tengrinews.kz
- 24 сәу. 2026 13:30
- 39
«Жүрегім жараланды». Алматыда зейнеткерді соққыға жыққан оқиғаның мән-жайын туыстары баяндады
Алматыдағы автобус аялдамасында бейуақ мезгілде болған оқиға жұртшылықты дүрліктірді. Белгісіз ер адам 66 жастағы зейнеткерді еш себепсіз соққыға жыққан. Бұл туралы зардап шеккен әйелдің туысы Tengrinews.kz тілшісіне баяндап берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Менің анам – мұғалім, өмірінде ешкімге жамандық жасамаған, өте салмақты адам. Мұндай жағдай біздің отбасымызда бұрын-соңды болмаған. Ол кісі де мұның қалай болғанын түсінбей дал болды», – дейді жақыны.
Шабуыл қалай болды?
Оқиға таңғы алты шамасында болған. Зейнеткер әпкесінің үйіне бара жатқан. Ол ешкімді мазаламай, әдеттегідей автобуспен жетуді жөн көрген.
Камера жазбаларында әйелдің аялдамаға келіп, сөмкелерін қойып, көлікті күтіп тұрғаны көрінеді. Сол кезде жанында ер адам да болған.
«Ол жай тұрған, пакеттерін қойып, автобусқа қарайлап тұрған. Содан кейін заттарына бұрылғанда, ол кісіне бірден шабуыл жасады. Ешқандай сөз таласы, жанжал болған жоқ. Біздің қолымызда толық видео бар, онда бәрі анық көрінеді – бұл шабуыл еш себепсіз жасалған», – дейді әйелдің туысы.
Оның айтуынша, отбасы шабуылдаған адамды танымайды. Видеодан көрінгендей, ер адам әрекетін саналы түрде жасаған.
«Ол әйелден бұрын аялдамада болған. Видеода ол көлік жоқ кезді, айналасын қарап, сәтін күткен сияқты. Бұл кездейсоқ болған жағдай емес», – деп қосты ол.
Шабуылдан кейін зейнеткер есінен танып қалған. Оқиға кезінде аялдамада адам аз болған. Шабуылдаған ер адам кетіп қалған, кейін ғана жолаушылар пайда болған.
Көршісі зардап шеккен әйелге көмектесіп, жедел жәрдем мен полиция шақыртылған.
Шабуылдаған азамат туралы не белгілі?
Туыстары полицияға бейнежазбаларды табыстаған. Онда ер адамның қай бағытқа кеткені көрсетілген. Бірнеше камера арқылы оның жүрген жолын бақылауға мүмкіндік болған.
«Біз өзіміз жазбаларды таптық. Ол қайда кеткені көрінеді – жақын жерде мектеп, дүкендер, жеке үйлер, көптеген камералар бар», – деді әйел.
Оқиға таңғы алтыда болса, шабуылдаған азамат сол күні кешке ұсталған. Полиция бұған дейін хабарлағандай, ер адамды қамауға алған.
Отбасы шабуылдаған азаматтың кім екені туралы нақты ақпаратқа ие емес. Дегенмен, жергілікті тұрғындар оны осы ауданда жиі көретіндерін айтады.
«Маған көптеген адамдар хабарласып, оны көргендерін айтты. Жақын маңдағы дүкендерде жиі жүретінін айтты. Кейбіреулер оның денсаулығында проблема болуы мүмкін дейді, бірақ бізде расталған ақпарат жоқ, оны тиісті органдар анықтайтын болады», – деді сұхбат беруші.
Туыстары полицияға арыз жазып, әділдік іздейтінін мәлімдеді.
«Бұл оқиғаның жай қалғанын қаламаймыз. Себебі бүгін бұл біздің жақынымыздың басына келді, ал ертең оның орнында кез келген адам болуы мүмкін. Бұл бала немесе басқа бір қария болуы мүмкін еді», – деп атап өтті ол.
Зардап шеккен әйелдің жағдайы
Қазір әйел жеке клиникада жатыр. Туысының айтуынша, оның жағдайы тұрақты, бірақ жарақаттары ауыр, қалпына келу уақытты алады.
«Қазір жағдайы тұрақты, бірақ қалпына келуі ұзаққа созылады. Оның бетінде көптеген тігістер бар, бет әлпеті қатты зақымдалған. Кеше ол соққыдан іскеріп кеткен көздері мен аузын аша алмады. Бүгін жағдайы сәл жақсарды, есінде, сөйлесе алады», – деді сұхбат беруші.
Ішкі ағзаларында елеулі зақым болмағанымен, салдары ауыр. Әйелде бұрын болмаған қан қысымының ауытқуы байқалады, ұйқысы бұзылған.
Физикалық жағдайынан бөлек, жақындары оның психологиялық жағдайын да уайымдайды.
«Ол үнемі сол оқиғаны ойлап, есіне алып отырады. Оның бетін жақсы есте сақтаған. Жасы келгеніне қарамастан, бізге психологке жүгінуге тура келеді. Бұл оған үлкен стресс, өйткені оның өмірінде мұндай жағдай ешқашан болмаған», – деп атап өтті туысы.
Дәрігерлер кем дегенде бірнеше апта төсек режимін ұсынды. Отбасы әйелдің телефонға қолжетімділігін уақытша шектеді, оны интернеттегі ақпараттар мен талқылаулардан қорғау үшін.
«Қазір бізге ең бастысы – оның қалпына келуі. Дәрігерлер айтқанша емделеді. Ал одан кейін бұл адамның жауапкершілігін қадағалаймыз», – деп қорытындылады сұхбат беруші.
Контекст
Бейсенбі, 23 сәуірде, Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде қаладағы Бостандық ауданындағы аялдамада жас жігіттің өзінің 66 жастағы анасына шабуыл жасап, қатты соққыға жыққаны туралы жазба жариялады. Қыз бала полицияның арызды қабылдап, тергеу бастағанын атап өтті.
Алматы қалалық полиция департаменті әйелге жасалған шабуыл фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Ер адам ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.
Сондай-ақ оқыңыз: Алматыда зейнеткерді соққыға жыққан ер адам туралы не белгілі: соттылығы, шизофрения