Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ғарыш әлеміне саяхат
Тақырыбы: Ғарыш әлеміне саяхат
Мақсаты: 10 көлеміндегі сандардың құрамын пысықтау, есептеу дағдыларын жетілдіру. Үшбұрыш, шаршы, дөңгелек ұғымдарын тереңдету. Заттардың ауыр - жеңілдігі, олардың аз - көптігі, үлкен - кішілігіне байланысты есем жағдайлар кездесетінін тәжірибе жүзінде көрсету. Бүтінді қақ бөлу. Теңдей екі, төрт бөлікке бөлу. Жарты, ширек ұғымдары, оларды бір - бірінен ажырату.
Дамытушылығы: Білімге деген құштарлықтарын арттыру. Танымдық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелігі: Ептілікке тапқырлыққа, шыдамдылыққа, бастаған ісін аяқтауға тәрбиелеу
Әдіс - тәсілі: Сұрақ - жауап, ой қозғау, түсіндіру, әңгімелеу, қия, бояу.
Көрнекі құралдары: Ғарыш бейнесі, сандар, әріптер, ай, жұлдыз
Үлестірмелі құралдар: геометриялық пішіндер, дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, санағыш, қаламдар, құм салынған қалталар, қайшы, фломастер
Түрі: біріктірілген
Алдын - ала жүргізілген жұмыстар: санамақтар, есептер шығару

Барысы: Ұйымдастыру кезеңі.
Балалар, қазір жылдағы қай мезгілі?
Қазір қандай ай?
Бір аптада неше күн бар?
Бүгін нешінші күн?
Балалар, енді ортаға жиналып, жиын өткізейік. Біз бір - бірімізді жақсы көреміз, кәне қолымыздан ұстап, достығымыз нық, берік екенін көрсетейік. Оң қолымызды жүрек тұсына қойып, жүрекжарды лебізімізді көрсетейік.
Аспанымыз ашық болсын!
Ата - анамыз аман болсын!
Еліміз тыныш болсын!
Достығымыз мықты болсын!
Жүзімізден күлкі кетпесін!
Әдепті балалар болайық!

Балалар, енді достық туралы тақпақ айтайық.

Біздің топта ұл - қыздар,
Тату - тәтті ойнаймыз
Әлемдегі бар адамға,
Тек жақсылық ойлаймыз.
Енді өз орнымызға отырайық. Бүгін бізде математика оқу қызметі. Осыдан көп жылдар бұрын қазақ жерінде тұңғыш ғарыш әлеміне орыс азаматы Ю. Гагарин ұшты. Көп ұзамай қазақстандық азаматтар Т. Әубәкіров, Т. Мұсабаев, А. Айымбетов ғарыш әлемін зерттеп жүр.
- Балалар, сендер ғарыш әлеміне саяхат жасағыларың келе ме?
- Ғарыш әлеміне ұшу үшін бізге не керек?
- Зымыран кемесі керек.
- Онда алдымызда тұрған шаршы, дөңгелек, үшбұрыш геометриялық пішіндерден зымыран құрастырайық.
Балалармен жұмыс.
Балалар, зымыран дайын болса стартқа тұрып ұшуға дайындалайық.
Сандарды 10 – нан 0 - ге дейін кері санаймыз.
10, 9, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1, 0 – ұштық!
Балалар, біз жерден аспанға ұшып келеміз. Біздің алдымызда ретсіз сандар, әріптер тұр. Кәне, біз оны ретімен қойсақ, жұмбақ сөзді оқи аламыз.
Жұмбақ сөз: М А Р С
Алдымызда тұрған аспан денесі Марс деп аталады. Егер де сендер аспанда өздеріңе қарап жымың қағып тұрған қызыл жұлдыз көрсеңдер бұл Марс планетасы. Марс – Жерге ең жақын орналасқан планета.
Марстың бізге ұсынып отырған тапсырмалары бар екен. Соны орындайық.
Санды немен белгілейміз?
Цифрды?

Тура және кері санамақтар білесіңдер ме?
Бір – дегенім бірлік,
Бірге ойнадық, күлдік
Бір үйдегі көп бала,
Бір көлікке міндік

Екі – дегенім елім,
Атамекен жерім.
Өзен, көл мен кең дала,
Тауларым менің

Үш - дегенім үй,
Үйсіз оңбас күй.
Үй туған ел бөлшегі,
Соны еске түй.

Төрт – атақты төрт түлік,
Төрт түлікте тоқшылық.
Жылқы, сиыр, қой, ешкі,
Өсір бәрін көп қылып.

Бес - қолында бес саусақ,
Іске даяр тұр самсап
Тас қамалды бұзамыз,
Жұдырықтай бір болсақ.

Алты – асау арғымақ,
Мінсең шабар арқырап.
Қиялдайық сондайды,
Бәйге сүйгіш әркім-ақ.

Жеті – туған жеріміз.
Біз – туған жер төліміз.
Жиі барсақ ауылға,
Тола түсер кешіміз.

Сегіз - деген салтанат,
Ел жиналар анталап.
Тәуелсіздік тойы бар
Сайыс құрар бар талант.

Тоғыз - торғын тоғайың,
Бауыр, туыс, ағайын.
Ұстаздарың, достарың,
Шаттыққа толы маңайың.

Он - Отаның ардақты,
Ол қорғаның салмақты.
Сен ақылды болар деп
Бар тілегін арнапты.

Кері санайық.
Он ойланып,
Тоғыз толғанып,
Сегіз рет сызып,
Жеті рет өлшеп,
Алты рет қарап,
Бес түйме қадап,
Төрт қайта санап,
Үш үкі тағып,
Екі көзім талып,
Бір бөрік тіктім.

Балалар, біз берілген тапсырмаларды жақсы орындадық. Біз әрі қарай ұшып келеміз. Алдымызда тағы да кедергілер тұр. Кәне, тоқтап көрелік.
Ай мен жұлдыздарды салыстыру. Неше ай неше жұлдыздар бар. 5+5=10
Ай қанша болса жұлдыздар да сонша (тең)
Ой қозғау. Сендер түнде аспаннан неше ай көресіңдер?
Дұрыс. Ай біреу, ал жұлдыздар көп. Біз әрі қарай ұшайық. Міне, алдымызда тағы да бір аспан денесі тұр. Бұл Юпитер деп аталады.
Аспандағы ең ауыр планета Юпитердің тағы екінші аты бар екен. Ол есекқырған деп аталады. Юпитердің де тапсырмалары бар екен. Бірігіп орындайық.
Таяқшалардан геометриялық кескіндер құрастырыңдар.
Суреттен екі бірдей жұлдыздардан тауып қоршап қой.

Сергіту сәті.
Қараңдаршы, біздің алдымызда тағы да ерекше бір аспан денесі тұр екен.
Сатурнның тапсырмаларын орындап көрейік. Тәжірибе жұмысын жүргізу.
Біздің алдымызда құм салынған қалта және бос қалталар тұр.
- Бос қалтаның ішін үрлеп ауа толтырайық. Сосын құм мен ауаның салмағын өлшейік, таразымен. Көлемдері бірдей болғанымен салмақтары әртүрлі болатынын көздерімен көріп қолдарымен ұстау.
Сатурнның тапсырмаларын орындап тастадың, ұшып келеміз, ұшып келеміз.
Міне, біз Айға жеттік. Балалар, Ай қандай геометриялық пішінге ұқсайды?
Дөңгелекке.
Дөңгелек айды толған ай деп атайды, ай толған кезде түн жарық болады. Ол кезде біздер түн жарық немесе ай жарық дейді екенбіз.
Айдың тапсырмасы. Алдарыңда тұрған дөңгелекті 2 - ге, 4 - ке бөліңдер, қандай бөліктер шыққанын айтыңдар.
Кәне, бәріміз қолымызға бүтін дөңгелекті алып, екі бүктеп ортасынан қиялық. Не шықты?
Бұл екі жарты деп аталады. Енді екі жартыны да бүктеп қояйық. Төрт бөлек болды. Төрттен бір бөлігі ширек деп аталады екен.
Балалар, бөліп ойнау, бөліп жеу туралы тақпақ білеміз бе?

Көркем сөз. Бір алманы төртке бөлдім
Бір бөлігін жеп те көрдім.
Қалған үлкен үш бөлігін,
Қасымдағы 3 досқа бердім.
Жегендай – ақ бал қаймақты
Үшеуі де таңдай қақты.
Бөлінбейтін достар менен
Бөлісіп жеу қандай жақсы.
- Балалар, біздер біраз аспан денелерімен кездесіп, олардың тапсырмаларын орындадық. Енді Жерге оралайық. Парашютпен қайтайық.
- Алдымызда парашюттердің суреттері бар және ондағы тапсырманы орындасақ, біз жерге түсе алады екенбіз.
1. 8 - 2=6 қызыл 6
2. 2+3=5 сары 5
3. 9 - 7=2
4. 9+1=10

Қорытынды. – Балалар, біз қайда бардық?
- Қандай аспан денелерін көрдіңдер?
- Тақшалардан не жасадыңдар?
Жақсы қатысқан балалардың аттарын атап, мадақтау.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті МКҚК №2 «Айгөлек»
бөбекжай - балабақшасының тәрбиешісі
Диханбаева Гүлімхан Жақсылыққызы

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама