қиыр түкпірінен революцияның ыстық лебін, жарқын нұрын ала келді. Соғыс басталғаннан бергі үш жылда бас көтерер ер-азамат майданға кетіп, қаңырап қалған жадау қалаға бірте-бірте сән кіре бастаған. Қалыпты, тіршілік оты қайта маздап, дағдылы өмір қарқыны күшейіп келеді. Қаланың сұрғылт тұман басқан бұлыңғыр өмірі қысқы ұзақ түн артынан арайлап атқан таңдай нұрланып, қалың қара бұлт арасынан, жарқырап шыққан күндей жайнап жүре берді.

Қанипа қаланың қазіргі күндегі хал-жағдайын дәл жаңағыдай әсерлендіріп, бейнелеп айтпаса да, Оспан өзінше ойға тоқып, Атбасардан өзі көзбен көріп, құлағымен естіген шынайы жағдайға үйлестіріп алған.

Екеуі өткен-кеткенді айтып, Оспан өзінің абақтыдағы шеккен азабын, ондағы бірге болған Харитон ағай мен Тимофей жайын жырдай толғап отырғанда, күн батып, үй ішіне қараңғылық түскенін сезбей де қалып еді. Қанипа шыны аяқтың табағына жасаған білте шамды жағып, ұзақ-сонар әңгіменің үзілген жерін қайта жалғай беріп еді. Үйге Михаил кіріп келді. Ол келе Оспанды жас балаша сілкілеп, бауырына тартты. Екеуі айқаса құшақтасып, сүйісе берді. Михаил Оспанды құшағынан босатып жіберді. Өз көзіне өзі сенбей жедеғабыл сөйлей бастады:

— Аман-есен келдің бе? Құтылдың ба?..

Оспан миығынан күліп, жауап қатты:

— Келдім, құтылдым, міне, алдыңда тұрмын...

Михаил маңдайына қызыл жұлдыз таққан қара елтірі құлақ шынын кереуетке лақтырып тастады. Беліндегі көш құлаш жалаңаш қара наганын, шолақ етек ақ тонын шешіп, оларды да жаңағы құлақшын жатқан жерге қойды. Оспан екеуі бөлменің төріндегі ұзынша тақтай орындыққа қатар отырды.

— Оспан келіп, қуанышты болдың! Құттықтаймын! — Михаил оқшау тұрған Қанипаға назар аударды.

Қанипа «рақмет» — деп сөз қағысты да, бұлардың әңгімесіне бөгет болмайын, еркін сөйлессін деген оймен киініп тысқа шықты. Екі дос апақ-сапақта сыр ақтарып, әңгіме шертті. Михаил Оспанның абақтыдан қалай босағанын сұрап біліп, жағдайына қанып алды. Уездік совдеп берген куәлік қағазды оқып көргенде, бір түрлі шабыттанып, шалқып кетті. Енді өз халінен хабар беріп, Амантай қаласының қазіргі жағдайын қысқаша, айтты. Өзі болыс тық совдептің мүшелігіне сайланыпты. Бір жағынан осы төңіректегі орысы бар, қазағы бар, үш болыс елді қамтитын аудандық милицияда қызмет істейді екен.

Михаилдың түр-тұрпаты, сөз әлпеті, жүріс-тұрысы бұрынғыдан мүлде өзгеріп кетіпті. Толысқан, шираған. Екі сөзінің бірінде революция, бостандық деп сұңқылдайды.

— Өзімізге қараған барлық жерде революциялық тәртіп орнатып жатырмыз, — деді Михаил бір сөздің орайынан.

— Оларың жақсы болған екен, енді мені де іштеріңе аласыңдар ғой? — деді Оспан.

— Әлбетте... Сөз бар ма оған?..

Михаил осы сапар қасына төрт жігіт ертіп, аудандық милиция жұмысымен тінібек еліне барып қайтыпты. Өзінің айтуына қарағанда, елге революциялық тәртіп орнатыпты, Аралбайлардың көмейіне сүңгі тығыпты...

Ымырт жабылып, ел орынға отырған кезде Чумактың екі бөлмелі тапал үйіне ерлі-зайыпты он шақты адам жиналған. Михаил елге барған сапарынан тұмауратып қайтса да, арнап шақырған той иесінің көңілін қимай, Оспандарға еріп келген.

Қонақтар әрқайсысы өз әйелін қасына алып, үстіне қоңыр кенеп дастарқан жапқан, өз әлінше той тамағы жасалған дөрекі тақтай столға айнала отырған. Бөлме ішінде бойдақ Ермолайдың бір кісілік арбиған ағаш кереуеті мен оң жақ бұрыштағы сыны кетіп, әбден тозған атамзаманғы иконадан бөтен іліп алар бір зат жоқ.

Қонақтар қоярда-қоймай Ермолайды столдың төріне отырғызып, оған қошемет көрсетті. Қайдағы жақсы сөздерді, игі тілектерді қардай боратты.

Жұрт тына бергенде Ермолай Петрович той мәжілісін бастап жіберді. Қолдан ашытқан сыраға толы қырлы стақанды басынан асыра ұстап тұрып, қонақтарына айнала бір қарап өтті де, маңғазданып сөз бастады.

— Туысқандар! Жолдастар! — Жуан даусын созып тоқтады. — Ұзақ зарығып күткен арманымыз орындалды, бостандыққа, теңдікке қолы жетті. Өздерің білесіңдер, мен сөзге шорқақ адаммын. Мына стакандағы шарапты, жоқ, сыраны совдептің құрметіне бір тамшысын қалдырмай алып қояйық!..

Отырған жұрт аяқтарынан тік тұрып, қолдарындағы стакан толы сыраны жаппай ішіп салды. Мәжілістің басталуы-ақ мұң екен, қонақтар дуылдап ала жөнелді. Солдаттан қайтқан Ермолайдың құрметіне, оның әкесі Петр Даниловичтің құрметіне атап-атап ішті. Ермолайдың кәрі шешесі Людмила Сергеевна да атаусыз қалған жоқ. Сыра кезегі оған келгенде жұрт бөлмені бастарына көтеріп, гулеп кетті. Кемпірге небір жүрек тебірен-терлік жақсы сөздерін арнап айтып, оның мәртебесін көтерді.

Орта бойлы, қаба сақал, шегір сары шал — Петр Чумак, ілмиген имек сары кемпір — Людмила Сергеевна көңілді қонақтарына сүйсіне, күлімдей қарап отырды да, бір кезде құшақтасып, сүйісіп жұртты ду күлдірді. Қызықты жастық шақтарын еске алып, елжіреп, елігіп кеткен Петр Данилович кемпірін қолынан сүйреп тұрғызып, қапсыра құшақтап алып, дөңгелене билеп кетті.

Ермолай бөлменің оң жақ қабырғасындағы ағаш кереуеттің аяқ жағындағы гармонды алып, босаға жақ шетте отырған үрпек бас, сары жігітке апарып берді.

— Ал, Терентий! Сілте гармоныңды, қыздыр ойыңды, — деп, оны арқаға қақты. Терентий осыны асыға күтіп отырғандай-ақ гармонды алған бойда стол басынан сытылып шығып, Ермолай нұсқаған жеке тоқал орындыққа қақшиып отыра қалды. Гармонды құлаштап созып, безілдете жөнелді. Шал мен кемпір шыр көбелек айналып, жер еденді тепкілеп, билеп жүр. Петр Данилович бір мезетте санын шапалақтап, жүресінен билеп өлеңдетіп кетті:

Көтеріңдер көңілді,

Көркейтіңдер өмірді...

Петр Данилович пен Людмила Сергеевна алқынып барып орындарына отырғанда, олардың соңынан қос бойдақ — Ермолай мен Михаил билей бастады. Ежелгі екі достың егіз қозыдай қатар түзеп, елден ерек жараса қалағанына, жұрт мәз боп қалып еді. Оспан мен Қанипадан басқалары кезек-кезек биге шығып, шеттерінен қосыла ән шырқап, той думанын қыздырып жіберген.

Би аяғы басылып, ән толастап, әркім өз орнына жайғасқанда Михаил Ермолайдың құлағына сыбырлап, әлденені айтып еді. Ермолай оған үн қатпай, басын изей берген. Ол енді соғыста жарадар болып, бес саусағы бірдей түбінен қырқылған тұтқыл қолын көнетоз көк шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберіп, сыра толы стаканды оң қолына ұстап түрегелді.

— Ал, халайық! Аз ғана көңіл қойып тыңдай қалыңдар!.. Мен бір сөз айтуға ниет етіп тұрмын... Біздің арамызда бәріміздің қадірлі досымыз Оспан, оның сүйікті зайыбы Қанипа отыр. — Ермолай осыны айтып, сәл тына қалғанда, жұрт назары аттары аталған екі жасқа ауды. Ермолай оларға бетін түзеп, күлімдей қарап тұрып, есіле сөйлеп кетті. — Мынау Оспан кішкентай күнінен біздің көзіміздің алдында өсті. Әкесі марқұм қандай жақсы кісі еді, шешесі де ғажап адам еді... Оны қойшы, ұзақ тарихқа бармай-ақ қояйық. Мен солдаттан келгелі Оспан жайына қанықпын. Екі жас сүйіп қосылған екен. Өздері біраз қиындық та көріпті. Оған бола өкінудің керегі жоқ. Бақытты болыңдар, достарым! Ал, кәні, туысқандар, Оспан мен Қанипаның құрметіне ішіп жіберейік!..

Сол-ақ екен отырған жұрт Ермолайды қостап, жабыла сыра көтеріп, екі жасты сөздерімен қолпаштай берді.

— Ал, Терентий! Сілте гармоныңды. Екі достың құрметіне ән шырқап жіберейік, — деді де Михаил орнынан ұшып тұрды.

Гармон тартылып, ән шырқалды. Тіпті Петр Данилович пен Людмила Сергеевна да делебелері қозып, жастарға қосылып кетті. Екеуі қыза келе «Ғашықтар» әнін қосылып айтып, қыран-топан күлкіге батырды.

Қонақтар бір ауық тына қалып, дастарқан басына шоғырланғанда Михаил бір сөз айтты:

— Оспан мен Қанипа бізге қазақ әнін айтып берсін.

— Айтсын, тыңдайық, — десті басқалары.

Қанипа Ақан серінің «Мақпал қарасын» сызылта бастап жібергенде Оспан оған қосыла кетті.

Үйірі қысырақтың мақпал қара,

Шашыңды иіс майлап, күнде тара,

Егерде шым көңілің менде болса,

Ей, Мақпал, бұраңдамай бермен қара...

Жұрт әннің сөзіне түсінбесе де, құлақтан кіріп, бойды алған тәтті әуеніне, сұлу ырғағына әсерленіп, рақатқа батты. Ән айтылып болғанда Оспан мен Қанипаны ән көтеріп, алғысқа бөледі.

Таңға жеңіл ұйқы қалғанда басқа қонақтар үйді-үйлеріне тарап, Оспан мен Михаилды Ермолай іркіп алып қалған. Күні бұрын уәделесіп қойғандай-ақ жұрт кетісімен Петр Данилович пен Людмила Сергеевна Қанипаны үйіне ертіп алып кетті. «Үш жігіттің оңаша сөйлесетін шаруалары бар шығар, біз сені үйіңе апарып салайық», — деп, Петр шал елпең қағып, ала жөнелген.

Үш жігіт оңаша қалды. Ермолайдың басқа қонақтардан Оспан мен Михаил неге бөліп алып қалғанын кім білсін. Әйтеуір, өзімсінген жылы шырайына қарағанда бұларға оңаша айтатын бір сыры бар секілді. Михаил Ермолайдың бұл әрекетіне пәлендей таңданбайтын сияқты. Ендеше, екеуінің ақылы бір болғаны.

Шылымын жиі-жиі сорып, көк түтінді будақтатып отырып, сөзді Ермолай бастады.

— Үш сұңқардың құпия мәжілісі басталды деп есептеймін, — деді. Шолақ қолының түбірімен маңдай терін сыпыра сүртті. — Құпия мәжіліс дегенге бір төтенше оқиға туып қалған екен деп ойламаңдар... Ондай ештеме де жоқ...

— Бізде қандай тығыз шаруаң бар еді, айтсаңшы? — деп қалды Оспан.

Михаилда үн жоқ. «Соған қарағанда Ермолайдың осы арада не айтқалы отырғанын біледі-ау» деп шамалады Оспан.

— Бүгін біздің үйге жиналып мәжіліс құрдыңдар, ойнадық, күлдік, — деді Ермолай, — оларыңа өте ризамын. Ойын-той тағы да бола берер.

— Бүгінгідей бір той біздің үйде де болатын шығар, — деп, Оспан ойындағысын айтып қалғанда, Михаил жадырап, бас изеді де:

— Менің де ойым сол, тойды екеулеп тез өткізіп жіберейік, бізді кім сынар дейсің, Қанипаның да көңілі табылсын, әрі сенің тұтқыннан құтылып келгеніңе ырым болсын, — деді.

Ермолай еңгезердей денесін соза керіліп, аузын арандай ашып, есінеді де:

— Сендердің де ұйқыларың келген шығар, таң жақындап қалды, шаруамды айтып, босатайын, — деді.

— Соның дұрыс болар еді, — деді Михаил.

— Жауды қашан қиратам дегенше, қолға теңдік тиіп тұрғанда кем-кемнен кек ала берген жақсы. — Ермолай ойда жоқ бір жосықтың шетін қылтита қойды.

— Жау дегенде сен кімді айтып отырсың? — Михаил оған көзін қысты.

— Бәсе деймін-ау, атап айтшы, — деді Оспан.

— Осы қалада үшеуіміздің Семен Бойков дейтін үлкен жауымыз бар емес пе, соны айтамын... Бойковтан біз не көрмедік? Әкемнің өмірі соның жалшылығында өтті. Ол иттің мына Оспанға көрсеткен қорлығы да аз болмапты. Михаил, сен де одан жақсылық көрген жоқсың!..

— Сол Бойковтан қалай кек аламыз? Енді сен соны айт, — деді Михаил.

— Ұзын сөздің қысқасы, жаудан кегімізді ала бастадық деп, көңілімізге демеу болсын, — деді Ермолай лыпылдап, — Бойковтың астық қоймасы мен құрал-саймандарына от қояйық.

— Оны қалай өртейміз? — Оспан абыржып қалды.

— Несі бар, әр жеріне керосин құямыз да от қоямыз. Бітеді сонда шаруасы.

— Қазір барамыз да, жалынын аспанға шығарамыз, — деді Михаил, — кім өртегенін тауып алсын сосын...

— Жоқтаушысы қанды балақ Бойков болса, оның арыз айтып баратын жері селолық совдеп болса, — деді Михаил салмақты пішінмен, — кімді қиратар дейсің, кімнің өртегенін кім зерттейді дейсің. Құмға құйған судай сіңді де кетті дей бер.

Ермолай апыл-құпыл киініп алды. Оны көріп Оспан мен Михаил да киінді. Сол екі арада, Қанипаны шығарып салуға кеткен қариялар да бір қора суықты ертіп үйге кірген. «Үш сұңқар» көшеге шығып сейіл құрамыз деп, үйден шығып кетті. Ермолай қорадағы белгілі жерге тығып қойған бір құты керосин мен қорап сіріңкені сайлап алып, қаланың солтүстік шетінде оқшау тұрған Бойковтың астық сарайына қарай бастай жөнелді.

Таң саз берген кезде астыққа толы екі сарайдың жалыны аспанға шықты...

ПОЛЕТАЕВ ЖОЛДАС

Оспан мен Қанипа бүгін ұйқысынан кеш тұрған. Жуынып, таранып, таңертеңгі астарын ішкенше күн сәскелікке көтеріліп қалып еді. Оспан барып білсе, Михаил ала-көбеден тұрып, қызметіне кетіпті. Оспан қазір болыстық совдепке бармақшы. Совдеп председателінің не шаруамен шақырғанын өзі де білмейді. Әлгі әзірде тез келіп кетсін деп хабар айтып, шабарман жібергеніне қарағанда, әйтеуір, тегін шақырмаған шығар деп шамалаған.

Оспан жылы киініп, үйінен шығып кетті. Тақа бір ұзақ ұстап қалмаса, көп кешікпей келермін деп Қанипаға ескерткен-ді. Күн бүгін сақылдаған аяз. Көшенің қырау бүркеген шиыршық қары күмістей жалтырайды. Орталық шіркеу көшесінің орта кезіндегі салқар ашық алаңға таяу астылы-үстілі биік ағаш үйге қарай шапшаң жүріп келеді. Осы үйге тақап келе бергенде, оның қаңылтыр қалқанды, биік ағаш баспалдақты екі ашпалы сыртқы есігінің маңдайына керіп қойған қызыл матаға көзі түсті. Қалқанның оң қанатында жіңішке сырыққа байлаған қызыл жалау желбіреп тұр. Оспан есік алдына келіп тұра қалғанда әлгі жалпақ қызыл матаға әріптерін ақ шүберектен қиып орнатқан жазуға көз тоқтатты. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» Оспан ұранды ішінен қайта-қайта оқып, есік алдында кідіріп қалды. Оқыған сайын оның әрбір әрпі, әрбір сөзі тілмен айтып жеткізе алмайтын таңғажайып кереметтей көрініп, баурап әкетті. Есіктің маңдайындағы қарасыны тоқымдай тақтайды көрді. Ондағы қара бояумен қалай болса солай жаза салған «Шаруалар мен солдаттар депутаттарының Мариновка (Амантай) болыстық Советі» деген жарнаманы оқыды. Бұл жазу Оспанның жүрегіне жылы тиіп, тілін үйіріп әкетті. Енді Оспан қазір шаруалар мен солдаттар депутаттарының болыстық Советіне кіреді.

Оспан есікті еркін ашып кірсе, болыстық совдептің председателі Евгений Павлович Полетаев төргі бөлмеде үстіне қызыл-күрең шұға жапқан шағын столда, әлдеқандай қағаздарды ақтарып отыр екен.

— Сәлеметсің бе, жолдас Жаманбаев! — Полетаев сұңғақ денесін қунақ көтеріп, сұсты сарғыш бетін түзеді. Өзі бұрынғыдай емес жасарып, жайнап кеткендей. Бойын тік ұстайды. Баяғы алтын жиекті қыстырма көзілдірігін тастап, кәдімгі сабақты жай көзілдірік киіпті. Киімі де өзгерген. Үстінде қайырма қара елтірі жағалы ақ тон. Ақ шашын шалқасынан жатқыза қайырған. Сақалын қырып тастапты. Полетаев серейген қолын Оспанға ұсынды.

— Өзіңіз де аман-есен болдыңыз ба, Евгений Павлович! — Оспан сыпайы жауап қатты.

— Шүкір-шүкір! Әуелі құдайдың, екінші сіздердің қайыр дұғаларыңыздың арқасында... — Полетаев қуақылана күліп, орнына отырды. — Отыр, Жаманбаев! — Терезе алдындағы тоқал орындықты столының. алдына сырғытып қойды. Оспан орындыққа жайғасқан соң, оған бір түрлі сұсты пішінмен аз-кем қарап отырды да, кенет түсін жылытып, жайраңдай сөйледі. — Абайладың ба? Мен сені жаңа жолдас дедім ғой, осы қасиетті сөзді, тегі, бұдан бұрын естіп пе едің?..

Мына қара! Мына Полетаевтың өзі оспадар кісі болмаған еді. Жолдас деген сөзді бұдан бұрын естіп пе едің дейді.

Жолдас деген сөзді мен әлдеқашан естігем, — деді.

— Иә, деймін-ау, соныңды айта отырсайшы...

— Біз абақтыда бостан-босқа қарап жатқан жоқпыз. Евгений Павлович. Осындай жақсы сөздерді үйрендік, санамызға құйып алдық... Сіз оны айтасыз, тіпті, мен бар ғой, тіліме сенсеңіз, революциялық, бостандық деген сөздерді, Ленин есімін сонда естідім.

— Жігіт екенсің, Жаманбаев жолдас! Сен сол революция жайынан білгеніңді маған айтып бересің бе?

Оспан әдепкіде қипақтап қалды. Шалыс кетіп, ұятқа қалам ба деп, жүрексіне беріп еді, шамалы ой толғап алды да, қайдан шықса одан шықсын деп, шұбырта жөнелді.

— Айналасы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде екі бірдей революция болған жоқ па?.. Алғашқысы он жетінші жылдың февралында болған революция, екіншісі октябрь революциясы.

— Осы екі революцияның айырмасы қандай? — деп сұрап қалды Полетаев.

— Менің білуімше, февраль революциясы өз мақсатына жете алған жоқ, алпауыттар мен байлардың шылауында кетті. Ленин жолдас бастаған большевиктер соны білді де, Октябрь революциясын жасады, еңбекші халыққа бостандық әперді.

Полетаев сол қолымен маңдайын басып, шынтағымен столдың шетіне таянып, Оспанның жүзіне таңдана қарап отырды да, бір мезетте:

— Осының бәрін сен кімнен естідің? Қайдан білдің? — деді.

Оспан іркілген жоқ.

— Абақтыда мен Харитон Крылов деген білімпаз кісімен бірге жаттым... Біз оны Харитон ағай деп атайтын едік.

— Ол қай Крылов? Осы күнгі уездік совдеп председателінің орынбасары ма?..

— Дәл өзі, — деді Оспан, — мен ол кісімен абақтыда алты ай бірге болдым. Омбы қаласының жүмысшысы екен, саяси күреске қатынасып жүрген жерінен қолға түсіпті.

— Крылов жолдас сенің көзіңді ашып, көкірегіңе саяси білім құйып берген екен ғой?

Оспан қызды-қызды әңгіме үстінде абақты тұрмысы жайында, Харитон ағай мен Тимофей Елтизов турасында Полетаевқа баяндап берді. Крылов февраль революциясынан кейін іле-шала тұтқыннан босап кеткен. Оспан оны осы абақтыдан босағанда, Амантайға кетер алдында кеңсесінде көрген. Елтизов болса, Оспанмен бірге тұтқыннан босап шығып, Тілекей селосындағы үйіне кеткен. Оспанның сөзіне қарағанда Тимофей селоға барған соң, «бір мықты жұмыстың тұтқасын ұстаймын, ондағы өзім қатарлас кедей-жалшыларға бас боламын», — деп кетіпті.

Оспанның мән-жайын Полетаев Михаил Захаровтан әлдеқашан естіген. Оның өмір-тарихы, не себептен абақтыға түскені, Жәуке өлімі — бәрі де оған айдай аян. Шындығында, Оспаннан мұндай тосын жаңалықты күтпеген еді. Оны осы қаладағы көп жалшының бірі ғой, өз қатарымызға тартайық, қолқанат етейік деп бүгін әдейі шақырып алған.

— Солай, Оспан! — деді Полетаев даусын соза. — Осы қаланың аса қауіпті кулагі-революцияның қаскөй жауы Семен Бойковты өткен түнде тұтқындап, қарулы күзетпен Атбасарға жөнелттік. Демек, біздің қаламызда ауа райы біраз түзеледі енді. — Қара бұйра елтірі жағасын шалқасынан қайырған шолақ ақ тонын шешіп, орындығының арқасына қоя салды. Столының суырмасын тартып қалып, одан май-май болып, сиқы кеткен темекі дорбасын алып шықты. Дорбаны сілкіп-сілкіп қойып, ескі газеттің шетінен жыртып алып, темекі орады. Сіріңкені шырт еткізіп, шылымын тұтатып алды да, құшырлана сора бастады. Жайпақ маңдайынан тура түскен қарлы мұрнын қос-қосынан тартып, жіңішке сапары құлағына жеткен жоталы күрең мұртын сылап қояды. Екі көзі Оспанда. Шылымын үсті-үстіне сорып әлденені ойланып отырғандай, үнсіз түйлігеді.

— Уездік совдептен алған куәлік қағазыңды анада, Михаил Захаровтың үйінде көрсеттің ғой, — деді Полетаев, — дұрыс екен. Сол қағаз жанында бар ма? Берші, тағы да бір көз жүгіртіп өтейін.

Оспан керек боп қалар деп куәлік қағазды ала келген. Оны қалтасынан алған бойда Евгений Павловичке ұсынды. Ол қағазды екі қолымен керіп ұстап, шалқақ отырып, аузын жыбырлатып оқи бастады. Қағазды екі бүктеп алдына қойды да, саусақтарының ұшымен столдың шетін тықылдатып отырып:

— Жарайды, жақсы екен! Жаманбаев жолдастың азаматтық хұқықтарын қалпына келтіріңдер, қалыпты тұрмыс құруына көмектесіңдер, халыққа пайдалы қызмет істеуіне жағдай жасаңдар дейді... Бұ да дұрыс. Жазықсыз зардап шегуіне себепкер болған айыпкерлерден есесін өндіріп беріңдер дейді. Бұ да теріс емес. Осыған байланысты әуелі өз пікірімді айтайын.

— Айтыңыз.

— Сенің еңбекші халыққа пайдалы қызмет еткің келетініне мен кәміл сенемін, — деді Евгений Павлович, — сондықтан біздің қызыл милиция отрядына қосыл. Екінші мәселеңді шешіп қойдық. Әзірге Семен Бойковтың малынан бір ат, бір бұзаулы сиыр, соғымдық бес қой таңдап ал.

— Осы айтқандарыңыздың бәріне де ризамын, Евгений Павлович.

— Байқаймын, сенің көзіңде маған таңданған бір сыңай бар, — деді Полетаев күлімсіреп. — Таңданатын жөнің бар. Көріп отырсың ғой, мен де дәрігерлікті жылы жауып қойып, тағдырдың бұйрығы бойынша, енді адамдардың жанын емдейтін қызметке ауыстым.

Енді ол Сәтмағамбетті қалай емдеп сауықтырғанын айтты. Оспан оған алғыс айтып, ыстық ықылас білдірген.

— Тіпті жақсы! Жолың болсын. — Полетаев столының суырмасынан бір парақ ақ қағазды алды да, көзілдірігін киді. Алдындағы шөлмектің түбіртегіне құйған сияға жіңішке қаламын малып алып, тұқыраңдап жаза бастады. Бір мезетте қағазды көзіне жақын ұстап отырып, даусын шығарып оқыды: «Осыны ұсынушы Жаманбаев Оспан жолдас өз еркімен Мариновка (Амантай) қызыл милиция отрядына кірді. Бұл жолдасты отрядқа қабылдап, қару-жарақпен қамтамасыз етілуін талап етеміз...» деп жаздым. Аяғына қолымды қойдым. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. — Ол столының суырмасынан дөңгелек қара мөрді ала салып, аузына жақындатты да, ернін шүйіріп үрлеп-үрлеп жіберіп, әлгі қағазды сол алақанына төсеп, оң қолымен былш еткізіп мөр басты. — Бұл қағазды сен отрядтың командиріне апарып бер. Ал, енді айтылмыш малыңды ертең өзім алып беремін.

Оспан қағазды бешпентінің төс қалтасына сүңгітіп жіберді. Полетаевтың қарсы алдына қолын қусырып тұра қалды.

— Рахмет, сізге, Евгений Павлович! Тірлік болса сіздің сеніміңізді ақтармын, әрқашан өзіңізбен бірге болармын.

Полетаев орнынан көтеріліп, инабатты пішінмен басын төмен иіп тұрып:

— Ұйымшыл болайық, Жаманбаев жолдас! Жұбымызды жазбайық! Революция жауларына қирата соққы берейік! — деді.

Оспан оң қолын барынша көтеріп, серпінді үнмен:

— Әміріңізге құлдық, Полетаев жолдас! Маған сеніңіз, — деді.

СОҢҒЫ СЕРПІН

Кейінгі үш-төрт айда ел қазақтары Амантай қаласына сирек қатынайтын болған. Әсіресе бұрын қала байларымен алыс-берісі, сауда-саттығы мол ауыл байлары осы күні жаңа құрылған совдептің айбатынан сескеніп, кейінгі кезде апандағы аюдай бұғып жатып алған. Қит етсе топ-тобымен қалаға келіп, таныстарының үйіне түнеп жатып, карта ойнап, сайран салатын құмарпаз жігіттер де бұл күнде пышақ кескендей тыйылған.

Амантайдағы болыстық және селолық совдеп революцияның серпінді қарқынымен іске шұғыл кіріскен. Ең алдымен, өте-мөте қауіпті деген ірі кулактарды тұтқынға алған. Семен Бойков қатарлас кулактардың бір тобы Атбасар абақтысында қамауда жатқан. Енді бірсыпыра жырынды кулактар совдептен амалдарын асырып, қара бастарын сауғалап, қашып кеткен. Шынтуайтқа келгенде олардың іздеріне түсіп, қудалап іздеген де ешкім жоқ. Жер астына кіріп кетпесе, түбі бір табылар. Мал-жандарын, шарбақтарын тастап қайда кетер дейсің. Оның бер жағында, әйтеуір, күдікті екен, табы жат екен деп, кулак атаулыны шетінен мұрнынан тізіп тұтқынға ала беруге және болмайды. Кім көрінгеннің тіліне еріп, «осы күдікті, осы жат», — деп бармақ шошайтып көрсеткен жанның бәрін бірдей қидай сыпырып ұстай берсе, халық алдында совдептің қандай беделі болмақ. Күнделікті тықыл-таяң шаруа бастан асып жатқанда әрнеге бір бой ұрып, қолдағы аз санды, жасаң сапалы күш-қуатты жөн-жосықсыз ысырап ету жөн емес. Болыстық совдеп председателі Полетаев жолдастың қазіргі жағдайға орайлас пікірі осындай. Ол осыны ақылға салып, терең пайымдап, ең әуелі революцияның маңыз-мақсатын халыққа кеңінен түсіндіріп, кедей- жалшыларды совдеп төңірегіне молырақ топтап алу қамына шұғыл кіріскен. Болыстық совдепке қарасты Амантайдан басқа бес ұсақ село бар. Олардың әрқайсысында жергілікті совдеп құрылған.

Бір күні Полетаев жолдас Оспан мен Михаил Захаровты шақырып алды. Амандық білісіп, қысқа-қысқа сөз қағысқаннан кейін:

— Мен сендерді бір тығыз шаруамен шақырып едім, — деді. Анау екеуі Полетаевтың сұрлана қалған суық жүзіне үнсіз қарай берген. Сәлден кейін Михаил құлшына кетті:

— Шаруаңызды айтыңыз, Евгений Павлович!

— Осы төңіректегі қазақ ауылдарынан әлдебір күдікті адамдар қалаға астыртын келіп-кетіп жүр деген хабар түсті бізге. Бірақ олардың кім екенін, не мақсатпен келіп жүргендерін ешкім анық білмейді.

— Қашып кеткен кулактардың тыңшысы шығар, хабаршысы шығар, — деп қалды Михаил.

— Ол да ғажап емес, — деп Оспан қостады оны.

— Тыңшы ма, басқа ма, онысын ұстап әкелгенде білерміз. — Полетаев ресми әлпетпен бұл әңгімені ұзартпайық деген сыңай білдірді. — Қаланың айналасындағы төрт жолдың торабына екі-екіден, үш-үштен қарулы күзет қоямыз. Күзетшілерді екеуің басқарасыңдар.

Михаил Захаров сіресіп тұра қалды:

— Құп болады, председатель жолдас!

Оспан Михаилдың жаңағы әрекетін айнытпай қайталады.

— Естеріңде болсын, жолдастар? — Полетаев балаларын ұзақ сапарға аттандырғалы тұрған қарт әкедей мейірлене сөйледі. — Бейсауыт жүрген адамды ұстасаңдар, ұрып-соқпаңдар. Ұсталған бойда бізге табыс етіңдер...

— Өзіңізге айтып едім ғой, елде менің Аралбай деген жауым бар, — деді Оспан, — егер де ол біздің қолымызға түссе, бір төмпештеп алмай көңілім тынбайды.

Полетаев мырс етті. Мұртын ширатып, көзін төңкере қарады.

— Жарайды, құдай айдап, Аралбай қолыңа түсе қалса, қан шығармай, денесіне жара түсірмей, сабап ал, — деді.

Полетаевтың ішінде айтылмай қалған бір сыр бар еді. Мына Оспан соның үстінен түсті.

«Тінібек елінің атақты шонжары. Семен Бойковтың жан аяспайтын досы, еңбекші елдің қанын сүліктей сорып келген қаныпезер зұлым Аралбай Тастанбек баласы өте қауіпті жау Оның өзі Амантай қаласынан қашқан бір топ орыс байларын жасырып қойды. Енді солардың үйлеріне астыртын кісі жіберіп, байланыс жасап жүр, киім-кешектерін азық-түліктерін жеткізіп беруге әрекет істеп жүр...» Болыстық совдепке тінібек еліне кеше түскен осы құпия мәлімдеме Полетаевтың столында жатыр. Бұл мәселеге сақтықпен қарап, мына жігіттерге айтпаған.

— Сәті түсіп, Аралбай ұсталса, бітеу жараның аузы алынады, қасқырдың ұясы талқандалады, — деді Полетаев. Қолдағы мәлімдемеге соқпай, жақауратып айтты. — Жолдарың болсын... Сақ болыңдар.

Осыдан кейін Оспан мен Михаил — Полетаевтың сілтеуімен жасақталған сенімді жігіттердің тізімін алған. Оларды дереу жинап алып, әрқайсысының күзететін жерін, күзет кезегін белгілеп берген.

Тінібек елі биыл жайлауға май айын орталап көшкен. Онда да баяғы заманнан бергі дағдарысынан күрт айнып, алыстағы Ащылыға бармай, қыстауларынан он шақырым жердегі Егінді сайға қонған. Егінді сай Амантай қаласының солтүстік-шығыс беткейіндегі томарлы, қамсақтылы сала. Көкшетау қаласына баратын даңғыл қара жолмен тартып отырып, Амантайдан шамалы ұзағанда алдыңнан оң жаққа бөліне кететін сүрлеу жолмен қиыстай жүрсең лезде жетіп барасың. Салт атпен тура тартқан кісіге тиіп тұр.

Күн екінділікке еңкейіп, батыс көкжиекке ілінген. Аралбай сыпсың құйрық жалқау торыны қорапты тарантасқа жегіп, Амантай қаласына кештетіп аттанған. Әлдебіреулердің көзіне түсіп қалсам елеусіз болайын, қапелімде танытпайын деген ішкі есеппен үстінен қай-қайдағы бір ескі-құсқы киім киген. Шыжып тұрған жазда сабалақ жүнді сеңсең тымақты көзіне түсіре, екі құлағын салбырата киген.

Шабан торы аяғын санап басып, әлсін-әлсін ышқына пысқырады. Салпаң құлағы салбырап, тірсектері соғылып, қанша айдаса да ит бүлкектен бір аспайды. Асығатын Аралбай жоқ. Осы баяу жүріспен ымырт жабыла қала шетіне ілінсе болғаны, қалайда Бойковтың үйіне барып оның Атбасардан тапсырып жіберген аманатын жеткізсе, бір зор істің тынғаны... Одан арғысын тағы да көре жатар.

Шабан торының қайыс делбегесін босаң ұстап, арбада тербеліп келеді. Ала құйын ойларға бір сәт шомып кетеді. Аралбай көңілін алаңдататын бір қиын іс тұтқындағы Бойков жайы. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп артына қалжауыр байлапты». Мен де бір қызық пендемін. Өз басымдағы қырсығым аз болғандай, осы бір пәлеге шырмалып нем бар еді...» Ауылынан қара үзіп ұзай бергенде Аралбайға осындай бір ұйтқымалы ой келген.

Бойков дегенде шыбын жанын пида етуге тайынбайтын Аралбай осыдан төрт күн бұрын аттана шауып Атбасарға барған. Ол сондағы тындырып қайтқан шаруасын ойша салмақтаған. Соның кейінгі тынымын ойлап келеді.

Аралбай Атбасарға сондағы жақын адамдарына сеніп барған. Өзінің таныс саудагері Ғибатулла дейтін татардың баласы Зейнұр абақты кеңсесінде хатшы болып істейтін. Оның бер жағында, өзінің немерелес жиені Есентайдың Әлімі уездік сотта кеңсе қызметінде. Аралбай бір жағынан осы Бойков түбінде сотталатын болса, мені де арбасының күпшегіне іліктіріп ала кетеді деп қауіптенеді. Сол себептен Бойковқа жаны ашыған болып, тамағын тиеп, реті келіп қалса, параға беруге жанат ішік, масаты кілемін алып, артынан іздеп барған. Көздеген мақсатына жете алмай, тауы шағылып қайтқан. Оның Атбасарға әдейілеп барғанда бар бітірген шаруасы — Зейнұрдың көмегімен абақтыдағы Бойковпен тілдесті. Сонда Бойков оған бір ауыр міндет арқалатып жіберген. «Әйеліме әдейі өзің барып айт, Амантайдағы көңіл жетер кедейлер мен момын шаруалардың атынан уездік сотқа арыз түсірсін, ешбір жанға қиянаты жоқ, өзінің шаруасын ғана білетін момын адам еді, халыққа мейірімді еді, жаламен тұтқынға алынды деп жазып, көп адамның қолын қойдырсын» — деп тапсырған. «Мен сотталсам, сен де аман қалмайсың, екеуміздің түпкі тамырымыз бір екенін осы бастан біліп қой», — деп ескерткен Бойков. Келесі күні Зейнұр арқылы үйдегі әйеліне хат жазып беріп, Аралбайдың қолына табыс еткен. Хатқа Бойковтың не жазғанын бір құдайдың өзі біледі. Аралбай бұл хатты мәсісінің ішкі табанына салып алған.

Аралбай Амантайға осындай ауыр жүкпен келе жатыр. Көкшетаудан келетін үлкен қара жолға түсіп, беталыс бағдарын енді түзей бергенде аспан бұлты қоюланып, күн күркіреп, найзағай жарқылдай бастады. Әлем-тапырық дауыл тұрып, ауа райы лездің арасында сабындай бұзылып жүре берді. Аралбайда зәре жоқ. Сасқанынан делбені жиілете қағып, шабан торыны ұзын бишікпен осқылай берді. Ерікке қоймай сау желдіріп, жаңбыр сабалап жауа бастағанда Бименде сайынан асты. Көк шіркеуінің алтын кресті үш мұнарасы күншілік жерден мен мұндалап тұратын Амантай қаласы мына жаңбырлы күнде жуық маңда жеткізетін емес. Жаңбыр айнала борай жауады. Аспан жүзі әлсін-әлсін жарқылдап, дембе-дем найзағай шартылдайды. Бір ойпаң жерге келгенде шабан торы төбеге ұрғандай тас табандап тұрып алды. Аралбай сонда арбаның қорабына етпетінен жатып қалды. Күннің жарқылдағанын көргісі келмейді.

Аралбай әлден уақытта басын көтеріп қараса, тастай қараңғы түн. Желдете жауған нөсер көзге түртсең түк көрсетпейді. Аспан мен жердің арасы тұтасып кеткендей. Аралбай шабан торыны басқа-көзге төпелеп, орнынан әрең жылжытты. Қанша сабалағанымен ат жүрісі өнбейді, жолдың нобайымен ілбіп келеді.

Аспан бір жарқ ете қалғанда жолдың оң жақ езуінде бір адамның бойы көрінеді. Сол-ақ екен. Аралбайдың екі көзі шарасынан шығып, денесі қалтырап кетті. Жүрегі дүрсілдеп барады. Атының делбесін кенет іркіп қалып, әлгі адам бейнесі көрінген тұсқа шошына қарай берді. Сөйткенше болған жоқ, тағы да аспан жүзі бір жарқ ете қалғанда, мылтық кезенген бір адам тарантастың оң жағына жанаса берді де:

— Тоқта! — деп қатты дауыстады.

— Әй кімсің? — Аралбай сасқалақтап дыбыс берді.

— Әуелі өз жөніңді айт! — Әлгі адам ақырып қалды.

Оның даусын танып, Аралбайдың жүрегіне әлдеқандай қуаныш лебі жүгіре бастап еді.

— Әй, мен сені біліп тұрмын... Бәселейдің Микайласысың ғой, — дегенде, анау өктем дауыспен:

— Сенің қандай сайтан екеніңді қараңғыда қайдан білейін, — деді де, арбаның қорабында тоңған торғайдай бүрісіп отырған Аралбайды іс- міс жоқ жұлқылай бастады.

— Қой, тамыр, мені әурелеме!! — Аралбай қашқақтап, қолымен басын қорғай берді.

Михаил оның шапанының жағасынан қапсыра ұстап тұрып қатты зекірді:

— Әй, Аралбай сұм! Осы жеті түнде нағып жүрсің?..

Аралбай Михаилдың қолынан жан дәрмен босап шығып, қораптың алдыңғы жағына шалқалап сырғып кетті. Қалбалақтап сөйлеп жатыр:

— Қалада бір пақыршылық шаруам бар еді, тез барып келе қояйын деп кештетіп шыға қалып едім... Мына құдайдың күні аяқ астынан астан-кестен боп кеткенін көрмейсің бе?..

Михаил мылтығының қанды аузымен Аралбайдың кеудесіне нұқып-нұқып жіберді.

— Осы жаңбырлы түнде сені ажал айдап әкелген шығар, — деді.

Аралбай бажылдап, арбадан секіріп түсті де, монтанысып жалына берді:

— Әй, тамыр! Тиме маған, аурумын, шал адаммын, қалаға кіруге болмайтын болса, ізімше еліме қайтайын...

— Сендей тамырым жоқ менің. — Михаил мұны зілмен айтты. — Осы жерде жауыңмен кездесіп тұрғаныңды біліп қой, Аралбай!..

Аралбайдың үні өшті. «Өлген жерім осы екен ғой», — деп, иманын үйіріп, құдайына сиына берді. Даусын шығарып мінажат айтты: «Лә илаһа иллалла, мұхаммади расулолла! Астағыпыралла!» Енді аспан жүзі бір жарқ етіп, айнала күндізгідей жарық боп кеткенде жаңағы Михаилдың келген жағынан қараңдап келе жатқан бір адамның бейнесі көрінді. Қылт етіп көрініп, қараңғы түнекке көміліп кеткен әлгі адам лездің арасында арбаға жақындай беріп:

— Қайдасың, Михаил? — деп дауыстады.

— Кел бері, Оспан! Мылтығыңды кезеп ұста! Досыңмен кездесесің. — Михаилдың даусы қатты шықты.

— Досың кім? — Оспан қалшылдап арбаға сүйеніп тұрған Аралбайды қармай берді.

— Оспанбысың? Аманбысың, шырағым? Мен Аралбай ағаңмын ғой. — Есі шығып Оспанға қолын соза бергенде, ол ашуланып қағып жіберді.

— Бауырды тапқан екенсің, көк төбет! Қолға түстің бе, бәлем! Қақпанға іліндің бе? — Оспанның даусынан өшпенділік ызғары білінді. Аралбайды арбадан сүйреп алып, кеңірдегіне мылтығының қанды аузын тірей берді. Аралбай тайлығып шегініп кетті. Аяқ астынан шын кіріптар болғанына енді көзі жетіп, еңкілдеп жылай бастады.

— Айналайын, Оспанжан! Түбіміз бір ағайын едік. Артық кетіп, аса соққан жерім болса, кінәласып бітісерміз... Ақылың бар бала едің, аузы түкті кәпірге кіріптар қылма мені...

— Сөйлеме, сұмырай! Қазақ пен орысты жіктесең, жетерсің мұратыңа... Кәні, Михаил! Жүрейік...

Михаил аттың басын жолға түзеп қойып:

— Қысқарт сөзді, Аралбай! Отыр шапшаң арбаға! — деп бұйырып еді, анау оның әміріне бірден бойсұна қоймай, шегіншектей берді. Сонда Оспан оның арқасынан итеріп әкеліп, Михаил екеуі қолтығынан көтеріп, арбаға ырғытып жіберді. Михаил арбаға секіріп шықты да, бүрісіп отырған Аралбайды төбеге бір қойды. Үстінен жаныштай отырып алды. Аралбай мысы құрып, тынысы тарылып, ырсылдап жатыр. Оспан қораптың ішін сипалап жүріп, Аралбайдың бишігін тауып алды да, жалма-жан козлаға қонжиып, делбені қағып, торыны сауырға бір шықпыртып айдай жөнелді.

Бұл кезде жаңбыр саябырлап, түн пердесі кем-кемнен түріле бастаған. Найзағай алыстан әлсіз шартылдайды. Аспанды айқара жапқан қара сұр бұлт жыртылып-айырылып, үйір -үйірімен күншығысқа қарай жөңкіліп барады.

Жақыннан қала иттерінің абалаған даусы келеді. Май айындағы қысқа таң көкжиектен қылаң беріп, жер бетіне жансар сәуле түсе бастаған.

Міне, Оспандар қалаға кірді. Әр жерден ерте оянған үйлердің терезелерінен шам жарығы жылтырайды. Орталық көшенің әр тұсынан қараңдап сөйлесіп келе жатқан некен-саяқ адамдар көрініп қалады. Таң алдында, маужыраған тыныш шақта ұйқыдағы елді оятқылары келгендей, қора бас сайын әтештер азан-қазан әндетіп жатыр.

Оспан аттың басын орталық үлкен көшедегі кең алаңның күнбатыс жақ желкесіндегі болыстық совдеппен аудандық милиция мекемесі орналасқан екі қабатты ағаш үйге тіреді. Козладан шапшаң секіріп түсті де, жалпақ тас қораның екі ашпалы тақтай қақпасын бишігінің сабымен дүрсілдетіп соға бастады.

— Кім бар іште? Аш! — қатты дауыстады. Сол екі арада Михаил Аралбайды арбадан сүйреп түсіріп, қақпаға жақындатып қойған. Қора ішінен бір шалдың: «Қазір, қазір! Бұл кім-әй!» — деген қырылдақ даусы шықты. «Оспан Жаманбаевпын! Аш қақпаны!» Шалдың үні өшті. Көн етігі тырпылдап, қақпаға жақындағаны сезіледі. Аласа бойлы, қауға сақал, шегір сары шал қақпаны тарс еткізіп ашып, шалқасынан қайырып тастап, сыртқа шықты. Шалғайы далиып, екі қолтығы пара-пара боп жыртылған шолақ сары тонының етегін сілкіп, беліндегі қос қабаттап байлаған кендір жіпті жөндеп алды. Басындағы күнқағары мыжырайған ескі қара картузын оң жақ шекесіне қисайта киді.

— Біз мына мырзаны үйге апарайық, — деді Оспан күліп, — Корней атай, сен мұның атын доғарып қораға байлап қой.

— Құп болады, — деді де Корней атай өлусіреп тұрған Аралбайдың бетіне үңілді. Оны тани кетті.

— Аға, бізге қонаққа келдің бе, Аралбай мырза?.. — Корней мырс етіп, қулана сөйледі: — Әй, білмеймін-ау, бұл жолы бұрынғыдай сыйлы бола қояр ма екенсің? Естіп пе едің, досың Семен Петрович Бойков шаяндар қыстайтын жерге кеткен. — Екі бүйірін таянып, басын кекжитіп, маңызданып тұр. Корнейдің астарлы сөзіне мейірлері қанып, Михаил мен Оспан да үнсіз қалған.

Жаңағы Корней атай айтқан орыс мәтелін Аралбай білетін. Бойков досының «шаяндар қыстайтын жерге» кеткені анық. Кім көрінгеннің ескі арбасын жөндеп, пешін салып, тиын жинап күн көрген Корней шалдың бүгін кісімсуін қара. Оның кекесіні шымбайына батып, жүрегіне инедей қадалса да, ләм-мим деп сөз қайырған жоқ. Мейлі, айта берсін, кекете берсін. Оспан мен Михаил асығатын емес. Корней атайдың мығым тұрысына, көрген жерден Аралбайға ауыз салып, өктемдік көрсеткеніне қатты түйсініп, оған бір ауыз сөз қоспай, үнсіз тұрып қалған. Көңіліндегі кикілжіңін айта түссе екен, сілесін қатыра берсе екен деп, айыздары қанып тұрған сияқты.

Корней атай Михаил мен Оспанға сұстана бет бұрды. Осынау таңғы шақта бар ғаламның билігін өз қолына алған ұлы мәртебелі әміршідей бұйыра сөйледі:

— Жетер енді, апарыңдар, даланың арлан бөрісін, сыйлы қонақтың жайына орналастырыңдар.

Екі жігіт Аралбайды екі жағынан мылтықпен қамаулап қораға кіргізді.. Бұлар үйме-жүйме боп кеңсеге кіргенде Корней атай атты дереу доғарып, қораның түкпіріндегі ашаға байлап қойды.

Селолық совдеп председателі Ермолай Чумак аудандық милицияның бүгінгі кезекшісі еді. Ол төргі бөлмедегі орындықтарды құрастырып қойып, киімшең ұйықтап жатқан.

Михаил оны оятып алды. Чумак көзін тырнап ашып, шамалы жөнделіп алды да, алдында тұрған Михаилға абыржи назар аударды.

Михаил мәлімдей бастады:

— Председатель жолдас! Аралбай Тастанбековті ұстап алып, сіздің құзырыңызға алып келдік.

Ермолай шала ұйқы болғандықтан жүдеген сопақ бетін оң қолымен уқалап, аспан түстес көгілдір көзін төңкеріп, әлдебір суық пішінмен Аралбайға ежірейе қарады.

— Бұл зұлымның ұсталғаны жақсы болған екен, — деді.

Теңселіп тұрған Аралбай Ермолайдың айбынына шыдай алмай, қырындай берді.

Аралбайды сұқ саусағымен көрсетіп, Оспан сөзге араласты:

— Бұл қасқырды біз әлгі әзірде қала сыртындағы жол үстінде ұстадық, мықты болса құтылып көрсін енді...

— Иә, мұндай да кездейсоқ оқиға бола береді екен, Ермолай Петрович! — Михаил рақаттанып сақ-сақ күлді. — Біз мұны сыбайластарымен қоса қырдағы елден ұстаймыз ғой деп жүрсек қаңғалақтап келіп, өзі қолға түсті.

Чумак Аралбайды шыннан да апаннан ұсталған арлан қасқырдай көріп, өңменінен ала түсуге шақ тұр.

— Жарайды, мұны енді қонақ үйге орналастырайық, — деді ол ойын-шынын айырғысыз беймәлім сыңаймен.

Чумактың айтып тұрған «қонақ үйі» аудандық милиция қорасының бір шетіндегі темір есікті тасболат сарай екенін Аралбай қайдан білсін. Шынында да бұлар мені бір жайлы қонақ үйге орналастырып, кейін жата-жастана сөйлесетін шығар деп дәмеленіп қалған.

Көңілі сәл орнына түсіп, жақсылықтан үміткер боп тұрған Аралбайды Оспан көк желкеге жұдырығымен түйіп жіберді.

— Салулы төсек, салқын үйге жатқызып сыйлайды екен деп тамағың іспей-ақ қойсын, көк төбет! Ендігі орның жаһаннамның түбі болар, — деді.

Аралбай басын салбыратып, қолын бауырына қусырып тұрып, Чумаққа жалынды:

— Мені әурелеме, тамыр! Ешкімге жазығым жоқ, момын адаммын. Керек десеңдер, ауылдағы совдепті құшақ жайып қарсы алып, оған адал қызмет істеп жүрмін... Өтірік десеңдер, ел адамдарынан сұраңдар.

— Атаңның басы, қатқан ердің қасы, — Оспан мысқылдап күлді. — Одан да совдепке көр қазып жүрмін, ел арасына іріткі салып жүрмін десең болмай ма?

— Сөз қысқа, — деді Чумак сұстанып, — біз сені осы арада тергегелі тұрған жоқпыз. Адалдығыңа дәлелің болса, кейін тергеу кезінде айтарсың. Ал, жігіттер, жалпы тәртіп бойынша қамау алдында мұны бастан-аяқ тінтейік...

Оспан Аралбайдың шапанын шешіндіріп, қойын-қонышын түк қалдырмай тінтіп шықты. Бір жағынан Михаил да Оспанға көмектесіп жатыр. Аралбай тісі тісіне тимей қалш-қалш етеді. Екі қолын екі жаққа жіберіп, жігіттердің ырқына көне берді.

Тұла бойын тінтіп болған соң Оспан оған:

— Кебіс-мәсіңді шеш! — деп бұйырып еді. Аралбай тақтай еденге жалпиып отыра қалып, әуелі мұқыл бас қара кебісін шешіп былай қойды. Мәсісін жуыр маңда шеше қоймай қипақтай беріп еді, Оспан зекіріп қалды.

— Шеш шапшаң мәсіңді!..

Аралбай Оспанның әміріне бірден бойсұна қоймай, көзі алақтап ырсылдап отырғанда, Михаил қатты ақырды:

Неге шешпейсің мәсіңді, ішіне тығып қойған алтының бар ма?.. — Михаил кебісті ала салып, ішіне қолын жүгіртіп шықты да, ештеңе жоғына көзі жеткен соң тарс еткізіп еденге тастай берді.

Аралбай ыңыранып отырып, амалсыздан әуелі оң аяғындағы мәсісін шешіп тастағанда, оны Михаил іліп алып, қонышын жиырып, ішіне қолын тықты. Ол аз болғандай төңкере сілкіп жерге тастады. Ендігі кезек сол аяғындағы мәсіге келгенде Аралбай ауырсынып, тартыншақтай берді. Сол заматта Оспан ытырынып келіп, Аралбайдың қарсы алдында отыра қалып, мәсілі аяғын қос қолдап көтеріп алды. Шірене тартқанда мәсі Оспанның қолында кетті. Мәсінің қонышынан қынға салған бір пышақ сопаң етіп жерге түсті. Ішкі табанына қолын сұғып жібергенде Оспанның қолына шүберекке оралған қағаз ілікті. Пышақты Михаил қынынан суырып алып, жалаңдатып ұстап тұрды. Сол екі арада Оспан шүберекке оралған қағазды Чумакқа ұстатты.

Михаил пышақты аудара қарап, айналдыра төңкеріп, жайымен сөйлеп тұр:

— Қаруының түрін қара. Кәдімгі мал бауыздайтын сапы пышақ. Мұны ғой, сен енді адамға жұмсайын деп ойлағансың, сірә... — Пышақты қынына сұғып, Ермолайға берді. — Тығып қой, бір керегімізге жаратармыз...

Ермолай қара жіппен жөрмеп тіккен ақ шүберекті дереу сөгіп жіберіп, ішіндегі бірнеше парақ қағазды бөліп алды. Ол стол басына жайғасып отырды да, жаңағы қағаздарды біртіндеп көріп шықты. Әлден уақытта таңданған пішінмен екі иығын бүлк етіп, ішіне тарта мырс етті:

— Шын керемет мұнда жатыр екен!.. — Михаил мен Оспан аң-таң. Қағаздан не керемет табылды екен?

— Мына қағаздардың да құпия сыры ашылды, — деді Чумак. Киініп алып, сілейіп тұрған Аралбайға сұқтана қарады. — Абақтыдағы Бойков жайынан хабар беретін, жоғалтып жүрген көкжал қасқырларымыздың апанына жол сілтейтін айғақты зат... Бір-бірлеп шытырлатып санап еді, табаны күректей төрт парақ қағаз екен. — Мынасы болса болмаса да Семен Бойковтың ақтап алыңдар деп, Аралбай арқылы үйіне жазған хаты... Мына біреулері біздің қаланың қыр елінде қашып жүрген жалмауыздардың үйлеріне жазған хаттары... Мынау Егор Сизовтікі... Мынасы Игнат Безверховтікі... Мына біреуі Иван Руданың хаты... Демек, Аралбай мырза осы қашқындардың қаламен байланыс жасайтын тыңшысы екеніне күмән болмасқа керек. — Ермолай Аралбайға адырая қарап қойды. — Шамасы біздің қалаға бұдан да бұрын әлдеқашан жасырынып келген шығарсың?

— Алла сақтасын. Мен оларды білмеймін... — деді.

— Айғақты затпен қолға түсіп отырсаң да танасың, ә?..

Аралбайдың аузына құм құйылды. Шамалы ойланып алып, қарғана бастады:

— Оллаһи, олардың қайда екенін білмеймін, тіпті, Бойковыңнан да түк хабарым жоқ. Қалаға бара жатырсың ғой, Бойковтың қатынына табыс ете сал деп, бұл қағазды маған Байсалбай берген...

Оспан дүрсе қоя берді:

— Өзің не тантып тұрсың? Байсалбайың кім айтып тұрған?

Шынында, Аралбай Байсалбай деген кісіні ойдан шығарып айта салған. Ол күмілжіп, тура жауаптан жалтарып кетті.

— Аңқам кеуіп барады, бір жұтым су беріңдерші!.. — Чумакқа жалбарына қарады. Кебержіген жалық ернін жалағыштап, қаталап бара жатқандай жалмаңдай берді.

— Суды қоя тұр! — Чумак ызбарлы. — Әуелі, сен менің әлгі сұрағыма жауап бер...

— Осы итпен тәжікелесіп тұрамыз ба? — деді Оспан. — Тас сарайда бір апта қамалып жатса, ақ малтасын өзі-ақ күйсейді әлі...

Михаил сөзге араласты:

— Аудандық милициядан рұқсат болса, Аралбайды мен, ең әуелі, құдыққа шомылдырып алар едім...

Чумак иек қақты.

— Апарыңдар, қамаңдар!..

Оспан Аралбайдың жалпақ жауырынынан қапсыра ұстап, орнынан тұрғызып алды да, алдына салып айдай жөнелді. Михаил да оған ілесіп кетті. Кеңсені кілттеп, іле-шала Ермолай мен Чумак та тысқа шықты.

ӨРЛЕУ

Кеше болыстық совдепке Атбасардың уездік совдепінен бір құпия қатынас қағаз келіп түскен. Болыстық совдеп председателі Полетаев сол қағазды осымен үшінші рет оқып, өз-өзінен рақатқа батты. Ол қала мен елдегі жалпы жағдайды бір ауық ойлап кеткен. Осы кезде жалпақ өлкеде тымырсық тыныштық орнаулы, Уездік совдептің жергілікті жердегі арқа сүйеніші болыстық және селолық совдеп, аудандық милиция кейінгі кезде сақтықты күшейткен. Сенімді, Ерікті милиционерлерді қолда бар азын-аулақ, винтовкамен, наганмен, елден жинап алған жай мылтықпен қаруландырып, күн сайын бір мезгіл әскери өнерге үйретіп жүрген.

Аудандық милиция осы кезде қала мен даланың тыныштығын сақтауға және сыртта қашып-пысып жүрген қауіпті жауларды аулауға шұғыл кіріскен. Полетаевтың ой ауқымы ендігі бір сәтте жаңағы жайттарға ойысты. Қанша айтқанмен, алдағы атқарылатын ауыр міндеттерге қарағанда қолдағы күш-қуат әлі де болса шағын соғады. Әйтеуір, бір жақсы жері, теңдік-бостандыққа ұмтылған еңбекші халықтың революциялық ынта-жігері күшті, бастай білсең, ұйымдастыра білсең, талаптары таудай. Совдеп председателі осыны ойлағанда әжептеуір көтеріліп қалған.

Полетаев әлгі қағазды шыр көбелек айналдырып ұстап отырды да, совдептің бүгінгі кезекші шабарманы, тымпылдақ тапал сарыны дауыстап шақырып алды.

— Қазір құстай ұшып бар да, Жаманбаевты шақырып әкел. Келіншегіңді ала келсін, — деп әмір берді.

Тапал сары мұрнын қос-қосынан тартып, көзі жыпылықтап, сөз қатпастан шыға жөнеліп еді. Полетаев кешеден бері жиналып қалған іс қағаздарымен танысып, дайындалған кейбір тығыз қағаздарға қол қойып, бүгінгі шаруаларын үртіс реттеп тастады.

Әлден уақытта, Оспан мен Қанипа кеңсеге еркін кіріп келді, Амандық айтысып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін Полетаев мақсатты шаруасына бірден кірісіп кете қоймады. Мұңдас, сырлас достар арасындағы жарастықты әзіл-қалжыңға бір сәт бой ұрып кеткен.

— Қалай, Оспан! Мылтықтың тетіктерін үйрендің бе? Қолың икемге келді ме? — Оспанның анада бір күні әскери өнердің машық алаңында мылтығы от алмай қалып, жолдастарының алдында қатты ұялғанын бопсалап айтып отыр.

Полетаевтың үлкен ұлық басымен іш тартып, қатар құрбысындай көргені Оспан көңіліне жағып кетті.

— Председатель жолдас! Талаптанып, зейін қойса, мылтықтың тетіктерін үйрену онша қиын көрінбейді, — деді Оспан, — осы үшеуі қазақтың жүз байы мен орыстың жүз кулагін қатар тізіп қойып, шетінен шытырлатып ат десеңіз, қолым қалтырамайды...

— Жігіт екенсің, Оспан! Ойнап айтам, сенің революцияның сенімді жауынгері болатыныңа менің күмәнім жоқ. — Полетаев миығынан күлді. Қанипаға бетін түзеді. — Ал сіз сөйлеңіз, қарындас! Қалай, әскери қызметіңіз өзіңізге ұнай ма? Ынта қойған кісіге әскери өнер қиын емес қой, солай емес пе?..

Қанипа жарқын күлімсіреп, даусын төмен алып, еркін сөйледі:

— Әскер өнерін үйренуден аянып жүрген жоқпын, Евгений Павлович... Өтірік десе, айтсын, жігіттерден қалысатын емеспіз, тіпті, мына Оспаннан асып та кеттің дейді командиріміз.

— Бір өтірігі жоқ, Евгений Павлович, — деді Оспан Қанипаның мақтанғанына риза болып, — менің келіншегім осы күні нағыз қызыл милиционер болып алды.

— Жарайды, қайырлы болсын, жігіт екен! — деді Полетаев, — ал, жолдастар, уақытты үнемдейік! Мен сіздерді аса маңызды бір шаруамен шақырып едім... — Бір парақ қағазды шытырлатып ұстап, арқалы орындықтан шапшаң тұрды. Сіресіп тұра қалды. — Кәне, сіздер де орындарыңыздан тұрыңыздар!..

Оспан мен Қанипа дереу орындарынан тұрып, Полетаевтың қарсы алдында қатар түзеп тұрып қалды. Не айтар екен? Жарқын шырайына қарағанда бір жақсылық хабар айтатын шығар? Осы бір ортақ ой ерлі-зайыпты екі жастың басына қатар келіп еді.

— Жолдастар! — Полетаев маңғаз келбетпен сөз бастады. — Мен сіздерге уездік совдептің маған жолдаған аса маңызды хатын оқып беруді өзімнің революциялық борышым деп білемін... Тыңдай қалыңыздар!..

Оспан мен Қанипа бір-біріне үнсіз қарасты. Полетаев жайлап оқи бастады:

«Мариновка (Амантай) болыстық совдепінің председателі Полетаев жолдасқа.

Сіздердің уездік совдепке екі дүркін жолдаған өтініш хаттарыңызға байланысты революцияның қаскөй жауы және барып тұрған қанішер қылмыскер, бүлдіргіш Бойков Семен Петровичтің ісін революциялық — әскери трибунал басқалардан бөліп алып, жете зерттеді, тергеді.

Бойковтың кісі өлтіріп, еңбекші халықты талаған ауыр қылмысы және соңғы кезде жергілікті совдепке қарсы астыртын топ жинаған контрреволюциялық әрекеті тергеуде мойнына қойылды.

Бұрынғы Амантай болысы екінші ауыл азаматы — қазақ кедей; Сармантаев Жәукені ешбір кінәсіз өлтіргені анықталды. Трибунал Бойковтың" қылмыстарын зерттегенде, ең алдымен, сіздердің хаттарыңыздағы айқын деректер мен мәліметтерді негізге алды, сол хаттарға қоса жіберілген бір топ ауыл-село кедей — жалшылары қолдарын қойған, совдеп куәландырған арыз-шағымға сүйенді.

Ешбір күмәнсіз айқындалып, бұлтартпай мойнына қойылған ауыр қылмыстарын ескеріп, Бойковты революцияға қауіпті адам деп тауып, революциялық — әскери трибунал оны өлім жазасына үкім етті.

Үкім орындалды.

Бойковпен тығыз байланыста болған, оның жемтіктесі — Тастанбеков Аралбайды тез арада тұтқындап, оның ісін көшпелі әскери үштік сотта қаратуды, ауыр жазалауды сіздерге арнайы тапсырамыз.

Біздің осы хатымызды болыстық, селолық совдептіц мүшелеріне және жәбірленуші Сармантаев Жәукенің үй-ішіне, туысқандарына хабарлаңыз.

Атбасар уездік совдепі

председателінің-орынбасары

И. Мищенко».

— Түсінікті ме?

Оспан мен Қанипа жарыса жауап берді:

— Түсінікті...

— Бойковтың жаны жаһаннамға кетсін! — Полетаев аңсаған арманына жеткендей жайнап кетті. — Әкеңіздің топырағы торқа болсын, Қанипа! Қанқұйлы жауыңыздан кегіңізді алдыңыз... Революцияға риза болыңыз...

Қанипа қуанғанынан жылап жіберді.

— Жауымнан кегімді алдым, арманыма жеттім, революцияға ризамын, — дей берді.

Оспан столдың ернеуіне екі алақанын төсеп, басын иіп тұрып қалды.

— Революцияға қызмет істейміз! — Полетаевтың даусы саңқылдап шықты. Оспан мен Қанипа оған үн қосып, жаңағы айтқанын қайталағанда, бөлме іші жаңғырығып кетті.

Полетаев аса бір мейірімді елжіреп, әуелі Қанипаның қолын қатты қысты. Содан кейін Оспанның қолын сілкілеп, риясыз дос көңілімен бір сөз айтты:

— Қадамдарыңыз қайырлы болсын, революциялық қызметтеріңіз жемісті болсын!..

ҚАЙЫРЛЫ ҚАДАМ

Таң бозарып атып келе жатқанда, Аралбай қамалған тасболат сарайдың бүгінгі күзет кезегіне Қанипа келген. Оқтаулы винтовкасын көлденең ұстап, сарай алдында ерсілі-қарсылы жүре бастаған. Өзі әулетті жігіттей жинақы да жеңіл киінген. Үстінде сидам .жеңді шолақ етек жұқа қоңыр бешпент, тар балақ шалбар. Аяғында келте қоныш, қисық табан орыс етігі жүрген сайын майыса сықырлайды. Бестемшелеп өрген тоқпақтай қос бұрымын желкесіне иіре түйіп алған. Басына кәдімгі ноғай тақия іспеттендіріп қоңыр орамал байлаған. Орамалдың дәл маңдай тұсына үш тиындық бақыр ақшаның көлеміндей қызыл жұлдыз қадаған.

Қанипа бүгін қамаудағы ата жауын күзетуге келді. Бұл да болса, Аралбайдан кек алудың бастамасы. Әу баста, қанша айтқанмен ет жүрегі бірден дауалай қоймай, қобалжи беріп еді. Бірте-бірте буыны бекіп, бойы үйрене бастаған. Қанипа қызыл милиционер қатарына кіргелі қару асынып, белгілі қызметке араласқаны осы. Сондықтан да әрі қуанып, әрі тосырқап келіп еді.

Қанипа әрлі-берлі жүргенде неше түрлі ойға шомып кетті. Оның ойы айналып келіп, мына тас сарайда жатқан Аралбайға тоқырай берген. Аралбай қамауға алынғалы арада бес күн өткен. Оның тергеуде не жауап бергені, белгілі қылмыстарынан басқа қандай құпия сырлары ашылғаны Оспанға да, Қанипаға да қараңғы. Революция заңының қатал тәртібі бойынша қылмыскердің жағдайын осы іспен айналысқан жауапкер адамдарынан басқа ешкім білмеуге тиіс. Анада болашақ қызыл милиционерлерге революция заңын түсіндіргенде мұны Қанипа аудандық милиция начальнигі, болыстық совдептің председателі Полетаев жолдастың аузынан естіген. Несі бар, Аралбай тұтқыннан аман құтылып кетер деймісің.

Қанипа Аралбайды әлі көрмеген. Мана кезекші күзетшінің: «Сарайдың есігін ашып тұтқынды көрсетейін, қабылдап ал, ендігі жауапкершілік сенің мойныңда болады, аман-есен жатқанына көзіңді жеткіз», — дегеніне де көнбеген. «Саған сенемін ғой, жатқан шығар», — деп тұтқынды сырттан қабылдаған.

Таң бозарып, айнала төңірек анық көрінді. Таң кезінде бозторғайлар әуелей шырылдайды. Беймаза әтештер елдің ұйқысын бұзып, дағдылы әніне басты. Көшелерде бірен-саран адамдар қараңдай бастады. Қоймалжың қара сұр бұлт бүркеген аспаннан ұсақ жаңбыр тамшылары себелейді. Қанипа жас балаша аңғал жымиып, мылтығын сарайдың қабырғасына сүйеп қойды. Жаңбырға қос алақанын тосты. Аспанға алма мойнын созып, бала кезінде әкесінен үйреніп қашан ер жеткенше, жаңбыр жауғанда талай айтқан бір тақпағын айта бастады: «Жау, жаңбырым, жауа ғой, суыңмен шашымды жуайын, етегімді түріп ап, далаға қашқан бұзауды қуайын». Қанипа мұны қатарынан үш рет айтты. Сонда оның қылдан нәзік, оттан ыстық сезімі балалық шағын аңсатып, әлдеқайда алысқа еліктіріп әкетті. Жеме-жемге келгенде осы бір елеусіз қиял ұшқынының өзі-ақ жас жанның ынтызарын тасытып, өткен өмірінің шежіресін шертіп кетті.

Әне, көкжиектен шеті қылтиып, күн шығып келеді. Қанипа мылтығын ұстап, сарайдың есігінде қалтиып тұр. Ол қазір тас сарайдың есігін ашады. Аралбайды тысқа шығарады. Сонда ол әкесінің өліміне себепкер болған, өзін құртып жібере жаздаған қанқұйлы жауымен беттеседі. Қанипаны көргенде Аралбай қайтер екен? Не дер екен? Әулекі антұрған қанына қарайып, Қанипаның қолындағы мылтығына жармаспаса игі еді.

Қанипа бой тоқтатып, іштей бекініп алды. Мылтығын сарайдың босағасына сүйеп қойды. Алақандай қара құлыпты сытырлатып ашты да, есіктің жуан білектей көлденең тосқауыл темірін сылдыр еткізіп қайырып тастады. Енді мылтығын есікке төндіре ұстап, тесірейе қарап тұрды. Есікті ашып тұрған бойында зекіре бұйырды:

— Тұтқын!,Шық бері!..

Күндегі қалпынша астына бір құшақ шөп төсеніп, сарайдың бір бұрышында киімшең бүрісіп жатқан Аралбай орнынан сүйретіле тұрып, аяғын бір басып, екі басып, есікке қарай беттеді. Еркекше киінген, қолына мылтық ұстаған жас әйелді Аралбай әдепкіде танымады. Оның бетіне жасқана қарап мұңдана күрсінді. Тіл қатуға дәрмені болмай, ала көзімен айнала бір шолып өтті. Қанипа қарақат көзінің қолдан орнатқан қара меруерттей қарашығын Аралбайдың өңменіне қадап тұрып, өктем дауыспен:

— Неге сілейіп тұрсың? Шық шапшаң! — деп еді, Аралбай оны сонда таныды. Көзі бажырайып, басы кекжиіп, кейін шегініп кетті. Шоқша тарлан сақалы ешкінің құйрығындай шошаң етті. Екі қолын жайып, шалқалай берді. Күтпеген жерде пайда болып, алдында мылтық кезеніп, айбар көрсетіп тұрған Қанипа оған осы бір жан төзгісіз қиын-қыстау сәтте өз ұғымындағы жан алғыш әзірейілдей көрінді. Қанипада үн жоқ. Аралбай енді қайтер екен? Не күйге түсер екен? Тастай қатып, оның ыңғайын бағып тұр.

Аралбай теңселіп барып, босағаны қармалап, аузы ыржиып тұра қалды. Жан түкпірінен бір ащы дауыс саңқылдайды: «О, сор маңдай, Аралбай! Күндердің күнінде шашы ұзын, ақылы қысқа әйелге кіріптар болдың ба? Ажалыңның жеткенін осыдан біл!..».

Қанипа мылтығының қанды аузымен есікті нұсқады. Тез шық дегені. Аралбай көтерем болған жылқыдай аяғын сүйрете басып, солбырайып шыға берді. Басын салбыратып, Қанипаның алдында тәлтіректей басады. Жан-жағына бұрылып қарамайды. Қанипа оны кең ауланың ішінде төрт-бес рет айналдырып жүргізіп, желпіндіріп алды да, сарайға қайта айдап әкелді. Сарайдың есігіне жақындай бергенде Аралбай кілт тоқтап, сорлы пішінмен көзі жасаурап, Қанипаға мөлие қарай берді. Аузын жыбырлатып, мұрнын қос-қосынан тартады. Бірдеңе айтқысы келеді. Тілі күрмеліп, күмілжи береді. Қанипа қанын ішіне тартып, қабағын түйіп, мылтығын Аралбайдың кеудесіне тіреп тұрды.

— Кір, бар орныңа! — дегенде, анау беті жыбырлап, ерні кемсеңдеп, басы қалтақтап ышқына ішін тартты. Аусыл болған сиырдың көзіндей бозарған бадырақ көзі аларып, өлімсірей күбірледі:

— Қанипа, қарағым!.. Қателік кімнен өтпейді, кінәм болса кешір, айналайын... Мені құтқарып алыңдар!.. — Желбегей жамылған кең шапанының қолбыраған жеңімен көзінің сорасын сүртті.

— Өшір үніңді, естімеймін сөзіңді!..

Қанипа осы бір сәтте қатардағы қарапайым милиционер екенін мүлде есінен шығарып, ұлан-байтақ даланы мекендеген барша елдің әміршісіндей сезінді өзін. Қайраты тасып, қаны шапшып, қайырланып тұр. Аралбайдың жүндеген түйедей жексұрын бейнесін отты көзімен обып барады. Бұрқ-сарқ қайнаған серпінді ашу-ызасына ие бола алмай, Аралбайды осы арада қан-жоса ғып жайратып тастағысы келді. Мылтығының стволын сол қолымен қымтап ұстап, курогіне оң қолының сұқ саусағын апара берді де, кілт етіп кейін тартып ала қойды. «Дұшпан алдында да ұстамды болыңдар, жеңіл сөйлемеңдер, қандай қиын жағдайда да ақылмен іс қылыңдар». Аудандық милиция начальнигі Полетаев жолдастың осы бір ғибрат сөзі кенет есіне түсе кетіп еді.

— Орныңа бар! Бағынбасаң атамын! — Қанипа қайқаңдап тұрған Аралбайға ақтық рет ақырды.

Аралбай артына жалт-жалт қарап, сарайға кіре берді.

— Ойпыр-ай, шырағым-ай, қатал боп кеткен екенсің...

Қанипа шыдамай кетті. Қайдан шықса, содан шықсын деп, жұмарланып барып, Аралбайдың жон-арқасына мылтықтың дүмімен періп-періп жіберді. Есікті дереу тарс еткізіп жауып, көлденең тосқауыл темірін ілгешегіне өбістірді де, қара құлыпты кілттеп тастады.

Қанипа есік алдында қас қақпай күзетіп тұр. Осы мезетте кейінгі кезде өз басынан өткен шұғыл өзгерістерді оймен шолып шықты. Ойлап қараса, Қанипа кейінгі бір жылда небір қабағат жаманшылықтарды да, жан семірткен талай ғажап жақсылықтарды да көрген екен. Осылардың бәрі де бір күнгідей болмай алмасып келген қыс пен жаздай тез өте шығыпты. Бәрін айт та, бірін айт, заман дәл осындай күрт өзгереді, кедей-жалшылардың теңдікке қолы жетеді, Аралбай, Бойков сияқты қанішер жалмауыздарды жерге таптайды деп кім ойлаған? Адамның түсіне кірмейтін, біреу айтса нанғысыз оқиғалардың шындыққа айналатыны болады екен. Кешегі кім көрінгенге көз түрткі болып, тұрмыстан қорлық көрген Оспанды бүгін көрсең, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Алшаңдай басады. Оны қойшы. Ер жігіттің жөні бір басқа. Келе-қостандай жігіттермен бірге әскери сапқа тұрып, қару асынып, қатарға кірген Қанипаның өзін айтсайшы...

Тас қораның ашық аула жақтағы ішкі есігінен Корней атай қорбаңдап шыға келді. Қолындағы ұзын сапты тал сыпырғышты жерге сүйретіп, тымпылдап келе жатыр. Ауланың орта шеніне жете бергенде кілт тоқтады. Оң қолымен мандайын қалқалап, сарай алдында сіресіп тұрған Қанипаға таңырқай қарады да, сәлден кейін анадайдан тіл қатты:

— Милиционер жолдас! Сенімен тілдесуге болар ма екен.

— Неге болмасын, бері келіңіз, Корней атай. — Қанипа күзет тәртібін әдейі бұзып, шалға ізет көрсетті.

Корней атай Қанипаға жақындап келіп, жайнаң қағып, жымыңдай сөйледі;

— Қызым-ау, өзің мүлде нағыз солдат боп кетіпсің ғой.

— Қайдағы солдат! Қызыл милиционер деңіз.

— Үйреніп қалған ауыз қателесе береді, — деді Корней атай, — иә, милицияның киімін кисең тіпті жарқырап кетесің әлі...

— Оны кезінде көрерміз.

— Сендерді көргенде қызығамын, әттең дүние-ай, неге кешірек тумадым екен деп өкінемін. Полетаевқа мені милицияға ал десем, жасың асып кеткен, өзіңе лайық пайдалы жұмысыңды атқара бер дейді.

— Айтатын қандай жаңалығыңыз бар?

Корней атай мысқылдай күлді:

— Өзің қызыл милиционерсің, қора сыпырушы шалдан жаңалық сұрайсың!..

— Бастықтарға жақынсыз ғой, бірде болмаса бірде құлағыңызға шалына ма дегенім ғой.

— Мен, сол жаңалық дегендердің көбін құлағымның үстінен әрі асырып жіберемін де, ішіндегі бір аса маңыздыларын жадыма сақтаймын... — Енді сыбырлағандай көмекейін бүлкілдете сөйледі. — Мына сарайда қамаулы жатқан қасқыр енді көп ұзамай қиямет дүниесіне сапар шегеді.. Сен оны білдің бе?..

— Оны кімнен естідіңіз?..

— Айтпаймын... Әскери құпияны ашуға болмайды... Оны кімнің айтқанын қайтесің. Осы екі-үш күн ішінде Аралбайдың бұл дүниемен біржола қоштасатынын мына басыңдағы орамалдай көр...

Мына шал қызық қой өзі. Сот болмай, дәнеңе етпей жатып, Аралбайдың үкімін күпі бұрын шығарғаны несі екен? Әйткенмен, ойынан шығарып айтпаса керек. Бастықтардан бірдеңе естіген шығар. Осы Аралбайды көзге күйік қылып бақырайтып қойғанша ататын болса тезірек атып тынса екен.

Корней атай сыпырғышын артына көлденең ұстап, тәштиіп тұрып, жымың етті.

— Оны азсынсаң тағы да бір қап жаңалығым бар, — деді.

Қанипа елеңдей қалды.

— Айтқыңыз келсе тыңдайын...

— Тырс етпе қызым!.. Тыңдай бер. Қорғалжын көлінде тығылып жатқан біздің қаланың топты қасқырларын әнеугі іздеп кеткен жігіттер ұстап алыпты да, Атбасар абақтысына сүңгітіп жіберіпті.

— Мұны естіп едім, — деді Қанипа.

— Естісең сол, қызым... Енді олардың да пәшпірті бітеді. Бойков жалмауыздың барған жеріне олар да барады, бүйен құртқа жем болады.

Корней атай осыны айтты да, тырпылдай басып, әлгі келген жағына қарай кете берді. Артына жалт-жалт қарап, ширақ аяңдап барады. Қораның төргі бұрышына жеткенде, үстіндегі шолақ сары тонын, басындағы мыжырайған картузын шешіп тастады. Ұзын сыпырғышты ерсілі-қарсылы құлаштай көстеңдетіп, ауланың ішін бұрқылдатып сыпыра бастады.

АЛЫНҒАН КЕК

Полетаев әр кездегі әдеті бойынша іңір кезінде шам жарығымен кеңсесінде қызмет істеп отырған. Шаршап-шалдығып, мезгілімен ұйықтамаған адамда береке бола ма. Үсті-басында, киген киімінде парық жоқ. Екі күн бойы Аралбайдың ісін қараған көшпелі үштік соттың мәжілісіне бастан-аяқ қатынасып, мемлекеттік айыптаушы ретінде сөз сөйлеген. Бүгін сот мәжілісінен ада-күде болған соң мана үйіне барып, тамақтанып алып, екі күннен бергі іркіліп қалған тығыз шаруаларын тындырып тастауға әдейі келген.

Қанипа Полетаевтың кеңсесіне кіруге бата алмай, есік алдында ұзақ тұрып қалды. Әдейі келген шаруасын кіріп айтайын десе, құп алмай, ұрсып тастай ма деп, қаймыға береді. Оспан үйде жоқ еді. Болыстық совдептің бір төтенше тапсырмасымен Атбасарға кеткен. Қазір Михаил Захаров та қалада жоқ. Атбасарда уездік совдептің қасынан ашылған қызыл командирлердің қысқа мерзімді курсында оқып жатыр. Оспан мен Михаил үйде болғанда Қанипа осы бір ойға алған мүдделі шаруасының жайын солармен ақылдасып алмас па еді.

«Шешінген судан тайынбайды» демей ме. Әйтеуір нар тәуекелге белді бекем байлап келген соң, бір тынымын істеп қайтпаса, бәрібір көңілі көншімейді. Қанипа аяғын ептеп басып, ауыз бөлмеге кірді де, төргі бөлменің ашық тұрған екі ашпалы есігіне барып дыбыс берді.

— Кіруге болар ма екен?

— Кіріңіз!..

Қанипа аяғының ұшымен жорғалап келе бергенде, Полетаев орнынан тұрып, қолдасып амандасты.

— Отырыңыз!.. — Өзі арқалы орындыққа шалқая отырды.

Қанипа стол алдындағы талдан тоқылған жалпақ орындыққа бір қырын отырып, Полетаевқа тура қарауға дәті шыдамай, бетін бұра берген.

— Жайшылық па? — Полетаев салқын шыраймен тіл қатты.

Қанипа оған бетін түзеп, мүләйім пішінмен:

— Сізде бір шаруам бар еді, Евгений Павлович! — дегенде, анау «тары да не іс болып қалды, апақ-сапақта келетіндей не әкетіп барады?» — дегендей бір керенау кейіппен сес көрсетті:

— Шаруаңызды айтыңыз, — деді.

— Аралбай өлім жазасына бұйырылды ғой...

— Иә, атылатын болды. — Осыны айтқанда өзінің жаңағы сөзінен бір ғажап ләззат алғандай жұтына тамсанды. Жүзі жылып жүре берді. Көзілдірігінің астындағы қысыңқы көкшіл көзінде әлдеқандай от ұшқыны бір жалт етіп жоғалды. Ол енді дарқан жанды мейірбан адам сипатын тауып, Қанипаның сұрғылт жүзіне көз жіберді. Аралбайдың өлім жазасына кесілуіне бұлтартпас дәлел болған негізгі қылмыстарын шашау шығармай айтып бергісі келді.

— Аралбайдың не қылмыспен сотталғанын, ату жазасына бұйырылғанын өзіңіз де білесіз ғой, — деді ол, — әйтсе де сотта мойнына қойылған негізгі ауыр қылмыстарын сізге айтып берейін.

Полетаев ойын қорытып, сөз сұрыптап, сәл кідіріп қалғанда Қанипа шыдамай:

— Аралбай сотта менің әкемді Бойковқа өлтірткенін мойындады ма? — деп сұрады. Өзі әкесін еске алғанда, ол туралы бағзы біреулер сөз қозғағанда Қанипаның көңілі босап ағыл-тегіл жылай бастайтын. Бір ғажабы, бұл сапар әлдебір бөгде адам жайындағы парыз-қарызы жоқ көлденең әңгімеге араласқандай-ақ бір қалпынан танған жоқ.

— Бұлтара алмады. Жәуке Сармантай баласының қанына ортақ болғаным рас деп, мойнына алды. Ашылмаған қылмысы қалған жоқ. Сіз оны айтасыз, бұл сұмырай сіздің әкеңізден басқа да талай жазықсыз жандардың қанын ішіпті.

— Кейбіреулерін білетін едім.

— Бойков екеуі қосылып, соңғы он жыл ішінде жеті адамды о дүниеге аттандырыпты.

— Оның ішінде менің әкемнің жалғыз інісі де бар, — деді Қанипа.

Полетаев енді сөзін түйіндеп айтты. Аралбайдың осы қаладан қашып кеткен бір топ кулактармен байланыс жасағаны, олардың тапсырмаларын ұдайы орындап келгені, олардың осы қалада астыртын топ құрып, совдепті құлатпақ болғаны, — бәрі әшкереленіпті.

— Менің ойымша, сіз менен осы жәйттерді білгелі келдіңіз ғой, солай емес пе? — Полетаев енді сөзді қысқартайық деген жинақы сыңаймен айтты.

...Қанипа түні бойы дөңбекшіп шыққан. Көзі шамалы іліне бастаса, қайдағы бір сан-сапалақ сұмдық түстерге тап болып, қиян-кескі азапқа ұшырай берген. Сұрапыл дауында жалпақ даланы жайпап бара жатқан қалың өрттің ішінде қалып, одан әрең дегенде құтылып шыққан. Денесі отқа шарпылып, өрттен әрең дегенде құтыла бергенде кең жазираға лап қойған тасқын судың ортасында қалған. Арыстанның жалындай төңкеріліп, бірін-бірі өршелене қуалаған тау толқындарымен арпалыса алысып, малтып жүріп, өлдім-талдым дегенде одан да құтылып шыққан. Әйтеуір адам ұғымына сыймайтын, көрінуі де, жойылуы да көз ілестірмейтін неше түрлі сұмдық пәлелермен алыса-алыса сілесі қатып, мең-зең болған.

Қанипа бозала таңнан тұрып, милицияда қызмет атқарғанда киетін жеңіл киімдерін киіп алды. Винтовкасын қолына қысып ұстап, тысқа шықты.

Міне, Қанипа милиция кеңсесіне қарай жеделдете жүріп келеді. Өткен түнде Мария Ивановнамен оңаша сұхбат құрғандағы бір қызық жайтты есіне алып, кемпірдің ақыл-парасатына ыстық мейіріміне, дұшпанына ымырасыз қаталдығына тағы да бір ден қойған.

— «Басқа біреуге арнап ор қазсаң терең қаз, өзің түсерсің» деген нақыл тегін айтылмаған, қызым! — Кемпір орыс халқының даңғайыр даналығын осы бір қарапайым да қасиетті мәтелге сыйғызғандай елден ерек маңғаз сипат тапты. Бүгін ақыл-ойы ересен өсіп кеткендей. — Аралбайдың өлім жазасына бұйырылғаны жақсы болған екен, тартсын сазайын...

Қанипа ішкі сезім толқынын еңсеріп тастап, жайшылықтағы көнтерлі пішінмен:

— Әкемнің кегі қайтатын болды, көңілім тынатын болды, — деді.

— Мақтан, масайра, қызым! — Кемпір жасыл жапырақ өрнек шеккен ақ белдемшесін желбірете, екі бүйірін таянып, ырғалаңдап тұр. — Кедейдің күні туды, қолына теңдік тиді. Бұған біз қуанбағанда, кім қуанады...

Қанипа оқталмаған су жаңа винтовканы белгісіз бір нысанаға көздеп тұрып, оның курогын сырт еткізді.

— Енді біз Аралбайды жалғыз оқпен осылай тырс еткіземіз, — деді.

Мария Ивановна Қанипаның жаңағы бейнелі әрекетіне сүйсініп, миығынан күлді.

— Сенің осы тұрғандағы күйің маған қатты ұнайды, Қанипа! Жоғалған қызыл торпағы табылғанда секіріп қуанған біздің Марфа сияқтысың, — деді.

Қанипа Мария Ивановнаның бүгінгі зор қуанышқа меңзеген астарлы сөзіне сүйсініп кетті. Винтовкасын босағаға сүйеп қойды. Шешесіне еркелеген кішкентай қыздай бұралып, оның мойнын құшып алды. Екі бетінен алма-кезек сүйді де, жұмсақ алақанымен арқаға қақты.

— Столға отыр, қызым, — деді Мария Ивановна, — саған шай қайнатып қойып едім, суып қалар. Осыны айтты да, өзі бір шетке оқшау шығып, белдемшесін жөндеді. Оң жақ шекесіне салбырап түскен бір шоқ ақ шашын құлағының үстіне қыстырды. Желке тарағын нығырлап басып қойды. Қара пештің аузындағы күйелеш шайнекті алды да, айналасы бір-ақ құлаш жалаңаш столдың шетіне апарып қойды. Столдағы әзірлеп қойған екі шұбар шыны аяққа шай құйып, оның біреуін Қанипаға ұсынды.

— Сандықтың түбінде бес жылдан бері бір әшімке пәміл шай жатыр еді, — деді ширатылып, — бір тарыққанда керек болар деп алтындай сақтап жүр едім. Соны бүгін бастадым. Шай болғанда қандай, иісін айтсайшы, рақаттанып іш, қызым.

Қанипа жымия күлді.

— Шайыңызды бекер-ақ бастаған екенсіз, Михаилдың үйленген тойына сақтап қойсаңыз да болатын еді ғой, — деді.

Мария Ивановна тіксіне қалып, қарсы алдында сыздықтап шай іше бастаған Қанипаға тесіле қарады.

— Сен өзің қызық екенсің, қызым! — Танауының астынан мырс етті. — Немене, Михаилдың үйлену тойы осы бір уыс шайға қарап тұр дейсің бе?..

Қанипа жым болды. Шайды самарқау ұрттап, жұқалап сары май жаққан бір тілім қара нанды әрең тауысты. Күпті болып қалғандай тамаққа тәбеті шабатын емес тіпті. Сол екі арада ұмытқан бір нәрсесі қапелімде есіне түскендей, Мария Ивановна қолындағы шыны аяғын столға қоя салып, елеңдей сөйледі:

— Аралбайды қашан атады екен, білдің бе?

Қанипа қысқа қайырды:

— Ертең таң сәріде атады білем...

Кемпір столдың шетіне шынтағын төсеп, алақанымен шекесін тіреді.

— Аралбайды атқанда сыртынан көріп тұрар ма еді, — деді.

Қанипа оны бірден түңілдірді:

— Бөгде адамдарға рұқсат етпейтін шығар.

— Мені қойшы, — деді кемпір шыны аяқтарды сөреге апарып қоя беріп, — қалай дегенмен, Аралбай сенің жауың ғой, оның атылғанын сенің көргенің жақсы... Кегің бітеді, шерің тарқайды.

— Сол иттің өлімін көрмей-ақ қояйын.

Осыны айтты да Қанипа пештің есік жағындағы төңкерулі ағаш шелекке отырып, винтовкасын шүберекпен ысқылап сүрте бастады.

Кемпір мықынын таянып, қызыға қарап тұрды.

— Мылтығыңды күнде тазалайсың, айнадай қып жарқыратып қоясың, — деді кемпір күлімдеп. — Қараймын да қызығамын. Сендей жас болсам мен де бір еркек құрлы қару ұстап ел қатарында жүрер едім-ау деп ойлаймын...

Қанипа кемпірге мейірімді шыраймен қарап отырып:

Өкінбеңіз, Мария Ивановна! Сіздің есеңізді Михаил, Оспан үшеуміз жібермейміз, — деді.

— Қартайғанда кісі жастық шағын сағынады екен, жастарды көргенде қызығады екен. — Кемпір тарамыс саусақтарымен әжімді бетін сипай берді.

— Жасыңызда сіз сұлу болған шығарсыз? — Қанипа енді сәл қалжыңға ауытқып кетті.

— Ондай айтқан сұлу болмасам да бір қыздан көркім кем емес еді. — Кемпір белдемшесінің шалғайын жарқ еткізіп, оның бір шетімен аузын баса қойды. Өткен жас өміріне өкінгендей тымырая қалып, терең күрсінді. Өткен балалық шағы, әлпештеп өсірген әке-шешесі, бойжеткен кезіндегі құрбыларымен ойнап-күліп өткізген қызық күндері көзінің алдынан тізіліп өтті. «Қанша кедей болсаң да, киімге, асқа жарымай, кім көрінгенге көз түрткі болып жүрсең де, шіркін жастық дәурен неткен тәтті едің, не деген ыстық едің!..» Осыны ойлағанда өкініш пен сағыныш аралас бір жеңіл мұң жанына тимей, жүрегін ауыртпай, ішкі сарайын шымырлатып өте шықты. Жастық шағын есіне түсіргендегі тәтті қиялы мен өткінші, өкініш-мұңы көкжиекте бұлаңдаған сағымдай алыстай бергенде, соның өзінен де кәрі жанына шапағат тапқандай тұла бойында, оттай ыстық қан ойнап шыға келді. Қанипадан сөз тоспай-ақ, жас келіншекке бергісіз ала-бөтен бір мұңлы қияпатпен сызыла сөйледі:

— Мылтығыңды қоя тұрып, ана столға отыршы, қызым. — Өзі орнына барып отырды. Қанипа мылтығын қабырғаға сүйеп қойып, өз орнына жайғасты.

— Өткен түнде бір тамаша түс көрдім, — деп бастады кемпір. — Жас келін боп түскен екенмін деймін. Күйеуім мені құшақтап сүйіп жатыр. Мен де оны бауырыма қысып сүйе бердім. Енді бір мезетте сүйіктім Вася тоқпақтай алтын жүзікті менің атсыз бармағыма кигізді. «Маша, бұл менің саған берген неке жүзігім, өлгеніңше қолыңнан тастама», — дейді. Мен алтын жүзікке таңырқай қараймын. «Сен кедей жігітсің ғой, Вася! Бұл алтын жүзікті қайдан алдың?» — деп сұраймын. «Даладан тауып алдым», — дейді.

— Түсіңіз жақсы екен, — деді Қанипа.

— Түсте тұрған не бар дейсің, «тауықтың түсіне тары кіреді» дегеннің кері ғой, — Кемпір кеңкілдей күлді. — Жат, ұйықта, қызым, таңертең қызметіңнен кешігіп қаларсың. Мылтығыңды төсегіңнің қасына қой...

Қанипа бүгін қала күзетінен күн шыға қайтқан. Тас-түйін киініп, винтовка асынып үйіне келгенде Мария Ивановна аптыға сөйледі:

— Оспан Атбасардан түн ортасында келді, ұйықтап жатыр... Құдай, ақ дей ме, көк дей ме, қайдағы бір жалмауыздар қаптап келе жатыр дейді... Омбыдан асып, Петропавлға жақындап қалыпты. Атбасарда қазір қым-қуыт әбігершілік дейді. — Қолын кеудесіне айқастырып, басын шайқады. Ернін тістеп күрсініп қойды.

Қанипа өзінің бұдан бұрын да ептеп естіген жайытының шындығына осы арада көзі жеткендей, жалт бұрылды. Ештеңе болмағандай-ақ алаңсыз бір әлпетпен:

— Қайтер дейсіз, бір жөні болар, — деді.

— Солай, қызым. — Кемпір онан сайын елеуреп, шешініп жатқан Қанипаның қыр соңынан қалмай, қасына жетіп барды. — Жүрген жерлерін өртеп, елді қырып келе жатыр дейді.

Қанипа киімдерін қабырғадағы шегеге іліп, винтовкасын бұрышқа сүйеп қойды.

— Қойыңызшы, Мария Ивановна. Күні бұрын несіне әбігерленесіз. — Түсін билеп, сыр бермей, сабырмен айтты.

Мария Ивановна қайткенде де басылатын емес. Екі жұдырығын тастай түйіп алып, бірін-біріне түйгіштейді. Қиялындағы жауымен беттесіп тұрғандай-ақ ызалана:

— Көрерсің, бәрібір біз оларға берілмейміз, балтамен, темір айырмен, күрекпен жайратамыз, — деді. Барған сайын дәуірлеп кетті. Қайдағы бір жаман қарғыстарды жауына жаудырып жатыр.

Шырт ұйқыда жатқан Оспан кемпірдің даусынан оянып кетті. Төсегінен тұрып, шапшаң киініп алды. Ауыз үйде дабырласа сөйлесіп тұрған Қанипа мен кемпірдің қасына келді. Қанипа Оспанмен бір-екі сөз қағысып, амандық айтысқаннан кейін қалада оқып жатқан Михаил жайын сұрады. Оның ауызша жолдаған сәлемін қабыл алып, сыртынан алғыс айтты. Оспан Михаилға әдейі барып жолыққан. Мария Ивановнаның беріп жіберген аз ғана сәлемдемесін табыс еткен. Бір жақсы жері, Оспан қалаға әдейі арнап барған шаруасын тап тұйнақтай тындырып қайтқан Полетаев жолдастың өте құпия пакетін уездік совдеп председателінің орынбасары Мищенко жолдастың қолына табыс еткен Осы кезде уездік совдеп председателінің орынбасары болып істейтін, өзінің абақтыда бірге болған серігі, досы Харитон Крыловпен кездесіп, ұзақ әңгімелескен, — Оспан төргі бөлмеге кіріп. жайланып отырған соң, Қанипа мен Мария Ивановнаға бір кішкентай сурет көрсетті.

— Бұл менің Харитон досымның суреті, — деді. Суретті алақанына жайып салып, одан абақтыда өткен азапты өмірінің бір аянышты шежіресін оқығандай, шұқшия үңіле берді. Қанипа суретті алып көріп, сыртындағы жазуын ежелеп оқыды. «Қымбатты досым Оспанға өмірлік белгі. Харитон Крылов». Қанипа суретті Мария Ивановнаға беріп еді. Ол суретті жансар көзіне жақындатып ұстап отырып, оңашада өзімен-өзі сөйлескендей күбірледі: «Қасы, көзі қиылған келісті кісі екен! Дәл біздің Михаилша киініпті...».

Оспан кенет серпіліп, Крыловты жер-көкке сыйғызбай мақтай берді.

— Досың дұрыс екен, оны қайтесің? — деді Мария Ивановна. — Анау қаптап келе жатқан пәлелерді айтсайшы... Сеспей қатсын ол иттер. Көрерсің, бәрібір ол сұмырайларды қалаға кіргізбейміз.

Мария Ивановнаның алыстағы жау сыртынан жұдырық көрсетіп, ақ ниетпен жауға өлім, досқа жеңіс тілегені Оспанның көңіліне жағып кетті. Жас балаша еркелей күліп:

— Қапаланбаңыз, Мария Ивановна, біз ол иттерді маңайымызға жолатпаймыз, — деді.

Қанипа зерделі кемпірді қолпаштап арқаға қақты да, маңдайынан сүйді.

— Оңдысың-ау, Мария апа!..

— Оспан, сен тез совдепке бар! — Кемпір әмірі қатал шықты. — Қаладан естіп келген хабарыңды айт оларға. Қамсыз отырмасын...

— Шай ішкесін барайын...

— Маған айтқандарың бер жағындағы қабығы ғой, оның ішіндегі дәнін соларға сақтап отырсың ғой. — Кемпір сөзді осымен тәмамдап, ауыз үйге шығып кетті. «Сендер әңгімелесе беріңдер, мен шай қамдайын», — деп ескертіп кетті. Қанипаның шайды өзім жасайын дегенін құлағына ілмей, қолын бір-ақ сілтеген.

Қанипа Оспан жоқтағы төрт күнде пайда болған жаңалықтарды саралап жеткізді. Ең әуелі, пәлендей таң қалдырар тамашасы жоқ, күнделік тұрмыс ағысында шаңда бір туып қалған қадау-қадау өзгерістерді жайымен отырып баяндап берген. Полетаевтың тікелей жетекшілігімен қалада орталық аурухана, емхана ашылған. Оларға Атбасардан үш дәрігер келген. Қасына Қасболатты ертіп, Қанипаның шешесі Күлжекей ауылдан әдейі келіп қайтқан. Қанипаның төсек-орнын, киім-кешектерін әкеп берген. Оспан қаладан келгенше тоса тұрыңдар дегеніне қарамай, екі күн түнеп, қайтып кеткен. Қалада бұлардан басқа да әлденеше жаңалықтар туған. Осының бәрін Қанипа Оспанға біртіндеп айтып отырды да, бір сөздің орайынан:

— Аралбайды аттандырдық, — деп қалды.

«Аралбайды аттандырдық» дегеніне бірден түсіне алмай қалған Оспан ежіктеп сұрай берді:

— Оны қайда аттандырдыңдар? Үйіне босатып жібердіңдер ме?

— Тұтқыннан шығарып жіберді ғой деймісің? Тура жаһаннамның түбіне жөнелттік, — дегенде Қанипаның жүзі көгілжімденіп, сазара қалды. Жанарына ызғарлы күлкі ойнап шыға келді. Көзі жайшылықтағы табиғи мүләйім реңінен айырылып кетті.

Оспан келіншегінің Аралбай жайын айта бастағаннан-ақ, бұдан бұрын әсте көзге шалынбаған қаһарлы бейнеге шұғыл ауысқанына есі кетіп, толқына берген.

— Анықтап айтшы, немене, Аралбай атылды ма? — деп сұрады.

— Атылды, құрыды.

— Солай ма? Тіпті жақсы болған екен!

— Бұл әншейін бастамасы ғой, Аралбай өлсе, оның артында әлі мыңдаған жаулар қалған жоқ па? — Оспан күрсінді. Қанипаның қолаң шашын алақанымен бипаздап сипай берді.

— Менің білуімше, Бойков пен Аралбай солардың асқар тауындай еді, — деді Қанипа. — Ендігі қалғандары аласа төбе сияқты емес пе?..

Оспан енді Аралбайға орайлас әңгімені түйіп тастап, қаладан естіп келген жайсыз хабарды Қанипаға жұқалап айтып берді. Екеуі осы бір қолайсыз жағдайға өрекпіп біраз отырып қалған.

Оспан орталық көшені бойлап, болыстық совдепке келе жатқан. Бүкіл өлкеде, осы қалада кейінгі алты-жеті ай ішінде пайда болған керемет өзгерістерді ой сарабынан өткізіп, өз әлінше түйіндеп алған. Революция әперген бостандықтың қадір-қасиеті басқалардан Оспанға өте-мөте қымбат. Қан төгіп бостандықты жаулар қайтып аламыз деп жанталасып жатқаны анау. Жоқ олардың дегені болмайды. Оспан бұл күнде революция солдаты. Әнеугі кедей-жалшы бас қосқан мәжілісте совдеп председателі Полетаев жолдас оны осылай атаған. Ендеше бір тамшы қаны қалғанша революцияны жаудан қорғау Оспанның тірліктен ең бірінші борышы. Осыны зейін-зердесіне түйіп алып еді. Сол екі арада артынан қуып жетіп, оң жағына жанаса берген Қанипа оны еріксіз жалт қаратты.

Оспан үйден кетерде совдеп шабарманы шақыру қағаз әкеп тапсырған. Ол қағазда совдепке тез жетіңіз, жиналысқа қатынасыңыз деген қысқа-қысқа сөздер жазылған. Оспан мен Қанипа шабарман жігіттен қузап сұрағанда, оның бар айтқаны: «Несін сұрайсыңдар, совдеп дүрлігіп жатыр, әскер жасақтаймыз деп, жұртты жинап жатыр, барған соң көрерсің» Шабарманның сөзіне қарағанда жиналысқа кілең еркектерді шақырыпты.

«Менің артымнан қуып келгенің осы жиналысқа бірге барғың келген екен ғой» деп ойлады Оспан.

— Жаным-ау, саған не болды? Неге осынша жүгірдің? — деді.

Қанипа екі беті нарттай қызарып, көзі оттай жайнап, ентіге:

— Шын айтам әскерге мен де жазылайын, — деді.

— Мен саған айттым ғой, қоя тұр дедім ғой, бір үйден мен де жетпеймін бе? — Оспан Қанипаның талабын іштей ұнатса да алғашқы пікірінен танғысы келмей, әзір жазылмай-ақ қойсын, түбінде көре жатармыз деген оймен айтты. — Әскерді қайтесің, осындағы жаяу милициялығың тақияңа тар келіп тұр ма?..

Қанипа қайтсе де тоқтар емес. Оспан тіпті осы сағатта әскерге аттанып кететіндей, одан бір елі қалғысы келмегендей қинала:

— Қайда барсақ та, қайда жүрсек те бірге боламыз дейтінің қайда? — деді.

Екеуі қатар жүріп келеді. Оспан біраз үнсіз қалған. Бір мезетте салғырт пішінмен жауап қатты:

— Апыр-ай, жаным-ай, қанша айтсам да болмадың ғой, қабылдаса, әскерге жазылсаң жазылшы. «Мұндағы милицияның жөні бір басқа, ал, енді жаугершілік күн туса, білдей еркектермен бірге соғысқа бару әйел адамға қиын соғады ғой». Осы бір шүбәлі ой Оспанның көкірегінде кілкілдеп тұрып алды.

Оспан мен Қанипа бұдан кейін сөз қатысқан жоқ. Сол күйлерімен болыстық совдеп кеңсесіне кірді. Кеңсенің төргі кең бөлмесінде адамнан ине шаншар жер қалмаған. Екі бөлменің арасындағы екі ашпалы жасыл сырлы есікті шалқасынан ашып тастаған. Екі-шетіне, ортасына кірпіш тіреу қойып, бөлмені айналдыра орнатқан ұзын тақтай орындыққа иін тіресе отырған. Орындықтан орын жетпегені тақтай еденге қаз-қатар тізіле қалыпты. Орындықтың босаға жағында отырған жасаңдау екі жігіт Оспан Қанипаға орындарын босатып берді. Сырттан адамдар лек-легімен кіріп жатыр. Оспан келген бетінде көзімен мөлшерлеп санап еді, жиналған адам саны қырықтан асады екен. Былайша көз жүгіртіп қарағанда, осы қалай деген қарулы жігіттерді, жұртқа ұйтқы болады-ау деген қарттарды іріктеп шақырған сияқты.

Болыстық совдеп председателі әрі аудандық милиция начальнигі Полетаев жолдас төрдегі жазу столынан тұрды да, жиналған жұртты айнала бір шолып өтті. Қобыраған селдір сары шашын салалы саусақтарымен төбесінен асыра кейін қайырып, жоталы күрең мұртын сұқ саусағының қырымен сылап қойды. Көзінде кірбің бар. Жайшылықтағы нұр төгіліп тұратын ақ сары жылы жүзіне үскірік ызғар орнапты. Полетаев столының сол жақ бүйіріне қырындап шығып, оның шетіне алақанын төсеп тұрып, сәл ойланып алды.

— Қымбатты жолдастар! — Даусы қырылдап шықты. Сөзін бірден өршітіп әкете алмай, жөтелге булыға берді. Жұрт совдеп председателінің аузына телміре қарай қалған. Ол жөтелі басыла бергенде алақандай ақ орамалмен көзін сипап, аузын сүртті. Тамағын кенеп алып, сөзін жалғады. — Жолдастар! Тыңдаңыздар, қазіргі уақыттағы хал-жағдайды дұрыс пайымдаңыздар! Өздеріңіз де естіп жүрген боларсыздар. Мен сіздерге қазіргі жағдайға байланысты бір жайсыз хабар жеткізуге — мәжбүрмін... Бүкіл Ақмола губерниясында, біздің Атбасар уезінде күтпеген жерден қолайсыз уақиғалар туды. Революция дұшпандары жанталаса бас көтерді. Атбасардың бай-қазақтары, атамандары, алашордашыл сұрқиялар ынтымақтасып совдепке қарсы жорыққа шықты. — Сөз аңғары осы араға жеткенде Полетаев жемге түсетін қырандай түйіліп, жұдырығын тастай түйіп алды. Сәл кідіре берді де ызбарлана сөйлеп кетті. — Шамалары келсе, олар еңбекші халықты қайтадан құл еткілері келеді, алпауыттар мен ірі байлардан кедей-жалшыларға алынып берілген жер-суды қайта тартып алғылары келеді, орыс халқы мен қазақ халқының арасына от салып, жауластырғылары келеді. Қысқасы, революция жаулары бізге қарсы қарулы күреске шықты. Қазіргі жағдай ырғалып-жырғалып жүріп, ұзақ ойлануды көтермейді...

Көпшілік арасынан әлдекімдердің ызалы даусы шықты:

— Олардың дегені болмайды!..

— Атаңа лағынат қанішерлер, бұзықтар!..

— Баскесер зұлымдар!..

— Құрысын жаулар!..

Отырған жұрт араның ұясындай дуылдап кеткен соң Полетаев қолын көтеріп, тыныштандырып алды. Ой-пікірін жинақтап қайта сөйледі:

— Жолдастар! Қанымызды төгіп, жаулап алған бостандықты жан аямай қорғап алып қалайық. Осы бастан сақтықты күшейтейік, қазірден бастап ерікті отряд құрайық. Қатерлі күн туса, бір кісідей жұмылып, жауға өлтіре соққы берейік. Алдын ала сіздерге мәлімдеп қояйын, жасақталатын отрядтың командирлігіне жақында соғыстан қайтқан кіші прапорщик, қазіргі менің орынбасарым Никифор Михаилович Ирченконы лайық көрдік. Осы айтқаныма сіздер қалай қарайсыздар?..

Ел жарға соққан толқындай бір өрекпіп барып, тына қалған. Сөзді кім бастар екен деп күтіп отырған.

Жуыр маңда ешкім белсеніп шыға қоймаған соң Полетаев жұртқа қозғау салды:

— Ал, кәні, сөзді кім бастайды? — Оң жағында отырған қалың қабақты, бұйра шашты, қайқы мұрт ақ сұр жігітке иек қақты: «Ирченко жолдас, алдымен сен сөйле» дегені.

Ирченко лып етіп, шаншыла көтерілді. Сыптығыр солдат көйлегінің белін бастыра бунаған қызыл түсті былғары белбеуіне сол қолын сыналай тығып, ең әуелі мұсатырдай көкпеңбек қыран көзін айнала бір жүгіртіп өтті. Жып-жылмағай қырып тастаған көк аяз дөңгелек иегін бір шошаң еткізді. Сұлу сарғыш мұртының қайқы сапарын екі жаққа қайырып қойды. Жаймен сөз бастады:

— Жолдастар! Туысқандар! Жаңа Полетаев жолдас сіздерге қазіргі жағдайды қысқаша баяндап берді. Ол кісінің сөзі баршаңызға түсінікті болған шығар. Мен өз еңбегімен күн көрген төмен ауқатты кедей мұжықтың баласымын. Оны өздеріңіз де білесіздер. Екі жыл соғыста болдым, жараланып келдім. Революцияға еңбек сіңірейін деген игі мақсатпен аудандық милицияда қызмет істеп жүрмін... Егер қажет бола қалса, жауға қарсы күреске аттанатын қарулы әскер тобын басқаруға әзірмін. Қаламыздың қару-жарақ ұстауға жарайтын азаматтары, біріңіз қалмай отрядқа жазылыңыздар!..

Ирченко шегініп барып, орнына отыра бергенде, Полетаев іле-шала:

— Енді кім сөйлейді? — деп еді. Төменгі терезенің алдында, қабырғаға арқасын сүйеп отырған домалақ сары шал тықыршып орнынан тұрды. Оны сол жердегі ұзынтұра шикіл сары жігіт қолымен жасқап, бөгей берді. Шалдың алдын орай тұра қалып, қолын ебетейсіз сілтеп, адуындай сөйледі:

— Бүгін таңда төніп тұрған жау бар ма? Осынша әбігерленетіндей бізге не күн туды? Пәлен жерде жау шығыпты деп, күні бұрын неге байбалам саламыз? Кілең кеще мұжықтан әскер құрсаңдар жариды екенсіңдер... Зәу-сайтан жаулар соғыс ашса, Атбасарда жасанып тұрған әскер бар емес пе?.. Ал, жарайды, осы жұртты отрядқа шетінен жаза қойыңдар... Олар сонда қару-жарақты қайдан алады? Ұрысқа темір айыр ұстап шыға ма?..

Ойындағысын айтып болсын, жұрт алдында күмәні ашылсын деп, жаңағы жігітті еркіне қоя берген Полетаев ақырында шыдамай кетті:

— Жә, жетер енді, сенің де жайың белгілі болды, — Ызалана қолын сілтеді. — Кәні, Корней Иванович, сіз сөйлеңіз!..

Корней атай тонын шешіп, еденге атып ұрды. Қолдан тоқыған қой жүні қалың көйлегінің жеңін сыбанып, жұдырығын түйіп алды. Әлгі кер ауыз шикіл сарыға ежірейе қарады.

— Жаныңның барында шық осы үйден, Миронов!.. Барып тұрған ит екенсің... Сендей солқылдақ сайтанның бізге бір тиынға керегі жоқ. Мұжықтың теңдік алып, ел болғанынан итиіп құлағалы тұрған жел диірменің қымбат саған. Бұл жарғанаттың ойын қара! Ертең жау келгенде аузымызды ашып қарап отырайық дейді. Не құс емес, не тышқан емес, осындай екі ұрықты дүбәралар арам өлтіреді бізді...

Корней атай еденде ығы-жығы отырған адамдардың арасынан сыналап өтіп, Полетаевтың қарсы алдына тұра қалды.

— Әскеріңізге мені жазыңыз Евгений Павлович!.. Тақа бір төтеннен пәле келіп қалмаса, бір жігіт құрлы соғысармын.

Полетаев тізімге әзірлеп қойған қағазының басына Корней атайды жазып алды. Аласа бойлы, шымыр денелі сары шалға күлімдей қарай берді.

— Ерікті қызыл отрядтың бірінші жауынгері сіз болдыңыз, Самсонов жолдас!.. — деді.

Корней атай ізінше қайта айналып келіп, терезе алдындағы орнына жайғасты. Оның ойда жоқта жарқ еткізген ересен әрекеті осындағы қауымды дүр сілкіндірген. Тақа бір қоян жүрек қорқақтары мен әлгі Миронов секілді кесірлі кертартпалары болмаса, елдің көбі тасқын судай гүрілдеп, сұрапыл дауылдай дүрілдеп кеткен.

Жан-жақтан қолдар самсай көтерілді. Қанша айтқанмен, әр нәрсенің реті бар. Жапа-тармағай шулаған адамдардың қайсысын тыңдайсың? Полетаев жолдас жұртты тәртіпке шақырып, тыныштандырып алды.

— Біртіндеп айтыңыздар!..

— Мені жазыңыз!.. Иващенко Михаил Дмитриевич!

— Макаров Трофим Карлович...

— Якименко Иван Трофимович...

— Карлов Терентий Захарович...

— Евдокимов Василий Панталеевич...

Манадан бері кезек тимей тықыршып отырған Оспан ендігі бір алаңды сәтті пайдаланып, Полетаев жолдасқа өтініш білдірді:

— Тізімге мені де жазып қойыңыз, Евгений Павлович!.. Мен аз да болса әскер тәртібін үйрендім, милицияда қызмет істеп жүрмін. Өз басым біздің елден сенімді бір топ жігіт іріктеп алып, отрядқа қосуға уәдемді беремін.

— Тізімге сізді де жаздым, Жаманбаев жолдас! Отрядқа елден бір топ жігіт сайлап алам деген пікіріңізді де құптаймыз. Оған кейінірек кірісеміз. — Полетаев «енді қайсың жазыласың?» — дегендей, отырған жұртқа айнала көз жүгіртіп өтті.

Жұрттың қарқыны басылып, бір мезгіл тынши қалған. Тізімге ілінсе, қазірден бастап өлімге айдалатындай көріп, бұғып отырған аз санды бір парасы сен тимесең, мен тимеймінге көшкен.

Сол екі арада Полетаев тізімді бастан-аяқ бір шолып өтті. Ең ақырғы «36» санына аялдады. «Жаман емес, тағы да жазылатындар табылады», — деді ішінен. Қағазды жайып тастап, еңсесін көтере бергенде бір шеттен селтең етіп түрегелген Қанипаның даусы құлағына саңқ етті:

— Отрядқа әйелді жазасыздар ма, Евгений Павлович?..

Полетаев жымиып күлді.

— Әйел адам емес пе екен? Неге болмасын.

— Ендеше отрядқа мені де жазыңыз!.. Қанипа Жаманбаева...

— Жаздым...

Қанипаның хал-жағдайы бүге-шігесіне шейін осы қаланың еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына шейін тегіс мәлім. Оның кейінгі кезде күйеуінен қалыспай ерікті милиция қатарында өз әлінше қызмет істеп жүргені де белгілі. Қанипаның бүгінгі шаршы топ алдында суырылып шығып, отрядқа жазылғанына жұрт қатты сүйсінді. Корней атай алақанын шапалақтап, сүйсіне сөйлеп жатыр.

— Жарайсың, қызым, жарайсың!..

Корней атайдың әсерімен әр жерден Қанипаны мадақтаған дауыстар шықты.

Корней сол жағында отырған сеңсең бас, секпіл бет, сары келіншекке кенет мойын бұрды.

— Сен де жазыл, Катя!..

Катя иығына жамылған қалың қара шәлісінің шетімен бетін басып, күңк етті:

— Қорқамын...

— Қой әрі... Неден қорқасың?

— Мылтық ата алмай елге күлкі болып жүрмесем...

Бұлардың шүңкілі Полетаевтың құлағына шалынып қалған.

Ол енді осы тыныш сәтті пайдаланып, анадайдан Катяға бір сөз қатты:

— Оған бола уайым жемей-ақ қойыңыз, қарындас! Әскери өнерге сізді Ирченко ағаңыз үйретеді. Бәрінен бұрын Жаманбаева құрбыңызбен бірге боласыз...

Катя шәлісін желкесіне сырғытып жіберіп, желпіне түрегелді. Полетаев жолдасқа тура қарап тұрып:

— Ендеше мені де жазыңыз! Солдат жесірі Никитенко Екатерина Корниловна.

Полетаев Катяны тізімге жазып алды.

— Өркеніңіз өссін, солдат жесірі Никитенко жолдас! — деді ол. Сәл тоқтап, алдындағы қағазды аударып қойды, — Тізімді осымен тамамдай тұрайық. Отрядқа жазылғысы келгендер кеңсеге келіп, біртіндеп жазыла берсін...

Жұрт жаппай тұра бастап еді, Полетаев бір сәтке тоқтатып қойды. «Қызыл отрядқа жазылған адамдар, қандай да болса өздеріңіздің қолдарыңыздағы бар қару-жарақтарыңызды алып, ертең таңертең күн көтеріле осы кеңсенің қорасына жиналыңыздар», деп ескертті. Үй басы аралап жүріп, қару-жарақ жинауға Оспан Жаманбаев бастаған үш адам тағайындалды. Отрядтың жалпы сақтық мақсатымен құрылғанын, халық арасына үрей туғызбау керек екенін Полетаев атап айтты.

Полетаев оң қолын басынан асыра көтерді.

— Жолдастар! Революцияның жеңістерін жаудан жұмыла қорғайық! Бостандықтың қызыл туын әуелете көтерейік!..

Жұрт орындарынан тік тұрып, жаппай шулады:

— Қорғаймыз, қорғаймыз!..

СОҢҒЫ СӨЗ

Менің романым — екі кітап. Бірінші кітаптың соңғы сөзі Оспандікі. Әкесінің орнына Алмас сөйлейді.

— Бірінші кітабыңыздың соңғы сөзін менің әкеме бересіз бе? — Алмас көктем аспаны түстес алқаракөк көзілдірігін суырып алды. Жасыл мақпалмен ысқылап сүрте берді. Көзілдірік сөнген жанардың орнын қайта жапты. Қаһарманым ой толғап отыр. Осыдан жарты ғасыр бұрын өткен тарихи деректер.

— Мен қысқа сөйлеймін... Әкем айтып еді, — деп бір тоқтады да, сәлден кейін әкесі айтқан әңгіменің желісін тартып берді. Әкесі болып сөйледі.

— Сол бір дүрбелеңмен он сегізінші жылдың жазы өтіп барады... Өмірі естен кетпейтін, қаһарлы, қабағат жаз.

Полетаев өткізген әйгілі жиыннан кейін отрядты жасақтауға шұғыл кірісіп кеткенбіз. Командиріміз — Никифор Ирченко. Пысық жігіт. Ат құлағында ойнайды. Құралайды көзге ататын мерген. Отрядымызда табаны күректей қырық жігіт бар. Қанипа болса, тізімге жазылғаны болмаса, кейінгі кезде аяғы ауырлап, үйде отырып қалған.

Өстіп жүргенде, бастаған ісіміз бордай тозды. Атбасарды ақ қазақтар басып алды. Совдеп құлады. Совдептің председателі және аудандық милицияның начальнигі Полетаев қолға түсті. Евгений Павловичті қайда әкеткендерін, өлі-тірісін күні осы уақытқа шейін білмейміз. Совдеп құлағанда қаланың кулактары мен жітікке-саяқ өңкей сұмдары жалақтап шыға келген. Сырт хабарға қарағанда, елдегі жағдай қаладағыдан сәл басқарақ көрінеді. Ел іші, тыныштау деседі. Бұрынғы болыстық, ауылдық совдептің орнына қайтадан болыстық басқарма, ауылдық старшын сайланыпты. Тінібек елінің болыстығына Жаманкенің Қалдыбайы, ауылдық старшынға Сандыбай қажының Бәкірі сайланыпты.

Амантайдағы жағдай күннен-күнге қиындап барады. Аудандық милиция начальнигі болып, Амантай қазақ, болысының бұрынғы тілмәші, қаныпезер Егор Язов қойылған. Көрінеу тарпа бас салмағандарымен біздің соңымызға жарық алып түскен.

Никифор Ирченко, Михаил Захаров, Қанипа төртеуіміз Көкшетау уезіндегі бізбен шектес Қасқатау селосына қашып кеттік. Қанипа, Михаил үшеуміз Михаилдың сондағы нағашысы Кирсанов Иван дейтін шалдың үйіне орналастық. Ирченко осы қаладағы майдандас жолдасы- соғыстан қайтқан Андрей Коваленконың үйіне жайғасқан.

Ақтар барлық жерде де белең алып, әмір жүргізіп жатыр. Сонда да дуаннан шеткері Қасқатауға қаладан жалақтап келіп жатқан адам аз. Қасқатауға Көкшетаудан Атбасар жақын. Тақа бір ізімізді аңдыған біреулер болмаса, бұл жерде бізді танып, біліп жатқан ешкім де жоқ. Михаил нағашысына көшіп келген адам. Мен болсам Қасқатаудағы алтай руынан шыққан жатақ шал-қасапшы Дүйсенбайға сұрай-сұрай қарын бөле болып шықтым. Арада бір апта өткенде Қанипа екеуміз сол үйге көштік.

Ирченко бір күні түн ішінде мені шақырып алды.

— Бір тығыз шаруа бар, Атбасарға барып қайтасың, — дейді.

— Қандай шаруа? — деп сұраймын.

Ол қаладағы шаруа жағдайын түсіндірді. Қаланың жағдайын барлайсың, сондағы астыртын орталықпен байланыс жасайсың дейді. Баратын үйімді, ондағы менің кездесуге тиісті адамымның шынайы және жалған аты-жөнін, шартты паролін ұғындырды. Өзінің жалған аты-жөнін айтты. Қолыма бір желімдеулі ақ конвертті ұстатты. Қалаға қайыршы болып баруым керек. Ондай қайыршының жалба киімі маған қайдан келсін? Осыны Ирченкоға айтып едім, «Дүйсенбайдың ескі-құсқы киімдерін киіп ал», — дейді. Қаладан түнде кетпекпін. «Мына қағазды бөркіңнің астарына тығып ал, алда-жалда біреу-міреу ұстап алып, тінтіп тауып алса, табанда жырт та, жұтып қой», — дейді.

«Құп болады» деймін.

Келесі күні кешке Дүйсенбайдың жалба киімін киіп алып, іңірде Атбасарға тарттым. Араға бір қонып, қалаға ертеңіне алагеуімде жеттім. Ескі-құсқы киім киіп, мойныма кенеп дорба асынып алғамын. Кәдімгі сорлы қайыршымын.

Ат төбеліндей шағын қала жауар күндей түнерулі. Қазақ-орыстардың жендеттері қасқырдай жалаңдап, сары ала қылыштарын жарқылдатып, көше-көшеде топ-тобымен шапқылап жүр. Қалаға кірген бетімде осындай жексұрын көрініске тап болдым. Жаным түршігіп, зәрем ұшты.

Совдеп құлағаннан кейін Атбасардағы алашорда мырзалары Колчактың бас кесерлерімен мал-жанды қосып, мәре-сәре болып жатқандары да мәлім. Ағы, алашы қосылып, ойдан қашқан, қырдан қашқан зұлымдарды топтап, еңбекші халықтың басына заман ақыр орнатып жатқандары да маған белгілі. Қиянатқа төзбей, қарсылық көрсеткен адамды табанда атады, жығып салып дүре соғады. Уездік совдептің Әділбек Майкотов бастаған бір топ басшылары абақтыда жатыр. Оларға қатысы бар, яки болмаса, тілектес деген адамдарды ұстап алып, шетінен сотсыз атып жатыр. Бұл жағдайды Атбасарға аттанарда Ирченко маған қынжылып отырып айтып берген. Оның Атбасармен астыртын байланысы барын сонда біліп едім.

Қала әбігер. Ең әуелі, қаланың қазағы мен татары көп оңтүстік жақ шетіне барып, он шақты үйді аралап шықтым. Ешкімге күдік тудырмайтын қайыршымын... Бір татар шалының үйінен тамақтанып алдым да, күншығыс жақ шеткі көшені бойлап, қаланың солтүстік шетіне тақау базар алаңына беттедім. Үстімде өрім-өрім қоңыр шапан. Басымда миығыма түскен, қазандай қара сеңсең бөрік. Аяғымда алқа-салқа көн етік. Белімді жалбыраған қызыл шүберекпен буынып алғанмын. Қолымда қатқан қара таяқ. Бет-аузым күйелеш-күйелеш. Үйден кетерде бетіме жұқалап күйе жағып алғанмын. Адам сиқым жоқ. Тек көзім ғана жылтырайды, тістерім ақсияды. Осында аттанарда Қанипаның алақандай айнасына қарап едім, өзімді-өзім танымай қалдым. Сонда Қанипа шошына сөйлеген:

— Оспан-ау, өзің адам сиқыңнан айырылдың ғой, сұмдық өзгеріп кеттің ғой, — дей берген.

— Революция мақсаты қазіргі жағдайда менен осыны талап етеді, — дедім.

Қанипа қатты мұңайып, көзіне жас алды. Байқаймын, жүзінде ауыр мұң бар. Мені қимай тұр. Осы сапарда жазым боп кете ме, қайтеді деп, қапаланып тұр. Іштей қатты толқынып кеттім.де, Қанипаның бетінен сүйдім. Ұзақ құшақтап тұрдым. Бауырыма қыса бердім. Сонда оның құрсағы бүлк ете қалды. Ішіндегі нәресте жарыққа ұмтылған балықтай бұлқынады. Нәресте қатарынан үш рет бұлқына бүлкілдеді. Неге бүйтеді? Жарқ дүниеге шығуға асыға ма екен? Жүрегім елжіреп, іші-бауырым уылжып кетті. Қанипа ішін басып, кейін шегінді. Мөлдіреген екі көзі менде. «Мен сені көрем бе, құлыным, болмаса зұлым дұшпанның қолынан өлем бе?» Осы бір күйрек сезімді серпіп тастадым, үмітке, қайратқа жеңдірдім. «Көрермін, келермін», — дедім ішімнен. Менің осы сәттегі мұңды сыңайымды аңғарып қалған Қанипа екі қолымен ішін басып тұрып, кемсеңдеп жылай бастады:

— Қашан келер екенсің, Оспан! Аман қайтсаң игі еді, — деді.

— Әлдебір төтен сұмдыққа ұшырап қалмасам, тез келермін, — дедім.

Қанипа күйзеліп тұр.

— Сен жоқта босанып қалсам қиын болады-ау, — деді. Мұны айтқанда жанары тұманданып, көзінің айналасында әлдеқандай көкшіл сызаттар пайда болды. Жан күйзелісінің зардабы. Қанипаның туатын ай-күні тақап қалғанын білемін. Бірақ қашан босанатыны маған беймәлім еді. «Шынында да мен жоқта босанып қалса, бұған қиын болады-ау», — деп іштей уайым шегіп тұрмын. Сонда да сыр білдіргім келмейді.

— Мен жоқта босансаң несі бар? Оған бола қиналма, жаным, мұнда жанашыр адамдар бар емес пе, — дедім. Айтуын айтсам да жағдайы әлдеқандай болар екен деп, іштей толқына бердім.

Қанипа сәл жүзін жылытып, маған оң сапар тіледі.

Кетерде Қанипаға тосыннан бір сөз айттым:

— Қатерлі сапарға кетіп бара жатырмын, жаман айтпай жақсы жоқ, аман келсем құба-құп... Заман жаман қазір, олай-былай болып кетсем...

— Қайдағы жаман ырымды бастамашы, — деді Қанипа қайраттанып, — о несі екен-ей?..

— Ұл туса атын Алмас қой, қыз туса атын кім қойсаң да еркің өзіңде, — дедім.

Бұл атты көптен ойлап жүруші едім. Сонда да Қанипаға айтып тұрғаным осы. Ол селқос пішінмен:

— Күні бұрын пәле шақырмашы, келесің ғой, амандық болса атын өзің қоясың ғой, — деді.

— Алмас! Жақсы ат емес пе, ә? — Тумаған балама күні бұрын ат қойып, өзімнен-өзім мәз боп тұрмын. Уайым-қайғы естен шықты.

Сонымен тумаған баламның атын қойып, жан жарыммен қоштасып Атбасарға жөнеп кеттім.

...Жабай өзені қаланың күншығыс жақ іргесін жанай өтеді. Онша терең болмаса да, ені едәуір кең, жары биік. Әсіресе өзен қаланың серуен бағының тұсында тереңдеп, арнасы кеңейіп кетеді. Өзен жағасындағы серуен бағына келдім. Бақтың оңтүстігі мен солтүстігі Никольская көшесінің тұйығына тіреледі. Көшенің өзен жағындағы көк төбелі әр алуан тасболат, ағаш үйлері баққа жете бергенде пышақ кескендей таусылды. Бақтың жасыл сырмен боялған биік темір шарбағы басталды. Шарбақты бойлап, мәнерлі жасыл дарбазасына жеттім. Дарбазаның оң жақ босағасына қара бояумен баттитып жазған терліктей жарнама ілініпті. Жарнаманы оқымай тұрып, ең әуелі, айналаға абайлап қарап едім, дес берісі, ұрымтал жерде қыбыр еткен адам көрінбеді. Шарбаққа бір қырын сүйеніп тұрып, жарнаманы оқи бастадым: «Батыс Сібір Армиясы бас штабының әміріне сәйкес төмендегі жағдайды жергілікті қала халқына мәлімдейміз: уездік әскери өкіметтің бұйрығы бойынша армия қатарына алынуға лайықталған азаматтар және де армияға керекті азық-түлік, өзге заттар беруге тиісті болған адамдар, осы бұйрықты орындаудан бас тартса, яки болмаса әскери өкімет әмірін мансұқ ету мақсатымен ел арасына іріткі салғаны айқындалса — табанда атылады.

Полковник Катанаев»

Ақбоз атты бір жендет қылышын жарқылдатып шапқан бойымен базарға кірді. Әр жерде шоғырланған базаршыларды жосылтып қуа бастады. Айқай салып, құйындатып жүр. Сол-ақ екен, ел қасқыр тиген қойдай ошарылып, жоси бастады. Базардың мен тұрған сарай жақ шетіндегі жадағай арбада ұн сатып тұрған қаба сақал қарт мұжыққа төнді. Басына қамшы үйіріп, зіркілдеп жатыр:

— Шыныңды айт, неше қап ұн саттың? — дейді.

— Барым осы бір қап ұн, — дейді шал сасқалақтап.

— Өтірік айтасың! Шығар шапшаң ақшаңды!..

Шал әдепкіде ырқына көне қоймаған соң жендет көш-құлаш резеңке қамшысын орағытып келіп, жон-арқасынан осып-осып жіберді. Сонда көйлекшең шал жан даусымен бақырып қалды. Қайқаң етіп ыршып кетті. Ол енді жалма-жан кенеп шалбарының қалтасынан қағазы, ұсағы аралас бір уыс ақшаны алып, жендеттің қолына ұстата берді.

Енді қайтер екен деп жендеттен көз алмай қарап тұрмын. Ол шал берген ақшаны кәнігі тазы иттей қақшып алып, сары погонды сұр бешпентінің омырау қалтасына сүңгітіп жіберді. Онымен қоймай, мұжыққа зіркілдеп жатыр:

— Кет шапшаң, осы арадан, — дейді.

Ол енді әр жерде аттарын, өгіздерін арбаларына жегіп, опыр-топыр кеткелі жатқан базаршы мұжықтарға қырғидай тиді. Жаңағы шалға істеген зорлық әрекетін айнытпай қайталады, базаршылап тапқан тиын-тебендерін сыпырып алды да, өздерін дүркіретіп қуа бастады.

