Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны
Өмір – бұл ағын су секілді, бір орында тұрмайды, яғни жылдар жылжып, уақыт өтеді. Уақыт өткен сайын қай салада болмасын дүниенің бір жаңалығы орын алып жатады. Сол жаңалықты тосырқамай, жақсы - жаманын саралап қабылдай білу керек. Өмірді ағын суға теңесек, білімді - теңіз, мектепті – кеме деп қарастырамыз, ал мұғалім – сол кеме капитаны деуге болады. Кеменің тереңге батпай, дұрыс бағдармен жүруі мұғалімге байланысты.
Елбасымыз: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан 2050 стратегиясында: «Біріншіден, барлық дамыған елдер өзінің бірегей жоғары сапалы білім беру жүйесіне ие. Біз Ұлттық білім беру саласының барлық бөлімдерінің сапасын жақсарту үшін көп жұмыс істедік. Негізгі мектеп үшін, барлық мектептердегі оқыту стандарттарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін жақсарту қажет. Жоғары мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығулары тиіс. Оқытудың нәтижесі сын тұрғысынан ойлау, өздігімен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгерту тиіс» делінген. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін, елдің айбынды болашағы үшін заман талабына сай сапалы білім қажет. Ол үшін еліміздің білім саясатындағы ғылыми – техникалық әлеуетін жұмылдыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу инновациялық дамудың негізгі көзі.
Білім мен ақпарат дамыған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Білім берудің негізгі мақсаты - білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Қазақстан 2030 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» деп көрсетілген. Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстандық білім беру жүйесін жақсарту үшін, ең алдымен педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, біліктілігін дамыту бағытына үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар мұғалімнің өткені мен бүгіні, келешегі мен болашақ жайлы ойланып, жаңа идеялармен жұмыс жасауға негіз болады.
Елбасымыздың жолдауында айтқандай:Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.
Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетеді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты - білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Жаңа бағдарлама бойынша жаңаша көзқарас қалыптасып, білім деңгейі биікке көтеріліп келеді. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттігі күшейіп келеді. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Заманауи қоғамның зиялы азаматына білім беру - сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеу. Білім беру бағдарламасында тәрбие мен оқыту ажырамас байланыста болады. Заманауи мектептердің мақсаты - жоғары білімді, шығармашыл адамның үйлесімді тұлғаланып, дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау. Өз білімінің нәтижесінде оқушы бойында сын тұрғысынан ойлау, білімін шығармашылықпен пайдалана білу, зерттеушілік дағдылары, АКТ дағдылары, топта және жеке жұмыс істей білуі, тілдік дағдылары, қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білу дағдылары қалыптасады. Мектеп бағдарламасына кіріктірілген пәндерді енгізу оқушының жалпы дамуына және тақырыпты сабақта тереңірек зерттеп, әлем туралы тұтас ұғымының қалыптасуына септігін тигізеді. Жаңартылған білім беру мазмұны білім салалары бойынша анықталған күтілетін нәтижеге негізделеді. Күтілетін нәтижелер оқушы жұмысы мен оның жетістігін бағалауға мүмкіндік береді, әр оқушының жеке даму траекториясының дамуын нақтылауға жағдай туғызады. Сонымен қатар білім, білік дағдыларының дамытуға уәжін арттырады. Оқу үдерісінің сапасын жақсартады. Сол себепті, оқыту нәтижесін мониторинг жасаудың жаңа формасы енгізіледі, яғни критериалды бағалау жүйесі. Оқыту мақсаттарына жетуде жетістік критерийлерін құрастыру және қолдану – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу - танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі. Ең бастысы – оқу үрдісінің өзі, жетістік критерийлері арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді. Бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны белгілі болады. Білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу - танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім үрдісінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстырылады.
Жаңартылған бағдарламаларда барлық білім беру деңгейлері «Мәңгілік Ел» идеясына негізделген. Мектептегі білім беру мазмұны академиялық пәндер, зерттеу және сыныптан тыс әрекет, қосымша білім беру негізінде жүргізіледі. Идеяның мазмұны – оқушыларды рухани- адамгершілік тұрғыдан, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, толеранттылық пен ұлтаралық жағдайда қарым-қатынас жасай алуға үйрету болып табылады. Бұл жаңартылған мазмұндағы бағдарламаның негізгі қағидаты - коммуникативтік тәсіл арқылы оқушының тіл туралы, ұлттық және жаһандық мәдениеттің маңызы туралы түсінігін кеңейте отырып, қазақ тілін табысты үйрету. Бүгінгі таңда білім беру саласына түбегейлі өзгерістің қажеттілігін ескерсек, реформаның басында тілдік пәндердің тұру себебін бағдарламада көрсетілген мына жолдармен түсіндіре аламыз: «...Әрбір оқушы үшін тіл – негізгі білім құралы. Оқушылардың тілдік қарым-қатынасы өздері өмір сүріп отырған және білім алатын орта арқылы жүзеге асады. Тілді жетік меңгеру ұлттық құндылықтарды түсінетін, әлемдік деңгейде жаңа өзгерістерге бейім, жаңашыл жеке тұлға қалыптастыруға ықпал етеді». Осы орайда, ғалым - жиһанкез Шоқан Уалихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген екен. Олай болса, тәуелсіз еліміздің үшінші жаңғыру дәуірінде бүгінгі ұрпақтың өмір сүруі үшін қажетті білім дағдыларымен және қасиеттермен қаруландыру - мұғалімдер үшін ынталандырушы күш болып табылады. Жаңартылған оқу бағдарламаларының ерекшеліктері 10 бөлімнен тұратын жаңа құрылымы болып табылады:
1. Пәннің маңыздылығы;
2. Пән бойынша оқу бағдарламасының мақсаты;
3. Үштілділік саясатты іске асыру;
4. Оқыту үдерісіне ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
5. Пәнді оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдер;
6. Түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет;
7. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану құзыреттілігі;
8. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
9. Оқу нәтижелерін бағалау жолдары;
10. Оқудың мазмұны, ұйымдастырылуы мен бірізділігі.
Бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тапсақ, егемен елдің ұл- қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Негізінен жаңартылған білім беру жүйесі құзыреттілік және сапаға бағытталған бағдарлама екендігіне көз жеткіздім.
Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс – тәсілдермен оқытып, ой –өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», - деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді.
Қорыта айтатын болсақ: Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді өшіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалана білу сіз бен біздің үлесімізде. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін жаңаша оқытатын жаңа көзқарасты ұстаз болайық.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», 17.01.2014 ж.
2. Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауы, 2012.
3. ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Астана, 2011.
4. ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Астана, 2010.
5. ҚР «Білім туралы» Заңы, Астана, 2007. «Білім технологиялары» № 3, 2014 ж.