Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жадымыздан өшпес ерлік

Ұлы Отан соғысы көптеген пікірталастарға қарамастан, әлі күнге дейін көптеген адамның өмірін қиған тарихи оқиға. Қазақстан соғысқа қатысқан адамның саны мен шығынның нақты санын әлі толық анықтаған жоқ. Осы уақытқа дейін бізде қазақстандық жауынгерлер туралы, олардың соғыстағы жолы мен әскери бөлімдері туралы құжаттары, қай жерде және қалай жараланғаны немесе қаза тапқандығы, қайда жерленгені туралы мәліметтерді зерделеу мен қалпына келтіруде олқылықтар бар.

Әрбір отбасында осы соғысқа қатысқан адам бар және олардың әрқайсысы есте сақтау және болашақ ұрпақта мақтаныш сезімін ояту үшін ерекше назар аударуға лайық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жыл сайын соғыс ардагерлерін құрметпен қонаққа шақырып, студенттерге ардагерлермен кездесу өткізіп, патриотизм сезімін ұялату үшін іс-шаралар өткізеді.

Тарихта үлкен істер жасап, есімдері белгісіз болып қалған адамдар өте көп. Өкінішке қарай, кейде біз коммуникацияның заманауи даму деңгейін халықтың болашағы үшін құрбан болған адамдарды еске алуда қолдану мүмкіндігін пайдалануды білмейміз. Бүгін ғаламтордың көмегімен біз аты аталмай қалған жауынгерлердің біреуі туралы ақпаратпен бөліскіміз келеді.

Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы Әбдікерімов Қайырбай 1942 жылы Арал аудандық әскери комиссариаты тарапынан әскер қатарына шақырылған. Ол кезде Қайырбай Арал портында жүк тасушы болып жұмыс істеді, үйленген, екі қызы бар еді. Отбасы мүшелерінің айтуы бойынша, ол Қызыл Армия қатарына өз еркімен қосылып, үйде қалудан бас тартқан. Дегенмен, туысқандар арасында бірнеше отбасының жалғыз асыраушысы ретінде, әрі жасы да үлкендеу болғандықтан соғысқа бармауға мүмкіндігі бар еді. Ол мүмкіндікті қолданбады. Соғысқа аттанған кезде оның әйелі үшінші баласына жүкті еді. Әкесі соғысқа кеткен соң екі айдан кейін туған бала, жылдар өткен соң әкесін елінен тыс жерде іздейді. Бірақ бұл бала ешқашан әкесін көрмеген және оның әкелік сезімі мен ыстық махаббатын сезінбеген. Бұл - біздің әкелеріміз бен аналарымыздың Отан мен болашақ үшін шалған тағы бір құрбандығы.

Әбдікерімов Қайырбайдың жауынгерлік жолы туралы мәлімет өте аз. Оның 1943 жылы маусым айында Сталинградқа жақын елді мекеннен батысқа қарай теміржол үшін болған шайқаста жараланғанын білеміз. Екінші Украин майданындағы 116-атқыштар дивизиясының 548-ші атқыштар полкінде соғысқан. Осы шайқастан кейін ол «Әскери қызметі үшін» медалімен марапатталды. Бұл ақпарат тек 2007 жылы ғана табылған. Осы уақытқа дейін, 90-шы жылдардың басында, белсенді іздеудің нәтижесінде туыстары тек жерленген жерін - Украина (Харьков), құстар фабрикасының жанындағы солдаттар бейітін таба алды. Әбдікерімов Қайырбай туралы білетініміз осы ғана. Ол украин топырағында соғыстың ыстығы мен суығынан бірге өткен өзінің үзеңгілес достарымен бірге бір қабірде жерленген.

Бұл тек бір адам, бір оқиға ғана, ал осыған ұқсас мыңдаған тағдыр бар. Кезкелген мемлекетте белгісіз солдаттың ескерткіші болуы кездейсоқ емес. Қанша отбасы әлі күнге дейін ата-бабаларының қайда жатқанын, олардың қалай соғысқанын және қалай қаза тапқанын білмейді.

Оларды жадымызда сақтау сол жылдардағы оқиғаларды зерделеу, құжаттарға, ескерткіштерге ұқыпты қарау, олардың жас ұрпақтың Отанға және ата-бабаларының ерлігіне деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу арқылы жүзеге аспақ.

 

Алмагамбетова А.М.

Хабижанова Г.Б.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама