Жылы күз: маусымаралық кезеңде жылынуға көмектесетін 11 тағам
Жаймашуақ күндер артта қалып, орнын суық, ылғалды әрі жаңбырлы ауа-райы басты. Жылы киімдерді шығарып, асымызға жылытатын өнімдерді қосатын кез келді.
Салқын және ылғалды күздің келуімен қалың киімге орана бастаймыз. Бірақ жылы киім — жылынудың ең тиімді жолы емес. Егер ағзаңыз жылу энергиясын жеткіліксіз мөлшерде бөлетін болса, сіз жылы киінгеніңізбен жаурайтын боласыз. Ендеше, ағзаға қалай көмектесуге болады? Ең оңай әдіс — дұрыс тамақтану.
Тамақтану кезінде ағзада термогенез іске қосылады — тағамнан түсетін калория тотығады да, жылу бөлінеді. Бұл процесті күшейте алатын бірқатар өнім бар. Ол қандай өнімдер екенін осы мақалада атап өтеміз.
Құрамында жануар ақуызы жоғары өнімдер
Испанияның Наварр университеті қызметкерлерінің зерттеулеріне сүйенсек құрамында жануар протеині бар өнімдер термогенезді көміртегі жоғары және майы жоғары тағамнан гөрі жақсы күшейтеді екен. Қызыл және ақ ет, құс, балық, бауыр, жұмыртқа, ірімшік және сүзбе — мұның бәрі ақуызға бай және күзгі дастархан үшін өте үйлесімді азықтар. Сонымен қатар, ет пен құстарда ағзаның термореттеуіне белсенді қатысатын темір көп.
Бұршақтар
Макаронға қарағана тағамға үрмебұршақ, ноқат, жасымық, асбұршақтан гарнир жасаған әлдеқайда пайдалы болмақ. Ағзаны өсімдік ақуызымен және көмірсумен қамтамасыз ете отырып, олар ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімін береді және баяу сіңіп, жылу бөлуге ықпал етеді.
Тұтас дәнді ботқалар
Күзде және қыста күніңізді сұлы, қарақұмық, тары, жүгері, арпадан жасалған дәмі тіл үйірер тұтас дәнді ботқадан бастау маңызды. Себебі, таңертең дененің температурасы өте төмен болады, сондықтан суыққа шығар алдында жақсылап жылынып алу керек. Мұндайда жасұныққа бай жармалар көмекке келеді, оны қорытуға көп энергия шығыны қажет болғандықтан ағза қарқынды түрде жылу бөле бастайды. Мұндай таңғы ас тек жылытып қана қоймай, бірнеше сағатқа тоқтықты қамтамасыз етеді.
Маусымдық көкөністер және тамыржемістілер
Күз бізге әр түрлі көкөністер мен тамыржемістілерден өнім сыйлайды. Асқабақ, сәбіз, қызылша, қырыққабат, шалғам, балдыркөк, қызанақ, үрме бұршақ, болгар бұрышы, баялды, жөке, тарна, кәді, картоп — бұлардың барлығы тек дәрумендерге ғана емес, сонымен қатар күрделі көмірсуларға бай, әсіресе бұқтырылған және пісірілген күйінде өте жақсы жылыту әсерін береді. Сондай-ақ картоп — қан тамырларының жағдайын жақсартатын және жылуды сақтау үшін маңызды қан айналымын қалыпқа келтіретін бағалы калий көзі.
Оқуға кеңес береміз: Жеміс-жидек және көкөніс
Сорпалар
Дала салқын әрі дымқыл болғанда, бір тәрелке қайнатылған ыстық сорпа ішуді жаның қалайтыны рас. Бұл бекер емес: сорпаның құрамында көптеген жылытқыш заттар бар. Біріншіден, ет сорпасы және ет (балық, құс) — ақуыз көзі. Екіншіден, картоп, қырыққабат және тамыр жемістері (сәбіз, қызылша, балдыркөк) баяу көмірсуларға бай. Үшіншіден, сорпада қан айналымын күшейтетін дәмдеуіштер бар. Төртіншіден, жарма немесе бұршақ та — күрделі көмірсулардың қайнар көзі. Сорпа — бұл көп компонентті тағам, сондықтан оны қорытуға көп уақыт пен энергия қажет, демек, ағзаға көп мөлшерде жылу бөлуге тура келеді.
Сары май
Жануар тектес майлар ағзаға жылуды сақтау үшін көп қуат береді, сонымен қатар өте калориялы болып келеді. Оларды мөлшерден тыс пайдалану дұрыс емес, бірақ өте суық ауа-райы кезінде кішігірім сары май тұтыну ағза үшін пайдалы болады.
Банан
Піскен банан — күзгі ауа райы үшін тамаша тағам. Біріншіден, жеміс құрамында қалқанша безі мен бүйрек үсті безінің (ағзаның жылуын реттейді) жұмысын қалыпқа келтіретін магний бар. Екіншіден, банандар қанмен қамтамасыз ету және қалыпты дене температурасын сақтау үшін маңызды темірге бай. Ал үшіншіден, бананның жарқын сары түсі жылы әсер етіп және көңіл-күйді көтерері анық.
Зімбір
Зімбір тамырының негізінде жасалған жылытатын және қуаттандыратын сусындар жылдың суық мезгілінде өте көп тұтынылады. Зімбір құрамында белсенді қан айналымын күшейтетін және денеден жылу бөлдіретін зат — гингерол бар. Зімбір шайын дайындау қиын емес, қаласаңыз, оған жидектер, цитрус және басқа да жемістер, немесе бал қосып ішуге болады. Сонымен қатар, сусын вирустар мен инфекциялармен күресуге тамаша көмектеседі.
Оқуға кеңес береміз: Күнделікті зімбірмен ауқаттанудың 5 себебі
Дәмдеуіштер
Бір шымшым хош иісті дәмдеуіш сіздің тағамдарыңызға керемет дәм мен хош иіс беріп қана қоймай, жылынуыңызға да көмектеседі. Ащы бұрыш түрлері, сарымсақ, пияз, райхан, даршын, зере, қызыл бұрыш, куркума, запырангүл, қалампыр, қыша, гүлшетен, аскөк және ақжелкен — бұлардың барлығы қан айналымын жақсартады және зат алмасуын реттейді, сол арқылы дененің жылуы көтеріледі. Сонымен қатар, дәмдеуіштер суық тию мен маусымдық депрессиядан қорғайды, ағзаның зиянды шлактан тазаруына көмектеседі.
Бал
Табиғи балдың жылыту қасиеттері туралы бәрі де біледі. Оны жаздың ыстық күндері пайдаланудың аса қажеті жоқ, ал күзде суықтан қорғануға тамтырмас көмекші бола алады. Бал қан айналымын жылдамдатады, сол арқылы дене температурасын арттырып, зат алмасуды жақсартады. Тез жылынғыңыз келсе — бір қасық бал қосылған ыстық шай ішіңіз. Сонымен қатар, тәтті бал — дәрумендер мен микроэлементтердің нағыз қоймасы.
Оқуға кеңес береміз:
Кофе
Аязды күні бір шыныаяқ ыстық кофе ішкенге не жетсін. Бірақ сусынның жылыту әсері оның жоғары температурасына ғана байланысты емес. Кофеин зат алмасуды тездетеді және ағзаның майлы тіндерінен май қышқылдарын босатады. Осының нәтижесінде дене жылынады. Тіпті суық кофені ішесеңіз де, оның әсері тура осындай болады. Таңқаларлық, солай емес пе?
Көк шай
Дәл кофе сияқты көк шайда да денеде жылудың бөлінуін ынталандыратын кофеин бар. Жылыту әсерін сусынның құрамында көптеп кездесетін флавоноидтар мен катехиндер күшейтеді. Сондай-ақ көк шай — калория жағудан нағыз чемпион.
Жылынуға ненің көмегі тимейді
Көптеген адамдар әлі күнге дейін алкоголь суық күндері жылынуға көмектеседі деп сенеді. Алайда, бұл алыпқашпа сөз баяғыдан-ақ әшкере болған. Спирттік өнім шын мәнінде тамырларды кеңейтеді және жылудың таралуына көмектеседі. Алайда, қысқа уақыттан кейін организм жылу энергиясын қайтадан жоғалта бастайды және дене тез салқындатылады. Тіпті кей жағдайларда бұл гипотермия мен үсікке әкеліп соғуы мүмкін.
Оқуға кеңес береміз:
Арақтың ағзаға беретін әсерлері