Photo: Kirill Ozerov (https://www.pexels.com/@kirill-ozerov-109766512) / Pexels
- 29 сәу. 2026 16:30
- 23
"Елуге келіп есірді демеңіз": Ләйлә Сұлтанқызы жаңа қырынан танылды
Алматыда өткен Fashion Week Almaty сән апталығы биыл тек дизайнерлік топтамаларымен ғана емес, ерекше қонақтарымен де есте қалды. Солардың бірі – танымал тележүргізуші әрі медиаменеджер Ләйлә Сұлтанқызы. Ол күтпеген жерден подиумға модель ретінде шығып, көпшілікті таңғалдырды.
Көрсетілімнен кейін Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің жаңа қырынан көрінуден қорықпау керектігін жеткізген әсерлі жазба жариялады. «Елуге келіп есірді демеңіз, еркінсідім», – деп жазды ол. Бұл сөздерімен Ләйлә Сұлтанқызы кез келген жаста өзіңді жаңа бағытта сынап көрудің маңызын атап өтті.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – көрермендер залында түсірілген бейне. Онда тележүргізушінің анасы қызының подиумдағы жүрісін толқып тамашалап отырғаны көрінеді. Анасының мейірімге толы көзқарасы мен ішкі қуанышы желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, ерекше әсер қалдырды.
Бұған дейін Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты жазба жариялап, өзіне бағытталған сын-пікірлерге жауап берген болатын. Сондай-ақ ол «Қазақстан» арнасындағы «1001 түн» бағдарламасында қонақ болып, жеке өмірі мен отбасы тақырыбына қатысты пікір білдірген еді.
Ләйлә Сұлтанқызы туралы
Ләйлә Сұлтанқызы – Қазақстандағы белгілі журналист, тележүргізуші және медиаменеджер. Ол 1977 жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында дүниеге келген. Жоғары білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде алып, кәсіби жолын осы салада қалыптастырды.
Еңбек жолын 1997 жылы «Шаһар» телерадиокомпаниясында тележүргізуші ретінде бастап, кейін продюсер қызметіне дейін көтерілді. 2003-2006 жылдары «Хит ТВ» арнасына жетекшілік етіп, медиаменеджмент бағытында тәжірибе жинақтады.
2008 жылдан бастап Қазақстан телерадиокорпорациясы жүйесінде түрлі қызмет атқарып, бірқатар жобалардың продюсері болды. Сонымен қатар «Kazmedia Mobile» компаниясының бас директоры қызметін атқарды. 2012 жылы «Балапан» телеарнасына басшылық етіп, балаларға арналған сапалы контенттің дамуына үлес қосты.
Ләйлә Сұлтанқызы «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі ретінде кеңінен танылып, қазақ медиа кеңістігінде кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 2015 жылы «Қазақстан Мәдениет саласының үздігі» атағына, ал 2016 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.