Дүт тас
Бұрынғы өткен заманда Қасен деген бір кісі болыпты. Оның екі ұлы болыпты. Үлкен ұлының аты Мәркес, кіші ұлының аты Қарабас. Үлкен ұлына ер жеткен соң әйел әперіпті. Қарабас ер жеткен соң әкесінен сұрапты: «Әке, қашан маған әйел әпересің?» — деп. Сонда Қасен сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Қарабас, балам, сенің әйелің жер түбінде, өзің іздеп табасың», — дейді.
Біраз уақыт өткеннен кейін, Қарабас: «әйел алып бер» деп ағасы Мәркестің мазасын алады, сөзге келеді, тіпті жанжалдасады да. Тілегі орындалмаған соң, Қарабас жолға екі бөлек нан алып, ағасына өкпелеп, басы ауған жаққа қарай жүріп кетеді. Тау-тасты аралап келе жатса, құмды жермен өзіне қарсы келе жатқан алтын мысыққа кездеседі. Мысық адамша сөйлеп, Қарабастан жөн сұрайды: «Қайда барасың, не іздеп келесің?». Сонда Қарабас сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Әкем маған сенің әйелің жер астында деп еді, соны іздеп келе жатқан бетім еді». «Ендеше мені қасыңа ертіп ал, мүмкін, жәрдемім тиер», — дейді. Мысық екеуі жолдас болып жүре береді. Біраз жол жүргеннен кейін, екеуінің алдынан бір ит жолыға кетеді. Ит те сәлемдескеннен кейін, Қарабастың жөнін сұрайды: «Қайда барасың, не іздеп келесің?». Қарабас сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Менің әкем айтып еді, сенің әйелің жер астында деп, соны іздеп келе жатырмын». Сонда ит тұрып: «Менімен дос боласың ба? Мен саған болысамын». Қарабас: «Дос болайық», — дейді. Қарабас, мысық, ит үшеуі жолдас болып, тағы да жол жүріп кетеді.
Ыстық күнге күйіп, сусыз, құмды жермен келе жатып шаршап, шөлдейді. Сонан соң үшеуі үш айыр жолға түсіп, су іздейді. Қарабас орта жолмен кетіп, ит пен мысық екеуі екі шеткі жолға түседі. Қарабасқа жолда айдаһар кездеседі. Жатқан айдаһар басын көтеріп, Қарабасқа сәлем беріп, жөн сұрайды: «Қайдан келе жатырсың, не іздеп келесің?». Сонда Қарабас жауап береді: «Әкем айтып еді, сенің әйелің жер астында деп». Айдаһар Қарабасқа: «Менімен дос боласың ба?» — дейді. «Жарайды, боламын», — дейді ол. Қарабас екеуі дос болады. Сонда айдаһар Қарабасқа: «Менің желкемнен үш кірпік жұлып ал, бет орамалыңа түйіп, жаңқалтаңа салып ал, осы менің келген жолыммен жүре бер, жүріп келе жатып, жолда бір іннің аузына тап боласың, жер-құм жұмсақ, қолыңмен қазып, кіріп кетесің, біраз жерге барған соң, түрегеп жүріп кетесің, бара-бара бір ақ үйге кездесесің, ол үйде кемпір мен шал бар. Амандасып болған соң, олар сенің жайыңды сұрайды: «Сен қайдан, қалай келдің, жолды кім көрсетті?» — деп. Қарабас айтар сөзін үйреніп алып, кемпір-шалдың үйіне кіреді. Сәлемдескен соң шал баладан: «Қайдан келесің, не іздеп келесің?» — дейді. «Сіздің балаңызбен дос болдым». «Белгің қайсы?» — дегенде де үш кірпікті алып көрсетеді. «Біздің бала достыққа не берді және не берсін» деп еді. «Дүт деген бір тасы бар екен, соны берсін деп еді», — деді Қарабас.
Сонан соң шал мен кемпір оң жағына қарап күліп, сол жағына қарап жылап, бір тасты Қарабастың қолына береді. Өзі қасиетті тас еді, аты дүт. Күші атында, Дүт десең күш кіреді. Атын ұмытсаң, күші қайтады. «Атын ұмытпа, есіңе сақта қарағым», — дейді. Қарабас бір күн қонақ болып, іннен жер бетіне шығады. Неше күндер жүріп, бір елдің шетіне жетеді. Қаланың шетіндегі бір үйге кірсе, кемпір мен шал отыр екен. Сәлемдесіп болған соң, жөн сұрасады. «Қай жақтан келесің, не жұмыспен жүр едің?» — дейді шал мен кемпір. Қарабас: «Әке-шешем өлген, панасыз жүрген жетім едім, баласы жоққа бала болайын деп едім», — дейді. «Біздің де баламыз жоқ еді, бізге бала бол», – деп жабысады кемпір мен шал екеуі бірдей.
Ел-жұртын шақырып, бір малын Құдайы ғып сойып, Қарабасты бала қылады. Қарабас кемпір мен шалға бала болып, жүре береді. Біраз күн өткеннен кейін бала әке-шешесінен «Бұл жердегі ханның қызы бар ма?» — деп сұрайды. Әке-шешесі: «Ханның қызы бар балам», — дейді. «Ендеше, сол қызды маған айттырыңыздар», — деп тілек етеді бала. «Бізге хан қызын бере ме? Біз болсақ кедейміз, бір шолақ өгіз, екі сиыр, оншақты ешкі, қойдан басқа не мал бар және қаһарлы ханға баруға бата алмаймыз ғой» — дейді ата-анасы. Сонда Қарабас сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Хан сізді он рет өлтірсе де мен сізді тірілтуге бармын!». Қарабастың бұл сөзіне таңданған кемпір-шал аңырып тұрып қалады. «Әке, шолақ өгізді ерттеп мініп, ханға барыңыз, бармасаңыз бала болмаймын, кетемін». Әкесі баласының көңілін қимайды, лажсыздан ханға барып келуге көнеді. Шал шолақ өгізді ерттеп мініп, ханға кетті. Шал ханның сарайына, хан уәзіріне келген жағдайын айтты. Уәзірлер ханға барып, айтып еді, хан ашуланып: «Ұстаңдар қақпас шалды, далаға апарып, алты түйе отынның ортасына қойып өртеңдер!» — деп, бұйрық береді уәзірлеріне. Бұйрық орындалады. «Өлген шалдың күлін жейдесіне орап, шолақ өгіздің құйрығына байлап, жазған тақтайды да өгіздің екі мүйізінің арасына байлап жіберіңдер, өгіз үйіне барсын», — дейді хан. Өгіз үйге келген соң бала әкесін дүт таспен қайта тірілтеді. Бір-екі күннен кейін Қарабас шалды ханға қайта жұмсайды. Шал қорықса да, амал жоқ, шолақ өгізін ерттеп мініп, ханға барады. Уәзірлерге жолығып, келген жұмысын айтады. Шалдың сөзін уәзірлер ханға жеткізеді. «Әнеугі өлтірілген шал қызыңызға құда түсуге келіп отыр, көресіз бе?» — дейді уәзірлер. Хан не дерін білмей отырып қалады. Сонда бір уәзір тұрып: «Ханеке, жауабын маған беріңіз, қалың малын мен айтамын», — дейді. Шалды өгізден түсіріп ханның үйіне кіргізеді. Хан Құдайыға бір малын сойып, ел жұртты шақырып, қыздың қалың малын айтпақ болады. Тамақ жеп болған соң, шалға уәзір қыздың қалын малын айта бастайды: «Қыздың қалың малы толық болсын, құда, бірінші сұрайтын қалың малымыз мынау: осы ауылдың алдындағы дарияға бүгін түнде таң атқанша көпір салынсын. Екінші, ауылдың оң жағына алтын терек орнатылсын. Үшінші, алтын теректің қасынан майбұлақ ағызылсын. Төртінші, алтын терекке — дүниеде аң баласының түр-түрі байланып қойылсын. Бесінші, ауылдың сол жағына күміс терек орнатылсын. Күміс теректің жанынан сүт бұлақ ағызылсын және күміс теректің түбіне дүниеде не түрлі құс бар, соның бәрі тор көзде сайрап тұратын болсын». Сонда шал сөз таба алмай, аузына не түссе, соны айтып, «мақұл-мақұл» дей беріпті. Шалды өгізіне мінгізіп, үйіне қайтарады. Шал үйге келіп, Қарабасқа қарап жылайды: «Балам, ханның сұраған қалың малын біз тұрмақ хан да орындай алмас», – деп, балаға бастан-аяқ баяндайды. Қарабас тұрып: «Әке, қорықпаңыз, жатып ұйықтаңыз, осының бәрін мен өзім-ақ орындаймын», — дейді. Қарабас ел жатып қалғаннан кейін, «дүт» тасын қолға алып, ауылдың жанына барады. Тасына қарап: «Сұраған қалыңмал жабдықтары бүгін түнде дайын болсын, дүт!», — дегенде, айтқанының бәрі дайын болады.
Көпір салынып, алтын, күміс теректердің жапырақтары жайқалып, бұлақтары сылдырап ағып жатыр. Аңдары жайылып, құстары сайрап тұр. Ауылдың маңы құлпырып жайнап кетеді. Мұны көрген хан ауылы ерте оянып, таң-тамаша қалады, Қарабасқа дереу кісі жіберіп, «қызын алсын», – дейді. Қарабас ханның үйіне барып, дүние жасауымен қызды үйіне әкеледі. Қарабас шалдың жанында үш ай отау тігіп отырады. Бір күні Қарабас кемпір-шалға келіп: «Анау көлдің жанына барып, отау тігіп отырамын, балық салып, аң аулаймын», — дейді. Шал баласының тілегін орындап, айдын көлдің жағасына жеке отау тігіп береді. Қарабас дүт тасы мен мылтығын алып, серуенге шығады. Қолындағы тасына «дүт» деп еді, көл үстіне көпір салынды. Көпірмен көлдің арғы жағасына өтіп, балық ұстап, аң аулап жүреді. Қарабас көлдің арғы шетінде аң аулап жүргенде, өтірік мүсәпір болып, бір жалмауыз кемпір қыздың үйіне келіп зар жылайды: «Бұл айдалада жалғыз қайтіп тұрсың?», – деп, қызды азғырады. Бұл қыздың қайда екенін білуге басқа ханның баласы жалдап жіберген мыстан кемпір екен. Жалмауыз кемпір күнде қызбен әңгімелесіп жүреді. «Сені Қарабас қайтіп алды, әрине, күшімен жеңіп алған жоқ, оның бір сиқыры бар болу керек, бар болса, сен соны сұрап ал», — дейді кемпір. Сонда қыз: «Қайтіп сұрап аламын?» — дейді. «Сен оған сырыңды айт деп сұрай бер, сонда Қарабас сені қимай сырын айтар». Кемпір ақылын қызға айтады да кетіп қалады. Бір уақытта Қарабас үйіне келсе, әйелі жылап отыр, жалғыз отырып: «Жалығып, ішім пысты, тым болмаса бір мезгіл сырыңды айтып, көңілімді аулап кетпейсің, жалғыз өзің тамашалай бермей, отырып сырыңды айтсаңшы, мен тыңдайын», — дейді. Қарабас бұл жолы ешқандай сырын айтқан жоқ.
Қарабас түнімен ұйықтап, ертемен күндегі әдеті бойынша серуенге кетті.
Қарабас кеткен соң, жалмауыз кемпір келіп, тағы да ақыл үйретіп: «Ол бірде болмаса бірде саған сырын айтады, тек сен өзің сыр білдірмей жылай бер, мазасын ала бер», — дейді. Жалмауыз кемпір күн батар кезде ғана қайтады. Көзінің жасын көл қылып, жылап отырған әйелін көреді: «Маған сырыңды айтпайсың?» — деп налиды. Тамақ ішкеннен кейін әйелі жылап, сұрап қоймаған соң, Қарабас сырын айтады: «Менің «дүт» деген тасыммен не тілесем, соны орындайды». «Тасыңды маған көрсетпейсің бе, мен көрейін?» — деген соң Қарабас қалтасындағы тасын алып көрсетеді. Қараса бір кішкентай ғана шұбар тас екен. «Бұл кішкене тастың не қасиеті бар, енді маған тасыңның өнерін көрсетсеңші?» — дейді әйелі.
Қарабас әйеліне тасының әртүрлі сырын көрсетеді. Ертеңіне жол жүргелі тұрған күйеуіне әйелі көз жасын төгіп: «Дүт тасыңды беріп кет, сен болсаң, серуен шығып тамаша көресің, мен болсам, екі көзім бақырайып, жалғыз үйде отырамын, тасыңды таста, көңіл көтерер ермегім болсын», – дейді. Қарабас әрі ойлап, бері ойлап, көз жасын төккен әйелінің көңілін қимай дүт тасын беріп кетеді. Өзі көпірмен көлдің ар жағына өтеді. Қарабас кете салысымен жалмауыз кемпір де келіп жетті. «Қыздан ешнәрсе білдің бе?» — деп сұрайды. Қыз Қарабастың қасиетті тасын беріп кеткенін және оның жанын сақтап жүрген осы бір тас екенін айтады. Сонан соң кемпір мен қыз екеуі тастың не күш қасиеті барын сынап көреді: тас не бұйырса, соны орындайды екен. Күн түс болған кезде, «Көпірді бұзбаймыз ба, әйтпесе, Қарабас келіп қалады?» — деп, кемпір ойбай салады. Сонда қыз тасына қарап: «Көпір жоқ болсын!» — деп тасқа «дүт» деп үрлеп еді, көпір жоқ болды. Қарабас көлдің ар жағында қаңғып қала береді. Өтейін десе көпір жоқ, көлдің бер жағында оқ дәрісімен қармақ қалды. Сонымен балық ұстап, ептеп-септеп күн көрудің қамына кірісті. Көлді жағалап келе жатып баяғы жолдас болған мысығына кездеседі. Мысыққа бастан кешкен оқиғасын айтады. Мысық екеуі өткен-кеткенді айтып, әңгімелесіп, көлді жағалап келе жатады. Алдарынан бұған жолдас болған иті жолығады. Сәлемдесіп болған соң, Қарабас итке болған оқиғаның жайын баяндайды. Үшеуі сол жерде бас қосып ақылдасады. Қарабас оларға тастың түсін, атын айтып береді. Сонда мысық тұрып: — «Мен оны ұрлар едім, бірақ көлден өте алмаймын ғой», — дейді. «Тасты ұрлап ала алсаң, мен сені көлден өткізейін», — дейді ит. Уәде бойынша мысықты арқасына мінгізіп, көлдің ар жағына жүзіп өтеді. Ит демін алып күтіп қалады да мысық суға малынған бетімен қыз отырған үйге жүгіріп барады. Үйге кіріп барса, жалмауыз кемпір, қыз, ханның баласы — үшеуі сөйлесіп отыр екен. Кемпір мысықты: «мышиім, мышиім» деп шақырып, төсек астына кіргізіп жібереді. Байқаса үшеуі де тасты әр өнерге салып ойнатып, қызығына қарап отыр екен. Мысық та не істерін білмей, анаған бір, мынаған бір қарап, аңдумен болады. Бір мезет қыз тасқа: — «Дүт» өз орныңа барып түс», — деп еді, тас домаланған әдемі шұбар тас бола қалды. Сол-ақ екен, төсек астында бас бағып, аңдып жатқан мысық тасты іліп ала жөнелді. Ит те алдынан шығып, мысықты арқасына отырғызып алып, көлге түсті. Ана үшеуі қуып келеді. Жалмауыз кемпір де суға түсіп, иттің артынан біраз жерге дейін малтып қуды, жете алмаған соң, амалсыздан кейін қайтты. Көлдің ортасына барғанда, ит пен мысық өзара таласады. «Ұрлаған сен, апаратын да сен, Қарабасқа мен не демекшімін, тасты маған бер, ұрлаған сен, әкелген мен дейін», — дейді ит. «Қой, тасты суға түсіріп аларсың», — дейді мысық. Ит оған көнбейді. «Бермесең сені суға тастаймын», — дейді ит мысыққа. Амал жоқ мысық көнеді, тасты иттің аузына саламын деп, көлге түсіріп алады. Екеуі Қарабастан ұялғаннан басқа жолға түсіп, өз беттерімен кетеді. Мысық пен ит кешігіп келмеген соң, Қарабас олардан күдер үзеді. Қарабас қармағын суға салып отырса, бір қармағына үлкен балық ілінеді. Балықты сойып, ішек-қарнын аршып отырса, ішінен дүт тасы шығады. Балықты пісіріп, жеп алып, қас қарайғанда: «Дүт тасым, көпір сал», — деп еді, көпір салынды. Көпірмен өтіп, үйдің қасына келіп, қараса, ханның баласы мен әйелі екеуі сөйлесіп отыр екен, ханның баласы қызды алмақ болып, қыз оған тимек болып, уәде беріпті. Сол уақытта Қарабас тасына: «Дүт тасым, бұл үйдің төңірегі биік шарбақ болып бекіліп қалсын», — деп еді, үйдің сырты шарбақпен бекілді. «Қыздың әкесі мен уәзірлерін келтір», — деп еді, олар да көзді ашып-жұмғанша жетіп келді. Бәрінің басы қосылған соң, Қарабас сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Ата, қызыңыздың жайы осылай болды, бұған не билік айтасыз?» — дейді. — «Қарабас, балам, билік өзіңнен болсын». «Олай болса, баршаңыз он алты атан түйе тартқандай отын жинаңыздар, мынау үйді айландыра жағып өртеңдер», — дейді. Өрт сөніп біткеннен кейін, Қарабас ханға қарап: «Ата, маған істер жақсылығыңыз бар ма?», — дейді. Сонда хан тұрып: — «Жалғыз қызым бар еді, мінезіне қарай жазасын тартты. Сен маған бала бол», — дейді. Хан уәзірлерімен бірге Қарабасты үйіне әкеледі. Ел-жұртын жинап, мал сойып, той жасап, Қарабасты бала қылып алады. Біраз уақыт өткеннен кейін, Қарабасқа басқа хан қызын әпереді, үлкен той жасайды. Сол тойда Қарабастың өгей әкесі хан аттан жығылып өледі. Содан кейін ел-жұрт болып, Қарабасты хан қылып сайлайды. Қарабас әрі атақ, үлгі болсын деп, ел-жұртына бостандық беріпті. Сөйтіп, Қарабас жер жүзіне атағы жайылған еліне, жайлы әділ хан болып өтіпті.