Көктемгі егіс кезінде
Бұл жылғы көктем егісі Көбеген үшін жылдағыдай көңілді басталмады. Май тартуға шыққанына үш күннен асса да, әлі керосин сұрап оны тоқтатқан жан болған жоқ. Үш күннен бергі бөшке түбінен жиғаны — клетінің бір бұрышын алып, екі ескі шелек пен қалайы тегенені толтырды. Ал бүгін ертеңгісін ыдыс керек боп қалған кезде әйелі Шынар қабағын шытып еркектің үніндей жуан даусымен:
— Әкелме. Электр барда, кәресінді жинай беріп қайтпекпіз,— деп күңк ете түсті. Әйелінің сөзі қатты тиді. Ренжіген Көбеген ауыр сөз ағаш аяғына батқандай ақсаңдап барып арбасына отырды. Eгic даласын аралаған ұзақ жол бойына ойланумен болды. Көктемді асыға күтіп, басқаға дес бермей, ағаш аяғын сылтау етіп, бригадирден қалап алатын жұмысы — май тартудың ендігі жерде ешбір қызығы болмайтыны оны қатты жабырқатты. «Электр болса бар,— деп ойлады ол,— сығырайған керосин шамды кім жақсын...»
Жылда көктемгі eгic басталысымен, ақсақ Көбеген де тігілгеніне он шақты жыл болған ескі май-май фуфайкесі мен мақталы қалың шалбарын киетін де, өзіне бекітілген колхоздың екі жиренін бөшке салынған ұзын арбаға жегіп алып, екінші егіс бригадасына май тартуға шығатын. Бір кездерде ақ елтіріден тігілсе де бұл күнде майланып, қарайып кеткен ескі тұмағының бір құлағын ішіне қарай жымыра киіп, ұзақты күнге екі жиренді бүлкіл желіске салып қоятын да, өзінің сүйікті әні «Бозторғайды» ыңырсып қана айтатын. Ән сөздерін өз қалауынша өзгертіп:
Ей, бозторғай,
Шырылдайсың шіркін-ай...
Құтылар күн бар ма екен
Май тартудан бір күні-а-а-ай...—
дейтін де, өзгерткен жерлеріне көңілі масаттана, жанынан шығарған сөздерді үсті-үстіне қоса түсетін.
Өзіне бөлінген барлық тракторларға майды уақытымен жеткізіп тұрғандықтан ешкімнің онда, оның ешкімде жұмысы болмайтын. Тек кешкісін ымырт үйіріліп, ол ауылға қайтқан кезде есіктерінің алдында аңдып тұратын епті жеңгейлердің:
— Бозторғаймысың? Бұрыла кет бері,— деген кәнігі дауыстары тоқтататын.— Әй, сен оңбайсың ғой. Қайным «майдың құдайы» дегенде мен шіркін ауыздыға сөз бермеймін, сонда да кәресінге бір жарытпадың-ау. Қараңғы үйде отырмыз.
Көбеген адуынды жеңгенің бұл сөздерін тәкаппарлана қалған қалыппен тыңдай, сес көрсете күлетін де:
— Апыр-ай, жеңешетай-ай, соныңыздың өзі қиындап барады-ау,— дейтін, бірден арзан беріле қоймай.
— Жә, маған дегені қалған шығар.
Бұдан ары жеңгейдің өзі ыдысын даярлап, түбінде керосині бар бөшкені қозғап-қозғап қойып:
— Ойбай-ау, түссеңші сонша әлдекімсінбей. Үйге кіріп, ана сарқытыңды ішіп кет,— деп, өзімсіне баурап әкететін.
Жеңгей ұсынған әдеттегі сарқыт — жүз граммды көзін жұмып тұрып тартып алған соң, Көбеген ұзақты күнгі еңбегінің ақысы төленгендей шаршағанын да, аяғының ақсақтығын да ұмытып, арбасына жеңіл ғана ырғып отыратын. Аздан кейін-ақ тым-тырыс, түн көрпесіне оранып мүлги бастаған колхоз көшесінде арба салдырымен ұласып, көңілі шалқыған Көбегеннің даусы естілетін:
...Ей, бозторғай,
Шырылдайсың шіркін-ай...
Естігендер бастарын шайқап, езу тартатын, бірақ пәлендей деп ешкім сөз етпейтін.
Енді, міне, оның жылдағы «бозторғай» атануы да ұмыт болған сияқты. Ешкім есіне де алар емес. Ал бүгіннен бастап трактористерге көз қысып қойып, соляркадан босаған бөшке түбіне керосин құйып алу әдетін де тоқтатпақ. Біржола тоқтатпақ.
Оның үстіне биылғы екінші бригададағы трактористердің барлығы дерлік мектепті өткен жылы ғана бітірген өңшең жастар. Шетінен қызба мінезді. Түкке тұрғысыз нәрсе үшін бірімен-бірі айқайласып, керісіп-ақ жатқаны. Әсіресе, олардың топырақ баттасқан қап-қарала май-май жүздерінен көздері мен тістері ғана жылтырап, орынды-орынсыз сақ-сақ күле беретін таусылмас қуаныштары Көбегеннің шамына тиетін. Ол өз-өзінен күйіп-пісіп, ашуланатын. «Болмайды, ауысу керек басқа жұмысқа,— деді ол ақырында өзін-өзі жұбатқандай,— жалықтырды май тарту».
***
Сол күні екінші бригадаға РТС-тан тағы бір қосымша трактор келді. Көбеген жаңадан келген тракторист — «ескі таныстардың бірі болмас па екен» — деген оймен жолдан бұрыстау болса да әдейілеп солай бұрылған. Анда-санда келіп, өз тұстасыңмен өткен-кеткенді айтып әңгімелесіп, көңіл көтерудің өзі де бір ғанибет емес пе. Ол екі жиренді шықпырта соғып қара парды қақ жарып, бір тоқтап, бір жүрген ескілеу ДТ-54 тракторына тура тартты. Трактордың біресе артына шығып қол бұлғап, тракториске әлдеқандай бұйрықтар беріп жүрген алып денелі бас механикті Көбеген алыстан-ақ таныған.
Ол аттарын жеделдете айдап, енді жете берген кезде, трактор тоқтады да, үстінен комбинезон киген талдырмаш денелі бала секіріп түсті. Механик енді трактордың капотын ашып қойып, оған әлденелерді түсіндіре бастады. «Мәссаған, мынасы бесінші кластың оқушысы ғой» деп салды, бұл трактористың да сырт тұлғасынан көңілі әбден қалған Көбеген. Трактормен қатарласа кеп арбасынан түсуге ыңғайлана бергенде, көзі комбинезонды баланың құлақшын астынан түйіп алған қалың қара бұрымына түсті. Көбегеннің көзі шарасынан шығып, аңырып отырып қалды. Енді арбадан түсудің орнына делбесін қағып жіберіп, кері бұрылуға ыңғайлана берген.
— Ay, Көбеген, тоқта,— деді осы кезде механик трактордың үнін басқан зор даусымен.— Көрдің бе, мына қарындасыңның оқығанын игере алмай тұрғанын.
Қыз да бұрылды. Мөлдір қара көзі жаудырап, балшықпен ойнаған баладай бет-аузы май-май болған он жетілер шамасындағы жап-жас қыз. Тракторға қайта отырып, астыңғы ернін жымқыра тістенген қалпында жүргізіп кетті. Механик Көбегеннен шылым тұтатып, оның жанында тұрып қалған.
— Осы бір қыз үшін елдің бәріне жеккөрінішті боп біттім,— деді ол шағынғандай.— Қыстай өзім оқыттым. Ең маңдай алды оқушым осы қыз болды. Талабы таудай-ақ, шіркіннің. Амал не, жаратылысы нәзік.
Ол арбаға сүйенген қалпында қалың ойда, темекіні сора түсіп, тағы біраз тұрды.
— Достым-ау, мұндай қыздар аса көп емес қой,— деді бір сәт жабырқаған үнмен.
Көбеген механикке де, тракторист қызға да қатты наразы еді. «Немене, білекті еркектер жетпегендей, бүлдіршіндей жап-жас қызды тракторға отырғызып,— деді ол іштей наразы болып.— Қалай ғана мен оған май тасып бермекпін. Жоқ, болмайды... Болмайды. Бозторғай енді басқа жұмысқа ауысады».
Бұл күні Көбеген ешқайда бұрылмастан үйіне ерте келді. Әйелі жұмыстан әлі қайтпаған екен. Шаң-топырақтан көздері ғана жылтыраған балалары алдынан жүгіре шықты. Кішкене баласының үстінде тек етегі су-су көйлегі ғана қалыпты.
— Әй, киімдерің қайда? Суық тиеді ғой,— деді баласының мұздай салқын бетінен иіскеп. Осы сәттегі алқымына тығылған тағы бір күйініш қапаландырып жіберді.
Балаларының беті-қолдарын жуып, таза киімдерін кигізіп, сүт құйып берді де, өзі солардың қомағайлана ішкеніне қарап, тұнжырап ұзақ отырды. «Өмір емес қой бұл»,— деді күрсініп.
Колхозшылардың көпшілігі балаларын бала бақшаға қалдырады, ал мұның әйелі болса безек қағып ол маңға мүлде жолатпайды. Онан да осылай күні бойы далада, өз беттерінше жадап-жүдеп жүргенін артық көреді. «Қойшы, өздерінен үлкен балалардың бәрінен қағажу көріп, жасық боп кетеді»,— дейді Шынар. Кім білсін, солай да шығар. Көбегеннің өзі жас кезінде бала бақша дегенді естіген де емес. Қырық екінші жылы жасы жетіп, армия қатарына алынғанша, әркімнің қолында жүріп, жетім боп өсті. Қағажуды да көп көрді. Сондықтан да болар, әйелінің сөзіне қарсы дау айта алмайтын.
***
Бұл күні де үйден көңілі бұзылып шыққан Көбеген қитығып, кімге ұрынарын білмей келе жатқан, май апарған алғашқы тракторисі бұйра бас қара жігіттің:
— Екінші рет майды таза ыдыспен әкелмесең, алмаймын,— дегені үшін, тас талқан болып ұрсысып қалды. Ашуға булыққан ол енді екі жиренді осып-осып жіберді де, егіс басынан тура колхоз кеңсесіне тартты. «Әкеңнің... Мен оған дәл бір кіріптар адамдай шіренуін. Мені сенің әкеңдей трактористер де сыйлаған»,— деп, жол бойына артта қалған бұйра бас жігітке кіжінумен болды.
Кеңсе алдына жетісімен ызаға булыққан күйде:
— Ay, Көбеке, не боп қалды? Неғып ашуландың? — деп таңданумен болған бригадирге делбені де, бишігін де лақтырып тастады.
— Мә, жинап ал бәрін. Істемеймін. Бала-шағамды көшеде телім-телім ғып тентірете алмаймын,— деп екілене айқайлап жіберді.
Мұнан әрі ашуға түтіккен Көбеген ақсаңдай басып үйіне қарай жүріп кетті.
Үйіне жете бергенде күтпеген жерден әйелі алдынан қарсы алды. Шай қойып жүр екен. Күйеуін көріп:
— Өй, арбаң қайда? Әлде менің жұмыстан босағанымды естіп, сен де босайын дедің бе? — деді ол күліп.
— Жұмыстан босағаны қалай?
— Жаңа әлгінде председательге кіріп, кішкене балаларым бар, күйеуім болса күндіз-түні май тартады, маған ауылдан, үй маңайынан істейтін жеңіл-желпі жұмыс берсеңіз екен, -дедім. Біраз қиналып отырды да, ақыры күніне екі-үш уақыт кеңсе мен клубты сыпырып тұруды тапсырды.
Бір жағынан әйелінің үйде болатынына қуанса да, екінші жағынан Көбегеннің көңілі риза болмай қалған да жайы бар еді.
— Немене, сыпырушылыққа кемпір-сампыр табылмап па? — деп күңк ете түсті де, жауап күтпестен қолын бір сілтеп, отыра кетті. Бетіне тепкен бар ашуынан айырылып, тез-ақ жуасып қалды. Әйелі көңілді қалпында тағы әлденені самбырлап айтумен болды, бірақ Көбеген еш нәрсені естіген де, түсінген де жоқ.
Күткеніндей-ақ сәлден кейін сырттан салдырлаған арбаның есік алдына кеп тоқтағаны естілді. Келген бригадир болар деп түйген Көбеген бір сәт: «Қандай жұмысқа ауыстыр десем екен», деп ойланды. Өзіне қолайлы-ау дегендерін тысқа шыққанша ойша тізіп те өтті. Бірақ арбасын әкелген бригадир емес, кешегі тракторист қыз екен. Көбегенді көріп сәл қысылып қалды да, артынша-ақ:
— Аттарыңыз жақсы екен, аға,— деп езу тартты. «Мәссаған, ал ашулан» деді үлбіреген қыз жүзіне қызыға қараған Көбеген. Қыз қара торының әдемісі еді: екі бетінің ұшы, нарттай боп қызарып, құлақшын астынан шыққан бір шашын қайырып сипай берді. Сол ұртының үстіндегі меңі қандай келісті. Көбеген арбаға жақындай қоймай, ашулы қалпын сақтап одырайып біраз тұрды.
— Аға, мені тракторыма апарып салыңызшы,— деді оған жапақтай қараған қыз өтініп.— Бір бөлшектері сынып тоқтап тұр еді. Мен осында мастерскойға келгем, енді тез жетуім керек.
Даусының жалынғандай нәзік шыққандағы сонша, Көбегеннің жүрегі елжіреп кетті. Еріксіз қолына делбені алды. «Әй, қалқам-ай, кім ғана сені тракторға үйір етті екен», деп ойлады ол. Ашуы мүлдем басылған.
Ауылдан ұзап шыққанша екеуі де үнсіз отырды. Маужыраған көктем күні. Көк едәуір көтеріліп мық бола бастаған. Жол жиегіндегі нәзік гүлдер сәл жел тұрса болғаны қуанған сәбидей қалбаң қағады. Қыз арбадан секіріп түсіп, бір уыс гүлді теріп те алды. Бойы сергіп, көңілденген Көбеген: «Ей, бозторғай...» деп ыңырсып ежелгі әуеніне басып, әндетіп жібергенін өзі де аңдамай қалды.
— Әй, аға,— деді енді оның біржола жадырай бастағанын сезген қыз күліп,— ашуыңыз жаман екен...
Бұлар екі жиреннің бүлкіл желісімен әлгінде ғана Көбеген ұрсысып кеткен бұйра бас жігіттің тракторының тұсынан да өткен еді. Арт жақтан: — Нұрипа! Тоқташы, Нұрипа! — деген дауыс естілді. Көбеген артына бұрылды да, әлгі бұйра бас трактористің өз арбасының соңынан далбаңдап жүгіріп келе жатқанын көріп, аттарын шықпырта ұрып жіберді. «Тоқтаңызшы»,— деген қыз сөзін де тыңдамады. Екі жирен ойнақши шауып ала жөнелді де, ілездің арасында-ақ алдағы биік төбені асып кетті.
— Аға, тоқтамадыңыз-ау! — деді Нұрипа реніш білдіріп. Томсырая қалған Көбеген үндеген жоқ.
Ертеңіне түске жақын Көбеген май әкелгенде, қолында бір уыс гүлі бар бұйра бас жігіт одан кешірім сұрады.
— Кешіріңіз. Сіз үлкенсіз ғой,— деді сыпайы ғана. Дәл осы сөзді күткен Көбеген өз көңілінің жұмсарып сала бергенін сездірмеуге тырысқандай:
— Жарайды. Ондай-ондай болмай тұра ма,— деп мән бермегенсіді. Ол енді кете бергенде, бұйра бас қолындағы гүлді Нұрипаға ала баруын өтінді.
— Немене, қыздарға гүл жинау үшін жүрмісің, жұмыс істеу керек қой,— деді Көбеген. Өзі іштей: «Қарай гөр, мұның Нұрипашылын» деп кекетіп қойды. Бірақ гүлді алды.
Осыдан кейін-ақ Көбеген қайта көңілденіп, ыңырсып «Бозторғайды» айтатын болды. Өзі май жеткізіп беретін сегіз тракторды күніне екі рет айналып шығатын ол Нұрипаға үш-төрт дүркін соғып жүрді. Қыз айдаған ескі трактор жиі-жиі тоқтап қала берген сайын оның мазасы кететін болды. Әнеугүні бас механик те енді Нұрипаның тракторын қайта-қайта жөндей беруден мезі болғандай қашқалақтай бастады. Бүкіл егіс даласынан оны іздеп табу да оңай емес еді. Егер табыла қалса, Нұрипаның тракторына қабағын түйіп, түнеріп келетін әдет шығарды. Соңғы келгенінде ол Көбегенге:
— Көзім анық жетті, бауырым. «Байтал озып бәйге алмас» дегендей, қыз бала трактор айдап абырой әпермейді екен,— деді.
Бүгін де тоқтап тұрған трактордың үстінен шыққанда Көбеген қатты күйзелді. Нұрипа мен тіркеушісі он бес жасар Науқан екеуі май-май боп трактордың бір бөлшектерін шұқылап, жинап жатыр екен. «Басқа тракторлардан қарасын үзбейтін бригадир мен механиктер де мұнда өздігінен бір келсейші», деп ыза болды Көбеген.
— Мә, мін ат-арбаға,— деді бөшкелерін жерге түсірген ол бұйырған үнмен Науқанға.— Қайда жүрсе де анау күнгі бас механиктің өзін тауып әпкел.
Науқан жалтақтап Нұрипаға қарай берген. Қыз теріс айналған күйде үн қатқан жоқ. Науқан аттарды құйғыта айдап шауып кетті. Айналасы жарты сағаттың ішінде бас механик те жеткен еді.
Ешкімге қарамастан ол қабағы түюлі, түнерген бойда, трактордың бұзылған жерін қарап, ақтарыстыра бастады.
— «Әлін білмеген әлек» деген осы да,— деп күңкілдеп ұрсып қойды.— Бір жеті болды егіс басталғанына, әлі анық бір күн жүрген жоқ...
Қысылған Нұрипа қара көзі жаутаң-жаутаң етіп, қолындағы кілтті айналдыра берді.
— Естіп тұрмысың, мен саған айтып тұрмын ғой,— деді механик даусын көтеріп. Нұрипа селк ете түсті де төмен қарап үнсіз тұра берді. Механик сұсты өңін өзгертпестен:
— Істесең істеген сияқты істе де, әйтпесе... Осы тұста бағанадан шеттеп, үнсіз тұрған Көбеген өзін-өзі ұстай алмай қалды:
— Қызға даусыңды неге көтересің, ей сен! — деді.
— Сенің жұмысың болмасын.
— Әбден жұмысым болады,— деді оған қарай ұмтыла түскен Көбеген де даусын көтеріп.— Неменеге зіркілдейсің, ұялмайсыңдар ма қаршадай қызға қырық құрау ескі тракторды беріп кінәлағанға...
Бұл сөзден кейін механик аузын ашқан жоқ. Тракторды жөндеп болған соң, үн-түнсіз өз заттарын жинап алды да, қабағы түюлі қалпында жүріп кетті.
Ал Нұрипа болса, үнсіз кеп Көбегеннің май-май фуфайкасына бетін басып, солқылдап тұрып жылап алды.
Мұнан соң трактор кешке дейін тоқтаған жоқ. Көбеген тағы екі дүркін келіп кеткен. Рульде отырған Нұрипа бұған қарап күлімсіреді. Екінші ретте ол әдейілеп тракторынан түсіп, Көбегеннің жанына келді. Аса маңызды бір тапсырма айтатын адамша тамағын кенеп алды да:
— Аға,— деді еркелеген үнмен,— сақалыңыз өсіп кетіпті ғой. Түріңізді қандай суық етіп тұр. Неге қырынып жүрмейсіз.
Осыны айта салды да, асыға басып тракторына отырды.
***
Кешкісін үйге келісімен аттарын доғарып, шөп салып жайғастырған Көбеген ауыз бөлменің кереге тақтайына өзі тығып қойған ұстарасын тауып алды. Шаң басып, жүзі тоттана бастаған екен. Соғыс жылдарынан бері мұқият сақтап, тек мереке кездерінде ғана буынатын жалпақ қайыс белбеуіне ұстараны жанып-жанып алды да, қырынуға кірісті. Көптен бері сақалын алмай тосаңсып қалғандықтан иегіне келгенде қолы қалтырап, бір-екі жерін кесіп алды.
Кеңсе сыпырушы болғаннан бері әрқашан да көңілді жүретін Шынар, күйеуінің бұл қылығын көргенде миығынан күліп қойды.
— Құдай мынаны бірдеңеге бастайын деген екен. Шалым-ау, бұл ненің желігі?
Әйелінің күлкісі де, сөзі де Көбегенге ұнаған жоқ. Ештеңе деместен сақалын алып болды да, ұстарасын таза шүберекке орап орнына қайта апарып тығып қойды. Тек жатарда, екі ұлын екі жақ қолтығына алып, арқаларынан сипалап ұйықтатып тастаған соң, әйеліне тесіле қарап біраз отырды.
— Осы сен өміріңде бір жұмысты шындап жақсы көрген кезің болды ма? — деп сұрады. Шынар түсінген жоқ. Әуелде күлкілі кескінмен:
— Құрып қасын, жұмысты жақсы көргені несі тағы? — деді. Бірақ күйеуінің өзіне соншалықты қатал сұспен шаншыла қарап отырғанын байқап, іркіліп қалды.
— Көбеген-ау, саған не болған? — деді абыржыған ол.
— Маған ештеңе болған жоқ... Әй, айтты не, айтпады не, түсінбейсің сен...
Ауыр күрсінген Көбеген қолын бір сілтеді де, қисая берді.
Басы жастыққа тиісімен әйелі қор етіп ұйықтап кеткен. Көбеген демін ішінен алып, тым-тырыс қалың ойда жатыр. Бірте-бірте колхоз көшесіндегі абыр-дабыр, тіпті бірен-саран жүріске дейін басылды.
Бірақ бір ғана ызың тынар емес. Даланың түнге қарай есетін ерке желінің әуезімен жетіп тұр. Бірде, алыстан, баяу ғана, ұршықтың зырылындай боп естілсе, енді бірде таяу келіп, қуатты үні құлақты тұндырардай болады. Ұйқысы қанып, ұзақ аунақшыған Көбеген қараңғы үйде жайлап қана киінді де, ағаш аяғын қатты сықырлатпауға тырысып, ақырын басып сыртқа шықты. Түн ортасы ауған кез екен. Электр станциясы да тоқтапты. Әлдеқайдан бір жақын жерден ұйқылы-ояу алғашқы тауық та шақырып қойды. Қараңғылық болса қоюлана түскендей.
Көбеген аттарын жегіп, арбасына жеңіл ғана ырғып отырды да, жүріп кетті. Оған үйлерінің есігі ашылып соңынан әйелінің:
— Мезгілсіз уақытта қайда кеттің? — деп қырылдаған даусы естілгендей болды. Көбеген бұрылған жоқ, құлшына жүрсе де аттарына қамшыны үйіріп-үйіріп қойды. Енді біраз уақыт өткенде жаңа ғана үйде ызыңдаған үні маза бермеген трактордың соңын ала жүз метрдей жерден аттарын аяңдатып қойып, ілесіп келе жатқанын өзі де сезбей қалған. Осындай жақын келе жатқандағы оның бір ғана тілегі: «тракторың тоқтамаса екен, тоқтамаса екен» болатын. «Сендер, жап-жас қызды кінәлайсыңдар,— деді іштей әлдекімдермен ұрсысып,— жоқ. Анау ескі тракторларыңды кінәлаңдар. Бұзылмап еді, көріңдерші, әне, қалай жүргенін. Кешеден бері бір рет тоқтады ма?!»
Осылайша ол трактордың артынан загонды бір рет айналып та шықты. Екінші ретте жаңа ғана өзі кеп қосылған тұстан өте бергенде ұйқыдан оянғандай аттарын тежей қойды. Айнала әлі қараңғы болса да, ешкім көрмеді ме дегендей төңірекке қарап алды. «Әй, ақымақ,— деді өзін-өзі кінәлап,— бұл жүрісің не? Ел білсе, сұмдық қой».
Дереу бұрылып алды да, жақын жердегі төбенің үстіне барып, аттарының белін босатып, өзі шық басқан сызды көгалға аунай кетті. Көктем суының нәзік иісі бүкіл денесін балқытып ала жөнелді.
Біртіндеп кербез таң да қылаңдай бастаған.
***
Бұл күні трактор бір-ақ рет тоқтады. Онда да Көбеген жоқта. Ал Көбеген келген кезде Нұрипа да, тіркеуші бала да екі жақтап, трактордың қалай тоқтап қалғанын және ешкімді шақыртпай-ақ өздерінің қалай жөндеп алғандарын мақтанышпен жарыса айтты.
— Енді ешкімге де жалынбаймыз,— деді Науқан.
Көбегеннің анық байқағаны — ұйықтамағандықтан екеуінің де көздері қызарып, өңдері сұрланып кеткен екен. Бірақ шаршағандарын мойындайтын емес. Арт жақтан шапқан аттың дүбірі естілді. Сәлден кейін-ақ болдырған атын екі иінінен ентіктіріп бұлардың жанына колхоз бригадир Ерен келді.
— Бұл не тұрыс? — деді ол анадайдан. Нұрипа тракторға қарай жүре беріп еді, бригадир оны тоқтатып алды.
— Жұмысты нашар істейсіз,— деді ол қатқыл үнмен дүрсе қоя беріп.— Келгеніңізге бір жетіден асты, әлі бір рет күндік тапсырманы орындаған емессіз.
Науқан:
— Тракторымыз...— дей берген, бригадир оған «сенен сұрап тұрған жоқпын» дегендей қамшысын сілтеп қалды да, бұрынғысынша Нұрипаға қадала берді.
— Өзіңіз комсомол мүшесі шығарсыз? Жап-жас қалпыңызбен жұмысты мұнша жауапсыз істеуіңіз ұят емес пе?
Нұрипа бас механиктің алдында тұрғандағыдай төмен қарап, қызарған күйде үндеген жоқ.
— Қазіргі уақытта механизаторларға қандай үлкен міндеттер жүктеліп отырғанын жақсы түсінуге тиістісіз. Биылғы жылғы Қазақстан беретін миллиардқа сіздің үлесіңіз қандай болмақ...— деп Ерен даусын жай шығарса да, сөздерін зілдеп-зілдеп айта берген.
— Сіз, ағай,— деді кенет Нұрипа жұлып алғандай,— жаттағандарыңызды кейін бірде айтып берерсіз, қазір тыңдауға уақытым жоқ.
Екі бетіне қаны теуіп, лезде ойнақылана қалған Нұрипа жүгіріп барып тракторын от алғызды. Тосылып қалған Ерен, сылқ-сылқ күлген Көбегенге көзін аларта бір қарады да, атын борбайлата бір тартып, жүріп кетті.
Сол күні Көбеген кішірек көзі жылтылдап, қулана қарап, мәз-мейрам күлумен болды. Нұрипаның сөзі есіне түссе-ақ басын шайқап, көзінен жас аққанша сықылықтайды. «Міне, менің қарындасым қандай екенін білдің бе» деп қояды ауық-ауық. Түске жақын ол дала қосының басында колхоз партия ұйымының секретарымен кездесті.
— Жолдас парторг, сізге салар менің үлкен бір қолқам бар, — деп бастады да, Көбеген Нұрипа жайын, оның тракторының өте ескі екенін тәптіштеп түсіндіріп, ұзақ әңгімеледі. Оның сөздерін зейін қоя үнсіз тыңдаған парторг тек айырылысар сәтте:
— Жақсы айттыңыз. Қазірден бастап бір амалын ойластырайық. Қарындасыңыз жаңа тракторға отырады, — деп сенімді түрде уәде берді.
Барлық тракторларды тағы бір аралап шыққан Көбеген кешкісін ауылға қайтқан, жолда күтіп тұрған Науқан оның арбасына отырды. Өте көңілсіз еді. Көзі біржола кіртиіп кетіпті.
— Қалай, шаршадың ба?
Науқан басын шайқады. «Балалық-ай десеңші, мойындағысы келмейді»,— деді іштей күліп қойған Көбеген. Біраз үнсіз жүргеннен кейін Науқан оған таман жақындай отырып, атты жай айдауын тіледі.
— Аға, осы адам өзінен үлкенді сүйсе махаббат бола ма? — деп сұраған онан соң.
Көбеген оқыс бұрылып қарап еді, жігіт ұялса да одан шындап жауап күтіп отыр екен. Оның кідіріп қалғанына түсінбеді ме деген оймен Науқан сөзін тағы да қайталай бастады:
— Мысалы үшін делік: қыз он тоғызда, ал бала он бесте. Жоқ, тіпті он алтыда болса... Сіз күлмеңіз...
— Жоқ-жоқ, мен ондай ақымақ емеспін,— деді Көбеген. Сөйтті де өзі тұнжырап, қалың ойға түсіп кетті. Тотыққан жүзі күреңденіп, кішірек көздері алысқа тесіле қарайды.
Күн батуға таяу қалған. Төңірек тегіс қызылға малынғандай. Алдағы айдалған адырлар да бұйрат-бұйрат боп күрең қошқылдана бөртіп жатыр. Үстінен таусылмас сағымдар еш нәрсеге жеткізбестей боп бір арнамен жөңкіле ағады. Тоқтауға еркі жоқ тәрізді. Көбеген біраз ойланып отырды да, сәлден кейін жауап күтіп отырған Науқанға үн қатты:
— Мұның қиын сұрақ екен, інішегім.
Күні бойғы жайма-шуақ жылылықтан кейін көктемнің кешкі сызды лебі бойды тоңазытып, тітіркендіре бастады. Бірақ әлі шаңдана қоймаған даңғыл қара жолда арба жүрісі жеңіл де, жанға жайлы еді.
Ауылға кіре берісте әлденені айтумен болған Науқан, біреуді «кетеді, біржола кетеді» деді де түсіп қалды. Көбеген өз ойымен өзі болып, оның айтқандарын ұққан жоқ.
Шынар бұрынғысынша көңілді еді. Күйеуінің түсіңкі қабағын көріп қибыжықтап қалды.
— Шаршап келген шығарсың?
Әйелінің сөзі шамына тиіп кеткен Көбеген жалт қарады:
— Жоқ, шаршағам жоқ,— деді ызаланып. Шынар бұрылып кетті.
— Дүниені қопарып келгендей қабағынан қар жауады да тұрады екен, осының-ақ,— деді бұрқылдап. Көбеген енді аз тұрса әйелімен ұрсысып қалатынын сезіп, ат-арбасына қарай барып, жоқ нәрсені шұқылап, сол арада күйбелектеп жүрді де қойды. «Қалай бірге тұрып келгем, қалай тұрамын?» Оны мазалаған осы ойлар еді.
Алыстан трактордың дүрілі естілді, біртіндеп жақындай бастады. Сәл уақыт өткеннен кейін трактор әлгінде өзі келген жолымен колхоз көшесіне де кірді. Жерді солқылдата бар жылдамдығымен Көбегеннің үйінің тұсына да жетті. Көше жаққа шыққан Көбеген өз көзіне өзі сенбегендей алға қарай адымдай түскен. Дәл оның жанына тақағанда трактор сәл кідірді де, кабинадан Нұрипа басын шығарды. Аппақ тістерін көрсетіп езу тартты.
— Кетіп бара жатырмын, аға. Бірінші бригадада істейтін болдым. Жаңа трактор береді,— деді айқайлап.
— Қалай, қалай дедің? — деп сұрады Көбеген дегбірсізденіп.— Бірінші бригадаға дейсің бе? Оның қалай?.. Ал біз ше?
— Сіздердің жерлеріңіз айдалып бітіп қалды ғой.
Нұрипа қолын бұлғады да, трактор орнынан қозғалды. Ымырт үйіріле бастады. Аспан шымқай көкке боялып, соншалықты алыста, соншалықты биікте әр жерден бір жарқ еткен жұлдыздар да көрінді. Фары жарқыраған трактор да колхоз орталығынан ұзап, бетін алысқа, тау бөктеріндегі бірінші бригадаға түзеген. Бағанадан үнсіз сілейіп тұрып қалған Көбеген арт жағынан келген әйелінің дыбысынан селк ете түсті...
— Ол немене, қарап тұрғаның, Көбеген? — деп сұрады Шынар, әр уақыттағы бейғам қалпында жуан еркек даусымен күңк етіп.
Ақсақ аяғын ауырсынғандай, қиралаңдап бұрылып кетпек болған күйеуінің дәл қарсы алдына келгенде Шынардың жүрегі су ете түсіп, қалшиды да қалды.