- 06 ақп. 2017 00:00
- 236
Қазақстанда ағылшын тіліндегі оқулықтар дайындалуда
Қазақстанда үштілді білім беру бағдарламасы аясында оқулықтар дайындала бастады.
Еске сала кетейік, еліміздің мектептерінде үштілді оқыту бағдарламасы енгізілуде. 2019 жылдан бастап, жоғары сыныптарда (10-11-12 сыныптар) химия, физика, информатика мен биология ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Бағдарламаны 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
«Қазір дайындық, жасақтау процесі жүріп жатыр. Біздің ұйым («Учебник» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы - ред.) сарапшы болып табылады, біз аталған оқулықтарды сараптамадан өткіземіз. Әзірге ол оқулықтар қолымызға тиген жоқ, бірақ олар дайындалуда. Біз сараптама мен оқулықтардың тәжірибелік тексерісін 2017-2018 жылдары өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ұйым директорының орынбасары Саят Омаров.
Оның атап өткеніндей, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында білім саласына қатысты айтылған тапсырмалар бірнеше міндетті шешуге бағытталған. Сонымен қатар білім беру саласы ел дамуының ең басты факторы ретінде айшықталған.
Жолдауда айтылған үштілді білім беру бағдарламасын кезең-кезеңмен енгізуден кейінгі басты міндеттердің бірі - қаржылық және IT-білімді дамыту, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Қала және ауыл мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын қысқарту, мұғалімдердің тапшылығын жою және жұмыссыз жүрген немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастарға кәсіби-техникалық білім беру.