- 28 ақп. 2020 00:00
- 184
Екі құрдас
Біреу науқастанып қалған құрдасының көңілін сұрай барыпты. Оны көрген құрдасының көңілі босап:
— Талай жылды бірге өткіздік, көңіліңді қалдырған жерім болса кешір, олай-бұлай боп кетсем, бала-шағама бас-көз бол, ес-ақылдары шығып, досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүрмесін, — деп көңілдегісін айтыпты. Науқас жағдайын байқап, тамырын ұстап отырған құрдасы бүгін төніп тұрған қауіп жоқ екенін аңғарып:
— Талай жылғы бақыр асын бөліп ішкен кәрі серігім-ай, алыс сапарға бет түзеп, ер-тұрманыңды сайлап алған екенсің ғой, қой, тоқта деуге болмас, «досыңды тоқтатпа, жолынан қалады» деуші еді ғой, жолыңнан қалдырмайын. Бірақ сенен тілейтін бір тілегім бар, жас кезіңде шыдамас қорқақ едің, енді буыныңды бекіт, артыңда кәрілерден кім қалды десе, әлгі пәленше қу аяқ әлі бар деп жүрме. Мені сұрай қалса, әлдеқашан өздеріңіз алып кетпеп пе едіңіздер деп беттетпей қой, сұрамаса, үндеме, әйтпесе, өздері де ұмытып қалған шығар, біз туғалы қай
заман, — депті. Сонда мұңайып жатқан шал да, жылап отырған бала-шаға да күліп жіберген екен.