- 27 қаз. 2023 00:00
- 304
Енді білім грантын ұтып алған сарбаздарға стипендия төленеді
Былтыр қолға алынған Қорғаныс министрлігінің сарбаздар үшін тегін оқу жобасы, енді мемлекеттік грант ретінде тағайындалады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мәлім етті.
«Қорғаныс министрлігі сарбаздарға білім алу бойынша жеңілдіктер спектрін кеңейту бағытында белсенді жұмыс жасап жатыр. Мәселен, қазір Мәжіліс депутаттары бастамасымен қолға алынған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Үкіметтің қарауында. Оған сәйкес «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңында алғаш рет «әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру» бөлігі қарастырылған», - деді Айгүл Төлембаева
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр кеңесшісінің ақпаратынша, сарбаздарға берілетін білім беру жеңілдіктері енді заңнамалық тұрғыдан реттеледі. Атап айтқанда 2024 жылдан бастап ол мемлекеттік грант ретінде тағайындалады.
«Бүгінгі күні сарбаздарға ЖОО-да оқуға 100% жеңілдік берілетін еді. Енді мемлекеттік грант тағайындалады және сарбаздарға стипендия төленіп, жатақханамен қамтылады. Мемлекеттік грант ҰБТ есебінсіз беріледі», - дейді ол.