Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Жасөспірімдер арасында суицидті әрекетті алдын алу
Жасөспірімдер арасында суицидті әрекетті алдын алу
Педагогтарға арналған дөңгелек үстел
Мақсаты: мектеп педагогтарына жасөспірімдік шақтағы суицид мәселесі туралы ақпарат беру. Жасөспірімдік шақтағы суицид туралы түсінікті, оның түрлерін, себебін, қалыптастыру. Отбасында және мектепте жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидтің алдын алу жолдарын қарастыру.
Күн тәртібінде
1. Суицидтік мінез - құлықтың психологиялық ерекшеліктері
2. Суицидтің түрлері мен белгілері
3. Жасөспірімдер арасындағы суицидтік жағдайды алдын алу шаралары

Бүгінгі біздің қоғамда адамдарды алаңдататын мәселелер көптеп кездесуде. Солардың бірі жасөспірімдер арасындағы суицидті мінез - құлық проблемасы.
Жалпы сіздердің түсініктеріңіз бойынша СУИЦИД дегеніміз не?
Жалпы суицид дегеніміз бұл саналы түрде жоспарланып іске асатын адамның өзіне өзі қол жұмсау әрекеті. Бұл барлық мәдениетке тән құбылыс. Қазіргі таңда суицид дүние жүзінде өлімнің басты себебінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл құбылыс ұжымдық сипатқа ие болып, жұқпалы психикалық эпидемияға айналып барады.
Суицид (ағылшын тіліндегі suicide сөзінен шыққан, аудармасы өзіне - өзі қол жұмсау) дегеніміз бұл мақсатқа бағытталған өз бетімен өмірден кету.
Өкінішке орай, бұл термин қазір көп қолданатын сөзімізге айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жақында таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін - өзі өлтіреді екен.

Суицидтің неше түрі бар?
Ғалымдардың айтуынша суицидтің үш түрі бар:
1. Шынайы суицид. Оған барған адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз болып жүреді, өлгісі келеді. Нақтырақ айтқанда өмірдің мәнін жоғалтады.
2. Жариялық суицид. Өзін - өзі өлтіргісі келгендердің көбі өлместен бұрын өзгелердің назарын өзіне аударғысы келеді (мысалы, біреумен ренжіссе, қолына суық қару алып, болмаса арқан, жіп ала жүгіріп, «өлем» деуі).
3. Жасырын суицид. Бұл түрінде адам өз - өзін өлтіру жақсы іс еместігін түсінеді, бірақ қиындықтан шығар шара, жол жоқ болып көрінгендіктен, өлімге апаратын істерге бас тігеді (мысалы, нашақорлық, алкоголизм т. б).
Жасөспірімдер арасында суицидтік әрекетке барудың қандай белгілерін білесіздер?
Жалпы суицидті әрекетке дайындалып жүрген жасөспірімдерді мына белгілер арқылы анықтауға болады:

Сөздік белгілер:
1. Жасөспірім өлім туралы ашық және тура айта бастайды: «Мен одан әрі өмір сүре алмаймын».
2. Өзінің тілегі туралы жанама түрде түсінік береді: «Мен енді ешкім үшін проблема тудырмайтын боламын...».
3. Өзіне өзі қол жұмсау тақырыбында көп әзілдеу.
4. Өлім тақырыбындағы сұрақтарға қызығушылық таныту.

Мінез - құлық белгілері:
1. Өзі үшін маңызды болған нәрселерді өзгелерге тарату, барлық жұмыстарын ретке келтіру.
2. Жасөспірім іс - әрекетінде келесідей радикалды өзгерістер байқалады: тағамдарды өте аз немесе өте көп мөлшерде қолдану, оқу үрдісінде сабақтардан еш себепсіз қалу, берілген үй тапсырмаларына көңіл бөлмеу, жолдастарымен қарым - қатынасқа түспеу, қызбалық көрсету, көңіл - күйдің түсіңкі болуы, қоршаған ортадағы құбылыстарға немқұрайдылық таныту.
3. Әлсіздік, үмітсіздік белгілерінің көрінуі.

Суицидті әрекетке баратын жасөспірімдердің ситуациялық белгілері:
1. Әлеуметтік оқшауланған (жолдастары болмайды немесе бір ғана досы болады);
2. Қалыпты емес ортада өмір сүретіндер(отбасындағы дағдарыс, ата - ананың ішімдік қолдануы).
3. Өздерін денелік, сексуалды, эмоционалды зорлықтың құрбаны сезінетін жасөспірімдер.
4. Бұрын суицидті әрекетке барған жасөспірімдер.
5. Жолдастары, таныс адамдары немесе отбасы мүшелері суицид жасағандықтан жасөспірімнің де суицидті мінез - құлыққа бейім болуы.
6. Оның жақын адамдарының өлімі, ата - аналарының ажырасуы
Жасөспірімдер арасында суицидтік әрекетті алдын алу үшін қандай шаралар қолдануға болады?
Суицидті мінез - құлық белгілері көрінетін жасөспірімдермен тек арнайы даярланған мамандар ғана емес, кез - келген ересек (ата - ана, педагогтар) жұмыс жасай алады. Олармен әңгімелесу және біріккен іс атқару кезінде келесі ережелерді ұстану қажет:
1. Тыңдай білу шеберлігі. Суицидті мінез - құлықты жасөспірімдер әрдайым өз ойларымен өзгелермен бөлісуге тырысады, себебі оның ойлары өзін үрейлендіреді. Бұндай жасөспірімдерді мұқият, назар салып тыңдаңыз. Кез - келген адамға жаны дағдарысқа ұшыраған кезде оны біреудің тыңдауға дайын болуы ол үшін өте маңызды. Оған сөйлеу еркіндігін беріп, өз ойыңызды айту арқылы сөйлеушінің монологын бұзбауыңыз қажет. Жасөспірімдермен қамқорлық қарым - қатынас орнатып, оны ерекше назармен тыңдау қажет.
2. Банализация. Суицидті мінез - құлықты жасөспірім өзінің проблемасын ауқымды (глобальды) сипатта көреді және оған сыни көзқарас танытуға қабілетсіз. Бұған әсіресе өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз жасөспірімдер бейім болады. Сондықтан өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізді қолдана отырып, кез - келген проблеманың шешімін табуға болатындығын түсіндіріңіз.
3. Эстетикалық тұрғыны қолдану. Адамдарды өлімнен кейінгі олардың денесінің эстетикалық көрінісі үрейлендіретіндігі суицидологияда белгілі. Сондықтан көптеген адамдар өлімнен кейінгі өз денелерінің суреттерін көргеннен кейін суицидті әрекеттен бас тартқан болатын. Эстетикалық тұрғы дегеніміз суицидті мінез - құлықты жасөспірімдерге олардың өлімнен кейінгі денесінің суреттерін салып көрсету.
4. Болашақтан көзқарас. Бұл принципке сәйкес жасөспірім өзін және өзінің әрекеттерін кең контекстте көріп, өмірлік құбылыстарға философиялық тұрғыдан қарауы тиіс.
5. Жақсылық пен жамандық өлшемдерін жасау. Жасөспірімнің өзі өзекті деп білетін ситуациялардың негативті жақтарынан арылтып, оның өміріндегі позитивті құбылыстардың бар екендігін есіне салып отыру.
6. Контраст әрекеті(өзге адамдармен салыстыру). Кейбір адамдар өздеріне қарағанда әлде қиын ситуациядағы адамдарды көрген кезде өз бойында болып жатқан дағдарыс сезімдеріне шыдамдылық танытады. Сондықтан жасөспірімдерге оның ситуациясынан да қиын жағдайлармен күрескен адамдарды үлгі ету қажет.
7. Проблеманы шешу үшін бар тәжірибені қолдану. Кез - келген адам өткен өмірінде белгілі бір қиындықтарға кездеседі және оның шешу жолдарын таба біледі. Сондықтан жасөспірімдерге оның өткен өміріндегі көрсеткен «батылдық» дағдылары туралы есіне түсіріп, қазір де сол тәжірибені қолдануға көмек беру.
8. Күш потенциалын ояту. Көптеген суицидті мінез - құлыққа бейім жасөспірімдер бойындағы өзіндік әлсіздікті сезінеді. Оған осы кезде энергетикалық бастау тауып беру қажет, яғни оның бойында ерік - жігер, денелік күш, шыдамдылық күштерді оятуға белсенді түрде көмектесу қажет.
9. Позитивті болашақ. Жасөспірімдерге болашаққа қатысты жоспарлар құруға көмек беру қажет. Олардың бойында келешекке ұмтылдыратын армандар мен тілектер тудыру керек. Жасөспіріммен біріге отырып, таяу уақытқа жоспар құрылады. Кейін жасөспірімнің осы бірігіп құрылған жоспарды тәжірибе барысында жүзеге асыруына көмектесу қажет.
10. Өзгелерге қамқор болу. Көптеген адамдар әлсіз, қамқорсыз қалған адамдармен жұмыс атқарған кезде өз бойындағы дағдарыс сезімдер туралы ұмытып кетеді. Суицидті мінез – құлыққа бейім жасөспірімдер үшін бұндай обьектіге үй жануарлары мен өзінен кіші іні, қарындас, сіңілілері айналуы мүмкін.
11. Қызығушылықтар сферасын кеңейту. Жасөспірімдерге өздерінің жағдайын ұмытып, одан алшақ кетуге көмектесетін іс - әрекет түрлерін табуға көмек беру қажет: спорттың белгілі бір түрлерімен шұғылдану, түрлі үйірмелердің жұмысына қатынасу, ұжымдық - қоғамдық іс – шараларға қатынасу және т. б.

12. Жақын адамдармен қарым – қатынасы туралы және жеке міндеттерін есіне түсіріп отыру. Жасөспірімнің жоспарлап жүрген суицидті әрекеті оны қоршаған жақын адамдарына қаншалықты ауыр тиетіндігі туралы оның ойына үнемі түсіріп отыру.

Суицидті мінез - құлықты жасөспірімдермен әңгімелесуді жүргізгеннен кейін бала дағдарыстан өтті деген пікір сізге кедергі келтіруі мүмкін. Көбіне жасөспірімдер өзіне өзі қол салу туралы әңгімелескеннен кейін біршама жеңілдеп қалады, бірақ кейін уақыт өте ол өзінің бастапқы ойына қайта оралуы мүмкін. Сондықтан оны сәтті әңгімеден кейін жалғыздықта қалдыруға болмайды. Оны үнемі қолдап отырыңыз. Сіздің жасөспірмнің тағдырына алаңдауыңызды, көмекке дайындығыңызды сезінуі оған эмоционалды сүйеніш болады. Ол сіздің көмегіңізді қабылдай отырып, дұрыс қадам жасайтындығына сендіріңіз. Егер жасөспірім сіздің көмегіңізді қабылдаса, онда оған рухани күш пен тепе - теңдікті қайтару оңайырақ болады.

Суицидті мінез - құлық белгілері байқалған жасөспірімдерге тек арнайы даярланған мамандар ғана емес сол белгілерді байқаған кез - келген адам көмек бере алады. Қоғамның саяси, әлеуметтік - экономикалық тұрақсыздығы салдарынан, қоғам мәдениетіндегі құндылықтардың төмендеуі, сәтсіз отбасы мен қолайсыз тұрмыстық - материалдық жағдайлар, жағымсыз қарым - қатынас, қоршаған ортадан, әсіресе мектептегі топтан оқшаулану, жасөспірімдердің психикалық ауруларға ұшырауы, сәтсіз романтикалық ситуацияға тап болуы, ішімдік пен есірткі заттарын қолдану - міне осының барлығы жасөспірімдердің суицидке баруына алғышарттар болып табылады.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама