- 24 қар. 2019 00:00
- 210
Жиренше шешен (ІІ нұсқа)
Атақты Жиренше алыста жүргенде, жат жұртта ауырып қайтыс болады. Қара тілдің шешені Жиреншенің еліне сөз тауып, жөн біліп естіртуге ешкімнің батылы бармайды екен. Сол ауылда жалғыз жетім бала бар екен:
— Жиренше шешеннің өлімін үй-ішіне мен естіртемін, — деп Жиреншенің ауылына жетіп, үйіне кіріп келеді. Кіріп келсе, төрде бір сұлу қыз отырады.
— Сіз кімі боласыз Жиренше шешеннің? — дейді.
— Мен Жиреншенің қызы Қарлығашпын, — дейді.
— Олай болса, тыңда, — деп жетім бала домбыраны теріс бұрауға салып, «әкең өлді, қарындас» дегізіп, бір зарлы күйді тарта жөнеліпті.
Қабырғасы қайысқан Қарлығаштың көңілін жұбатпақ болып, жетім бала домбыраны оң бұрауға түзеп, сабырлы салмақты тарта келе, өзінің де жетімдігі есіне түсіп кетіп, зарлап қоя бергені дейді.