Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық

Қылмыстың бір түрі бар — жалақорлық

Камалға хат

Камал дос! Соңғы хатыңды «Өтпелі кезен өкіндірмесін» деп атапсың («Егемен Қазақстан», 24-қыркүйек, 1997 ж.).

Дұрыс қой. Орынды. Бірақ өтпелі кезең бізді өкіндіргелі қаша-а-ан. Сен қойынды алдырып, қораңды енді-енді жабатын сияқтысың.

Көне Қытайдың бір мәтелін хатыңның соңында келтіріпсің. Бірақ мәтелдің айтып тұрғаны өтпелі кезен емес, ауыспалы кезен. Қытай қарғысынын ен жаманы: «Ауыспалы кезеңде тұғыр!»

Яғни императорлар, әулеттері ауысып, жаңа дәуір басталар аласапыран шақ.

Мәселе сөздің айырмашылығында емес, түбі, мағынасы бір. Бірақ біздің «Өтпелі кезен» деп жүргеніміз қандай ұғым? Бұл кезеңнің басы бар да, аяғы бар ма?

Осындайда сонау Кеңес дәуірінің «кемелденген социализм» кезеңінде туған бір саяси анекдот еске түседі. Колхозға ауданнан бір лектор келіп, жұртты жинап алып лекция оқыған көрінеді. Сонда бір бойжеткен қол көтеріп:

— Ағай, осы біз қазір қай дәуірдеміз: социализмде ме, әлде коммунизмде ме? — деп сұрапты.

— Шырағым, қазір біз бір аяғымызбен социализмде, бір аяғымызбен коммунизмде тұрмыз, — деген екен лектор жолдас.

— Апыр-ай, ағай-ай, қашанғы талтайып тұра береміз? — деп бұртиыпты әлгі бойжеткен..

Жетістірген екенсің!

Жергілікті өкімдердің қолыңда «давай, давайдан» басқа дәнеңе де жоқ. Оны мен өткен хатымда да айтқанмын. Қайталауға мәжбүрмін.

Құдірет-күш жергілікті әкімдердің қолында болса, олар жаны мұрнының ұшына келіп қиналған шаруаға неге трактор, комбайн тауып бермейді? Неге жанар-жағар май, сапалы тұқыммен қамтамасыз етпейді? Не бітіріп отыр? Шаруаның өзі тырбанып, ойға-қырға шауып, әке-көке деп әркімнен тіленген қарызын алқымнан алып талап еткеннен басқа не тындырып отыр?

Жергілікті әкімияттың міндеті ең алдымен осы мұқтаждықты өтеу емес пе? Жоқ. Ол қолынан келмейді. Жоғарыдан көмек күтеді. Өзің жақсы білесің, жоғары жақ ондай көмек көрсетпейді.

Оптимист болған жақсы, реалист болған одан да артық.

Ал енді Қазақстанның Көк Тәңірі сыйлаған бай қазынасы қайда? — деген сұрақ көкейден кетпейді-ақ. Сол қазына халықтың мұқтажына не беріп жатыр? Неге халық жаутаң көз?

Бұл енді қасіретті сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын жоғарыдан төменге дейін жайлаған, тасыраңдаған жемқорлық пен парақорлықтан, ұрлық-қарлықтан іздеген жон.

Камал! Мұны өзіңде жазып жүрсің. Бәлкім, менен де жақсы білесің. Нақты цифрларың, дәлелдерін бар. Мен цифрға шорқақ адаммын.

Шетелдік байларға сатылған өндіріс, өнеркәсіп алыптарының санын бес саусағындай білесің. Ал сол алыптар миллиардтаған долларлық бағасы бола тура неге миллионға сатылады? Менің шамамен пайымдауымша, қасірет көзі осы сұрақта жатыр.

Миллиард пен миллионның арасында иттің өлігі жидіп жатыр. Жемқорлар мен парақорлардың түпсіз жемсауына түсіп кеткен арам ақша жатыр. Мұны газеттер жазды да. Жалғыз мысал: Шымкенттің мұнай айыратын зауыты бөленбей миллиард доллар турады. Ал ол бірнеше миллионға ғана сатылған. Ара айырмашылығында Премьер-министр Қажыгелдиннің де үлесі бар деп жазылды.

Ал енді депутат Заманбек Нұрқаділовтің атышулы мәлімдемесі әлемге әйгілі болды. Оның Қажыгелдинге таққан кінәларын Республикалық прокуратура тексерді. Қажыгелдиннің кінәсі жоқ, оны айыптаған Нұрқаділовтың да кінәсі жоқ деген қорытынды шығарды.

Камал-ау, сонда логика қайда? Егер Қажыгелдин сүттен ақ, суда таза болса, онда Заманбектікі жала! Ал жала жапқаны үшін, Қажыгелдиннің бетіне күйе жаққаны үшін, оның арын қорлағаны үшін Заң бар. Ал сол Заңның бұзылмауын қадағалайтын, Заңдылықты қорғайтын бірден-бір орын — Прокуратура!

Заңды бағып отырған Прокуратураның жауабы анау. Қой да аман, қасқыр да тоқ.

Жоқ, Камал. Бір адамды, жүз адамды, тіпті мың адамды алдауға болады. Ал бүкіл халықты алдау мүмкін емес. Ол халықты түк түсінбейтін мәңгүртке санап, қорлау! Ал халық бәрін де біліп отыр. Төзіп отыр. Төзімнің де шегі бар. Шектен шыққан кезде Прокуратураң кірерге жер таппай қалады. Прокуратураға да, үкіметке де халық соты болады. Әне, сонда қалтыра! Зауал соқпай қоймайды. Оқыған, тоқыған, Заңның жілігін шағып, майын сорған білімді деген маман заңгерлердің осыншама көз жұмбайға баратыны таңқаларлық. Заң — мемлекеттің тоғыз қабат тор көзді сауыты. Сол сауытты заңгерлердің өзі ыдыратып сөгіп жатса — мемлекетімізге зор қауіп.

Жап-жас, балан мемлекеттің тәуелсіздігіне сырттан зеңбірекпен төніп тұрған қауіп, құдайға шүкір, дәл қазір жоқ.

Мемлекетімізге, зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған орасан қауіп — ЖЕМҚОРЛЫҚ, ПАРАҚОРЛЫҚ, ҰРЛЫҚ-ҚАРЛЫҚ!

Мемлекет қазынасын, қалың халықтың несібесін солқылдата сорып жатқан осылар.

Камал! Шекспирдің даналығын есіңе ал. Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, Заңның найзасы майысып қалады.

Көк соққанда, біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін. Неліктен?

Заңның найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен.

Өрмекшінің торына түссе — шыбын-шіркей ғана түседі. Ал ара, сона дегендер ол торды елең қылмай бұзып кете береді.

Сор болғанда, біздің Заңның торынан шыбындар да шығып кете береді. Неге дейсің ғой. Елде мал ұрлау асқынып кетті. Бір ауылда қорадан он шақты қойды жымқырған ұры әлгі қораның қақпасына: «Рахмет, қойларың семіз екен», — деп бадырайтып жазып кеткен. Тағы бір ауылда көріпкел бар екен. Малы ұрланғандар соған барып бал аштырады. Көріпкелдің айтқаны дәл келеді. Бір күні сол әулиенің өз қойларын, сиырын тонаған қарақшылар қақпаға: «Көріпкел болсаң — тауып көр!» — деген таңба қалдырған.

Жәбірленушілер неге балгерге барады? Неге милицияға бармайды? Бара-бара зәрезап болған. «Іздестіріп жатырмыз», — деп айға, жылға созып, әуре-сарсаңға салады. Осыдан кейін сол милицияңыздың езі ұрылармен сыбайлас емес пе екен деген күдік туады.

Заңды қарапайым қатардағы адамдардың бұзғаны — сор. Ал үкімет басшыларының бұзғаны — тажал.

1994 жылдың желтоқсанында Ресейдің басынан бақайына дейін қаруланған әскері Грозныйға басып кірді. Астананың астан-кестені шықты. Чечен қалаларын, ауылдарын авиабомба мен ракеталар жермен-жексен етті. Жүз-мыңдаған адам қырылды.

Мұндай сормаңдай соғыс табанда тоқтатылсын деп депутаттар: Салман Героев, Жасарал Қуанышалин және мен парламент мәжілісінде қайта-қайта дауыс көтердік. Парламент Ресей Думасына Үндеу қабылдамай, ләм демей үнсіз қалды. Сол соғыс Ресейдің абыройын айрандай төкті.

Ал енді Чечен Республикасы өзінің шариғат заңы бойынша жазықсыз жандарды өлтірген қанішер қарақшыларды дүйім жұрт алдында жазалап еді. Ресей басшылары, телерадиосы, газеттері: «бұл жабайылық, ортағасырлық заңсыздық!» — деп шулады-ай келіп.

Сол бейбақ шулаған шиебөрілер чечен қалалары мен ауылдары отқа оранып, тұтас халық шыбындай қырылып жатқанда қайда қалды? Заңды неге еске алмады?

Әділетті Заңды арсыз бұзғандардың бәрінің ақыры әрдайым осылай абыройсыз аяқталады.

Қажыгелдин және оның сыбайластары асып-төгілді. Заң сол төгіндінің астында қалды. Асқынғаны емес пе — «Караван» атты газеттің бетін бермей тайраңдады-ай дейсің. Ал Қажыгелдиннің басына қара бұлт үйіріле бастап еді, «Караван» жым болды.

Неге, Камал? Аржағында не жатыр?

Апыр-ай, Камал-ай, кеңбіз ғой. Өлшеусіз кеңбіз, қазаққа дегенде жүрегіне мұз қатып қалған «Караван» бүкіл әлем Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы деп дүние дүбір қағып жатқанда, бүкіл газет-журналдар, радио, теледидар қуанышқа кенеліп жатқанда, жалғыз «Караван» селт етпеді ғой, қасқа! Бір ауыз жылы лебіз айтпады-ау.

Обалы не керек, Танкаева деген тілшінің 45 жолдық мақаласын жариялады (26. 09. 97 ж.). Оның өзінде әлгі автор сол Мұхтар Әуезов көшесінде тұрады екен, экскаваторлар гүрілдеп, сары кеудеше киген жүмысшылар шулап, «Караван» журналисінің мазасын алыпты. Сөйтсе, мейрам болады екен. «Караваншы» қарындас соны жазыпты.

Қуанышыңа ортақтаспаса, қасіретіңді бөліспесе — Қазақстанда тұрып, соның суын ішіп, дәмін татып отырып, мұнша мысық тілеу болу шын ата жаудың да дәті бармайтын сұмдық қой.

Ал Қажыгелдин мырза осы газеттің еркетайы болып алып еді. Оның халыққа қандай жанашыр екенін осыдан-ақ біле беріңіз. «Досың кім? Соны айт. Сонда мен сенің кім екеніңді айтамын».

Камал! Осы айтылған құбыжық құбылыстар жиілей берген сайын біздің азаматтарымыздың бұл қылықтарға құлақ-көзі әбден үйреніп, еті өліп, бәлендей мән бермейтін сияқты. Мұның аты — жеті құрт. Білдірмей сорлатады. Адам үш күннен кейін тозаққа да үйреніп, бір-біріне от шашып ойнайды дейді. От шашып ойнағанның ақыры не болады?

Әңгіменің тақырыбы, ары айт, бері айт Заңға байланысты болғаннан кейін әскер заңдылығына қатысты бірер сөз қозғайын.

Жақында елте бардым. Жаймашуақ күн еді. Кенет күн күркіреп, жай түскендей болды. Менің Қорғанбай деген немере ағамның кенже улы Ахметжан Мамытов көктемде әскерге алынды. Алматы маңында борышын адал атқарып жүрген сол бозым баланы жабайы жәшікке салып, шегелеп, сүйегін сүйретіп, туған үйіне алып келді. Алматыдан ілескен шекара әскерінің бір кішігірім офицері ғана. Ол не болғанын, қалай болғанын түсіндіріп айта да алмады. Ал Жуалының әскери комиссары келмей де қойды. Орынбасары келді. Басы салбырап ол да ештеңе айта алмады.

Ой, Құдай басқа салмасын, сонда Ана байғұстың зарлағаны-ай, әскер басшыларын қарғағаны-ай. Менің жетпістен асқан ағамның еңіреп-еңіреп жылағаны-ай. Орха, Ноха деген екі бірдей ағасы Ұлы Отан соғысында шейіт болып, орыс жерінде қалып еді. Енді мынау не сұмдық?! Соғыс жоқ қой!

Тым құрыса экспертиза қағазы да жоқ. Әскери прокуратура деген бар. Ол не бітіреді? Әскер бөлімшесінен командирінен бір ауыз көңіл айтуы да жоқ.

Бейбіт заманда әскерде жүріп, кенеттен зорлықпен өліп кеткен жалғыз Ахметжан Қорғанбай ұлы Мамытов қана емес қой.

Әскерден тәртіп кеткен соң, басқа жұртқа не жорық?! Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде! Әскерге мылтықтан бұрын, тәртіп, иман үйрету керек қой. Ал тәрбиеші командирлердің түрі көбінесе маскүнемдерге ұқсап тұрады. Адал, білімді офицерлер бар той. Бірақ бәрі емес. Әскерде тәртіп орнату үшін алдымен командирлер құрамын тәрбиелеу керек.

Әскерде парақорлық жоқ деп сеніммен айта алар күн қайда. Тәртіпсіздіктің бір ұшы осы бәледе жатқан жоқ па екен...

Жемқорлық пен парақорлықтың батпан құйрығы — шетелдерден алынып жатқан несие және үкіметтен несиені миллиондап алып, бір теңге де қайтармай отырған алпауыттар. Екеуіне де үкіметтің тікелей қатысы бар. Үкімет әлгі алпауыттарға несиені онды-солды аямай бергенде — Атымтай жомарт. Ал қарызды қайтар деуге келгенде дәрменсіз. Нeгe?

Камал! Сен қалай ойлайсың, неге? Қарызды қайтар деп айтуға келгенде Қажыгелдиндер неге күмілжи береді? Қағазға қол қойған сол той. Міне, батпан құйрықтың жатқан жері.

Алтын сауытқа оранған қылмысты Заң найзасы дәл жүректен түйрейтін шақ осы. Бұл жерде майысқақ найзаны лақтырып тастаған жон.

Майысқақ найза болмаса, Шумов қайда? Малахов қайда? Пачин қайда? Смағұлов қайда? Заң қорғаушылар дәрменсіз дегенге кім сенеді. Бірақ пәрменді күрес жоқ.

Камал! Біз хат арқылы жазып жатқан зәру мәселелер ізсіз-түзсіз кетпес деген үміт оты жылтылдайды. Бұйырса, шетелдік арақ-шарап топан суы саябырлайтын болар. Салықты салмақтырақ салып, кеден қыраты болса, бұл дерттен құлан-таза арылмасақ та, аздап тыныс алармыз. Отандық арақ та жетіп-артылады. Бюджеттің бір бүйірі содан томпаяр. Бірақ арақ өндірісі қазір кімдердің қолында? Олар табысын жасырып, салықтан қашып жүрген жоқ па? Мәселе осында.

Бюджет демекші, жақында Парламенттің мәжіліс палатасы қаржы комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысов айтқандай, мемлекет қазынасының тесік түбі бітелмесе, ұрлық-қарлық тоқтамаса, заман түзелмейді.

Қытайға иек арттық. Экономикалық саясат үшін керек — Маңғыстаудың, Ақтөбенің бай мұнайы енді шығысқа қарай жол тартпақ. Соншалықты алып құрылысқа Қытай өз жұмысшыларын қаптатып жіберіп, өз адамдарымыз жұмыссыз жүре берсе — сол қайғы. Ақыры — азап. Бұл жағдай келісімшартта көрсетілген бе, жоқ па — бізге беймәлім. Әйтеуір, адалынан болсын.

Біздің елден қытай азаматы оп-оңай үй-жай алады. Ал Қытайдан келген қазақ не азаматтық ала алмай, не үй ала алмай сандалып қалады.

Камал! Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын айқайлап: «Сатылмаған не қалды?» — деп жаздық. Содан бері де талай-талай таудай-таудай өндіріс, өнеркәсіп орындары сатылып кетті. Соңғы хатында сен: «Президент «енді басыбайлы сатуды тоқтатамыз», — деп айтты дейсің.

Ештен кеш жақсы. «Өтпелі кезең өкіндірмесін», — дейсің. Өкіндірді. Әлі де өкіндіре берсе, өкініш түбі өртке айналады. Өкініш — ашу-ызаның алғышарты. Теңізде дауыл тұрса, кемеге отырмас болар. Ашуға басу болсын. Ол үшін жемқорларға, парақорларға, ұрыларға қарсы қаһарлы күресті Президенттен бастап, әрбір адал ниетті азамат аяусыз жүргізуі керек.

Қазақстан тәуелсіздігі сонда сақталады. Қазақстан сонда өркен жаяды. Ал қазіргідей жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр. Ол елдің, мемлекеттің жарқын бетіне түскен танба. Ондай елден басқалар сескене бастайды. Халықта шарасыздық психологиясы пайда болады. Мұның ең жаманы — жас толқын осы дертпен уланады, имансыз болады. Ал үлкен үміт жас буында емес пе?

Жастар, балауса ұрпақ уланса, онда мына біз арам қатып қаламыз. Кәрі түйе ботасының соңында жүреді. Ал екеуміз кайта жасарып келе жатқан жоқпыз той.

Сеніңше қалай?

Сау бол, Камал!

Шерхан МҰРТАЗА

1-қазан, 1997 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама