Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 24 минут бұрын)
«Дружба» құбырына шабуыл: Қазақстан мұнайына қатысты жауап министрліктен келді

Ресейдің Татарстан Республикасындағы «Дружба» мұнай құбырының «Калейкино» станциясына дрондар шабуылдап, өрт шықты. Бұл жағдай Қазақстанның мұнай экспорттық бағыттарына әсер ете ме деген сұрақтар тудырды. Қазақстан Энергетика министрлігі бұл оқиғаның елдің мұнай тасымалына ешқандай әсер етпегенін нақтылады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Калейкино» станциясындағы жағдай

Альметьевск қаласында 23 ақпанға қараған түні «Калейкино» мұнай айдау станциясында өрт болды. Жергілікті тұрғындар бірнеше жарылыс естігенін айтты. Әкімдіктің мәліметінше, өрт дрондардың сынықтары құлағаннан кейін өнеркәсіптік аймақта басталған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Калейкино» станциясы «Транснефть» жүйесіндегі ең ірі станциялардың бірі. Ол әртүрлі аймақтардан мұнай қабылдап, оны араластырып, сақтап, әрі қарай магистральды мұнай құбырларына жібереді. Бұл бағыттардың бірі – Еуропаға экспортталатын «Дружба» мұнай құбырына кетеді.

Министрліктің ресми мәлімдемесі

Қазақстан Энергетика министрлігі Татарстандағы оқиғаның елдің мұнай тасымалына әсер етпегенін хабарлады.

«Татарстандағы оқиғаға байланысты министрлік хабарлайды: бұл жағдай қазақстандық мұнай тасымалдау процесіне әсер еткен жоқ. Жүк жөнелтушілерден шикізатты қабылдау және магистральды мұнай құбырлары жүйесі бойынша оны әрі қарай айдау бекітілген кестеге сәйкес штаттық режимде жүзеге асырылуда. Қазақстандық мұнайдың транзиті немесе экспорты бойынша қандай да бір шектеулер тіркелген жоқ», - делінген министрліктің хабарламасында.

Қазақстанның мұнайы «Калейкино» станциясымен тікелей байланысты болмағанымен, ол осы жүйе арқылы өтеді. Атырау – Самара құбырымен Ресейге жеткен шикізат «Транснефть» магистральдық желісіне түсіп, әртүрлі бағыттарға бөлінеді. «Калейкино» осы жүйенің маңызды тораптарының бірі болып саналады.

Бұрынғы оқиғалар мен балама жолдар

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз терминалына бара жатқан үш танкерге жасалған шабуылдарға қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. Сондай-ақ, Қызыл теңіздегі жағдайға байланысты Қазақстанның Каспий құбыр желісі консорциумы (Каспийский трубопроводный консорциум - КТК) арқылы мұнай экспорттау көлемі қаңтар айында 45 пайызға азайған еді.

Осы мәселелерге байланысты Қазақстан мұнай жеткізу бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды.

Жаңалықтар

Жарнама