Маған таяу тұрған жаңағы шал шолақ атын дереу арбасына жегіп алды. Аузына у түсіп кеткендей қинала қақырынды. Екі дүркін жиіркене түкірді. Өзінен-өзі күңірене сөйлеп жүр: «О, жасаған ием, қандай зобалаң заманға душар еттің пенделеріңді? Қайда барып күн көреміз!» Базардың шетін жағалап, атын үсті-үстіне қамшылап кетіп барады. Сасып жүргенде бір түйіншек нәрсесі арбасынан түсіп қалып еді, оған да қараған жоқ.

Ақбоз атты жендет базардағы елді талағанына көңілі көншігендей алаңның ортасында жалғыз селтиіп тұрған. Енді бір мезетте текіректетіп келіп, маған шұқшиды. Мені атының омырауымен соғып, қамшысын ерсілі-қарсылы үйіріп жүр. Жиіркене балағаттайды.

— Бұл жерде нағып тұрсың, бит басқан қайыршы қазақ? Жаныңның барында жоғалт көзіңді! — Резинка қамшысымен мойнымнан орай осып жіберді. Жан дәрмен шалқалап, қолыммен басымды қорғай бердім. Тілімді көш-құлаш шығарып, мылқау-керең бола қалдым. Қиқылдап, шиқылдаймын. Көзімді алақтатып, тілімді салақтатып, қолымды ербеңдетемін. Жендет ерден бөксесін көтеріп, атының тізгінін тартты. Үзеңгіге шірене ырғалып, қайта отырды.

— Мен саған кет деп тұрмын ғой иттің баласы! — дейді. Мен түкке түсінбеген болып, аузымды қисаңдаттым. Екі қолымды ербеңдетіп өрескел пішінмен ысылдай бердім. Басымды иіп, қолымды жайдым. Былдырлап сөйлейтін боламын. Аузымнан иттің қыңсылағаны іспетті аянышты дыбыстар шығарамын. «О, мейірімді тақсыр! Мен сорлыны аяңыз, қайыр-садақа беріңіз!» — дегенім. Менің қайыр сұраған жалынышты сүреңімді білді-ау деймін, жендет жайылған алақаныма резинка қамшыны көміп-көміп жіберді. Құлындағы даусым құраққа шықты. Жендетті ішімнен қарғай бердім. Аяғымды әлтек-тәлтек басып кете бастадым. Артыма бұрылып қарасам, жендет атынан түсіп, құнжыңдап жатыр. Тегінде базаршылардан жинап алған ақшасын санап, қалтасына реттеп салып жатқан болар деп шамалаймын.

Сол екі арада базар алаңы елі көшіп кеткен жұрттай қаңырап бос қалыпты. Қапелімде кетіп үлгіре алмай қалған бірен-сараңдары атты, өгізділер енді жылжып барады.

Базардан кеттім. Енді Сенная көшесіндегі үшінші номерлі үйді тауып алуым керек. Бұл көше базардың төменгі жағында. Өзен жағасындағы шеткі көшенің бергі қатарында. Оны маған Ирченко ұғындырып берген. Ең әуелі, осы үйді күндіз сыртынан бір көріп алсам деймін. Сенная көшесін жағалап келе жатырмын. Төбесі ашық тас қоралы, тоқал төбелі кішкентай ағаш үйді оңай тауып алдым. Бұл үйге көз тоқтатып, сыртынан әбден белгілеп алдым да, іңір қараңғысында қайта айналып келейін деген оймен тағы да қайыр-садақа сұрап қала кезіп кеттім. Онда да біреу-міреу күдіктеніп, пәле салар деп, көзіме көрінген үйдің бәріне бірден кірген жоқпын. Тағы да өзен жағалап, қаланың мұсылмандар көп тұратын оңтүстік жақ шетіне кеттім. Асықпай жүріп, кешке шейін жиырма шақты үйге кіріп шықтым. Онда да мана күндіз аралаған көшелерге соқпай, қаланың арғы шетінде жүрдім. Бір жақсы жері, көңілім жарым болса да тамағым тоқ. Оның үстіне мойныма асып алған кенеп дорба әр түрлі нанға лық толған. Қалтама табаны күректей бір уыс ұсақ ақша түскен. Ақшамды белімдегі шүберектің шетіне түйіп алдым.

Енді қаладағы арнап келген шаруамды тындыруым керек. Анау үйге түнде барам деп жүргенде қала күзетшілері ұстап алса қайтем? Ойлап-ойлап оның да амалын тапқан сияқтымын. Ымырт жабылмай тұрғанда көпір арқылы өзеннің ар жақ бетіне өтемін. Содан өзенді жағалап солтүстік беткейге тартамын. Осыдан екі шақырымдай жерде, Жабай өзенінен Керегетас өзенінің бөлінетін айрығында биік ағаш көпір бар. Мен ол көпірге жеткенше қараңғы түседі, ымырт үйіріледі. Сонда мен көпірден бергі бетке өтемін де, Жабай өзенінің сол жақ қабағын жағалап келіп, қаланың шеткі көшесіне килігемін. Екінші көшенің үшінші үйіне барамын. Осы істеп жүргенімнің бәрі де нар тәуекел. Қатерлі сапардың харекеттері. Қайтейін, қорыққанмен жан қала ма, ақтар ұстап алса, өз багымнан көрермін. Өзімді-өзім қайраймын, қайрат шақырамын: осы мен несіне қауіптенемін., Шынтуайтқа келгенде ақтар мені ұстап алған күнде маған не істейді? «Мылқау қайыршы» екенімді көрген соң біраз әурелер де қоя берер.

Түн тастай қараңғы. Айдың өлі ара кезі. Керек үйіме қайта айналып келдім. Атбасардың шеткі көшелері түгіл, орталықтағы әдемі көшелерінде де шам болмайды. Қалаға келе жатқан бетімде жолшыбай маған тірі тышқан кездескен жоқ. Тегінде қала халқы күн бата үйлерінен шықпайтын болса керек.

Үйдің терезелерінен жарық көрінбейді. Қақпақтарын көлденең темірмен бекітіп тастапты. Үй ішінде адам жоқ па, болмаса терезелерінің ішінен тарс бекітіп алған ба, — шам сәулесінің нышаны жоқ. Қораның бір ашпалы аласа қақпасын таяғымның ұшымен тырс еткізіп едім, ішкі жақтан бір ит арсылдап қоя берді. Шынжырын сылдырлатып, ырылдап келіп, қақпаны тырналай бастады. Тесіп жіберетіндей-ақ бір жоғары шапшиды, бір түседі. Арпалысып жатыр. Сол екі арада ішкі жақтан үй есігі сықырлап ашылды. Біреу жанталаса арсылдаған итіне айбар-қоқай көрсетіп, сөйлеп келеді: «Кет былай, жат!» Қақпаның астыңғы саңылауынан жарығы көрінді. Қабаған иттің үні өшті. «Жат кісінің келгенін білдірдім, ендігісін өзің біл», — дегендей, ішін тарта бір қыңсылады да, шынжырын сылдырлатып, қораның түкпіріне зыта жөнелді. Қақпаны таяғыммен қаттырақ түртіп едім, әлгі кісі ішкі жақтан сестене үн қатты:

— Әй, кімсің? Кім керек еді?..

— Қақпаңызды ашыңыз, сөйлесейік.

— Жөніңді айтпасаң ашпаймын.

Қатты састым. Шартты белгімді айтайын десем, одан бейхабар бөгде біреу болып, арандап қалам ба деп қорқамын.

— Қайыршы қазақпын, — дедім мүсәпірсіп.

— Қайыршы болсаң қайтейін?.. Түн ішінде не керек өзіңе?.. — Дауысында ызғарлы ашу бар.

— Елден жаңа келіп едім, паналап шығайын деп едім, — дедім. Мейірімді адам болса көңілі жібір, аяр деген оймен жыламсырап айттым.

Ол қақпаны ашты. Мен бас жоқ, көз жоқ, қораға кіре бердім. Анау жердегі май шамды алды да, менің бетіме төндіре ұстап, таңырқай қарады. Ұзын бойлы, дөңгелек сақалды, істік мұрын, тақыр бас сары кісі маған үрке қарап тұр. Менің адам көргісіз ұсқынымнан шошып кетті ме, не болмаса жорта қайыршы бейнесіне түсіп жүрген арандатқыш біреу ме деп күдіктеніп тұр ма, қайдам, көзі бақырайып сазара қалды. Мен де оның суық жүзіне мөлие қарап тұрмын. Оң жақ бетін тегіс жапқан қан қызыл жалпақ қалына көзім түсті. Қуанып кеттім. Бұл — Ирченко айтқан қалды бет адамның дәл өзі.

— Маған Терентий Карпович керек еді, — дедім.

— Солай ма?.. — деді қалды бет адам. Осыны айтты да шамын жерге қойып, қақпаны бекітті. — Терентий Карповичте не шаруаң бар еді?..

Оның қабағы ашылып, түсі жылығанын көрген соң еркінірек сөйледім:

— Терентий Карпович осы үйде тұра ма? — дедім.

— Задында іздеп келген кісің мен болармын, — деді де, соны абайламай, байыбына жетпей айтып салғанына өкінгендей, демін ішіне тартып кілт етіп шегініп кетті.

Мен енді жерден жеті қоян тапқандай масайрап, еркін кеттім. Қарсы алдына қақшиып тұра қалып, бәсең дауыспен:

— Құрметті, Терентий Карпович!! Сізге және Толқынға Антон Данилович пен Шолпан жұлдыздан сәлем әкелдім, — дедім де, қолымды ұсына бердім.

Сонда ол менің қолымды ақырын қысты.

— Бек жақсы! Түсінікті, түсінікті, — деді де, үйіне қарай бастай жөнелді.

Екі бөлмелі бөрене үй. Ішінде қаңғыр-күңгір естілмейді. Төргі бөлмеге кірдік. Оң жақ бұрыштағы аласа қоңыр шкафтың үстінде құмырсқа бел жетілік шам тұр. Бөлменің төргі бітеу қабырғасындағы бір кісілік темір кереуеттегі екі құс жастық пен екі көрпеден басқа іліп алар мүлік те жоқ. Бөлменің дәл ортасында үстіне шашақты қызыл шұбар дастарқан жапқан аласа стол. Оның екі жағында сырланбаған екі жайдақ орындық. Бөлменің екі жағы қысыңқы аласа екі терезесіне аппақ қардай шілтер тұтыпты.

Үй иесі әуелі орындыққа мені отырғызды да, кейін өзі отырды.

— Сен менің шынайы аты-жөнімді білесің бе? — Сұрағында кілтипан бар екенін бірден сездім. Әлденеден сезіктенгендей тіксіне берген.

Іздегенге сұраған. Іркілмей жауап бердім:

— Николай Осипович Курганов емес пе?..

Үй иесі кенет жадырап кетті.

— Бұ да дұрыс шықты, — деді ол, — ал, енді Антон Даниловичтің шынайы аты-жөнін айтшы...

— Никифор Михаилович Ирченко...

— Бұ да қатесіз шықты.

Іздеп келген кісімді тауып, әкем тірілгендей қуанып отырмын. Арқа-басым кеңіп кетті.

— Ал, танысып қояйық, өзіңнің аты-жөнің кім болады?...

— Шолпан жұлдыздың қарапайым сарбазы, Оспан Жаманбаев...

— Тоқта, тоқта! — Николай Осипович сұқ саусағымен маңдайын тіреп қалды да, кенет селт етіп: — Біздің Харитон Карповичпен абақтыда бірге жатқан Оспан сен емессің бе? — деді.

— Иә, абақтыда Харитон Карпович Крыловтан саяси әліппе оқып, көзін ашқан Оспан мен боламын, — дедім. Крыловтың атын атағанда сол бір қысылшаң өмірімнің суреттері көзімнің алдында самсап тұра қалды.

— Харитон Карпович сондай бір ғажап серігім болып еді деп маған айтып еді...

— Айтпақшы, қазір ол кісі қайда? Аман ба?

— Ұсталған, абақтыда жатыр, — деді Николай Осипович қамығып. — Хәлінің нешік боларын кім біледі...

Крыловтың тағдыры мені толқытты. Ақтардың қолынан өліп кетсе, тұқымы біржола құриды-ау деп пұшайман болып отырмын. Ол кісіде артында қалатын тұяқ жоқ. Тіпті өзі осы күнге шейін үйленбеген.

— Кім біледі, аман құтылар, — деп едім, Николай Осипович үмітсіз пішінмен басын шайқады.

— Әй, білмеймін-ау, бұл қанішерлердің қолына түскен кісінің аман құтылуы екіталай, — деді.

Енді ол Харитон Карповичпен қалай танысқанын айтты. Крылов уездік совдепте қызмет істеп жүргенде, Николай Осипович онымен тығыз байланысты болыпты. Айтып отырса, Николай Осипович осы Атбасардағы тоғыз класты орыс мектебінің мұғалімі екен. Харитон Карпович совдептің оқу-ағарту істерін басқарыпты.

— Жалпы әңгімені осымен тұжырайық, — деді Николай Осипович, — есіңде болсын, сарбазым, сен отырғанда біздің үйге зәу-сайтан біреу келіп қалса, осы қайыршы қалпыңнан айныма. Тұтқиылдан бөтен біреу келсе, қорадағы қабаған иттің өзі-ақ бізге хабарлайды... Сен сонда дереу ауыз үйге шық та, бишара болғансып тұра қал. Келген кісіге де, маған да қолыңды жая бер.

— Сіз не бұйырасыз, бәрін де орындаймын, Николай Осипович, — дедім.

Мен енді Амантай мен Қасқатаудағы хал-жағдайды қысқаша баяндап бердім. Ирченко беріп жіберген қағазды бөркімнің ас тарынан алып беріп едім, Николай Осипович оны ішінен оқыды да, «бәрі де түсінікті» дегендей ойлы пішінмен басын изей берді. Мына қағазға жазылмаған, қалаға аттанарымда Ирченко маған ауызша ұғындырып берген бір пара мәліметтер бар еді. Соларды да тапжылтпай айтып бердім: қанатымызды кең жая бастадық, Атбасар, Көкшетау уездерінің селоларында он екі астыртын топ құрдық. Енді көп кешікпей Ақмола уезінің іргелес селоларында осындай топтар құра бастаймыз. Осы жағдайды айтқанымда Николай Осипович ризалығын білдіріп, қуанғандай сүрең көрсетіп еді.

Енді ол маған Атбасардағы хал-жағдайды қысқаша баяндады. Ақтардың бейбіт халыққа көрсетіп жатқан зорлық-зомбылықтарын, қысым- қиянаттарын тебіреніп отырып жеткізді. Әділбек Майкотов бастаған бір топ совдеп мүшелері қамауда жатыр.

Бұларды соттамай атады деген сыбыс бар. Амантай казак болысы совдептің председателі Шағбан Ермекбаевты қыр елінде жасырынып жүрген жерінен ұстап әкеліп, табанда атып тастапты. Айта берсе, қалада бұлардан басқа да бұдан бұрын құлақ естіп, көз көрмеген неше түрлі сұмдықтар болып жатқан көрінеді. Мана қала аралағанда алған сұмдық әсерімді Николай Осипович үстемелеп өсіріп жіберді. Қанша дегенмен, пәлендей сыралғы кісі емес қой, құр беталды қаңғырғаның дұрыс болмаған екен деп, кінә тағуы ықтимал. Осы оймен күндіз қала аралағанымды Николай Осиповичтен жасырдым.

Мен білетін астыртын күрестің ошағы екі жерде. Оның біреуі — Қасқатау селосы, екіншісі — өзіміздің Амантай. Онда бұрын совдепке араласпаған, оқыс әрекетімен ел көзіне түспеген, майданнан қайтқаннан кейін аумалы-төкпелі кезеңге киліккен бес жігіт бар. Бізге басшылық ететін ең жоғарғы орталық Атбасарда екенін мен бүгін білдім.

— Сайып келгенде, бәріміздің мақсатымыз біреу-ақ: жатпай-тұрмай еңбекші халықты ақтарға қарсы қою, оларды ұйымдастырып, күреске шығару. Осы ұлы мақсатқа жету жолында талай-талай қиыншылықтарға кездесеміз, небір биік асулардан асамыз. — Николай Осипович мұны айтқанда, шәкіртіне өнеге үйреткен ғұлама ұстаздай парасаттанып кетті.

Ұзақ сөйлесіп отыруға уақыт қайда. Оның бер жағында, сырттан торып жүрген тыңшылар болса, ізімізге түсіп, оңай әшкерелеуі де кәдік. Николай Осипович осы жағдайды маған мықтап ескерткен. Ол шағын жасыл конвертті маған берді де, аса бір ықтиятты пішінмен сақтандыра сөйледі:

— Мына қағазды Ирченко жолдасқа табыс ет... Сақ болғайсың. Сен бұл қағазды табаныңа салып ал. Ал, егерде тұтқиыл жағдай туып қалып, қолға түссең, дереу жырт та жұтып жібер. Сөзге келмей оң аяғымның етігін шештім де, конвертті табаныма салдым. Шоқпыт шұлғауымды аяғыма орап, етікті киіп алдым.

— Бұл қағазға жазылмаған бір жағдай бар, — деді Николай Осипович, — сен оны ауызша ұғып ал... Біздің ендігі орталығымыз ертеңнен бастап Сергеевка селосы болады. Пароліміз де өзгереді. Жаңа пароліміз — Шортан. Сендер де парольді өзгертесіңдер. Найзағай болсын. Ирченконың жалған аты сол қалпында қалсын. Мен де өзімнің жалған атымды өзгертпеймін... Бізге ендігі қатынайтын адам Атбасарға соқпай, әуелі тура Есіл жағасындағы Поповка селосы арқылы айналып келетін болсын. Ұқтың ба?..

— Ұқтым, ұқтым, — дедім. — Ендеше менің жаңағы айтқанымды қайталап айтып берші.

Мен Николай Осиповичтің әлгі сөздерін қаз қалпында айтып бердім.

— Жігіт екенсің, Жаманбаев! — Николай Осипович мұны тамсанып, рақаттанып айтты. — Сен осыны Ирченкоға айта бар. Біздің ендігі орталығымыз Сергеевка селосында болады дедім ғой... Шіркеудің күнбатыс жақ желкесіндегі сыртын сары балшықпен сылаған, шатырына қамыс жапқан оқшау үй... Бұл — менің әкемнің үйі. Үйімнің адамдарын кеше сонда көшіріп жібердім.

— Бәрі де маған түсінікті болды, — дедім де, орнымнан көтерілдім. — Тағы да не бұйырасыз?..

— Бір жолға осы да жетер. — Николай Осипович жымия күлді. Орнынан тұрып, менің қолымды қысты. — Осы қиын күрес жолында мен сендерге зор жеңіс тілеймін.

— Мен де сізге осы тілекті білдіремін, — дедім. Біреу естіп қалмасын дегендей сыбырлап айттым. — Жаулардан ада-күде арылғанша бізде жан тыныштық болмайды...

Николай Осипович мені қорадан шығарып жіберіп, қақпаны бекітіп алды. Бұл кезде аспан бұлты қоюланып, өлі араның қара жаңбыры жаңа басталған екен. Қала бейне өліктей. Көшеде қыбыр еткен жан иесі көрінбейді. Оттар сөнген. Мен жалғызбын. Екі өзеннің айрығындағы көпірге туралай тарттым. Жаңбырлы қараңғы түнді жамылып, ауыр міндет арқалап кеттім. Қасқатауға жаяу тарттым.

Біз енді ең соңғы қиын күреске аттанамыз...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама