Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 17 сағат бұрын)
Дүниедегі ең әдемі нәрсе

Сұлтан III Мұстафа Хан Стамбұлда мешіт салдырып жатқан жылдары сол мешіт маңында тұратын Лалели Баба деген атпен танымал әулие кісіге зияратқа барады. Біршама сұхбаттасқаннан кейін Лалели Бабаға қарап: «Тақсыр, дүниедегі ең әдемі нәрсе не?!» деп сұрайды. Лалели Баба: «Дүниедегі ең әдемі нәрсе – жақсы ішіп-жеу және әжетіңді жақсы кетіру» деп жауап береді. Патшаға бұл жауап ұнамағандықтан үн қатпастан шығып кетеді. Бірақ сол күннен бастап іш қатуы сырқатына шалдығады. Қаншама дәрігерлер шақыртса да нәтиже бермейді.

Күн өткен сайын қиналып әбден әбігерге түскен патшаға Лалели Бабаның жауабы есіне түсіп, оны ренжітіп алғандығын түсінеді. Дереу Лалели Бабаның алдына келеді: «Тақсыр, мен қате еттім, кешірім өтінемін» дейді. Лалели Баба оған мейіріммен қарап: «Сені бұл қиындықтан құтқарсам, өтемі ретінде маған не бересің?» дейді. Патша: «Мына салдырып жатқан мешітті сыйға берейін» дегенде Лалели Баба басын шайқап «Жетпейді» дейді. Қаншама қазыналарды ұсынса да «жетпейді» деген жауап алады. Соңында «не қалайсыз?» - деп сұрайды. Лалели Баба: «Салтанатыңды (билігіңді) бересің» деді. Патшаның басқа амалы жоқ еді. Бұл қиын жағдайынан құтылу үшін «салтанатым сіздікі болсын» деді.

Әулие кісі дұға етіп патша жеңілдеп ауруынан айықты. Лалели Баба: «Болды ма, енді патша менмін бе?» дегенінде Мұстафа Хан: «Иә ата, бұдан былай сіз патшасыз» дейді. Лалели Баба күлімдеп, басын шайқап, «Құны бір әжетке ғана татитын ол қандай патшалық?! Маған ондай арзан патшалық керек емес. Бізге мешіттің аты да жетеді» деген екен. Содан бері бұл мешіттің аты «Лалели Мешіті» деп аталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама