- 02 сәу. 2020 00:00
- 224
Алмақтың да салмағы бар
Ертеде болыстыққа таласып жүрген, тілі өткір, сөзге шешен Әбілқас деген кісі арнайы келіп, Қаражан аулына ат басын тірепті. Қаражан осы өңірдегі аты шулы барымташы, ұры ұстайтын адам болса керек.
Келген қонақты ол қол қусырып қарсы алып, жолынан жығылмай қой сойып, күтіп алыпты. Ас үстіндегі әңгіме-дүкенге Әбілқас тіс жарып араласпайды. Қонақ аттанғалы жатқанда бұл келістің тегін емес, салмағы бар екенін сезген жырынды Қаражан:
— Әбеке, әдейі келгенде бұйымтайыңызды айтып кетпейсің бе? — деген екен.
Сонда атқа ырғып қонған Әбілқас:
— Шырағым, алғаныңды білсең, бергенің сол емес пе? — деп аттанып кетіпті. Қаражанды қаумалап тұрған ауылдас, игі жақсылары аң-таң болып, аңтарылып қалыпты. Тек үйге кіріп жайғасқан соң ғана Қаражан ақсақалдарға қарап:
— Әбілқас бізді қатырды. «Алғаныңды білсең, бергенің сол емес пе» дегені — талай рет жылқымды барымталап алдыңдар. Үндегенім жоқ. Алмақтың да салмағы бар. Енді сайлауда маған шар саласыңдар дегені, — деп жастыққа жантая кеткен екен.