- 02 сәу. 2020 00:00
- 246
Жетестің көрегендігі
Болыс сайлауында Сердалы болыс бола алмай қалыпты. Бұрын қасынан кетпейтін жекжаттары, ағайын-тумалары сырт айналып жайлауға көшіп, Сердалы ата қонысы — Өтеген-Нұрымбетте қозғалмай отырып қалады. Жетес жанына жолдастарын ертіп, Сердалыға келіп:
— Хабарлас! — дейді. Үйінен шыққан Сердалы қонақтарын аттан түсіріп, үйге кіргізіп аз-кем амандықты сұрасқан соң, босағада ілулі тұрған жүген, ноқтаға қолын соза бергенде Жетес:
— Сердалы шырағым, сен бір жаққа жүрейін деп ыңғайланып тұрсың ғой. Жүрме. Ағайын бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды. Асықтай ажарыңды мал сұрап кетірме. Қолыңда не бар соны сой, ешқайда барма, — дейді.
Сердалы сауып отырған екі биесінің біреуінің құлынын сойып, қонақасы береді.
Ертеңіне жүрер алдында Жетес Сердалыға:
— Әрі берген батам болсын, әрі ақылым болсын. Бір ауыз сөз айтайын. Тыңда. Ер жігіттің азын-аулақ тоқтаған ықпалын екі нәрсе ашады. Оның біреуі — ұзақ сапар, екіншісі — жақсы ат. Ұзақ сапар жолдың саған ыңғайы жоқ, ал жақсы аттың сәті келіп тұр. Соған бізбен бірге жүр. Атыңды ертте, — депті.
Сол күні үлкен қалаға келіп қонып, ертеңіне Сердалыны Үмбет биге жібереді. Жолға шығар алдында Жетес:
— Үмбет ішкі жұрттан құнан торы деген жүйрік ат әкеліпті. Соны сұра. Құлбарақ (әкесі) есіне түсіп, саған Үмбет бір атты берер. Егер сол ат тақымыңа тисе, ықпалың жүре бастайды, — депті Жетес.
Сердалы Үмбетке барып, үш-төрт күн қонақ болады. Жүретін кезінде Үмбет Сердалыдан бұйымын сұрайды. Сердалы келгендегі жұмысын айтады. Сонда Үмбет ойланбастан:
— Осыны есіңе салып, маған жұмсап отырған Жетес қой. Рас па? — дейді.
— Рас, — дейді бұл.
— Жақсы, шырағым, атты бермесем, Құлбарақ тегін жатпас. Бәрібір бұл ат маңдайыма сыймас. Берейін. Бірақ бір аттың кеткені ештеме емес-ау, ең қиыны біздің төбенің бағы енді сендерге ауды. Қинайтыны осы, шырағым. Кел, мына атқа мін! Еліңе қуанып бара ғой, — деп атына құтты болсын айтып, Сердалыны Үмбет жолға шығарып салады.
Содан бастап Сердалының бағы өрлеп, еліне дуалы ауызды атақты адам болыпты.