- 12 жел. 2021 00:00
- 204
Желтоқсан көтерілісі
Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 16 - 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1 -ші хатшысы Г.В. Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО Ішкі Істер министрлігінің №0385 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын -86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып-жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел топ, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан құрбандарының катарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқант, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
Желтоқсан көтерілісіне Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының (КОКП) Орталық Комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Тоталитарлық, отаршыл саясатқа қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы» (құрастырғандар - Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы - ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары мен «Желтоқсан» (бас редакторы - Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, «Аллажар» (1991, реж. Т.Теменов), «Қызғыш құс» кинофильмдері түсірілді.
т.ғ.к Жұмаділ М. Т.
Сатбаев Мурат