- 31 нау. 2020 00:00
- 182
Көп жасағандықтың құпия сыры
Тышқанбайұлы Тасым — әңгімешіл, естігенін ұмытпайтын, әр оқиғаны жүйе-жүйесімен, түсінікті де қызықты етіп айтатын тілуар адам еді. Ертеректегі елеулі оқиғалар жайындағы естеліктерінің бірінде ол Өтеген атты бір қарттың қайратын, ұзақ өмір сүрудегі құпия сырын айтып берді.
— Сарыарқаның сары белінде мекендеген елдердің бірінде бір ғани адамның Мәлике атты қызы болыпты, — деп бастады әңгімесін қарт атам, — үлкен жиындарда ат үстінде айқасатын аударыспақ, көкпар, сайыс, қыз қуу сияқты бәсекелі ойындарда ол қыз нелер әлуетті жігіттерге жеңдірмепті. Өз күшіне әбден сенген, жиырма үш жастағы Мәлике:
— Кімде-кім мені ат үстінен аударып алса, мейлі ол қандай адам болса да, соған тиемін, — деп елге жар салыпты.
Даңқты арудан күшін асырып, оны өзіне бағындыруды, демек жар етуді көздеген қарулы жігіттер бәсекеде сәтсіздікке ұшырап, жеңіліп қала берді. Осыны естіген, тоқсан үш жастағы Өтеген қарт, нелер әлуетті жігіттердің бір әйел қайратына төтеп бере алмағанына намыстанып, Мәликемен бәсекеге өзі түсті. Әйдемге де келтірген жоқ, қызды ат үстінен жұлып алып, бейне марқа қозыдай алдына бөктеріп ала жөнелді. Мәлике уәдесінде тұрды, ғасырға жуық жасаған, өзінен жетпіс жас үлкен қартқа қосылып, семьялық өмір сүрді.
Бір жылдан кейін ол жүкті болды. Ер бала дүниеге келді. Осы кезде ел арасында пыш-пыштаған өсек тарай бастады. «Тоқсан бестегі шалдан бала болушы ма еді. Мәлике ару ұйқысырап кеткен болар...» десті. Бұл өсекке Мәлике өзі тойтарыс берді. Өтекең соншалықты көп жасаса да, оның нәпсілік қуаты кемімегенін ыспаттады:
— Кейде ғана болмаса, — деді ол, — түнді бос өткізбеді. Нәпсі тілегі менің тілегімнен де күшті.
Содан кейін өсек тиылды, бала Өтеген қарттың өз баласы деген қорытындыға келді жұрт. Мәлике замандастарымен сырласқанда, Өтекеңмен ең алғаш кездескенде-ақ оның өзіне өмірлік серік бола алатындығына сенгендігін айтады екен:
— Ат үстінен аударып алып, алдына бөктеріп, ерінің басына қысқанда, қабырғаларым түгел сөгілген шығар деп едім, — депті ару. Әңгімесін аяқтай келіп, Тасым атам Өтеген қарттың көп жасауына нелер себеп болғанын өзінше топшылаған сөзіне тоқтады.
«Көп жасауыма, осынша жасқа келгенде денім сау болып, күш-қуатымның кемімеуіне бірнеше себептер болды, — депті Өтекең, — атап айтқанда, өмірімде ішімдік ішпедім, шылым тартпадым, насыбай атпадым, жалаңаяқ жүрмедім, жайдақ атқа мінбедім, өз әйелімнен басқа бірде-бір әйелге жақындасқаным жоқ. Қандай жағдайда болса да ешнәрсеге ренжімедім, әр дайым көңілді, сергек болдым».