- 27 қаз. 2023 00:00
- 210
Сырымның үш қасиеті
(II нұсқа)
Бір топ жолаушы Сырымды іздеп келе жатса, алдарынан бір әйел шығады. Жөн сұрасып, әйел жолаушылардың Сырымға бара жатқанын біліп, беріп жіберетін аманаты бар екенін айтып, оны Сырымға жеткізуді өтінеді.
— Ол не аманат, жеңіл ме, ауыр ма? — деп сұрайды жолаушылар.
— Қадірін білсеңіз, жеңіл де емес, алып жүруге ауыр да емес, — дейді де әйел басындағы орамалын көтеріп бір тал шашты желкесінен, бір тал шашты төбесінен, енді бір тал шашты маңдайынан жұлып алып жолаушыларға береді. Содан кейін оң жақ қолтығынан бір жапырақ шүберек жыртып береді. Тезек теріп жүрген қабының бір жұлымын жыртып алып, оны да Сырымға жеткізіңіз деп береді. Жолаушылар «мұны кім берді деп айтамыз» дегенде, әйел «Сырымның өзі біледі» деп жауап қайтарады. Жолаушылар Сырым ауылына келіп, болған мән- жайды айтып, аманатын тапсырады.
— Сендер мұны не деп шештіңдер? — дейді Сырым. Жолаушылар шеше алмағандарын айтады.
— Бұл әйел байбақты көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны — туған жерім, туысқан елім артымда қалды дегені. Төбеден шаш алғаны — содан бері мына бастан бірталай уақыт өтті дегені. Маңдайынан шаш алғаны — әлі жаспын, алдағы өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені — қолтықта бауыр бар. Мен сенің бауырыңмын дегені. Байбақтының баласы екенін осыдан білдім. Қаптың жұлымын бергені — үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып күң болып жүрмін дегені, — дейді Сырым сонда.
Біраз күн өткен соң Сырым іздеп әйелдің аулына келеді. Мұндағылар Сырымды қонақ етіп біраз жатқан соң ауылдың бір үлкен ақсақалы:
— Не жұмыспен келдің? — деп сұрайды. Сонда Сырым:
— Саған арзан, маған қымбат, сенің қолыңда менің бір сүйегім-қарындасым жүр екен. Пұлын алып бересің бе, құнын алып бересің бе? — дейді.
— Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? — дейді ақсақал.
— Жоқ, көргенім жоқ! — дейді Сырым.
— Ендеше, — дейді ақсақал, — бір түсті киінген қырық әйел, қырық еркек қарама-қарсы жүріп, сол уақытта бір-біріңді танысаңдар бірге ауылдарыңа қайтыңдар, танымасаңдар, осында қалады. Сөйтіп, қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде, көп әйелдің ортасында келе жатқан байбақтының қызы қасында келе жатқан әйелдің құлағына:
— Анау қырық адамды бастап қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым, — деп сыбырлайды. Сырым да Байбақтының қызын тани кетеді. Сонда ақсақал:
— Бір-біріңді қалай таныдыңдар? — деп сұрағанда, Сырым:
— Қырық әйелдің ішіндегі отыз тоғызы өтіп бара жатқан еркектің бәрінің бетіне қарап санап шықты, ал мына әйел қатарымнан асып кеткенше менен көзін аудармады. Содан таптым, — дейді.
Ақсақал әйелден:
— Сырымды қалай таныдың? — деп сұрағанда, әйел:
— Мен Сырымда ерекше үш қасиет бар: бірінші — батырға біткен тұлғасы, екінші — өжет мінезі, үшінші — асқан даналығы бар деп еститін едім. Қырық жігіттің ішінде Сырым маған қыран топшылы, толық денелі, кең кеуделі, жалпақ төсті, жолбарыс бетті болып көрінді. Басы да елден ерек, торсық шекелі екен. Мен Сырым ағамды осыдан білдім, — депті.
Сөйтіп, Сырым байбақтының қызын күңдіктен құтқарып ауылына алып қайтқан.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр