Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Достың тікені

Бақыты болу шарттарының бірі жақсылармен бірге болу керек. Жақсы дос тапқанда лайықты құрмет көрсету, кемшілігін іздемеу керек. Ол туралы жаман ой мен күмәнда болмау керек. Орынсыз сөз, іс-әрекетін көргенде білместіктен, байқаусыздан немесе абыржудан деп жорамалдаған жөн. Яғни үзірлі себеппен кінәсіз екендігін қабылдау керек. Өйткені жақсы мінезді адам өзгелерге кешіріммен қарайды, олардың кемшіліктерін жарияламайды.

Достықтың бауы туысқандық сияқты берік болуы керек. Туысқаның қате істесе, мәселен баламыз күнә істесе оны тастап кетеміз бе?! Әрине жоқ. Оған мұның қателігін, дұрыс еместігін түсіндіруге тырысамыз. Сол сияқты досты да қатесі үшін тастап кету, араны үзу дұрыс емес. Аталарымыз: «Жолдасын тастаған – жолда қалар», «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Мінсіз адам болмайды. Кемшіліксіз, мінсіз дос іздеген адам доссыз қалады. Туыс пен көршіде, бірге жұмыс істейтін әріптестерде немесе бірге оқитын, бірге жүрген достарда да қате, кемшілік болуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар көптеген жақсы қасиеттері де болады. Жақсы қасиеттерін көруге, достықты нығайтуға, бірлік пен ынтымаққа ұмтылу керек.

Бірде Фарурәддин Аттар уағызында былай дейді: Бір медресенің ұстазына шәкірттерінің бірі келіп:  

— Ұстаз, қолымнан келгенше жақсы оқуға, сізге лайықты түрде қызмет қылуға тырысудамын. Бірақ медреседегі кейбір балалардың жағымсыз мінезі бар. Мен сияқты бірнеше досым да осы медреседегі кейбір балалардан шағымдануда. Осы себепті бірнеше бала болып, медреседе қалмай, сырттан қатынап оқысақ бола ма? — дейді.  

— Балам, мен саған бір тәмсіл, бір кеңес айтайын, одан кейінгісін өзің шешерсің. Аязды күндері білесің, малдар жылыну үшін бір-біріне жабысып, тығыз орналасады. Сол сияқты боранның астында қалған бір топ кірпі суықтан қорғану үшін бір жерге үйіліп, бір-біріне жақындай түседі. Тікендері бір-біріне батып, ауырсынғанда аралары ажырап қоя береді. Тоңа бастағанда қайтадан бірігіп, сәлден соң тікендері батқаны себепті тағы да аралары ашылады. Суықтан қорғану мен тікеннен қорғану таңдауы арасында толқып, бірнеше рет осылай барып келеді. Ақырында достарынан келіп жатқан бұл мазасыздыққа шыдай алатындықтарын түсінгенде бірігіп, бір-біріне қатты қымталады. Осылайша аяздан аман қалады. Егер «тікені батты» деп әр қайсысы жеке-жеке кеткенде суықтан тоңып өлер еді... Балам, сендер де бір-біріңнің тікеніңе төзе білсеңдер, нәпістерің тәрбиеленеді, сыйластық, бірлік пен ынтымақ сияқты көп ізгі қасиеттерге қол жеткізесіңдер. Ал егер «Мынаның мінезі бар, ананың мұрны пұшық, мынаның аузы қисық» деген сияқты желеу айтып әр қайсың жеке кетсеңдер, суықта тоңып, құрдымға кетесіңдер. Осыны ескере отырып шешім қабылдаңдар, — дейді ұстаз.

Мұны естіген шәкірт достарымен бірге қателіктерін түсініп, өкініп, медреседе қалады.  


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама