- 27 қаң. 2020 00:00
- 284
Ғылыми диссертация қорғауға қойылатын жаңа талаптар қандай — министр жауабы
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов Facebook-парақшасында ғылыми кадрларды даярлауды жетілдіру мәселелері жөнінде айтты.
Министрдің айтуынша, ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне кіретін журналдарға қойылатын талаптарды өзгерту бөлігінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің №20 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы әзірленіп, шешім қабылданған.
«Бүгінде оған контенттің жоғары сапасын әрдайым қамтамасыз ете алмайтын белгілі бір өлшемдер бойынша іріктелген 177 отандық басылым кіреді. Осыған байланысты, біз Scopus және Web of Science сияқты деректер қорының талаптарына сәйкес осы журналдарға қойылатын талаптарымызды бейімдеу бойынша жұмысты бастадық.
Бұл, мысалы, қосарланған жасырын рецензиялау, анық редакциялық саясат, қабылданған мақалалардың журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігі, шетелдік рецензенттер, барлық жариялау үрдісінің транспаренттілігі, күшті редакциялық алқа, авторлық құқықты қорғау және т. б.Осы талаптар 1-1,5 жыл ішінде кезең-кезеңмен осы тізбеге кіретін барлық отандық ғылыми журналдарға қолданылады.
Осы орайда басылымдардың саны қысқарады деп күтілуде, сапалы контент үшін бәсекелестік артады және бұл жалпы алғанда халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді», - деп жазады министр facebook парақшасында.
Асхат Аймағанбетовтың айтуынша, министрлік Scopus және Web of Science халықаралық базаларының қатарына енуі тиіс бірқатар ғылыми журналдарды қаржылық қолдауға конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Көбінесе отандық ғылыми журналдардың ЖОО мен ғылыми ұйымдардың басшылары назарынан тыс қалып жататындығы құпия емес, кейбір жерлерде қаржылық қолдау жеткіліксіз. Министрлік тарапынан жекелеген журналдарды іріктеу және қолдау олардың сапасы мен беделін арттыруға мүмкіндік береді.
«ҚР БҒМ №127 бұйрығына сәйкес, докторантқа қорғауға шығу үшін міндетті түрде 7 мақала жариялау керек, бұл ретте сапасы бойынша ерекше талаптар қойылмайды.
Нәтижесінде басты назар тек сандық көрсеткішке аударылып, мақалалар сапасы күмәнді журналдарда жариялана бастайды. Кейін ғалымдарымыздың мақалалары халықаралық базалардан шығарылған белгісіз бір журналдарда басылып шыққанда таң қалып жатамыз. Әлбетте, қалыптасқан бұл дәстүрді өзгерту керек. Яғни, сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар аз шыққаны жақсырақ деп анық айтуға болады.Дегенмен, бар ерекшелікті ескере отырып, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың даму деңгейіне сәйкес келетін гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар үшін жекелеген талаптар қалыптастырылатын болады», - дейді ол.
Сонымен қатар, магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын талаптар да өзгереді.