- 07 ақп. 2022 00:00
- 180
Елдегі 36 университет педагог дайындау лицензиясынан айырылды
Тиісті дипломы бардың бәрі мұғалім бола алмайды. Білім және ғылым министрлігі енгізген тәуелсіз тестілеу әдісі ЖОО түлектерін іріктеу арқылы ғана білім ошақтарына жіберуге бағытталған. Министр Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында осы шараның алғашқы нәтижелері туралы пікір білдірді.
Ведомство басшысының айтуынша, педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізіліп отыр.
Яғни, енді дайындығы нашар үміткерлер қолында дипломы болса да, мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайды.
«Балалармен жұмыс істей білу өте маңызды және жауапты міндет болғандықтан, алдымен тәуелсіз тестілеуден өту керек. Мұндай сыртқы емтиханды 2021 жылы шамамен 40 мың түлек тапсырды. Олардың ішінде шекті балл жинағандар ғана мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Енгізілген бұл жаңашылдық жоғары оқу орындары жұмысының сапасын да көрсетті. 36 университет осы мамандық бойынша дайындау бойынша лицензиясынан айырылды», - деп еске алды министр.
Сондай-ақ, ол былтыр Президенттің қолдауының арқасында жоғары оқу орындарындағы мұғалімдердің айлығы да көтерілгенін айтады.
«Педагог мәртебесі туралы» заң жоғары оқу орындарының оқытушыларына қолданылмауына байланысты олардың жалақысы көтерілмеді. Сол себепті министрлікке бағынышты ЖОО-ларда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеру туралы арнайы бұйрық қабылдадық. Қатардағы оқытушылар үшін ең төменгі жалақы 200 мың теңгені, ал профессорлар үшін – 350-400 мың теңгені құрайды. Бұл ретте 1 ставканың максималды көлемі жылына 680 сағаттан аспауы тиіс. Мұндай мүмкіндік Президенттің қолдауының арқасында және 2011 жылдан бастап алғаш рет осындай көлемде грант құнын арттырудың нәтижесінде пайда болды», -деп жазды Асхат Аймағамбетов.