- 26 қар. 2019 00:00
- 209
Жалғыз жігіт (І нұсқа)
Бір жылы Ертіс өзені өткел бермей Қара айғыр деген жерден ел тосылып, төрт түлік мал неше күн иіріліп күйісі кетеді. Ел ағалары бұлай ширыға бермей ел мен малды судың аржағына өткізуді ақылдасады да, адамды да, малды да қырқарлап өткізе бастайды.
Осы арпалыста астында шолақ торы байталы бар бір жетім жігіт, елден қалмайын деп, байталымен суға түсіп кетеді. Аласұрған ақ бурыл толқын, арық байталы мен жалғыз жігітті ала жөнеледі. Сонда жалғыз жігіт өзінің қылығына өкініп:
Ат сал! Ат сал елім! Ат сал! — деп зар қаққанымен, аранын ашқан ажалға кім бара қойсын, сонда астында көк байталы бар Бейілбай деген тағы бір жарлы жігіт, зар қаққан құрбыласын құтқаруға, «көк байтал жаның үшін жүзерсің» деп, байталымен суға күп береді.
Асау толқын Бейілбайды да ала жөнеледі. Әйтеуір лақтырылған шалмаулардың бірі түсіп, ол зорға құтқарылады. Бірақ әлгі жігіт сол беті суға кетеді. Бейілбай мен Қамади жалғыздықпен жарлылықтан туған мына ойға кейінгілердің есінде жүрсін деп «Жалғыз жігіт» күйін шығарады.