Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 сағат бұрын)
Жыр сүлейі

Абылайхан тұсында тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқы сайран даласында еркін, азат өмір сүрді. Абылайхан өз жерін жоңғарлықтардан тазартқан соң, бір жағы орыстармен, екінші жағы қытайлық мен дипломатиялық қатынас жасап, қазақ халқының тәуелсіз ел екенін мойындатты.

Сол тәуелсіздік алған ел:
Абылайхан тұсында
Арбасын артып он қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің бойы қара дөң,
Еңкейе біткен қара адыр,
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен көл екен.
Атты керден өсірген
Арқаның тарлау шөбі екен, —

деп, жыр сүлейі Шортанбайдың өкінішпен есіне алуы тегін емес.

Діни білімі болса да, Шортанбай өзімен тұстас, замандас молда, ишандар сияқты күнкөрісі үшін байларды, шен шекпен кигендерді марапаттамады. Қайта елінің ащы зарын, өшпес өкінішін көкірегі қарс айрыла жырлады.

Мына заман қай заман,
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі —
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малдан түңілген,
Мұның өзі зар заман.
Зарлығының белгісі —
Бір - бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі тар заман.
Тарлығының белгісі —
Мұсылманнан хал кетті
Тәңірім болғай деместен.

Шұрайлы жерлерінен, қоғалы көлдерінен, асу-асу белдерінен, қалың орманынан, қаралы малдарынан айырылып, отаршылдарға тәуелді болып қалған мұсылман қауымының қалы тым аянышты еді.

Қазақ даласына отаршылдар келуімен кейбір атқамінерлер балаларын тек орыс мектебіне беріп, тілмаш, адвокаттыққа оқытты. Олар оқып шыққан соң халықтың жоғын жоқтамай, патша үкіметіне қызмет етті. Елді алдап, өтірік айтып, пара алудың жолына түсті. Өздеріне жұрт өшпенділігін күшейтті.

Шортанбайдың азаматтық қасиеті мен ақындық қуаты ел ішіндегі осындай ездердің көбейіп, халықты аздырып, тоздырып, еңсесін көтертпей тұқыртып тастағанын ашына жырлауынан айқын көрініс табады.

Заман қайтып оңалсын,
Адам кайтып қуансын,
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыйынғаның,
Арылмайтын дерт болды
Кедейге қылған қорлығың.
Көпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгендей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасында
Қазылған қара кәріңдей.

Айналасында болып жатқан озбырлыққа немкетті, ұйқылы-ояу қарайтындардың көрер күні — азап, барар жері — тозақ. Сондықтан да, халықты отаршылдарға бодандыққа құрбан өткендермен тіресу керектігін де Шортанбай өзінің уытты жырлары арқылы сездіреді. Өз күнін өзі көріп, өзі әрекет етпесе, кедей-кепшіктің тіршілігі тіпті қиын. Заманақыр деген осы.

Байдың тілін жарлы алмас, Ханның тілін қара алмас, Өлінің тілін тірі алмас, Өздері жөнін біле алмас. Оңалар заман дер едім, Жауға алдырдың әуелі бас.

Әуелден осы басы бірікпеген қазақ быт-шыт болып ыдырап, тоз-тозы шықты. Құр -қайғыға беріліп, өлімге бас тігу — жігерсіздік. Ал, жаумен қасқырша шайнасып, арпалысып өту — айбаттылық.

Күні кешеге шейін Шортанбайды діншіл, өткенді зарлана жырлай беретін керітартпа ақын деп миымызға сіңіріп келді. Ал енді бүгін мұраларына жіті көз жүгіртіп қарайтын болсақ, мүлде олай емес екен. Қайта елдің елдігін, бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтауға үндегенін көреміз. Тіпті озбырлыққа қарсы әрекет етуге шақырған жалынды жырлары күні бүгін де бойымызға намыс отын тұтатады.

Айдамай тұрып солдатқа,
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын еле ме?
Ноқталы басқа бір елім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап жүдеме.

Шортанбайдың отаршылдық саясаты, жер-жерден бекіністер салып, мұсылманды қорыған қысып тұрған кәпірлер зорлығын әшкере етуі ерлік па? Әрине, ерлік! Ол елдің қайғы-қасіретін өз өлеңдерінде тайға таңба басқандай айқын көрсетіп қоймай, осыдан шығатын жолды да іздеуге үндеді. Орыс отаршылдарына қарсы жыр жазғаны үшін талай ондаған жылдар бойы аты атал майда келгені бар. Әйтпесе елді төңкеріске шақырған патриот ақын деп дәріптеген де болар ма едік. Қалай болғанда да, Шортанбай Қанайұлы халықтан шыққан, өз заманының көреген, төкпе ақыны.

Шортанбай осындай биікке қалай көтерілді. Оны қамалай орта тәрбиеледі? Ақын болуға не себеп болды? Енді осы сұрақтар төңірегіне көз жүгіртіп керейік.

Менің әкем Рахметолла кезі ашық, көкірегі ояу, зерделі адам еді. Өз уақытында балаларды оқытып, білім берген ұстаз. Ел ішіндегі игі жақсылармен араласып, аңыз-әңгімелерді, шешендік сөздерді бір кісідей білетін. Көпшілік жиындарда білгендерін ортаға салып, халық арасына кеңінен таратып отыратын.

Өткен ғасырда Ақсу-Аюлы өңірінде от тілді, орақ ауызды Шортанбай ақын елге танымал Жанғұтты би төңірегінде болғанын да алғаш рет әкейден естіген едім.

Шортанбай өле-өлгенше осы Жанғұтты би маңында болады.

Ақынның:
Тағы да сәлем айтайын,
Қалың жатқан Сарымға,

немесе,

Тірідей қорықпай осындай,
Күнә іздедім шошынбай,
Кеудемді дерт қамады,
Қамалда кетіп барады.
Есен бол, Жөке, Жангұттым,
Қияметтік досым-ай, —

дейтін жолдары бұл дүниеден өтер алдында қалың сарым елімен, қимас серігі Жанғұтты бимен қоштасуы, өзінің ризашылық көңілін білдіруі еді.

Бұған толық негіз де бар. Өз заманының оқып, діни білім алған алдыңғы өкілдерінің бірі Шортанбай ишандық дәрежеге толық қол жеткізген. Құдайдың құлы болып, алланың аманатын орындау үшін мұсылманша алған білімін ел арасына тарата бастайды. Алғашқыда Қарқаралыдағы Бес ата жайлаған Жамантай төрені төңіректейді.

Негізінен қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақсу - Аюлыны мекендейтін Жанғұтты би маңынан тұрақты қоныс табады. Өз мақсатын іске асыру үшін шағын мешіт салдырады. Медіресе ашып, балаларды діни сауаттандырумен айналысады.

Кешегі қазақ халқын тәуелсіздікке жеткізген Абылайхан мен Қаз дауысты Қазыбек бидің Қожа Ахмет Иассауи сағанасында жерленгенін білетін. Олар жайлы әңгіме, аңыздарды бұрындары да ел аузынан естіген болатын. Елім деп еңіреп өткен сол екі арыстың елі Шортанбайдың өмірге деген көзқарасын түпкілікті өзгертіп жіберді.

Ақан мен Біржанның, Мәди мен Ыбырайдың әуезді әндерін, Тәттімбет пен Қазанғаптың, Ықыластың күмбірлі күйлерін домбыра мен қобызда күңіренте ойнаған жастар өнеріне Шортанбай ерекше елтиді. Жас ишанның көкірегі күйге толып, күмбір қағады. Кеудесінде ақындық от ұшқыны тұтана бастайды.

Күндіз мешіт пен медіреселерде құран қағидаларын үйретсе, қолы босаған уақытта жүрегін жарып шыққан жалынды жырларын жазумен айналысады. Шортанбай өз шығармаларында сол заман тудырған әділетсіздікті, халық иығына түскен ауыртпалықты шындық тұрғысынан суреттеп, әділдік жолын іздестіреді.

Хандық жойылып, аға сұлтандар билікті қолға алғанмен, кедейлерге жеңілдік тумады. Сыртта орыс әкімдері қанаса, іште өз ұлықтары тонады. Отаршылдарға көмектесіп, екі жақтан қысып, жұртты зар илетті. Елдің билік берекетін кетірді. Ағайын-туыс, үлкен-кіші бірін-бірі сыйлаудан қалды. Имандылықты ұмыта бастады:

Ашты-тоқты болсаң да,
Иманың сақта ұятты.
Ардан кеткен ұятсыз,
Дінсізге қылар миятты.
Имандылық көрсету —
Құдайға құлшылық қылу, ар-ұяттан безбеу.
Имандылық — адамгершілік белгісі.
Байлықтың алды — имандылық.
Уәлиден кетті керемет,
Патшадан кетті ғаділет,
Ақырзаман таяды, —

деп Шортанбай бабамның шошуы тегін емес екен. Патша отаршылдары қазақ жеріне әскери бекіністер салып, шұрайлы жерлерін тартып алып, халықты зар қақсатты. Ал коммунистік саясаткерлер күндердің күйінде Сарыарқаның төсіне одан да сорақыны жасады. Қарлатар мен Алжирлерді тұрғызып, елдің белгілі бір бөлігін жаппай түрмеге қамады... Қазақ халқы тілі мен дінінен айырылуға шақ қалды. Мектептер мен қазақ тілінде шығатын газеттердің көбі жабылып қалды. Тың көтеру қазақ жерін орыстандыру саясаты екенін біле тұра үндемедік. Бірақ Ақсу-Аюлыдағы Зейнолла Игілікұлы мен Кәміл Жүністегі бастаған Шортанбай ұрпақтары бұл саясатқа қарсы шықты. Бұл үшін оларды ешкім басынан сипаған жоқ. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылып, түрмеге қамалды. Бірақ кеш болса да әділет жеңіп шықты. Олар ақталды.

Ал Шортанбай бабасының жолын қуған Зейнолла Игілікұлы шебер домбырашы, ақын еді. Ақсу-Аюлыдағы музыка мектебінің негізін қалаған ұлағатты ұстаз болатын. Түрмеге қамалып, ұзақ жылдар тұтқында болу, одан оралған соң үнемі аңдуда жүріп, атпал азамат денсаулығына, сана-сезіміне кері әсерін тигізген жүрек ауруынан 51 жасында көз жұмды.

Кәміл Жүністегі — Ақсу-Аюлы өңірінің тарихын зерттеп, өшкенін өмірге қайта келтіріп, тірілтіп жүрген білікті қаламгер. Шортанбай ақынның бейітін тауып, басына белгі орнатқандардың бірі.

1993 жылы Шет ауданы Шортанбайдың 175 жылдығын республика көлемінде кеңінен атап өтті. Бұған мұрындық болған аудан әкімі Қасымбек Мәдиев Ақсу-Аюлы село орталығына ақын ескерткішін орнатып, бейітін қайта тұрғызды. Жұртшылықтың есінде қаларлықтай той дүбірлеп өткеніне — сол салтанатқа қатынасқан мен де куә.

Тар заманның тартсаң да қасіретін,
Ұрпағыңа өнеге өсиетің.
Жалпақ елге атынды әйгіледі,
Кештеу ұғып сөзіңнің қасиетін, —

деп, кеш болса да, жыр сүлейін қалың жұртымен қауыштырды.

Мына қызықты қараңыз. Шортанбай Қанай ұлын қазақтың бір өлкесі имандық дәрежеге көтерсе, екінші бір өлкесі төкпе ақын етіл шығарды. Бүгінде жыр сүлейі атанып, халық сүйіспеншілігіне бөленіп жатыр. Ұрпағы пір тұтатын дүлдүлге айналды.

Ұнамаса не нәрсе қоштай ма адам,
Кете алмаған дінге де соқпай бабам.
Бірде өзі құдайдың құлы болып,
Бірде ақын боп аузымен от шайнаған.
Сары жайлау ақ сәлдедей жайылды да,
Қазағы малын еркін қайырды ма?
Ақыны атаңды да Сарыарқаның,
Мәңгілік қалды Ақсу-Аюлыда.
Діншіл болған десек те Шортанбайды,
Бабамыздан үркіп жұрт қорқа алмайды.
Жанымен елін сүйген ақынына
Халқының махаббаты ортаймайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама