Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ықылас Дүкенұлы

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) — қазақтың әйгілі күйші қобызшысы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы Қулы тауларының етегі. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Шыққан тегі Кіші жүз Жетіру ішіндегі Тама руынан, оның ішінде Жөгі бұтағынан.

Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған.

Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян береді деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы бұл күнде Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы. Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады.

Ықыластың күйшілік дәстүрінің жығасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Бекмағамбетұлы Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Әлиев Сүгір және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері Үмбетбаев Сматай, Қосбасаров Базархан. Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама