Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 24 сәу. 2026 20:01
- 29
"Жылап, жаман болдым": Мақпал Жүнісова өнер жолындағы қиын сәтін бөлісті
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова өзінің Instagram парақшасында архивтік видео жариялап, өнер жолындағы бастан кешкен қиындықтары туралы айтып берді. Әншінің айтуынша, бір кездері ірі байқауда жеңіске жеткенімен, финалға қатыса алмаған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Алматыда өткен осы конкурста 3000 адамнан бірден көзбе-көз дауыс жинап, мен жеңіп шыққан едім. Финалға Мәскеуге дайындық екі ай жүрді, бірақ екі апта қалғанда, осы іріктеуде мүлдем қатыспаған Бақтияр Тайлақбаев барады деп Мәдениет министрлігінен хабар келді. Мен жылап, жаман болған кез еске түсті», – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Әншінің өнер жолындағы қиындықтары
Әнші бұл жағдайды әділетсіздік ретінде бағалап, сол сәттің әлі күнге дейін жүрегінде қалғанын жеткізді. Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халықтың ерекше ықыласына бөленген өнер иесі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Теректі ауылында дүниеге келген.
Өнерге ерте араласқан әнші 1981 жылдан бастап «Қазақконцерт» бірлестігінің солисі ретінде үздіксіз шығармашылықпен айналысып келеді. Табиғи дарынымен көзге түскен ол халықаралық байқауларда топ жарып, кәсіби деңгейін дәлелдеді. Небәрі 22 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атанса, 31 жасында «Халық әртісі» атағына ие болуы – оның өнердегі биік жетістіктерінің айқын көрінісі.
Әнші білімге де ерекше мән берген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, кейін ғылым мен білім саласында да белсенді еңбек етіп, профессор дәрежесіне дейін көтерілді. Мақпал Жүнісованың басты ерекшелігі – лирикалық сопрано дауысы. Оның репертуары халық әндерімен қатар романс пен джаз жанрындағы туындыларды қамтиды. Бұл оның шығармашылығын байытып, тыңдарман аудиториясын кеңейте түсті.
Бүгінде ол қазақ эстрадасының «примадоннасы», «Орта Азияның бұлбұлы» ретінде кеңінен танылған. Әншінің концерттері әлі де аншлагпен өтіп, көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие.