Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Лужин қорғанысы

1

Бәрінен бұрын дүйсенбіден бастап оның Лужин болатыны таңғалдырып отыр. Оның әкесі — нағыз Лужин, мосқал Лужин, кітап жазатын Лужин, — одан жымия шығып, түнде мөлдір ағылшын кремімен майланған қолын ысқылап, асықпай ақырын басып өзінің жатын бөлмесіне оралды. Әйелі жатып қалыпты. Ол басын көтеріп: "Не болды, қалай?" — деп сұрады. Ол сұр халатын шешіп "Дұрыс болды. Сабырмен қабылдады. Уһ... Иықтан жүк түскендей болды ғой". "Қандай жақсы... — деді әйелі, жібек көрпесін өзіне баппен тартып. — Құдай қалады, құдай қалады..."

Шынында да, иықтан жүк түскендей болды. Жаз бойы сиреннің, шабылған шөптің, түскен жапырақтың - үшеуі қатар бұрқырап өте шығатын саяжай жазында, оған шындықты қалай айту керек деген мәселені талқылаумен боп, кейінге шегере-шегере тамыздың аяғына дейін келген еді. Батылдары жетпестен оның айналасында айналшықтап жүрді де қойды, ал ол басын көтерсе-ақ, әкесі тілі кілең дауылды көрсетіп тұратын барометрдің шынысын тықылдатып сырт айналып, ал шешесі рояльдің қақпағы үстіндегі қоңырау гүлдерінің ұзын, ебедейсіз бумасын ұмытып, барлық есіктерді ашық қалдырып, үйдің түкпіріне жөнелетін. Оған "Монте-Кристоны" дауыстап оқып отырып, ара-арасында өзінің сезімталдығын көрсетіп "байғұс Дантес-ай" деп тебіреніп кететін толық француз әйелі, оның әке-шешесіне, бұқадан өлердей қорықса да, бұқаны мүйізінен мен алсам қайтеді деп, талай айтты. Байғұс Дантес баланың жанын тебірентпеді, тәрбиелік мәні бар оның күрсінісіне қарап отырып, ватман қағазын өшіргішпен өші кеткенше ысқылай берді.

Көп жыл өткен соң, сергек те серпілісті бір сәтте, шулы бақтың астындағы веранда да, сол бір оқуларды аңсары ауа есіне алғаны бар. Күннің нұры мен сол әйел қалам ұш ұштайтын бәкімен ұнтақтап, тілінің астына салдырып қоятын мия сабағының тәтті-сия дәмі оның ойынан, сірә, кетер ме?! Ол әйел мол денесімен отыра қалғанда күтірлеп кеткенін көру үшін, бірде оның креслосына қабырға қағаздарының шегелерін қойғаны, оның ойынан күн, бақтың шуы, жыртық тізесінің қанын сорып қып-қызыл боп ұшып кететін маса қандай орын алса, сондай орын алатын. Он жасар бала өзінің тізесін әбден жақсы біледі -күн қақтаған терісіне түскен тырнақ орынының қанталап жалбырап тұрғаны және құмның, ұсақ тастардың, шыбықтардың қолтаңба етіп қалдырған денесіндегі сызат-сызықтар да есінде. Маса сарт еткізіп ұруға үлгертпей ұшып кетті де, оған француз әйелі қыбырламай тыныш отыр деді, ал ол болса қисық-қыңыр тістерін ақситып маса шағып алған жерін бес саусағымен бірдей осып қасыды да, — француз әйелі бір сұмдықты көргендей, ашық жатқан сурет дәптерінің бетіндегі алабөтен карикатураға қарап қалды.

" — Жоқ, өзім айтқаным дұрыс шығар, — деді үлкен-Лужин оның ұсынысына. — Кейінірек, әзірше менің айтқандарымды жаза тұрсын". "Театрда ложа жоқ деу өтірік — сыныпта жүргендей алай-бұлай жүріп бірқалыпты қайталайды, — театрда ложа жоқ деу өтірік". Баласы, өтірік пен ложаның орнын бос қалдырып үстелге еңкейе созылып жазып жатыр. Арифметика жақсы өтетін. Оның еліктіре жөнелетін құпиялылығы сонда, — зорға тізілген ұзынсонар сандар, көптеген қысылтаяң кезеңдерден өтіп, ең соңғы шешуші сәтте, ешқандай қалдық қалмай он тоғызға бөлініп кететіндігінде.

Үлкен Лужин, ешқандай айтары жоқ Тривор мен Синеус, "6" жұмсақ белгісін талап ететін сөздер кестесі, басты-басты орыс өзендері не үшін керек екенін білсе, екі жыл бұрынғы оқиға қайталанары сөзсіз. Сол күні төселген кілемді оқпен бытырлатып атып жатқандай басқыштарды сықыр-сықыр еткізіп, бүкіл үйді толтырып француз әйелі келген-ді. Ол алғашқыда байыппен тыңдап отырды, сонан кейін әкесі қызықтыра еліктіріп әкету үшін қайдағы-жайдағыны айтып, тек, сөз арасында әншейін айта салғандай, енді бұдан былай оны үлкендер сияқты аты-жөнімен атайтын болады деген кезде, ұлы қызарып, көзі жыпылықтап, жастыққа етпетінен құлай кетті де, аузын ашып, басын шайқады ("Олай бұлғақтама", — деді әкесі, оның қызарып кеткенінен жылап жібере ме, деп қорқып), бірақ жылаған жоқ, оның есесіне ұртын томпайтып, жастыққа бетін басып, ернімен өрескелдеу дыбыс шығарды да, кенет орнынан атып тұрып — әбден уқаланған көзі қызарып кеткен — асығыс түрде, үйде де мені Лужин деп атай ма деп сұрады.

Енді, міне, станцияға апарар жол үстінде, бұлыңғыр ауыр күні үлкен Лужин әйелімен қатар тарантасқа жайғасып, егер тіктеп көз салса күліп жіберуге дайын баласына қарады да, әйелі айтқандай қалай ол кенет "берік" боп шыға келді деп дел-сал боп отыр. Қоңыр плащқа оранған баласы алдыңғы орындықта матрос бас киімін қисайта киіп алыпты, бірақ оны қазір ешкім де түзеп қоя алмас еді. Ол сыртқа, жол бойында жапырақтары жайылып шыр көбелек айналып қалып жатқан ақ қайыңдардың жуан діңгектеріне қарап келеді. "Саған суық емес пе?" деп сұрады анасы, көпірге бұрылар жерде қалпағындағы сұрғылт құс қауырсынын салқын жел үрлеп өткен кезде. "Суық" — деді баласы өзенге қарап. Шешесі әлдене деп күбірлеп оның плащына қолын соза берді де, көзіне көзі түсіп, қайта тартып aп, тек "Қымтанып ал, жөндеп қымтан" деп ауада асылып қалған саусақтарын жайды. Баласы селт еткен жоқ. Шешесі аузына ілініп қалған бетпердесін түсіріп жіберу үшін, ернін түртитіп, сен де бірдеңе десейші дегендей, күйеуіне қарады. Әкесінің үстінде де плащ, биялай киген қолы алабажақ төсеніштің үстінде жатыр. "Лужин, — деді ол іштей көңілденіп, — Лужин?" — баласын төсеніш астынан аяғымен түртіп қалды. Лужин тізесін жиып алды. Міне, қалың мүк өсіп кеткен жер үйлер, міне, жартылай өшіріліп тасталған жазу, (деревня аты мен адамдар саны), міне құдық басындағы тырна, қара батпақ, ақ балтырлы әйел Деревнядан әрі қарай аяңмен тауға көтерілді, ал артта, төменде бірін-бірі жек көретін француз әйелі мен экономка сығылысып отырған екінші тарантас көрінді. Ат айдаушы таңдайын қағып қалды да, аттар желе жөнелді. Шөмелелер үстіндегі сұрықсыз аспанда қарғалар қалықтайды.

Станса усадьбадан екі-ақ шақырым, ал анау жолды, шыршалы алқапты көлденеңінен қақ жарып өтетін Петербор шоссесі шлагбаум астымен рельс арқылы белгісіз бағытқа созылып жатыр. "Көңілің қаласа, қуыршақтарды ойнат" деді үлкен Лужин, тарантастан секіріп түсіп, қытықтаған плащтың жүнінен мойнын алып қашып, жерге қадалып қарап қалған баласына. Баласы берген тиынды алды. Екінші тарантастан, біреуі оң жағынан, екіншісі сол жағынан, ауыр ырғалып француз әйелі мен экономка түсті. Әкесі қолғабын шешті. Бетіндегі пердесін алып тастаған шешесі төсеніштерді көтеріп жатқан кеудесі аяққаптай жүк тасушыға қарап тұр. Аттардың жалдарын көтеріп, ат айдаушының күрең жеңін үрлеп жел соғып өтті.

Платформада жалғыз қалған Лужин, тиын түскен бойда жанданып айнала жөнелуге әзір, салбыраған жалаңаяқ бес қуыршақ тұрған шыны жәшікке жақындады; бірақ бұл күткені болмады, өйткені автомат бұзылып қалған екен, тиыны босқа кетті. Лужин шамалы күтіп тұрды да, сонан кейін бұрылып, платформаның ернеуіне келді. Оң жақтағы байлаулы жүктің үстінде шынтағына сүйеніп шикі алма жеп бір қыз отыр. Сол жағында түймелі етік киген, қолына қамшы ұстаған адам, ол бірер минөттен кейін пойыздың келе жатқанын хабар беретін ақ түтінді күтіп, алысқа, орман жаққа қарап тұр. Ал қарсы алдында, рельстің арғы бетінде, жерге жамбасынан көміліп, адам тұратын баспанаға айналған, доңғалақсыз екінші класты сары вагонның жанында, бір мұжық ағаш жарып жатыр. Кенет тұман түсті де, бәрін көрсетпей жіберді, қазір болатын қарбаласқа қарап тұрудың өзі қиын, — әкесі бір уыс билет ұстап, шешесі шабадандарды көзімен түгендейді; тоқтаған пойыз, жұрттың көтерілуіне ыңғайлы болсын деп вагонға басқыш қойып жатқан жүк тасушы. Ол артына қарады. Қыз әлі алма жеп отыр; түймелі етік киген адам алысқа қарап тұр; бәрі сол қалпында. Жай қыдырып жүргендей платформаның шетіне дейін барды да, кенет шапшаң жүріп, басқыштың бойымен жүгіре жөнелді, — таптаурып соқпақ, станция бастығының бағы, қоршау, есік, шыршалар, — одан әрі сай, сонан кейін қалың орман.

Алдымен ол папортниктерді сыбдырлатып, қызғылт түсті гүлдерге тайғанап орманмен төте тартты, — резеңкеге ілінген бас киімі желкесіне салбырап қалыпты, қалада киетін жүн шұлықтан тізесі ысып, пысынап барады, — бұталар бетін сабалап өткен кезде балаға тән еркетотайлықпен сыбап, жүгіріп жылап келеді, — ақырында ентіге тоқтап, плащы аяғын жауып жүрелеп отыра қалды.

Тек бүгін ғана, деревнядан қалаға қоныс аударған күні, көңіл қабаржытатын, үйдің ішін уілдеген жел толтырып жіберген, ешқайда сапар шекпейтін бағбанға қызғана қарайтын күні, тек бүгін ғана, әкесі айтқан өзгерістің бүкіл азабын сезгендей болды. Бұрынғы кездегі қалаға оралу бақытты шақ екен. Француз әйелімен күнделікті ылғи бір көшемен, Невск көшесімен, сонан кейін Набережный арқылы үйге оралумен бітетін қыдырыстау — енді ешуақта қайталанбайды. Бақытты қыдырыстар. Кейде оған Набережныйдан бастайық дейтін, бірақ ол ылғи бас тартатын, - тек құйтақандай кезінен әдеттеніп кеткендіктен емес, үйлердің терезелерін дірілдетіп, құлағын жарып жіберердей боп күркіреп гүрс ете түсетін Петропавл зеңбіректерінен зәре құты қашып қорыққандықтан, өзіне ыңғайластырып (айла-шарғы жасап), сағат он екіде зеңбіректен әрірек Невскіге кетіп қалуды көздейтін, егер қыдыру тәртібі өзгерген болса, онда зеңбірек күркірі оны дәл сарайдың алдында күтіп алар еді. Таңғы астан кейін жолбарыс жолақты көрпенің астына кіріп, диван үстінде әдемі ойларға бату да бір басқа, дәл сағат екіде — сүтке ерекше дәм кіргізетін күміс шыны аяқпен сүт келеді, ал дәл үште — ашық ландода сырғанау. Осылардың бәрін әрі ысырып тастағандай боп өзінің жаңалығымен, белгісіздігімен адам төзбейтін, адам қабылдамайтын — қатарынан бес сабақ пен одан да қорқынышты жақында ғана, маусымның бір күнінде, оны көпір үстінде қоршап ап, қаңылтыр пистолеттерін бағыттап, резеңке ұштары алынып тасталған таяқшалармен атқылаған балалар тобыры пайда болады.

Орман іші тып-тыныш, дымқыл екен. Әбден жылап болған ол, мұртын селтең-селтең еткізген қоңызды қызықтап, сонан кейін оны, алғашқыдағы күтір еткен дыбысын тағы шығару үшін, таспен ұзақ жаныштады. Көп ұзамай жаңбыр сіркірей бастады. Сонда ғана ол орнынан көтеріліп, таныс соқпақты тауып ап, ағаш тамырларына сүріне-қабына жүгіре жөнелді. Оның басын, үйге жеткеннен кейін, тығылып қалам да, қыс бойы қоймадағы тосаппен, ірімшіктермен қоректеніп жатып алам деген бұлыңғыр, өшпенді ой торлап алған. Тағы да он минөттей ирелеңдеген соқпақпен жүріп, жаңбырдан беті жүзіктеніп жатқан өзенге құлады, тағы да бес минөттен кейін ағаш кесетін зауыт, диірмен, көпір көрінді. Одан әрі жол жоғары өрлейді де, сиреннің жалаңаш бұтақтарының арасынан үйі көрінеді. Ол қабырға жағынан бұқпалап өтті де, қонақ бөлменің терезесі ашық екенін байқады, сонан кейін су жүретін құбырға шығып, терезе арқылы ішке секіріп түсті. Ол қонақ бөлмеде аялдап, тың тыңдады. Қолдарына скрипка ұстаған ұзын қара самайлы шешесінің атасы мен әкесінің суреттері оған қадала қарап тұр, бірақ олар, егер қырынан қараса, шыны ішінде шатысып-бытысып, күлкі-мүлкі боп қалады. Үстіңгі ернімен қасқа тістеріндегі платин сымын әрі-бері қозғап, жайлап қана есік ашты да, қожайындар кетер-кетпестен үйді еркін қоныстанып алған жаңғырықтың үрейлі күңгірінен дәлізге, одан басқыш арқылы шатырға бір-ақ ытқыды. Шатырдың бір ерекшелігі терезесі бар. Ол терезе арқылы төменге, қалқып барып тұманға сіңіп кететін қоңыр қанатты басқышты қарап тұруға болады. Үй іші тып-тыныш. Шамалыдан кейін, төмендегі әкесінің кабинетінен телефонның безілдеген даусы шықты. Телефон ұзақ шырылдады. Сонан кейін өлі тыныштық орнады.

Ол жәшіктің үстіне отырды. Жанында дәл сондай, ішіне кітап салынған жәшік тұр. Бұрышта қабырғаға сүйеп қойған сүргіленбеген тақтайлар мен сандықтың арасына артқы дөңгелегіне жыртық дорба жабылып, шалқасынан жатқан әйел велосипеді қойылыпты. Бірнеше минөттен кейін, бір кезде тамағын орап қойғанда шыға алмай қалған кездегідей, Лужиннің іші пыса бастады. Ол, қолының қара таңбасын қалдырып, жәшіктегі сұрғылт кітаптарды түрте бастады. Кітаптардан басқа онда құс қауырсынды қос етек, үлкен фотография (әскери оркестр), беті жарылып кеткен шахмат тақтасы, және басқа да адам қызыға қоймайтын заттар бар.

Осылай бір сағат өтті. Кенет ол улап-шулаған дауыстарды, кірер есіктердің сарт-сұрт дыбысын есітті, терезеден жайлап қарап, әкесінің бала құсап басқышпен жоғары жүгіріп шығып, алаңқайға дейін барып, қайтадан төмен түсіп аласұрып жүргенін көрді. Төменде, буфетшінің, ат айдаушының, күзетшінің дауыстары шығады. Бір минөттен кейін басқышқа қайтадан жан бітті, бұл жолы онымен юбкасының етегін ұстап шешесі көтерілді, бірақ ол да алаңқайға дейін жеткен жоқ, басқыш қанатынан бүгіліп қарап, сонан кейін шапшаң қолын жайып, төмен түсіп кетті. Ақырында тағы да бір минөттен кейін бәрі бірдей жоғары көтерілді, — әкесінің жылтыр басы жарқырап шешесінің қалпағындағы қауырсын көлшіктегі үйрек сияқты көлбеңдеп, буфетшінің кекілі желбіреді: соңында, қайта-қайта басқыш қанатынан төмен қарағыштаған ат айдаушы, күзетші және неге екені белгісіз Акулина — сүт сатушы, сондай-ақ диірменде жұмыс істейтін қара сақалды мұжық келеді. Осылардың ішіндегі ең күштісі сол болу керек, мұны шатырдан көтеріп алып тарантасқа бір-ақ салды.

2

Үлкен Лужин, кітап жазатын Лужин, баласының кім болатыны туралы көп ойланатын. Оның кітаптары ұмытылып қалған "Улы ауа" романынан басқасының бәрі ұрпақтар, жасөспірімдер мен шәкірттер үшін жазылған. Жақсы безендірілген қатты мұқабалы ол кітаптарда тәлім-тәрбиесі үлгілі, түбінде не скрипкашы, не суретші боп шығатын ойлы жанарлы аққұба баланың бейнесі жасалынатын. Оның ойынша, ештеңемен көзге түсе қоймаған, ертең қатардағы адам ғана боп шығатын көп балалардан оның баласының енді ғана білініп келе жатқан бір ерекшелігі — тегі барлығында, марқұм қайын атасы композитор болғанында (кемеліне келді деген кездің өзінде тым біртекті, шабытты бұрқанысы бола бермейтін), ол сондықтан да, кейде тәтті арманға беріліп кеткен кездерінде, кішкентай дарын, тобығына түсетін ақ көйлек киіп, үлкен қара рояльда ойнап отырған баласын көру үшін, қолына шырақ ұстап қонақ бөлмеге түсетін.

Баласының аса қабілет иесі екенін жұрттың бәрі көруге тиіс деп ойлайтын, мұны сырт көз жандар, сезіне қарағанда көбірек ұғады деп есептейтін. Баласы үшін таңдап алған мектеп, шәкірттің "ішкі дүниесіне", дүниетанымына, ойлауына, өзіне-өзі үңілуіне көп көңіл бөлетіндігімен аты шыққан мектеп болатын. Аңыз ғып айтатындай, мұғалімдер үлкен үзіліс кезінде балалармен бірге ойнап кететін, — физиктің иығына жұмарланған қар лақтырылып, математиктің бүйіріне доп тиетін, ал директор бұл ойынды айқайлап құптап тұратын. Мұндай ойындар қазір тиылып қалған, бірақ сол бір дақпыртты даңқ жұрттың есінде. Баласының классикалық тәрбиешісі, Лужиннің қадірлі танысы, өзі де әп-әжептәуір өлеңдер жазып, Анакреонға еліктеп кітап шығарған әдебиеттен беретін мұғалім еді. "Келіп тұрыңыз, — деді ол, үлкен Лужин баласын алғаш рет мектепке алып барғанда, бейсенбіде, сағат он екі шамасында". Лужин келді. Басқышта ешкім жоқ екен, зал арқылы мұғалімдер бөлмесіне өтіп бара жатып, екінші сыныптан ду күлкі есітті. Сонан кейін оның аяқ дыбысы сары түстес паркет залында тіпті дүңкілдеп кетті. Мұғалімдер бөлмесінде, емтиханды еске түсіретін матамен жабылған үлкен үстелге еңкейіп тәрбиеші хат жазып жатыр екен.

Баласы мектепке барғалы бері, ол тәрбиешімен сөйлеспеген еді де, енді міне, бір ай өткеннен кейін келген ол тағатсыздана күтуден абыржып толқып тұр, — мұндай сезім оның басынан, студенттік форма киген жасөспірім кезінде, өзінің алғашқы хикаятын жіберген редакторға келген сәтте өтіп еді. Қазір де, сол бір кездегідей, үн-түнсіз мақтау күтіп тұрды (әдетте, басқа қалада, оянып кеткенде, әлі көзіңді ашпастан, бұрын көрмеген таң шапағын күтпейтін бе едің), алайда күші жетпесе өзі-ақ айтып аузына салатын, ол сөздердің орнына — бұлыңғыр, салқын сөздер есітті. Яғни баласын тәрбиеші әлі жөнді түсіне қоймағаны көрініп тұр. Құпия дарыны жөнінде тіпті де ауызға алған жоқ. Танауының екі қапталы қызара шұңғылданған боп-боз сақалды жүзін иіңкіреп, баппен ғана шынжырлы пенслесін алып, алақанымен көзін сүртіп, сөзді бастап кеткен тәрбиеші, баланың жақсы оқып кетуге мүмкіндігі бар екендігін, оның басқа балалармен тіл табыса бермейтіндігін, баланың үзілістерде аз ойнайтынын... айтып кетті. "Баланың қабілетті екені күмәнсіз, — деді тәрбиеші, көзінен қолын алып, — бірақ босаңдық та байқалады". Осы сәтте төменнен қоңырау даусы шықты да артынша бүкіл ғимаратты күмбірлетіп жіберді. Осыдан кейін екі-үш секунд тыныштық орнады да, кенет айналаның бәрі абыр-сабырға, шуға парта қақпақтарының тарсылына, зал ішіндегі сөздердің гуіліне, жүгіріске толып кетті. "Үлкен үзіліс, - деді тәрбиеші. — Аулаға шығайық, балалардың қалай көңіл көтеретінін көресіз".

Олар тас басқышты қуалап, жып-жылмағай әр тепкішектің ернеуіне тайып кете жаздап төменге түсті. Төменде, қараңғы, тар киім ілгіш жанында балалар киімдерін ауыстырып әлек: кейбіреулері кең терезе алдына шығып аяқ киімдерінің бауын байлап ысылдап-пысылдап жатыр. Кенет ол еңкейіп, қапшықтан етігін шығарып жатқан баласын көрді. Бір бала оны асығыс итеріп жіберіп еді, ол шеттеп кетті де әкесін көрді. Әкесі оған күлімсіреп қарап, қолының қырымен қалпағының төбесіне қажетті ойық жасады. Арқасын әкесіне беріп, еденге отыра қап етігімен боп кетті; киініп алғандары оны аттап өтеді, сондайда ол бұрынғыдан да бүріліп, қараңғыға сіңіп бара жатқандай болады. Ақырында ол ұзын сұр пальтосы мен қаракөл қалпағын киіп (оны сол бір еңгезердей бала қайта-қайта қағып түсіреді) шыққанша, әкесі ауланың түкпіріндегі қақпа жанында оны тағатсыздана күтіп тұрды. Футбол ойнап жүрген балалардың резеңке добы оның аяғына домалап келіп қалған кезде, қасында тұрған әдебиет мұғалімі, ойынға беріліп кеткендей, допты теппек боп, бір орнында тапырақтап көбісін түсіріп ала жаздап, онысына мәз боп күлді. Әкесі оны шынтағынан ұстап қалды. Ал кіші Лужин, осы бір сәтті пайдаланып, киім ілгіштердің тасасында швейцар маужырап есінеп, тып-тыныш бола қалған ауыз бөлмеге қайта оралды. Ол жұлдыз үлгілі темір тор қағылған есіктің шынысы арқылы, әкесінің кенет биялайын шешкенін, тәрбиешімен шұғыл қоштасқанын, қақпадан әрі өткенін көріп тұр. Тек сонда ғана ол сыртқа шығып, ойнап жатқандарды айналып, сол жақтағы отын жиналған арканың астына өтті. Жағасын көтеріп, отын үстіне отыра кетті.

Оны шетелге алып кеткенге дейін, екі жүз елуден астам үлкен үзілісті ол осылай өткізді. Кейде тәрбиеші аяқ астынан бұрыштан шыға келеді. "Лужин, сен неге отырасың да қоясың, Балалармен ойнасаң қайтеді". Лужин орнынан тұрып, арка астынан төрт бұрышты аулаға беттеп, тәрбиешінің жоқ кезінде тіпті құтырып кететін бірер сыныптастарынан әрірек болатын ыңғайлы жер іздеп аяғын бір-екі басады да, зуылдап ұшқан доптан жалт бұрылып, тәрбиешінің алысырақ кеткеніне көзі жеткен соң, қайтадан орнына келіп отыратын. Ол бұл орынды алғашқы сол бір лағнет атқыр күні-ақ, айналасынан бетімен кеткен дарақы алыс-жұлысты байқаған, қай жаққа қараса да көзіне ыстық лай құйылып кеткендей болатын күні-ақ сезінген болатын, — бүкіл болмыс-бітімі төңкеріліп түскен-ді. Көгілдір тордағы парақ бетін тұман басты; қара тақтадағы ақ цифрлар кейде бір тұтам боп, кейде жайылып кетеді; мұғалімнің даусы ақырын-ақырын алыстап бәсеңдейді де, түсініксіз күбірге айналады, ал парталас көршісі зеңбірек-түтікпен бетіне бір атып жіберіп, баяу ғана нықтап: "Қазір жылайды" — дейді. Ол бірақ жыламайды, тіпті ол бәрі жабылып оның басын сары көпіршіктер кілкіген раковинаға тықпақ болғанда да жылаған емес. "Мырзалар, — деген тәрбиеші алғашқы сабақтардың бірінде — сендердің жас достарың — жазушының баласы. Сендер оны әлі оқыған жоқсыңдар, бірақ оқисыңдар". Сонан кейін саусақтарымен борды үгілгенше басып тақтаға ірі әріптермен: "Антошаның басынан өткендер, Сильвестр баспасы" деп жазып қойды. Осыдан кейін екі-үш ай бойы оны, Лужинді Антоша атап кетті. Ал әлгі содыр сыныпқа әкесінің кітабын құпия әкеп, сабақ үстінде басқаларға тасалап көрсетіп, Лужинге көзінің қырымен аярлана қарады да, сабақ аяқталған соң, ортасын ашып сөздерді әдейі сақауландырып оқи бастады. Оның иығынан қарап тұрған Петрищев парақты ұстаймын деп жыртып алды. Ал Кребс асыға-үсіге: "Менің папам бұл жазушыны екінші сортты жазушы" дейді. Громов айқай салды: "Антошаның өзі бізге дауыстап оқып берсін". "Одан да әрқайсымызға жапырақтап бөліп берейік", — сыныптағы сайқымазақ таңдайын тақ еткізді, сонан кейін-ақ қызғылт-алтын түспен безендірілген кітаптың пора-порасы шықты. Парақтар сынып ішіне шашылып қалды. Беттердің бірінде көгілдір көзді гимназист көшенің бұрылысында өзінің тамағымен қаңғыбас итті тамақтандырып тұрған сурет бар еді. Келесі күні Лужин оны парта қақпағының ішкі жағына мұқият жапсырылғанын көрді.

Көп ұзамай оған тиісуді қойды, тек анда-санда лақап атын атағанмен, бірақ оған үн қатпаған соң, ол да ұмытылып кетті. Лужинге көңіл аударуды қойды, онымен ешкім де сөйлеспейді, тіпті сыныптағы ең момын (әдетте, ондай бала — етжеңді, күшті мысқылшыл болып келеді) баланың өзі оның жұрттан саяқ қалғанын бөлісуге жарамады. Алты жыл өткеннен кейін қатерлі барлаудағы ерлігі үшін Георгий кресін алған, сонан кейін азамат соғысы жылдарында қолын жоғалтқан сол момын бала, мектепте Лужиннің қалай болғанын (өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында) есіне түсіргісі кеп, қайсы бала екенін, сыныпта оған арқасын беріп отыратын құлағы қалқиған бала ма, жоқ әлде қолын қалтасына сап, арқасындағы сөмкесіне қар қонған, үйіне тарантаспен қайтатын бала ма, қайсысы екенін көз алдына келтіре алмады. Ол, есіне түсіргісі кеп, ойша оның алдына шығып жүзіне қарағысы келеді, бірақ зердесі мен жадын жылдардың толассыз жауған қалың қары басып қалыпты. Сол бұрынғы момын бала, бүгінде сабырсыз эмигрант Газеттегі портретке қарап отырып: "Оның жүзі мүлде есімде жоқ.. Мүлде есімде жоқ..." — деді.

Сағат төрттер шамасында терезеге қарап отырған үлкен Лужин шанамен келе жатқан баласының жүзі аппақ шүберектей болып кеткенін көрді. Баласы, әдеттегідей, оның кабинетіне кіріп, оған бетін тақағанмен, тек ауаны қармап шөп еткізіп сүйді де, шұғыл бұрылып кетті. "Тоқтай тұр — деді әкесі, — тоқтай тұр. Бүгін ие болғанын айтшы. Шақырды ма?"

Ол бетін бері бұрған баласына қадала қарап, оның иығынан тартып, боп-боз жүзінен, солыңқы самайынан сүйгісі кеп кетті Сол бір алғашқы мектептегі қыста доктордың айтуымен кішкентай Лужиннің мышьяк себілген үстінен сарымсақтың иісі бұрқырап шығып тұратын. Оның тісінен платин сымын алып тастаған, бірін ол, содан қалған әдетпен, үстіңгі ернін қозғап қасқа тістерін ақситып қояды. Ол төменгі жағы түймелі қысқа шалбар, артында белдікшесі бар ағылшын костюмін киген. Ол бір аяғына салмағын салым үстел жанында тұр, ал әкесі оның мызғымай қатып қалған жүзіне қарап, дәрмен көрсете алар емес. Баласы сөмкесін кілеммен сүйретіп кетіп бара жатты; үлкен Лужин көгілдір мектеп дәптерлері жатқан (болашақ мемуаристер осынысын айтар деген ниетпен) үстелге шынтағын тіреп, жазып отырған хикаятын тоқтатып, қапталындағы асханадағы әйелінің, тыныштықта, какао ішуге үгіттеген монологына құлақ тосты. "Балам қиын, — деп ойлады үлкен Лужин. Ол ауырады, оның жаны дертке ұшыраған... Мектепке барғаны бекер болды ма екен. Бірақ басқа балалардың ортасына үйренуі керек қой... Жұмбақ... Жұмбақ..."

"Ең болмаса кекс жеші", — қабырғаның арғы жағындағы дауыл жалбарына шығады, — тағы да тыныштық. Бір пәлекет басталды аяқ астынан шиқылдаған қарлығыңқы дауыс шығып, дауыл соққандай есік тарс жабылды. Ол орнынан атып тұрып қолына қаламын жебе құсатып қысып ұстаған күйі асханаға кіріп барды. Әлі дірілдеген қолымен дастарқан үстінде төңкеріліп жатқан шыны ыдыстарды сынып қалған жоқ па екен деп қарап жатыр. "Meн одан мектеп жайын сұрадым, — деді әйелі күйеуіне көз салмай, — оның жауап бергісі келмеді, — сонан кейін, міне... жын ұрғандай..." Исі де құлақ түре қалды. Француз әйелі Парижге кетіп қалған, қазір өзінің бөлмесінде не істеп жатқанын ешкім де білмейді. Оның бөлмесіндегі ақ қабырға қағазының жоғары жағына сұр қаздар мен сары күшіктер салынған болатын. Қаз күшікке жақындап бара міне, осы сурет бөлме қабырғасында шыр айнала қайталана бере ( глобус пен бір кезде Вербеден сатып алынған тиіннің тұлымы тұр. Кресло астынан жасыл паровоз көрінеді. Бөлме ажарлы, жарық. Көңілді қабырғалар, көңілді заттар.

Кітаптар да жетерлік. Әкесі жазған, қызғылт-алтын түспен безендірілген кітаптардың бірінші бетінде әкесінің қолтаңбасы бар.

Ғаламның хайуанаттар мен адамдарды Антоша сияқты қадірлеу жанын шын ниетпен тілеймін", — үлкен леп белгісі. Немесе: "Бұл кітапты, балам, сенің болашағыңды ойлап отырып жаздым". Бұл таңбалар "Соқыр музыкант" немесе "Паллада" фрегаты" секілді жатады. Қалың ерінді, бұйра шашты баланың суреті бар Пушкиннің үлкен томының беті ешуақта ашылған емес. Оның есесіне апасы сыйлаған екі кітапты ғұмыр бойы сүйіп өтті, ұлғайтылған шыны арқылы қарағандай, жадына тұтып қалды. Бірақ біршама жылдан кейін, ол кітаптарды қайта оқып шығып, олардың қысқартылған нұсқа, құрғақ баяндау екенін көрді де, бейне бір кітаптар, бір кезде оның жанына өшпейтін із қалдырған мәңгілік өмірден кеш қалып қойғандай әсер етті. Бірақ оны Филеас Шоптың соңынан шұқшиып қалмау алыс сапарларға деген құштар болғандықтан, немесе, қыран тұмсықты ұзынтұра ізшінің скрипкада әсіріле ойнайтын Бэккер-стриттегі оның үйінен еліктіріп әкеткені жайлы оқиғаларға деген балалық бейімділіктен емес еді. Тек кейінірек қана бұл екі кітаптың оны неге толқытқанын түсінді: әрі дұрыс, әрі қатыгездікпен дамитын өрнектер, — цилиндрлі ма екен Филеас (бірде миллионға піл сатып ап, бірде кеме үстінде жартысы жанып мтстің жанармайға шығынданып өзін-өзі ақтайтын құрбандықтарға баратын шырғалаң жолдардан өтеді; логикаға аңсарлы әсер қоятын Шерлок, бүкіл сигара түрлерінің күлі туралы монография құрастырған Шерлок, сол күл, тұмар сияқты, мүмкін болған дедукцийлардың шытырман жолдарынан өтіп жалғыз жарқырап тұрған қорытындыға алып барады. Әке-шешесі Рождествоға шақырған фокусшының бойынан, уақытша болса да, Фогг пен Холмстың бөлмесін табуға болады, сол күні алған әсер, фокусшының кей тұста — жағымсыз қимыл-қозғалысын білдірмей жібергендей болды. Одан кейін-ақ аса сақтықпен сирек айтылатын "сенің мектептес достарыңды шақырайық" деген өтініштердің бәрі түкке аспайды. Бұлай ету әрі көңілді, әрі пайдалы болады деп ойлаған үлкен Лужин, балалары сол мектепте оқитын өзінің екі танысына айтып, онымен бірге алыстан қосылатын жақындарының екі момын, болбыраған балалары мен толық бұрымды қызды шақырды.

Матрос костюмді ол балалардан опа иісі шығып тұрады. Кіші Лужин балалардың екеуін, үшінші сыныпта оқитын, мектепте қалай болса солай киініп жүретін, нағыз сотқарлар Берсенев пен Розенді таныды. "Міне, — деді үлкен Лужин шаттана, баласының иығына қолын қойып (оның қолының астынан иығы жайлап сырғып шықты). — Енді сендерді жалғыз қалдырамыз, — танысыңдар, ойнаңдар, — сонан кейін шақырамыз, сюрприз болады", — деді. Жарты сағаттан кейін ол шақыруға келді. Бөлмеде — тыныштық. Мүйіс іс отырған қыз "Ниваның" қосымшасынан сурет іздеп аударыстырып отыр. Опаланған, өрттей қызарып кеткен Берсенев пен Розен дел-сал болған қалпы диванда отыр. Солбырайған жиендер бөлмені кезіп қабырғадағы ағылшын гровюраларын, глобусты, тиінді, үстел үстінде жатқан, баяғыда сынып қалған педометрді әйтеуір қараған боп тұр. Ақ тоқыма баулы матросқа киген Лужин болса теріс маңындағы вена орындығына жайғасып aп, бас бармағының тырнағын тістелеп, қабағының астымен қарайды. Бірақ фокусшы көңілін орнына түсірді. Тіпті келесі күні Берсенев пен Розен, кәдімгі өздерінің содырлық қалпына түсіп, мектеп залында оған жақындап, бастарын иіп, сонан кейін дарақылана қарқылдап күліп, бір-бірімен құшақтасып қасынан жөней бергенде де — тіпті сол мазақ еткендері де оның алған әсерін бұза алмады. Оның салқын өтініші бойынша қастары бір-бірімен қосылып кеткен — шешесі оған қонақ тарапынан қызыл ағаш түстес реңмен боялған үлкен жәшік йен мұқабасында қоянды құлағынан көтеріп тұрған медальді фрак кипи мырзаның суреті бар ғажайыптар оқулығын сатып алып берді. Жәшікте екі түпті сандықша, жұлдызды қағаз жапсырылған тақтайша, жартысы корольдер мен байлар да - жартысы мундирлі колир салынған дөрекі карталар, жиналатын цилиндр, не міндет атқаратыны белгісіз, екі ұшы ағашты жіп... бар. Әлем-жәлем сурси конверттерде суды көгілдір, қызыл, жасыл түстерге бояйтын ұштар да жатыр. Бәрінен де тартымдысы кітап болып шықты, Лужин одан бірнеше карта фокусын үйреніп ап, айна алдында тұрып, он сағаттар бойы өзіне-өзі көрсететін. Ол сол айлалы, дәл фокустан өзіне белгісіз рақат сезіміне бөленетін, солай бола тұра әлдебір құпияларды меңгеріп алуға әлі де бірдеңелердің жетпейтінін сезетін, мәселен, фокусшының ауадан рубль, немп Розеннің құлағынан жетілік шыбын алуын үйрене алмай-ақ қойды. Кітаптағы түсіндіру сөздерінің күрделілігі оның жынына тисін. Оның ұмтылғаны құпия қарапайымдылық, үйлесімді қарапайымдылық еді.

Рождествода жіберілетін оның үлгерімі туралы хаттың ескертпелер" тақырыпшасында оның енжарлығы, дәрменсіздігі қалғып-мүлгіп отыратындығы, қолапайсыздығы айтылып, башкирмен жиналғанда былай боп шығатын: орыс тілінен — "қанағаттандырылды", — оның ішінде математика да бар. Алайда, дәл осыны ол мұқабасына "көңілді математика" деп жазылған есептермен көп айналысып, сандардың сан құбылысқа түсетініне, геометриялық сызықтардың заңдылыққа бағынбайтын ойындары тамаша болатын. Ал олар мектеп тапсырмасында жоқ еді. Әсіресе, мысал есептегі параллель құпиясын ашатын көлбеу парақтың тік сызықтың бойымен сырғуы айрықша рақатқа бөлеуші еді. Барлық сызықтар сияқты тік сызық та шексіз еді, көлбеу сызық та шексіз, оның бойымен сырғып жоғары өрлей беру, мәңгілік арпалысқа түсу деген сөз, одан тайып түсу мүмкін емес, оларды болмыстарымен бірге қосылу нүктелері шексіздік бойымен әрі өрлей береді. Бірақ ол сызықшаның көмегімен оларды "'адам ажырататын: оларды бір-біріне параллель етіп қайтадан сызатынын, сол кезде ол алыс шексіздікте көлбеу сызықты ауытқытып Фип енінен ақыл жетпейтін апат, түсіндіріп бере алмайтын ғаламат болады да, ол ұзақ уақыт бойы, жердегі сызықтардың бәрі енді-естен айырылғандай, ал өзі сол биіктікте демін ішіне ап қалатын.

Кейде ол аз да болса құрастырылатын картиналарға қарап та табатын. Әуелде шеті тісті дөңгелектеніп қырқылған қарапайым ол жапырақ-жапырақ қиындылар бір-біріне жалғастырылып, пайда болған картинаны тіпті көтеріп тұруға болатын еді. Сол жылы ағылшын модасы үлкендер үшін де шытырман жиналмалы шыршалар жасап шығарды: әрқайсысы бір затты көрсететін, мәселен жай қарапайым шеңберден (болашақ көгілдір аспанның бірі) қырлары мен мүйістері көп мойнақтар мен ыдыстардан артқы формалар пайда болатын, және соларға қарап тұрып олардың түптің түбінде не боп шығатынына, қара ала сиырдың терісі ме, жоқ әлде құлағы мен қарақұсы анық көрініп тұрған бақташы аяғындағы таяқтың көлеңкесі ме, — әйтеуір басың жетпей далбасалағансың. Сонан кейін біртіндеп сол жағында сиырдың сауыры, оң жақтағы шалғында сырнай ұстаған қол шығады, ал көгілді пеш үстіндегі бос кеңістікке манағы шеңбер кіріге кетеді, ала қиындылардан құрала кеп, ең соңғы сәтте, дәл үйлесім тауып мықты картинаның дүниеге келгенінен Лужин толқып кететін-ді. Бірнеше мыңдаған бөлшектерден тұратын өте қымбат бастырғыштар болды; оларды жиен әпкесі, көңілді, мейірімді, (Крышашты жиен әпкесі алып келген, — ол залдағы үстелдің үстіндегі қиындыларға, бір-біріне кірігетін-кірікпейтінін алдын ала (төмен тексеріп, кейбір айрықша белгілер арқылы картинаның тегін біліп алуға тырысатын. Қонақтар шулап жататын көрші бөлмедегі жиен әпкесі: "Құдай үшін ештеңе жоғалтпа" дейтін. Кейде әкесі кіріп қиындыларға қарап тұрады да қолын үстелге созып: "Мынау, сөз жоқ, мына жерде жату керек" дейді, сонда Лужин, басын көтерместен: "Бос сөз, бос сөз, кедергі жасамаңыздар" дейді, — сонда әкесі оның кекіліне жайлап қана ернін тигізіп алтын түстес орындықтардың, шар айнаның, суға түсіп жатқан Фринаны бейнелейтін суреттің, рояльдің, үнсіз тұратын нән рояльдің жанынан өтіп бара жататын.

3

Тек сәуірдегі пасха каникулында ғана Лужин үшін, бейне бір тетігін бұрап өшіріп тастағандай бүкіл дүние үн-түнсіз қалған сол бір күні, оның бар өмірін бір бағытқа шоғырландырған, тас қараңғылық ішінде жарқырап көрінген, жаңа туған ғаламат, ғажайып арал пайда болды. Жалынан ұстаған бақыт, қалт тұра қалды: сәуірдегі сол күн демін ішіне алып қатып қалды, тек басқа бір жақта, басқа бір жазықтықта күндердің абыр-сабыры, қаланың көктемі, деревняның жазы жалғасып жатты, — оған мүлде қажетсіз бұлыңғыр ағысты тіршілік.

Бұл аяқ астынан басталды. Үлкен Лужин қайын атасының жылында үйінде музыкалық кеш ұйымдастырды. Оның музыкадан түсінігі шамалы еді, "Травиатаны" ұяла тыңдайтын, рояльға концерттердің басында ғана құлақ тосады да сонан кейін тыңдауды қойып, қара лактан көрініп тұратын пианистің саусақтарына ғана қарап отырады. Бірақ марқұм қайын атасы орындайтын репертуардан құралған бұл музыкалық кеш лажсыздан болған еді: газеттер мүлде үн-түнсіз қалды, — ауыр үнсіздік басты, — ал шешесі мұның бәрі, тірі кезінде әкесінің дарынын көре алмағандардың, енді өлгеннен кейін даңқын көзге ілмей қойғысы келгендердің жасап отырған қаскүнемдігі деді. Алды ашық қара көйлек киген, мойнында жарқ - жұрқ еткен бриллиант алқасы бар, толықша ақшыл жүзінен шуақты мейірім төгіліп тұратын ол қонақтарды аһлап-уһлемей-ақ әлденелерді шапшаң жұмсақ сыбырлап, ұяң, момақан қалыпта қабылдай жүріп, көзімен нымшасынан крахмал қабыршығы шығып, үй ішін жайлап басып кезіп жүрген, өзінің толықтығынан ептеп қысылатын, ақкөңіл күйеуін іздеп тұрды. "Тағы да жалаңаш шықты" — деп күрсінді көркем журналдың баспагері, жарық молынан құйылып, тіпті бұрынғыдан да жарқырап кеткен Фринаға өтіп бара жатып көз салып. Ол аяғына оралған кішкентай Лужинді басынан сипады. Лужин кері шегінді. Ту сыртынан "қандай үлкен боп кеткен" — деген дауыс естілді. Ол біреудің фрагының тасасына тығылды. "Жоқ, тоқтай тұрыңыз, тоқтай тұрыңыз — дәл төбесінен біреу күмпілдетіп қоя берді. - Біздің баспасөзге ондай талап қоюға болмайды". Тіпті де үлкен емес, қайта өз жасына қарағанда көп кішкентай ол, қонақтардың арасымен жүріп өзіне оңаша орын іздестірді. Кейде әлдебіреу иығынан тартып, түкке арзымайтын бірдеңе сұрайды. Зал, қатарластырылып қойылған орындықтардан тарылып кеткендей. Біреу есіктен нота юпитерін абайлап кіргізіп жатыр. Лужин ешкімге білдірмей әкесінің қап-қараңғы бөлмесіне өтті де, бұрыштағы диванға барып отырды. Екі бөлменің арғы жағындағы басқа залдан скрипканың нәзік сыңсығаны естілді. Ол, тізесін құшақтап, көшедегі газ шамынан төгілген көгілдір жарыққа толық жабылмаған перделердің арасындағы саңылау арқылы қарап, салғырт тыңдап отыр. Төбеден құпия доға жасап жеңіл сәуле өтеді, жазу үстелінің үстінен, не екені белгісіз, жарқыраған ноқат көрінеді: хрусталь жұмыртқаның, не сурет шынысының шағылысы. Ол қалғып бара жатыр екен, кенет үстел үстіндегі телефон шырылдап қоя берді де, селк ете түсті, сонда ғана ол, әлгі сәуле ноқаты — телефон тұтқасынан түсіп тұрғанын білді. Асханадан буфетші кіріп, жазу үстелін түгел жарқыратып жіберген шам жақты да, тұтқаны құлағына апарып, Лужинді көрместен, тұтқаны былғары мұқабалы дәптерге жайлап қойып, шығып кетті. Бір минөттен кейін бір мырзаны ертіп келді, ал ол шамның астында бір қолымен тұтқаны алып, екінші қолымен артында тұрған креслоның арқалығын сипап тұр. Қызметші алыстан естілген музыка даусын тұншықтырып есікті жапты. "Мен тыңдап тұрмын" - деді мырза. Лужин, қимылдауға қорқып, қараңғыда оған тесіле қарап, сол бөгде адамның әкесінің креслосына емін-еркін жайғасып алғанына өз-өзінен қысылып та отыр. "Жоқ, мен ойнап болдым", — деді ол жоғарыға қарап, аппақ тынымсыз қолымен үстел үстіндегі әлденені қозғап. "Мүмкін" — деді мырза. Лужин оны бір қырынан көріп тұр, мұрны тіл сүйегі сияқты, қара шашы, жып-жылтыр, қою қасты. "Мен, шынын айтқанда, неге бұл жаққа телефон соғып тұрғаныңды білмеймін, — деді ол баяу ғана, үстел үстіндегі әлденені түрткілеп. — Тек тексеріп қою үшін бе... Балалық", — деді ол, аяғындағы жалт- жұлт еткен туфлиін қозғап. Сонан кейін тұтқаны құлағы мен иығының арасына ып-ыңғайлы жатқыза қойды да, анда-санда "иә", "жоқ", "мүмкін" деп отырып, екі қолымен жаңа ғана түртіп отырған хатты алды. Ол, жуырда ғана әкесіне біреу сыйға тартқан, шағын ғана жып-жылтыр жәшік еді. Лужин оның ішінде не бар екенін әлі көре қойған жоқ болатын, содан да әлгі мырзаның қолын бақылап отыр. Бірақ ол жәшікті бірден аша қоймады. "Мен де, — деді ол, — қайта, қайта. Қайырлы түн, сүйіктім". Тұтқаны іліп, күрсінді де, жәшікті ашты. Алайда ол бұрылып кетті де, оның көлегейлеген иығынан Лужин ештеңе көрмей қалды. Ол жайлап қозғалып қап, еденге жастық түсіріп алды. Мырза жалт қарады. "Сен не істеп отырсың? — деді ол, күңгірт бұрыштағы Лужинге қарап. — Ой-ой-ой, тың тыңдағаның жақсы емес! Лужин үндеген жоқ. "Есімің кім?" — мырза достық көңілмен сұрады. Лужин диваннан түсіп, оған жақындады. Жәшікте ойылып жасалған әр түрлі фигуралар жатыр екен. "Әдемі шахмат, — деді мырза — папаң ойнай ма?" "Білмеймін" — деді Лужин. "Ал сен білесің бе?" Лужин басын шайқады. "Бұл енді дұрыс емес. Үйрену керек. Мен он жасымда жап-жақсы ойнайтынмын. Сен қаншадасың?"

Баяу есік ашылды. Үлкен Лужин аяғының ұшымен кірді. Ол, скрипкашы әлі де телефонмен сөйлесіп отырған шығар, сондықтан оған өте ізетпен, "Сөйлесе беріңіз, сөйлесіп болғаннан кейін жұртшылықтың сұрауымен тағы бірдеңе орындарсыз" деп айтуға дайындалып келген-ді.

"Сөйлесе беріңіз, сөйлесе беріңіз", — сол екпінмен сөйлей кірген ол баласын көріп үндемей қалды. "Жоқ, жоқ, болдым, — деді скрипкашы, орнынан тұрып. — Тамаша шахмат. Сіз ойнайсыз ба?" "Онша емес" — деді Лужин. (Сен мұнда неғып тұрсың? Бар музыка тыңда...) "Тамаша ойын, тамаша ойын, — деді скрипкашы жәшіктің қақпағын ықтияттап жауып жатып. Комбинациялар — әуен сияқты. Кейде мен жүрістердің сарынын есітем". "Меніңше, шахматқа үлкен математикалық қабілет керек сияқты, — деді үлкен Лужин асыға сөйлеп. — Бұл мәселеде менің... Сізді күтіп тұр, маэстро". "Одан да бір партия ойнап жіберсем ғой, — деді скрипкашы есікке беттеп бара жатып. — Құдайлар ойыны. Мүмкіндіктері шексіз". "Өте көне өнер, — деп Лужин баласына қарады. — Сен неғып тұрсың. Бар". Бірақ Лужин залға жетпей, есебін тауып, үстелдің үсті тамаққа сықап толған, асханада қалып қойды. Ол одан тарелкеге сэндвич салып ап, өзінің бөлмесіне кетті. Ол оны шешініп жатып, сонан кейін төсекте жатып жеді. Шамды сөндіргеннен кейін, мойнындағы алқасы жалт-жұлт етіп, оны көріп кету үшін шешесі келді. Ол ұйықтаған болып жатыр. Шешесі кетерде есікті сарт еткізіп алмайын деп, ұз-а-ақ абайлап жапты.

Ол келесі күні таңертең түсініксіз бір толқу сезініп оянды. Күн желді, бірақ ашық екен, сыртта көгілдір нұр ойнайды; көшеге төніп тұрған Сарай арқасына жақын жерде үш түсті полотно желмен қомпайып, олардың арасынан аспан да үш түсті реңмен көрінеді.

Әдеттегі мереке күндеріндей ол әкесімен қыдыруға шықты, бірақ бұл бұрынғыдай балалық шақтың қыдырысы емес еді: түс әдетінде күркірейтін зеңбірек оны енді қорқытпайды, бірақ әкесінің кешегі кешкі салтанатты еске ап, музыкамен айналысқан жөн болар еді деген сөзі көңіліне онша қона қойған жоқ. Таңертеңгілік дастарқанда кілегей пасхасының қалдығы (дөңгелек төбелі сұрғылт жатаған пирамида) мен үйілген тәтті тоқаш бар. Сондай сүйкімді, сары шашты, шешесінің шөбере сіңлісі жиен апасы, әдеттегідей, көңілді қалыпта Латамның жиырма бес рубльге өзінің "Антуанетесімен" қыдыртпақ болғанын айтты, ал ол ұшақ, міне, бес күннен бері жерден көтеріле алмай жатқан-ды. Ал бұл кезде Вуазен аспанға қайта-қайта көтеріліп, оның төмен ұшатыны сондай, ұшқыштың Кулагина тығып алған мақтасына дейін көрінетін. Лужин, неге екені белгісіз, алыс сапарға шығатын күнді қалай есіне тұтса, бұл ертеңгілікті де, бұл таңғы шайды да дәл сондай есіне ұстап қалды. Әкесі таңғы шайдан кейін алқабын сарғалдақ жапқан аралға кетсек жақсы болар еді деп сөйлеп жатқанда, жиен апасы бір қоқымды оның аузына лақтырып кеп қалғаны. Шешесі үн-түнсіз отырды да, тек екінші тағамнан кейін, орнынан тұрып, бұзылып кеткен жүзін жасырып, "ештеңе етпейді, ештеңе етпейді, қазір дұрыс болады" деп күбірлей қайталап шығып кетті. Әкесі орамалды үстел үстіне тастап, ол да кетіп қалды. Не болғанын аңғара алмай қалған Лужин, жиен әпкесі енді дәлізбен кетіп бара жатқанда, жатын бөлмеден шешесінің ақырын жылаған дауысын әпкесінің "фантазия" деп қайталаған сенімді үнін есітті.

"Бір жаққа кетіп қалайық", — деді көзі бір орнында тұрмай, қып-қызыл боп, жуасып қалған жиен апасы, — екеуі кабинеттен бір-ақ шығыпты. Былғары креслоның үстіне түсіп тұрған сәуле сызығында тозаң айналады. Ол темекі тартыпты, ал оның түтіні әлгі сәулеге жетіп қатталып жатыр. Жиен апасы отырғанда ол өзін еркін ұстайтын, қазір де ол өзін жақсы сезініп отыр: үй іші әлдене күткендей жым-жырт бола қапты. "Бірдеңе ойнасақ қайтеді, — деп асығыс сөйлеп кеп апасы оны ту сыртынан кеп мойнынан қысты. — Қарағым-ау, мойның қандай жіңішке..." "Сен шахмат ойнай аласың ба?" — Лужин абайлап тіл қатты да, басын алып қашып, жүзін оның гүлді жібек көйлегінің жеңіне төседі. "Алты карта ойнасақ қайтеді", — деді ол салғырт қана. Бір жерде есік сарт ете түсті. Ол қабағын тыржитып, дауыс шыққан жаққа құлағын тіге қалды. "Жоқ, менің шахмат ойнағым келеді", — деді Лужин. "Күрделі ғой, жарқыным, бірден үйрене алмайсың". Ол портрет артында тұрған жәшікті алмақ боп жазу үстеліне келді. Жиен әпкесі күлсалғыш іздеп орнынан тұрып, "сұмдық болар еді, сұмдық болар еді..." деп оның ойын білдіретін бір әуен айтып қалды... "Міне" — деп Лужин жәшікті бәкене түрік үстелінің үстіне қойды. "Тақтасы қайда, — деді әпкесі. — Мен саған одан да басқа нәрсе үйретейін, ол оңайырақ". "Жоқ, шахмат" — деп Лужин шұбар тақтаны жаза бастады.

"Алдымен фигураларды қойып алайық, — деді жиен апасы күрсініп. — Мына жақта ақтар, мына жақта қаралар. Король мен королева қатар тұрады. Мыналар — офицерлер. Мыналар — аттар. Ал шетте зеңбіректер. Енді..." Кенет ол фигураны ұстаған бойда, есік жаққа қарап қалшиды да қалды. "Тоқтай тұр — деді ол мазасызданып. — Мен осы орамалымды асханада қалдырып қойдым ғой деймін. Мен қазір келем". Ол есікті ашып, сол сәтінде қайта оралды. "Мейлі, — деді ол өзінің орнына отырып жатып. — Сен менсіз қойма, бәрін шатастырасың. Мынаны — пешкі дейді. Енді олардың қалай жүретінін қара. Ат, әрине секіреді". Кілем үстінде отырған Лужин әпкесінің тізесіне жантайып, фигураларды алып, оларды орын-орнына қойып отырған оның жіңішке платин білезікті қолына қарап отыр. "Ең жүрдегі королева" — деді ол, шаршы ортасынан сәл қиыс тұрған фигураны саусағымен ұстап масаттана. "Ал олар былай жейді, — деді әпкесі. — Міне, осылай тықсырады. Ал пешкілер былай: бүйірлеп. Корольді алар сәтті шах дейді, ал олардың қашар жері қалмаса - мат. Сен менің королімді алуың керек, ал мен сенің. Көрдің бе, қаншама көп түсіндіру керек. Бәлкім, кейін бір ойнармыз, а?". "Жоқ, қазір" — деп Лужин оның қолын сүйіп алды. "Жарқыным-ау, деді әпкесі, — неткен сергектік... Не болғанда да, жақсы баласын". "Ойнайықшы" — деді Лужин кілем үстімен тізерлеп жүріп кеп, үстел алдына тоқтады. Бірақ ол кенет бірнеше фигураларды құлатып орнынан атып тұрды. Есік аузында әкесі тұр еді.

"Өзіңе бар" — деді ол, баласына көзінің қиығымен бір қарап. Өмірінде бірінші рет бөлмеден шық деген сөзді естіген Лужин, тізерлеген қалпы аңтарылып тұрып қалды. "Естіп тұрсың ба?" — деді әкесі. Қып-қызыл боп кеткен Лужин, шашылған фигураларды іздей бастады. "Тезірек", — деді әкесі гүрілдеп, ол бұрын-соңды бұлай сөйлеген емес. Әпкесі фигураларды жәшікке асығыс-үсігіс сала бастады. Қолы дір-дір етеді. Бір пешкіні ұстай алмай әлек. "Ал, ала ғой, — деді жиен әпкесі, — алсайшы енді! Ол шұбар тақтаны асықпай жауып, қабағы тұнжырап, жәшікті қолтығына қысты, екі қолы да бос болмағандықтан есікті жаба алмады. Әкесі шапшаң жүріп кеп, есікті қатты жапқаны сонша, Лужин тақтаны түсіріп алды да, ішіндегілері шашылып қалды; ол оны қайтадан жинауға кірісті. Кабинет есігінің арғы жағында өлі тыныштық орнап тұрды да, кенет — ауырлықтан креслоның сықыры, жиен әпкесінің абыржыған сыбыры естілді. Бұл үй есінен адасқан шығар деген ренішпен Лужин өзінің бөлмесіне кірді. Ол, әпкесі көрсеткендей етіп фигураларды орын-орнына қойып, ұзақ қарап тұрды: сонан кейін оларды жәшікке мұқият түрде қайта салды. Сол күннен бастап шахмат осында қалды. Әкесі оны ұзақ уақыт бойы іздеген жоқ. Сол күннен бастап оның бөлмесінде, қалай ойнауын білмесе де, еліктіріп есті алған құпия ойыншық пайда болды. Сол күннен бастап жиен әпкесі олардың үйіне қонаққа келуді доғарды.

Бірнеше күннен кейін екінші сабақ болмай қалды: география мұғалімі тұмауратып қалыпты. Қоңыраудан кейін бес минөт өтті, ешкім келмеді, бақытты бір сәтті күтіп бәрі де ішінен тынып қапты, дәл осы кезде шынылы есік ашылып ішке әдеттегідей жүгіре басып геогроф кіріп келсе, жүректер жарылып кетердей еді. Тек Лужинге ғана бәрібір болатын. Ол партаға еңкейіп қарандашының ұшын инедей етіп ұштап отырған. Қуанышқа толы шу көтеріліп келе жатты. Бақытты сәт шынымен-ақ туа қалатындай. Кейде, адамды ал-дал ететін де шақ туады: ауырып қалған мұғалімінің орнына бәкене бойлы, жыртқыш математика есіктен кіріп келеді де, ызалана жымиып қара тақтаның алдындағы ойықтан бор таңдай бастайды. Бірақ он минөт өтті, ешкім келер емес. Шу күшейіп барады. Біреу бұл бақытқа шыдай алмай, партаның қақпағын сарт еткізді. Қайдан шыққаны белгісіз, тәрбиеші жетіп келді. "Тып-тыныш отырыңдар, — деді ол. — Қыбыр етпеңдер. Валентин Иманович ауырып қалды. Бірдеңемен шұғылданыңдар. Бірақ тып-тыныш отырыңдар". Ол кетіп қалды. Терезе сыртынан үлкен алба-жұлба бұлттар көрініп, тамшының тырсылы, бозторғайлардың шиқылы естіледі. Керемет сәт, рақат сәт. Лужин сол қалпында екінші қарындашын ұштауға кірісті. Громов тамсанып қойып, арасына бейпіл сөздерді қосып қырылдап бірдеңелер айтып жатыр. Кенет Лужин ту сыртынан ағаштың дік ете түскен айрықша даусын есітті де денесі ысып, жүрегі асқақтап кетті. Ол жайлап бұрылды. Сыныптағы жалғыз момын Кребс шағын шахмат тақтасына жеп-жеңіл фигураларды қойып жатыр екен. Тақта екеуінің арасындағы орындықта тұр еді. Олар бір-біріне қырын отыр. Лужин қарындаш үш — тауын қойып, оған жақындады. Ойыншылар оған қарар емес. Сол момын бала, көп жыл өткен соң, өзінің сыныптасын есіне түсірмек болғанда, осы бір болмай қалған сабақ кезінде ойналған партия, оның ойында жоқ еді. Күндер мен жылдарды шатастырып, ол өткеннен бұлыңғыр бір әсерлерді қанша тірілтпек болса да, Лужиннің мектепте шахматтан біреуді ұтқанын жадынан таба алмай-ақ қойды.

"Тура ұшты" — деді Кребс. Оның қолына қарап отырып, Лужин жиен апасы оған барлық фигураларды айтпағанын ұқты. Сөйтсе, тура дегенің зеңбіректің екінші аты екен. "Мен көрмей қалдым" — деді екіншісі. "Мейлі, қайта ойнай ғой".

Лужин бұл ойынға, музыкант айтқан жүйелі әуенді таба алмай, қыжырлы қызғанышпен, көңілі бітпестен қарап тұр, солай бола тұра, басқа корольдің лагеріне ешқандай шығынға ұшырамай ену үшін не істеу керектігін, қай жүрістің жақсы, қай жүрістің жаман екенін білмесе де, Лужин ол әуенді мынау екеуінен артық сезетінін біліп тұр. Оған, өзінің көкейге қонымдылығымен бір әдіс қатты ұнады: Кребс тура деп атаған фигура мен оның королі бірінің үстінен бірі аттап кетті. Сонан кейін ол, қара король, өзінің пешкілерінің арасынан шығып (біреуі тіс сияқты түсіп қалған), сасқалақтай олай бір, бұлай бір жүреді. (Шах — деді Кребс, — шах (король шах тағып алғандай ниетке қарай ытқып кетті), — былай да кете алмайсың, былай да — кете алмайсың. Сол кезде өзі де бір фигурасынан айрылып қап, жүрісін кері алғысы келді. Сыныптың кәнігі содыры Лужиннің желкесінен бір түйіп басқа қолымен тақтаны төңкеріп тастады. Лужин шахматтың қандай осал зат екенін екінші рет көріп тұр.

Келесі күні таңертең, әлі төсекте жатып, миға сыймайтын пішімге келді. Ол мектепке, әдетте, тарантаспен баратын да, жол жөнекей нөмірлерді мұқият қарап, оларды жекелеп бөліп керсі» кезінде алып шыға қою үшін, оларды жадына рет-ретімен жинай беретін. Бірақ бүгін мектепке дейін барған жоқ, толқу үстінде ол нөмірлерді есіне тұта алмады, жан-жағына үрке қарап Керуен көшесіне шықты да, мектеп маңынан қашып, айналма жолмен Сергиеевке өтті. Жол-жөнекей ол қолтығында портфелі бар, сіңбірініп, қақырынып ентелей басып мектепке қарай ұшып бара жатқан география мұғалімін көрді. Лужин жалт берген кезде, сөмкесіндегі құпия зат салдыр-гүлдір ете түсті. Тек мұғалім жанынан кісі құсап, сумаң етіп өте шыққанда ғана Лужин, оған тесірейе қарап тұрған үш балауызды әйелдің басы қойылған шаштаразының алдынан бір-ақ шыққанын білді. Ол демін алып дымқыл тротуардың бойымен, әр аттағанда өкшесімен бір плитаны басуға тырысып шапшаң жүріп кетті. Бірақ плиталардың ені әрқилы боп шықты да, жүрісі өне қоймады. Сонан кейін ол көшенің өзіне түсіп, былғанышқа қарамай тіке тартты. Ақырында ол балкондарды иығымен тіреп тұрған жалаңаш шалдары бар, кірер есіктеріне сурет салып отырған үйді де көрді-ау. Ол қақпаға бұрылып есігіне ақ кептерлер салған, екіншісі тарантас жуып жатқан аулаға өтті де, басқышпен көтеріліп, қоңырау шалды. "Әлі ұйықтап жатыр, — деді күтуші әйел оған таңдана қарап. — Мына жерде отыра тұрыңыз. Шамалыдан кейін оларға баян етейін". Лужин байыппен иығынан сөмкесін түсіріп, оны өзінің жанындағы үстел үстіне қойды. Ал онда фарфор сия сауыты, моншақ тігілген былғары дәптер және әкесінің бұл көрмеген суреті тұр еді, ол, қарап отырғанша деп, кілемдегі бояуларды санай бастады. Бұл бөлмеде ол бұрын бір-ақ рет болған, — Рождество кезінде, әкесінің жұмсауымен үлкен шоколад қорабын алып келген-ді, әрине, оның жартысын жол-жөнекей өзі жеп, жартысын біліп қоймайтындай етіп жайғастырған еді. Жиен әпкесі оның үйінде күні кешеге дейін күн сайын дерлік болатын еді, ал енді келуді қойды, оның мәнісін сұрауға, тыйым салынғандай, ақылы жетпейтін. Бояу санауды онға жеткізіп, көзін енді қамыстар мен ләйлік салынған пердеге аударды. Перденің екінші жағында да ләйлік бар ма екен деп ойлай бастағанда, шашы таралмаған, «көздері қанаттай кең халат киген жиен әпкесі кіріп келді. "Неғып жүрсің? — деді ол — Мектеп қайда? Түріңе болайын..."

Екі сағаттан кейін ол көшеге шықты. Іші бос сөмке иығында желп-желп етеді. Үйіне ерте барып қоймас үшін, әлі бір сағаттай жүру керек. Таврия бағына барды, иығындағы бос сөмке жынын келтіре бастады. Біріншіден, шахматты әпкесінің үйіне сақтыққа сап қалдырып кетті, бір жағынан екінші келуіне де сылтау бар; екіншіден, кешке қарай ол үйде де керек болар еді. Енді ол келесі жолы басқаша жасамақ.

"Үйдегі жағдайға байланысты" — деді ол келесі күні, оның неге мектепте болмағанын білгісі келген тәрбиешіге. Бейсенбі күні мектептен ерте кетіп қалды да, үш күн бойы сабаққа қатыспай қойды. Салмағым ауырып қалды деп сылтау айтты. Сәрсенбі – қайталау күні. Сенбі күні, үйден ертелеп шығып кетсе де, кешігіп келді. Жексенбіде, шешесін таңғалдырып, жолдасым шақырып еді деп, бес сағат бойы жоғалып кетті. Сәрсенбіде оларды ерте босатты (бұл бір көгілдір тозаң қалқыған, көп ұзамай оқу жылы бітетін, содан да енжарлық пайда болатын, сәуірдің аяғы еді), бірақ ол үйге әдеттегіден кеш оралды. Сонан кейін есін алып, рақатқа қалдырған — тұтас бір апта бойы сабаққа бармай қойды. Тәрбиеші болғанын білу үшін үйіне телефон соқты. Телефонға әкесі келді.

Лужин төрттер шамасында үйіне оралған кезде, әкесінің жүзі кемтапырық, көзі алайып кеткен, ал шешесі тілі байланып қалған, алқынып тұр, сонан кейін ышқыну мен қышқыру аралас есірік күлкі. Сәлден кейін есін жиған әкесі оны үн-түнсіз кабинетке алып барып, қолын кеудесіне қойып, не болғанын сұрады. Лужин ауыр, қымбат сөмкесін қолтығына қысып, еденге қарап отырып, жиен әпкесі опасыздық жасамас па екен деп ойлады. "Не болғанын айт", — деді әкесі. Ол опасыздық жасай алмайды, оның үстіне менің қолға түсіп қалғанымды ол қайдан біледі. "Айтпайсың ба? — деді әкесі. Жиен әпкесіне, мұның мектепке бармай жүргені ұнайтын да сияқты еді. "Тыңдай ғой, — деді әкесі бейбіт үнмен, -достарша сөйлесейікші". Лужин күрсініп креслоның қырына отырып, көзін еденнен алар емес. "Достарша сөйлесейік деді әкесі бұрынғыдан да жұмсара түсіп. — Сен мектепке әлденеше рет бармай қалыпсың. Қайда болғаныңды, не істегеніңді білгім келеді. Ауа райының жақсы екенін, адамның қыдырғысы кеп тұратынын мен де білем". "Иә, қыдырғысы келеді", — деді Лужин салғырт қана, тұнжырай түсіп. Әкесі қай жерлерде қыдырғанын, қыдыруға қашаннан бері құмар бола қалғанын білгісі келетінін айтты. Сонан кейін ол әрбір адамның, әрбір азаматтың, әрбір солдаттың, тіпті мектеп оқушысының да парызы бар екенін есіне салды. Лужин есінеді. "Өзіңе бар", — деп үмітін үзген әкесі кабинет ортасында ұзақ тұрып, есікке үн-түнсіз қарап қалды. Келесі бөлмеде тыңдап отырған әйелі ішке кіріп, диванға отырды да қайта жылай бастады. "Ол алдап отыр, — деп қайталады ол, — сен сияқты алдап отыр. Мені жұрттың бәрі алдайды". Ол иығын қиқаң еткізіп, өмір сүрудің ауырлығы туралы, парыз өтеудің қиындығы жайында, күн-түн өзіне тартып тұратын сол жерге бара алмай, онымен кездесе алмай қор боп жүргенін ойлап қамығып отыр. Қапалықпен күн кешу, басқа ештеңе де жоқ.

4

Қанша ашып қойсаң да, тіпті ең аптапты күндерде де іші көрдей дымқыл боп тұратын атасының бұрынғы кабинетінің терезесінің алдында бір-бірімен қойындасып шатасып кеткен шыршалар өсіп кеткен, — осы бір қараң қалған бөлменің жалаңаш үстелінің үстінде скрипка тартқан қола бала тұр, кітап шкабының аузы ашық, онда келмеске кеткен әдемі безендірілген журналдың жуан томдары. Лужин оларды тез-тез парақтады, — Коринфскийдің өлеңі мен көшпелі батпақтар, американдық сайқымазақтар, адам ішегінің ұзындығы туралы аралас мәліметтер арасына шахмат тақтасының да суреті салынған. Басқа картиналардың ешқайсысы — даңқты Ниагар сарқырамасы да, аштыққа ұшырап қарындары қампиып, қу сүйектері қалған үндіс балалары да, испан короліне жасалынған қастық та — Лужиннің көңілін аудара алмады. Өмір парақ сыбдырымен өтіп жатты, кенет қалт тұра қалды, — күткен шаршы тақта, этюдтер, дебюттер, партиялар.

Жазғы каникулдың басында жиен әпкесімен гүл жинап жүретін қарттың орны үңірейіп-ақ тұрды. Әсіресе, үстінен бірде шегіргүл, бірде інжугүл, жиен әпкесіне қандай гүл әкелсе, сондай гүлдің исі аңқып тұратын сол бір қарт айрықша еді. Ол үйге жиен әпкесі сағатына қарап үйден шығып кеткен бойда келе қалатын. "Несі бар, күтеміз" — дейді қарт, гүлдің бумасынан дымқыл қағазды алып жатып, ал Лужин шахмат тігіліп қойылған үстелге кресло жақындатады. Гүл көтеріп жүретін қарттың пайда болуы қолтығынан демеп жібергендей болды. Бірнеше күн қатарынан мектепке бармай ойнағанда-ақ жиен әпкесінің шахматтан әлсіз екендігі көрініп қалған. Оның фигуралары бір жерге опыр-топыр жиылып алады да, кенет ол жерден жалаңаш қалған король шыға жөнеледі. Ал қарт ойыншы еді. Алғаш рет жиен әпкесі биялайын киіп жатып, асыға-үсіге: "Өкінішке қарай, менің кетуім керек, бірақ сіз менің жиеніммен шахмат ойнаңыз, ал гүліңіз үшін рахмет!" — Сол алғашқы күні бір күрсініп ап, қарт: "Көптен бері мұны қолыма алған емес ем... ал, жас жігіт, — солы ма, оңы ма?" — деп сұрады, алғаш рет сол күні бірнеше жүрістен кейін-ақ оның құлағының ұшы дуылдап бара жатты, Лужинге бұл ойын, жиен әпкесі үйреткеннен мүлде басқа ойын боп көрінді. Қарт королеваны ферзі, тураныладья деп атап, қарсыласына аса қатерлі жүріс жасайды да, бейне бір қымбат аспаптың механизмін ашқандай, оны қайтадан кері тартып aп, қарсыласы қатерден қалай құтылу керек екенін көрсетеді. Алғашқы он бес партияны ол бір де бір ойланбастан, ешқандай қиындықсыз жеңді, он алтыншы ойында ол кенет ойланып отырып, зорға жеңіске жетті, ал соңғы күні, қарт бір бума сирень алып кеп, оны қайда қоярын білмей абдырап, ал жиен әпкесі өзінің жатын бөлмесінде аяғының ұшымен жүгіріп жүріп, сонан кейін жасырын есіктен шығып кеткен сол бір ең соңғы күні, ұзаққа созылған табанды тартыстан кейін, қарт мұрнын қайта-қайта тартып пысылдап отырып алғаннан кейін, Лужин бір биікке көтерілгенін, бір нәрсеге көз жеткізгенін, еркіндікке шыққанын, шахмат перспективасын бұлдыратып жіберген ойдың тар құрсауынан босанғанын сезінді. "Басқа шара жоқ, тең ойын", — деді қарт. Ол ферзіні, бұзылған машинаның тұтқасын қалай бұраса солай етіп, бір олай, бір бұлай қозғады да, тағы қайталады: "Тең ойын Үздіксіз шах". Лужин де тұтқа іске қосылып кетпес пе екен дегендей, тақтаға қарап әрі-бері қозғап, байқап көрді. "Алысқа барасыз, — деді қарт. Осылай жалғастыра берсеңіз, алысқа барасыз. Үлкен нәтиже. Бірінші рет көріп тұрмын... Өте, өте алысқа..."

Ол оған қарапайым жүйенің ретін түсіндіріп берді, ал Лужин журналда келтірілген партияны ойнап көріп, өзі үшін мәнді бір жұмбақ ашты; бірде әкесі дастарқан басында біреуге қайын атасының ноталарға қарап отырып бірде күлімсіреп, бірде қабағын түйіп, бірде бір сәтке кейінге оралып, бейне бір роман оқып отырғандай, сағаттар бойы партитураны оқып музыканың бүкіл қимыл-қозғалысын ұғатынына әлі түсінбейтінін әңгіме етіп айтқан еді. "Музыканы алғашқы нұсқасында үлкен ләззат жататын болу керек", — деген еді әкесі. Лужин дәл сондай ләззатты, жүрістерді көрсететін әріптер мен сандар арқылы басынан кешіп отыр. Ол алдымен партияларды ойнап көруді үйренді — өткен турнирлерден қалған мәңгі өлмейтін партиялар, — шахмат ноталарына бір қарап-ақ тақтадағы фигураларды оп-оңай жылжыта қояды. Сұрақ белгісі, немесе леп белгісі қойылған бір жүрістен кейін, оның не жақсы, не жаман ойналғанына байланысты жақша ішінде тағы да бірнеше жүріс көрсетілген, ал ең тиімді жүріс өзен сияқты тарам-тарам боп кетеді де, әрбір тарамды негізгі арнаға қайта қосылғанша қалт жібермей бақылап отыру керек. Жеңіліс пен жеңістің мәнін көрсетіп беретін, ойға тұтылып қалатын бұл жүрістерді Лужин сол қалпында тақтаға көшіре салмай, ретті белгілер бойынша олардың үндестігін ұғуға тырысты. Енді ол ойнаған партияны тақтаны пайдаланбай-ақ оқи беретін болды: тақтасыз-ақ шұғылдануға тіпті оңтайлы болды, біреу-міреу келе жатқан жоқ па екен деп тыңдап әлекке түспейсің; ол есікті құлыптап қоятын да, ашса да амалсыздан ашатын, — дымқыл қаңырап тұрған бөлмеде не істеп отыр деп қарауға келген әкесі, баласының құлағының қызарып кеткенін, тұнжыраңқы, мазасыз қалпын көретін; үстел үстінде журнал томдары жатады, үлкен Лужин олардан баласы жалаңаш әйелдердің суретін іздеп жүрген жоқ па деп күдіктенетін де. "Сен неге есікті жауып қоясың? — деп сұрайды (кішкентай Лужин мойнын ішіне тығып, әкесі дәл қазір диванының астын қарап, шахматты тауып алардай зәре-құты қалмайтын). — Ауасы тастай ғой. Мына ескі журналдардан не қызық тауып жүрсің? Одан да, шыршалардың астында қызыл саңырауқұлақтар жоқ па екен, соны қарайық".

Қызыл саңырауқұлақтар бар боп шықты. Оның жұмсақ кірпіш түсті бөркіне шыршаның инелері жабысып, кей тұстарына шөп-шаламдар ұзын, жіңішке із қалдырған. Кейде астыңғы жағы шұрқ тесік болады да, оған сарғылт шырышты ұлу жайғасып отырады, үлкен Лужин оларды кәрзіңкеге салмастан бұрын, бәкісімен жуан, шұбар-сұр тамырларды мүк пен топырақтан тазалап алады. Баласы оның соңынан бес-алты адым артта, шал құсап, екі қолын арқасына ұстап келе жатады, ол саңырауқұлақ іздемек түгілі, әкесі ысылдап-пысылдап қазып алған саңырауқұлақтарға да көз салмайды. Кейде аллеяның түкпірінен, өзіне онша қона қоймайтын мұңлы ақ көйлек киген, толық сұр түсті шешесі, бірде күнге, бірде көлеңкеге түсіп, ақ туфлилі аяғының астындағы құрғақ жапырақтарды сыбдырлата кешіп оларға асыға басып келе жатады, маусымның бір күнінде, веранданың басқышында тайып кетіп аяғын шығарып алды да, ұзақ уақыт жатып қалды, - бірде күңгірт жатын бөлмеде, бірде верандада, алқызыл халатты, опаланған, қасындағы үстел үстінде кәмпит толы ваза. Аяғы көп ұзамай жазылып кетті, бірақ ол өмірдегі менің маңдайыма жазғаны осы дегендей, орнынан тұрмай жатып алды. Ал жаз аса аптапты болды да, маса мазаны алды, өзен жақтан суға түсіп жатқан қыздардың шыңғырған дауыстары шығады, осындай күндердің бірінде, шыбын-шіркейлер сатал-сатал аттардың әлі есін кетірмей тұрған таңертеңгілікте үлкен Лужин қалаға кетті. "Түсінсеңші. Менің қалайда Сильвестровпен кездесуім керек, — деген ол жақында ғана алған тышқан түстес халатын киіп, жатын бөлмені әрі-бері кезіп жүріп. — Өзің қандай қызықсың. Бұл өте маңызды. Өзімнің де еш жаққа шыққым жоқ". Бірақ әйелі жастыққа бетін басып жатып алды, тек оның толық, қорғансыз жотасы солқ-солқ етеді. Ол ертесіне бәрі бір кетті, — бақ ішінде тұрған баласы, бақты жолдан бөліп тұрған пәкене шыршалардың арғы жағында кетіп бара жатқан ат айдаушының сұлбасы мен әкесінің қалпағын көріп қалды.

Сол күні ол үйге сыймай кетті. Көне журналдағы барлық партиялар зерттелген, барлық есептер шығарылған, енді өзімен өзі ойнау ғана қалды, ал бұл фигураларды үздіксіз ауыстырумен, ақырында тең түсумен аяқталды. Күн күйіп тұр. Құм үстінде веранданың үш бұрышты көлеңкесі жатыр. Аллея іші күн көзінен шұбарала, егер көзіңді сығырайтып қарасаң, олар бірде жарық, бірде күңгірт, бірде шаршы боп мың құбылады. Скамейкалардың астындағы көлеңке ұзын-ұзын тор сияқты. Бақтың төрт бұрышында тұрған төрт бағана, бір-бірімен аңдысып тұрғандай. Сирек көзге түсетін қарлығаштар, әлденені шұғыл кесіп жүрген қайшылар секілді. Әбден іші пысқан ол, соқпақпен өзенді бойлап біраз жүрді, өзеннің арғы бетінен көңілді дауыстар естіліп, жалаңаш денелер көрінді. Бұтақтардағы құстар дегбірсіздене шиқылдап кетті де, ол секем aп, шұғыл кері қайтты. Ол бір өзі, үстінен үнемі кофе иісі шығып тұратын сарғылт өңді экономка кемпірмен бірге шай ішті. Сонан кейін қонақ бөлмедегі диванға ұзынынан созылып бақтағы құстың сайрағанын, терезеден, кіріп кеткен араның ызыңын, төмендегі шешесінің бөлмесінен әкеле жатқан ыдыстардың сылдырын естіп жатты, осы бір дыбыстардың бәрі оның қалғып-мүлгіп бара жатқан сәтінде қайта жаңғырып, күңгірт фонда әрі күрделі, әрі ашық ою-өрнектерге айналды да, оларды тарқатпақ боп жатып, ұйықтап кетті. Оны шешесі жіберген қызметші әйел оятты. Жатын бөлме күңгірт, көңілсіз екен; баласы өзіне-өзі тығылып, басын алып қаша берді де, оны жіберуге тура келді. "Маған бірдеңе айтсаңшы", — деді ол баяу ғана. Ол тізесін шұқылап, иығын қиқаң еткізді. Ештеңе айтқың келмей ме, — деді шешесі одан сайын баяулап. Ол түнгі үстелге қарап, одан кәмпит ап аузына сап сора бастады — екіншісін, үшіншісін, тағы, тағы да алды, көп жегені сондай, аузы көбіктеніп, көпіршіп кетті. "Ал, ал, қанша алғың келсе, сонша ал" — деп сыбырлап, қолын созып, оны сипағысы келді. "Биыл сен мүлде күнге күйген жоқсың, мына жерде сондай өлі жарық, әлде жөнді байқай алмай тұрмын ба. — Пердені көтерші. Жоқ, тоқтай тұр. Кейін". Кәмпитті әбден сорып боп, ол кетуге рұқсат сұрады. Шешесі оның қазір не істейтінін сұрап, жетіде келетін пойыздан әкеңді күтіп алғың келмей ме, деді. "Мен кетейінші, — деді ол. — Сізден дәрі иісі шығып тұр".

Мектептегідей басқыштың бойымен сырғанағысы келді, бірақ текпешектер тым биік боп шықты. — Басқыштың астындағы, әлі жете зерттеле қоймаған шкаптан журналдар іздестірді. Журнал бар екен, одан дойбы бөлімін тапты, бірақ шахмат туралы ештеңе жоқ екен. Қолына, еңлік гүлдер мен алқызыл жапырақтар жапсырылған альбом-гербарий, қайта-қайта түсе берді, онда баланың қолымен сұрғылт көгілдір етіп, шешесінің қазіргі жазуына мүлде ұқсамайтын қолтаңба сақталыпты: "Давос, 1885 ж.", "Гатчина, 1886 ж.". Ол шашылып жатқан кітаптардың арасына жүрелеп отыра қап жапырақтар мен гүлдерді беттерден сыдырып, тозаңнан түшкірумен болды. Сонан кейін басқыштың астына қараңғылық жиналды, ол кайта ақтара бастаған журналдардың парақтары майлы біркелкі түске айналып кетті де, кейбір жайылып көрінген картиналар шахмат есептері сияқты көрініп, көзді алдай бастады. ол кітаптарды шкаптың ішіне қалай болса, солай тыға салды да, буфетшінің керосин шамын жағып жатқанына қарағанда сегіз боп қалған болу керек деп, қонақ бөлмеге келді. Бір қолымен таяққа, бір қолымен басқыштың қанатына сүйеніп шешесі ауырлап түсіп барады, жүзінде үрей бар. "Әкеңнің әлі келмей жатқанын мен түсінбеймін" деп ол, зорға қозғалып верандаға шықты, әне жер, мына жерінен шам жарығы түсіп тұрған шырша діңгектерінің арасынан жолға қарап тұр.

Ол тек онға таман келді, сөйтсе, пойыз кешігіп қалыпты, жұмыс көп болған, баспагермен тамақ ішкен, жоқ, жоқ сорпаның қажеті жоқ. Ол күліп, даңғырлап сөйлеп, емен-жарқын тамақ жеп отырды, Лужин кенет, оның осында отырғанынан біртүрлі секем алғандай, әкесінің одан көз алмай қарағанын байқап қалды. Түскі тамақ кешкі шаймен жалғасып кетті де, шешесі шынтағымен үстелге сүйеніп үн-түнсіз таңқурай салынған тарелкаға сүзіле қадалып қалды, әкесі неғұрлым желпіне түскен сайын, оның көзі де соғұрлым кішірейіп сүзіле түсті. Сонан кейін ол орнынан үнсіз тұрды да кетіп қалды. Ол верандада әкесімен жалғыз қалды да өзіне қадалып қарап отырған жанардан сескеніп, басын көтеруге қорықты.

"Уақытты қалай өткіздіңдер? — деді кенет әкесі. — Немен шұғылдандыңдар?" "Ештеңемен", — деді Лужин. "Ал енді немен шұғылданбақсыңдар?" — деді үлкен Лужин даусын баласының даусына сап қалжыңдай сөйлеп. — Жатасыз ба, жоқ әлде менімен отыра тұрасыз ба?" Лужин маса өлтіріп, бір қырындап, көзінің ұшымен әкесіне қарады. Әкесінің сақалына қоқым ілініп қапты, ал көзі жөнсіз күлім-күлім етеді. "Білесің бе? — деді ол, қоқым секіріп кетті. — Білесің бе? Бірдеңе ойнап жіберсек. Мәселен, мен сені шахматқа үйретейін?"

Ол баласының қызарып кеткенін көрді де, оны аяп, асығыс: "Немесе алтылық ойнайық — үстелде карта бар". "Бізде шахмат жоқ", — деді Лужин, әкесіне тағы да сақтана қарады. "Жақсысы Петерборда қалды, — деді әкесі байыппен, — бірақ шатырда ескісі бар. Жүр, барып қарайық".

Шынында да — әкесі жоғары ұстап тұрған шамның жарығымен, әртүрлі керексіз заттардың арасынан тақтаны алып шығып, мұның бәрі бұрын да бір қайталанғанын есіне алды, — бүйірінде шегесі сорайған ашық жәшіктің ішіндегі шаң басқан кітаптар, ортасында сызаты бар ағаш тақта. Жылжымалы қақпағы бар бір қорап та табылды, онда жіңішке-жіңішке шахмат фигуралары жатыр. Ол шахматты іздеп жатқанда да, оны верандаға алып барғанда да, әкесі шахмат туралы әңгімені кездейсоқ бастады ма, жоқ әлде бірдеңені сезді ме екен деген ой Лужиннің басынан шықпай қойды, — бірақ оның басына, кейде шахмат есебін шешіп жатқанда, ол жүрістің кілті өте бір қиында жатқандай боп көрінгенімен, іздей келгенде қарапайым ғана боп шығатыны келе қоймап еді.

Енді, міне, жарық үстелдің үстінде, шам мен айранның арасына қойылған тақтаны әкесі газетпен сүртіп жатқанда, Лужин үрейді, құпияны ұмытып, егер шын берілсе, өзінің өнерін көрсете алам деген ой оны тебірентіп, толқытып бара жатты. Әкесі фигураларды қоя бастады. Бір пешкінің орнын кішкентай көгілдір бөтелке қойылды, ладьяның орнына тағы бір шыны басты, аттардың басы жоқ боп шықты, қорапты ақтарып төккен кезде шыққан аттың басы мүлде басқа екен. Бәрі орын-орнына қойылып болғаннан кейін Лужин батылсыздау ғана: "Мен ептеп білем" — деді: "Саған кім үйретті?" — деп сұрады әкесі, басын көтерместен: "Мектепте, — деді Лужин. — Кейбіреулер ойнайтын". ."А! Тамаша, — деді әкесі. — Онда бастаймыз ба..."

Ол шахматты жасөспірім кезінен білетін, бірақ сирек, қалай болса, солай, ойыншы таңдамай ойнай беретін, — кешкілік пароход үстінде, бір кезде ағасы қайтыс болған шетел санаториясында, — бірақ олардың бәрі аңғалдық пен жеміссіз ойға құрылған кездейсоқ партиялар еді, ол ойындар оған демалуға, немесе сөзің жараспайтын адаммен бірге уақыт өлтіруге қызмет етті, — шабытсыз, намысқа шаппайтын, тез аяқталатын жүйесіз партияларды, ол әдетте қарсыласының жүрісіне мүлде мән бермей, біркелкі бастайтын. Ұтылғанына ешқашан өкініп көрмеген ол, ішінен, жақсы ойнаймын деп ойлайтын, ал ұтылғанын тек салғырт ойнағанынан, мән бермегенінен, немесе ойынды жандандырып жіберу үшін батыл жүрістер жасағанынан көретін де, егер шындап кетсе, оқулықтағы кез келген гамбиттің өзін ешқандай теориясыз-ақ тас-талқан етердей сезінетін. Баласының шахматқа деген құштарлығы оны таңғалдырып қана қоймай, оның пешенесіне жазылған тағдырдай боп көрінді, — фигураларға еңкейсе-ақ болды маңдайы керіліп, кеңейіп кеткендей болатын, қап-қараңғы жазғы түнде жарық верандада, мына балаға қарама-қарсы отыру әрі қорқынышты, әрі бір түрлі еді, — әрі қорқынышты, әрі бір түрлі бола тұра, ол шахмат жүрістеріне өзінің ойын жинақтай да алмай отыр еді, өтірік ойланғандай боп, ұятты із қалдырған Петерборда өткен күн бұлаңдап басынан шығар емес, оған көп берілгісі келмей, баласының фигураларды ауыстырып жатқан жеңіл де, енжар қимылына қарап отыр. Бірер минөттен кейін баласы: "Егер былай болса, онда мат, былай болса, онда ферзіңіз кетеді" — деді. Әкесі ыңғайсызданып қап жүрісін кері алды да, кәдімгідей ойланып қалды, басын олай бір, бұлай бір бұрып, саусағын ферзіге жайлап жақындатып барады да, күйдіріп алғандай қайта тартып алады, ал баласы бұл кезде байыпты түрде, өзіне тән емес ыждаһаттылықпен алған фигураларын жәшікке салып жатты. Ақырында үлкен Лужиннің жүріс жасағаны сол еді, оның позициясының тас-талқаны шықты, сасқанынан кеңкілдеп күліп, королін жыға салды. Осылайша ол үш партия қатар жеңілді, ол егер он рет ойнаса да нәтиже осылай боп шығар еді, бірақ ол өзін тежей алар емес. Төртінші ойынның басында-ақ баласы оның жүрісін жақтырмай басын шайқап, әрі нық, әрі ересек үнмен: "Нашар жауап Чигорин. Пешкіні ал деп кеңес береді", — деді. Түсініксіз жағдайда, бар үмітін жоғалтып, ол бұл партияны да ұтылғанда, үлкен Лужин тап әлгіндей кеңкілдеп күліп, дірілдеген қолымен қырлы стақанға сүт құйып алды, стақан түбінде жатқан таңқурай сүт бетіне қалқып шықты да, алып тастағанға көнгісі келмегендей, шыр айналды. Баласы тақта мен қорапты жинап, тоқыма үстелдің бұрышына қойды да, немқұрайлы ғана "қайырлы түн" деп есікті жаймен жауып шығып кетті. "Несі бар, мұндайды күтуге болатын еді, — деді үлкен Лужин, саусағының ұшын орамалмен сүртіп жатып. — Ол шахматты ермек үшін емес, қасиет тұтып ойнайды екен".

Жүн-жүн, нән қоңыз шамға соғылып, үстел үстіне құлап түсті. Соққан желден бақ шулап тұр. Қонақ бөлмедегі сағат сыңғырлап он екіні соқты.

"Түк те емес, — деді ол, — бос фантазия. Көп балалар шахматты жақсы ойнайды. Таңғаларлық ештеңе жоқ. Бұл оқиғаның бәрі менің жүйкеме тиіп болды. Жиен әпкесі бекер қолдаған. Солай бола тұра..."

Ол қазір өтірік айтатынын, көңілін аулайтынын ойлап кетті, уақыт болса кеш...

"Ұйқым келіп тұр", — деді ол, бірақ креслодан тұрар емес.

Ертеңіне ертемен бақтың бір қараңғы түкпір қалыңына кірген кіші Лужин, әр түрлі керексіз сөздерден қашудың ең бір тиімді әдісі осы деп, жақсы шахматты жерге көміп тастады, оның үстіне емін-еркін пайдалануға болатын басқа фигуралар бар. Әбден құмарға кіріп алған әкесі, өзінен әлдеқайда жақсы ойнайтын тұйық мінезді докторға кетті де, түскі тамақтан кейін, кешке қарай, қолын ысқылап, онысының ерсілеу екенін біле тұра, — баласы мен докторды верандадағы үстел басына жайғастырып, кішкентай бөтелке үшін кешірім сұрап, фигураларды өзі тікті де, қапталға отырып беріле ойын қарауға кірісті. Серейіп-серейіп тұрған қалың қасын қозғап, жүн басқан жұдырығымен етті мұрнын азаптап, әрбір жүрісті ұзақ ойланып, алыстан қараса бейне бір жақсы көрінетіндей, кейде шалқайып отырып, көзін алайтып, сонан кейін тізесіне қолын қойып қайта еңкейеді. Ол ұтылып қалды да, тамағын қатты кенегенде астындағы кресло сықырлап кетті. "Жоқ, жоқ, — деді үлкен Лужин, — былай жүрсеңіз бәрі аман қалады, — сіздің жағдайыңыз әлдеқайда жақсы". "Мен шахта тұрмын ғой", — деп гүр ете түскен доктор, фигураларды қайта тіге бастады. Кейінірек, оны қараңғы бақ ішімен жарық түсіп тұрған соқпаққа дейін шығарып салып тұрып, үлкен Лужин өзі соншалықты естігісі келген сол сөзді есітті, енді ол сөздердің салмағы мұны жаншып жібергендей, — естімей-ақ қойғаны жақсы еді.

Доктор күн сайын кешке келетін болды, ол шынында да жақсы ойнайтын, солай бола тұра ол үздіксіз жеңілістің өзінен үлкен ләззат алатын. Ол шахмат ойынының оқулығын әкеп берді де, оған қатты беріліп кетуге, шаршамауға, таза ауада оқуға кеңес берді. Ол өзі көрген үлкен шеберлер туралы, жақында өткен турнир жайында, шахматтың өткен тарихы хақында, музыкадан да жақсы хабары болған ұлы Филидора туралы әңгімелеп берді. Кейде ол тұнжырай күліп, өзі айтқандай, "сый-сияпат" әкеледі, — бір жерлерден қиын алған құйтырқы есептер. Лужин оған үңіле қарап отырып, шешімін таба қоятын, ал шал болса жүзі айрықша жанданып, көзі бақыттан ұшқындап, дауыстап жіберетін: "Қандай тамаша! Қандай тамаша!" Бірақ ол есеп құрастырумен шұғылданған жоқ, өйткені кім-кімді де тықсырып, жаныштап жіберуге әзір, бойын кернеп тұрған күшті босқа рәсуа етіп шашқысы келмеді. Ол доктордың жүн басқан саусағы королін үздіксіз алып қашып, ақырында оның тақтаға қарап басын шайқап отырып қалатыны, ал әкесінің ол жеңген кезде әрі шошынып, әрі қуанатыны, осы бір аласапыран сезімдерден әбден шаршап діңкелеп, ат пен ладьяны алып, әлі де үміт бар деп, ешқандай нәтиже бермейтін ойынды соңына дейін ойнап көретін.

Басталды да кетті. Верандадағы осы кештер мен астаналық журналда Лужиннің суреті басылған күндердің арасында гүлдерге жаңбырын себелеген күз де, қалаға келгендері де, мектепке қайта оралғаны да, — ештеңе болмаған сияқты. Ол сурет, еш уақытта ұмытылмайтын шахмат клубына барғаннан кейін қазан айының бір күнінде пайда болып еді. Ол оқиға мен Петерборға келгенге дейінгі екі айдың арасын Лужин, кейінірек, қанша еске алғысы келсе де, сол бір шақ бұлыңғырланып, шатысып-бытысып кете береді, мәселен ол, мектепте өткен кешкі сауықтың қашан болғанын — онда ол жолдастарының көзіне түспей, бір бұрышта отырып ап, белгілі ойыншы география мұғалімін ұтқанын, — немесе әкесінің шақыруымен үйіне түскі тамаққа келген, барлық әлем қалаларын да жеңіске жеткен, қаусап қалған шахмат данасы, кейіннен жеңіл жүріске салынып азып-тозған, көзі суалған, жүрегі дімкәс, күш қуатын, қарымын, бақытын... жоғалтқан ақ шашты еврейді дәл қай уақытта көргенін айта алмайды. Лужин бір-ақ нәрсені анық біледі, — мектепте басынан өткен қорқынышты, оның дарынын біліп, оны келемеж ете ме деген қорқынышты, — кейінірек, осы бір естеліктен мұздай қаруланып алған ол, сол сауық кешінде ойнаған партиядан кейін, мектепке қайта бармаған сияқты, өйткені өзінің балалық шағындағы бүкіл үрейін есіне алса, ертеңгілік сыныпқа кіріп барған кездегі оған қадала қалған жанарларды мүлде көз алдына келтіре алмайды. Сурет шыққаннан кейін оның мектепке барудан бас тартқаны да есінде, сауық кеш пен сурет екеуі байланып қалған жадындағы түйінді тарқату мүмкін еместей, өйткені ол қайсысының ерте, қайсысының кеш болғанын айта алмайды. Журналды әкесі әкеп берді, ал сурет өткен жылы бақта ағаш үгіндісінің жанында түсірілген сурет екен, маңдайына жапырақ түсіп, қабағы қабаржып тұр, бұтында алдынан түймеленетін, балағы қуықтай шалбар. Әкесінің қуанғанынан басқа, ол ештеңе сезген жоқ, — бірақ дегенмен іштей қуаныш болды: осы оқиға мектепке баруды тоқтатуы сөзсіз. Оны бір апта бара тұр деп үгіттеді. Шешесі, әрине, жылады. Әкесі жаңа шахматты алып қоям деп қорқытты, — әсем тақтадағы үлкен фигуралар. Кенет бәрі де өзінен-өзі шешіле қалды. Ол үйден қашып кетті, — үстінде күзгі пальто, сәл ертерек сәтсіз қашудан кейін қысқы пальтосын тығып тастаған, — енді қайда барарын білмей (ұйытқып жауып үйдің иықтарына қонған қарды, жел сол сәтінде үрлеп ұшырып әкетеді), ақырында ол көктемнен бері көрмеген жиен әпкесіне тартты. Ол оны үйінің есігінің алдында күтіп алды. Әпкесі қара қалпақ киіп, қолына қағазға оралған гүл ұстап, қазаға бара жатыр екен. "Сенің кәрі қарсыласың қайтыс болды, — деді ол. — Бірге барайық". Ол жылы жерде отырудың қолайы келмегеніне, қардың жауып тұрғанына, жиен апасының бетпердесінің арғы жағында көз жасының жылтырап тұрғанына ызасы келді де, — жалт бұрылып, жөніне кетті, бір сағаттай жүріп, үйіне оралды. Ол қалай келген сәтін толық есіне түсіре алмайды, бәлкім, шын болған оқиға басқаша өрбіген шығар, өйткені ол сандырақтай да бастап еді. Лужин осылай бір апта бойы сандырақтап жатты, докторлар оны адам қатарына қосылмайды деп шешті, өйткені ол өте әлжуаз болатын. Оның ауырғаны осы ғана емес, дәл осы ауырғанының әсерін есіне ала отырып, одан да жас кезіндегі ауырғандарын ойына түсірді, әсіресе, оның есінен анық кетпейтіні, тіпті құйтақандай кезінде, өзінен-өзі ойнап отырып, корольді бейнелемек боп жолбарыс жолақты көрпе жамылған, — оның корольді бейнелемек болған себебі, тұла бойын қалшылдатып алып бара жатқан суықтан қорғанып көрпе жамылғаны содан, — содан кейін оның маңдайын ұстап, қолтығына градусник қойып, шұғыл түрде төсекке жатқызған. Бірақ олардың бірде-біреуі қазан айындағы шахмат ауруындай болған емес. Чигоринді көрген-ақ бас еврей, бір кезде көңілдене, қуақылана қарап, оған журналдар әкеп беретін, енді гүлдерге көмкеріліп өліп жатқан қарт, мат алып қап, серейген де қалған география мұғалімі, шахмат клубында түтінге оранған жап-жас жігіттер, бәрі оны қоршап апты, сондай-ақ неге екені белгісіз, телефон тұтқасын скрипка құсатып беті мен иығының арасына ұстап тұрған музыкант та сандырағының ішінде жүр.

Аяғынан тұрғаннан кейін әбден сылынып, сорайып шыға келген оны шетелге алып кетті. Алдымен ол Адриата теңізінің жағасындағы күн нұры молынан түсетін бақтың ішінде, енді ешкім де тыйым сала алмайтын, партияларды ойша есіне ап жататын, сонан кейін, -бір түрлі құйтырқы қоршаумен қоршалған, соқпақтармен әкесі қыдыртып жүретін неміс курортында болды. Он алты жылдан кейін ол осы курортқа соғып, гүлдермен қоршалып саз балшықтардан соғылған сақалды қарттардың бейнелерін, сондай-ақ аңғал жолаушы адасып кетпесін деп шамшат ағашының діңгегі мен қиылыстардағы жартастарға әр түсті майлы бояу жағылған (әр бояу қыдырыстың белгілі бағытын көрсетеді) жота басындағы қараңғы дымқыл орманды жазбай таныды. Сол кездегідей дөңес шыныға салынған інжудей көкпеңбек пресс-папье перламутрмен бірге бұлақ қасындағы дүкенде қызу түрде сатылып жатты, сол кездегі оркестр әлі де операдан папурри ойнап тұрғандай, дәл сол кездегідей үйеңкілер адамдар кофе ішіп, сыналап кесілген кілегейлі алма тортын жеп отырған үстелдерге жанды көлеңкесін түсіріп тұр.

"Сонау терезелерді көріп тұрсыз ба? — деді ол таяғымен қонақ үйдің шатырын нұсқап. — Сол жерде бұрын турнир ұйымдастырылатын. Оған мықты-мықты неміс ойыншылары қатысатын. Мен он төртте едім. Үшінші орын, иә, үшінші орын алдым".

Ол қолын тағы да жуан таяғына салып, өзіне әбден жарасатын бипаз қимылымен, бейне бір музыка тыңдап отырғандай, басын сәл иіп отырып қалды.

"Не? Қалпақ киуім керек пе? Күн жанып тұр дейсіз бе? Жоқ, маған ол әсер етпейді. Қойыңызшы, не керек? Біз көлеңкеде отырмыз ғой".

Бәрібір ол үстел үстімен ұсынылған сабан қалпағын алып, түбінен түртіп-түртіп қап киді де бір езуін қисайта күлді. Иә, иә қисайта күлді: бетінің оң жағы шамалы түріліп, оң жақ ернінің астынан темекі ысынан сарғайып кеткен, қисық-қыңыр тісі көрінеді, ол басқаша күле алмайтын. Оны қырық жаста деп айтпас еді, — мұрнының екі танауының астынан терең екі сызық тартылып жатыр, иығы солбырайған қушық, оның бүкіл болмысын кеселді бір ауырлық басқан, ол кенет шынтағымен арадан қорғанып орнынан шұғыл тұрғанда оның әжептеуір толық екенін көрер едің, — осы бір енжар, ерсі толық адамның бойында кіші Лужиннен ештеңе де қалмаған еді.

"Неғып маған жабысып қалды!" — деді ол жыларман болып, шынтағын көтере қорғанып, бір қолымен орамалын алмақ боп әбігерге түсті де қалды. Ара тағы бір айналды да ұшып кетті, ал ол оны біразға дейін көзімен шығарып сап тұрды да, орамалын қағып-сілкіп, сонан кейін металл орындықты қиыршық тас үстіне орнықтырақ қойып, құлап қалған таяғын көтеріп, ауыр дем алып орнына отырды.

"Неге күлесіңдер? Ара дегендер өте бір жағымсыз мақұлұқтар". Үстелге қарап қабағын түйді. Оның портсигарының қасына қара жібектен тігілген сопақша әйел сөмкесі жатыр. Ол абыржыңқырап оған қолын созды да, оның құлпын ашып-жаба бастады. "Нашар жабылады екен, — деді ол, көзін көтерместен. — Бір күні мұны түсіріп аласыз".

Ол күрсініп сөмкені қойып, сол бірқалыпты дауыспен: "Иә, өте мықты неміс ойыншылары. Бір австриялық болды. Менің марқұм әкемнің жолы болмады. Бұл жерде шахматтың иісі де жоқ деп кеп, тура турнирдің үстінен түстік".

Қосымша бірдеңелер салған болу керек, үйдің қанаты басқаша сияқты. Олар сонау көрініп тұрған екінші қатарда тұрды. Күзге дейін қалып, сонан кейін Ресейге қайтпақ болдық, ал әкемнің екінші рет айтуға батылы жетпей келген мектептің елесі тағы да қылаң бере бастады. Шешем жаздың басында-ақ қайта оралды. Ол орыс деревнясын өлердей сағынып жүргенін айтты, ал ол таусылмастан іркес-тіркес сол бір "өлердей" деген сөз күн сайын құлақтың құртын жеп, миды шаға бергендіктен болу керек, баласының ойында жатталып қалыпты. Солай бола тұра ол қинала айтатын-ды, — кетсем бе, кетпесем бе деген екі ұдай сезімде болды. Оның баласы екеуінің арасының алшақтауына біраз уақыт боп қалған-ды. Бейне бір баласы тым алысқа жүзіп кеткендей, ол осы бір есейіп қалған, газеттер жазып жатқан бозбала вундеркиндті емес, сол бір жып-жылы құйтақандай, сәл нәрсеге жерге құлай кетіп, аяғымен шыға келетін шалдуар баланы жанындай жақсы көреді. Осының бәрі соншалықты мұңлы, соншалықты қажетсіз едім станциядағы мынау селдір сирень де, норд-экспрестің жатын купесіндегі қызғалдақ үлгідегі шамдар да, алқымды буып, кеудені қысып жіберетін сәтте — күйеуі айтқандай, не талма, не жүйке ауруы. Ақыры шешесі кетті де, әкесі көңілденіп, басқа шағындау бөлмеге көшіп алды, сонан кейін кіші Лужин, онымен шахмат ойнаған ересек адамдардың ортасынан, яғни қонақ үйден қайтып оралып, бір күні деревня жақтағы шабындықта әкесінің бір әйелмен қыдырып жүргенін көріп қалды. Ал ол әйел ешқандай күмәнсіз петерборлық сары шашты жиен әпкесі еді, ол таңғалды, жерге кірердей ұялды, бірақ әкесіне ештеңе деген жоқ. Бірнеше күн өткеннен кейін, ертемен әкесінің дәліздің бойымен қарқылдап күліп, оның бөлмесіне келе жатқанын есітті. Есік айқара ашылды да, әкесі кіріп, оған, тезірек құтылғысы келгендей, жеделхат ұсынды. Көз жасы бейне бір судан шыққандай, бетін жуып кетіпті, деміге сөйлеп, қайталай береді: "Бұл не? Бұл не? Бұл қателік, өтірік айтады" — деді қағаздан тезірек құтылғысы келгендей ұмсынып.

5

Ол Петерборда, Мәскеуде, Нижныйда, Киевте, Одессада ойнады. Тәрбиеші мен антрепренердің арасындағы міндетті атқаратын Валентинов деген пайда болды. Әкесі әйелін азалағанның белгісіндей білегіне қара белгі тағып алып, жергілікті журналистерге, егер балам вундеркинд болмаса туған жерді еш уақта да осындай терең деп біле алмас едім деп жүрді.

Ол турнирлерде үздік орыс шахматистерімен шайқасты, жиырма шақты әуесқойларға қарсы жалғыз ойнап жүрді. Үлкен Лужин көп жылдан кейін (сол жылдары оның эмигрант газетінде шыққан әр шығармасы ең соңғы ашу әніндей көрінетін) әкесі бір қаладан екінші қалаға (кітап бойынша — асырап алған баласы) алып баратын бала-шахматшы туралы хикаят жазбақ болды. Ол бұл кітапты жиырма сегізінші жылы бастады, — бір мәжіліске жалғыз барып, одан оралғаннан кейін. Берлин дәмханасының жеке бір бөлмесінде отырған кезде бұл кітаптың болмыс-бітімі басына аяқ астынан келді. Ол дәмханаға әдеттегідей уақытта келсе, әлі орындықтар қойылмаған екен, ол шапшаң түрде малайды шақырып, тез ретке келтіруді айтты да, шай мен бір рюмка коньяк сұрады. Үстел үстіне қалықтап кеп тап-таза ақ дастарқан келіп қонды. Ол шайға шақпақ қант салды да, мұздап қалған қолымен шыны сыртынан ұстап көпіршіктің көтерілгеніне қарап отырған. Қапталдағы, жалпы залдан "Травиатаны" ойнап жатқан скрипка мен рояльдің үні шығады, — жағымды музыка мен коньяктан, ақ дастарқанды көргеннен Лужин қарттың көңілін мұң басты, ол мұңның оған жағымды болғаны сондай, тіпті ол орнынан қозғалуға қорқып бір қолымен сүйеніп, бір қолын самайына тіреп тынып қалды, — тоқылған нымша мен қоңыр пиджак киген сіңірлі, көзі қып-қызыл қарт. Музыка ойналып жатты, бос бөлмеге жарық молынан түсіп тұр, — мәжіліске ешкім келмеді. Бірнеше рет ол сағатына қарап, сонан кейін музыка мен шайдан бойы балқып уақытты ұмытып кетті де, анау-мынауларды, жазу машинасы туралы, Маринин театры хақында, Берлинге жолы түсе бермейтін баласы жайлы ойлап кетті. Бір кезде барып ол бойын жиып алды да, отырғанына бір сағат болғанын білді, ал ақ дастарқан үстінде әлі ештеңе жоқ... Осы бір жарық, болмай қалған мәжіліске жайылған үстел басында, дуалап қойғандай бос кеңістік ішінде ол кенет көптен жоғалып кеткен шабытының қайта оралғанын сезді.

"Қорытып қоятын уақыт жетті" — деп ойлап ол, белгілі адамның дүниеге келген бөлмесін қалай қараса, бұл бөлмедегі заттарды да — дастарханды, көгілдір қабырғаны, натюрмортты — солай қарай бастады. Көптен толғатып жүрген хикаяттың фабуласы, дәл осы кезде дүниеге келгендей әсер етті де, ойша болашақ мемуаристі (уақыт жағынан оған қатты жақын болса, сонша алыс, сонша бұлыңғыр), "Гамбит" хикаяты дүниеге келген мына кездейсоқ бөлмені дұрыстап қарап алуға шақырды. Ол қалған шайды бір-ақ ұрттады да, пальто мен қалпағын киіп, малайдан бүгін сәрсенбі емес сейсенбі екенін біліп, өзінің аңғалдығына риза боп қалды да, үйіне келген бойда жазу машинасының металл қақпағын ашты.

Оның көз алдында жазушы қиялымен сәл ғана боялып-сырланған естелік тұра қалды: жарық зал, екі қатар үстелдер, үстел үстінде шахмат тақталары. Әрбір үстел басында бір адам отыр да, әрбір отырған адамның желкесінен қарап мойындарын созған көрермендер тұр. Міне, үстелдер арасымен, ешкімге назар аудармастан, бір бала асығып келеді-ханзада сияқты ақ матроска киген — кезекпен әр тақтаның алдына аялдап, шапшаң жүріс жасап немесе алтын жалатқандай сап-сары басын иіп сәл ойланып қалады. Егер сонадай жерден қараса, мұның не екені белгісіз: әп-әжептеуір ересек адамдар бір-бір тақтаның алдында отыр, ал қауырсындай әсем киінген бала, осы бір түсініксіз тыныштықта бір үстелден екінші үстелге өтіп, мызғымай қатып қалған адамдардың арасын жалғыз өзі кезіп жүр.

Естеліктің стильге құрылғанын жазушы Лужиннің өзі байқамай қалды. Ол, сондай-ақ, баласына шахмат вундеркиндтің бейнесін емес, "музыкалық" вундеркиндтің бейнесін бергенін — әрі дімкәс, әрі періштелік түр байқамай қалды, көзі тым тұнжыр, шашы бұйра толқынды, жүзі мақтадай аппақ. Бірақ енді қиындықта болмай қалған жоқ: артық нәрсенің бәрінен аршып алынған, нәзіктіктің шырқау шегіне жеткізілген оның баласының бейнесін белгілі бір тұрмыстық жағдаймен қоршау керек болды. Ол бір шешімді анық білді, — бала бала қалпында қалу керек — одан, Берлинге анда-санда соққанда қабаржиды да отыратын, сұрақтарға біртекті жауап беретін, көзін жұмып отырып-отырып, терезе алдындағы тақтаға ақша салынған конвертті қойып кетіп қалатын адам бейнесін жасамақ емес. "Ол жастай өлуге тиіс, — деді ол, бүкіл тетік- тұтқаларымен оны күтіп тұрған, қақпағы алынған машинканың қасында, бөлмесін олай-бұлай кезіп жүріп. — Иә, жастай өлуге тиіс, оның өлімі аяқ астынан боп, өте аянышты болу керек. Өзінің соңғы партиясын ойнап боп төсекте өлуі тиіс". Осы ойдың оған ұнағаны сонша, ол кітапты соңынан бастағысы келді. Неге солай етпеске? Көру керек... Ол ойын кері жүргізіп көрді, — осы бір аянышты, осы бір анық өлімнен кері қарай, кейіпкердің тууына қарай шегініп көрді, кенет серпіліп қап үстелге отырды да, қайтадан ойға шомды.

Бұрын, мұндай кітап жазуды армандаған кезде, оған екі нәрсе кесір жасайтын: соғыс пен төңкеріс. Баласының дарыны, оның вундеркиндтен маэстроға айналған кезі соғыстан кейін еді. Жүйеленген әдеби фабула бойынша жұмыс істеуге кесірін тигізген соғыстың қарсаңында ғана ол баласымен және Валентиновпен шетелге кеткен-ді. Оларды Венаға, Будапештке, Римге шақырған еді. Есімдері шахмат оқулықтарына енген кейбір атақты ойыншылармен кездескен орыс баласының даңқы шырқап кетті де, оның да жазушылық атағы жанама болса да шетел газеттерінде айтылып жүрді. Ол үшеуі Австрия эрцгерцогы өлтірілген кезде Швейцарияда болатын. Аяқ астынан келген ойдың ықыласымен (балаға тaза ауасы пайдалы, сондай-ақ Валентиновтың айтуынша дәл қазір Ресейге шахматтың түкке қажеті жоқ, ал бала шахматсыз өмір сүре алмайды, сондай-ақ, соғыс ұзаққа созылмас деген ой) ол Петерборға жалғыз оралды. Бірер ай өткеннен кейін ол шыдай алмастан баласын шақырды. Іші ділмар, құйтырқы сөздерге толы хат келді де, онда Валентинов баласының келгісі келмейтінін жеткізіпті. Лужин тағы жазды, Тараспадан емес Неапольден жазылған жауап хат та сондай сыпайы, сондай ділмар болғанмен нәтижесі таз қалпы. Валентинов жек көріп кетті. Аңсар сағынышты күндер басталды. Айтпақшы, Валентинов келесі бір хатында баласына кететін шығынның бәрін өз мойнына алатынын жазыпты, өзіміз ғой, есептесе жатармыз (дәл осылай депті). Уақыт өтіп жатты. Күтпеген жерден әскерге тілші ретінде Кавказға барды. Сағыныш пен Валентиновке деген жеккөрінішке толы күндерден кейін (шындығында оған сыпайы жазатын) баласына Ресейден гөрі (Валентиновтың айтуынша) шетелде әлдеқайда жақсы деген сөзге тоқмейілсінген оның жаны жай тапқандай болып еді.

Енді, он бес жылдан кейін қарап отырса, соғыстың ол жылдары адамды жаныштап жіберген, шығармашылық бостандықтың тас-талқанын шығарған жылдар болыпты, өйткені кітапта жазылатын әр адамның біртіндеп дамуы, тіпті кейіпкер жас кезінде өліп кетсе де, бәрібір соғысқа бір соқпай кетпес еді. Баласының образы айналасындағы адамдар мен жағдайлар да, өкінішке орай, тек соғыс фонында ғана көрінер еді, соғыссыз олардың өмір сүруі мүмкін емес боп шығар еді. Төңкеріс одан да сорақы. Жұрттың бәрінің айтуы бойынша, ол әр орыстың өміріне ықпал етті; оның отына шарпылмаған кейіпкерді дүниеге келтіру бос әңгіме боп шығар еді. Бұл енді жазушы еркіне жасалынған зорлық болатын. Солай бола тұра, оның баласын төңкеріс оты қалай шарпып өтпек? Көптен күткен мың тоғыз жүз он жетінші жылдың күзінде сондай көңілді, аңқылдаған, сыптай боп киінген Валентинов келді, қасында мұртты жас жігіт бар. Асып-сасып қалған, уайым жеген, сан соғып қалған сәттер басталды. Баласы үн-түнсіз терезеге қарайды да отырады (".Атып тастаудан қорқады ", — деп күбірлеп түсіндірді Валентинов). Алғашқыда бұл жаман түс сияқты әсер етті, артынан көз үйренді. Валентинов сендірумен болды, оның "өзіміз ғой — есептесерміз" дегені, оның үлкен құпия істері бар көрінеді, ал ақшасы бүкіл Еуропа банктеріне салынып қойылған. Баласы, азамат соғысының қарбалас кезінің өзінде тасы өрге домалап тұрған шахмат клубына барып жүрді, ал көктемде Валентиновпен бірге тағы да шетел асып кетті. Әрі қарай тек өзінің ғана, соншалықты еліктіре қоймайтын естеліктер, яғни аштық, тұтқынға түсу, жарайды оларды қойшы, кенет, — жер аудару, заңды қуғын-сүргінге салу, тап-таза сары палуба, Балтық желі, профессор Василенкомен жанның өлмейтіні туралы айтыстар басталған. Еркін ойлаудың жолын кесіп тастайтын, барлық естелікті аяқ асты ететін сондай жабысқақ, жадтың барлық түкпірінен аңыздап шыға келетін сол мещандық доғал өмірдің ішінен қалай да аса сақтықпен біртіндеп, бір-бірлеп жинап Валентиновтың бейнесін кітапқа енгізу керек болды. Оны жамандағысы келген адамның өзі оның сөзсіз талантты адам екенін мойындайтын; ләуки, қолынан өнер тамып тұрған талантты, әуесқой спектакльдерді орналастыруда теңдесі жоқ, инженер, керемет математик, шахмат пен дойбының жанашыры, өзі айтқандай "жан - жақты мырза" болатын. Оның қой көзі ұшқындап тұратын, күлкісі кім-кімді де арбап алатын. Ол сұқ саусағына Адам-атаның басы бар жүзік салып жүретін де, өз өмірінде дуэльге шыққан сәттер болғанын ишарамен сездіретін. Бір кездерде кіші Лужин оқитын мектепте гимнастикадан сабақ та берген, сол тұста лимузин мінген құпия бір әйелдің оны іздеп келіп тұратыны оқушылар мен мұғалімдерге қатты әсер ететін. Сөйтіп жүріп ол металдан салынатын көше де ойлап тапты, кейін ол Петербордағы Қазан соборына жақын Невскіге пайдаланылды да. Ол бірнеше ақылды шахмат есептерін де құрастырды, "орыс" тақырыбындағы бірінші экспонент та болды. Соғыс басталғанда ол жиырма сегіз жаста еді, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ болатын. "Қашқын" деген қансыз-жансыз сөз осы бір көңілді, қуатты, еті тірі адамға келмейтін сияқты, — бірақ басқа сөзді таба алмайсың. Соғыс кезінде оның шетелде немен шұғылданғаны белгісіз.

Сонымен ол Валентиновты пайдалану керек деп шешті, ол қатысса кез келген фабула қайта түлеп, жанданып шыға келеді. Бірақ ең бастысын әлі ойлау керек. Өйткені мұның бәрі бояулар ғана еді, олар қанша жылы, қанша жанды болғанмен, жеке-жеке ноқаттар қалпында қалды; әлі нақты сурет, негізгі тін жоқ еді. Алғаш рет жазушы Лужин бояулар сөйлейтін кітап ойлап тапты.

Ол бояулар оның қиялында қаншалықты айшықты көрінген сайын, жазу машинкасына отыру соншалықты қиындай түсті. Бір ай, екі ай өтті, жаз да келді, ол әлі де көзге анық көріне қоймаған тақырыпты гүлмен көмкерумен жүр. Кейде оған, кітап жазылып біткендей, міне, оның гранкалар жолағы, міне, ол енді кітап боп сықырлап қолымда тұр, ал әрі қарай оның қиялы алдамшы қызыл-ала тұманға сіңіп жоқ болды. Ол өзінің қаптаған таныстарының үйлерінде қонақта отырып өзінің кітабы туралы тамсана әңгіме соғады. Тіпті бір эмигранттық газетте, ол жаңа хикаят жазу үстінде деген мақала да шықты. Өзі жазып, өзі салып жіберген бұл мақаланы ол үлкен толқыныспен үш рет оқып шықты да, қиып алып шиланына салып қойды. Ол адвокаттар мен әйелдер ұйымдастырған әдеби кештерге жиі келетін де, жұрттың бәрі оған аса қызыға, құрметпен қарап отыр деп ойлайтын. Бірде ол ақ саңырауқұлақтар теруге қала сыртына шығып, жауын астында қалды да, келесі күні төсек тартып жатып қалды. Оның ауруы қысқа болды, жанталасып жатып қаза тапты. Эмигрант жазушылар одағы басқармасы оны орындарынан тұрып естеріне түсірді.

6

"Сөзсіз бәрі шашылып қалады", — деді Лужин сөмкені тағы да алып жатып.

Ал әйел қолын созып сөмкені үстелдің бір шетіне сарт еткізіп тастай салды, — сонысымен тыйым салғандай. "Бірдеңені шұқыламасаңыз отыра алмайсыз ба?" — деді әйел наздана.

Лужин саусақтарының арасын ашып, қозғап қойып, қолына қарап отыр. Тырнақтары темекіден сарғайып кеткен, буындарын көлденеңінен түскен әжімдер басқан, төменірек селдір жүн өсіпті. Ол үстелдің үстіне әйел қолының жанына қолын қойды. Әйел қолы тырнақтары мұқият алынған сүттей аппақ жұп-жұмсақ екен.

"Сіздің әкеңізді білмегеніме өкінем, — деді әйел сәлден кейін. — Ол өте мейірімді, өте байыпты, Сізді жақсы көрген болу керек".

Лужин үндеген жоқ.

"Тағы да айта түсіңізші, — бұл жерде немен айналыстыңыздар? Сізде бір кезде кіп-кішкентай боп, жүгіріп, тентектік жасадыңыз ба?"

Ол тағы да екі қолын таяққа салды, — оның жүзіне, марғау салбыраған қабағына, есінердей еріндерінің түріліңкіреп тұрғанына қарап отырған әйел, ол енді еске түсіруден жалықты. іші пысты деп ойлады. Иә, немқұрайлы салғырт еді, шынында да әйел, әкесінен айрылғанына бір ай ғана болса да, осы кісінің балалық шағында әкесімен бірге тұрған үйге ешқандай көзіне жас алмай қарап отырғанына таң қалды. Тіпті, бір аударылып түсіп қайтадан ұйқыға кете беретіндей халдегі оның осы бір салғырттығында, доғал сөздерінде, жанын жеген ауыртпашылықта, танысқаннан кейінгі алғашқы күндері-ақ ерен бір тебіреніс, көзге көріне бермейтін әсемдік жатқандай сезінген. Әкесінің рухына енжар бола тұра, ол осы курортты, осы қонақ үйді таңдағанында бір құпия сыр жатқандай еді. Басында ебедейсіз түкті қалпақ, аяғында үлкен галошы бар, ол айнала жасылға оранып, сіркіреп жаңбыр жауып тұрған әдемі бір күні келіп еді, автобустан созалаңдап түсіп жатқан оның тұлғасына терезеден қарап тұрып, бұл адамның курорттың басқа тұрғындарына ұқсамайтын айрықша адам екенін сезді. Асханадағылардың бәрі тамақты асығыс, бұралақтап жейтін, кейде әлдене ойлап, қолымен дастарқанды сипалап отырып қалатын осы бір адамға қадалып қараушы еді. Сол күні кешке оның кім екенін білді. Ол еш уақытта шахмат ойнап көрген емес, шахмат турнирлеріне қызығушылық танытқан емес, солай бола тұра әйтеуір оның есімі, жадына берік орнығып алғандай, оған таныс боп көрінді, бірақ ол есімді қашан естігенін есіне түсіре алар емес. Ол туралы сөйлесе шешіліп қоя беретін, іш ауруынан азап шегетін, бәрін бірыңғай ойлайтын, бірақ ақжарқын, жұғымды, талғаммен киінетін фабрикант кенет іш ауруын да, емдік қасиеті бар суды да ұмытып, осы бір қабағы ашылмайтын адам туралы бірқатар қызықты әңгімелер айтты. Бұл кезде түкті қалпағын жай бас киімге ауыстырып алған ол мырза сатуға қойылған қолдан жасалған заттарға қарап тұр еді. "Сіздің отандасыңыз, — деді фабрикант, — атақты шахмат ойыншысы. Франциядан турнирге келіп отыр. Турнир екі айдан кейін Берлинде өтеді. Егер ұтса, әлем чемпионы болады. Әкесі жақында қайтыс болды. Мына газетте бәрі айтылған".

Оның онымен танысқысы, орысша сөйлескісі келді, — қолапайсыздығымен, тұнжырап отыратындығымен, музыкантқа ұқсатып жіберетін жағасының жайылып тұратындығымен ол мұны өзіне тартты да тұрды, қонақ үйдегі барлық бойдақ еркектер құсап ол оған қарамайды да, онымен сөйлесуге себеп те іздемейді. Ол әйелді ажарлы деуге болмайды, оның жүзінде әлдене жетпей тұрғандай көрінетін. Бір қарағанда бет ажары әп-әдемі боп көрінгенмен, соның бәрін жандандырып, құлпыртып жіберетін ең соңғы бір серпіліс жетпей қалғандай. Бірақ ол жиырма бес жаста еді, соңғы модамен қырқылған шашы құйылып төгіліп тұр, кейде ол басын ерек бір бұрған кезде, жетпей қалған сол бір соңғы серпілістің нышанындай боп әсем үйлесімнің сесі білініп қалушы еді. Ол қолы мен мойнын ашып көрсететін өте қарапайым, бірақ өте жақсы тігілген көйлек киіп жүрді. Ол бай еді, әкесі Ресейдегі байлығын жоғалтып, Германиядан басқа байлық көзін жасаған-ды. Оның шешесі жақында осы курортқа келу керек, бірақ бұл жерде Лужиннің пайда болуынан айқай-сүрең салып жүретін шешесінің келмегенін іштей қалап отыр.

Ол онымен, ескі романдар мен киноларда жазылып-көрсетілетіндей үшінші күні танысты: қыз орамалын түсіріп алады, жігіт оны көтереді, бірақ бұл жолы керісінше болды. Лужин соқпақпен мұның алдында кетіп бара жатып түсіріп алды: өте лас, қалтадағы бүкіл қоқым мен қоқысты, ортасынан бөлініп қалған папирос үгінділерін жаңғақ пен француз франксін өзіне жинап алған үлкен тор көзді бет орамал екен. Ол еңкейіп орамал мен монетаны алды да, тағы да бірдеңе түсіріп алмас па екен дегендей оны жайлап қуып жетті. Лужин оң қолындағы таяқпен әр діңгекті, скамейканы бір-бір түртіп бара жатты да, ал сол қолымен қалтасын қайта-қайта қарап, ақырында тоқтап, оны аударып, тесігіне үңілді. Сөйтіп тұрғанда тағы бір монета секіріп түсті. "Көктей өтіпті" — деді ол немісше, басын көтерместен орамалды алып жатып ("Тағы да міне " — деді ол орысшалап). "Түкке алғысыз материя" — деді ол басын да көтерместен, орысшаға да ауыспастан, бейне бір заттардың қайтарылуы заңды сияқты. "Енді ол жаққа салмасаңызшы" — деп ол сыңғырлап күліп жіберді. Тек сонда ғана ол басын көтеріп, оған қалың қабағымен қарады. Оның әр жерін ұстара қарпып кеткен, сақалы шала алынған сұрғылт жүзі аңтарылған бір түрлі кейіпте. Бірақ оның шаң басқандай ауыр қабағы жауып тұрған сығырайып қарайтын көзі ғажап екен. Сол түбітті шаң астындағы көгілдір, дымқыл ұшқында ести алатын бір сиқырлық жатқандай. "Енді, түсіріп алмаңыз" — деп ол, жөнеле берді, бірақ ол арқасына қадалып тұрған жанарды сезді. Кешке, асханаға кіріп бара жатып оған алыстан күлімсірей қарады, ол да бір езуін қисайта жымиды. Кейде ол бір үстелмен екінші үстелдің арасын дыбыссыз кезіп жүретін қонақ үйдің мысығына дәл осылай қарайтын. Келесі күні гроттар, фонтандар, саз балшықтан соғылған ергежейлілері бар бақтың ішінде, ол оған жақындап кеп, қою, мұңлы дауыспен орамал мен монета үшін алғысын айтты (содан бастап Лужин әйел де бірдеңесін түсіріп алмас па екен, егер түсіріп алғандай болса құпия симметрияны қалпына келтіре қоймақ боп, оған қарағыттап тұрды). "Еш уақытта, еш уақытта" — деді әйел, ол мұндай сөздердің талайын айтты, нағыз мықты сөздердің бейшара ағайын-тумалары болып саналатын, уақытша бос кеңістікті толтыру үшін айтылатын, сол бір қоқыс-қоқым сөздер қандай көп десеңізші. Ол сөздердің тым ұсақтығын біле тұра, ол одан курорт ұнай ма, әлі қанша уақыт су ішпексіз деп сұрады. Ол бұл жердің ұнайтынын, көптен бері бұл жердің суын ішіп жүргенін айтты. Сонан кейін ол, сұрағанын әнтек екенін біле тұра, бірақ өзін-өзі тоқтата алмай, шахматты көптен бері ойнайсыз ба, деп сұрады. Лужин ештеңе деместен бұрылып кетті, ал ол қысылып қалды да, кешегі, бүгінгі, ертеңгі ауа райының белгілерін тізбелей жөнелді. Ол үндемей тұра берді, әйел де үндемей қалды да, әңгімелеудің тақырыбын іздегендей сөмкесінің ішін ақтара бастады, бірақ ол одан сынған тарақ қана тапты. Бір кезде ол жүзін бұрып: "Он сегіз жыл, үш ай, төрт күн" — деді. Бұл оны мүлде жеңілдетіп тастады, сонымен бірге жауаптың сындарлығы оған айрықша әсер етті. Солай бола тұра, оның бұған ешқандай сұрақ бермейтіні, ептеп ызасын да келтіре бастады.

"Әртіс, үлкен әртіс", — деді ол, оның толық, еңкіш денесіне, тершіп тұратын маңдайына түсіп тұрған қара шашына қапталынан қарап тұрып. Бәлкім, оның шахмат туралы ештеңе білмейтіні содан да болу керек, өйткені ол шахматты тек уақытты өткізуге ғана жарайтын үй ішілік ойын деп емес, басқа өнерлердің қай-қайсымен де терезесі тең құпия өнер деп білді. Бұрын ол мұндай адамдармен еш уақытта кездесіп көрмеген еді, оны тек Рим императорының, инквизатордың біраздары қандай айқын, қандай бұлыңғыр болса, есімдері дәл сондай әрі айқын, әрі бұлыңғыр естілетін музыканттармен, ақындармен ғана салыстыруға болар еді. Оның жадында шағын күңгірт галереядағы адамдардың жүздері сақталып қалыпты. Мұндайда мектептегі сәттер де еске түседі, трамвай жүрмейтін шаңы бұрқырап жататын шолақ көшедегі, фасады еңкіш Петербордағы қыздар гимназиясы, сондағы ерлер училищесінде де сабақ беретін, көзі алайған, маңдайы ашық, айтуларынша көксау, айтуларынша, Далай-ламаның өзінде қонақ болған, айтуларынша, көгілдір қабырғалы, ақ пешті мұнтаздай кабинетте отыратын, көгілдір көзді, ақ шашты инспектор әйелдің жиені боп саналатын жоғары сынып оқушысына ғашық география мұғалімі болды. Географ оның есінде көгілдір ауа аясындағы кеңістікте қалыпты, сыныпқа шұғыл, асығыс ұшып кіретін әдетімен адамға да ентелеп жетіп келетін, кенет ол жым-жырт боп жоғалып кетті де, оның орнын дәл сол сияқты ешкімге ұқсамайтын бір кісі кеп басты. Инспектор әйел бұл келген адамға күлмеңіздер, еш уақытта да күле көрмеңіздер деп олардың миларына мықтап құюмен болды. Бұл кеңес үкіметі кезінің алғашқы жылы болатын, сыныпта қырық қыздан он жеті ғана қыз қалған, олар күн сайын мұғалімнен "Біз бүгін оқимыз ба?" — деп сұрайды, ал олар мызғымастан: — "Біз әлі бекітілген ережені алған жоқпыз", — деп жауап береді. Инспектор әйел, егер халық ағарту комиссариатынан біреу-міреу келіп, не айтса да өзін қалай ұстаса да күлуші болмаңдар деп талап ететін. Ақыры келіп тынған ол адам өте бір күлкілі, басқа бір әлемнен келгендей адам екен. Ол ақсақ бола тұра, өте бір тынымсыз, өте бір мазасыз, көзі бір орнында тұрмайтын жан боп шықты. Залға жиналған қыздардың алдында ақсақ аяғын сылтып басып олай-бұлай жүреді де маймыл құсап жалт бұрылады. Өкшесі екі қабатты аяғын шапшаң көтеріп, ақсаңдай басып, бірде оң қолымен ауаны тігінен кесіп жібереді, бірде оны мауыты сипағандай сипайды, сонан кейін өзі лекция оқитын социология туралы, ерлер мектебімен бірігетіні жайында шапшаң, мыжып сөйлейді, — оған қарап тұрып ішегің үзіліп кеткенше, дем жетпей, тұншығып қалғанша күлгіңіз келеді. Сонан кейін, өзінің саяжайымен, шыршаларымен, ағаштардың бейнесі түсіп тұрған қап-қара көлдегі аппақ қайықтарымен Ресейден де гөрі орысшалау жанына сондай жақын Финляндияда, — сол бір саяжайлы петерборлық Финляндияда ол әлденеше рет жүзі күлбеттеніп кеткен, шоқша сақалды, жау аэропландары айналып жүрген аспанға қарай беретін атақты жазушыны алыстан көрген. Ол, түсініксіз бір себептермен, кейінірек қырымда қолынан айырылған орыс офицерімен бірге қалды, — ол бір тып-тыныш жүретін ұялшақ адам еді, онымен жазда теннис ойнап, қыста шаңғы тепкен. Ал шаңғыны есіне алса-ақ, жолы тазартылып, үйілген күртік қарлары электр шамымен жоталанып жататын атақты жазушының саяжайы ойына оралады. Жазушы сол саяжайда қайтыс болып еді. Әр текті, өзімен - өзі өмір сүрген осы адамдар оның жадын сан бояумен құлпыртып жібереді (көгілдір географ, жасыл түсті комиссар, жазушының қара пальтосы, шырша жаңғағын лақтырып ойнайтын аппақ адам). Берлиндегі кездейсоқ балдардан, монархиялық жиналыстардан, жалғыз қалған адамдардан тұратын бұлыңғыр, бір сәттік көріністер, — осының бәрі тым жақыннан көрінеді де, оның қайсысы асыл, қайсысы қоқыс екенін білу үшін алысырақ тұрып қарауға уақыт таба алар емес, өйткені бойындағы бар орынның бәрін қабағы ауыр, құпиялы, соған қарамай өзі білетін адамдардың ішіндегі ең тартымдысы осы бір адам жайлап алып еді. Оның өнері, ол өнердің пайда болуы, ол өнердің барлық белгі-нышандары, бәрі - бәрі құпия еді. Көп ұзамай, кешкі астан кейін ол түннің бір уағына дейін жұмыс істейтінін білді. Бірақ ол оның бұл жұмысын көз алдына келтіре алмады, өйткені оның жұмысында мольберт те, рояль да, жалпы өнерге қатысты бір де бір эмблема жоқ еді. Оның бөлмесі бірінші қабатта болды да, қараңғы бақ ішінде қыдырыстап жүргендер кейде оның шамын, оның төмен қарап отырған жүзін көреді. Біреу тіпті оның бос шахмат тақтасына қарап отырғанын көріпті. Оны өзі көргісі кеп кетті де, алғашқы әңгімелескеннен кейінгі бірнеше күннен соң, ол бұталардың арасындағы соқпақпен оның терезесіне жақындады. Бірақ бір түрлі ыңғайсызданып көзін де салмастан, музыка естіліп тұрған аллеяға шықты, артынша әлденеге елігіп қайтадан терезеге қарай жүріп, аңдып жүр деп ойламасын деп, жол-жөнекей ұсақ тастарды сықыр-сықыр еткізді. Оның терезесі ашық, пердесі түсірілмеген екен, саңлаудан ол, оның пиджагын шешкенін, мойнын талыстай етіп есінегенін көрді. Қараңғылықтан жарық түсіп тұрған алаңға қарай асығыс бара жатып, көз алдынан кетпей қойған оның иығының ауыр, баяу қозғалысынан, белгісіз, жұмбақ еңбектің адам зорықтырар сесін байқағандай еді.

Лужин шынымен шаршап еді. Кейінгі кезде ол көп және жүйесіз ойнады, әсіресе, оны едәуір қымбат төленетін, сондықтан да бас тартпайтын, ондай кездесулердегі қалай болса солай ойналатын ойындар оны діңкелетіп кетті. Ол кездесулерден зор ләззат алатын: ол жер өзінің оймыш-оюларымен, ағаштан жасалған заттық болмысымен жай көзге байқала қоймайтын сиқырлы шахмат қуатым қарабайырландырып, дөрекілендіріп жібереді де, алдыңда көрініп тұрған, ұстауға болатын фигуралармен ісің де болмайды. Ондай жерде аттың жалын да, жалтыраған пешкілердің басын да көрмейсің, — бірақ сен мынау немесе анау қиялдағы шаршының белгілі бір жинақталған күшке ие боп тұрғанын сезінесің, сондықтан саған фигуралар қозғалысы, бейне бір от шашқан найзағайлар соққысы сияқты боп көрінеді де, бүкіл шахмат алаңы демін ішіне тартып тынып қалғандай болады, міне, сен сол бір сәттегі электрленген қуатты мына жерге жинап қоятын, әне жерден босататын билікке не боласың. Осылайша ол он бес, жиырма, отыз қарсыласқа қарсы бір мезетте ойнайды, әрине оны уақытты көп алатын тақталардың көптігі шаршатып жіберетін, бірақ бұл тән шаршауы ой шаршауының қасында түк те емес еді — бұл ой шаршауы, жер үсті өлшеміне сыймайтын қуатпен ойналғанының өтеуі болатын. Мұнан басқа ол, осы бір көзсіз ойын мен жеңістен әп-әжептеуір жұбаныш табушы еді. Оның мәнісі, соңғы жылдары қайдағы-жайдағы бірдеңелер кедергі боп, бірінші орын ала алмай, турнирлерде жолы болмай-ақ қойғаны. Осылай болатынын Валентинов бірнеше жыл бұрын алдын ала айтқан болатын. "Озатын кезде, озып қал" деген еді ол соғыстан кейін Лондонда өткен ұмытылмайтын турнирге жиырма жастағы орыс шахматшысы жеңіске жеткен кезде "Озатын кезде, — деп қайталаған Валентинов, — әйтпесе вундеркиндтіктің күні көп ұзамай бітеді". Бұл Валентинов үшін аса маңызды еді. Лужин феномен болғандықтан ғана онымен айналысқан еді, — ал феномендік кемтар құбылыс, бірақ тазының қисық аяғы сияқты сүйкімді. Лужинмен бірге өмір сүрген уақыттың бәрінде ол үздіксіз оның дарынын дамытуға қызмет етті де, Лужин-адам туралы тіпті ойлаған да жоқ. Ол бай адамдарға оны қызықтауға болатын құбыжық ретінде көрсетіп, сол арқылы тиімді адамдармен танысып, сансыз турнирлер ұйымдастырды, тек ол анда-санда ұтыла бастағанда, вундеркинд енді жай ғана жас шахматшыға ауысты деп, оны Ресейге әкесіне алып барған-ды, сонан кейін осы мен қателестім-ау деп ойлап, оны бір бағалы мүлік құсатып, тағы да екі-үш жыл ойнатпақ боп кері ала жөнелген. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін ол Лужинге, әбден жалықтырған нақ сүйеріне бергендей тиісті қаржысын беріп, өзі кинематографиядан, жұлдыздар іздейтін астрология сияқты осы бір сиқырлы кинематография ісінен жаңа бір шаруа тауып, кетіп тынған-ды. Экран философиясы, бұқара талғамы, фильм ерекшелігі туралы айтып, тағы да әп-әжептеуір табыс табатын тынымсыз, пысық, алаяқ, менмен адамдардың ортасына кеткен ол Лужин әлемінен шығып қалды, ал бұл оқиғадан кейін Лужин, бақытсыз махаббаттан құтылғандай, тіпті жеңілдеп, еркін тыныстап еді. Валентиновке ол бірден, Ресейді кезіп кеткен алғашқы жылдары-ақ бауыр басып кетті де, сонан кейін оған, алаңсыз, тайғақ қатыгездеу әкеге адамның қалай еті үйренсе, оған да солай еті үйреніп кетіп еді. Валентинов оны тек шахматшы деп қана білді. Оның бойында, атлеттің қасынан шықпай, аяусыз қаталдықпен белгілі режим белгілейтін тренерлік қасиет болатын. Мәселен, Валентинов шахматшының темекі тартуына болады дейтін (өйткені шахматта да, темекі тартуда да шығыстық мінез бар), бірақ еш уақта да ішуге болмайды деп үлкен асханаларда да, соғыс жылдарында бос қалған қонақ үйлерде де, кездейсоқ мейрамханалар да, швейцар харгевнялары мен итальян тратторияларында да жасөспірім Лужинге тек қана минеральді суға ғана тапсырыс беретін. Ол Лужинге, ойы еркін қозғалыста болсын деп жеңіл тамақтар таңдайтын да, бірақ неге екені белгісіз (бұл да ту маңды "шығыспен" байланысты болу керек) Лужиннің тәттіге құмарлығына қолдау көрсетті. Сонымен бірге оның Лужиннің шахмат дарынының дамуы оның жыныстық дамуымен қатысты өзінше жасақтаған теория бойынша, Лужин өзінің бойындағы қымбат қуатты рәсуа етіп алмас үшін, оны әйелдерден аулақ ұстауға тырысты. Осының бәрінде бір қорлау жатқан сияқты еді: Лужин сол бір кезеңді таңғала еске ала отырып, Валентинов екеуінің арасында адамдарға тон шүйіркелескен бірде бір әңгіме болмағанын айтатын. Ақырында жан жүрегіне сондай ауыр, үш жылдан кейін біржола Ресейден кеткеннен кейін, ол демеусіз бос кеңістікте ілініп қалғандай болды да, сонан кейін болған іске болаттай берік болу керек деп, бір күрсініп aп, шахмат тақтасына қайта үңілген. Соғыстан кейін турнирлер жиілей бастады. Ол Манчестерде сүйегі қаусаған ағылшын чемпионымен екі күн ойнап тепе-тең түсті, Амстердамда шешуші партиядан жеңіліп қалған себебі, уақыттан шығып кетті де, қарсыласы оның сағатының төбесінен бір-ақ ұрды, Римде Турати өзінің атақты дебютін іске қоса білді, басқа да көптеген қалаларда, ешқандай жер таңдамай — қонақ үйлерде, таксомоторда, дәмхана залдарында, клубтарда ойнап жүрді. Жанынан өте шыққан сол бір қалалар, сол бір сарғылт шамдар, кенет алдынан тағы да сол тас ат қоршаған алаңдар шыға келеді, — соның бәріне ағаш фигуралар мен ақ-қара тақтаға қалай еті үйренсе, дәл сондай үйреніп алды, ол қоршаған ортаны солай болуға тиіс деп қабылдағанмен, соншалықты құштарлана қабылдаған жоқ. Ол үстіндегі киімге де, күнделікті тұрмыстық тіршілігіне де соншалықты мән бермей, үстірт қылық көрсететін, іш киімін анда-санда ауыстырып, сағатын түнде қанға сіңген әдетпен ғана бұрап, ұстарасын тастамайтын, бұрынғы әдетінше тамақ үстінде минеральды су алдырып ішетін де, оның көпіршігі мұрнын жарып жіберердей боп, көзінің аңғалағын қытықтап, із-түзсіз кеткен Валентинов жоқтаған жас сияқты жанары дымқылданып қалатын. Ол анда-санда ғана баспалдақта ауыр денесін көтере алмай демігіп тоқтап қалған кезде, немесе тісі ауырған кезде, немесе түнгі бейуақта шахматтық қалың ой үстінде отырып қолын сіріңке қорабына созып, бірақ сіріңкенің сылдырын сезінбей қалған кезде, немесе оның аузына өзі емес әлдебіреу білдірмей кеп папирос емес, жат, жансыз бірнәрсе қыстырып кеткендей болған кезде ғана ол өзінің өмір сүріп жатқанын сезінетін, ондай кезде оның бүкіл өмірі тек темекі тартуға ғана тіреліп тұрғандай көрінетін-ді, ал қаншама темекі мән-мағынасыз тартылды десеңізші! Оның айналасындағы өмір бұлыңғыр тұманның ішінде жатқандай еді де, одан ешқандай күш-қуат күтпей-ақ, әлдекім — құпия, көзге көрінбейтін антрепренер — оны турнир деп турнирге ала жөнелетін, кейде мүлде түсініксіз, жым-жырт сәт орнайды да, басыңды шығарып дәлізге қарайсың — барлық есіктердің алдында тек етіктер, етіктер, етіктер тұрады, ал құлақта жалғыздықтың шуы. Әкесінің тірі кезінде Лужин оның Берлинге келуін сағына күтіп, оны көргісі, онымен сөйлескісі, оған көмектескісі келетін, — бірақ көңілді қалыптағы, тоқыма нымшалы, иығынан ебедейсіз қағып қалатын сол бір шал бейнесі ол үшін көзіңді жұмып, ерніңді жымқырып отырып құтылғың келетін ұятты бір естелік сияқты ауыр болды. Ол Парижден әкесінің жерлеуіне өліктерден, табыттардан, аза гүлдерінен, бәрінен бұрын, иығына түсетін жауапкершіліктен қорқып келген жоқ, бірақ кейінірек келді де, бірден зиратқа тартып, жаңбыр астында, аяқ киімі батпақтан ауырлап, қабірлердің арасын кезіп жүрді, бірақ әкесінің жатқан жерін таппады, ағаштардың арасынан күзетші болу керек, бір кісіні көрді, бірақ одан сұрауға бойын жайлап алған әлдеқандай бойкүйездік жібермеді; содан кейін ол жағасын көтеріп ап сыртта тұрған таксо моторға қарай ілбіп бара жатты. Әкесінің өлімі оның жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол Берлин турниріне бір-ақ оймен дайындалып жатты: турнирге қатысатындардың ең азулысы итальяндық Туратидың күрделі дебютіне қарсы мықты қорғаныс табу. Шахматтағы жаңа ағымның өкілі болып табылатын ол ойыншы, әдетте ойынды ортадағы пешкілермен емес, қос қанаттан бастайтын да, екі бүйірлеп ортаға қауіп төндіретін. Рокировканың қауіпсіз құшағын елеп жатпай-ақ аяқ астынан басталатын жүрістерімен қарсыласының есіп алатын. Лужин онымен кездесіп ұтылған еді, ол жеңілістің Лужин үшін өте ыңғайсыз болғандығы сондай, Турати өзінің темпераменті жөнінен де, ойын мәнері жөнінен де, орын ауыстыра қоюы жөнінен де онымен туыстас екендігінде ғана емес, одан алға шығып кеткендігінде еді. Балғын кезінде оны таңғалдырған ойыншылардың шахматтың негізгі заңдылықтарын белден басып өңмеңдеп ұмтылатыны, Туратидың мүлде шектен шығып ойнайтынының қасында ескіріп қалғандай боп көрінетін. Лужин, ә дегенде-ақ, өнердегі жаңалықты игеріп, белгілі бір уақыт бойы сол ерек әдіс-айлаларымен шоқтықтанып, кенет, қайдан шыға келгені белгісіз біреулер сол әдіс-айлалармен оны артқа қалдырып кететін, содан ол өзін қалып қалғандай сезінетін, алдын орап кеткен ол өркөкірек немелерді тек бір бетсіз еліктеу-солықтаушылар көретін, ал шын мәнінде ол өзінің жеткен жерінде қалып қойғанын мойындамайтын суретші жағдайында қалып еді.

Өзінің он сегіз жылдан асатын шахматтық өміріне қарап отырып, Лужин алдымен жеңістен соңғы жеңістерін, содан кейін анда-санда ғана жылт ете қалған жеңістері болмаса жым-жырт кезеңді өмірді, яғни үміті қырқылған, адамның жүйкесін жейтін тепе-тең қалғандармен былқ етпейтін аса сақ, қатып қалған ойыншыға айналды. Бұл да бір түсініксіз жағдай еді. Турнирлер аралығындағы жұмыс үстінде оның қиялы неғұрлым батыл, ойы неғұрлым ұшқыр болған сайын, ойын кезінде ол өзін соғұрлым үргелек, соғұрлым бейшара, жалтақ сезінетін болып алды. Халықаралық ойыншылардың алдыңғы легінен орын алған, өте белгілі, барлық шахмат оқулықтарына кірген ол әлем чемпионы атағынан үмітті Гк-о-алты адамның бірі боп саналатын, ал ол мұндай сөзге, айналасына бұлыңғыр бір сәуле, тұлғалылықтың тәж гүлін, атақтың жәудірін аударған өзінің ертеректегі ойындарымен ілінген еді. Әкесінің өлімі оған өткен жолын анықтайтын бір белгі боп қалды. Кейбір сәтке болсын соңына қарап, соңғы кездегі өзінің соншалықты сылбыр болғанын көріп селт ете қалғандай болды да, қорғанысқа қажетті жүрістер үйлесімінен сес беретін жаңа есептердің тұнжыраған тұңғиығына батып бара жатты. Қабір басына барып қайтсақ, Берлин қонақ үйінде оның түні бойы мазасы кетеді: жүрегі ауырады, сандырақ ойлар келеді, бейне бір миы қатып, оның үстін майлап тастағандай сезімде болады. Сол күні таңертең оны қараған дәрігер "айналасы жап-жасыл" тыныш бір жерге кетіп демалуға кеңес берді. Лужин бірден уәде берген сеанстан бас тартып, дәрігер айтқан "жасыл желекті жерді" есіне алып, көңілі түскен осы жаққа тартып берді, ал ол келген курорт барлық жағдайды мойнына алып, оны дайын қонақ үйіне жайғастырды.

Адамға ұстамдылық пен сабыр беретін сұлу да, жасыл желекті курортта ол өзін жақсы сезінді. Ілініп тұрған әлеміш бояулы қағазды бет-жүзі күлім қаққан адамның басы жұлдыз оймыштандырып қақ айырып шыға келетін балаған дейтін ойын-сауықта болатындай, кенет аяқ астынан ғұмыр бойы тартынып сөйлеп кеп, күндердің күнінде өзіне-өзі тығылып жатқан тірліктің ту-талақайын шығарып таныс бір дауыс сарнап қоя бергені. Ежелден белгілі осы бір әсерді саралай бергені сол еді, жадының бір түкпірінен, қайдағы бір қалалардың біріндегі қара мүйісте, есік көзінде тұрған қара шұлықты, иығы жалаңаш жап-жас жезөкше бейнесі сопаң етіп шыға келгені. Енді, міне, тап қарсы алдында сол қыз тұрғандай болды, тек енді ол үстіне әдемі киім киіп, бетіндегі әлеміш бояуын сүртіп, сонысымен қарапайым қалыпқа енгендей. Оны алғаш көрген кезде, онымен сөйлескен кезде ол дәл сондай әсерде болғаны анық. Оның, ол күткендей, ажарлы емес екеніне алғашқыда аңтарылып та қалды. Ол бұған тез көзін үйретті де, біртіндеп оның бұрынғы бұлың бейнесін естен шығарды, бірақ оның өзімен сөйлесіп тұрғанын, оған күле қарағанын көріп бойында салиқалық пен мақтаныш пайда болды. Сол күні, бақ алаңындағы төбесін қызыл-жасылды күнқағарлар жапқан темір үстелдер жанында отырып, ол кенет баяғыда, бала кезінде осы қонақ үйде тұрғанын айтып, біртіндеп ғашықтық туралы әңгімеге меңзейтін ақырын жүрістер бастағанын сезінді. "Тағы да бірдеңелер айтыңызшы" — деді қыз, оның тұнжырап үндемей отырып қалғанын көріп тұрса да.

Ол таяғына сүйене отырып, сонау тұрған үйеңкімен ат жүрісін жасап анау тұрған телеграф бағанасын жеп қоюға болады-ау деп, сонымен бірге әлгінде не туралы айтып отыр едім деп ойлап кетті. Саусақтарына пәленбай сыра саптыяқтарын қыстырып aп үй шатырының астымен жүгіріп өткен даяшыны көріп, бір кезде дәл сол шатырдың астында өткен турнирді есіне түсіріп жеңілдеп қалды. Ол толқып, пысынап кетті, қалпағы шекесін қысып жібергендей болды да, бұл толқудың себебін түсіне алмай қалды. "Жүріңіз, — деді ол. — Мен сізге көрсетейін. Ол жер қазір бос жатқан шығар. Салқын да болуы мүмкін". Ауыр қозғалып, артына ұстаған таяғы ұсақ тастарды сылдырлатып кеп табалдырықтан секең етіп секіріп түсті де, есікке бірінші боп кірді. "Қандай қолапайсыз", — деп ойлады әйел басын шайқап, — бірақ әңгіме оның қолапайсыздығында емес. "Мұнда болу керек" — деп Лужин бүйірдегі есікті итерді. Шам жанды да, ақ халатты адам әлдене деп айқайлап жіберді, тарелкелердің мұнарасы адамдардың аяғына құлап түсті. "Жоқ, әрірек", — деді Лужин дәлізбен жүріп бара жатып. Ол басқа есікті ашып жіберіп құлап қала жаздады: баспалдақтар төмен кетеді екен, ал төменде — бұталар мен қоқыс үйіндісі және секеңдеп қашып бара жатқан тауық. "Мен қателесіппін, — деді Лужин, — оң жақтағы мынау болу керек". Маңдайы ысып тершіп кеткеннен кейін қалпағын шешті. Кең де қоңыр салқын зал әлі көз алдында — бірақ таба алар емес! "Мынау есікті көрейік" — деді ол. Есік құлыптаулы екен. Ол тұтқаны бірнеше рет басты. "Анда кім?" — деген қарлығыңқы дауыс шықты да, төсек сықырлады. "Қателік, қателік" — деп міңгірлеген Лужин, одан әрі жүріп, артына қарады да, тоқтай қалды: ол жалғыз қалыпты. "Ол қайда кеткен" — деді ол, жан-жағына қарап. Қабырғасына нөмірлер үшін шаршы ұялары бар аппарат ілінген, баққа қараған терезесі бар дәліз. Бір жақтан қоңырау шылдырлады. Бір ұядан нөмір секіріп түсті. Ол бір түрлі сандырақты мазасыз күй кешті де, "Орынсыз қалжың, орынсыз қалжың" — деп күбірлеп, шапшаң кері жүрді. Кенет ол бақтан бір-ақ шықты, ал онда оған таңдана қарап екеу отыр. Жоғарыдан күлкі естілді де, ол жоғары қарады. Ол өзінің бөлмесінің балконының ернеуіне шынтағын тіреп, алақандарымен бетін ұстап, құйтырқылана бас изеп күліп тұр екен Ол Лужиннің жалпақ бетін, желкесіне кеткен қалпағына қарап, енді оның не істейтінін күтіп тұр. "Мен сізге ілесе алмадым", — деп айқайлап, тіктеліп тұрды да, әлдене түсіндіргісі келгендей қолын жайды. Лужин ұнжырғасы түсіп, үйге кірді. Лужин қазір есік қағады, бірақ үй ыбырсып жатқандықтан оны кіргізбеймін деп ойлады. Бірақ ол есік қаққан жоқ. Ол тамақтануға төмен түскенде, Лужин асханада болған жоқ. "Ренжіп қалды" — деп ойлады да, әдеттегіден ерте жатып қалды. Таңертең қыдырыстауға шықты да, ол кәдуілгідей қолына газет ұстап бақтағы скамейкада отырған жоқ па екен деп қарады. Лужин бақта да, галереяда да көзге түспеді, ол қыдыруға жалғыз кетті. Оның енді түскі тамаққа да келмегенін, ал оның орнында ерлі-зайыпты біреулердің отырғанын көріп, кеңседегілерден Лужин мырза ауырып қалған жоқ па деп сұрады. "Лужин мырза бүгін таңертең Берлинге жүріп кетті", — деді ондағы әйел.

Бір сағаттан кейін оның жүгі қонақ үйге қайтып оралды. Швейцар мен бір бала аспай-саспай, салғырт қалыптарында таңертең алып шыққан шабадандарын қайтадан кіргізіп жатты. Лужин станциядан жаяу оралды, — толық, аптаптан еңсесі түскен, аяқ киімі аппақ шаң, қабағы түсіңкі. Ол жолдағы барлық скамейкаларға отырып демалды, екі рет бүлдірген үзіп аузына салды да, қышқылынан тітіркеніп тыжырынды. Шоссемен келе жатып ол кенет, соңынан жып-жып басып, қолына сырадан босаған бөтелке ұстаған, әдейі оны басып озбастан, оған қадала қараған бір баланың ілесіп келе жатқанын көрді. Лужин тоқтады. Бала да тоқтады. Лужин жүрді, бала да жүрді. Бала бір секіріп түсіп, тұра жөнелді. Лужин әлдене деп күбірлеп, ысылдап-пысылдап әрі қарай кетті. Күтпеген жердей дәлдеп лақтырылған тас сол жақ жауырынына сарт ете түсті. Даусы шығып кетті де, жалт қарады: Ешкім жоқ, — жол, орман, арша гүлдері. "Мен оны өлтірем", — деп немісше айқайлаған ол, ту сыртынан атылған оқтан қорыққан (бір кітаптан оқыған) адамдар құсап бұралаңдап қаттырақ жүріп ешқандай әсері жоқ сөзін қайта-қайта қайталап бара жатты. Ол демігіп, әбден шаршады, тіпті қонақ үйге жеткенде жылап жібере жаздады. "Қалатын болдым, — деді ол кеңсенің терезесі жанынан өтіп бара жатып. — Қалатын болдым".

"Бөлмесінде шығар", — деді ол басқыштан көтеріліп келе жатып. Бейне бір есікті басымен соққандай алқына кіріп келіп, төсекте жатқан алқызыл көйлекті әйелді болар болмас көзі шалып, асығыс "Саламатсыз, саламатсыз" — деп, осылай еткенім орынды деп бекінгендей, бөлмені әрі-бері шарлап кетті. Толқудан екі иығынан дем алады. "Сонымен бұрын айтқанымдай, сізді хабардар етер болсам. сіз менің жарым боласыз, айналып кетейін, бұдан бас тарта көрмеңіз, мүлде кете алмадым, бәрі де басқаша, бәрі де дұрыс болады", сонан кейін жылу жүйесінің жанындағы орындыққа отыра қап, қолымен бетін басып, дауыстап жылап жіберді; одан әрі бетін түгел жапқан боп бір қолының саусақтарын тарбитып, екінші қолымен орамал іздеп кетті; ол дірілдеген көз жасы мен саусақтарының арасынан сусылдап оған қарай жылжып келе жатқан алқызыл көйлекті көрді.

"Жарайды, жарайды, — деді ол сабырға шақырған дауыспен, үп-үлкен еркек жылай ма екен". Лужин әйелдің шынтағынан ұстап әлдеқандай қатты, салқын нәрсені сүйіп алды (білегіндегі сағаты), Ол оның сабан қалпағын алып маңдайын сипады да, ебедейсіз қарманған қолынан қорқып, шапшаң кері шегінді. Лужин орамалымен бір рет, тағы да бір рет дар-дар сіңбірінді; сонан кейін көзін, жүзін, аузын сүртіп, дымқыл көзімен алдына қарап, жылу жүйесіне сүйеніп, иығынан жүк түскендей күрсініп алды. Әйел мықтап түсінді мынау адамды мейлі ол саған ұнай ма, ұнамай ма бәрібір, енді өміріңнен аластау мүмкін емес, оның осылай нық отырғаны отырған. Сонымен бірге ол бұл адамды әкесіне, шешесіне қалып көрсетпек, ол қонақ күтетін бөлмеде қалай отырмақ, бұл адам ешкіммен де, ештеңемен де сай келмейтін басқа өлшемнің, бас киім түр мен бояудың адамы ғой. Алдымен оны олай да, бұлай да ой елегіне, олардың ортасына ойша салып көрді, қиялдағы Лужинді бөлмеге кіргенін, шешесімен сөйлескенін, самса жегенін, шетелден сатып алған самаурынға түскен бейнесін көз алдына елестетті де, ол елестетулердің бәрі дерлік күйреумен аяқталып жатты, Лужин шағын қолапайсыз қозғап қап, бүкіл үйді, әзер ілініп тұрған декорация құсатып шаңын бұрқ еткізіп бір-ақ құлататындай. Берлиндегі пәтерлері әрі қымбат, әрі жайлы болатын. Қайтадан байыған оның әке-шешелері славян ою-өрнектерімен, байлардың қыздары салынған открыткалармен, бетіне үш атты тарантас пен тоты құс күйдіріліп салынған сандықшалармен, көне усадьбалар мен форфорлардың суреттерімен, яғни қатаң орыс талғамымен өмір сүрмек боп шешті. Әкесі достарына, шыққан тегі күмәнді адамдармен іскерлік кездесулер мен әңгімелерден кейін, нағыз орыс болмысына кіріп, нағыз орыс тағамын жесем рақатты ләззат алам деп отыратын. Бірде олардың үйінде Берлин маңындағы орыс барағынан денщик қызмет етті, бірақ неге екені белгісіз дөрекі боп шыға келді де, немістік польша әйелімен көңіл қосып кетті. Өзін неміс тегіненбіз деп отыратын науша бойлы тіп-тік шешесі нағыз "орыс әйелі болатын ол, теософияға бет бұрып, радионы еврейлердің ойлап тапқаны деп жек көретін. Ол өте мейірімді, не нәрсені көзге тіке айтатын, өзі айналасына жасап қойған жасанды Ресейді шындай жақсы көретін әйел еді, кейде, рас, өзіне тағы не жетпейтінін білместен дал болушы еді, өйткені ол өзінің Ресейімді алып шықтым деп ойлайтын. Әрбір жиһаз бен әрбір заттың өз орны бар, анардай жарқырап тұратын апельсин түстес шкаптар, әр креслоның артына семіз ақылды мысықтың суреті тоқылған, мыңдаған уақ-түйектер, жұпар иістер, бояулардың бәрі қосылып адамды айтып-масайтатын, ештеңемен ауыстыруға болмайтын Петербордағы тып-тыныш мүлгіген үйіне мүлде ұқсамайтын бұл қарабайыр пәтер үйді қыздары салғырт қана қабылдаған.

Олардың үйінде болып тұратын жас жігіттер оны өте бір сүйкімді. Бірақ іш пыстыратын бойжеткен деп есептейтін де, ал шешесі уысынан шығармай мысқылдап) оны зиялы қауым мен декадентгионың үйдегі өкілі дейтін, — өйткені ол "Көркем өз декламатордан" табылған Бальмонттың өлеңдерін жатқа оқитын, әлде басқа мәселеге байланысты ма-белгісіз. Әкесіне оның бірбеткейлігі, кей кезде көзін түсіре қоятын ерек мәнері ұнайтын. Бірақ оның шын ең бір сұлу түкпіріне әлі ешкім үңіле қоймаған еді: оның сонау бала кездегі не нәрсеге де сондай сергек, не нәрсеге де сондай бәйек қабілетті сол қалпында сақтап қалған-ды; тебіреністі толқытатын құбылыстар іздейтін; бақытсыздыққа ұшырап, панасыз қалғандардың бәріне үнемі жаны ашып тұратыны сондай, мыңдаған шақырым жердегі Сицилияда жүні үлбіреген есектің қодығын ішінен тепкілеп жатқанын сезіне алатындай еді. Егер ол шын мәнінде өзі қастер тұтатын тіршілік иесін кездестіре қалса, онда ай мен күн тұтылып айналаны тұттай қараңғылық басқандай, күл бұрқырап, қабырғалардан қан сорғалап тұрғандай сәтті басынан кешіріп, егер қазір, — дәл осы қазір, -қасіретке тап болғанға қол ұшын беріп, оны азаптан құтқармаса, онда сол азап пен қасіретті өзі бастан кешіріп отырғандай жүрегі жарылып өліп кетер еді. Сондықтан да ол, қашан көрсең де аяушылық сезім құрсауында болып үнемі тебіреніс құшағында жүретін, ол туралы жұрт итті жанындай жақсы көреді, қарызға ақша бергісі кеп тұрады дейтін. Жұрттың ұсақ-түйек әңгімесін естігенде оның есіне бала кездегі ойын есіне түсуші еді: сен бөлмеден шығып кетесің де өзгелер сен туралы әрқилы пікірлер айтады. Көрші бөлмеден (онда мені қашан шақырады екен деп ыңылдап ән айтасың, немесе қолға түскен кітапты ашып қап, түсініксіз әңгіменің соңы сияқты романның үзіндісін оқисың) әлгінде ғана тастап кеткен ортаңа қайтып оралып, пікірлерін білер кезде, олардың ортасында сөзге сараң, отырып — тұруы ауыр, ол туралы не ойлайтыны белгісіз біреу отыр дейік. Оның, сөз жоқ, ешқандай да сен туралы пікірі жоқ, өйткені ол оның ортасын, оның өмірін білмейді. Міне, ол содан да аузына не келсе соны оттай салуы мүмкін.

Оларды көбірек күттіріп қойған жоқпын ба деген оймен ол желкесіндегі шашын жөнге келтіріп, күлімсіреп холға кірді. Жаңа танысқан Лужин мен шешесі пальма астындағы тоқыма креслода отыр екен, Лужин тізесінің үстіндегі көріксіз қалпағына қарап томаға тұйық қалыпта, оларға қарап оның бойын үрей биледі, Лужин не айтты екен (егер бірдеңе десе), ал шешесі оны қалай қабылдады. Шешесі келген бойда жатын бөлменің терезесі теріскей жақта екен, түнгі үстелдің үстіндегі шам жанбайды екен деп дау бастаған, ал ол болса ол сөздерді құлағына да ілмей, атақты шахматшы Лужинмен өте жақын достасып кеткенін сөз еткен. "Лақап аты шығар, — деген шешесі, — Рубинштейн немесе Абрамсон ғой". "Өте, өте атақты, — деген қызы, — өте сүйкімді". "Сен алдымен сабынымды тауып беруге көмектесші", — деген шешесі. Енді, міне, оларды таныстырып боп, лимонад алдыртам деген себеппен екеуін бетпе-бет қалдырып, холға қайта оралған кезде, оның бойын сондай бір үрей, қайтып орнына келмейтін бір апатты жағдай болды-ау деген ой билеп ап, кірер-кірместен дауыстап сөйлеп келе жатып кілемнің шетіне сүрініп кетті де, қолын ербеңдетіп, өз-өзінен күле бастады.

Сабан қалпаққа мәнсіз қарау, үнсіздік, шешесінің таңданысқа толы жанары, кенет жақында ғана жылу жүйесін құшақтап оның жылағанын еске түсіру, — соның бәріне төзу оған ауыр еді. Бірақ кенет Лужин басын көтерді де, оның езуінде өзіне таныс мұңлы жымиыс пайда болды, — оның жүрегі орнына түскендей боп, әлгінде ғана ойлаған қорқынышы бірдеңе өзгертуге дәрменсіз жай бір ойын боп көрінді. Лужин кету үшін оның келгенін күтіп отырғандай, тамағын бір қырнап ап орнынан тұрып басын иді де ("Нағыз қыртың", — деп ойлады, бұл бас июді шешесінің тіліне аударып) баспалдаққа бет алды. Ол жол-жөнекей подноспен үш стақан лимонад алып келе жатқан даяшыны кездестірді. Лужин оны тоқтатып, одан бір стақанды алып, оны ұстаған бойда, ішіндегі сұйықтың шайқалуымен бірге қасын да қозғап, жаймен ғана басқышпен жоғары көтеріліп бара жатты. Ол бұрылыстан көрінбей кеткеннен кейін, "Қырт", — деді шешесі даусын көтеріп, ал қызы шетел сөзінің мағынасын сөздіктен тапқан кезде ләззат алатын сәттей рақаттанып қалды. "Бұл адам емес қой, — деп жалғастырды шешесі ашулы түрде. — Бұл не? Бұл адам емес қой. Мені мадам дейді, сатушы сияқты мадам дейді. Адам емес, кім екенін құдай білсін. Онда советтік паспорт бар болу керек. Большевик, кәдімгі большевик. Ақымақ боп отырдым. Сөздерін-ай. Балақ-жеңі кір-кір. Сен байқадың ба? Мүлде кір-кір боп оңып кеткен".

"Қандай сөз айтылды?", — деді ол көзінің астымен қарап.

"Иә, мадам, жоқ мадам. Бұл жерде жақсы атмосфера. Атмосфера, а? Сөзін қарашы? Мен оны сөзге тартып: Ресейден қашан келдіңіз? — дедім. Ал ол үндемейді. Үндемейді. Сонан кейін ол, сенің салқын сусындарды жақсы көретініңді айтты. Салқын сусындарды! Түрін қарашы, түрін. Жоқ, жоқ, мұндайлардан аулақ болайық..."

Пікір жинау ойынын жалғастырып, енді ол Лужинге тартты. Түнеугүні сәтсіз сапарынан кейін, оны жоғарыдағы басқа бөлмеге ауыстырған. Ол бейне бір қайғыға ұшыраған жандай үстелге таянып алыпты, күлсалғышта сөнбеген папирос бықсып жатыр. Үстел мен еденде қарындашпен жазылып тасталған парақтар шашылып қалыпты. Олардың есептеу қағаздары екенін байқап, олардың көптігіне таңданып қалды. Ол есік ашқан кезде терезеден соққан жел лап қойды да, Лужин тез ес жиып едендегі қағаздарды мұқият жинап aп, оған күлімсіреп қарады. "He? Қалай?" — деді ол "Ойын үстінде тіркелу керек, — деді Лужин. — Кейбір мүмкіндіктерді белгілеп отырмын". Ол есіктен жаңылысып, бұл жерге емес, басқа жерге кіріп кеткендей жағдайда қалды. Бірақ Лужин шахмат туралы әңгімесін доғарып, оның қасына орындықпен жылжып кеп, ішкі толқыныстан дірілдеп кеткен қолымен оның белінен құшақтады да, одан әрі не істерін білмей, тізесінің үстіне отырғызбақ боп жатты. Ол оның иығына қолын тіреп, бетін бұрып алды да парақтарға көзі түсті. "Мынау не?" — деді. "Ештеңе емес, ештеңе емес, — деді Лужин, — әр түрлі партиялардың көшірмесі ғой..." "Қоя беріңіз" — деді ол нәзік дауыспен. "Әр түрлі партиялардың көшірмесі ғой, көшірме..." — деп қайталаған Лужин оны өзіне тартып төменнен оның ақ тамағына қарады. Кенет оның жүзі бұзылып кетті, көздері сөніп бара жатты; бет-пішіні солбырайып, қолдары босап, жайылып кетті, оның жібере салғанына таңырқап, әрі оның неге ашуланғанына түсінбей, ол кері шегінді. Лужин жөткірініп, темекіні үсті-үстіне сорып, оған құйтырқылана қарайтындай. "Мен келгеніме өкініп тұрмын, — деді ол. — Біріншіден, мен сіздің жұмысыңызға кесір жасадым". "Ешқандай да", — деді Лужин тізесін салып қап, күтпеген жерден көңілденіп.

"Екіншіден, мен негізінен сіздің пікіріңізді білейін деп едім". "Зиялы ортаның әйелі, — деді Лужин, — бірден көрініп тұр".

"Тыңдаңыз, — деп айқайлап жіберді ол, ызалана, — сіз бір жерде тәрбие көріп пе едіңіз? Сіз бір жерде оқып па едіңіз? Сіз жалпы адамдармен кездесіп пе едіңіз, адамдармен сөйлесіп пе едіңіз?"

"Мен көп саяхаттағам, — деді Лужин. — Анда да, мұнда да. Барлық жерде болдым".

"Мен қайдамын? Ол кім? Одан әрі не болады?" — деп өз-өзіне ойша сұрақ қойып, нөмірге, қағаз толы үстелге, мыж-тыж төсекке, тат басқан "жиллет" ұстарасы жатқан жуынғышқа, қызыл секпілді галстук жылан құсап шұбатылып шығып жатқан жартылай ашық шкапқа қарап тұрды. Осы бір ыбырсып жатқан дүниелердің ортасында тұрлаусыз бір өнермен шұғылданатын ойға бөккен адам отыр, енді ол өзін дәл осы жерде тежеп, оның бүкіл кемшіліктері мен түсініксіз халдерін алға тартып, өзіне-өзі бұл адамға қосылуға болмайды деп бір-ақ кесім айту керек дей тұра, ол өзін шіркеуде қалай ұстайды, фрак кигенде қалай көрінеді деген ойларға да мазасыздана шомып кетеді.

7

Әрине, кездесулер жалғасып жатты. Байғұс шеше қызы мен күмәнді Лужин мырза екеуі жұп жазбайтынын үрейлене байқап жүр, — сөз жоқ, екеуінің арасында әңгімелер, көзқарастар бар, бірақ ол қандай әңгімелер мен көзқарастар, ол жағын білу қиын; бұл өте қауіпті боп көрінді де, жек көрсе де, Лужинді өзінің қасында көбірек ұстап оны тілімен шаншып отыру керек, бәрінен бұрын қызы ұзақ жоғалып кетпеу керек деп шешті. Лужиннің мамандығы түкке алғысыз боп көрінді... Мұндай мамандықтың бар болуы қарғыс атқыр қазіргі заманның мәнсіз-мағынасыз рекордтарға жаппай ұмтылуымен ғана түсіндіруге болады (күнге дейін ұйытқып барғысы келетін бейне бір аэропландар, марофон жарысы, олимпиада ойындары). Ертеректегі, оның жастық шағындағы Ресейде шахмат ойынымен айналысатын адам ақылға сыймайтын құбылыс боп танылар еді. Қазір де ондай адам біртүрлі боп көрінер еді, олай болса Лужин шахмат ойынын бетперде етіп, шын мәніндегі басқа бір қулық — сұмдығын, мәселен, масондық мүттәйім қылмысты іс-әрекетін жасыру үшін күнәсіз ойынмен айналысып жүрген жоқ па екен деген күмәнға батады. Алайда, көп ұзамай бұл күмән сейілді. Мұндай малғұннан қандай сұмдық шығуы мүмкін? Сонымен бірге ол шынында да атақты. Көп жұртқа бұл есімнің таныс екендігі оны әрі таңғалдырды, әрі ызасына тиді (алыстан қосылатын бір туысының айтқан Лужин деген Петербор помещигімен байланысы болғаны құлағында еміс-еміс қалып қойыпты). Осы курорттың қонақ үйінде жатқан немістер де аты-жөнін ысылдап жүріп, құрметпен атайды. Қызы оған соңғы бетінде жұмбақтар мен әр түрлі ойындармен бірге, жақында ғана Лужин жеңіске жеткен партияны берген көркем-суретті журналды көрсеткен. "Осындай түкке алғысыз нәрсемен айналысуға бола ма? — деген ол қызына абыржи сөйлеп, — осыған бола бүкіл ғұмырыңды арнау... Мәселен, сенің нағашың көп ойындарды жақсы ойнайтын, — шахматты да, картаны да, биллиардты да, — бірақ оның қызметі, карьерасы, бәрі болды..." "Оның карьерасы осы, — деп жауап қатты қызы, — ол өте белгілі адам. Сенің шахматқа қызықпағаныңа ешкім кінәлі емес". "Сиқыршылар да атақты болады" — деп ренжи сөйлегенмен, бірақ Лужиннің атақты болуы бір жағынан оның өмір сүруін ақтайды деген ой оны тосылдырып тастайды. Оның өмір сүруі азапты еді. Оның оған үнемі ту сыртын беріп отыратыны ызасын келтіретін. "Ол ту сыртын беріп отырады, ту сыртын, — деп қызына шағым айтты. — Ешқандай адам құсап сөйлесе алмайды. Сен маған, оның жанының бір ақауы бар". Лужин оған еш уақытта да сұрақ берген емес, еш уақытта да үзілген әңгімені жалғастыруға тырысқан емес. Күліп тұрған күн астында соқпақтармен ұмытылмайтын серуен жасап келе жатып ер жер-әр жерден кездесетін көлеңкелер астына бір қамқор жандар скамейкалар қойған, — сол ұмытылмайтын серуендерде Лужиннің әр адымы оны қорлап келе жатқандай болады. Семіздігі мен демікпесіне қарамай, ол кенет оларды артқа қалдырып шапшаң жүріп кететін, ал шешесі ернін жымқырып қызына қарап, егер рекордты жүріс жалғаса берсе, онда дәл қазір, — түсінемісің, дәл қазір — үйге қайтам деп ысылдай сыбырлайды. "Лужин, — деп шақырады қызы, — а, Лужин? Демалып ал, шаршайсың". Қызының оны аты-жөнімен атауы да жағымсыз естіледі, — бірақ ол мұның ескертпесіне күліп: "Тургеновтың қыздары осылай еткен. Менің нем кем?", — деді Лужин бұрылып, қисық езуімен мырс етіп, скамейкаға отыра кеткен. Қасында қоқыс салатын кәрзіңке тұр. Ол бірден қалтасына қол сап, әлдеқандай бір қағаз тауып ап, оны мұқият жыртып кәрзіңкеге тастады да кеңкілдеп күлді. Әзілінің түрі.

Бәрі бірге қыдырыстап жүрсе де, қызы мен Лужин жеке кездесуге уақыт табатын да, ондай жеке кездесулерден кейін қызына ызалана сұрақ қоятын: "Онымен сүйісіп жүрсің бе? Сүйісіп жүрсің бе? Мен білем, сен сүйісіп жүрсің". Бірақ қызы күрсінетін де жалған қамығып жауап береді: "Әй, мама-ай, сондай сөзге қалай аузың барады..." "Өліп-өшіп", — деп шешкен шешесі, күйеуіне өзінің бақытсыз екенін, көңілі орнында емес екенін, қызы қатерлі бір тоңмойынмен кездесіп жүргенін айтып хат жазып жіберді. Күйеуі Берлинге қайт, немесе басқа курортқа ауыс деп кеңес берді. "Ол ештеңе түсінбейді, — деп ойлады ол. — Бәрібір. Жақында бәрі бітеді. Біздің көгершін ұшады да кетеді".

Кенет, Лужиннің Берлинге жүретініне үш күн қалғанда, шағын бір оқиға болып, оның Лужинге деген қатысын өзгертіп қана қоймай, ептеп болса да сезімін селт еткізгендей болды. Үшеуі қыдырыстауға шыққан. Тамыз айының кеші, күн сөлі әбден сығылып алынған апельсин сияқты батып барады. "Тоңази бастадым, — деді ол. — Маған бірдеңе әкеп беріңдерші". Қызы басын изеп, аузына шөптің сабағын салған қалпы, қолын сермелей сілтеп қонақ үйге қарай жөнеле берді.

"Қарашы, қызым әдемі емес пе? Балтырлары тіп-тік".

Лужин басын иді.

"Сонымен сіз дүйсенбіде жол жүресіз бе? Ойнап болғаннан кейін Парижге қайтасыз ба?"

Лужин тағы да басын иді.

"Бірақ Парижде көп болмайтын шығарсыз. Тағы да басқа жаққа шақыратын шығар?"

Басталды да кетті. Лужин жан-жағына қарап ап, таяғын көтерді.

"Жол, — деді ол — Қараңыз. Жол. Мен келе жаттым. Көз алдыңызға елестетіңізші, мен кімді кездестірдім. Кімді кездестірдім? Аңыздағы Амурды. Садақ емес, табы бар. Мен жаралы болдым".

"Не айтып отырсыз?" — деді ол мазасызданып.

"Жоқ, ғапу етіңіз, ғапу етіңіз, — деп Лужин саусағын шошайтты. — Маған ауденция керек".

Лужин оған жақындап, аузын ашып, жүзінде азапты бір нәзіктік пайда болды.

"Сіз мейірімді, бәйек жанды әйелсіз, — деді Лужин даусын созыңқырап. — Менің қызыңызға құлаған ниетімді қайтара көрмеңіз".

Бейне бір театрлық жаттанды сөзді айтып біткендей сырт айналып, таяғымен құмның бетіне өрнек caп кетті.

"Міне орамалың" — деген қызының сырт жағынан ентіккен даусы естілді де, орамал иығына кеп қонды.

"Керегі жоқ, маған ыстық, керегі жоқ, қайдағы орамал..."

Сол күнгі кешкі қыдырыс үн-түнсіз өтті. Оның басында Лужинге айтуға тиіс сөз жылт ете түсті, — қаржы жағын ишаралап жеткізу, — ол бай болмаса керек, өйткені қонақ үйде ең арзанқол нөмірде жатыр. Қызымен де мықтап сөйлесу керек. Ми жетпейтін үйлену, бос әбігер. Бірақ солай бола тұра, Лужин сондай бір тебіреніп тұрып, көне дәстүрмен одан кеп рұқсат сұрағаны толқытты.

"Құттықтаймын, — деді ол сол күні кешке қызына. — Түк түсінбегендей болмай-ақ қой, сен бәрін біліп тұрсың".

"Ол сенімен бекер сөйлескен, — деп жауап қатты қызы. — Бұл істі тек сол екеуміз ғана шешеміз".

"Алғаш кездескен құйыршыққа тұрмысқа шыға салу..." — деді ренжи сөйлеп.

"Олай деме, — деді қызы сабырмен. — Бұл сенің ісің емес".

Бос әбігер дегенің шұғыл түрде дамып бара жатты. Жол жүрер күннің қарсаңында ұзын түнгі көйлек киген Лужин өзінің балконына шығып қара жапырақтардың арасында малтығып дірілдеген айға қарап тұрып, Туратиге қарсы қолданылатын қорғаныстың өзгеше бағыт алғанын еске ап, сол шахмат ойларының арасынан құлағында шыңылдап тұрып алған дауыс оның бүкіл болмыс-бітімін, ондағы барлық басты пункттерді қақ тіліп кесіп өтті. Ол онымен болған әңгіменің жаңғырығы еді, — ол тағы да оның тізесінде отырып, егер шешесі қалам десе қалсын, ал өзі екі-үш күннен кейін Берлинге қайтам деп уәде берді. Оны тізесінде ұстап отыру оған деген сенімінің қасында түк те емес еді. Ол оның соңынан келеді, яғни көбіктей жарылып жоқ боп кететін, олардың орнына қоңыраулы сағаттың қалпағы ғана шыға келетін әлдеқандай бір түстер сияқты болмайды. Иығымен оның кеудесіне тығыла түсіп, жайлап қана саусағымен оның қабағын жоғары көтерді, көтерді де оның көзінің қарашығынан түсініксіз бір қара сәуленің секіріп ойнағанын байқады, ол қара сәуле оның қара аты сияқты, Турати алғашқы кездесудегідей жетінші жүрісте жылжытқан пешкіні жеп қоймақ. Ат әрине опат болады, бірақ бұл құрбандық қара жақтың ойластырылған шабуылына жол ашпақ. Әлбетте, ферзі жақтағы қанатта бірқатар әлсіздік пайда болады, әлсіздік емес-ау, болар-болмас күдік, осының бәрі құр қиял, құр қуаныш емес пе, оның жүрегі жарылып кетпей осыған шыдас бере ме, әлде құлағындағы сол дауыс оны алдап, жолай тастап кете ме. Бірақ ай қыңыр қара бұтақтың арасынан қалқып шықты, — дөп-дөңгелек, топ-толық ай, — жеңістің мөрі дерсің, ақырында Лужин бұрылып бөлмесіне кіргенде, оның еденіне үлкен төрт бұрышты айдың сәулесі төселіпті, ал ол сәуле үстінде — өзінің көлеңкесі.

8

Оның жас қалыңдығы салғырт қараған нәрсе, алдын ала болжап білмегендей, оған әсер етті. Ауасы ауырлау пәтеріне Лужин өте өжет венгрді жеңіп, бірінші пунктін орындағаннан кейін, бірден оралды, әрине партия қырқыншы жүрісте тоқтатылды, бірақ одан арғысы Лужинге айдай анық еді. Ол шоферға открыткадағы мекен-жайды оқып берді ("Келдік. Сізді кешке күтеміз"), лезде-ақ тұманды қашықтықты зулап өтіп, арыстан аузындағы шеңберді жайлап қана тартты. Қоңырау даусы шығар-шықпастан-ақ есік айқара ашылды. "Пальтосыз жүргеніңіз не? Кіргізбеймін..." Ол бірақ табалдырықтан аттап, қолын бұлғап, демікпесін ретке келтірмек боп басын шайқап тұр еді. "Пуһ, пуһ" — деп демін үрлеп ыстық құшаққа дайындала бастаған-ды, кенет созыла берген қолында керегі жоқ таяқ, оң қолында автомобильмен есептескеннен бері ұстап келе жатқан шилан. "Тағы да сол қара қалпақ. Неғып қақшиып тұрып қалдыңыз? Бері жүріңіз". Таяғы құмыра тектес ыдыстың ішіне сүңгіп кетті, шиланы бірер ұмтылыстан кейін тиісті қалтаға барып жатты, қалпақ орнын тапты. "Мен келдім, — деді Лужин, — пуһ, пуһ". Ал ол дәліздің түкпіріне кетіп қалыпты; бүйірімен есікті итеріп, жалаңаш қолын созып, Лужинге қабағының астымен жымия қарап тұр. Ал есік маңдайшасының дәл үстіне үлкен, ашық майлы бояумен салынған картина ілінген. Әдетте ондай заттарға ден қоя бермейтін Лужин ол суретке бірден көзі түсті, өйткені электр жарығы бояуларға шағылысып оның жанарына күннің сәулесіндей шаншыла қадалды. Қасына дейін алқызыл орамал таққан әйел алма жеп отыр, ал оның дуалға түсіп тұрған көлеңкесі одан да үлкен алма жеуде. "Әйел" — деп тамсанған Лужин күліп жіберді. "Ал, кіріңіз, кіріңіз". Ол қонақ бөлмеге кірді де рақатты сезіммен босап сала берді, неге екені белгісіз турнир кезінде үстінен тастамайтын барқытты жилет астындағы қарны күлген сайын солқ-солқ етеді. Сүңгілер сияқты салпыншақты люстра оған күлім-күлім еткендей; рояль алдындағы ампир креслоларының аяқтары шағылысқан сары паркет үстінде аяқтарын жайып, бейне бір еденнің жарқыраған тұңғиығына ұшып бара жатқандай ақ аюдың терісі жатыр. Қаптаған үстелдер мен сөрелерде не түрлі заттар, айна артындағы рамадан тотықұс қауырсыны көрінеді. Қабырғалардан тағы да көп-көп картиналар көзге түседі, — гүлді көйлекті әйелдер, ақ боз ат мінген алтын нұрлы батырлар, ақ қардың ақ түбітіне оранған үйлер. Лужин үшін осының бәрі қосылып жарқ-жұрқ еткен әлем құрағандай да, тек анда-санда ғана жеке бір заттар көрінеді, — фарфор бұғы мен күңгірт икона, — сонан кейін көзді жейтін тағы да әлеміш бояулар мен өзі сүрініп кетіп шеті қайырылып жатқан аю терісі. Ол он жылдан бері орыс үйінде болмап еді, енді, міне, құлпырып, гүлдеп тұрған Ресейдің көрмесіне кіргендей балаша қуанып, қолын шапалақтап марқайып қалды, — ол ғұмыры мұндай рақаттанып көрген емес. "Пасхадан қалған ғой", — деді ол сенімді түрде алтынмен апталған үлкен ағаш жұмыртқаны шынашағымен көрсетіп. Осы кезде ақ есіктер айқара ашылды да, шашы қырпып алынған, тіп-тік, пенснелі қолын жүріп келе жатып созған қалпы бір мырза кіріп келді. "Қош келдіңіз, — деді ол. — Танысқаныма қуаныштымын". Ол сол бойда қақпағына Александр қыраны салынған портсигарды сиқыршыдай ептілікпен сырт еткізіп ашып жіберді. "Мүштекпен, — деді Лужин папиростарға көз қырын салып. — Мыналарды шекпеймін. Ал мынаны..." Ол қалтасын қопарыстырып жүріп қағаз қорабынан түсіп қалған толық папиростарды шығара бастады; олардың бір-екеуін түсіріп алып еді, әлгі мырза шапшаң көтеріп алды. "Қалқам, — деді ол, — бізге күлсалғыш бере қойшы. Отырыңыз. Айыптымын... Сіздің аты-жөніңіз?" Хрусталь күлсалғышы олардың ортасынан орын алды. "Сараңдық жасап отырмын", — деді Лужин майысып қалған папиростарды тіктеп жатып. "Оқасы жоқ, оқасы жоқ, — деп асыға тіл қатқан мырза кенет қусырыла қалған танауынан түтіннің жіңішке екі ағысын шығарды. — Міне, сіз құдай сақтаған Берлиндесіз. Қызым сізді жарысқа қатысуға келді деп айтқан". Ол крахмал манжетін ағытып, қозғалақтап қойды да, сөзін жалғастырды. "Мен кілең осы шахмат ойынында сондай бір жүріс жасап, соның арқасында жеңіске жетуге болар ма екен деп ойлаймын да жүрем. Мен білмеймін, түсінесіз бе, бірақ менің айтайын дегенім... кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз?" "Жоқ, мен түсінем, — деді Лужин шамалы ойланып. — Біз жай ғана жүрістер, немесе күшті жүрістер жасаймыз. — Күшті жүріс..." "Иә, иә, солай ма", — мырш басын изеді. "Күшті жүріс дегеніміз, — Лужин даусын көтеріп көңілдене сөйледі, — бізге бірден басымдылық береді, ауыр салмақты фигуралардың бірін алып екі жақты шах беру, немесе пешкіш ферзінің дәрежесіне жеткізу. Солай жалғаса береді. Солай жалғаса береді. Ал жай жүріс..." "Иә, иә, — деді мырза. — Жарыс шамамен қанша күнге созылады?" "Жай жүріс дегеніміз іштен шалу, білдірмей ұңғу, компликация, — Лужин неғұрлым жұғымды болғысы кеп, еліге сөйлеп жатты. — Бір жағдайды алайық. Ақтар..." Ол күлсалғышқа қарап ойланып қалды. "Өкінішке орай, — деді мырза тіксініп, шахмат менің миыма қонбайды. Мен тек сізден сұрағаным... Он енді түкке тұрмайды. Біз енді асханаға барайық. Қалқам, шай дайын ба?" "Иә! — деді Лужин. — Біз тек эндшпиль тоқтатылған жағдайды алайық. Ақтар: король сэ-үш, ладья а-бір, ат дэ-бес, пешкілер-үш, сэ-төрт. Қаралар..." "Шахматтың қыр-сыры көп" — мырза aсығыс сөйлеп, қараға қатысты әріптер мен цифрлар тасқынын тоқтату үшін орнынан атып тұрды. "Алдын ала топшылайық, — деді Лужин нықтап, — бұл жағдайда мынандай жақсы жүріс жасайды, — э-алты жэ-бес. Оған мен кезекті жай жүріспен жауап берем..." Лужин конн сығырайтып, мүжәлсіз сүйетіндей ернін дүрдитіңкіреп, ақырын ғана сөз де емес, жүрістің аты да емес, сондай бір нәзік үнмен күбір ете түсті. Оның жүзі нәрестенің жүзіне қонған ұлпаны үрлеп ұшырғандай түрге еніп бара жатты, — келесі күні ол тақтада да осы жүрісті жасады. Тек ойынға алып келетін барлық варианттарды қарастырып, бірақ осы жасырын комбинацияны елемей, түнді ұйқысыз өткізіп, жүзі сарғайып кеткен венгр тақтаға үңіліп ойланып қалғанда, Лужин марқая жөтеліп бұл жүрісті қағазға түсіріп жатты. Венгр көп ұзамай берілді де, Лужин болса Комнатриотпен ойынына кірісті. Партия қызықты басталды да, көп ұзамай олардың үстінен айналасында көрермендер бір-бірінің үстіне шығардай үймелей қалды. Бірін-бірі итере-митере сығылысып, алқына демігіп, күбірлеп-сыбырлап, әсіресе, "ти-иш" деген сөздер Лужиннің жынына тиді: ол осы бір абыр-сабырды, сықыр мен сыбырды, жан жылуды бүкіл болмысымен сезініп отыр. Көзінің қиығымен қарап, отырғандардың аяқтарын көріп, әсіресе, неге екені белгісіз, солар жаратылысындағы жалтыраған шұлық киген әйелдің балтыры айрықша мазасын келтірді. Әрине, ол аяқтың иесі шахматтан түк те түсінбейді, не үшін келген.. Сұрғылт, үшкір тұмсық туфлилер панелдің астымен бара жатқанда ғана жақсы — беті аулақ. Сағатты тоқтатып, жүрісті жазып, немесе фигураны алып жатып та ол көз қиығымен сол аяқтарға қараумен болды, тек жарты сағаттан кейін партияны жеңіп, орнынан тұрып нымшасын жөндеп қарағанда ғана ол аяқтар кімнің қалыңдығының аяқтары екенін көрді. Жеңісіне, оның қатты көңілі марқайып өзін шексіз бақытты санаған ол, оны аймалап тану үшін шахмат тақтасы мен мына шуылдаған жұрттың тезірек болуын қалап тұр. Бірақ, тіпті үлкен жарқыраған жез самаурын қайнаған кезде де, шаршы тектес шоколад пен кремдермен өрнектелген он пирог келген кезде де шахмат жоғалған жоқ. Қалыңдығының шешесі оны жақында ғана кіріскен шахмат туралы әңгімені бөліп кеткен кездегідей сәл тәкаппарлау, сәл кекесінді жайдарлылықпен қарсы алды, — ал кешегі мырза, оның күйеуі болуы керек, Ресейде олардың қандай үлгілі имениесі болғаны жайында беріле айтты.

Сіздің бөлмеңізге барайықшы", — деді Лужин қалыңдығына құлағына сыбырлап, ал ол ернін тістелеп, көзі алақандай болды. "Жүріңіз" — деді ол қайталап. Бірақ қыз оның тарелкесіне ес кетірер таңқурай вареньесін салып жіберді, осы бір отты түйіршіктерімен инді үйіріп, хош иісті шекерімен тісті тұтып қалатын жалт-жұлт тәтті дәм бірден-ақ әсер етті. "Мерси, мерси", — деп Лужин айтып үлгергенше, екіншісі тағы салынды, ол осы өлі тыныштықта қатты шырынның бір тамшысын да қалдырмай шаймен ысып кеткен қасығын жалап-жұқтап тамсанып қояды. ақырында ол өз-өзіне жетіп, бірақ, қыздың бөлмесінде емес, гүлді қонақ бөлмеде, онымен жеке қалған кезде, ол оны өзіне тартып, солқ етіп барды да оның саусақтарынан ұстады, бірақ ол бұлт етіп шығып, креслоға барып жайғасты. "Мен сізге тұрмысқа шығу-шықпауды әлі шешкем жоқ, — деді ол. — Есіңізде болсын". "Бәрі шешілген, — деді Лужин. — Егер олар бас тартса, оларды қол қоюға күштеп көндіреміз". "Неменеге қол қоюға?" — деді ол таңырқап. "Білмеймін . Бірдеңелерге қол қою керек шығар". "Топас, топас, — деді әлденеше қайталап. — Ештеңе өтпейтін, ешқашан түзелмейтін (Топастық. Сізге не істесем екен, қалай етсем екен... Жүзіңіз қандай шаршаңқы. Сізге көп ойнау зиян". "Achwo, — деді Лужин, — екі партия". "Түнімен ойлап шығасыз. Олай етуге болмайды. Түннің әр уағы болды. Үйіңізге қайтыңыз. Сізге ұйықтау керек, түсіндіңіз, бірақ ол жолақ диванның үстінен қозғалар емес, анау-мынау кездейсоқ сөздерден басқа оңды әңгіме жоқ. Ол әлі оны бір рет жөндеп сүйген емес, бәрі бір түрлі олпы-солпы, оның бірде бір әрекеті құшақтап сүюге ұқсамайды. Бірақ оның көзіндегі осы бір құмбыл берілгендік, жүзін нұрландырып жіберетін осы бір құпия сәуле... Келесі күні оның тағы да сол бір шулы тар көшедегі ғимараттағы үлкен дәмхананың екінші қабатына барғысы келді. Бұл жолы Лужин оны бірден көрді: ол шашы қысқа алынған, содан да маңдайына дейін басына бір ыдыс киіп алғандай көрінетін, ал дүрдиген еріндері сөніп қалған сигараны құныға сорған кең иықты мырзамен сөйлесіп тұрған. Газеттен келген суретші, қытайдың масқарапазы құсап, басын бір көтеріп, бір түсіріп сигара иесін бір қырынан шұғыл салып жатыр. Өтіп бара жатып оның альбомына көзі түскен ол әлі бітпеген Туратидың қасында салынып біткен Лужиннің қоқырайған мұрнын, қара қалдары бар салбыраңқы алқымын, самайындағы бұйраланған шашы бар бейнесін көрді. Турати неміс шеберімен ойнауға отырды да, ал Лужин оған айыпты жандай тұнжыраған қалпы таяп кеп ұзақ жүйесіз бірдеңелерді айтып жатты. Бір түсінгені, ол мұның кетуін қалап тұр. "Мен өте, өте қуаныштымын, — деді Лужин жалбарына сөйлеп, — бірақ әзірше, әзірше адамға кесір жасайды". Ол шахмат үстелдерінің арасынан кетіп бара жатқан оны көзімен шығарып сап, сонысын мақұлдағандай басын изеп, өте салқынқанды ойнайтын, бірақ үнемі ұтылып қалатын ақ шашты ағылшын қарсыласы мана жайғасып алған тақтаға беттеді. Ағылшынның бұл жолы да жолы болмады, Лужин тағы жеңді, ал келесі күні тең түсті де, сонан кейін тағы жеңіске жетті, — бейне бір қимыл-қозғалыс басқа бір жылдамдыққа түскендей, бұрын көз тоқтатып қарар тұстар жылт етіп өтіп жатқандай болды да, енді ол шахмат пен қалыңдығы үйінің арасындағы шекараны сезінуден қалды.

Ол Туратиден қалыспай келе жатты. Турати пунат жасаса, бұл да пунат жасады; Турати жарты ұпай алса, бұл да жарты ұпай алады. Олар, бейне бір тең қабырғалы үшбұрыштың екі жағынан қатар өрмелеп, ең соңғы шешуші сәтте шың үстінде кездесетін секілді. Түннің өзі ойқы-шойқы боп кеткендей. Қанша ұйқың кеп тұрса да шахмат туралы ойланбай тұра алмайсың, ал содан кейін миыңа ұйқы кірмей-ақ қояды, өйткені әр саңылау тесікте шахматтың қарауылы тұрып алған, бұл бір азапты сәттер еді, — мына жерде ұйқы, оның арғы жағында ми; бөлмедегі бей-жай Лужин ұйқыда, шахмат тақтасын құшақтаған Лужин сергек, міне, осы екі Лужин егізді қалай қосуға болады. Одан да сорақысы, — турнирдегі сеанстан кейін ол әрең дегенде шахмат әлемінен босап шығады да, күні бойы екіге бөлінгендей есалаң күй кешеді. Үш сағатқа созылған партиядан кейін оның басы қара шаршыларға бөлініп сынып ауырады да, шығар есік таба алмай, немесе баратын қадірлі үйінің мекен-жайын есіне түсіре алмай дал болады: бақытына орай, қалтасынан шеті қобырай бастаған, екі бүктелген открытка сақталып қалыпты ("Келдік. Кешке күтеміз"). Ол әлі қуаныш кұшағында жүрсе де, ол қуаныштың да жүзіне тозаң қонбай қалған жоқ. Демалып алатын күннің бірінде әдеттегіден ертерек келген-ді, үйде қыздың шешесі ғана бар екен. Ол бұрында бір тоғай ішінде болған әңгімені қозғап, өзінің дегенінен қайтпайтынын, өзін шындықты бетіне айтам деп ойлайтын әдетімен (оның үйіне келіп тұратын жастар оны ақылды санайтын және одан аяғын тартатын) Лужинге, темекі тұқылдарыңды вазаларға да, тіпті едендегі жайылып жатқан аюдың аузына да тастай бересің деп шап берді де, сонан кейін алдағы сенбі күні осы үйде күйеуі жуынып шыққан бойда ванна қабылдауыңыз керек деді. "Суға сирек түсесіз ғой деймін, — деді ол ешқандай бүкпесіз, — сирек қой". Лужин үнсіз аяғының астындағы күңгірт көлеңкелердің қозғалысына қарап тұрып, қолайсыздау иығын қозғады. "Жалпы, — деді ол, — шамалы еттен арылу керек". Осылайша өзінің тыңдаушысының қажетті көңіл күйін тудырып ап, ең басты тақырыпқа келді. "Айтыңызшы, — деді ол, — менің ойымша, сіз менің қызымды әбден бұзып біттіңіз. Сіз сияқтылар шетінен бұзылған боп келеді. Менің қызым, қазіргілердегідей емес, таза. Айтыңызшы, сіз бұзылғансыз ба, бұзылмағансыз ба?" "Жоқ, мадам", — деді Лужин күрсініп, содан кейін қабағын тыржитып өкшесімен едендегі әлденені ысқылап сүрте бастады. "Мен сізді мүлде білмеймін ғой, — деді сыпылдаған дауыс. — Мен анықтама жинауым керек — иә-иә, анықтама, — сіздің әлдеқандай бір ауруыңыз жоқ па?" "Демікпе, — деді Лужин. — Тағы да — шамалы құяң ауруым бар". "Мен ол туралы айтып отырғам жоқ — деп кесіп тастады ол. — Әлдеқайда маңызды. Сіз өзіңізді күйеу бала санайсыз, келіп тұрасыз, оңаша отырасыз. Бірақ мен жақын арада үйлену тойы бола қалады деп ойламаймын". "Өткен жылы көтеумен ауырдым", — деді жалыққан жандай. "Құлақ салыңыз, мен сізбен маңызды мәселелер жайында әңгімелесіп тұрмын. Сіздің, байқаймын бүгін, қазір үйленгіңіз келеді. Мен сізді білем. Сонан кейін оның іші томпайып шыға келеді, азапқа саласыз ғой". Лужин көлеңкелерді аяғымен таптап тұрып, ол отырған жерден әріректегі еденде жаңа комбинация басталғанын көрді. "Егер сіз менің пікірімді шамалы болса да білгіңіз келсе, онда бұл үйлену түкке де тұрмайды деп білем. Сіз, немене, сізді менің күйеуім асырайды деп жүрсіз бе. Мойындаңыз, солай ойлайсыз ба?" "Менің қаржыдан қолым қысқалау, — деді Лужин. — Мен шамалы қарыз алам ба деп едім. Маған бір журналдың шахмат бөлімін басқаруға ұсыныс жасап отыр..." Дәл осы кезде едендегі сәйкессіздіктер әбден шектен шығып кетті де Лужин көлеңке-корольді сәуле-пешкінің қаупінен құтқару үшін еріксіз қолын созды. Сол күннен бастап ол, ұзақ қарап тұратын болсаң нақты бейнеге айналып шыға келетін ағаштан жасалған заттары көп қонақ бөлмеден қашатын болып алды. Қалыңдығы, турнирдің әр күні өткен сайын оның саулығының нашарлап бара жатқанын білді. Көзінің айналасы көлкілдеп көгіс тартқан, ал ауыр қабағы ісіңкі. Оның боп-боз боп кеткені сонша, қалыңдығының айтуымен күнде қырынса да, қырынбаған сияқты боп көрінеді. Ол турнирдің аяқталуын "үлкен тағатсыздықпен күтті, әрбір ұпай алу үшін ол қаншалықты азапты күш жұмсау керек екенін ойлағанда жанын қоярға жер таппады. Байғұс Лужин, құпия Лужин... Таңертең таныс неміс әйелімен теннис ойнап, оның әбден құлақ сарсылтқан өнер тарихы туралы әңгімесін тыңдап тұрып та, бөлмесінде әртүрлі кітаптарды аударыстырып отырып та, — Андреевтің "Мұхитын", Красновтың романын, "Қалай йог болуға болады" брошюрасын — міне, Лужин шахматтық есептеулерге басымен сүңгіп, тайталасып азапқа түсуде деп ойлап, сол өнердің қиындығын онымен бөлісе алмайтынына қорланғандай болды. Ол оның данышпандығына ешқандай күмәнсіз сенді, сонымен бірге ол данышпандық, қандай керемет болса да, шахмат ойынымен сарқылып қалмайды, турнирдің ысытпалы кезеңі өткеннен кейін, Лужин қалыпқа түсіп, демалып болған соң, оның бойында бұрын мүлде белгісіз боп келген күш пайда боп, ол түлеп көтеріліп, оянып, сонан кейін өмірдің басқа салаларында да өзінің дарынын көрсететін болады. Әкесі оны тар аядағы фанатик деп бағалай тұра, ол өте аңғал, өте тәрбиелі адам деді. Ал шешесі Лужинді күн сайын емес, сағат сайын есінен адасып бара жатқан жан, ал есі делқұлы адамға заң бойынша үйленуге тиым салынған деп, алғашқы күндері өзінің таныстарының бәрінен оны жасырып бақты, бұл ойы оп-оңай іске асты, — оны қызы екеуі курортта деп жүрді, — сонан кейін, ылғи сол үйде болып тұратын ол адамдар тағы бас сұқты, — мәселен: бізге Ресей емес, жастық шағымыз қымбат дейтін өте бір сүйкімді қарт генерал; екі орыс немісі: шарап фабрикасының қожасы және теософ Олег Сергеевич Смирновский; бірнеше бұрынғы офицерлер, бірнеше бойжеткендер, әнші Воздвиженская; ерлі — зайыпты Алферовтер; қарғаның мәткесі (белгілі опера бойынша) атанып кеткен кейуана жастағы княгиня Уманова. — Лужинді алғаш рет сол Уманова көрді де, үй иесінің асығыс, жүйесіздеу әңгімесіне сүйеніп оны әдебиетке, журналдарға қатысы бар адам — бір сөзбен айтқанда, шығармашыл деді. "Сіз білесіз бе? — деді ол сыпайы түрде әдеби әңгіме бастап. — Жаңа поэзиядан... аздап декаденттықтан... көктікен туралы, "көктікен, көктікен..." Олег Семенович бірден оған шахмат ойнайық деп ұсыныс жасап еді, бірақ үйде шахмат болмай шықты. Жастар оны өзара қалпақ деп атады, тек қарт генерал ғана оған шын жүрегімен ықылас білдірді де оны біраз уақыт бойы зоология бағында дүниеге жаңа келген жирафтар баласын көруге шақырумен болды. Қонақтар келе бастаған кезден, қалыңдығымен оңаша отыру мүмкін болмай қалды да, солардың арасынан қалыңдығына жол табам деп бірден шахматтық тартысты еске түсірді. Бірақ оларды жеңу мүмкін емес еді, өйткені олар бірінің үстіне бірі келеді, тіпті енді олар турнир кезінде де жан-жағынан анталап тұрғандай сезінеді.

Өткен істердің бәрін ақиқатын ұғу аяқ астынан, бөлмесінің қақ ортасындағы орындықта отырып өзінің ойын бір-ақ нәрсеге жинақтап бағыттаған сәтте келді: кеше оныншы пункт жасалынды, енді Мозерді ұтуы керек. Кенет қалыңдығы кіріп келді. "Құдай құсап отырсың ғой, — деп күлді ол. — Қақ ортада, ал құдайға құрбандық тартады". Ол оған шоколад кәмпитін ұсынды да, күлкісін тия қойды. "Лужин, — деп айқайлап жіберді, — Лужин, есіңізді жиыңыз! Сізге не болды?" "Шын ба?" — деді ол баяу, сенімсіздеу тіл қатып. "Әрине, шын. Орындықты ортаға қойып отыру, қайдан шыққан әдет. Егер сіз қазір есіңізді жимасаңыз, кетем". Лужин басы мен иығын сілкіп-сілкіп жіберіп кушеткаға барып отырды, бірақ оның әлі де орныға алмай, әлі де сене алмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. "Айтыңызшы, мұның бәрі қашан аяқталады? — деп сұрады. — Қанша партия бар?" "Үшеу", — деді Лужин. "Мен бүгін газеттен оқыдым, сіз турнирді жеңіспен аяқтайсыз, өйткені сіз мүлде басқа ойын көрсетудесіз". "Бірақ әлі Турати бар", — деді ол саусағын көтеріп. "Менің жүрегім лоблып тұр", — деді ол мұңайып. "Онда ешқандай кәмпит жеуге болмайды — деп шұғыл түрде шаршы пакетті алды да қолтығына қысты. — Лужин, мен сізге дәрігер шақырам. Егер осылай жалғаса берсе, сіз өліп қаласыз", "Жоқ, жоқ, — деді ол маужырап. — Енді дұрыс. Дәрігердің қажеті жоқ". "Жанымды қоярға жер таппаймын. Әлі жұма, сенбі... тозақ қой. Ал біздің үйді қараңғылық басты. Сізге тұрмысқа шығуға болмайды деп бәрі шешемнің сөзін сөйлейді. Неге жүрегіңіз лоблыды, бірдеңе жеп қойып па едіңіз?", "Бәрі дұрыс болды", — деп керіліп алған Лужин, оның иығына басын қойды. "Сіз өте шаршадыңыз, байғұсым. Бүгін тағы да ойнайсыз ба?". "Сағат үште. Мозерге қарсы. Мен жалпы қалай еді..." "Басқа ойын", — деп күлді ол. Оның иығында жатқан бас үлкен, ауыр болатын, — құпия механизмді, күрделі қымбат аппарат. Ол бір сәтте оның ұйықтап кеткенін байқады да, басын қай жастыққа саларын білмей аңтарылып қалды. Абайлап жүріп оны зорға жастыққа салды; ол аяғын бауырына алып кушеткада жатыр, ал жастықтағы басы балауыз сияқты. Бір сәтте оны кенет ол өліп кеткен жоқ па деген үрей билеп, қолын ұстады, — жұп-жұмсақ, жып-жылы. Ол бойын тіктеген кезде, иығының ауырсынып қалғанын білді. "Ауыр бас", — деді ол сыбырлап ұйықтап жатқан оған қарап, сонан кейін сәтсіз сыйлығын алып бөлмеден шығып кетті. Дәлізде қарсы кездескен күтуші әйелге Лужинді бір сағаттан кейін ояту керектігін айтып, сыбысын білдірмей баспалдақпен төмен түсті де, көшенің күн жағынан теннис клубына беттеді, — байқаса ол әлі аяғының ұшымен басып дыбыссыз жүріп келеді екен. Күтуші әйелдің Лужинді оятудың қажеті болмады, — ол өзі оянды да, көрген түсін есіне алуға кірісті, бұрыннан біледі, егер көрген түсіңді бірден есіңе түсірмесең, артынан кеш болады. Ал ол түсінде бір түрлі екен — бөлменің қақ ортасында, — кенет, түсте бола беретіндей, оның қалыңдығы кіріп келді де, оған қызыл лентамен буылған қорап ұсынды. Ол әдеттегідей түстің модасымен киінген, — ақ көйлек, аппақ туфли. Ол оны құшақтағысы келді, бірақ кенет оның басы айналып, жүрегі лоблыды, ал қалыңдығы бұл кезде оған газеттердің ол туралы айрықша жазып жатқанын, шешесінің олардың үйленгеніне қарсы екенін айтып жатты. Бәлкім, одан басқа да көп-көп нәрсе болған болуы мүмкін, бірақ адам жады сусып бара жатқанды қуып жете ала ма, — түсінде көргендердің өзіне қанағат тұтып, содан айырылып қалмау керек деп, Лужин орнынан ақырын тұрып, шашын сипап, тамақ әкелінсін деп телефон соқты. Түстен кейін ол ойнауға отырды да, сол күні шахмат әлемі алапат өктемдікке куә болды. Ол демалыссыз төрт сағат бойы ойнап жеңіске жетті, бірақ таксомоторға отырған кезде қайда бара жатқанын да, шоферға қандай мекен-жай бергенін де ("... күтеміз") ұмытып қалды да, енді не де болса автомобильдің тоқтауын күтті.

Ол өзіне таныс үйге келді, — тағы да қонақтар, қонақтар, — кенет Лужин қайтадан манағы түске қайта оралғанын білді, өйткені қалыңдығы сыбырлап "Жүрегің лоблуды қойды ма?" — деп сұрады, — ол оны қалай біліп тұр? "Біз жақсы түспен өмір сүреміз, — деді ол оған. — Мен бәрін түсіндім". Ол айналасына қарап, үстел мен отырғандарды, олардың самаурынға түскен бейнесін көрді де — ерекше самаурын перспективасы — иығынан ауыр жүк түскендей: "Яғни, бұл да түс пе? Мына мырзалар — түс пе? Иә, иә..." — деді.

"Тыныш, тыныш, не айтып күбірлеп кеттіңіз", — деді мазасыздана сыбырлап, ал Лужин қалыңдығының айтқаны дұрыс-ау, көріп отырған түстен айрылмау керек, уақытша болса да бұл адамдар отыра берсін деп ойлады. Бірақ бұл түстің кереметтілігі сонда, түс көріп жатқан адам Ресейден баяғыда шығып кеткен. Түстің тұрғындары орысша сөйлесіп, шай ішіп көңілді отыр, мына тұрған қант салғыш та, мұнан көп жыл бұрын жаздың қызыліңірінде верандадан құмшекерді салып алатын қант салғыштан аумайды. Ресейге осы ойша оралудан Лужин рақат тауып отыр. Нағыз ойын кезінде, теория бойынша баяғыда ашылып қойылған, есепті комбинациялардың іске қосылып қайталанатыны оны қалай қызықтырса, бұл да солай қызықтырып, еліктіріп бара жатты.

Алайда, бұл түсте оның толыққанды шахматтық өмірінің көлеңке жағы бірде өлеусіреп, бірде айқын көрініп келді де, ақырында сыртқа ақтарылып төгілді, оны қонақ үйдегі кәдімгі түн, шахматтық ойлар, шахматтық ұйқысыздық, Турати дебютіне қарсы ойластырылған өткір қорғаныс үстіндегі ой қамап алған. Ол өзін сергек сезінді, ұсақ-түйектердің бәрінен ада ақыл-ойы айқын жұмыс істеп тұрды, оны шахматтан басқа, айдың алтынды мұнарындай боп жалаңаш білекті сиқырлы бойжеткен кіретін ертегідей түстің бірде толқып, бірде балқып кететін сәттері ғана еліктіре алады. Оның санасының шапақтары ол өзі түсіне бермейтін айнала дүниені шарпып кеткендей еді. Содан қайтып қалған қуат-күші ол дүние сағымға айналған кезде қайтадан бекіп, қайтадан жинақталып шыға келген-ді. Оның өз өмірі, шахматтық өмірі қым-қуыт оқиғаларға бай, айқын және жүйелі болды, ол өмірді билеп-төстеу де, ондағының бәрін еркіне тез көндіріп, өзінің дегеніне бағындыру да қолынан оңай келетінін Лужин мақтан тұтатын. Берлин турнирінде ойналған кейбір партиялар білгіштердің аузымен мәңгі өлмейтін деген атқа ие бола бастады. Біреулерінде ол ферзі, ладья, атты бірінен соң бірін құрбандыққа шалып жеңсе; екіншісінде ол бір пешкіден ғана алғыр позицияға шығып ол пешкі мүлде құбыжық күшке ие боп, қарсыласын ірітіп-шірітетін тақтаның ең бір осал тұсынан шыққан өзекті жара секілді өсіп, ұлғайып бара жатады; үшіншісінде Лужин тіпті көрермендердің ренішін тудыратын, бір қарағанда сондай делқұлы жүріс жасап, қарсыласы тым кеш түсінетін қанды қақпан құрып қояды. Естен кетпейтін бұл турнирде ойналған осы және басқа партияларда да оның ақыл-ойының ажары мен тегеурінді логикасы көрініс тапты. Турати де тамаша ойын көрсетті, осы уақытқа дейін оны тастап кете қоймаған шахматтағы жолының болғыштығына әбден арқа сүйеп алған ол, кейде шектен шыққан өктемдік пен қарсыласын абыржытып тастап пункттен соң пунктті алып жатты. Оның Лужинмен кездесуі бірінші бәйгі кімге тиетінін шешіп беретін болды, біреулер Лужин ойынын ашықтығы мен сергектігі итальяндықтың бүлікшіл фантазиясын күл-талқан етеді десе, енді біреулер отты, тізеге салып жіберетін Турати алыстан орағытып отыратын орыс ойыншысын тізе бүктіреді деп соқты. Ол күн де туды.

Лужин тіпті пальтосына дейін киініп алған қалпында оянып кетті де, сағатына қарап, орнынан тұрып бөлме ортасында жатқан қалпағын киді. Ол қай жерде ұйықтап шыққанын түсіне алмай әрі-сәрі қалыпта бөлмені көзімен шолып шықты. Төсегі жиналған қалпында, ал кушетка үсті жып-жылмағай. Оның анық білетіні ол ежелден шахмат ойнап келеді — шырақты шағылысып көрсететін бір-біріне қараған екі айна секілді оның жадының қараңғы түкпірінде де жиналған сәулелі перспектива бар еді. Шахмат тақтасы жанындағы Лужин, тағы да шахмат тақтасындағы Лужин, бірақ кішірек, сонан кейін тағы кішірек, осылайша таусылмастан жалғаса береді. Бірақ ол кешігіп барады, асыққан жөн. Ол есікті ашып қалды да түкке түсінбей тұрды да қалды. Оның ойынша, осы жерде шахмат залы және оның үстелі, сондай-ақ оның күтіп отырған Турати болу керек еді. Оның орнына бос дәліз және одан әрі — баспалдақ. Кенет сол басқыш жақтан жүгіріп келе жатқан адам көзге түсті де, ол Лужинді көріп қолын жайды. "Маэстро, — деп айқайлады ол, — сізге не болған! Сізді, сізді күтіп отыр, маэстро... Мен сізге үш рет телефон соқтым, ал олар қанша қақсақ та есігін ашпайды дейді. Синьор Турати орнында отыр". "Жинап тастапты — деді Лужин абыржып, таяғымен бос дәлізді нұсқап. — Бәрінің орны ауысып кеткенін мен білгем жоқ". "Егер сіз өзіңізді нашар сезініп тұрсаңыз..." — деді әлгі адам Лужиннің бозарып көлкілдеп кеткен жүзіне қарап. "Қане, бастаңыз", — деп жіңішке даусымен айқайлап, таяғымен еденді тарс еткізді. "Ғапу етіңіз, ғапу етіңіз", — деді ол сасқалақтап. Пальтосының жағасын көтеріп ап, алдына түсіп жүгіре жөнелген одан көзін алмастан Лужин де орнынан қозғалды. "Жаяу, — деді жол бастаушы — бір-ақ минөттік жол". Ол дәмхананың айналмалы есігін, сонан кейін басқышын көргенде барып көңілі орнына түсті, ақырында қонақ үй дәлізінен не іздегенін тапты-ау. Ол ішке кірген бойда өзінен өмір қуатын, пайым, сергектік, сенімділік сезінді. "Жеңіс болады екен", — деп дауыстап жіберді. Тұман ішіндегі адамдар тобыры қақ жарылып оған жол ашты. "Тар, тар, тартар, — деді аяқ астынан пайда болған Турати басын шайқап, тақылдап. "Аванти", — деді Лужин күлімсіреп. Екеуінің арасында үстел тұр, ал үстел үстінде шайқас үшін қойылған фигуралары тізілген тақта. Лужин нымшасының қалтасынан папиросын алып, мән-мағынасыз темекі тартуға кірісті.

Адам түсінбес оқиға болды, Турати ақпен ойнай тұра өзінің атақты дебютін іске қоспады да оған қарсы дайындалған Лужиннің қорғанысы далада қалды. Мүмкін болар қиындықты Турати алдын ала біліп қойды ма, жоқ әлде осы турнирдегі Лужиннің байыпты күшін сезініп сақтық жасайын деді ме, әйтеуір ол әбден жауыр болған жүріспен бастады. Лужин өзінің босқа кеткен еңбегіне сәл өкініш білдірді де, қуанып қалды: осылай болғаны еркінірек. Сонымен бірге Турати одан қорқатын сияқты. Бір жағынан Туратидың қалауымен сондай күнәсіз, сылбыр басталған ойынның астарында бір бәле жасырынып жатуы мүмкін ғой, Лужин аса сақ ойнауға кірісті. Алыстан естілген скрипканың үніндей бәрі тып-тыныш басталды. Ойыншылар позицияларын сақтықпен ала бастады, әлденелерін алға шығарса да, ешқандай қауіптендірмейтін өте сыпайы, — қауіп бола қалса да, шартты түрде ғана — анау жерден пана жасауың керек еді деген қарсыласына ишара, ал қарсыласы мұны күлімсіреп, түкке тұрмайтын қалжыңға балап, қажетті жерге бекітіп тастап, жайлап алға ұмтылады. Сонан кейін аяқ астынан бір шек дың ете түсті. Турати күштерінің бірі қиғаш линияға бекініп алыпты. Бірақ бірден Лужинде де баяу ғана бір әуен пайда болды. Бір сәтке құпия мүмкіндіктер бастарын көтеріп-көтеріп алысты да, қайтадан тыныштық орнады: Турати кері шегініп, жиырыла қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін екі қарсылас та, бейне бір шабуыл дегенді ойламайтын кейіп көрсетіп, өз шаршыларының қамын жақсартумен айналысты, — әлденелерді әлпештеп, орындарын алмастырып, сылап-сипады, — кенет тағы да от ұшқыны, дыбыстардың шұғыл үйлесімі: ұсақ күштер қақтығысып, екеуі де саптан шығып қалды, — саусақтардың жойқын салт қозғалысы көрініп, Лужин үстел үстіне әрекетсіз күшті емес, ауыр сары пешкіні қойды; ауада Туратидың да саусақтары жарқ ете түсті де төбесінде сәуле жалтыраған қыңыр қара пешкі өз кезегінде кеп ол да үстел үстіне жайғасты. Енді кенет құр ағашқа айналған екі шахмат жауынгерлерінен құтылғаннан кейін ойыншылар қайтадан байыпқа кеп, әлгі бұрқ ете қалған кезді ұмытқандай болды: тақтаның сол жеріндегі шайқас орны суый қоймапты, әлі де әлдене күтетіндей... Бірақ ол дыбыс күткен үйлесімге кіріге алмады, — басқа бір қою, төмен бір нота өзге тұстан ду ете түскені сол еді, екі ойыншы да шәлкем-шалыс шаршыны тастай сап, шаршының басқа шетімен болып кетті. Бірақ бұл жерде босқа арам тер болды.

Тақтадағы ірі күштер күркіреп бір-бірімен тіл қатысып қалды — тағы да ауыс-түйіс, тағы да шахмат күштері ойылып-оймышталып, лакталған қуыршақтарға айналды. Ұзақ, ұзақ ойға шомып отырып Лужин кенет хрустальдай нәзік, сұлу комбинацияны сезіп еді, онысы Туратидың берген бірінші жауаптасуында-ақ сыңғыр етіп, шашылып қалды. Бірақ Турати да ештеңе істер алар емес, екеуі де уақыт ұтпақ боп, — өйткені шахмат ғаламында уақыт деген аяусыз, — бір жүрісті әлденеше рет қайталады, қауіп пен қорғаныс, қауіп пен қорғаныс, — солай бола тұра екеуі де, бұл механикалық жүрістерге ешқандай қатысы жоқ, күрделі комбинацияларды ойлаумен болды. Ақырында Турати ол комбинацияға бел байлады, — сол-сол екен тақта үстінде бір алапат музыкалық дауыл тұрғандай болды, Лужин де біртіндеп нөсерлеткен үйлесімге айналдырып жіберетін өзіне керекті қылдай бір дыбыс іздеп бақты. Енді тақта үсті түгелімен жанданып шыға келді, бәрі бір жерге көз тігіп, құрсаулана қусырылып барады; екі фигураны құлағанынан бір сәтке болсын жеңілденіп қалды, тағы да — фуриозо. Лужиннің ойы кейде қалың жыныс ішін кезіп жүріп, ол не іздесе, бұл да соны іздеген Туратидың мазасыз ойымен кездесіп қалады. Ақ жағы өзінің ойлағанын әрі қарай дамытпау керек екенін, әйтпесе ол өзінің ырғағынан жаңылысып қалатынын екеуі де түсінді. Турати алмасуға ұсыныс жасады да, тақтадағы күш саны тағы да қысқарды. Жана мүмкіндіктер ашылды, бірақ басымдылық кім жағында екенін екеуі де айта алмас еді. Лужин шабуылға дайындала отырып, әрбір адымынан қауіп-қатердің жаңғырығы шығып тұрған варианттардың сан тарау жолдарын зерттеп алмақ болды да ұзақ ойланып қалды: тағы бір таусыла күш салса, жеңістің құпия жүрісі ашылатын сияқты. Кенет оның болмысынан тыс оқиға болды, — қолын сілкілеп қатты айқайқайлап жіберді, сөйтсе папиросты тұтатам деп сіріңке жаққан да, оны өшіруді ұмытып кеткен ғой. Ауырғаны бірден қайтты, бірақ адам төзгісіз сұмдықты, өзі сүңгіп кеткен шахмат тұңғиығының сұмдығын ұққан ол, тағы да еріксіз тақтаға көз тікті, оның ақыл-ойы бұрын соңды болып көрмеген шаршап-шалдығудан мүлде қалжырап қалған екен. Бірақ қатыгез шахмат оны уысынан шығармай өзіне тарта түсті. Бұл сұмдық еді, бірақ жалғыз жарасым да осында еді, өйткені дүниеде шахматтан басқа не бар? Тұман, белгісіздік, тұңғиық... Ол кенет Туратидың орнынан көтеріліп, саусақтарын сығымдап тұрғанын көрді. "Үзіліс маэстро, — деді ту сыртынан бір дауыс. — Жүрістеріңізді жазыңыздар". "Жоқ, жоқ, жоқ", — деді Лужин жалынардай әлгі дауысты іздеп. "Үзіліс", — деді тағы да ту сыртынан әлгі зымиян дауыс. Лужин орнынан тұрмақ боп еді тұра алмады. Ол орындығымен артқа жылжып кеткенін байқады, ал жаңа ғана оның бүкіл өмірі жатқан шахмат тақтасына бір адамдар жыртқыш құстардай лап қойып, фигураларды алып-салып, айтысып-тартысып жатыр. Ол тағы бір ұмтылып еді, тағы тұра алмады. "Неге, неге", — деді ол жалбарынған үнмен жұрттың арасынан шахмат тақтасын іздеп. Адамдар үймелей түсті де, тақта көрінбей кетті. Тақтада фигуралар үйме-жүйме боп жатыр еді. Алдынан бір көлеңке өтті де фигураларды шағын табытқа салып жатты. "Бітті", — деді Лужин орнынан ыңырсып көтеріліп жатып. Әлденені талқылаған әлдеқандай бір елестер аңнан да, мыңнан да көрінеді. Суық, әрі қараңғы. Елестер тақталар мен орындықтарды алып кетті. Қай жаққа қарасаң да, ауадан шахмат бейнесі көрінеді, Лужин енді ғана, өзінің жаңа ғана ойлап тапқан комбинациялардың бірінде адасып, малтығып қалғанын түсінді де, одан қалай да, сонан кейін қаңғып кетсе де, босап шығу үшін жанталасты. "Жүріңіз, жүріңіз", — деді де біреу жоқ болды. Ол жалғыз өзі қалды. Көзі қарауытып кетті, дәл қазір залдағы әрбір зат оған шах беріп тұр, — қорғану керек қой. Ол бүкіл толық денесімен қалшылдап орнынан қозғалды да бөлмеден шығу үшін не істеу керек екенін іздеді, — ол үшін жай қарапайым ғана әрекет керек емес пе? Маңайында қалқыған ақ омыраулы қара көлеңке оның пальтосы мен қалпағын алып берді. "Не үшін керек?" — деп күбірлеген ол қолын жеңіне салды да, әлгі көлеңкеге ілесе берді. "Мұнда жүріңіз", — деді көлеңке. Лужин алға ұмтылып қатерлі залдан шықты. Ол басқышты көріп жоғары шыға берді де, қайтадан төмен қарай жүрді, өйткені жоғары өрлегеннен төмен түскен оңайырақ қой. Шулап жатқан елестер отырған үлкен бір залға тап болды. Әрбір мүйістен шабуыл пісіп-жетіліп келеді, — үстелдер мен шелекті итере-итере алтын мойынды пешкілер келеді, дүңкілдеген барабан бүкірейген жалды шахмат атына айналыпты, ол жаймен қозғалып тұрған шынылы көгілдір әлемге жетті де, одан әрі қалай барарын білмей тұрып қалды. Оған бірдеңе істегісі келгендей, оны әлдекімдер қоршап алыпты "Кетіңіз, кетіңіз", — деді бір ашулы дауыс. "Қайда?" — деді Лужин жылап жіберердей. "Үйіңізге барыңыз", — бір дауыс ұрлана сыбырлап, Лужиннің иығынан әлдене итергендей болды. "Сіз не айттыңыз?" — деді ол кенет өксігін басып. "Үйіңізге, үйіңізге", — деп қайталады әлгі дауыс, сонан кейін шынылы әлем Лужинді ұстап ап салқын қараңғылыққа лақтырып жіберді. Лужин күлімсіреді. "Үйге, — деді ол баяу ғана. — Міне, комбинацияның кілті қайда".

Асығу керек болды. Өйтпесе шахмат балдырлары оны тағы да орап алмақ. Айнала ылайлы ымырт, тұншықтырардай қою, ауыр ауа. Қасынан сыпылдап өтіп бара жатқан елестен жол сұрады. Елес ештеңе түсінбеді де, өте шықты. "Бір сәтке", — деді Лужин, бірақ кеш еді. Сонан кейін ол қолын сермелей сілтеп жүрісін жеделдетті. Сұрғылт оттар жан-жағынан шашырап қалып барады. Осы бір жұмсақ тұман ішінен үйіне барар жолды табу оңай емес еді. Лужин солға жүрсе алдынан орман шығады, ал орманнан соқпақты табу қиын емес деп ойлады. Қасынан тағы бір көлеңке зып ете түсті. "Орман, орман қайда? — деді Лужин қадала сұрап. Бірақ бұл сұраққа жауап болмағаннан кейін ол, оның синонимін іздей бастады. — Тоғай? Вальд? — деп міңгірледі ол. — Парк?" — деп қосып қойды. Сонда ғана көлеңке сол жақты көрсетіп, жоқ болды. Лужин өзінің сылбырлығына кейіп сәт сайын қуғын күтіп, көрсеткен жаққа қарай бет алды. Шынында да, міне, енді, жан-жағынан ағаштар қоршап, аяқ астындағы папоротниктер сыбдырлап қоя берді. Айнала дымқыл, тымық. Ол өзін-өзі ауырлап, алқына дем алып, көзінен жас сорғалап отыра кетті. Шамалыдан кейін ол тізесіне жабысқан дымқыл жапырақты алып тастап орнынан тұрды да, ағаштардың арасын кезіп жүріп таныс соқпақты тауып алды. "Жүр, жүр", — деді Лужин өзін-өзі асықтырып, батпақты кешіп келе жатып. Жарты жолдан өтті. Қазір өзен мен ағаш өңдейтін зауыт көрінеді, сонан кейін усадьба. Ол онда тығылып қалады да үлкенді-кішілі банклермен қоректенетін болады. Қуғыншылар артта қалды. Енді оны ұстай алмайды. Жоқ-жоқ. Тек демі ауырламаса ғой, сонда ғана адамның есін алатын мына ауру кетер еді... Орман ішін тіміскілеп кезген соқпақ көлденең жатқан жолға қосылды да, ал одан әрі қараңғыда жалтыраған өзен көрінді. Ол көпірді де көрді, арғы жағалауда әлдене қарауытады, ал оң жақта, әрірек, қараңғы көкжиекте усадьбаның үшбұрышты шатыры, қара жайтартқыш шыға келетіндей. Бірақ ол шахмат құдайлары тарапынан көзге көрінбейтін тұзақ құрылғанын білді, өйткені көпірдің қос қанатынан жалаңаш әйелдер өсіп шығып, өзенде әлсіз сәулелер секіріп ойнап жатыр. Ол жағалаумен жүріп отырып ағаш үгінділері тобығынан келетін тағы бір көпірге тап болды. Ол ұзақ іздеді, ақырында таптар, тып-тыныш көпір тапқандай болды да енді осы жерден емін-еркін өтуге болатын шығар деп ойлады. Бірақ жағалаудың арғы бетіндегілердің бәрі жат боп көрінді, — оттар ағып, көлеңкелер жылжып жатыр. Ол усадьбаның осы жерде, дәл іргеде екенін біліп тұр, бірақ ол оның басқа тұсынан келген, онсыз да бәрі діңкелетіп бітіп еді... Оның аяқтары, шахматтағы негізгі күш боп саналатын фигуралар сияқты өкшесінен жамбасына дейін қорғасын құйғандай ап-ауыр. Біртіндеп оттар жоғалып, елестер сиреп ауыр азаптың толқыны оны қайта-қайта көміп кетеді. Әлдеқандай бір жарық жарқ ете қалған кезде оның көзі шағын бауға, шеңберлі бұтақтарға түсті де, оны диірменшінің саяжайы деп ұқты. Ол шарбаққа қол созды, бірақ әбден иектеп алған ауру оны билеп-төстеп, оның қара құсынан сығып-сығып жіберді, ал ол қабысып бара жатты да, үн-түнсіз жайылып сала берді.

9

Панель тайып кетті де, тіп-тік көтеріліп, кері құлдилады. Ол ауыр демалып бойын жазды, ал оның жолдасы, өзі теңселіп тұрса да оны демеп: "Гюнтер, Гюнтер, жүріп көрші", — деп қайталайды. Гюнтер тіктеніп алды да, осы бір аз ғана аялдаудан кейін, ол екеуі бірде жайлап жұлдыздарға көтеріліп, бірде төмен ағатын түнгі қаңырап қалған көшемен әрі қарай жүріп кетті. Қайратты, әрі ірі Гюнтер жолдасынан гөрі көп ішіп қойып еді: қасындағы Күрт жолдасы өзінің серіктесін демегендей демеп-ақ келеді, ал сыра оның басын күн күркіріндей түйгіштейді. "Қайда бас... қайда бас... — деп Гюнтер сұрамақ болады. — Қайда бас... қалар?" Жаңа ғана олар мектепті бітіргендеріне бес жыл толуына байланысты емен үстелдің басында отырған, ән салды, бір-бірімен сыңғыр-сыңғыр соғыстырды, бақытты, сап-сау, жыл бойы жап-жақсы жұмыс істеді, олар отыз шақты болатын, енді, міне, қалай үйді-үйіне тарай бастап еді, солай лоблу, қараңғылық басталды, — солқылдақ панель. "Басқалар анда", — деді Күрт қолын алға сілтеп. "Бәріміз тарқадық", — деді Күрт. "Ал біздің алдымызда Карл", — деді Гюнтер баяу, бірақ нып-нық тіл қатып, екеуін де іштегі сыра желі бір жаққа алып кетті: олар аялдап, бір адым кері шегініп, қайтадан алға басты. "Мен саған айтып тұрмын ғой, анда Карл", — деді ренжіп Гюнтер. Шынында да панель шетінде басын төмен түсіріп бір адам отыр екен. Олар тәлтіректеп жүріп, оның қасынан өтіп кетті. Олар қайтадан айналып кеп, оған жақындағанда, ол адам ернін сылп еткізіп, оларға жайлап басын бұрды. Иә, бұл Карл еді, бірақ Карл не боп кеткен, — беті қан-сөлсіз, көзі аларған. "Мен тек демалып отырмын, — деді ол өлеусіреген дауыспен. — Қазір мен жалғастырам". Кенет көшемен жалаушасын көтеріп таксамотор өтті. "Оны тоқтатыңыздаршы, — деді Карл. Мені апарып тастасын. Автомобиль келді. Гюнтер көтермек боп Карлдың үстіне құлады, Курт біреуінің аяғын ұстап әлек. Шофер оларға демеу болар бір сөздерді айтқан болды да, сонан кейін түсіп, көмектесуге кірісті. Былқ-сылқ еткен дене есікке енгізілді де, автомобиль жүріп кетті. "Бізге жақын қалды, — деді Күрт.

Қасында тұрған адам күрсініп қалды, Күрт оған қарап Карлды көрді, яғни таксомотор Карлды емес, Гюнтерді алып кеткен. "Мен саған көмектесем, — деді ол айыпты түрде. Жүрейік". Карл аңырайған балалық көзбен оған қарап алды да, екеуі асфальттің келесі бетіне өту үшін жүріп кетті. "Міне, тағы да", — деді Күрт. Бау шарбағының жанында екі бүктетіліп қалпақсыз толық бір адам жатыр еді. "Бұл Пульвермахер, — деп күбірледі Курт. — Байқадың ба, ол осы жылдар ішінде қатты өзгеріп кетіпті". "Бұл Пульвермахер емес, —деді Карл, панельге қатар отырып жатып. — Пульвермахер жалтыр бас". "Бәрібір, — деді Күрт. — Оны да апарып салу керек". Ол әлгі адамды иығынан тартып тұрғызбақ болып еді, өзі теңселіп кетті. "Шарбақты сындырып алма", — деп ескертті Карл. "Апарып салу керек" —деп қайталады Карл. — Бұл, бәлкім, Пульвермахердің інісі шығар. Ол да сонда болған".

Әлгі адам қалың ұйқыда еді. Үстінде барқыт жолақты қара пальто. Көше шамының жарығынан оның салбыраңқы алқымы мен толық жүзі жылтырап көрінеді. "Таксомоторды күтейік, — деді Күрт Карлдың қасына жайғасып жатып, — түн де өтіп барады деді сенімді түрде аспанға қарап, — Аспан шыр көбелек айналып тұр". "Жұлдыздар", — деп нықтады Карл, екеуі де үлкен доғал жасап жұлдыздар ағып жатқан көкке мелшиіп қарап қалыпты. "Пульвермахер де қарап жатыр, — деді үнсіздікті бұзып Күрт. "Жоқ, ұйықтап жатыр", — деді Карл оның жүзіне үңіліп. "Ұйықтап жатыр", — деп келісті Күрт.

Асфальт үстіне жарық түсті де, Гюнтерді алып кеткен сол мейірімді таксомотор панельдің жанына келіп тоқтады. "Тағы біреуі? — деп күлді шофер, — Бірден апарып салу керек еді". "Қайда?" — деп сұрады ұйқылы дауыспен Карл Курттан. "Қалтасында адресі бар... шығар", — деді ол екіұштылау. Шайқалақтап жүріп ол әлгі жанның жүзіне үңіліп, оның айқара ашылған пальтосының қалталарын тінткілей бастады. "Барқытты нымша, — деді Курт. — Бейшара, бейшара..." Олар оның бірінші қалтасынан-ақ екі бүктелген открытканы тауып алды да, оның адресі бар жартысы қолдан сусып түсіп, мүлде жоғалып тынды. Ал екінші жартысында да көлденеңінен ірі етіп жазылған адрес бар боп шықты. Сыртында сол жағынан үзіліп қалған түзу жазылған бір сөйлем бар екен, бірақ ол сөйлемге жоғалған жартысын қайта жалғаса да, оның мәнін түсіну қиын болар еді. "Бак беретом", — деді Курт "реникс" жүйесімен оқып. Открыткадан табылған адресті шоферға айтып, былқ-сылқ еткен ауыр денені автомобильге салып жіберуге кірісті, шофер тағы да көмекке келді. Шамның жарығы таксомотор есігіндегі шахмат шаршыларына түсіп тұр. Ақырында сығылыса толған автомобиль орнынан қозғалды.

Карл жол-жөнекей ұйықтап кетті. Белгісіз адамның денесі әр бұрылыс жасаған сайын былқ-сылқ етеді де, сонан кейін Курт орынға көтеріліп, ал Карл мен белгісіз адамның бір бөлігі еденде келе жатты. Автомобиль тоқтап, шофер есікті ашқан кезде, ол автомобильде қанша адам отырғанын аңдай алмай қалды, Карл бірден оянды да, ал еденде жатқан адам былқ етер емес. "Мына достарыңды не істейтіндеріңді білмеймін", — деді шофер. "Оны күтіп отырған шығар", — деді Курт. Шофер өзінің жұмысын бітіргенін, ұл түн — мазасыз түн болды деп ойлады да, жалаушасын көтеріп, ақша талап етті. "Мен төлеймін", — деді Карл. "Жоқ, мен, — деді Курт. — Мен оны бірінші таптым". Бұл дәлел Карлды тосылдырып тастады. Олардан зорға құтылған автомобиль жүріп кетті. Үш адам панельде қалды: біреуі желкесімен тас басқышқа сүйеніп жатыр.

Шайқала басып ентіккен Курт пен Карл көшенің ортасында тұрып үйдегі жанып тұрған жалғыз терезеге қарап қарлыға айқайлады, сол сәтінде перделер қозғалысқа түсіп, ашыла қалды. терезеден жас әйел басын шығарды. Курт қалай бастарын білмей, тамағын кенеп алды да, сонан кейін күшін жинап, сергек, әрі қаттырақ дауыстап: "Бойжеткен, біз Пульвермахерді алып келдік", — деді. Әйел ештеңе деген жоқ, перделер жабылып қалды. Бірақ оның терезе алдынан кетпегені көрініп тұр. "Біз оны көшеден тауып алдық", — деді Карл терезеге қарап сенімсіздеу. Перделер қайта ашылды. "Барқыт нымшасы", — деді Курт түсіндіре түсуді жөн санап. Терезе алды босады да, бір минөттен кейін есіктер ашылып, шыныдан бірінші алаңқайға дейін мрамор төселген басқыш көрінді де, көп ұзамай текпешектерді тез-тез басып келе жатқан әйел аяғы көзге түсті. Кілт сылдыр-сылдыр етті де, есік ашылды. Басқыштарға сүйеп қойылған қара киімді толық адам жатыр.

Бұл кезде басқыш адам соңынан адам туып жатты. Түнгі туфлилі, қара шалбарлы, жағасы жоқ крахмал көйлек киген мырза пайда болды да, оның соңынан жалаң аяғына бірдеңе сұға салған жүзі боп-боз қызметші әйел көрінді. Бәрі айыпты жандай күлімсіреген Лужинге төне қалыпты, ал ішіп алған бөтен жандар бірдеңелерді айтып жатыр, біреуі, шақыру қағазы сияқты, пошта открыткасының жартысын қайта-қайта ұсынады. Лужинді бесеулеп жүріп жоғары көтеріп шықты да, оның ауыр да ардақты басынан ұстаған қалыңдығы кенет басқыштағы жарық сөніп қалған кезде дауыстап жіберді. Қараңғыда бәрі абдырап қалды да, әлдене сарт етіп, әлдене тарпылдап, ысылдап-пысылдап, біреулер кері серпіліп, құдайды немісше ауызға алып жатты, жарық қайта жанған кезде әлгі бөгде адамдардың бірі басқышта отыр да, екіншісі Лужиннің денесінің астында қалыпты, ал жоғарыдағы алаңқайда ашық түсті түнгі көйлек киген шешесі қимылсыз жатқан дененің жанында әлдене деп әрекет етіп жатқан күйеуі мен оның үлкен ауыр басын иығына сап ұстап тұрған қызынан көз алар емес. Лужинді қонақ бөлмеге алып кірді. Жас бөгде жігіттер әлдекімдерге өздерін таныстыру үшін өкшелерін сарт еткізіп қояды да, фарфор қойылған үстелдерден жалт бұрылады. Олар барлық бөлмеде дерлік болып шықты. Олар шығып кетпек боп, қанша ұмтылса да шығар есікке жете алмай-ақ қойды. Олар барлық дивандарда отырып, ванна бөлмесінде де, дәліздегі сандық үстінде де болды, олардан құтылуға мүмкіндік болмай жатты. Санын біле алмады, — тұманды сан Біраз уақыттан кейін олар шығып кетті де, қызметші әйел екеуін шығарып жібергенін, ал қалғандары бір жерлерде жатқан шығар деп топшылап, еркектің түбіне арақ жететінін, оның сіңлісінің күйеуі де ішіп кеткенін әңгімеледі.

"Құттықтаймын, жетіскен екен, — деді шешесі жартылай шегініп көрпе жабылған қонақ бөлмеде өлген адамдай сұлап жатқан Лужинге қарап тұрып. — Құттықтаймын". Таңғаларлығы Лужиннің өлгенше ішкені оған ұнап тұр, бейне бір Лужинге деген ықыласты сезімі оянғандай. Осы бір шәлкем шалыстан бір түрлі адамдық, табиғилық, тіпті даңғайырлық, үлкен кісілік көріп тұрған секілді. (Біздің әулекі заманымыз жұрттың бәрін жолдан шығарып естен тандырады деп ойға батып тұр). Соңынан Лужиннен шарап иісі шықпайтынын, ол тіпті де мас емес екенін, оның ұйқысының өзі бір түрлі екенін естіген кезде, Лужиннен ең болмағанда, табиғи бір шалт қимыл көре алмағаны үшін өзіне-өзі ренжіп қалды.

Таң алагеуімде келген дәрігер оны қараған кезде, Лужиннің жүзіне өзгеріс те еніп еді, қабағы ашылып, лайланған көзі жылтырап көріне бастаған. Тек сонда ғана, оны кірер ауызда көрген кезде есеңгіреп қалған қалыңдығы да өзіне-өзі келе бастап еді. Шынын айтқанда, кеше кештен бері әлдене күткен сияқты еді, бірақ дәл осылай болады деп күтпеген-ді. Ол шахмат домханасына телефон соққанда, оған ойын баяғыда аяқталған деп жауап берді. Сонан кейін ол қонақ үймен хабарласты, бірақ олар да Лужиннің әлі келмегенін айтты. Ол, мүмкін, есіктің сыртында қалып қойған жоқ па екен деп, сыртқа шықты, сонан соң қонақ үйге тағы телефон соқты, полицияға хабарласақ қайтеді деп әкесімен ақылдасты. "Түк қажеті жоқ, — деді әкесі кесімді түрде. — Оның таныстары жоқ деп тұрсың ба. Қонақтыққа кеткен шығар". Бірақ Лужиннің ешқандай да танысы жоқ екенін ол жақсы біледі, сондықтан да оның ұшты-күйлі жоқ боп кетуі ақылға сыймайды.

Енді, міне, Лужиннің жалпақ, сұп-сұр жүзіне қарап отырып оның жанын мұңлы, нәзік бір аяушылық торлап алып еді,  — ондай аяушылық болмаса өмір де болмас еді. Осы бір бейкүнә адамның көшеде жатқанын, оларды мас адамдардың сүйрегенін көзге елестетудің өзі қиын еді; оның есінен танып құлағанын маскүнемнің ұйқысы деп қабылдағанын ойлаудың өзі ауыр болатыны қандай аянышты, қандай азапты. Міне, көзіне жас алмай қарай алмайтын олпы-солпы нымша, бұйра шаш, салбыраңқы алқымды аппақ мойын... Осының бәрі менің кінәмнен,  — қарай алмадым, қарай алмадым. Қай кезде де оның қасынан табылу керек еді, оны көп ойнатпау керек еді, — осы уақытқа дейін автомобильдің астына түсіп қалмай қалай жүрген, шахматтан әбден діңкелеп шаршаған кезде осылайша сұлап түсіп, осылайша ес-түссіз қалады екен-ау? "Лужин,  — деді ол, бейне бір ол оны көріп отырғандай, оған күлімсіреп, — Лужин, бәрі дұрыс болады. Лужин, естимісіз?"

Оны ауруханаға жайғастырғаннан кейін, ол оның заттарын алуға қонақ үйге барды, оны алғашқыда нөміріне кіргізбеді, ұзақ уақыт түсіндіруге тура келді, санаторияның дөрекі қызметшілерімен салғыласты, сонан кейін Лужиннің соңғы күндеріне төлемек болып еді, ақшасы жетпей қалды, тағы да түсіндіруге тура келді, осының бәрі Лужинді азаптаудың жалғасындай көрінді де, ол жылап жіберді. Ақырында қонақ үйдің дөрекі қызметші әйелінің көмегінен бас тартып, Лужин заттарын жинастыруға кіріскен кезде аяушылық сезімі тіпті шектен шығып кеткендей еді. Ол заттардың ішінде көптен бері сақтап келе жатқан заттар да бар еді, — ешқандай қажеті жоқ заттар: бүйірінде қалташығы бар "S" әрпі түріндегі металл тоқымалы кенеп белбеу, бәкі-брелок, итальян открыткаларының бумасы, — көк аспан мен мадонналар, Везувий үстіндегі көгілдір түтін; Петербор заттары: қызыл, ақ сүйекті кішкентай есепшоттар, баяғыда өтіп кеткен 1918 жылдың парақталатын күнтізбесі. Осының бәрі, неге екені белгісіз, таза, бірақ мыжылып қалған көйлектердің арасында шкапта жатты. Олардың ішінде Валентинова деген біреудің адресті қағазы да бар...

Дәретхана дүниелерінің көріксіздігі сондай, оларды тастап кетпек болды, — жөкенің орнына резеңке сорғыш сатып алып бермек. Шахматтар, жазбалар мен диаграммаларға толы картон қорабы мен шахмат журналдарының бумасын жеке пакетке салды: бұлардың оған енді қажеті жоқ. Шабадан мен сандық толып, құлыптанғаннан кейін, ол бұрыш-бұрышты тағы да қарап шықты да, төсек астынан баулары жоғалып қалған, Лужинге түнгі туфли ретінде қызмет атқарған аяқ киім тауып алды. Ол оны абайлап қана қайтадан төсек астына қойды.

Қонақ үйден шыққан ол, Лужин таяғы мен шляпасын сонда тастап кетпеді ме екен деп, шахмат дәмханасына тартты. Турнир залында адамдар көп екен, киім ілер жерде Турати қунақ қалыппен пальтосын шешіп жатты. Ол шахмат сеансы басталар кезде тап болдым-ау деп ойлады, яғни, бұлар әлі Лужиннің ауырып қалғанынан бейхабар болса керек. "Не болса, ол болсын", — деді ол ызалана, — "күтсін". Таяқты тапты, бірақ қалпағы жоқ. Фигуралар қойылған үстелге, қолын ысқылап, бас дауысты әнші құсап тамағын кенеген, жалпақ жауырынды Туратиге шамырқана қарады да дәмханадан шықты, тор көзді жасыл түсті Лужиннің сандығы жатқан таксомоторға отырып санаторияға қайтып оралды.

Кешегі жас жігіттер келген кезде, ол үйде жоқ еді. Олар кеше түнгі өздерінің ыңғайсыз жүрістері үшін кешірім сұрауға келген болатын. Олар әсем-ақ киінген екең, бастарын иіп, кеше алып келген мырза өзін-өзі қалай сезінеді деп қайта-қайта сұраумен болды. Оларға рахмет айтылды да, мырза түнгі қыдырыстан кейін жақсы тынықты деді. Жас жігіттер он минөттей отырып, риза болып кетіп қалды. Дәл осы кезде турнирді ұйымдастыруға қатысы бар, асып-сасқан жас жігіт санаторияға келді. Лужинге оны жібермеді; онымен сөйлескен жас әйел, Лужин әбден шаршады, оның енді шахматқа қашан оралары белгісіз деді. "Бұл сұмдық қой, сұмдық қой, — деді әлгі адам қайта-қайта қайталап. — Аяқталмаған партия! Қандай жақсы партия! Маэстроға айтыңызшы... Менің толқынысымды, менің өтінішімді жеткізіңізші..." Ол үмітін үзіп қолын бір сілтеді де, басын шайқап шығар есікке беттеді.

Газеттерде Лужин соңғы партиясын аяқтамай жүйке ауруымен сырқаттанып қалды деген хабар басылды да, ал Турати қара жақ эф-төрт пешкісінің әлсіздігінен бәрібір ұтылар еді деп соғыпты. Барлық шахмат кубоктарында білгіштер жиылып фигуралардың жағдайларын зерттеп, ойын жалғасқанда қалай өрбитінін қарастырып, ақтың әлсіз дэ-үш пунктін атап жатты, бірақ ешкім де талассыз жеңістің кілтін таба алмады.

10

Көп ұзамай бір күні кеште біраздан бері пісіп-жетілген, біраздан бері дүбірі алып бара жатқан, ақырында ақтарылып-төгілген, шектен шыққан оспадар әңгіме бұрқ ете түсті. Ол санаториядан жаңа ғана оралып қарақұмық ботқасын жеп, Лужиннің жақсарып келе жатқанын айтып отыр еді. Ата-аналары бір-біріне қарап алды, сонан кейін майданды бастады да жіберді.

"Мен, — деді шешесі, — сен өзіңнің түкке тұрмайтын ойыңнан бас тартатын шығарсың деп үміттенемін". "Тағы да", — деді тарелкесін ұсынып жатып. "Белгілі шетін сезімнен..." — деп жалғастырған шешесінің сөзін әкесі қағып алып кетті. "Иә, — деді ол, сенің танысыңның жағдайы ақиқаты белгілі болғанға дейін шешен әдептілік сақтап саған ештеңе деген жоқ. Бірақ енді сен бізді тыңдауға тиіссің. Сен өзің білесің, біздің тілегіміз, қамқорлығымыз, мақсатымыз, жалпы... тілейтініміз — саған жақсы болсын, сен бақытты болсын деу және тағы-тағылар. Ал ол үшін..." "Біздің кезімізде тиым салар еді, — деп қосып қойды шешесі, — бұл жерде енді". "Жоқ, жоқ, бұл жерде тиымның керегі не. Сен одан да тыңда, айналайын. Сен он сегізде емес жиырма бестесің, мен бұл жерден бір елігуді, поэзияны көргендей болам". "Ол бәрін керісінше жасағанды қалайды, — деп бөліп жіберді шешесі. — Бұл бір жатқан азап..." "Сіздер не туралы айтып отырсыздар?" — деп сұрады ақырында қызы, ол үстелге сүйеніп отырған қалпы жымиды да, шешесіне қарады. "Басыңа кірген бәлені алып таста деп отырмыз, — деп айқайлап жіберді шешесі. — Делқұлы қайыршыға тұрмысқа шығам деу ессіздік деп отырмыз". "Ой", — деді қызы үстелге қолын созып жіберіп, оған басын қойды. "Былай, — деп әкесі тағы тіл қатты. — Біз сенің Италия көлдеріне кетуіңді қалаймыз. Мамаңмен бірге. Сен ол жердің нағыз жұмақ екенін білмейсің ғой. Изолла Белланы алғаш көрген кезім әлі есімде..." Сылқылдап күлгеннен қызының иығы бүлк-бүлк етеді; сонан кейін ол басын көтерсе де, күлгенін жалғастыра берді, көзі жұмулы. "Түсіндірші, саған не керек", — деді шешесі үстелді салып қап. "Біріншіден, — деді ол, — — айқай-шу көтермеңдер. Екіншіден, Лужин әбден жазылып алсын". "Изолла Белла Тамаша Адамдар деген мағына береді, — деді әкесі асыға-үсіге, сөйтті де өзім-ақ бәрін ретке келтірем дегендей әйеліне қарады. — Сен көз алдына келтіре алмайсың... Көгілдір айдын, аптап, магнолия, билер... Әсіресе, менің есімнен, — қалай аталатын еді, — жылтырақ шыбындар..." "Сонан кейін не болады? — деп сұрады шешесі. — Сенін досың өліп кетпесе, сонан кейін не болады?.." "Соған байланысты, — деді ол сабырлы қалыппен. — Мен ол адамды тағдырдың тәлкегіне қалдырып кете алмаймын. Тастамаймын да. Осымен сөз тәмам". "Сонымен бірге сары үйде тұрмақшысың ғой, — тұр, тұр, тұра ғой!" "Сары үй ме, көк үй ме..." — деді қыз даусы дірілдеп. "Италия қызықтырмай ма?" — деп дауыстап жіберді әкесі. "Жынданған шығарсың!.. Шашым ағарды! Шахматтың қайыршысына тұрмысқа шықпайсың". "Өзің қайыршысың. Шығам десем, шығам. Түйірдей ақылы жоқ, жаман әйелсің..." "Жарайды, жарайды, болды, болды" — деді әкесі сасқалақтап. "Мен оны енді бұл үйге кіргізбеймін", — деп ентікті шешесі. Қызы тұншыға жылап жіберді де, шығып бара жатып буфетке соғылды да, "сайтан алғыр" деп бір сөкті. Буфет біраз уақытқа дейін мұңын шағып сыңғырлап тұрды.

"Олай етпеу керек еді", — деді әкесі сыбырлап. "...Қорғама, қарағым..." "Мені қойшы. Аяғы не боларын қайдан білейін. Әбден діңкелеген, шаршап-шалдыққан. Бәлкім, — құдай жар болсын! — бәлкім осындай соққыдан кейін ол дұрыс жолға түсер... Мен, не болғанда, қызыма кеттім".

Келесі күні әкесі Лужин жатқан санаторийдегі атақты психологтармен ұзақ әңгімелесті. Ассириялық сақалды, дымқылданып күлімсіреп тұратын жанарлы психолог оны жалықпай ықыласпен тыңдады. Ол Лужиннің қояншық ауруы да, сал ауруы да жоқ, жүйкесіне қатты салмақ түсіріп алғандықтан болған дерт, енді оған тек ұзақ уақыт бойы шахматтан бас тартуы керек екенін, ол үшін дұрыс, бірқалыпты қарапайым өмір сүру керек екенін оның басына құю керек. "Ал ондай адамға үйленуге бола ма?" "Әрине, егер ол әтек болмаса... — профессор жымиып күлді. — Үйлену оған пайдалы. Біздің пациенке күтім, көңіл көтеретін нәрселер керек. Бұл сананың уақытша тұмандануы, ол біртіндеп кетеді. Шынын айтқанда, көп ұзамай орнына келеді".

Психиатордың сөзі үйде аз да болса сенсация тудырды. "Яғни, шахматтың біткені ғой? — деді шешесі марқайып. — Сонда одан ештеңе де қалмайды ғой, — делқұлылық қана қалады ғой?" "Жоқ — жоқ, — деді әкесі. Делқұлылық туралы әңгіме жоқ. Толық сауығып шығады. Алып бара жатқан ештеңе жоқ. Түсініп тұрсың ба, балам". Қызы ләм демеді. Күрсінді де қойды. Шынын айтқанда, ол қатты шаршаңқы еді. Күннің біраз бөлігін санаторийде өткізіп еді, айналасындағы тіршіліктің шектен тыс аппақ боп тұрғаны мен медбикелердің аппақ қозғалыстары оны діңкелетіп жіберген-ді. Әлі де боп-боз, жақ жүні үрпиіп кеткен ақ көйлекті Лужин сұлқ жатыр. Тек анда-санда ғана көрпе астындағы тізесін тартып алады, немесе баяу ғана қолын қозғайды, жүзіндегі көлеңке сырғып түскендей болады, кейде көзін ашқан кезде естияр сәуле көрінеді, — бары осы, әйтпесе сол сұлқ қалпы — осы бір сұлықтықтан саналы тіршілік іздеген адамға аса ауыр болатыны сөзсіз. Одан жанарыңды тайдырып алып кету де оңай емес, — ішкі бір қимыл-қозғалыстардан анда-санда жиырыла қалатын сары-сұрғылт маңдайға сіңіп, сондай-ақ бәлкім жекелей бір пенделік ойлар тұтасып, қайта тарқатылып ауыр қозғалып жатқан қалың тұманға сүңгіп кіріп кеткің келеді. Қарғыс атқыр тұман тән мен жаны бар тірлік күтетіндей, бірде қалың қараңғылықтан бармақ басындай айналы ноқат пайда болады да, Лужинге сол бір бұлыңғыр айнадан бала кездегі қорқыныштардан қалған қара сақалды таныс бейне көрінеді. Бұлыңғыр айнадағы бейне еңкейіп еді, сәуле бірден тартылып кетті, тағы да біртіндеп үрей жиған тұманды қараңғылық басты. Қараңғы ғасырлардай ұзаққа созылған бір түннің ішінен тағы бір сәуле пайда болды да, кенет ол сәуле нұр шашыратып жарылып кетті, қараңғылық қақ айырылды, оның орнында, балқып бара жатқан жақтаулардың ішінде, жарқыраған көгілдір терезе қалды. Сол бір көгілдір әлемде, төменгі жағы шыршаның қара-жасыл алақанынан көрінбейтін ақ діңгекке шұбар-ала көлеңкесін түсірген ұсақ сары жапырақтар жалт-жұлт етті; осы бір көрініске тіршілік құйылып кеткендей болды да, жапырақтар дір-дір етіп, діңгек бойымен көлеңкелер әрі-бері жүгіріп, жасыл алақан тербеле жөнелді, Лужин шыдай алмастан көзін жұмды, бірақ сәулелі толқын қабағының астында қалды. "Мен ондағы тоғайда бірдеңе көмдім", — деді ол рақаттана. Не көмгенін есіне түсірмек болған кезде, бір сыбдыр мен екі адамның сабырлы даусын есітті. Қайда жатқанын ұққысы кеп ден қойып еді, маңдайына жұп-жұмсақ, сұп-суық бірдеңе басылды. Шамалыдан кейін ол тағы да көзін ашты. Топ-толық аппақ әйел алақанымен маңдайын ұстап тұр екен, — ал анда, терезеде сол әлгі бақытты көгілдір әлем. Ол не айту керек деп ойланып қалды да, оның омырауындағы сағатқа көзі түсіп, ернін жалап, сағат қанша болды деп сұрады. Айнала қозғалысқа түсіп жүре берді, әйелдер сыбырласып жатты, Лужиннің бір ұққаны олардың тілін бұл, бұның тілін олар түсінеді екен. "Сағат қанша?" — деп қайталады ол. "Таңғы тоғыз, — деді бір әйел. — Өзіңізді қалай сезінесіз?" Терезеден, егер сәл басын көтерсе, шұбар ала көлеңкелі шарбақ көрінеді. "Үйге келген болуым керек" — деп ойлады Лужин, сөйтті де іші қаңғырлап бос қалған, жеп-жеңіл басын қайтадан жастыққа қойды. Ол бірқатар уақыт бойы шынылардың жеп-жеңіл сыңғырын естіп жатты... Оған басынан өткен ебедейсіз оқиға бір нәрсесімен жанына жағатындай, қимыл етпей осылай жату рақат сияқты болып көрінді. Осылай жатып ұйықтап кеткенін білмей қалды да, оянған кезінде тағы да орыс күзінің көгілдір салтанатын көрді. Бірақ бір нәрсе өзгергендей, оның төсегінің жанына әлдекім жақындап келген сияқты. Лужин басын бұрды: оң жағындағы орындықта күлімсіреген көзімен қадала қарап қара сақалды ақ халатты бір мырза отыр екен.

Лужин оны диірмендегі мұжыққа әрең ұқсатқандай болды да, бірақ ол ойы әлгі мырза сөйлеген кезде бірден зым-зия болды: "Жақсы ма?" — деді ол көңілін сұрап. "Сіз кімсіз?" — деп сұрады Лужин. "Досыңмын, — деп тіл қатты мырза, — сенімді досыңмын. Сіз ауырып қалдыңыз, қазір жақсысыз. Тыңдап жатырсыз ба, сап-саусыз". Лужин бұл сөздердің мәнін ұқпақ болып ойлана бергенде, әлгі мырза жұп-жұмсақ үнмен: "Сіз тыныш жатуыңыз керек: Демалыңыз. Көбірек ұйықтаңыз. Көбірек ұйықтаңыз", — деді.

Лужин осылайша, жол-жөнекей көп жүгін жоғалтып, ұзақ сапардан қайта оралды да, жоғалғандарын қайта қалпына келтіруге ықыласы болмады. Сауығуға бет бұрған бұл алғашқы күндер тыныш, біркелкі өтті; ақ халатты әйелдер оны жақсылап тамақтандырды; мұнтаздай сақалды кісі әдемі сөздер айтады да, тұла бойыңды жып-жылы етіп жіберетін шұғылалы көзімен қадала қарап отырады. Көп ұзамай Лужин бөлмеге тағы да әлде біреудің келіп-кететінін байқады, — сезімтал, сергек тіршілік иесі. Бірде оянып кетіп еді, дәл қасынан таныс бір сыбыр естіліп, тына қалды да, біреу дыбысын шығармай асығыс шығып бара жатты. Сақалды досының сөзінің арасында да құпия бір бақытты сәтке меңзеген ишара сестері білініп қалады; ол бір көзге түспейтін, жұмбақ бақыт айналасындағы ауамен араласып, күзгі терезеге қонып, есіктің дәл сыртында жүргендей. Лужин өзінің бос кеуек боп қалған ақыл-ойы біртіндеп тола бастағанын сезіп жатыр. Оның жолы болды: оның ғұмырындағы бақытты елес бірінші боп көрінді.

Ғажап оқиғаның жақындығын тұла бойымен сезінген ол ақ есікке қарап жатты да қойды: қазір ол ашылады да күткен адамы кіріп келеді. Кенет бір бүйірден әлдене қимылдағандай болды. Мол перденің арғы жағында біреу күліп тұрғандай. "Қазір, қазір барамын", — деп күбірледі Лужин көрпеден аяғын шығарып, көзімен қасындағы орындық астынан аяқ киім іздеп. "Сіз ешқайда бармайсыз", — деді әлгі, сонан кейін бос кеңістікті толтырған алқызыл көйлек пайда болды.

Оның өміріне түскен осы бір шапақ, оның сауығуын тездетті. Бірқатар уақыт бойы оның болмысының құдайлары әлі тасада қалған. Нәзік оптикалық айлакерлік болып өтті: ол өмірге кеткен жағынан оралған жоқ, оның өткен өмірін көз алдына келтіру ісін де оны жаңа өмірде күтіп алған жан мойнына алды. Оның өмірінің бұл саласы толық қалпына келтірілгеннен кейін, кенет гүрс етіп қабырға құлағандай боп Турати, турнир және алдындағы турнирлер пайда болды, — құдай сақтап қарсыласқан Турати бейнесін әрірек алып кетуге, қимылдай бастаған шахмат фигураларын қайтадан жәшікке салып қою мүмкін болды. Олар қайта бас көтере бастаса-ақ, төбесінен қойып қалады, — шайқас көпке созылған жоқ. Көзінен кілең шуақты мейірім төгіліп тұратын дәрігер де көмектесіп бақты, ол: айнала түгел еркіндік пен ықыласқа толы, ал шахмат деген адамның ақыл-ойын бұзып, кептіріп тастайтын салқын ермек, яғни шахматқа берілген адам да бір, мұхит жағалауында тұрып тас санаған адам да бір деді. "Егер сіз шахматты еске алатын болсаңыз, онда мен сізді сүйе алмаймын, — деді қалыңдығы, — ал мен сіздің әрбір ойыңызды бағып отырмын". "Үрей, азап, қамығу, — деді баяу ғана дәрігер. — Шахмат тек осыларды тудырады". Ол Лужинге мұны Лужиннің өзі жақсы білетінін, Лужин шахматты жеккөрінішпен еске алатынын дәлелдеумен болды, Лужин де бірде солқылдақтық танытып, бірде рақаттанып жатып ол дәлелдермен келісімге келіп қалады. Иісі бұрқырап тұрған санаторияның үлкен бағының ішінде аяғына су жаңа түнгі былғары туфли киген, гүлдер туралы әңгіме айтқан Лужин қыдырыстап жүретін болды, қасындағы қалыңдығы бала кезінде оқыған кітапты, ондағы итімен бірге қашып кеткен гимназистің басынан өткен шым-шытырық оқиғаларды еске ап, ақырында ол гимназистің тағдыры ысытпа ауруымен (безгек те, қызамық та емес, ысытпамен) шешіледі, бұрын жек көріп келген өгей шешесі оны бәйек боп күткені сондай, оның бұл еңбегін әспеттеген оны шешем деп атай бастайды, осы жерге келген де оның жүзінен жас ағып, бәрі де орын-орнына келеді. "Лужин сауықты" — дейді ол күлімсіреп, оған қырынан қарап (Наполеонның салбыраңқы қыры). "Лужин сауықты. Лужин қыдыратын болды. Лужин сондай сүйкімді". "Иісі жоқ", — дейді Лужин гүрілдеген дауыспен, гүлге еңкейіп. "Иісі болуы мүмкін емес, — дейді ол оны қолтығынан ап. — Бұл өзі сондай гүл. Ал анау тұрған ақ мырза — темекі. Ол түнде бұрқырап тұрады. Бала кезімде оның өзегіндегі шырынды соратынмын. Қазір енді дәмсіз". "Біздің бақта... — Лужин клумбаға қарап ойланып қалды. — Мына бір гүлдер болатын", — деді ол. "Астра ғой, - деп түсіндірді ол. — Мен оларды сүймеймін. Олар тым қатқыл. Ал біздің бақта..."

Балалық шақ туралы көп айтылды. Профессор да Лужинмен "Әкеңіздің жері болды ғой? Солай ма?" — деп сұрайтын. Лужин басын изеді. "Жер, деревня деген тамаша ғой, — деп жалғастырады профессор. — Сіздерде жылқылар, сиырлар да болды ғой?" Бас изеу. "Сіздің үйіңізді көз алдыма келтіріп көрейін... Айнала алып ағаштар... Үлкен, салтанатты үй... Сіздің әкеңіз аңнан оралады..." Лужиннің есіне бірде әкесінің өліп жатқан бір құсты арықтан тауып әкелгені түсті. "Иә", — деді сенімсіздеу Лужин. "Толығырақ айтып берсеңіз — деп өтінді профессор. — Өтінем. Маған сіздің бала кезіңізде немен шұғылданғаныңыз қызық. Қалай ойнадыңыз. Сіздің солдатиктеріңіз болған шығар..."

Бірақ Лужин ондай әңгімелерге беріліп кете алмайтын. Дегенмен осындай сұрақтардың әсерінен оның ойы тағы да балалық шаққа орала береді. Бірақ ойына оралғандарды сөзбен айту мүмкін емес еді, — балалық әсерді ересектердің сөзімен жеткізу мүмкін бе, — ал ол бірдеңе айта қойса, оны үзіп-жұлқып, ықылассыз айтып, күрделі қуатты жүрістерді әріппен, цифрмен ғана белгілеп өте шығатын. Ол бұрын мектепке дейінгі, шахматқа дейінгі балалық шағына мүлде жоламайтын, мүлде ойына алмайтын еді, сөйтсе, ол бір шақ та ғажайып экскурсия жасайтын, сондай бір қауіпсіз орын боп шықты. Лужин ішкі толқынысын өзі түсіне алар емес, — юбкасының бір қапталында үш сүйек түймесі бар толық француз әйелі бүкіл ауыр денесімен креслоға жайғасады, оның ызасын келтіретін сол бейне, енді оның кеудесінде нәп-нәзік аңсарлы сезім тудырады. Оның есіне ол әйелдің Петербордағы үйде басқыштан гөрі швейцардың вестибюль қабырғасындағы тұтқаның көмегімен іске қосылатын, сумен қозғалатын көне лифтімен жүргенді қалайтыны есіне түсті. "Жолыңыз болсын", — дейтін швейцар есіктерді жауып жатып, ал ауыр, дір-дір етіп солқылдап кететін лифт жуан барқыт шнурдың бойымен жайлап көтеріліп бара жататын, лифт көтерілген сайын жапсарлас қабырғадағы дымқыл мен сыздан пайда болған біреулері бұлттарды, енді біреулері Қара теңізді, басқа біреуі Австралияны еске түсіретін географиялық дақтар төмен сырғып бара жатады. Кейде кішкентай Лужин онымен бірге көтеріледі, бірақ көбіне төменде қалып қояды да, лифтінің әрең көтеріліп бара жатқанын тыңдап оның жарты жолда кептеліп тоқтап қалуын тілеп тұрады. Кейде солай да болады. Шу басылып, белгісіз бір қабырғалар арасындағы кеңістіктен көлеңке шақырған ыңырсыған үн пайда болады; швейцар төменде тұтқасын басып, сонан кейін жоғары қарап "Жүрді ме?", — деп сұрайды. Ақырында бірдеңе солқ ете түсіп қозғалысқа келеді де, біраздан кейін лифт төменге оралады, — бос. Бос. Оған не болғанын құдайым білсін, бәлкім, өзінің сол демікпесімен, кәмпиттерімен, қара баулы пенснесімен аспанда қалып қойды ма, кім білсін. Бүкіл ғұмырында, бәлкім, алғаш рет Лужин өзіне-өзі — осының бәрі ізі-қайым қайда жоғалады, оның балалық шағы қайда кетті, веранда қайда, бұлттар арасындағы соқпақтар қай жаққа жол тартты деп сұрақ қойды.

Жан-жүрегінің тылсым бір қалауымен сол соқпақтарды ол санатория бағынан іздеп көрді, бірақ клумбалар басқа боп шықты, ақ қайыңдар да басқаша орналасқан, күздің бояуы құйылған сарғыш жапырақтар да жадында қалған ақ қайың бояуларымен сәйкес келмейтін сияқты. Сол бір алыста қалған әлем қайтып келмеске кеткен, — қашықтық мұнарымен жұмсарып көрінетін оның әке-шешесінің бейнелері қатал мінездерінен ада болыпты, фанер түстес қаңылтыр вагондары бар бұрандалы поезд ысылдап кресло астына кіріп кетті, мұндай кезде паравоз үшін тым үлкен болғандықтан тендерге бекітілген қуыршақ машинистің не ойлағанын құдай біледі.

Бүгін де Лужиннің басына кеп жайғасқан балалық шақ осылай болды. Сонан кейін басқа кезең, ұзаққа созылған шахмат кезеңі туды, ол кезеңді дәрігер де, қалыңдығы да босқа зая кеткен жылдар, рухани соқырлықтың қара кезеңі, қатерлі адасу — зая кеткен, зая кеткен жылдар деп есептеді. Оларды еске алуға болмайды. Онда, зымиян рух сияқты, Валентиновтың сұмырай бейнесі жасырынып жатыр. Жарайды, келістік, жетеді, — зая кеткен жылдар — құрысын, — ұмытылды, — өмірден сызып тасталынды. Егер оларды осылай сызып тастар болсақ, онда оның балалық шақтағы күндері тікелей бүгінгі күндермен байланысқа түсер еді де, қалыңдығының бейнесіне құйылар еді. Қалыңдығының бойында сол бір балалық шақтан қалған еркелік те еменжарқындық та табылатын еді, бақтағы соқпақтардың бәріне алақанаттанып түсіп тұратын сәуле, енді тұтас бір шұғылаға айналған секілді.

"Қуанып тұрсың ба? — деп сұрады шешесі тұнжырап, оның жарқын жүзіне қарап. — Жақында үйлену тойын жасаймыз ба?" "Жақында, — деп жауап берді де, дөңгелек сұр қалпағын диванға тастады. — Көп ұзамай санаториядан шығады". "Әкеңнің қолына мың марка бір-ақ тиетін болды". "Мен жаңа бүкіл дүкендерді тіміскілеп шықтым, — деп күрсінді қызы. — Ол Жюль Берн мен Шерлок Холмосты сұрайды. Сөйтсем, ол әлі Толстойды оқымаған екен". "Әрине, ол мұжық қой, — деп күбірледі шешесі. — Мен ылғи айтып жүрмін ғой". "Мама, тыңда, — деді ол, кітап салынған пакетті биялайымен қағып, — келісіп алайық. Бүгіннен бастап ондай ескертпелеріңді таста". "Оған тұрмысқа шықпа, — деді шешесі түрі өзгеріп. — Шықпа. Жалынам. Керек десең алдыңа тіземді бүгейін..." Бір қолымен креслоға сүйеніп, жаймен ғана өзінің зор, сықыр- сықыр еткен ауыр денесімен бүгіле бастады. "Еденді жаншып жібересің", — деп қызы кітапты алып, бөлмеден шығып кетті.

Фостың саяхаты мен Холмостың мемуарын Лужин екі күнде оқып шығып, "Күткенім бұл емес еді, — деді, — толық басылым емес сияқты". Басқа кітаптардан оған "Анна Каренина" ұнады, — әсіресе, Земск сайлауы мен Облонский берген түскі тамақ суреттелген беттер. Оған "Өлі жандар" да әп-әжептеуір әсер етті, Оның үстіне Лужин сол кітаптың бір жерін бала кезінде азаптана көшіргенін есіне түсірді. Ол классиктерден басқа қалыңдығы оған жеңіл-желпі кітаптарды да әкеп беріп жүрді, — Гааль новеллашыларының еңбектері Лужиннің көңілінен шықты, — ұяла-қызара, бірақ беріле оқыған күмәнді новеллалардың өзі де. Ал өлеңдер (мәселен, дүкеншінің кеңесімен сатып алған Рилъкенің кітабы) оны ауыр уайым мен мұңға түсірді. Осыдан кейін профессор Лужинге Достоевскийді беруге тиым салды, өйткені профессордың айтуынша, ол кітап қазіргі заман адамының психологиясына қатерлі айна секілді әсер етіп, іріп-шірітеді.

"Лужин мырза кітапқа ойын сарқымайды, — деді қалыңдығы көңілденіп. — Ал өлеңдерді түсінуге ұйқастары кедергі жасайды, ұйқастар оған ауыр".

Бір таңғаларлығы, Лужин өмірінде оған қарағанда аз кітап оқыса да, гимназия бітірмесе де, шахматтан басқа ештеңемен айналыспаса да, бәрібір ол одан өзінде жоқ бір ағартушылық нышанын сезінгендей болады. Кейбір кітаптардың тақырыптары мен кейіпкерлердің аттары, ол кітаптарды еш уақытта оқымаса да, Лужинге ежелден таныс сияқты. Оның сөзінде доғал, қолапайсыз, құлақ кесетін сөздер былығып жатады да, бірақ кейде оның сезінуінде белгісіз, әлденені ишарлап тұратын жанды, шетін ой сіңірген сергектік байқалатын, бірақ оны ол жеткізіп айта алмайтын. Өзінің олпы-солпылығына, сөзге сараңдығына қарамастан Лужин өзінің жүрегінің түкпірінде көзге көрінбейтін дірілді, бір кезде естіген дыбыс елестерін сақтап қалған еді. Оның мәдениетсіздігі туралы да, оның басқа олқылықтары жайлы да шешесі сол күннен кейін, тізесін бүккен қалпында креслоға бетін басып еңіреп жылап алған күннен кейін, айтпайтын болған. "Мен бұрын түсінер едім, — деді ол кейінірек күйеуіне, — егер ол оны шынымен сүйетін болса, мен оны түсінер едім де, кешірер едім. Бірақ сұмдығы сонда..." "Жоқ, олай емес, — деп бөліп жіберді күйеуі. — Маған да алғашқыда солай көрінген. Бірақ қызымыздың оның ауруына деген қатынасы маған кері әсер етті. Әрине мұндай одақ құру қауіпті, бірақ амалың қайсы... Ол көне дворян отбасынан шықса да, оның тар аядағы кәсібі оған біраз із қалдырған. Актриса боп кеткен Иринаны есіңе алшы, — бізге қалай боп келіп еді. Оның бойындағы бүкіл кемшіліктерді біле тұра, мен оны жақсы адам деп білем. Көр де тұр, ол енді пайдалы бір іспен айналысатын болады. Мен енді, не болғанда да, оны үгіттемеймін. Егер сен менің пікірімді білгің келсе, онда, жаның күйіп тұрса да, мойынсұну керек".

Ол портсигардың қақпағын бірқалыпты тықылдатып отырып ұзақ, серпіле сөйледі.

"Мен бір-ақ нәрсені білем, — деп қайталады әйелі, — ол оны сүймейді".

11

Әлі бір жеңі қондырылмаған пиджакты киген Лужин трюмоға бір қырынан тұр, ал жалтыр бас тігінші бірде оның иығы мен арқасын бормен сызып, енді бірде бейне бір, аузынан өсіп-шығып жатқандай инелерді жып еткізіп суырып алады да, оған қадай-қадай қояды. Альбомдағы мауыты мата үлгілерінің ішінен Лужин қара-сұрғылт шаршы түрін таңдап алған-ды, қалыңдығы тігіншінің тақта үстіне сарт еткізіп тастай салып, арасын жазған матаны сипалап ұзақ тұрды да, сәл кеудесін көтеріп, бейне бір жалаңаш денесін жапқандай, омырауына апарып көрді. Ол бұл мауытыны тым жұмсақ көрді, сол-сол екен ораулы маталардың текшелері бірінен соң бірі тақта үстіне топылдап тасталды да, тігінші олардың бірінен соң бірін бас бармағын астыңғы ерніне сулап ап ашып жатты, ашып жатты. Ақырында қара-сұрғылт мауыты таңдап алынды, әрі түкті, әрі жеңіл, әрі жұқа екен, енді Лужин, көрнекі құрал құсап, трюмо алдына әр кесінді сайын бөлшектеніп келіп тұратын сияқты (міне, қырылған жалпақ бет, міне, бір қырынан қараған жүз, міне, қысқа қырқып қырқылған желке түс, міне, қатар-қатар мойын мен қызарып қалқайыңқырап тұрған құлақ...), өзіне бір, материалға бір қарап қояды. "Меніңше, алдын сәл-пәл ретке келтірсеңіз", — деді қалыңдығы. Ал тігінші шамалы артқа шегініп Лужиннің денесіне көзін сығырайта қарап, сыпайы ғана жымиып, мырзаның денесі сондай ғой деп, бірдеңені тартып, бірдеңені іліп жағасымен болып кетті, ал Лужин болса, оның жағдайына түскен барлық адамдарға тән әдетпен сәл ғана қолын тартып, немесе бүгіп, сонан соң саусақтарына қарап қояды. Өтіп бара жатып тігінші оны бормен, қалта орнын белгілеп, дәл жүрегінің тұсынан сызып жіберді, сонан кейін дайын боп қалған жеңді жұлып алды да, Лужиннің қарын тұсынан жып-жып еткізіп инелерді суыра бастады.

Лужинге жақсы костюмнен басқа фрак та тігілді; оның сандығының түбінен табылған көне модалы смокинг те әлгі тігіншінің қолымен жаңарып шыға келді. Қалыңдығы шахматты есіне түсіріп алармын деп Лужиннен оған бұрын емокингтің не үшін керек болғанын сұрауға батпады, сондықтан ол ешуақта да Бирмингамдағы үлкен түскі ас туралы білмей кетті, ол аста Валентинов... Жарайды, енді оны құдай жарылқасын.

Лужин тұлғасының жаңаруы мұнымен біткен жоқ. Көйлектер, галстуктер, шұлықтар пайда болды, — Лужин мұның бәрін бірқалыпты қабылдады. Ол санаториядан, қалыңдығы үйінің екінші қабатындағы, қабырғаларында көңілді суреттері бар шағын бөлмеге ауысқан, ауысқан кезде ол, бір кезде деревнядан қалаға оралған кезіндегідей сезімді басынан кешті. Қаладағы көші-қон қашан да бір түрлі. Ұйықтамақ боласың, бәрі тосын: аяқтардың жүрісімен көшедегі түнгі шөркелерге дүңкілдеп жан бітеді, терезедегі перделер усадьбаға қарағанда әрі қымбат, әрі тығыз жабылады; жақтауында саңлау қалған есіктен көрінетін заттар әлдене күткендей қатып қалған. Ал оянған кезіңде терезе сыртынан сұрғылт жарық көрінеді де, тұманды аспан төрінен ай сияқты күн жылжып бара жатады, кенет алыстан, әскери музыка үні жетеді: ол барабан даусымен үздік-үздік боп алқызыл толқын сияқты жақындап келе жатады, көп ұзамай бәрі жым-жырт бола қалды да, труба үнінің орнына таяқтардың тоқылдаған дыбысы, Петербор таңының жеңіл дірілі естіледі. "Сіз дәліздегі шамды сөндіруді ұмытып жүрсіз, — деді бөлмені жалға берген қарт неміс әйелі оған, — сіз түнде есігіңізді жабуды ұмытып кетесіз". Ол оның қалыңдығына да шағым айтты, — кәрі профессор секілді алаңғасар.

"Сізге жайлы ма, Лужин? — деді қалыңдығы. — Ұйқыңыз жайлы ма, Лужин? Әрине, мен білем, онша жайлы емес, бірақ жақында бәрі өзгереді". "Кейінге шегере бермейік, — деп күбірледі Лужин, оны бөксесінен қапсыра құшақтап тұрып. — Отырыңыз, отырыңыз, кейінге шегермейік. Ертең тіркелейік. Ертең. Заңды тұрмыс құрайық". "Көп қалған жоқ, — дейді қалыңдығы. — Бәрі бір күнде болмайды ғой. Тағы бір мекеме бар. Біз ол жерде екі апта бойы қабырғада ілулі тұрамыз, бұл кезде сіздің жұбайыңыз Палермодан келіп, жазылған есімдерге қарап: "болмайды, Лужин — менікі дейді".

"Жоғалтым алдым, — деп жауап берді шешесі, одан өзінің куәлігін сұраған кезде. — Салғам, бірақ жоғалтып алдым. Білмеймін, ештеңе білмеймін". Алайда ол қағаз оп-оңай табылды. Ескерту айту да, тыйым салу да, қиындықтарды ойлап табу да кеш еді. Үйлену тойы жолдағы кедергілерді жаныштап жылжып келе жатты, оны тоқтатам деу, тайғақ мұз үстінде тұрып ап бірдеңені тоқтатам деумен бірдей еді. Шешесіне мойынсынудан басқа ештеңе қалмады, енді ол қызының күйеуі үшін жұрт алдында ұялып қалмаудың, оны әдемілеп, баптап күту керек те, той үстінде жұрттың бәріне күлімсіреп қарап, өзінің шексіз риза екенін білдіріп, Лужинді сондай мейірімді адам деп мақтап жүрудің қамын жасамақ. Ол сондай- ақ Лужинге қанша ақша кеткенін, енді қанша ақша кететінін ойлап, басынан сұмдық бір суретті қуып тастауға тырысты: маймылдық күн кешкен диуана кейіптегі жұлым-жұлым Лужин мен жан жылуын жоғалтқан мұп-мұздай қызы. Солай бола тұра ондай суреттің жақтаулары дайын еді. Жақын жерден онша қымбат емес, бірақ әп-әжептеуір жиһаз қойылған пәтер жалданып, тек бесінші қабатта, бірақ Лужиннің демікпесі үшін лифті істейтін, сондай-ақ онда қойылған басқыш та соншалықты тік көтерілмейді. Қара рамалардағы суреттер ілінген ауыз үйдің сол жағы — жатын бөлме, оң жағы кабинет. Одан әрі қонақ бөлме, жанында ауыз үймен жалғасып жатқандықтан ұзын болып көрінетін асхана, ал ол дәлізбен ұласып кетеді. Дәліздің сол жағы жуынатын, дәрет бөлмелері, тірелетін жерінде ас үй есігі.

Болашақта тұратын қалыңдыққа бұл пәтердегі бөлмелердің орналасуы ұнады; тек жиһаздары ғана талғамнан шыға қоймады. Кабинетке қоңыр барқытты креслолар, дулыға киген кең кеуделі өткір жүзді Дантенің суреті бар кітап шкабы, сондай-ақ шыққан тегі де белгісіз, болашағы да белгісіз үлкен бос тұрған жазу үстелі. Алқызыл абажурдың астындағы орама қара бағанадағы шам жұмсақ диван жанында тұр, ал диван үстінде жылтыр түкті қонжық пен ноқат көзді, жалпақ қызыл табанды аузы дорбадай ит жатыр. Билеп жүрген адамдарды бейнелеген белең диванның жоғары жағына ілініпті.

Кабинеттегі екі жаққа ашылатын есікті итерсең, бәрі көрінеді: қонақ бөлменің едені, қусырылып біткен буфетті асхана. Қонақ бөлмеде жасыл желекті пальма өсіп тұр, ал паркетте кілемшелер төселген. Ең соңында — өзінің табиғи көлеміне сыймай ұлғайып кеткен буфет пен қабырғаларына тарелкелер қойылған асхана. Үстелдің жоғарғы жағындағы шам астында түкті сайтан жалғызсырап қарайды. Терезеден көше тұйығындағы фонтанды скверді көруге болады. Үстелге қайта оралып, ол қонақ бөлме арқылы кабинеттің түкпіріне, төбеге қарады, сонан кейін асханадан дәлізге шығып ауыз үйден жатын бөлмеге озды. Ол жерде бір-бірімен бүйірлесіп екі төсек қатар тұр. Шам мавритан стилінде болып шықты, терезедегі перделер таңертеңгі жарықты басқаша құбылтып көрсететін сарғыш екен, — жанында гравюра: етегі өкшесіне дейін түскен түнгі көйлек киген вундеркинд рояль ойнап отыр да, қолына шырақ ұстаған сұр халатты әкесі есікті сәл ашқан қалпы қатып қалыпты.

Бір нәрселерді қосып, бір нәрселерді алып тастауға тура келді. Қонақ бөлмеден қожайын әйелдің әкесінің портреті алынып, ал кабинеттен перламутр шахмат тақтасы бар шығыстық үлгідегі үстел шұғыл аластатылды. Төменгі жағына қырау қонғандай көгілдір ұшқынданып тұратын ваннадағы терезе шытынап кеткен екен, оны жаңа шынымен ауыстырды. Ac үй мен дәрет бөлмелердің төбесі ақталды. Пальма астына грамаффон орналастырылды. Бәрін айт та, бірін айт, — әкесі әзілдеп айтқандай, — "байлықтан шалқып, асыға қарпып" алған бұл пәтер, не болғанда да, уақытша ғана, өйткені Лужинді Берлиннен тезірек алып кетіп, оны басқа елдермен көңілін алдарқату керек, қалыңдығының басынан осы ой кетер емес. Ертең не болары белгісіз, — кейде ол тағдырдың табиғи құпиясына көмек беру үшін басқа бір күш келгендей қалың тұманға тұмшаланып алады.

Лужин бұл күндері сондай ізетті, инабатты қалыпта жүрді... Жаңа костюм киіп, түтін түстес галстук таққан ол шай үстінде сондай сыпайы, жайдары отырып, әңгіме-дүкен үстінде қалжыңдасып та қояды. Оның болашақ енесі таныстарына, Лужин ұзақ уақыт бойы еңбегі зая болған шахматтан бас тартқанын, енді ол туралы сөйлесуді қаламайтынын әңгімеледі, — содан да Олег Сергеевич Смирновский оны ойынға шақырған жоқ, тек көзі ұшқындап оған масондардың құпия құйтырқы әрекеттерін әшкерелеп, тіпті оқып шығуға аса құнды кітапша беруге уәде етті.

Некелесу ісімен айналысатын мекемелерде Лужин өзін, шын мәнінде, ересек жандардай ұстап, барлық қағазды сондай тындырымдылықпен, бәйектікпен өзі апарып, барлық бланкаларды шын ықыласымен, әрбір әрпін мұқият жазып өзі толтырды. Ол көркем, ұқыпты жазады екен, қаламсабын баптаудың өзіне бірқыдыру уақыт кетеді: жазбас бұрын ол оны қаптал тұсына баяу ғана сілкіп-сілкіп алады, сонан кейін алтын қаламұшының қағаз бетіндегі жүгірісіне риза боп, жалтырап тұрған ілмешегі бар оны төс қалтасына асықпай салып қояды. Ол дүкеннен дүкен қалдырмай кезетін қалыңдығының қасында да жүріп, үйлену тойына дейін көрсетпеймін деп қойған пәтерді тағатсыздана күтеді.

Олардың аты-жөндері ілініп қойылған екі апта ішінде — күйеу жігіттің де, қалыңдықтың да адрестеріне мұндайды қалт жібермей аңдып отыратын талай-талай фирмалардан ұсыныстар түсті: үйлену тойы мен жерлеу үшін экипаждер (желісті қос aт жегілген тарантас суреті), жалға берілетін фрактер, цилиндрлер, жиһаздар, шарап, жалдамалы залдар, дәрі-дәрмектер. Лужин ажарлы көркемделген прейскуранттарды шын көңілімен қарап, қалыңдығының осы қызықты ұсыныстарға неге күдікпен қарайтынына түсінбей, оларды жинап қоятын. Басқа да ұсыныстар болды. Сондай-ақ, Лужин айтқандай, қайын атасымен "шағын келіссөз", жарасты әңгіме де болды, қайын атасы оны, тап қазір емес, әбден демалып алғаннан кейін, бірнеше айдан соң коммерциялық кәсіпорынға орналастырмақ болды. "Өмір деген осылай құрылған ғой, — деген ол сол әңгіме үстінде, — адам әр секунд үшін, ең кем дегенде, бұл қайыршылық деңгей бола тұра 1/432 пфеннинг төлеуге тиіс; сәнді де тоқ өмірге үйреніп қалған әйеліңізді асырау керек қой". "Иә, иә" — деді Лужин көңілдене күлімсіреп, сонан кейін қайын атасының орамын келтіре айтқан күрделі есепті ойына салып саралап кетті. "Ол үшін көп ақша керек", — деді қайын атасы, ал Лужин тағы бір фокус естігісі кеп, құлағын тіге қалды. "Әр секунд қымбат... Қайталап айтам, алғашқы кезде, алғашқы жылы мен сіздерге жомарттық көрсете алам... Бірақ уақыт өте келе... мәселен, сіз менің кеңсеме келіңіз, мен сізге қызық нәрселер көрсетем".

Осылайша бәрі де Лужин өміріндегі бос кеңістікті гүлдендіріп қоюға ұмтылып жатты. Ол да өзін еркелетуге, тербетуге, аймалауға мұрсат берді де, жан-жағынан қоршаған ықылас пен пейілге молынан шомылды. Болашақ тіршілігі бірде нұр түсіп, бірде көлеңке жабатын, арбап, құбылып тұрған ойыншығы көп дүниенің бақытты бір қоңыржай саяжайында, өмірінің соңына дейін, мамыражай қалыпта өтетін сияқты боп көрінді. Бірақ үйленер алдындағы қашып құтыла алмайтын сәттер де болатын, — түннің бір уағында, таңсәріде, — дастарқанға салынатын суреттердің қуыс ұялары сияқты қаңырап бос қалатын кездері де бар. Бірде ол түсінде оған ту сыртын беріп отырған Туратиді көрді. Қолын таянып отырған Турати қалың ой үстінде, бірақ оның кең жауырынынан неге қарап ойланып отырғаны көрінбейді. Лужин сол отырыстан қорықты, қарауға қорықты, бірақ солай бола тұра оның қара иығынан жайлап асылып қарады. Ол сонда ғана байқады, Туратидің алдында сорпа құйылған тарелке тұр да, ол қолын таянып емес, орамалды жағасының астына салып отыр екен. Осы түстен кейін қараша айында Лужин үйленді.

Олег Сергеевич Смирновский мен бір Балтық бароны куәлар болды да, Лужин мен оның қалыңдығын үлкен бөлмеге кіргізіп, мауыты жабылған ұзын үстелдің жанына жайғастырды. Пиджагын тозығы жеткен сүртікке ауыстырған шенеунік неке өсиетін оқыды. Бәрі орнынан тұрды. Осыдан кейін шенеунік кәсіби әдетпен күлімсіреп, некелескендерге қол беріп құрмет көрсетті де, осымен бәрі бітті. Шығар есікте швейцар елулік монета дәметіп құттықтап басын иіп еді, Лужин оған қолын беріп өте шықты.

Сол күні шіркеуде неке қиылды. Лужин шіркеуде соңғы рет көп жыл бұрын шешесінің жаназасы кезінде болып еді. Жүрегі жарылып өлген шешесін Невадан қатты жел соққан түні жып-жылы шіркеуден белгісіз қараңғылыққа алып шыққандары, жалпылдап жанған шырақтар көтеріп қайтқандары есінде. Сондай-ақ Почтамт көшесіндегі шіркеуде де ғибадат етілді. Қараңғы кеңістікте оның етігі құрғақ жөтел құсап, күркілдеп кеткені, адамдар отырған орындықтар тізбегі, анда-санда мүйістерден естілетін сыбыр-күбірлер жадында. Пасха түндері де есінде қалыпты: дьякон жыларман дауыспен оқып, ақырында өксігін баспаған қалпы үлкен інжілдің бетін жапты... Сондай-ақ ол, әбден діңкелеп шаршаған священниктің аузынан, адамның жанын суырып алардай, "фасха" деген емініп тұрған сөздің айтылғаны да; тербеліп тұрған кадило кезінде бас иіп жалбарыну да есінде. Ладяның хош иісі де, саусақтарға тамған ыстық балауыздың тамшылары да, күңгірт бал сияқты құдай бейнесі де. Ес кете аңсау, күңгірт әлемдегі жылт-жылт еткен сәулелер, елттірген шіркеу ауасы балтырыңды шымырлатар хал енді солардың бәрінің үстіне қалыңдық пен дәл төбесіне құлап кетуі кәдік некелесу тәжі келіп қосылды. Ол оған көзінің қырымен екі рет қарады, оны әлдеқандай көзге көрінбейтін қол, дәл сондай көзге көрінбейтін қолға өткізіп жібергендей болды... "Иә, иә" — деп священниктің сұрағына жауап беріп, бәрі де жақсы деп сөз қосқысы келді, жаны да жадырап сала берді де, алқымына әлдене кептеліп қалғандай, жанарынан от төгіліп жатқандай болды.

Сонан кейін бәрі үлкен үстел басына жиналған кезде, оның бойын үйге келгенде шошқаның сүр еті мен жұмыртқаға қарамай, алтын мүйізді майға қуырылған қой мен құс етіне бас қоятын сол бір шақтағы сезім жайлап алып еді. Әрі ыстық, әрі у-ду, үстел басында шіркеуге барған адамдардың бәрі отыр, — ештеңе етпес, ештеңе етпес отырғандарынша отырсын... Лужин күйеуіне оның толқынды шашына, қонымды тігілген фрагына, тамақ келгенде езуін қисайта күлімсірегеніне қарап отыр. Ерте кездегідей тырсылдатып жоғары көтеріп қоятын Екатерина омырауын еске түсіретін кеудесі айқара ашық көйлек киген, әбден опаланған әйелінің шешесі өзін келісті ұстап отыр, тіпті күйеу баласына "сен" деп те қояды, Лужин алғашқы кезде оны кімге айтып отыр деп түсінбей де қалды. Ол бар болғаны екі-ақ бокал шампан ішті; бірақ оның ыстық толқыны оны маужыратып тастады. Сыртқа шықты. Фрактың тылтиған нымшасы қамсау бола алмайтын кеудесін сап-салқын жел кеулеп барады. Әйелі пальтоңды қаусырынып ал деді, ал әкесі кеш бойы күлімсіреп әлдеқандай дипломаттан үйренген айрықша бір мәнермен бокалын көтеріп, бұрынғыдан да жымия түсіп, қоштасудың белгісіндей етіп шамның жарығымен жалт-жұлт еткен есік кілттерін көтеріп қояды. Шешесі ақ тышқан терісін иығына іліп, автомобильге мініп жатқан Лужиннің жауырынына қарағысы келмей тұр. Аздап масаң қалыптағы қонақтар той иелерімен, өзді-өздімен қоштасып бипаз күлісіп, орнынан қозғалған автомобильді қоршап "ура" деп айқайлады, кештетіп өтіп бара жатқан жүргінші қасындағы әйелге: "жерлестер шулап жатыр", — деді.

Лужин автомобильге отырған бойда ұйықтап кетті, бірінің соңынан бірі түскен кездейсоқ жарықтар оның жүзін ашып көрсетеді де, мұрнынан түскен көлеңке шыр айналып жүзіне, сонан кейін ерніне түседі, артынша автомобиль ішін келесі жарық түскенше қараңғылық басады, ол жарық тағы бір көлеңке келгенше қараңғы қалтаға жылжып бара жатқандай әсер қалдырып Лужиннің қолын сипалап қалады. Сонан кейін тұтас жап-жарық оттардың тізбегі басталады да, әрбір от ақ галстуктың астына жасырынған көлеңке көбелектерді қуумен болады, әйелі жайлап қана жағасын түзеп қойды, өйткені автомобиль ішін қарашаның суық желі аралап жүрген-ді. Ол оянып, көше жарығының нұрынан көзін сығырайтты да, қай жерде екенін түсіне алмады, сол кезде автомобиль тоқтап, әйелі "Лужин, біз үйге келдік", — деді. Лифтіде ол масаң болмаса да салбыраңқы қалыпта күлімсірей жыпылықтап, тізілген тетіктерге қарап тұрды, әйелі солардың біреуін басты. "Белгілі биіктікке" — деп ол, барар жолдың ұшар басына көз салып тұрғандай, лифтінің төбесіне қарады. Лифт тоқтады. "Уһ", — деп Лужин сылқ-сылқ күлді.

Ауыз үйде оларды жаңа қызметші күтіп алды, — ебедейсіз ұзын қызыл қолын ұсынған дөңгеленген қыз. "Бізді несіне күттіңіз", — деді әйелі. Қызметші қыз оларды құттықтап, әлденені тез-тез айтып, Лужиннің қол сөмкесін елпілдеп алып жатты. Лужин күлімсіреп оның қалай жабылатынын көрсетті. "Тамаша", — деді қызметші әйел. "Барыңыз, ұйықтаңыз", — деді әйелі дегбірсіздене. — Біз бәрін өзіміз жасаймыз".

Кабинеттің, қонақ бөлменің, асхананың шамдары жағылды. "Телескоп сияқты ашылады", — деді Лужин ұйқысырап. Ол ештеңеге көз тоқтатып қараған жоқ, — көзіне ұйқы тығылды. Асханаға кіріп бара жатып ол, қолына қызыл табанды үлкен пүліш итті көтеріп жүргенін байқады. Ол оны үстелге қойған кезде, шамда ілініп тұрған түкті сайтан өрмекші құлап түсті. Телескоптың бір бөлігі орнынан жылжып кеткендей бөлмелердің шамдары сөнді де, Лужин жарық дәлізге шықты. "Барыңыз, ұйықтаңыз", — деді әйелі әлдекімге айқайлап, түпкі жақтан қайырлы түн айтқан дауыс естілді. "Мынау дәрет бөлме, — деді әйелі. — Ал, мына сол жақтағы — ванна". "Бөлек бөлме қайда? — деді Лужин күбір етіп. — Ең кішкентай бөлме қайда?" — "Ваннада, бәрі ваннада, — деді ол, Лужин есікті жайлап ашты да, мықтап жауып алды. Ал әйелі жатын бөлмеге өтіп, креслоға отырды да тоғая ісініп жатқан төсекке қарады. "Әбден шаршадым", — деп ол күлімсіреді де, Мавритан шамын айнала ұшып, сонан кейін жоқ боп кеткен үлкен, жалқау шыбынға ұзақ қарап отырды. "Мұнда, мұнда", — деп дауыстады ол, абайлап басып келе жатқан Лужиннің дыбысын естіп. "Жатын бөлме", — деді ол қолын арқасына қойып мақұлдағандай жан-жағына біраз қарап тұрды. Әйелі жақында ғана әр түрлі заттар қойған шкапты ашып, сәл мүдіріп, күйеуіне қарады. "Мен ванна қабылдаймын, — деді ол. — Ал сіздің заттарыңыз мұнда".

"Бір минөт аял етіңіз", — деп Лужин, аузын кере ашып есінеді. "Аял етіңіз", — деді әр буынға есінеудің екпінін түсіріп. Бірақ пижамасы мен түнгі туфлиін алған ол, бөлмеден шұғыл шығып кетті.

Көгілдір түсті краннан сарқырап аққан судың ваннадағы деңгейі көтерілген сайын даусы да өзгеріп барады. Құйылып жатқан суға қарап отырып, ол өзінің әйелдік аңғарғыштығының шектеулі екенін, оған басқа бір күштер де ортақтасатынын ұқты. Ваннаға отырғаннан кейін де су көпіршіктерінің денесіне қалай жабысып жатқанына қарап отырды. Суға мойнына дейін кіріп ол сабын көпіршіктерінен сәл қоймалжың тартқан су астындағы өзінің нәзік, аппақ денесіне қарап, тізесін тартып судан шығарып еді, осы бір дөңгеленіп жарқырап тұрған аралшық өзіне айрықша әсер етті. "Осының бәрі менің ісім емес", — деді ол судан қолын шығарып, маңдайына жабысқан шашын қайырып жатып. Тағы да ыстық су жіберіп, дәл қарнының үстіне құйылып жатқан жып-жылы толқынға рақаттанып, ақырында ванна ішінде жеңіл дауыл тұрғызып судан шықты да, сүртінуге кірісті. "Тамаша түрік әйелі", — деді ол, будан шамалы буалдырланып қалған айнадағы жібек шалбарлы өзін көріп. "Жалпы жаман орналасқан жоқ", — деді ол шамалыдан кейін. Айнаға әлі де қарап тұрып пижам кофтасын кие бастады. "Бүйірім торсыңқырап кетіпті", — деді ол. Ваннадан сылдырап ағып жатқан су, кенет қорқ ете қап, тына қалды: ванна босап қапты, тек тесігінде ғана кішкентай сабын көпіршіктерінің иірімі жатыр. Кенет ол, айна алдында пижаммен әдейі аялдап тұрғанын түсінді, — кеудесі мұздап қоя берді, бейне бір өткен жылдың журналын аударыстырып отырғанда, кәзір есік ашылады да, табалдырықтан дантист кіріп келетіндей.

Ол ысқыра жүріп жатын бөлмеге кіріп келді, ысқырығы пышақ кескендей тиылды. Беліне дейін көрпе жамылған, омырауы ашық, крахмалданған буылтық-буылтық көйлекпен екі қолын басына қойып төсекте жатқан Лужин қорылдап ұйықтап жатыр екен. Шалбары көмек күткендей жайылып жерде жатыр, фрагын қанаты сынған құс құсатып кушеткаға тастай салыныпты. Ол оның бәрін жайлап жинап, реттеп қойды. Жатар алдында пердені түсірді. Ауланың қараңғы түкпірінде түнгі жел бұталарды қозғап, қайдан төгілгенін кім білсін, әлде газон бойындағы тас панельдің үстіндегі шалшық па, әйтеуір бір су жылтырайды, ал басқа бір тұста шарбақ көлеңкесі бірде көрініп, бірде жоқ боп кетеді. Кенет бәрі сөнді де, көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты.

Ол жастыққа басым тисе болды, ұйықтап кетем деп ойлаған, бірақ басқаша болды. Дәл қасындағы қорқылдап естілетін қорыл, аңылжыған мұң, жат бөлмедегі осы бір қараңғылық, оны аумалы-төкпелі күйге түсіріп тұрып алды да, ұйқы бере қоймады. Неге екені белгісіз, "партия" деген сөз миының ішіне кіріп алыпты — "жақсы партия", "өзіңе жақсы партия тауып алуың керек", "партия", "партия", "үзіліп қалған, ойналмай қалған партия", "сондай жақсы партия", "Маэстроға менің ішкі толқынысымды жеткізіңізші?.." "Ол өзіне-өзі керемет партия жасауыңа болар еді", — деді шешесі қараңғылыққа сіңіп бара жатып. "Соғыстырайық", — деп сыбырлады бір нәзік дауыс. Әкесінің көзі бокал ернеуінен қарап тұр, көбік көтеріліп келеді, көтеріліп келеді. Жаңа туфли аяғын қысты, шіркеу іші ыстық екен.

12

Шетелге шығатын үлкен сапар көктемге дейін кейінге қалдырылды, — ең болмаса, алғашқы айларда жанымызда болыңдар деген әке-шешесінің соңғы өтініштеріне Лужина алғаш рет құлақ асты. Өйткені Лужина күйеуі үшін, шахматты еске түсіретін Берлиннен ептеп қорқатын; сөйтсе, Берлинде де Лужиннің көңілін алдарқататын нәрселер бар екен.

Шетелге сапар, ол туралы әңгімелер, жол-жөнекей ойлар. Лужинге қатты ұнаған кабинеттегі шкаптан керемет атлас табылды. Алғашқыда бойлықтар мен ендіктердің торымен шірей байланған әлем шары, келесі бетте екі кеңістікте жайыла жарылып, сонан кейін бөлшектерге бөлініпті. О баста кішкентай ғана соқыр ішектей боп көрінетін Гренландия, жайылған кезде материктердің деңгейіндей боп ұлғайып кетті. Полюстер аппақ боп көгеріп кеткен. Мұхиттар теп-тегіс көкпеңбек боп жатыр. Картадағы судың өзі-ақ, мәселен, қол жууға жетер еді, — шынында да қаншама су, — ені қандай, тереңдігі қандай... Лужин әйеліне бала кезінде көрген, тізесін бүккен әйел сияқты Балтық теңізін, Италия етігін, Индияның дәл тұмсығының алдына түскен Цейлон тамшысын көрсетті. Ол экватордың жолы бола қоймаған — көбірек теңіз үстінен өтеді, — екі континентті кесіп өтсе де, Азиядан алыста жатыр: алдында кездескендерді сығып, жаншып жіберген, — әлдеқандай башпай ұштарын, шашылған аралдарды. Ол ең биік таулар мен ең кішкентай мемлекеттерді біліп, Американың орналасуынан акробатикалық қимыл көргендей болды. "Осылардың бәрін ажарлылырақ орналастыруға болар еді, — деді ол әлем картасын нұсқап. — Қарашы, ешқандай идея да, ешқандай өнер де жоқ". Ол осы күрделі құрылымнан ешқандай мән-мағына таба алмағанына аздап ызаланып, сонан кейін бала кезіндегі өзендердің шым-шытырық жолдарымен Солтүстік теңізінен Жерорта теңізіне қалай жетуге болатынын қарастырып, өркеш-өркеш таулар тізбегінен нақты бір өрнек іздестірді.

"Қайда барамыз", — деді әйелі, әдетте үлкендер кішкентай нәрестені ойнатқанда жасайтын әдетпен еріндерін шөп еткізіп. Сонан кейін ол романтикалық елдерді атай бастады. "Алдымен Ривьераға, — деп ұсыныс жасады. — Монте Карло, Ницца немесе, Альпа". "Ал сонан кейін ептеп былай қарай, — деді Лужин. — Қырымда өте арзан жүзім бар". "Сіз не айтып тұрсыз, Лужин, — Бізге Ресейге баруға болмайды". "Неге? — деп сұрады Лужин. — Мені оған шақырған". "Бос әңгіме, одан да үндемеңіз", — деді Лужиннің мүмкін емес нәрсені айтқанына емес, шахматқа байланысты әлдене айтқанына ашуланып. "Мұнда қараңыз, — деді ол, Лужин бағынып, картаның басқа тұсына көз тікті. — Міне, мәселен, Египет пирамидалары. Ал, мұнда бұқаларға сұмдық жауыздық жасайтын Испания".

Олар баруға болатын көптеген қалаларда, сөз жоқ, Лужин бұрын болып қойған, сондықтан тағы бір бөле шақырып алармын деп, ол әдейі үлкен қалаларды атаған жоқ. Бос әурешілік. Лужин бұрын болған әлем картаға түспеген еді, егер оған Рим мен Лондонды атаса да, картадағы қалпында әйелінің аузымен аталған ол аттар мүлде жаңаша түлеп естілер еді де, ешуақта да бір кезде өзі болған, бүгінде еміс-еміс есінде қалған Рим мен Лондондағы, әйелі атаған Ниццедегі шахмат дәмханалары ескерілмей қалар еді. Сонан кейін әйелі теміржол бюросынан көп проспектілер алып келді де, шахматтық саяхаттардан мүлде алыстатып жіберетін, туристер ақ костюм киіп, дүрбіні мойнына асып ап қыдыратын жаңа әлем алға тартылды. Батып бара жатқан күн шұғыласындағы пальмалардың қара силуэті мен пальма силуэтінің Нілге төңкеріліп түскен бейнелері. Көкпеңбек теңіз, көкжиекте көрінетін пароход түтінінен кері жаққа желбіреп тұрған ту ілінген қанттай аппақ қонақ үй, қарлы шыңдар мен аспалы көпірлер, қаптаған көне шіркеулер, тап-тар тұйық көше, теңдеп жүк тиеген есек... Белгісіз проспект авторы мақтауға кеңірдектеп күпті болардай бәрі де әдемі, бәрі де қызық... Құлаққа жағымды аттар, миллиондаған қасиетті орындар, барлық аурудан құлан-таза жазып жіберетін сулар, қала қорғанының асы, бірінші, екінші, үшінші разрядты үйлер, — соның бәрі көзіңді арбайды, бәрі керемет, бәрі Лужинді күтіп, оны күркіреген дауыстармен шақырып, қожайындарынан сұрап жатпай-ақ нұр сыйлап тұрды.

Лужин үйленгеннен кейін көп ұзамай қайын атасының кеңсесіне барды. Қайын атасын ауызша әлдене айтып машинаға сөз жаздырып отыр екен. Қайын атасы оған бланклер бумасын, беттерінде сызықтары көп бухгалтерлер кітаптарын, түптелген кітаптарды, коммерциялық Германияның алып жуан томдарын, қолмен айналатын өте ақылды есеп машиналарын көрсетті. Алайда Лужинге бәрінен де жазу машинасы ұнады. "Білгіңіз келсе... Мен де", — деді ол, қайын атасы мақұлдап басын изеді де, Лужиннің кабинетінде де жазу машинасы пайда болды. Оған кеңсе қызметкерлерінің бірі кеп көрсетіп түсіндіріп береді деп еді, ол өзім-ақ үйреніп алам деп, одан бас тартты. Солай да болды: құрылымын тез игеріп алды, лента қоюды, қағаз салуды үйреніп, барлық тұтқаларды меңгерді. Әріптердің орналасуын еске сақтау ғана қиын болды, басу өте баяу жүрді; оның үстіне — леп белгісі — әне жерден де, мына жерден де шошаңдап қосылып кете берді. Алдымен ол неміс газетінен жарты беттік бірдеңе көшірді де, сонан кейін өз басынан шығарып жазды. Мынадай мағынадағы шағын ғана хат пайда болды: "Сіз өлімге қатысты айыпқа тартыласыз. Бүгін 27 қараша. Кісі өлімі және өртеу. Саламатсыз ба, патша ағзамы. Енді сен керек боп тұрсың, леп белгісі, қайдасың? Дене табылды. Мәртебелі патша ағзамы!!!" Лужин мұны әлденеше рет оқып шықты да, парақты қайтадан орнына қойып, әріптерді зорға іздеп тауып жатқандай, "Аббат Бузани" деп қисайта қол қойды. Жұмысы тым баяу жүргендіктен іші пысып кетті. Телефон кітапшасын аударыстырып жүріп Луиза Альтман деген раньтершаны тауып aп, адресін қолмен толтырып, шығармасын соған жіберді.

Граммофон да көңіл көтеруге біраз септігін тигізді. Пальма астындағы шоколад түстес шағын шкап жұмсақ дауыспен он салады да, Лужин диванда әйелін құшақтап тыңдап отырып, түннің жақындап қалғанын ойлайды. Әйелі орнынан тұрып пластинкаларды ауыстырады, теңіздегі айдың нұры сияқты тайғанақ жібек сәулелі дискілерді жарыққа көтеріп қарайды. Шағын шкап тағы да музыка ойнайды. Қасына қайта отырған әйелі тамағын айқасқан саусақтарының үстіне қойып, көзін жыпылықтатып тыңдап отырады. Лужин олардың әуенін есіне тұтып, қайталап айтқысы келеді. Олардың арасында күрсініп, сонан соң бипаз орындалатын билер де, сыбырлап қана айтатын нәзік американдық та, тіпті он бес пластинкаға жазылған "Борис Годунов" секілді бір тұсында қоңыраулар күмбірлеп кететін, үрейлі үзілісті тұтас опера да бар.

Әйелінің әке-шешесі жиі келіп тұрады да, ал Лужиндер оларға аптасына үш рет түскі тамаққа барып тұруды әдетке айналдырған. Шешесі қызынан тұрмыс құрудың кейбір тұстарын толығырақ білгісі кеп: "Сен екіқабат емессің бе? Мен білсем сен екіқабатсың", — дейді. "Ойбай-ау, мен баяғыда туып алдым ғой" — деп жауап береді қызы. Ол сол бұрынғы қалпында байсалды, тек көзінің астымен қарап күлімсіреп, Лужинге сіз деп, оны аты-жөнімен атайды. "Менің байғұс Лужинім, — дейді ол ернін еркелей томпайтып, — менің байғұсым, байғұсым". Лужин де оның иығына жүзін үйкелеп қояды да, аяушылық рақатынан басқа да рақаттар бар екенін бұлыңғыр ғана ойлағандай болады, бірақ ол үшін онша көп бас қатыра қоймайды. Оның өміріндегі басты парызы Лужиннің бойында сәт сайын дүние-мүлікке деген қызығушылығын тудыру, еркін тыныс алу үшін жағдай жасау болды. Таңертең тұрған бойда ол Лужиннен қандай түс көргенін сұрап, оның ертеңгілік тәбетін бірде котлетпен, бірде мормеладпен көтеріп, қыдыруға шыққан кезде оны витриналар алдына ұзағырақ ұстап, түскі тамақтан кейін оған, "Соғыс және Бейбітшілікті" дауыстап оқып береді, көңілді географиямен айналысып, ол айтып, бұл машина басады. Ол оны әлденеше рет мұражайға алып барып, оған өзінің сүйікті картиналарын көрсетіп, тұман мен жаңбырдан көз ашпайтын Францияда суретшілері ашық бояулы сурет салады да, ал күн елі болып саналатын Испанияда нағыз күңгірт бояулы шеберлер дүниеге келген. Әне біреулердің шыны заттарға деген талғамы жақсы да, ал әне біреу гүлдер мен үлбіреген жүзді ұнатады дейді де, оның көңілін "Құпия кешкіліктегі" жөнді жиналмаған үстелдің үстінен қалдық іздеген екі итке аударады. Лужин басын изеп, тозақтағы күнәға батқандарды салған суретшінің алып пальтосына ұзақ қарап тұрады, — өте беріле, бар ынта-ықыласымен. Олар театрда да, зоология бағында да, кинематографияда да болуы, сөйтсе Лужин кинематографияда бұрын-соңды болмаған екен. Ағараңдаған картина жүріп жатты, көптеген шым-шытырық оқиғалардан кейін, қызы ақырында атақты актриса боп үйіне оралып, есіктің түбінде тұрып қалады, ал шашы ағарып кеткен әкесі, оны байқамай, осы жылдар ішінде мүлде өзгермеген, осы отбасының досы боп кеткен доктормен шахмат ойнап отырады. Қараңғыда сақылдап күлген Лужиннің даусы шықты. "фигуралардың бұлай тұруы тіпті мүмкін емес" — деді ол, бірақ әйелінің бағына орай, бәрі өзгеріп сала берді, әлгі әке зорая түсіп көрермендерге қарсы жүрді, алдымен көзі ұясынан шығардай боп, сонан кейін тұла бойын діріл аралап, кірпіктері жиі қағылып, тағы да діріл пайда боп, әжімдері молайып, қорғана қарап, сонан соң әлі де діріл жүгіріп тұрған жүзінде шексіз аңсардың баяу күлкісі пайда болады — өйткені бұл қарт қызын көрместей боп қарғаған болатын.... Доктор — шетте тұр, ол бұл қыз кішкентай кезінде, картинаның басында көрсетілгендей, шөп үстінде кітап оқып жатқан оған дуалдан асылып гүл лақтыратын; ол сонда басын көтеріп алады: тек дуал көрінеді, кенет одан қыздың шашы, сонан кейін бақырайған көздері — құдай атқыр, қандай айлалық, қандай ойнақылық! Дуалдан секір, доктор, — әне, жүгірген еркетотай қыз, діңкектерге тығылып қалды, — ұста, ұста, доктор! Бірақ оның бәрі өтті. Басын иіп, қолын бос жіберіп, қалпақ киген қалпында атақты актриса тұр (ол бұзылған, бұзылған... еді ғой). Тұла бойы дірілдеп кеткен әкесі жайлап құшағын аша бастайды, ал қызы оның алдында тізесін бүгіп отыра қалады. Лужин сіңбірініп қалды. Олар кинематографтан шыққан кезде, оның көзі қып-қызыл боп, жөткіріне берді, бірақ жылағам жоқ деп, мойындамады. Келесі күні, таңертеңгі кофе үстінде ол кенет үстелге сүйеніп отырып: "Өте, өте жақсы. — ойланып отырып тағы да: — Бірақ олар ойнай алмайды ғой", — деді. "Қалай ойнай алмайды ғой?" — деді. "Қалай ойнай алмайды? — деп таң қалды әйелі. — Олар керемет актерлер ғой. Лужин оған көзінің қиығымен қарады да, көзін тайдырып әкетті, әйеліне оның бұл қылығы ұнай қоймады. Ол не боп қалғанын аяқ астынан түсінді, Лужиннің шахматты ұмытуын өзінше шешпек боп жан салып жүргенде, ақымақ режиссер жұрттың көңілін алдарқатпақ боп сол шахматты кіргізе қойған. Бірақ Лужиннің өзі оны ұмытып кеткен болу керек, енесі жіберген орыс тоқашымен болып кетті де, оның жанары қайтадан жайдары қалпына түсті.

Осылайша айлар өтті. Сол жылғы қыс нағыз Петербордың аппақ қысы еді. Лужинге қалың пальто тігілді. Қайыршы орыстарға Лужиннің көнетоз киімдері таратылды, — олардың ішінде швейцарлық мойын орамал да бар еді. Нафталин түйіршіктері көңіл қабыржытатын жағымсыз иіс шығарады. Кірер ауызда салбырап пиджак ілулі тұр. "Ол сондай әдемі, — деп күбірледі Лужин, — сондай әдемі". "Тоқтай тұр, — деді әйелі жатын бөлмеден, — мен оны әлі қарағам жоқ. Оны күйе жеп қойған болуы мүмкін". Кейінгі айда толысып кеткен жоқпын ба деп киген смокингін шешіп жатты (толысқан, толысқан, — ал ертең үлкен орыс балы, қайырымдылық кеші), сөйтті де пиджагының қалтасына қол салды. Оған ешқандай да күйе түспепті. Тек қалтасында тесік бар екен, бірақ анау айтқандай үлкен емес. "Тамаша", — деді ол дауыстап. Әйелі шұлығын қолына ұстаған қалпы ауызғы бөлмеге қарады. "Шеш Лужин Ол жыртық, шаң ғой, қанша жатқанын құдайым білсін". "Жоқ, жоқ", — деді Лужин. Әйелі оны жан-жағына шығып қарады: Лужин тұрған қалпы екі жамбасын ұрып қояды, қалтасында бірдеңе бар сияқты болды да, қалтасына қол салды, — тесіктен басқа ештеңе жоқ. "Әбден тозығы жеткен, — деді әйелі бетін тыржитып, — тек жұмысқа киюге болар..." "Жалынам", — деді Лужин. "Жарайды, тек қызметші әйел әбден қағып-сілкісін". "Жоқ, ол таза", — деп Лужин ішінен, оны шенеуніктер сияқты кабинетке ме, шкапқа ма іліп қою керек деп шешті. Оны шешкеннен кейін де пиджактың сол жағы ауырлау екенін байқады; бірақ қалталарының бос екені ойына түсіп, ауырлықтың себеп-салдарын зерттемеді. Ал смокинг тіпті тар боп қапты. "Бал", — деді Лужин сөйтті де, көп адамдардың жұптасып айналып билеп жүргендерін көз алдына келтірді.

Сөйтсе, ол бал Берлиндегі ең жақсы қонақ үйлердің біріндегі залда өтеді екен. Киім ілінер жерде қаптаған адам, киім ілушілер қабылдаған заттарын ұйықтап жатқан балалардай көтеріп алып кетіп жатыр. Лужинге металл нөмір берді. Әйелін қарап еді, айна алдында тұр екен. Ол металл нөмірін оның желкесінің шұңқырына тигізді. "Ищ-ай, суық", — деді ол жауырынын қозғап. "Қолтығымнан ұста, қолтығымнан, — деді Лужин. — Біз қолтықтасып кіруіміз керек". Олар дәл солай кірді. Лужиннің көзі жасарып, алабұртып кеткен енесіне бірден түсті. Ол крюшон шарабын үлестіріп жатыр екен, ал мас боп қалған бір ағылшын (нөмірінен енді түскен болу керек), оның үстеліне сүйеніп тұр. Жан-жағынан жарық түсіп жарқылдап тұрған шырша маңындағы үстелде лотерея сыйлықтары үйіліп қалыпты: шыршамен шағылысып тұрған ірі самаурын, сарафан киген қуыршақтар, граммофон, шараптар (Смирновскийдің сыйлығы). Үшіншіге сандвичтер, итальян салаты, уылдырық берілді, — ажарлы аппақ әйел біреуге: "Мария Васильевна, Мария Васильевна, неге алып кеттіңіз... Мен өтініп едім ғой..." — деді. "Сәлеметсіз бе?" — деді дәл қапталынан біреу, әйелі оған қолын аққудай иіп жауап берді. Ал әрірек, басқа залда музыка басталып, үстелдер арасындағы кеңістікте адамдар айналып биге кірісіпті: Біреудің арқасы тура Лужинге соғардай болып еді, ол шегініп кетті. Әйелі көрінбейді, оны іздеп бірінші залға қайтып оралды. Сонан кейін ол марка беріп, жәшікке қолын сұқты да, оралған билет алып шықты. Ысылдап-пысылдап, ернін шүршитіп ол орамды ұзақ жазып, бірақ оның ішінен ешқандай цифр таба алмай, бірдеңе жоқ па екен деп сыртына да қарады, — түк жоқ. Ақырында ол "Мурлыканың мысығы" деген балалар кітабын ұтып алды, бірақ оны енді не істеу керек екенін білмей, оны билеп жүрген жұпты күткен іші толы екі бокал тұрған үстелге қоя салды. Ол кенет тарлық пен қозғалыстан, жаңғырықтан, музыкадан қолайсыздық сезініп, өзін қоярға жер таппады, неге бұл билемейді деп жұрттың бәрі оған қарап тұрған сияқты. Әйелі оны би арасында басқа залдан іздеп жүр, әр адым сайын таныстар кездесіп ол амалсыз аялдайды. Балда адамдар ығы-жығы, — зорға қолға түсірген шетелдік елші, атақты орыс әншісі, екі кинематограф актрисасы. Оған олар отыратын үстелді көрсетті: әйелдер жымыңдап, ал олардың еркектері, — режиссер-көпестік образдағы үш еркек, — саусақтарын шыртылдатып боп-боз боп тершіп кеткен даяшыны ұмытшақтығы мен сылбырлығы үшін ұрсып жатыр. Ол еркектердің бірі оған тіпті жеккөрінішті болып көрінді: аппақ тісті, ашық қой көзді, орыс сөздерінің арасына әбден жауыр болған неміс сөздерін қосып дауыстап әлдене айтып отыр. Кенет, аяқ астынан оны көңілсіздік басты: жұрттың бәрі мына отырған кинематографиялық артистерге, әрине, елшіге қарайды да, бейне бір ешқандай есітіп білмеген, бұл балға есімі миллиондаған газеттерге шыққан, партиялары мәңгі өлмейтін,шахмат ғұламасының қатысып отырғанын елеп-ескергісі келер емес. "Сізбен билеген қандай жақсы. Паркет те әдемі екен. Кешіріңіз. Өте тар. Мынау — француз елшілігінен. Сізбен билеген қандай жақсы". Осымен әңгіме бітеді, онымен көп жұрт билегенді жақсы көреді де, бірақ одан әрі әңгіме жалғастыра алмайды. Ажарлы, бірақ іш пыстырар әйел. Жолы болмай қалған музыкантқа, немесе сол сияқты біреуге тұрмысқа шыққан. "Қалай дедіңіз, бұрынғы социалист? Ойыншы? Сіз ол үйде болып тұрасыз ба, Олег Сергеевич?"

Бұл кезде Лужин басқыш маңындағы терең креслоға жайғасып aп, колонналар арасынан, он үшінші папиросын тартып отырып, жұртқа қарауда еді. Қапталындағы креслоға, бос па, бос емес пе деп сұрап aп, жіңішке мұртты бір мырза келіп отырды. Қасынан адамдар толассыз өтіп жатты да, Лужинді үрей билей бастады. Қай жаққа қарасаң да, қадала қалатын көз, бірақ әлденеге қарап үйренген жанар ақырында көршісінің мұртына тесірейді де қалды, ол мырзаның да осы бір шулы, қайнап жатқан дүниеден көңілі кұлазып кеткен болу керек. Лужиннің оған қарап отырғанын байқаған мырза, оған жүзін бұрды. "Мен көптен бері балда болған жоқ едім", — деді ол өзіне тарта сөйлеп, басын шайқады. "Ең бастысы қарамау керек", — деді Лужин. "Мен алыстан келдім — деді мырза. — Мені мұнда бір танысым қоймастан әкелді. Шынын айтқанда мен әбден шаршадым". "Шаршау мен ауыртпалық, — деп басын изеді Лужин. — Олардың не екені белгісіз. Менің концепциямнан тыс ұғымдар". "Әсіресе, мен сияқты Бразилия плантациясында жұмыс істеген адамға", —деді мырза. "Плантацияда", — жаңғырық құсап қайталады Лужин. "Бұл жерде бір түрлі өмір сүреді екен, — деді мырза. — Дүниенің төрт қақпасы түгел ашық, ал мұнда паркеттің алақандай жерінде сығылысып чарльстон билейді. "Мен де кетем, — деді Лужин. — Мен проспектілер таптым". "Менің аяғым не тілеп тұр, — деді мырза, — жолаушының желі — оң жағынан тұрады. Қандай керемет елдер... Мен Рио—Негро маңындағы орманнан неміс ботанигін кездестіріп, Мадагаскарда француз инженерінің әйелімен бірге тұрдым". "Табу керек болды, — деді Лужин. — Проспектілер дегеніміз — өте қажет нәрселер екен. Бәрін толық айтады".

"Лужин, сен мұнда екенсің ғой", — деген әйелінің даусы шықты; ол әкесін қолтығынан алып қасынан өтіп барады екен. "Үстелімізді тауып аламыз да, қайтып ораламыз", — деп айналаны көзімен бір шолып, кетіп қалды. "Сіздің аты-жөніңіз Лужин бе?" — деді қызыға сұрап мырза. "Иә, иә, — деді Лужин, — бірақ оның енді қажеті жоқ". "Мен бір Лужинді білетін едім, — деді мырза баяу ғана, көзін сығырайтып (жады нашар болу керек). — Біреуін білген. Сіз Балашевск училищесінде оқыған жоксыз ба?" "Айталық" — деді Лужин әлденеден күдіктене әлгі мырзаның жүзіне қадала қарап. "Онда біз сыныптаспыз! — деп айқайлап жіберді ол. — Менің аты-жөнім Петрищев. Мені білесіз бе? Әрине, әрине, білесіз. Міне, қызық. Жүзіңізден мен сізді ешуақытта танымас едім. Жоқ, сізді емес, — сені. Солай, Лужин. Сенің аты-жөнің кім еді. Білетін сияқтымын. Антон... Антон... әрі қарай қалай еді?" "Қателік, қателік" — деді Лужин селк ете түсіп. "Иә, менің жадым нашар, — деді Петрищев. — Мен көп есімдерді ұмытып қалдым. Мәселен, есіңде ме, — бізде бір үндемейтін бала болды ғой. Сонан кейін ол Врангельде жүріп эвакуацияның алдындағы соғыста қолынан айырылды ғой. Мен оны Париждегі шіркеуде көрдім. Есімі қалай еді?" "Оның не керегі бар, — деді Лужин. — Ол туралы соншама көп сөз айтудың қажеті не?" "Жоқ, еске түсіре алар емеспін, — деп күрсінді Петрищев, қолын маңдайынан алып. — Тағы да, мәселен, бізде Громов деген болды ғой: ол да қазір Парижде; жақсы орналасқан сияқты. Бірақ қалғандары қайда? Қайда? Тарыдай шашылып, бу болып ұшып кетті. Ол туралы ойлаудың өзі бір түрлі. Ал сіз қалайсыз, қалайсыз, Лужин?" "Жаман емес", — деп Лужин ұмсына емінген Петрищев жүзінен көзін алып қашып, есіне оның кіп-кішкентай, қып-қызыл боп ыржалақтап күле беретіні түсті. "Тамаша уақыт еді ғой, — деп айқайлап жіберді Петрищев. — Валентин Иванович есіңізде ме? Есіңде ме Лужин? Әлем картасын ұстап сыныпқа қалай ұшып кіретіні? Ал анау бір қарт — аты-жөнін тағы ұмыттым, — есіңізде ме, ол қалш-қалш етіп: "Бас емес — бос шелек... Алтындасаң да түк шықпайды!" дейтін еді ғой. Тамаша уақыт. Басқыштардан сырғығанда ауладан бір-ақ шығатын едік қой, есіңізде ме? Кешкі сауыққа барғанда ғана Арбузовтың роялда ойнайтынын білдік емес пе? Есіңізде ме, оның тәжірибелері ешқандай нәтиже бермейтін еді ғой. "Тәжірибеге" қандай ұйқастар табатын едік" "...ешқандай мән бермеу керек" — деді Лужин өзіне-өзі. "Бәрі де тарап, тарқап кетті, — деді Петрищев жалғастырып. — Біз, міне, балда жүрміз... Айтпақшы, менің есіме түсіп отыр... Сен мектептен кеткен кезде бірдеңемен айналысатын сияқты ең ғой. Ол не еді? Иә, шахмат екен ғой!" "Жоқ, жоқ, — деді Лужин — Құдай сақтасын, о не дегеніңіз..." "Кешіріңіз, — деді Петрищев көне кетіп. — Яғни, мен шатастырып отырмын. Иә, иә... Бал әбден қызып алды. Ал біз болсақ өткенді еске ап отырмыз. Сіз білесіз бе, мен бүкіл әлемді аралап шықтым... Кубаның әйелдерін айтсайшы! Одан басқа, мәселен, джунглиде бірде..."

"Ол өтірік айтып отыр, — деді бір самарқау дауыс арт жақтан. — Ол ешуақытта да джунглиде болған емес".

"Сен бәрін бүлдірдің ғой", — деді Петрищев бұрылып. "Сіз оған сеніп қалмаңыз, — деді әлгі самарқау дауыстың иесі жалтыр бас созалаңдаған мырза. — Оның Ресейден Парижге келгеніне үш-ақ күн болды, сыртқа шыққаны осы"."Лужин, сені таныстыруға рұқсат ет", — деді күліп Петрищев; бірақ Лужин мойнын ішіне тығып шапшаң жүріп кетті, шапшаң жүргенінен тұла бойы селкілдеп, ірк-ірк етеді.

"Қашып барады, — деді таңырқаған Петрищев, содан кейін ойланыңқырап: — Мен оны басқа біреумен шатастырдым" — деді.

Лужин адамдармен соқтығыса-моқтығыса, жыларман дауыспен "пардон, пардон" деп олардың бетіне қарамауға тырысып әйелін іздеді, ақырында оны көріп, ту сыртынан кеп шынтағынан ұстай алған кезде, ол селк ете қап жалт қарады; Лужин ә дегенде не айтарын білмей тығылып қалды. "Не боп қалды?" — деді ол үрейлене. "Кеттік, кеттік", — деп былдырлады ол, оның шынтағын жібермей. "Сабыр ет, Лужин, олай етуге болмайды, — деді ол, сырт көз естімесін дегендей оны шетке жайлап алып шығып. — Сіздің неге кеткіңіз келді?" "Анда бір адам, — деді Лужин ентіге сөйлеп. — Сондай жағымсыз сөздер". "...Ол адамды бұрын білгенсіз ғой?" — деді ол баяу ғана. "Иә, иә, — деп бас изеді Лужин.  — Кеттік. Өтінем".

Ол Петрищев көрмесін деп, бүкшиіңкіреп, шығар есікке сығылыса ұмтылып қалтасынан нөмірін іздеді, оны тапқанша бірер секундтың өзінде-ақ ебіл-дебілі шықты; киім ілуші оның киімін әкелгенше тағаты таусылып, орнында тұра алмай кетті...

Ол тез киініп сыртқа беттеді де, әйелі тонын жүре киініп оның соңынан іле-шала шықты. Лужин тек автомобильде ғана демін алып, абдырағаны басылып, айыпты жандай жымиған болды. "Сүйікті Лужинге жақпай калды", — деді әйелі оның қолына қарап. "Мектептес жолдас, күдікті субъект", — деп түсіндірді Лужин. "Енді сүйікті, Лужинге жақсы болды ғой", — деп сыбырлап әйелі оның жұп-жұмсақ қолын сүйіп алды. "Бәрі дұрыс болды", — деді Лужин.

Бірақ олай емес еді. Әлдене қалып қойды, — жұмбақ ірінді тікен. Түнемелікке ол бұл кездесудің неге соншалықты ауыр болғанын ойлаумен болды. Әрине, оның әртүрлі жекелей жағымсыз сәттері бар, — Петрищев бір кезде оны азапқа салды, енді жанама болса да әлденедей бір кітаптың жыртылып-айрылғанын есіне алып, сол кітаппен бірге экзотикалық еліктеу-солықтаудың да алдамшы болып шыққанын, енді бұдан былай проспектлерге сенуге болмайтынын ұқты. Әңгіме кездесуде емес, басқада еді, — сол кездесудің құпия мәнінде еді, енді оны шешуге тура келеді. Ол енді түнімен темекі түтініне қарап ойланып отыратын Шерлок құсап ойланып отыратын болды, — бұл комбинацияның алғашқы ойлағанынан гөрі әлдеқайда күрделі екеніне біртіндеп көзі жете бастады, Петрищевпен кездесу әлдененің жалғасы екенін, оны тереңірек қаузап өткенге оралып ауырған кезінен балға дейінгі өмірдің барлық жүрістерін қайта ойнап шығу керек екенін білді.

Құрғақ қар ұшқындарымен жеңіл ғана опаланған сұп-сұр мұз айдынында (,жазда ол әсіресе тенис алаңы болады) жұртшылық бір ырғақпен сырғанап, Лужиндер таңертеңгілік қыдырыс жасап жүрген сол сәтте, конькишілердің свитер киген ең бір өжет біреуі голландық адыммен өте бір шебер сырғанап кеп, сол екпінмен мұзға отыра алды. Одан әрі, шағын скверде, қызыл киімді үш жасар бала қаңғалақтап бағанаға қарай жүріп, көзді арбаған үйілген қарға жетті де бір уыс қарды аузына апарғаны сол еді, арт жағынан келген біреу ұстай алды да жазасын алды. "Сорлы бала-ай", — деді Лужин оған бұрылып. Қармен аппақ боп жатқан көшемен жуан, қара жолақ шұбатылған автобус өтті. Сөйлейтін, ойнайтын аппараттар сататын дүкеннен музыка үні естіледі, музыка тоңып қалмасын дегендей, біреу есікті жауып қойды. Үстіне жабу жабылған, құлағы салпаңдаған тазы тоқтай қап қар иіскей бастады да, Лужин оның арқасынан сипап үлгерді. Көкке қарасаң аппақ өткір әлдене қарып жібергендей болады да көзінің алдында әлденедей ұшқынды нүктелер ойнайды. Лужина тайып кетті де, өзінің сұрғылт бәтіңкесіне айыптай қарады. Орыс гастрономиялық дүкенінің қасында ерлі-зайыпты Алферовтарды кезіктірді. "Қандай суық", — деді Алферов өзінің сарғылт сақалын желбіретіп. "Сүймеңіз, биялай лас", — деген Лужина ылғи бір ажарлы да, сергек қалпынан таймайтын Алфероваға қарап, неге бізге бас сұқпайсыз деп наз айтты. "Сударь, сіз толысып барасыз, — деп күңк ете түсті Алферов мақталы пальтодан тіпті қампайып кеткен Лужиннің қарнына көзінің қиығымен құйтырқылана қарап. Лужин әйеліне жалынған кейіппен көз салды. "Асыға күтеміз", — деді ол. "Тоқта, Машенька, сен олардың телефонын білесің бе? — деді Алферов. — Білесің бе? Жақсы. Әзірше, — дейді советше. Шешеңізге сәлем айтыңыз".

"Ол бір бақытсыз сияқты, — деді Лужина күйеуін қолтығынан ап, онымен қатар жүру үшін адымын шапшаңдатып. — Бірақ, Машенька... Жаны қандай... Қатты жүрмеші, сүйікті Лужин, — тайғақ!"

Қар толастады, аспанның бір тұсы бозарып ашылғандай болды да, жалпақ солғын күн көрінді. "Біз бүгін оңға қарай жүрейік, — деп ұсыныс жасады Лужин. — Біз ол жермен әлі жүрген жоқпыз". "Апельсиндер", — деді Лужин таяғымен жайманы нұсқап. "Алғыңыз келе ме? — деді әйелі. — Тақтаға бормен жазылғанды қараңыз: қанттай тәтті". "Апельсиндер", — деп тамсана қайталаған Лужин, әйелінің "лимон" дегенде бетің ұзарып, ал "апельсин" дегенде жайыла күлесің дейтіні есіне түсті.Сатушы әйел қағаз қапшықтың аузын жылдам ашып, оған суық, бұжыр қызыл шарларды салды. Лужин жүріп бара жатып апельсинді тазалауда, ал шырыны көзіне шашырайды. Қып-қызыл қып қар үстіне тастауға именіп қабығын қалтасына салады, одан варенье жасауға болады ғой. "Дәмді ме?" — деп сұрады әйелі. Ол соңғы тілігін жұтып ризашылықпен күлімсіреп әйелін қолтығынан алмақ болды да, жан-жағына қарап тоқтай қалды. Ол ойланып тұрды да, мүйіске оралып, көшенің атына қарады. Сонан кейін ол әйелін қуып жетіп шарбақпен қоршалған кәдімгі сұрғылт тасты іргеде тұрған үйді таяғымен нұсқады. "Мұнда менің әкем тұрған, — деді Лужин. — Отыз бес А". "Отыз бес А" — деп қайталады әйелі, жоғарыдағы терезеге қарап басқа не айтарын білмей, көп ұзамай ол терезесінің алдына пиджагының бір сол иығына, бір оң иығына лақтырып тұрған бір жақ қыры мұңлы, бір жақ қыры қуанышты екі жүзді балауыз еркектің бюсті қойылған жазатын қағаз сататын дүкеннің алдында қалшиды да қалды: ақ нымшасының сол жақ қалтасына қаламсап салынған. Лужинге екі жүзді еркек қатты ұнап, оны сатып алғысы да келді. "Құлақ сал, Лужин, — деді әйелі, ол витринаға әбден қарап болғаннан кейін. — Мен сенен сұрайын деп жүр едім, — әкең қайтыс болғаннан кейін, одан бір заттар қалған шығар?" Лужин иығын қиқаң еткізді. "Хрущенко деген болған", — деп күбірледі сәлден кейін. "Түсінбеймін", — деді әйелі. "Парижде жүргенімде жазған, — деді қинала Лужин, — өлімді жерлеу және басқалар, марқұмнан анау-мынау заттар қалды — деп". "Лужин-ай, — деп күрсінді әйелі. — Орыс тілін қалай бүлдіріп сөйлейсің". Ол ойланып тұрды да: "Маған бәрібір ғой, тек ол заттардың болғаны жақсы емес пе, — ең болмаса ескерткіш үшін". Лужин үндеген жоқ. Ешкімге қажеті жоқ ол заттарды көз алдына елестетіп көрді. Қарт Лужиннің жазатын қаламсабы, бір қағаздар, фотографиялар, — әйелі күйеуінің қаттылығына ренжіп мұңайып қалды. "Бірақ бір нәрсені қалай да істеуіміз керек, — деді ол шешімді түрде. — Біз зиратқа барып, күтімсіз қалмады ма екен деп басына баруымыз керек". "Суық, әрі алыс", — деді Лужин "Біз ол істі көп ұзамай атқарамыз, — деп шешті әйелі. — Ауа райы өзгеруі керек. Абайлаңыз — автомобиль".

Ауа райы бұзылып кетті де, Лужин мұңлы алқап пен қорымдағы желді есіне ап, сапарды келесі аптаға дейін тоқтата тұрайық деп өтініш жасады. Аяз қысып кетіп еді. Жолы бір болмай қойған мұз айдыны да жабылды: өткен жылы мұз орнында су жатқан жылымықтан соң жылымық боп, ал биылғы жылы оқушыларға коньки тебуге мүмкіндік бермейтін қақаған суық. Парктегі қар үстінде аяқтары жоғары қарап шашылып жатқан қаптаған кішкене құстар. Сынап барған сайын төмен құлап бара жатты. Зоологиялық бақтағы солтүстік ақ аюлар да суықтықтан бүрсеңдеп қапты.

Лужиндердің пәтерлері орталық жылу жүйесіне жалғанған орайы келген пәтерлердің бірі болғандыктан тон киіп те, көрпе жамылып та отырмайсың. Суықтықтан әбден әбіржіген әке-шешелері осыларға келіп тығылды. Әйтеуір реті келіп аман қалған көне пиджагын киген Лужин жазу үстелінің жанында отырып алдында тұрған ақ кубты қағазға көшіріп салып жатты. Қайын атасы кабинетте әрі-бері жүріп оған ұзақ, бірақ сыпайы анекдоттар айтады, немесе диванда жатып aп күрк-күрк жөтеліп қойып газет оқиды. Енесі мен әйелі шай үстелдің басында отырады, кабинеттен қонақ үй арқылы әйелінің саусақтарын айқастырып дастарқанға қойған жалаңаш қолымен оның жырық құлағын бір қырын көруге болады, кейде ол қолын дастарқан үстінде жатқан бір жылтырақ затқа жайлап созады. Лужин кубты қойып, жаңа таза қағаз ап, қаңылтыр жәшіктегі бояу түймелерді дайындап сол қашықтықты тезірек салғысы кеп сызғыштың көмегімен перспективаны мұқият сызған кезінде, түкпірде әлдене өзгеріп кетті, асхананың жарық ойығы жоғалып, шам сөніп, қонақ үйде жағылды, енді ешқандай да перспектива қалған жоқ. Ол бояуға көп қол соза бермей, қарындашты оңтай көретін. Акварельдің ылғалынан қағаздар ойқыш-ойқыш боп, бояулар бір-бірімен қосылып кетеді; аса өміршең Берлин інжу-маржандарынан көз ала алмай қаласың да — оны қыл қаламның ұшына іліп ап, дайын кеңістіктің ішіне қондырасың, — ал стақандағы су улы көк. Алдындағы топ-толық түтіктерде қытай тушы мен ақ бояу жатады, бірақ олардың бұрандалы тығындары жоғалып қалған, содан түтіктердің ауыздары кеуіп қалады да, оны сыққан кезде құйрық жағы жырылып кетіп, одан бояудың шұбалаңдаған құрты жылжып шығады. Осының бәрі былғанғаныңа тұрмайды, ең бір қарапайым заттардың өзі, — гүл қойылған ваза мен Ривьера проспектісінен көшірілген күн батар шақ — алабажақ кеселді шимай-шатпақ бірдеңе болып шықты. Қарындашпен салу оңтайлы. Енесін салып еді, оған ренжіп қалды; әйелін салып еді, егер мен осындай болсам, несіне үйлендің деді, бірақ қайын атасының биік крахмалды жағасы әдемі шықты. Лужин қарындашты рақаттана ұштап, көзін сығырайтып әлдене өлшеп қояды, бас бармағымен сығымдап ұстаған қарындашты ақ қағаз үстінен ақырын ғана жүргізеді. Өйткені тәжірибе көрсеткендей парақ қатпарланып қалады. Қолын тигізсе суретті былғап алам деп, қағаз бетін жайлап үрлеп қояды. Ол бәрінен бұрын, мектептегі сурет сабағын еске түсіретін, әйелінің айтуымен кубтар, ақ пирамидалар, цилиндрлер, гипс ою-өрнектерінің сынығын салады, — жалғыз оңтайлы сабақ. Ақаусыз нәзіктік, дәлдік, тазалықты дүниеге келтірмек боп жүз өшіріп, жүз сызған жіңішке сызықтардан жаны жай тапқандай болады. Сондай-ақ, қатты баспастан дұрыс қиюласқан штирхтар түсіретін тушьпен жұмыс істеген де оған ұнайтын.

"Дайын болды", — деді ол парақты өзінен алыс ұстап, салынып болған кубқа кірпігінің арасынан қарап. Қайын атасы пенснесін киіп, басын изеп ұзақ қарап тұрды. Қонақ бөлмесінен енесі мен әйелі кеп олар да қарады. "Одан жұп-жұқа көлеңке де түсіп тұр, — деді әйелі. — Өте, өте әдемі куб". "Тамаша, футурист деуге болады" — деді енесі. Лужин бір езуімен жымия түсіп, суретті алып, кабинеттің қабырғаларын көзімен шолып шықты. Есіктің жанында оның бір шығармасы ілулі тұр еді: тұңғиық үстіне салынған көтергіш пойыз. Қонақ бөлмеде де біреуі тұр: телефон кітабының үстіндегі бас сүйек. Асханада жұрттың бәрі, неге екені белгісіз, қызанақ деп ойлайтын дөп-дөңгелек апельсиндер ілінген. Ал жатын бөлмені көмірмен салынған барельеф және конус пен пирамиданың оңаша бейнесі безендірген. Ол кабинеттен шығып қабырғаларды кезіп кетті де, әйелі күрсініп: "Мұны сүйікті Лужин қай жерге ілер екен" деді.

"Маған айтудың керегі жоқ деп ойлайсыңдар ғой", — деді шешесі, үстел үстінде үйіліп жатқан алашұбар проспектілерді иегімен нұсқап. "Мен өзім де әлі білмеймін, — деді Лужина. — Тоқтамға келу қиын-ақ екен, барлық жер әдемі. Менің ойымша, Ниццаға баратын шығармыз". "Итальян көлдеріне барыңдар деп кеңес берер ем", — деді әкесі газетін тастап, пенснесін шешті де, ол көлдердің сұлулығын әңгімелей бастады. "Саяхат туралы әңгімелер оны жалықтырды ғой деп қорқам, — деді Лужина. — Реті келген бір күні пойызға отырамыз да жүріп кететін сияқтымыз". "Сәуірден ерте кетпеңдер, — деді шешесі жалынғандай боп. — Сен маған уәде беріп едің ғой..."

Лужин кабинетіне оралды. "Менің бір қорабым бар еді" — деді ол жазу үстеліне қарап қалталарын сыртынан қағып тұрып (ол тағы да, үшінші, немесе төртінші рет сол қалтасында бірдеңе бар екенін сезді, — бірақ, қорап емес, — білуге уақыт жоқ). Жапсыратын кнопкалар үстелден табылды. Лужин оларды алып, тез шығып кетті.

"Иә, мен тіпті ұмытып кетіппін ғой. Кеше таңертең..." Ресейден аяқ астынан келе қалған бір әйелдің телефон соққанын қызыға айта бастады. Ол әйел кезінде Петерборда оларға жиі келіп тұратын. Бұдан бірнеше жыл бұрын ол советтік купецке ме, әлде шенеунігіне ме, — оншасын жөнді білмедім, — тұрмысқа шығыпты да, күйеуі жөндеп демалып алмақ боп курортқа барғанда, Берлинде екі аптаға кідірген ғой. "Оның бізде болуы ыңғайсыз-ақ, бірақ өзі бір жабысса қалмайды екен. Оның қорықпай маған телефон соққанын айтсайшы. Оның менімен байланысқанын совдепінде білсе..." "Ой, мама, ол өзі бір сондай бақытсыз әйел болуы мүмкін, — уақытша болса да бостандыққа шығып, біреуді көргісі келетін шығар". "Онда мен оны саған берем, — деді шешесі жеңілденіп, — үйің де жып-жылы"

Бірнеше күннен кейін, түс кезінде, қонақ та келді. Лужин түнімен ұйықтай алмай, әлі төсекте жатқан еді. Қорқынышты түстен екі рет айқайлап оянып кетті, қазір Лужин қонақтың алдынан шығардай емес еді. Қонақ әйел қысқа шашты, жеңіл опаланған, ашаң, сергек әйел боп шықты, Лужина сияқты қымбат қарапайымдылықпен киінеді екен. Бір-біріне сөз бермей, бір-біріне әлденелерді дәлелдеп, қалай өзгермегенсің, қайта әдеміленіп кетіпсің деп бір-бірін әспеттеп олар қонақ бөлмеден гөрі жайлырақ кабинетке озды. Қонақ әйел Лужина он-он екі жыл бұрын қолды-аяққа тұрмайтын нәп-нәзік кішкентай қыз еді, енді, міне, толысып, бозара түсіп, сабырлы әйелге айналыпты десе, өз кезегінде Лужина да қонақ әйел бір кездегі қарапайым, көп сөйлемейтін, кейіннен атылып кеткен студентке ғашық болған бойжеткеннен, енді өзіне-өзі сенімді, ажарлы әйелге айналыпсыз деп жатыр. "Сендердің Берлиндерің енді. Суықтан тірідей қатып қала жаздадым. Бізде Ленинградта, әлдеқайда жылы, әлдеқайда". "Петербор қалай? Көп өзгеріп кеткен шығар", — деп сұрады Лужина. "Әрине, өзгерді", — деп сергек жауап берді қонақ әйел. "Ауыр азапты өмір", — деп ойлана тіл қатты Лужина. "Бос сөз! Ондай ештеңе де жоқ. Жұмыс та бар, құрылыс та салынып жатыр. Тіпті балам — менің балам бар екенін білмейсіңдер ме? — Сондай бір керемет балпиған бала, — Митьканың өзі, біздің Ленинградта жұмыс істеп жатыр, ал Берлинде бульзулдар ештеңе істемейді екен, — дейді. Жалпы ол Берлиндегілердің бәрі бір түрлі екен деп, ештеңеге қарағысы келмейді. Ол сондай байқағыш, аңлағыш... Не дегенде де, бала шынын айтады. Еуропаны басып озғанымызды менің өзім де сезінем. Біздің театрды алыңыз. Сіздердің Еуропаңызда театр жоқ қой. Мен ешқандай да коммунистерді мақтап отырғам жоқ. Бірақ бір нәрсені мойындау керек: олар алға қарайды, олар құрылыс тұрғызып жатыр. Толассыз құрылыс". "Мен саясаттан ештеңе түсінбеймін, — деді жалынышты үнмен Лужина. — Бірақ менің ойымша..." "Менің айтарым, кеңірек ойлау керек, — деп аптыға сөйледі қонақ әйел. — Мен, мәселен, келген бойда эмигранттардың газетін сатып алдым. Күйеуім әзілдеп, — жаным-ау, мұндай қоқысқа ақшаны неге босқа жұмсайсың, дейді, — әрине, ол тым доғалдау сөз айтқан шығар, ал мен болсам, біржақты кетпей бәрін салмақтап, бәрін таразылап барып айту керек дер едім. Енді елестетіп көріңіз, — газетті ашып, оқып көрсем, сондай жала, сондай өтірік, бәрі біркелкі". "Мен орыс газеттерін сирек кездестірем, — деді айыпты жандай Лужина. — Орыс газеттерін мамам алады, Сербилдан келеді ғой деймін..." "Айналып кеп соға береді, — деп жалғастырды қонақ әйел. — Бір нәрсені құптамайды, тек балағаттау". "Жарайды, басқа нәрсе айтайық, — деді абдырап Лужина. — Мен өз ойымды жеткізе алмаймын, Сөйлесем-ақ, көп нәрсені қожыратып алам, бірақ білетінім, сіз қателесесіз. Егер сіз бұл туралы менің әке-шешеммен сөйлесіп көрсеңіз..." (Лужина осылай деп отырып, шешесінің көзі ұясынан шығардай боп, тоты құстай созылып сөйлейтіні есіне түсті). "Сіз әлі кішкентайсыз, - деп мысқылдай күлді қонақ әйел — Одан да сіз не істейсіз, күйеуіңіз немен айналысады, ол кім". "Ол шахмат ойнаған, — деп жауап берді Лужина. — Тамаша ойнаған. Бірақ ол одан әбден діңкелеп, жүйкесіне салмақ түсіріп алды, оған шахмат туралы ештеңе айтпау керек". "Иә, иә, мен оның шахматшы екенін білем, — деді қонақ әйел — Бірақ ол қандай? Реакционер ме? Ақ гвардияшы ма?" "Шынын айтсам, білмеймін", — деп күлді Лужина. "Мен ол туралы бірдеңелер естігем, — деп жалғастырды қонақ әйел Сіздің атап сізді Лужинге тұрмысқа шықты деген кезде сол ма, сол емес пе деп екі ұшты ойға қалғам. Менің Ленинградта жақсы бір танысым бар, сол айтқан, — айрықша мақтанышпен, — өзінің кішкентай жиенін шахматқа қалай үйреткенін, сонан кейін оның керемет..."

Әңгіме дәл осы жерге келген кезде іргедегі қонақ бөлмеде, біреу құлап қалғандай шыңғырған дыбыс шығып, у-шу боп кетті. "Бір минөтке", — деп Лужина диваннан атып тұрып, қонақ бөлменің есігін ашпақ болды да, ойланып, ол жаққа ауыз бөлме арқылы кетті. Ол онда мүлде өзгеріп кеткен Лужинді көрді. Үстіне халат, аяғына түнгі туфли, қолында бір үзім бөлке нан, — әрине, әңгіме мұнда емес, — әңгіме бет-аузын әлемтапырақ етіп жіберген қалш-қалш еткен түр-тұрпатында еді, көзі от шашып аларып, маңдайы ісініп, тамырлары адырайып кеткен, әйелін көрсе де оған алғашқыда онша ден қоя қоймады, бүкіл көңілі кабинет жақта, келесі сәтте-ақ оның осылай тұрғаны қуаныштан екені аңғарылды. Ол таңдайын тақ еткізіп әйеліне шаттана карады, сонан кейін ауыр айнала жөнелді де пальманы құлатып ала жаздады, түсіп қалған бір туфлиі, жан бітіп кеткендей, какао қайнап жатқан асханаға қарай сырғанап бара жатты, ал ол оның соңынан кетті. "Дұрыспын, дұрыспын", — деді Лужин қуланып, құпия бір қазынаның үсітінен түсіп қуанышын жасыра алмаған жандай, санын шапаттап, көзін жұмып басын шайқап қояды. "Бұл әйел Ресейден, — деді әйелі нықтап. — Ол сіздің нағашы әпкеңізді біледі екен". "Өте жақсы, өте жақсы" — деп Лужин, кенет ішек-сілесі қата күлді. "Мен, не қорқып тұрмын ба? — деп ойланып қалды әйелі. Көңілді, жақсы көңіл-күймен оянған ғой, бәлкім..."

"Немене, қалжыңдасқың кеп тұр ма, Лужин?" "Иә, иә, — деді Лужин, сонан кейін бұған айла тапқандай: — халат киген қалпымда танысқым келіп еді", — деді. "Көңілденіп қалдым ғой, бұл енді жақсы, — деді ол күлімсіреп. Тамақтанып алыңыз да, киініңіз. Бүгін жылы сияқты. Лужина асханаға күйеуін қалдырып, кабинетке тез қайтып оралды. Қонақ диванда отырып aп жолкөрсеткіш кітапша беттерінен Швейцарияны көріп отыр екен. "Тыңдаңызшы, — деді Лужинаны көріп. Сіз маған қол ұшын беріңіз. Бірдеңелер сатып алмақ боп ем, жақсы дүкендерді білмейді екем. Оның үстіне немісшеге де шорқақпын".

Лужин анда-санда санын шапаттап қойып әлі асханада отыр. Иә, оның қуанатынындай бар еді. Бал өткелі бері азапқа түсіп шеше алмай келе жатқан комбинация құпиясы, басқа бөлмеден естілген кездейсоқ бір сөйлемнің арқасында ашыла қалғаны. Алғашқы сәттерде ол бұған шахмат ойыншысы ретінде қуанды да, оның тұла бойын мақтаныш, жеңілдік, физиологиялық әсер жайлап алды. Өзінің айрықша жаңалығының мәнін ұғу алдында ол көп ұсақ қимылдар жасады, — какао ішті, қырынды, көйлегінің түймелерін ілді. Кенет қуанышын қолмен сылып алғандай болды да, оның орнын лайлы, ауыр үрей басты. Бетпе-бет отырып тақтада ойналатын ойында болатын тапсырмалық комбинацияның қайталанатындай, оның қазіргі өмірі де оған белгілі схемамен қайталанып, жатқан секілді. Алғашқы қуанышы басылған бойда қайталау фактісін сезді де, өзінің жаңалығын мұқият тексеруге кірісті. Лужин шошып кетті. Еміс-еміс қызыға, еміс-еміс үрейлене жүріп ұққаны осы уақыт ішінде жүрістен кейінгі жүріс сайын, сондай қорқынышты, сондай сұрқиялықпен оның балалық шағы қайталанып жатқанына көз жеткізді (усадьба да, қала да, мектеп те, Петербордағы әпкесі де), бірақ бұл комбинациялық қайталаулардың бәрі жан-жүрегі үшін неге соншалықты азапты екенін ұға алар емес. Ол оның біреуін анық біледі: қазір ғана, кейбір ұсақ-түйек нәрселерді есіне түсіре отырып, айлалы ол жүрістердің үйлесімін ұзақ уақыт бойы байқамағанына өкінді. Лужин дер кезінде білмегеніне, о баста тізгінді өз қолына алмағанына, ол комбинацияның дами беруіне мүмкіндік жасағанына өзін-өзі сөгіп отыр. Енді, бұдан былай солай бола қалған жағдайда, әр жүрісті аңдып, абай болу керек деп шешті, — әрине, өзінің жаңалығын тас құлыпта ұстап, көңілді, тіпті аса көңілді қалыпта жүру керек. Бірақ оның сол күннен бастап тынышы кетті, — ол үшін сол бір сұрқия комбинацияға қарсы комбинация ойлап тауып, одан ада болу керек, ал ол үшін оның ақырғы мақсатын, оның сұмпайы ниетін танып-біле алмады, бірақ ол әзірше мүмкін де емес еді. Ол комбинациялық қайталау әлі де жалғасуы мүмкін екенін ойлау ол үшін қорқынышты болғаны сонша, өмірінің сағатын біржола тоқтатып, ойынды үзіп тастағысы келді, солай бола тұра ол әлденені дайындап, әлденені жылжытып, әлденені дамытып өмір сүріп жатқанын, ол әрекеттерді тоқтату мұның еркінен тыс екенін байқады.

Бұл күндері оның қасында көбірек болған болса, онда әйелі Лужиннің бойындағы өзгерістерді, тұнжырап отырып оның жоқ жерден көңілдене қалатынын білген болар еді. Бірақ ол бұл күндері Ресейден келген қонақ әйелдің өтінішімен болып кетті, — оған сағаттар бойы дүкендер аралатты, қалпақтар, көйлектер, туфлилер өлшейді, ұзақ уақыт солардың үйінде отырады. Ол бұрынғысынша Еуропада театр жоқ деп, ренжіп ешқандай именбей "Ленинград" деп сөйлейді, Лужина неге екені белгісіз, оны аяп, дәмханаларға алып барады, бөгде адамдардың көзінше сөйлемейтін оның торсиған баласына ойыншықтар сыйлайды, солай бола тұра шешесі, қайта-қайта, баласына бұл жердің ештеңесі ұнамайды, ол тезірек өзінің пионерлеріне оралғысы келеді деп соғады. Ол Лужиндердің әке-шешесімен кездесті, бірақ олар өздерінің бұрынғы ортақ таныстарын еске алғандары болмаса, саяхат туралы әңгіме қозғаған жок, ал Лужин үн-түнсіз, аса ынта-ықыласпен Митькаға шокалад соңынан шоколад береді де, ал Митька оларды бірінен соң бірін қылғытып, ақырында қызарып кеткен оны бөлмеден алып кетті. Ауа райының да қабағы жібіді, Лужина күйеуіне екі рет, мынау бақытсыз әйел өзінің бақытсыз баласымен жол жүріп кеткен күннің ертеңінде, кейінге қалдырмай, зиратқа барамыз деді, Лужин зорланып болса да күліп, басын изеді. Бала кезінде жасаған жүрістерді қайталанбайтын комбинацияға кіреді деп ойлаған ол жазу машинасын да, географияны да жиыстырып қойды. Әумесер күндер: Лужина күйеуінің көңіл-күйіне кейінгі кезде зер сала қоймағандықтан, әлденені қолдан шығарып алғанын сезді, бірақ сонда да ол қонақ әйелдің мыжың сөзін тыңдауын, сатушыларға деген талабын жалғастыра берді, әсіресе, ол әйелдің бір күн киген туфлиі ертесіне, неге екені белгісіз, ұнамай қап, оны ауыстырып алуға дүкендерге барған кездегі оның фирма атына айтылатын ұрыс-керіс пен шәлкес сөздерін неміс тіліне жұмсартып аударуға біраз шеберлік керек еді. Жүрер алдындағы кеште Митька екеуі қоштасуға келді. Ол Митьканы кабинетте қалдырып, өзі Лужинамен жатын бөлмеге кетті, ол өзінің киім-кешегін оған жүз рет көрсеткен шығар. Митька диванда отырып aп екі қолын қоярға жер таппай тізесін қасиды, ал Лужин болса бұл денесі іркілдеген баланы немен алдарқатсам екен деп абыржып отыр. "Телефон", — деді Лужин. Сыбырлай сөйледі де, аппаратты саусағымен нұсқап, қарқылдап күліп жіберді. Бірақ Митька Лужин нұсқаған жаққа тұнжырай қарады да, көзін аударып әкетті, астыңғы ерні салбырап кетіпті. "Пойыз бен тұңғиық", — деді Лужин, қабырғадағы өзі салған суретті басқа қолымен көрсетіп. Митьканың сол жақ танауына маңқа толып кетті де, оны қорқ еткізіп тартып, мелшиіп отыра берді. "Тәңір тәлкегінің авторы", — деп бұрқ ете түсті Лужин Дантенің бюстін нұсқап. Үнсіздік, тек мұрны бырқырайды. Лужин өзінің гимнастикалық қимылдарынан жалығып, ол да үндемей қалды. Асханада кәмпит бар ма екен, жоқ әлде қонақ бөлмедегі граммофонды қоссам ба екен деп ойлап отырды, бірақ диванда отырған бала оны арбап тастағандай, бөлмеден шығудың амалын таба алмады. "Ойыншық болса ғой", — деді ол өзіне-өзі, сөйтті де үстел үстіне қарады, сонан кейін қалтасына қол салды. Міне, қаншама рет, тағы да, сол жақ қалтасы, бос бола тұра, көзге көрінбейтін әлденені жасырып тұр. Лужин осы бір феномен Митьканың көңілін аулауға септігін тигізер деп ойлады. Ол оның қатарына диванға отырып, қулана көзін қысып қойды. "Фокус, — деді ол, қалтасының бос екенін көрсетіп. — Мынау тесіктің фокусқа ешқандай қатысы жоқ", — деп түсіндірді. Митька оның қимылдарына салғырт қана қарап отыр. "Солай бола тұра мұнда бірдеңе бар", — деп Лужин көтеріле сөйлеп, тағы да көзін қысып қойды. "Астарының астында ма", — елігіңкіреп сөйлеген Лужин, тағы көзін қысты. "Астарының астында", — деп Митька, иығын қиқаң еткізіп бұрылып кетті. "Дұрыс!" — өзінің қуанып кеткенін көрсетпек боп Лужин айқайлап жіберді де, бір қолымен пиджагының етегін ұстап, бір қолын тесікке сұға бастады. Алдымен әлдененің қызыл мүйісі, сонан тұтас көрінді, — қараса былғары жазу кітапшасы сияқты. Лужин қабағын көтеріп, қолымен олай-бұлай бұлғап оған қарап отырды да, бүйіріндегі тетікті алып, ақырын оны аша бастады. Кітапша емес, жиналмалы шахмат тақтасы боп шықты. Оны Париж клубында сыйға тартқаны Лужиннің есіне бірден түсті, — сол турнирге қатысқандардың бәріне осындай берген, — бір фирманың жарнамасы ретінде ме, немесе клубтың атынан ескерткіш ретінде ме. Тақтаның қапталындағы ойықтарға шахмат фигуралары орналасқан. Өте бір әдемі, мұқият жасалынған, — оймақ-ойықтары бар, көлденеңінен алтынды әріптер, тігінен алтынды цифрлары бар кішкентай ақ-қызыл тақта. Таңданғанынан аузын ашып қалған Лужин, алдымен екінші қатардағы пешкілерге тырнағын тығып, сонан кейін қайта ойланып, аса сақтықпен саусақтарының ұшымен тақтаны Туратимен болған партияның үзілгенге дейінгі жағдайға келтірді. Оны ол жағдайға келтіру лезде-ақ іске асты: оның алақанындағы ашық жатқан кішкентай тақта сондай жеп-жеңіл екен, бір сәтке өте күрделі, өте тартысты шахмат жағдайындағы тартыстан басқаның бәрі көрінбей қалды. Лужин саусағымен самайын ұстап ойға батып кеткені сонша, іші пысқан Митьканың диваннан сырғып түсіп, шам тұрған қара діңгекті тербете бастағанын сезбей қалды. Кенет ол ауытқып кетті де, шам сөніп қалды. Лужин тұттай қараңғыда есін жиды, алғашқыда ол өзінің қайда екенін, айналада не боп жатқанын түсінбей қалды. Көзге көрінбейтін бір тіршілік иесі дәл жанында ыс-пыс етті де, кенет алқызыл абажур жарқырап қоя берді, боп-боз боп кеткен тақыр бас бала тізерлеп отыра қап жөндеп жатыр екен. Лужин селк етіп тақтаны сарт жапты. Кішкентай оның сыңары құйтақандай Лужин кілем үстінде тізерлеп жүр... Мұның бәрі бұрын болған... Бетпе-бет ойында таныс тақырыптың қайталануы қалай болатынын ұға алмай ол әрі-сәрі күйге түсті. Келесі сәтте-ақ таразы басы теңесті: Митька мұрнын тартқылап диванға шықты; алқызыл шамның айналасындағы жеңіл мұнар ішіндегі Лужин кабинеті шайқала теңселіп жүзіп бара жатқандай; қызыл кітапша монтиып кілем үстінде жатыр, — бірақ Лужин мұның бәрі алдау екенін, комбинациясының әлі дами қоймағанын, көп ұзамай қатерлі қайталау болатынын біліп отыр. Ол шұғыл еңкейіп, оның қиял дүниесін соншалық тез жаулап, тез арбап алған ол затты көтеріп алды да қалтасына салып, оны сенімдірек қай жерге тықсам екен деп ойлағанша, әйелі мен қонақ, бейне бір, папирос түтінінің арасымен келе жатқандай бөлмеге кіріп, оған тура беттепті. "Митька, тұр, кеттік. Иә, иә, біз әлі заттарды реттеуіміз керек", деп әйел Лужинге келіп, қоштаса бастады. "Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, — деді ол, солай де тұра бұрын әлденеше ойша айтылған сөзді есіне түсірді: "Болбыраған түріңе болайын!" — өте қуаныштымын. Нағашы әпкеңізге бүгінде үлкен, белгілі шахматшы боп кеткен кішкентай шахматшыны көрдім..." "Сіз қайтар жолыңызда қалайда бізге соғыңыз" — деп Лужина оның сөзін аптыға үзіп, оның жымиған сорғыш сияқты қып-қызыл ерні мен топас көзіне жеккөрінішпен қарады. "Оған сөз бар ма, Митька, тұр енді, қоштас!". Митька бұл бұйрықты енжар орындады да, бәрі ауыз бөлмеге шықты. "Сіздердің Берлиндеріңізде шығып кету деген бір қиямет", — деді ол, айна артынан кілт алып жатқан Лужинге қарап. "Жоқ, бізде лифт бар" — іле жауап берген Лужина, оның тезірек кетуін тілеп, сусар пальтосын алып бер деп, күйеуіне белгі берді. Лужин киім ілгіштен баласының пальтосын алды... бірақ осы сәтте, құдай жарылқап, қызметші әйел келе қалды. "Сау болыңыздар, сау болыңыздар", — деді Лужина оларды қызметші әйел лифтіге мінгізіп жатқанда басын иіп. Лужин әйелінің иығынан асылып, Митьканың лифтіге қалай кіргенін, сонан кейін ағаш есіктің қалай жабылғанын, темір торлы лифтінің төменге батып жоқ болғанын көріп тұрды. Лужина кабинетке жүгіріп барып диванға етпетінен құлады. Ол оның қасына отырды да, әйелі бері қарағанда көріп, көңілі тоғайсын деп, өзінің ішкі дүниесінен әлденелерді тауып ап, оларды қиюластырып желімдеп жымиған күлкі жасауға кірісті. Әйелі бетін бұрды. Күлкісі ойдағыдай шықты. "Ой, — деді Лужина күрсініп, — әйтеуір құтылдық-ау", — деп күйеуін құшақтап, оны сүйе бастады, — оң көзін, алқымын, содан кейін сол құлағын, — Лужин бір кезде осылай рет-ретімен сүйгенді жақсы көрген. "Ал енді серпіл, серпіл, —  деп қайталады ол.  — Ол әйел кетті ғой, жоқ болды ғой". "Жоқ болды" - деді Лужин мойындағандай боп күрсініп, сонан кейін оның мойнын сипалаған қолын сүйіп алды. "Сезімталдығын қарашы, - деп сыбырлады әйелі, — қандай сезімталдық..."

Жататын мезгіл болды да, әйелі шешінуге кетіп, ал Лужин қалта шахматты тығатын жер іздеп, үш бөлмені кезіп жүр. Барлық жер қауіпті. Таңертең шаңсорғыштың ұзын өңеші бар жерді тіміскілеп шығады. Зат тығу қандай қиын, — өз орындарында нық тұрған заттар басқа затты маңдарына жолатқысы жоқ, содан да өзге заттар қуғынға салған панасыз затты ешқандай саңлауға қабылдамайды. Сол күні кеште кітапшаны бір жерге тығуға реті келмеді, сонан кейін оны мүлде алынбайтын жерге жасырып қойғысы келді, бірақ ол да оңай болмай шықты да, сол баяғы астар астында қала берді, тек барлық қауіп-қатер кетіп бірнеше ай өткеннен кейін ғана ол былғары кітапша тағы табылды, бірақ ол кезде оның шыққан тегін тұман басып қалған-ды.

14

Үш апта болған Ресейден келген әйел оңдырмай із қалдырып кеткенін Лужина білді. Ол әйелдің айтқандарында өтірік пен топастық жатыр еді, — оны бірақ қалай дәлелдейсің? Ол соңғы жылдары тұтастай өзінің әке-шешесінің лак жағып, алтын жалатып айтқан сөздерін салғырт қабылдап, бір кезде өзі қатысқан жиындарға ден қоймай қуғын-сүргін ілімімен жөндеп айналыспағанына опынып қалды. Оның басына Лужин да миллиондаған ақылды адамдар сияқты азаматтық құқын іздейтін шығар деген ой келді. Ол бір кездегідей тұнжырап отыратын да қоятын болды, одан әлдене жасыратындай, көзін алып қаша береді. Оның ештеңеге құлқы соқпайды, енді ол өзінің ақылының жетпейтіндігінен Лужиннің әрекетсіз қалған талантына жұмыс, сала, идея тауып бере алмағаны үшін өзін-өзі cөгe бастады. Лужин өмірінің бос өтіп жатқан әр минөті елестер кіріп кететін саңылау екенін білген ол, асығу керек деп шешті. Алыс сұлу елдерге аттанар алдында Лужинді алдарқататын ойын табу керек те, сонан кейін ғана романтикалық миллионерді енжарлықтан емдейтін нақты дәріге, саяхат бальзамына жүгіну керек.

Газеттерден бастады. Ол "Знамя", "Россиянина", "Зарубежный голос", "Объединение", "Книг" газеттерін жаздырып, эмигранттық журналдардың соңғы нөмірлерін, сондай-ақ, салыстыру үшін бірнеше кеңестік журналдар мен газеттерді сатып алды. Түскі тамақтан кейін күн сайын оларды бір-біріне дауыстап оқып беретін боп шешті. Кейбір газеттерде шахмат хабарлары да басылатынын байқап, оларды алғашқыда қайшымен қиып тастағысы келді де, Лужинді ренжітіп алармын деп оларға тиіспеді. Бірер рет қызық ойын қатарында ертеректегі Лужин партиясы да көзге түсіп қалды. Шахматы бар нөмірлерді жасыру мүмкін болмады, өйткені Лужин оларды кейінірек үлкен кітап етіп қоям деп мұқият жинап қоятын. Егер ол газетті ашқан кезде шахмат диаграммасы болса, әйелі оның жүзін аңдып отыратын, ал Лужин соны сезетін де диаграммаларға көз тоқтатпай өте шығатын. Әйелі оның шахмат бөлімі басылатын бейсенбі мен дүйсенбіні тағатсыздана күтіп отыратынын да, жалғыз қалғанда оларды қарайтынын да білмеді. Кезі түскен бойда-ақ ол есепті, фигуралардың орналасуын қағып алатын да, әйелі бас мақаланы оқып отырған кезде оны ойша шығаруға кірісетін. "Қамтамасыз етілуге тиіс барлық қимыл-әрекет түбірлі өзгерістер мен қосымша күшпен.." — әйелі бір ырғақпен оқып отырады. "Орналасуы қызық, — деп ойлады Лужин. — қара ферзі мүлде еркін". "...Өмірлік мүдделер арасына нақты шекара кою керек те, сонымен бірге бұл жазаның Ахиллес өкшесін белгілеу артық болмас еді..." "Аш-жетінің қаупіне қарсы қараның дәл қорғанысы бар" — деп Лужин ойлай берген кезде, әйелі кенет оқуын тоқтатып, жаймен ғана "Түсінбеймін", деген кезде өп-өтірік жымиып күле қойды. "Егер осы бағытын, — деп жалғастырды әйелі, — одан әрі қарастыра берсек..." "Қандай тамаша, — деп ойша айқайлап жіберді Лужин есептің кілтін тауып, — әдемі құрбандық". "... Күйреу алыс емес", — деп аяқтады мақаланы әйелі, аяқтады да күрсінді. Өйткені, ол неғұрлым беріліп оқыған сайын, соғұрлым жалыға түсті, сөздер мен метафоралардың, болжамдар мен қорытындылардың тұманынан, сөзбен айта алмайтын, нақты ақиқат көрінбей қалды. Арғы жақтағы, кеңестік газеттерді қолға алған кезде жалығуының тіпті шегі болмайтын. Олардан бухгалтерлік көрдей суықтық, кеңселік күпірлік шыға келеді де, ол мақалалар, бірде Лужин екеуін бір қағаздың соңынан бір кеңседен екінші кеңсеге қуалаған бір мекеменің қан-сөлсіз пәкене бойлы шенеунігінің бейнесін еске түсірді. Ол шенеунік сәл нәрсеге тырысып, бүрісіп қалатын, диабеттік нан жейтін, бәлкім, аз жалақы алатын, әйелі бар, баласынын үстіне теміреткі шыққан жан болу керек. Олардың қолында жоқ, бірақ оны қалай да алып келу керек ол қағазға бәлкім, әлем қарап қалғандай, космостық мән берді. Егер Лужиндер ол қағазды дер кезінде алмаса, онда мына дүние қараң қалады да, тек кешірім сұрап қана сол бір әлемдік қайғы-қасіретті жеңілдетуге болады. Ол шенеунік қоғамдық орында темекі тартқаны үшін Лужиннің бетінен алып тастады, Лужин шошып кетті, темекі тұқылын қалтасына сала қойды. Терезеден салынып жатқан үйдің құрылысы, жауып тұрған жаңбыр көрінеді, бөлменің мүйісіне қара пиджак ілінген. Олар ештеңе шығара алмастан шығып кетті де, Лужина, бейне бір сұп- сұр соқыр мәңгіліктің өзімен алысып, жеңіліс тапқандай күй кешті. Олар ол қағазды басқа мекемеден оп-оңай ала қойды. Олардың бетін қайтарған сол бір кішкентай шенеунік бұл екеуі ебіл-дебілдері шығып ауасыз бос кеңістікті кезіп кеткен шығар, енді әбден мойынсұнып, ағыл-тегіл боп жылап алдыма қайтып келді деп күтіп отыр-ау деп шошына ойлады. Мәскеу газетін қолына алса-ақ сол шенеуніктің елесті бейнесі көз алдына тұра қалатыны түсініксіз. Әлде, аярлық пен аяушылықтың қасиеті солай ма, бірақ одан ақыл мен ой жеңілер емес, — кенет ол өзі де сезімдердің ресми түзілу формуласын іздеп жүргенін ұқты. Әр түрлі қуғын-сүргін газеттерінде жазылып жүрген тұманды пікірлердің күрделі күресіне ақылы жетер емес, оның әке-шешесі сияқты ойламайтындардың бәрін салғырт тыңдап келген оған, әрқилы пікірлер, күлекеш қыздардың алдында социология туралы әңгіме айтқан ақсақ масқарапаз секілді, оны айран-асыр етті. Сөйтсе, өмірде қамырдан қыл суырғандай пікірлер де, жаулыққа ұласатын келемеж де аз емес екен, — мұның бәрі ақылға ауыр болса да, адам жаны оларды шұғыл ұға қояды: егер азаптағысы келсе, ана жерді де, мына жерді де азаптай алады.

Дауыстап оқу кезегі Лужинге келген кезде ол күлкілі тақырыпты фельетонды немесе сезімге тиетін қысқа әңгімені таңдап алатын. Ол біртүрлі тұтығып, кей сөздерді бұза айтып, бірде нүктелерден өтіп, бірде нүктеге жетпей, даусын ретті-ретсіз бірде көтеріп, бірде бәсеңдетіп оқитын. Оны газетпен алдарқату бос әурешілік екенін ол түсінді. Өйткені жаңа ғана оқып шыққан мақала туралы әңгіме қозғай бастаса-ақ ол бірден бәрімен келісе кететін, оны тексерейін деп эмигранттық газеттердің әрі өтірік айтады дей салып еді, Лужин ол пікірді де мақұлдай қойды.

Газеттер басқа, адамдар басқа: сол адамдардың өзін тыңдаса ғой. Оның пәтеріне әр түрлі ой иелері жиналды дейік — шешесінің сөзімен айтқанда "зиялысымақтар", — олардың жаңа тақырыптар төңірегіндегі айтыс тартыстары мен әңгімелерін тыңдап отырып Лужин мүлде құлпырып кетпесе де, ең болмағанда, уақытша көңілін көтерер еді. Шешесінің таныстарының ішіндегі ең білімдісі, шешесі мысқылдап айтқандай тіпті "солшылы" Олег Сергеевич Смирновский еді, — Лужина оған тек "Знамяны" ғана емес, "Объединение", "Зарубежный голосты" да оқитын қызықты, еркін ойлайтын бірнеше адамдарды біздің үйге алып келіңіз деп өтініш жасап еді, — мен ондай ортада айналысқа түспеймін деп, ондай ортаны балағаттап, сонан кейін өзі айналысқа түсуі тиіс басқа ортада айналысқа түсетінін түсіндірген кезінде Лужинаның басы Ай-парктегі айналмалы шеңберге мінгендей басы айналып бара жатты. Осы бір келеңсіздіктен кейін ол жадының түкпір-түкпірінен кездейсоқ кездескен адамдарды тауып, соларды шақырмақ болды. Ол қолданбалы өнер мектебінде бірге отырған орыс қызын, демократтардың саяси қайраткерінің қызын есіне түсірді; менің көз алдымда бір қарт ақын өлген деп жұрттың бәріне жария етіп жүретін Алферовті де ойына алды; кешқұрым газет таратушы толық әйел бұрышта атын атап айқайлап тұратын орыс газетінің кеңсесінде істейтін қадірсіздеу бір туысы да жадына оралды. Тағы да біреулерді таңдап алды да, олардың көбі әлі Лужин жазушыны ұмытпаған шығар, Лужин шахматшыны білетін болар, сондықтан да олар шын ықыласпен үйге келеді деп ойлады.

Лужиннің ол іске ешқандай қатысы болған жоқ. Ол күрделі, айлалы бір ойынмен басы қатып жүрді, — оның ішіне қалай кіріп кеткенін өзі білмейді. Сол қорғансыз, тұнжыраған қалыпта ол шахматтың қайталаулар белгілерін іздестіріп, оның қайда бұрылып бара жатқанын біле алмай дал болатын. Бірақ кілең кірпік қақпай дайын болу, кілең буынып-түйініп тұру мүмкін емес еді: кейде арқасын кеңге сап газетте жарияланған партияға бүкіл болмысымен беріліп кетеді де, кенет оның өмірінде қатерлі комбинацияның аяусыз жалғасындай тағы бір астарлы жүріс болғанына, оны тағы да байқамай қалғанына кейістік білдіріп әбігерге түседі. Сонан кейін ол өмірінің әр секундын қадағалап, қырағылықты күшейту керек деп шешеді, өйткені кез келген уақытта іштен шалуы мүмкін Оны әлі күнге есті қорғаныс табудың мүмкіндігі тумағаны қатты қабаржытады, өйткені қарсыласының мақсаты әлі жасырын.

Өзінің жасына қарағанда аса толысып, босап, болбырап кеткен ал әйелі тапқан адамдардың арасында жүрді, келесі бір жүріске ишара жасалынған жоқ па, оған қарсы жымысқы бір ой сұмдық (сұрқия күшпен оны күйретіп кетпей ме деп оңашалау бір жерді аңдап, оларға қарап, тыңдап отыратын. Алдыңғы шептен қылаң періп қалатын ондай ишара болғанмен, одан комбинацияның жалпы мәні анықтала қоймады. Оның үстіне оңашалау орын табу да оңай болмайды, — оған әр түрлі сұрақтар қойылатын, ал Лужин ол сұрақтардың қарапайым мәнін ұғып, оған қарапайым жауап табу үшін, оны әлденеше рет қайталайтын. Телескоп сияқты бірімен-бірі жалғасқан үш бөлме де жап-жарық еді, — барлық шам самаладай боп жанып тұратын, — адамдар асханада, қонақ бөлмеде отыруға ыңғайсыз үстелдерде, кабинеттегі диванда отырды, олардың ақ шалбар киген біреуі бояу қорабы мен әлі ашылмаған букет бумаларын ысырып тастап, тіпті, жазу үстеліне жайғаспақ болды. Неге екені белгісіз, жұртшылық түнгі туфли киіп aп қақалып-шашалып, аһілеп-уһілеп, басын жаза алмай былапыт сөз айтатын рөлдерде жақсы ойнайды деп білетін бет-жүзі талай рөлдермен сан құбылған, жұмсақ реңді қарт актер ертеректе Самарада "Махаббат арманында" бірге ойнаған, журналист Барстың қаракөзді әйелімен қатар диванда отыр. "Цилиндрдің әлегі есіңде ме? Абдырап, сасып қалғам жоқ қой", — деді актер. "Шексіз қол соғулар — деді қаракөзді әйел, — маған қандай қол соқты десеңізші, ғұмыры ұмытпаспын. Олар осылай бірінің сөзін бірі бөліп, әрқайсысы тек өзін ғана еске ап отырды да, ал ақ шалбарлы кісі армандап кеткен Лужиннен үшінші рет темекі сұрады. Ол өзінің өлеңдерін басын бұлғақтатып, кеңістікке тесірейе қарап, әуендете шалқытып оқитын жас ақын болатын. Ол басын тым шалқайтып ұстағандықтан жұтқыншағы шодырайып ерсі көрінетін. Бірақ ол папирос ала алмады, өйткені Лужин ойланған қалпы қонақ бөлмеге өтіп кетті, ал ақын оның жуан желкесіне қарап тұрып, бұл ғажап шахматшы, ол әбден демалып, сауығып кеткеннен кейін, оған өзі сондай жақсы көретін шахмат туралы әңгіме соғатын уақытты аңсап тұрды да, есіктің көзінен Лужиннің әйелін көріп қап, оның соңынан жүгірсем бе екен, жүгірмесем бе екен деп екіұшты ойға түсті. Ал Лужина ұзын бойлы, шұбар бет журналист Барстың сөзін тыңдаған боп, бірақ іштей бұл мырзаларды жалғыз шай үстелдің басына жинау қиын-ау, одан да шайды бұдан былай отырған жерлеріне таратып бергенім дұрыс шығар деп тұр. Барс, бейне бір санаулы уақыттың ішінде, кесірткедей жылп ете түсетін, өте бір шым-шытырық ойларды өңдеп, әрлеп үлгеріп айтып шығуды міндеттегендей шапшаң сөйлейтін, егер тыңдаушысы құйма құлақ болса онда ол, осы бір қым-қуыт асығыс сөздердің арасынан керемет жарастық тапқан болар еді, өйткені кейде екпіні дұрыс қойылмаған, газеттік сөздер араласып кете беретін ол әңгімелердің құрылымы мен салмағы айтылған ойдан қайта түлеп шыға келетін. Лужин күйеуін көріп оның қолына мұқият тазаланған апельсині бар тарелкені ұстата салды да, жанынан өте шықты. "Есіңізге салғым келеді, — деді солғын жүзді адам, журналистің ойын тыңдап, әрі бағалап, — Тютчевтің түні салқын, ондағы жұлдыздар тек жарық нүктелер ғана емес, олар дөп-дөңгелек, дымқыл, тамшылап тұрады". Ол басқа ештеңе айтқан жоқ, жалпы ол өзінікі емес, бірақ оған тапсырылған қымбат бір нәрсені шайқап төгіп алмайын деген қоркыныштан аз сөйлейтін. Лужинаға ол өзінің көзге түсе бермейтіндігімен ажарсыздығымен ұнайтын, бейне бір ол, сирек кездесетін қасиетті бір нәрсемен толтырылған ыдыс сияқты еді, ол ондай ыдыстың сыртқы көркін әлеміштеу барып тұрған кісәпірлік болар еді. Онын аты-жөні Петров болатын, ол ешуақта да ештеңемен көзге түскен емес, ештеңе жазған емес, қайыршылық күн кешіп жүруі де мүмкін, бірақ онысын ешкімге айтқан емес. Оның өмірдегі жалғыз-ақ міндеті оған тапсырылған нәрсені соншалықты беріле аялай көтеріп, оны қалайда сол қалпында тұтастай, таза күйінде сақтап өтуі керек, сондықтан да ол ешкіммен соқтығыспай әр адымын аңлап қана басып, тек әңгімелескен адам бойынан туыстық сезінгенде ғана, бір сәтке — өзі көтеріп жүрген аса үлкен құпиядан — кішкене қымбат бір нәрсенің ұшығын, мәселен, Пушкиннің бір жолын, немесе дала гүлінің халық арасындағы атауын шығара қоятын. "Мен оның әкесін еске түсіріп тұрмын, — деді журналист , түрі келмейді, бірақ бүкшиген иығында сәйкестік бар. Сүйкімді, жақсы адам еді, бірақ жазушы ретінде... Не? Сіз сол хикаяттар жасөспірімдер үшін..." "Қане, қане, асханаға, — деді Лужина кабинеттегі үш қонақтан оралып келе жатып. — Шай дайын. Енді, сізден өтінем". Олар келгенше жайғасып қойғандар үстелдің бір басында, ал екінші басында басын салбыратып, апельсин шайнап, шайын араластырып Лужин отыр еді. Мұнда тотықұстың суретін керемет салатын, қалың опаланған әйелімен Алферов, өзін газет қызметкерімін деп мысқылдайтын, бірақ іштей саясаттың ат айдаушысы болғысы келетін жалтырбас жас жігіт, адвокаттардың әйелдері бар. Сондай-ақ үстел басында ұяң, жұмсақ мінезді, ақ сақалды, жүрегі аппақ сүйкімді Василий Васильевич отыр еді. Кезінде ол Сібірге, содан кейін шетелге айдауда болған, қайтып оралғаннан кейін төңкерістің шетін көріп үлгеріп, қайтадан шетелге кеткен. Ол жасырын жұмыстар туралы, Каутск, Женева жайында шын жүрегімен әңгімелер айтатын да, Лужина бойынан халық игілігі үшін онымен істес болған ашық жанарлы ажарлы бойжеткендермен ұқсастық тауып оған зор ілтипатпен қарайтын. Бар қонақтар жиналып, бір үстел басына отырғызылғаннан кейін Лужина бұл жолы да, дәл өткендегідей, үн-түнсіз отырғандарын байқады. Шай тасып жүрген қызметші қыздың дем алғаны естілетіндей тым-тырыс үнсіздік. Лужинаның басына бірер рет, ол қызметші қызға неге сонша қатты дем аласың деп, оспадар ескерту жасасам ба екен деген ой да келді. Осы бір домаланған қыз тіпті де алаңғасар емес, тек телефонмен ғана тіл табыса алмай жүр. Лужина оның дем алғанына құлағын тіге отырып, қызметші қыздың таяудағы бір әрекетін есіне түсірді. "Фа... Фа... Фати мырза телефон сокты. Міне, нөмірін жазып алдым". Лужина сол нөмір бойынша телефон соғып еді, бірақ бір қатқыл дауыс, бұл жер кинематографиялық кеңсе, ешқандай да Фати жоқ деп жауап берді. Не болғанда да, бір қателік болған. Ол неміс қызметші әйелдері туралы әңгіме қозғамақ боп жинала бергенде, жаңа кітап туралы әңгіме өрбіп жүре берді. Ол кітап өте әдемі, астарлы оймен жазылған, әр сөзінен ұйқысыз түндер сезіледі, — деді Барс, "Ол кітап сондай жеңіл оқылады", — деді әйел дауысты Петров Лужинаға еңкейіп оның құлағына Жуковскийден цитата келтірді: "Еңбекпен жазылған, жеңіл оқылады", ал ақын болса, біреудің сөзін бөліп, тұтыға сөйлеп, автор ақымақ деп айқай салды; ал ол кітапты оқымаған Василий Василевич оған жақтымағандай басын шайқады. Олар ауыз үйде бір-бірімен қоштасудың жаттығуын жасады, өйткені олар, бәрі бір бағытта жүретін болса да, көшеде де бір-бірімен қоштасулары керек еді", — қарт актер кенет алақанымен маңдайын ұстай алды. Ұмытып кете жаздаппын, жарқыным, — деді ол, неге екені белгісіз, әр сөз сайын Лужинаның қолын қысып, — жақында менен кинематография королдігінен бір кісі сіздің телефоныңызды сұрап еді". Ол таңғала қарап, оның қолын жіберді. "Сіз білмейсіз бе, мен қазір киноға түсіп жүрмін ғой. Қалайша, қалайша. Үлкен рөлдер, бетім түгел көрінеді". Осы жерге келген кезде оны ақын ығыстырып жіберді де, Лужина актердін кандай адам туралы айтқысы келгенін аңламай қалды.

Қонактар тарқады. "Ревизордың" кейіпкерлері құсап әртүрлі жағдайда қатып қалған тамақтың қалдықтары, бос, немесе жартылай ішілген стақандар тұрған үстел жанында Лужин бір бүйірлеп отыр. Саусақтары дастархан үстінде тарбиып жатыр. Ол жартылай жабық, ісініп кеткен көзінің астымен жаңа ғана қолында сөнген, қарайып бұратылып кеткен шырпыға қарап отыр. Оның жалпақ беті, мұрны мен аузының маңындағы әжімдер көлкіп салбырап кетіпті, шамның жарығынан жарқырап тұрған жағы, мәңгілік қырылып, мәңгілік қайта шығатын жүні бір күн ішінде-ақ қылтанақтанып қалыпты. Қолмен ұстағанда түгі білінетін, бұрын қолпылдаңқырап тұратын қара сұр костюмі енді тарлау. Лужин осылай отырды да қойды, кәмпиттер салынған шыны вазалар шаммен шағылысып тұр; бір қасық барлық ыдыстардан бөлініп дастарханның шетінде бөлек қалыпты, өте дәмді пирогтың шеті үзілмеген қалпында жатыр. "Не болды екен? — деді Лужина күйеуіне қарап. — Не болды екен?" Бейне бір күші жетпейтін істі қолға ап, енді дәрменсіздік, үмітсіздік, жігерсіздік басқан халде тұр. Мына пирог секілді бәрі де босқа рәсуа болды. — Көңілін көтерсін деп қонақтар шақырмай-ақ, осыншалықты тырыспай-ақ қою керек еді. Ол осы бір соқыр, осы бір тұнжыр Лужинді Ривьерамен алып бара жатқанын көз алдына келтіріп көрмек болды, бірақ басқа сурет көлеңдеп тұрып алды: Лужин еденге қадала қарап қонақ үйде отыр. Соншалықты әдепсіздік болса да, тағдырдың құлыбындағы тесікке үңілгендей, еңкейіп қарап еді болашағын көрді — он, жиырма, отыз жыл, — бәрі сол қалпында, ешқандай өзгеріс жоқ, тұнжыраңқы, еңкіш тартқан және үнсіздік, үмітсіздік. Есіреңкі, ессіз ой. Оның жаны қайтадан ашылды да, айналасын таныс бейнелер мен үйреншікті қарбалас қоршап алды: ұйықтау керек, келесі жолы құм түстес пирогтың керегі жоқ, Петров қандай сүйкімді, ертең төлқұжат істері бойынша қаракет жасау керек, зиратқа бару тағы да кейінге қалдырылды. Оп-оңай нәрсе, — таксомоторға отырып aп, қала сыртындағы айналасы бос кеңістік зиратқа бара қояды. Бірақ жолдары бір болмай-ақ қойды, бірде Лужиннің тісі ауырып қалады, бірде төлқұжаттың әбігері шығады, бірде тағы бірдеңе, — ұсақ-түйектер. Әр түрлі шаруалар әлі қанша болады... Лужинді қалай да тіс дәрігеріне алып бару керек. "Тағы да ауырып тұр ма?" — деп сұрады ол алақанымен Лужиннің қолын ұстап. "Иә, иә" — деді ол бетін қисайтып, бір ұртынан әлдеқандай дыбыс шығарып. Өзінің мылжа-мылжа боп үнсіз отыратынынан ақталу үшін, тіс ауруын жақында ғана ойлап тапқан. "Ертең дәрігерге телефон соғам", — деді ол шешімді түрде. "Керегі жоқ, — деді даусын созыңқырап Лужин, — өтінем, керегі жоқ". Еріндері дір-дір етеді. Айналаның бәрі қорқынышты болып кетті де, сол болмаса жылап жіберердей халге түсті. "Ненің керегі жоқ?", — деп сұрады ол жұп-жұмсақ үнмен, жымқырылған ерінмен айтылған сұрақ белгісі жіп-жіңішке боп шықты. Ол басын шайқап, тісін сорпылдатып сорып қойды. "Tic дәрігерінің керегі жоқ па?" "Жоқ", Лужина тіс дәрігеріне барады. Мұны ұшықтырып алмау керек. Лужин орындықтан тұрып, жағын ұстаған бойда, жатын бөлмеге кетті. "Мен оған дәрі берейін, — деді ол. — Сол дұрыс".

Дәрі әсер етпеді. Әйелі ұйықтап кеткеннен кейін де Лужин біраз уақыт ояу жатты. Шынын айтқанда, қараңғы, жабық бөлмедегі ұйқысыз түндерде емін-еркін ойлауға, сөйтіп зымиян комбинациядағы жаңа жүрісті жіберіп алам деп қорықпауға болады. Көзіңді жұмып, селт етпестен жатқан түнде не бола қоюы мүмкін. Оған қарсы жасалынған жүрісті Лужин, мүмкін болғанша, салқынқандылықпен мұқият тексеріп алды, бірақ оның өткен схемаларының одан әрі қандай түрге енетінін болжай бастаса-ақ ол, бейне бір қашып құтыла алмайтын, ақылға сыймайтын қасірет жақындап келе жатқандай дағдарып, үрейлене бастайды. Әсіресе, сол түні ол сол бір баяу, зымиян шабуылға қарсы өзінің дәрменсіздігін қатты сезінді, өзі мүлде ұйықтамай, осы бір түнді, осы бір қараңғылықты өтпейтіндей етіп тастағысы келді. Әйелі дыбыс шығармай ұйықтап жатыр; дәлірек айтқанда, ол мүлде жоқ сияқты. Тек түнгі үстелдің үстіндегі сағаттың сыртылы ғана өмірдің жалғасып жатқанын дәлелдеп тұрғандай. Лужин осы бір баяу жүрек лүпіліне құлақ қойып, қайғыдан ойға батты, кенет сағат сыртылы тоқтап қалды да, бұл шошып кетті. Оған түн бір орнында қатып қалғандай боп көрінді, бір дыбыстың сесі естілмеді, уақыт өлді, бәрі жақсы, барқыт тыныштық. Осы бір байыпты байсалдылықты ұйқы да пайдалана қойды, бірақ ұйқыда да тыныштық бола қойған жоқ, алпыс төрт шаршылы алып тақта үстінде, бойы пешкідей ғана боп тұрған тыржалаңаш Лужин бүкірейген, басы үлкен, тәж киген аса үлкен фигураларға қарайды.

Киімін киіп алған әйелі оған еңкейіп мұрнының үстінен сүйіп алғанда ғана оянып кетті. "Сәлем, сүйікті Лужин, — деді ол. — Сағат он боп қалды. Бүгін не істейміз — тіс дәрігері ме, шақырған жерге ме?" Лужин оған абыржыған көзбен қарады да, қайтадан қабағын жауып алды. "Сағатты бұрап қоюды кім ұмытып кеткен? — деді әйелі күлін, оның аппақ мойнын жайлап қағып. — Ғұмыр бойы ұйықтап қалуымыз мүмкін ғой". Ол еңкейіп жастыққа басы сіңіп кеткен күйеуіне бір қырынан қарап тұрды да, оның тағы да ұйықтап кеткенін байқап, күлімсірген қалпы бөлмеден шығып кетті. Ол кабинеттсгі терезе алдында тұрып бұлтсыз жасыл-көгілдір аспанға қарады да, бүгін өте суық болатын сияқты, Лужинге жүн нымшаны дайындау керек деп ойлады. Жазу үстеліндегі телефон-шырылдады, шешесі бүгін бізге түскі тамаққа келесіңдер ме деп сұрайтын шығар. "Алло?" — деді Лужина үстелдің шетіне отырып жатып. "Алле, алле", — деп бір белгісіз дауыс айқайлап жатыр. "Иә, иә, тыңдап тұрмын", — деп Лужина креслоға ауысты. "Кім бұл?" — деп сұрады ренішті дауыс немісше, бірақ орысша акцентпен "Сізге кім керек?" деді Лужина. "Лужин мырза үйде ме?" — деп орысша сұрады. "Бұл кім?" — деді Лужина даусын жұмсартып. Үнсіздік. Ол дауыс атымды атасам ба екен, атамасам ба екен деп ойланып қалғандай. "Мен Лужин мырзамен сөйлескім келеді, — деді ол тағы да немісшелеп ауысып. — Өте асығыс, маңызды шаруа бар". "Бір минөт", — деп Лужина бөлмені әрі-бері жүріп өтті. Жоқ, Лужинді оятудың қажеті жоқ. Ол телефонға қайта оралды. "Әлі ұйықтап жатыр, — деді ол — бірақ бірдеңе айтқыңыз келсе..." "Қандай өкінішті", — деді әлгі дауыс орысшаға мүлде ауысып. — — Осымен екінші рет телефон соғып тұрмын. Мен өткен жолы телефонымды қалдырғам. Бұл іс, ол үшін, өте маңызды, кейінге қалдыруға болмайды. "Мен оның әйелімін, деді Лужина. — Егер бірдеңе керек болса...." "Танысқаныма қуаныштымын, — деп бөліп кетті әлгі дауыс. — Менің аты-жөнім Көшейтинов. Сіздің күйеуіңіз, әрине, мен туралы айтқан шығар.

Сонан кейін актер кешегі әйелге қайта оралып, оның тағы да бір оңбағандығын жеткізіп, сонан кейін Лужинамен ұзақ қоштасып, ақырында соңғы сөзі былай аяқталды: "Алақаныңыздан сүйдім".

"Солай ма, — деді Лужина тұтқаны іліп жатып. — Жақсы". Әңгіме кезінде Валентинов аты-жөні екі рет аталғанын, егер күйеуі жатын бөлмеден ауыз бөлмеге шықса, онда оны күйеуі естіп қалуы мүмкін-ау деп абыржып та тұр. Оның жүрегі қобалжып, ол ұйықтап жатыр ма, жоқ па деп тексеруге кетті. Ол оянып, төсекте темекі тартып жатыр екен. "Біз бүгін ешқайда бармаймыз, — деді ол — Кешігіп қалдық. Ал түскі тамақты шешемізде ішеміз. Жата тұрыңыз, бұл пайдалы, сіз толықсыз". Жатын бөлменің, сонан кейін кабинеттің есігін мықтап жауып, телефон кітапшасынан "Веритастың" нөмірін тапты да, жақын маңда Лужин жүрген жоқ па деп құлақ түріп ап, телефон соқты. Сөйтсе, Валентиновты табу қиын екен. телефонға үш адам бірінен соң бірі кеп, қазір шақырам деді де, сонан кейін әйел телефонды ажыратып тастады, бәрін басынан бастауға тура келді. Оның үстіне ол, мүмкін болғанша, даусын барынша бәсеңдетіп, айтқанын әлденеше қайталаумен болды. Ақырында жіңішке жағымсыз дауыс Валентиновтың жоқ екенін, оның он екі жарымда қалайда болатынын айтты. Сонан кейін ол оған Лужиннің келе алмайтынын, өйткені ол ауырып жатқанын, ұзақ ауыратынын, сондықтан оның мазасын алмауды қадала өтінетінін айтты. Тұтқаны іліп, тағы да құлағын тігіп еді, тек өзінің жүрегінің ғана соғуын естіп, сонан кейін ғана "Уһ" деп күрсініп демін басты. Валентиновпен әңгіме бітті. Телефон маңында өзінің ғана болғаны қандай дұрыс болған. Енді өтті-кетті. Жақында сапарға шығады. Әлі шешесімен тіс дәрігеріне телефон соғу керек. Валентиновпен әңгіме бітті. Қандай жүрек айнытарлық аты-жөн. Кейде бола беретіндей, ол бір минөттің ішінде, ұзақ та жайбарақат саяхатта болып қайтты: даусынан оны тасбақа көзілдірікті, сидиған ұзын сирақты деп елестеткен ол Валентиновты ертіп Лужиннің өткен өміріне жол шекті, бұлыңғыр тұман ішінде өткен ол сапарда Валентиновты қай тұста жерге түсіретін орын іздестірді де, бірақ Лужиннің жастық шағынан ештеңе білмегендіктен, сабынның алқымдысындай жылпылдаған оны түсіріп кететін жер таба алмады. Ол одан әрі тереңге үңіліп, он төрт жастағы вундеркинд өмір сүрген елесті курорт пен елесті қонақ үй арқылы Лужиннің балалық шағына жетті, — бірақ Валентиновты ол жерге де орналастыра алмады. Ол, амалсыз, өзінің сол сұмпайы серігін ертіп қайта оралып келе жатып, Лужиннің тұманды жастық шағындағы аралға аял етті: ол шахмат ойнау үшін шетелге аттанады да, Палермодан открыткалар сатып ап, қолына құпия аты-жөні бар шақыру қағазын ұстайды... Ақырында шаршап-шалдығып, ысылдап-пысылдап жүріп Валентиновты адресі табылмаған бума құсатып, "Веритас" фирмасына қайтаруға тура келді. Мейлі, ол, белгісіз оңбаған қалпында, лақап атымен сол жерде қалсын: шахматтың қамқоршысы.

Күн жарқырап тұрған, аязды күнгі көшемен Лужинді қолтықтап ап, әке-шешесіне бара жатқан жолда ол, ең ары дегенде бір аптадан кейін, олар жол жүреді, ал оғанға дейін ұмыт қалған зиратқа барулары керек деп шешті. Сол жерде сол аптаның жоспарын жасап тастады, — төлқұжаттар, тіс дәрігері, дүкенге шығу, қоштасу кеші және — жұмада — зиратқа бару. Шешесінің пәтері, бұдан бір ай бұрынғыдай болмаса да, әлі де суық екен, шешесі түбіт шәліге оранып алған, оранып отырып тоңғанын білдіріп дір-дір етіп қояды. Әкесі дәл түскі тамақ үстіне келді де, арақ сұрап, қатып қалған қолын уқалап-уқалап қойды. Лужина алғаш рет осы бір дүңгірлеген үй соншалықты мұңлы, соншалықты қаңырап қалғандай үй екенін, әкесінің көңілділігі де шешесінің күлкісі сияқты жасанды екенін білді, тағы да олар байғұс Лужинді жек көреді, сонымен бірге алдағы сапар туралы әңгіме қозғағылары келмейді. Ол күйеуге шығар алдында олардың ескертулері мен шешесінің "Сені кесіп-кесіп, пешке жағып жібереді..." деген шыңғырып айтқан сөзі есіне түсті. Енді, міне, одан өте бір тыныш, бірақ көңілсіз өмір пайда болды да, бәрі бір-біріне жансыз күлімсірейді. Картиналардағы жалған жайдары әйелдер, шар айна, Берлин самаурыны, үстел басындағы төрт адам. "Тыныштық, — деп ойлады бүл күн туралы Лужин. — Дауыл алдындағы тыныштық. Мені аңдаусызда бас салмақ. Белді бекем буып бақылау керек".

Оның бүкіл ойы соңғы кезде шахматқа келіп тірелетін болды, бірақ ол өзін-өзі ұстады, — Туратимен үзіліп қалған ойын туралы ойлауға өзіне-өзі тыйым салады, шахматы бар газеттерді ашпай қойды, — солай бола тұра ол тек шахматтың образдарымен ойлайды, ақыл-есі ол бейне бір тақта басында отырғандай жұмыс істеді. Кейде түсінде ол дәрігерге шахмат ойнамайтынын, — тек бір рет қана қалта шахматқа фигуралар орналастырғанын, сонан кейін газеттегі бірер партияны ғана іші пысқанынан қарағанын айтып ант-су ішіп отыратын. Бірақ ол жолдан таюларда мұның ешқандай кінәсі жоқ, олар белгісіз жұмбақ тақырыптарды айламен қайталаған жалпы комбинациялардағы бірқатар жүрістердің кінаратынан болды. Келесі қайталауды алдын ала болжау қиын, өте қиын еді, бірақ шамалы сабыр етсе — бәрі айқындалып, бәлкім, қорғаныс та табылып қалуы кәдік...

Бірақ келесі жүріс өте баяу өрбіді. Екі-үш күн тыныштық орнады; Лужин төлқұжатқа суретке түсті, фотограф оның иегінен ұстап оның бетін бұрып қойды, ал тіс дәрігері аузын кеңірек ашуын өтініп, миын шағып жіберердей шыңылдатып тісін бұрғылады. Шыңыл аяқталып, тіс дәрігері шыны ыдыстан бірдеңе іздеп, төлқұжатына мөрін басып, әлденені тез-тез жазып жатты. "Мінеки", — деді ол қағазды беріп жатып, онда екі тістің суреті қатар салынған да, ал екі тіс айқыш-ұйқыш сызылып тасталған. Олардан күмәнді ештеңе көріне қойған жоқ, бұл айлалы тыныштық бейсенбіге дейін созылды. Бейсенбіде Лужин бәрін түсінді.

Жақында ғана оның басына қызықты бір әдіс келіп еді, онымен құпия қарсыласының жасырын сұмдығын быт-шыт етем деп ойлап қойған. Ол әдіс, бір қарағанда, ешқандай өмір жоспарына сыймайтын сондай аңғырт, аңғал боп көрінеді де, бірақ сәлден кейін күтпеген әрекетке көшіп, қарсыласынын ойлаған ойын шатыстырып — бытыстырып жіберетін әдіс еді. Бұл қорғаныс байқап көруге болатын қорғаныс еді, — не болғанда да, Лужин, кезекті қайталауға ұрынатынын біле тұра, осыдан басқа ештеңе таба алмады. Жұма күні ол әйелі, енесімен бірге дүкендерді аралап жүріп, кенет кілт тұра қап: "Tic дәрігері. Мен тіс дәрігерін ұмытып кеттім", — деді дауыстап. "Не айтып тұрсың, Лужин, — деді әйелі. — Бәрі жасалынды деп ол кеше ғана айтты ғой". "Қысса, — деп саусағын көтерді Лужин. — Егер пломба қысса. Егер қысса, дәл сағат төртте кел деген. Қысып тұр. Он минөтсіз төрт". "Сіз бірдеңені шатастырып тұрсыз, — деп күлді әйелі. — Бірақ ауырып тұрса, барыңыз. Сонан кейін үйге қайтыңыз, мен алтыларда үйде болам. "Кешкі тамақты бізден ішіңіздер", — деді шешесі өтінгендей боп. "Жоқ, кешке бізде қонақтар болады, оларды сен жек көресің". Лужин таяғын көтеріп қошасты да, арқасын бүгіп таксомоторға еніп бара жатты. "Кішкентай маневр" — деп ол, пысынап кеткеннен кейін пальтосының түймелерін ағытты. Бірінші бұрылыста-ақ ол таксомоторды тоқтатып, онымен есептесті де, асықпай аяңдап, үйіне қайтты. Кенет ол осының бәрін бір кезде басынан өткізген сияқты болды да, сескеніп қап, қарсыласын осындай кездейсоқтықпен алдап кетейін деп алдында кездескен дүкенге бұрылды. Дүкен дегені шаштаразы, оның үстіне әйелдердің шаштаразы боп шықты, Лужин жан-жағына қарап мүдіріп қалды, күлімсірген бір әйел, сізге не керек деп сұрады. "Сатып алайын деп..." — деді Лужин, әлі де жан-жағына қарап. Оның көзіне балауыз бюст түсті де соны таяғымен нұсқады (тосын жүріс, тамаша жүріс). "Бұл сатылмайды", — деді әйел "Жиырма марка", — деді Лужин шиланын шығарып. "Сіз мына қуыршақты сатып алғыңыз келе ме?" — деді сенімсіздеу үнмен әйел, тағы біреу келді. "Иә", — деді Лужин, балауыз жүзге қарап. "Абайла, — деді ол өзіне-өзі сыбырлап, — мен қармаққа түскен сияқтымын". Балауыз әйелдің жанары, қызыл танауы — олар да бұрын болған. "Әзіл ғой", — деп Лужин шаштараздан тез шығып кетті. Ол қатты ұяла қабаржыды. Асығатын ештеңе жоқ болса да, адымдап жүріп кетті. "Үйге, үйге, — деп күбірледі ол, — бәрін сараптан өткізем". Үйге жақындағанда ол дәл кірер есіктің аузында үлкен қара автомобиль тоқтағанын көрді. Цилиндр киген мырза швейцардан әлдене сұрап тұрды. Швейцар Лужинді көріп саусағын шошайтып "Міне ол!" — деп дауыстап жіберді. Мырза жалт қарады.

...Аздап қоңырқай тартқандықтан көзінің ағы алайыңқырап кеткен, сусыр жағалы пальто, үлкен ақ шарфты, сол сәнді қалыпта Валентинов өзінің сыпайы күлкісімен Лужинге бейне бір прожектордай сәуле құйып, оған қарсы жүрді де, оның бұрынғыдан да толысып бозарып кеткен жүзін, жыпылықтаған көзін көрді. Келесі бір сәтте бозаң жүз одан сайын қан-сөлсіз боп кетті. Валентинов қос қолдап қысқан оның қолы өлі балықтай жансыз еді. "Қымбаттым менің, — деді Валентинов жайраңдап, — көргеніме қуаныштымын. Маған сені төсек тартып жатыр деп еді. Бірақ ол бір шатасқан әңгіме болды ғой..." "Шатасқан" деген сөзге екпін түсіріп айтқан кезде Валентинов қып-қызыл, дымқыл ернін түріп, көзімен сүзіле қарады. "Жай-жапсарды артынан сұрай жатармыз, — деді де ол цилиндрін шұғыл киіп алды. — Кеттік, өте маңызды іс бар, кешігуді кешірмейтін іс", — деді ол автомобильдің есігін ашып; сонан кейін ол Лужинді ту сыртынан құшақтаған қалпы, әй-шәйға қаратпай ішке енгізді де, өзі қасына кеп жалп ете түсті. Алдыңғы орында бір бүйірлеп істік мұрынды, пальтосының жағасын көтеріп алған бір адам отырды. Валентинов шалқалай отырып, аяғын айқастырды да әлгі адаммен бұрын үзіліп қалған әңгімесін жалғастыра берді. Лужин бейне бір ауыр перденің арғы жағында отырып саңқылдап сөйлеп отырған Валентиновтың даусын еміс-еміс естіп, әлдеқандай қалды. Лужин ақырын қабағын көтерді. Парақты қолына ала салды. Шахмат журналынан қиып алынған есептер диаграммасы. Үш жүрісте мат. Доктор Валентиновтың композициясы. Есеп салқын, бірақ айлалы екен, Валентиновты білетін Лужин кілтті бірден тапты. Осы бір құйтырқы шахмат фокусынан-ақ, оның авторының бүкіл зымияндығын көруге болар еді. Валентинов айтқан бұлттағы көп бұлыңғыр сөзден оның ұққаны: ешқандай да кинематография жоқ, кинематография тек себеп... тұзақ. Шахмат ойынымен еліктіру, сонан кейінгі жүріс айқын. Бірақ ол жүріс жасалынбайды.

Лужин бар күшін салып креслодан тұрды. Оның жүргісі келді. Таяғын көтере сілтеп, бос қолының саусақтарын шыртылдатып, ол дәлізге шықты да, беталды жүріп аулаға, сонан кейін көшеге шықты. Нөмірі таныс трамвай дол жанына тоқтады. Ол кіріп отырды да, қайтадан орнынан тұрып, иықтарын қозғап, былғары белбеуден ұстап, терезе жанындағы орынға барып отырды. Вагон бос еді. Кондукторға марка беріп, басын шайқап қалған тиындарды алмай қойды. Орнында отыра алмады. Ол тағы орнынан тұрды, трамвай бұрылған кезде құлап қала жаздады да, есік жанына келіп отырды. Бірақ ол жерге де орныға алмады, — кенет вагон іші қаптаған мектеп оқушыларына, ондаған кемпірлерге, елулеген семіздерге толып кетті. Лужин әлдебіреулердің аяқтарын басып алға ұмтыла берді, сонан кейін сығылыса-мығылыса шығар есіктің алдына жетті. Ол үйін көріп, трамвайдан апыл-ғұпыл түсті, бұрыла беріп трамвай оны бөксесімен қағып жіберді, аяғына оратылған таяқ босап шыққан кезде пружина құсап аспанға атылып, қайтадан дәл жанына кеп түсті. Екі ойел жүгіріп кеп оның тұруына көмектесті. Ол алақанымен пальтосындағы шаңды қағып, қалпағын киіп, артына қарамастан үйіне тартты. Лифт жұмыс істемейді екен, Лужин оны елеген жоқ. Қозғалуға деген ынтасы әлі қайтпаған еді. Жоғарыға ол басқышпен кетті, өте жоғарыда тұратындықтан оның бұл өрлеуі ұзаққа созылды. Бейне бір ол аспанның өзіне көтеріліп бара жатқандай еді. Ақырында ол ең соңғы алаңқайға жетіп, демін басып, кілтін құлыпқа сұқты да, ауыз бөлмеге кірді. Кабинеттен әйелі оған қарсы шықты.

Ол қызарып көзі ұшқындап кетіпті. "Лужин, — деді ол, — қайда болдыңыз?". Ол пальтосын шешіп, ілді, сөйтсе, басқа ілмекке іліпті, оны жөндемек болып еді, бірақ әйелі оған тым жақындап келіп қалыпты, ол оны айналып кабинетіне өтті, әйелі ілесе кірді. "Meн сіздің қайда болғаныңызды білгім келеді. Қолыңызға не болған?

Лужин!" Ол кабинетте олай-бұлай жүріп, сонан кейін жөткерініп, ауыз бөлме арқылы жатын бөлмеге өтті де, фарформен қапталған үлкен ыдысқа қолын мұқият жуып алды. "Лужин, — деді әйелі абдырай сөйлеп, — сіз дәрігерде болған жоқсыз. Мен оған жаңа ғана телефон соқтым. Маған бірдеңе деп жауап беріңізші. "Қолын орамалмен сүрте жүріп жатын бөлмені бір айналып шықты да, бір нүктеге сол қалпында қадалып, кабинетке қайтып оралды. Әйелі оның иығынан тартты, бірақ ол оған тоқтай оймады, терезеге барып пердені ашты да кешкі тұңғиықтағы жүгірген оттарды көріп, ернін тістелеп, әрі қарай озды. Содан түсініксіз қыдырыс басталды да кетті, — бейне бір, айқын мақсат ұстағандай, бір-бірімен жағаласып жатқан бөлмелерді кезіп жүрді де қойды, әйелі оның соңынан еріп, бірде оған абыржи қарап, бірде отыра қалады, кейде Лужин дәлізге бет алады да аула көрінетін бөлмелерге кіріп, кабинетке қайта оралады. Кейде ол мұны қолапайсыздау Лужин әзілінің бірі деп ойламақ болды, бірақ Лужин жүзіндегі мұндай өзгерісті ол ешуақта көрген емес, ол өзгерісті, ...салтанатты ма... әйтеуір, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, бірақ оның жүзіне карап, түсініксіз үрей толқынының сесін сезінер едің. Ол қайта-қайта жөтеліп қойып, деміге дем алып, бөлмелерді бірқалыпты кезіп жүр. "Құдай үшін, Лужин, отырыңызшы, — деді ол бәсең дауыспен, одан көзін алмады. Әңгімелесейікші. Лужин! Мен сізге несессер сатып алдым. Отырыңызшы! Осылай жүре берсеңіз, өліп қаласыз! Ертең зиратқа барамыз. Ертең көп нәрсе істеу керек. Несессер қолтырауын терісінен жасалынған. Лужин!"

Бірақ ол тоқтаған жоқ, тек кейде ғана терезе алдында аялдап, қолын көтереді де, жүріп кетеді. Асханада сегіз адамға дастархан жайылған. Міне, қонақтардың келуіне сәл-ақ уақыт қалды, оларға телефон соғу енді кеш, — қазір олар келеді. Бұл жерде мынау. "Лужин, — деді ол, — қазір адамдар келеді ғой. Мен не істерімді білмеймін. Маған бірдеңе айтыңызшы. Мүмкін, сіз бір жамандыққа ұрындыңыз ба, мүмкін бұрынғы бір жексұрын адамдардың бірін кездестірдіңіз бе. Айтыңызшы. Мен сізден өтінем, өтінем!.."

Кенет Лужин тоқтай қалды. Бүкіл дүние тоқтап қалғандай болды. Бұл қонақ үйде, граммафон алдында болды.

"Стоп-машина" — деді ол баяу ғана, сөйтті де жылап жіберді. Лужин қалтасынан заттар шығара бастады, — алдымен қаламсабын, сонан кейін мыжылып қалған орамалын таңертең берілген мұқият бүктелген тағы бір орамалын; сонан кейін енесі сыйлаған үш ат жегілген суреті бар портенгарын, оның артынан папиростың босап қалған қызыл қорабын, мыжылыңқырап қалған екі папиросты, шиланы мен алтын, — қайынатасының сыйлығын — шығарды. Бұлардан басқа шабдалының үлкен сүйегі де шықты. Бұл заттардың бәрін ол граммафон шкабының үстіне қойып, тағы бірдеңе қалған жоқ па деп, пальтосын тексерді. "Бәрін шығардым", — деп ол пиджагын түймеледі. Бетін жас жуып кеткен әйелі басын көтеріп Лужин қойған әлгі заттарға таңдана қарап тұр. Ол әйеліне жақындап кеп білінер-білінбестей етіп басын иді. Әйелі оған ол енді бір езуін қисайта күлер ме екен деген үмітпен жүзін бұрды, — дәл солай болды: Лужин күлімсіреді. "Құтылудың бір-ақ жолы — деді ол, — ойыннан шығу". "Ойын? Біз ойнаймыз ба?" — деді ол жұмсақ үнмен, қонақтар келер алдында опалану керектігін ойлап. Лужин қолын созды. Әйелі орамалды тізесіне түсіріп ап, оған саусағын созды. "Жақсы болды", — деді Лужин, оның бір қолын сүйіп жатып, сонан кейін екінші қолын сүйді. "Сіз немене, Лужин, қоштасып жатырсыз ба?"

"Иә, иә" — деді ол өтірік асып-сасқан боп. Сонан кейін бұрылып жөткірінді де дәлізге шықты. Осы кезде ауыз үйден қоңырау шалынды, — әдепті қонақтың тәртіпті қоңырауы. Ол күйеуін дәлізде қуып жетіп, жеңінен ұстай алды. Лужин бұрылып, оған не айтарын білмей, оның аяғына қарады. Түкпірден қызметші әйел жүгіріп шықты, дәліз тар болғандықтан бір-бірімен кимелесіп қалды: Лужин кейін шегініп, сонан кейін алға озды, әйелі де бір әрі, бір бері жүрді, ал қызметші әйел бірдеңе айтқан боп, басын иіп, өтіп кетудің амалын жасап жатыр. Ақырында ол саңылау тауып портьердің аржағына өтіп кеткеннен кейін, Лужин ауыз үйден дәлізді бөліп тұрған есікті ашып кеп жіберді. Әйелі не үшін екенін білместен есіктің тұтқасынан ұстай алды; Лужин тұтқаны басады, ал ол оны жібермейді, — Лужин бүкіл салмағымен басып қалып еді, есік тарс жабылды да, екі рет құлыптанып үлгерді. Бұл кезде ауыз бөлмеде дауыстар естіліп, біреулер аһлап-уһлеп, біреулермен сәлемдесіп жатты.

Лужин есікті құлыптап, алдымен шам жақты. Сол жақ қабырғадағы эмаль ваннасы аппақ боп көрініп тұр. Оң жақ қабырғада қарындашпен салынған сурет: көлеңкелі куб. Түкпірдегі терезе маңында пәкене сандықша. Терезенің төменгі жағына қырау қоныпты. Жоғары жағында түн қараңғылығы көрінеді. Лужин төменгі раманың тұтқасын тартты, бірақ ол жабысып қалған ба, жоқ әлде бірдеңеге ілініп тұр ма, ашыла қоймады. Ол бір сәтке абдырап тұрып қалды да, ванна жанында тұрған орындықтың арқалығын ұстап тұрып, көзін қыраулы терезеге ауыстырды. Ақырында, орындықты аяғынан көтеріп, оның арқалығымен терезені періп кеп жіберді. Бірдеңе шатыр-шұтыр етті, ол тағы да соқты, кенет қыраулы терезеде жұлдыз тектес ойық пайда болды. Тым-тырыс тыныштық орнады. Сонан кейін сонау алыс төменде әлдененің сыңғырлап, шашылып жатқаны естілді. Ойықты кеңейту үшін тағы да ұрды, сына тектес шынылар аяғының астына түсіп жарылды. Ол қатып қалды. Есік сыртынан дауыстар естіледі. Біреу есік қақты. Біреу атын атап айқайлап жатыр. Сонан кейін өлі тыныштық орнап, іле-шала әйелінің даусы шықты: "Сүйікті Лужин, аша қойшы". Өзінің алқынған демін зорға басып, Лужин орындықты жерге қойды да, терезеден сыртқа басын шығарып көрді. Үлкен сыналар мен мүйістер рамада сорайып-сорайып тұр. Оның мойнын әлдене жырып жібергендей болды да, ол басын шұғыл тартып алды, — әлі сыймайды. Есікті жұдырықтай бастады. Екі ер дауыс айтысып, сол керілдескендердін арасынан әйелінің сыңсыған үні естілді. Лужин шыныларды енді ұрмау керек деп шешті, тым шулы. Ол жоғары қарады. Жоғарғы терезе. Бірақ оған қалай жетпек? Шу шығармай, ештеңені сындырып-бүлдірмей, сандықтан заттар ала бастады: айна, бөтелке, стакан. Есіктегі соққыларға қарамастан ол, мұны тастады да, ол белінен келетін сандықтың ішіне кірмек болды. Пысынап кеткен ол пиджагын шешкенде ғана, қолының, көйлегінің алды қан боп қалғанын көрді. Ақырында ол сандықтың үстіне шықты, комод оның салмағынан сықыр-сықыр етеді. Ол жоғарыдағы жақтауға қолын созып тұрып, дүрсіл мен дауыстар оны асықтыратынын, ал ол асығыс қимыл жасай алмайтынын біліп тұр. Ол қолын көтеріп жақтауды тартып қалып еді, ол айқара ашылып кетті. Тұттай қараңғы аспан Сол қараңғылықтан әйелінің "Лужин, Лужин" деген жіңішке даусы естіледі. Ол әрірек, сол жақта, жатын бөлменің терезесі бар екені есіне түсіп, дауыстың содан шығып жатқанын сезді. Есік сыртындағы дүрсіл мен дауыстар күшейіп барады, жиырма шақты адам болу керек. — Валентинов, Турати, пысылдап, қырылдап сөйлейтін гүл әкелген шал, тағы да, тағы да, бәрі қосылып есікті әлденемен ұрып жатыр. Төрт бұрышты аспан тым алыста. Лужин тізесін бүгіп орындықты сандық үстіне көтеріп алды. Орындық орнықты тұрмады, қалт-құлт етеді, Лужин сонда да оның үстіне шықты. Енді қараңғы түннің шетіне ілігуге болады. Оның демігіп дем алғаны сонша, ештеңе естуден қалып барады, есік сыртындағы айқайлар да еміс-еміс қана құлаққа жетеді, бірақ жатын бөлменің терезесінен шыққан шыңғырған дауыс барған сайын күшейіп барады. Көп күш жұмсап жүріп ол біртүрлі азапты жағдайға жетті-ау: бір аяғы сыртта салбырап тұр да, екінші аяғының қайда екені белгісіз, — ал денесі шығар емес. Көйлегі иығынан айырылып кеткен, беті малмандай су. Жоғарыдағы бір нәрсеге қолын іліктіріп, ол бір бүйірлеп терезенің ойығына енді. Енді сыртта екі аяғы салбырап тұр, тек әлденені ұстап тұрған қолын қоя берсе болды, — ол құтылады. Қолын жібермес бұрын ол, төменге қарады. Онда асығыс дайындықтар жүріп жатыр екен: әлдекімдер жиналып, терезе алдындағы жарық үйме-жүйме боп жатыр, Лужин қолын босатып жіберген сол сәтте, мұп-мұздай ауа оның өңешін жыртардай боп енген сол сәтте, ол алдындағы мәңгіліктің айқара ашылғанын көрді.

Есікті бұзып кірді. "Александр Иванович, Александр Иванович! — деген аптыққан дауыстар естілді.

Бірақ Александр Иванович құрдымға жұтылып кетіп еді.

1939.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама