Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 21 нау. 2026 08:00
- 25
Жалақыны көбейтіп, бюджет қаражатын жымқырған: Жамбыл облысындағы бас дәрігер күдікке ілінді
Жамбыл облысындағы көпбейінді орталық аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері 49 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Бұл ақпаратты облыс прокуратурасы растады. Тексеру барысында емхана басшысы мен есепшілер 2023 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың наурызы аралығында қызметкерлердің жалақысын әдейі көбейтіп жазып, артылған соманы қолма-қол алғаны анықталды. Жалпы, олар 49 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған.
Бұған қоса, олар орындалмаған жұмыстар үшін үшінші тұлғаларға, соның ішінде жеке кәсіпкерлерге негізсіз ақша аударған.
Қазіргі таңда прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастап, істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті тергеп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұрынғы бас дәрігер бір айдан астам уақыт жұмыста себепсіз болмағаны үшін қызметінен босатылған.