Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жыл құстары

Жаз. Тал түс. Тау бөктеріндегі шаңытқан, борпылдақ қара жолмен жиырмалар шамасындағы қыз келе жатыр.

Ол бүгін ұзақ жол жүрді. Тотыққан өңінде қажу бар, шөліркеген ерні кезеріп тұр. Темір қобдишасы мен жолға алған жеңіл чемоданын жол шетіне қойды да, біраз дем алды, бірақ отырмады. Желпи соққан самал шыт көйлегінің етегін қабыстыра береді. Бір байлам басындағы орамалын қолына алып, төңірекке ұзақ қарады. Тырс еткен тірі пенде жоқ Айнала таулар, таулар...

Таны да жол Айналасын тау қоршаған иесіз далада жалғыз қара жылжып барады. Жол шетінде жалғыз-жалғыздан, қос-қостан құлазыған молалар. Тау жаңғырықтырып мылтық даусы естілді. Жағасын тоғай жапқан қара су кездесті. Судың арғы жиегіндегі ашық алаңда төрт-бес күмбез тұр. Әлдеқайдан жалғыз көкектің мұңлы үні шығады. Әлгі жолаушы біраз жүрексініп тұрды да, аяқ киімін шешіп, қобдиша мен чемоданын бір қалына алып, бір қолымен көйлегін тізеден жоғары түрінді де, суға түсті. Су тереңдеу екен, көйлегінің артқы етегі суға малшынып барады. Жағаға жетті. Көкек үнінен бөтен сыбыс жоқ. Аяқ киімін киіп, орынан енді көтеріле бергенде, тоғай арасынан шыға келген адамды көріп, селк ете түсті. Екеуі бір-біріне біраз аңтарылып тұрғаннан кейін, әлгі адам бұрылып, қайта кетпек болып еді, қыз үн қатты:

— "Ынтымақ" дейтін ауыл әлі алыс па?

Жас жігіт айбалтасын ұстаған қалпында аңырып біраз тұрды да:

— Алыс емес, әне көрініп тұр, — деп, тоғайға қайта еніп кетті.

Ауылдық советтің де, артель басқармасының да кеңсесі аласа, торғыл там үйге орналасқан. Домбайлап қолдан жасалған қиқы-шойқы екі үстел басында екі адам отыр. Бірі — қырықтың ішіндегі, ірі сүйекті ер адам. Артель бастығы — Бизақ. Екіншісі — етженді, отыздың бел ортасындағы әйел. Ауылдық советтің председателі — Көзімжан.

— Сәлеметсіздер ме? — деп, кіріп келген қызға қарап отырғандар үдірейісіп қалды. Қыз заттарын бұрышқа қойды да, басынан орамалын уыстап сыпырып алып, шашын ретке келтіріп, бөлме ішін бір шолып өтті де, үш адам отырған қисық сирақ ағаш скамейкаға отыра кетті. Ауылдық советтің председателі оған көз жазбай қарауда. Қыз сәл ыңғайсызданып, қызарды.

— Жағдайды көріп отырып көз жұмғандарың ұят болады. Әңгіме сол — таңертең көліктеріңді әкеліп тапсырыңдар да, өздерің шалғыға барыңдар!

Бағанадан үнсіз отырған үшеудің бірі — найза сақал, арықтау келген сары шал қалпағын оң қолына мыжып ұстаған қалпымен, бастыққа қарап, зілмен сөйледі:

— Шөбің түгіл, жау шауып жатыр десең де жалғыз атымды бермеймін. Сендерде не қанағат дегеннен, не нысап дегеннен тамшы да қалмады ғой өзі. Қыр Сібір айдатам, тәрік қылам деп қорқытып бір алдың, ортаға қой, жарылқаймыз деп алдарқатып тағы алдың, ендігі істеп отырғандарың әлгі. Айдатып жіберсең де ат жоқ Е, шалғыңа болса, өз көлігіммен өзім көмектесермін.

— Сіз олай деп аспаңыз, қария. Білсеңіз, сізге деген туысқандықты бізден артық ешкім де жасамас еді. Құдайға тоба деңіз, көрнектіге тартылған жоқсыз. Кетсе, қиырға балаларыңыз өзі кетті, біз қуғамыз жоқ — деп, ауыл совет председателі баппен темекісін тұтатып, сорып-сорып жіберді. Сары шал атып тұрып, ашуға басты.

— Сен, бикеш, шылымыңды ширата берме, — деді ол келекелей бет аузын қисаңдатып, көкірегін қиқаңдатып. Отырған екеу де, бастық та жымиып төмен қарай берді.— Сені бедеу қылған құдай мен емес. Әкеңнін, құны қалған жоқ менде, аларыңды алдың, істеріңді істедің! — деп, қалпағымен сол алақанын соғып-соғып қалды.

— Тартыңыз тіліңізді! Сіз кіммен сөйлесіп тұрсыз! — деп, Көзімжан үстелді бір қойып, орынан ұшып тұрды. Сары жібек орамалы сәл кейін сырғып, самай шашы қобырап кетті.

— Үйбәй, тақсыр, сізбен... Құлдық тақсыр, құлдық — деп, сары шал есікті тарс жауып, тайып тұрды. Қалған екеу де бірге ілесіп кетті.

Артель бастығы ауыр күрсінді де:

— Қызым, шаруаңды айт, қайдан жүрсің? — деп, төмен қарап үнсіз отырған қызға бұрылды.

— Қырғызсайданмын, ауданнан. Бір-екі жылдық дәрігерлік курсты бітірдім. Губком сіздерге жіберді. Балалар шешекпен ауырады дейді, соларға жәрдем көрсетпекпін.

— Дәкіметің бар ма? — деді әлі де ашуын тарата алмай отырған Көзімжан сәлден соң.

Қыз темір қобдишасын ашып, документін көрсетті. Көзімжан оны қараған болды да, қайыра беріп:

— Орыспысың, ноғаймысың? Атың кім?

Қыз сәл езу тартып:

— Орыспын. Мария Николаевна Шапалова. Маруся дей беріңіздер, — деді.

Артель бастығы Бизақ жадырап сала берді.

— Қызым-ау, қазақшаны қайдан жүріп үйренгенсің?

— Біз үй ішімізбен қазақша сөйлейміз.

— Жарайсың, қызымке, жарайсың! — деп, Көзімжан да әлгіндегі ашуы сейіліп, жібіп кетті.

— Хал нашар, Маруся. Шешек деген пәле келіп, балаларды баудай қырқып жатыр...

Артель бастығы Марусяның заттарын алып, үшеуі де сыртқа шықты.

Ауыл тым-тырыс. Күн ыссы. Әр үйдің есігі алдынан ақ кимешекті әжелер ғана анда-санда қара көрсетеді. Бір кемпірдің: "Әшір! Әй, Әшір! Ой, үнің өшсін, үнің өшкір жүіірмек! Ой, жуадай сол, Әшір! Жер жұтып кетті ме ей жүгірмекті?!" — деген үні естілді. Оқыра қуған үш-төрт сиыр кеңсенің көлеңкесіне келіп паналады.

Көзімжан мен Маруся Көзімжанның үйіне қарай бурылды. Көзімжан әр нәрсені шұқылап сұрай береді.

— Қалай, қызым, басекеңдікіндегі жеңгей қолайыңа жақты ма?

— Так себе ничего, — орысша жауап қайтарып, артынша дереу: — жаман адам емес, — деп түйіп қойды.

— Нишауасы, нишауа-ау. Эх! Бизақтай жігітке мынадай әйел керек қой, — деп, бас бармағын барынша қайқайтып қойды Көзімжан.

Көзімжанның үйі. Тап-таза. Едені жер дегені болмаса қабырғалары да, төбесі де сары сылақпен мұнтаздай сыланған. Төргі текеметтің үстіне құрақ көрпе төселген. Әппақ шымылдық құрылып қойған, сырлы ағаш төсек. Жапқыштары да мұнтаздай. Кестелі киім жапқыштың шашақтары төгіліп тұр.

— Міне, менің үйшігім осы, қызым, — деді де, Көзімжан босағада ілулі тұрған қырғыз өрме қамшысын алып, былғары етігінің қонышын тартып-тартып қалды.

— Бір қамшым, ертоқымым үшеуміз тұрып жатырмыз! Ал мұжық нету.

Осы араның алдындағы оқиғаны әлдекім ағат қысқартып жіберген болу керек (Сарашы).

Қамшыны орнына ілді де, бешпетін шешіп, алдына алжапқыш байлап жатып:

— Мен ас әзірлей қояйын, сен самауыр қайнатып жібер, шелекте су тұр, — деді.

Көзімжан ауызғы кішкентай бөлмеде, ошақ басыңда ас әзірлеп жүр. Оның жуан, сом балтыры былғары етіктің қонышын жарып кете жаздайды. Оқтаудай білегі бұлтыңдап, қамыр илеп жатыр. Желкесіне түйіп алған қос бұрымы шоқпардай. Қимылдаған сайып мол кеудесі дір-дір етеді. Жалпы, Көзімжан бойында жасырынып қалған жастықтың жігері электр қуатындай ойнап тұр, жағып қалсаң, жарқ ете түсетіндей.

Шәй да, ас та әзір. Екеуі ас үстінде. Үй іші салқын. Сықсиған жалғыз терезеге тұтылған шыт пердеден күн сәулесі болымсыз түседі. Шәйді Көзімжан өзі құйып отыр.

— Маруся, сен менің үйімде бол. Бала жоқ бабай жоқ

Маруся үндемеді.

— Білем, қызым, білем. Бәсекеңнің үйіндегі жеңешең шуаяқ адам. Қайбір жағдайың болар дейсің? Осында бол! Әке-шешең бар ма?

-— Әкем бар, шешем жоқ екі жыл болды...

— Нешауа, қызым. Мен әкемді де, шешемді де көрген емеспін. Үш бірдей бала жасымыздан жетім қалыппыз. Бір байға ағайындар сатыпты, өкімет орнағаннан кейін ол Қытайға қашты, мен қалдым. Несін сұрайсың, қызым, менің өмірім айтса таусылмайтын ертегі...

Күн әлгінде ғана батқан. Бейуақ Үйде шишасыз жетінші шам қызарып тұр. Үй іші алакөлеңке. Көзімжан төсек салып жүр. Маруся далаға шықты. Жерден ыстық күннің аптабы әлі кетпепті, тымырсық.

Көрші қорадан біреудің: — Чо! Чо! Мына сасыққа бірдеме көрінген бе?! — деген даусы естіледі, шамасы, сиыр байлап жүр. Оқта-текте қозы маңырайды. Бірде жылғаның арғы жағынан шабындықтан "бытпылдық, бытпылдықтаған" бөдене даусы келеді. Тағы бір сәтте қоңыр дауысты ер адам салған ән қалқиды. Елең-алаң іңірдегі дабыр-дүбір тына қалды.

Ән! Арманын да, азабын да, қуанышын, қасіретін де әнге сыйдыра білген айналайын елім-ай! Зарығып келген, жалынып келген үн естісем, ол — сенікі. Әзілі апшыны қуырып, қыртыстаған қабақты жадырататын сал-серінің ойнақы үнін естісем, ол да сенікі. Кер тайлаққа жүгін артып, туған жерден үдере көшкен, босқан айыр сақал атаның, кейуана ананың боздағанын естісем, ол да сенікі. Бәрі — сенікі. Адуын батырым да, данышпан ақыным да — сен, даламдай дархан, тауымдай төзімді менің халқым!!!

Қоңыр кешті қоңыр үн әлдилеп барады. Таулар талмаусырап сұлық жатыр. Жылғаның суы сәл сылдырап, жәй ағуда. Қыз-келіншегі аралас, бір топ жас айыр-тырмасын иыққа алып, бір қалымен ұзын көйлектерінің етегін қылжыра көтеріп, судан өтіп келеді. Ән әлі баяулап тұр. Суаттың жағасына апарып біреу ат арқандауға қазық қағып жатыр. Бизақ бастық үйіне кеп аттан жаңа түсті де, ат байлаған қалпында тұрып қалды. Бәрі де үнсіз. бұл аймақтың жанды-жансызы ән сазына түгел ұйыған. Көзімжан төсек-орынды жайлап, сыртқа шықты. Маруся там үйдің бұрышына сүйеніп әлі тұр. Үй ішін сағынды ма әлде көзі әлі үйрене қоймаған қазақ ауылының мына жадау тіршілігін аяды ма, екі көзінен жас парлап, үнсіз егіліп жылап тұр. Жылауына әлдеқайдан мамырлап шыққан мына бір әннің себеп болғаны ақиқат.

Оның жылап тұрғанын Көзімжан байқамады. Әнді сәл тыңдады да:

— Екі жыл болды, осы бір сиқырлы, қу дауыстың кімдікі екенін таба алмай-ақ қойдық. Ылғи осындай елең-алаңда немесе түнде, бір ұйқыдан кейін шығады өзі. бұл кім екен? Бұл ауылда бұлай ән салатын адам жоқ "Пері, сиқыр" деп қариялар өзінше жориды, солардікі рас па деп те қалам кейде.

Ән батқан күннің қызылындай баяулап барып сөнді. Таудың арғы жағынан айдың жартысы көрінді.

Көзімжан Марусяны ағаш төсекке жатқызды да, шырағданды өшіріп, өзі төр алдына жайғасты.

Екеуінен де ұйқы қашқан. Екеуі де дөңбекшуде. Көзімжанның көз алдынан қою мұртты, ірі сүйекті, биік Бизақ бастық кетер емес. Оның байсалды қимылы, түксие қарағанда түнеріп, көзін жауып кететін жар қабағы да көз алдынан кетер емес. Кәдімгі қолдан құйған ер адамның ескерткіші сияқты сом-сом тұтқасы елестейді де тұрады. Өзі көп сөйлемейді, сөйлесе баяу айтады, бірақ байлап айтады.

Көзімжан осы бір мұртты бастықпен өзінің арасында жуырда ғана кездескен, бірақ сіріңкенің отындай тез сөнген ұшқынды есіне алды.

Екеуі ауданға жиналысқа барып, бірге қайтқан-ды. Жол ұзақ шаруа жайын біраз әңгімелесті де, екеуі де үнсіз келеді. Тоқжарау екі ат та аяқтарын сараң басады, жүргісі жоқ танауларын тартып, пысқыра береді. Өз ойымен өзі болып, түнеріп келе жатқан бастық кенет:

— Болыс-еке, біз бұл жүріспен бүгін ауылға жете алатын сұрымыз жоқ. Қане, бір желпиіп алайық. Сенің қыздан, менің жігіттен қай жеріміз кем, "Қызқумақ" жасайық — деп, Көзімжанның астындағы құла атты құлаштап тұрып қамшымен осып-осып қалған.

Қаннен қаперсіз келе жатқан құла атырылып ала жөнелген. Бизақтың торысына құла аттың маңайлатпайтынын сезген әйел жүрегі ат басын ірке берген. Әйтсе де бастықтың да, оның торысының да делебесін қоздырып, екі-үш шақырым жерге еліктірген. Торының қауқарының пәстігіне көзі жеткеннен кейін, көпе-көрнеу құланың тізгінін сәл тартып, бастыққа қуып жетуге ерік берген-ді. Міне, ол жақындап қалды. Мүмкін, қазір қуып жетіп, ауыр қолын иығына артар... Мүмкін... Ауданнан шыққаннан бері үнсіз келе жатқан бастық жақындасудың жолын осыған әкеп тіреген болар... Әттеген-ай, олай болмады. Құланы "қуып жеткен" торыны бастық бір жаққа бұрды да, сәл озып барып тоқтап, қақпадай айыр кеудесімен артына бұрылып езу тартып, жымиып қана тұр. Міне сонда, әлгінде ғана әлденеге ынтыққан әйел жүрегі булығып, ауыздықсыз ашуға басқан.

— Кезек сіздікі, қашыңыз! — деген де, торыны бұл да тартып-тартып жіберген. Ат тізгінін бастық та қоя берген. Иесінің ашуын сезді ме, құла ат торыны құтқармай құйындай басқан. Ал Көзімжан Бизақтың жалпақ жаурынына қырғыз өрме қамшымен салсын кеп, салсын кеп. Бастықтың күреңіткен бетіне қаны ойнап шығып, шамданайын дегесін, соққысын тыя қойған. Екеуі сол бойдан үн-түнсіз кешқұрым ауылға келген. Айырлысарда ғана Бизақ.

— Көзімжан, қаруын қайтаратындай қылық істеген жоқ сияқты едім саған, ашуың қатты екен, аямадың ғой, — дегенді.

— Азаматсыз, кегіңіз кетпес... — деген де, кете барған Көзімжан...

Соншама нән еркектің күш-қуатын, жан жүрегін жалғыз пайдаланып жүрген, тұлға-тұрқы өзінен әлдеқайда кем әйелден Көзімжан Бизақты қызғыштай қызғанып кетті. Төсегінен тұрып, темекісін тұтатты, шыдамады...

Маруся өз ойымен жатыр. Не істеу керек? Бүгінгі күннің қылыққа 5шетінің бәрі оның көзінің алдынан алма-кезек ауысып жатыр. Міне, ол темір қобдишасын ұстап, үй-үйді қыдырып жүр. Бірақ бәрі де бос сандалыс, балалардың әжелері, аналары баласын емдетпек түгіл, маңайына да жолатпайды. Тіпті, кейбіреулері үйіне қарай беттеген Марусяны көріп, баласын тарс бекітіп, өздері есік алдына шығып, ұршығын иіріп отырады да қояды, жарытып жауап та айтпайды. Бір түрлі үреймен қарайды оған. Ол баласы бар деген барлық үйді аралап шыққан.

Енді ауылдың күнбатысындары ең соңғы үйге кірді. Есік ашып, кіріп барғанда шәй құйып отырған балалы әйел:

— Көтек, орыс қой мынаусы! — деп, орнынан атып тұрды. Төрде отырған төрт-бес кемпір де кеселерін қойып, адырайыса қалды.

— Неге шошыдыңыз, жеңге? Орыс көрмеп пе едіңіз? — деді Маруся да жұлып алғандай.

Төрдің ортасында отырған күндігі дағарадай, еркек дауысты зор кемпір:

— Ә, ноғайдың қызы екен ғой, отыр, қарағым, — деп басу айтқан болды.

Төсекте ауру бала жатыр. Аурудың екі қолын бөзбен орап, шандып байлап тастапты. Баланың беті-аузы албырап жатыр, көзін аша алмайды. Отқа күйгендей әр-әр жері қолбырап тұр. Маруся оған еңкейіп қарады да, баланың бұл дүниенікі емес екендігін іштей түйді де қойды. Төрдегі зор бәйбіше шәйді сораптап, гөйітіп отыр. Қалғандарының бәрі соның аузына қарап аң-таң.

— Бұл жарықтыққа ешқандай ем істелмейді. Алланың өзі сақтар. Бұл да бір, жылқының сақауы да бір. Жұмыр басты пенде мұнымен бір-бір ауырып турады қалайда...

— Бекер айтасыз, шеше, балаларды шешектен сақтандыруға, онымен ауырмайтын етуге толық болатыны ғылымда дәлелденген. Шешекке қарсы алдын ала емдеу, дәрі егу — әрі қарай бітіп жатыр. Ал сіздер балаларды көпе-көрнеу ажал аузына апарып беріп отырсыздар. Ектіріңіздер, балаларыңыз шешекпен ауырмайтын болады.

— Алла біледі. Алланың қалында... — деп, зор бәйбіше жақтырмай қалған.

Тауы шағылып, Маруся ол үйден де ренжіп шыққан. Не істеу керек? Өлгені өлді, ауырғаны жатыр, ал енді қалған сәбилердің өмірін қалайда арашалап қалу керек қой. Қартаң әкесін құйттай сіңлісімен қалдырып келгеніне жараса, дым тындырмай жүрмей, борышын ақтауы керек қой.

Ойлар, ойлар... Тоқта, тоқта... Егерде... Маруся жанын мазалаған шытырман ойларын бір жерге топтағандай болды. Оның көз алдына қайсыбір күнгі жылға жағасында шомылып жүрген балалар келді. Аз ғана ауылдың аяғымен жүретін балалары сонда баратын көрінеді. (Оның ойында ертең істелуге тиіс әрекетінің жоспары сызылып жатты).

Мінеки, ол чемоданының түбіндегі құмандай құйма қантты теңдей етіп ұсақтады да, бөз дорбаға салып, темір қобдишаны ұстап, жылғаға тартты. Жылғаның жағасы толған қап-қара ши борбай, торсық қарын балалар. Бірі суға түсіп, бірі жағадағы тасқа, құмға бауырын төсеп, рахаттанып жатыр. Балалардың айқай-шуы құлақты тұндырады. Маруся жақындағанда олар дүр үрікті.

— Қорқпаңдар, қане кімнің қант жегісі келеді, міне қант, — деп, дорбасынан бір түйір қантты алды да аузына салды. Сірә, "атаманы" болу керек, 11 — 12-лерге келген, шашы өсіп кеткен, таңқы мұрын біреусі тоқтап, сенер-сенбес қарап тұр.

— Келіндер, қорқпаңдар. Бәріңе де жетеді. Міне, қант, — деп, Маруся дорбаны сілкіп-сілкіп қойды. Балалардың назары Марусяда. Жаңағы атаман сарбаздарымен шүйіркелесіп:

— Иә, қуын қара, алдайсың, — деді.

— Алдасам, мә, жеп көрші мынаны, — деді де, Маруся бір түйір қантты арғы жаққа лақтырып жіберді. Бәрі де апыр-топыр тура ұмтылды. Қантқа бәкене сары ие болды. Балалардың назары сонда. Ол қасқа тісімен титтей сындырып, дәмін алып көрді де, "тәтті-ей" деп "атаманға" ұсынды. "Атаман" да бір тістеп, дәмін алып, тағы біреуіне берді. Қант екеніне бәрінін; көзі жетті.

Атаман бастап Марусяның қасына келді.

— Алдымен былай, бойларына қарап сапқа тұрындар, содан кейін мен сендерге қант үлестірем, — деп Маруся оларды сапқа тұрғызды. Бәрінің көзі бөз дорбада. Әсіресе саптың ең соңында тұрған кішкентай қараның кейпі қызық-ақ. Басып сәл иығына сүйеп, бір езуінен сілекейі шұбырып кетіпті.

Маруся дорбасының аузын ашып, жерге қойып, темір қобдишадан аспаптарын алды. Балалар таңырқап тұр.

— Балалар, алдымен сендерді емдеймін, ауырмайды. Қане, қайсың батырсыңдар? Кім емдетсе, соған қант берем, — деп, балаларға қарады. Олар үдірейіп қалды. Тура қашудан да тайылып тұрған жоқ. Бірақ қанты құрғыр да тәтті-ау.

Әлгінде лақтырған қанты қақалып алған сары бір басып, екі басып Марусяға жақындады. "Атаманға" қарап қояды, ол үнсіз ақырын күтіп тұрғандай. Маруся сарының оң қолының үш жерін сызып-сызып, мөлдіреген дәрі құйып, ақысын берді. Сары қантты алып кеміре бастады. Сол-ақ екен: "Маған, маған, мені, мені", — деп, қалғандары иығын төсей берді. Бәріне де шешекке қарсы ем жасалды.

Басқа жағада шомылып жүрген қыздар да келді.Олар да парызынан құтылып, сыбығасын алды.

— Енді үш күн суға түспей, үшінші күні осында келіндер, тағы да қант болады, қызық-қызық ойындар үйретем, — деді. Балалар уәде берді.

Ертеңгі жоспарының жұмысын осылай бекітіп, көз алдына елестеткеннен кейін, Маруся сәл езу жиып, күлімсіреді де, ұйықтап кетті. Оның бұл ойы сол күннің ертесінде-ақ қаз-қалпында іске асқан-ды...

Ауылдың атақты желаяғы Қаден сыпың қағып бір үйден кіріп, бір үйден шығып жүр. Ерні ерніне тимей бір хабарды жеткізуде. Нақ біреу бәйге беретіндей-ақ қазық аяғын қадай басып лыпыңдайды.

Есік алдында ұршық иіріп отырған екі кемпірге келіп, бір тізесін қолымен басып, асығыс сәлем жасады да, олардың батасын күтпей-ақ.

— Сұмдық жеңеше, сұмдық! Шойынқараның (Сәлімді ауыл осылай атайтын) үйіндегі келініңіз қорқытып жатыр. Ертеңнен бері толғатып, әлі босанған жоқ. Мәрту басса керек. Тәуіп жеңешем де сонда, мені Молдекеңе жіберді. Қасиетті адам ғой, ертіп кел, мүмкін, со кісіні көріп серпілер, — дейді.

Бір тізерлеп отырған қалпында сартылдап-сартылдап айтарын айтты да, Қаден Сақанікіне қарай қаздаңдай басып кетіп барады.

Ана жан терге түсіп жатыр. Тек жарқырағаны болмаса, көзінде жанар жоқ. Су түбіндегі әйнектің сынығындай нұрсыз, ұшқынсыз мөлдіреп қана қояды. Қинала-қинала үні де қарлығып қалыпты. Оң жағында отырған еркек дауысты зор бәйбішенің иығына әлсін-әлі қолын артып, жанарсыз көздерімен жалбарына бір қарап, қайта қаналады. Бөлменің ортасына адалбақан орнатып қойыпты. Зор бәйбіше жатқан ананы қайта-қайта тұрғызып, бақанды құшақтатып:

— Иә, сәт! Сыйын тоңды еріткен Домалақ енеңнің әруағына! — деп, бебеулеген әйелдің белін тарта береді.

— Қолыңның әлі бар ғой, сен тартып көрші, — деп жиналған бес кемпір кезекпе-кезек белге жармасады. Бала түспейді. Жан ұшыра шыңғырған ана қара суға шомылғандай терлеп, әлсіреп барып, есі ауып қайта жатады.

Ертеңгі шайдан басталған толғақ әлі тынған жоқ. Күн батты. Жұмыстағы ері келді. Үйелмелі-сүйелмелі үш бала әкесін көріп, жамырай жылап, аяғына оралып жатыр. Бешпетінің түймесін ағытып жіберіп, үш жасар кенже қызын қойнына қымтап, жұбатып тұр. Қалған екеуі шалбарының екі балағынан ұстап айрылар емес, үрейлі. Мойны ұзын арық кемпір үйден шықты да, Сәлімге бірдеме деген болды. Сәлім үш баласымен есік алдындағы бөрененің үстінде отыр.

Қаздандай басып Қаден келді. Сәлімді көріп:

— Құрдас, молдекеңе барып едім, үйінде өзі де, кемпірі де жоқ екен. Іздемеген үйім жоқ таба алмадым, — деп, сып беріп үйге еніп кетті.

Әйелдің шыңғырған даусы естілді. Сәлімнің қойнындағы кішкентай қызы да жылап отыр. Екі бала әкесіне тығыла түсті...

Сәлім ғдызып төсіне жабыстырған қалпында Көзімжанның үйіне келді. Кешкі асты ішіп болып, енді жинап жатқан Көзімжан мен Маруся үрейлі Сәлімге таңырқай қалды...

Маруся мен Көзімжан Сәлімдікіне кіргенде, толғатқан ана сәл тыншытты. Кемпірлер де үрейлі. Бір-біріне сыбырлап бір тізерлеп отырып, әйелді қоршап алыпты. Маруся кірген бойдан баяғы зор кемпірге қарап:

— Шығыңыздар, үйдің ауасын мүлде тарылтып жіберіпсіздер, — деді.

Зор бәйбіше бастаған кемпірлер жақтырмаған пішінмен еріндерін сылпылдатып, далаға шықты. Үйде Маруся, Көзімжан, толғатқан Ана қалды.

Сығырайған май шам шалқи жанып тұр.

Бұлыңғыр. Ана көзін ашты. Маруся оның құрсағын басып көрді де:

— Қимылдай ма? — деп сұрады.

— Түске дейін болар-болмас қимылдап еді, әзір жоқ, қимылдамайды, — деп, қиналып әзер жауап берді де, қайтадан есі ауып кетті.

Маруся әйелді әбден ықтияттап, зерттеп жүрегін тыңдады да, Көзімжанға қарап басын шайқады. Әйел сандырақтай бастады.

— Мен... қазір... Әкіш... Күкен... Сәлім қайда...

— Бала қимылдамайды, өлген әрі теріс келген. Шұғыл операция керек. Ол менің емес, аудандағы дәрігерлердің де қолынан келу-келмеуі неғайбіл, — деді де, Маруся асығыс-үсігіс дәрі алып, әйелге иіскетіп еді, ол сәл есін жинап, көзін ашты да, Сәлім мен балаларын шақыруды өтінді.

Кішкене қызын төсіне жабыстырған қалпында, екі баласын ертіп Сәлім кірді. Кемпірлер де ілесе кірді.

Ана үш баласының маңдайынан иіскеп, талықсып кетті. Шырылдаған үш сәбиді біреу далаға алып шықты.

Батыр түлғалы Сәлім күректей алақанымен шалқасынан жатқан зайыбының маңдайынан сипады. Әйел де жуған шүберектей құп-қу, әлсіз саусақтарымен ерінің білегінен ұстап, көзін барынша ашып, тесіліп қарап жатыр. Сәлімнің жанарынан бір-екі тамшы сараң жас домалап тусті. Әйел сол қалпында мәңгі оралмас сапарға аттанды.

Әлгінде ғана алыптай көрініп отырған Сәлім бойындағы бар қуатымен жан ұшыра бір өкірді де, екі бүктеліп, шоңқиып отырып қалды.

Найзағай жарқылдап, күн күркіреп, дала да әлемет боп жатты. Маруся қос алақанымен бетін басқан бойда далаға шығып, селдетіп тұрған нөсерге қойды да кетті. Алды-артына қарамай жүгіріп барады. Қап-қара түнекке сүңгіді де ғайып болды.

Күз. Бұлтсыз, бұлыңғырсыз, желсіз, жауынсыз жайдары күз. Ауыл сыртындағы қара жолдан шаң көтерілді. Самалсыз тымырсық күнгі қою шаң жалп етіп жол бойы шөпке қанақтап жатыр. Ауылдан шыққан қасқа жол тауға тартқан.

Сап түзеп, үшкілденіп, қиқулап батысқа бет алған тырналар биікте жүзіп барады. Кенет олардың шуылы көбейіп, қатары бұзылып, быт-шыт бытырап кетті! Бет алған бағытынан бір толқып, кері айналды да, қайтадан сап түзеді. Ноқаттай жалғыз қара шырқау биікке көтерілді де, жұлдыздай төмен сорғалады. Дала бүркіті. Ол бар екпінімен құйылған бетінде тырналар тобына кілікті. Күс мамығы бұрқ етті де, топ тырнаның бірі қара үзіп қала берді. Әне, ол бір қанаты салбырап, жалғыз қанатымен қалқып келеді. Жерге түсті. Көтерілмек болып ұмтылып еді, жаралы қанатын жаза алмай, жорғалады да қалды.

Манадан бері кетпенге сүйеніп, қызықтап тұрған Сапар тура ұмтылды. Ұзын сирақ бишараны ұстап, қырман шауып жүрген әкесіне әкелді. Әбіт кетпенін қойып, тырнаның сынған топшысын көрді де:

— Қайтесің мұны? Бәрібір өліп қалады. Қоя бер әрі, — деп, ісіне қайта кірісті.

Айнала егін. Биік боп піскен мысық мұрт бидай күбір-күбір, сыбыр-сыбыр желпіп өткен жылы самалмен бір толқып, бойын қайта түзеп алады. Қарт бас алмай қимылдауда. Аракідік еңсесін көтеріп, оң қолының сыртымен белін басып, қайқайып, бой жазып, қайта кіріседі.

Күн бесін. Астық арасынан құлынды биеге мінген Сақа шықты. Таза киініп алыпты. Мәсісі де, жұқа шекпен, қалпағы да су жаңа. Сапар сәлем берді. Сақа Сапардың сәлемін пейілімен алды.

— Немене, кемпіріңді төркініне жіберіп, қалыңдық айттырайын деп жүрмісің? Жол болсын, молдеке? — деп, Әбіт те қол алып сәлемдесті. Молдекең атынан түскен жоқ. Әдемі шақшасын сылдырлатып, ердің қасына тықылдатты да, асықпай насыбайын атып:

— Әй, мешел-ай, қарісең де қарап жатқың келмейді-ау! Қойсаңшы енді, балаң ер жетті, аштан өлем дейсің бе? — деді.

— Ақылыңа болайын, о не дегенің, мырза? Үйренген кәсібін адам көзі жұмылғанша тастаушы ма еді? Баланың тіршілігі өзіне, менікі өзіме, — деп, жұмысын жалғай берді. Қанын ішіне тартып, жарыла жаздап тұрған Сақаға назар да аудармады.

Сақа жәйімен кетті.

Күн батты. Әбіт жұмысын тамамдады. Ол күркешегіне барып, кетпенін сүйей салды да, торсығынан сусын жұтты. Сапар жаралы тырнамен әуре.

— Мен шаршадым, осында болам. Сен шешеңе бар. Бизаққа айт. Қырман даяр. Ертең тұлығын жіберіп таптатсын, — деді Әбіт.

Жаралы тырнасып көтерді де, Сапар ауылға тартты, жаяу. Егін ауылдың жоғарғы жағында, үш шақырымдай. Батыс өртеніп бара жатқандай қызыл алау. Ауыл түтіні жіп-жіңішке, тіп-тік баяу қалықтап, көкке сіңіп барады. Төстегі тау бөктеріндегі ауылдан әлдекім шандатып келеді. Жерден зорға көтеріліп, бір-екі дуадақ ұшып өтті.

Сапар үйіне бармастан бұрып әуелі Марусяға тырнаның сынығын емдетіп, содан соң Бизаққа әкесінің айтқанын жеткізді.

Төрінің алдында баласымен ойнап жатқан бастық:

— Қартым жарады. Ертең орақшылар да, қырманшылар да сонда болады, — деді.

...Жаз ортасы ауып барады. Әлі де күн аптабы қайта қойған жоқ ыссы. Әуе айналып жерге түсіп тур. Бизақ пен Көзімжан атқа мініп ауылдан шықты. Жылғаның жағасында балалар ойнап жүр, қолдасып, дөңгеленіп алыпты. Орталарында Маруся.

— Болыс-еке, бұл қыз — бізге ғайыптан табылған құс. Қалайда осыдан айрылып қалмайық. Қарашы, әне, балалармен қалай шүйіркелесіп кеткен.

— Атамаңыз. Бәрін де істегісі келеді, амал не, қол қысқа. Бишара қыздың Сәлімнің әйелі өлгенде қайғырғаны қабырғама қатты батты. Осы күні уақытының көбін соның үш баласымен өткізеді. Үшеуі де мұнтаздай тап-таза. Бишара Сәлімге обал-ақ болды, — деп, Көзімжан темекісін тұтатты.

— Ым... м... м... Обал.., обал... Айтса да, болыс-еке, осы Сәлімді неге қолға алмайсыз. Теңіңіз. Бой десе бойы, ой десе ойы бар жақсы азамат, — деп, Бизақ әзілдеген болып еді, Көзімжан:

— Сіз бара-бара бойдақ еркектер мен жесір қатындардың да қамын жейтін болғансыз ба? Болса болсын, арада сіздей жеңгетай жүрсе, арман не, — деп жайдары жауап берді.

Олар жылғадан өтті. Орылған шабындықтың арасындағы жалғыз аяқ соқпақпен бірі ілгері, бірі кейін аяндап келеді. Көзімжан бастықтың жалпақ жауырыны мен жұп-жуан мойнынан көзін алмайды. Жол үстінде жайылып жүрген үш-төрт жылқының ішіндегі сәуірік кісінеп, тұсаулы қысыр торы биеге тура ұмтылды.

Олар қалың құрақты қара суды сағалай келіп, түбектің шабындығын жусатып жатқан шалғышыларға соқты. Аттарынан түсіп, жетектеген бойда шалғышылардың қолын алып жатыр. Көзімжан атының шылбырын Сапарға ұстата берді де, бешпетін шешіп тастап, шалғы алды. Шалғының жүзін бас бармағымен байқап көрді де, тартып кетті. Алғашында сәл кібіртіктеп, жаттыға келе құлашын кең тастап, еркінше сілтеп барады. Оңнан солға қарай салмақпен тартқанда, толықсып тұрған қарабас шалғын сол жаққа шашылмай келіп сылқ ете қалады. Бизақ Әбіт қарияның шалғысын алып, тік тұрған қалпында, сабын жерге тіреп қойып, ұзын құм қайрақпен жанып тұр.

— Келін қалай сілтейді, ә?! Енді жеткізбейді, бол, — деп, Әбіт бастықты қайрап қояды.

— Байтал шауып, бәйге алмайды. Саспа, Жәке! — деп Бизақ та сол тартты. Жоқ байырғы шаруа азамат қаншама қарпына қимылдағанымен, Көзімжан шендетер емес. Ол тіпті қолына шалғы алып, билеп бара жатқандай, жеп-жеңіл. Әнеки, ол солды деген жеріне жеткізіп, енді Бизаққа қарай екіншісіне түсті. Әп-сәтте оны да жайғап, Сапардың шалғысын өзіне берді де, орамалының ұшымен терін сүртіп, Бизаққа қарап тұр. Ол да бітті.

— Бас-еке-ау, шау тартып қапсыз, қолтығыңыз жазылмай қапты. Қолау болған тайдай кібіртік-кібіртік етесіз, — деген Көзімжанның сөзіне шалғышылар бір күлісіп алды. Бизақ сәл кір шалған бет орамалын алып, терін сүртті де, Көзімжанға қарады. "Мәссаған, бұдан бұрын неге аңғармаған! Қандай көрікті әйел еді?! Сәл демігіп дем алған сайын мол кеудесі жұқалтаң кеудешесін көтеріп-көтеріп қояды. Тіпті, екі самайынан қобырап шығып тұрған шашы да ажарын аша түскендей. Үлкен де емес, кіші де емес қап-қара көздері болар-болмас қана күлімдейді. Жоқ бұл кеңседе темекісін бұрқыратқан, тік мінез ожарлау Көзімжанға ұқсамайды. Оның алдында бар қуаты бойында, жастығын шығындамай жасырып қалған мүсіні мұжылмаған балаң келіншек тұр, әйел тұр. Қауызы толып, пiciп тұрған масақтай. Енді алмасаң, үзіліп түсетін тәрізді. Жай отындай бір сезім Бизақтың басынан кірді де, ішкі сарайының бір түкпіріне барып тұрып қалды.

Қоңыр кеш, ауыл алаңсыз. Есік алдындағы қазықтағы қасқа сиыр бұзауын бауырына алып, жусап жатыр. Қоясар итаяғын жалап-жұқтап өліп барады. Жылғаның төменгі ағындағы жылқының кісінегені естіледі. Көрші бір үйден сәбидің жылаған даусы шықты. Үркер көтеріліп келеді. Оңтүстік жақтағы таудың арғы бетінде, сірә, жаңбыр жауып жатса керек, найзағай жарқ етіп бір желпінді де, қайта сөнді. Ұзыннан ұзаққа созылған таулар. Қарауытып тұр. Көрші ауылдың оттары болымсыз, әлсіреп жанады. Сапар үйге кіріп бешпетін жамылды да, далаға қайта шығып бара жатқанда, анасы: "Сапаржан, тағы кетесің бе? Осы түнде қайда барасың? Жатып дем алсайшы, ерте оянасың ғой", — деп еді, ол тыңдамады. Кемпір бір күрсінді де, ұйықтауға әзірленді. Сапар ауыл сыртындағы жылғаға барды да, судың ағысына қарай жағамен жайлап жүріп кетті.

Ауылдың алды ұйықтаған. Маруся бәтеңкесін іле салып, жекетін жамылып, сыртқа шықты да, елең етіп тұра қалды. Сонау жазғы кештен кейін жоғалып кеткен ән қайта естілді, бірақ алыста. Адаса соққан түнгі самал алыстан келген үнді әрқайда шалқыта береді. Қыз жүрегі әнге әбден елтіді. Ол жылғаға барды. Бәтеңкесін қолына алып, судан өтті. Өтті де, ән шыққан жаққа қарап, қалшиып қатты да қалды. Ән шақырып тұр. Ол әуелі жайлап бір-екі аттады да, бәтеңкесін қолына алған қалпында жүгіріп ала жөнелді. Алдынан ескен самал оның біресе көйлегін түріп, біресе шашып ұйпалақтап, әбден ажуалады. Ол жылғаның бойымен төмен қарай ұшып келеді. Ән жақындай берді, жақындай берді...

Ауыл тегіс ұйқыда.

Осы кезде егіннің басында түнеп қалған Әбіт қария күркешіктің ішінде иесіз даланы басына көтеріп, шалқасынан түсіп, қорылдап ұйықтап жатты. Піскен астықты түнгі самал билетіп тұр. Бұйра бас бидай масақтары майыса толқып, майыса толқып сыбырласады. Әбіт түс көріп жатыр...

Төңірегі толған тау-тау астық Ортасында күрек ұстап өзі тұр. Баласы Сапар "Жәкелеп" ана жерден бір, мына жерден бір дауыстайды. Қарт оны таба алмайды, тек ұлының дауысын естиді. Қызыл сапырып жатқан бір топ жастардың арасынан жарқылдап күліп жүрген баласын көрді де, қасына жетіп барса, ұшты-күйлі жоқ қайтадан ғайып болып, әлдеқайдан "Жәкелеп" қайта дауыстайды. Енді бір ол алып су диірменнің ішінде жүреді. Жан-жағының бәрі дағар-дағар астық, ұн. Зыр айналған шұбар тастың астынан тозаңы бұрқыраған ұн шанаққа кеп құйылып жатыр, құйылып жатыр. Кенет диірменнің ішіне су тола бастады, ұнның бәрі суға шыланды. Сыртқа шығайын десе, шыға алмайды, есік жоқ. Судың ішінде қарманып, малшынып жүр, батып барады. Шошып оянды! Көзін ашып алып еді, сіріңке шағып, бетіне үңіліп тұрған Сақаның сұсты жүзін көрді. Орнынан тұрмақ болып еді, әлдеқандай тегеурінді батпан қол кеудесін бір түйіп, құлатып тастады. Сақа қынынан пышағын суырып:

— Иманыңды айт, құл неме! — деп тура ұмтылды.

— Молдеке, қанын жүктемеңіз, — деп, біреу араға түсті. Мәселенің не екеніне енді көзі жеткен Әбіт:

— Молдасың ғой, иман-суың өзің бер. Қаласаң кәрі жаным міне, ала ғой, аярым жоқ — деп, тағы тұрмақ боп ұмтылды, бірақ тұрғызбады. Әлекедей жаланған екі жігіт Әбіттің аяқ-қолын тас қып матап та үлгірді. Сүйреп тысқа алып шықты. Молда шырпысын ұстаған бойда:

— Ел мен жерге не бола қалғанын тобырлардың! Мә, саған нан, мә, саған мал! — деп, қурап тұрған егінге от қоя бастады.

Сақа мүлде жынданып алған. Бір шеңгел бидайды сабағымен жұлып алды да, оны да тұтатып: — Тарт! — деп атына қарғып мінді. Үшеуі де шығыстағы "Қолтық" тауып бетке алып, тізгін ұшымен жөнеп отырды. Үш аттың дүбірі алыстап барып тынды.

Осыны күтіп тұрғандай күздің желі соқты. Өрттің тілі ұзарып, алаулап, бітік егінді албастыдай бас салды. Астық өртеніп жатыр. Сынған бұтақтай шарт-шарт етеді. Аяғы тұсаулы, қолы байлаулы Әбіт, тізесін бауырына алып, өлгенде әзер орнынан тұрып, жалаңбас, ішкиімшең, жалаңаяқ, өртеніп жатқан егінге қарап тұр. Тентек жел оның қаба сақалын жұлып әкете жаздайды. Төңірек нарттай. Түнгі өрттің жалынымен Әбіт те жанып бара жатқандай, қызарып көрінді. Ол осыншама өмірінің ішінде көзіне тұңғыш рет жас алды. Кек пен ыза қабат кеп, қартты кемсеңдетіп жіберді. Диханның астығы өртенгені адамы өлгенмен барабар.

Сапар мен Маруся қол ұстасып ұшып келеді. Таудан соққан өкпек жел үдей түсті. Жан ұшыра жүгірген екеу жар қабаққа соғып, жылғаның иіріміне шолп етті. Малшынып жағаға шығып, қол ұстасып тағы жөнеді. Ауылға кірді. Тым-тырыс. Ал ауылдың жоғарғы жағындағы өрт жалаң қағып, көкке қарай сумаң-сумаң етеді. Қап-қара қою түтін бұйраланып, көлбеп барады.

— Бизаққа жет! — деді де, Сапар Марусяны тастай беріп: — Өрт! Аттан! Аттан! Егін өртеніп жатыр! — деп, ауылды қақ жарып егістікке қарай жүгіре берді. Ит үріп, сиыр мөңіреп, азан-қазан.

Аз ғана ауыл лезде аяғынан тік тұрды. Әйел-еркегі аралас. Көбі сырт киімін киюге де үлгермей, айыр ма, тырма ма, күрек пе, қолына ілінгенін алып өртке қарай бар күшімен самғап барады, көбі құр қол Бизақ жұрттың ең алдымен аяқ-қолы жерге тимей ұшып келеді. Оны өкшелей Сәлім келеді. Айғай-шу, жылаған сәбидің даусы. Көйлекшең, жалаңаяқ Көзімжан көрінді. Жүгіріп келеді, тарқатылған шашымен әуре боп келеді.

Елдің ең соңында бақташы Жарылқасын. Атақты күреңіне жайдақ мініп алыпты. Басқа-көзге сабаса, желіп қоймайды. Ақыры Жақаң шыдамады, қарғып түсіп, күреңді басқа екі тартты да, жаяу заулады. Әбіттің бәйбішесі де үйінен шығып, жоғары аяндады.

Адамдар өртке араласып кетті. Әркім өзінше арпалысуда. Біреулер топырақ шашып, біреулер айыр, күректеп сабалап, тіпті біреулері үстіндегі киімін шешіп алып қойғылап жүр.

Дәрменсіз шаруалар өртпен ұзақ алысты, сөндіре алмады. Сапар тікесінен тік, үнсіз тұрған әкесінің қол-аяғын шешті. Әбіт екі қолымен маңдайын ұстап, сылқ отыра кетті. Сапар өртке араласты.

Аш жалаңаш, азаппен жүріп әзер жеткен артельдің аядай егінін өрт жалмады да қойды. Қаралаш-күйелеш, салы суға кеткен жұрт. Үнсіз, біріне бірі қарағысы келмейді. Бәрі де кінәлі сияқты, салбырап ауылға қайтты. Өртенген егін бықсып жатыр. Жұрт қаралы. Жарылқасын бақташы сақалын сипап қалып еді, үгітіліп алақанына түсті, күйіп кетіпті. Әйелдер солқылдап жылап келеді. Еркектер еңселерін әзер көтеруде. Қайғы. Тұңғиық терең қайғы. Елдің бәрі де ең сүйікті адамын жерлеуге бара жатқандай. Көзімжан мен Маруся елдің ең соңында аяқтарын әзер алып келеді. Жел тынды. Ит ұлыды...

Күздің сары таңы әзер атты. Сұрықсыз, нұрсыз жарты ай тас төбеде сөніп барады. Кешегі жайқалып тұрған астықты алқаптың орнында бықсыған қара дала жатыр. Қара даланың қақ ортасында еңгезердей еңсесін көтере алмай Бизақ отыр. Жауырыны бүкірейіп, екі тізесі тұмсығына жетеді. Орнынан тұрып, төңірекке қарады. Бұл аймақта ешқандай тіршіліктің ізі де қалмаған сияқты. Үркердей ауыл бүрісіп ұйықтап жатыр. Дала боп-боз. Батыстағы "Көмірші" тауының айыр өркешіне бұлт мініп алыпты, қайда тартарын білмей аңырып тұрғандай. Таң алдындағы шолпан өшіп барады. Өртенген егістіктің әр жерінен түтін ширатылады. Көңілсіз. Бизақ өрттен әлдеқандай аман қалған жалғыз тал бидайды жұлып алып, қайтадан отыра кетті. Оның көңілі күз тонап жатқан мына боз-боз даладай құлазып кетті. Көктемгі жер жырту, көрген азап, кеше ғана шулап тұрған бітік егін — бәрі көз алдынан сағым боп бұлдырайды.

* * *

Ертеден кешке дейін қаңбақ ұшырған қара боран бір толастамайды, онсыз да жасауынан айырылған жүдеу даланы жүндей түтіп жатыр. Бүгін де солай.

Жүн орамалын жүре байланды да, Маруся көшеге шықты. Күз бораны көшенің шаңын шаңына қосып, ысқырып тұр. Ызғырық Анда-санда ұшқындап келіп, құп-құрғақ қар түседі. Бүрсең қаққан иттер бас қалқа іздеп, онда бір, мұнда бір барады. Сақаның ауласы иесіз. Оның қиюы кеткен қақпасын жел бір ашып, бір жауып тәлкек етіп тұр. Терезесінің әйнегін балалар тұтас қиратып біткен. Төбесі түскен көрдей үңірейеді.

Есік алдында шоқиып отырған кәрі төбет көкке қарап бір-екі ұлып қойды. Әрбіт тамының төбесін жауып жатыр. Шешесі мен Сапар лай алып ішке кіріп кетті.

Маруся есік алдында отын жарып жатқан Сәлімге бұрылды.

— Балалар үйде ме, аға?

— Үйде.

Маруся үйге кіріп келгенде, төсекте үрпиісіп, бүрісіп отырған кішкентай Күміс:

— Майуся тәте, аналай мені ұяды, — деп, мұңын шағып жылап жіберді. Сірә, әкелері жұмыстан жаңа келген болу керек, үй іші салқын. Әлдеқашан суып қалған темір пештің түбінде отырған екі ер бала да бозарып, Марусяға қарап, көздері бал-бұл етеді. Маруся Күмісті жұбатты да пальтосын шешіп, жарылған отыннан әкеліп от жақты. Сәлім жарған отынын үйге кіргізді де, шәугіміне су құйып, пеш үстіне қойды.

Кішкентай Күміс Марусяға соншама бауыр басып кеткен. Қазір де кіп-кішкентай басын Марусяның алқымына жасырып, алдына отырып алыпты. Маруся оның шашынан сипайды.

— Мен ертең кетем, ағай. Балалармен, Күкенмен қоштасайын деп келдім. Уақыт болса, жазға тағы бір келіп қайтам.

Сәлім пештің отын қағыстырып, Марусяның алдына жабысып отырған қызына аянышпен қарап:

— Рахмет, қызым. Қайда жүрсең аман-есен бол Аш жүрсе де, ер балаларды қойшы, олар көнеді. Осы Күкенге қиын болды. Сен келмесең, "келе ме, қайда кетті" деп сұрай береді, — деп, Күмісті өзі алды. Күміс әкесіне бір, Марусяға бір қарай береді.

Қолайсыз үнсіздік. Жағынан боздағы шығып жүдеген екі бала да көздерінің астымен қарап қояды. Маруся пальтосын киіп, есікке бет алғанда, Күміс әкесінің алдынан ұмтылып:

— Майуся тәте, кетпе! Мен де кетем... Апама баям, — деп шырылдап кетті. Пеш түбінде отырған екеуі де жылап жіберді. Әбден абдыраған Сәлім орнынан тұрып:

— Кетпейді, балам. Кетпейді! Маруся тәтең апанды ертіп келеді, — деп жұбатқан болды, бірақ Күміс көнбеді. Маруся балалардың маңдайынан иіскеп, асығыс шығып кетті. Ол әбден ұзағанша Күмістің шырылдаған даусы құлағында бара жатты. Қызын көтерген бойы Сәлім балаларына байқатпай, сырт айнала беріп, жеңімен көзін бір-екі сүртіп алды. Төртеуінің де ұнжырғалары түсіп, нағыз жетімдік бастарына енді орнағандай болды.

...Баяғы кеңсе. Сол бір кездегіден бергі бар өзгерісі — бұрышта бір бау масақ тұр. Қаза болған қалың егіннен қалған жалғыз ескерткіш осы. Ескерткіш қана емес-ау, артельдің қамбасындағы бар дәні де осы. Көзімжан, Бизақ бригадир Мәкең, екі-үш шаруа, Маруся. Бизақ кеңсенің қақ төрінде тік тұрған қалпында:

— Төстегі ауылдан кешегі әкелген он центнер бидайды теңдей бөліп, бір-бір уыстан болса да бүгін жұртқа тарату керек, халықты қырып алармыз. Көзімжан, сен "Алғадымға" аттан, келесі жылға дейін қайтседе бір центнер болса да бірдеме тауып кел. Мен "Қайнарға" барам. Табылғанын табылғанша халыққа тарату керек. Ел бар, күн бар, тұқымды бірдеңе етерміз, — деп орнына отырды да, мандайын уқалап, біраз үнсіз қалды.

— Ал енді сен, қызым, біздің жағдайды көріп шошыдың, — деп амалсыз, еріксіз жымиған болды. —- Кетем десең, істер айламыз не, аман бол. Бізге ренжіме, басымызды жаңа құрып, жаңадан жан алып келе жатқанда, мына опасыздардың істеп кеткенін көрдің бе. Солай, қызым, ертең Сапар сені алып жүреді. Мен оған ескерткем. Көлік бердің бе? — деп, бригадир Мәкенге қарады.

— Бердім, бердім, — деп, Мәкен іле жауап қатты.

Бәрі үнсіз далаға шықты. Боран тынған... Оның есесіне жылмиып қар жауып тұр. Қаздың желге ұшқан мамығындай қалықтап кеп, жерге қонақтап жатыр. Жер бетін тегіс жасырыпты. "Білгеніңді істе дегендей" ауылда, далада, таулар да ақ қарға арқасын төсеп, теріс қарап алыпты.

— Сонымен, қызым, енді кететін болдың, — деді де, Көзімжан аяққа оралған ақ көбік қарға қарап, үнсіз келеді. Маруся өз ойымен өзі. — Міне, қыс та жетті. Бұ жердің қысы сұмдық Маруся. Биыл тіпті жұт болады деп жүр қариялар. Сен байқадың ба, бастық осы екі айдың ішінде қартайып кетті. Өз обалы өзіне. Сақаны байқаңыз, осы қауіпті адам деп ескерткемін, тыңдамаған. Аңқау адам, — деп, Көзімжан ойындағысын үзіп-жұлқып әңгімелеп келеді.

Олар үйге кірді. Үй іші салқын.

— Қыс түсті, енді отын керек, су керек дегендей, бәрі де керек. Ал мұндайда мұжықтың орны басқа, қызым. Жанды-жансыз жәндіктің бәрі екі-екіден, Көзімжан жалғыз...

Маруся от жағып жатқан Көзімжанға мұңайып қарап қалыпты, жүзінде аяныш бар.

Түн. Қар әлі қылаулап тұр. Жылымық Тыныштық. Көзімжан ақ болатнайдан ер адамның іш киімдерін тігіп отыр. Маруся чемоданына нәрселерін жайғастырып, ертеңгі жолға қамдануда. Көз қиығымен Көзімжанға қарай береді. "Апыр-ау, ер адамның іш киімдері не қажет болды екен?! Кім үшін тігіп отыр ?! Ол сұрамақ болып, бірнеше рет оқталды да, батылы бармады, ыңғайсыз көрді. Ақырында Марусяны толғандырған сұраққа Көзімжанның өзі жауап берді:

— Бұл кісіге еркектің киімі неге керек болды екен деп отырсың, ә, қызым? Өзім де білмеймін. Анда-санда үйде жалғыз отырғанымда өститін сайғаным бар, — деп, орнынан тұрып, сандығын ашты да, Марусяға тіккен киімдерін көрсетіп жатыр. Еркектің сырт жейдесі, әр қалыппен шілтен сәбидің киімдері, қыз баланың кішкентай көйлектері. Базардан әкелгендей су жаңа, бәрін де даярлап қойыпты. Ол көрсетіп жатқанда, Марусяның көз алдында манаты қош айтысып шыққан Сәлім, оның нәрестелері тұрды.

Қар басылды. "Аспан бұлттан тазарып, шыныдай жалтырап тұр", — деп, екеуі де пальтоларын жамылып сыртқа шықты. Есік алдында екеуі де кілт тұрып қалды. Түнгі баяу тыныштықты балбыратқан сиқырлы ән тағы да қоңыраулап тұр. Бұрынғыдай алыстан емес, аяқ астынан айтылғандай. Алғашқыда қоңыржай сазбен салмақты басталған ән бара-бара екпіндеп, ақ жамылған иесіз алқапты аралап, әлдеқайда шарықтап барады. Көрші үйлердің есігі ашылып, үш-төрт адам көшемен Әбіттің үй жағына аяндады.

Танданған Көзімжан Марусяға бұрылды. Ол жүзі бозарып, демін ішіне тартып, жұтына тыңдап тұр. Қалшиып қатқан қалпында сыбырлап қана: — Сапар... Апай, бұл Сапар... — деп ұйып барады. Екеуі де ән шыққан жаққа аяндады. Сапарға жолдан Бизақ баласын шапанына ораған Сәлім ілесті. Ән біресе баяулап кеп ауыл үстіне төнеді. Біресе су жағасындағы құрақтай қалтыраса, біресе тымық күнгі құйындай көкке тік шаншылады.

Ауылдың кәрі-жасының әмбесі Әбіттің жаңа кірген тамының алдында. Бәрісі тікесінен тік тұр. Әркім өз ойымен, өз мұңымен. Ал Сапар салған мынау ән әр жүректің түкпірінде бұғып қалған, сақталып қалған сана сезімнің оятушысы секілді. Сапардың әні бәрінің де баяғыдан көкейінде жүрген, бірақ ақтарылуға айла таппай шанағынан асып тұрған арман-сыры аралас құпиялары сияқты. Бұл әнді Сапар ғана емес, осында тұрған әр жүрек, әр сезім өзінше қайталап, өзінше баяулатуда. Өрмекші сезім әр жүректе тор тоқып жатқандай.

Шашы ғана емес, қою қара мұрты да буырыл тартқан Бизақ жиналғандардың арасынан жотасы шығып, ерекше көрінеді. Құзда отырып, қияға көз салған қырандай жұтынып-жұтынып қояды. Еріндері сәл дір етіп, мұртының ұшы жыбыр қағады. Жар қабағының астына жасырынған қос жанарының тұңғиығында терең уайым бар сияқты. Ал Көзімжанның бетін жас жуып барады. Қуаныш па, қайғы ма, өзі де білмейді. Әйтеуір, бар жүйесінің сіңірі созылып, қиюы қашып кеткендей. Маруся демігіп, алқына береді. Алқымына жұдырықтай бірдеме тығылып, не әрі, не бері кетпейді, ынтықтырып барады. Сәлімнің бауырындағы кішкентай Күміс екі көзі баданадай болып, әкесінің дүрсілдеген жүрегіне құлағын төсеп алған.

Сапар есік алдындағы томардың үстінде отыр. Анда-санда алқымының сәл кеуіп, аузының ашылып-жұмылғаны болмаса, ән салып отыр деп ойлау қиын. Кеудесі оқта-текте бір көтеріліп қояды. Оған қазір бар дүние жоқ сияқты. Өзі емес, өзегінен құйылған ән сазы әбден есін алған. Қарапайымдағы "а" деген дыбыстың өзі де мың түрленіп, басқадай бір нақышпен, басқаша естіледі. Оған төңірегін қоршаған адамдар да көрінбейді. Мүлде басқа бір дүниеде, басқа өмірде отырғандай сезінеді. Сәл қысықтау қос жанары ақ қармен, аймен, жұлдызбен шағылысып, аракідік бір жарқ етеді... Ән баяулап барды да, мамық қарға, ашық ауаға сіңіп, тыныстап қалды.

Сапар үнсіз. Мойнын салбыратып отырған жерінде қалды. Жұрт та үнсіз, үнсіз барып, үнсіз тұрып, үнсіз тарасты. Ауыл қалғып кетті.

Маруся үйге келген беттен реттестіріп жолға әзірлеп қойған заттарын чемоданнан қайта алып жатыр. Көзімжан қарап тұр.

— Кетпеймін, апай. Осында, сіздермен бірге болам. Жазға әкемді алып келем. Ол ағаш ұстасы, келеді, — деп, заттарын орын-орнына қойып жатыр. Риза болған Көзімжан Марусяны құшағына алып, шашынан иіскеді, босатып, өзі ойланып қалды.

* * *

Сәске. Күн құлақтанып шықты. Сарышұнақ аяз қарып барады. Сақаның баяғы бурылын Әбіт шанаға жегіп жатыр. Бурыл күйлі, тоқжарау. Әбіттің қасына баяны еркек дауысты зор бәйбіше келді.

— Әбіт-ау, бұ қыс қырауда қайда аттандың?

— Мен ешқайда... Бастық Сапарға әлгі емші қызды ауданға апарып кел депті. Соның көлігін сайлап жатырмын.

— О кәпірің біржола кете ме, жоқ барып келе ме?

— Сен де алжыған екенсің-ау, мен қайдан білейін, қала ма келе ме, шаруам не менің, — деп, Әбіт қамытты тізесімен басып тұрып, тамақ бауды тартып байлап, қора үстіндегі шөптен шанаға салып жатыр. Зор бәйбіше жайымен кетті.

Жолаушылар шанаға отырысып болғаннан кейін Бизақ келіп:

— Сапар, әуелі анау төстегі ауылға тарт та, қырман, тау арқылы кетіңдер. Онда жол даңғыл. Түнделетеміз деп, суыққа ұрынасыңдар. Көліктеріңді қажытып ап жүрмеңдер. Жолдағы ауылға қоныңдар, — деп, жолға шығарып салды.

Төрдегі тау етегіне қарай жалғыз аттық шана ақ қардың үстінде қарайып кетіп бара жатыр. Олар тау бөктеріне шықты да, тапталған даңғыл жолға түсіп тарта берді. Бурыл сулығын сүзіп, жеңіл келеді. Аузына жалғыз тал шөп тістеп, қатарында тонға оранып жатқан Марусяға қарап Сапар жымиып қояды, ол да күледі...

Зор бәйбіше ертеден бері үйді-үйге кіріп, жан таппай жүр. Аһылап-үһілеп Көзімжандікше келді. Көзімжанға келе-ақ жармасты.

— Ойбай, қарағым-ай. Мені құдай қарғағалы қашан. мына төстегі ауылдағы қызым әл үстінде дейді. Таңертеңнен бері кірмеген тесігім жоқ "Өзінде жоқ болса, әкең де жат" осы, соған барып келуге бір бұтартар таппадым. Амалым құрып, саған келдім, қарағым.

Көзімжан көңілшек адам, кемпірдің бетін қайтармады Аттың қамшысына дейін берді. Даяр тұрған бәйбіше төске қарай тұра тартты. Ауылдан ұзағанша желе-жортып барды да, ұзап алғаннан соң құла аттың басын тартпай, еркіне жіберіп, қардың құйылып ұшырып келеді. Ауылға да жетті. Қора-жайы қомақты, ауласы кең, шеткі бір үйге келіп түсті. Үйден екі бетінен майы тамған, қып-қызыл, төртбақ жуан шал шығып атын ұстады.

— Тыныштық па? Асығыссың ғой өзің. Не хал?

— "Жайлауымды жау алып, өрісімді өрт шалыптың" кері де. "Жан-жағыңа қарайсың, жалғыз неге жарайсың?" Демекші, жапа-жалғыз тал қармап жүріп жатқан жай ғой.

Зор бәйбіше иегін көтеріп, "бар ма?" дегендей ымдап еді, үй иесі де "бар, осында" дегендей басын шұлғып қойды.

Кемпірді бір есікке кіргізді де, сыртын құлыптап, өзі жылы киініп, далаға шықты. Қолына сыпыртқысын алып, есік алдында күйбеңдеп жүр.

Терезесін тұмшалап тастаған бөлмеде Сақа, тағы екі жігіт отыр. Сақа ширақ сақ ана екеуі қажыған. Бір отырып, бір қисайып дөңбекшуде. Зор бәйбіше сөйлеп отыр:

— Ауылға келмегендерің дұрыс болған. Бизақ та, Әбіт те күзден бері ұйықтауды қойған. Қашан көрсең, қайда көрсем, екеуін көрем. Байқатпағансиды, әйтеуір, тіміскіп-ақ жүргені. Не ойлағандары бар, кімді андып жүр, білмеймін. Сендер кеткеннен кейін екі-үш әскер келіп кетті.

— Бұл шекарада күзет күшті болып барады. Әзер өттік. Әрі қар түсті. Қыс қатты, енді асу бекіп қалды. Іле айналып, "Қорғаспен" қайту керек, — деп, Сақа екі жігітке қарады. Жамбастап жатқанның біреуі:

— Кәрия, осы апиын аулағанымызды қоймасақ сөзсіз тұзаққа ілігеміз бір күні. Осыдан аман-сау аттансақ бұл істі қысқарту керек, тіршілік ету керек, — деді.

Сақа сәл мойындап, ойланып қалды. Зор бәйбіше шекпеннің етегін түріп жіберіп, ішкі белбеуін шешті де, үп-үлкен түйіншекті Сақаның алдына тастай берді: — Одан-бұдан зорға жинадым, екі жың апиын.

Сақа қолына алып салмақтап көріп, қоржынына салды. Төрт бөлек кірпіш шәйді кемпірге берді. Зор бәйбіше оны тыққыштап жатыр.

— Күн кешкіріп барады, кетейін, молдеке. Хош енді! Менің әлгі сорлы ініме сәлем айт. Жаз шығысымен өлсе де келіп алып кетсін мені.

Кемпір жиналып, есікке ұмтылғанда Сақа:

— Айтса да, менің Бурылым бар ма? Білдің бе, күйлі ме? — деп қалды.

— Атың бар, семіз. Шанаға жегіп, әлгі кәпірді алып Әбіттің баласы бүгін ауданға кетті.

— Қай мезгілде?

— Сәске ауа, түске жуық

— Ым... мм, хош енді, сақ болғайсың.

— Құдайға аманат, аман болыңдар.

Үй иесі сырттан есік ашып, зор бәйбішені аттандырып салды.

— Бурылды құдай өзі қолға әкелді, батырлар. Сенің атың нашарлау, сенімсіз. Қалай-қалай емес, жетек керек, деп, Сақа қияқ мұрттыға қарады. — Түске жуық шықса, олар әлі асуға іліге қойған жоқ. Асуға дейін қонатын ауыл да жоқ. Бүгін түнделетіп, таудың арғы жағындағы ауылға жеткенше талай бар. Оның үстіне түңдегі боран жолды үрлеп тастады, олар әлі осы маңда. Оларды асудан күтті, Бурылды аламыз да, түнімен жүріп, қайтсек те Ілеге ілігеміз. Жол-жөнекей Шонжыдағы таныс сарттың дайындап қойған апиынын да ала кетеміз. Жиналайық төменгі жолмен олардан бұрын қалайда асуға ілігу керек. Тек әрі-бері жүргінші болмаса болғаны.

Сақа осылай тағы да бір сұмдық істің жоспарын жасады.

Күн бесінге таянғанда, төстегі ауылдан шыққан үш салт атты ойға қарай борандатып барды да, тоғай арасындағы жолға түсіп, батысқа қарай cap желіп жөнеп кетті...

Ымырт. Аспан ашық болғанымен, жерде әлемет. Қарсы алдан соққан жаяу бұрқасын қар сапырып құйын үйіреді. Айнала ақ түтек. Барған сайын жол ауырлап барады. Бурыл ат маңдайымен жер сүзіп, анда-санда пысқырынып, бүлкілдеп келеді. Аяз ысқыры, үсік жүріп тұр. Маруся тонға оранған қалпында, бас көтерсе болғаны, аяз өртеп кететін сияқты. Сапар да желге бір иығын төсеп, қырып отыр. Жолды Бурыл өзі тауып келеді. Олар сайға кіргенде, боран біраз толастағандай болды.

Түн. Маруся басын көтерді:

— Ой, қандай қорқынышты! Қонатын ауыл әлі алыс па, Сапар?

— Қазір, асуға ілінсек болды, әрі қарай еңіс. Бір-ақ сағатта қанатын жерге жетеміз, — деп, өрге қарай аяндап келе жатқан Бурылдың делбесін қағып қойды. Олар кезеңге енді шыға бергенде, аттарын ақ қырау басқан түлкі тымақты үш адам қарсы тұр екен. Біреуі жалма-жан Бурылдың шаужайына жармасып, қалған екеуі қару кезеп:

— Қарсы келсең, өлесің, қимылдама! — деп тұр. Бурылды шанадан босатып та үлгерді. Үшеуі де аттан түсті. Алдына келіп, қамшының сабымен тұмсығын нұқып:

— Ал, өкімет, "мал иесін табады" деген осы, — деп, сұстанып тұрған Сақаны Сапар енді ғана таныды. Сақаның тұмсығынан ол жалаңаш жұдырығымен салып қалғаны сол екен, еңгезердей екі жігіт Сапарды тырп еткізбей басып қалды. Тұмсығынан қан аққан Сақа:

— Тонын шешіп алыңдар иттің күшігінің! — деп келіп жылқының ту құйрығынан есілген Бурылдың делбесін қиып алды. — Байла! Қашан біреу келіп құтқарып алғанша, құдайын танысын дінсіз көпір нағылеттер!

Көліксіз бос шананың екі балағына Маруся мен Сапарды әбден шандып, аяқ-қолдарын матап тастады. Екеуінің үстіндегі екі тон далада қалды. Үшеуі асығыс-үсігіс Бурылды жетектеп алып, шу қойды. Жауыздықтың алдындағы дәрменсіздігіне булығып, ыза, кек кернеген Сапар қармаққа ілінген шортандай аз тулады да тыншықты.

Жаяу бұрқасын жалығар емес, таудың да, байлаулы екеуінің де қойны-қонышын тінтіп, сумаң қағады. Әне ол кеулей-кеулей Марусяның орамалын басынан сыпырып тастады. Аяздың қысымынан аспан шатынап, қақ айырылуға тәс тұр. Жұлдыздар да жылап тұрған сияқты. Жыпылықтай береді. Бұрқасын тынды. Тым-тырыс. Шалқасынан жатқан екеуге тұңғиық аспаннан бөлек ешнәрсе көрінбейді. Қаншама тесіліп қараса, аспан соншама тереңдеп, жұлдыздар соншама ғарыштай береді. Екеуі де демдерін ішіне алып, құлақ түреді, бірақ сыбдыр еткен сыбыс жоқ Әлдеқайдан түнгі сарын естілді де, қайта алыстап кетті. Екеуінің де бет-ауызын боз қырау барынша жапты. Кірпіктері қағуға келмей, ебедейсіз, жалқау қыбырлайды. Өте алыстан, әлдеқайдан, ұлыған қасқырдың үні естілді.

— Туу-у! Жұлдыздар қандай алыс! Сапар, жұлдыздар қандай алыс?.. Папа родной... — Маруся бір нәрселерді сандырақтай бастады. Сапар да бірдеме айтпақ болып еді, тілінің орнында бор кесек мұз тұрғандай аузы икемге келмеді...

Тұп-тұнық түнгі аспанда бірінен кейін бірі қатар екі жұлдыз ағып барады, лентадай ақ жолақ артынан бірге ілесіп кетті.

...Көктем бұл өңірге биыл тым кешігіп келді. Мінеки, март бітіп қалды, ал егістік қардан жаңа ажырады. Ертелі-кешкі ызғырық әлі кеппеген дымқыл егістікті тоңдырып кетеді де, күн көтеріле түске қарай ол әзер жібиді. Егістік ми батпақ. Ауыл жер жыртуға әлі шыққан жоқ даярлық үстінде.

Күн жылымық. Дала нан пісірген тандырдай маздап жатыр, сағым жүріп барады. Жылғадан сарала қаздың даусы шықты. Әбіт есік алдында қамыт жамап отыр екен. Солай қарай Бизақ келді. "Әбе, мал-жан аман ба?" деп сұрай жаздап, өзін-өзі тарта қойды.

— Ассалаумағалейкөм, Әбе! — Бизақ қолын ұсынды.

— Әліксалам! — деп, Әбіт те егеудей алақанымен быртиып тұрған моп-моқал саусақтарын тарбита ұсынды да, ісін жалғай берді. Бизақтың әңгімені неден бастарын білмей қысылып отырғанын Әбіт сезді. Әңгіменің тарамысын өзі ширатты:

— Бермесең, көңіл қалады; берсең, бүлдіреді, жұрт деген айналайынды қойсаңшы. Анау, әлгі Аспанның баласы қиылып тұрған соң беріп едім, қарашы, қамыттың сау тамтығы қалмапты. Жасырып әкеліпті де, кемпірге ұстатып, кете беріпті.

— Қамытыңның құлақ бауы осал ғой, Әбе. Мәкенде қайыс бар, жаңартуың ғой.

— Осы егіске жетеді, мықты әлі, — деп, Әбіт құлақ бауды тартып-тартып қойды.

— Биылша соқаны қоя тұрсаңыз қайтеді, Әбе? Басқалары да жетеді ғой. Жеңіл-желпі... — дей беріп еді, Әбіт:

— Әй, Бизақжан-ай! "Өліге иман, тіріге береке" деген. Құдайыңның өзі әу бастан қарғап қойған маған бәлен деп бола ма?!

Бизақ қаншама абайлағанымен болмады. Шалдың ескі жарасының аузы ашылып кетті.

— Тірі адам тіршілігін қашан да тастаған ба?! Өкінетінім бір-ақ нәрсе. Өзіммен өзім ой жіберіп, есептеп отырсам, тіпті сонау жеті атамыздан бері қарай сыңар мүйіздей жалғыз-жалғыз екенбіз. Өрбімепті де, өспепті де біздің тұқым. Хо-о-ош, ол да бір шүкіршілік екен. Жалғыздан болса да түтін түтеп келеді ғой, әйтеуір. Сол түтіннің дәл маған келгенде өшкеніне ғана өкінемін. Артында бір тұяғың жоқ келгенің де, кеткенің де белгісіз тұлдыр қалғаныма қапаланам... — деп, тершіген мандайын алақанымен бір сыпырып тастады.

Айнадай ақиқаттың алдында Бизақ мүлде мүсәпірсіп, не дерін білмей, отырды да қалды...

Ауыл үстінен қақулаған тырнаның үні естіліп еді, Әбіттің қорасынан да жалғыз тырнаның даусы шықты. Әбіт оң қалын қабағының үстіне апарып, көлегейлеп көкке қарап, біраз тұрды да, қораға кіріп кетті.

Сапар мен Маруся емдеген баяғы тырнаны алып шығып, еркіне жіберді. Ол аулада тыраулап ары-бері жүрді де, секеңдеп барып, қанатып жазып жіберіп, қалықтап ұшып кетті. Ол қашан тобына қосылғанша Әбіт қолын көлегейлеген қалпында қарады да тұрды.

Шаруаның қаншама ойы, қаншама үміт-арманы құс қанатына ілесіп бара жатқанын "құдай" өзі білсін...

— Жыл құсы ұшады — келеді, ұшады — кетеді, — деп, Әбіт орнына отырды.

Тырналар биіктеп барады. Ал алыстағы тау жотасындағы қос қабірдің қары әлі еріген жоқ..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама