Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 апта бұрын)
Еңбек етсең емерсің
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының
№10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Даулешова Акнур Баяновна

Сабақтың тақырыбы: Еңбек етсең емерсің
Сабақтың мақсаты:
«Еңбек» адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Сабақтың міндеттері:
- еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру;
- еңбек етуге қызығушылықтарын дамыту;
- еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар: Сара Назарбаева туралы бейнефильм, фотосуреттері, үнтаспа, «Қайдан келдің бауырсақ?» өлеңі бойынша сахналауға арналған құралдар, презентациялар, түрлі - түсті суреттер, жүрекшелер.

Амандасу
Біз әдепті баламыз,
Біз ерекше боламыз,
Қонақтарды көргенде,
Сәлеметсіздер ме! – деп
Сәлемдесіп аламыз.

Мұғалім сөзі:
- Балалар, мен сендерді бүгінгі сабақта көргеніме қуаныштымын. Сендердің күлімдеген жүздеріңді көріп сүйсініп тұрмын. Бүгін біздің сабағымыз аптаның сәтті күнінде яғни, сәрсенбі күні өтіп жатыр. Сондықтан сабағымыз сәтті өтсін деп тілейік. Мен барлығыңды жылулық шеңбері – шаттық шеңберіне шақырамын.

Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып тұрады, сәлемдеседі, бүгінгі күнге тілек айтып, А. Меңжанованың «Болайықшы осындай» әнін орындайды.
Жақсы бала еңбекшіл Таза бала мұнтаздай,
Ер азамат болады. Сүйсінеді қараған
Қиындықты жеңіп кіл, Ұқыпты деп бұл қандай
Құшағы гүлге толады. Жақсы көрер бар адам.
Қайырмасы: Еңбекшіл досым – ай,
Болайықшы осындай.

Ой шақыру
Сөзжұмбақ шешу арқылы сабақтың тақырыбын анықтап, мақсатын айқындау.
Сөзжұмбақ шешейік.
1. Қасиетті сан.
2. Қателігіңді түсінген кезде айтатын сөз.
3. Біз өткен тақырып «............ мен сауап»
4. Үлкенге -..........., кішіге – ізет. (құрмет)
5. Аптаның соңғы күні.
Әңгімелесу
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – «Еңбек бәрін жеңбек». Тақырып төңірегінде бірнеше сұрақтар қойылып, әңгімелесу жүргізіледі.
- Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
- Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
- Өздерің қандай еңбекпен айналысқанды ұнатасыңдар?
- Адам бойында қандай қасиеттер болғанда жетістіктерге жетуге болады?
Слайд арқылы «еңбектің пайдасы» деген сөзге топтастыру жасау.
Еңбектің пайдасы – тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға үйретеді, ширатады, шынықтырады.
Балалардың жауаптары тыңдалып болған соң, мұғалім толықтырып, адамның өмір сүруіне қажеттінің барлығы еңбекпен келетіні түсіндіріліп, өзін - өзі тану пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге ұсыныс жасап, осы жолда аянбай еңбек еткен еңбекқор жан Сара Алпысқызы Назарбаева жайлы фотосуреттер және бейнефильм көрсетіледі.

Сабақтың дәйексөзі
Оқушыларға бейнефильм көрсетіліп болған соң, тақтаға итальяндық ғалым, суретші Леонардо да Винчидің «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген сөздің анықтамасын, ұқсас түсініктерді, бақыт деген түсініктің артықшылығын және кемшілігін анықтату

Сахналау
Еңбектің адам өміріндегі мәнін түсіндіру үшін Ө. Тұрманжановтың «Қайдан келдің бауырсақ?» атты өлеңін рөлдік орындаулар арқылы үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ) оқиды. Осыдан кейін оқушылар «Нан дастарқанға қалай келеді?» деген сұрақ аясында сөйлейді.

Сергіту сәті
1. Денеге арналған жаттығу
2. Көзге арналған жаттығу
Шығармашылық жұмыс
Оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс істейді.
1 – тапсырма: Мақал – мәтел кітапшасын жасау тапсырылады. Оған еңбек туралы мақал – мәтелдер жазып, мағынасын түсіндіреді.
2 – тапсырма: «Еңбек – бақыт бастауы» әңгіме құрастыру.

Тыныштық сәті
Дәптермен жұмыс
Берілген суреттерді пайдаланып әңгіме құраңдар, суретті бояңдар.
Қорытындылау
- Балалар, осымен сабағымызды қорытындылайтын кез де келді. Ендеше, біз «Еңбекқорлар еліне» барып, саяхат жасап қайтайық. Ол үшін «Біз не үйрендік? Не білдік?» деген сұрақтарға жауап береміз. Әрбір дұрыс жауап берген оқушы әртүрлі суреттермен еңбекқорлар елін безендіреді.
Жүректен – жүрекке

Сабақ сәрсенбі күні өтіп отырғандықтан «сәрсенбі сәтті күн» деген мақалмен басталса, енді осы ырымды жалғастырып, кішкене жүрекшелерге жазып, балалар бір – біріне бата береді.
Мысалы:
- Ерасыл, еңбегің жемісті болсын!
- Алма, еңбек етсең емерсің деген. Осыны есіңе сақта.
- Олжас, сүйіп істеген іс шаршатпайды. Сондықтан өзіңе ұнайтын істерің көп болсын.
- Аделия, өмірдегі тірегің еңбек болсын,
- Мұхаммед, «Еңбек – қуаныш, жалқаулық - айырылмас азап», - деп ұлы Абай атамыз айтқандай ешқашан жалқау болма.
Жүректен – жүрекке осылайша жалғаса береді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама