- 24 ақп. 2018 00:00
- 267
Жаңа бағдарламаға - жаңа қадаммен
Егеменді еліміздің жаһандық өркениетке енуімен бірге білім беруге қойылып отырған талаптың өзі шығармашылықпен жұмыс істей білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру екендігі баршамызға мәлім. Басты мақсат тек білімді тұлға дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай, ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны тәрбиелеп шығару болып отыр. Ұстаздар қауымына ел ертеңі болашақ ұрпақтың «құзіреттілік» деп аталатын білімділіктің жаңа деңгейіне шығуына жағдай жасау міндеті тұр. Бұл әрине, сапалы білім мен іскерлікті талап ететіні жасырын емес. Ал оқушыға сапалы білім беру, сабаққа ынтасын арттыру, құзыреттілігін қалыптастыру мұғалімнің қолындағы шаруа. Ұрпақ болашағы білім шаңырақтарынан бастау алады. Ел ертеңі – өзіміз оқытып, тәрбиелеп отырған мектеп оқушылары. Қазіргі білім беру үрдісінде оқытудың соңғы тәсілдерін игерген, шығармашыл, педагогикалық шеберлігі жетілген, үйлестіруші мұғалім ауадай қажет. Заман талабына сай жаңартылған білім беру бағдарламасы да ұрпақ үшін тың серпін, тың бағдарлама болып отыр.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады,»-деп ұлы педагог К.Д.Ушинский айтқандай, мұғалім үнемі білімін жетілдіріп, өзін-өзі дамытып отырса, білім саласына қосқан үлесі де зор болмақ. Осы орайда еліміздің түкпір- түкпірінде жаңартылған білім беру мазмұнын игертуге , мұғалім білімін жетілдіруге байланысты курстар өткізіліп жатыр.Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы № 31 мектепте өз білімін жаңартуға келген ұстаздарға қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылған болатын. Курс тренері Бисенбаева Меруерт Кенжеғұлқызы топтағы 27 мұғалімді жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымы, мақсат- міндеттері, педагогикалық әдіс-тәсілдер, критериалды бағалау жүйесін үйретуде бар білім, күш-жігерін аямады. Сабақтың сапасын арттыруға болатын білім берудегі спираль қағидаты жеңілден күрделіге қарай өсетінін, тапсырмаларды өздіктерінен орындайтындай жоспар құра білуге үйретті. Ұстаздарға ұстаз бола жүріп, әр жастағы мұғалімдердің білімге деген құштарлығын оятып, жігерін тасытты. Педагогикалық шеберлігін шыңдауға қомақты үлес қосты десем, артық болмас. Білімді де, білікті тренер Меруерт Кенжеғұлқызынан білім беру жүйесіне енген жаңалықтың қыр-сырын терең меңгергеніміз анық. Үйренген әдіс- тәсілдерімізді әр сабағымызда жан-жақты қолданып, келешек ұрпақтың санасына құюға сүбелі үлес қосамыз деген ойдамын.
Сембаева Алтынкул Сатымбайқызы
Талғар ауданы № 21 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі