Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Камшыбек Ташиевтің отставкасы: «Бұл шешім мен үшін күтпеген жағдай болды»

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Камшыбек Ташиев өзінің қызметінен босатылуына қатысты әлеуметтік желіде тараған үндеуінде пікірін білдірді. Бұл туралы 24.kg сайтына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.

Ташиевтің айтуынша, ол президенттің рұқсатымен емделу үшін шетелге шыққан. Қызметінен босатылу туралы шешім оған күтпеген жағдай болғанын атап өтті. Дегенмен, мемлекет басшысының шешімін орындау керектігін айтты.

«Мен мемлекетімізге, халқымызға және президентімізге адал қызмет еттім және бұл үшін мақтанамын. Тек өкініштісі, жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік бермегені. ҰҚК-нің әрбір қызметкеріне алғыс айтып, табыс тілеймін», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ, Ташиев азаматтарды заңды құрметтеуге, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын айтып, заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Еске сала кетейік, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Жарлығымен Камшыбек Ташиев Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған болатын. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қадамның басты мақсаты – мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы іріткінің алдын алу болды.

Жаңалықтар

Жарнама