- 26 қар. 2019 00:00
- 234
Қыз алып қашқан
Жалғыз қызы бар бір бай мен жалғыз ұлы бар бай екеуі құда болады. «Екі жарты бір бүтін болсын, сән-салтанаты келіскен түтін болсын! Біреуіміз келінім демейік, біреуіміз күйеуім демейік. Екеуміздің ортамыздағы, екеумізге ортақ отау болсын», — деп келіседі. Берік сөз байласқан екі байдың бесікте құдалық сөйлескеннен кейінгі қарым-қатынасы күн өткен сайын нығая береді. Екі бай іргелес жайлап, іргелес қонып, екі ауылдың ортасына дәнекер боп тігілетін сәнді отау ды асыға күтеді. Қыз бен бала бірге ойнап, біте қайнасып өседі. Сәби жүрек бірінің-біріне құдалық жолымен таңылғанын да сезбейді. Олар күні ертеңгі бір-бірінен бөлінбес бір бүтін болғандықтан емес, балалық жетелеуімен ойын қызығына ерумен де тату өседі. Ұл ер жетіп, қыз бой жеткеннен кейін аралары алыстай бастайды. Қолаң шашты салиқалы қыз жігіт жүрегін баурап, жүрегіне от тастағанымен, қыз жігітті сүймейді. Жігіттің ештемеге икемі жоқ дөрекі қимылы, шөп басып сындырмайтын еріншектігі, дүңк мінезі қыз сезімін аулақтата береді. Бірақ бесіктен құда боп, қысқа арқан, тар тұсау сап қойғанын естіген жігітті қыздың жақтыртпағанымен шаруасы да болмайды. «Отау қамытшылығы бітіп, той дайындығы әзір бол-са, ақ төсіңді аймалармын» дейді де, жүре береді. Бай да қыз жайын естігенде, «балалықтың әсері де» деп етегін жимайды. «Аруақ жолын сыйламай, ата жолын бұзып, ақ басты ана мен ақ сақалды әкенің қолынан шығып, қайда барады дейсің» деген тұжырымға келеді. Өстіп құда да тыныш, құдағи да тыныш жатқан бір күні той істеу қамытшылығы бітіп, ақ отау әзір болған күні «қыз қашып кетіпті» деген суық хабар дүңк ете түседі. Байдың тоғышар ұлын ұнатпаған қыз жылқышы жігітке ереді де, тайып тұрады.
Қашып келе жатқан қыз бен жігіт ауылдан алыстағаннан кейін бұтаның арасын паналайды. Осы кезде қыз жігітке өзінің сырын айтады: «Дәулеті мен әулеті сай, салулы төсек, тігулі үй дайын бай баласынан неге қаштым? Оның себебі, ол — тоғышар. Бір күн мал шетіне шығып көрген жоқ, оның қолынан келер де жоқ. Шоқпардай үкі тағып, күмістеген белбеу буынып, жорға мініп жортқанды ғана біледі. Сен еңбекке құштарсың, еңбектің балын жеген өмір — нағыз өмір. Екіншіден, сен — сыбызғышысың. Өнер өлмейді. Сондықтан сені сүйдім. Осы жүрісімізді сыбызғыға қосшы, асықпай тыңдайын», — дейді. Жігіт сыбызғысын тарта жөнеледі, қыз бойы балқып тыңдайды. «Қыз қашып кетті» деген хабарды естігеннен кейін екі жақ бірігіп тұс-тұсқа қуғыншы аттандырады. Ат сабылтып, үзеңгі қағыстырып келе жатқан бір топ қуғыншы сыбызғы даусын естиді де, шілік ішінде сайрандап отырған қыз бен жігітті қолға түсіреді. Ашу кернеген топ жігітті өлмеші қып сабап, сол жерге тастайды да, қызды өңгеріп ауылға алып келеді. Жігіттің қыз тілегі бойынша тартқан күйі «Қыз алып қашқан» атанады.